Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Төлен Әбдік. Ол кезде бәріміз бақылауда болдық...

06.09.2025 234

Төлен Әбдік. Ол кезде бәріміз бақылауда болдық

Төлен Әбдік. Ол кезде бәріміз бақылауда болдық - adebiportal.kz

Қыркүйектің үші күні Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының «Классик ұстаханасы» жобасы аясында қазақ әдебиетінің классигі Төлен Әбдік «Жазушы лабораториясы» атты тақырыпта лекция оқыған еді. Біз сол лекцияны түгел диктофонға көшіріп алып, «Әдебиет порталының» оқырмандарына ұсынып отырмыз. 

«Ал, амансыздар ма, айналайын, достар қадірлі! Мына бүгінгі жиын бұрын болмаған жиын болып отыр. Жақсы жиын екен. Өзі адамдар мен адамдардың кездесуі бір үлкен ғанибет. Өйткені адамның өмірге көзқарасы, білімі, өмір туралы принциптері осы адамдардың бір-бірімен кездесіп, сөйлесуі арқылы, жүздесуі арқылы, қарым-қатынас арқылы қалыптасады. Жұрт оны ойлайды, кітап оқығаннан ғана келеді екен деп. Олай емес.  Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы арқылы оның өзінің ішкі жан-дүниесі қалыптасады. Сондықтан да бүгінгі жиынды ұйымдастырып отырған жігіттерге үлкен рахмет!

 

Әдебиетке қалай келдім?

 

Енді бүгінгі тақырып - жазушының лабораториясы деп отыр ғой, сондықтан енді мен әдебиетке қалай келдім, орта қандай болды, әдебиет ұстанған принциптер қандай еді, өмірге көзқарасым деген секілді мәселелерді айтқан жөн шығар деп отырмын. Енді қаншама интервью беріп жатырмыз, қаншама кездесулер болып жатыр, оның бәрінде айтқан ойлар болды. 

Бірінші, сол әдебиетке келуге не себеп болды деген мәселеден бастай берейік. Бұл арада өмірбаянға да аздап болса тоқталу керек шығар. Жастар отыр. «Бұл кім?» деп ойлайды бұлар да. Мен енді былай деп ойлаймын, әдебиетке келуімнің бірінші себебі - өзім бала кезімнен біраз кітап оқыдым ғой, әдебиетті көп оқыдым. Бұл көп оқудың өз пайдасы бар. Өйткені, көркем әдебиетті көп оқыған адам ол әдебиетті түсіне алатын дәрежеге жетеді. Не жаман, ге жақсы деген... Оқыған шығармадан басың жақсы-жаманын айырып үйренеді. Оның ішіндегі ақын-жазушы айтайын деген ойларды да. Иә, өзім мына шенеуніктер ішінде көп болдым. Осы ел басқарып жүрген, кәдімгідей лауазымы үлкен адамдар бір шығарманы оқыса, соның жақсы-жаманын айыра алмайды. Кейде таңғаласың. Жоғары білімі  бар адамдар, Мәскеуден оқығандар бар іштерінде, яғни олар көркем әдебиетті көп оқымайды деген сөз. Әдебиетті оқымаған кезде адамның өзінің көптеген кемшіліктері болады. Мысалы, адамгершілік тұрғысында, кісілік, азаматтық жауапкершілік деген мәселе тұрғысында оның ойлары мүлде бөлек болуы мүмкін. Сондықтан мен бала кезімде осы қазақшаға аударылған сол кездегі бүкіл кітаптарды оқыдым десем артық болмайтын шығар. Әлі есімде. Бес неше классты оқып жүрген кезде «Том ағайдың лашығы» дейді, Гарриет Бичер-Стоудың «Хижина дядя Тома» деген бар еді ғой, сол қазақшаға аударылып, соны оқып, ғажап таңғалғаным есімде. Анау бала кезде адам балқыған қорғасын секілді ғой, әлі көзқарас толық қалыптаса қоймаған, әділеттілік деген не, мейірім деген не, ізгілік деген не деген мәселелер сол кітап оқуға келгенде қалыптасады. Жасалып жатқан қиянатқа жаның ауырады. Не болмаса бір жақсы дүние болса, соған іштей қуанады. Сөйтіп, бірте-бірте адамның көзқарасы қалыптасады. Одан кейін жоғарғы класқа келген кезде алдымен өлең жаздық. әңгіме жаздық қабырға газеттерде. Сөйтіп жүрдік. Содан мың тоғыз жүз елу тоғызыншы жылы мен Алматыға келдім. Оқуға түсуге. Филология факультетіне тапсырып, түсе алмай қалдым. Өйткені сол кезде бір стаж деген бәле болды. Оныншы класс бітіргеннен кейін екі жылдық стаж деген болмаса, оқуға қабылдамайтын кез. Сонымен енді келесі жылы келіп тапсырғым келіп, ауылға бармай, Алматыда қалдым. Енді осы арада мен өзімнің өміріме байланысты бір затты айта кетейін. Енді ауылдан келген бала болдым, ауылда ештеңе көрген жоқпыз. Қалаға келсем, бәрі бар, бәрі болғым келеді. Мен өзі домбыра тартушы едім, домбырашы да болғым келеді, актер да болғым келеді, спортсмен де болғым келді. Содан бір жыл бойы алдымен домбыраға бардым. Ол кезде қалалық мәдениет үйі деген болатын Алматыда. Домбыра үйірмесін басқарған Сапар Мұхитов деген Құрманғазы оркестрінің мүшесі, баяғы әйгілі Мұхиттардың ұрпағы. Жақсы домбырашы еді. Бір жыл бойы домбыра үйретті, күйлерді үйретті. Одан кейін спортқа барамын. Спортқа барып, ауылда ер бала болғаннан кейін күресеміз, фестивальдерде күресіп жүретінбіз. Еркін күреске барып, екі үлкен жарыста бірінші орын алып, екеуінен екінші разряд деген атаққа қол жеткіздік. Униерситетке сонымен түстім. Енді осымен бітті деп ойлайсыздар ма? Жоқ, енді актерлік деген бар екен жаңағы Мәдениет үйінде. Оны басқарған Қамал Қармысов. Қамал Қармысов ғажап адам еді. Бірақ енді режиссер деуге келмейді. Ол кісі рөлді түсіндірген кезде өзі ойнап береді. Режиссер ойнап бермеуі керек қой, режиссер рольдің (суть дейді ғой) болмысын түсіндіруі керек адамға. Содан бізді кейін теледидарға ауыстырды. Теледидарда Сәлима Естемесова деген режиссер әйел өте сауатты кісі екен. Сол біздерден экзамен алып, содан бір спектакльге ойнауға кірістік. Спектакльде ойнайтын екі адам бар. Басты кейіпкер оның ғашығы, содан кейін үлкен шешесі ме, тағы бір адам,  ана басты рөлді мен алдым, енді қыз керек. Сонда апай тұрып алды да маған: «Осында Сәбила Ахметова деген бір керемет әнші қыз бар. Сен соны жігітсің ғой, тауып алып кел», - деді. Өйткені ішінде ән айтатын жері бар еді. Соны іздесем, ол ЖенПИ-ді бітіріп кеткен, сонда кітапханада істейді екен ғой. Мен барып кішкене сөйлесіп едім, өзі мені бірден менсіне қоймады. Сосын енді мен айттым: «сіз әншісіз, халыққа танылуыңыз керек» деп. Енді ана жерде спектакльге шықса ғой, жұрт көреді, сізге де жақсы ғой деген секілді, оған да көнбеді. Одан кейін бізбен бірге Сәбира Майқанова ойнайды деген кезде барып көнді. «Ойбай, онда барайын», - деп. Сонымен келіп кірісіп кеттік. Әлгі Естемесова деген апай өзі былай талапшыл, әлгі читка деген болады, сөздерімізді оқимыз. Егер бір жерде бір фальш кетсе, столды тарс еткізеді, «дұрыс емес» деп. «Қайтадан айт», - деп. Әйтеуір, ақ тер, көк тер қылады. Сонымен не керек, алпыс бірінші жылы сентябрьдің осы төртінде ме, бесінде ме екен, экранға шықтық. Ол кезде запись деген болмайды. Тікелей экранға шығасың. Қобалжу, деген сұмдық, Сәлима апай, стресс қой енді, осы көрінгенмен ұрсысып, оператормен де, институттағы көмекшілер бар, солармен ұрсысып, әбден жүйкесі тозып... бірақ спектакльді сондай жақсы ойнап шықтық. Соған стресстен ғой, апай отырып алып жыласын, әлгі жерде бата алмай біраз отырдық. Енді оның қызығы - мен елге бара алмай қалғанмын. Осы спектакль үшін. Жұрттың бәрі демалысқа кетіп қалған кезі ғой. Содан үйдің іші: «мына Төлен жоқ. Балалардың бәрі келді демалысқа, бұл не масқара!» деп, сол Алматыға келггелі жатқан Қабдығали деген ағамыз бар еді, «Тауып ал, Төленді. Егер еш жерде оқымай жүрген болса, алып кел» деп тапсырады. Содан Қабдығали ағамыз келеді Алматыға. Бірақ, Алматыдан бір адамды қалай іздейді? Ешқайдан таба алмайды. Осы енді ертең кетейін деп құдашасының үйінде отыр екен, ол кезде теледидар бар ғой шағын, соны қосып қойса, жаңағы біздің спектакль жүріп жатыр екен басынан бастап. Кейін өзі айтады: «Басында фамилиясы шығып жатыр, фамилиясы аттас біреу  шығар деп отырмын, бір кезде сен шықтың», - деп маған. 

 Әке-шешем: «Ойбай, бұл бала оқиды, адам болады деп жіберсек, бір жын-ойнақтың ішіне түсіп кеткен. Құрысын, оны ауылға қайтадан шақыртып алайық», - деп отбасымызда үлкен шу болғанын білем. Балалық кездегі оқиғаларды жастарға айтып жатқаным ғой. Жалпы өзі қазақ айтады, «өнерді үйрен де жирен» дейді. Оның артықшылығы жоқ. 

Бір курстан бес жігіт мемлекеттік сыйлық алды

Сонымен енді университетке келсек, бәрі де әдебиетке құштар балалар екен. Менімен оқуға бірге түскендер Дүйсенбек Қанатбаев, Әнес Сарай, Бексұлтан Нұржекеев, Қажығали Мұхамбетқалиев, тағы басқа жігіттер. Жаңағы жігіттердің аттарын білесіздер, сосын айтып отырғаным. 

Бұл енді алпысыншы жылдар. Алпысыншы жылдардың бір өзгешелігі бар. Оны да айта кетейін. Алпысыншы жылдары бүкіл Совет Одақ кеңістігінде ояну процесі пайда болды. Ояну процесі деген бұл өмірге кішкене күдікпен қарау, өмірге наразылықпен қарау. Осылай өмір сүріп жатқан принциптеріміз дұрыс па, біздің саясат дұрыс па деген секілді сұрақтарға жауап іздеу. Ол тек біз Қазақстан емес, жаңағы процесстік көңіл-күй Москвада басталды. Орыс ақын, жазушылардан. Содан бізге келді. Өйткен себебі - бұл кезде бізге мынау шет елдің әлемдік әдебиеті тарай бастаған кезі. Бізге дейін ұрпақ болды, бірақ олар әлемдік әдебиетке толық қолдары жетпеді ғой. Біздің тұсымызда көп дүниелер аударылды. Сол кездерде өте бір танымал жазушылар болды: Хемингуей, Ремарк, Фолкнер, Стейнбек деген, Сартр, Камю дегендер болды. Соларды оқып жататынбыз бәріміз. Сол арқылы біздің өмірге деген кішкене көзқарасымыз да өзгерді. Өмірде бостандық деген болатынын, ой бостандығы, сөз бостандығы деген болатынын, адам туа бастаған кезде өзі адамдардың бәрі бірдей, халықтар да, жалпы праволары бірдей деген ұғымдарды түсініп ұға бастадық.

 Сол кезде алғаш көзге түсе бастағандар осы Әбіш, Мұхтар Мағауин, ол бізден үш-төрт курс бұрын оқыған, әр жерлерде кездесіп жүреміз. Жаңағы бірге оқыған жігіттердің аттарын атадым ғой, сол бір курстан оқыған бес жігіт кейін мемлекеттік сыйлық алды. Бір курста Қабдеш, Қабдеш енді бізден төрт-бес жас үлкен. Өзі төрт -бес жыл бұрын келіп оқуға түскен екен, сол кейін Қытайдағы мәдени революция деген болды, сол кезде бұларды қайтармай, сол жақта шахтаға салған ба, үш жыл-төрт жыл шахтада істеп, өзі қашып шыққан. Әлгі Ілиясов деген (Қажытай) екеуі содан үшінші курста бізге қосылды. Сол Қабдеш, Әнес, Бексұлтан, Қажығали, мен – бесеуміз мемлекеттік сыйлық алдық. Мемлекеттік сыйлық деген ол бір керемет үлкен таланттың белгісі деп айтпаймын. Мұқағали бірде-бір        сыйлық алған жоқ. Енді ол да бір көрсеткіш қой әдебиеттегі. 

 

«Оң қол» қорқынышты екен деді

Сол кезде мен алғаш үшінші курста әңгіме жаздым.  «Райхан» деген. Сол төртінші курста Қазақстан жас жазушыларының «Таңғы шық» деп аталатын жинағы шықты. Енді біз ойладық, «Ой, жазушы болдық, керемет болдық» деп. Енді мұғалімдер де бізге кішкене құрметпен қарап, сыйлап, сөйтті. Бірақ, сөйтсек олай емес екен, бірден жазушы бола алмайды екен адам. Өйткені сенің алғашқы әңгімең - өзіңнің бір қызға қалай ғашық болдың, ішкі сезімдерің, соны жаздың, қалай болғанын, тәп-тәуір шыққан шығар, жарайды, бірақ енді сен қашанғы өзіңді жаза бересің? Сен басқа адамдарды жазуың керек. Олардың тағдыры, олардың қуанышын, қайғысын. Оны өзіңдікіндей етіп жазу үшін сен өзіңнің жүрегіңнен өткізе білуің керек. Сол арада бір дағдарыс болады адамда. Сол дағдарысқа адам шыдауы керек. Ал енді жұрттың бәрі жазып жатыр ғой деп бұрқыратып жаза берейін десең, онда сен басқа жаққа ауысып кетесің. Содан кейін екінші жазған әңгімем «Қонақтар» деген. «Қонақтар» деген әңгіме осы бүгінгі айтылып жатқан, баласы қызметке шетелге шыққан, ауылда қалған кемпір шал, енді ол да артында ұрпақ қалып, өзінің өмірін әрі қарай жалғастыратын бір бала-шағасы, немересі болса екен деп тілейді. Бірақ оған ана баласының уақыты жоқ. Өзінің жұмысымен жүріп жылына бір-ақ рет келеді. Кішкентайын алып кетеді, «кішкентайды бізге тастап кет» десе, «Ойбай, ол қазақша білмейді» дейді. 

Яғни ұрпақ пен ұрпақтың арасындағы проблема. Иә, ұрпақ пен ұрпақтың арасы үзілген кезде халық өзгереді. Басқа халық болады. Өте қауіпті жағдай. Со кезде соны жаздық. 

Енді кейде ойлаймын, сол кезде қалай соны тауып жүр екем, соның бәрін деп. Бірақ енді жас кездерде табылады ғой, адамның өзі сезімі жақсы болады, бәрін білетін, сезетін шағы. Соны шыққан беттен оқулыққа кіргізіпті. Бүгінге шейін оқулықта бар. Одан кейін енді мені кішкене  жұртқа танытқан «Оң қол» деген әңгіме болды.  «Оң қол» деген әңгіме соншалықты солай шулатар деп ойлаған да жоқ едім. Бұл енді ол кезде мынау философиямен көбірек айналысып, Ницшелерді оқып, Достоевскийлерді оқып, қиялиланып жүрген кезіміз ғой. Енді «Оң қолдағы» негізгі идея - адамның ішкі ой әлеміндегі тазалыққа байланысты. Мынау қыздың оқиғасы. Ломброзо деген бір итальяндық психиатр бар. Соның «Гениальность и вмешательство» деген кітабын осы екінші курста жабылып оқитынбыз. Соның ішінде бір қыздың екіге жарылуы болды. Бірақ онда сол қол. Анау қол өзі көтеріліп, егер жетпесе жаңағы шешесін оятып, көрпені көрсетіп, ананың зәресін алады. Содан кейін туған ой ғой менде. 

Менде оң қол, оң қол анадай мейірімді емес, қаскөй. Оның себебі - қыздың әкесінің әкесі, арғы атасы өзін өлтіргісі келген, бірақ өлтіре алмай кеткен. Ал енді жаңағы идея генофондқа  түсіп кетті. Ол енді екінші ұрпақтың басынан шығуы мүмкін. Сол қыздың бойынан шығады. Қыз өзін-өзі өлтіреді, бірақ түсінбейді не екенін. Сонда оқиғаның бәрі бір адамның бойындағы зұлымдық ойдан шығып тұр. Зұлым ой өлмейді. Өзінен кейінгі ұрпақтың бойынан шығып, не оған зиян келтіреді. 

Жаман әрекет қайдан шығады? Жаман ойдан шығады. Ендеше неге жақсы ойлауға тырыспаймыз деген секілді. Сол ішкі ойдың таза болмағандығынан  болып жатқан қасіреттер. Адам ішкі ойын таза ұстау керек деген ой ғой. Бірақ әңгіме жаза-жаза келген кезде әлгі ой екінші тарауға түсіп кетті де, бірінші тарауда қыз бен жігіттің арасындағы сүйспеншілік қарым-қатынас шықты. Оқырман өзі біледі, қайсысын қалай қабылдауды. Сен ойлайсың, жұртты бірінші планға әкелетін  шығармын деп. Кейін кісілермен әңгімелескенде жаңағы қыз бен жігіттің тағдыры екен оларға ең керегі. Сонымен не керек, алғашқы кезде жұрттың бәрі: «ойбай, бір қорқынышты әңгіме екен» деді.

 

Сынаса, оған шыдайтындай жағдайда отырған едім

 

Содан бір күні Сафуан Шәймерденов деген ағамыз болды, ол да үлкен жазушы еді, Бірақ өзі мінезді, тентектеу адам болатын. Оны мен ол кезде біле қоймаймын, жастау кезім. Редакцияда отырғанмын, «Жалында» бас редактордың орынбасары болып істеймін. Кіріп келіп, маған тиісіп, «сендерден ұяттарың бар ма осы? Мынау Қарағандыдан бір жігіт көтерме сыйлық алған, неге баспайсыңдар?» деп. «Жалынның» бір сыйлығы болып, соның көтерме сыйлығына іліктіргенбіз. Өйткені сыйлықтың ақшасы көп адам алмай қалатын болса келесі жылы қысқарып кетеді. Сондықтан тіпті далаға қалмасын екі-үш жігітті көтерме сыйлыққа әкелдік. Азғантай ғана ақшасы болды. Бірақ оны енді журналға бере алмаймыз, журналға беретін  бірінші, екінші, үшінші орын алғандардың шығармасы.  «Сен соны неге бермейсің? Ұяттарың бар ма?» деп маған өзі ауыр-ауыр сөздер айтты. Жастау кезіміз, кішкене ыстықтаумыз. Әлгіге кішкене шыдай алмай, «ақсақал, осы жерде мен бес жыл жұмыс істеймін. Енді қанша істеймін, білмеймін, бірақ сіздің ақылыңызсыз-ақ көрерміз» деген сөзді айтып қалдым. Сонда әлгі кісі есікті тарс жапты. Редактор Тұманбайға барып арыз айтып, «мына біреу бала не деген көргенсіз, аузына келгенін сөйлейді. Маған осылай деп айтты» деп, сонымен не керек, ағамызбен екеуміздің арамыз үлкен дауға айналды. Бір жауластық секілді. Ол кездерде жылдың қорытындысы деген болады. Бүкіл жазушылар жиналады. Бүкіл академиктер жиналады. Сол жерде отырып «әдебиетке не келді, қандай жақсы, қандай жаман дүние» десіп жұрт сөйлеп жатыр. Бір шетте Қабдеш екеуміз отырғанбыз. 

Бір мезгілде Сафуан  шықты. Менде: «өзі тентек адам, маған тиісетін шығар» деген ой болды, ананы айтты,  мынау айтты, бір кезде: «мына бір Төлен Әбдік деген бала бар екен. Өзі адамға сәлем бермейді кекірейіп, осы біреуді  көрейін, тас-талқанын шығарайын деп бірден екі әңгімесін оқыдым. Екі әңгімесін оқыдым да...» деп үнсіз қалды. «Бұл бала мені жеңдім демесін, бірақ,  шығарма сондай жақсы екен» деп шығарманы көкке көтере мақтасын. Мен егер ол сынаса, оған шыдайтындай жағдайда отырғанмын. Анадай мақтауға дайын емес екенмін, өзім де ыңғайсыздандым.

 Сонымен «ойбай, мынау керемет әңгіме шыққан екен» деп бірінші халыққа таратқан осы» деп Сафуан ағаны айтуға болады. Бірақ кейін осы жас жігіттер келсе болды, қайта-қайта «Оң қолды» айтады. «Сендер осы «Оң қолдан» басқа әңгіме жоқ па, басқасын неге айтпайсыңдар? деймін. 

 

Ол кезде бәріміз де  КГБ бақылауында болдық

Одан кейін «Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдайды» деген екі повесть жаздым. Осы екі повесть мойындалмады кезінде. Өйткені ол кездегі әдебиет туралы түсінік басқаша болды. Ол кезде әдебиет «ауылды жаз, өзіңнің халқыңның тарихын жаз, бүгінгі заман»... осы төңіректе ғана болатын. Ал енді «Ақиқат» таза философиялық  шығарма. «Тозақ оттары» өзі белгілі. Ол кезде қазақ халқының жағдайын мынау жастар біле қоймайтын шығар, халықтың жағдайы өте ауыр болатын. Иә, алпыс бесінші жылы «тың игеру» деген идеямен сырттан қаптатып қаншама келімсектер келді. Қазақ халқының саны өзінің Отанында жиырма сегіз де тоғыз процентке жетті. Қаншама басылымдар жабылды, қаншама мектептер жабылды. Осының бәрін көзімізбен көрдік. Осының бәрі біздің көңілімізге үлкен пессимистік ойлар әкелді. Бұл енді «біз ел болудан қалатын шығармыз» деген уайым болды. Енді сол кездердегі халықтық қасіретті қалай бересің?

 Сол кездегі бір халықтың көтерілісінен шыққан тағы басқа бір тарихтарды жазып, халықтың көрген қасіретін бейнелейтін болса, онда сені баспайды. Баспағаннан бұрын өзіңнің басың кетуі мүмкін. Ол кезде бәріміз де  КГБ бақылауында болдық. Оның бәрі белгілі нәрселер. Содан енді ойлай-ойлай келіп, «бізден де басқа қасірет шегіп жатқан халықтар бар ғой, үлкен халықтардың зорлығында тұрған. Соларды арқылы өзіміздің тағдырмен тұспалдап көрсетуге болмай ма?» деген ой келді де, осыған тоқтадым. Бразилиядағы индеецтердің өмірін жазу маған оңайға түспеді. Өйткені Бразилияны көрген жоқпын. Мәселен, табиғатын да білмеймін, не істеу керек? 

Бір жылдан астам тек  кітап оқыдым. Бір жылдан астам уақытым сол дайындыққа кетті. Содан кейін үш ай отырып жаздым. Жекелеген адамдар оқып шыққаннан кейін жоғары пікірлер болды. Бірінші Қажығали еді. Көкке көтеріп мақтады. Мұхтар Мағауин қатты көтеріп, мақтап... Бірақ ешбір журнал басқан жоқ, ешқандай сөз болған жоқ. Ешбір сыншы мынау былай екен деп не оны талдаған жоқ. Әрине, менің көңіліме ауыр тиді. Бірақ, дегенмен, мысалы жоғары жақтың соншалықты осы індетіп зерттемегеніне бір жағына қуандым. Өйткені оны тым көп әңгіме қылған кезде оның арғы жағында «осыны неге жазып отыр» деген секілді мәселе туса, ол қиындап кету де мүмкін жағдай болды. Одан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтті, осы кезде жастар келіп сұхбат алады, не болмаса әңгімелеседі, бірінші айтатындары осы «Ақиқат» пен «Тозақ оттары жымыңдайды». Сосын ойладым, ішінде бір дүние шын  жақсы жазылса, ол өлмейді екен. Мұны айтып отырғаным - әдебиетке жаңа келген жастар бар, адам өзі бір затты жақсы көрсе, бір затты жасап жатса, шын ниетімен содан қайтпау керек. Жұрт не ойлайды, ойлай ма, онда шаруасы жоқ, адам өзінің шығарған ойын түбіне шейін жеткізе білуі керек. 

 

Біздің буын. Оралхан. Дулат.

Сол кездерде біздің ұрпақ дейміз ғой, біздің буында алғашқы шыққандардың бірі, мысалы, Оралхан. Оралхан сондай рух ала келген жазушы. Өйткені оның тілінің поэтикалық күші болатын. Оралханның, мысалы, енді көптеген дүнелерін мен қабылдай да қоймаймын, себебі аспандатып жазады, енді кішкене басқаша бағыт. Бірақ Оралханның тіліндегі поэзия, Оралханның анау «Кербұғысы», «Терісаққан» деген шын мәнінде классика. Керемет дос болдық, араластық, одан кейінгі өте жарқырап шыққан жазушының бірі - Дулат Исабеков. Дулат Исабеков сирек кездесетін таланттардың бірі. Ой, құдай ой, елу жыл болды ғой, соның сол кезде жазған үш повесі, анау «Сүйекші», «Дермене», «Тіршілік» деген бүгінде әлемдік деңгейдегі повестер. Ал ол жап-жас жігіт соның бәрін қалай жазғанына таңғаласың. «Сүйекші» деген повесті оқып келіп, біздің кабинетте: «Кеше мен жыладым» деп Мұқағалидың айтқанын өз құлағыммен естігем. Жалпы өзі Дулаттың адамға әсер еткізу, өзінің шығармасының әсерін халыққа жеткізе білуі бойындағы үлкен бір қабілеттің бірі деп есептеймін. Баяғыда есімде, «Әпке» деген бір повесіне спектакль қойылды театрда.  Әйелдер жылап, бір әйелдер дауыс шығарып, дауыс қылғандай жылағанын көргенде зәрем ұшып кеткен менің. Екеуміз керемет дос болдық. Әзіліміз жарасты, семьямызбен бірге араластық. Әр жерлерде айтып жүрмін ғой, біреулер білетін де шығар. Жас кезіміз. Дархан деген ұлым бар, қазір енді белгілі журналист қой. Кішкентай кезі, екі жасар ма, сондай. Дулаттың да сондай шамалас екі қызы бар, Айман-Шолпан деген. Балаларымыз бірге бақшаға барады. Таңертең ерте Дулат екі қызды алып үйге келеді. Себебі, ұл бала кішкене бостау болады ғой, ұйқысын қандыра алмай қалғып-шұлғып отырады, анау Айман бір бәтеңкесін кигізіп, Шолпан бір бәтеңкесін кигізіп... Сүйтіп, үш баланы бақшаға алып барамыз. Осыгүні қарап отырсақ, бірге туғандар да өйтіп араласпайды. Адамның өмірін қызық қылатын, адамның өмірін байытатын, адамның өміріне сәуле шашатын достық, достықтан артық бұл дүнияда керемет зат бар дегенге сенбеймін. Одан кейінгі осы бірге жүрген Бексұлтан, семьямызбен араластық. Бала-шаға осы бір үйдің баласындай болып өсті. Енді қазір қарап отырсақ, біз де осы ең үлкен ұрпақ, қарт ұрпақтардың қатарына қосылдық, бір адамды қазір көрсек, ертең танымайтын дәрежеге жеттік. Бір кезде күлетінбіз, баяғыда Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқановтар бір күн әңгімелесіп, келесі күні барсаң танымай қалатын. Өтежан Нұрғалиев  Ғабиден Мұстафинге барған сайын: «әлі танымай тұрсыз ба?», - деп тиіседі. Сол енді басымызға келді деп айтып жатқаным ғой. 

Мақтағаннан кейін адам тоқырайды

 

Ал енді мына бүгінгі әдебиет туралы да бір екі ауыз сөз айтуға болады. Бүгінгі әдебиетте кейде «енді бізде ештеңе жоқ, баяғыдағы алтын заман өтіп кетті» деген әңгімелер болады. Бірақ мен ойлаймын, ол алтын заман деген  бірсалыстырмалы түрде ғана. Ол Совет өкіметінің тұсында қадау-қадау қамал туғызған таластар болды. Жалпы әдебиет ол коммунистік бағыттағы большевиктік идеяларды қолдайтын әдебиет болды. Оны жасыратын ештеңе жоқ. Ал қазір біздің жастарымыздың ішінде үлкен толқын қалыптасып кете қойған жоқ. Бірақ таланттар бар. Поэзияны оқысаң да жақсы талант жігіттер бар. Прозада да кәдімгідей әп-әжептеуір өзгеріс бар. Бірақ олар кішкене даму керек. Қалып қоймауы керек осы жолда. 

Біз бала кезде ойлайтынбыз: «Анау жазған дүниелеріміз мойындалмаса, бір қасірет болды. Егер біреу мойындап, бізді кішкене рухани көтерсе, біз әрі қарай кете берер едік» деп. Керісінше мақтау іздеудің керегі жоқ. Әйтпесе мақтағаннан кейін адам тоқырайды.  Әлгі бір мақтау болмаса одан сайын ерегесіп адам өзімен-өзі алға жылжи береді. Өзін-өзі көрсеткісі келеді.

 Қалай болса да, мысалы, мен ойлаймын, жаңағы Дулаттардың жаңағы айтқан керемет үш повесін ешкім де сол кезде керемет деп айтқан жоқ. Жай ғана жақсы деген сөздер болды, бірақ осының өзі дұрыс болған секілді. Өйткені Дулат қалып қойған болар еді, ал ол әрі қарай одан сайын ілгерілеп өсе берді. «Қарғынды» жазды, толып жатқан қаншама сатиралық дүниелері бар. 

 

Қазіргі заман. Көзқарастар шайқасы

Менің «Парасат, майданы» деген повесімді білетін шығар. Театрда да қойылып жатыр. Енді бұл ұлт болу үшін белгілі бір базалы принциптердің төңірегінде көзқарастардың бірлестігі керек, себебі адам біреуі ананы, біреуі мынаны ойлайды. Бүгінгі болып жатқан мынау геосаяси жағдайлар бар. Сол жағынан сұрасақ, қырық адам да қырық түрлі болып кетеді. Бұл өте жақсы емес. Тарихқа деген көзқарастар да әртүрлі. 

Мысалы, тарихта аңызға айналдырып, мифке сену, беделге табыну тағы сол секілді, әйтеуір мына бүгінгі өмірдің принциптеріне онша сәйкеспей қоятын нәрселер бар. Бізде осы ұлтымыз қалыптасып жатқан заманда тек қана қарақан басының мүддесінен өмір сүруге болмайтыны белгілі. Егер сен жоғарғы білімді, ойлы адам болсаң, ұлтымызды, халқымызды дамытуға ең болмаса бір зәредей үлес қоссам деген мақсатпен өмір сүрмесең, онда сен өзі азамат емессің. 

Сондықтан бүгінгі заманның еліміз қалай дамиды, қалай озық елдерді қатарына қосылады деген сұрақты орта ғасырдан емес, бүгінгі күннен, өмірден іздеу керек.

 

Тирандарды көкке көтеру  жайлы

Тирандарды көкке көтеру. Мұның бәрі үлкен қателік және сол қателікті халық миына сіңіріп жүрген белгілі азаматтар бар. Қайтсек біз жақсы ұлт бола аламыз деген сұрақ қана болуы керек қой.  Мына тарихты аңызға айналдырып, тирандарды ұлықтау деген бізде көп кездесіп жатыр. 

Гуманизм деген нәрсе бар, бұл егер қарапайым тілмен айтсақ, бұл адамгершіліктің философиясы, гуманизм бұл адамның өмірін, адамның қадір-қасиетін бірінші орынға қояды. Гуманизм әділетсіздікті, қатыгездікті, тирандарды айыптайды. Иә, сондықтан біз бүгінгі идеологиямыз, бүгінгі ұлттық идеямыздың барлығы осы гуманизмнің төңірегінде болу керек. 

Ал егер сен агрессорларды аспанға көтеретін болсаң, халықтың қанын төккен тирандарды «ойбай, менің бабам, ата-бабам» деп мақтайтын болсаң, онда басқа жолға түсесің. Мынау екінші дүниежүзілік соғыстан кейін үлкен ғалымдар әлемдегі фашизмді зерттеген, фашизм қайдан келді? Не себеп болды? Мұның негізі неде? Фашизмнің негізгі белгілері есебінде айтылатын дәлелдердің біріншісі ұлтшылдық, екіншісі тарихты аңызға айналдыру. Одан кейін мынау тирандарды көкке көтеру. Жалпы агрессиядан агрессияны теріске шығармау. Агрессия деген сондай мәселе. Орыстарда большевизм деген жүйенің болғанын білесіз. Фашизм мен большевизм - бұл бір-ақ нәрсе. Екеуі ұқсас, тек бірін-бірі жек көргені болмаса... 

Мысалы, орыстар өздері керемет қылып көрсетеді. Бұлар империялистер ғой. орыс халқы ешкімнен  жеңіліп көрмеген жұртпыз, кереметпіз дейді. Тарихты қолдан жасап жатады. Бізге ол жолға түсуге болмайды. Біз кішкентай халықпыз. Кішкентай халықтың жолы ауыр болады. Бізді құтқаратын нәрсе әлемдік нормалардың бұзылмауы, демократиялық нормалардың бұзылмауы, өз заңдарын сақталуы. Сонда ғана біз қатардағы ел болып жүреміз. 

 

Қиналған жерім

 Осы шығармашылық дәуірде бірінші қатты қиналғаным - бірінші кітабым шығатын болды, алпыс тоғызыншы жылы. Редактор Қабдеш, ішінде алғашқы жазған повесім бар еді, сол повесті кітаптың көлемі асып кетеді деп алып тастады,  әңгіме әкелесің бе деді маған. Ол бейсенбі күні айтқан әңгіме. «Дүйсенбі күні менің алдымда жатуы керек» деді.  Енді ол кезде бірінші кітабымыздың шығуы деген бір үлкен бақыт секілді еді ғой өзі. Оған пәтер алғаннан кем қуанбайсың. Содан енді ана жерде отырып, алдында асып-сасып, не істеймін деген секілді абдырау болды. Сосын отырып өзімнің ойымда жүрген ойлар болатын, соны кішкене қорыттым да, ол күні ештеңе істей алмадым. Жұма күні Махамбеттің мүсінін жасаған Ноэль Шаяхметпен кездестім. Махамбеттің бас сүйегіне байланысты әңгіме ғой, сонымен кешке шейін отырып әңгімелесіп, бірақ, сенбі күні күндіз отыра алмадым. Ішімнен ойлап жүрдім, кешке отырып таң атқанша жаздым, әйтеуір, сенбі. Содан жексенбі күні күндіз ұйықтап, түнде отырып жазып,  содан жұмысқа барып, үшке дейін диктовка жасап, сағат үште Қабдештің алдына алып бардым. Сонымен қойшы, кітап шықты. Шыққаннан кейін редактордың орынбасары Мұхтар Мағауин болатын. Сол мені шақырып алып сенің шығармаларыңды оқыдым. Кітаптың ішіндегі басқаларды айтпаймын. Бір әңгіме жақсы ұнады. Ол «Бас сүйек» деген әңгіме деді. Асығып, өліп, өшіп жазғаным ұнап, қалғандары ұнамаған секілді.

 Екінші «Өліара» романын жазар кезде бір қиналдым. Бір кішкене ауырдым да, уақыт өткізіп алдым. Енді уақытылы беру керек. Ол кезде кітапты жоспарлайтын. Роман деген енді үлкен нәрсе ғой. Содан сол бір жүз беті қалды. Цк-ның демалыс үйі бар еді, ақысыз демалыс алып, соғанкеттім. Кешкілік тамақ ішемін. Содан кейін сағат сегізде отырамын, кешкі сағат сегізден таңғы сағат сегізге дейін жазамын. Адам қатты қиналған кезде өзі жұмыс істеу қабілеті күшейе береді. Содан жаңағы менімен бірге жатқан Әнуар Әлімжанов менің күндіз ұйықтап жатқанымды көеді ғой, маған әзілдейді: «Әй, сен мынау ұйықтап жатқаны кеше сол қыздармен болған шығарсың» деп қояды. Он күн солай жұмыс істедім. Әр күн, әр түнде күнде – 10-11 беттей жазған екем. Ойладым сосын, ойпырмай, мынандай жылдамдықпен жаза берсем, мен не қоямын. Бірақ олай өмір бойы жаза бермейді. Өмірде ондай жағдай бола бермейді. Ал жалпы мен өте көп жазатын адам емеспін. Барлық айтатындарды іштей толық қорытып алмай, идеяның бәрін айқындап алмай отырмаймын, ал отырғаннан кейінгі нәрсе - ол мынау прозада деталь деген болады. Адамды суреттеген кезде белгілі бір детальдармен суреттемесең, ол сурет ашылмайды. Адамның жан-дүниесі ашылмайды. 

Енді мынау «Парасат майданына» байланысты айта кетейін. «Парасат майданы» шын мәнінде осы кішігірім ішкі нәрселерімнің бәрін тауысқандай болған ең ауыр шығарма деп айтуға болады. Иә, содан жазып бітірдім. Жазып бітіргеннен кейін екі ойлы болдым. Осы жазғаным халыққа керек пе, бастарын қатырып, текке адасып жүргем жоқ па деген.

Нұрпейісов қалай бағалады?

Нұрпейісов алдында бір келгенде «Егер сен повесть жазып жатсаң, біздің «Таңшолпанға берң деп, соған жібергем, «Таңшолпанды» басқарып жүрген кезі ғой. Содан жігіттер, Мереке Құлкеновтер телефон шалды, жақсы екен деп. Мен Әбекең пікірін білгім келеді, ол кісі үндемейді. арада бір ай өтті. Сосын бір күні түнгі сағат он екі жарым, ұйықтайтын уақытта телефон звондайды. «Мен Әбдіжәмілмін ғой», - дейді. «Мен сенің повесіңді оқып шықтым. Жұрт жақсы дегенге көп жақсының бірі ме екен деп ойлап ем», - деді де «Это явление» деп телефонды тастай салды. Содан бастап Әбекеңмен екеуіміздің арамызда бір үлкен достық пайда болды. Жүрген жерінде айтады екен. Анау Пен клуб  деген бар ғой, осы келген сайын осы шығарманы талдап, отырған жерінде айтып, Президентке шейін барып айтты. Әрине, бұндай нәрселер көңіліңе үлкен жігер қосатыны рас. Өйткені  Нұрпейісов өзі адамды мақтамайтын адам. Баяғыда Хамит Ерғалиев үйіне қонаққа шақырып, енді ішкенді жақсы көреді ғой ақындар, арнайы тост көтеріп, Әбекең туралы Әбдіжәміл ұлы деп космосқа шейін көтеріп айтып, «Ал енді сен сөйле» деген ғой, енді Хамаң өзін мақтасын деп жатыр ғой, сөйтсе бұл Хамаңға: «Ал, Хама, сізде бәрі бар ғой. Енді сіздің денсаулығыңыз үшін ішейік» дегенде Хамаң тарс етіп шалқасына түседі. «Не дегенің бұл? Жас жазушылардың сөзі сараң қатынның қарынның түбіндегі шықпай жатқан сары майы секілді шықпайды» деп әне жерде қуып шыққандай қылып шығарыпты. Нұрпейісов шыққаннан кейін «Менің жазығым қанша, денсаулық тілегеннен басқа?» десе, Зейнолла айтады дейді: «Әй, ол сені аспанға көтерді, керемет жазушы деп мақтады. Ал сен мақтаудың орнында ол кісі өзі арақ ішіп, шылым тартып құрта алмай жүрген денсаулығы үшін ішесің» деген ғой. Иә, сол өзі көп сөйлемейтін адам осы «Парасат майданына» құлады. 

«Парасат майданы» көп адамға ұнағанын білемін. Соған қарағанда, мен ойладым, біздің қазақ халқы әлгі үлкен философиялық заттарға түсінбейді, тек қарапайым бір ғана әдебиет керек деген ол дұрыс емес, интеллектуалдық дүниелерді толық түсінеді, көзім жетті. Ал енді айтылмаған сөз жоқ шығар, осы өткенде қарасам бүкіл интервьюді салыпты, соншалықты көп. Әлгінің бәрін санап тауыса алмадым, осы мен айтқандардың біразы айтылған, жұрттың көбісі біледі. Соны енді  қайталай бермейін деп жатқаным ғой. 

 

Жазушыға залдан қойылған сұрақтар

 

- Шығарманы жазу барысында, жазу процесі кезінде кітап оқисыз ба? Басқа авторларды, басқа адамдарды өзіңізге бір белгілеп алған... 

 

- Ол шығарманы жазуға дейін оқисың ғой. Жазуға дейін оқу керек, болмайды. Ал жазып отырған кезде ол оқудың қажеті жоқ, сен басқа бір жаққа түсіп кетесің? Ол кезде сені ештеңе қозғамау керек. Өзің әбден ішке қорытып, басқа ештеңе қарамау керек. Мен өзімді айтып отырмын, басқа жігіттер қалай екенін білмеймін. 

 

- Төлен аға анау «Өліара» романында комсомол туралы жазасыз. Кіші әкесін комсомол жетекшісі болған баласы айдап барады ғой милицияға. Сол осы комсомолды жамандаған кезде қалай батылыңыз барды? Өзіңіз ЦК-да жұмыс жасадыңыз. Қандай ойда болдыңыз және сол қалай өтіп кетті? 

- Енді мен бір затты айтайын. Бағана да айтып кеттім ғой. Алпысыншы жылдарда ояну деп. Біздің буында протестік көңіл-күй, наразылық идеясы қалыптасты. Менің өз басым ешқашанда сәбет үкіметін қабылдаған емеспін. Ол менің бір күштілігімнен, керемет бір данышпандығымнан емес, әркімнің өзінің бір өмірде ұстаздары болады. Қалыптасқан, адамның көзқарасын қалыптастырған. Менің сондай бір жақын туысқан ұстазым болды. Ол Сейітов Нұрхат деген. Біздің елдің адамы, араластық, әкелеріміз үлкен дос болған, өзі ашық, өзі өте зерек адам еді. Училищені бітіріп, содан кейін Алматыда орыс факультетіне түсті. Біздің елде орыс тілінде сөйлейтін адам жоқ, ол кезде орыс тілін қалай біліп алғанын Құдай білсін, орыс тілін бітіріп, Сталиндік стипендиямен оқыды. Сол кісі келді. Осы студент кезден бастап ең бір үйреткені мынау «Алаштың азаматтарының тарихы», ол кезде оны айттырмайтын.

 Мысалы, Гитлердің атын айтуға болады, бірақ Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтың атын атауға болмайды. Жамандасаң да атауға болмайды. Өйткені не партиядан шығасың, не жұмыстан шығасың, сондай заман болды. Сондықтан біздің көңілімізде сол заманды іштей жек көру, қалай болғанда да соның кемшіліктерін, әйтеуір, бір жерге білдірмей кірістіру, осы идеямен өмір сүрдік. Осы идеямен жаздық. 

Сондықтан мен үшін комсомолды мақтау, комсомолды жақсы көру мүмкін емес. Комсомолдар дегеннің ішінде де жақсы адамдар болды. Білемін. Мысалы, өзім жаңағы комсомолдан шығып тұрмын ғой. Ал, бірақ, комсомолдар біздің халқымыздың көзқарасына жақсы әсер етпегені белгілі. Сондықтан мен керісінше, қолымнан келгенше сол кездегі жүйені әйтеуір бір іліп-шалып, бір жерден бір жамандығын көрсету - менің сол бүкіл творчеством осыдан тұрады. «Ақиқат» деген повесім бар. Осының ішінде де осы Совет үкіметіне қарсы айтылған ойлар бар. Бірақ енді, әйтеуір, мен оны фантастика деп алғаш рет жазды да, содан кейін жұрт мән бере қойған жоқ. Мән берсе, ішінен онда біраз заттар табадын еді. Сондықтан менің өзімнің әуел бастағы негізгі принципімнің бірі осы Совет үкіметінің болмысын қабылдамау, соның дұрыс емес екендігін, әйтеуір халықтың санасына жеткізсем деген бір үмітпен ғана отырдым. Менің шығармаларымның бірде-бірінде сол кездегі саясатты қолдау, не болмаса комсомолды, не болмаса партия қызметкерін мақтау деген болуы мүмкін емес. 

- Сіздің шығармаңыздың бірі – «Әке». Сол  шығарма туралы бірер ауыз айтыңызшы. Баяғыда «Қостанай таңғы» газетінде жүргенімде әкесіз өскен бір журналист сіздің осы шығармаңызды оқып, «әкенің мейірімі, әкенің әділдігі, әкенің талғамы, талабы дегенді сезінгендей болдым. Мен жетім емес екенмін», -  деп еді.

- Өзі менің шығармаларым екі бөлік деп айтуға болады. Біріншісі, халыққа арналған, халықтың өмірінен жазылған. Екінші, философиялық деңгейдегі. Бірақ соның ішінде, мысалы, таза реалистік бағытта жазған осы «Әке». «Әке» жақсы мақталды, талданды көп жерлерде. Енді менің өзімнің білетін нәрсем, өзімнің әкемнің де тарихы бар. Бірақ, халықтың бастан кешкен үлкен ұлы қасіреттерін жазу үшін сол заманның бәрін қамти алмайсың ешқашанда. Сондықтан соның бәрін бір семьяның салдарынан беруге болады. Менің өзімнің негізгі мақсатым сол еді. Барлық мынау жиырмасыншы ғасырда толып жатқан апат жағдайлар болды ғой. Енді баяғы алғашқы ұлтазаттық көтеріліс, одан кейінгі азамат соғысы, одан кейінгі аштық, одан кейінгі репрессия, соғыс, осындай апаттардың бәрін басынан кешіретін, осындай апаттардың әрқайсысына бір-бір баладан құрбандық беріп отырған отбасы ғой. Ең соңында жалғыз баламен қалып, «құдай осыны қалдыра тұр, осы баланы аман қыл» деп қалтырап отырған отбасы. Менің өзімнің сезгенім ішінде жатады. «Әке» мынау халыққа қатты ұнады. Өйткені сол қазақтың өзінің өмірі ғой ішіндегі, бүкіл образдағы, бүкіл ішіндегі кейіпкерлер елдің адамдары. Рас, менің әкемнің де образы бар. Әкемнің өлер алдындағы бір сәті. Қайтыс болардан бір үш-төрт төрт сағат бұрын әкем жанымызға жақын туыстарды шақырып алып,  «мен кететін адаммын, адамның дәм-тұзы таусылады, ешқандай реніш жоқ. Ендігі мәселе, мен ертең кеткеннен кейін қалай шығарып саласыңдар? Алғашқы малды қайда, қалай соясыңдар? Сүйекке кімді кіргізесіңдер, анадағы ана малды, мынаған мына малды қалай соясыңдар?» деп, осы бәрін құдды басқа біреудің өлімін талқылап отырғандай соншалықты сабырлықпен,  ешқандай қорқынышсыз талдап отырған кезде мен таңғалдым. Сонда осы өмірді түсінеміз деп оқымаған кітабымыз жоқ. Иә, естімеген. әңгімелеріміз жоқ. Бірақ біз осы ажалдың алдында дәл осылай сабырмен өзіміз өзіміз ұстай алар ма екенбіз деген ойға келдім. Содан кейін барып барып осыны жазуға отырдым. 

Бұл енді жетпісінші жылдардағы кез ғой. Енді ол кезде қазақ интеллигенциясының бойында бір пессимистік сарын болғаны рас. Сәбеттің ол кәдімгі осы қылышынан қан тамып, дүркіреп тұрған кез болатын. Енді бұдан  қазақ халқымыз құтылып, бір тәуелсіз ел болады ау деген ой ешкімнің ойына келген жоқ.

 Ал повестің соңында бір сөз бар, дәл ең соңында. Кейіпкердің ойлаған сөзі: «Осы жұрттың бәрі неге шетелде,  қайда жүрсе деп өлерде елге келіп өлгісі келеді? Топырағым елден  бұйырса екен деп тілейді». Кейіпкер әкесінің өлімінен кейін елге алып бара жатып көзіне жас келеді. «Бірақ мен әкемнің қазасына жылағаным жоқ, басқа бір жағдайға жыладым» деп аяқтадым. Осындағы ой, мына ел ертең бола ма? - деген сұрақ қой. «Осы елді қаншалықты жақсы көресің. Бірақ осы елдің тағдыры ертең не болады» дегенге жылаған ғой. Елдің бәрі сол жерді сұрайды, неге олай деп, неге әкесінің қазасына жыламайды, басқаға жыладым деп айтты деп. Енді әрқайсысына жеке-жеке қалай түсіндіріп отырасың? «Өзің қалай түсінсең, солай түсін» дейсің де қоясың.  «Көк терек» деген әңгіме, Біздің бала кезде ауылда бір биік көк терек болды. Жалғыз терек. Неге ол жалғыз болғанын білмеймін. Өте биік, Сосын бір күні балалардың бәрі шығатын, мен де шықтым ең үлкен төбесіне, ең үлкен төбесіне шығып биіктен қараған кезде менің көзқарасым өзгеріп кетті. Анау жердің кеңдігі, алыстағы көлдер, өзен, мен ойлағаннан әлдеқайда үлкен, әлдеқайда кең екен. Сөйтіп өстік. Кеттік. Елге баруға қолымыз тие бермейді. Қанша жылдар өтті. Бір күні бардық. Барсақ, көк терек жоқ. Жүрегім біреудің қазасын естігендей  шым ете қалды. Анау көк терек бала кезіміздің бір көркі сияқты еді. Енді динозаврдың қаңқа сүйегі секілді болып, аппақ  болып  шашылып қалған. 

«Елу жылда ел жаңа дейдi. Елмен бiрге жер жаңа. Жаңарғаны осы болды ғой. Мына заманда тау жоғалып кетсе де, таңқалуға болмайды.Көктерек балалық шағымыздың көркi едi. Көзiмдi жұмсам, көз алдыма келедi. Яғни Көктерек өзiмнiң iшiмде, жүрегiмде деген сөз ғой. Жадыңда сақтай алатының қандай жақсы. Ел мен жердi сақтайтын басқа не амалың бар?… « деп аяқталады. 

 

Тарих ешқашан керемет болған емес

Енді қазіргі заман өзгеруде. Енді өмір деген кейде бір қиял-ғажайып ертегі сияқты. Бір күнде совет үкіметі құлап, тәуелсіздік аламыз деген кімнің ойында болған. Оны да көрсетті. Тәуелсіз ел болдық, тәуелсіз ел болғаннан кейін «осы бәрі керемет шығады» деп ойлап едік. Олай емес екен. Тәуелсіз ел болса да көптеген проблемалар болады екен. Ол үшін күресу керек екенін, ол үшін, мысалы, сен әдебиетші болсаң, соған сай түсуің, осы үшін соған лайықты шығарма жазуың керек екенін түсінесің. Енді қайтесің? Мынау халықты бүгінгі заманға жақындату керек. Бүгінгі заман болу үшін бүгінгі заманның адамы болу керек. Ал енді орта ғасырға сүйрелеп, «баяғы заманда біз, ой, керемет болып едік. Баяғы заманда керемет ғажап ел болып едік, жұрттың бәрін басып алып едік» дегеннің бәрі негізінде абай болған жөн. Тарих керемет болған емес. Ешқашанда. Өткен тарихтың бәрі қанды қырғынға, аштыққа толы. Ол үшін қорланудың, ол үшін намыстанудың қажеті жоқ. Рас, белгілі ғажайып адамдар болса, арасында солар халықты өлтірмей алып қалды. Бірақ. барлық уақытта да халық өзін билеушілерден қорлық көрген, оны жасыратын ештеңе жоқ. Сондықтан орта ғасырда біз керемет болдық деген емес, мысалы, жапон халқы ең кәдімгі үлкен империялық санада жүрген халық болатын. Екіншідүниежүзілік соғысқа дейін Қытайды басып алды, Кореяны басып алды. Олардың жасаған қатыгездік, қателіктері ақылға сыймайтын. Бірақ екі рет атом бомбасы түсіп тәубесіне келгеннен кейін баяғы өркөкіректігін қойып, тек қана бүгінгі күні жасампаздықпен елге қажетті заттарды ғана жасап, ғылымға, техникаға көңіл бөлу дегенге бағытталғаннан кейін өздері бүкіл идеологиясын жасады. Әлемге ең таңдаулы, экономика жағынан да, басқа жағынан да үздік мемлекеттердің қатарына қосылды. 

Сондықтан өркөкіректік, мен кереметпін деп өзіңді-өзің алдау қайыр сұрап отырған қайыршының «менің арғы аталарым бай болған» де мақтанғаны секілді нәрсе. Біз ешкімнен артық та емеспіз ешкімнен кем де емеспіз. 

Мәселе тақырыпта емес, сенің қалай жазғаныңда

 

- Жас жазушы жігіттер отырмыз. Солардың атынан бір-екі сұрақ сұрасам, Ең бірінші қазіргі қазақ әдебиеті әлемдік тақырыптарды да қамту керек секілді. Енді қазіргі қазақ оқырманы соған қалай қарайды. Қазіргі жазушылардың санасы жеткенмен, оқырман оны қалай қабылдайды? Мысалы, қазіргі Таяу Шығыс тақырыптары немесе Әлемдік империялардың қазіргі тақырыптары деген секілді, осыны оқырман қалай қабылдайды? Және екінші сұрағым шығарманың сәтті шығуының қырық пайызы оның тақырыбына байланысты сияқты. Мысалы, сіздің «Тозақ оттары жымыңдайды» деген кәдімгі диалогтың ішінен алынған. Оның қабылдануына оның тақырыптың тікелей қатысы бар ма? Сол жайында айтып берсеңіз.

 

- Әдебиет тек қана бір бағытта дамымайды. Әдебиеттің бағыты көп болады.  мысалы, жапон әдебиетіне қарасам, жапон әдебиетінде тек қана ұлттық өзінің ерекшелігімен ойлау дәстүрі деген болды. Сонымен Ясунари Кавабата сыйлық алғаны белгілі. Бірақ Акутагава деген бар. Ол Достевскийге де ұқсайды,  ұлттық та бар. Ұлттық емес, шет елдің философия да бар. Бәрі де бар. Сондықтан әдебиетте ең бастысы дұрыс жазу, жақсы жазу. Қай тақырыпты алсаң да, тек соны көркемдік жағынан ең жақсы дәрежеге жеткізе алсаң, оны бәрі қабылдайды. Кобо Абэ деген бар. Керемет жазады шығармасын. Мен өзіме Кобо Абэнің ықпалы болды ғой деп есептеймін. Өз басым мысалы  «Дети Японий» деген роман жазған жазушылары бар. Біздің қазақтың қазақ жерінде құруы деген роман жазсаң бастырмауы мүмкін. Бірақ оларда кішкене демократия бар. 

Сондықтан қандай тақырып алсаң да, тек соны жақсылап жазу керек. Шығарманың тақырыбы ықпал етеді деп айту қиын. Ол адам ар жағында сол тақырыпты қалай түсінеді, сол тақырыпты қалай зерттеді? Оның ойлаған идеясын бүгінгі халықтың санасы қабылдай ала ма, қабылдай алмай ма деген мәселе ғой. Сондықтан кейін тақырып бірінші оль атқарады дегенге өз басым сене қоймаймын. 

 

- «Өліараның» соңында бірінші кітаптың соңы деген бар еді. Кейін тақырыбына дейін оқырманға хабарланды. Жаңылмасам, «Ақшоқыда қыс қатты» деп. Бірақ сол жазылмады. Неге? 

- Кезінде 2,3 томен шығарсам деген мақсат болатын. Бұның ар жағында үлкен аштық басталатын. Екінші томда. Содан енді адамның өзінің ішкі мүмкіндіктері бар ғой. Мен өзім ауырдым бір кездерде. Оның үстіне жаңағы «Парасат майданы», бірнеше кітап түсіп, осын үзіліп кетті. Қазір жартысы жазылып тұр. Бірақ әрі қарай мен әлі шыға алмай жатырмын. Сосын қарап отырсаңыз, оқиға бітеді. Өйткені негізгі мәселе советтің тұсындағы автократизм ғой. Автократизм - жақсы көрген адамға жақсылық істей алмайсың, жек көрген адамға жамандық істей алмайсың. Сен бір рөл ойнап жүрген актер секілдісің. Сол қоғам берген өзіңнің міндеттерің бар, соны орындауың керек. Жаңағы адамдар бір актер секілді бір-бірімен жауласса да, соның өзінде белгілі бір қоғамдық тапсырыспен жауласады. Ең соңында оқуға жіберіп, сол келген кезде тай сойып, керемет той жасаған жаңағы інісі келіп тұтқындап әкетіп бара жатқанымен бітті. Осы жерде аяқталады. Бірақ енді бұны әрі қарай жалғастырып алып кетсем деген ойым бар еді. Соған енді келгенде бәрі денсаулығыма байланысты болып отыр. Жүз бет қалған кезде өліп-тіріліп, бала-шаға бәрін ұмытып, ұйқы-күлкіні тастап, сөйтіп өліп, тәуба аяқтағаныма. Енді оған қазір тәп солай жігермен, қайратпен кірісуге жағдай жоқ. Бірақ оны күн тәртібінен түсірген жоқпын»

 

 

Лекцияны  көшіріп, дайындаған Жадыра Шамұратова


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар