Шыңжаңдағы алғашқы аудармашылар. С. Найманмен сұхбат
Бөлісу:
Көрнекті тіл маманы, қытайша-қазақша сөздіктер кешенінің негізін қалаған кәсіби аудармашы, ғалым, Найманғазы Сапанұлы
Е.Еркін: Найманғазы аға, сұхбатқа қош келдіңіз, ең әуелі өзіңіз аударған аударма еңбектер, шығармалар туралы айта кетсеңіз?
С. Найман: 1960 жылдың соңында халық баспасының табалдырығынан аттап, қалам жұмысымен айналысқан екі-үш жылда саяси, әдеби және ғылыми аудармаларым арқылы ел ауызына ілініп, еткен еңбегім еленіп, ептеп адам бола бастадық. Содан былайғы жебеушім ұлы Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» дейтін ғақлиясы және қазақтың «Ерінбеген етікші болады» сынды әйгілі мақалы болды дер едім. Дүние әдебиетінің классиктері Чарльз Диккенстің, Шекспирдің, Хемингуэй мен Габриэль Гарсиа Маркестің, Шолоховтың және осы заманғы қытай әдебиетінің айтулы қаламгерлері Уаң Мыңның, Малчинхудың (Монғол), Чын Жұңшының туындылары қамтылған 10 томдық прозалық аудармамның бәрі жұмыстан тыс уақытымда аударылған болатын. Кезінде Бейімбет Майлин атамыз жексенбі күні зерігіп отырғанында роман жазып тастайтын Бейсембай жолдас туралы жазған ғой, «Мәдениет төңкерісінде» қызмет атаулы түгел тоқтап, кілең саяси айғай-сүренмен әңкі-тәңкі болып жүрген тұсымызда, көркем аудармадан қарайып қалмау үшін қытайдың «Көтерілген тыңы» аталған «Арайлы аспан» деген романының екі томдығын аудардым. «Мынауың кәдеге жарамайтын бекер еңбек қой» десіп маңымдағы әріптестерім көп айтты, заман оңалып, қоғам сабасына түскен шақта сол аудармам таразы басып шыға келгені. Хемингуэйдің «Шал мен теңізін» 1987 жылы, кейін 1990 жылдары Бейжіңдегі жоғары партия мектебінде оқып жатқанымда Габриэль Гарсиа Маркестің «Полковникке ешкім хат жазбайды» атты повесін аудардым. Елге келгенде қазақстандық Нығмет Ғабдуллин есімді ағамыздың Хемингуэйдің «Шал мен теңізін» 1960 жылдары орысшадан қазақшаға аударғанын білдім.
Е.Еркін: 1951 жылы Шыңжаң халық баспасы алғаш құрылған кездегі Нұрдолла Сыдықұлы, Оразбек Қанапин қатарлы аға буындар туралы айта кетсеңіз?
C.Найман: Шыңжаң халық баспасы 1951 жылдың 15 наурызында құрылыпты. Сол құрылған күні естелік ретінде түсірілген суреттен Нұрдолла Сыдықұлы, Оразбек Қанапинмен қатар Зурә Ыбырай атты алғашқы әйел аудармашыны көре аласыз. Бұл үш кісіні неге айтып отырмын, соның алдында осы үш кісі де «Одақ» журналында қызмет істепті. «Одақ» журналы Шыңжаңдағы үш аймақ төңкерісі тұсында құрылған «Шыңжаңда бейбітшілікті және демократияны қорғау одағы» аталатын халықтық ұйымның «көп ұлтты ұйым» тілі екен. Журнал қытай, ұйғыр, қазақ тілдерінде шығып тұрыпты. Бұл үшеуі де осы журналдың редакторы әрі корректоры ретінде жұмыс атқарған. Қазақ группасының жұмысын Нұрдолла жүргізіпті, басында баспаның орынбасар бастығы, қазақ тілін білетін Кабиң атты дағұр болыпты, бірақ ол күнделікті шаруаға көп араласпайды екен.
Нұрдолла Сыдықұлы
Бастапқы кезде газет-журналға шығатын дүниенің көбі аударма болған, кезінде тіл мектебінде қытай тілінен сауаттанған Нұрдолла Сыдықұлы сол басылымдардың бәріне жауапты редакторлық етті. Сөйтседе ресми лауазымы болмаған сияқты. 1957 жылы қазақ жазуын араб әрпінен славян жазуына көшіру туралы Құлжа қаласында ашылған мәжіліске қатысқаны бар еді. Сол себепті 1958 жылғы оңшылдыққа жергілікті ұлтшылдыққа қарсы науқан кезінде ұлтшыл аталыпты, бірақ жазаланбай үйреншікті қызметін істеп, арасында ауыл-қыстақтарға төмендетіліп еңбекке жіберіліп отырыпты. 1961 жылдан соң қазақ группасының барлық жұмысын осы Нұрдолла атқарды. Баспаға жолданатын қазақша кітап-журналдардың бәрі (бұрынғы «Одақ» журналы тоқтатылып, оның орнына «Алға» журналы атты саяси теориялық аударма журналы шыға бастаған екен) Нұрдолланың бекітуінен өтетін. Алайда ешқайсысына аты жазылмайтын еді (басқа редакторлардың, корректорлардың да аты жазылмайтын). Группа бастығы дейтін лауазымы да жоқ болатын. «Мәдениет төңкерісі» кезінде әлгі оңшылдықпен тағы бір рет соққыланды. Мәдениет төңкерісі аяқтаған соң абройы қалпына келтіріліп, саяси-теориялық кітаптар редакциясының меңгерушісі, сөздік редакциясының орынбасары міндеттерін атқарды, кейін партия қатарына қабылданды. Нұрдолла саяси-теориялық кітаптарды өте көп оқыған, 1950 жылдар басында халық баспасына көмекке келген Жәрдем Тілеков қатарлы кеңес мамандарынан редакциялық тағылым түйген, әсіресе Ленин шығармаларына көп үңілген кісі еді. Мақала арасынан Лениннің әлдебір үзіндісі кезіге қалса пәленінші томында, тугенінші мақаласынан қараңдар деп отыратын және онысы көбінде дәл шығатын. 1980 жылдар соңында мемлекетте кәсіби атақ ресми жолоға қойылғанда, 30 жылға жуық редактор болған Нүкең тете аға редакторлық (Доцент) атағын ғана алды. Мыңдаған кітап-журналды өзі бекітіп баспаға жолдағанымен соның ешқайсысына жауапты редактор ретінде аты жазылмаған, өзі төте аударған кітабы жоқтың қасы болып шықты (жалғыз ғана аударма кітабы материялға енгізіліпті). Сол үшін бағалау алқасының шартынан өте алмады. 1989 жылы сәуір айының соңында 60 жасқа толмай жатып жүрек талмасынан қайтыс болды. Сонау 1950 жылдың басынан 1980 жылдың соңына дейінгі отыз жылда халық баспасының қазақ редакциясында қызмет еткен, әртүрлі лауазымда жұмыс атқарған, әртүрлі атақтар алған екі-үш буын редакторлармен аудармашылардың бәрі осы Нұрдолла марқұмнан тәлім алған, сол кісінің жетегі және жебеуі арқасында өсіп жетіліп шыққан тұлғалар саналады.
Нұрдолла Үрімжі ауданының Нәншан тауындағы Моргу деген жерді мекендеген Жастабан руы, Бегімбет деген тұқымынан. Әкесі Сыдықтан жастай жетім қалған соң әкесінің туған ағасы Оспан молланың қолында өсіп, сол ауылда сауатын ашады. Үрімжідегі тіл мектебінде Қытай тілінен сауаттанады, кейінгі қызметі кезінде өзі танымайтын қытай әріптерін суретіне қарап-ақ соқалай беретін еді. Сол 1960 жылдары халық баспасынан қазақша басылған «Қалың орман, қарлы дала», «Бейбіт күндерде», «Бәрі де партияға» қатарлы романдардың аудармасын түгелімен осы Нүкең бекіткен. Бір қызығы, өзі ештеңе жазып-сызбаған, күллі өмірі тек редакция жұмысымен ғана өткен.
1965 жылы Бейжіңде «Мао Цзэдунның таңдамалы шығармаларының» 1,2,3-томдарын аудару және аударманы редакциялау қызметіне қатынасты, автономиялы райондық партком мен халық үкіметінің әрқилы құжаттарын аудару жұмыстарына атсалысты. «Шұғыла» журналы редколлегиясының мүшесі болып жүргенінде өзін бағып-қағып өсірген Оспан молланың атын қолданып Нұрдолла Оспанов аталған, туған әкесі Сыдықтың атына бертінде ауысты. Тумысынан шешен, тапқыр, әзілкеш Нүкеңнің ел арасында жүрген әзіл-қалжыңның өзі бір төбе.
Шыңжаңдағы бір бөлім аудармашылар
Оразбек Қанапин Санжы ауданындағы Ашылы дейтін жердің қазағы. Ауылда бастауыш мектептен сауаттанған соң 1940 жылдар соңында оқу-білім қуып Үрімжіге келеді де «Одақ» журналына қызметке тұрып қалады. Халық баспасы құрылғанда соның шаңырағын көтерушілердің бірі болады. Ол кісінің ақындық өнері де болыпты. 1950-1960 жылдарда анда-санда өлеңдерін жариялап жүріпті. 1950 жылдар соңында ұйғыр-қазақ жазуларын өзгерту комитеті құрылғанда сол мекемеге ауысып, латын әріпі негізіндегі қазақ жазуын жасау, емлесін қалыптастыру және жаңа жазуды қоғамға жалпыластыру қызметіне атсалысады. 1960 жылдардың басында «Мао Цзэдунның таңдамалы шығармаларын» аудару, редакциялау жұмысына редактор әрі тіл маманы ретінде қатынасып, төрт томның жұмысына бастан-аяқ араласады. 1960 жылдардың ортасында халық баспасына қайта ауысып келіп, жергілікті әдебиет группасының бастығы, редакция меңгерушісі міндеттерін атқарады. 1980 жылдары шыға бастаған «Шалғын» журналының жауапты редакторы болды және алғашқы санының беташарын жазады. Қазақ ауыз әдебиеті шығармаларын жинау, құрастру, баспадан шығару және зерттеу жақтарында көп еңбек сіңірді. «Боғда түлегі» атты повестін жариялайды. Редакторлық атақ бағалау кезінде тете аға редакторлық деген атағын алады. 1990 жылдардың орта шенінде зейнетке шықтыда қазақстанға қоныс аударып, Талғар ауданында өмірден озды.
Е. Еркін: Шыңжаңдағы «Монғол-қазақ мектебі» (Мың-Қа Шуетаң) оқу орнына түлеп ұшқан алғашқы аудармашылар кімдер?
С. Найман: «Монғол-қазақ мектебі» Цин патшалығын құлатқан Цинхай төңкерісінен (доңыз жылғы төңкеріс) кейін Шыңжаңды 17 жыл бойы билеген генерал Яң Зыңшинның тұсында монғол, қазақ жоғары жіктегілердің балаларын қытайша оқыту мақсатымен 1920 жылы ашылыпты. Ол мектепте алғаш оқыған қазақтардың кім екені беймәлім. Менің білетінім сол мектептен қытайша оқып шыққан, 1930 жылдар басында Алтайға лаң салған дүңгендерді жездесі Шәріпхан төремен тізе қоса қуған, сол 1930 жылдар соңында тағы да Шәріпхан төремен қатар Шыңжаң милитарисі Шың Шысай тарапынан тұтқындалып, Шың Шысай Шыңжаңнан кеткен соң ғана абақтыдан тірі шығып, 1945 жылы «Үш аймақ төңкерісіне» қатынасқан. «Одақ» ұйымының Алтай бөлімшесін басқарып, 1950 жылдар басында батыс-терістік бюросының ұлттық істер комитетінде, кейін «Орталық ұлттар» баспасында, «Шыңжаң халық» баспасында жұмыс істеген Мұқаш. Сонау заманда Алтай, Тарбағатай өңірінде жұрт қастер тұтқан Жәке бидің ұлы Мұқаш ғана. Мұқаш Мао Цзэдунның «Ұзаққа созылатын соғыс туралы» тақырыпты мақаласын сол абақтыда аударған деседі. 1960 жылдың басынан зейнетке шыққанша бір бөлімде қызметте болғамын. 1990 жылдар соңында жасы тоқсаннан асқан кезінде Үрімжіде қайтыс болып, туған жері Жеменейге апарып жерленді. «Шыңжаң Халық» баспасы атынан Жеменейге барып қабіріне топырақ салып қайтқан едім.
Е.Еркін: Нығымет Мыңжани, Нариман Жабағытайұлы, Әзімқан Тішәнұлы қатарлы аудармашылардың еңбек жолы туралы айтып берсеңіз?
С.Найман: Нығымет Мыңжани (Тарбағатайдың толы ауданынан) күрделі тұлға. 1930 жылдар соңында Үрімжіге оқуға келіп қытай тілінен сауаттанады (Бәлкім сол тіл мектебі болса керек). Сонан соң өлкелік үкіметтің қоғам қауіпсіздігі басқармасында жұмыс істейді, тергеуші де болған сияқты. Гоминдаң үкіметі кезінде қазына меңгермесінің меңгерушісі Жәнімханның хатшысы болады (Бұның бәрі жұрт арасындағы әңгіме, нақты қалай екені беймәлім). Сол тұстары әдеби шығармашылықпен де айналысып «Қарлығаш» атты дастан, «Тұрмыс тілшісі» тақырыпты повест жазыпты (өзім оқып көрген емеспін). Жаңа қытай құрылғаннан кейін Бейжиңдегі ұлттар баспасының қазақ редакциясында қызмет істейді әрі сол редакцияны басқарады, 1961 жылы тұтқынға алынады.
Нығымет Мыңжани
Мен ол кісімен 1970 жылдардың орта шенінде таныстым, осыдан көп ұзамай қоғамдық ғылым академиясына қызметке орналасады да, 1980 жылдары «Қазақтың қысқаша тарихы» атты кітап жазады. (ұлттық істер комитетінің міндеттеуімен) Ол кітабы «Халық» баспасында басылып шығады. Тарих және тіл, ауыз әдебиеті мәселелерін зерттеумен айналысып әртүрлі мақалалар жариялайды да қазақ қоғамындағы әйгілі оқымыстылардың бірі ретінде танылады.
Нариман Жабағытайұлы (Ж.Нариман) Шыңжаң баспа сөзіндегі алғашқы әрі әйгілі тұлғалардың бірі. Танымал аудармашы және редактор, баспагер, жазушы. Туған жері қазақстанның Шұбартау өңірі (Жастабанның Бегімбет әулетінен). 1930 жылдар басында (сәби кезінде) туған-туысқандарымен бірге Шыңжаң жеріне қоныс аударып Сауан ауданында ержетеді, Үрімжідегі тіл мектебінде қытай тілінен сауаттанады. 1950 жылдар басында қолына қалам алып аудармашылықпен, қаламгерлікпен айналысады.
Нариман Жабағытайұлы
Шыңжаң қазақ әдебиетіндегі алғашқы аударма роман «Көркем Чаушиянды» сол 1950 жылдардың ортасында аударады, 1956 жылы «Шыңжаң жастар» баспасы құрылғанда сол баспаның орынбасары әрі қазақ группасының бастығы міндетін атқарып, «Коммунизмшіл жас» журналын ұйымдастырады. 1960 жылдардың басында қытайдың сол кездегі әйгілі романы «Қызыл жартасты» аударады, сол жылдары ««Мао Цзэдун таңдамалы шығармаларының» төрт томын аудару және редакциялау қызметіне бастан-аяқ қатынасады. «Ағады өзен аялсыз», «Жер ортасы жасына келгенде» романдарын аударып бастырады. «Мәдениет төңкерісінен» кейін «Шыңжаң кино студиясына» ауысып, қазақ тіліне кинолар аудару жұмысының ірге тасын қалайды. Ж.Нариман 1950 жылдар басында әр тақырыптан бірқыдыру мақалалар жариялады, бес сызықты нота кітапшасын құрастрады. Ерен еңбегі ескеріліп, талай рет марапатталады, аға аудармашы атағын алады. 1990 жылдар қайтыс болады.
Әзімқан Тішәнұлы
Әзімқан «Шыңжаң халық» баспасына 1978 жылы Алтайдан ауысып келді де, «Үш патшалық қиссасын» аудара бастады, 1983 жылы жарыққа шыққан «Көкжиек» көркем аударма журналының (шетел әдеби туындылары ғана басылатын) жауапты редакторы міндетін атқарды. Кейін «Су бойында» романының жаңа жазуда басылған нұсқасын қайта редакциялады, бірақ «Қызыл сарай түсінің» аудармасына қатыспады. «Таң дәуірінің жүз өлеңін» аударды, және де ауыз әдебиетіне қатысты мақалалар жазатын еді. 1993 жылы қайтыс болды. Байырғы қытай әдеби тілін өте жақсы білетін еді.
Е.Еркін: «Су бойында», «Үш патшалық қиссасы» қатарлы қытайдың классикалық шығармаларының аударылуы, баспадан шығуы, жалпы толық барысы қалай болды?
Қызыл сарай түсі
Үш патшалық қиссасы
Су бойында
С.Найман: «Су бойында», «Қызыл сарай түсі», «Үш патшалық қиссасы» қатарлы қытай классикалық романдарының аудармасына мен қатыспадым, тек «Су бойында» романының 18-тарауын ғана аударғаным есімде. Ол тұста мен «Көк сөздіктің» сарсаңында жүрген едім. Қытай классикалық романдарының ішінде «Батысқа сапар» романы ғана халық баспасында аударылмай қалды. Жаңа қытай құрылудан бұрын қандай әдеби шығармалар аударылғаны белгісіздеу. Ал жаңа қытай құрылғаннан кейінгі алғашқы аударма роман бағана айттым, Ж.Нариман аударған «Көркем Чаушиян» болды.
Е.Еркін: Таң өлеңдерін, Сұң бәйіттерін аға буындар және кейінгі аудармашылар аударып жүр, сізше осы аудармалардың сапасы қандай?
С. Найман: Сонау 1960 жылдардың басында таң дәуірінің өлеңдерінен бір тобын аударып «Шұғыла» журналында жариялаған болатынмын, онан соң ілгерілей түсуге мұрсат бола қоймады. Олардың көбін – «Таң дәуірінің жүз өлеңін» Әзімқан марқұм аударып халық баспасынан кітап болып шыққан еді. Бертінде таң дәуірі өлеңдерінің жаңа аудармасы жарыққа шыққанынан хабарым бар, бірақ бұрылып қарай алған жоқпын, сондықтан олар туралы пікір айта алмаймын. Таң өлеңдерінің аудармасы жайында, жалпы көркем аударма туралы ғылыми зерттеулер, сараптама пікірлер жоқтың қасы дерлік, әркім шамасынша аударып жатқан жәйт көп кездеседі.
Е. Еркін: Қытайда ең алғашқы әдеби аудармалар қазақ тіліне қай кезде аударыла бастады? Ең алғашқы аудармашы кім деп білесіз?
С. Найман: Шыңжаң қазақтарының қытай тілінен жасаған кесек әдеби аудармалары азаттықтан соң (1949 жылдан кейін) басталды. Оның басында Ж. Нариман тұрады, 1960 жылдары Шамас Әубәкірұлы, Қинаят Сарбасұлы, Әбдібек Байболатұлы, Әбділдабек Ақыштайұлы көріне бастайды, бұлардың арасында кесек аударма жасағандары Әбдібек, Нариман, Әбділдабек үшеуі. Әбдібек «Қалың орман, қарлы дала» романын, Нариман «Көркем Чаушиянда», «Қызыл жартас», «Ағады Фінхы аясында» романдарын аударды. Әбділдабек «Бәрі де партияға», «Дауыл» романдарын және Лу Шүн шығармаларының көбін аударды. Осылардың арасында нағыз көркем аударма жасаған, түпнұсқаны шынайы қазақ тілінде сайратқан кісі Әбдібек еді, мен өзімнің кейінгі көркем аудармаларымда осы Әбеңнің жолын қууға барымды салдым. Сол 1960 жылдары Меллатқан Әленұлы, Мәулітқан Жамантыловтар да көркем аудармаға араласты. Бұлардан соңғылары өзіміздің буындағы Қалиқан, Кәкім, Кәкеш, Ақия, Ғалажден, Шәріп, Рамазан қатарлылар еді.
Е.Еркін: Шыңжаң қазақтарының латыншаға көшуі туралы не дейсіз?
С.Найман: Шыңжаң қазақтары араб жазуын, әсіресе Байтұрсынов жүйесіндегі араб жазуы мен емлесін ұзақ уақыт қолданды, менің замандастарымның көбі осы араб жазуымен сауаттанған еді. Көшкен ғасырдың орта шенінде, 1957 жылы қытай билігі кеңес одағы сынды «ағасымен» бал жаласып тұрған тұста, осы араб жазуынан қазақстанның орыс әліппесі негізіндегі жазуына көшу ұйғарылыпты. Арада бірер жыл өткен соң бұл ұйғарылым теріске шығарылып, латын жазуы негіз етілген жаңа жазуға көшу туралы шешім қабылданады. Қазақ жаңа жазуына көшу және оны жалпыластыру туралы ғылыми баяндаманы 1960 жылдың наурыз айында, Шыңжаң газеті, қазақ редакциясының сол кездегі меңгерушісі, ақын, жазушы Бұлантай Досжанин жасағаны есімде. Баяндама залын толтыру үшін апарылған қалың оқушының арасында өзім де отырғанмын. Осыдан көп өтпей-ақ бастауыш мектеп оқушылары жаңа жазумен сауаттана бастады. Баспадағылар қызмет арасында жаңа жазуды және оның емлесін меңгеріп, үлкендер оқитын кітап-журналдарды жаңа жазумен шығаруға кірісті. Алайда, үлкен кісілер, әсіресе автономиялы районның басшылар бұл жазуды меңгере алмай, машинкаға басылып дайындалған материалдарды, баяндамаларды оқи алмай ежіктегеніне талай куә болған едік. Осыдан барып ұйғыр, қазақ жаңа жазуын доғару ойы туындады да орталықтың бекітуінен соң бұл жазу 1983 жылы яғни 20 жылдан аса қолданыстан кейін сахнадан шеттетіліп, араб жазуы қайтадан қалпына келтірілді. Бұл өзгерісті зиялы қауым, өте-мөте жаратылыстық ғылым мамандары қолдамады. Ол ғылымдардың көптеген формулалары мен теңдеу өрнектері, атаулары көбінде латын жазуымен таңбаланады ғой, бұл қолайсыздық кейін өзім ұзақ жылдар иіріміне шөккен қытайша-қазақша сөздікті құрастырған кезде анық байқалдым. Мысалы «қытайша-қазақша қысқаша сөздіктің» компьютерде теру, беттеу барысы бес жылда әрең аяқтады. Үрімжідегі үлкенді-кішілі баспахананың бәрін аралап шықтым десем де болады. Солдан оңға қарай терілетін қытай иероглифі мен оңнан солға терілетін араб жазуының компьютерде теріп-беттеу кезінде әріп терушілерді қарама-қарсылағы шыға беретін таңбалар өзгешелігі әбден әуре сарсаңға салған едім. Екі жазу бір бетте, екі жаққа тартуын қоймайды, мұның негізгі,екі жазудың қарама-қарсы бағытта жазылуы еді. Осы қиындыққа қарағанда сол латын жазуын қолдана берудің өзі жөн сияқты көрінді, 21 ғасырдың ғылым-техникасы да латын әліпбиін жатсына қоймайды.
С. Найман ағамызбен,Үрімжі қаласы, 2018 ж.
Е.Еркін:Қазыр қандай дүниелермен айналысып жатырсыз, ғұмыр баяндық дүние жазып шығу деген жоспарыңызда бар ма?
С. Найман: «Ауру кетседе әдет кетпейді» деген ғой, ұзақ жылдар бойы қалам тербеген саусақтарым әдетінен жаңылмас. «Қытайша-қазақша үлкен сөздікті» өңдеу және толықтыру жұмысын 2016 жылдың жазында бастаған болатынмын, баяғыдай басып тұрған қалың шаруа жоқ, уақыт жеткілікті ғой. Қазірге дейін бастан-аяқ он рет сапырыстырып, қажетті өңдеулер жасап және толықтыра отырып, 123 мыңнан астам қытай сөзі, сөз тіркесі және идиомалары қамтылған, әуелгісінен әлдеқайда дұрыс да, сапалы, бүгінгі күнгі жаңа атаулармен талай сөздер енгізілген жаңаша, үлкен сөздікті дайындап қойып отырмын. Баспадан шығар сәтті күні туар деген үміттемін. Ала қағазға үңіліп үйренген көзі құрғыр ауық-ауық газет-журналдар парағына жетелейді, кейде кітаптар ақтарып кетемін. Республикамен қатар есейген, әлденеше ондаған жылдар бойы қалам жұмыспен айналыса жүріп қоғамдық құбылыстардың талайын бастан кешкен, әсіресе Шыңжаңдағы қазақ баспасөзінің қайнаған ортасында өмір кешкен, оның соңғы жарты ғасырдағы аяқ алысынан қанық хабары бар қазақтың біреуімін ғой. Көрген-білгенімді, бастан өткергенімді кейінгілерге жеткізіп кетейін деген оймен «Ауылдан алыс сол жылдар» атты естемені сұлбалап, кітап етіп бастырып шығарып қойдым.
Е. Еркін: Сүбелі сұхбатыңызға, кеңесіңізге көп рахмет!!
Бөлісу: