Абай Аймағамбет: «Антиутопиялық көлемді дүниені жоспарлап жүрмін»

Бөлісу:

25.11.2022 2362

Рухани байлық жинап кемелденудің жолы көп екен: кітап оқу, үйрену, ақылды адамдармен әңгімелесу, ел мен жер кезіп көргендеріңнен тәлім алу, мейлінше жақсылық жасау және ақыр аяғы құлшылық ету. Бұл тізім тағы да толысуы мүмкін... Осылардың ішіндегі ең қолжетімдісі әрі оңайы кітап оқу болса керек. Сізден талап етілетіні – әлдебір ақылманның жазып кеткенін оқу ғана. Күрделі ғылыми еңбектерді айтпағанның өзінде, тұлғалық даму пен психологиялық, кәсіби бағдар беретін нұсқаулықтар мен сөздіктер толып жатыр. Ал әдеби шығармалардың жөні бір басқа. Заман дамыған сайын әдебиет те түрленіп келеді. Бірақ ол «адамзатты ізгілікке жетелеу» деп аталатын әуелгі міндетінен айныған емес. Қалам ұстаушылар да осы бір киелі ұғымға қызмет қылуды мәртебе көретіндей. Жазушының борышы – жазу. Мейлінше жақсы жазу. Әсерлі әрі әдемі етіп жазу. Осы тақырыпта жас жазушы Абай АЙМАҒАМБЕТПЕН әңгімелескен едік.     

– Толстой бір шығармасында «жазушылар – адамзатты үйретушілер» деп айтады да, бірақ неге үйрететінін білмей қиналғанын жазады. Қарапайым ғана осы сұрақ ұлы классикті қатты толғандырыпты. Әсілі қарапайым дегеннің өзі күрделіге қарай бастайтын жол сияқты... Ал сіз жазушылар адамзатты неге үйретеді деп ойлайсыз?

– Мен жазушы болуға неге қызықтым? Біріншіден, еш себепсіз жазғым келді. Көкірегімді әлдебір нәрсенің буып тұрғанын сезіп жазуға отырдым. Әр әңгімені жазған сайын бұдан кейін дәл бұлай жаза алмайтын секілді күй кешетін сәттер болады. Бірақ арада біраз уақыт өткенде бабың келісіп, жазуға дайын екеніңді сезесің. Мейлі қандай тақырып таңдамайын, оқырманды әлденеге үйретейін деген ой болмайды. Мен үшін басты міндет – мейлінше жақсы жазып шығу. Ал одан біреу өнеге ала ма, әлде «мынау не жазып отыр?» деп ренжи ме, әлде сол шығармадан өмірлік бағыт-бағдар көре ме, ол енді оқырманның еншісіндегі шаруа. Бірақ адамзат деген сөзіңіз мендегі бір күйді қозғап кетті. Себебі біраз уақыттан бері антиутопиялық көлемді дүниені жоспарлап жүрмін. Қазір мен дерек жинау, соған байланысты көрген фильмдерді, соған орай оқыған кітаптарды қорыту, ой елегінен өткізу кезеңіндемін. Бірақ бәрі де мөлшермен болуы керек деп санаймын. Таңдап алған тақырыбыңа қатысты дүниелерді тым көп көріп, көп оқу зиян. Шектен асырып жіберсең өзіңнің ішіңде өсіп, жетіліп келе жатқан оригинал идеяңның сипатын бұзып аласың. Сондықтан барынша алтын аралықты ұстап, дайындық жасап жатырмын. Көп ұзамай бастаймын. Міне, сол дүниенің жалпыадамзаттық сипаты бар секілді. Әу баста өзім адамзат жүгін көтерейін демедім. Бірақ дайындала келе, қорыта келе ауқымының тым кең екенін байқап отырмын. Меніңше, антиутопия дегеніміз – біз келешекте солай өмір сүреміз деп, адамдарды соған сендіру емес, керісінше, сондай заманға тап болмайық, соның алдын алайық деп тұжыру ғой. Шығармама сондай ракурстан қараймын. 

– Шығармаларыңызды жазар кезде арнайы тақырып таңдайсыз ба? Жазған әңгімелеріңіздің дені ауыл өмірі, студенттік қызықтар және заман ағымы жайлы екен... Юмор да бар...

– Бәрі де студенттік эсселерді жазудан басталды. Кейін олар жинақталып, «Бесінші жатақхана» деген атаумен кітап болып шықты. Оқырмандар өте үлкен қызығушылық танытты. Ауыл өмірі – көрген өміріміз. Оны жазбай өте шығу мен үшін мүмкін емес. Жақында «Гүлденген ауыл» деген әңгіме жаздым. Сол жерде бүкіл елдің мәселесі көрініп жатыр. Оқыған адам өзі түсінеді. Юмор менде әуелден бар екен. Әңгімемді әзілмен көмкерейінші деп әуреге түскен емеспін. Бәлкім, табиғаттан солай, бәлкім, түрлі қазақ жазушыларын оқи келе солай болды. Оны тап басып айту қиын. Ең бастысы – бар. Юморы бар әңгіме қашанда өтімді. «Юмор бар жерде өмір бар" деп текке айтпайды. Бірақ жоғарыда айтып өткен көлемді дүнием мен детектив бағытында бастап жатқан ауқымды шығармамда юмор жоқтың қасы. Арнайы тақырып таңдайтын да, таңдамай жүректің қалауымен қағазға түсіретін де кездер болады. Бірақ әлі бір қайнауы кем тақырып пен идеяны қағазға түсірем деп алашапқынға түспеймін. 

– Прозаиктер көбіне уақыт өткен сайын шыңдалады. Машық бір бөлек, ал өмірлік тәжірибе деген тағы бар. Бұған көзқарасыңыз қандай?

– Көзқарасым оң. Машық та тәжірибемен қалыптасса керек. Ең абзалы – жазудан ұзақ уақытқа қол үзіп қалмау. Оқуға және жазуға күніге екі сағат болса да уақыт бөліп отыру керек деп есептеймін. Әрине, одан артық уақыт таба алса тіпті жақсы. Бірақ біз газет жұмысын істейміз. Ол біраз уақытты алады. Дегенмен оған еш өкпе жоқ. Біздің алдымыздағы жазушылар да тұрақты жұмыс істеп табысын айырып, қалған уақытын жазуға арнаған. Ал егер бір күні жазуға алаңсыз отыратын мүмкіндік туа қалса одан ешқандай шығармашылық адамы бас тартпайды деп ойлаймын. 

– Жазушы Рақымжан Отарбаев «бақытсыз балалық шағы бар адам шынайы жазушы болады» деген сыңайдағы пікір айтады. Бұған келісесіз бе? Қаламгер үшін қайғы-мұң ұғымының мәні не?

– Әркім әртүрлі қисын жасайды. Әсілі, шығармашылықта ештеңені де кесіп айтып, түбегейлі тұжырым жасау мүмкін емес шығар. Рақымжан ағаның олай айтатындай жөні бар. Сұхбаттарынан тағдырын оқығанмын. Адамды мұң түбіне батырардай, елжіретердей тағдыр. Сосын солай деп тұжырым жасаған ғой. Негізі жазушыда үшінші бір көз болады. Ол сол көзбен ел көрмеген нәрсені көріп, ел мән бермеген дүниені аңғара қояды. Әлдебір идея, тың бір тақырып санаңа түсе кеткен кезде құдды сол дүниені жазып, бітіріп қойғандай, кеудеңді қуаныш кернеп кетеді. Енді соны жазу керек. Оны жазу, иә, азап. Бірақ сол азаптың өзі де бақыт. Сол азаптың өзі екінің бірінің басына бұйырмай отыр емес пе? Сондықтан қайғы-мұң жазушыға әсер етуші факторлардың бірі ғана. Онсыз да ғажап туынды жасауға болады. 

– Жазушы үшін талант пен тағдыр ұғымының ауқымы қандай? 

– Мен мұндай сауалға әзір ойланбаймын. Мүмкін, әдебиет сыншысы, әдебиет зерттеушісі болсам ойланар ма едім. Қазір мені қатты мазалайтыны – қолға алған шығармаларым, ондағы кейіпкерлерімнің көңіл күйі, тағдыры J: 

– Проза – ауыр жанр. Қалам ұстаған адам сырт көзге оп-оңай жазып жатқандай көрінуі мүмкін. Бірақ ойдың санада пісіп-жетілуі мен сөздің қағазға төгілуіндегі ауырлық сезім жазушыларға ғана тән болса керек. Кейде қалам жүрмей қинайды. Бұл, бәлкім, шабыт пен көңіл күйге де байланысты шығар. Жазуда күй талғайсыз ба?

– Негізі, күй талғаған дұрыс. Сен де бір, бәйгеге қосылған тұлпар да бір. Күйі келіспеген тұлпардың топ жаруы қиын ғой. Отбасылық өмірің, жұмысың, көңіл күйің, тіпті жазу үстеліңнің тазалығы, кітаптардың орналасу реттілігі – бәрі-бәрі әсер етеді. Бірақ, түптеп келгенде, мұның бәрі қосалқы фактор. Қазір мен үйге келіп те жазамын. Жұмыста кештеу қалып та жазамын. Әйтеуір, уақытты текке жіберіп алмаудың қамын жасаймын. Сондықтан тап қазір соншалықты күй талғап жүргенім жоқ. 

– Бұдан бұрынғы және қазіргі жазушылардан үздік топ-5 қаламгерді атасаңыз және не үшін оларды үздік санайсыз?.. 

– Мен бұған да қиналамын. Көңіліме жаққан жазушының бәрі маған ұстаз. Қазақтың да, шетелдің де классик жазушыларын сүзіп оқуға тырысамын. Алатын әсерімді сөзбен сипаттау тағы оңай емес...  

– Әдебиет пен ар ұғымын қатар қойып жатамыз. Ал қазіргі нарық заманында арсыз болған сайын атағың өсетін сияқты көрінеді. Адамзат бұзылды ма әлде әуелден солай болған ба?..

– Меніңше, «Әдебиет – ардың ісі» ұстанымы кез келген әдеби процесте салтанат құруы тиіс. Жазу кезінде де, қаламгерлердің өзара қарым-қатынасы кезінде де, түрлі әдеби байқаулар кезінде де. Бірақ ол заңдылық сақтала бермейді. Бір жағынан солай болуы керек те. Басқа, басқа, әдебиетке қайшылық керек. Пікір алуандығы, талас-тартыс, арыз-шағым, мұның бәрі жағымсыз көрінгенімен, шын таланттарды шыңдап, автобиографияны бай етуде үлкен рөл атқарады. Мен әдеби ортада жоқпын. Сондықтан сол ортаға басшылық етушілердің мінезі қандай, ұстанымы қандай, олар қаншалықты әділетті дегенге жауап бере алмаймын. Бірақ түрлі-түрлі әңгіме естиміз. Естиміз де ренжиміз. Оны тарқатсақ ұзаққа кетерміз. Әрі оның қажеті де шамалы. Мен үш әңгіме жаздым – «Жазушы», «Жүлдегер» және «Жолаушы Шәріп». Бұл біріне бірі жалғас келетін циклдық дүние. Осы жерде көп нәрсе айтылды ғой деп ойлаймын. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

Бөлісу:

Көп оқылғандар