«Қылмыс» романы туралы 10 дерек

Бөлісу:

14.03.2017 8661

1.  Алты томдық «Қылмыс» романының авторы Қажығұмар Шабданұлы Қытай империясының жауы атанып, қырық жыл абақтыда, бес жыл үйқамақта отырады.

859945c3fe23c6f4a0c360696845dc21.jpg

Жазушы 1932 жылғы ашаршылық кезінде жұртпен бірге Шәуешекке кетуге мәжбүр болған. Ол кезде небәрі жеті жаста еді. Бұл туралы романның бірінші бөлімінде кеңінен жазылады. Бір адамның басынан өткен оқиғада бүкіл ұлттың қасіреті бейнеленген. Жазушы тұрмыстың тапшылығын көп көріп, өлместің күнімен есейген шағында түрмеге қамалады. Бірақ, оған тағылған айып – нақты белгісіз.


2.  «Қылмыс» көп томды романы әлемдік рекордтар кітабының қатарына енуге әбден лайық. Жарты ғасырды түгелімен қамтитын бұл шығарма темір тордың ар жағында қағазға түседі. Романның алғашқы екі бөлімі қаламгер бостандыққа шыққанда жазылған. Бірақ, оның алдында Қажығұмар Шабданұлы жиырма жыл абақтыда отырады. Демек романның концепциясы жазушының жүрегінде, миында жиырма жыл дайындалған. Қалған төрт тарауы таза түрме қабырғасында туындады. Адамзат тарихында бұл сирек құбылыс, жанкешті еңбек.


3.  Қытай империясының «жауы» атанған жазушының романы өз кезегінде көп қастандыққа ұшырайды. Оның үшінші бөлімі абақтыда түгелімен өртеліп, қайтадан жазылып шыққан. Романның қолжазбасы астыртын Қазақстанға жетіп, белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділовтің қайраткерлігімен оқырман қауымға жол тартады.

   

4.  «Қылмыс» романы жанр жағынан мемуарға жатады. Бірақ, бұнда бір адамның басынан өткені ғана емес, жалпы қазақ халқының трагедиясы суреттелген. Орыстың классик ақыны Анна Ахматова «Мен мемуарды әдеби жанрға жатқызбаймын. Ол жерде фальш өте көп. Мемуарда мойындалатын тұлғалардан гөрі әдебиетте мойындалмайтын тұлғалар артығырақ» - деген екен. Мүмкін, Анна Ахматова «Қылмыс» сияқты романның жазылатынына сенбеген шығар. Әйтпесе, бұл пікірін толығымен теріске шығаратын еді. Қажығұмар Шабданұлы мемуардың эпопеялық романның жүгін арқалай алатынын дәлелдеді.  


5.  Романның әр бөлімі «Құдіретті «тергеушім», өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!» - деп басталады. Осы форма арқылы ғана, жазушы қытайдың сол кездегі озбыр саясатын ашық көрсеткен. Бұл шығарманы оқып отырып, қытай халқының психологиясына, ішкі дүниетанымына терең бойлауға болады. Қытай жұртының кескін-келбетін білу үшін Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янның шығармашылығынан кейін, «Қылмыс» романын оқу керек.  


6.  «Қылмыс» романы ағылшын, француз тілдеріне аударылса өте көп оқылуы мүмкін. Себебі, әдебиет тарихында әлемде мемуарлық, шытырман оқиғаларға толы романдар көп оқылады. Оның үстіне бұл романның тарихи шындығы адамзат тарихындағы үлкен геноцидті әшкерелейді. Көп жағдайда, Нобель сыйлығы осындай, болған оқиғаға құрылған шығармаларға берілген. 


7.  «Қылмыс» романы - адамның өмір үшін бәріне бара алатын жігерлі екенін дәлелдеген туынды. Мәселен, романның бірінші бөлімінде басты кейіпкер Биғабілдің отбасынан үш адам екі тоқаш үшін Қытайдың жол салу зауытында қызмет атқарады. Кешкісін тапқан екі тоқашты алты адам бөліп жеп, жан сақтайды. Енді бірде Биғабіл мал соятын ұйғыр қасапшыға жалданып, еңбекақысына қойдың қанын алады. Ұйыған қанды қазанға қақтап, бір отбасы жан бағады. Романда бұндай жан түршігерлік эпизодтар бастан асады.


8.  «Қылмыс» романы 1932 жылғы қолдан жасалған ашаршылықты алғашқы болып әшкерелеген туындылардың бірі. Ол қаншама жыл кітап болып басылмай, қолжазба күйінде жатып қалды.


9.  «Қылмыс» романында қазақтың үлкен саяси қайраткерлерінің аты-жөндері өзгертілмей берілген. Қазақтың басын біріктіру мақсатында империяға қарсы күрес жүргізген атақты Оспан батыр мен данышпан Жағда Бабалықұлы осы романда бейнеленеді. Сол кезде қазақтың қамын ойлаған текті азаматтар бірігіп, алып қытайдың үрейін туғызған. Бұл тұлғаларды Алаш қайраткерлерімен қатар зерттеу керек.


10. «Қылмыс» романының соңында: «Дүниеде өз отанынан айырылудан өткен үлкен қылмыс жоқ екен» - делінген. Қажығұмар Шабданұлы 1932 жылдан кейін елдің бетін көрген жоқ. Қытай тарапынан қатаң тыйым салынды. Туған жердің топырағына жетуді өмір бойы армандап, өкінішпен дүние салды. Қаламгердің көзі болып қалған мол мұраны игілігімізге жаратып, әлем назарына ұсыну – біздің ар алдындағы парызымыз болмақ. 


Бағлан Оразалы

Бөлісу:

Көп оқылғандар