Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Қуаныш Дәлейұлы. Бостандық туралы жыр......

24.09.2025 77

Қуаныш Дәлейұлы. Бостандық туралы жыр... 14+

Қуаныш Дәлейұлы. Бостандық туралы жыр... - adebiportal.kz

                    Түнгі дала

Пойыздар зымырап барады,

Алыс бір жақтарға түн қатып.

Жұлқылап оятып даланы,

Екпінін тыңдатып. 

 

Аршыған ақ жүзін мұнардан,

Әппақ бір бояуға малынды ай.

Қап-қара рельс шұбалған

Қасірет табындай.

 

Ойыңды жетелеп апарар,

Қиялдай таулардың сілемі.

Бүк түсіп жатты бұл жоталар

Бүлік етіп жүрегі…

 

Ең соңғы вагонда мен бармын,

Бар тағы айдың сүт сәулесі.

Өксігі басылмай арманның,

Қыстығып кеудесі.

 

Отырмын ешкімге тіл қатпай,

Секілді тірлікке жаным қас.

Ескіден қалған бір жұмбақтай

Шешуі табылмас.

 

Білмеймін, қай жаққа шашылдым,

Қараңғы қамаған бұл алап.

Жеткендей байырғы ғасырдың

Елесі қуалап.

 

Мың жылдар еш тыным алмаған,

Мұңая салғаны – өз әні.

Терезе сыртынан ол маған,

Саусағын созады.

 

Аһ ұрдым, күрсіндім ауырлау,

(Жер ғана көтерер салмағын.)

Қасыма шақырып алуға

Қол бұлғай алмадым…

 

Аршыған ақ жүзін мұнардан,

Әппақ бір бояуға малынды ай.

Қап-қара рельс шұбалған

Қасірет табындай…

Мұрат Шаймаранның бұл өлеңі – бостандық көксеген, бодандық астындағы езгіде жатқан халықтың өзін іздеген, байырғы рухын сағына күңіренген аянышты айқайындай мұңлы пафос.

20 ғасыр адамзат ғылым-техниканың тым жылдам дамуына ілесіп өзінің ой-санасын да биік белестерге көтерумен бірге, екі реткі әлемдік ауыр соғыс өртін де бастан кешті.

Бұл соғыстар жан саны мол, бұрыннан іргесі бекем, отырақтасқан жұрттардың бағын асырса, біз сияқты көшпелі шаруашылықта жүрген, ғылымы мен өнері кенже қалған, басқару жүйесі далалық еркіндік пен рулық құрылымға сүйенген байырғы халықтарды біржолата күйретіп, айналасындағы отаршыл елдердің табанының астында қалдырды.

Қазақ халқының 20-ғасырдағы көрген тақсіреті мен отарлану бұғауы жер бетіндегі барша езілген қауымның ішіндегі ең ауыры болды десек еш қателеспейміз. Ресей империясы мен қытай отаршыл күштерінің қысымының астында өмір сүрген халқымыз осы екі жұрттың ескі және жаңа үкіметтерінің барлық тұстарында өте зор бодаулар берді. Әсіресе орыс болшевиктері мен қытай коммунистерінің тұсында қазақ халқы бас бостандықтарымен қоса барлық рухани және дәстүрлі байлықтарынан, жерінің асты мен үстіндегі қазыналарынан бірдей тоналды.

Орыс бодандығынан қазақ халқы Алланың қалауымен 91 жылдан бастап егемендік алмаған болса, осы жылдарға дейін бірі де қалмай ассимиляцияға ұшырап, әлдеқашан бөгде ұлтқа айналып болар еді.

Ал, қытайдағы қазақ әлі күнге бодандық бұғауынан құтыла алған жоқ. Қайта күн өткен сайын темір құрсаудың астында рухани жақтан ауыр езгіде қалып бара жатыр. «Зор қытайландыру» саясатын мықтап қолға алған коммунистер қолынан келген сұмдықтың бәрін істеуде. Ұрпақтар санасынан ұлт жадын өшіруді нысана тұтқан олар соған барар соқпақтардың бәрін жауып, мәңгүрттендірудің небір сорақы амалдарымен айналысуда.

Мұраттың мына өлеңі сол қытайландыру идеясы енді дендеп келе жатқан XXI ғасырдың бастапқы кезеңінде (2002 жылы) жазылыпты.

«Пойыздар зымырап барады,

Алыс бір жақтарға түн қатып.

Жұлқылап оятып даланы,

Екпінін тыңдатып».

Заман көшінің қазақ даласына келген осынау нәубетті кезеңі, отарлық бодандықтағы жұрттың өзегіне жайлап еніп келе жатқан ауыр күндердің бейнесі, дәуірдің ашты шындығы символдық жолдармен осылай өріледі.

1956 жылы Шинжияңға пойыз келіп, Үрімжіде соның құттықтау жиыны ашылып жатқанда ұйғыр көсемі Сәйфиден Әзези:

– Шинжияңға пойыз келді, құт келді. Еліміз бен жерімізге бақыт орнады, – деп сарнап тұрғанда, оның қасында тұрған аудармашы, қоғам қайраткері Әблез Мақсұм:

– Ей, Сәйфиден, сен боқты да біліп тұрған жоқсың. Шинжияңға пойыз келді, сор келді. Енді алтының мен күмісіңді, ақ бидайың мен күршіңді әкетеді. Байлығың тоналады, барың жоғалады, – депті. 

Сол сөзі үшін отыз жылдай «Тарым лагерінде» жатқан ұйғырдың адал ұлы әбден қартайғанда түрмеден зорға шығыпты. Бірақ, осы екі-ақ ауыз атақты сөзімен ұлт тарихында ұлы адам ретінде қалды. Ал Сәйфиден...

Бұл әңгімені маған 1958 жылы Алтайдың Көктоғай ауданындағы ұлт азаттық күресіне қатысып, артынан қытай коммунистерінің қолына түсіп, «Тарым лагерінде» 25 жыл айдауда жүріп, Әблез Мақсұммен көп уақыт дәмдес болған Сайын ақсақал айтып берген еді.

Осынау әңгіменің Мұрат өлеңіндегі пойызбен тіке қатысы болмаса да, екеуі де саяси тұрғыдан диалектикалық байланыста жатқандықтан араға қыстырып отырмыз.

«Қап- қара рельс шұбалған,

Қасірет табындай».

Заманның қазақ даласын басып өткен ізі – қан мен шер, қасірет пен мұң-нала, көз жасы мен айықпас ауыр жара болды. XX ғасырдың жартысын қытай үкіметімен соғысып, қан жоса ғұмыр кешкен аз қазақ, жаңа үкіметі құрылғаннан кейінгі жетпіс жылдың ішінде де ауыр саяси науқандардың да құрбандығы болды, айдалды, атылды, түрмеге түсті, қатаң бақылау астында ғұмыр кешті.

 

«Білмеймін, қай жаққа шашылдым,

Қараңғы қамаған бұл алап.

Жеткендей байырғы ғасырдың,

Елесі қуалап».

Ел аспанын мәңгілік қара тұман тұмшалаған ауыр күндердің ішінде жүрсе де есі бар азаматтардың көкірегінде байырғы бабалардың еркін өмірі, жаны ақша бұлттай ізгі ұлттық рухы, барлық адам баласын өзінен де артық көретін игілікті мінездемесі, көшпенді өмірдің пайғамбардай көркем салт-дәстүрі ешқашан да өшпей, ертеңгі бостандыққа деген ұмтылысымен ұштасып жататыны айдан айқын.

«Мың жылдар еш тыным алмаған,

Мұңая салғаны – өз әні.

Терезе сыртынан ол маған

Саусағын созады».

Еркіндік – ол да үлкен рух. Мұндай рухты жаралымнан бері өзімен ала туған көшпенді халықтардың әр күндік тіршілігі ұлы ізгілік салтымен бөлінбестей бірігіп, тұтас тау мен далаға, өздері ғұмыр кешкен ұлы аймақтарға сәуле шашып тұратын. Еркін өскен халықтар ер болып туады да, олардың мінездемелерінде ұсақ қулық, бақай есеп, алдамшылық пен жасырын қаскүнемдік, аярлық пен іш-мерездік мүлдем болмайды. Олардың сөзі – ант, әрекеті – нәтиже. 

Мың жылдар бойы бостан тірлік еткен, табиғатқа етене сіңіп кеткен ер ұлттарға еркіндік рухы бодан болған шақтарында қайталай үнемі соғып кетіп отырған. Осындай шақтарда сол жерлерде тәуелсіздік күрестері қайта-қайта көрініс беріп, билік етуші қара күштермен күрес қанды қасап соғыстарға ұласқан. 

Мәселен, қытайдағы бір ғана Алтай өңірін алайық. 1941 жылы қытай үкіметіне қарсы басталған Көктоғай-Шіңгіл ұлт-азаттық күресі, оның заңды жалғасы болған Оспан батырдың соғыстары, 1958 жылы Көктоғайда болған қытай қызыл үкіметіне қарсы көтерілген Қалман қазы бастаған азаттық күресі, 1970 жылдардағы Мәнен мен Қызырбек қатарлы қаһармандардың «Үш отаудың басын қосу» ұйымы тағы басқалары...

«...Терезе сыртынан ол маған, саусағын созады», десе Мұрат осыны меңзейді. Ақын болып туған, соның ішінде ұлттың ішкі күйзелісін жан-тәнімен сезінетін ұлттық ақын болып туған Мұратқа сол бекзат рухтың өмір бойы маза бермей өтетініне және биік болмысты жырларына сіңіп кіріп, қазақ болып жаралған әрбір оқырманының ішкі меніне қозғау салып отыратынына өз басым сенімдімін.

«Аһ ұрдым, күрсіндім ауырлау

(Жер ғана көтерер салмағын.)

Қасыма шақырып алуға,

Қол бұлғай алмадым».

Еркіндік аңсаған, ұлттық тәуелсіздікке жету жолында сандаған ерлері шаһит кешкен, осы жолда көрмеген азабы мен тозағы, қайғысы мен шері жоқ, ақырында қылт еткенінің басын шауып тастап отырған отаршылардан бұғынып қалған кейінгі ұрпақтың бейшара халін бұдан артық ешкімде аршып айта алмас еді.

Бүгінгі күннің қасіреті – ертеңгі күннің бақытына айналар сәт туса, ол бодандағы барлық халықтың ең соңғы жеңісі болар.

Мұраттың «Түнгі дала» өлеңі біз кешкен ауыр күндердің бір түйіншегі іспетті шер мен шеменнің сыртқа ағылып шыққан жалқы тамшысы ғана. Бұл ақын шығармашылығының өзі айтарын симовлизмнің терең қатпарына сүңгіте отырып, мұрат тұтқан нысанасының діттеген тұсына дәл тигізгенін айғақтайтын бір ғана жебесі дер едік.

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар