Қарағандыда Қасымхан Бегмановпен кездесу өтті

Бөлісу:

20.02.2017 3593

Арқаның төсінде, Евней Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде Қарағанды облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамы, филология факультеті және журналистика кафедрасының ұйымдастыруымен, ақын Қасымхан Бегмановпен «Құлагер жыр – Қасымхан» атты әдеби-сазды жыр кеші өтті.

23bc088ede90c284a85341119f63da18.jpg


Өлеңнің киесі мен жүйесін жетік түсінетін Қасымның қаласы Қасымхан Бегмановты құшақ жая қарсы алып, өлең сүйер қауым кештің көркін қыздырды. Зал лық толды. Жұмекен Нәжімеденов айтпақшы: «Ақынның ұсынған ақ адал тағамын кері итеріп, бетіне долдана күл шашсаң да, ол мыңқ етпеуі мүмкін. Тек оның оқыған өлеңін есінемей тыңдасаң болғаны. Ақынға одан асқан бақыт жоқ», - екеніне көзіміз жетті. Қасымхан Бегманов өлең оқып, жиналған көрерменнің рухын көтерді, көңілін сергітті.

Кеште алғаш сөз кезегін алған «Ғасыр адамы» атағының иегері, физика-математика ғылымдарының докторы Темірғали Көкетаев:

– Қасымхан Бегманов – үлкен азамат. Мен филолог емеспін, бірақ ақынның барлық шығармашылығымен етене таныспын. Сырттай осы азаматтың еңбегіне сүйсініп, қайраткерлігіне тәнті болып жүруші едім. Бүгін өзімен кездесіп отырмын. Ғалым ретінде дүниежүзінде менің бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Сонда байқағаным – қазақтың салт-дәстүрінен артық әлемде құндылық аз. Біз мынау өркениет заманында шетелді ғылым-біліммен, техникамен тәнті ете алмаймыз. Парасатты қоғамға салт-дәстүрімізді ұсынып қана ерекшеленеміз. Қасымхан Бегманов сол құндылықтың іздеушісі, жоқшысы болып жүрген ақын. Кейде өзіме: «Осы кісі қай уақытта ұйықтайды екен, осының барлығына қалай үлгеріп жүр?», - деген ой келеді. Қасымханның Мұстафа Шоқайдың ізімен жүріп өтуі, Жағда Бабалықұлымен сұхбаттасып, кітап шығаруы үлкен ерлік, - деді.

Қарағандының студент жастары ақынның сөзіне жазылған бірнеше әнді орындады. Көрерменнің кейбіреуі ақынды бұрын-соңды білмесе де, әндерін қосылып, шырқап отырды. Авторы осы ақын екен-ау, - деп, таңқалып жатты.

Бұл кеш әдеби-сазды бағытта өткенімен, ақынның барлық қайраткерлігі, болмысы жан-жақты ашылды. Оған көрермен мен ақынның арасындағы еркін сұрақ-жауап себеп болды.

Қасымхан Бегмановтың ұлт көсемі Мұстафа Шоқайды зерттеу бағытында үлкен жұмыстар атқарғаны белгілі. Ол туралы жазылған «Шерлі Түркістан» атты көлемді поэмасы да бар. Жиын барысында көрермендер «Мұстафа Шоқай жолымен» атты деректі фильмнен үзінді тамашалады. Осы ретте, бұл фильм туралы тарихшы Мәмбет Қойгелді: «Ел тәуелсіздігінің осынау 20 жылында жеке басы үшін соттасқандар арамызда өте көп. Ал ұлт қайраткері үшін соттасқан арамызда жалғыз-ақ қазақ бар. Ол – осы кітап пен деректі фильмнің авторы, зерттеуші ақын – Қасымхан Бегманов», - деген екен. Ақын бір кездері Өскемен қаласында Мұстафа Шоқайды «шовинист, сатқын» деп қорлаған журналистерді сотқа беріп, ақтап алған болатын.

Қарағандының елге танылған жас ақындары өлең оқып, Қасымхан Бегмановтың поэзиясы туралы ой бөлісті.

Кеш соңында жиынның жүргізушісі әрі ұйымдастырушысы, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов ақынның иығына шапан жауып, Қасым Аманжолов атындағы медальмен марапаттады.



Бағлан Оразалы

 

   


Бөлісу:

Көп оқылғандар