Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Кеш салтанат құрған ақиқат...

21.10.2024 1107

Кеш салтанат құрған ақиқат 12+

Кеш салтанат құрған ақиқат - adebiportal.kz

Кеңестік-советтік үгіт-насихаттың «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды!» дейтін ерекше ұраны болды. Солайы солай шығар, бірақ қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев пен Орал тауының баурайынан келген қарапайым башқұрт азаматы Григорий Булатовтардың көптің алдында жасаған айпарадай ерлігінің қуаныш жасы кеуіп үлгермей жатып, көпе-көрінеу ұмытылып кете барғаны өкінішті-ақ. Қазақтың намысты, жалынды, жігерлі ұлдары болмағанда бұл ерлік шынымен де тарих шаңына көміліп немесе көмескіленіп қалар ма еді, кім білсін? «Асыл пышақ қап түбінде жатпайды» дегендей, қос батырдың ерлігі ақыры жылдар жүзінде нақты деректер арқылы дәйектеліп, посткеңестік майдан тарихында айқындалды. Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен ерлігі өзінің көзі тірісінде-ақ мойындалды. Кеңес Одағының батыры атағына бірнеше рет ұсынылғанымен Мәскеу билігі тоңмойындық танытты. ҚР тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1999 жылы 7 мамырдағы Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы берілген болатын. «Ештен кеш жақсы» деген осы.

Расымен де ерлік көрсетіп, Рейхстагтің төбесіне ту тіккен болса, бұл батырларға неге тиісті атағы мен алтын жұлдызын бермеген? Мұның салдары батырдың қарулас досы Григорий Булатовтың ары қарайғы өміріне қалай әсер етті?  (Оқыңыз: Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына жүз жыл

Ерлік жасалды, ескерусіз қалды

Рейхстаг гарнизонының өршелене қарсылығына қарамастан, әр тұстан жанкештілікпен ілгерілей ұмтылған кеңес әскерлері ақыры мақсатына жетті. І Белорусь майданының 150-атқыштар дивизиясы, 674 атқыштар полкінің лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов 1945 жылдың 30 сәуірі күні 14 сағат 25 минутта Рейхстаг төбесіне алғаш рет туды тігіп желбіретеді. Бұл күні өзге жауынгерлер де әр тұстан ту тігіп жатты.

Арада тоғыз күн өткенде вермахт генерал-фельдмаршалы Вильгельм Кейтель мен люфтваффе генерал-полковнигі Штумпф және әскери-теңіз флоты бас қолбасшысы, рейхспрезидент Кал Дёництің атынан кригсмарине адмиралы фон-Фридебургтер 8 мамыр күні 22 сағат 43 минутта қарсылықсыз тізе бүгу туралы актіге қол қойып майдан қолбасшысы Г.К.Жуковқа табыстады. Бұл акт 9 мамыр күні 00 сағат 01 минуттан бастап күшіне енді. 

Осы тұста І Белорусь майданының қолбасшысы, маршал Г.К.Жуковтың алдына Рейхстагқа Жеңіс туын тіккені үшін Батыр атағына ұсынылған жиырмадан астам адамның аты-жөні келіп түскен. Осы ұсынылған құжат мәліметтері бойынша сержант М.Егоров, кіші сержант М.Кантария, батальон командирлері В.Давыдов, С.Неустроев, К.Самсонов қатарлы оншақты адамға Кеңес Одағының батыры деген мәртебелі атақ берілді. Алайда ол тізімнің ішінде туды алғаш тіккен Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтар жоқ болып шықты. 3-екпінді армияның М.Егоров пен М.Кантария тіккен Жеңіс Туы Ұлы Отан соғысы тарихына енді. 

Бұл – расымен де әділетсіздік еді. Бұл жағдай есіл ерлердің жанын жаралағаны сөзсіз еді. 

«Гришка Рейхстаг»

Ресейлік «Новая газета» басылымының арнаулы тілшісі Иван Жилиннің «Новая газета» газетінің 2020 жылы 27 наурыздағы № 32 санындағы «Тірі қалып аман жетсеңдер алтын жұлдыздарыңды аласыңдар» («Останетесь в живых и дойдете – получите по золотой звездочке») атты мақаласында автор: «Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Рейхстагқа Жеңіс туын бірге қадады. Қазақстан Батырын мойындады, ал – Ресей мойындаған жоқ», - дей келе, Григорий Булатовтың өз еліндегі қорлық пен мазаққа толы тағдыры туралы жазады.

Оралдық Черкасово аулының тумасы Григорий Булатов өзіне 1942 жылы әкесінің майданда қаза тапқандығы туралы қара қағаз келгенде 16 жаста екен. Дұшпаннан әкесінің кегін алу үшін майданға сұранғанымен, «әлі жассың» деп алмайды. Ақыры жылқы артқан эшелонмен майданға жетіп, 1943 жылы әскер қатарына алынып, Псков облысының Великие Луки қаласы маңында алғы шепке алынады. Майдандағы өжеттігі үшін жеті рет марапатталған батыл жауынгердің ең үлкен ерлігі – қазақ азаматы Рақымжан Қошқарбаевпен бірге Рейхстагқа ту тігуі болды. 

Ту тіккен сәттен бастап, басында бәрі де жақсы, әділетті сияқты болыпты. Соның бір дәлелі: 1945 жылдың 3 мамырында 150-дивизияның «Воин Родины» газеті: «Отан батырлардың есімін зор құрметпен атайды... Олардың асқан ерліктері туралы кітаптар жазады, әндер шығарады. Олар гитлеризм қамалының төбесіне Жеңіс туын қадағандар. Қаһармандар: лейтенант Рақымжан Қошқарбаевтың, қызыл армияшы Григорий Булатовтың есімдерін есте сақтаймыз. Отан олардың ерлігін ешқашан ұмытпайды». Осылайша олардың есімі Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылып жоғары жаққа жолданғанымен, тығырыққа тірелгенінің мәнісі – саясаттың салқыны тиюінде екен. 

Журналист И.Жилиннің жазуынша, Григорий Булатов 1945 жылы мамыр айының ортасында Иосиф Сталиннің қабылдауына шақырылады. Ту тігушінің досы Виктор Шуклин бұл туралы былай деп еске алған екен: «Жолдас Булатов! Сіз ерлік іс атқардыңыз, сол себепті Кеңес Одағының батыры атағына, «Алтын Жұлдызға» лайықтысыз. Бірақ бүгінгі күннің жағдайы сіздің орныңызда басқа адамдардың болуын талап етіп отыр. Сіз ерлік жасағаныңызды ұмытуыңыз керек. Уақыты келгенде, сізді «Алтын Жұлдызбен» екі мәрте марапаттайтын болады». Келісім бермеске амалы қайсы? 

Қабылдаудан кейін Булатовты үкіметтік саяжайға (ашық ақпарат көздерінде Берия саяжайы ретінде жиі аталады) алып барады. 

Саяжайда Булатов жасанды қойылымға тап болады. Саяжайдағы қызметші әйел Булатовтың өзін «зорламақ болғанын» мәлімдеп арызданады. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылыпты» дегендей, байғұс Булатов ісі болып бір жарым жылға бас бостандығынан айырылады. Түрмеден 1946 жылдың соңында босап шығып жұмысқа орналасады. 1949 жылы туған Слободскісіне кетеді. Ол өмір бойы Отаным қашан да бір қайырылатын шығар деп сеніп жүріпті.

Ауық-ауық өзінің майдандас досы Рақымжан Қошқарбаевқа хал-жағдайын білдіріп хат жазып тұрады. «Қазіргі күні «Қызыл зәкір» фанер комбинатында, катер моторисі болып жұмыс істеймін. Оқып білім алуға мұршам болмады, баспанам да мүмкіндік бермейді: 13 шаршы метрлік шағын бөлмем бар. Тіпті қызыма алған кереуетті қайда қоярымызды да білмеймін. Әрине өкпе-ренішім шексіз. Барлығы бірдей қалайша алдай алуы мүмкін? Мен Зинченко мен өзге офицерлердің: «яаман болсаңдар жетерсіңдер – бір-бір алтын жұлдыздан аласыңдар» деген сөздерін әлі ұмытқан жоқпын. Біз терезеден тура өлімге қарай секірген едік қой», - деген хатын 1965 жылдың мамыр айында жазады.

Бір жылдан соң жайлы жабдықталмаған пәтер алғанын, өздерін биліктің осымен ұмытып кеткенін жазады. Өкініштісі, Слободскіде оның сөзіне ешкім сенбеген. Адамдар тіпті оны мазақ етіп «Гришка Рейхстаг» деген лақап есіммен атапты.

Тағы бір хатында Рақымжан досына былай деп жазады: «Маған өте ауыр, Рақымжан, Жеңіс күні еңбеккерлердің алдында сөйлеуге тапсырма беріледі, сол кезде залдан әлдекім: «Егер сен Рейхстаг қабырғасына ту тіккен болсаң, Алтын Жұлдызың қайда, ендеше?» дейді. Менің жаныма бұл өте ауыр тиеді».

Мақалада Рақымжан Қошқарбаевтың қызы Әлияның мынадай сөзі бар: «Әкем «Алматы» қонақүйінің басшысы болды. Бұл Қазақстандағы ең үлкен қонақүй еді. Оның ерлігі туралы қазақстандық ардагерлер білді. Және оны мойындады. Панфиловшы Бауыржан Момышұлы мәскеуге өзі барып туды тіккендігі туралы құжаттарды оқыған. Ол менің әкем үшін өтініш жазып, оған Батыр атағын беруді сұраған болатын. Әкем Булатов үшін уайымдайтын еді. Мен әкемнің оған Алматыға көшіп келуге ұсыныс айтқанын нақты білемін»

Алайда Григорий Булатов қарулас досының жанына көшіп бармапты. 1970 жылы ішкілікке салынып, ұсақ бұзақылығы үшін тағы да түрмеге түседі. «Мен Слободск ОВД-сінде қылмыстық іздестіру инспекторы болып жұмыс істедім, - деп еске алған екен бұрынғы тергеуші Василий Ситников. – Григорий Булатовтың ісі дәл менің қолыма келіп түсті. Ол өзінің кінәсін толық мойындады. Оны тұтқындаған жоқпыз, бірақ оның тұрып жатқан пәтеріне тінту жазадық. Ұрлаған заттары туралы дәлелдер жоқ болды, оның есесіне Жуковтың, Роман Карменнің, генерал Шатиловтың хаттары мен суреттері қолында екен. Жуковтың үш-төрт хаты мен «Гришаға» деген жазуы бар фотосуреті анық есімде. Қолы мен жылы – 1945 болатын. Мен әрине хаттарды қызықтап, оқыдым. Әсіресе «Гриша! Сенің етігің Рейхстагтың шатырын таптады емес пе? Сол етік бөтелкені неге таптай алмасқа?» деген жолдар ерекше есімде.

Осы жолғы ұсталғаннан кейін Булатов тергеушінің кабинетінде Жуковтан көмектесуін сұрап хат жазады. Тергеушінің айтуынша, маршал Жуков оған бұл жолы да көмектескен. Слободскіде ашылып сырласар адамы болмағандықтан, Григорий Булатов тергеушіге келіп, өмірлік өкініші туралы айтып жүретін болған. Бірде ол: «Өмір сүруден жалықтым. Пистолет болса, атылып-ақ қалар едім», - деген екен.

1973 жылы 12 ақпанда Григорий Булатов Рақымжан Қошқарбаевқа өзінің соңғы хатын жазады: «Мінеки түрмеден шыққаныма жарты жыл болды. Өмірім сұрғылт, мақтарлықтай ештеңе жоқ. Қажет кезімізде бізге уәде етті, енді мен ешкімге де сенбеймін. Жас болғандықтан, бізді алдап соғуға да оай еді. Қалай болғаны саған белгілі ғой. Бұл менің өмір бойғы өкпе-ренішім. Мен үшін алаңдамауыңды сұраймын. Меніңше барлығы да бекер, түңіліп біттім».

1973 жылы 19 сәуірде Григорий Булатов Слободск механикалық зауытының әжетханасында асылып қалады. Міне осылайша өз елінде ешкім ескермеген Григорий Булатовтың тірліктен татар дәмі осылайша түгесіліпті.

Григорий Булатовтың ерлігін орыс елі әлі мойындаған жоқ

Қазақстандық ынталы қауымның сауатты да тынымсыз еңбегінің арқасында Рейхстаг төбесіне алғаш кімнің ту тіккендігі туралы мәселеге нүкте қойылады. Ресейдің Әскери тарих институты І Белорусь майданындағы 150 атқыштар дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа бәрінен алғашқы болып ту тіккенін 2007 жылдың 7 мамырында ресми түрде растаған болатын. Ғаламторлық «Википедия» энциклопедиясындағы ақпарат осы ресми мойындаудың нәтижесі. 

Ал орыс елі Григорий Булатовтың ерлігін мойындаудан әлі бас тартып отыр екен. Ресейлік журналист И.Жилин былай деп өкінішпен жазады. «2015 жылы біз Қорғаныс министрлігіне және Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссиясына Григорий Булатовқа Ресейдің Батыры атағын (жеңілген Рейхстагқа алғаш ту тіккен – нақ сол еді) беру туралы өтінішпен бірінші сұрауды жіберген едік. «Қорғаныс министрінің орынбасары Николай Панков бізге әскери ведомствоның мынадай бас тарту жауабын жолдапты: «... Берлинді азат ету кезіндегі неміс-фашистік басқыншылармен шайқаста көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы, сондай-ақ Рейхстаг төбесіне Қызыл Ту тіккені үшін Қызыл Армия жауынгері Г.П.Булатовты полк командирі Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған. Алайда 3-екпінді армияның қолбасшысы награда түрін «Қызыл жұлдыз» орденіне ауыстырған. Мұндай шешімнің себептері архив құжаттарында көрсетілмеген. Осыған орай Г.П.Булатовқа айрықша ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы өтініште көрсетілген ұсыныс зерделенді. Өкінішке қарай, Қорғаныс министрлігінде әскери қолбасшылықтың шешімдерін қайта қарауға құқықтық негіз жоқ». Журналистің айтуынша, содан бері олар жыл сайын: «марапаттау мүмкін емес, өйткені дәл сол болмаса да өзге марапатты болса да алған ғой» деген сияқты сүйей салды, сырғытпа жауаптар алумен келе жатыр екен.

Ерлікті дәлелдеу жолындағы сәтті қадам 

Батырдың өз аса күш салып соңына түсе қоймағанымен, осы елеусіз қалдырылған ерлік, көрінеу әділетсіздік отандастардың жүрегіне шемен болғаны анық еді. Жоғарыда айтылғандай аты аңыз болған әйгілі батыр, өзі де әділетсіздіктің құрбаны болған Бауыржан Момышұлы да бейжай қарамапты. Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен қаһарман екендігін тапжылтпастай етіп дәлелдеп мойындату жолында көп күш-жігер жұмсап, сан жүздеген құжаттарды тауып көтерген мемлекет қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың да еңбегі ерекше.

Осындай ерекше еңбегі сіңген адамдардың бірі – кинорежиссер Асылбек Нұғманов екен. «Роман Кармен неге Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі туралы айтпады?» («Почему Роман Кармен не рассказал о подвиге Рахимжана Кошкарбаева?») атты мақаладан (https://exclusive.kz/expertiza/obshhestvo/124476/) мынадай деректерді кездестіреміз: 

«Өзінің әріптестері арасында беті қайтпас қайсарлығы үшін Танк деген лақап атқа ие болған қазақстандық кинорежиссер Асылбек Нұғманов (1933-2013) сонау 1965 жылдың өзінде киноқұжаттар арқылы Рейхстагтің төбесіне шабуыл қызыл туын алғаш кім тіккенін дәлелдеген болатын. Оның «Отанның шақыруымен» атты картинасы – қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуын баяндайтын алғашқы лента болды. Қазақ Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа алғаш шабуылдаушы екендігін дәлелдейтін деректі кадрларды өз картинасына Нұғманов әйгілі майдангер кинооператор, «Берлинге шабуыл» фильмін түсірген Роман Карменнің арқасында енгізген екен. Режиссер сұхбат кезінде мыналарды есіне түсіріп авторға айтып берді: «Мен ВГИК-те студент болып жүрген кезімде Роман Лазаревичтен Берлинге шабуыл жасауға қазақстандықтардың да қатысқандығы туралы есінде бар, жоқтығы туралы сұрадым. «Әрине, - деп жауап берді ол, - тіпті Рейхстагқа қызыл туымен алғаш бұзып-жарып кірген қазақ менің әлі есімде. Бұл жас жігіт шын мәнінде Ұлы Отан соғысына нүкте қойды.» Осыдан кейін Кармен әлденеден секемдене есін жиғандай болып: «Тек сен мұны ешкімге тіс жарып айтушы болма. Түсінесің бе, бізге Мәскеуден: Рейхстаг төбесінде желбірейтін Жеңіс туын тек Ресей мен Грузия өкілі ғана тігетін болсын нұсқау келген болатын.» Бірақ бұдан кейін мені тоқтату қиын еді: «Сонда сіз сол қазақстандық солдатты түсірген бе едіңіз? Егер солай жасаған болсаңыз, «Берлинге шабуыл» фильміне енбеген сол кадрлар қайда?» - деп сұрадым. «Маған ол жерін қиюды бұйырған ғой», - деп жауап берді Кармен. – Бірақ олар сақталып қалды, архивте жатыр». 

Мен архивке қарай ұмтылдым, Рақымжан Қошқарбаев Бранденбург қақпасының алдында бір топ жеңімпаздың ортасында тұрған кадрды таптым. Стоп-кадр жасадым да Алматыға келген кезде оны өзімнің «Отанның шақыруымен» картинама енгіздім. Қошқарбаевтың ерлігі туралы бұл кезде ешкім білмейтін. Жоқ, алғашқы журналистік мақалалар болды әрине, бірақ ол туралы фильм түсіру үшін бізге оның Берлинде болғанын куәландыратын құжат немесе деректі бейне қажет еді. 

Фильм бүкілодақтық экранға шыққаннан кейін Қошқарбаевтың мерейтойы болды, ол мені сол тойына шақырды. Ол кезде «Алматы» қонақүйінің директоры болып істейтін. Түсіру тобының атынан оған «Отанның шақыруы бойынша» фильмінің көшірмесін тапсыратын болып келіскенбіз, бірақ маған бұл аздық ететіндей болып көрінді. Мен одан өзге бағасы қымбатын емес, мағынасы терең бір нәрсе сыйлағым келді. Дәл осы кезде Қошқарбаевтың естелік кітабы шығып жатқан еді. Осы кітапты оқыған кезде менің ойыма оның Рейхстаг есігі алдына ілген туының дәл көшірмесін жасау идеясы келген еді. «Қазақфильмнің» шеберлері өзінің кітапта қалай суреттегендей, дәлме-дәл етіп әзірлеуге тырысты: бір жарым метрдей қызыл матаның жыртындысын қыжымдап, көнетоз қалыпқа келтіріп, оны қарапайым, сүргіленбеген ағашқа бекітіп, бірнеше жерден «атқыланып» тесіліп те қойылған еді. 

Қошқарбаев өз мерейтойын атақ-дәрежесіне лайық атап өтті. Грузиядан келген бір әскери жолдасы оған асыл тастармен безендірілген қанжар сыйлады. Кезек маған да жетті. Мен 1945 жылғы кадрдың қалай тапқандығым туралы айтып өтіп, фильмнің көшірмесін табыстадым, содан кейін шабуыл туының көшірмесін алып шықтым. Зал орнынан тұрып кетті, ал Қошқарбаевтың көзінен жас ыршып кетті! Президиум мен құрметті қонақтарды айналып өтіп менің жаныма келген ол маған: «Осы бір матаның жыртындысы мен үшін осында бүтін бір тау болып үйілген алтын мен күмістің бәрінен қымбат», - деді.» 

Бұл деректі мақалаға қарағанда әйгілі Роман Карменнің мұқияттылығы арқылы Рақымжан батырдың ерлігін деректеп, дәйектеп берген режиссер Асылбек Нұғмановтың мықтылығына бас иген жөн. Роман Кармен – Сталинград түбінде фельдмаршал Паулюстің тұтқынға берілуін, Берлиндегі Кейтельдің сөзсіз тізе бүгуін, Рейхстаг шабуылын т.б. таспалаған әйгілі кинооператор.

Сталинге жағыну үшін кезінде жасалған әділетсіздіктің салдарынан атаққа ие болғандар да іштей қуыстанып жүретін болса керек. Осы тұрғыда да көптеген мәліметтер кездеседі. «Ұлы Жеңістің 40 жылдығын тойлау кезінде, 1985 жылдың 9 мамырында 1-ші Белорусь майданының 3-ші екпінді армиясының ардагерлері Қызыл алаңға жиналды. Сол күні неге екені белгісіз Рақымжан Қошқарбаев ардагерлер сапына кешігіп келіп, менің қасыма тұрды. Бәрі әдеттегідей еді. 150-ші дивизия командирі, генерал Шатиловтың жанында, қолында полктың штандарт-байрағы бар КСРО-ның батыры Мелитон Кантария тұрған. Кенет Қошқарбаев Кантарияға жақындап келді де, қолындағы қызыл туды жұлып алып, бұрынғы орнына барып жайғасты. Барлығы таң-тамаша қалып, екеуімізге назар аудара бастады. Сәлден соң генерал Шатилов та Қошқарбаевтың қасына барып сапқа тұрды. Кантария болса, таза қатарын тастап кетіп қалды. Генерал Шатиловтың Рақымжанның қасына барып сапқа тұруы – Рақымжанның Қызыл туды Ұлы Жеңістің байрағын желбіретуге тарихи құқығын мойындағаны», - деп естелік қалдырған екен, Берлинді алуға қатысқан ардагер жауынгер Әсет Кемпірбеков «Түркістан газетінің журналисі Қалдархан Қамбарға 2000 жылы 19 мамырда берген сұхбатында. Қазақ батырының бұл қимыл-әрекетінен өз ерлігіне деген қапысыз сенімі, әділетсіздікке деген қарсылығы аңғарылып тұрғаны анық.

2005 жылы 7 мамырда тарихшы Болат Асанов РФ Президенті В.Путиннің атына жеделхат жолдап, лейтенант Қошқарбаевтың ерлігіне қатысты тарихи шындықты қалпына келтіруді сұраған екен.

Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі ұмытылмайды

Әділетсүйгіш, білімді де алғыр отандастарымыздың өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап күні кешеге дейінгі тынымсыз сұрау салу, ізденуінің арқасында алапат соғыс барысындағы бір тарихи шындық қайта қалпына келтірілген екен. 

Батырдың Қошқарбаев тағы бірі,

Жаратқан бөлек етіп Тәңірі Ұлы.

Ту тіккен Рейхстагқа төте барып,

Рақымжан ел жадында мәңгі тірі! - 

деп көрнекті ақын Сәкен Иманасов жырлағанындай, адамзатқа ортақ қатерлі саяси індет гитлершіл фашизмнің басты ордасына ту тігу арқылы төрт жылдық алапат соғыстағы жеңіске жол ашқан қазақтың батыр ұлы Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі туған халқының жадында мәңгі жасай бермек. Өз елі өз ерлерін ескерудің жарқын үлгісі де нақ осы болмақ.

Алдағы жылы сол ғарасат майдандағы жеңіске сексен жыл толады. Сол кезеңде де өткен заман еске алынып, ерлердің есімі ел жадында жаңғырары сөзсіз. Сексен жыл бұрын кескілескен қан майданда жеңіліп тізе бүккен Германия – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанмен тығыз байланыс орнатқан ынтымақтастығы мығым, әріптес, дос, жоғары дамыған қуатты экономикаға ие ел. Бір замандарда нәсілшілдік, фашизм дертін жұқтырып, барша адамзатқа ауыр зардап әкелген елдің бүгінгі ұрпақтары – демократияшыл, азат Еуропаның көшбасшылары. «Бүгінің мен ертеңің жарқын болуы үшін өткеннің қателігінен сабақ алу дұрыс» деген қағидатты анық ұстанған ел. Барша адамзатты, соның ішінде неміс халқын да адамзат өркениетіне жат идеядан азат еткендігі үшін де Рақымжан Қошқарбаевтай ерлердің есімі ұмытылмауы тиіс.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар