Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Спецпроекты
Переводы
Салауат Кәрімнің аудармалары

20.12.2016 4236

Салауат Кәрімнің аудармалары

Язык оригинала: Салауат Кәрімнің аудармалары

Автор оригинала: Не указан

Автор перевода: Салауат Кәрім

Дата: 20.12.2016

МЫСАЛ АУДАРМАЛАР


Аударма.jpg



Екі патша

(будда мысалы)


Кришна құдай жер әлемдегі ел патшаларының ақылын тексермекші болып, бір күні халқына зұлымдығымен, қайырымсыздығымен және асқан сараңдығымен әйгілі болған болған Дуродхан деген патшаны шақырып алып, Дурдохан патшаға:

- Сен бүкіл әлемді аралап шық, шын мәнінде ізгі, жақсы адамды тауып, маған алып кел, - дейді.

- Иә, менің құдайым,- деп жауап берген Дурдохан патша ізгі, жақсы адамды іздеуге аттанады.

Дурдохан патша көп елдерді аралайды, көптеген адамдармен кездеседі, олармен жүздеседі. Көп уақыт өткен соң, ол Кришна құдайға келіп:

- Мәртебелі құдайым, өзің тапсырғандай бүкіл әлемді аралып шықтым, бірақ өзің айтқан ізгі, жақсы адамды кездестірмедім. Мен кездескен адамдардың бәрі менменшіл, шетінен қырсық, кесірлі, әдепсіз, зиянды адамдар. Сен іздеген ізгілікке толы, жақсы адамды кездестірмедім, - дейді.

Кришна құдай оны қуып жібереді де, еліне өзінің мейірімімен, қайырылымдығымен және асқан жомарттығымен әйгілі болған Дхармараджа деген патшаны шақырып алып, Дхармараджа патшаға:

- Сен бүкіл әлемді аралап шық, маған шын мәнінде күнәлі, жаман адамды тауып, маған алып кел, - дейді.

Дхармараджа патшада Кришна құдайға бағынып, ұзақ жолға аттанады, жолында көптеген адамдармен жүздеседі, көп елдерді аралайды.

Кришна құдай алдына келгенше біраз жылдар өтеді, Дхармараджа патша келген бойда:

- Мәртебелі, құдайым, сенің өтінішіңді орындай алмадым, мен күнәлі, жаман адамды таба алмадым. Жер үстіндегі адамдар өздерінің дәрменсіздігінен не істерін білмегендіктен алданған адамдар, жолынан жаңылысқан жандар екен, шын мәнінде күнәға толы, жаман адамды кездестірмедім. Олар әлсіздіктері мен шарасыздықтарына қарамастан жүректері мейірімге толы жандар екен! – дейді.




Жоқшылық та, молшылық та – сынақ

(христиан мысалы)


Бұл оқиға христиандарды қудалау кезінде болса керек. Бір селода христиандар семьясы тұрады. Әкесі күн демей, түн демей, тынымсыз еңбектенсе де әйелі мен бала-шағасын асырай алмайды, қиындық қайғы көреді. Жоқшылықтан әбден шаршаған ол бірде: «бұл заманда өзгерер, бұлай тұра бермес» деп сенеді. Өзінің де, балаларының да көңілін жықпас үшін: «ӘРҚАШАН БҰЛАЙ БОЛА БЕРМЕС», - деп тақтайшаға ойып жазып, көзге көрінетін жерге іліп қояды.

Қиын кездер артта қалады, молшылық кездер келеді. Балалары мен немерелері өсіп жетіледі. Бір күні семьясы әкесінің үйінде бай дастархан басына жиналады. Құдайға шүкіршілік еткен олар астан дәм ала бастайды. Үлкен ұлы ойып жазылған тақтайшаға көзі түсіп:

- Әке, анау тақтайшаны алып тастайықшы, жоқшылықты есіме түсіреді, жоқшылық өтті, кетті ғой, - дейді.

- Жоқ, балам, ілулі тұра берсін. Естеріңде болсын: «ӘРҚАШАН БҰЛАЙ БОЛА БЕРМЕС». Өз балаларыңды да төзімге үйретіңдер. Құдайға құлшылық етіңдер,ол қиын кезеңдерімен – әркімге сынақ береді, молшылық та сынақ – оған да қанағат тұтыңдар, оған да төзіңдер, - дейді.




Бір құдай ғана біледі

(ежелгі қытай мысалы)


Ежелгі заманда бір қытай селосында кедей қарт тұрыпты. Ол кедей болғанмен село адамдары оны жақтырмайды екен, өйткені оның сәйгүлік, жүйрік аты болыпты. Бұндай сұлу арғымақты бұл маңда бұрын ешкім көрмепті. Императордың өзі қартқа қыруар ақша беріп сатып алғысы келседе, қарт: «Бұл ат мен үшін жануар емес, менің - досым, ал досты сатуға болады ма екен? Бұл мүмкін емес. Ол менің - досым, меншігім емес» дейді. Сәйгүлігін сату туралы көптеген ұсыныстар түссе де, қарт сатпайды.

Бір күні таңертең қарт ат қораға кірсе аты жоқ. Село адамдары: «Әй, сен ақымақ екенсің, адам емес екенсің! Бір күні атыңды ұрлап кететінін білгенбіз, сатып жіберу керек еді. Императордың өзі сатып аламын, көп ақша беремін демеді ме, енді атың қайда? Әй, ақымақ, басыңа қайғы тілеп алдың!» – деп күледі.

Ал қарт болса: «Жақсы ма, жаман ба, сендер қайдан білесіңдер? Иә, атым қорада жоқ, бұл – рас, сендер не ойласаңдар өздерің біліңдер. Қуанышқа ма, әлде қайғы ма...? Сендер оны қайдан білесіңдер, неге кінәләй бересіңдер?" – деп тұрып алады.

Адамдар болса: «Біз не ақымақпыз ба сонда? Ештеңесіз қалдың, көріп тұрмыз. Басыңа жамандық тілеп алдың» деп болмайды.

Қарт: «Жақсы ма, жаман ба — уақыт көрсетеді. Ертең не болатынын ешкім білмейді», - дейді.

Ауыл адамдары қартқа күліп, мынау алжасқан екен деп кете барады.

Екі аптадан кейін ойламаған жерден аты үйге қайтып келеді, жалғыз келмейді, өзімен жабайы жылқылар үйірін ертіп келеді. Көршілері жүгіріп шығып: «Әй, қарт, сенің айтқаның дұрыс болды! Біз ақымақ екенбіз! Сенің атың жоғалағаны саған жақсы болды» деп айқайлай бастайды.

Қарт болса: «Міне, сендер, тағы ауыздарыңа келгенді соғасыңдар! Иә, атым қайтып келді, жабайы жылқы үйірін қоса ертіп әкелді, онда тұрған не бар? Жақсылық па, әлде жамандық па – оны кім біледі? Өмір көрсетеді. Сендер оқиғаның мәнісін білмей тұрып, неге шешім қабылдай бересіңдер? Сендер кітаптың бір бетін оқып, әрмен қарай не жазылғаны туралы қайдан білесіңдер? Сендер ештеңе ұқпаған екенсіңдер! Өмір – шексіз емес пе! Ертең жақсы бола ма, әлде жаман бола ма, оны кім біліпті?» дейді.

Бұл жолы көршілері: қарт тағы да дұрыс айтып тұрған шығар? - деп үндемей тарайды. Бұл туралы ойларын ашық айтпаса да, іштерінен "үйір жылқыны тегін иелену – неткен олжа, бақыт" деп бара жатты.

Қарттың жалғыз ұлы жабайы аттарды қолға үйрете бастайды. Бір күні жылқыны жүгендеймін дегенде аттан құлап, аяғын сындырады. Бұл жолы да көршілері жиналып: «Ауыр қайғыға душар болдың? Жалғыз ұлың аяғын сындырды! Қартайғанда жалғыз сүйенішің еді, енді қайттің?! Енді саған кім көмек береді», - деп шулай бастайды.

Ал қарт болса: «Сендер тағы асығыстық жасайсыңдар! Жақсы ма, жаман ба — оны кім білген?!» дейді.

Бір жұмадан кейін соғыс басталады, селоның барлық жастарын әскерге шақырады, шалдың ақсақ ұлын ғана «бұдан не қайыр?» деп қалдырады.

Бүкіл селоның балалары соғыстан оралмайды, село адамдары қайғы жұтады. Содан кейін адамдар қартқа келіп: «Қарт, сен бізді кешір! Құдай сенің дұрыс екеніңді көріп тұр, балаңның аттан құлағаны оны құдайдың сақтағаны екен, «Ақсақ болсын, тоқсақ болсын, ұлың тірі, сенің қасыңда» Бұл бақыт емес пе!» дейді.

Сонда қарт: «Әй, адамдар, сендер қызықсыңдар? Жақсы ма, жаман ба – кім білген? Ешкім алдында не тұрғанын білмейді. Бір ғана құдай біледі!» депті.




Ақылды бала

(орыс мысалы)


Бірде өте бай адам баласын қолынан жетектеп, кедейліктің қандай екенін балам көрсінші деп деревняға алып барады. Олар кедей адамдарға толы фермада бір күн және бір түн болады.

Үйге келген соң, әкесі баласынан қалай саяхат ұнады ма деп сұрайды.

- Иә, әке, бәрі тамаша, ғажап екен, – дейді ұлы.

- Онда айтшы, бұл саяхат несімен ұнады? – дейді әкесі.

- Баласы: Менің көргенім, біздің үйде бір ит қана бар, ал оларда аула сайын бақандай төрт төбет үреді. Біз бақшада тұрған су бассейнге шомыламыз, олар өзен суына шомылады. Біздің аулаға лампочкалар жарық түсіреді, ал оларға аспан жұлдыздары жарық қылады.

Баласынан бұндай ақылды сөзді күтпеген әкесінің жағы қарысып қалады, ал баласы:

- Рахмет, әке, сен маған адамдардың бай және бақытты тұратынын көрсеттің, - дейді.




Бақытты неке құпиясының сыры

(әйел ақылы туралы мысал)


Жұбайлы адамдар бірге 60 жылдан астам өмір сүреді.

Олар бірге тұрған жылдары өмірде сырларымен бөліскені сонша, араларында айтылмаған, ашылмаған құпия болмайтын. Олар тату өмір сүріпті.

Дегенмен ашылмаған бір құпия бар болатын, ол - әйелі күйеуіне ешқашанда ол туралы сұрауға, оның ішіндегісін көруге де тиым салынған шкаф үстінде жатқан шағын қорапша еді. Бұл шағын қорапша ұмыт қалар ма еді, егер әйелі сырқаттанып, жатып қалмаса. Емшілер әйелінің айығып кетуіне үміт жоқ деп шешеді.

Қайғыға батқан күйеуі әйеліне шкаф үстінда жатқан шағын қорапшаны алып береді, құпия сырын ашуды сұрайды. Бұдан былай жазылмасын білген әйелі құпия сырын айтуға келіседі. Күйеуі шағын қорапшаны ашқанда, оның ішінде қолдан тоқылған екі орамал мен 25 мың доллар бума ақша жатады.

Әйелі сырын күйеуіне ақтарады: «Мен саған күйеуге шығар алдында әжем бақытты неке өмірінің құпиясын айтып еді, ол – күйеуіңмен ешқашанда ренжеспе!» деген болатын. Күйеуің ашуланғанда, өзіңді қолыңа ал, сабырлы бол, мысалға, сол сәтте қол орамал тоқи баста...» дегенді. Екеуміз бірге өмір сүрген жылдары әжемнің айтқанын екі еткен емеспін», -дейді.

Күйеуі әйелінің сөзіне елжіреп, көзіне жас алады, өйткені қорапша ішінде қолдан тоқылған екі-ақ қана орамал болатын. Күйеуі алпыс жыл ішінде әйелім екі рет қана маған ренжеген екен деп ойлайды.

Күйеуі: Қымбаттым, сен қол орамал құпияларын аштың, ал мына ақша қайдан келді? –дейді.

Сонда күрсінген әйелі: Жарығым, бұл тоқылған қол орамалдарды сатып тапқан ақша,- депті.

Мысал түйіні: ерлі –зайыптылар кешіріп өмір сүрмесе отбасында бақыт болмайды.




Конфуций жауабы

(қытай мысалы)


Конфуцийдің Гун, Лу және Чжан дейтін үш шәкірті болады. Бірде жаһан кезіп жүрген бір монах:

- Гун шәкіртіңіз туралы не айтасыз?

Конфуций:

- Ғалымдар оның ақылына таңқалады!

- Ал, Лу шәкіртіңіз туралы ойыңыз?

- Ол – ержүрек, көп жауынгерден артық!

- Ал, үшінші шәкіртіңіз ше?

- Чжанның еңбекқорлығы сүйсінуге лайық!

Конфуцийдің жауабын естіген монах таңқалып:

- Егер Гун ақылды, Лу ержүрек, Чжан еңбекқор болса – онда оларға Сізден оқып қажеті не ?

Монах, менің жауабымды тыңда, - «Гун ақылды, бірақ, барып тұрған жалқау, Лу ержүрек - бірақ ақылсыз. Чжан еңбекқор болғанмен тұла бойы қызғаныш. Гун ақыл жалқауды бақытты етпейтінін, Лу сақтанбайынша ерлік істелмейтінін, ал Чжан адам қызығы қызғанышпен бірге жүрмейтінін түсінбейді. Менің айтқандарды оқушыларым білмейді. Олар бұны түсінгенше, мен олардың ұстазы боламын, ал - олар менің шәкірттерім болып қалады» депті Конфуций.




Еңбек етпеген ішіп-жемейді

(жапон мысалы)


Хакудзё дзэн ұстазы, қартайғанша еңбек еткен кісі, сексен жасына қарамастан шәкірттерімен бірге бау-бақшада қолына күнде құрал сайман алып жұмыс істейді, ағаштардың бұтағын кеседі, көшет жолдарын тазалайды. Оқушылары болса қарт ұстаздарын іштей аяйды. Шәкірттері Хакудзё ұстаздың өмір түсінігін бұзбайтынын білсе де, көндіре алмай, шаралары қалмағасын бір күні оның құрал-саймандарын тығып тастайды.

Сол күні ұстаздары түскі тамаққа келмейді, келесі күні де тамақ ішуге келмейді. «Құрал-саймандарды тығып тастағасын бізге ренжіген шығар, — деп ойлайды оқушылары. Ұстазға саймандарын қайтарайық, ұят болар». Олар құрал-саймандарды қайтарады, сол сәтте Хакудзёде оқушыларымен бірге асқа отырады.

- Ұстаз, сіздің саймандарды тығып тастағанымызға кешіріңіз, тамаққа келмедіңіз, –дейді оқушыларының біреуі.

- Иә, шәкіртім, еңбек етпеген ішіп жемейді, - деп жауап беріпті ұстазы Хакудзё.




Азық

(еврей мысалы)


Бір күні раввин Леви Ицхак көшеде жүгіріп бара жатқан адамды көріп:

- Не болды, ентігіп жүгіріп жүрсің? — деп сұрайды.

- Азық іздеп жүгіріп жүрмін, — деп жауап береді.

- Азығың алдыңда екенін қайдан білесің, оның артынан жүгіру керек пе?

Мүмкін ол сенің артыңда тұрған шығар, тоқтап артыңа үңілу керек шығар. Ал, сен болсаң одан қашып келесің, - деп жалғастырады сөзін раввин Леви Ицхак.




Үш ұл

(христиан мысалы)


Бірде әкесі үлкен ұлын бөлек шығарады. Баласына жер мен мал бөліп береді де, қолына нан ұстатады:

- Мен сияқты өмір сүр, жолың болсын! - дейді. Баласы әкесінен бөлек шығады, өз қызығымен өмір сүре бастайды. «Әкем маған мен сияқты өмір сүр!» деді, мен де әкем сияқты қызықты өмір сүрейін деп, әкесі бөліп бергенді оңды-солды шашып, таусылғанша күн көреді. Таусылғасын әкесіне барып тағы сұрайды, бұл жолы әкесі ештеңе бермейді және тыңдамайды. Әкемді немен ренжіттім деп кешірім сұрайды, әкесі көнбейді. Ол әкесіне ашуланып:

- Өзің ғой, «мен сияқты өмір сүр!» деген. Сен өз қызығыңмен өмір сүрдің, мен өз қызығымды көрдім. Ал сенде не керектінің бәрі бар, ал менде ештеңе жоқ. Әке, сен мені алдадың, – деп ашуланып, кетіп қалады.

Біраз уақыттан кейін әкесі екінші ұлын бөлек шығарады. Екінші ұлына да жер мен мал бөліп береді де, қолына нан ұстатады:

- Мен сияқты өмір сүр, жолың болсын! - дейді. Екінші ұлы да бөлек тұра бастайды. Ол үлкен ағасының тағдыры немен біткенін естен шығармайды, әкесінің сөзіне ой салады. Әкесі сияқты қызықпен өмір сүрудің қажеті жоқ екенін түсінеді. Адамдармен таныстық құрып, сауда жасап, өмір сүре бастайды, бірақ көп нәрсені бүлдіреді, қолындағысынан айырылады, таусылғанда әкесіне сұрап келеді, әкесі ештеңе бермейді және тыңдамайды. Екінші ұл да әкесінен көңілі қалып, әкесі туралы аузына келгенді айтып, «әкем мені алдады, өз ақылыммен өмір сүремін» деп кетіп қалады.

Үшінші ұлға кезек келеді. Үшінші ұлын бөлек шығарып, тағы да жер мен мал бөліп береді, қолына нан ұстатады да:

- Мен сияқты өмір сүр, жолың болсын! - дейді. Үшінші ұл әкесінен бөлек кетеді. Олда ағаларының өткен істеріне ойлана бастайды, ағамның біреуі - өз қызығын көріп өмір сүрді, жолда қалды, екінші ағам – сауда жасап өмір сүрді, одан да ештеңе шықпады. Әкем: «Мен сияқты өмір сүр, жолың болады!» деген сөзінің сыры неде? Ол әкесінің оларға өмір сыйлағанын, асырағанын, өмір сүріп, ақылға, ақ пен қараны, жақсылық пен жамандықты айыруға үйреткенін, адамдарға жасаған жақсылығын, қайырымды істерін есіне түсіреді. Адамдар әкесінен жақсылықтан басқа ештеңе көрген жоқ. Әкем: "Адамдарға жақсылық жаса, қайырымды бол!" деген екен ғой деп ойлай бергенде, әкесі келіп:

- Көріп тұрмын, ұлым, сен бәрінде жақсы түсіндің! – деп басынан сипайды, - бара ғой, ұққаныңды айналаңа, ағаларыңа жеткіз, басқаларға жақсылық жасаған адам ғана өз жолын табады!

Бұл дүние де біреу қызық көремін деп, ғұмырын босқа жағады, ал енді біреу өмірін қанағат тұтпай, өздерін құртады. Ал жақсылық жасаған адам өз жолын табады, – деген әкесі ұлын үлкен жолға шығарып салады.



Аударған Салауат Кәрім