Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Спецпроекты
Переводы
Маржан Ершу: "Жігіт пен құс"

02.03.2016 3231

Маржан Ершу: "Жігіт пен құс"

Язык оригинала: Жігіт пен құс

Автор оригинала: Маржан Ершу

Автор перевода: Гүлнұр Қорқыт

Дата: 02.03.2016


Түрік тіліндегі нұсқасы (Türkçe)     

                                                             

Маржан Ершу


Jigit pen kus.jpg
 

Бұл оқиға өте ертеде болған екен. Шөл даланы қақ жарып, ұзақ сапарға жол шеккен керуен соңында жаяу салпақтап бір жас жігіт еріп келді. Шаршап шалдығып, өзегі талып ашықса да, жел көтерген ыстық құмдар бораса да керуеннен қалар емес. Оның аткөпір байлығы да, ажарлы жүзі жоқ болатын. Көзі де, көңілі де – сол керуенде. Сол керуенге сатылып бара жатқан сұлу қызда. Керуен ұзақ жолға бет алғанда, артына қайырылып қарамайды. Бұл жігіттің өзін де, оның жүрегін өртеген ғашықтық сезім де керуеншілер көрмейді.


“Ей, керуенбасы!” – деп іштей тұншығады жігіт. –Керуеніңді жай жүргізші, тым болмаса сүйіктімнің сұлу жүзін соңғы рет бір көріп қалайыншы!” Кеудесін өртеген өксік қимастығы қос жанарынан тамшы боп ағып келеді. Ол үшін бұл дүниеде сол сұлу қыздың арайлы ақ жүзінен артық нәрсе жоқ. Сол сұлуды есіл – дерті қалмай ғашық боп сүйген жігіт. Сол сұлуға ынтызарлығын айта алмаған, айтуға дәрмені де жетпеген жан азабына төзіп басқа да, өзін тұтқындаған ессіз іңкәр сезімінен ешуақытта бас тартпақ емес. “Ей, керуенбасы! Керуеніңнің бетін бері бұршы. Сүйіктімнің мөлдір жанарына көзімді бір тойдырайыншы!” – деп зарлана жылап келеді. Әрі өзегі талып, әрі қаталап шөлге шыдамаған ол жерге етпетінен құлап түседі. Бейшараның құмға тамған көз жасы саз балшықтай иленді.


“Қайда кеттің керуен?” – деп жер бауырлап жылайды жігіт. Бір кезде оның жанына кішкентай құс келіп қонды. “Ей, жас жігіт!” – неге таусылдың? Неге аласұрдың? Жаныңды жай таптырмаған жағдайыңды маған айтшы”, – деді құс адамша сөлеп. Құлағының түбінен естілген сол дауысқа риза болып жігіт бір желпініп қалды. Жүрек тізгінінен айырылып қалған ол құсқа қарап әңгімесін айтты:


Шіліңгір шілденің ыстығына шыдамай бір үйге жақын келіп, дауыстап сусын сұрадым. Кенет сол үйдің бір бұрышынан аппақ айдай ақ сәуле жарқ етті. Үріп ауызға салғандай бір сұлу қыз көрінді. Оның сұлулығын ақынның ақыны да суреттеп бере алмас еді. Ол маған қолымен кесесін ұсынды. Сол кеседе шекер сепкен салқын сусын бар еді. Мен құмарлана жұттым. Кесесін кері қайтарып бердім де, сол орнымда қаққан қазықтай қалшиып тұрып қалдым. Оның сұлулығына бұл дүниеде ешнәрсе тең келмес еді. Оның мөлдір тұнық көздері – өмірімнің мәні мен мақсаты. Оның сүйріктей аппақ саусақтары өмірімнің байлығы, салтанатына айналады. Есімін де білмейтін сол сұлуды бір көру үшін сол маңдағы ағаш түбінде сағаттар бойы терезесіне телміріп қарап тұратынмын. Міне, көңілімдегі сол аяулы махаббатымды керуенбасы сатып алды. Мен көрмейтін алысқа алып бара жатыр. Менің бақытсыз тағдырымның етегіне жармаспа, құс! Ғашығыңның айдай жүзін көрмегеннен жансыз қалғаның әлдеқайда жеңіл. Мен де құспын ғой. Тек қанатым жоқ, – деп қайғыра түседі. Сонда құс: «Сен – адамсың, мен – құспын. Келеді – ау биік ұшқым! Мен болсам сонау көк түбіне жетсем деп армандаймын. Бірақ жете алмаймын. Оған қанатым да, қиялым да жетпейді. Сен – Адамсың. Сенің жүрегің, сезімің бар. Ойың шексіз. Армансыз адам, қанатсыз құс бола ма? Сен бәрібір бақыттысың, Адам!”»– деп құс қанаттары жыпылықтап, шықылықтап аспанға ұшып кетіпті. Кішкентай ақыл үйреткен кішкентай құсқа риза болған жігіт өз мекеніне қарай құстай ұшыпты...