Әбдірахман Жәмидің ақындық туралы айтқандары
Бөлісу:
Ғибратнама
Қаламсап пен сөз құдіреті жайлы
Жорғалатқан қаламсапты қолдағы,
Ол да сөздің құдіретті жолдары.
Асыл сөзді сөз әкелер сүйретіп,
Аршып-ашып қауызынан желдетіп.
Сөзсіз болса небір әсем әндерің –
Жаны тасап кеткендей қу тәндерін.
Жақсы сөздер кетсе әуенмен құйылып,
Маздар еді жатқан өмір бұйығып.
Тынысыңды – бар белгісін өмірдің
Жеткізер ең ләззатымен көңілдің.
Тыныс – ажар, сөз – ажардың мазмұны,
Тәтті өмірге құштарлардың сазды үні.
Сөз – өмірдің салиқалы түйіні,
Оны адамның ұға білу – қиыны.
Егер де сен бір әріпті өзгертсең,
Сөзге деген бар ұғымды өзгерт сен.
Сонда барып ашасың сен жан сырын,
Қасиетін балаусалы бал-шырын.
Әнші емдейді қалың елдің жүрегін,
Кең әлемді әнге бөлеп жүреді үн.
Асыл сөзбен қатар қойса алтынды,
Жаныма жат жаратпас ем жалтылды.
Айдалаға бір зат қойсаң алтыннан,
Жинап сөзді қатар қойсаң халқыңнан.
Алтын үшін таласар ед талайлар,
Сөз маржанын теруді олар санайды ар.
Сусындаған бұл Жәмиің сол сөзбен,
Алтын емес, дүр сөз үшін жол кезген.
Пенделерге дейді алтынға құнықпа,
Сөз маржанын көкірегіңе құлыпта!
Өлең-сөздің қасиеті жайлы
Кең дүние – нақыл сөздің ошағы,
Кеудесінде жаны бардың қосағы.
Қамқа тонсыз, інжу тассыз адамды
Арбап алар қасиет боп жаралды.
Егер де ол асыл бұйым жамылса,
Ай дегенің далбаң қағар жалынша.
Ал егер де жырдан алқа тағынса,
Жүректерді тұтқындайды лағылша.
Тәтті ұйқастар тіліңді алса үйіріп,
Небір дана қалар еді сүйініп.
Қос жолдарың қас сияқты иіліп,
Кәрі-жасты алар еді иіріп.
Мендік жүзге қан жүгіріп алқызыл,
Жүрегіме орнар еді жанды гүл.
Мені елемей жүрген ару жұтынып,
Қыпша белді құшар еді тұтылып.
Алқа болып мойыныма асылып,
Бар қуаныш кеудеме кеп бас ұрып,
Тұңғиық бір тылсымына шырмалып,
Босануға талпынбасам тырбанып.
Жалғыз жолды мен шығатын ашпайтын,
Менен үркіп басын алып қашпайтын.
Жыр-арудың өмір бойы тұрағын
Іздеудемін, ұстамақпын пырағын.
Ұстай алсам асау жырдың пырағын,
Өздеріңе сый ғып тартып тұрамын!
Өзінің асыл сөзін өзгенің байлығына
құрбан еткен ақынға
Терең ойлы, таза жүрек ақыным,
Білгенің жөн жыр жолының татымын!
Қажыма сен, жыр маржанын тере бер,
Асыл сөздің тылсым сырын біле бер.
Қанатты сөз қиюын тап, қаластыр,
Жыр қадырын көкте күнмен таластыр.
Әлдекімнің байлығына қор етпе,
Құлшылық қып аз күндік бір қорекке.
Сайқал сауда – талант үшін әбжылан,
Ұйығына батып кетер ар-шыдам.
Түйрегенмен байларды мың қан шықпас,
Аранына түспей тұрып алшақ қаш!
Сеніңше: олар – жомарттықтың теңізі,
Ағыл-тегіл дарқандықтың егізі.
Көкмилардан – білмейтұғын әліпті,
Жанға шипа жақсылық күту кәдікті.
Оларды сен озық жанға балама,
Олардың сен бір күнін де қалама.
Запы болған мияуынан мысықтың
Бас сауғалар қатпарына ішіктің, –
Сондай жанды арыстанға теңейсің,
Одан артық жан жоқ деп те жебейсің!
Жалғандықтың қайнар көзі – оларың,
Пасықтықтың бақас езі – оларың!
Сенің күнің – ит нәпсінің әлегі,
Нәпсіге ерген басқа тілер бәлені.
Оны адамның қоры десе болады,
Ол үзеліп қашан, қайдан оңады?
Доңыз дүние жаулап алса санаңды,
Құрбан етер жалғыз туған анаңды.
Өзің-дағы батпан кірге батарсың...
Қашанғы сен жүк арқалап жатарсың?
Қаралығы қандай болса сияның,
Кеудең сенің сондай қара, зиялым.
Білем сені, көп нәрсеге жетіксің,
Жалған ойдан сап-сары боп кетіпсің.
Өз жырыңдай мұқалыпты қаламың,
Әр хатында ізі жатыр жараның.
Үйренісіп, қағазды да ширатып,
Оңай ма бай бабын табу ми қатып?
Ұшып тұрсың үкіміне «ләппайлап»,
Ыңғайына асыл сөзді қақпайлап.
Ақын сендей тірі өлік боп жүрмесін,
Тілегім сол – бай мазақ қып күлмесін!
Қасында сен кербез байдың жалбаңдап,
Бара жаттың қарғаларша қалбаңдап.
Бір сөз айтса, мақтап ала жөнелдің,
Мін түсіріп өн бойына өнердің.
Жанай бере бір қағазды ұсындың,
Сол қағазбен ар-намысты ұшырдың.
Сол қағазбен болмас іске бой ұрдың,
Өз атыңа өшпес таңба түсірдің.
Ол бай саған бір түкіріп жирене,
Оза шапты. Ұрынғандай инеге –
Ал сен болсаң сүмең қақтың, мақтадың,
Ұялғаннан басқа амал таппадың.
Бар асыл сөз жоғалды айшық қияқты,
Су бетіне сызған бейне сияқты.
Тойым керек, тояр кезің жетті ғой,
Бар талантың әбігермен өтті ғой!
Ұлы ақындар
Өтті-кетті кедей сорлы ақындар –
Жырларында ханды мақтап нақылдар.
Жылнамаға жазылды да аттары,
Барша ғалам ұмытпас боп жаттады.
Қашан олар о дүниеге барғалы,
Әлі тірі – есімі, ісі, арманы.
Рудаки жырдан інжу теріпті,
Саманидтер тегін жырлап беріпті.
Ұлы бопты бірақ туған жұртының,
Жат әдетке жуытпаған құлқынын.
Жырдан інжу тере берді қарт ақын,
Байлық еді ол – төрт жүз нарға артатын.
Бұл пәниден түйе мініп ол кетті,
Байлығына адамзатты ие етті.
Тірі дейміз оның өзін, сөздерін,
Ақын аты – қарашығы көздердің...
Унсуриді туған өзі табиғат,
Табылмайтын асыл еді жаны мәрт.
Дүниені баурады өлмес жырлары,
Оларды ұйып бар адамзат тыңдады.
Әрбір сөзін зерлепті де сырлапты,
Биік-биік сарайларды жырлапты.
Сол сарайлар қарады да құлады,
Ол жазған жыр ел аузында жүр әлі...
Өткен тағы Хаканидай ұлы ақын,
Ширван шахын жыры мадақ қылатын.
Мақтау біткен шенін көрмей қалатын,
Ән-жыры үшін бір мың ділдә алатын.
Жоқ ділдәнің халыққа енді керегі,
Ал өлеңі шұғыласын себеді.
Сағди да өткен басып байтақ жалғанды,
Жырларында сынап қатал хандарды.
Жыры мықты хан біткеннен өмірде,
Есімі жүр Гүлстанның көгінде...
Онда сен де бола бермей соқырдай,
Серпілсеңші, көзді жұмып отырмай.
Қарғыс алып өтті ханның талайы,
Быт-шыт болып биік-биік сарайы.
Таба алмайсың бүгін оның іздерін,
Ұмытпайды халық ақын сөздерін.
Сарайлардың тапшы төбе, іргесін,
Ал жоғалтты ақын менен жыр несін?
Қара сөз бе, өлең бе, әлде – бұлардан
Мықты ескерткіш бар деп сірә ұға алман.
Көңіл кірін жудырады сөз деген,
Кісендерді сындырады сөз деген.
Ісімізде көп-көп түйін барында,
Шырматылу оңай оған задында.
Ақылды сөз тапса бірақ есесін,
Сол түйінді қиналмай-ақ шешесің.
(«Иран-тәжік поэзиясы» кітабынан. Аударған: Сейфолла Оспан)
Әбдірахман
Жәми
Бөлісу: