Фәнис Яруллин
Гүлжиһанның балалары ауылға аяқ астынан, ешкім күтпеген кезде келгенді ұнатады. Әрқайсысының астында бір-бір машина. Қаладағы жұмыстары өрлеп тұр. Үлкен ұлы Хайри дүкен ашып алған.
Ортаншы ұлы Хабиптің бірнеше жерде бензоколонкасы бар, кенжесі Хисмет – адвокат. Рас болса, авдокаттар қазір ақшаны күреп алады, дейді.
Міне, осы зіңкіттей үш жігіт өздерінің үлкен бөкселі, апайтөс машиналарына керегін де, керек емесін де тиеп алып ауылға келеді. Ауылға қайту оларға өздерін көрсету үшін керек. Көшеде кездескен әр балаға қымбат конфет, телевизорда көрсететін сағыздар беріп, оларды таң қалдыру жандарына сары майдай жағады. Аналарын әр келгенде киім-кешекке көміп тастайды. Келіндер, тілсіз кәнизәктер сияқты, күйеулері алып берген сыйлықтарды үйдің ең көрініп тұрған жеріне іледі.
Гүлжиһан балалары алып келген сыйлықтарды ұстап қарайды да аһ ұрады:
– Тым қымбат болар. Мен үшін соншалықты ақша шашпаңдар. Менің онсыз да дүнием бүтін. Аллаға шүкір, тұрарға үйім, ішіп-жеуге ризығым жетеді. Былтырғы сыйлықтарың да әкелген бойы сандықта жатыр, – деп, сақ қана, балаларының көңілін қалдырмас үшін сыйлықтарды қарап шығады.
– Ал, сен оларды, анашым, сандықта сақтама, – дейді балалары. – Күніне бірнеше рет үсті-басыңды ауыстыр. Жұмысың болмаса да, дүкенге бар. Егер дүкенге барғың келмесе, малды өріске айдағанда да, қарсылағанда да басқасын ки. Көшеге әрдайым қолшатыр ұстап шық.
– Қатырасыңдар! Ауылда кім қолшатыр көтеріп жүреді! Ауыл халқы өмірінде қолшатыр ұстаған емес. Жаңбыр жауғанда бірер ескі плащын бүркенеді де, жұмыстарына шапқылайды.
– Сен, анашым, ауыл надандарымен өзіңді теңестірме, – дейді үлкен баласы Хайри. – Кім бұл, дегенде, Хайрилердің, Хабиптердің анасы – Гүлжиһан! дейтіндей болсын. Әне, есік алдындағы жүрген екі итті көрдің бе, ана?
Гүлжиһан терезеден сыртқа қарады.
– Жоқ, балалар, онда екі жігіт қана арлы-берлі жүр. Ол жолдастарыңды да үйге шақырыңдар. Қазір асым дайын болады. Бірге отырып жерміз.
– Жолдастарымыз емес, біздің иттеріміз олар, анашым, – деді Хайри. – Біреуі менікі, екіншісі Хабиптікі.
– Астагфируллах, тәубә, олай деме, ұлым.
– Иә, итіміз. Қаласақ – біз оларды қақпа түбіне байлап қоямыз, қаласақ – көшеге қуып шығара аламыз.
Гүлжиһан ұлдарының сөзін әзілге балады. Аналарының абдырап қалғанын байқаған адвокат баласы жағдайды түсіндіріп берді.
– Ағалардың тән сақшылары олар, ана, ал тән сақшылары қожайынының жанында отырып тамақ жемейді. Тәртіп солай.
– Мені естемесең, естіп ал! – деді Гүлжиһан, қайта таңданып. – Сендер онсыз да сойталдай жігіттерсіңдер. Сендерге сақшы не үшін керек? Өздеріңді өздерің қорғай алмайсыңдар ма? Сақшымен сақтанып жүргендеріңді білсе, ауыл халқы сендер жайлы не айтпайды? Гүлжиһанның балалары қалаға барып быламыққа айналыпты, – демей ме?
– Сен, анашым, ескіше ойлайсың. Сақшы ол, білгің келсе – престиж! Сені сақшы сақтап жүреді екен, демек, сен зор кісісің.
– Иә, – деп, сөзге келіндері қосылды. – Сенің балаларың зор кісілер, анашым. Соны есіңнен шығарма.
– Зор кісі дейді ғой, – деді Гүлжиһан кеспесін кесіп жатып.
Оның бұл мәселеде, әлбетте, өз пікірі бар еді, алайда ол балаларымен сөз таластырып тұрмады. Себебі, тезірек ас дайындамақшы еді. Келіндері оның қол қимылдарына, лыпылдата кеспе кескеніне қызыға қарап тұрды.
– Көзім тимесін, – деді үлкен келін, – сондай шебер де жылдам кесесіз. Менің кеспем біркелкі болмайды, біресе жуан, біресе жіңішке болып кете береді. Хайри кеспе тамақ жегісі келсе, татар халық астарын пісіретін асханаға кетеміз.
Енелерінің жылдамдығына қызығушылықтарын білдірсе де, келіндер оған көмектесуге асықпады. Олардың өз істері де жетерлік еді. Үлкен келін бас-аяғымен айнаға кіріп кеткен. Құлақтарына біресе бір сырғасын, біресе екінші сырғасын тағып қарайды. Тек ешқайсысын да келістіре алмауда. Ортаншысы бір кішкене чемодан сияқты нәрсесін ашып алдына қойған да, одан түрлі-түрлі қайшы, кескіш, тырнақ егеулері және тағы әлденәрселер алып, аяқ тырнақтарымен әуре: тегістеп, бояп, тырнақ еттерін кесуде. Оның бояуынан үйге жағымсыз иіс таралды. Гүлжиһанның мұндай жат иістерден тынысы тарылатын. Ол балаларына сездірмей сыртқа шығып ауа жұтып келді. Ал, балалары онысын-мұнысын әр жерден шұқып жеп жүр. Үстел төрінде әсемделген әдемі бөтелке тұр. Бөтелкеге жапсырылған қағазда бірнеше медаль суреті көрінеді. Балалар бөтелкедегі ішімдікті ұрттап-ұрттап кетеді, бәрінің де көңілдері көтеріңкі. Хайри тіпті ашыла түскен:
– Анашым, анашым, – дейді ол екі сөзінің бірінде, – сен мына двоешник балаңды адвокат болар деп ойлаған ба едің? Жоқ, ойламағансың да. Ал мен ұстадым да, ол маңқадан адвокат жасадым.
– Оқыттым, деген, ұлым, – деді Гүлжиһан жұмсақ қана.
– «Оқыттым» не то слово, анашым. Ол оқып мәңгі адвокат бола алмайтын еді. Оның қалтасындағы дипломы менің ақшама жасалған. Қазір оған қаланың ең үлкен байлары: «Қалыңыз қалай, Хисмат Шакирович!» – деп сәлем беріп кетеді. Себебі, олар біледі: уақыты келгенде ісі түсуі мүмкін. Міне, солай, анашым, сенің балаларың жоғалып кетпеді. Көп кісі былғаныш судан қандай балық ұстарын білмей жүргенде, ұлдарың балықтың алтынын іліктірді.
– Олай мақтануға болмайды, балалар. Ініңе жәрдем еткен екенсің – рахмет. Алайда, өзіннің жасағандарыңды әр жерде айғайлап айтып жүру жарамас, бұған келіспеймін.
– Их, анашым, сенен әрдайым татардың сыпайылығы, инабаттылығы кетпейді. Қазіргі заманда әркім өзін-өзі көрсетуге тиіс. Сыпайы ғана отырсам, мен қала ортасынан дүкен аша алар ма едім? Жоқ! Әне, Хабипке қара, ақырын барды да басқа бензоколонкаларды қарпып ұстап жұта салды, және дұрыс істеді. Ол жұтпаса, басқалар жұтатын еді.
– Байлықтың артынан қуып күнәға батып бара жатқан жоқсыңдар ма, балалар, міне, мені сол алаңдатады.
– Жоқты уайымдайсың, анашым. Біз мешіттерге садақа беріп тұрамыз. Бері қараңдар, жігіттер, әлде үшеулеп өзіміздің ауылға мешіт салып жіберсек пе екен? Ол мешітке анамыздың атын қоямыз. «Гүлжиһан мешіті!» Ғажап келісе кеткен жоқ па, ә?
Жігіттерге бұл пікір қатты ұнады. Олар, бастарына келген ойларын көңілдеріне сыйдыра алмай, орманға бармақшы болды.
– Анашым, – деді арадан біреуі, – барлық керек-жарағыңды мына сөмкеге сал. Қазір орманға кетеміз. Сенің де біраз үй тірлігінен қолың суысын. Баяғыда бәлекей арба тартып мықшыңдаған өрлерге «джиптермен» өкіртіп шығып бір көрейік.
Олар үш машинаға отырып орманға кетті. Жол өрге қарай өрілген еді, алайда күшті машиналар өрді сезбеді. «Эһ» дегенде-ақ баяғы бала күндерінде өздері жидек жинайтын емендікке келіп жетті. Алаңға мол дастархан жайылды. Хайри сырлы бөтелкесінен рюмкаларға ішімдік құйып інілеріне созды.
– Ал сендерге жоқ! – деді ол, әйелдерге қырын қарап. – Гүлжиһанның келіндері ішуге тиіс емес. Сендер інішектер алып қойыңдар, менен фатиха.
– Не үшін ішеміз? – деді адвокат.
– Болашақ мешіт үшін, – деді ағасы.
Балалары рюмкаларын көтере бергенде, Гүлжиһан:
– Жоқ, балалар, жоқ! Мен бұған риза емеспін, мешіт салу сияқты игілікті іс арақпен басталуға тиіс емес. Келіспеймін! – деп шырылдады.
– Әр істің басы осы ғой, анашым, – деп, балалары қарсы келіп еді, алайда Гүлжиһан оларды тиып тастады:
– Істің басы бисмилла болуға тиіс!
– Жарайды онда, анашым, – деді балалары.
– Мешітті біз бисмилламен бастармыз. Ал бұл рюмкаларды ізгі көңілді анамыздың құрметіне бастайық.
Гүлжиһан ұлдарының өз алдарына дауыстарын көтере даурығып ішіп отыруларын қаламай шеткерек кетіп, қолдарына гүлдер жинай бастады. Ешқашан оның шалғындыққа шығып гүлдер теруге уақыты болмапты. Мына қоңыраулы гүлдерді қара! Қандай керемет! Қолыңа ұстап сілкісең, зың-зың еткен дыбыстар шығатын сияқты. Ал мынау сары, күлгін, көк гүлдер! Гүлжиһан олардың аттарын да білмейді екен. Қу тіршілік! Ауылда тұрып гүлдердің атын білмеу деген... Жетпіс екі жас өткен де кеткен. Сол жетпіс екі жыл ғұмырында қанша рет күнге көтеріліп қарады, қанша рет таң шапағының сұлулығынан рахаттанды екен ол?!
Гүлжиһан күрсініп қойды. Алыста ұлдарының дауыстары жарқын-жарқын шығып, әлденәрсе жайында қызына сөйлегендері құлағына шалынды. «Барайын, ерегісіп жүрмесін!» – деді ол өз-өзіне.
Балалары алаң ортасында жайыла, жайқала өсіп тұрған қарт еменді түртіп-түртіп көрсетіп қойып сөйлеседі. Алғашында Гүлжиһан балаларының не жайында сөйлесіп тұрғандарын түсінбеді.
– Міне, осында байлап қойды ол мені, міне осында, – деді Хайри өршелене. – Не үшін? Бір арба пішен үшін. Ол аз болғандай ыштанымды түсіріп, құмырсқа илеуіне отыртқызды.
Сөздің не жайында екендігін Гүлжиһан енді ғана түсінді. Орман қарауылшысы Садри, рұқсат етілмеген жерден пішен шапқансың, деп Хайриді емен түбіндегі құмырсқа илеуіне отырғызып, екі сағат байлап ұстаған еді. Егер жидекке барушы әйелдер көріп құтқармағанда кім біледі, бәлкім, Хайри сонда жан берген де болар ма еді.
– Аударам мен бұл еменді! Қорлық бағанасы болып тұрмасын! – деді ашулы Хайри және асыға-аптыға машинасының жанына келді.
Оның машинада моторлы арасы бар екен. Орман алаңында гүрілдеген мотор дыбысы жаңғырды. Гүлжиһан ұлының жанына жақындап:
– Кеспе, балам, мәңгі риза емеспін, кісілерде кеткен ашуыңды табиғаттан алмақшымысың, – деп айтса да, оны тыңдаушы болмады, керісінше, оны шеткерек жерге алып кетті.
Біраздан соң қарт емен гүрілдеп келіп жерге гүрс етті.
– Қорлық бағанасын құлаттым! – деді Хайри масаттанып. – Әйтпесе ол неше жылдардан бері түстеріме кіріп қажытқан еді.
Хайриге ешкім ештеңе айтпады. Гүлжиһан ғана қайтарда оның машинасына емес, ортаншы ұлы Хабиптің машинасына отырды. Хабип анасын әлдеқайда, екінші жолмен алып кетті. Бара-бара олар бұршақ атызынан келіп шықты. Хабип гүрілдеп барған қуатты машинасын бұршақ атызына айдап кірді.
– Бұршақтарды таптайсың ғой, балам, не істегенің бұл? – деді оған тіксінген анасы. – Әлде, массың ба сен? Ішкенсің екен – бойыңа сіңдір. Әне қара, көз жастары сияқты домаланып түсуде...
– Менің де өшім бар! – деді Хабип, тістене түсіп. – Осы атыздан жинаған бір қалта жасыл бұршақ үшін колхоз бригадирі мені қамшымен сабаған.
– Бұршақтардың мұнда не кінәсі бар, балам? – деді Гүлжиһан. – Олар бейкүнә сәбилер сияқты ғой. Қалайша қолың барады?..
– Мені қамшыларға қолдары барды ғой, ал неге менікі бармауға тиіс?!
Гүлжиһан ұлдарының жүрегінде мұншалықты өш жатыр деп ойламаған еді. Ол оқиғалардан бері қаншама жылдар өтті. Қазірде ақсақ орман қарауылшысы да, Хабипті қамшылаған бригадир де бұл дүниеде жоқ. Өздері болмаса да, істеген жауыздықтары қалған. Оны ана дүниеге алып кете алмады олар. Гүлжиһанға жауыздық істеуші кісілер үшін, ұлдары үшін ұят болды. Ол тіпті қалтырай бастады.
– Түсір мені! – деді ол ұлына, – бұл қылықтарыңа мен мәңгі риза емеспін...
Мотор гүрілінен Хабип артқы орындықта отырған анасының сөздерін ести алмай қалды. Гүлжиһан әлде жаңылыс, әлде бұл жабайылықты көруді қаламады ма, машина есігін ашып, сыртқа секірді. Оның соңғы сөздерін желдер жыраққа алып кетті:
– Мен риза емеспін! Мен мәңгі риза емеспін!..
Қыркүйек, 1999 ж.