Әке. 4-ші монолог СОҢЫ

23.07.2026 202

Әке, біршама уақыт бұрын мен түс көрдім. Онда маған бір адам үй тіршілігіндегі балтамен отын жару, көлік айдау сияқты сен толық үйретіп үлгермеген нәрселерді көрсетіп жатты. Мен оны «көке» деп атадым. Біз жасыл алқаппен жүрдік. Есімде тек үзік-үзік осындай сәттер ғана... Сол түсімді өзіңді сағынғаным деп жорыдым.

Әке, осы бір ауыз сөзді менің айтпағаныма жиырма екі жыл болыпты. Өйткені сені «папа» деуші ем. Ал бүгінде сенің көрсетіп үлгермеген қамқорлығыңды көрсеткен кейбір ағаларымды өзіңдей жақын тартып, «әке» дей алмаймын. Қызығы, сондай сәттерде ішімде бір жылы сезім бой көтеріп, сені сағынамын. «Әке» деп айтқым келеді де, өз-өзімді тежеймін. Мұны менің аузымнан тек сен ғана естуге лайықтысың! Өкініштісі, менде мұндай мүмкіндік жоқ...

Әр жыл сайын, әр күн сайын басымнан өтіп жатқан кезеңдер мен оқиғаларда сені аңсап, іздеп тұратынымды түсіндім. Әке деп ақыл сұрап, өзіңмен сөйлескім келеді. Әрі дәл осы бір үлкен өмірге, асқақ арманға құлаш құрғанда сен жетіспей тұрғандайсың. «Балам, ұлым» дегеніңді естісем деймін... Әттең... Ол – тек жүйрік қиялдың, сарқылмас сағыныштың сарқыншағы ғана. Алла Тағала жазған пешенемде бар, болған, алда болатын кез келген сынақтың мені шыңдау үшін келгенін, келетінін білем. Өткен өмірім өзің бар болғандықтан қаншалықты ыстық болса да, келмеске кеткенін түсінемін. Шамам жеткенше сабақ алып, ой түюге талпынамын. Алайда сорлы жүрек сені іздеп, зар жылайды. Ал қиялым небір елестерді, өзіңмен жүрген сәттерді, «сен қасымда болғанда еді» деген өмірімнің жаңа нұсқасын көз алдыма алып келеді.

Үнсіздік. Менің қолымнан бар келетіні – осы. Шыдап, шыңдаламын. Қағазыммен, қаламыммен сырласамын. Табиғатпен тілдесіп, Жаратушыма мұң шағамын да, күш-жігер сұраймын.

Әке, сенің ұлың жігерсіз, қайратсыз, ез болып кеткен жоқ. Тек сезіммен өмір сүруді таңдады. Бойына Құдай құйған талант тамшыларын бұлаққа айналдырғысы келеді.

Әке, сенің ұлың болу – мен үшін мақтаныш. Себебі сені бәрі мақтайды. Сағынып еске алады. Сондықтан да мен сен секілді болғым келеді.

25.05.2026

 

 

Пікір қалдыру: