Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
«Ойдың жібінен» көркем бейнеге дейін...

22.10.2024 221

«Ойдың жібінен» көркем бейнеге дейін 12+

«Ойдың жібінен» көркем бейнеге дейін - adebiportal.kz

Жүсіпбек Аймауытұлының «Психология» кітабын оқи отырып, оның бүгінгі қоғамға, әсіресе, әдеби-философиялық салалардың түрлі тетіктеріне қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады. Ғалым қозғаған теориялар мен тұжырымдар – ғылыми танымда болса да, қазақы өмірмен біте қайнасып, шынайы суреттеуді ұсынады. Сондай-ақ әдебиетті оқытудың тиімді тәсілдерін де ортаға салады. Пайдалы дағдыны қолданудың уақыты мен бағыты да (өмірлік ұстанымның қалыптасуы) назардан тыс қалмаған.

Ғалым «Психология» еңбегінде: «Баланы бір нәрсеге үйрету үшін я пайдалы дағдыны қолдану үшін лайықты шақ – баланың сүйегіне біткен икемі сыртқа шығып біліне бастаған шақ екені өзінен өзі көрініп тұр. Олай болса, баланың бір іске құлшынатын дәр шағы қалай білінді. Солай дене күшін машықтандыратын істерді көбірек беріңдер. Мейлі, ондай көңілі шапқан ісі есептеу, санау болсын, мейлі, өлең жаттау, мейлі, сурет салу, мейлі, өсімдік жинау болсын, қысқасы, неге талпынса, соны істеу керек. Ондай шабытты шақ тез басылады, ол шабыт бар кезінде өзге жұмысты кейін қоя тұрған жарайды. Сонда сіз уақытты да ұтасыз, баланың қабілетін де бекітесіз, өйткені кейбір тамаша артист, тамаша есеп шығарымпаз балалардың зеректігі бірнеше айдай ғана болып, басылып қалады» дейді.

Мұндай идеяны Мағжан Жұмабайұлы да қолданған. М.Жұмабайұлы «Педагогика» еңбегінде: «Бастапқы кезде нәрсені еске шабан алып, тез ұмытады. Естің аса күшті болатын кезі – 7 мен 15 жас арасы. Сыртқы дүниемен, адамзат тұрмысымен жаңа таныс болып келе жатқанда адам бар нәрсені білуге, бар білгенін есте ұстауға ұмтылады... Бұл жасында бала өмірлік білім даярлайды. Яғни бұл жаста баланың міндеті – ой жүргізіп, білімді іске асыру емес, білімді молайта беру, даярлай беру, бар нәрсені еске ала беру. Ал енді жігіттік жасында адам жаңадан жаттай беруге емес, бар білімді оймен тереңдетуге ұмтылады» дейді.

Қос зерттеушінің көзқарасын салыстыра келе, мағыналық үйлесімді байқаймыз. Яғни, жас ерекшелігін негізге алып, оқушының бағдары мен мақсатын, өмірлік дағдысын дер кезінде анықтау – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл өзекті принцип – бүгінгі оқу үдерісіне де әсер еткен сыңайлы. Қазіргі таңда орта білім беретін мектептер жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағытта оқытуда. Яғни, ілім алушының қабілеті мен дағдысына қарай оқу бағыты екіге бөлінген. Бұл мәселеде оқушының игеруге жеңілдік тудыратын пәндер мен тақырыптар негізге алынады да, ол өмірлік ұстаныммен тығыз байланыстырылады. Бала инженер болғысы келсе, жаратылыстану-математикалық бағытта тереңірек білім алуға мүмкіндігі бар, ал кәсіби журналист боламын десе, қоғамдық-гуманитарлықты таңдайды.

Әсер мен сезім арасы

Ж.Аймауытұлы «Психология» еңбегінде: «Қараңғы бөлмеге бір шам алып кірсек, белгілі жарық күшін сеземіз, тағы бір шам жақсақ, әсер күшейеді. Онымен бірге сезім де күшейеді. Бұрын біздің денемізді бір шамның жарығы шіміркендірсе, енді екі шамның жарығы шіміркендіреді» дейді. 

Расымен де, заман ағымы өзгерді, соған сәйкес сабақ беру үрдісі де жаңарып отыру керек. Бұрынғы тәсілдердің тиімдісін ала отырып, жаңа тенденцияларға тезірек көшуіміз керек. Жүсіпбек Аймауытұлының осы сөзінің метафорасы – бір орында тұрып қалмай, әр сабаққа зейін қойып, бір-біріне ұқсамайтын етіп өткізу жолы деуге болады.

Мәселен, қазіргі таңда әдебиет сабағында жасанды зерде көптеп қолданылып жатыр. Құптарлық іс, дегенмен ол тек бағытпен немесе бір ғана суретпен шектелмеуі керек. Оның алуан түрлі жолдары мен тәсілдері бар. Оқушы әлі білмей жүрген тәсілдерді мұғалім шапшаң игеріп, сабағында қолданса, нұр үстіне нұр болады. Сонда ғана білім алушы сабақтан әсер алады, жаңа тақырыпқа қызыға түседі. Мысалы, қазіргі таңда шығармадағы кейіпкерлерді клондау немесе кейіпкерлерді танытудың голограммалық тәсілдері де шықты. Оны да үйреніп, сабақта қолданған жөн.

«Ынта. Мүдде (қызығушылық» бөлімінде ғалым былай дейді: «Жанды қозғалатын нәрселер, я болмаса қатер туатын, қайғы, жылау шақыратын нәрселер, міне, өте-мөте балалардың ынтасын шыныққанша, оқытушы дейтін әлгідей нәрселерге жүгіріп, ынталандыру керек болады. Олай болса, оқыту тәжірибе арқылы, жанды әңгіме, тақтайға сызған сурет арқылы көрнекі болу жөн». 

Жанды әңгіме – қозғалысқа негізделеді. Мұғалімнің эмоциялық-экспрессивті жағдаяттарына қатысты. Жанды әрекет – жанды сөзді тудырады. Ал табиғи құбылыс оқушыға табиғи түрде әсер беретіні түсінікті. 

Көркем деталь – әсермен тікелей жанасымды. М.Жұмабаев: «Бір затты дұрыс суреттей алу үшін сол заттан адам жанында көп әсерлену болу шарт. Егер бір заттан бірлі-жарым ғана әсерлену болса, ол уақытта заттың барлық сыны жанда қалмайды» деген пікір айтқан. 

Яғни, қандай да бір шығарма немесе шығармадағы қандай да бір зат оқушыға әсер ету керек, ал әсер етуге жол ашушы тек қана деталь мен сюжет. Әсерлі шығарма ғана есте қалады әрі тез жатталады. Мәселен, есейіп кетсек те, Ілияс Жансүгіровтың «Құлагерін» әлі ұмыта қойған жоқпыз. Сондықтан бүгінгі білім алушыларға әдебиеттің жаңа тенденцияларына сәйкес, көркем шығармаларды таңдауымыз қажет.

Көркем деталь мен «іліктестік заңы»

Ж.Аймауытұлы «Психология» кітабында «ілістестік заңы» туралы ой қозғайды. Оны әдебиеттануда көркем детальмен байланыстыруға болады. Жазушы: «Бір нәрсенің атын атау нәрсенің өзін ойға түсіреді, нәрсені көру атын еске түсіреді. Мәселен, біреу «Шегембай» десе, қол-аяғы бақандай, аңсағай аңқау Шегембайдың түрі көзіме елестейді» дейді. 

Яғни, шығарманы ашудың бірден-бір факторы – көркем деталь. Сол арқылы бүгін мен өткенді, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажыратып, білім алушыларға қолданбалы іліммен қатар, рухани мәдениетті де қатар сіңіруге болады. 

Кейіпкер ұстаған зат – қолданбалы деталь, ал оны қалай ұстады, оны қалай игерді, пайдасын тигізді ме деген сұрақтар – рухани аспектіге жақын. 

Сондай-ақ Ж.Аймауытұлы «Ойдың жібі» теориясын да ұсынады. Бұл – логикалық түзілімнің нышаны іспетті. 

Мына бір сөзге назар аударайық: «...Ал өткір ақылды, жүйрік, терең қиялды адамдардың ой ағымы минут сайын оп-оңай үзіліп қалуы мүмкін. Олардың жадындағы бір заттар ой тарихының өткен өмірінде қатынас болмаған екінші затты тартып шығаруы мүмкін. Мұндағы сүйреп әкелетін ойдың жібітіркес келетін заттардың біріне-бірі бейнелестігі, ұқсастығы, ондай ұқсастық кейде сонша шетін, нәзік. Көңіліміз сезіп тұрса да, оның негізін табу тым қиын болады. Бұған мысал: қызыл түсті – төңкеріске, ерлікке меңзейміз; көгілдір түсті – әйкелге үйлес дейміз. Гоголь хатшының кең шалбарын Қара теңізбен ұқсастырады» дейді. 

Ж.Аймауытұлы «ойдың жібін» детальдар арасындағы нәзік, көзге көрінбейтін қатынаспен байланыстырады да, көркем символдар туралы өзекті ойларды ортаға салады. 

Жалпы, логикалық тізбек қоғамның барлық салаларында өте маңызды рөл атқарады. Бұл тақырыпта Гегельдің «Логика ғылымы», Выготскийдің «Ойлау және тіл» және т.б. кітаптарды жанасымды мысал ретінде атай аламыз.

Мұғалімнің «шегініп», білім алушының «алға шығуы»

Ж.Аймауытұлы оқушының іс-әрекетін маңызды деп санайды. Оның дәлелін мына бір тұжырымнан көре аламыз: «Оқытушының сөйлегеннен гөрі істегені баланың ынтасын көбірек аударады. Мұғалім бір тәжірибе істеп болғанша, әйтпесе сурет салып болғанша, балалар ілтипат қойып, тыныш тыңдап отырады. Қалай сөйлейді, солай қобалжи бастайды».

Жаңартылған білім беру мазмұнында оқушы объект ретінде емес, субъект ретінде алға шығады. Яғни, субъект сабақ барысын басқарып, негізгі қозғаушы күш болу керек. Ал мұғалім – сабақ процесін бағыттаушы, бақылаушы, артық-кем тұстарын түзетуші. 

Л.С. Выготскийдің «Жақын арадағы даму аймағы» теориясы бар. Бұл – оқушының тапсырманы біреудің көмегінсіз, қолдауынсыз оңай орындау қабілеті мен оқушының аса епті, білетін адамның көмегінсіз орындай алмайтын тапсырма арасындағы интервал. Ж.Аймауытұлының да негізгі идеясы осымен тақылеттес.

Қиялдың түрлері

Ж.Аймауытұлы қиялдың екі түрі бар екенін айтады: біріншісі – жаңғыртушы қиял, екіншісі жасаушы қиял. 

«Өткен уақытта алған бір әсерді сол қалпында жадымызда қайта тірілтсек, ондай қиялды жаңғыртушы дейміз. Мәселен, Алтайдың ақ биігін бір көріп, талай күндер өткен соң, есіме қайта түсіремін. 

Бірақ мен бұрын түйсіктемеген нәрсені де қайта жаңғыртуыма болады. Мен қиялымда «алтын тауды» туғызуым мүмкін. Алтынды көрдім, тауды көрдім, бірақ алтыннан жасалған тауды көргенім жоқ. Міне, сондай алтын тауды қиял ету жасаушы қиял деуге болады» дейді ғалым.

«Қызметі: берілген перненің бөлек-салағын алып, шығарып тастауымыз мүмкін. Мәселен, үй жерде болмақ қой, жер деген пернені алып тастап, оның орнына суды орнатамыз. Кеме жүретін суды алып тастап, судың орнына әуені қоямыз. Сол сияқты нәрсеге өзінде жоқ сипатты теліп қоямыз. Қиялымызбен екі басты самұрық, екі басты айдаһар жасаймыз немесе адамға қанат бітіреміз. Айырмасы сол: бірінде нәрсені түйсіктеген қалпына аудармай жаңғыртамыз, екіншіден нәрселерді аударыстырып, шатыстырып тірілтеміз».

Ғалымның «Жасаушы қиял» теориясы – оқушыларды әдебиетке қызықтырудың бірегей тәсілі деуге толық негіз бар. Мысалы, «Пері» сөзіне «қыз» сөзін қоса отырып, «Пері қыз» деген ұғым тудыра аламыз, сондай-ақ сол ұғымды теңдетіп, бейне, кеңістік пен уақыт, одан терең сюжет құрастыра аламыз.

Осы сияқты, сөйлеуші жануар, алтын балық, алтын алма, сүт өзен, кәусар көл, жалғыз көзді жалмауыз секілді тақырыптарды тудыруға болады. Яғни, Жүсіпбек Аймауытұлы бізге бұрынғы құрастырылған ертегілерден бөлек, оқушының өзі жаңадан құрастыруға мүмкіндік тудыратын әдісті ұсынып отыр. Нәтижесінде құрылымдық талдау арқылы білім алушы ертегі құрастырудың техникасын біледі.

Сонымен, ғалымның айтуынша, қиялдың қызметі не оңашаландыру, не үйлестіру, не құрастыру жолымен жүреді. Бұл – ертегі құрастырудың тиімді моделінің бірі. 

Сөз бен материалдың қатынасы

Білім алушының жадын қалыптастыру – маңызды рөл атқару керек. Білім алу кезінде қандай да бір бейне туралы көз алдында ассоциация қалыптасса, нәтиженің орындалғаны. Ж.Аймауытұлы сөз бен зат арасындағы символдық, яки семиотикалық қатынасты былайша айтады: «Мен туған күніңді не таңертеңгі ішкен асыңды, болмаса домбыраның пернесіндегі тетелес үндерді еске түсір десем, жадыңыз дереу тілеген нәрсені келтірер еді. Төндіру, бопса себепті, ол қабілет толып жатқан нүктелердің біріне қадалады. Ол неден болды десеңіз, орайлас іліктестік (ассоциация) арқылы төндіру сол еске түсірген нәрсемен байланысады. «Туған күнім» деген сөз белгілі айдың жаңасымен, жылмен барып айқасады».

Түйін

Осылайша, таным мен тіл, сөз бен бейне арасындағы логикалық байланыс тереңдей түседі де, біздің дүниеге деген поэтикалық көзқарасымыз қалыптасады. Сөйтіп, образды ойлау жүйесі де «қылаң береді». Осы арқылы «қарапайымнан көркемдікке» бағытталған білім алушының танымын қалыптастыруға мүмкіндік туады.

Біз Ж.Аймауытұлының «Психология» кітабының бір тармағын ғана талдадық. Бұл «қазынада» әдебиетті оқытуға, білім алушының психологиясын зерделеуге қатысты әлі де көптеген тәсілдер мен ұсынымдар бар. Соны қорытып, ғылыми айналымға түсіруге ұмтылсақ екен.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар