Өмір мұхит үстінде

Бөлісу:

20.03.2023 2746

Бүгін қазақ поэзиясының классигі Тұманбай Молдағалиевтің туған күні. Елуінші жылдардың аяғы мен алпысыншы жылдардың басында ұлттық поэзиямызға жылылықтың лебін алып келген бір шайыр болса, ол – Тұмағаң.  Ол нағыз ақын болып өмір сүрді. Баладай аңғал, жүрегі сәбидей таза жан еді. Әкем марқұм Тұмағаңды ерекше жақсы көріп, оған арнап баллада да жазды. Ақынның "Тынық мұхит дәптері" атты жыр жинағы жарық көргенде, халықтан сүйінші сұрағандай болып, мақала да жазды. Бүгін Тұмағаңның рухын еске алып, сол дүниені сіздердің назарларыңызға ұсынғым келеді. 

Кеңшілік Мырзабеков 

  (Ақын Тұманбай Молдағалиевтің «Тынық мұхит дәптері» атты жыр жинағы туралы)

Қазіргі таңда қазақ поэзиясындағы бірден-бір өнімді автор, сонымен бірге өз тұрғыластары арасында жыр жинақтарын ең көп шығарған ақындарымыздың бірі Тұманбай Молдағалиевтің елудің белесіне шығар тұста әдеттегідей өз оқушыларына іріктеп-сұрыптап таңдамаласын ұсынудың орнына көлемі жағынан кейбір таңдамалыдан кем түспейтін жаңа жыр кітабын жазу ақы адал-маңдай тер ғана емес, ақынның қаламгерлік, азаматтық ерлігі екенін айта кетудің артықтығы жоқ. 

Жалпы, өнердің ең қасиетті заңы көкейіңде айтар ойың болса ғана соны айтқызар сиқыр күші еркіңді бағындырса ғана сөйлеу ғой. Бойында осындай құдірет барын сезінуі – суреткердің табиғи болмысының байлығы, ал сол болмыс байлығын сана таразысына салып, қалам еңбегімен қарымды игеру екінің бірінің еншісіне жазыла бермейді. Болмыс байлығын, табиғи күш-қуатын таза еңбекпен игеруге келгенде дәрменсіздік танытып, тарыдай шашырайтын таланттар аз ба?! 

Ақын Тұманбай Молдағалиев бұл жағынан алғанда талант алақанына бөленген бақытты қаламгер. Бір қарағанда жырлайтын тақырыбы, алған обьектісі санаулы да өлшеулі сияқты ғана көрінетін Тұманбай ақынның сол «санаулы мен өлшеулінің» қыртысынан табатын кенінің таусылмай келе жатуының, барған сайын қорлана, қордалана түсуінің де себеп-сыры осында болса керек. Ал мұны ақынның өткен жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Тынық мұхит дәптері» атты көлемді жыр кітабы айқын дәлелдейді. 

Осынау жаңа жыр кітабында ақынның қолына қалам ұстағаннан бері талмай да танбай жырлап келе жатқан махаббат, достық, азаматтық парыз бен адамгершілік, туысқандық мейірім, туған ел алдындағы перзенттік жауапкершілік, туған бала алдындағы әкелік сезім тазылығы, арнау өлеңдер мен творчестволық портреттер тәрізді таныс тақырыптар тағы да алдыңнан шығады. Жыр кітабының тең жартысына жуығын – «Тынық мұхит дәптері», «Сарыағаш-Жетісай саздары», «Абай аға ауылында», «Карпат шыршалары» сияқты жол топтамалары еншілеген. 

Мұның бәрі Тұманбай ақын талай рет жырлаған, әлі талай жырлай беретін тақырыптар. Өйткені, ақын әлі талай күйініп-сүйінуге тиіс, оның көз алдынан әлі талай өмір құбылыстары өтеді, «Жүрегім –менің сапарда» деп бір кезде ақынның өзі айтқандай әлі талай таусылмаған сапарлар шиырлайды. Сол көз көріп, көңілге түйгеннің бәрі өлең жолдары арқылы әлеуметтік ойға, қоғамдық пікірге қалай ұштасады, ақынның парасат-пайымы осы тақырыптарды әр қырынан жырлаған сайын қалай толысып, қалай тұлғаланады, қандай биіктерге көтеріледі, қысқасы, әрбір жаңа өлең жан-дүниеңді қандай сиқырымен баурайды. Мәселе тақырыпта, алған обьектіде ғана емес, ең негізгі мәселе – міне, осында. 

Ақын Тұманбай Молдағалиевтің «Тынық мұхит дәптеріндегі» өлеңдер барлық бояуларымен, сезім иірімдеріндегі шынайылығымен, ұғынықты да ұтырлы өміршеңдігімен, табиғи философиясымен осы сауалдарға жан-жақты жауап бере алады. 

Ал бұл тұжырымды дәлелдеу үшін ақынның жаңа жыр кітабындағы өлеңдерге үңілеміз. Бұрын да талай жырлап жүрген тақырыптарын ақын қалай байытты екен, қандай жаңа ойлармен көмкеріп, қандай сырлы сезімдермен кестеледі екен. Тақырыпты қайталау бұрынғы сезімнің көлеңкесін көшіру емес, керісінше, бұрынғы ойды байыту, бұрынғы сезімнің сәулелерін одан әрі құлпырту, одан әрі жандандыру ғой. 

Ақынның «Тынық мұхит дәптерін» оқу үстінде оның ең үлкен суреткерлік қасиетінің бірі – бір тақырыпқа әлсін-әлсін айналып соға отырып, әрқилы көзбен, әрқилы көңілмен, сан түрлі зердемен сол тақырыпты тоздырмай, тосаңсытпай жырлай алатынында екенін аңғартады. Көбіміз «махаббат, жастық жыршысы» деп бір сөзбен баға беруге әзірлеу тұратын Тұманбай-ақынның бір тақырыптың көлемінде тұрып-ақ өмірдің мыңдаған құбылысының бояуларын қалт жібермейтін қасиетінің төркінін қайдан іздейміз?.. Меніңше, бұл сөз басында айтқанымыздай, ақынның табиғи талантына, табиғаттан дарыған болмыс байлығының құнарына, әлеуметтік, азаматтық ой қоса алуына байланысты. Олай болатын болса, қазақ поэзиясында үнемі өз тақырыбын, өз обьектілерін жырлау арқылы ауқымды ой айтуға болатынын дәлелдеген, дәлелдеп келе жатқан ақындарымыздың бірі Тұманбай Молдағалиев екені даусыз. 

    Мен енді жоғалмаймын жер бетінен, 

    Су болып, ауа болып тербетілем, 

    Жаңбыр боп терезеңді айғыздаймын, 

   Көктемнің шөбі болып мен жетілем, -  дегенде ақын өзі табиғатқа бекерден-бекер теңеп, телімесе керек. Табиғатқа тартқан суреткер ғана тауысылып, түгесілмесі хақ! Тұманбай ақынды өлең өлкесінде өрден-өрге сүйреп келе жатқан да, оны қайсыбіреулерге «санаулы да өлшеулі» болып көрінетін тақырыптарының шұрайлы өрісін тоздырмай келе жатқан да осы қасиет. Ақынның елудің белесінде еліне ұсынған жаңа жыр кітабы – осының дәлелі.

Тұманбай ақынның өмірбақи жырлап өтуге ант бергендей әр кітап сайын оралып отыратын өз тақырыптары бар. Егер әрбір жаңа жыр кітаптарында  осы тақырыптар жырланбай қалса, оның оқушылары әлдене жетпегендей, әлденені жоғалтып алғандай болар еді. 

Ақын өз оқушыларының алдындағы осы бір үлкен жауапкершілігін азаматтық жүрекпен сезінген. Сондықтан да әр кітап, әр жинақ сайын ол бұл қасиетті тақырыптарына қайта-қайта оралып отырады. Әр кезең, әр тұста, ақынның көңіл-күйінің өмір құбылыстарымен өзгеріске түскен қақтығыс сәттерінде бұл тақырыптардың төңірегінде қозғалған ойлар да, бұл тақырыптардың жырлануы да сол құбылыстардай, сол көңіл-күй пернелеріндей өте қызықты, өте күрделі боп келеді. Тұманбай ақынды қайсыбіреулер «бір тақырыпты шиырлап, бір тақырыптың маңайында тоқырап қалды» десіп жатады. Ал бұлар әр ақынның өз табиғаты, өз болмысы, өзіндік өсіп-өну, өркендеу эволюциясы болатынын байқамайды (байқамайды емес, байқағысы келмейді.) Ал Тұманбай ақын өзінің қасиетті тақырыптарына адалдықтың арқасында, оларды күрделендіре, өмірмен қоғамдық құбылыстармен әр тұста әлеуметтендіре жырлаудың арқасында қазақ поэзиясында өзіне ғана тән монументтік, типтік бейнелер жасағанын әлгілер аңғара да бермейді. 

Ақын - Тұманбайдың әке туралы жазбаған кезі жоқ шығар. Тұманбай өлеңдерінде әке туралы элегия да, романс, баллада да, монолог та, әкемен сырласу диалогы да, әке туралы жүрегіңді шым еткізер лирикалық миниатюра да, көлемді кесек поэма да кездеседі. Ал осының бәрі – біріншіден, қазақ поэзиясын түр жағынан, жанрлық жағынан байытса, әр жанрда әр қырынан көрінген әке бейнесін Тұманбайдай типтендірген ақын кемде-кем. 

Ақынның әкесі енді оның жаңа жыр кітабында өзімен бірге «Тынық мұхит кешіп» жүріп сырласады. 

Әкелер бізге үй салып беріп кетпеген

Майданда көбі оққа ұшты, - деп сонау отыз жастың о жақ, бұ жағында әкеге сәл-пәл кінә арта сөйлеген ақын, енді бүгін оны жат жұртта, тентек толқын үстінде жүзіп бара жатып, жүрегі езіліп, балалық шақтың қимас-қиыспас мұңымен қоса іздейді. 

Әлі күнге жүремін жолға қарап,

Өзің кенет бір жақтан кеп қалардай. 

Үй де салып алған, үбірлі-шүбірлі ұрпақ та өсіріп үлгірген, атақ-абыройдан да құралақан емес бір халықтың перзент-өкілі ретінде ел аралап, жер көріп келе жатқан, бүгінде бір адамға әкелікке жарайтын азамат-ақын мына ұшы-қиырсыз көкпеңбек мұхиттың үстінде тұрып, сол бір соғыста өлген әкесін іздесе, қамкөңіл балалық шағын есіне түсірсе, сіздің көңіліңізге де шым-шымдап мұң ұялайды. Мұндай қасірет алыста қалған қасиетті мұң – адамгершілік, тәубаның мен мұндалаған түтіні сияқты сезіледі. 

Ақынның өзі аңғармауы әбден мүмкін, ал бірақ егер зерек көз зерттеуші болса, Тұманбай-ақын творчествосынан осындай типтенген бірсыпыра бейнелерді оқырман алдына «қолтықтап» алып шығуға әбден болар еді. Олар Тұманбайда аттары аталғаны бар, аталмағаны бар – қазақтың неше түрлі қыз-келіншектері мен аяулы аналарымыз боп, Едіге мен Барқытбай сынды адал дос, аға-іні боп алдымыздан шығар еді. Тек осындай табиғаты жомарт ақындарымыз жасаған қолда бар байлықты іріктеп, сұрыптап, талғап-таразылап таныта білер әдеби ғылым саласы мен жанашыр поэзия сынды бізде ақындық өреден әлдеқайда артта жатыр... 

Әйтпесе, Тұманбай Молдағалиевтің осы жаңа жыр кітабында да осындай бейнелердің талай-талай мінез-әрекеттері өлең тілімен әдемі-ақ өрнектеледі. 

Бір ғана адал жарын, аяулы қосағының мінез-әрекеттерін жырға қоспаса, әйел бейнесінің алуан қырын Тұманбайша тап басып аша алмас еді. 

 Қазақтың қыздары аман тұрған кезде, 

 Тұманбай ұмытыла қояр ма екен? –

 немесе; 

 Алтынға да құл қылма, араққа да, 

Әйелдерге құдайым құл қыла көр, - деп, әзілін араластыра отырып шындығын айтатын ақынның (ақынның емес-ау, лирикалық кейіпкердің) жар алдындағы адалдығы – ар алдындағы адалдық екеніне айқын көзің жетеді. Ақынның үнемі биік ұстанатын осы бір адал ниетінің темірқазығы сияқты мына бір екі жолға назар аударыңызшы! 

     Сағындым деп сен шақырсаң айғайлап

     О дүниеден оралармын мен бейбақ. 

Аяулы жарға деген адал махаббаты тілмен жеткізудің әдеби тәсілі, ұғынықты та ұтырлы көркем тәсілі дәл осындай-ақ болар! 

Тұманбай Күлтайы да – ақынның адал жары ретінде, азаматтық ақ ниет қосағы ретінде, ақ тілеу Ана ретінде әлдеқашан типтенген бейнеге айналғаны белгілі. Тұманбай өлеңдерімен таныс оқушылар қазақтың Қүлтай атты қызының, Күлтай атты жардың, Күлтай атты Ананың болмыс-бітімін көз алдарына елестете алары рас па? Сөз жоқ, рас. Олай болатын болса – бұл типтенген бейне. Ал әдебиетке керегі кейіпкердің есімі емес, оның мінезі, болмыс-бітімі, тұтас тұлғасы ғой. 

Ал ақынның әр кітап сайын сырласып, сұхбатасып отыратын ұлы – Дәурені ше?

Бұл да Тұманбай жыры арқылы біздің санамызға сіңіп қалған есім ғана емес, есті әрекет, ақылмен есейіп азамат қатарына қосылып келе жатқан біріміздің баламыз, біріміздің ініміз, ал негізінде ойлайтын ойы, мақсат-мүддесі бір замандасымыз. 

Ақын бұл кейіпкерлерді өмір сахнасына әлсін-әлсін алып шығып, әлсін-әлсін сырласып сұхбаттасуы арқылы оқушыларына жақындастыра, туыстастыра біледі. 

Лирикалық бағыттағы қайсыбір ақындардың бірде-бір кейіпкерін кейде көз алдымызға келтіре алмайтынымыз бар. Ал Тұманбай Молдағалиевтің тағы бір бақыты – өз жары, өз анасы, өз баласы, өз достары арқылы өмірлік кейіпкерлерінің бейнесін жасап келе жатқандығында, жасай беретіндігінде. Бұл кейіпкерлермен ақын бізді жаңа жырлары арқылы әлі талай кездестіре беруге, сырластыра беруге тиіс. 

Ақынның жаңа жыр кітабында байқалған жаңалықтың бірі деп оның бөлшегін өлең материалы етіп пайдаланып, оқиғалы өлеңдер жазуға жиірек көңіл бөле бастағаны дер едім. Негізінен лирика жазып жаттыққан ақынның бұл тәсілге ойысуы сөз жоқ, өмір тағылымдарының толығуынан, соны таразылап, ой елегінен өткізіп, қаз-қалпында жеткізуге итермелейтін ақыл иесі болған ақындық табиғаттан ғой деп ойлайсың. 

Жыр кітабындағы «Бұл екеуі», «Арыстан балама», «Қораз туралы жыр» сияқты өлеңдерді осындай жырлардың санатына қосуға болады. 

Мысал үшін «Бұл екеуі» атты аз-кем оқиғаға құрылған өлеңде есейіп, егде тартып барып тұрмыс құрған адамдардың әдемі сыйластығын жыр етеді, «ештен де кеш жақсы» дегендей, жер бетіндегі адамдардың бір күн де болса жалғыз болмауын, бір күн де болса жұптасып, қолтықтасып, қайымдасып өмір сүруін қалаған ниет танытады. Мұндай оқиғаға елудегі ес тоқтатқан ақынның осылай қарауы заңды да. Ал отыздағы Тұманбай «қартайғанша қайда жүргенсіңдер» деп қалуы да кәдік емес еді-ау... 

Жыр кітабындағы көптеген өлеңдер де ақын жас шамасына қарай «ақыл тоқтатып» салиқалы, байыпты ой толғайды, уақыт ырқына, заман ырғағына ақын жырлары әуелден-ақ әдемі үндесіп, үйіріле кететіні белгілі. Сол әдетті ақын одан әрі жақсы жалғастырады. 

 Өз замандастарына өлең арнамайтын, олардың қадір-қасиетін жырға қоспайтын, жарасымды әзілге жанастырмайтын ақын некен-саяқ болса керек. Жаңа жыр кітабындағы оның осы тектес бірсыпыра арнау өлеңдері творчестволық портреттер деңгейіне көтерілгендігін айта кетпесе болмайды. Сондай-ақ, бұл арнау өлеңдердің ішінде альбомдық дәрежеде қалған жырлар да аз емес. 

 Ақын жол сапарынан туған өлеңдерді жаңа жазып жүрген жоқ. Сапардан туған өлеңдердің сапарнама, көрген-білген көріністердің елесі боп қалмауынан ақын қатты сақтанған. Сондықтан да көз көрген кереметтерінің құдіретіне таңданып, таңғалудан гөрі, оның танымдық қасиеттерін тізбелеуден гөрі ақын бұл жолы туған жерден алыста жүріп, туған жер, туған ел туралы көбірек ойланып, көбірек толғанған. Ақынның жаңа жыр кітабының атына ие болып, абыройын көтеріп тұрған «Тынық мұхит дәптері» топтамасындағы өлеңдер ең алдымен оқушыға осы қасиеттерімен ұнаса керек. 

Жұмыр жердің үстіндегі ең ұлы мұхиттың үстінде жүзіп келе жатып ақынның өз халқының ең ұлы ақынымен тілдесуі, («Кемедегі ой. Абаймен сырласу») немесе теплоход палубасына жабысып алып, алысқа ұзап ұшпайтын кішкентай ғана құстың қабағына қарауы, ән пәнінен сабақ беретін жерлес қарындасы Зәуреге деген ағалық ниетінің шет жерде жүріп сыйластыққа, қимастыққа айналуы, ауылдағы әпкесі мен Едігесін еске алуы... міне, мұның бәрі ақын әлемінің қай түкпірінің топырағын басып, қай толқынның жалында ойнап жүрсе де – өз туған жерінің ғана перзенті деген ойға меңзейді. Жер бетінде өмір сүрген адам баласының көкейтесті  арман-мүддесінің барлығы бір-біріне, жалпы адамзат әулетінің жұмыр жер атты кемеде жаны бір екенін аңғартады. 

Ақынның «Тынық мұхит дәптеріндегі» өлеңдері ең алдымен әлеуметтік ойлардың салмағымен жоталанады. Мұны аңғару үшін осыдан он-он бес жыл бұрын жазылған Италия сапарынан туған топтамамен осы сапардағы жырларын салыстырып көріңізші. 

«Италия сапары» - ақынның сәтті топтамасы болатын, сонау өркендеу, өрлеу дәуіріндегі Римнің қызулы да, қынулы рыцарларының бұлшық етіндей ойнаған шымыр да сұлу шумақтар, көне кереметтердің жас дәуренін көзге елестетіп мұңмен егілген, соған көз сұғын көбірек қадап, тамсана, таңдана қараған толғаныстар бұл топтамада жиірек кездесетін. Ал «Тынық мұхит» топтамасында өзінің айналасындағы өмірді көбірек жырлайды, сол өмір құбылыстарын заман оқиғаларымен шендестіріп, сол арқылы ой түйіп отырады. Екеуі де заңды құбылыс, бірі - сапарға жаңа шыққан жас адамның көзқарасы, бірі дүниеге салиқалы, байсалды оймен қарайтын аға ақынның байыпты жанары. 

Біз сөз басында елудің белесіне шығарда қалам қарымын танытып, айтар ойының арнасынан әлі қайта қоймағынын аңғартып, қыранкөз-ақын жанар шалымының шабандамағанын шабытымен дәлелдеген ақынның бас-аяғы бірер жылдың ішінде осынша өндірте жазған елеулі еңбегін ерлікке теңеп едік. Шындығында Тұманбай-ақынның көп жазуы, көп жазумен бірге өлеңнің отты қызуын, көркемдік дәрежесін сақтай білуі – өз тұрғыластарының қай-қайсын болса да қызықтыратыны, өз оқушыларын ризалық сезімге бөлейтіні сөзсіз. 

Ақынның осы қасиетінің себебіне көз салмасқа тағы болмайды. 

Біздіңше, бұл қасиеттің төркіні – қазақ поэзиясының киелі дәстүрлеріне оның әуел бастан ант бергендей адалдығынан, сол адалдықтың сара жолынан таймауынан, басқа жаққа алаңдап, ауытқымауынан деуіміз керек. Бұған бір мысал: көлемі жиырма бес баспа табақ – жыр кітабында мыңдаған жол өлең бар ғой, сан түрлі көңіл-күйдің көріністерін ақ қағаз бетіне түсіру үшін ақынның қаншама тер төккенін, қаншама түндерді ұйқысыз өткергенін, қаншама жұлын-жүйке жұмсағанын цифр тілінде есептеу мүмкін емес. Көп жазған, өз таланты деңгейінде көркем жазған ақын еңбегін ерлікке балайтынымыз сондықтан. 

  Ал Тұманбай-ақын мыңдаған жол өлеңдердің барлығын қашаннан қанымызға сіңген дәстүрлі қазақ өлеңінің қалыбымен соның қасиетті қарымымен жазады. Неше түрлі ой да, толғаныс-тебіреніс те, ашу-ыза да, әзіл-оспақ та осы дәстүрлі өлең өлшеміне сиып жатады. 

Ақын кемерінен асып лықсып толқыған кезінде де, сабасына түскен шағында да дәстүрлі қазақы қара өлең жолдарының бір буын, бір бунағын үзіп-жұлқып, жоғары-төмен созғылап «жол көбейтуге» амал-айла іздемейді. 

Жалпы, Тұманбай Молдағалиев ақындық дәстүрімізді бірден-бір сақтаушы ғана емес, соны саф алтындай қадірлеп, қасиеттеп, жан-жақты байытып, бабымен ұстайтын шебер. 

Соңғы жылдардағы елеулі еңбегінің атын ақын тек бұл кітапта «Тынық мұхит» сапарынан туған топтама орын алғасын ғана қоймаса керек. Тынық мұхит – әлемнің ең үлкен, ең ұлы мұхиты. Ұлы құрлықтарға, ұлы мұхиттарға сапарға шығу арқылы адам, оның ішінде ақын-адам өмір құбылыстарының да мұхиттай айдындарына құлаш ұрады. 

Өлең әлемінің көлдері мен көлшіктерінен, өзендері мен теңіздерінен ақын Тұманбай Молдағалиевтің әлденеше рет жүзіп өткені бәрімізге белгілі. Енді оның өлең-кемесін үлкен тәуекелмен ұлы мұхитқа салуы да заңды. Бұл сапарда сәтті аяқталғандай, жыр кітабында оқушы олжаланатын өміршең өлеңдер баршылық. 

- Сәтті сапар жалғаса берсін, - дейміз ақынға.

Бөлісу:

Көп оқылғандар