Ғашықпын үнсіз жүзіңе
Ғашықпын жырақтағы үнсіз жүзіңе,
Естісең де алыстан, дауысым тимейді тәніңе.
Сермеп кетті қос жанарың құстардай
Бір сүйсем, қонар ма екен сезім шоғы ерініңе?
Жанымның әр бөлшегі жасырулы төңіректе,
Жарқ етеді тәтті бейнең түкпір-түкпірден.
Көбелегім, екеуміздің жанымыз әлде егіз бе?
Аулаймын көңіліңді шерге толы сөзіңнен.
Ұнайсың қашықтағы бұйығы дидарыңмен,
Қанат қаққан көбелектей сұлу сымбатыңмен.
Шалғайдан естісең де, жетпейді саған дауысым,
Үндесейін, тым құрыса, үнсіз қалпыңменен.
Мұрсат ет сырласуға үн қатпаған өңіңменен,
Нұрға толы, жүзіктей қарапайым шырайыңмен.
Жым-жырт, жұлдызды қою қара түннің нақ өзісің,
Үнсіздігің тең түседі қолжетпес, меңіреу жұлдызбенен.
Ғашықпын мен алшақтағы байсал жүзіңе,
Әлде ғұмырдың шекарасын асып кеткенің бе?
Тіл қатшы, қалқам, я болмаса бір күлімдеші,
Түсінейін бұ жалғанда жанымда әлі жүргеніңе.