«Егемен Қазақстан» ерекше серпінмен дамымақ
Бөлісу:
Бүгін Астанадағы Ұлттық кітапханада «Егемен Қазақстан» жобаларын
таныстыру рәсімі болып өтті. Шараны жүргізген «Егемен Қазақстан» газеті
Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі басылым қолға алған үш жобаның мән-мақсатын
түсіндірді.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында іске асатын шаралардың алғашқысы – «Егемен Қазақстан» газетінің архивтегі барлық нөмірлерін жинақтап, беттерін түгелдей сканерлеу арқылы цифрлы нұсқаға көшіру. Бұл жұмыстар бас басылымның 100 жылдық мерейтойына орай қолға алынған болатын. Жоба аясында газеттің «Ұшқын» деген атаумен алғаш 1919 жылғы 17 желтоқсанда шыққан кезінен бастап, «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстаннан» «Егемен Қазақстанға» дейінгі нөмірлері цифрлы мұрағатқа жинақталады.
«Елбасы халыққа жолдауында Цифрлы Қазақстан» жобаларын бастауды тапсырған болатын. Осы бағдарлама аясында «Егемен Қазақстанның» жүз жылдық тарихында шыққан сандарын цифрлы жүйелерге енгізуді қолға алдық. Біріншіден, бұл газеттің мұрағатын сақтауға, оны қорғауға мүмкіндік береді. Екіншіден, зерттеушілер үшін өте тиімді болады», - деді Дархан Қыдырәлі. Газет нөмірлерін толықтай цифрлы форматқа көшіру келесі жылы аяқталады.
Жұртшылық назарына ұсынылған жобалар жөнінде пікір білдірген жазушы, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалин «Егеменнің» тарихы — елдің тарихы» дей келе, цифрлы форматтағы газет сандары ел тарихын зерттеушілердің жұмысын жеңілдететінін айтты.
Екінші жоба «Цифрлы Қазақстан: Мәңгілік Ел мұралары» деп аталады.
Оның аясында «Егеменнің» аса бай фотомұрағатында сақталған, Қазақстанның кеңес дәуіріндегі тарихын, тәуелсіздіктің маңызды сәттері мен жарқын жетістіктерін, қарапайым адамдар тұрмысын бейнелейтін суреттер, сондай-ақ Елбасының, өзге де көрнекті мемлекет, қоғам және мәдениет қайраткерлері мен атақты спортшылардың, Қазақстан қалалары мен көрікті жерлерінің сирек фотосуреттері Уикипедия онлайн-энциклопедиясы арқылы ғаламтор пайдаланушыларына ұсыныла бастады.
«Әлемнің кез келген түкпірінен интернет арқылы Қазақстанды іздеген адам осы суреттерді көреді. Суреттердің ағылшын, орыс, қазақ тіліндегі түсіндірмелері болады. Біріншіден, бұл жоба арқылы аса құнды фотоматериалдарды жоғалудан сақтаймыз. Екіншіден, оларды көпшілік назарына ұсынамыз», - деді басылым жетекшісі Дархан Қыдырәлі.
Сонымен қатар, 22-наурызда “Егемен Қазақстан” газетінің жаңа сайты іске қосылады. Жиын барысында басылым жетекшісі Дархан Қыдырәлі сайтты жетілдіру жұмыстарының соңғы алты айдағы жетістіктеріне тоқталды. “Ақпараттар таспасынан берілетін материалдар саны төрт есе көбейді. Интернет-редакция дербес басылым ретінде өзі дайындайтын сапалы ақпараттарды көбейтуге басымдық берді. Ол мақалалардың кейбірі отыз мыңға дейін оқылып, оқырмандар арасында үлкен резонанс туғызды. Қазақстандық сайттардың жалпы рейтингінде egemen.kz өткен жылдың бірінші жартысында 140-орында тұрса, қазір алғашқы 50-ге кіреді. Ал қазақтілді интернет басылымдар арасында алғашқы бестікте. Сонымен қатар төте жазу нұсқасын жетілдіру арқасында шетелдердегі қандастарымыздың сайтқа кіруі жиіледі”, - деді басылым басшысы.
Басылымның жаңа интернет нұсқасының техникалық ерекшеліктерін “Егемен Қазақстанның” қызметкері, SEO-инженер Ербол Серікбай таныстырды. Жаңа сайтта 2005 жылдан бергі материалдар бір жүйеге топтастырылады. Енді қажет материалды табу үшін әр кезеңде жасалған сайттарға кіру қажет емес. Барлық ақпаратты бір сайттан табуға болады.
Жаңа нұсқадағы сайтта аудио және видео материалдарға көбірек орын беріледі. Мысалы, газет шолушыларының мақалалары аудиоформатта ұсынылады. Оларды тыңдауға және жүктеп алуға мүмкіндік бар.
Жаңа порталдың ерекшелігі, «Егемен Қазақстан» газеті мен Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының бірлескен жобасы негізінде дайындық тестерін онлайн тапсыруға болады.
Сонымен қатар, шет елдерден кіретін оқырмандарға ыңғайлы болуы үшін латын және төте жазудағы нұсқа болады және газетте орыстілді нұсқа іске қосылады. “Бұрын орыс тіліндегі материалдар қазақшаға аударылса, енді қазақ тіліндегі материалдар орысша жарық көріп, орыстілді аудиторияға бағытталады”, - деді газет жетекшісі Дархан Қыдырәлі.
Тағы бір айта кетерлігі, «Егемен Қазақстан» газетінің таңдаулы мақалалары басылымның жүз жылдығына орай он томдық жинақ болып жарық көреді. Он томдық жобасына қатысушылардың бірі Намазалы Омашұлы зерттеу жұмыстарын жасай жүріп «Егемен Қазақстанның» архивін үш рет қарап шыққанын айтты.
«Ол нөмірлер төрт жерде сақтаулы. Біраз беттері жоғалған, қиылған. Ал енді сол архив электронды форматқа көшірілсе немесе ол архив он томдық кітап болып шықса, зерттеушілер үшін баға жетпес сыйлық болғалы тұр. Өйткені, «Егемен Қазақстанның» архиві өте бай. Оның бір бөлігі төте жазу нұсқасында, оларды кириллицаға көшіру қажет», деді Намазалы Омашұлы. Жинақтың алғашқы алты том келесі жылы шығады, ал басылымның 100 жылдығына қарай он томдық толығымен оқырман назарына ұсынылмақ.
Осыған орай пікір білдірген Сұлтан Оразалы бұрын зерттеу жүргізу барысында ғалымдар төте жазудан кирилицаға аударуға өте көп уақыт жұмсағанын айтты. «Ал қазір ізденген адамға бұл он томдық өте үлкен көмек болады, әрі ғылыми жұмыстарды жеңілдетеді. Себебі, төте жазудан аударылып басылады», деді ол.
Жоба жетекшісі Дархан Қыдырәлі «Жүз жылғы газет нөмірлерін он томға сыйғызу қиын және барлық материалдарды кітапқа кіргізуге қажеттілік те жоқ. Сондықтан ол материалдардың ішіндегі маңыздылары таңдалады», - деп атап өтті.
Бөлісу: