Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Әбдінің үйленуі

Блогтар

06.03.2019
5523

Әбдінің үйленуі

Әбдінің үйленуі

 

        

Ернінің үстінде түймедей қара меңі бар, басына қызыл орамал тартқан әйел мәшинесін сырылдатып іс тігіп отыр. Далада соққан желдің әсерінен жарық біресе сығырайып, біресе молайып шақырая түседі. Жарық өзгерген сайын, даладағы ысқырған боран үніне құлақ түріп, Ақлима терезеге қарайды.

        

– Әлгі Әбді қайда жүр, – деп үшінші оқитын кенже ұлынан сұрап қояды.

        

– Айтайын ба, – деді бала бірдеңе білетін кісіше. Аяғы салбырап диванда отыр, үлкен кітапты бір жаққа қашып кететіндей құшақтап алыпты. Кекілі түзу қиылған сары ұл оқуға жүйрік. Мұның сол жүйріктігін оқытқан мұғалімдері де, танитын үлкеңдер де мақтайды. Ағалары ғана «Е, кішкене кезімізде бәріміз де жақсы оқығамыз, бесіншіге барғаңда көрерміз әлі-ақ» деп көрінген жерге жұмсауға әуес.

        

– Тұқымыңда оқымысты жоқ. Әкең – шопыр. Сен де шопыр боласың, – деп мазақ қып шамасы келмейтін жұмысқа салып қоюға құмар. Отын бұтатса ағаштың жуанын, қар күресе күректің үлкенін береді. Ақнұрдың кітап оқып, телевизор көріп, көбірек оңаша отырып сабақ қарауына олар қарсы. Ақлима үйде болмаса, сөмкесін тығып тастап, жоқ жерден жұмыс тауып беріп маза таптырмайды. Бір жерге қонаққа барса, үйден ұзап шықса «Әлгі Ақнұр не болды. Үлкен ұлдар тисіп қоймады ма екен» деп алаңдап тез қайтуға тырысатын Аклиманың әдеті. Басқа бес ұлға кішкене күнінде бүйтіп аландамаушы еді. Жұмысты өздері бөлісіп, бірге ойнап, кейде бірдеңені бөлісе алмай төбелессе де шектен шыққанда шешелерінен таяқ жеп, әйтеуір, білінбейтін араздығы. Кенже ұлын айрықша жақсы көргесін бе, жоқ шешесі айналып-толғанып бар жақсысын осыған бергесін бе үйдегі үлкен ұлдар Белгібай бастап кенже ұлға қарсы. Тек алдақашан үйленіп кеткен Сағындық қана анда-санда келгеңде:

        

– Ақнұрға, – деп шешесіне әкелген базарлығында бауырын атамай қалған емес. Содан кетер-кеткенше Ақнұрды қасынан тастамайды. «Сен әлі ақылы кірмеген кішкене бала тәрізді қылжақсың, үйленбедің» – деп Белгібайға тиіседі.

        

Одан кейінгі ұл әскерде. Сегізінші оқитын Сейсен қыз сияқты адамға қиянат жасауды білмейтін жуас. Ал, анда-санда келетін Әбді болса бала кезінен Қосағаштағы атасының үйінде. ІПешесі: – Бәрі осы Ақнұрға күн көрсетпейді, – деп Әбді мен Белгібайдың қылықтарына ренжіп, ішіне сыймай айтса, Сағындық кәдімгідей мұрты тікірейіп зілденіп, Белгібайды жеп қоярдай жер қып ұрсады. Белгібай ыржалақтап:

        

– Ой, мен ынжық болмасын, шаруаға пыссын дейім де, сол бір жұмыс істеп тындыратын бала ма, – деп қаша жауап қайырады. Ақнұрдың айтайын ба деген сөзіне, шешесі – не сен бірдеңе білуші ме ең, қайда баратынын айтты ма саған» – деп сұрай бастады. Ақнұр ойындағысын қалай айтарын білмей қызарақтап, бөгеліп, сәлден кейін:

        

– Әбді Сәдудің қызымен бағана қораның сыртында тұрған. Сіз мені Мәрия тәтеден оймақ әкел деп жібергенде көрдім, – деді.

        

– О жүгермек келгір, – деді Ақлима шыдамай. – Жүгермек, бұл ойсыз болды ғой. Келсін қазір, қуармын үйіне. Бәсе, екі кештің арасында қайда кетті десем.

        

– Енді оған ұрсасыз ба?

        

– Жанын шығарам. Жаның шыққырдың. Қуам үйіне. Ертеңнен бастап.

       

– Ал, қарды кім күрейді.

        

– Күрейміз өзіміз, – деді Ақлима қайшымен жіпті шақ-шұқ қиып. Өңі күреңітіп түнеріп кетті. Мәшинесін кілт тоқтатып, қақпағын жауып, төргі үйдегі сандықтың үстіне апарып қоя салды. Әбдіні күтіп отыр еді. Оған қарамай кешкі асты қамдап, Ақнұрға тамақ берді. Үлкен табаққа салған қартоп аралас ет, жұқа ғып иленген қамыр шетінен тиілгені болмаса көп желінбеді. Астауға езген құртты сорпаға қосып, зорлағандай ғып ұлына екі кесесін ішкізді. Шай қайнағанша дастарқан жинап ыдыс-аяғын жуды, тамақ соңынан шай жасады. Ақнұр тағы да бір-екі кесе ғана ішіп, арбалған кісіше бұрыштағы телевизорға үңіле берді.

        

– Тамақ ішкенде осы құрғырды өшіріп таста десем бір болмадың, – деп шешесі ұлына кейіді.

        

– Ертеңнен бастап каникул ғой, – деп күнде ерте ұйықтап қалатын Ақнұр бүгін түн ауғанша кино көрді. Ақлима дастарқан жиып, төсек салды. Далаға шығып, үйшіктегі итке тамақ құйды. Боран әлі толастамапты. «Ойына әлгі Әбді қайда жүр екен» деген сауал келуі мұң екен, біртүрлі көңілі алаңдады. Далаға күпәйке киіп шығып еді. Қайта кіргенде көмір ала кіріп, пешті қайта көсеп от толтырды. Қолын жуып төсек салды. Телевизор көріп отыр ма десе Ақнұр қылжиып ұйықтап қапты. – Құлыным-ау, – деп күбірлеп көтеріп апарып пеш түбіндегі кішкене төсекке жатқызды. Шешесі сырт киімін шешкенде де ол ештеңені сезбеген бойы былқ-сылқ етіп қатты ұйқыдан оянбады.

        

Ақлима шамды өшіріп, Әбдіні тоспай сыртқы есікті мықтап жауып жатып қалса да көпке дейін дөңбекшіп ұйықтамады. Терезе түбінен ысқырған боран қараңғы ұзақ түнде жалғыз жатқан адамға жұтып қоятын айдаһар сияқтанды. Әдетте, Ақлима өмірі жалғызсырамайтын, көпшіл. Күйеуі Төлеубек серілігі бар, денесі еңселі қарулы адам еді. Колхоздың ылғи ақшалы жұмысында жүретін. Табысты табудай табатын, бірақ шашпа, етек-жеңі бір жиналмайтын ақкөңіл еді. Сеніп сыйлаған адамдары алдап, ақысын жеп кетсе де кісіге жалбақтағанын қоймайтын. Арақ ішіп алса, тіпті жомарт боп, үстіндегі жаңа киімін, мінген атын, қалтасындағы ақшасын өзіне түк пайдасы болмаса да көңілі түскен адамына сыйлап жібереді. Оған өкінер, қояр десе Аклиманың сау күнінде ақыл ғып ұрысқанын мәу демейді. Қайта арақ ішіп, қызып алғаңда: – Мені жұрт сыйлағанда, сен сыйламадың деп жанжал іздейтін. Ертеңінде кешірім сұрап, татуласу жоқ, заңды бір, күнделікті жұмыстың бірін істегендей ұялмай-қызармай берген тамаған ішіп, бұйыра сөйлеп, түк білмегендей жүре береді. Туған-туыстың айтуынша, осынша бала-шағамен бұдан ажырағанда қайда барам деп сегіз балалы болып, олардың алды есейіп, өзі қырыққа толғанша Ақлима осының бәріне төзіп, шыдап бақты. Неден екені белгісіз көңілі әбден қалған соң ба, ақыры жасы отыз жетіге қараған жылы күйеуімен ажырасып тынған. «Балаларым есейді, енді өлтірмес, өзімде совхоздың жұмысын бір кісідей істермін» деді.

        

Жастықтың әсері ғой балалардан ұялар, бұрынғы өрескел әдеттерін қояр десе Төлеубектің аздау ақылы қырыққа келгенде мүлде жоғалып карта ойнап, өз табысын құртқанмен қоймай енді бала-шаға мен әйелдің тапқанын тігіп, ұтысқа салды. Ақлиманың бұл ісі күйеуін сүймегендіктен, не әбден көңілі қалғандықтан ғана емес амалсыздан, басқа шараның таусылуынан болған ажырасу еді. Осыны ойласа өзінің басынан өткен бейнетті өміріне бір жағы өкінеді. Бір жағы – тәуба дейді. Күндізгі шаруаның күйбеңімен көбінесе жастыққа басы түн ауа тиетін Ақлиманың соларды көп ойлай беруге уақыты да жоқ. Үлкен ұлы Сағындықты аттандырып, оқытып, жолға салған соң, Әбді мен Белгібайды ойлайтын; Белгібайдың шынымен әзіл-қалжағы көп. Әбдінің иі жұмсақ. Әкесі сияқты көзін жұмып жіберіп, өзіне ұнаған адамның ығында кетеді. Бала күнінен Ақлиманың немере ағасы асырап алды да, әбден есі кіріп шын анасы кім екенін білгенде де шеше деп айтуға батпай әлі күнге мұны «әпке» дейді.

 

Сол Әбді де міне, жиырма алтыға жыйды. Үйленбеді демесе қол-аяғы балғадай, әп-әдемі бір қызға жар боларлық онды-ақ жігіт. Совхоз кезінде он жылдай дөңгелегі кісі бойы, құмырсқа бел үлкен трактор да жүргізді. Табыс тауып жеңіл мәшине де мінді. Ауылға жақсы жігіт те атанды. Соның бәрі қолынан келгеңде үйленіп, үй болу құрғыры келмей-ақ қойды. Адамды сынап, таңдап жату, не көңіліне ұнағанын өзіне қаратып жұрт сияқты қызға қырындау жоқ, той-томалақтағы арзан қызықтың әуресі боп жүргеңдер қолтығынан алып қылымсыса соған еліктеп, бұрма жүрістің ыңғайына жүріп кетеді. Былтыр ауылындағы туған-туыстары екі айға осында жіберіп, «ұлың қайдағы бір қаланы шулатып келген қуаяқ біреуге үйленем» деп бүлініп жатыр, ие бол» деп сәлем айтып, Ақлимаға бұ да көп-көрім уайым болып еді. Мұнда келген соң Сәду дегеннің қызын тауып алып, ол да Ақлимаға көп-көрім жүк болды. Жаз шыға, қоярда қоймай қайта аулына қуған. Содан, міне қыс ортасыңда тағы келіп отыр. Келгеніне Ақлима қарсы емес қой. «Қарағым Сәдудің қызын қой, бәріміз де бала асырап отырмыз, біреудің баласын пәлен деу күнә шығар. Бірақ бүкіл ауыл ұнатпағанды сен қалай ұнаттың» деп көрді.

        

– Ой әпке сіз қызықсыз. Сәдудің қызы Сәлимамен дос қой. Екеуі бірге жүрген соң әңгімелесіп, сырын білейін дегенім ғой, – деп Әбді шынын айтқандай болды.

        

– Сол Сәлиманы ұнатсаң әкесі сенен артық хан ұлына бере ме үлкендерді салып, құда түсейік, – деп еді, алдымен қыздың ішкі ойын біліп алмаса болмас дегенді айтып Ақлиманы еріксіз тоқтатты. Уақыты созылған сайын Әбдінің Сәлимамен жақындасып кете алмағаны не істесе жылдам, ашық тындырып үйренген Ақлимаға ұнамады. Ауылдағы сыр шашпайтын жас келіншектердің бірін жеңгейлікке салып қызбен сөйлестіріп еді «тәте қыз үйіріліп тұр. Кілт Әбдіде», – деді. Ақлима енді шындап ойланды.

        

Түн ортасынан ауғанда шырт ұйқыда жатқан шешесін оятып Әбді терезе қақты. Ақлима киініп шығып есік ашты. Қарлы боран долданып, ысқырып, дүниенің астын үстіне келтіріп әлі соғып тұр. Үсті басы қар боп, бет-аузы қызарып тонған Әбді кірді.

        

– Қарағым-ау қайда жүрсің осы уақытқа дейін. Сені адасып кетті ме деп көпке дейін ұйқым келмеді. Өзің тоңып қалыпсың ғой. Тамағынды жылытып іш пешке қойып, сені тосып-тосып ақыр келмегесін Ақнұр екеуміз тамақтанып жатып қалдық, – деп Ақлима түпкі үйге кіріп кетіп еді. Аздан соң артынан – әпке жүріңізші, шәй ішейік. Бірдеңе айтам, – деп Әбді келіп жалынған соң «Әй, қу шұнақ-ай», – деп жатқан орнынан тұрып ауыз үйге шықты. Тамақ жылытып, пешті көсеп қайта жағып дастарқан жасады. Әбді шешесіне қарап қойып күлім-күлім етеді.

        

– Немене қуанышты хабар ма, –деп Ақлима жымиды.

        

– Сәлиманы Көркем тәтелер қонаққа шақырыпты. Сайман сұраған боп Асқар ағаға кіріп едім, жассың ғой Сәлиманы қонақ қып отыр едік, кетпе, – деп мені отырғызып қойды. Асқар аға мен тәте екеуі ішіңдегіңді біліп тұратын ақкөңіл адамдар екен. Мен ондай деп ойламаушы ем. Тәтемнің тағамдары дәмді екен, шәй жасағаны, дастарханы сізден аумайды. Ақлима апайымнан артық дәмдеп ас істеген адамды көрмедім деп сізді мақтай берді, – деп Әбді әңгіменің аяғын басқа жаққа бұрып әкетті.

        

– Сәлиманы қайттің? – деді Ақлима.

        

– Шығарып салдым.

        

– Айттың ба бірдеңе…

        

– Далаға шыққан соң, боран боп; Аға, аға дей береді. Түк айта алмадым, – деді.

        

– Ертең ол біздікіне келеді. Қонаққа шақырдым. Ақнұрдың мұғалімі ғой. Сен де үйде бол, – деді Ақлима. – Құда түсейік деп ем көндің бе. Өзім-өзім деп. Оңдай қыз жоқ ауылда. Келе сала Тебегеннің салақ қатынының дастарқанын айнадай, үйін баптадай етті. Сен сияқты сөзін есептеп, ұялып жүреді деймісің ауылдың бойдақтары. Біреуі қағып кетеді ертең. Тағы да қаласың аузың аңқиып. Күндіз оңаша кезді пайдаланып айт ертең айтар сөзіңді, – деп тамақ үстінде Ақлима бұрынғы адуынды қалпымен Әбдіні тағы да қайрап отқа салып қойды. Әбдіде жауап жоқ, тамағын ішіп алып, шайын сораптап қиналып отыр.

        

– Қыз баланың қиындығы үйленгенше. Толқымалы, ұстатпай сусып шығып кеткісі кеп тұратыны осы, мені дұрыстап ұстай ала ма деп тексергендегісі, – деп Сәлиманы мақтап Әбдінің бұрынғы құмарлығын одан сайын күшейтіп қойды.

        

Ақлима Әбдіні таң бозынан оятты. Үй іші тып-тыныш. Қабырға сағаты тық-тық етеді. Боран да тыныпты. Ақнұрдың аяқ жағында үлкен сары мысық пыр-пыр етеді. Ақлима пештің күлін алып от жақты. Пеш дүрілдеп жанып, суый бастаған үй ішіне жан кірді. Пеш үстіндегі ыдыстарға, қол жуғышқа су толтырып Ақлима малға шықты. Түнімен бораған көбік қар есік алдын, қораға баратын жолды басып қалыпты. Аздан соң күпейкесін киіп, малақайының құлағы ербиіп Әбді шықты. Ақлиманың үйінен қорасы үлкен. Іші қараңғы, есіктерін шалқалата ашып қоймаса ненің қай жерде тұрғанын ажырату қиын. Мал төлдемеге енді шығады. Қоңын түсірмей жылы қорада қыстай асырап келеді әйтеуір. Асты таза, оттықтарынан шөп үзілмейді. Суатқа айдап апарып күніне бір уақ суғарады. Үш уақ шөп салады. Кейде астауға салып жем береді. Соның өзі бір адамға күні бойғы жұмыс. Әбді мен Белгібай барда қолы босап қалады. Совхоздың тракторын айдап жүрген Белгібай ел жекеленгенде жұмыссыз қалып, жеті шақырым жердегі қыстақта меншіктің малын бағатын. Қыс түскелі о да жоқ, анда-санда кір-қоңын жуғызып алуға болмаса көп келмейді.

 

Таңертеңгі малын жайлап, кейбірін қорғанға шығарып шөп салып ораза ашқан соң Ақлима ас қамдап қонағын күтуге әзірленді. Ақнұрды қасына ертіп алып Әбді түске дейін қар күреп, малдың астын тазалап, суат аршып үйге кірмеді. Ақлима үйге сол кіргеннен қонақ келгенше тыпыр-тыпыр етіп дастарқан маңында жүрді. Үстіндегі ауыр халатын тастап, тәуір көйлек пен көк пүліштен тігілген оюлы кемзалын киді. Басына жаңа орамал тартты. Түс кезінде Ақнұрды жұмсап Сәлиманы алдырды. Сәлима Ақлиманы көргенде есік алдыңда тұрып күлімсіреп қарады. Өзгеріп кеткен түріне таңырқай қарап:

        

– Түу, тәте өзіңіз жасарып кетіпсіз ғой, – деп күлді. Күн демалыс еді. Асығатын ештеңе жоқ. Сәлима жалғыз болмас үшін қасынан Ақнұрды жібермей сөйлесіп отырды. Сосын отыра алмай кілетке кіріп, оны-мұны әкеп, май-қатық салып, ыдысқа тосап құйып тұрған Аклиманың қасына барды. Бос отыра алмай: – Әкеліңіз, – деп бірге қызмет қылып көмектесуге кірісті.

        

– Тамақтың бабын менің шешем де жақсы біледі, – деп үйренген, білгенін айтып, білмегенін сұрап дастарқанды бірге дайындасты.

        

– Шақырған қонақтарыңыз көп пе? – деп сұрап қояды.

        

–Жоға, қарағым. Өзің ғана. Дәм татсын, – деп шақырып жатқаным ғой. – Оның үстіне күні бойы үйде зерігесің. Әрі біреудің үйінде тұру да оңай ма, – деп тұрған үйінің жайын сұрады. Сәлима ақсары жүзі сәл қызарып:

        

– Иә, жайлы, – деді де қойды. Тұратын үйі Тебеген деген, әкесінің досы еді. Тебеген совхоз кезінде осы ферменің шаруашылығын басқарған. Әлді жігіт. Өзі отыздан асқанда кеш үйленіп, әйелі өңі түзу болғанмен салақтау еді. Оның үстіне жаннан асқан қызғаншақ. Ол қылығын дүниеге де, мал-жайға да, күйеуге де істейді. Сол қылығын Сәлимаға да істеуші еді. Онысын жас қыз білдірмеуге тырысады. Тебегеннің қазір екі жүзден аса қойы, бір үйір жылқысы, жиырма-отыз сиыры бар. Оның бәрі қораға сыймай малшы жалдап, совхоздың иен қалған қыстауында баққызады. Өзі де көбіне сонда.

        

– Тебеген құрдас қой, екі жас үлкендігі бар. Өзі құрдас деп ойнаған соң, аяймын ба. Мен де сазайын берем. Жаман қатыны өліп қала жаздайды. Құрдас болған соң айтам да, әйтпесе адамның жаманы болмайды қалқам, – деп қойды Аклима күліп.

        

– Тәте басқа шақырған қонағыңыз жоқ болса, бір маған осынша әуре болып қайтесіз. Мұнша ыдысты, әуреленіп жинау да оңай емес. Ақыр шақырған соң көршілеріңізді қоссаңыз мен өзім сізге көмектесетін едім, – деп ұялғаннан шынын айтты. Ақлиманың үлкен қызы тоғызыншыда оқиды. О да мінезі ашық. Осы Сәлима тәрізді шаруаның не амалын меңгерген, жасына қарамай үлкен адамдай шаруакеш еді.

        

– Қыз деген қонақ қой. Білгені қандай жақсы. Менің қызым да үй шаруасына әбден пысық. Каникулға келгенде жанымды тындырады. Әттең енді осы Әбді мен Белгібайымды аяқтандырсам. Әбдіні білуші ме ең? – деді Ақлима сөз аяғында жұлып алғандай. Сәлима тағы да қызарып кетті:

        

– Білем ғой, – деді. Әбдіні дастарқанға екі-үш шақыртып келтіре алмаған соң, Сәлима мен Ақнұрды қатар отырғызып, – Ал қарағым онда өздеріңді сыйлай берейін үлкен қонақ өзің ғой келмесе өзі білсін. – Ұялғаны ма? О несі – деп қонаған сыйлай бастады. Сәлиманың өзі ақсары болғанда, бетінде аздаған секпіл бар, шашы да сап-сары. Ұялы көзінде адамды тартып тұратын жылы нұр бар. Жас қой, көп ештеңенің парқын біле бермес деп ойлаушы еді Ақлима. Оның үстіне оқыған қыздар бір түрлі боп кетті ғой өзі, көбінің қылығын іші жақтыра бермейді. Әңгімесін, сырын білген сайын іштей ұнатып, ол сырын ішіне жасыра алмай сөз арасында. – Қалқам, қарағым, – деп. Ойланып-толғанып отырып байқамай айтып қап отырды. Ақыры Сәлиманың мінез-қылығынан адамға бұдыр боларлық ақау таппай еріксіз көңіліндегі сөзін айтып «қалқам мен де бала өсіріп отырған адаммын өзіңе жақсылықтан өзге тілерім жоқ. Ақылыңа көркің сай бала екенсің. Уәделескен адамың бар ма?» — деді. Сәлима осы жерге келгенде, ерекше жіңішке дауыспен сыңғырлап күліп:

        

– Тәте сіз мені айттыруға шақырғаннан саумысыз? – деді.

        

– Жатқа қыймайтын жан екенсің қалқам. Әттең билік қолымда болса, қазір келін ғып түсіретін-ақ баласың, – дегенді айтып қалып, «қап бүлдірдім-ау» – деді өзіне өзі. Сәлима сыр білдірмеді. Ақлима сосын өз қылығын жуып-шайып, мұңайғандай болып, төмен қарап Әбдінің жайын айтып кетті.

        

– Қарағым оқыған көзің ашық адамсың. Шынымды айтайын балам өзінді ұнататын сияқты. Сенің ішіңде не бар екенін білмей алдаусырап соңыңнан жүре бергенде о байғұсқа не түседі. Сөз тауып айта да алмайды. Сені де осыны айта қояйын, дәнекер болайын деп емес, танысып көрейін деп шақырып ем. Ризамын қалқам, тәрбиесі ала-құла біреу болса, не сөйлеп отырсыз деп есігімді тарс жауып кетіп қалар еді бағана. Әбдімнің жайын түсінгеніңе рахмет. Алда-жалда баламды теңсінбесең онда бетін қатты кетірмей жұмсақтап айтқайсың. Иі жұмсақ болғанымен көп ойланады. Замандарың бір аға мен қарындас боп жүріңдер, – деп аяқтады сөзін. Дауысы бәсеңдеп жарықшақ білінді.

        

– Әбді ағайымыздың жайын сіз емес, ол өзі ойлауы керек қой – деп күлді Сәлима сөз соңында. Түс ауа үйді жинасып, Ақнұрмен бірге телевизор көріп, Ақлиманың іс мәшинесімен сөмкеге салып ала келген тігісін тігіп Сәлима со күні кеш қайтты. Әңгіме әбден аяқталған кезде Әбді өзіне ештеңенің катысы жоқ адамдай асын ішін, жұмысымен кіріп-шығып жүрді.

        

Кешкісін ұйықтар кезде Ақлима Әбдіге күндізгі болған әңгімені айтам деп көп-көрім сөз естіді. Әбді тас-талқан боп ашуланып:

        

– Мұныңыз не? Ертең не ойлайды ол. Енді бетіне қалай қарамақпын, – деді. Бұдан ары шыдай алмаған Ақлима: – Әй, қарағым. Үйленгің келе ме өзі. Үйленгің келсе құда түсейік. Бүйтіп жүрме! – деді.

        

Әбді жауап қатпастан бүк түсіп теріс қарап жатып қалды.

        

Демалыс күні суат басында Сәлима жолықты. Иығында инағаш. Аяғында пима, үстінде қара тон.

        

– Сәлеметсіз бе? – деді Әбдіні көріп.

        

– Аман ба Сәлима, – деді Әбді.

        

Қызға шелеклен су алып берді. – «Рахмет» – деді қыз шелекті инағашқа іліп. «Қайтпайсың ба?» – деді сәл бөгеліп. Суаттан әңгімелесіп бірге қайтты. Әңгімелесіп қораға таяғанда шаң-шұң дауыс естілді. Бұл Тебегеннің әйелі шап-шап етіп күйеуіне ұрсып жүр:

        

– Қит етсе менің күндесімше Сәлима, Сәлима деп қоймайсың. Білем сенің көкейіңді не тескенін. Осыдан сол қызбен баршы орталыққа, әдіре қалғыр шанаңның табанын көктен келтіріп, бензин құйып өртеп жіберейін.

        

Тебеген: – Әй қоямысың көкімей, жоқ па, – деп ажырайып, жөндеп жатқан мәшинесін тастап бері жүрді. Үлкен ат қойды жайратып сап терісін іреп жатқан көршісі Берден: «Тәке, қоя сал» деп алдын бөгеп еді. Тебеген шын ашуға мінген екен көнбеді. Даладағы шаң-шұң Тебеген үйге кірген соң жым болды. Берден жеңгей деп Үриләмен әзілдеп ойнаушы еді. Мінезі сыпа, ұятты болғасын байқамай істеген өрескел қылығы болса Үрилә Берденнің алдында жайшылықта жуып-шайып ақталып отыратын. Бұ жолы Берденге көпке дейін пейіл бермеді. Осы үйдің бір адамы есепті болған соң Берден түскі астан соң Әбдіні шақыртып алып, Тебегеннің шанасына өз атын жегіп «Сәлиманы апарып сал», – деп тапсырды.

        

Әбдінің орталыққа баратынын естіп Ақлима шанаға шөп салып, жамылатын қалың тұлып, тон берді. Ұлына – жүріп алмай тез қайт – деп тұжырды. Жарау торы ат құлағын қайшылап, жүріп кеткенше шыдай алмай тыпыршып тұр. Күн құлақтанып, айнала шаңытып барады. Аяз үдей түсті. Айнала үркектеп көптен жегілмеген ұзын торы бірден ала жөнеліп, біраздан кейін шананың шайқалақтаған жүрісі оңалып барып, жолға түсті.

 

Ұзын жолға түскен соң Әбді бұрылып қызға қарады, бұдан көзін айырмай бұрынғыша күлімсіреп қарап отыр екен. Бұл да жымиып делбені ақырын қағып қойды.

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: