Қазақ ақындары Мадридке аттанды
Бөлісу:
Қазақ поэзиясын әлемге, соның ішінде Еуропа жұртшылығына танытуда үлкен қадам жасалып отыр. 2017 жылы 10-ақпан күні 19 сағатта Испанияның астанасы Мадрид қаласында әдебиет тарихында тұңғыш рет қазақ ақындарының испан тілінде шыққан поэзия антологиясының тұсаукесер рәсімі өтпек.
Антологияны ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы мен «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының продюсері, ақын Танакөз Толқынқызы құрастырған және бұл игілікті мәдени шара ҚР мен Испания арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 25-жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
Әдеби салтанатты кешке Қазақстанның Испаниядағы елшісі Бақыт Дүйсенбаев, Испаниядағы лауазымды қонақтар қатысады.
Тұсаукесер рәсіміне Испан Пен клубының бас хатшысы, Неополитан және Малларме Париж академиясының корреспондент-мүшесі, Еуропа ақындары фестивалінің негізгі құрылтайшысы, әрі аталмыш антологияның әдеби аудармасын жасаған Хусто Хорке Падрон қатысады. Хусто Хорке Падрон Испан тілі Король академиясының «Фастенрат» сыйлығын әйгілі Федерико Гарсиа Лоркадан кейін алған тарихтағы екінші ақын екендігін айта кеткен жөн.
Антологияға Абай Құнанбаев, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова қатарлы әдебиет алыптарымен қатар, Мұхтар Шаханов, Күләш Ахметова, Аққұштап Бақтыгерева, Жанат Әскербек, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Әнуар Бимағамбет т.б. аға, орта және жас буын ақындардың шығармашылығы еніп отыр.
Каса де Лектор жазушылар сарайында өтетін тұсаукесер рәсімінде антологияға өлеңдері енген Оңайгүл Тұржанова, Алмас Ахметбекұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Танакөз Толқынқызы, Дәурен Берікқажыұлы, Сағыныш Намазшамева, Жанар Әбсадық, Анар Шамшадинова, Бақытгүл Бабаш, Жанар Айлашева өз өлеңдерін қазақ және испан тілдерінде оқитын болады.
«Әдебиет порталы» осынау жағымды жаңалықтың жаршысы бола отырып, Пиреней түбегіне аттанған ақындарға сәт сапар тілейді!
adebiportal.kz
Бөлісу: