Милан Кундера. Роман өнері

Бөлісу:

31.08.2024 707

Севантес мұрасына жабылған жала

I

1935 жылы Эдмунд Хуссерль (нем. Edmund Husserl) дүниеден өтерінен үш жыл бұрын іркес-тіркес Вена мен Прагада өзінің әйгілі «Еуропаның адамгершілік дағдарысы туралы» лекциясын оқыды. Эдмунд Хуссерльдің «Еуропа» атауы географиялық мағынасынан әлдеқайда алқыған Еуропа рухының ортақтығын меңзейді, мұндай рухани ұқсастық Грек философиясына ілесе жарыққа шыққан. Эдмунд Хуссерльдің бағамдауынша ежелгі Грек философиясы тарихта дүниені алғаш рет түсіндіруге тиісті мәселе ретінде қараған. Ежелгі Грек философиясы қандай да бір нақтылы қажетті қанағаттандыру үшін емес, қайта тануға құмарлықтың түрткісінде дүниелік мәселелерді барлай бастады.

Хуссерль өзі сөз еткен дағдарысты өте ауыр деп қарады, әуелі осы дағдарыстан соң Еуропа жалғасты болмыс ретінде тұрама деп екіұдай күй кешті. Ол дағдарыстың түп тамыры модернизімнің алғашқы кезінде, Галилей мен Декарт еңбектерінде деп қарады. Ол кезде Еуропа ғылымы дүниені кішірейте келіп, техника мен математика зерттейтін қарапайым обьектіге айналдырды, жалаң түрде нақтылы адамдар өмірін яки Хуссерль атаған адам өмірін (die lebenswelt) бір жаққа қайырып қойды. Ғылым-техниканың қарқынды дамуы адамзатты кәсіп көлеміндегі бір-бір тунелге жетелеп енгізді. Адамдардың білімі тереңдеген сайын көрсоқырға айналып, дүниенің тұтас тұлғасын да, өз әлемін де танудан қалды. Осылайша адамзат Эдмунд Хуссерльдің шәкірті Мартин Хайдеггер көркем және ғажап есім берген «адам болмысы естен көтерілген» күйге түсті. Әуелде Декарт жаратылыстың қожасы дәрежесіне көтерген адам нәтижеде өзінен озған, жаншып өткен және құндылықтарын иемденген күштердің (техинка, саясат, тарих) меңгеруінде қалды. Осынау күштер жөнінен алғанда адамның нақтылы болмысының, өмірінің ешқандай құны, ешқандай мәні жоқ. Адам әлдеқашан ұмытылды, қалтарыста қалды.

II

 Дейтұрғанмен, меніңше заманымызға болған осындай қатал кө­зқарасты қарапайым мұң шағу деп санау тым аңқаулық болар еді. Керісінше осы екі ұлы философ дәуірдің екі жақтылы ерекшелігін ­ кері кету мен ілгерлеуді көрсетіп берді деп білемін, оның үстіне барша адамдық қасиеттер сияқты дәуірдің екі жақтылы ерекшелігі ілкі басталуында-ақ өз болашағының құрдымға кететінін белгілеп қойған. Меніңше осы екі жақтылық Еуропаның жақын төрт ғасырының бағасын түсірмейді. Философ емес, жазушы болғандығым үшін осынау төрт ғасырға аңсарым ауып тұрады. Шынын қуғанда, өзім жөнінен жаңа заманның (модернизм дәуірінің) негізін қалаған адам Декарт қана емес, мұнда Сервантестің де үлесі бар. Мүмкін екі феноменология ғалымы модернизм дәуіріне төрелік айтуда Сервантесті ескермеген. Бұлай деудегі себебім, егер адам өмірі философтар мен ғалымдар жағынан үміт қалдырылды десек, бақытқа жарай Сервантес оны ұмытқан жоқ. Еуропаның керемет көркемөнері осылай барлыққа келді. Бұл дәл сол «естен көтерілген адам болмысына» жүргізілген зерттеу. Іс жүзінде Мартин Хайдеггер өзінің «Болмыс және уақыт» шығармасында талдаған болмысқа қатысты барлық маңызды түйіндер (ол осыған дейін Еуропа философтары бұл мәселеге мән бермеді деп қарайды) төрт ғасыр бойы Еуропа романдарында түгел анықталып, жария көрсетілді. Арт-артынан жазылған романдар романға тән әдіс, логика арқылы болмыстың ұқсамаған жақтарын ашты. Сервантес дәуірінде роман тәуекелшілдіктің не екенін талдады; Сэмюель Ричардсон (1716-1868) романдарынан бастап адамның ішкі дүние болмыстарын тереңдей бақылады, сезімнің көмескі күйін көрсетті; Бальзак романдарында адамның тарихқа қалай тамыр тартатынын байқады. Флобер өзіне дейін назар салынбаған күнделікті өмірдің нақты хәліне ізденіс жасады; Лев Толстой өз романдарында адамның белгілі бекімге келуі мен мінез-әрекетінде сезім қалай рөл атқаратынына талдау жасады. Роман уақыт ұғымна зерттеу жүргізді: Марсел Пруст баянсыз өткен күннің мезеттік сәтін; ал Жеймс Жойс (1882-1941) қолға тұрмас бүгінгі уақыттың қас-қағым сәтін зерделеді. Томас Маннға келгенде роман ертегінің маңызына, рөліне талдау жасады, өйткені есте жоқ ескі заман түкпірінен жеткен аңыз-ертегілер біздің басқан-тұрғанымызды меңгеріп тұр. Жаңа дәуірдің (Еуропа тарихындағы модернизм дәуірі – ауд) алғашқы кезінен бастап роман адамзатқа адалдықпен серік боп келеді. Роман «тануға құмарлықтың» (Хуссерль мұны Еуропа рухының арқауына балайды) басталуымен адамның нақтылы өміріне талдау жүргізді әрі нақтылы өмірді «болмыстың ұмытылуы» сынды қатерден қорғап, романның адамзат өміріне нұр шашуына кепілдік етті. Дәл осы мағынада Херман Брохтың (нем. Hermann Broch,  Австрия жазушысы, 1886-1951) табанды түрде «тек роман арқылы ғана тануға болатын болмысты тану – романның бірден-бір мәужүттік мәні» деген көзқарасын түсінемін һәм қолдаймын. Роман өз тұсында танылмаған болмысты айқындамаса ол моральдық өлшемге толмайды, таным яки білім романның бірден-бір моральдық өлшемі. Осы тұста мынаны баса айтқым келеді: роман – тұтас Еуропаның туындысы. Роман байқаған дүние ұқсамаған тілдер арқылы бейнеленгенімен тұтас Еуропаға тән. Танудың жалғасуы (барша жазылған дүниелердің жиналуы емес) Еуропа роман тарихын құрады. Тек осындай мемлекет көлемінен алқып шыққан артқы көрініс арқылы ғана бір шығарманың құны (нақтырақ айтқанда роман байқаған болмыс мәні) тұтастай анық көрінеді.

III

Он сегіз мың ғаламның әміршісі, жаратылыстың тәртібін орнатушы, жақсы мен жаманды білуші, затқа есім мен мағына беруші Тәңірі ақырын-ақырын өз орынынан сырғыды. Осы кезде сапарға шыққан Дон Кихот әлемнің адам танымастай болып өзгергенін көрді. Төбе би орынынан кеткелі дүние үрейлі бір бұлдыр күйге түскендей. Бірден-бір киелі ақиқат адамзат ортақ бөлісетін сан мыңдаған салыстрмалы ақиқаттар болып ыдыратылды. Осылайша жаңа заман келді. Оның шағылысқан көрінісі мен бейнелену формасы ретіндегі роман да өмірге келді. Декарт «ой үстіндегі өздік (мен) барлығының негізі, осы арқылы ғаламмен бетпе-бет келе алады» деп таниды. Гегельдің мұны героизм деп тануының қисыны бар.

Сервантес дүниені бұлыңғыр деп таныды, бірден бір ақиқатқа емес, бір мұнша өзара қайшылықты ақиқатқа ( бұл ақиқаттар роман кейіпкері деп аталған образды меннің бойынан көрінеді) бетпе-бет келу керек болды. Сондықтан адамға тиесілісі, бірден-бір анық болғаны – болжаусыз парасат. Мұны орындауға адамға мол қайрат керек. Осынау ұлы шығармасында Сервантес сіра не демекші? Бұл туралы жазбалар мол. Кейбіреуінде Дон Кихоттың жасанды идеализмыне саналы сын айтады деп қаралса, енді бірінде сол идеализмды мадақтайды делінеді. Екі талдау да дұрыс емес. Өйткені екі көзқарас та романның негізгі тұрғысын болмысты бақылау ретінде емес, моральдық позиция ретінде қараған. Адам баласы дүниеде жауыздық пен ізгілік шекарасының айқын болуын үміт етеді. Мұның себебі адамның тумысында бар, тежеуге келмейтін түсінуден бұрын төрелік айту қасиетінде. Діни сенім мен идеология осы тілектің негізінде орнайды. Романға тән салыстырмалылыққа ие, образды тілді дін мен идеологияның өктем, уағыздық лепесіне айландырсаңыз ғана бұлар романмен келісімге келеді. Оларда белгілі бір жақтікі сөзсіз дұрыс болуы керек, айталық Анна Каренина пейілі тар, қатігез графтың құрбаны немесе Каренин моральсыз әйелдің құрбаны; әділетсіз сот кінасіз Каренинді күйретті немесе соттың артында қасиетті әділдік бар, ал Каренин қылмысты дегендей… Осы керағарлықтар шындығында қайшылыққа ие адамдық мәселелерді қабылдаудың мүмкін еместігін, жаратушының әмірі жоқ жағдайдың мүмкін еместігін ұғындырады. Қайшылықты адамдық мәселелерге шешім жасау мүмкін болмағандықтан романдағы парасатты (орынықсыз, анық емес парасатты) қабылдау, түсіну қиынға соғады.

 

IV

Дон Кихоттың алдынан құшағын айқара ашқан әлем қарсы алды. Осынау дүниеге ол еркімен кіріп, қалаған уақытта шығады. Ең алғашқы Еуропа романдарында ылғи дүниені көктей өткен жиһангездік сапар айтылады, алдағы дүние шетсіз-шексіз сияқты сезіледі. «Жак-фаталист және оның қожайыны» басталысымен-ақ жол үстіндегі екі бас кейіпкердің жәй-күйін бейнелейді, олардың қайдан келгенін де, қайда бет алғанын да біле алмаймыз. Олар жасаған уақыттың басталуы да, ақыры да белгісіз; олар жасаған кеңістіктің шекарасы жоқ, тек Еуропа екені ғана белгілі. Ал Еуропа жөнінен алғанда болашақ ешқашан ақырласпайды. Дидродан соң жарым ғасыр өткеннен кейін, Бальзак тұсында жазушы назарындағы көріністі заманауи құрылыс қалқалағандай бұрынғы шексіздік ғайып болды. Мұндағы құрылыс деп отырғанымыз сақшы, сот, финанс және қылмыс әлемі, әскер, мемлекет қатарлы қоғамдық құрылымдар. Бальзак дәуірі Сервантес, Дени Дидролардай уайымысз емес еді. Бальзак дәуірі адамдар тарих деп атаған заманның алып пойызына тіркелді. Оған шығу оңай, түсу мұң. Дегенмен бұл сапардың қазірше тым үрейленер ісі де жоқ, өзіндік тартымдылықтан құржаяу да емес-тін. Пойыз жолаушыларға алда қатер бар, сонда қолбасшы жұртқа жөн нұсқайды деп уәде берді. Флобердің «Бовари ханым» романында бақылау көлемі тіпті де кішірейіп, айнала қоршауда қалғанға ұқсады. Тәуекелшілдік назардан тыс қалды. Тәуекелшілдікке құлшыну мүмкін болмады. Күнделікті өмірдің мазасыздығында түс пен арманның маңыздылығы артты. Сыртқы дүниенің шексіздігі ғайып болғанда рухтың шексіздігі дәурендеді. Орынын ештеңе баса алмайтын, адамның бірден-бір орасан елесі – ең әсем Еуропалық елес бүршік атты.

Алайда тарих немесе тарихтың сарқыншағы, мол мүмкіндікті қоғамның егей күші адамзатты меңгерген уақытта, «рух шексіз» деген қиялдың өзі киесінен азды. Бұдан ары тарих адамға қолбасшының нұсқауы жөнінде келісім бермеді. Ол (тарих) тіптен К-ге (Кафканың кейіпкері) жер өлшеу қызметінің бір орыны жөнінде уәде бергісі де келмеді. Сот алдындағы К, қамал алдындағы К не істей алмақ? Ештеңеде. Тым құрығанда, Бовари ханым сияқты армандай алатын шығар? Жоқ. Заманның жұтпасы тым қатерлі. Шаңсорғыш сияқты, К-нің күллі арманы мен барша сезімін сіміріп әкетті. Ол тек өзіне берілетін үкімді ғана , жер барлаушылық орынын ғана ойлайды. Зәудеғалам рух шексіз болса ол енді тек адамның қажетсіз, бағынышты нәрсесі ғана болып қалды.

V

Роман жасампаздығының жолы жаңа заманмен бірге ілгерлеген тарихқа ұқсайды. Егер осы тұтас жолға мойын бұрып қарасам, маған ол таңғаларлық қысқа және жабық күйде сезіледі. Үш ғасыр сапар шеккен Дон Кихот жер өлшеушінің рөлінде туған ауылына қайтқан жоқ па? Ол әуелде қауіп-қатермен бетпе-бет келу үшін аттанған. Алайда мынау қорған ішіндегі ауыл оны тығырыққа тіреді. Тәуекелшілдік оған зорлықпен таңылған еді. Себебі, оның архивінен бір қателік шығып, басқарушылармен арада мағынасыз керіс туылды. Үш ғасырдан соң роман жасампаздығындағы тәуекелшілдік сынды осынау негізгі тақырып қандай күйге түсті? Әлде өзін-өзі мазаққа айландырды ма? Бұл нені меңзейді? Демек, роман ең соңында парадокспен аяқталама? Иә, осылай қарауға болады. Оның үстіне парадокс тек біреу ғана емес, өте көп. «Аяулы әскер Швейк» мүмкін ең соңғы көпке ұғынықты роман. Драмалық романда соғыс негізгі тақырып етілген. Оқиғалар алдыңғы шепте туындайды. Бұл таңғаларлық емес пе? Соғыс және соғыстың қасіреті осылай бейнелене ме? Соғыс тақырыбының күлкімен қамдайтын материялға айналғаны несі? Гомер мен Толстой шығармаларындағы соғыс бүкілдей ұғынықты мағынаға ие. Гомерде соғыс оты Троя сұлуы үшін тұтанады. Ал Толстой романында соғыс Россияны қорғау үшін басталды. Швейк саптастарымен бірге алдыңғы шепке аттанады. Бірақ, не үшін соғысатындықтарын білмейді. Кісіні тіпті де таңғалдыратыны олар соғысқа мүлде қызықпайды. Ендеше, осынау соғыстардың түпкі мақсаты не? Троя сұлуы үшін немесе отан қорғау үшін де емес болса, тек өздерінің күш-қуаттарын сынау үшін туылды ма? Немесе Хайдеггер айтқандай; «мұрат үшін мұрат» па? 

Алайда мұндай жағдай ежелден бергі соғыстардың барлығының да соңында бар болып келген жоқ па? Әрине, солай. Дегенмен мұнда Гәшек қаламында тіпті азырақ ақылдық емеурін арқылы сыналмастан-ақ жасырылған. Жарамсақтар үгіттеген өтірікке ешкім сенбейді. Тіпті осыған үгіттеушінің өзі де сенбейді. Қоғамның мұндай күштері жалаңаш қалыпында көрінеді. Бейне Кафка романындағыдай. Шындығында соттың К-ге жасаған кесімі ешкімге де пайдалы емес (ешкімнің мүддесіне қатыссыз). Қоғамдық жүйенің (қорғанның) жер өлшеушінің өмірін ойрандауының да еш пайдасы жоқ. 

Кешегі Германия, бүгінгі Ресей неліктен дүниеге үстемдік еткісі келеді? Барынша құдіреттену үшін, барынша бақытқа кенелу үшін бе? Жоқ, осынау күштің сұрапыл соққысы ешқашан да пайда үшін емес. Мақсаты да жоқ. Ол (күш) тек қана өз жігерін көрсеткісі келеді. Бұл нағыз сезімге берілу. Сондықтан Кафка мен Гәшек бізді осынау орасан парадокске бетпе-бет қояды. Модернистік дәуірде Декарттың ақылдық танымы орта ғасырдан жалғасып келген құн көзқарасынан бір-бірден іріп таусылды. Бірақ, ақыл жеңуге тисті кезеңде нағыз сезімдік сана билікке қол жеткізді. Өйткені ендігәрі ешқандай кең көлемде қабылданған көзқарас жүйесі оны бөгей алмайды. 

Осы парадокс Херман Брохтың «Ай кезбесінде» анық түсіндірілді. Бұл шығарманы шегіне жеткен парадокстык шығармалардың бірі деп атағым келеді. Мұнан басқа да асқан парадокстер бар. Айталық модернистік дәуір ұлы армандарға жүкті болып келеді. Адамзат алуан түрлі мәдениеттерге бөлінген соң күндердің күні бір тұтастыққа жетуді армандайды. Сонымен мәңгілік пен теңдікке қол жеткізбек. Қазіргі күнде адамзат тарихы бөлінбес біртұтас тұлға қалыптастырды. Бірақ, қасақана, тоқтаусыз толқулар мен соғыс адамзат аңсаған бір тұтастықты жүзеге асырып, кепілдендіруде. Адамзаттың тұтас тұлғалануы дегеніміз әрқандай жерде ешкімнің де тұтастықтан өзін бөлектеуіне болмайтындығын ұғындырады.

VI

Хуссерльдің Еуропаның дағдарысы және адамгершілік тоқырауы туралы лекциясы оның философиялық өсиеті. Бұл сөзін орта Еуропаның екі негізгі қаласында оқыды. Бұл кездейсоқтықтың терең мәнісі бар. Шындығында, батыс елдері орта Еуропа тағдырынан батыстың құрдымға бет алғанын сезді. Анығырақ айтқанда, Варшауа, Будапешт, Прага – Ресей империясының картасына енгенде батыстың бөлінгенін көрді. Бұл кесір 1-інші дүниежүзілік соғыстың ықпалынан болды. Габсбург империясы бастаған бұл соғыс империяның өзінің құруына себеп болып қана қалмастан, әлдеқашан әлсіреген Еуропаның толқуын бастап жіберді. Өз рухындағы шайтанмен күрес жүргізетін ең соңғы бейбітшілік дәуірі – Жеймс  Жойс (англ. James Joyce) пен Марсель Пруст дәуірі қайта айнанып келмеді. Кафка, Гәшек, Роберт Мусиль; Херман Брох қатарлылардың романдарында шайтан сыртқы дүниеден әсер етеді. Адамдар мұны тарихи фактор санайды. Бұл тарихи дәуір бұрынғыдай (Сервантес дәуірі – ауд) тәуекелшілдердің дәуірі емес. Бұл дәуір жекенің еркіне бағынбайды. Оны меңгеру де, алдын ала болжау да, түсіну де мүмкін емес. Оның үстіне ешкім де одан өзін бөлектей алмайды. Осы мезгілде (1914 жылғы дүниежүзілік соғыстан соң көп өтпей) орта Еуропаның бір сыпыра атақты жазушылары жаңа дәуірдегі осынау шегіне жеткен парадоксты тани білді. Алайда олардың романдарын қоғам мен саясат туралы болжам ретінде қарауға болмайды. Оруэлл бізге айтқан сөздерін естелік немесе соғыс туралы мақалалары арқылы айтуына әбден мүмкіндік бар (осындай формада тіпті де айқын жеткізер еді). Керісінше жаңағы романшылар тек роман ғана байқайтын мәселелерді жазып берді. Олар «Шегіне жеткен қайшлық (парадокс)» негізінде барша өмір сүрген құбылыстар қалайша аяқ астынан мағынасын өзгерткенін түсіндірді. К-ның хәрекет еркіндігі мүлде ойдырма болған екен, ендеше, тәуекелшілдіктің неге керегі? «Даралығы жоқ адамдардағы» зиялылар күні ертең болатын, тұрмыстарын ойрандайтын соғыстың туылатынын алдын ала сезбесе «Болашақтың» не мағынасы бар?

Блохтың кейіпкері өзінің адам өлтіргеніне өкінбегенімен қоймай істеген ісін де мүлде ұмытады. Ендеше қылмыс дегеніміз не? (адамдар қылмысқа қалай барады?) Сол дәуірдің бірден бір драмалық тартысқа ие романында соғыс бейнеленді десек, жекелік өмір мен топтық әлемнің айырмашылығы сірәне? Осындай шақта жалғыздықтың мағынасы қалай болмақ? Бір түрлі ауыр салмақ па? Уайым ба? Бақытсыздық па? Немесе керісінше бұл ең бағалы құндылық саналып, барлық жерде топтық сипаттағы аяқ асты етуге ұшырауы ма?

Роман тарихы дәуірінің ықпалы ұзақ мерзімге созылады. (Ол өзгеріп отыратын заман дағдысымен еш қатыссыз. Әрі сол мерзімдегі романдар алдымен зерделеген болмыстың әрбір жағын негізгі ерекшелік етеді. Осы себепті Флобердің күнделікті өмірден байқағандары, қамтыған мүмкіндіктері­ ­­жетпіс жылдан соң Жеймс Жойстың ұлы еңбегінде жеріне жеткізе бейнеленді. Ал елу жылдың алдындағы бір топ Еуропа жазушылары бейнелеген дәуір (шегіне жеткен парадокс дәуірі) меніңше әлі аяқталған жоқ.

VII

Көптен бері адамдар романның құрдымға кететіні туралы айтып жүр. Футуризм, сюрреализмшілер мен авангардизмшілер әсіресе осылай деп біледі. Олар роман алға ілгерлеу жолында құрдымға бет алады, мүлде жаңа болашаққа, өткендегі ешбір көркемөнерге ұқсамайтын жаңа өнерге орын босатады, аянышты кедейлік өмір, үстем тап, көне үлгідегі машина немесе дәстүрлі бас киімдер сияқты роман өзінің тарихи әділдікке ие миссиясымен ұмытыла бастайды деп қарайды. Десек де, егер Сервантес модернистік бағыттың тағанын тұрғызды десек, оның жалғастырушыларының ақырласуы дегеніміз әдеби форма тарихындағы қарапайым орын басу ғана дегендік емес. Адамдардың роман құрдымға бет алды деп жоқтау сөз жолдаудағы ұстанған мақтаныш позитциясы үстірт көзқарас деп қарауымының себебі осы. Үстірт көзқарас болуының себебі жарым өмірім өткен дүниеде (әдетте дара билікті дүние деп аталады) романның құрдымға бет алғанын (шектелгенін, цензураны, идеологиялық қысымға ұшырағанын) көрдім және оны бастан кешірдім. Ол кезде романның көрер көзге модернизімдік дәуірдегі батыс елдері сияқты құрдымға бет алғаны өте айқын еді. Адамзат мәселелерінің салыстырмалылық қасиеті мен көмескі қасиеті негізінде құрылған дүниенің бейнелеу формасы ретінде роман тоталитарлық жүйемен отаспайды. Мұндай отаспайтын жүйені қолдайтын қызметкер мен солшыл, адамдық құқықты қорғаушы мен атқарушының арасындағы қайшылық өте терең. Өйткені романдағы ұстаным тек қана саяси және моральдық ұстаным ғана емес, жекенің тектік ерекшелігіне де байланысты. Былайша айтқанда, бірден-бір ақиқат үстінде құрылған дүние романның салыстырмалы, көмескі дүниесі­ әрқайсысы мүлде ұқсамайтын жағдайлардан құралған. Тоталитаризмның бірден-бір ақиқаты қарсылықтарды, күдікті, байқауды жою, сондықтан ол біз айтып отырған роман рухымен мүлде сәйкесе алмайды.

Алайда социялистік түзімдегі Ресейде романдар мың, он мыңдаған тиражбен басылып, оқылып жатқан жоқ па? Әрине, бірақ бұл романдар болмысты зерттеуді жалғастырып жатқан жоқ. Олар болмыстың ешқандай байқалмаған жақтарын бейнелей алған жоқ. Олар тек адамдар әлдеқашан айтқан ақиқаттарды растады. Әуелі романның өмір сүру себебі олардың мақтанышы, сол қоғамдағы рөлі адамдардың ойларын, адамдар сөзсіз айтуға тисті сөздерді растау ғана. Ол романдар болмыстың ешқандай белгісіз тұстарын байқамады, сондықтан мен атап отырған романдар қатарына енбейді. Бұл романдар осынау тарихи лектен алшақтап кетті немесе бұлар роман тарихы аяқтағаннан кейінгі романдар. Шамамен жарым ғасырдан бері қарай роман Ресейде байырқалап қалды. Бұл үлкен қасірет. Өйткені Гогольдан Андрей Белыйге дейінгі Ресей романы соншама ұлы болған еді. Сондықтан да романның құрдымға бет алуы деген танымның ерекше ештеңесі жоқ. Мұндай жағдай әлдеқашан жүз берді. Оның үстіне біз қазір романның қалай ғарық болатынын білдік. Роман жазылып жатыр, бірақ оның дәуірі бір орында тоқтап қалған. Осыдан соң романдар тек қана өзін қайталайды, роман рухын әйгілей алмайтын форманы қайта көшіруде. Сол себепті бұл өзінше бір жасырын түрдегі жоғалту. Байқалмайды, ешкімді таңырқатпайды да.

VIII

Алайда романның ақыры құрдымға бет алуы оның өзіне тән ішкі логикасы емес пе? Роман барша формалық мүмкіндіктерін, бар білімін жеткізіп ада еткен жоқ па? Әлде біреудің роман тарихын ­­ байлығы қазылып біткен көмір кеніне ұқсатқанын естігенім бар. Әйтседе, роман мұнан гөрі көптеген мүмкіндіктер мен адамдар естімеген үндеулер көмілген қабырға көбірек ұқсамас па екен? Мен романның мынадай төрт түрлі үндеуіне көбірек қызығамын.

Ойынның үндеуі

Менің есебімде Лоренс Стерннің «Джентельмен Тристрам Шандидің өмірі мен пікірлері» мен Дени Дидроның «Жак-фаталист және оның қожайыны» романы 18 ғасырдағы ең үздік екі роман әрі зор көлемді ойын сияқты қиялдаумен жазылған роман. Бұлар тарихта көркемдік жағынан ілгерінді-кейін ешкім жетпеген екі биік. Кейінгі романдар шынайылықтың талабы бойынша реализмның артқы көрінісі мен қатаң уақыт тәртібінің шырмауына түсті. Роман осы екі таңдаулы еңбекте жасырынған мүмкіндіктен уаз кешті. Бұл мүмкіндіктер тегінде адамдар бұрыннан білетін романның өзгерісінен өзгеше жолдарды ашар еді. (Әрине, біздің Еуропа романы басқаша тарихты бастан кешіруін қиялдауымызға әбден болады)

Түстің үндеуі

19 ғасырды ұйықтап өткерген жасампаз ойды кенет Франц Кафка оятты. Кафка кейінгі сюрреализмшілер дәріптеген, бірақ шынайы іске асыра алмаған түс пен болмыстың тоғысуын жүзеге асырды. Осы ұлы байқау белгілі өзгерістің нәтижесі емес, қайта ешкім болжай алмаған жол ашу еді. Бұл ашықтық адамдарға романның майдан екенін, жасампаз ой осы майданда бейне түс сияқты ортаға шығатынын, роман бір қарағанда тайсақтау мүмкін болмаған шынайылықтың құрсауынан арылатынын ұғындырды.

Идеяның үндеуі

Роберт Мусиль мен Эрнест Блох роман мінберіне әсем де нұрлы парасатты әкелді. Бұл романды философияға жақындату емес, қайта әңгіме баяндау негізінде, ақылдық не сезімдік болсын, баяндау немесе ой толғау болсын, барлық тәсілді қолданды. Әйтеуір осы тәсілдер адам өміріне нұр шашатын болса, бұлар романды ең биік парасаттың жиынтығы етіп шығарады. Олар жеткен жетістік сірә роман тарихының тәмәмдалуы ма, әлде керісінше адамдарды шыт жаңа алыс сапарға шақырғаны ма?

Уақыттың үндеуі

Соңғы парадокс кезеңі жазушыдан уақыт мәселесін ендігәрі Пруст үлгісіндегі жекелік естеме көлемінде шектеп қалмауды, керісінше оны ұжымдық уақыт сырына, Еуропа заманасына кеңейтіп, Еуропаға өзінің өткенін еске алдырып қортынды жасатуды, бейне өткенін бір шолып-ақ білетін қария секілді тарихын меңгеруді талап етті. Сондықтан жеке адам өмірінің уақыт шектемесінен алқып (роман ілгеріде осы шектемеде болып келді), сол кеңістікке бір неше кезеңді енгізуі керек (Луи Арагон мен Карлос Фуэнтес осындай тәжрибелерге барды).

Романның болашақ жолын болжағым келіп отырған жоқ. Бұл туралы ештеңе білмеймін. Айтқым келетіні : мүбәда роман шынымен жоғалатын болса, бұл оның күш-қуатын сарқып біткенінен емес, қайта оның өзі тән болмаған дүниеде тұрғанынан болмақ.

IX

Жұмыр жер тарихның бір тұлғалануымен (Тәңір адамзатқа болсын деместен осы бір гуманизм арманын іске асырып берді) бірге келе жатқан барыс  адам басын айналдыратын ықшамдау барысы. Осы ықшамдауға кіріскен жегі құрт о бастан ақ адам өмірін кеміріп келеді: тіпті ең ұлы махаббат та өшкін естеліктен құралған форма боп ықшамдалады. Алайда жаңа қоғамның қасиеті қорқынышты түрде осы сұмдық барысты бекемдей түсті: адам өмірі ықшамдалып оның қоғамдық борышына айналды. Бір ұлттың тарихы ықшамдалып бірқанша оқиғаға айналды, ал осы бірнеше оқиға ықшамдалып айқын бір жақтылыққа ие пайымға айналды. Қоғамдық өмір ықшамдалып саяси тартысқа айналды, ал саяси тартыс ықшамдалып жер шарындағы екі алып ел арасындағы егеске айналды. Адамзат нағыз ықшамдалудың шүңетінде тұр. Мұнда Хуссерль айтқан «адам өмірі» мүлдем күңгірттенді, болмыс ақыры ұмытылудың құрдымына кетті.

Дегенмен егер роман адам өмірін мәңгілік нұрландыру үшін мәужүт болып, бізді болмысымыздың ұмытылу құрдымынан құтқарады десек, бүгінде роман өткендегі кез-келген дәуірден де қажетті болып тұрған жоқ па? Иә, меніңше осылай. Өкінерлігі, роман да ықшамдалудың жегі құртына желінуде. Жегі құрт тек дүниенің мәнін ғана ықшамдап отырған жоқ, шығарманың мәнін де ықшамдап отыр. Роман (барлық мәдениет сияқты) барған сайын түрлі медияның шылауына түсіп барады. Жер шары тарихы бір тұлғалануының құралы болған медия ықпалын кеңейтумен бірге ықшамдау барысын да айқындады; ол (медия) тұтас дүниеге ұқсас әрі ең көп қауым, барлық адам, тұтас адамзат қабылдайтын қарабайыр заты мен ескі әуенін тықпалап отыр. Оның үстіне ұқсамаған адамның ұқсамаған саяси мүддесі бар екені де пәлендей маңызды емес. Осынау сырттай ұқсамайтын боп көрінудің астарында шындығында ортақ күштер билігін жүргізуде. Америка немесе Еуропаның кез-келген саяси апталығын парақтасаңыз, оңшыл не солшылдар болсын , «Заман» апталығынан бастап Германияның «Болашақ айнасына» дейін бәрінде өмірге ортақ көзқарас бар. Онысы ұқсас мазмұн реті, ұқсас айдар, ұқсас ақпарат формасы, ұқсас лексика, ұқсас стиль, ұқсас талғамынан көрінеді. Оның үстіне олар маңызды және маңыздырақ деп білген мазмұндар да ұқсас дәрежелі байланыстар да беріледі. Саясаттың көп үйектілігінің астарында бұқаралық ақпараттың осындай ортақ рухы жасырынып жатыр, ал бұл дегеніміз біздің дәуіріміздің рухы. Меніңше осы рух роман рухымен қарама-қайшы.

Роман рухы күрделілікке ие. Әр роман оқырманға «жағдай сенің ойлағаныңнан күрделі» дегенді ескертеді. Бұл романның мәңгілік ақиқаты. Өкінерлігі бұл ақиқат барған сайын оқырмандарға өзін естіртпей барады. Біздің заман адамдарының рухы жөнінен айтқанда, мүмкін Аннанікі жөн, немесе Каренин дұрыс шығар, алайда Сервантес айтқан танымның қиындығы мен ақиқаттың білуге болмайтындығы сынды қартайған парасат заманымыздың рухы жөнінен алғанда артық, қажетсіз болып қалды. Роман рухы жалғаспалы болмақ. Әр шығарма өзінен бұрынғының жауабы, әр шығарма романның өткендегі тәжірибесін қамтып жатыр. Ал біздің дәуір рухы тек көз алдағы іске ғана мән береді. Бұл істердің әсірелеуі көп, соншама кең ауқымды иелеген, сонысымен өткенді назарымыздан сырып, уақытты ықшамдап көз алдағы секундтарға айналдырды. Мұндай жүйеге бір кірген соң роман ендігәрі шығарма емес, (сөзсіз жалғасатын, өткен мен болашақты байланыстыратын нәрсе) қайта көз алдағы оқиға болмақ, басқа оқиғалармен ұқсас, ертең деген ұғымы жоқ ишараға айналмақ.

PS. Бұл қытай тілінен тәржімаланған мақала – «Роман өнері» деп аталатын Милан Кундераның өз тәжірибесіне негізделген жазушылық тұжырымдамасы туралы эссе кітабынан алынды. Кітап 1986 жылы Парижде француз тілінде басылып шыққан болатын…

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар