Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қоңыр түсінің қазақ поэзиясындағы көрінісі...

24.06.2024 473

Қоңыр түсінің қазақ поэзиясындағы көрінісі 12+

Қоңыр түсінің қазақ поэзиясындағы көрінісі - adebiportal.kz

Қазақ халқының арғы-бергі тарихында ұлттық болмыс пен қасиетті құндылықтар көздің қарашығындай сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде жалғасып отырған. Осы үрдістің үзілмеуінде алаш жұртының ішкі қуаты айрықша орынға ие екенін түсінеміз. 

Кейде бір ұлттың өңге ұлттардан айырмашылығы – жоғарыда біз айтып отырған факторларға байланысты болса, сол факторлар сыртқы және ішкі детальдармен анықталып, ашылып, көзге көрінетіні де жасырын емес. Осы орайда, «қоңыр түсі» – қазақ елінің философиялық танымын, географиялық орнын, ұлттық психологиясын әспеттеп, жан мен рухтың беймәлім қатпарларында жасырынған тылсымды шешуші, мыңжылдық мәдени-тарихи керуеннің бейнесін көрсететін бояу екені баршаға аян. Сөзіміздің дәлелі ретінде белгілі жазушы Әбіш Кекілбаевтың мына бір сүбелі пікірін ұсынамыз: «Қоңыр деген жалғыз сөздің аясына күллі қазақтың ата-баба заманынан бергі бар тірлігін, мінез-құлқын, ұлттық сипатын сол қалпында қызыл тілдің құдіретімен жеткізе білген». 

Қоңыр сөзінің этимологиясына зер салсақ, бірқатар реалды және романтикалық бағыттағы көзқарастарға ұшырасамыз. Мәселен, Б.Хасенов «Қоңыр» мақаласында аталған сөздің шығу төркініне байланысты былай деп пікір білдірген: «Қоңыр дауыс, қоңыр үн, қоңыр саз, қоңыр күй. Және бұлар абақ таңбасының нүктесін білдіргендіктен, орта деген мағынаны білдіреді. Сол себепті қоңырдың бірқалыпты, не жоғары емес, не төмен емес дауысты мағынаны беруі сонымен байланысты. Үнге қатысты бірқатар сөздердің шығуына осы праформа ұйытқы болған. Гонг, фон, тон, звон, сонг, сингл, концерт, т.б. сөздер. Қамбар ата жылқымен, музыкамен байланысты. Қоңыр сөзі қамар деп чуваш тілінде айтылатынын ескерсек, қоң – қон – қом болып келеді. Ал қом – қам деп б дыбысының әсерінен өзгерген. Гректер Гомердің этимологиясын соқыр деп көрсетеді. Алайда оның есімі қом – қоң праформасынан өрбіп, әншілікпен, жыршылықпен сабақтас секілді. Бұл есімді Омар (транскрипциясы Ұуомар) деп те қазақша атайды» [1]. 

Ал М.Қашқари сөздігінде қоңырдан жасалған етістік берілген. «Қоңрады – қоңырлады, қоңырқай тартты. Оғлан үні қоңрады – баланың даусы қоңырлады. Баланың даусы балиғатқа жеткенде дауысы өзгерді. Қой қоңрады – қойдың түсі қоңыр болды» [2].

Шынымен де, бұл пікір қисынды әрі жан-жақты зерттеулермен қуаттанған пайым екенін аңғарамыз. Осыдан музыка мен мәдениеттің қаншалықты ықпалдасқанын, жымдасқанын, оның қазақ тұрмысымен біте қайнасқанын байқау қиынға соқпайды. 

Қазақ танымындағы түстер диаграммасында қоңырдың үлесі көп екені мәлім. Бұл тенденция – ұлтымыздың шығармашылық зертханасына да енгенін, талай жылғы әдеби дамуда үнемі назарда болғанын айтуымыз керек. Мәселен, Т.Әлімқұловтың «Телқоңыр», Т.Жұртбайдың «Қоңыр қозы», Қ.Жұмаділовтің «Қоңыр күз» шығармасы, сондай-ақ М.Әуезовтің қоңырға қатысты бірқатар әңгімелерін үлгі қылып алуға болады. Сондай-ақ, халық күйшілерінде «Сері қоңыр», «Ақсақ қоңыр», «Майда қоңыр», «Жетім қоңыр», «Мол қоңыр», «Тел қоңыр», «Алшаң қоңыр» сияқты қоңыр күйлер шертілсе, халық композиторларының қолынан «Ақымжанның қоңыры», «Айдарбектің қоңыры», «Қайрақбайдың қоңыры», «Қоңқайдың қоңыры» деген бір топ күйлер дүниеге келді. Әрине, бұл тізім шексіз жалғаса беруі мүмкін. Өйткені тақырыптан бөлек, көптеген прозалық шығармаларда әңгіме ішіндегі образдар, кейіпкерлерді бейнелеудегі теңеулер, метафоралық құбылыстарда қоңыр түсі жиі көрінеді. Ал поэзиядағы бейнесі Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырза-Әлі, Ф.Оңғарсынова, Т.Әбдікәкімұлы, С.Нұржанның және т.б. ақындардың жырларында кездеседі. 

Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып, 

көзін сулап қалып еді қамығып. 

Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп – 

қоңырқай ой маза берер емес түк, – 

деп басталатын Ж.Нәжімеденовтің «Қоңыр түс» өлеңінде «қоңыр кеш», «қоңыр шеше», «қоңыр жол», «қоңырқай ой» секілді сөз тіркестері бір арнаға тоғысып, қоңыр әлемнің есігін айқара ашып тұр. Бұл әлем – әлбетте, қазақ әлемі. Яғни, ұлттық құндылықтарға негізделген алаш руханияты, алаш жаны. Жалғыз шумақтағы себеп пен салдар келесі жолдарда қандай идея айтылатынына, қандай образдар ашылатынына жетелеп, бір-бірімен табиғи түрде шебер үйлесіп тұрғанын байқаймыз. Біз жиі айтатын «тума талант», «шынайы өлең» шеңберіне сиятын жырлардың қатарына осы «Қоңыр түс» өлеңін қосуымыз заңдылық. Осы орайда, жұмекентанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Қадір Жүсіптің: «Асылы, түстер сыры ақынды қатты қызықтырады. Оның поэтикалық қиялы жеті түстің әрбіреуінен ғажап құпиялар ашқан. Бұл кез келген адамның ойына орала бермейтін нәрсе. Ақын қиялына еріп, ойлап қарасақ, түстердің өзінде де біз білмейтін мәндер көп. Ақын топшылауынша, қара түсте контрастылық мағына бар, сұр түс – жағымпаздықтың белгісіндей, көк түсте қарама-қарсылық сезіледі, ақынға ең ұнамды түстер: қызыл, қоңыр, ақ, сары түстер. «Қоңыр түс» деген шағын өлеңінде «қоңыр» деген сөз жиырма бір рет қайталанады. Бәрі де эпитеттің қызметін атқарып, оқырманға эстетикалық ләззат береді. Бір сөз қанша қайталанса да, өлең көркемділігіне нұқсан келіп тұрған жоқ. Осы «қоңыр» деген сөз шығармаға ұлттық нәр, нақышты өрнек беретін тәрізді», - деген орынды пікірі еске түседі [3].

Ауыл мен қала халқын салыстырсаңыз, әрине, айырмашылықты бірден байқауға болады. Кең далада еркін көсіліп, сәйгүлік мініп, қымыз, айран, шұбат ішіп, кешкі іңірде ертегі тыңдап, рухани толысып өскен жас ұрпақ пен қаладағы әлеуметтік тұрғыдан тарлау тұрмысты, қысылтаяң атмосфераны теңестіру қиын. Сондықтан біз меңзеп отырған ұлттық психология көбінесе ауыл жастарында бар. Үлкенді құрметтеу, бауырға жанашырлық, еңбекке жастайынан араласу сынды маңызды факторлар – ұлттық болмыстың ажырамас бір бөлігі. Осы орайда, белгілі ақын Т.Молдағалиевтің «Құрылтайға келген бауырларға» өлеңіне назар аударғанымыз жөн: «Қазақтың әр ағашы ән салады, / Жүзіңді аймалайды таң самалы». Бұл жолдар арқылы автор қасиетті атамекеннің әрбір бөлшегін, затын «тірілтіп», жанды құбылыс ретінде сипаттағанын байқап отырмыз. Келесі шумағында ақын: «Жайнайды, құбылады дүние шіркін, / Жел айдап жөнеледі қоңыр бұлтын», – деп оқырманды жарқын күндерге жетелеп, «қоңыр бұлтты» – қарапайым, бірақ сонымен бірге аспан мен жердің арасындағы эстетикалық сұлу, жеңіл құбылыс ретінде бейнелеген. Байқасаңыз, бұл өлеңде дауылмен бірге булығып келетін «қара» бұлт емес, қоңырқай, майда жел. Яғни, табиғат көрінісін суреттеудегі автор позициясы айқын, анық. Ол – оқырманға жаймашуақ, жадыраған көңіл-күйді ұсыну. «Адам тілінде аспандағы бұлт айналады» дейді қазақ. Дегенмен, құла түзді қуаңшылық басқан қиын жылдары халық тасаттық беріп, Жаратушыдан жауын тілегенде «Қобыз» күйінің құдіретімен күн жайлап, бұлт үйріліп, аспаннан Алланың нұры төгілетіні туралы аңыздар көп кездеседі. «Құрылтайға келген бауырларға» жырының тағы бір тұсы – жер-жаһанға шашыраған қазақ ұлтының басын қосу, негізгі атажұрты Қазақстанға оралуына ықпал ету, сондай-ақ ұйымшылдыққа жақындатып, «бауыр» ұғымын қалпына келтіру. Қазақ ет жақынына, туғанына, інісіне, сыйлы адамына «бауырым» деп ізет білдіріп, қанатының астына алған. Аға буын өкілдерінің жас буынға қарайласып, кемшін тұсын түзеп, дұрыс бағытта жүруінде тәлім-тәрбие мен үлгі жатыр.

Т.Молдағалиевтің «Қазақтың әр ағашы ән салады» деген өлең шумақтарына байланысты бірнеше пікірлерді тізбектеп шығуға болады. Бұл мәселедегі басты нысана – саз бен ұлттың үйлесуінде деп топшылаған жөн. Тіпті, қазақы әуеннің тылсымына үңілер болсақ, күрмеуі шешілмеген біраз жұмбаққа тап болар едік. Оны ғылым да, философия да, тарих та, әдебиет те толыққанды түсіндіре алмайды. 1795 жылдары және 1883 жылдары қазақ сахарасында болған И.И.Лепехин, Г.Н.Потанин қатарлы ғалымдар да осылай есептеген: «Ән-күйдің магиялық күшіне сенушілікпен емдеу ырымдарына да ән-күй қосу әдеті қалыптасты. Бұл әдет әуелден келе жатқан «жын, иелер ән-күй мен көркем сөзді құмарта тыңдайды» деген нанымнан туған. Мәселен, қазақтың бәдік-арбау өлеңдерін айтуы, бақсының ойнар алдында қобызда ұзақ күй тартуы, жылан-шаянның уын күй тартып қайтаруы... осыған айғақ бола алады», - деп жазған олар [4].

Т.Молдағалиевтің жоғарыдағы өлеңін махаббат лирикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын Ф.Оңғарсынованың «Телефон шыр етеді» жырымен сабақтастыруға болады. 

Жүрегіме тыныштық бермей қойды-ау, 

төбесінен бір қойып сындырсам ба?! 

Әне тағы… сені ме! 

Қоңыр дауыс! 

Трубканы сүйіп мен тұрдым сонда...

Бұл – іңкәрлік пен ізгі достық жүрегін өртеген ақын арудың жан толқынысы, ішкі тебіренісі. Ал автор кейіпкердің дауысын айшықтағанда «қоңыр» түсін қолдануының себебі – біріншіден, ер адамның байсалды болмысын көрсетуге және соны қоңыр түспен беруінде ұлттық көзқарастың орныққанын аңғарамыз. Қазіргі қазақ поэзиясында мұндай тіркестер жиі қолданылып келеді. Ел арасында жағымды, таза, қазақы нақышта сөйлеген адамның дауысын «қоңыр үнге» балап жататыны да сондықтан. Осы орайда, ару ақындардың ішінде қоңыр түсін тұтастай бір жырға арқау еткен К.Ахметованың да есімі қалыс қалмауы керек. Ақын «Қоңыр» өлеңінде дүниедидардың құпия-сырларын, ғашықтықтың ғаламат қуатын, тұмса табиғаттың айшықты құбылыстарын суреттеген. «Дала болса — Домбыра, шек — жолдармен / Қоңыраулатып барады қоңыр өмір». Өлең жолдарындағы метафоралық толғаныстар жанға жылылық, көңілге медеу сыйлап, «қазақ әлеміне» жетелейді. Расында да, жаһандану заманында өз әлеміңді жоғалтпау, өзіңнің ұлы құндылықтарыңды көздің қарашығындай сақтау – басты мұрат. Өмір философиямен қатар өрілген дала тылсымын автор бізге осы жәйтті көркем түрде меңзеп тұр.

«Қоңыр» сөзінің поэзиядағы көрінісін ақын Т.Әбдікәкімұлының өлеңдерінен де табуға болады:

Мен кіммін? 

Ата Тілін дүбәра ұрпағы жаялық еткен – бір ұлтпын. 

Құрсағында болашақтың қайырлы Күні күшенген – Ымыртпын. 

Қоңыр мінезімдегі қоңыр төзіммен – 

қожаланған барша арсыз қонағымның да келеді 

мейірімін тірілткім. 

Өз-өзіне сұрақ қою арқылы ақын қоғамдық-әлеуметтік жағдаяттарға жаны ашып, жүрек дауысының жаңғырығын естіртеді. Одан кейін «қоңыр мінез» және осыдан өрбіген «қоңыр төзім» турасында ой қозғап, байырғы бабалардың тектілігін, әр нәрсені саралап, сабырлы қалыпта шешетін зиялылығын меңзеп тұр. Енді бірде сол сабырлық – катарсис болуы да мүмкін. Яки қоғамның кертартпалық қасиеттерін жойып, саналы, сапалы ортаға бейімдеу. Бұл тұрғыда ұлттың жанындағы бүкіл мейірімді оятушы – әрине, қазақы мінез, қоңыр сөз, қоңыр дүниетаным. Ақынның: «Қайта-қайта маңырап, қоңыр қозым, / суландыра бердің-ау көңіл көзін», - деуінің өзінде де ұлттық болмыс, қоңырқай тіршілік, қоңыр мінез алға шығып отыр. Жасанды интеллект дамыған болашаққа, технократтық өмірге қанша жақындағанымызбен, өткен өмірдің игіліктері сонда да көз алдымыздан кетпей, көкіректе маздап тұрары анық. Адамзат баласының жан мен тәннен тұратынын ескерсек, ұлттық мәдениет, көне жауһарлар қайткенде де «сағыныштың» символы ретінде адам өмірінің ажырамас бөлігі болып қала бермек. Ақын нысанаға алып отырған «қоңыр қозы» да – қаймағы бұзылмаған дала мәдениетінің бір бөлшегі, табиғи, таза құбылыс. Ендеше, табиғат және ондағы эстетикалық құндылықтар адам жанын тазартып, ұшып-қонып жүрген көңілін бір мезетке орнықтырып, өзінің «менін» тануға септігін тигізеді. 

Ж.Нәжімеденов шығармашылығын жіті оқығандықтан ба, әлде көкейіне көне сарын құйылып, батыс жұртының бағзы дәстүрлері мен байтақ даласының киесі жұққандықтан ба, қазіргі қазақ поэзиясының белді өкілі С.Нұржан да қоңыр атырапты жырлауда шет қалмаған:

Қоңыр самал қағады қоңырауын,

Қоңыр боздақ мұңға ұя омырауым. 

Бұрынғыдай баспай жүр мені бауыр, 

Қоңыр әнің-ай, сенің, қоңыр ауыл. 

Уақыт тезінен өткен бүгінгі қоғамның жақсы-жаман тұстарын сараласақ, сұрыптасақ, біршама жайттарды байқаймыз. Бұл – ұлттық мүддемен де, жеке мүддемен де байланысты құбылыс. С.Нұржанның өлеңінде осы қағидаттар астарлы түрде бейнеленген. Басқаша айтсақ, ұлттық салт-сананы синтездей отырып, бауырмалдылық қасиетті алға қойғанды жөн көреді ақын. Себебі бауырмалдылық – барлық жеңістер мен жақсылықтардың бастауы. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» (Абай). Заман өзгерді, сонымен бірге қоғам да белгілі бір формациялардың ауысымен эстетикалық құндылықтар да жаңа сипат алды. 

Осыған орай, дәстүрлі қазақ мәдениеті үшін төзімділік, байсалдылық, мейірбандық текке сіңген қасиет деп болжауға болады. Сондықтан құндылық – саналы ұғым ретінде өмірде бекітуге қажетті негізі бар. Шынтуайтына келгенде, бұл ұғымда халықтың барлық рухани және материалдық байлығы жатыр. Халық өзінің бірегей мәдениетін ауыр табиғи жағдайларда сақтап, дәл осындай адами қасиеттердің арқасында дамып, ең бастысы осы сапаны түсіне білді. 

Қорыта келгенде, жер-жаһандағы мыңдаған ұлттардың бір-бірінен айырмашылығы – тілінде, дәстүрі мен мәдениетінде екенін білеміз. Сол қайнар бұлақтардан әр елдің өзіндік болмысы мен ұлттық бояуын тануға болады. Қазақ жұрты – қоңыр мінезді, сөзтаным мен ойтанымның негізгі элементтерін мейілінше игере білген көне әрі жаңа ел. Қазақ даласының қоңыр табиғаты туралы дана халқымыз: «Қос етек, бұраң бел, қуалай соғар қоңыр жел», деп әндетіп өткен. Дала фольклорында көптеп кездесетін осындай туындылар уақыт өте келе жаңа сипат алып, қайтадан жаңғырып отырған. Яғни, ұлттық әдебиеттің, оның ішінде поэзияның дамуына сүбелі үлес қосатын фактор ретінде бұл түс айрықша мәнге ие. Қазақ жұрты қоңыр тауды мекендеп, қоңыр желге маңдайын сипатып, қоңыркүрең шай ішіп, тынымсыз тіршілігін жалғастырған. Ендеше, қазақ – қоңыр түсімен, қоңыр түсі – қазақ ұлтымен мәңгі сабақтас. 

Әдебиеттер: 

1. Хасенов Б. «Қоңыр» мақаласы. https://abai.kz/post/39241

2. Қашқари М. Түркі тілінің сөздігі (Дивани лұғат-ит-түрік). ІІІ томдық шығармалар жинағы /Қазақ тіліне аударған, алғы сөзі мен ғылыми түсініктерін жазған А.Егеубай/. – Алматы: Хантәңірі, - 600 бет.

3. Ахмет А. «Жұмекен жырындағы жеті бояу». https://qazaquni.kz/adebiet/31036-zh-meken-zhyiryinda-yi-zheti-boyau

4. Тұрсынов Е.Д. Қазақтың ауыз әдебиетін жазушылардың байырғы уәкілдері. 44-бет.

5. Орынбеков М. Ежелгі қазақтардың дүниетанымы. – Алматы, 1996.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар