Әдеби сынның саңлағы Тұрсынбек Кәкішұлы

Бөлісу:

02.06.2023 2077

Қазақ даласында ұлы өлкенің алтын кеніші іспеттес біртуар тұлғалар өте көп. Олар қай дәуірде болмасын, өзінің саналы ғұмырын елінің жоғын жоқтауға, кем-кетігін толтыруға арнайды. Осы арқылы елінің есінде мәңгілік қалады. Сондай елеулі тұлғалардың бірі һәм бірегейі – көрнекті әдебиет сыншысы, сәкентанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы. 

Азаматтық биік тұлғасымен ерекшеленген Тұрсынбек Кәкішұлының әдебиеттанушылық жолға түскенге дейінгі өмірбаяны да өте қызық. Алғашқы өнер жолын әртіс ретінде бастаған Тұрсынбек Кәкішұлы жылдар өткенде осындай дәрежедегі ғалым боламын деп ойламаған да екен. Театрда жұмыс жасап жүрген кезінде әйгілі әнші Қосымжан Бабақовтан мұқабасы жоқ бір кітапты алып, тебіреніспен оқып шығады. Бұл кітаптың әйгілі қаламгер Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» екен. Осыдан кейін ол Сәкен Сейфуллиннің шығармашылық жолына қызығушылық танытып, ақыры сәкентануды өміріне мәңгілік серік етеді. 

Ақмоладан Алматыға дейін ұзақ жүретін жолаушылар вагонында тағдыр байланыстырған Күбірә деген қыз, кейіннен жас жігіт Тұрсынбекті Сәкеннің әйелі Гүлбараммен таныстырады. Осы кездесуден кейін, Тұрсынбектің Сәкен шығармашылығына деген құрметі тіпті тереңдей түседі. Осылайша, бұл тақырып оның әдебиеттік тақырыбы ғана емес, тағдырына айналады. Кейіннен ол Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезовтермен танысып өнеге, тәлім алады. Біртіндеп әдебиеттің шексіз әлеміне кіріп кетеді. 

Ғалымның көзін көрген шәкірттері, істес болған әріптестері, еңбегін оқыған зиялы қауым өкілдері егерде адамгершілігі мол, елі мен туған жерін сүйген адам болса, Тұрсынбектей-ақ болсын деген пікір білдіретіндігі бекер емес. Оған дәлел ретінде, белгілі ақын Нұрлан Оразалин «Ұлт намысын пір тұтқан...» деген жазбасындағы мына бір пікір: «Тұрсекең, табанды ғалым, тағылымды ұстаздықпен қоса, ұлт тұтастығы мен ұрпақ ойының қанаттанып, бекуіне айырықша үлес қосқан жаны таза, жаратылысы бөлек қарымды қайраткер, текті тұлға болатын. Ол жалған сөйлеп, жағымпаздануды білмейтін. Әсіресе, ұлт тағдыры мен ұлт руханияты сөз болған тұста тартынбай сөзге араласатын, ойы мен пікірін ашық білдіріп: «бетің бар, жүзің бар» демей, айтарын да тура айтатын. «Аузын ашса, жүрегі көрінетін» осы бір адал, аңғал қалып, тегеурінді тұлғаларға тән батырлық мінез аяулы аға, ардақты ұстазды әркез ел махаббатына бөлеп келіп еді.»

Бұдан бөлек, шәкірті Уәлихан Қалижанов өзінің ұлағатты ұстазы туралы: «Тұрсекең, ешқашан мансап қуып, біреуді ағалап, біреуді жағалап көрмеген, кейде қатты, кейде тәтті айтуды білмейтін тіні ерекше жан. Мансап қумаса да, жеке кабинетте шалқайып отырмаса да, аяғын алшаң басатын, кеудесін тік ұстайтын ұлағатты адам. Тұрсынбек Кәкішұлының білімі терең, сөзі бәтуалы, ұрысқаны мен сипағаны білінбейтін бір сөзді, білгір ғалым, көрнекті көсемсөзші. Тұрсекең қазақ әдебиеті тарихының зерделі зерттеушісі де», - деп баға береді. Бұл пікірлерден Тұрсынбек Кәкішұлының шоқтығы биік, бар өмірін қазақ әдебиетін зерттеу мен зерделеуге арнаған, ешкімді бөліп жармайтын біртуар азамат екендігін байқаймыз. Расында, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» - дейтін халық мақалы бар. Зерттеушінің адамдық бейнесі, азаматтық тұлғасы туралы білдік. Ал, оның қайраткерлік қыры мен мұрасы, зерттеулері жайында не білеміз?

Тұрсынбек Кәкішұлының басқа көптеген зерттеушілерден ерекшілігі – ғылыми еңбектерінің барлығында да нақтылы деректерге басымдық беруінде. Ғалымның қазақтың тарихында ерекше орын алатын, әдебиет саласында жасаған еңбектерін, қалам тербеп жазған дүниелерін зиялы қауым да, шәкірттер әлемі де, әдеби сыншылар да сүйсініп оқып, жаңа жаңалықтарын тағатсыздана күтіп отыратын еді деседі. Жазған еңбектерінің ішінде ойып тұрып ойын алатын «Октябрь өркені» атты монографиясы диссертация негізінде жазылғанымен, ішінде көп мәселе мен ойды қозғайтын, деректер мен дүниелер қамтылған. Қазақ кеңес әдебиетінің қалыптасу дәуіріндегі идеялық-шығармашылық мәселелерге арналған бұл еңбекте әдебиеттің жаңа саласының 1920 жылдардағы халі, әртүрлі идеологияның әдебиетті түрлі бағытқа бұру жөніндегі күрестері баяндалады. Бұл жерден әдебиетіміздің халық санасын жаңғырту үшін жасаған жұмыстарын көреміз. Сонымен қатар автор көркем әдебиет жеке-дара дамымай, қазақ журналистикасы мен публицистикасымен қанаттаса, бірге дүниеге келгендігі жайлы да сөз қозғайды. Бұл ойын баспасөз бен архивтен алынған материалдар мен тарихи деректерге сүйене отырып дәлелдейді. Сондай-ақ, әдебиеттану ғылымында қоғамдық даму мен көркемдік өрлеудің заңдылықтарын ашуға ниеттенеді. Қоғамдық өмірде болатын өзгерістердің әдебиетке де ықпалы зор екендігі туралы әңгімелейді. Зерттеуші кітабының алғашқы тарауында Октябрь революциясының жеңіске жеткендігі жайлы айтып, кеңес әдебиетінің алғашқы күннен бастап-ақ қарапайым халықтың жаршысы, қолдаушысы болғандығы жайлы жазады. Сәкентанушы ретінде жазған «Сәкен Сейфуллин» атты кітабында жазушының қиын өмірі мен шытырманға толы шығармашылық ғұмыры туралы баяндап, ақынға деген сүйіспеншілігін айқын бейнелесе, «Қызыл сұңқар» атты кітабында Сәкен Сейфуллин жайлы бұрында оқырманға таңсық болған мәлімсіз материалдар мен деректерді жазады. Басқа еңбектерде Сәкен Сейфуллин туралы оқиғалар эпизодтармен берілсе, бұл еңбекте ол мәселелер жан-жағынан зерттеліп, көлемді ойлармен, бай түрде ұсынылады. Тұрсынбек Кәкішұлы Сәкенге тән деректерді айтып қана қоймай, қазақ халқының тарихындағы салмағы ауыр оқиғаларды оның өмірімен байланыстырып, біраз шындықтың бетін ашуға талаптанады. 

«Сын сапары» монографиясында ғалым, әдебиет сынының туу, қалыптасу кезеңін зерттеудің негізгі объектісі ретінде алады. Рухани мұрасыз халық болмайды. Халық бар жерде олардың рухани қажеттіліктерін қанағаттандыратын ауыз және өнер әдебиеті бар. Бұл екі саланың дамуы, халықтың әсемдік, әдемілік, көркемдікке құштар қиялынан туатын жаңа дүниелерге байланысты болмақ. Еңбектегі: «Халықтық эстетика» деген тарауда, автор әдебиет сынын зерттеп жүрген белгілі ғалымдардың пікіріне сүйене отырып, сынның тарихы ерте кездегі ауыз әдебиеті тудырған халықтық эстетикадан басталандығы туралы сөз етеді. «Қыз Жібек» жырын негізге ала отырып, ондағы көш суреттері, Тайбурылдың шабысы сындық сұрыпталудың жоғарғы көріністері екендігін айтады. «Ауыз әдебиетінің қай үлгісі болмасын халықтың эстетикалық, сыншылық көзқарасы мен парасатын танытып отырады» деген қорытынды жасайды. 

Зерттеушінің әдеби сын саласында жазған ерекше монографияларының тағы бірі: «Оңаша отау». Монографияда кеңестік дәуірде туып, қалыптаса бастаған қазақ әдебиеті сынының негізгі даму жолдары, басты-басты проблемалары қарастырылады. Мұны кітаптың бөлімдері мен тарауларына қарап-ақ байқауға болады. «Жаңа заман – жаңа эстетикалық мұрат» деп аталатын бөлімде, кеңес заманында әдебиет алдында тұрған негізгі міндеттер, әдеби сынның сол үшін күресі баяндалады. Сондай-ақ, «Көркемдік дамудың соңғы сипаттары», «Сынның эстетикалық проблемалары», «Реализм бе, романтизм бе?», «Әдеби ағымдар платформасы» деген тарауларда совет сынының тууы мен қалыптасуындағы В.И.Ленин еңбектерінің методологиялық маңызы, партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты, жазушылар ұйымдарының құрылуы мен атқарған істері, 1920-жылдар ішінде туған әдебиет проблемалары мен айтыс-таластар сөз болады. Бұдан бөлек, қаламы қарымды қайраткер «Қазақ әдебиетінің тарихы» (3-т.,1–2-кіт., 1967), «Қазақ совет әдебиетінің тарихы» (1970, Мәскеу, орыс тілінде), т.б. іргелі еңбектерін даярлап, жазысуға қатысты. С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізді: «Сәкен Сейфуллин» (Мәскеу, ЖЗЛ, 1972, орыс тілінде), «Сәкен Сейфуллин» (1976), «Сәкен және Гүлбаһрам» (1994), «Сәкеннің соты» (1994), «Сәкен Сейфуллин» (1997), «Тар жол, тайғақ кешудің тағдыры» (К. Ахметовамен бірге, 1997), «Сәкен сүйген сұлулар» (1997), «Мағжан-Сәкен» (2000), «Сәкен аялаған арулар» (2003) деген он шақты кітап жазды. «Ұштасқан үш өзенмен» (1978), «Жол үстінде 80 күн» (1983), «Садақ» (1986), «Жасампаз өлке» (1989), «Сандалтқан садақ» (2002) сияқты ғылыми-көпшілік кітаптары қазақ халқының әдеби-мәдени мұраларын іздестіру барысында өмірге келді. «Санадағы жаралар» (1992), «Ескірмейді естелік» (1994), «Кер заманның кереғар ойлары» (1995) жинақтары, «Мағжан-Сәкен» ғылыми эссесі (1999), «Сәбең әлемі» (2000), «Сайыс» (2001), «Мерей» (2002) кітаптары жарық көрген. Сәкен шығармаларының көп томдығының құрастырушысы (10 томы шықты). Бұл еңбектер ғалым жазған дүниелердің бір парасы ғана. 

Тұрсынбек Кәкішұлы өз шығармашылығында әдеби сынның негізін қалап, толғамды әрі жүйелі еңбек жаза білген қаламгерлердің бірі де бірегейі. Әдеби сынмен қатар, әдебиет тарихына да молынан қалам тартып, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сәкен Сейфулиннің өмірбаянын зерттеп, бірнеше іргелі кітап жазған зерттеуші ғалым. Расында, солай өзіңе үлгі тұтарлықтай азаматтардың бар екендігі шын қуантады. Неге десеңіз, бүгінгі жастардың ертеңге қарап бет түзеуі, болашақ деген мұхитқа кеме желкенін дұрыс бағыттап, оң жолға қадам басуы алдында жол көрсетер шырағы болса ғана жақсылықпен аяқталмақ. Ал біздегі шырақтар жер бетіндегі ең жарықтары. 

Айжұлдыз Хатыран,

 Еуразия ұлттық университетінің 

2 курс студенті  

Бөлісу:

Көп оқылғандар