Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жұмекен Нәжімеденовтің ақындық туралы айтқандары...

09.03.2017 5055

Жұмекен Нәжімеденовтің ақындық туралы айтқандары

Жұмекен Нәжімеденовтің ақындық туралы айтқандары - adebiportal.kz

Теңіз суының дәмін білу үшін бір ғана тамшысын татып көрсе – жетіп жатыр деседі. Поэзияда мұны айтуға болмайды. Өйткені әр ақын – өзінше бір теңіз...

4887572b765e2444e64d84899b0ff1fe.jpg


***


Өлең жазған кісінің бәрі ақын емес екені дәлелденген шындық. Шын ақынды жасайтын да өмір, содан алған әсер, тәжірибе болса керек. «Мен ақын болайын деп пе едім, өмір ғой мені ақын еткен» депті бір мықты.


***


Көкейдің сөзі қай уақытта да көңілге ұялауға тиіс. Поэзияның өміршеңдігі дегенді де біз осы тұрғыдан іздесек керек. Сөзді сөз ететін, оған құдірет беретін де шыншылдық қой. Шыншылдық бар жердің поэзиясыз болуы мүмкін емес.


***


Көкейдің сөзі қай уақытта да көңілге ұялауға тиіс. Поэзияның өміршеңдігі дегенді де біз осы тұрғыдан іздесек керек. Сөзді сөз ететін, оған құдірет беретін де шыншылдық қой. Шыншылдық бар жердің поэзиясыз болуы мүмкін емес. Ал, шындық ылғи да күресті, қорғауды, қорғанысты керек етеді. Ол үшін, алдымен, жауапкершілік қажет. Жауапкершілік - ардың ісі. Бір қимылды қорғамаса, бір іске жауап бермесе ақынның несі ақын, азаматтың несі азамат?!


***


Поэзия жастықтың ісі, жастыққа тән процесс дейміз. Осы пікірдің өзін кейде қайта қарағың кеп кетеді. Қайта қарау атаулының, ревизия атаулының бәрі жақсылыққа апармайтынын жақсы білеміз. Бірақ поэзия жастыққа тән деген тұжырымнан гөрі, талант қартаймайды деген тұжырым әлдеқайда әділ тұжырым, әділ қағида сияқты. Шашына қарап шал есептеген адамдарыңыздың жыр кітаптарын ашып қалсаңыз, жаңағы ойыңыздан ұялып қалады екенсіз.


***


Ақын бағбан сықылды: жыр бағының әр түбін күнге он түртіп, қисық өскен бұтасын қырқып, түзулерін мәжелеп, ертеңнен қара кешке шейін дамыл таппайды. Дамыл атаулының бәрі творчествоға қас нәрсе. Бұл - жасқа да, кәріге де ортақ. «Игіліктің жоқ, сәулем, ерте-кеші» дегендей, үйренудің, ізденудің ерте-кеші жоқ. Біреу кітаптан үйренеді, біреу өмірден үйренеді. Біздіңше, екеуі де үйренуге тұратын, үйрете алатын ұстаздар. «Пәлен ақын, не жазушы классик болды ғой, енді несін іздейді, несін қара тер болады» дегендердің тілін жұлып тастау керек. Ондайлар өнерді өнер көретіндер емес, өнерді дәреже көретіндер ғана. Өнерді дәреже, мақтан көруден артық сормаңдайлық жоқ.


***


Таланттымын деп мақтану – мақтан емес. Өйткені, талантты ол өзінің алғырлығынан, пысықтығынан тауып алған жоқ, талантты берсе табиғат қана бере алады. Табиғаттың ісіне пенде мақтанып не бітіреді?! Мақтанса саудагерлер мен өнердегі дилетанттар мақтансын: саудагер өзінде жоқ байлықты қолдан жасап алады; ал дилетант одан да әрі кетеді. Біз мұны айтқанда ақылдымсу үшін айтып тұрғанымыз жоқ, көргенімізді, сезгенімізді ғана айтып тұрмыз.

Талант деген дән іспеттес: құрғаққа, аңызаққа өспейді. Оның бораздасы - әжім, жаңбыры – тер. Еңбекпен ғана ол көз сүйсінерлік көк алқапқа айналады.


***


Қырықтағы да, жиырмадағы да, алпыстағы да, егер ол азамат болса, ақын болса, ойланбай отыра алмайды. «Махаббаттардың қашан да, ойланбау жеткен түбіне» деп марқұм Төлеген Айбергенов айтқандай, қырсықтың көкесі, қашан да сол, ойланбаудан шыққан ғой. Қазіргі өскен, өрген поэзиядан да, алдымен, іздейтініміз, талап ететініміз де сол ой екені рас. Бағзы бір жолдастар поэтикалық жекелеген шығарма туралы: «Ойы жақсы-ау, әттең тілі нашар» деп өкініш білдіреді. Жұртқа қайдам, өзімізге осы пікір өте түсініксіз. Ойы жақсы, тілі нашар? Ойдың жақсы екенін қайдан біледі, егер тілі болмаса? Ал, жақсы ойды бере алып тұрған тіл жаман тіл бола ма? Шығарманың берілу процесінде, айтылу әдісінде ақаулықтар болса оны қаламгердің жазу техникасынан, тәжірибесінен іздеу жөн болар. Жалпы, тілді ойдан бөліп қарау өнбейтін іс сықылды.


***


Ең бастысы: ақын сезімінің шыншылдығы, мөлдірлігі. Осы күні дәуір тынысы, уақыт рухы деген сөздер көп айтылады. Мұны айтқызып жүрген де сол уақыттың, дәуірдің өзі болу керек. Дәуір тынысы, уақыт үні деген дорбаға салып, биіктеу қазыққа іліп қойған нәрсе емес. Ол ұмтылып барып іліп алып жүре беруге келмейді. Космос, корабль, стадион, эстрада сықылды сөздерді қанша үйіп-төгіп пайдаланғанмен уақыт рухы берілмейді. Уақыт рухын бере алатын да адам рухы. Шын мәніндегі азамат сөзі айтылған жерде уақыт рухы қаға беріс қала алмайды. Өйткені, әрбір азамат, алдымен, өз кезінің ұлы. Өз ғасырының ұлы, жиырмасыншы ғасырдың азаматы бесінші ғасырды жырласа да бүгіннің, осы кездің тілімен жырлайтыны айтылып жүрген шындық. Әрбір жақсы шығарма дәуір тынысын берген шығарма. Әрбір жақсы шығарманы жақсы ететін де сол дәуір шындығы.


***


Өмірді зерттеу, тұрмысты түсіну деген өте дұрыс нәрсе, қанша айтылса да құнын түсірмейтін сөз. Уақыт, тіршілік адамның психологиясына әсер ететіні хақ. Әркім өз тамырын тыңдап, көкірегіне үңіліп, жүрегін сауып жазылған шығарма ғана дәуір талабының деңгейінен шыға беретіні сондықтан шығар. Дәуір деген сәлем беріп кіріп, қоштасып шығып кететін әдепті қонақ емес, келер-кетерін ешкім көрмейтін, бар-жоғы да байқалмайтын ауа іспеттес. Ол адамның рухына, бүкіл тынысына, қанына сіңеді. «Өнерпаз, алдымен өзіңе үңіл» деудің мәні де осында секілді. Әсіресе лирикалық поэзияда бұл өте орынды кеңес.


***


Бәрі де дұп-дұрыс, бәрі де мап-мақұл. Бірақ осы дұрыс нәрсенің бәрі поэзия бола бермейді екен. «Поэзия дегеннің не нәрсе екенін мен білмеймін, бірақ анық керек нәрсе, соның ішінде маған керек екенін жақсы білемін» дейді Михаил Светлов. Біз де поэзияның не екенін дәл айтып беру жауапкершілігін міндетімізге ала алмаймыз.


***


Қай тақырыпты да жырлағанда әркім өз қырынан, өз биігінен келеді ғой. Әр ақын өз «жаңалығын» ашады. Тыңнан бір нәрсе айтпаса, ол тақырыпқа жолаудың керегі жоқ. Табиғатты суреттеу, әсіресе, сонылықты, жітілікті керек етеді. Табиғатқа жұрттың бәрі құмар, оны бәрі біледі. Табиғатты жырлаған ақынның «қатесінің» көріне қалатыны да содан. Өйткені «оригинал» көз алдыңда жатыр. Бұған қарап, табиғаттан тікелей көшіру керек деген ұғым тумайды. Табиғаттан үйрену керек, оған еліктеу керек.


***


Тютчевтың, Блоктың ең қысқа, ең әсерлі өлеңдері табиғат туралы. Олар әрбір селт еткен бұтаға, секіріп түскен тамшыға сезім салады, мінез береді. Бір теңеу айтылса, осымен өлең бітті деп, шығып жүре бермейді, үңіліп, зерттеп, астарлап тастайды. Ақын суреттеген әрбір бұтаның артында адам бар, әрбір тамшының көзінде шындық бар. Соны сезім сүзгісінен, ой елегінен өткізгенде ғана әсерлі поэзия тумақ. Адамның көңіл-күйіне де мықты әсер ететін осы табиғат.

Поэзияның жаны лирика десек, лириканы лирика ететін де осы көңіл күйі, жан атмосферасы. Көңіл күйі (настроение) жоқ өлеңді мақтау қандай қиын болса, сынау сондай қиын.



***


Қазір бір шөміш көбіктен жалғыз мөлдір тамшы артық екенін кім-кімде түсінді. Мәселе көлемде емес, салмақта, сабақта емес, дәнде. Дәні жоқ өлең – дәмі жоқ өлең. Әрине, барлық ақынның барлық өлеңі талапқа сай дей алмаймыз. Жаман өлең жақсы ақында да бар. Бірақ шын жақсы өлең жаман ақыннан, шам алып іздесең де, табылмайды екен. Әдетте, өнер туралы сөз еткенде оның ең озық үлгілері тілге бұрын оралады. Күн сәулесінің алдымен шыңға түсетіні сияқты, көз де алдымен биікті көреді.


***


Өмірде ащы-тұщыны айыратын таңдай десек, өнерде жақсы-жаманды айыратын талғам екені рас. Талғам - таланттың таразысы. Талантты таба қылатын да талғам, оны танытатын да талғам. Талғамсыз талант табасыз нан іспеттес. Қай бұрышы қалай қисаям десе де еркі. Бізде өзгеге қатаң талап қоятын талғампаздар толып жатыр. Ал, сол талапты өзіне қоятын адам кемде-кем.


***


Біздіңше, «шын» ақынмен «өтірік» ақындыайыруүшінбасқатырудыңкерегіжоқ. Ол оп-оңай: жақсы өлең жазғаны – шын ақын да, жаман өлең жазғаны – өтірік ақын. Ал, қай ақын өлеңін «басымен», қай ақын «жүрегімен» жазады дегенге келсек – бұл қиындау. Себебі, өлең жазуға адамның ақылы да, сезімі де, білім-парасаты, өмірлік тәжірибесі де – бәрі қатысады.


***

Сөз астарға, мағынаға ие болғанда ғана – үлкен күш алады. Өлең – сөзден жасалғанымен, сөзден биік тұрады дейтініміздің мәні осы. Сөздің сыртқы ажарын, бояуын тап басып танып, таңдап алу да – оңай шаруа емес. Бірақ ылғи да бетінің қызылы бар сөздерді қуып теру түбі жасандылыққа апармай қоймайды.


***


Біздің ешқайсымыз да жаман жазғымыз келмейді. Амал не, бізде осы күні не көп – жаман өлең көп: жаман өлеңді жек көреміз, сүйте тұра өзіміз жаман өлең жазамыз. Неге бұлай? Неге біз жақсы жаза алмаймыз? Міне, әңгіме осында.


***


Бізде де бір игі беталыс бар секілді. Рас, әлі әлсіз. Бірақ оның күшеймейтініне кім кепіл? Бұл орайда жақсы шумақтар, тіпті жақсы өлеңдеріміз де жоқ емес. Тек соны тәрбиелеп, өсірейік. Қанағат – қарынға ғана керек, ал талантқа ол жараспайды!


(Ақынның әр жылғы сыни мақалаларынан)


Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар