Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Бүгінгі әдебиеттегі мигранттар образы...

17.03.2023 1202

Бүгінгі әдебиеттегі мигранттар образы 14+

Бүгінгі әдебиеттегі мигранттар образы - adebiportal.kz

(Қырғыз қаламгерлері Нарсулуу Гургубай мен Нуриза Өмүрбайдың 

«Кат турмуш» («Хат-тұрмыс») повесі негізінде)

Орталық Азияның тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиетінің даму үдерісіне назар салғанда бұл аймақтың соңғы отыз жылдағы мигрант-қаламгерлерінің шығармашылығы мен миграцияда жүрген отандастар немесе аймақтастар тағдыры, өмір сүру дағдысы, жат елдегі тұрмыс-тіршілігі қалай өтіп жатыр деген мәселе ойға оралады. Күнкөрістің қамымен бөтен елге уақытша әлде өмір бойы тұрақтап қалу үшін қоныс аударған азаматтар көбіне қандай жұмыс істейтіні, немен айналысатыны, шетелдегі өмірі қалай өтіп жатқаны, т.б. ақпараттарды БАҚ беттерінен, порталдар мен сайттардан оқып-біліп жатамыз. Көп жағдайда, зерттеулерден немесе өздерінің сұхабаттарынан мигранттардың табыс мөлшері, көшіп кеткен және оралатын болжалды уақыты, жеке жұмыс қабілеттеріне баса көңіл бөлінеді де, ал олардың жат елдегі тағдыры, шеттегі өмірінің менталды-психологиялық күйіне, ұлттық бірегейлігіне әсері, туған жеріне деген сағынышы, уақытша жұмыс істеуге (бірнеше жылға) кеткен азаматтардың елде қалған отбасы, туған-туысы, ортасымен қарым-қатынасы,  жайлы терең қозғалмайды. Адамның психологиялық күйін кеңірек жеткізетін де көркем әдебиет емес пе?.. Осы тұста миграция тақырыбы посткеңестік кеңістіктегі Орталық Азия әдебиетінде жазылды ма немесе жазылуы мүмкін бе деген сауалдар қоса көтеріледі. Қазіргі уақытта эмиграцияда және иммиграцияда жүрген қазақ қаламгерлері байқалмайды және шетелге әртүрлі себептермен қоныс аударуға мәжбүр болған қазақ азаматтары жайлы шығарма жазылмады деп айтуға болады. Алайда посткеңестік кеңістіктегі әрбір мемлекетте, жалпы әлем елдерінде ішкі және сыртқы миграция үдерісі әлі де жалғасып жатқаны белгілі. Қазақ әдебиетінде ішкі миграция, яғни аймақтардан үлкен қалаларға ағылу үдерісін қозғайтын туындылар көп жазылды. 

Бұл аймақтағы сыртқы миграция үдерісі қазақ қаламгерлерінен басқа, ел авторларының туындыларында көрініс тапқан. Бүгінгі мақаламызда қырғыз жазушылары Нарсулуу Гургубай мен Нуриза Өмүрбайдың «Кат турмуш» (қаз.: «Хат-тұрмыс») повесінің жанрлық-формалық, тақырыптық-сюжеттік құрылымы мен ерекшелігіне және сол арқылы жеткен авторлардың даусын, үнін естіп, идеялық астарына тоқталғымыз келеді. «Кат турмуш» атауындағы «К» әрпі «Ж» әрпінің бір бөлігіне ұқсайтындықтан, «Жат турмуш» (қаз.: «Жат тұрмыс») деп те оқуға болады. Мұқабада кітап атауының алғашқы әрпі «Ж» сұлбасында берілген. Повесть 2022 жылы жарық көрген. Қазақ тілінде «қат», «қиын» сөздері де синоним мәнінде қолданылады. Қырғыз және қазақ тіліндегі шығарма атауының өзі посткеңестік кеңістіктегі болып жатқан әртүрлі әлеуметтік жағдайларға сілтеме жасап тұрғандай. Бұл шығарманы оқырмандар мен әдеби орта да жылы қабылдағаны байқалады. Жарық көре сала көп жерде талқылаулар және авторлармен сұхбаттар ұйымдастырылған. БАҚ та ерекше назар аударған. Соған қарағанда авторлар қоғамның көкейінде жүрген күрделі проблемаларды көтерсе керек.  

Жазушы Нарсулуу Гургубай мен Нуриза Өмүрбай тәуелсіздік кезең әдебиетінде ақын ретінде танылған. Әдебиет сыншылары да, оқырмандар да поэзиясын жоғары бағалаған. Нарсулуу Гургубайдың 2016 жылы шыққан «Алыстағы ақ жарық» өлеңдер жинағына алғысөз жазған танымал қырғыз жазушысы, драматург, ақын Султан Раев. «Кат турмуш» повесі – екі автордың алғашқы прозалық туындысы. 

Туынды ерекшелігі, атауынан белгілі болғандай, эпистолярлық стильде – әлеуметтік желілер арқылы хат алмасу арқылы туған. Яғни, шығарманың соавторлықпен жазылуы, екі жақта жазылып (екі автор жазғандықтаан), композициялық бөліктердің құрастырылғаны байқалғанымен, мигранттар өмірін – бізден алыста өтіп жатқан дәл қазіргі күнгі шындықтарды шынайы баяндап, суреттегенімен жоғары бағаланады. Қазіргі қаламгерлерге көп қойылатын «бүгінгі өмір әдебиетте қашан жазылады немесе бүгінгінің кейіпкері кім?» дейтін жаттанды сауалға осы шығарма арқылы жауаптың бір бөлігі де табылғандай көрінеді. Бұл туынды қазақтілді оқырмандарға кеңірек таныс болмағандықтан, повесть кейіпкелері мен оқиғаларының фабуласы, мазмұны түсінікті болуы үшін кейбір маңызды тұстарын кеңірек түсіндіруге тырысамыз. 

Повестегі оқиғалардың өтетін кеңістігі – Мәскеу қаласы. Нарратор кейіпкер «Құдайдың алдында, одан кейін Мәскеудің алдында адамдардың бәрі бірдей» деген сөйлеммен бастайды. Бұдан жат қалада тұрмыстың зор қиындығын, сынақтарды бастан өткізген адамның / мигранттың бейнесі елестейді. 

Повестің жанрлық формасы әдебиетте бұрыннан болғанымен, таңдап алынған оқиғалар жалпы әдебиетте кездеспейді деп айтуға болады. Бірінші автордың баяндауы әдеттегі Times New Roman-мен, екінші автор хаттары курсивпен берілген. Екі автор шығарманың қай бөлігін жазғанын жазу түрінен де ажыратуға болатындай көрінеді. Бір ескеретін жайт, қырғыз әдебиетінің қазіргі әдеби үдерісіне назар салғанда мигранттар туралы поэзиялық та, прозалық та шығармалар жазылғанын байқауға болады.

Повесте кейіпкерлердің әрбір әрекетін суретке түсіргендей жанды, нақты гипершындықпен берілген. Фотореализм немесе гиперреализм әдісі арқылы деталь-оқиғалар жіті, мұқият суреттеледі. Бұл әдіспен жазылуына екі автордың бірінші кезекте ақын болғаны себеп болуы мүмкін. 

Авторлар шетелде жұмыс істеп жүрген отандастарының басынан өтіп жатқан сан қилы миграциялық проблемаларын екі кейіпкердің хаты арқылы жеткізеді. Баяндаулардан жат елде бірінші кейіпкердің еден жуудан басталған жұмысы кейіннен сот саласында аудармашылыққа ауысқанын байқаймыз, екінші кейіпкер де сатушылыққа машығы жетпей, сондағы отандастарының септесуімен еден жууға орналасады. Екі кейіпкер де жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алған және екеуі де ақын – шығармашылық иелері. Бірақ екеуінің Мәскеуге келуіне жұмыстың жоқтығы немесе ондағы аз айлық қосымша себептей көрінеді. Жат тұрмысқа аттануына түрткі болған махаббаттағы сәтсіздіктері немесе «өз өміріміз туралы шешімді өзіміз қабылдаймыз» деген түсінік түрткі болғанын байқауға болады. Дәлірегі, бірінші кейіпкер 23 жасында сүйгенінің соңынан (Тілек есімді жігіті Мәскеуде оқып жүреді) келсе, екінші кейіпкер «...өзімнен, ... сүюден немесе сүюге ұқсас сезімнен және содан туған даудан қашып келдім десем бе екен...» деп, жат ортаға келудегі ойын бекіте түседі. Бұл қандай қоғамда болса да жекебас еркіндігін терең түсінген, сезіне білген адамның белгісі. Постотарлық кезең тұрғындарының бейнесі деп ұғынсақ та артық емес. Бірінші кейіпкер тұрмысқа шығар сәтте өз отбасының әлеуметтік мәртебесі болашақ ата-енесінің көңілінен шықпаса, екінші кейіпкер отбасылы ер адаммен сөйлесіп жүріп, содан туған даудан қашып Мәскеуге келеді. Шын мәнінде, екінші қыз отбасының іргесін бұзуға талпынбайды. Бұл образ арқылы махаббат, сүю ешқашан бас есепке құрылмайтынын, барлық уақытта азат, тәуелсіз, еркін екенін түсінеміз. Жалпы, авторлар – кейіпкерлер әйел еркіндігінің шексіздігін барынша көрсетуге тырысқан. Баяндайтын кейіпкерлердің екеуі де әйел және есімдері аталмайды. 

Екі кейіпкердің өзара жазысқан хаттары Ақбермет, Зайнап, Айзат (осы аттас тағы бір кейіпкер қатыстырылған), Макмал, Артур, Асхат, т.б. кейіпкерлердің басынан кешкен оқиғаларын баяндай келе, мигранттар бейнесін бедерлейді. Мысалы, Ақбермет несие төлеу үшін Мәскеуге кеткен күйеуін іздеп келіп, содан кері қайтпай, он жылдан бері осында еден жуып жүреді, екі қызын атамекеніндегі ата-енесінің қолына қалдырған. Ай сайын екі қызы мен ата-енесіне қаржы жіберіп тұрады. Күйеуі басқа әйелге үйленіп кеткен. Артур – оқиғаларды баяндайтын кейіпкер-қыз ғашық болған әрі Мәскеуде тұратын отбасылы қазақ. Зайнап – мейрамханада жеті жыл бойы ыдыс жуып, 17 жасында ақ қан ауруына ұшырап қайтыс болған кейіпкердің бірі. Макмал мен Айзат – оқиғаларды баяндайтын бірінші кейіпкердің құрбылары. Үшеуі де махаббатта сәтсіздікке ұрынған. Макмалдың екі баласы бар, бірінші күйеуінен ажырасқан. Кейін аяғы ауыр болып, екінші күйеуге шығады, баласын босанғаннан кейін Макмалдың екінші күйеуі де басқа жас қызға үйленіп кетеді. Екінші Айзат есімді кейіпкер 18 жасында аяғы ауыр болып, тұрмыс құрады. Кейіпкерлер арасындағы оқиғалар осылай динамикалы сипатта өрбиді. Келесі аты аталмайтын, тағдыры қиын да күрделі кейіпкердің бірі – үш еркек пен бір қыз зорлап түрмеге түсетін қылмыскер. Баяндаушы кейіпкердің хатынан бұл кейіпкер анасының қамқорлығы мен аялы алақанын сезінбей өскені, өгей әкенің қорлығын көргені, мектепті аяқтамай, үйінен кетіп қалғаны белгілі болады. Бақытсыз балалық шақ жас баланы болашақта қылмыскер етіп шығарады. Бұл кейіпкермен баяндаушы хат иесі сот ісінде аудармашы болып жүргенде танысады. Авторлар бірнеше сұхбаттарында миграцияда жүргендердің типтік бейнесін сомдауға тырыстық дейді. Дегенмен, өздерінің басынан өткен оқиғалар да шығармаға кірістіретіні белгілі. Автордың бірі Нарсулуу Гургубай сұхбатында шынайы өмірде сот ісінде аудармашы болып істегені туралы айтылған. Байқасақ, мигрант-кейіпкерлердің көбі бақытсыз өмір сүріп жатады. Олардың өмір сүру образынан жағымды әрекеттерден гөрі жағымсыз әрекеттер көп болғанын көреміз. Повесть сюжеттері – реалды өмірде қазірзі уақытта өтіп жатқан өмір. Сондықтан, туындыға жалғандық араластырып, қолдан бақытты кейіпкер жасауға болмайды. Нағыз прозалық (детектив) баяндауға тән стиль қылмыскер образын бедерлеген тұстарды атап өтуге болады. Кейіпкерлер сипаттамасынан байқағанымыздай, мигранттар көбі өздері қызықпайтын, ұнатпайтын, қаржы табу мақсатында ғана демалысы аз, денсаулығын нашарлататын әртүрлі жұмыстармен айналысады. 

Бұл нарратор кейіпкерлердің өзін таныстыруы мен басынан өткен оқиғаларды баяндауы оқырман санасында көп сауал тудырады. Қабылдаушы санасында анасы әлде әкесі жат жерде жүріп, елде қалған балалар қандай тәрбие алып жатыр; мектеп бітіре сала мигрант атанған жастардың болашаққа деген үміті қалмай, сенімі, күші азайып кетпей ме; олардың кейбірі жоғары оқу орындарын бітірсе, дипломдарымен елде жұмыс істеу жағын кім қарастырады; ұлттық сана-сезім мен құндылықтар жоғалып кетпей ме, миграцияда жүрген әйелдер мен ер адамдардың, жастардың денсаулығын, әлеуметтік проблемасын кім ойлайды және қалай шешіледі, белсенді жастар мен оқыған азаматтар елден кетсе, атамекендегі жұмыстарды кім атқарады деген күрделі мәселелер тізбектеле түседі екен.  

Екі кейіпкердің әртүрлі қарым-қатынастарда айналадан алған соққылары мен әсерлері: махаббаттағы сәтсіздіктер мен сатқындық, ұрпақтар арасындағы қайшылық, билік пен қоғам арасындағы сенімсіздік, мигрант жұмысының ауырлығы, әдеби үдерістегі жалғандық, т.б. – нарраторлардың сана драмасына айналады. Осындай құбылыстар мен оқиғалардың бәрі кейіпкерлер санасындағы бұрынғы ақпараттарға қосылып, оқырмандарға миграция үдерісінің шындығы мен ондағы кейіпкерлердің психологиясын тереңірек білуге септеседі. 

Миграция үдерісі отаршылдықтан заңды түрде құтылған посткеңестік кеңістікте өтіп жатады. Тәуелсіздік алғаннан кейін елдегі саяси, экономикалық, нарық жағдайына дайын болмай қалған қоғамның постотарлық кезеңінің бір көрінісі деп қабылдауға болады. Бірінші кейіпкер хатында мынадай жолдар кездеседі: «Ушунун баары сен кыргыз болып төрөлгөн күндөн башталған. Бул бир эле сенин башыңа келген күн эмес... Кыргыздын башына келген күн...» (23 б.). Қырғыз тілі қазақтілді оқырмандарға түсінікті болғандықтан, мәтінді түпнұсқада келтірдік. 

Көші-қон мигранттардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына ғана әсер етпей, олардың ұлттық сана-сезімін, ұлттық бірегейлігін, жадын да трансформацияға ұшырататыны белгілі. Кейіпкерлер жат жерде географиялық ассимилияцияға ұшырағанымен, есінде «бір күні, жағдайым түзелгенде өз атамекеніме қайтамын» деген оймен өмір сүреді. Көп мигрант осындай түсінікпен жасайтынын авторлар бірнеше рет келтіреді. Бірақ олардың қайтуына мүмкіндік туа ма?..

Қазіргі өмір жасамының бір бөлігі, бәлкім, басым бөлігі әлеуметтік желіде өтіп жатыр. Адамдар реалды өмірде жасағанымен, менталды тұрғыда виртуалды кеңістікте өмір сүруге мәжбүр болып, ой-санасы соған тәуелді болып қалды. Бұл повесте де онлайн өмірдің өзіне тән тіршілігі, адамдардың виртуалды қарым-қатынасы, шығармашылықты дамыту, насихаттау жағы да кейбір сәттерде сарказм, ирониямен жеткізіледі. Сақтан және Асхат есімді кейіпкерлер арқылы қазіргі әлеуметтік желідегі өлеңі нашар, алайда жарнамасы озық тұратын ақындардың типтік образын жасалған. 

Қорыта келгенде, «Кат турмуш» повесі көркем туынды ғана емес, жазушылардың біз өмір сүріп жатқан кезеңге жасаған мәлімдемесі іспетті әсер етті. Бұл мәлімдеме – повесть қазіргі қоғамдық ой-сананы селк еткізген болуы да мүмкін. Әдеби сында «жазушы өмірді жазуы тиіс» дейтін қалыптасқан классикалық және канондық аксиома бары белгілі. Бұл повесть қазіргі өмірді зерттеуден және соған белсенді араласудан туған. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар