Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Спецпроекты
Переводы
Өмер Сейфеттин: "Түрік баласы"

04.05.2016 4219

Өмер Сейфеттин: "Түрік баласы"

Язык оригинала: Түрік баласы

Автор оригинала: Ömer SEYFETTİN

Автор перевода: Маржан Ершу

Дата: 04.05.2016


Түрік тіліндегі нұсқасы (Türkçe)

                                                             

Маржан Ершу                                                

                                                     

PRİMO TÜRK ÇOCUĞU ÖMER SEYFETTİN 2,50 TL 9786051000084.jpg
 
 

Түн. Селаник күндізгі әрекеттерден, уайымнан, у-шудан шаршағандай тыныштық құшағында. Айлақ иесіз еді... «Olimpos Palas», «Kristal», «Splandit Palas» атты казинолардың шамы сөнгелі қашан?! Теңіз жағасындағы тастардың үстінде бүрісіп біреу отыр. Бұл – жас әрі құрметті инженер Кенан мырза еді. Ол – шет елдік! Кенан мырза Левантен жиындарында бой көрсетіп, Еуропада іскерлік қарым-қатынас жасаудағы білімі мен тәжірибесімен танымалдыққа ие болды. Тегі түрік бұл жас жігіт түріктерді жек көрумен қатар түріктік көзқарасқа да қарсы еді. Бұл түні ол не істерін білмеді! Қырық сегіз сағат ішінде сондай аянышты, ойға сыймайтын іс-әрекеттерден бір суынып, бір ысып, жанын қоярға жер таппай теңіз жағасына келген еді. Лағынеттен қашқан кінәлідей қараңғылыққа жұтылып кеткісі келді. Ұйқысыраған кейіппен:


Ойпырмай, бұл қалай болды? Бұл қалайша болды? – деп, естіген-көргендерінің, газет бетінен оқығандарының шындық екеніне илана алмады.


Ол ешқашанда шындықты жақсы көрмеген. «Шындық, өмір!» деген философтың төрт аяқты малдан басқа мақұлық бола алмайтынын айтады. Жаратылыстағы ұстанымды, қажеттіліктен туған ғылымды тәжірибемен көрсеткен Дарвинді жек көретін. Шындыққа жоламай, ылғи да өз қиялымен жүретін. Жалқау, қорқақ, дімкәс ойшылдардың ортақ өлең жолдары, «адамзат» қиялы оның діні еді. ...Аты бар, заты жоқ Құдайлар алдында ол жан-тәнімен сәжде ететін. Не өткенін білмейтін, не отанын, не қауымын танымайтын. Тегі мен ортасы, ойы мен рухы жаралы бейшаралар секілді бәрінен бас тартқанмен, яһуди бауырлары мен достары арасында ықпалды, құрмет-абыройға ие масон еді! Таяуда масондықта ең жоғары дәрежеге ие болмақшы еді!


Өзінен өзі: - Оу... – деді. Мына қараңғылық тұңғиығында белгісіз біреу жүрегіне қанжар сұғып алғандай болды. Сонымен қатар Селаниктегі итальян Масон арнайы орнына қатысы болатын... Бұл есіне түскенде денесі түршігіп кетті. Жүрегіне у құйылғандай, кеудесі қарс айырылғандай ауырсынғанын сезінді. Ахуалы мен тарихы бір-бірімен араласып, сана-сезіміне шабуыл жасап, белгісіз үн құлағына сыбырлағандай бірде байланысып, бірде байланыспай жатқан оқиғалар тізбегі ойынан өтіп жатыр, бірден рухы, сезімі, ойы, ар-ожданы, танымы өзгеріп сала берді...


- Мен кіммін? – деп өз-өзіне сұрақ қойды. Алайда:


- Түрікпін!... – деуге батылы бармады. Рухынан айырылған қуыс кеуде екенін түсініп, жылағысы келді. Ол да жер бетінен түріктерді жоғалту үшін бірлесіп одақ құрған еуропалықтардың адал қызметшісі, тәуелді құлы емес пе еді?! Еуропалықтарға, олардың салтына, тәрбиесіне, қарым-қатынас жасауына, ортасына, жамағатына құлшылық етпеген бе еді?!


Түріктерді, түріктердің отанын бөлшек-бөлшек үлестіріп, несиеге беріп, материалдық бөлініске салуға тырысқан тонаушы еуропалықтар рухани шабуылды ұмыт қалдырмады. Тілін, оқу-ағарту жұмысын, санасын, салт-дәстүрін, тәрбиесін, басылымдарымен бір ғасырдан бері арамызда тек «Түрік пен Батыс» есімдері қалған қорқынышты «реңсіз армиясы», шама-шарқынша реңсіздермен күресіп, түрік рухын әлсіретіп, ұлт пен түріктік сананы фран-масондық аңызымен тұншықтыруда еді. Тіпті Кенан мырзаның өзі де:


- Түрікпін! – деуге ұялатын еді ғой?! Отанында өзі секілді тарихының тереңдігін, ата-бабаларының атақ-даңқын білмейтін, ұлтынан ұялатын қаншама еуропаланған сүреңсіздер бар еді? Ойлаған сайын жаны күйіп барады. Кеденнің артқы жағына, жаңа қонақ үйлерге таяп келеді.


-Қайда бара жатырмын? – деді өзіне өзі. Әйтсе де таңға дейін бірнеше сағат бар екен. Бүгін ұйықтамай ма? Бірақ, қайда жатады? Үйі, саяжайы есіне түскенде денесі түршігіп кетті. Ол жерге қалай бармақ? Енді ол үйге кіретін болса жиіркеніштен, ашу-ызадан, мұң мен шер, өкініштен жүрегі қақ айырылмас па еді?! Кері қайтты. Аяқ аттаған сайын басы шыдатпай ауырғанын сезді. Алға қарай жүріп келеді. Санадан тыс "Спландит Паласқа" келді. Әйнек есіктен ішке үңіліп қарап еді, коридордағы орындықта қызметші ұйықтап жатыр екен. Қоңырау түймесін басты. Қызметші бірден оянып, аяғын жылдам басып есікті ашты. Сақалын ақ қырау басқан, жасы қырық шамасындағы римдік екен.


- Бос бөлме бар ма? – деп сұрады.

Қызметші түсінбегендей жүзіне қарады. Ол түрікше білмейтін. Аздап мүдіріп қалып, сосын:

- Malista…(иә), – деді. Алайда бұның рим тілін білмейтінін түсінген соң,сөзін французша жалғастырды.

- Ilya, ilya, veuillezentrer! (иә, иә, төрлетіңіз)


- Сіз көтеріліңіз, mosyo, жоғарыда бөлмеңіз көрсетіледі, - деді сосын. Бір түймені басты. Жоғарыда қоңырау үні естілгендей болды. Баспалдақтан ақырын көтерілді, басының ауырғанынан көзі қарауытып кетті. Көздерімен жақтырмай қараған ірі денелі, көріксіз қызметші оны оң жақтағы бір кісілік бөлмелердің біреуіне алып барды. Бөлмеде жалғыз қалған соң, арқасы биік кереуетке қисая кетті. Шешінуге, тіпті аяқ киімін шешуге шамасы келмеді. Қолдарын басына айқастыра көзін жұмды. Ұйықтай алмады. Басының шаншығаны жанына батса да, үйін ойлап жатты. Бүгін кешке оны әйелі күтеді, кімге мәлім, ол қаншалық уайымдаған екен. Бірақ қалай баратын еді. Қырық сегіз сағат бойы бір-бірін жалғастырған ақпараттар, хабарлар легі оны састырып, болмысын, жан-жүйкесін қозғап, ойын шартарапқа әкетпеді ме?! Енді, міне, қандай қиын жағдайда қалған-ды...


Тура жолдан адастырудың серпінінен кенеттен оянған ұлт, итальян мектебінің, мекемесінің, ауруханасының, тіпті елшілік маңдайшаларын бұзып, байрақтарды жыртып жан шошырлық ереуіл жасады. Қанша итальяндық болса да, сөзсіз бәрі де қуылатын еді. Итальяндықты дос көрген бір түрік болса, шүбәсіз лағынеттеліп, оларға жеккөрінішпен қарап, елден сыртқа шығарылатын. Басының ауырғанынан көздері жасаурап, тынысы тарыла бастады. Екбетінен жатты. Әйелі, баласы, үйі көз алдына келді. Ешқашан мұндай мүсәпір күйге түспеген еді. Батыстық, итальяндықпен неке қидыру, өмір жолын бір ету оған биік дәреже боп көрінген. Еуропадан оқу бітіріп келген жылын, жастық шағы пен салт басты күндерін көз алдынан кино лентасындай өткізіп жатты. Гразияны алғаш рет Измирде бір кеште көріп таң қалған. Ескі римдіктер стиліндегі әдемі көйлек киген бұл көркем ару, дәл Император Адрияның ашынасы Антиноусқа ұқсайтын. Еуропада оқу барысында өнер тарихын зерттеп жүргенінде ылғи да Лувр мұражайына барып, сағаттар бойы ондағы нәзік жанды сұлудың мүсініне көз алмай қарайтын. Измирде бұл мүсіннің жанды бейнесін көзімен көру оны ақылынан адастыра жаздады. Алдымен оның әкесімен танысты. Виталис мырза итальяндық инженер болатын. Айналысатын шаруаларының бір болуы туыстық қатынастарының тез ілгерілеуіне себеп болды. Виталис мырзаның мемлекетке көрінетін істері және бірнеше жасырын істері бар еді. Ол жас түрікке қазына тапқандай жабысты. Үйіне кіргізді. Оны бірден өзіне сыйлы тілмаш, сенімді серік етті. Сыйлы, ақысыз тілмаш болумен қатар тәрбиелі, көрегенді бұл қызметші, оған қалауынша жұмыс тауып, астыртын істеріне қол ұшын беріп, үкіметтегі қиыншылықтарды көзді ашып-жұмғанша реттеді. Бұл түрік сонымен қатар бақуатты болатын. Қызына аса бағалы сыйлықтар жасайтын. Алайда, адал тілмашының қызына ғашық болғанын, онымен некесін қидырайын деп жүргенінен хабардар болған сәтте қатты ашуланды. Түрік ұлтына қызын беру... Бұл мүмкін бе еді? Жабайы, тағы ғұмыр кешкенге, қысқасы, түрікке қызын қалайша береді?... Ызамен бас тартты. Арадан бірнеше ай өтті. Таңқаларлығы қызы да түрікті сүйетін. Виталис мырзаға туғанынан Италияда табалдырығы қаланған баспанасының іргетасы бірден құлағандай көрінді. Оны аса үлкен олжа күтіп тұр еді... Біраз ақылға салып, ойға шомды. Италияда аш-жалаңаш күндерінде жан-тәнімен сенім артқан социализм туралы есебі қайта ойына оралып еді. Бір күні қызына былай деді:


Байқаймысың, осы Кенан шынымен түрік пе?

Гразия салған жерден:

Жоқ! Кенан түрік емес, оның түрік болуы да мүмкін емес... – деп жауап берген.


Содан егжей-тегжейіне дейін екеуі сұхбат құрды. Виталис мырза қызына тарихтан әңгіме шертті: Византия императорлығын жаулап алған түріктер бар-жоғы алақандай ғана ұлт болатын. Бүгінгі Рим елі мен Анадолылықтар тұтас Римдіктер еді. Алайда діні күшпен өзгертілген. Иә, Кенан да Рим баласы еді. Түркия Еуропалықтар тарапынан бөліске түскеннен кейін, еш күмәнсіз Рим елі мен Анадолы да Түріктің даңқы арқасында жасаған он жеті миллион римдіктер бұрынғы дініне көшіп, христиан болмақ еді... Виталис мырза бүкіл Түркия бойынша сұлтанның әулетінен басқа түрік нәсілі болмағанын, тіпті, мұны әулие түріктердің де өздері мойындағанын айтудан шаршамады. Гразия болса бұл ақпаратты сүйсіне тыңдады. Кенан қайта шақырылды. Тарихын, шежіресін, ел қорғаған қаһармандарын, атақ-даңққа ие болған миллиондаған түріктерді ұмытып, Осман әулетінің ортаға шығуынан бұрын Римге, Вардар даласына өткен баһадүр түріктерден де бас тартып, ол да Түркияда еш түрік болмағанын мақұлдады.


Әкесі мен қызы кенанды қиялында Римдік ретінде қабыл көргеннен кейін, некені соншалық теріс көрмеді. Виталис мырза Кенанға екі жыл бұрын қайтыс болған әкесінен екі мың лира көлемінде мұра қалғанын білген. Бұл жап-жақсы ақша болатын, әсіресе Түркияда... Батыс мәселесі шешімін тапқан соң, яғни, Түркия Еуропалықтар тарапынан жік-жікке бөлініп таратылған соң, ең үлкен жерлерді Кенан секілді көзі ашық, Еуропада білім алғандар, жергілікті халықтың наным-сеніміне ие, қабілетті адамдар басып алатын еді. Гразияның бақыты бар екен. Виталис мырза бұл некеге ырзашылықпен қарады. Алайда, күйеу балаға қойған шарттары да бар еді: дүниеге келетін балалары итальян тәрбиесін көріп, итальян болады... Гразия кез-келген жағдайда еркіне жіберіледі... Бұған да кейбір жағдайларға жұмсау үшін қарыз секілді бес мың лира беріледі!... Кенан бірден Ыстамбұлға барып, сатылатын дүниелерді сатып, шартпенен толық келісіп Гразиямен отау құрды. Екі жыл ішінде екі ұл бала дүниеге келді. Итальян салтымен балаларын «Примо! Секундо!»-деп рет нөмірімен шақыратын. Секундо екі жыл бұрын ауырып қайтыс болған. Қазір, міне жалғыз Примомен қалған... Виталис мырза конституциялық монархия жайынан құлағдар болған соң, Түркияда жұмысының оңға баспайтынын сезіп,бір дорба ақшамен бір тиынсыз келген Италиясына тайып тұрған. Ол жерден ферма сатып алып, шаруашылықпен айналаса бастады. Қызы мен күйеу баласына аптасына бір рет амандық хат, айына бір рет ұзағынан хат жазып жіберетін... Енді әкесі Гразия мен мұны Италияға шақырады емес пе?! Не істейді?... Барады ма екен?... Жоқ... Олай болса?... Гразия азаматтығын ауыстыруға көнер ме екен? Ұлдары бар ғой. Міне, он жылға таяу уақыт бір-бірін соншалық жақсы көретін, сүттей ұйыған жанұя еді ғой... Маңдайынан суық тер ақты. Қалтасынан орамалын алып, бетін сүртті. Шаштарының арасын саусақтарымен салалады. Көзін ашқанда терезеден даланың жарықтанып, таң атып келе жатқанын көрді.


Өмірінде алғаш рет түнді ұйқысыз өткізді.


***


Көшеге шықты. Көз тартарлық теңіз жағалауы жым-жырт, өлі тыныштық құшағында. Үйіне қарай беттеп келеді. Тас баспалдақпен шығып, қоңырауды басты. Қызметші қыз келіп, есікті ашты. Ызалы күйде асыға сұрады:


- Мадам қайда?

- Таңертең көлік шақыртып, бір шаруаларымен кетіп қалған.

- Примо?

- Ол да Мадаммен бірге кетті.

- Мадам ештеңе айтқан жоқ па?

- Жоқ...


Ішке кірді. Екі жол шабаданы дайын тұр екен. Демек, Гразия саяхатын ойлаған екен. Бұл жерді алғаш көргендей қабырғаларға, перделерге, жиһаздарға, мүліктерге қарап таң қалды. Осыншама кең жерде-өз үйінде түрік өміріне, түрік рухына қатысты тіпті бір белгі, бір нақыш жоқ еді. Көңілі құлазып сала берді. Балалық шағы өткен Бурсадағы әкесінің үйін есіне алды. Дәлізде кең, ақ жамылғысы бар дивандар болатын. Қызылала кілемдерге толы бөлмелер өте таза еді. Үйдің төбесінде күмбез пішіндес өрнекті, асулы тұрған тордың ішінде «канария» құсы тоқтаусыз сайрап, баспалдақ басында жаңғақ ағашынан жасалған ескі көкек сағаты айқайлап, оның дабылын үзетін. Әкесінің бөлмесі көз алдына келді. Аласа ағаш төсекті, қалың кілемдер төселген кең бөлме қою қызыл түсті перделермен көмкерілген. Қабырғаларда алтынмен безендірілген қылыштар, қанжарлар, тапаншалар асулы тұратын. Бір күні әкесі тіпті бұл қылыштың бірін алып, қынынан суырып алып, оған бірнеше қара дақтарды көрсеткен:


- Мыналардың не екенін білесің бе? – деп сұраған.

Ол не екенін түсінбестен:

- Кірленіп кеткен екен, тазалатайық, -деп жауап берген.

Әкесі күлімсіреп, үлкен қолдарымен кіп-кішкентай арқасынан қағып:


- Жоқ, балам, бұлар кір емес... Бұлар дұшпан қаны... Бұл қылыш бізге бабаларымыздан қалған. Атам да, әкем де, мен де соғысқа бардық. Бұл қылыш жеті бірдей айқас көрді. Бетіндегі дұшпан қаны ешқашан тазаланбайды, – деген еді.


Бір күні жалғыз қалғанда, қызметшіге басқа да қанжарларды, үлкенді-кішілі қылыштарды түсіртіп, қындарынан суырып алып қараған. Түгелімен қанды, бәрі де дұшпан қаны еді... Бұл бөлмедегі бас ағаш төсектің үстінде айналасы жібектен, оқамен безендірілген үлкен маңдайша бар еді. Екі бағана үстінде, қызыл гүлдер ішіндегі өлең жолдарын ылғи оқып, тіпті жаттайтын еді. Бұл алтын мен болаттан жасалғандай мықты мақтау өлең еді. Өлеңнің әр жолы түрік рухын таратып ар-намыс, күш-қайрат, қанағат жайында насихат айтып, ақыл-өсиет беретін. Кейбір жолдары міне, есіне түсіп жатыр.


Өлеңнің соңғы жолы қайырма секілді қайталанатын. Әкесі сондай жас еді. Сарай жағы да көз алдында суреттей бұлдырады, басында жасыл орамалды анасы мен иығында қызғылт бөкебай жамылатын әулие дәрігері көрінді. Осындай таза, пәк жандардан, өз нәсілінен қаншама жыл алыста болған еді... Оқуда жүргенде анасы мен әкесі қайтыс болды. Анасын паналаған дәрігері, жергілікті біреуге ұзатылған еді. Ал өзі он жылдан бері не Бурсаға барған жоқ, не туысқандарын көрген жоқ, тіпті мал-мүліктерін де Ыстамбұлдан жіберілген уәкіл арқылы саттырған.


Ой тұңғиығынан шығып, жан-жағына қарады. Қабырғаларда аңыз болған суреттер, ескі Рим және Грек көріністері бар. Ілгіште Примоның мектепке барғанда киетін кең тоқыма бас киімі, ортадағы дөңгелек үстел үстінде «Рrogres және Journal de Salonique» газеттері жатыр. Бұл жерден қашып кеткісі келді. Бірақ қай бөлмеге барады... Жоғары шықса Мисье Виталис пен Мадам Виталистің суреттеріне кезігер еді. Қонақ бөлмеге кірді. Пердені сырғытып, терезені ашты. Ішке жарық енді. Қабырғаларға көз салды. Гарибалдидың, Виктор Эмануельдің суреттері байсалды әрі жеңімпаз екі әкімдей оған тесіле қарап тұр екен. Қарсы қабырғаларда Ватиканның, Наполеонның майлы бояулы суреттері ілулі тұр. Ойланған сайын екі күннен бері пенделік болмысының төмендігін түсінді, ұлтының қадірін түсіне алмағаны үшін өзін өзі өлердей жек көріп кетті.


- Аһ, не деген сормаңдай едім!


Ар-ождан арпалысында өткен жарты сағат оған бір жылдай ұзақ боп көрінді. Есік қоңырауы соғылғанда селк етіп, тұла бойы мұздап кетті. Гразия сыртта бас киімін шешіп, қызметшіден өзі жайлы сұрап жатты. Міне, тық-тық басып сүйікті әйелі Гразия келе жатыр. «Әттең, ойымды хатқа жазсамшы!» деп ойлады. Алайда, уақыт жоқ-ты. Қазір есікті ашып, ішке кіреді... Ол не істейді? Не айтады? Қалай сөйлеспек, таңертеңгі шешімін оған қалай түсіндірмек?. Гразия есіктен кірді. Салқын кейіппен:


- Сәлем, достым, саған не болды ? – деді.

- Еш...

- Кеше кешке қайда болдың?

- Жұмысым болды.

- Қайда қондың ?

- Қонақ үйде!

- Уф, сонша мазасыздандым.


Гразия жанына келіп отырды. Иығына басын сүйеді. Кенан сол сәтте он жылдан бері ішінде жиналған құлдық шыңыраудың әлі түбінде екендігін, бұл жерден құтылудың аса қиын екенін сезінді. Жақсы көремін деп санайтын қара көзді, сүп-сүйкімді әйелі бұған қазір соншалық бөтен, соншалық алыс болып көрінді. Тіпті, дұшпан сынды еді... Әйелі соғыс жайлы айтуда еді. Гразия бүгін таңертең аудармашымен сөйлескен. Ешкімнің хабары жоқ, газет бетіне түспеген жаңалықтардан хабардар саяси қызметкерлер бәрін білетін. Аудармашы құпия түрде сөйлеген еді: осы жыл ішінде Шығыс мәселесінің ең маңызды тұстары қолға алынбақ еді. Англия, Германия, Франция, бүкіл Еуропа бір-бірімен толығымен келіскен болатын. Фас Францияныкі болады. Германияға Африкадан басқа бір отар берілуімен қатар, Анадолыда еркін жүріп-тұра алады. Англия Италияға Траблусты ертерек күшпен басып алу керектігі туралы кеңес берді. Траблус Италияға тиесілі болғанда, Аджемистан болса Ресей мен Англия тарапынан үлестірілмекте еді. Бірнеше айдан кейін Римнің жан-жағынан бомбалар жарылмақ, Гирит Грекияға табысталады, Македонияға, Сирияға, Арабияға тәуелсіздік беріледі, билеу Еуропалықтардың қамқорлығына алынып, Түркияда «Халықаралық басқарма» мекемесі ашылады... Еуропалықтардың жоспары осы еді!


Гразия бұларды егжей-тегжейіне дейін түсіндіруде. Өзі іштей тілмаштың қорқынышын басынан өткеруде еді: Бір-екі апта ішінде Траблусты басып алу жоспарымен үкіметті құлатса,барлық елшілер Еуропамен пікірлес екеніне, Еуропа қамқорлығын қалайтынына, жұмыс көзін білетін, қабілетті уәкілдердің ұйымдастыратынына сенімді еді. Траблуста Италия заңы мен егемендігін мойындап, Гирит үшін тәуекелмен ірі мемлекеттер мен Грекияны құр қол қалдырмай, Албанияға, Македонияға, Сирияға барынша еркіндік беріп, бар мүлкін еуропалықтарға ұсынумен «tamamiyet-і mulkiye»–сін соңғы рет тағы да бір мақұлдамақ. Сөйтіп, Батыс мәселесін бейбіт жолмен қантөгіссіз бітіретін... Барлық айлақтар ашылады. Месопотамия жұмысқа кіріседі, Еуропаның капиталы бүтіндей іске қосылып, дүниенің төрт тарапына темір жолдары жүргізілмек, бұл жерлер Египет секілді сауда мен қазына орталығына айналмақ, Түркия әскері мен теңіз флотын пайдаланудан бас тартып, шынайы даму жолын ұстанады. Сол кезде аңқаулықпен надандық туын көкке көтереді... Алайда тілмаш қорықты... Қорқынышы, үкімет жас Түріктердің қолында қалмасын! Бұлар өте тәкаппар, өркөкірек, қызба болатын. Еуропалықтарды тегінде ұнатпайтын. Төңкерістен, қан төгістен, қыңырлық пен қайсарлықтан тартынбас еді. Жабайыларша батыл болатын. Тіпті он екі сағат ішінде итальяндарды Түркиядан қуу үшін бас көтерген, байкот жариялап, итальян саудагерлерін шығынға ұшыратып, бас сауғалата жаздаған...


Гразия мазасыз көңіл күйін егжей-тегжейіне дейін ұзағынан түсіндіруде. Кенан оның сөзін бөлместен, бір орында тапжылмай тыңдап отырды. Тілмаш екі-үш ай ішінде Селаниктен кеткен дұрыс болатынын да айтқан. Ыстамбұл бек сенімді еді. Италияға яки, басқа бір елге қоныс аударуы тиіс еді... Гразия құжаттарына дейін дайындап қойыпты. Гразия сұрады:


- Қашан кетеміз ? Ертең бе?

- Қайда?

- Египетке, Ыстамбұлға, болмаса Италияға...


Кенан жауапсыз қалдырды. Бүгінге дейін ұлтының қас дұшпаны болып келген өзге ұлттың адамымен, отанының күйреуін лайық көрген адаммен қалай бірге ғұмыр кешкен?! Бойы суып, беті шүберектей қуарып кетті. Гразия тіл қатты:


- Маған неге бұлай қарайсың... Айтпақшы, кеше әкемнен жеделхат алдым. Селаниктен кеткенімізді қалайтынын жазыпты.

Кенан теріс бұрылып, терезеден тысқа көз тастап:

- Мен ешқайда да кетпеймін, – деді.

Гразия үрейлі дауыспен айқайлап жіберді:

- Сонда қалай, Селаникте қалмақсың ба?

- Әрине...

- Ал, мен ше?

- Сен де...

Сол сәтте Примо кіріп келді. Анасы оның алдында дау-дамайды қолайсыз көрді. Қатал үнмен:

- Қане, сыртқа шық, Примо, – деді. Үлкендер сөйлесіп жатыр..


Бала қарсылық көрсетпеді. Өңі сұрланып кеткен әкесі мен еріні дірілдеп, өңі қашып кеткен анасына үн қатпастан шығып кетті. Примо хабарсыз ба еді?! Кешегі күнді есіне түсірді. Мектепке барған. Таңертең рим балаларымен бақшада кездесіп, айлақтан балық ауламаққа бармақшы болған. Мектептес достарынан Орханды жазғы театр алдынан жолықтырды. Газет оқып отыр екен. Жанында жасы үлкендеу бір түрік баласы бар. Мұны шақырады. Ол түрік пашасының баласы болатын. Неге шақырып жатыр екен, қызық? Оның жанына барды. Орхан оның қолынан ұстап,


- Сенің әкең түрік емес пе еді? – деп сұрады:

Примо қызара түсті:

- Неге сұрадың?

Сенің әкең түрік инженері емес пе?

- Иә...

- Олай болса, сен де – Түріксің!...


Примо түрікше білмейтін. Орхан онымен французша сөйлесті. Оған қолындағы Жас Түріктердің танытым кітапшасын аударып отырды. Түріктер мен итальяндар арасында қазіргі уақытта соғыс жүріп жатқанын айтты. Түсіндіріп жатқанда тіпті, арқаланып кетті: Түркілер әлемдегі ең батыл, ең асыл, ең мықты ұлт еді. Патшалар, билеушілер, хандар, әміршілер нәсілі еді... Ғасырлар бойы Азияны билеген Атилла Еуропаны тас-талқан етіп, халқын тентіретіп жіберген. Түркілер мәдениетке жол ашып, дүниенің төрт бұрышына қаһармандық, шын парасат, тазалық пен жаңалық таратқан. Әлемдегі ең үлкен патшалықты Шыңғыс хан құрған, бұл сол Шыңғыс ұрпағының аз ғана бөлігі, Батыс Рим мен Византия императорлығын құлатқан, Анадолыны басып алып, ондағы шашырап жатқан түрктерді біріктіріп, Венаға дейін жеткен. Бірнеше ғасыр бұрын Еуропаны дүр сілкіндірген бұл нәсілге, Осман түріктеріне барлық Еуропалықтар бірігіп шабуыл жасауда, құрту үшін тырысып бағуда, бірақ, жеңіске жете алмай жатыр. Африка секілді отар елге айналдырғысы келеді. Алайда, айналдыра алмайтын еді. Түріктердің мықты екенін, жеңілмейтін күш екенін әлі де түсінеді, ойланатын болады. Еуропалықтардың бірге қолғабыс етуімен Италия сахнаға шыққан. Олардың сауыты мықты.


Орхан осылайша түріктердің ежелгі теңіз жауынгері екендігін, кезінде Ақ теңізді түріктер өздеріне мекен еткендігін, бүкіл ата-бабаларынан бастап қаһарман ұлт екендіктерін үлкендердің әңгімесінен естігенін үлкейтіп, асыра, егжей-тегжейіне дейін айтып берді. Примо рахаттана тыңдады. Сол сәтте өз әкесінің де түрік болғанын мақтан етті. Айналасындағы римдік балалар оның бір түрік баласымен сағаттап сөйлескенін іштей қызғанды. Оны шақырып, келтіре алмады. Қайталап шақырды. Орхан:


- Ой, өңшең шибөрілер, ешнәрсе жасай алмас, тек қана шулатқанды біледі, -деп сөзін жалғастырды.

- Бұлар бізді тыныш қоймас, қане, сыртқа шығайық, кейін қайта кірерміз.

Примо қарсылық танытпады. Орханмен бірге жүру оны рахатқа бөледі...

Басқа ұлтты достары арасында Орхандай сымбатты әрі тартымды, тар жолда майдан қыл суырғандай суырылып шыға алатыны жоқ еді. Қызыл тақиясының астындағы қара шашы, қараторы жүзі, қызыл беті, ылғи да жоғарыдан алысқа қараған жанған оттай көздері, бұйрық беріп тұрғандай тік әрі ширақ, батыл әрекеті қарсылық таныта алмайтындай қаһармандық тұлғасын танытуда еді.


Олар бақшадан шыққанда мәдениет клубы алдынан қарайған халықты көрді. Примо бұл қалың топ санын төрт жүз-бес жүздей деп топшалады. Орхан тұра қалып, қарады.

- Мынау жай емес, қане сонда барайық, – деді. Примо жасқанғандай болып еді, Орхан оны қанаттандырды:

- Қорықпа, сен Түріксің! Ер Түріктер ешқашан да, ешнәрседен қорықпайды..

- Алайда, басымда бас киімім бар ғой!

- Ештеңе етпейді!

- Бас киімімде итальян нақышы бар, қара...


Орхан мұның да жолын тапты. Примоның бас киімін жарты сағатқа темекі сатушысына қалдырып кетті. Клубқа тура жүре бергенде әлгі қалың топ сапырылысып, араларынан ұзын сырықта желбіреген қызыл байрақ, сүт түсті ай мен жұлдыз көрінді.. Алдынан өте шыққан бір топ балаға Примо назарын аударды. Қолдарына байрақтың жыртылған бөліктерін ұстап алыпты. Өзінен басқа тақиясыз, басы ашығы жоқ екен. Бәрі де шашақты түрік тақиясын киіпті. Балалар сол жақта орналасқан ғимарат алдына келіп тұрды. Примо бірден таныды. Анасымен мұнда бірнеше рет келген. Бұл Италия елшілігі еді. Есік алдына бір кісі шығып, итальян маңдайшасын төмен түсірді. Төменде жиналып тұрғандар бірден ұмтылып, аяқтарымен жаншыды. Балтаменен кеме туының сабын сындырды. Сол кезде есік алдындағы биік тақтайға қара шапанды, ақ сақалды, тақиялы кісі шықты.


Жұдырығын қысып тұрып бір нәрселер айтып жатыр, халық болса жауап ретінде қошеметтеп тұр. Ақыры соңында бар даусымен айқайлап бір нәрселерді айтты. Бұл жағдай Примоны қызықтырды. Ақырын сұрап білді.


- Не дейді?

Орхан француз тіліне аударып берді.


- Олар, намыссыз итальяндар, -дейді, біз еш алаңсыз, олармен жақсы қарым-қатынаста жүргенде, оларды дос көріп жүргенде, аяқ астынан елімізге шабуыл жасады. Ондағы қарусыз, панасыз адамдарды, қарттар мен әйелдерді, қыздар мен жас балаларды зеңбірек оғымен өлтірді. Отандастар! Олар ірі әрі мықты қорғанысына сенім артуда. Олардың мықты қорғанысы болса, біздің де таза, қасиеттей көретін адалдығымыз бар. Ал бұл болса олардың қорғанысынан әлдеқайда күшті.


Соңынан бір телеграф хабарламасы оқылды. Траблуста итальяндардың екі соғыс кемесі жартасқа соғылып батқан екен. Бір кезде ереуілшілер жоғарыға қарай жылжыды. Арқаларынан сындырылып жаншылған Итальян армасына кішкентай балалар жіп тағып алған, оны сүйрелеп, түкіріп жүр екен.


***


...Примо есік алдында домалақ, шегір көздерін жерге қадап, болған жағдайды ойлануда. Анасы таңертең тілмашпен сөйлесіп жатып та мұны сыртқа шығарып жіберген.


Енді әкесімен сөйлесіп жатып та сыртқа қуды... Неге қуады? Примо деген мазалаудан басқаны білмейтін шулаған шибөрілердің бірі ме еді? Жоқ, олай болуы емес: Еуропа мен Азияны жаулап алған, Орхан айтқан мәрт, батыл түріктердің бірі. Ғасырлар бойы билеп-төстеп келген хан, патша, әмірші, мырза нәсілінен болған Түрік ешқашан қуылмас! Анасының бұған қалайша батылы барды екен? Болмаса оның Түріктің ұрпағы екенін білмей ме екен?! Ішке кіріп, анасынан неге шығарып жібергенін сұрағысы келді. Есікке бұрылып, тұрып қалды... Іштен сондай бір күшпен, құсалықпен сөйлесіп жатқан дыбыстар шығады. Ұрысып жатқандай! Есік тесігінен сығалады. Жақсылап тыңдап, не айтып жатқандарын естігісі келді. Алайда, бұл санасыздыққа, парасатсыздыққа жатпай ма екен?... Бірақ мұндай маңызды сәттерде санасыздық, парасатсыздық бар ма?...Құлағын есіктің тесігіне қайта қойды. Анасы нық даусымен:


- Мен мұнда қала алмаймын! – дейді айқайлап, кәрі түріктерің көшелерге атойлап шыққанда мені де өлтіргенін қалайсың ғой. Бауыздап, бөлшектеп тастасын! Ертең ірі елдердің кемелері Селаникті зеңбірек астына алғанда жаншылайық!


Әкесінің даусы тым қатты шығып жатты:

- Бұлар бос сандырақ, босқа қорқасың! Түріктер әйел баласына қол көтерген емес! Еуропа кемесі де бұл жерге келе алмас. Сен қалатын болсаң да итальян болмайсың енді...


- Енді кім боламын?

- Түрік...

- Мен бе түрік?

- Иә, сен...

- Өлсем де түрік болмаймын. Жабайылықты қабылдай алмаймын.

- Түріктер жабайы емес. Нағыз жабайы, қарақшы ол – итальяндар.

- Жоқ, түріктер!...

Әкесінің даусы найзағайдай жарқ етті:


Өшір үніңді, қатын!.. Саған айтар ақылым бұл жерден кетіп, итальян болатын болсаң есіңде болсын, арамызда ешқандай байланыс болмайды. Менімен бірге қалатын болсаң, шаңырағымызды бұзғың келмесе бүтіндей түрік боласың! Әкеңді, еліңді, салт-дәстүріңді, достарыңды ұмытасың! Есімің ауысады! Басыңа орамал салып, түрікше үйреніп, итальянша бір ауыз сөз де айтпайтын боласың... Қаласаң, разы бол. Қаламаймын десең, азатсың! Бүгіннен бастап қалаған жағыңа кете бер. Сенімен айрылысамын. Біржолата бір-бірімізді көрмейтіндей болып айырыламыз!


Анасының даусы жұмсара бастады:

- Кенан-ау, он жылдық өмірімізді қалайша ұмытасың? Қосылар кездегі шарттарымыз қандай еді? Сен бүтіндей еуропалық болатынсың. Неге бірден бұлайша өзгеріп кеттің? Тез жабайыға айналғаның не ? Қайран, Раписарди ханым... қандай әулие едің? Сен маған ылғи да осылай болатынын айтқан едің...


- Иә, Раписарди ханым не айтушы еді?

- Сенімен некелескен кезде соншалық қарсы тұрып бақты: Бұлар қой терісін жамылған қасқырлар. Сенім артуға болмайды. Еуропада қанша оқып, тәрбие көрсе де, күндердің күнінде азу тістерін көрсетеді дейтін. Мен тыңдамаған едім. Саған имандай сендім. Ешқашан бұлайша жабайы болатыныңа, мені түрік етіп, орамал астында ұстайтыныңа, айуандыққа апаратыныңа сене алмап едім. Қайран, Кенан-ай ! Сен сондай сыпайы, мәдениетті едің ғой...


- Қысқа жауап күтемін! Не иә, не жоқ... Мен сені қинап тұрғаным жоқ. Азатсың! -деймін. Егер де итальян немесе батыстық күйіңде қалатын болсаң қазірден бастап сенімен бірге тұрмайтынымды ашық айтамын..


- Ах,солай де!...Тыңдасаң, менің де жауабым қысқа: жоқ! Бірге өткізген он жылымызды, махаббатымызды сен ойламайтын болсаң, мен де ештеңе ойламаймын. Әкемнің жанына барып, діндар болып қалармын. Бірақ...


- Иә, бірақ...

Примоның жүрегі қатты соға бастады:

- Баламды да бірге әкетемін, бұл жерде қалдыра алмаймын...


- Примо тек сенің ғана балаң емес! Сенің онда құқың қанша болса, менікі де сонша, тіпті артық та болар. Баламызды шақырып сұрайық. Қайсымызды қаласа, соныкі болады. Не менімен қалып, түрік болады. Не сенімен Италияға барып поп, болмаса қарақшы болады...


Не поп, не болмаса қарақшы болу... Примо ешқашан да итальян болмас. Әкесі-түрік еді! Ол да түрік... Артқа шегінді. Қолымен басын ұстады. Анасы түрік болуға келіспейді екен де, ал, Примо итальян болуға келісер ме екен?! Дайындық залында машықтанып жатқандай кеудесін көтеріп, қолымен санын ұстады. Басын шұлғып, қастарын керді. Ернін шүйірді. Бойында белгісіз, ешкім қарсылық таныта алмас алып күштің кеудесіне сыймай, жарылайын деп тұрғанын сезді. Қатты адыммен дәліз алдында әрлі-берлі жүре бастады. Өзі түрік болса, қаһарман емей немене?! Мұны көрсетер...


Анасының шақырғанын естіді:

- Примо, мұнда кел...


Есікке қарай жүрді. Өзіне сенімді болу үшін жұдырығын қатты түйіп алды. Жаттығу жасағандай қолдарын созды. Есікті ашса анасы үстел жанында тұр екен. Әкесі болса, отырған орнынан еш қозғалмады. Екеуінің де жүздері сұрланып кеткен. Анасы Примоны құшағына алғысы келіп еді, ол қайғылы образға енген театр әртісіндей оң қолын жоғары көтерді. Гразия ханым кенеттен өзгеріп шыға келген баласының әмір етіп тұрған бұл қылығын көргенде шошып кетті. Примо үлкен адамдай әкесінің жанындағы орындыққа жайғасып, қолымен басын тіреп отырды. Құлаққа оғаш естілетін француз диалектісімен:


- Не болды? Мені неге шақырдыңдар?-деді. Итальян тілінде сөйлемеді. Гразия ханымның өңі қуарып кетті. Үрейленгеннен бе бұл? Әлде Примо бұрыннан сабақ алып жүр ме еді? Күйеуіне қарады. Ол да баласының қылығына таң қалғандай қатып қалыпты. Примоның мұндай жат қылығы оны да таң қалдырған. Ұлына жәйлап қана:


- Балам, көріп отырсың, қазір соғыс жүріп жатыр. Анаңменен бүтіндей ажырасқалы жатырмыз. Сен менімен бірге мұнда қалып, түрік болғың келе ме? Әлде, анаңмен Италияға барып итальян боласың ба?


Примо орнынан шапшаңдықпен атып тұрды. Гразия мен Кенан не істемек ойы бар дегендей бір-біріне қарады. Қолдарын екі санына қойып, қайғылы, мұңды жүзімен анасына бір, әкесіне бір қарап, білетін екі ауыз түрікшесімен:


- Мен – түрік баласы... Мен – түрік баласы, – деп айқайлап жылап жіберді. Гразия ханым таңғалыс пен қасірет арасында теңселіп кетіп, үстелдің жанында тұрған орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Кенан өз көзіне сене алмай тұр. Кенет Примо шапшаң қимылмен шеттегі өрнекті орындықты алып, керуетке лақтырды. Содан соң әлгі орындықты қайта алып, бар күшімен Виктор Эммануэльдің портретіне лақтырды.


Маңдайша сынып, әйнектер быт-шыт болып жан-жаққа шашылды.... Примо басқа орындыққа тап берді. Бір орындықты Гарибалдидың басына кигізді. Әйнек сынықтары бөлменің ортасында шашылып жатты. Ойына алған шаруасын бітірген соң, Примо бақытты кейіппен әкесіне қарады. Оған сол сәтте жоғарыдан, тым жоғарыдан қадала қараған әкесі көзіне Тәңірінің тап өзіндей көрініп кетті. Кішкентай қолдарын созды. Әкесі ұлын құшырлана бауырына басты. Маңдайынан мейірлене сүйіп тұрып жүзіне қарады. Шегір көздің тұңғиығынан қазірге дейін ол үшін һәм қиял, сағым боп бұлдыраған нағыз ақиқатты көрді. Түрік рухының жас ұрпақта, жаңа өмірде қайта бүр жарғанын көрді. Екі күннің ішінде өзі қаншалық өзгерген еді?! Үлкен жауыздықтар, жаман пәлекеттер ылғи да үлкен төңкерістерге бастама болмас па еді ?! Бауырындағы бармақтай ұлы болса:


- Мен – түрік баласы, мен түрік – баласы ! – деп күбірлеп сөйлей береді. Кішкентай ұлының әрекетіне іші удай ашыған Гразия ханым екбетінен құлап түсіп, еденді құшақтап әйелдік мінезбен өксіп-өксіп жылады...



1918