Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПОЭЗИЯ
Сыздайды сыбызғы көкірек

Блогтар

17.08.2017
5101

Сыздайды сыбызғы көкірек

 

 

Сұрындай мұхитта қалғыған кеменің,

Сыздатқан сыбызғы көкірек шеменін.

О, менің, фәнилік бағдарым, -

Пенделік сапарым қай тұсқа тартасың? -

Желтоқсан желдері жемірген өлеңім!

 

Қалсам да кей сәтте бұтадай қалтырап,

Кетпейсің көзімнен сәуледей жалтырақ.

О, менің, ғұмырлық дегдарым! –

Толқындай тепкілеп жағалау жартасын,

Құлаштап лақтырып санаға сан сұрақ.

 

Тұсаулы түндей бір қайырған күйісін,

Ұйыған ұйықтай тұл-күндер құрысын.

Сыздаудың сезіну салмағын –

Емес қой, өзіңді жасанды қамшылап,

Сағыну боз дала, боз жусан иісін.

 

Тас тұяқ астынан жүйткітіп байтақты,

Нар ұлдар кезбей ме сан тарау соқпақты.

Шілдедей шыжғырған ар жанын,

Маңдайдан бұрқырап ыстық тер тамшылап,

Суарып жер бетін көмкерген қатқақты.

 

Шыңдарды найзағай кемірсе – дұрысы, -

Ол да бір жарасты құба жон ырысы.

Бөрілер байрақтап арланын,

Қан қапқан топаннан қаңқасын аршып ап,

Арманшыл даламның кеңейген тынысы.

 

Тұлпарлар жалында сақтаған дерегін,

Көлгірсіп көрмеген көшпенді мен едім.

/Ескеріп қайтейін, қалғанын/,

О, менің, фәнилік бағдарым,

Тартасың қай тұсқа ғұмырың тәртесін?

Сыздап тұр сыбызғы көкірек, қайтесің! 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: