«10 күнге созылған «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жобасы мәресіне жетті. Бүгін А.П.Чехов атындағы қалалық орталық кітапхана ғимаратында курстың қорытынды шарасы - жабылу салтанаты өтті»,- деп хабарлайды, Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі.
Салтанатты жиынға Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, басқарма төрағасының орынбасарлары, отандық және шетелдік қаламгерлер, ғылыми институт өкілдері, әдеби шеберлік мектебіне қатысушы жас қаламгерлер, ЖОО және БАҚ өкілдері қатысты.

Қорытынды жиынды ашып берген Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов жобаның маңыздылығына тоқталды:
«Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің стратегиялық әріптестікті іске асыруға бағытталған «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі», сондай-ақ «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушыларға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізу» сынды үш ірі жоба биыл да жалғасын табуда. Осы жобалардың ішінде Әдеби шеберлік мектебі — ерекше мәнге ие. Бұл мектептің басты мақсаты — жас әдебиетшілердің шығармашылық әлеуетін ашу, шеберлігін шыңдау, кәсіби бағыт-бағдар беру. Жоба ұйымдастырушылары бұл мектеп арқылы тек жазу техникасын ғана емес, әдебиетке деген терең көзқарас пен жауапкершілікті де үйреткісі келеді. Биылғы «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсы 18-28 тамыз күндері өтті. Оған өтінім бергендердің арасынан еліміздің 20 өңірінен дарынды жас қаламгерлер іріктеліп алынды. Оның сыртында бірнеше еркін қатысушы да болды. Осы жобаның сәтті жүзеге асуына шетелдік және отандық қаламгерлер, институт өкілдері үлкен үлес қосты», - деді.

Жиын барысында поляк ақыны, әдебиеттанушы, өнертанушы, баспагер Малгожата Мартлевска, қырғыз ақыны Нұрлан Қалыбеков, өзбекстандық философ, түркітанушы Анвар Боранов, әзірбайжандық ақын, эссеист, аудармашы Салим Бабулла оглы арнайы сөз сөйлеп, жобаның мән-маңызына тоқталды.
Сонымен қатар, қорытынды жиында «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» директорының орынбасары Айнагүл Садықова жоба бойынша толымды баяндама жасап, драматург Сұлтанәлі Балғабаев, сыншы Әмірхан Меңдеке, ақын Болат Үсенбаев, жазушы Нұрлыбек Самат ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салды.

Шара соңында «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсының қатысушылары мен дәріскерлеріне, жобаға қолдау білдірген әріптес ұйымдарға алғыс хаттар мен сертификаттар табыс етілді.





Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.