Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Рюноскэ Акутагава. Бисей сенген еді...

Блогтар

31.05.2022
6333

Рюноскэ Акутагава. Бисей сенген еді...

Бисей көпірдің астында оны күтіп тұрды. Ара-арасында жоғарыдағы көпірдің үстімен өтіп бара жатқандардың атқан таңның нұрына бөккен етегі соққан желдің екпінімен ағараңдайды. Ол болса, келген жоқ. Төзімі түгесілген Бисей суға жақындап, тербелген қайығы жоқ тыныш қана мүлгіген өзенге көз салып қарап тұрды. Өзеннің жағасын бойлай жасыл қамыс өсіп тұр, қамысты қаптаған шоқ-шоқ талдар да әрбір жерден бой көрсетеді. Өзен үлкен болса да, қамыс шырмаған өзеннің беті тар болып көрінетін... Ал ол әлі келген жоқ.

 

Бисей судың жағасымен әрі-бері теңселіп жүрді де қойды. Кенет тоқтап, мүлгіген тыныштыққа құлағын тосты. Көпірдегі қозғалыс та басылды. Адамдардың аяғының тықыры да, ат тұяғының дүбірі де, арбаның тарсылы да – енді ештеңе де естілмеді. Желдің уілі, қамыстың ызыңы, судың сылдыры... сосын әлдеқайдан айқайлаған аққұтанның дауысы шықты. Су тасып, қайраңға көтерілген сынды, су бұрынғыдан да жақын көрінді... Ал ол болса, әлі келген жоқ. 

 

Ашу қысқан Бисей көпірдің астындағы жолмен дамыл таппай теңселіп, өзін қоярға жер таппады. Ағын сумен толыққан өзеннің суы да арнасынан асты. Су жақтан ескен самал жел Бисейдің бетін өбіп өтті. Ол көзін көтеріп еді – көпірдің үстімен көтеріле атып келе жатқан таңның нұры әлдеқашан өшіп, күңгірт жасыл таңғы аспанда тас діңгектің мүсіні қарайып көрініп тұр екен... Ал ол әлі келген жоқ.

 

Бисей ақыры арлы-берлі теңселуді қойды. Бисей кілт тоқтады. Өзеннің тастай суық суы аяғына оралып, көпірдің астымен ақырын ғана ағып жатты. Әне-міне дегенше аяушылық дегеннен ада су ағыны тізесінен асып, ішіне, кеудесіне дейін басатыны сөзсіз. Жоқ, барған сайын оның бейнесін жұтып барады, міне, тізесінен асты... Ал ол әлі келген жоқ.

 

Үміттің соңғы ұшқыны Бисейді көкке, көпірге көз салдырды. Кеудесінен асқан суды кешкі аспанның қою бұлты әлдеқашан басқан еді. Қалың тұманның арасынан қамыс пен тал жапырақтарының мұңды сыбдыры естіледі. Кенет судан ақмарқа балық атып шығып, Бисейдің мұрнын қанатымен серпіп өтті. Аспанда жаңа жанған жұлдыздар әрбір жерден шашылып туып келеді... Шырмауық торлаған тас діңгектің сұлбасы да төніп келе жатқан қараңғылыққа сіңіп кетті... Ал ол әлі келген жоқ.

 

Түн ортасында, ай сәулесі өзен жағасындағы қалың қамыс пен талды ораған кезде, су мен жел ақырын ғана сыбырласып, Бисейдің денесін көпірден теңізге қарай ағызып бара жатты. Бірақ Бисейдің рухы, ғашықтығынан болар, көк кіндігіне, мұңлы ай сәулесіне қарай бет алды. Ақтық демімен бірге тәнін тастап шыққан рухы өзеннен аспанға тыныш қана көтерілетін балдырдың иісіндей боз аспанға ақырын ғана көтеріле берді...

 

Содан соң, мыңдаған жылдардан кейін, сан мәрте қайта түлеген сол рухқа адам тағдыры қайтадан аманат етілді. Міне, сол рухтың ұясы – менің тәнім. Сол себепті де осы ғасырда дүниеге келсем де, менен қайран жоқ: күні-түні бір таңғажайыптың боларын күтіп, қиялымның қанатында тербеліп қана өмір сүремін. Елең-алаңда ешқашан келмейтін ғашығын көпірдің астында сарыла күткен Бисейге ұқсап.

 

 

Орыс тілінен аударған: ШЫНАТАЙ ЕЛІМАЙ


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: