Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Баянауыл дейтін ел көрдік......

09.09.2025 269

Баянауыл дейтін ел көрдік... 14+

Баянауыл дейтін ел көрдік... - adebiportal.kz

Баянауылда ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Рахат Қосбармақтың жан тербеп, жүрек қозғаған жыр кеші өтті. Баянтау баурайында тас да тебіренді, тал да тербелді. Салқар даланың самалындай саф алтын сөзбен сыр шертетін шайырдың Мәдениет үйіндегі «Баянауыл дейтін ел көрдім» атты оқырманмен кездесуіне кісі көп жиналды. 

Ақынның Алматы, Ақтау, Астанада тұратын тілеулестерін Баян төріне Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, белгілі қаламгер Мереке Құлкенов бастап келді. Кешті талантты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Еламан Қабдыләшім жүргізді.

Бірден айтып өтейік, Рахаттың тау ішіндегі жаңғырықтай отты жыры ұлт рухының үн  қатуындай болды. Ақынның әр шумағы – ел мен жерге тағзым, тарихқа тағылым. Ал тыңдарман поэзия теңізінде тербетілген қайықтай қалқып отырды. Жыр кешінің толқынысты сәттерінің бірі Баянауыл халқының атынан көрсетілген құрмет болғанын да айта кету керек. Киелі Баян жұртының ақжарма тілегін арқалап келген аудан әкімінің орынбасары Қинаятолла Талипов Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың жүрекжарды құттықтауын жеткізді. Халық өнерін қастерлеп, ақын сөзін ардақтаған елдің ізгі дәстүріне сай, ақынның иығына шапан жауып, қазақы құрмет көрсетілді.

Жыр кешінде сөз алған Мереке Әбдешұлы ақынның рухани миссиясына терең мән берді.

– Біз, – деді қаламгер, – көп жағдайда әр өңір өз ақынын өз еншісіне ғана жазып, бауырына тартып, иеленіп алуға бейілміз. Бірақ шын ақын – бір ауылдың ғана емес, бүкіл қазақтың жүрек үні. Оның жыры – ұлттың ортақ мұрасы.

Ол сондай-ақ, ақынның ел ішіне сапар шегіп, цикл өлеңдер жазуы – әдебиетте бұрыннан бар дәстүр екенін тілге тиек етті. 

– Бұл үрдісті бүгінгі буын жалғастырып, қайта жаңғыртса, әдебиетіміздің көкжиегі кеңейе түсер еді. Ақын туған елінің қай қиырына барса да, халықпен қауышып, жыр кештерін өткізіп тұруы керек. Өйткені, поэзия халықпен ғана өмір сүреді. Бүгінгі кеш – сол рухани сабақтастықтың айғағы. Мұндай басқосулар болашақта дәстүрге айналуы тиіс, – деді Мереке Құлкенов.

Рахаттың жыр кешіне алыстан ат терлетіп, Маңғыстау өңірінен мәртебелі меймандар арнайы келіп қатысты. Солардың қатарында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Көшмағанбетов пен облыстық агроөнеркәсіп кешені аумақтық инспекциясының басшысы Кенжеғали Машырықов бар.

Кеш барысында Тілек Көшмағанбетов Маңғыстау облысының әкімі атынан жүрекжарды құттықтауын жеткізіп, жыр дүлдүліне деген ерекше ілтипат танытқан Баянауыл жұртшылығына алғыс сезімін білдірді. Ол өз сөзінде поэзияны қастер тұтқан елдің рухы биік, жүрегі кең болатынын атап өтіп, ақынның шығармашылығы қос өңір арасындағы рухани байланысқа дәнекер болып отырғанын тебірене жеткізді.

Кеш барысында павлодарлық ақын Айбек Оралхан Рахат Қосбармақтың шығармашылығына кеңірек тоқталып, оның поэзиясы мен позициясы туралы ой толғады.

Жергілікті өнерпаздардың ақын жырларына жазылған әндерді орындауы жыр кешінің ажарын аша түскен әсерлі сәттердің бірі болды. Кеш барысында «Маңғыстаудың Шәмшісі» атанған марқұм Марат Ордабаевтың жүрек тербетер «Дүниеғайып» әні шырқалды. 

Бұдан бөлек, Ғалымжан Сағымбаевтың «Ару-бейне» және «Махаббатым», қызылордалық ақын-сазгер Тұрар Сыздықовтың «Ғашық сөзі», маңғыстаулық композитор Бақытжан Еламановтың «Баянауыл» әндері көрермен ықыласына бөленді. 

Баянауылдағы жыр кешінің жоғары деңгейде өтуіне ақынның курстас достары мұрындық болғанын да ерекше атап өткен жөн. Мейрамхан Жәпек, Ибрагим-Серік Орынбеков, Нұрхат Сапуанов, Гүлнар Мұстафина, Бибігүл Жексенбай және Қуат Бораш секілді Рахаттың астаналық достары сый-құрметтерін іспен дәлелдеп, кештің шынайы жанашырларына айналды. 

Ал осы игі бастамаға алғаш себепкер, ақынның Баянауылға деген сағынышын оятқан Мейрамхан Жәпектің шәкірті Қаршыға Мұқышев болатын. Рахаттың өткен жылғы Баянауылға сапарында ол шын мәніндегі рухани жолсерік бола білген екен. Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Мәшһүр-Жүсіптің кесенелеріне апарып, Қаныш Сәтбаев пен Сәкен Торайғыровтың мұражайларын аралатқан. 

Жасыбай мен Торайғырдың тылсым тынысын, Сабындыкөлдің сыр шерткен мөлдір толқындарын көрсетіп, Баянауылдың көз сүріндірер көркем табиғатымен, қасиетті де құнарлы топырағымен таныстырған. Сол сапар Рахаттай ақынның жүрегіне от тұтатып, өлеңнің лебін сездірген шабыт бастауы болғаны сөзсіз.

Осы жерде Баянауыл сапарынан жазылған Рахаттың өлеңдер циклын туған елге деген шексіз сүйіспеншіліктің, тарихи жады мен ұлттық рухтың көркем өрнекпен кестеленген айшықты үлгісі деуге болады. Шығарманың эпикалық тынысы кең, көркемдік қуаты мол. Әр жолынан Баянтаудан түлеген ұлы тұлғалардың рухы, аңыз бен ақиқаттың алтын арқауы сезіледі. Тылсым табиғатпен тілдескен ақын әр тауды, әр тасты тірі бейнеге айналдырып жіберген. Тілі – көркем, бейнелі, эпитет пен метафораға бай. Шебер астасқан аллитерациясы өлеңге музыкалық ырғақ пен философиялық салмақ береді. Бұл – поэтикалық шеберліктің шыңы, әрі  тұтас қазақ руханиятына қосылған көркем мінәжат. 

Сөзіміздің соңында жыр кешінің сәтті өтуіне бастан-аяқ басшылық жасап, бар ұйымдастырушылық жұмыстарды мойнына алған Баянауыл аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Мұқанов болғанын айта кету керек. Ізет пен ықыластың үлгісін көрсеткен азаматқа меймандар ерекше риза болысты.

Баянауыл аудандық мәслихатының төрағасы Руслан Мұқышев өз шаңырағында кеш қонақтарына арнайы қонағасы берді. Қазақы қонақжайлық пен рухани бауырмалдықты ұштастырған бұл меймандостық – сапардың өнегелі сәттеріне айналды.

Сол сапардың жалғасы іспетті, ертесіне қасиетті «Қоңыр әулие» үңгіріне барып тағзым етудің де сәті түсті. Бізді жылы ықыласпен қарсы алған үңгірдің шырақшысы Алтынбек Құрмановқа да алғысымыз шексіз. Бұл қызмет – оған атадан балаға мирас болып қалған қасиетті міндет. Санамаласақ, Алтынбек аға осы әулеттің қасиетті мекенге бас-көз болып отырған сегізінші ұрпағы екен.

Алтынбек Құрманов тек шырақшы ғана емес, елімізге танымал өлкетанушы, туризм саласының үздігі, «Елім-ай» тұңғыш сыйлығының иегері. Көкірегі көмбе азаматтың жадында жазылмаған тарих бар. 

Осылайша біз ақын жырын жүрекпен қабылдап, мейманын алақанына салған Баянауыл жұртына бек риза боп аттандық.

Мұхарбек Жәкейұлы


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар