Түрік тіліндегі нұсқасы (Türkçe)
Ерте, ерте, ертеде тасбақалар тайпасы тату–тәтті өмір сүріпті. Тасбақалардың да өзіне тән ғұрып, мінезі болған екен. Бірде бір тасбақа өз туысқандарына өкпелеп, іргесін аулақ салып, алысқа кетіпті. “Әбден жүдеп, жалғыздықтан жабығар, сонда өзі іздеп келер” деп тасбақа тайпасындағылар да оны жоқтай қоймапты. Ішқұса болған тасбақа қап–қара тастарға келіп:
–Ей тастар, тастар, маған пана болыңдаршы, – дейді жалынышпен.
Тастар оның сөзіне құлақ асып, жандарынан орын беріпті. Біраз жыл тастармен өмір сүрген тасбақа қимылсыз қатып қалған тастардың тірлігінен жалығып, өз үйірін аңсап, сағыныпты...
Күндер өте береді. Бірте–бірте өкпесі де тарқап, әлденеге қуанғандай, жүзі албырап, кеудесін қуанышқа толы сағыныш сезімі билейді. “Енді еліме барайын” деп орынан қозғалып қалса, тастар бұдан айырылғысы келмегендей. Тас сауыттары тастармен бірігіп, тасқа айналып барады екен. Тасбақа бар күшін жиып, алға қарай жүргісі келсе де, байланып қалғандай қозғала алмапты... Ол алға тағы жұлқынды. Сол қалпы. Ештеңе өзгермеді. Және бір рет жұлқынды. Дың–дың еткен сазды дыбыс шықты. Ол қол–аяғына жармасып, жабыса түскен қара тастарға ызалана қарады. Шарасыздығына күйінді. Тастар алдыңғы аяғын мыжып тастапты. Тасбақа өз тірлігін тастардан өзгеше екенін енді ұқты.
–Ей, қара тастар! Сендерде жүрек жоқ, бауыр жоқ, қан жоқ. Сендер сұп–суықсыңдар! Менің тамырым, тынысым тарылып барады. Аяңдаршы мені, – деп көз жасын көлдетіп жылай береді.
Тастар оның сөзін естімеді ме, жауап қатпады. Шарасы таусылған тасбақа бар күшін жиып:
- Мен жылай да, күле де аламын. Сондықтан да мен күштімін! – деп айғай салады. Сонда қаһарланған қара тастар тасбақаның үстіне құлапты да да, тасбақа тасқа айналып кетіпті....