Адъютант

Бөлісу:

15.02.2017 4802

немесе ғибратты әңгімелердегі образдар

Қарымды қаламгер Мамытбек Қалдыбайұлының «Мен – халқымның Бауыржанымын» кітабы – таным тереңіне тартып әкетеді. Онда жан-дүниенің ахуалын таныту, образдық сомдау, мінез-құлықты ашу қарапайым тілмен ұтымды көрініс тапқан.

Ерлікке толы өмірі жырдай айтылатын даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының қара қылды қақ жарған әділдігі мен қаталдығына, батырлығына сүйінбейтін адам жоқ. Мен де бала кезімде «Баукеңді көрсем» деп армандайтынмын. Оқу іздеп Алматыға барғанда «міндетті түрде жолығамын» деп ойладым. Өкінішке қарай, орта мектепті бітіріп жатқан 1982 жылғы маусым айының басында (мемлекеттік емтихан тапсырып жүргенбіз) газеттен аңыз адамның дүниеден озғанын оқыдым. Іштей қынжылып, бір арманымның қиылғанын түсіндім.

Бауыржан Момышұлының ғибратты өміріне құштар еткен, марқұм әкем болатын. Қаршадай бала кезімде үнемі сол кісіге қатысты үзік-үзік оқиғаларды айтып отыратын. Жайлаудан етекке көшіп келе жатып, малмен жолай қонғанымызда тағы да Баукең туралы қызықты әңгіме кетті. Ол уақта мен онның ар жақ, бер жағындамын.

– Бауыржан атаң сияқты алғыр да қайсар болсаң, құдай өзi қолдайды, – деді. – Ол жаңбырша жауып тұрған оққа көлденеңдеп атпен шапқан кезде, бойына бiр де оқ дарымаған. Оқ қағары бар. Тәңiрдiң өзi сеп боп тұр.

– Алпамыс батыр сияқты ғой, оқ өтпейтiн.

– Иә. Баяғыда қазақ даласында күнәға ұшыраған адамды жүйрiк атқа мiнгiзiп, сұр мергеннiң алдынан көлденеңдеп шаптырады екен. Сонда садақшы мүлт кетпей атып түсiрсе, айыбының ақиқатқа айналғаны – өледi.  Оқ қияс кетiп тiрi қалса, «жаны сауға» деп, жазасын кешiп, со бетiнде еркiндiкке жiберген. Ол бiрақ, жалғыз жебе, ал Бауыржанға мың, миллион қорғасын түйiршiктерi борады. Әйткенмен, ешқайсысы бойына дарымады. Себебi, Бәукең – Отан үшiн жанын жалдап, ақ ниеттiң ақжолтайшысы бола білді.

Ұйықтап қалған жоқсың ба-ей? – деп, бетiме үңiлдi.

– Жоқ.

Шынында да ұйқы қашып кеткен. Алпамыс сияқты оқ өтпейтiн, осы заманда өмiр сүрiп жатқан батыр атаны көргiм келдi.

Сол кезде тұтанған тілек-ниеттің қазанаманы оқығанда орындалмайтынын ұқтым. Алайда, Баукеңнің ең сүйікті шәкірті – Мамытбек Қалдыбайұлы Қазақ мемлекеттік университетінің қабырғасында маған ұстаз болып жолықты.

...Бүгін – күздің соңғы күні. Бірақ, жақсы күн болды. Ұстазым Мамытбек ағаның «Мен – халқымның Бауыржанымын» деген кітабы қолыма тиді.

f33f3e1cace854cda3569d7587064217.jpg

Арада біраз уақыт өткенде белгілі жазушының сол кітабын тауысып, соңғы бетін жаптым. Үлкен еңбекті оқып шықтым да ойға қалдым. Оқып отырып та талай мәрте тартысқан сауалдарға ұшырағаным бар. Ең бірінші, тәнті еткен нәрсе – шәкірттің ұстазға шексіз берілгендігі.

Екінші, автордың өмірді көруі, байқауы, содан байлам жасауы – өзгеше. Осы ерекшелігі анау-мынауды жақтыра қоймайтын айбынды қолбасшы Баукеңнің де көкейіне қонса керек, ең сырлас інілерінің біріне айналған. Жарықтық, Мамытбек ағаны үнемі іздеп отырады екен. Анандай қаһарлы мінезді адамға баладай таза, көңілі тұнық жанның серік болуы – қайран қалдырады. Қалай десек те тұлғасы таудай Момышұлы – Мамытбек Қалдыбайұлының өмірлік ұстазы.

Автордың: «...Бауыржан ағамен 21 жыл сыйлас, сырлас болғаныма қуанам, мақтанам. Ол кісінің айтқан әр сөзі, тіпті жүріс-тұрысы, әр қимылына дейін маған ұмытылмас ой салады. Өмірдің бар мән-мағынасы адамгершілікте десек, Баукең адамгершіліктің ең үлкен үлгісі – ұлтыңды сүю екенін бар болмыс, тыныс-тіршілігімен дәлелдеп кетті...» деп жазғаны, тіпті, сүйінте түседі.

Адалдықтың, тазалықтың, білімділіктің, туралықтың биік шыңы болған батырдың көңіліне ұнамай қалған адамға бас-көз демей «шагом марш!» дейтін бірбеткей мінезін ескерсек, бұл нағыз шынайы қадір тұта білген жанның тірлігі. Қасында отырып аузынан шыққан сөзді естіп, көкейге түйіп, оны қағазға түсіру – үлкен ыждаһаттылық. Әрі, тапсырмаларын тастай етіп орындап, халқын сүйген, халқы сүйген қаһарманға ұдайы қолқабыс тигізу – нағыз шәкірттік парыз болса керек. Мамытбек ағамыздың бұл ісін әскери қызметтегі емес, азаматтық өмірдегі адъютанттық абыроймен шендестірген абзал.

Ол кісі баһадүр бабамыздың шәкірті болса, мен Мамытбек ағаның шәкіртімін. Мамытбек аға «қызметтің қадірлісі де, қасиеттісі де ұлтқа қызмет ету» деп тәрбиеледі.

1530aebe561351f3b853d335ed6ecd73.JPG

Университет қабырғасында жүргенде мүйізі қарағайдай талай ұстаздарымыз болды. Бәрінің орыны бар. Ал, Мамытбек ағаның жөні басқа. Бізге қалай жазу керектігінің құпиясын ұғындыруға тырысты. Образ жасаудың кілтін таба білуге баулыды. Қаламгерге ең қажет нәрсе – суреткерлік екенін түсіндіруден жалықпады.

Бірде «тақтаға бақыттың суретін салыңдар» деді. Аудиториядағы студенттердің бәрі абдырап қалды. Әншейінде аттылыға – жол, жаяулыға – сөз бермейтін білімпаз көрінуге бейім пысықайлар да бөгеліс тапты.

Шынында да бақытты қандай бейнеде салуға болады? Гүл тұрғысында салсаң, ол – түпкілікті ашпайды. Күнді бейнелсең, иә, жарық күнді көрудің өзі – бақыт, алайда, күн астында жер басып жүрген пенденің бәрі бақытты ма?

Бақыт деген әркімнің пайымы мен бағалауына сай дүние болса тиіс...

– Бақыт дегеніміз не? – деп қайта сұрады. Әркім өз жорамалын айтып, тұс-тұстан жамыраған үш-төрт дауыс шықты. Шәкірттеріне назарын тоқтатып, біраз бөгелген ұстаз:

  – Бақыт деген – бостандық, бастың – азаттығы, – деді.

  Бұл – 1986 жылдың көктемі еді. Ол уақытта қоғамдық ойдың сөздік қорында «тәуелсіздік» деген жеке ұғым бола қоймаған. Барлық пролетарлардың бірігуі, интернационалдықидея, күн көсем пәтуасының аты озып, дақпыртқа айналған. Ұстазымыз кеңес империясының бодауында кетіп бара жатқан ұлтқа жаны ашып, бастың азаттығын аңсап тұр екен. «Тәуелсіздік» деген сөзді айтып қалса, идеологиялық жаңсақтыққа жол берер еді. Оның соңы өзіне таяқ болып тиюі әбден ықтимал.

Мамытбек ұстазымыз болмысынан адал – әрбір шәкіртті өзімен теңдей көріп, құрметпен қарайтын. Әрі, бір беткей уағыздың иірімімен қалғып кеткен ұлттық сананың жастар бойында оянуына түрткі боп жүрді. Мұндай «ұшқын» өзге профессорлардың лекцияларынан ұшыраспайтын... Тіпті, бір ғалымның дәріс үстінде Мағжан Жұмабаевты іске алғысыз, ниеті бұзық адам ретінде мағұлымдағанын өз көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естідік. «Алаш» туралы әңгіме жоқ...

Осы тұста Баукеңнің айтқан мына сөзі әбден орынды.

«– Менің қағидама айналып соқтың, – деп Баукең аздап күлімсіреді. – Академиктерге: «Сендер бір ғылым саласының шеберісіңдер. Адам ретінде есуассыңдар. Сендермен бес минут сөйлесе алмаймын. Себебі, менің білімім жетпегендіктен емес, сендердің адамгершілік қасиеттен жұрдай екендеріңе төзбегендіктен сөйлескім келмейді. Шеттеріңнен көкірексіңдер» – деймін».

Қандай қатал әрі ұлт болашағы үшін әділ айтылған. Ал, бұл уәжді бүгінгі күнге жеткізген Мамытбек «адъютанты» («Мен – халқымның Бауыржанымын» танымдық кітап, Мамытбек Қалдыбай, Алматы, 2013 жыл, 287 бет).

Қарымды қаламгердің бұған дейін «Ұмытылмас кездесулер», «Бекасыл әулие» деген кітаптарын оқыған едім. Екеуі де ғибратты әңгімелер мен ұлағатты істерді дәріптеуден тұрады. «Атақ пен шатақ» деген де кітабы бар екен, ол бірақ қолыма түспеді. Біріншісі мен соңғысы Баукеңнің айтқандары мен өнегелі істері туралы.

Алайда, қаламгер өмірбаяндық (биограф) жазушы емес. Баукеңмен сұхбаттаса отырып, ол кісінің айтқанын бұлжытпай береді. Сонымен қатар, авторлық көзқарасын білдіре өзінше қорытып, әңгіменің астарын аша түседі. Әрі, диалог арқылы психологиялық тұстарды дәлме-дәл көрсетіп, сурет жасай алады. Белгілі бір тұлғаның образын көресің.

Мұндай оқшаулықты деректі дүниеден аңғарғанда шығарманың қызуы жаныңа көркем туындыдан анағұрлым әсерлі ықпал етеді. Өйткені кейіпкерлердің бәрі тарихта бар тұлғалар, сондай-ақ, олар – өз есімдерімен аталады. Бұдан кейін әңгіменің желісіне қызықпай көр... Мысалы:

«...Кешке қатысқан жазушылар теңіздің тамшысындай ғана. – Баукең саусағын санап көрсетті:

– Мен, Снегин, Сырбай. Тіпті, Мәліктен (Ғабдулин) әжептәуір жақсылық көрген Сәуірбек Бақбергенов келген жоқ.

Жазушыларың қанша? Есеп қылшы. Кешке бар-жоғы үшеуі-ақ келді. – Бұл сөздерді айтқанда Баукеңнің мұрты жыбырлап, даусы қатайып кетті».

(179 бет, сонда);

Жазушының шығарманы өмірге әкелгенде қолданған амалы Алаксандр Бек, Әзілхан Нұршайықовтың тәсілдерінен көп алшақ емес. Басты қаһарманның әңгімелеуіне басымдық берген әрі жауаптасу жолын ұстанған. Әйткенмен, кейіпкер мінез-құлқының көрінісін ашарда, авторлық мәтінге көбірек көңіл бөледі.

Негізінен қаламгер о баста тарихи тұлғалардың ғибратты да өнегелі өміріне айырықша ден қойғанға ұқсайды. Аталы сөз бен ұлағатты іске толы тағдыр иесіне қатысты деректерді жинап, халқына ұсынуды парыз көрсе керек. Бұған – «Бекасыл әулие» кітабы дәлел.

Жалпы, әуелден деректі прозаға құлқы құлаған. Соның нәтижесінде 1982 жылы «Қазақ совет деректі прозасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап шыққан.

Сөйтіп, ежелден айғақты дүниелерді жазуды, зерттеуді мақсат етіп алдына қоя білген. Не бір асыл ой қазынасының иелері мен сөз сүлейлерінің көкірегін жарып шыққан даңғыл сара жол М.Қалдыбайұлын да азаматтық биіктікке апарған. Сондықтан ол кісінің зиялы болмауы мүмкін емес еді. Ұстаздарымен қатар шәкірттерін де қадірлей білді. Бір топ студенттерді Баукеңе ертіп барып, дидарластыруы – нағыз жақсылыққа қамқор жанның ісі.

Баладай таза, данадай терең, болмысы бөлек ұлағатты жанның дер уағында өмірді тануға жөн сілтегеніне шексіз қарыздармын...

Р.S.

«Таңертең университетке бармақ боп, жинала бастаған кезінде Баукең:

– Я скоро буду шагом марш... (содан 4 айдан кейін өмірден өтеді). Саған қазiр найзағай ақын Қасым Аманжоловқа байланысты бiр оқиғаны айтып берсем деймiн. Кейiн ұмытып қалуым мүмкiн. Бүгiн жұмысқа бармайсың дегенiмнiң себебiн ендi түсiндiң бе?

– Түсiндiм.

– Түсiнсең, маған ренжiме. Ертең үйiме қайтам. Келiнге де, саған да рақмет».

...Ұстазға қалтқысыз қызмет еткен Мамытбек Қалдыбайұлының бейнесі биіктей түсіп, бәрімізге өнеге ретінде жөн сілтеп тұрғандай.

Ол кісіні азаматтық өмірдің адъютанты десе әбден лайық.

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,

Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты


Бөлісу:

Көп оқылғандар