Мұқтар Әуезовтің “Абай жолы” роман-эпопеясы: атмосфера және стиль

Бөлісу:

27.09.2022 7884

Эссе: жаңа көзқарас 

(“Абай жолы”, “Жазушы” баспасы, 

Алматы, 2013) 

 

“Классической является та книга, 

которую некий народ или группа народов 

на протяжении долгого времени решают 

читать так, как если бы на ее страницах 

все было продуманно, неизбежно, глубоко, 

как космос, и допускало бесчисленные толкования”. 

Хорхе Луис Борхес

 

Бірде, ұлы анам Қазиза Құдайбергенқызы (1924-2007) Алматы қаласына, көк жасыл шыршалары маужырап, қасқыр құйрық қарағайлары тыныстаған, жаз айының соңғы аптасы жайма-шуақ өтіп жатқан күндері, шілденің шіліңгір ыстығында, қыдырып келгенде, үйге, асылдың сынығы Мұрат Әуезовті қонаққа шақырған едім. Сөйтіп, көптен аңсаған арманымды жүзеге асырып, Мұқтар Әуезовтің перзенті мен “Абай жолы” роман-эпопеясының алғашқы оқырмандарының бірін тарихи жүздестірудің сәті түсті.

Сол кездесуде анам “Абай жолының” 1942-1947 жылдары шыққан бірінші және екінші кітабын Қар-қаралы баурайындағы, Жарлы өзені іргесіндегі қарапайым қазақ ауылының ержеткен, бойжеткен жастары, азғана данасына қалай кезекке тұрып оқығандығы туралы айтып берген еді. Сол жаздан бері біршама уақыт өтті. Шаһарға жолы түскен сайын пәтерімдегі көп кітаптың ішінен “Абай жолын” іздеп тауып алып, мен жұмыстан оралғанша, екі аяғын алдына жазып жіберіп қайталап оқып отыратын. 

Қазиза Құдайбергенқызы мен Мұрат Әуезов

Біздің әулеттің “Абай жолына” деген ықыласы ерекше еді. Қайран анам 2007 жылы дүние салды. 

Әлі есімде, 2015 жылы Досағаңа (Досхан Жолжақ-сынов) атқосшы боп еріп, Семей өңіріне “Құнанбайды” көрсетуге барғанда, қайтар жолда қажының зиратына соға кеткен едік. Сонда, Ырғызбай ұрпағы жерленген қорықты көріп, қатты таң қалған едім. Көз алдымда құлпытастары қарайып, “Абай жолы” роман-эпопеясының қоныс-құдық, жайылым жер, кең өріс үшін жан-жағымен арпалысқан, атысқан-шабысқан, таласқан-тартысқан кейіпкерлері, пешенесіне бұйырған бір-бір қадақ топырақты құшақтап жайрап жатты. 

Біз, сосын, ұлы Абайдың басына барып қайттық. Жол бойы Мұқтар Әуезовтің көне грек эпосындай алып шығармасы туралы ойладық. Қызық, кітапты қолға алсаң, құрық, сойыл сүйретіп қырды шулатқан, қиқулап даланы дүрліктірген, Көтібақ, Олжай, Жігітек, Бөкенші, Борсақ деп ұрандата шапқан ауылдар, алаштың аяулы перзенті Абай бастаған күллі қаһармандары көз алдыңда қайтадан тіріліп шыға келеді.   

 

– қағида (ереже) – шарт (уәжіп) 

Тегінде, тіл болмысын өзгешелік (ерекшелік) табиғаты тұрғысынан топтағанда, үш түрі (тип)  бар екенін аңғарамыз:  суреткерлік (изображение/описание), баяндаушылық (повествование), түсініктемелік (рассуждение), ал жазу мәнері (стиль) атқаратын қыз-метіне қарай – бес топқа бөлінеді – ауызекі тіл, көр-кемсөз, көсемсөз (публицистикалық), ғылыми, ресми-іскерлік.

Суреткерлік дегеніміз – белгілі бір құбылысты, нәр-сені, кісіні бейнелей отырып, іс-әрекетін көрсете отырып, қасиет-құндылықтарын жіктеп, сырын ашу. Баяндаушылық – кез келген уақиғаны өткен хроно-логиялық уақыты бойынша тізіп, әңгімелеу болса керек. Түсініктемелік – ойдың мәнін, сипатын ғана емес, себеп-салдарын да ұғындыра білу жолы.

Бізге көркем жазу мәнері – маңызды, ол – әдебиет пен өнер тілі. Үш бастауы бар: лирика (жыр, поэма), драма (пьеса), эпос (әңгіме, повесть, роман).

Көркем стильдің мұраты: автордың эмоциясын білдіру, оқырманға, көңіл күйіне әсер ету, сезімге бөлеу. Соңғысы – атмосфера қалыптастыру деп те аталады. Демек, стиль афтмосфера тудырады. Бұл жерде тіл орамдарын (стилистикалық фигуралар, риторикалық фигуралар, соқпақтар) қолдана білудің пайдасы көп. 

Зады, стилистикалық фигуралар (эпитет, салыстыру, перифраз, гипербола, литота) сөз әсерін, жалпы, экспрессияны күшейте түсу мақсатында қоланылатын тіл орамдары. Бұл белгілер риторикалық фигура – ой орамдарына да жат емес. 

Үшіншісі, яғни соқпақтар – метафора (ауыспалы мағынада), катахреза (сөзді, сөз тіркестерін теріс қолдану), метонимия (басқа атау не сөзді ауыстырып қолдану), синекоха (метонимия түрі: жалпылық атау мен жекешелік атау айырбасы), антономасия (белгілі бір нәрсе атауын қасиетімен есімдеу) – сөйлем құрғанда аса маңызды рөл атқарады.

Әдетте, біз метафора, эпитет, фразелогизмнен басқаны білмейміз. Көбіне, стиль көзге көрінбей тұрады. Оқығанда барып түсінетін кез де болады. Баз біреулер, стиль қолтаңба деп жатады. Кейде – характерге теңейді. Меніңше, стиль – ойлау жүйесі не қалыбынан туған форма. Ойлау, толғану, ойды жеткізу формасы. Іс-әрекетті кейіптеудің, образды мүсіндеудің есебі. Қысқа жеткізесің бе, ұзақ сөйлейсің бе – өз еркің. Содан соң, жоғарыда келтірілген орамдарды сәтті пайдалана білу шеберлігі. Ол абстрактілі емес, нақты. 

Туа біткен стиль жоқ, стиль – ізденістің жемісі. Стиль – сюжеттен биік. Фабула – оқырманға салған тор. Себебі, фабуланы іздеген, соңынан ерген адам көрнекі жолдан адасады. Форма – өнердің бастауы да, мұраты да. Нақ талаптан нық сенім туады.

Әуезов қазақ әдебиетіне Абай эстетикасын әкелді. Эстетика – стиль. Әдіс-тәсілдің жүзеге асуы. Талдап көрейік.

Негізі, суреткерлік – қиын әдіс, баяндау – оңай, бірақ, қабілетті адам екеуін де қатар меңгере алады, табысқа жетудің бірден-бір жолы – шеберлік. Суреткер жазушы, әдетте, оқиғаны осы шақта көрсетеді. Бұл – күрделі аңғар, маңдай түзеген бетіміз.

 

– сюжеттік желі (композиция) – мазмұн (уақи-ғалар) 

Басы Қодар мен Қамқа шер жұтқан қанды уақиғадан күмәнді, неғайбыл басталатын роман-эпопея, алғашқы тарауларынан ақырғы беттеріне шейін тартылған осы бір сюжеттен емін-еркін – өсіп-өніп, өніп-өрбіп – бұл драма кітаптың соңына қарай, күллі тарихи-көркем жайттарды финалға жетелеген, тұлға жолын сан тарауға бөлген, алып желінің өзіне, бүкіл хикая иесіне – бір өзектен жарып шыққан – түйіндес, салалас, тамырлас шежіреге, түптің түбінде, қазақ өмірінің фонын қалыптастырған көшпелі панорамасына айналады. 

Түз даланы дүр сілкіндірген кішкентай бір баян кітаптың барлық қалған бөлігін алға тартып, ілгері сүйреп отырады. Бәрінің бастауында қозғаушы күш – қос персонаждың дүдәмал қылмысы тұр. Бір диспозициядағы шиеленіс, тарқамаған шымыр қалпы, біртіндеп ұлғайып, ақыры эпикалық туынды көлеміне жетеді. Құнанбай дала низамы, халық салтын жақтаушы, сақтаушы, тіпті қорғаушы тұлға ретінде, екеуінің жазықты екендігіне көзі анық жетпесе де жеткендей сөйлеп (әлде, қауесет анық па, автор сөзінде, уақиғада айқындық жоқ, екіұдай күйде айтылады), фабуланы өзгертеді,  композицияны өз ырқына көндіреді, көп жеңгенде, Бөжейлер үстем түскенде, шығарма басқа сипат алар ма еді, жоқ, қырағы, жігерлі аға сұлтан төңірегін әміріне жығып, бәріне кесек ұстатып, құрбан жандарға тегіс тас атқызып, қалың Тобықтыны өзіне бағындырып алады.

Қылмысқа қатысты етіп, ортақтастырып, бұл бұйрық орасан зор билік, низамға жеткізеді.

Әуелгі пролог, бала Абайдың оқудан қайтқан сәті, Жиреншеге еріп, қыр кезіп, тазы жүгіртіп, қы-зық қуған, рақат көрген аңшылығы, бастаудағы, екіұдай шешім қабылдаған жақсы-жайсаң, рубасылар мәжілісінен соң, Қодар, Қамқа сахнасына барып жалғанады (Жұмабайдың Ахмет Риза қазіреттен фатуа сұрап келуі), одан озып, бұрқ еткен ағайын араздығына, құрық, сойыл сүйреткен түнгі барымта, күндізгі атыс-шабыс, екі кештің арасындағы қақтығыстарға орайласады, Тоқмамбет, Мұсақұл соғысына ұласады, жол-жөнекей Қарқаралыдағы мешіттің ашылуын бейнелеп кетеді, Шөже ақынды суреттейді, қаладағы қыстың өрнегін салады, қар жамылған тау-орманды кестелейді, Мырзаның Майыр алдында жауапты, қағазды, істі болуын кескіндейді, Алшынбай беделі, Тінібай ақшасының күші, ара-арасында Жәнібектегі Тоғжан Сүйіндік қызының ару бейнесін қалыптастырып үлгереді, Сүгір, Байдалы, Байсал, Бөжей, Қаратай, Түсіп, Пұшарбай, Мырзахан, Жақып бейнелері белгіленеді, Ырғызбай, Бөкенші, Борсақ, Жігітек, Көтібақ, Топай, Торғай, Әнет, Жуантаяқ, Сақ-Тоғалақ, Көкше, Ырсай, Мырзатай, Үркер, Жортар тәрізді, бірде жуан, бірде әлсіз аталар аталады. Бірінші кітаптың аяғында, кәрі шеше – Зере қазасы, Тәкежанның болыстығы, Абайдың барымташыларға болысқаны суреттеледі. Екінші кітап Құнанбайдың қажылыққа аттануынан басталады. Қодар, Қамқа өлімі түзде қандай шу шығарса (дүмпуі бүкіл қазақ даласына жетуі) кешегі өктем аға сұлтанның Мекке, Мәдинаға сапар шегуі де сондай даңқты жайт. 

Ұлы эпоста жер дауы қашанда алдыңғы орында, құйқалы қыстау-қорық, қора-қопсы, қоныс-құдық, пішен жайы, малдың өрісі, тұнып тұрған көк бастау, торғындай тұма, қасқа бұлақ, көк иірім көл, қысы-жазы жақсысына, қалың отына қарай сырғып, жылжып, ерте қонып не кеш орнап жатады. 

Кейде қалыңдық, жесір-жетім мәселесі бой көрсетіп қалады (Абылғазы-Керімбала). Құнанбай жоқта бас-талған, бір-бірін аяусыз қыруға дайын, қарсы тұрушы екі жақ, Жігітек, Бөкенші дүрбелеңі ел ішіне лаң салады, ағайын арасын бүлдіреді, бейбіт, тыныш отырған қоңсы жұрт аяқастынан, бірден, кек қуысқан дұшпанға айналады. Қол жиып, топ құрап, сырық, сойыл көтеріп қырда майдан ашады. Бірте-бірте, ұсақ-ұсақ, ауыл маңындағы, емен шоқпар, қайың құрық сілтенген шағын ұрыстарды қойып, жауласушылар енді жаугершілік замандарындағыдай қара шоғырланып бетпақ дала төсінде кездеседі, қазақ соғысында өлім-жітім аз, жараланғандар көп болады, деп жазып еді кезінде Ғабең (Ғабит Мүсірепов) “Ұлпан” повесінде, сол рас, эпопеядағы ру, ата намысын жыртушылар, қорғаушылар, алайда, соңыра айбалта, көсем найза, қайқы қылыш ұстаған қарулы қақтығыстарға ауысады, жуан, қалың Қаракесек Қамбар еліне ұзатқалы отырған Керімбаланы тауып алып, асығыс баратын жеріне аттандырып жібереді. Бұл шамада жылқы алуды доғарып, батыр жігіттер кекетіп-мұқатудың ең зор түрлеріне көшеді: қорлықты, қулық-сұмдықты күшейту мақсатында, жаңа әдіс-айлаларға сүйенеді, қарсы жақтың оң жақта отырған аяулы қызы, ардақты келіні барымтаға түсе бастайды. 

Өз қақтығыстарында, ағайын-туған арасында бола беретін бірді-екілі сойқан, бүлік, соқтығыстарда жалаңаш темірден гөрі ағаш қаруды жөн көрген қазақ рулары тістеніп, ашуға мініп, жанжалды ұлғайтып жіберетін кезі де жоқ емес. Төңірегінде, бір-біріне міңгесіп, қатар, қалың жүріп жатқан уақиғалар, қолдан жасаған шапқыншылық, дүрмек айдынында бас қаһарман бейнесі жетіле, толыға түседі, ұсақ-түйек шарулардан үлкен істерге көшеді, эпикалық көлем алапат қимыл-қозғалыстарға толы күйінде алға жылжып, озып отырады, айнымалы панорамалық уақыт пен кеңістік аясында көрсетіледі. 

Роман тынысы кең шығарма тұрғысында бір-біріне байланып жатыр. Шынымен, кездейсоқ персонаж, қызметсіз қаһарман жоқ, сомдалған әр образдың атқарып жүрген бір міндеті бар.

 

–эпостағы көшпелі қазақтар образы

Әуезов қазақты асқан дәлдікпен бейнелейді. Жүзден астам қаһарманды шашып-төгіп алмай, шоқтай жиып, сюжетпен бірге ертіп алып жүреді. Ешқайсысы жоғалмайды, ешбірінің рөлі ауысып кетпейді, бірде-бірінің міндеті ұмытылмайды. 

“Қайталаным мен айырмашылық” атты кітабында: “Уақиға мағына тудырады”, деп қорытындылайды Жиль Делез. Сонымен қатар, уақыттың бір шақтығы туралы маңызды пікірлерін ортаға салады. Яғни, өткен мен келешектің бар екендігіне күмән келтіреді.

Бұл модернистік әдебиетпен ұштасып жатыр: сөз қуалаушылықты азайтып, уақиғаны көбейту қажет. Форманың мұраты – нығыздық. Классикалық проза – ықшамдалған әрі нығыздалған проза. Табиғатта ештеңесіз жай-күй болмайды, сондықтан, қалыптың, түзіктің ішінде бос орын жоқ.

“Абай жолында” уақиға көп. Бұл – модернизмнің басты шарты. Әрі уақиғалар ажарының айқындығы.

Автор – интеллектуал. Әлем әдебиетінің озық үлгілерімен жақсы таныс. Жете оқығаны жекелеген оқшау образдар сомдағанда, оқиғалар кеңістігін жасағанда, кейіпкерлер арасына қарым-қатынас орнатқанда, көрінеді, Шыңғыс, Жидебай, Қарашоқы, Түйеөркеш, Бетқұдық, Тоқмамбет, Мұсақұл секілді қыстау-қоңыстар тартыс, күрес, соғыс алаңына, екі жақ, қалың қол жинап, майдан ашқан аренаға айналады.

Эпопеядағы, Тобықты жайлаған, Найман, Уақ, Керей, Сыбан иемденіп отырған өңір-өлкелер жай бір ел емес, бұл аймақ – автордың өзі ойлап тапқан, дүниеге әкелген, біртұтас мәдени-әлеуметтік жағрафиялық мекен.

Қазақтар мекені. Жер бетіндегі ең соңғы номадтардың бірі. XX ғасырға бұзып-жарып кірген кентаврлар. Қазақ – әлі күнге шейін көшпелі. Бойынан көшпелі елдің қасиет-құндылықтары кеткен жоқ. Ішкі әлемі әлі күнге шейін  көшіп жүр. Ізденісте. Ой да, білім де көшпелі, сондықтан кез келген қазақ – шығармашылық тұлға, оған негіз – ауыз әдебиеті, поэтикалық тіл, тарихшылығы. Шежіресі – алып көркем шығарма. “Абай жолы” – шежіренің “расшифровкасы”. 

Уильям Фолкнер бірде, қолтаңбасын қалдырып жатып, аты-жөні астына “Йокнопатоффтың жалғыз қожайыны” деп жазып берген екен.

Тегі, аталған шығармада төрт психологиялық типтің төртеуі де бар: роман – гуманитарлық-культуро-логиялық пәндердің зерттеп-зерделеу объектісіне айналуға тиіс.

Қазақы мінез-құлық, салт-дәстүр, ырым-жоралғы, әдет-ғұрып, қарым-қатынас, әзіл-қалжың, ой-пікір, таным-түсінік... туынды өтіп бара жатқан, жойылып бара жатқан көшпелі қазақтар өмірінің ең соңғы фотографиясы сияқты. Соны, көшті автор соңынан фотоаппаратқа түсіріп үлгерді.

Бұл роман болмаса, біз ата-бабаларымыздың тұрмысын, тыныс-тіршілігін біртұтас күйде, динамикада көре алмас едік.

Әуезовтің алып еңбегі ақындық прозаға теңеледі. Орынды айтылған сөз, ұшқыр метафора, эпизодтардың нақтылығы таң қалдырады. Эпостың бір көрінісі – детальдардың көптігі. Алып дүние алапат сюжеттік желіні дамытып отырып, көз алдыңа анық панорама түзеді, әр нүктесіне үңілсең – нақты уақиғалар, дәл фигуралар. Үлкен желіге, бірінші хиякат өзегіне байланған кіші-кіші сюжеттер. “Фигуры выступают, как образ речи, и, как образ персонажа”. Мысалы, “Парадан жиылып та мешіт боп қалқиып тұрады екен”.

Алғашқы бөлігі, бірінші кітап – аса нығыз жазылған дүние, автор мейлінше сығымдап жазған соң, туынды шымыр тартқан, деталь сойқан. Тіпті, автор жинаған мол дерегін түгел дерлік роман-эпопеяға сыйғыза, енгізе алмағандай көрінеді.

Классикалық роман жанры талабы бойынша, сюжеттік желі құрайтын, бүкіл уақиғаның басын біріктіріп тұратын, мағына туғызатын бас қаһарман болуы керек. Құнанбайдың жасаған тарихындай тарихты Тәкежан, Ысқақ, Шұбар, тіпті, күллі Ырғызбай ұрпағы жасай алмайды. Сондықтан, таразы басын теңестіретін бір тұлға тарихи сахнаға шығады, ол – Абай. 

Төрт кітап екі дәуірдің жүздесуі. Бірі күшейе түседі, бірі әлсірей береді. Роман-эпопеяның ең үлкен қасіретті тұсы бар: ол – Оразбай, Сәмендердің Көшбике қонысында өткен сайлауда Абайға қамшы көтеруі. Үшінші томда өршіген жаулық, қысастық төртінші томда жалғасын табады. 

“Оразбай күлген жоқ, күлмек түгіл, жымиған да жоқ. Оспан өз тобымен әлі де мәз болысып отыр. Ақыры Дәрмен бар ұзақ өлеңді, сыншы жырды айтып болды. Билер тобы томсарып, жым-жырт отырып қап еді. Оспан Оразбайға бұрылды да:

– Е, байеке, неғып тыжырынып қалдың? Дәл төбеңнен түскені жақпады-ау, ә, Абайдың? – деп тағы күлді.

Оразбай салқын қабақпен, түкпірлі тәсілін ойлап қалғандай, ашулы сөйледі.

– Осы заман... – деп алыстан тарта бастап, – бұзылады-ау! Бұзылғалы тұр-ау! Сонда бұзатын сен боласың-ау, қажы баласы! – деп, Оспанның басынан аса, жоғарылай қарады.

Қасындағы айлашыл, алақ билер Оразбайға еміне, исіне қарап қапты.

– Бүгінгі игі жақсыны ауылына жиып алып, осылайша басқа соқ! Абыройын төк! Бет жырт, уә, перде жырт! Балаға да, малшыға да құрық бер!...Бұза бер! – қолын бір-ақ сілікті.

– Уәй, Оразбай, не дауың бар!? Шын жақсы болсаң, саған айтылған сөз емес. Ал жаман болсаң, жаңағы сөзден өзіңді-өзің танысаң – өз обалың өзіне!... Мүрдем қат! – деп, Оспан сақылдай күлген-ді” (Үшінші кітап, 39-бет).   

Абай айтады: “Оразбай атқа мініп, қару асынып алыстан жау іздеп қайтеді. Жауы, анық жауы, Ораз-байсымақтардың өзіңде, өз ішінде. Ол – қас надан қараңғылығы ғой. Алысар болса, әні, сонысымен алыссын да ”, (Төртінші кітап, 201-бет)

“Әзәзіл қан тілегенін танытып қалды. Абайдың үстіне есікті шалқасынан аштырып, аттап, екпіндеп Сәмен кіргенде, қалған он-он бес кісі қатарынан қаруларын жасырмай иін тіресе, сұғына берді. Сәл сескеніп, үнсіз қарап қалған Абайға Сәмен тура басып, адымдап кеп, қатты сұмдық бір боқтық айтты. “Соңымнан қаламысың, жоқпысың”! деп қамшымен бастан тартып жіберді. Сол-ақ екен, Абайдың үлкен денесі қозғалып тұруға да мұрша келмеді. Соққы жауып кетті. Кім екені белгісіз, жаңағы келген топтың ішінде, енді Абайды талап өлтіруге айналған түрді көріп қимаған біреулер, Абайдың денесін бүркеп құлай кеткені де болды. Олар біреу емес, бірнеше адам... Ол соққы Абайға ғана тиген соққы емес, қазақтың халқының арына соққан сұмдық соққы болды.” (Төртінші кітап, 259-бет).

Тобықтының Абайды жақтаған бөлігі кек қуысамыз, елін жазаға, малын қазаға ұшыратамыз, деп дүрлігеді, сонда Абай кесігін өзі айтып, сойқанға айналғалы тұрған дүрбелеңді, тұтанғалы тұрған өртті тоқтатады: “Қапқан иттен өш алам деп мен де қапсам, аузымда не қасиет қалады”, (Төртінші кітап, 265-бет)

 

– сал-серілер 

Екінші кітаптың ортасына таман автордың сал-серілер шоғырының ауылға, тойға келгенін бейнелейтін тұсы бар, Абай ауылында жүріп жатқан ән, өнер мерекесі жалғаса түседі, “осы күндерден екі айдай бұрын Тобықтының шетіне келген Біржанның хабарын Абай естіп, алдынан Әмірді жіберген-ді. Абайдың ең бір қадірлес ағасы Құдайберді жастай өлгенде, содан жетім қалған бес баланың ортаншысы Әмір болатын” (Екінші кітап, 68-бет). 

Ол аяулы өнерпаз тұлғаның қасында жүріп, көп ән үйреніп алады әрі аға тапсырмасымен елге Біржанды салды ертіп әкеледі. Абай ауылында екі ай жатқан ардагер әнші Тобықты жерін таңғажайып сарынға, жұрт тамсанған уәзінге бөлейді. Бұл жиында Оралбай – Керімбала, Базаралы – Балбала, Әмір – Үмітей уақиғалары басталады. 

Жалпы, қазақ ән өнерінің негізін қалаушы, жаңа дәстүр иесі, қайраткер жанды Абай ұнатып қалады. Біржанды ауылынан сый-сияпатымен, құрметімен аттандырып салады. Содан кейін, автор ел қыдырып, өнер көрсеткен жастар тобын бейнелеуге көшеді.

“Келе жатқан топ екі-екіден, бір сал, бір келіншектен мойындарына артысып, құшақтаса әндетеді. Ортада сал ағасы өзге топтан оқшауырақ алда келеді. екі жағынан екі келіншек иығына қол асып, құрмет етеді. Сал ағасы өзге жігіттерден жасы үлкен, бойы, бітімі де келбетті келген Байтас екен. Домбырасы да үлкен, үкілі, сылырмақты, моншақты” (Екінші кітап, 222-бет). 

“Ән арасында сол домбырасын Байтас аспанға көтеріп, бұлғақ қақтырады. Сал ағаның осы белгісімен арттағы өңшең әнші, ойнақы топ өздерінің шұбар ала домбыраларын аспанға көтереді” (Екінші кітап, 222-бет). 

 “Абай мен Ерболға аса қатты ұнап, қайран қалдырғаны: бар әнші жиылып бір-ақ әні айтады” (Екінші кітап, 222-бет). 

“Салдар ауылға тақай бергенде, алдарынан шапқыншы боп келген, мойындарына сапы асынған жасауылдары болатын”(Екінші кітап, 222-бет). 

 “Саны қырыққа жететін салдардың жасауылы онға жуық” (Екінші кітап, 222-бет). 

Әмірлер күйеу келетін той екенін білсе де, кетпей қояды. “Қыз атаулының еркесі, сәнді сұлу Үмітей ұзатылмақшы. Бұрыннан қайыңдап жүрген күйеуі – Көкше Қаратайдың туысы, Алатай баласы – Дүтбай” (Екінші кітап, 222-бет). 

Серілік Құнанбайдың өз немересін шеңгелдеп өлтіруге әрекет жасағанымен аяқталады. Айырып жіберуге талпынған Ызғұттыға да, Нұрғанымға да қарамайды, бірін қорқытып, бірін кеудесінен теуіп қалады. Дер кезінде келіп үлгерген Абай өнерлі жасты ажалдан құтқарып қалады. Автор Қодар, Қамқа уақиғасын еске салады: “Аузыңда Алла шеңгелінде қан! Тағы қан! Бұларды шариғат та қосады! Бір кезек сол шариғат жолы деп бір нахақ қан төгіп ең” (Екінші кітап, 236-бет). 

Бір мәжілісте жазушы Абай заманы мен Құнанбай заманын беттестіреді.

“Көпшіліктің сөзіне Құнанбай қосылып кеп, тағы бір салмақты дәлел тастады:

– Дәурен ұзаған сайын, ақыр заман белгісі айқындай бермек. Адам құлқы өзгеріп, азғындай түседі. Біздің заманымыз өзге-өзгені қойғанда, пайғамбар заманына жақынырақ. Бір табан жақын болса, ілкім артық та болар. ”

Абайдың жауабы бәрін таң қалдырады, тіпті, шошытып, үркітіп тастайды:

– “Жақсылық пен игілікке алыс-жақын жоқ. Алатаудың басы күнге жақын, бірақ басында мәңгі кетпес мұз жатады. Ал бауырында неше түрлі гүл, жеміс, неше алуан нәубеттер өседі. Жан-жануарлардың баршасы содан қуат алады. Сіздер пайғамбарға Абуталыптан жақын емессіздер. Ол әкесі еді. Бірақ, Абуталып кәпір болатын, – деді” (Бірінші кітап, 363-бет).

Мен бір сәйкессіздікті байқадым. Роман-эпопеяның екі жерінде қажылық сапар төрт жылға созылғаны туралы жазады:

“Құнанбай осы өткен қыс аяғында, төрт жылға тақау үрдіс, ұзақ жол жүріп, Мекке сапарынан қайтқан еді” (Екінші кітап, 128-бет).

“Төрт жыл кәрі сүйегін сүйретіп, шығанға барып келгенде, адамның әкелетіні: Ана жерде бір мола, мына жерде бір мола деу болса, не деген аз табыс” (Екінші кітап, 131-бет).

Аталған межеге қайшы екінші бір мерзім бар: “Осы қалпы Құнанбайдың сырты ғана емес, үш жылдық мінәжат сапарынан Құнанбай, шынында, іштей, мінездей қатты өзгеріп қайтты” (Екінші кітап, 129-бет).   

Автордың өз қателігі ме, әлде шығарушылар ұқыпсыздығы ма, әлде басқа бір айып па?

 

– көрнекі сөздер

Кітаптың тілі, ұстанған бағыты – реалистік-романтикалық поэтика. Мен ақындық проза деп баға берер едім. Қараңыздар:

“Гулеп ұшқан көбелектей көп бояулы, неше алуан” (Бірінші кітап, 28-бет)...

“Ылғи бір түрілген қазы, төңкерілген жас құйрық, сары алтындай балқыған жал, желін майлар” (Бірінші кітап, 120-бет)...

“Сар дала, қоңыр адыр, сай-сала, қорық-қойнауларға өздерінің ақ ирек, саркідір омбыларын, оқаптарын, мұздақ жалтырларын жапқан көрінеді”, (Бірінші кітап, 127-бет)

“Ен өлке, кең сала, мол жайлау, құйқалы адыр, қалың таулардан жұрт ағылды” (Бірінші кітап, 179-бет.)

“Сондықтан бірен-саран көтерем жылқы мен арық түйені, немесе жалғыз-жарым сиырды қойдың алдына салып, соған қар бұзғызып келеді” (Бірінші кітап, 290-бет).

“Шындық – халық тілегін тапқан шындық болсын” (Үшінші кітап, 33-бет). 

Мұхтар Әуезов “Абай жолының” 4 кітап, “Жұтта” тарауында, 357-бет, орысша сөйлеп, Абай алдында оғаш мінез көрсеткен қала балалары Жәлел (Әзімбайұлы) мен Нығмет (Кәкітай ұрпағы) Құнанбаевтар туралы хәкімнің айтқанын алдымызға келтіреді: “Кім білсін, оқу адамды қайта тудырады”.

Келер заманды анық болжаған сөз. “Қай тілде білім алсаң, сол тілге қызмет етесің” (Сұлтан Ыбырай келтірген Махатма Ганди лепесі).

Орыс тілді қазақтардың қалыптасу басын автор Абай заманынан бастап көрсетеді. 

– Құсбек төре мен Қалиолла Өскенбаев 

Романда Құсбек төре жайлы шағын мәлімет бар: “Анығында, Қарқаралыға жаңа аға сұлтан сайланған. Ол – бұрын бір болып түсіп қалған Бөкей төренің нәсілі – Құсбек” (Бірінші кітап, 213-бет). 

Сұлтандық дәуірде ел басқарған аға сұлтандар туралы Ахметбек Әрінұлы ақсақал “Атақоныс – Арқадағы шежірелі Қарқаралы” (Алматы: РПБК “Дәуір”, 2003) атты кітабында төмендегідей ақпар береді: 

1. Тұрсын Шыңғысұлы (Жамантай): 08.04.1824 – 09.02.1845.

2. Құсбек Тәукин: 09.02.1845 – 1849.   

3. Құнанбай Өскенбайұлы: 22.12.1849 – 31.12.1852.

4. Түлік Шыңғысұлы: 1852 – 1861.

5. Тұрсын Шыңғысұлы: 1861-1862.

6. Шалғынбай Бірәлин: 1862 – 1868.

Бұл жерде Төлек Тұрсынұлы (Әнес Сарай – 1853-1855) мен Түлік Шыңғысұлына (Ахметбек Әрінұлы – 1852-1861) байланысты мәліметтер бір-біріне қайшы: бір адам ба, екі бөлек тұлға ма, меніңше, Төлек есімі Түлік боп жазылып кеткен. Фамилиядан да шатасқан.

Тағы бір жайт. Қорыта келгенде, Құсбек төре сайлануы Құнанбайдан бұрын ба, кейін бе? Әуезов көркем туындысында Құсбек төре Құнанбайдан кейін аға сұлтан болған деп жазады. Негізі, құжаттар бойынша, бұрын.

Сонымен қатар, Ресейде оқыған, Құнанбайдың тағы бір талантты баласы туралы Мұқтар Әуезов ештеңе жазбайды, тіпті, эпопея қаһарманы да емес. Ол – Қалиолла Өскенбаев. Шығармада Қалиолла Қалел түрінде берілген, және де Айғыз аузымен айтылады: 

– “Ұрған жақсы болса, ертең оқудан келер Қалел де. Сенің сыбағаңды берер! – деп, орысша оқуда жүрген өзінің үлкен баласы Қалелді де есіне алды” (Бірінші кітап, 93-бет). 

Абай туралы эсседе Қалиолла-Қалел ғұмырбаянын кеңінен келтірген едім: “Үйімде, сөрелері сіресіп тұрған үлкен кітапханамда, алғысөзін Мұқтар Әуезов жазған аса бір қымбат кітабым бар. Бұл – Қазақтың Мемлекеттік Көркем әдебиет баспасында 1961 жылы жарық көрген Абай Құнанбайұлы шығармаларының бір томдық толық жинағы. Редакциясын қарап, түсініктерді, жаңа материалдарды толықтырып баспаға дайындаған – Әбіш Жиреншин.

Ұмытылып бара жатқан есім. Немесе, қазір ғалымдардың өзара әңгімесінде ғана аталатыны болмаса, ел арасында ұмытылған ныспы.

Кітапта Абайдың туысы Қалиолла туралы көп мағлұмат беріледі: “Абайды алғашқы рет орыстың өнер-білімі, кітаптары мен, сонау алыстағы Петербургтағы, Москвадағы орыс интеллигенциясының салт-сана, тұрмысымен таныстырған адам Абайдың өз інісі Қалиолла Өскенбаев. Қалиолла Құнанбайдың Айғыз деген бәйбішесінен туған, ерте кезден-ақ оны әкесі орысша оқуға береді. Абай елде жүргенде Қалиолламен Петербургке хат жазысып, хат алысып тұрады. Жазғы демалыста елге келгенде Қалиолла астана тұрмысынан қойын-қонышы толы көптеген әңгімелер мен кітаптар ала келетін болған, осы кітаптарды үнемі оқып Қалиолламен іштей сырласып, пікір алысушы немерелес ағайындарының ішінде зерегі Абай болған”. 

Әбіш Жиреншин Қалиолла жайлы жеткізе жазады. Бірақ, бізге мына бір детальдары айрықша маңызды көрінді.

“Қалиолла ең алғаш Семейде оқып, ондағы оқуды тауысқан соң, Омбыдағы Шоқан оқыған Кадетский корпуске түседі. Бұл Шоқан Уәлихановтан соң. Оны да бітіріп, корнет офицер деген атақ алып шығады. Бұл тәрізі 1863-69 ж. мөлшерінде. Бұдан соң Қалиолла Москвадағы Павловский кавалерийский школды бітіреді. Бағзы бір мәліметтерге қарағанда Халел  1877-1878 жылдар орыс-түрік соғысына қатынасады. Онда да ерлік көрсетіп орыстың бір генералынан алғыс алады”...

 

– ағымдар (теория) – ақындық проза (еркін қалам) 

Реализм талаптарына сай құрылған жалпы фон, қайраткер тұлғалар жан-жақты кейіптеліп келе жатады да, жазушы назары Абай образына түскенде, авторлық стиль, негізінен, бірден түбегейлі өзгереді. Кітаптың басты кейіпкері нұрланып шыға келеді. Қазақтың бағына туған кемеңгер ойшыл бейнесі ессіз қоғам, әділетсіз топ ортасында жарқырап көрінеді. Жерге періште түскендей күй орнайды. Себебі, Абай қатысқан әр мизансцена не эпизод кісілікке, адамгершілік құндылық-қасиеттерге, ұлы ізгіліктерге толы, оқыған адам шайыр даналығына куә, біртуарлығына кез болады. 

Бір ғана адам емес, бүкіл эпопея сәулелі жанның шуағына бөленеді. Бұл тұрғыдан Әуезовке Абай тақы-рыбына қалам тарту оңай болды.  Хәкімге деген ұшан-теңіз махаббаты жетелеп отырды.

Бірақ, екінші тараптан, ауыр, себебі, Абай – парасат, Құнанбай – әрекет, шығарма тек Абай қызметінен тұрса, оқуға қиындау болар еді (“Егер дүниеде бәрі ойлағанымыздай болса, онда еш уақиға өтпес еді”, Федор Достоевский), алғашқы кітабы – эпопеяның ең үздік жазылған тұсы, барлық уақиғаның бел ортасында Құнанбай жүреді, ол – уақиға тудырушы, жаңалық жасаушы.

Қат-қабат, бірінен соң бірі: уақиғалар төгіліп жатады, эпопея қалыңдай береді. Шытырман. Жылдам оқисың. Бірінші кітабы қалған үш кітаптың жүгін, салмағын көтеріп тұрғандай, “Абай жолын”, меніңше, “Абай жолы” еткен алғашқы кітабы. Бұл, әрине, метафора, жалпы, эпопея – данышпан туынды. Кезінде насихаты оң болғанда, “Абай жолы” Нобель сыйлығын тымақпен ұрып алар еді. 

Мен сюжеті, қаһармандары, тұрмыс салты жағынан “Абай жолы” эпопеясын қайталайтындай кітап көрген емеспін. Бұрын-соңды. 

“Абай жолы” – номадтар үйі туралы кітап. Күллі адамзат тарихының көшпелі кезеңіне арналған ескерткіш. Ол жаңа әдеби теорияға негіз: номадизм тәсілі (философиясы мен жазу мәнері). Яғни, эпикалық дәлдік, жылқыға деген махаббат, рулық одақ, ұлттық (халықтық) бірлік, көші-қон, шексіз кеңістік, еркін уақыт, бетпақ дала, елді мекен, қыстау-қорық, қоныс-құдық, жайлау, қонақжайлық, мырзалық, дарқандық.

Кейде мәтін сабырлылығы, бірқалыпты атмосферасы, сөз-сөйлем тыныштығынан ақындық проза сипатын танимын. Марсель Пруст, Иван Бунин, Михаил Пришвин еске түседі. Биязы текст Мұхаң (Мұқтар Әуезов) мінезінің өзіндей.   

Шығармадан реализм, натурализм, романтизм белгілерін байқаймыз: “Содан соң, сыртынан қойып жіберіп, етпетінен түсіріп, басып жатып:

– Сен не қылмадың осы? Неден астың әлі осы? – деді түйгілеп отырып. – Масқара қып қор еткенде, былай етейін сені! – деп, Майбасарды етпетінен тізерлеп, салды да, – Көк сүңгі деп ең ғой! Мә, көк сүңгі! –  деп, Майбасардың жалаңаштанып тұрған құйрығының арасына түйенің қатқан құмалағын батырып-батырып жіберді. 

– Намысың болса, өл осы қорлықтан, өл осы мазақтан! – деп теуіп қалды.” (Бірінші кітап, 202 бет). 

Бұл эпизодтан реализм/натурализм ізін көреміз. Екеуінің де белгісі бар. Жалпы, туынды бойында әлем әдебиеті, тарихы, ұстындары тұнып тұр. Әуезовтің оқыған-тоқығаны, көрген-білгені мәтінде жасырынып жатыр. Империяның бас қаласында тұрып, қазақ жерінен қашық, әжептәуір уақыт хабарсыз жүрсе де, орысша ортада өмір сүргені қаламынан бір сәт білінбейді.

Қалыптасу жылдары көшпелі отбасында өткен қыр баласы, “Абай жолын” қалыптағанда өз балалық шағы жайлы тақырыпқа қалам тартып отыр. 

“Абай жолында” дәлдіктің тереңдігі керемет. Дәл деталь, нақ сөз оқырман өз басынан кешкендей күйге ұшыратады. “Эффект присутствия”. 

Соңғы екі-үш ғасырдың көлемінде қалыптасқан іргелі түсінік-танымдар ықпал-әсерін, түрлі ағымдар сипатын, әдіс-тәсілдерін оқшаулай аламыз.

Шығармада модернистік көзқарас бар. Ол – жиі қолданылған символизм. Белгілер. Мысалы, “Әке жағынан екінші рет кісі келіпті және жұмыстар тұсында, ауыр бұйрықпен жүретін Жақып келіпті. Осал белгі емес. Тегінде, ауыл-аймақ болсын, ағайын ортасы болсын, Құнанбайдың сәлемдерін әрқашан жіберген кісілеріне қарай, салмақтап танитын. Мысалы, алып кел, айдап кел! дегендей бұйрық болса, ол Қарабас, Қамысбай сияқты атшабарлар түрінде келеді. Айтып, білдіріп кел, десе, Ызғұтты, Майбасар боп келеді, Ұғындыр да, бағындыр! десе, жорға Жұмабай пішіндес болады. Кейде ондай сәлеммен Құдайберді, Абай да жүріп қоятын. Қорқытып, ызғар тастап, үйіріп кел десе, осы Жақып шығады. Ол бірақ рулар арасындағы келелі сөзге, іргелі кеңеске жүретін. Ал іс, тіпті, үлкен боп, көп елмен қаржасатын кез болса, ондайда Қаратай шығады” (Бірінші кітап, 296 бет).”       

“Осыдан соң ақша сандығының аузы ашылып, Майырың топсасы да босай бастаған” (214 бет).

Романтизм. Абай мен Тоғжан кездесуі жайлы: “Шын сағынышты, ынтық жандар боп ұғысты” (223- бет).

Бұл романның өзі реалистік тұрғыда жазылса да, Абайға келгенде романтизм алға шыға береді.

Автор бас қаһарманға қапыда көлеңке түсіріп алмайын деп жазғанына аса сергек, ұқыпты, мұқият қарайды. Қамқор. Кездейсоқта кір жұғып, қапылыста күйе жағылып, жөпелдемеде шаң-тозаң тиіп, мөлдір образдың ардақты бейнесін былғап алмауы керек. Ақ күйінде, таза қалпында финалға жеткізуге тиіс. Үнемі қырағы, жанашыр. Кітабына құжатындай қараған тәрізді. Абай образына қылаудай қиянат жасағысы келмейді. Мінез-құлқын, шешен сөзін, тауып айтқан байламын аса бір романтикалық тебіреніспен жырлап отырады.

Мұндай стиль Мұқтар Әуезовтің миссиясынан туындайды. Ол әдеби образбен қатар ұлт ұстазы, қазақ кемеңгері, ұлы Абайдың тарихи тұлғасын сомдап жатыр. Қазаққа сөзін тыңдап, байламына тоқтайтын, мың жылда бір туатын алып перзентін танытып, түсіндіріп кетуі қажет.

 

– мәнер (стиль) – мәтін (таңба)

Әуезов тілі – көп зерттелген тақырыптың бірі, бірақ, жазу мәнері, біздің түсінігіміздегі стиль, жете зерделенген жоқ. Әрине, сүбелі еңбектер, күрделі ғылыми туындылар баршылық. Бірақ, модернизм (импрессионизм, футуризм, акмеизм, дадаизм, символизм), тұрғысынан, абсурд/сана ағысы тақырыптарымен қатты әуестенген, Джеймс Джойс, Марсель Пруст, Франц Кафка негізін қалаған ағымдар талаптары тұрғысынан өз деңгейінде қарастырылмады. Тіпті, позитивизм, структурализм, құрылымдық лингвистика, экзистенциализм, герменевтика, жаңа роман теориясы, постмодернизм, автофикшн аясында, бір ғасырға жуық мерзім ішінде талданып та үлгермеді.

Ғылыми-теориялық жұмыстарда Әуезовті мақтау көп, бірақ, өкінішке қарай, терең қопарған, қыртысын ақтарған, архетиптік көшпелі санасын, құрылымын, қасиетін ашқан талпыныстар кемде кем.

Бірде, Иран-Ғайып: “Әуезов жеңіл оқылады, себебі, өзің жазып отырғандай оқисың” дегені есімде.

Өте мықты баға. Демек, бұл мәселе бізге шығарма көшпелі елдің көркем тілінде мінсіз жазылғанынан айғақ береді. Әрі қазақтың ауызекі тілі аса жоғары поэтикалық деңгейде екендігін білдіреді. 

Қазақ тілі – тұнған метафора. Образды ойлау жүйесі түсініктерді кең түсінуге жол ашады, сондықтан, қазақ сөзінде синоним көп, бір ойды бірнеше синоним бейнелейді.

Әуезов адамның жай-күйін, психологиясын, мінез-құлқын әдемі суреттейді, атмосфераны сұмдық жасайды.

Бір байқағаным, бірді-екілі эпизодтарда болмаса, жалпы, табиғатты Әуезов ұзақ суреттейді деген әдеби ортада қалыптасқан тұрақты пікір – жалған сөз. Таң алдын, қыс мезгілін, сай-саланы қуалаған қалың қау, бітік шөп, көк шалғынды қысқа-қысқа кейіптеп қайырып өтеді. Сөйлемі ұзын емес, шолақ та емес, көз сүрінбейді, оқырман жылдам дамыған уақиғаларға әрең үлгеріп отырады.     

Кейіпкер әрекеттері анық, біріне бірі жалғасты. Автор – атмосфера жасаудың шебері. 

Қажет жерінде қара бұлтты қаптатады, қара аспанды төндіріп жібереді, жарқыратып Күнді әкеліп тас төбеге іліп қояды, бесінде құлатады, елең-алаңда атырады. Барымта-қарымта, ру-тайпа аралық тартыстар, сақара маусымдары, мәжілістер, тегіс аса нанымды бейнеленеді.

 

– атмосфера (ахуал) – уәзін (сарын)

Әдетте, шығарма атмосферасының қалыптасқаны нәтижесінде, сюжет желісі, уақиғалар көрінісі, тылсым дүниенің мылқау дыбысы, персонаждар үні, әлем сезімділігі, екі нәрсенің бір-біріне тигені, қажағаны, дарығаны күшейе түседі. 

Тыныштықта балықтың шолп еткені, дауыстың түн жарып шыққаны, алакөлеңке пойызда соңғы бекеттен мінген екі жолаушының қараңғыда күбірлесіп сөйлесіп отырғаны немесе шулы базар, кісі толы аялдамалар, әрі-бері ағылып жатқан автомобильдер нөпірі, бәрі атмосфера  құрайды.

Үшөлшемді әлемде өмір сүрген адам баласы үшөл-шемді әсерге бөлене алады: көреді, естиді, сезеді.

Әрине, асыра сілтеп, бүлдіріп те тастамау керек, екінші жағынан, бір-біріне қайшы да келмеуге тиіс.

Меніңше, атмосфера туғызатын нәрселер – жыл маусымдары, ауа райы, жергілікті табиғат, қалып-тасқан жағдай, қаһармандар қарым-қатынасы, бас кейіпкерлердің бастан кешіп жатқаны.

“Абай жолында” жоғарыда келтірілген жайттардың бәрі бар. Әрқайсысы бір-бір қалың роман (380-430 бет) жүгін көтеріп тұрған эпопеяның төрт кітабының төртеуі де – кемеңгердің лабораториясынан, шебердің қолынан шыққан кемел дүниелер.

Әлбетте, жан кешті автор бейнет көрді, азап шекті, он бес жыл бойы, жалпы саны 1500-1600 беттей болатын, шығарма жазу оңай емес.

Рақаттан өнер тумайды, ол – қашанда бейнет.

 

– пафос (жорта) – фальш (жалған) 

Ертеде пафос шығармаға ерекше шабыт, қайрат-күш беретін эмоциялық көңіл күй еді. Көркем туынды көтерген күн тәртібі, алға тартқан идеясы пафостан көрінетін.

Бертін келе, пафостың табиғаты тереңірек ашылды. Пафос көркемдіктен гөрі, насихатқа жақын. Бү-гінгі әдебиет – өнер өрісін тарылтатын идеологиядан бас тартқан әдебиет. Өнердің мақсаты – эстетикалық кемелдік, түбінде ол этикалық императивке ұласады. Бір ғана максимум бар: елге, ұлтқа, адамзатқа қызмет. Кісілік – мәңгілік тақырып. Жария үгіт, ашық насихат өнер мұратына қайшы, жалқыдан жалпы тууға тиіс.

Роман-эпопея – хәкім атын ардақтаған туынды, ақын жақтаған әділет пен ақиқатты ашқан шығарма. 

Төртінші кітаптың соңғы тарауы аяқталуы, тіпті, тамаша, үздік еуропалық (америкалық) классикалық роман дәрежесінде, (үлгісінде) аяқталады: “Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңінде Абай және қаза тапты. Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып шыққан дариядай, игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан, зәулім өскен алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті”.

Ешқандай пафос жоқ, сонысымен аса қайғылы, азапты, қасіретті. Төменде салыстыру мақсатында, төрт үздік автордың финал-мәтінің алға тартып отырмыз.

 (Хемингуэй, “Шал мен теңіз”: “Старик снова спал. И ему снились львы”, “Қош бол, майдан”: “Он ушел в дождь”, 

Маркес, “Жүз жылдық жалғыздық”: “... город будет снесен, ураганом и стерт из памяти людей, в ту самую минуту когда Аурелиано Вавилонья закончит чтение пергамента, и что все написанное в них неповторимо отныне и навеки, ибо ветвям рода, приговоренного к ста годам одиночества, не дано повториться на земле”, 

Фолкнер, “Меншік үй”: “как те, прекрасные, блис-тательные, гордые и смелые, те, что там, на самой вершине, среди сияющих видений и снов, стали вехами долгой летописи человечества, – Елены и эпископы, короли и ангелы-изгнания, надменные и непокорные серафимы”, 

Кнут Гамсун, “Аштық”: “Когда мы вышли во фьорд, я разогнул спину, весь взмокший от слабости, волнений, вгляделся в берег и простился наконец с городом Христианией, где в окнах повсюду уже зажглись яркие огни.”). 

Бірақ, соңынан келтірілген үш жарым беттік эпилог “бәрінің сәнін кетіріп” тұр: советтік қосымша екені бірден байқалады. Екі финал, бір пафос пайда болады. Текст ашылады (Дәрмен сөзінде). 

“Абайдың жаңа бір туысын қабыл алып отырған халық-ата, халық-ана осы еді”... аталған эпилогты шығарманың байлауы, күрмеуі тұрғысында, негізгі көркем мәтінге жалғауды доғарып, эпопеядан тыс орналастырса қайтеді, деп топшылап та қоямын, меніңше, оның орны – “Түсініктемеде”. Бұны қатардағы бір пікір тұрғысында, талап емес, тілеуқор көңілдің риясыз ұсынысы ретінде тануымыз шарт. Көзқарас. Бірақ, данышпан қолынан шыққан кемел дүниені түзетуге, өзгертуге қандай хақымыз бар.

Қырда, сақара жазығында әлемдік номадтар көші тоқтаған жылдары жазыла бастаған “Абай жолы” роман-эпопеясы тұрғанда, алып тарихымыздың аса бір маңызды бөлігінің озық үлгісі – көшпелі кезең мәдениетін (культура) өркениеттік (цивилизация)  адамзат әсте ұмытпауға тиіс.

 

Дидар АМАНТАЙ

жазушы-философ

28.11.2020 – 04.12.2020 

Бөлісу:

Көп оқылғандар