Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов

25.04.2019 6548

Бөрі тотемі

Язык оригинала: Бөрі тотемі 狼图腾

Автор оригинала: Цзяң Жуң

Автор перевода: Айдар Әбішев

Дата: 25.04.2019

Жалғасы. Бөрі тотемі кітабының жалғасы.  

 

24

Цин бегі Мугуң.... 12 жуң елін жойып, 1 мың шақырым жерді қаратып, Батыс Жуң билеушісіне айналды. Батыс Чжоу патшалығы (б.з.д. 1027 ж. - б.з.д. 770 ж.) жойылғаннан кейін оның жерінде жуң мен ди тайпалары аралас қоныстанды.... Батыс Чжоу патшалығының мәдениеті жуң мен дилердің әдет-ғұрыптары және Шаң патшалығының мәдениеті тарапынан ойрандалды. Цин патшалығы осы мешеу жүйені (ағасы өлсе, патша тағына інісі мұрагерлік ететін жүйені қамтиды) және мәдениетті қолданып, батыстағы қуатты елге айналса да, Қытайдың князьдықтары оны жуңдар мен дилердің елі деп қарап, оны одаққа қоспады.     

Фән Вэнлән. «Қытайдың жалпы тарихы бойынша қысқаша курстар»,

І том

 

Көзді ашып-жұмғанша Ішкі Моңғолия сахарасының жазғы түндері қоңыр күз түскендей суытып кетті. Сахарада ең қорқынышты саналатын масаның қаптайтын кезі жақындады. Бұл – ең соңғы тыныш түн. Жақында ғана жүндері қырқылған қойлар тақыр денелерін бір-біріне тығыз тақастырған күйде жерде жатыр. Еркін күйіс қайтарған олардың тістерінің сықыр-сықыр етіп шықырлаған дауыстары естіледі. Эрлаң мен Сарытөс ауық-ауық бастарын аспанға көтеріп, мұрындарын шүйіріп, сақтықпен ауаны иіскеуде. Ілбіс пен үш күшікті ілестірген олар қораның солтүстік-батыс шетін ақырын шарлауға кетті.

Қолына фонарь ұстаған Чен Чжен жалғыз адам төсенетін киізді қолтықтап, қораның солтүстік-батыс жағына аяңдады. Іздеп тапқан жайлы да тегіс жерге киізді төсеп, үстіне ескі жұқа тері тонын жайып, малдас құрып отырды. Жатуға батылы бармады. Жаңа жайылымға келгелі қой бағу, түнгі күзетке шығу, жүн қырқу, бөлтірік асырау, кітап оқу, естелік жазудан қолы тимейді. Күндер ұзарып, түндер қысқарды. Ұйқысы қанбайды. Ол сәл жата қалса, лезде ұйықтап қалады. Үлкен төбеттер арсылдап үрсе де, оны оята алмайды. Әсілі, ол масалар қаптаудың қарсаңындағы тыныш түндердің орайын пайдаланып, көбірек ұйқысын қандыруы керек. Алайда, ол әлі де жалқаулыққа салына алмады, өйткені иен даланың бөрілері қапысын тауып, сәтін түсіріп аң аулаудың шеберлері болып табылады. 

Қасқырлардың кішкене тобы құрылыс орнындағы ауру сиырды сәтті талап кеткеннен кейін, үш жігіттің жүйке тамырлары тозып кетті. Көкжалдардың сиырды жеп кетуі малшылар үшін бір сигнал белгісі болды: олардың шабуыл нысанасы қарақұйрық, суыр, тышқан және басқа да жабайы жануарларды аулаудан әлдеқашан қорадағы төрт түлік малға ойысты. Жас қарақұйрықтар ұшқан құстай баяғыда-ақ ауып кетті, суырлар да аса сақ, қырағы болып алды. Ашыққан бөрілер тобы қырдағы тышқандарды азық-аужал етіп, күн көруге қанағаттанбай, үй жануарларына қарсы шабуылдарды өрістетпекші. Мынау жаңа жайылымда адамдар мен төрт түлік мал әлі толық тұрақтана қоймаған еді. Білге-ата бірнеше рет өндіріс мәжілісін өткізіп, барша малшылар мен зиялы жастарды аңғалдыққа жол бермеуді ескертті, ұйықтаған кезде көз жұмылғанмен, қос құлақты түріп жататын қасқырлардай сақ болуды қайта-қайта ескертті. Олұн даласы тағы да адамдар мен көкжалдар арасындағы жаңа қырғын шайқасқа қадам қойды.

Чен Чжен әр күні бөлтіріктің астын түгел сыпырып, иіс-қоңыстан тазалайды, сондай-ақ жұқа бір қабат құмды топырақ сеуіп қояды. Бұнысы бөлтірік апанның тазалығы, оның денсаулығы және ауырып қалмауына кепілдік ету үшін ғана емес, бұдан да ең бастысы бөлтіріктің иісі арқылы нысананы әшкере етпеуге бағытталған.

Соңғы кезде Чен Чжен бөлтірікті өз апанынан әкеткеннен кейінгі әрбір егжей-тегжейлі нәрсені жиі ойына алды, соларды басы қатқанша толғанды. Шынын айтқанда, кез-келген буыннан мәселе шығуының мүмкін екендігін, бәрінен де өлекшіннің біліп қоюын ол жіті сезінетін. Мысалы, бұрынғы қоныста өлекшін бөлтірікті сідіктің иісінен сезе алатын еді. Әр түні Чен Чжен бөрілер тобы тұтқиылдан шабуыл жасап, қойларды қанға бөктіріп, бөлтірікті әкетеді деп алаңдады. Оның жалғыз қуанатыны – осы рет жаңа жайылымға көшкенде басып өткен ұзақ та ауыр жол сапарында бөлтірікті сиырдың тезегі салынған ағаш сандықта қамап, оны арбадан әсте түсірмеді. Сол себепті, жолда оның иісінің ізі қалған жоқ. Өлекшін көне қоныста қалған бөлтіріктің иісін иіскеп сезген күнде де, оның қайда қоныс аударылғанын білуі мүмкін емес еді.

Ауада қасқырлардың иісі білінбейді. Үш орташа томпақ күшік Чен Чженнің жанына жүгіріп келді. Ол үшеуін де кезек-кезек сипалап еркелетті. Сарытөс пен Ілбіс те оның қасына келіп, иесінің әлпештеуіне кенелді. Тек Эрлаң төбет ғана өз міндетін тапжылмай орындап, қойлар отарының солтүстік-батыс шетінен алыс емес жерді тексеріп жүр. Әдеттегі иттермен салыстырғанда, ол көкжалдардың сырына әбден қанық. Өзі де кез келген уақытта бөрілердей қырағы.

Түнгі самал барған сайын суытты, қойлар бір-біріне сығылыса түсті. Қойлар отарының көлемі 4/1 бөлікке дейін ықшамдалды. Үш күшік Чен Чженнің ескі тонының ішіне кіріп тығылды. Түн ортасынан өте бергенде түскен қараңғылықтан ол қасындағы ақ қойлар отарын көре алмады. Түннің екінші жартысында желдің соғуы тоқтады, бірақ суық ауа бұдан бетер ызғарланды. Чен Чжен иттерді өздері күзететін жерлеріне жіберді. Өзі де орнынан тұрып, тонын қымтап орап, қол шамын жағып, қойларды екі рет айналып келді.

Чен Чжен енді ғана киіз текеметтің үстіне отыра берген кезде, маңайдағы таулы беткейден бір қасқырдың созып ұлыған қайғы-қасіретті үні құлаққа келді. «Ууууу....» деген ақырғы үні өте ұзаққа созылды. Оған қосарлана шыққан дірілді дыбыс пен ұлудың арасындағы іркіліс өте қысқа болып тұр. Көкжалдың ұлыған үннің тембрі (сапасы) тұнық, тынысының қуаттығы жетерлік, жағымды да өткір сіңісу күшіне ие. Қалтырап ұлыған дауыс аяқталмай жатып, шығыс, оңтүстік және солтүстік үш жақта естіле бастаған бәсең жаңғырық тау аңғарларын, ойпаттарды, шөпті алқаптарды және көлдің айдынын толқын тәрізді ақырын айналсоқтап шарлады. Бұған қоса, әлсін ескен самал жел сипалаған қамыстардың бастары сылдыр-сылдыр етеді. Осының бәрі бірінен соң бірі толқындап тараған бөрінің салқын да баяу ұлыған дауысы, сылдырған қамыстар мен гуілдеген желдің дауыстары құраған құбылмалы аккорд әуенін беруде. Барған сайын суыған осы әуен Чен Чженнің ой-қиялын алыстағы Сібірге жетектеп әкетті.

Чен Чжен көптен бері бұндай айрықша жым-жырт та сергек түн ортасында қасқырдың түнгі өлеңін мұқият естіп көрмепті. Еріксіз бір тітіркенген ол тонын қымтады, бірақ бәрібір мұзды шыңдардан шыққан ызғарлы да өткір дауыстың қалың киімінен өтіп, терісі мен бұлшық еттерін тескенін, бас сүйегінің төбесінен омыртқа жотасы арқылы құйымшағына жеткенін сезінді. Чен Чжен қолын созып, Сарытөсті құшағына алып, тонның ішіне салғанда ғана аздап жылынғандай болды.

Ұзақ та жабырқаулы дара дауыс увертюрасынан үзіле сала бірнеше ірі көкжалдың қосылып ұлыған хоры қатты әуендеді. Осы жолы олардың ұлыған дауыстары лезде бүкіл отряд пен ауылдың барлық иттерінің арсылдап үргеніне ұласты. Чен Чженнің айналасындағы үлкенді-кішілі төбеттердің бәрі де солтүстік-батысқа қарай атылып, қойлар отарының бір шетіне тұра қалып, өршелене үріп жатыр. Эрлаң алдымен бөрілер ұлыған жерге қарап үре атылды. Көп ұзамай, олардың арт жақтан шабуылдауынан алаңдаған төбет қойлар отарының алдында ұлыған бағыттан алыс болмаған жерде кілт тоқтап, ырылдауын жалғастырды. Ойпаттың жиегін бойлап орналасқан таулы беткейде ирелеңдеген жыландай ұзын сызық болып жайғасқан отрядтың жаңа қонысы түгел қол шырақтар мен шамдардың жарығына толып кетті. Бүкіл отрядтың 100 астам иттері жарты сағат арсылдап үргеннен соң, біртіндеп тынышталды.

Түн қап-қараңғы, ауа бұрынғыдан да суық. Иттердің үргені басылған бойда, байтақ дала сілтідей қайта тынышталып, қамыстардың сылдырлаған дауысы естілді. Біраздан соң, әлгі «ән бастаушы» қасқыр екінші рет ұлуын қайта бастады. Іле-шала оның артынша, солтүстік, батыс, оңтүстік қатарлы үш жақтағы таулардан бұрынғыдан да көп көкжалдардың ұлыған қалың үндері тыныштықты бұзды. Үш жақтан әуендеген бұл дауыстар адамдардың қонысын зор дуал тәрізді қоршай түсті, үрген иттердің айбарын басып жіберді. Бүкіл отрядтың иттері күйгелектеніп, одан әрі өршелене үрді, долданып буырқанды. Әр отбасыдан түнгі күзетке шыққан әйелдердің барлығы электр шырақтарын алып, бөрілер ұлыған бағытқа бей-берекет жарық түсіруде, сондай-ақ «Ай-хэй.... Уй-хэй.... Ей-хэй....» деп барынша айғайлауда. Бірінің артынан бірі шыққан осы ащы дауыстар толқындары бір-біріне ұласып, айрықша айбынды дыбыс толқынын құрап, қасқырлар тобының ұлыған үнін басып тастады. Бәлкім, Ұлы даланың әншілері мен жырауларының дауыстары түнгі күзетте көкжалдарға қарсы дауыстау барысында ысылған болса керек.

Иттер иесімен күшті. Ауыл итінің құйрығы қайқы. Әр үйдің соғысқұмар қабаған төбеттері тіпті де елеуреп үруге басты. Иттердің үрген, ырылдаған, ақырған, арандатқан, сес көрсеткен, жабыла сүрен салған дауыстары өзара араласып, бір-бірімен тұтасып, үзілмейтін дабыл ырғағына, шайқастың алдындағы барабандар дабырына айналды. Құлақты тұндыратын гуіл, жер-көкті дүр сілкіндірген үрейлі үндер құдды тағы бір шешуші айқастың жақындағаны жөнінде белгі бергендей. Үлкен төбеттер, тазы иттер, қабаған иттер кез келген мезетте жойқын қырғынға атылып шықпақшы.

Чен Чжен де кеңірдегін жырта бей-берекет айғайлады. Алайда, далалық әйелдер мен төбеттердің жоғары жиіліктегі ащы дауыстарымен салыстырғанда, ол өзін бір бұзаудай сезінді. Оның әлсіз айғайы тез арада түнгі аспан тарапынан жұтылып, елеусіз қалды.

Байтақ далада мұндай кең көлемді дауыстар мен электр шырақтардың шулы-шұрқанды қорғаныс шайқасы көптен бері болған емес. Ескі қоныспен салыстырғанда, жаңа жайылымдағы осылайша шоғырланып қоныстану малшылардың дауыстар мен жарық түсіруден құралған қайтарма тойтарыс ұрысы тіпті де шоғырлы, бұдан да сұрапыл болды. Осы арқылы жым-жырт сахара, бірқалыпты түнгі күзет қауырт та қызу жауынгерлік бейнемен толықтырылды. Чен Чжен әп-сәтте рухтанды. «Егер иен далада бөрілер болмағанда, Ұлы даланың көшпенділері рухы салғыртсып, еңсесі түскен халыққа айналып бітер еді. Бұның зардабы міндетті түрде Орталық жазыққа (Хуаңхэ дариясының орта және төменгі ағысындағы аумақтар) ықпал көрсетеді: онда көне қытайлықтар бәлкім Ұлы Қытай қорғанын салмайтын еді. Олай болса, қытай ұлты да ертеде-ақ дұшпан елдердің сыртқы шапқыншылығын көрмеген ақпайтын өлі судың шымырлаған діріліндей біржола жойылуы мүмкін еді» деп ойлады ол.

Қасқырлар тобының ұлыған дауыстары өте тез басылды. Үлжі мен Білге-атаның ауылдың шоғырланған күштерін орналастыруы қоныстанған елдің орасан зор төтеп беру стратегиясының нақты өнім бергенін көрсетті. Мызғымас қоныс көкжалдарды шарасыз қалдырды.

Чен Чжен кенеттен темір шынжырдың шақырлаған дауысын естіді. Ол апыл-ғұпыл бөлтіріктің жанына жүгіріп барды. Күндіз күннің ыстығынан, жарығынан, адамдардан сақтанып үңгірде рухын шынықтырған бөлтірік дәл осы сәтте езуін ақсита айбат көрсетіп, өрекпіген күйде оңды-солды жүгіріп, мына адамдар, бөрілер және иттердің алуан қиқу араласқан дауыстар айқасына елігіп, айрықша сабасынан асып желікті. Оның әрі-бері жөңкілгенінен шынжырдың дауысы дамылсыз сыдырлады. Ол қиялдағы дұшпанына тоқтамастан атылып жанталасты, дереу шайқасқа аттану үшін шынжырды үзуге шақ қалды. Алқынып тыныстаған бөлтірік шайқасқа қатысу орайынан құр қалудан қорқып, етті тартып алудан да бетер қиналуда.

Қара түнекті айрықша ұнататын қасқырлар қап-қараңғы түнде бүкіл тұла-бойындағы өміршең энергияны сыртқа шығарады. Шайқасуды жақсы көретін олар қараңғы түнде тұла-бойының өрекпіген екпінін құмарынан шыға тарқатады. Қараңғы түн – олардың талап-тонауға шығып, етті асап жейтін, қанғанша қан ішетін, ауланған олжаны топ-тобымен жалмайтын тамаша уақыт. Алайда, бөлтіріктің осындай алақандай тар түрмеде темір шынжырмен қамалуы оның соғысқұмарлығын арттырды, түнгі ұрыстағы табиғи қасиеті мен жыртқыштығын бұдан да қоюлатты. Ол құдды жоғары температуралы пеште тығындалған һәм кез келген уақытта жарыла алатын жарылғыш затқа ұқсады. Шынжырды толассыз тартқылаған ол бұлқан-талқан болып, аласұра бастады. Ұрысқа ұмтылған қайсарлық оны бір мамық домалақ етіп бүрістірді, сосын кенеттен шеңберді айнала жүгіруіне түрткі болды. Ол дұшпанның шебін бұзып-жаратын жылдамдықпен шеңберді желіге айналды. Бірде жүгіріп, бірде секіріп, бірде бос ауаны қапсыра бас салады. Кей кезде кенеттен күрт тоқтайды, жетіп барып жалма-жан сол жерде тарпа бас салады. Сосын тағы бір рет алға тоңқалаң асып түсіп, артынан ырылдайды, тістерін қайрайды, басын бұлғақтайды. Расында да орасан зор жабайы құстарды шабуылдағандай, оның жанды жеріне қадалып, олжасын ажалға жеткізгенге ұқсайды.  

Біраздан соң бөлтірік амалсыздан шеңбердің солтүстік шетінде тұра қалып, ынталы түрде құлақтарын тікірейтіп, айналаны мұқият тыңдады. Бір қыбыр естілсе ол дереу қызулықпен қырылыса кететіндей сыңай танытты. Қым-қуыт та үрейлі ұрыс ахуалы оның жауынгерлік тума қасиетін қоздырып шалқытты. Дос пен дұшпанды мүлдем дерлік айырмаған ол ұрысқа қатысуға ғана мұқтаж болды. Кімнің жағында тұру, кіммен қырқысу оған бәрібір. Мейлі күшікті немесе бөлтірікті өлтіру болсын, тек олардың қан төгіп айқасуға дайын тұр.

Бөлтірік Чен Чженді көре сала оған еміреніп атылмақшы болды, бірақ мойнындағы шынжырдың қысқалығынан нысанасына жете алмады. Бөлтірік әдейі артқа бірнеше қадам шегініп, Чен Чженнің шеңбердің ішіне аяқ басуын күтті. Азырақ шошыған жігіт алға қарай бір адым жүрді. Ол енді ғана тізерлеп отырғаны сол еді, бөлтірік шап беріп, оның тізесін қапсырып, арандай езуін ашып тістемекші болды. Бағына жарай, Чен Чжен алдын-ала сақтық шараларын қолданған еді. Ол жалма-жан қолындағы фонарьді бөлтіріктің тұмсығына тіреді. Күшті жарық бөлтіріктің аранын ашқызбады. Оның осы тыйылуынан аса күйзелгенін көрген Чен Чжен ішінен біршама жаны ашыды.

Отрядтың күллі иттері қайтадан еліре үре бастады. Үйдегі бірнеше төбет қойлардың отарын қоршай жүгіріп, арсылдап үріп жүр. Олар кейде бөлтіріктің жанына жүгіріп келіп аялдайды, бірақ өте тез арада отардың терістік шетіне тағы ұмтылып, бөлтіріктің бар-жоғын мүлдем ұмытады. Үш күшік құдды шынымен соғысқа қатысқандай жарыса үруде. Олардың шіңкілдеп шыққан дауыстары, нағыз айқасқа түскен иттердей айбат шеккен ырылдауы қол созым жерде тұрған ашулы бөлтіріктің тұла-бойын дір еткізді. Оның мінез-қасиеті, ар-намысы, жауынгерлік рухы аса зор дәрежеде еленбеді және қорлауға ұшырады. Бұндай азап пен қорлықты тек Чен Чжен түсіне алады. «Бөлтірік мынадай түнгі айқастан сырт қалуға ешқашан да келіспейді» деп пайымдады ол.

Бөлтірік басын қисайтып, үлкен төбеттердің еркектік қасиеті мен жауынгерлікке толы жабыла үргеніне қызыға тыңдауда. Содан соң ол еңкейіп, бір сәт ойға шомды. Бөлтірік өзінің иттер сияқты абалап үре алмайтынын байқап, тұңғыш рет өзін қор сезінді. Дегенмен, ол қазіргі осы мүшкіл жағдайын лезде өзгертуді ұйғарды. Бөлтірік аузын ашып, иттерге еліктеп дауыстады һәм олардан абалап үруді үйренгісі келді. Қатты таңданған Чен Чжен жүресінен отырып, қызыға қарап, егжей-тегжейлі бақылай бастады. Бөлтірік үздіксіз алқынып, аузын ашып, айрықша қайраттанып, әлдеқандай шаңқылдаған дыбыстар шығаруда. Әйтсе де оның дауысы иттердің үргеніне ұқсамады. Бөлтірік бұған төтенше ызаланады. Ол көнгісі келмей, тағы тыныс алып, демін ішке тартты, ішін бірде тартып, бірде босатып, барынша төбеттерге еліктеп ырылдауға әрекеттенуде. Алайда, оның дауысы әлі де иттерге де, көкжалдарға да ұқсамайтын құр қырылдаған дыбыс болып шығуда. Құсаланған бөлтірік өз орнында жер тарпып, айналсоқтады.

Чен Чжен бөлтіріктің осы түрін көріп, күлкісі келді. Бөлтірік әлі кішкентай. Ол тіпті ұлуды да білмейді. Итше үріп дауыс шығару оған өте қиынға түсуде. Иттер мен бөрілердің ортақ ата-бабасы болғанмен, екеуінің эволюциялық дамуы барған сайын алшақтануда. Иттердің басым бөлігі қасқырша ұли береді. Алайда, көкжалдар керісінше ешқашан иттерге еліктемейді, олардың үргенін үйренбейді. Мүмкін, арландар төбеттердің дауысын мүлде менсінбейді. Дегенмен осы сәтте қалың үрген дауыстардың арасында өскен бөлтірік итше үруді үйренуге талпынуда. Байғұс бөлтірік өзінің шынайы түп-тегін әлі ұқпайды.

Бөлтірік әлі қобалжуда. Оның үйрену ынтасы ешбір саябырламады. Оның қасына келіп еңкейген Чен Чжен иттің әуеніне салып үрді. Бөлтірік «иесінің» оған үйреткісі келгенін түсінгендей болды. Көздерінен олақ оқушыда болатын ыңғайсыздық көрінді. Сонымен қатар, намысқа шыдай алмай, ашуға басқан жауыз оқушының жанары көрінді. Эрлаң жүрігіп келіп, бөлтіріктің жанында тұра қалды да, сабырлы ұстазға ұқсап, асықпай бір-бірлеп дауыстады. Кенет Чен Чжен бөлтіріктің «Ау-ау!» деп дауыс шығарғанын есітті. Ырғағы иттердің үргеніне ұқсайды, бірақ «уууу....» дыбысы келіңкіремейді. Бір серпілген бөлтірік тұрған жерінде секіріп, Эрлаңның тұмсығын жалады. Кейін бөлтірік әрбір 6-7 минутта бір рет уілдеген дыбыс шығаратын болды және Чен Чженді ішек-сілесі қатқанша күлдірді.

Бөріге де, итке де ұқсамаған бұндай дөрекі дауыс барша күшіктердің жүгіріп келіп, қызықтап қарауын тудырды, сондай-ақ үлкенді-кішілі иттердің келемеждеуіне әкелді. Чен Чжен ішегі үзілгенше қарқылдап күлді. Бөлтірік әрбір уілдеген дауыс шығарғанда, ол да әдейі ілесе дауыстайды. Қоныстағы айқас майданында айрықша үйлесімсіз шаңқыраған дауыстар пайда болды. Бөлтірік адамдар мен иттердің бәрі оны мазақтағанын аңғарса керек. Сонымен ол онан сайын абыржыды. Риза болған күшіктер бөлтірікті айналшақтап, асыр салып жүгіріп жүр. Бірнеше минуттан кейін бүкіл отрядтағы иттердің үруі тоқтады. Бөлтірік иттердің ән бастаушысы емес, сондықтан ол да үнін шығармады.

Иттердің үруі тоқтаған сәтте, үш жақтағы таулардан қасқырлар тобының ұлыған дауыстары тағы таралды. Осы дауыстар шайқасы, психологиялық соғыс 4-5 дүркін қайталанып, ақырында адамдар мен иттердің жамырап айғайлаудан әбден қалжыратып тастады. Көкжалдар үн шығармай ың-жыңсыз тұтқиылдан соққы беруге шебер ғой. Тіпті жаппай шабуылға шыққан кезде де ажалдың пірі Әзірейілдей тып-тыныш әрекет етеді. Ал бүгінгідей түнде керісінше осынша «байрақтарды желбіретіп, барабандарды ұруы», жаппай ұлуы айбарлы сес көрсету болғаны, айлаға басқаны ап-анық. Олардың жалпы шабуылға шығу ниеті жоқ еді. Үш жақтағы биік таулардан бөрілердің қайта ұлығаны естілген кезде, адамдардың дауысы әлдеқашан басылған, қол шырақтары да сөнген болатын. Тіпті иттердің үруі де әрең-әрең естілді. Ал қасқырлар тобының ұлыған дауыстары керісінше елеуреп екпіндеді. Чен Чжен бұның ішінде тіпті де үлкен қастандықтың жасырынғанын аңғарды. Бәлкім, адамдар мен иттердің тым шоғырланған, аса тығыз қорғаныс шебін байқаған көкжалдар ірі көлемді қалжыратып шығындатуға бағытталған шайқасу тактикасын қолданып көрді. Адамдар мен иттердің рухы, күш-қауқары мұқалып сарқылғаннан кейін ғана тұтқиыл шабуылдауға немесе соққы беруге ұмтылмақшы ғой. Мұндай дауыстар арқылы берекені қашырып, зәрені ұшыру айқасы бірнеше күнге созылуы мүмкін. Чен Чженнің есіне Сегізінші армияның (1937-1949 жж. Қытайдың халық-азаттық армиясының аталуы) партизан отрядтарының «дұшпан тыныққанда, біз шабуылдаймыз» тактикасы түсті. Бұған қоса, от тұтандырылған ұзын петарданы керосин құйылған шелекке салып, пулеметтің дауысына ұқсатып, жауларды қорқыту тактикалық тәсіл де есіне түсті. Дегенмен, мынадай айғай-аттанмен дұшпанды шаршату әдісін сахараның бөрілері он мыңдаған жыл бұрын меңгеріп алған екен.

Чен Чжен киіздің үстіне жатып, Сарытөсті өзінің жастығы етіп алды. Ешкім иттерді үруге шақырмаған осы мезетте қасқырлардың ұлуының фонемасын, дауыстарының сарыны мен екпінін мұқият тыңдап, көкжалдардың тілі жөнінде қайта-қайта толғауға болады. Иен далаға келгеннен бері Чен Чжен олардың ұлыған дауысына ерекше құмар. Қытайда бөрілердің ұлуы аса зор абыройға ие болған. Бұл дауыс – Орталық жазықтың тұрғындарының естіген бойда жүрегін шайлықтыратын дауыс. Қытайлар әрқашан «шайтанның жылағанын» және қасқырдың ұлығанын бір қатарға қойып келді. Чен Чжен байтақ далаға келгеннен соң, көкжалдардың ұлығанына бойы үйреніп кетті. Дегенмен, ұлыған дауыстың неге соншама қайғылы да құлазыған, аянышты, ұзақ та қасіретті болғанын ол ешқашан түсіне алмады. Расында да Ішкі Қытайдағы зираттарда тұл қалған әйелдердің күйеуін жоқтаған аянышты зарына ұқсайды. Чен Чжен бөрінің өксіп еңірегенін тұңғыш рет есіткеннен-ақ таңданған болатын. Жер-көкке сыймай, жаһанды жалпағынан басқан осындай жыртқыш қасқырлардың көңілінде неге керісінше осынша көп азап пен қасірет жиналған? Әлде кең далада өмір сүру аса қиын, яғни аштан өлу, тоңып өлу, атып өлтіру аса көп болғандықтан, көкжалдар өзінің аянышты тағдырына қайғырғаны ма? Чен Чжен бір мезгіл мынаны аңғарған: бөрілер жауыз да қайсар көрінгенімен, іс жүзінде олардың жүрегі жұмсақ та нәзік екен.

Алайда, екі жылдан бері олармен араласуы, әсіресе мына жарты жылдан бері Чен Чжен бұндай көзқарасты бірте-бірте теріске шығарды. Тас бауыр, жүрегі мейірімсіз және тағдыры тіпті де қатаң дала қасқырларының әрбіреуі құрыштан құйғандай қажырлы болатынын, бәрі де жаппай соңғы қасық қаны төгілгенше беріспейтін, өлсе де бас имейтінін сезді ол. Көкжалдардың сөздігінде «әлсіз» деген сөз мүлде жоқ. Бөлтірігінен айрылған өлекшіндер, жараланған немесе сирағы үзілген арландар сол уақытша азап пен қорлықты бұдан кейін кек алудың ыңғайлы сәтін күтуге бағыттайды, бұрынғыдан қайсарлана, әккілене түседі. Чен Чжен бөлтірікті баққан бірнеше айдан бері осыған тіпті де көз жеткізді. Қалыпты қалжыраудан тыс, бөлтіріктің әлсіздігін, рухы түскен кезін ол ешбір көрген емес. Бөлтіріктің көзінен әрқашан жалын ұшқындап, көңілі көтеріңкі де ширақы болып, елпілдеп жүреді. Малшылар оның жанын алмақшы болып, мойнын үзіп жібере жаздағанның өзінде де, біраздан кейін жауынгерлік екпінін қайта тапқан.

Чен Чжен бөрінің ұлығанын тағы біраз тыңдап, кейбір өрескел қорқытудың мәнін ап-анық естіді. Әйткенмен, адамдарды және үй жануарларын қорқытқанда да неге бұндай өксіп еңірейді? Соңғы кезде қасқырлар тобы табиғи және техногенді апаттарға ұшырамады. Олар қиналып қасірет шегетіндей себеп жоқ сияқты ғой. Әлде кейбір малшылар айтқандай, көкжалдар бұлай «өксіп-еңіреуі» адамдар мен үй жануарларын арнайы алуан күйге салып алжастыру, төбе шашын тік тұрғызу һәм жүректерін түршіктіру, адамдарды күреспей жатып өздігінен күйрету, соғыспай жатып өздігінен ойрандауға бағытталғаны ма? Сонда иен даланың бөрілері «кемсіту мен қорлыққа ызаланған қосындар міндетті түрде жеңіске жететінін» немесе психикалық қорқыту секілді стратегиялық ойды түсінгені ме? Бұндай ой-пікірде белгілі бір ақиқат бары анық. Алайда, неге олар өзара байланысқанда, бір-бірін шақырғанда, өмір серігін және дос іздегенде, шайқас ұйымдастырғанда, алыстағы қандастарына аң аулау жағдайын хабарлағанда, руластарын аңдарды қоршауға немесе бірге игіліктенуге үндеген кезде де бұндай «өксіп-еңіреуді» қолданады? Бұл әлбетте психологиялық соғыспен ешбір байланысы жоқ.

Сонда қасқырлардың аянышты ұлуының түпкі себебі не? Чен Чженнің ой жүгіртуі біз тәрізді күмән-шүбәнің терең жеріне дәл қадалды. Қайсар да ержүрек көкжалдардың да мұңайып-қайғыратын кездері болады, бірақ олар кез келген уақытта, кез келген жерде, кез келген көңіл-күйде өйтіп «жыламайды». «Жылап еңіреу» әсте олардың мінезінің негізгі өзегіне айналмайды.

Түн ортасында бөрілердің ұлығанын, төбеттердің үргенін тыңдап шыққан Чен Чженнің ой-санасы барған сайын оянды. Ұдайы салыстыру және салғастыру – құпияны ашып білудің кілті. Ол кенеттен ұлу мен үрудің арасындағы айырмашылықта қажетті жауаптың жасырылғанын түйсінгендей болды. Чен Чжен қасқырдың ұлуы және иттің үруін қайта-қайта салыстырып, иттің қысқа үретінін, ал көкжалдың ұзақтау ұлитынын байқады. Бұл екі дауыстың әсері ұқсамайды: төбеттердің қысқа да жиі үрген дауысына қарағанда, бөрілердің созылыңқы дауысы әлдеқайда алысқа кеңінен таралады екен. Отрядтың ең солтүстік жиегіндегі киіз үйлерден таралған иттердің үрген дауыстары сол жердің жанында ап-айқын шыққан қасқырлардың дауысына жетпейтіні белгілі. Оның үстіне, Чен Чженнің құлағына шығыс жақтағы асқар таудың қойнауынан білінер-білінбес көкжалдың ұлыған дауысы шалынды. Алайда, үрген иттердің дауысы осынша алысқа мүлде жайыла алмайды, құлаққа әрең үздігіп жетеді.

Чен Чженнің біртіндеп көзі жеткендей болды. Бәлкім, мыңдаған жылдар бойы табиғи эволюцияның барысында бөрілер еңіреудің созылыңқы үні ұлан-байтақ далада ең алыс, ең кең көлемді және ең анық жететін дауыс екендігін бірте-бірте байқауы себепті, аянышты еңіреу олардың ұлуының негізгі мақамы ретінде қолданылуда. «Сыбызғыны жақыннан тыңда, кернейді алыстан» демекші, саңқылдаған қысқа ысқырық шынымен де ұзағынан сылдырлап сырғыған кернейдің алысқа тараған дыбысына мүлде жетпейді екен. Ежелгі заманда далалық атты әскерлер бұқаның мүйізінен әзірленген дауысы жуан да созылыңқы кернейлерді қолданып, бұйрықтар жеткізетін. Бұтханалардағы қоңыраудың дауысы да алыстан естіледі және сонымен атақтары шыққан.   

Қасқырлар алыс қашықтықтағы тұтқиыл шабуылдар жасауға, бытырап барлауға, шоғырланып соққы беруге шебер. Олар және де классикалық топталып соғысатын жыртқыш аңдар болып табылады. Көкжалдар ұлан-байтақ аумақта соғысады, аң аулайды, әрекет етеді. Алыс қашықтықта хабарласу және байланыс жасау, ұжымдық соғыс қимылдарын жүргізу үшін олар сахарада ең үздік саналатын бұндай байланысудың дыбысты сигналын таңдаған екен. Сұрапыл соғыста нақты нәтижеге ерекше мән беріледі. Сондықтан жылау немесе күлу, құлаққа тартымды немесе жағымсыз болуы бөрілердің ойлануын қажет етпейді. Қуатты армияға алдыңғы қатарлы және озық байланыс құралдары қажет. Үздік байланыс құралдары һәм тәсілдері қарулы күштердің қуатын күшейтеді. Бәлкім, ежелгі заманның қасқырлар тобы иен далада бұндай ең озық байланыс ұлу дыбысын пайдаланып, өздерінің жауынгерлік күшін едәуір арттырып, сахарада адамдардан бөлек ең қуатты әскери күшке айналған. Олар тіпті жолбарыс, қабылан, аю және басқа да өз алдына мықты жыртқыштарды байтақ даладан қуып жіберуі мүмкін.                

Чен Чжен тағы ойланды. Көне заманда иттер тобының хабарласу құралдарының мешеулігі себепті, көкжалдар тобынан жеңіліп, ең ақырында адамдарды паналап, босағасының алдына жатып, өзгенің қабағына қарап, әбден тәуелді болуы адам тарапынан қолға үйретіліп, үй жануарларына айналуының маңызды себептерінің бірі болуы мүмкін. Дала бөрілерінің еркін де тәуелсіз жүруі, тегеурінді де қайсар мінезі олардың төтенше қуатты қабілетінің шыңдалуының арқауы болды. Адамдар да осындай. Бір ұлттың өз өнерінің деңгейі төмен, мінезі бұзық та әлсіз болса, оның дербестік пен еркіндікті, демократияны армандауы, байлық пен құдіретке жетуді көксеуі бос қиял ғана болмақ. «Шеберлігі жоғары қасқыр батыл келеді. Батылдық өз кезегінде шеберлікті одан әрі шыңдайды екен. Көкжалдар расында да адамдарға телегей теңіздей сарқылмас шабыт пен тәлім беріп келген. Шамасы, кезінде әлемді дүбірлетіп жапырған далалықтардың атты әскерлері байланыс әдістері жағынан да бөрілерден ой-түрткі алған екен ғой. Ежелгі соғыс майданында бұқа мүйізінен жасалған кернейлердің созылыңқы дауысы өз кезінде қаншама далалық қосындарды топтастырып шоғырландырды, қаншама шайқастарға бұйрық түсірді десейші» деп ішінен еріксіз күрсінді Чен Чжен.

Көкжалдар тобының ұлыған үні біртіндеп толастады. Кенет қойлар отарының және киіз үйлердің арт жағынан әлдекімнің бұғанасы қатпаған жас дауыстың ұлығаны естілді. Чен Чжен лезде шошығаннан селк етті: бөрілер отардың ту сыртына шыққан ба? Эрлаң барша иттерді ертіп, абалап үрген халде сол жаққа ұмтыла жөнелді. Чен Чжен шапшаң тұра сала шоқпары мен қол шамын алып, иттерге ілесе жүгірді. Киіз үйдің алдына жүгіріп барса, Эрлаң және үлкенді-кішілі иттер бөлтірікті шеңбердің сыртын айналып қоршап тұр екен. Олар бөлтіріктің бей-берекет ыңылдағанына тіксініп қарап қалыпты.  

Электр шырағының жарығында Чен Чжен бөлтіріктің ағаш қазықтың жанында тұмсығын аспанға қаратып, ұлып отырғанын көрді. Сол ұлыған дауыс оның көмейінен шығып жатыр екен. Бөлтірік ұли алғаны ма? Бұл Чен Чженнің алғашқы рет бөлтіріктің ұлыған дауысын естуі еді. Ол бұрын бөлтірік толығымен нағыз ересек қасқыр болып есейгенде ғана ұлиды деп ойлайтын. Төрт айға да толмаған мына бөлтірік осы түнде кенеттен арланша азынатып ұлитыны оның ойына еш кірмеген-ді. Сол ұлыған дауысы, қимылдары және ырылдауы нағыз көкжалмен ұп-ұқсас шықты. Сүйсінген Чен Чжен бөлтірікті қап-қатты құшақтағысы және де бір сүйіп алғысы келді. Алайда, ол бөлтіріктің әуенін бөліп, шырқын бұзғысы келмеді, сондай-ақ өзінің қымбатты бөлтірігінің өлеңін жақын қашықтықтан тамашалауды ойлады. Чен Чжен бір жас әкенің өзінің асыл перзентінің тұңғыш рет «Әке» деп атағанын естігеннен де бетер тебіренді. Ол шыдамастан бөлтірік жотасының жүнін ақырын сипады. Бөлтірік оның қолын қуана бір жалап, асқақтата шырқаған әнін жалғастырды.

Иттердің бәрі байыбына бара алмай, оны қауып өлтіру немесе өз-өздерін тежеу керектігін біле алмай, дал болды. Ортақ жауларға бірлесе кектеніп түйілген қойлар мен төбеттердің шебінде кенеттен қас дұшпанның ұлыған дауысы пайда болғанда иттер тобының тұрағында бір мезет бей-берекет абыржу туылды. Көрші Гомбоның үйіндегі иттер де кенеттен үргенін күрт тоқтатты. Бірнеше төбет тіпті Чен Чженнің киіз үйінің босағасына жүгіріп келіп, бүкіл жағдайды өз көзімен көріп, кез келген уақытта жәрдемдесуге әзірленді. Эрлаң ғана шеңбердің ішіне масайрап кіріп, бөлтіріктің басын жалады. Сосын жанына жатып, оның ұлығанын құлақ түре тыңдады. Сарытөс пен Ілбіс бөлтірікке ызбарлана қарауда. Осы минутта жіңішке дауыспен ұлып жатқан бөлтірік иттердің арасында өмір сүрген бірнеше айда өзінің күңгірт те сырлы бейнесін байқаусызда өзі-ақ паш етіп қойды. Ол – ит емес. Ол – төбеттер тобы абалап үріп соғысатын бөрілерден ешқандай айырмашылығы болмаған бір қасқыр. Дегенмен, Сарытөс пен Ілбіс қожайынның жымиып бөлтірікті сипағанын көріп, аузын аша алмай, іштен тынды. Көрші үйлердің бірнеше төбеті адамдар, иттер және көкжалдың бейбіт қатар тұрғанын көріп, оның ит немесе бөрі екенін бір мезет айыра алмай, абдырап қалды. Бастарын қисайтып, бұл ғажап нәрсеге күмәндана қараған олар назаланып үйлеріне қайтты.   

Чен Чжен бөлтіріктің жанына тізерлеп отырып, оның ұзағынан ұлығанын тамашалады, әрекетін егжей-тегжейлі бақылады. Оның ұли бастаған уақытта, тұмсығын бірден жоғары көтеріп, қара мұрнының ұшын аспанға бағыттағанын байқады Чен Чжен. Ол бөлтіріктің нәзік һәм біркелкі ұзақ әуенін қызықтап тыңдауда. Айдың жарығында бір кішкене дельфин судың астынан өзінің ұп-ұзын тұмсығымен тыныш теңіздің бетін ақырын түрткеннен теңіздің айдынында дөңгелектеніп шымырлаған ұсақ толқындардың жан-жаққа біркелкі жайылғанына ұқсайды. Чен Чжен кенеттен түсіне қалды: бөлтірік тұмсығын аспанға қарата ұлығаны дауыстың бұдан да алысқа таралуы, жан-жаққа тегіс жайылуы үшін керек ғой. Тұмсықтың ұшы аспанға қаратылғанда ғана ұлыған дауыстың толқыны бірқалыпты таралып, кең даланың түкпір-түкпіріне шашыраған қандастарының бір уақытта осы дауысты естуіне мүмкіндік береді екен. Бөрілер ұлыған кезде өксіп-еңіреген созылыңқы дауыс шығаруы да, аспанға қарап шалқайып ұлуы да, бәрі-бәрі олардың сахарадағы тұрмысқа және ашық майданда соғысу барысында бейімделіп жинақтаған өмірлік тәжірибесі болып табылады. Байтақ дала қасқырларының мынадай ақаусыз эволюциясы, кемелденіп жетілуінің осындай табысты болуы Тәңірдің ғана қолынан келетін, оған ғана лайықты болған көрнекті туынды есептеледі. Оның үстіне, далалық атты әскерлердің бұқа мүйізінен жасалған сырнай-кернейлерінің үні де әуе кеңістігіне бағытталған ғой. Аталмыш сырнай-кернейлердің созылыңқы әуені және аспанға қарай шырқалуы көкжалдардың ұлыған әуені һәм бағытымен толығымен ұп-ұқсас. Бұл оқыстан туылған кездейсоқтық болғаны ма? Ежелгі далалықтар ертеде-ақ сахара бөрілерінің ұлыған әуені мен әлпетінің себептерін терең зерттеген көрінеді. Қасқырлар дала халықтарын аса көп қабілет пен өнерге үйреткен екен.

Чен Чженнің тұла-бойындағы ыстық қан буырқанып кернеді. Алғашқы қауым кезеңіндегі көшпелі мал шаруашылығы жағдайында Ішкі Моңғолия сахарасының ең шалғай түкпірлерінде бұрын сірә ешкім де көкжалдың арқасынан сипап, оның ұлыған өлеңін жақыннан зейін сала тыңдамаған шығар-ау. Жақыннан тығыз жайғасып, құлақ түре тыңдаған ол үшін бөлтіріктің ұлыған дауысы шынымен де аса анық, жұмсақ, жағымды және тұнық болып шықты. Сол үйреншікті дауыс өксіп-еңіреп шықса да, оның әуенінде титтей де қайғырудың нышаны білінбеді. Бұған керісінше, бөлтірік төтенше қуанғандай көрінуде. Ол өзінің ақыры дауыстап ұзағынан ұлығанына шексіз әсерленді. Дауысы да бара-бара ұзаруда, асқақтауда, сыңғырлауда. Бөлтірік құдды сахнаға бірінші рет шығып, ғаламат табысқа қол жеткізген әншідей айрықша шаттанып, алғыс жаудырған шапалақтарды қимай, сахнадан түскісі келмеді.

Қолға түскеніне бірнеше ай болғанына қарамастан, бөлтірік қылығымен Чен Чженді жиі таңдандырып келді. Алайда, осы жолы жігіт өзінің тағы бір рет қайран қалғанын сезінді. Бөлтірік итше үруді үйрене алмады, оның есесіне ұлығанды үйренді. Бір үйренгеннен-ақ жылдам игеріп, бір ұлығаннан-ақ арланға айналды. Әлгі ұлыған дауысты бөрілер тобынан еліктеп үйренуге болады, бірақ ұзақ ұлыған кездегі әлпетті ше? Қап-қараңғы сахарада үлкен қасқырлар бөлтірікке мүлдем көрінбейді ғой. Бұл жағдайда ол жоғары қарап ұлитын әлпетті қайдан тауып алған? Дегенмен, ол тағы да өздігінен жетілген болып отыр ғой. Бөлтірік үруді қиналып зорға үйренді, ал ұлуды жүрегімен, ақылымен бірден түсініп меңгеріп әкетті. Шынында да көкжалдың қасиеті күшті екен: бөлтірік түптің-түбінде иттерше үруді үйрену қатарлы теріс жолдан өзінің бөрілер әлеміне қайта оралды. Бөлтірік үндемейді, ал дауыс шығарса – жұртты аузына қаратып, бүкіл жаһанды таң қалдырады! Ол есейіпті. Осыдан соң нағыз дала қасқыры болып ер жетеді екен. Чен Чжен көңілі жайланғанын терең сезінді.

Әйтсе де, бөлтіріктің ұлуының бірте-бірте ысыла қанық, асқақ, мәнерлі шыққан сайын Чен Чженнің жүрегі бір қырналды, кенеттен қатты қысылды. Ұрланған барабанды ұру тиімсіз. Ал ұрлап әкелінген және ұрлап бағылған бөлтірік керісінше өзі «байрақтарды желбірете, барабандарды ұрып», дабыралы түрде өзін әшкерелеп әйгіледі. Оның ең қорқатыны - сахарадағы адамдар, иттер, көкжалдар оның болмысын білмегені. «Әй, кішкентай жүгермек-ай, қаншама адамдар мен иттердің сені өлтіргісі келетінін білмейсің бе? Қаншама құртқа сені ұрлап әкеткісі келеді? Адамдардан жасырыну үшін үңгір қазып, ішіне тығылдың. Ал мына бір ұлығаның бұрынғы еңбегіңді еш етпеді ме? Бұның өз-өзіңді өлтіру емес пе?» деп ішінен зар иледі Чен Чжен. Ол тағы ойланып, кенеттен мынаны түсіне қалды: бөлтірік өміріне қауіп-қатер төнгеніне қарамай, өлімді елемей асқақтатып ұлуы өз ата-анасының естіп құтқарып әкетсе деген үміт шығар. Өзінің дауысы шыққаннан кейін ол жалма-жан өзінің табиғатын, яғни өзінің үретін ит емес, қайта түзде кезіп, ұзақ ұлитын әлгі «қара елестердің» бір мүшесі екеніне көзі жетті. Жапан түздегі ұран жапан далада шығады. Бөлтіріктің табиғи қасиеті иен далаға тән. Денесін суық тер басқан Чен Чжен екі тараптың, яғни адамдар мен бөрілердің аса зор қысымын сезінді.

Кенет бөлтірік өне-бойының қайрат-күшін сала барынша дауыстап ұлыды.

Оның созып ұлығанына Чен Чжен, сондай-ақ сахарадағы адамдар, төбеттер және алыстағы қасқырлар тарапынан ең алғашында ешбір реакция болмады. Өйткені, бөлтірік жұрттың бәрін бұлқынуға мұрша бермей, қапыда қалдырды. Дегенмен, көкжалдар тобының реакциясы бәрібір ең жылдам екен. Бөлтірік үшінші, төртінші рет үлбіреп ұлыған кезде, үш жақтағы асқар таудың ішінен бөрілер лезде дауыстарын кілт тоқтатып, тып-тыныш бола қалды. Кейбір қасқырлардың уілдеген әуенінің аяғы созылып жатқан жерінде кенеттен басыла кетті. Қалған ұлыған дауыстар олардың құрсағында іркілгендей болды.    

Чен Чженнің тұспалдауынша, адамдардың қонысынан көкжалдың ұлыған даусының шығуы ұлан-байтақ даладағы барлық бөрі патшасы, кәрі арландар, басшы арландар және құртқалар үшін бұрын естімеген іс болды. Чен Чжен олардың үрейлену һәм таңырқау дәрежесін мөлшерлей алады. «Бұйрыққа бағынбаған бір бөлтірік өз бетімен адамдардың қонысына атойлап енгені ме? Бұл да дұрыс емес-ау. Істің қисынына сәйкес, адамдардың қонысына аңдамай кіріп кеткен бөлтірік дереу қабаған иттердің талауына түседі ғой. Алайда, неге оның жантүршігерлік зарлаған дауысы естілмейді? Оның үстіне, бөлтірік қауіпсіз де көңілді түрде тоқтамастан ұлуда» деп ойлауы мүмкін олар.

Чен Чжен қасқырлардың логикасы бойынша онан әрі тұспалдауды жалғастырды: «Онда бұл бөлтірік болуы екіталай. Сонда көкжалша ұлуды үйреніп алған бір күшік болғаны ма? Сырттан бөрілер, басшы арландар осынша анық, қасқырларға ғана тән дара ырғақпен ұлыған иттердің дауысын ешқашан естімеген-ді. Әлде адамдар бір бөлтірікті асырап алған ба екен? Алайда, сахарада көне заманнан бүгінге дейін көкжалдар ғана адамды асырап баққан. Ал адамдар бөріні ешқашан асыраған емес. Олар бөлтірікті асыраған күнде де, бұл кімнің бөлтірігін баққаны? Көктемде адамдар мен төбеттер қыруар апандағы бөлтіріктерді қазып алды ғой. Алайда, сол кезде бөлтіріктер ұлуды әлі білмейтін еді. Өлекшіндер де мына бөлтіріктің кімнің баласы екенін естіп көрмеген».

Қасқырлар тобы істің байыбына бара алмай, дағдарып қалғаны, жаңылғаны сөзсіз. Чен Чженнің шамалауынша, осы сәтте олар бір-біріне үнсіз қарап, сасқалақтағаннан ешқайсысы да үн шығармады. Бейжіңнен келген бір зиялы жастың байтақ дала заңына кереғар істеген дүлей әрекеті кәрі көкжалдар мен басшы арландарды түгелдей сәрсенге салды. Дегенмен, олар әйтеуір күндердің бірінде осы бір нағыз бөлтірікті еститін еді ғой. Көктемде балаларынан айрылып, сергелдеңге түскен өлекшіндер үшін де кең сахарада жоғалған бөлтіріктерін қайтарудың үміті лапылдаған өрттей жанып қоя берді. Бөлтірік тосыннан өз-өзін осылай әшкерелеуі Чен Чженді ең мазалаған күдіктің ақыры көз алдында кенеттен жүзеге асқанын растады.

Сахарада бөлтіріктің ұлуына жауап қайтарған отрядтың иттері болды. Енді ғана тыныштала бастаған олар қоныстың ішінен бөрінің ұлыған дауысын естігенде, қатты зәресі қашты. Адамдар мен төбеттердің қалжырағанын пайдаланған қасқырлар тобы бір үйдің қойлар отарын тұтқиылдан шабуылдады деп долбарлады иттер. Сонымен бүкіл отрядтың төбеттері кенеттен ұжымдасқан халде абалап үре бастады. Олар құдды өз борыш-міндетін толығымен атқарғысы келгендей, баршасы осы түні ең жойқын арынмен аласұрып ырылдады, таңға жақын иен даланы азан-қазан қылды. Иттер жанын аямай шайқасуға дайындалды, сондай-ақ қожайындарына көкжалдардың жаппай шабуылға шығып жатқаны, дереу қанды ұрыстың басталатыны жөнінде дабыл сигналын қақты.

Иен далада адамдардың аңысы ең сылбыр екен. Түнгі күзетке шыққан әйелдердің басым бөлігі қалжырап ұйықтап қалған, бөлтіріктің ұзақ ұлығанын естіген жоқ. Олар төбеттердің әдеттегіден тыс айрықша өршелене үрген дауыстарынан шошып оянды. Алыс-жақын үйлердегі әйелдердің шыңғырған ащы дауыстары шарықтады. Сансыз электр шамшырақтардың жарығы аспанға, тау беткейіне шарлады. Масалардың кең көлемді шабуылының алдында бөрілер тобының алдын ала шабуылдайтынын ешкім де мөлшерлемеген еді.

Бүкіл ауылдың шулаған иттерінің дауысынан не істерін біле алмаған Чен Чжен мелшиіп қалды – бұның бәрі оның кесірінен еді. Ол таң атқан соң бүкіл ауылдың оны қалай жазғырып ұрысатынын білмеді. Ол шынымен де бір топ малшының оның отауына баса-көктеп кіріп, бөлтірікті Тәңірдің дәргейіне жіберуінен қорықты. Алайда, бөлтірік әлі де тоқтаусыз ұлығанын қоятын емес. Ол өзінің есейгендігін шаттықпен тойлап жатқан сыңайлы. Бөлтірік ешбір аяқтамайтындай, бірнеше ұрттам суды жұтып, тамағын жібіткен соң, қуанышы қойнына сыймағандай ұлығанын қайта бастады. Таң ағарды. Түнгі күзетке шықпаған әйелдер сиыр сауу үшін тұра бастады. Чен Чжен бір қолымен бөлтірікті құшақтап, сол қолымен оның тұмсығын аяусыз басып, оның ұлығанын күштеп тежемекші болды. Бөлтірік мұндай қорлыққа қайдан көнсін. Ол жалма-жан бүкіл денесімен жанталаса бұлқынып, жойқын қарсыласты. Бөлтірік орташа бойлы жас қасқыр болып есейіпті. Чен Чжен оның күш-қауқарының осынша үлкен болғанын ойламапты. Ол бөлтірікті бір қолымен мүлдем ұстай алмады, ал тұмсығын қатты басқан қолын босата алмады. Осы сәтте қолын босататын болса, сөзсіз бөлтірік тарапынан таланып жараланады.

Бөлтірік өршелене қарсылық көрсетуде. Ызаланған ол адамды танудан қалды. Екі көзінен ызалы жанар білінеді. Екі қола бұрғыға ұқсаған оның қос кішкене көз қарашықтары Чен Чженнің көздеріне қадалды. Бөлтіріктің езуі оның қолын босататын емес. Ол алдыңғы екі аяғымен жанталаса шапшып, бей-берекет сермеп, тырналады. Жігіттің үстіндегі киімнің бір-екі жері жыртылды, оң қолының сырты һәм шынтағының бірнеше жеріне түскен жара қанталады. Чен Чжен ауырғанына шыдай алмай, қатты дауыстап, Яң Кэні шақырды. Есік ашылып, Яң Кэ жалаң аяқ жүгіріп келді. Екеулеп күштеп бөлтірікті жерге нығыздап басты. Ырсылдап ентіккен бөлтірік тырбанған екі аяғымен құмды жерде екі кішкене шұңқыр қазып тастады.

Чен Чжен қолының сырт жағында қан дірдектеп шығыпты. Екеуі бір ауыздан «Бір, екі, үш» деп дауыстап санағаннан кейін ғана бір уақытта қолдарын босатып, шеңбер ішінен ытқып шықты. Тоқтауды білмеген бөлтірік олардың соңынан ұмтылып еді, бірақ шынжыр мойнынан тартып жібермеді. Яң Кэ киіз үйге асығыс жүгіріп кіріп, дәрі қорапшасынан дәкі және қанды тоқтатуға арналған Юннән ұнтақ дәрісін алып, Чен Чженнің қолына жағып, сыртынан таңып қойды. Гао Цзянчжуң да айғай-шудан оянған екен. Орнынан тұрып, сыртқа шыққан ол:

- Ей, көкжалдар-ай, бәрің де шетінен жақсылықты білмейтін безбүйрексіңдер! Сен күнде-күнде асыл бекзадаға қызмет көрсеткендей оны бағып-күтесің, бәрін беріп асырайсың. Ол болса, өзіңді талайды. Сендердің қолдарың бармаса, мен-ақ істеймін. Сәлден соң оны өлтіремін! - деп ашуланып қатты ұрысты.

- Керек емес, керек емес. Бұл жолы бөлтірікті кінәлауға болмайды. Мен оның тұмсығын қыссам, ол шамданбай қайтсін? - деді Чен Чжен жалма-жан қолын сермеп.  

Сәл бозарып таң атты. Бөлтіріктің желігі әлі басылмады. Ол асыр салып ойнақтауда, дамылсыз ырсылдап тыныстауда. Бөлтірік бір сәт шеңбердің шетінде шоқиып отырып, солтүстік-батыс тарапқа телміре қарап, басын көтеріп, тұмсығын шалқайта тағы ұзақ ұлыды. Жаңағы арпалыстың арқасында ол төселіп қалған ұлуын ұмытып, кенеттен ешбір дауыс шығара алмады. Бірнеше рет оқталып еді, нәтижеде шыққан дауысы оғаштау болды. Риза болған Эрлаң құйрығын бұлғаңдатты. Үш адам да қуанып құптағанын білдірді. Намысқа шыдай алмай, ашу-ызасы кернеген бөлтірік өзінің қамқоршысы болған Эрлаңға тісін ақситып атылды.

- Бөлтірік жабайы бөрілердей ұп-ұқсас ұлитын болды. Оның даусын бүкіл отряд естіген болуы мүмкін. Бұл жолы үлкен пәлеге тап болдық-ау. Енді не істейміз? - деді Чен Чжен қамығып.

- Бөлтірікті тезірек өлтірейік. Әйтпесе, қасқырлар тобы бұдан кейінгі түндері қойларды қоршап, жан-жақтан ұлитын болады. Соңынан іле-шала ауылдағы жүзден астам ит үргенде, отрядтың түнгі күзетке түспеген адамдарының бәрі ұйықтай алады ма екен? Егер де қойлар шығынға ұшырайтын болса, сенің сазайыңды тартады, - деп қатулана сөйледі Гао Цзянчжуң.

- Өлтіруге болмайды. Біз ешкімге білдірместен бөлтірікті еркіне жіберейік. Ол шынжырды үзіп, қашып кетіпті дейік, - деді Яң Кэ. 

- Өлтіруге де, қоя беруге де болмайды! Бір күн болса да, қолда ұстаймыз. Өз еркіне жібергеннің өзінде де, қазір жібере алмаймыз. Қоныстың шетін жағалай өзге үйлердің төбеттері торып жүр. Қазір еркіне жіберсек, иттер оның артына түсіп, талап өлтіреді. Осы күндері сен қойларды бақ. Мен күнде-күнде түнгі күзетке шығып, қойлар отарын күзетейін, ал күндіз бөлтірікке қарайын, - деп тістене сөйледі Чен Чжен.

          - Солай болсын. Егер де отрядтан бөлтірікті өлім жазасына кесу туралы қатаң бұйрық түсірілсе, оны өлтіруден басқа амалың қалмайды. Сонда ғана біз дереу оны жібере саламыз. Оны иттер жоқ алыс жерге апарып, еркіне қоямыз, - деді Яң Кэ.

- Сен екеуің істің оңай жағын ойлайсыңдар. Сәл күте тұрыңдар. Сәлден соң малшылар міндетті түрде келіп, біздің үйдің есігін тоқылдатады. Оның түні бойы шуылдағанынан жақсы ұйықтай алмадым. Басым айрықша ауырып тұр. Мен оны өлтіргім келеді! - деді ыңылдап Гао Цзянчжуң. 

Таңертеңгі шай ішіліп болмай, есіктің сыртында аттардың дүбірі естілді. Шошыған Чен Чжен, Яң Кэ асығыс далаға шықты. Үлжі мен Білге-ата босағаның алдына келіп қалған екен. Екеуі аттан түспей, киіз үйді айналып, бөлтірікті іздеп жүр. Олар екі рет айналғаннан кейін ғана бір шынжырдың орға түсіп түрғанын көріп қалды. Білге-ата аттан түсіп, мойнын соза бір қарады да:

- Бәсе, таба алмай жүрсем, мұнда тығылған екен ғой, - деді.

Чен Чжен, Яң Кэ жалма-жан тізгіндерді алып, екі арғымақты өгіз арбаның дөңгелегіне байлады. Екеуі бірер сөз де айта алмай, ұрыс есітуге дайын тұрды.

Үлжі мен Білге-ата шеңбердің сыртында жүресінен отырып, үңгірдің ішіне қадалды. Бөлтірік қырынан жатып, демалып жатыр екен. Бөтен адамдардың мазалағанын жақтырмаған ол айбат шегіп ырылдады. Қос жанарынан қаһар шашырауда.

- Е, бұл кәззәп үлкейіпті. Түздегі бөлтіріктерден де ірі екен, - деді ақсақал. Ол Чен Чженге тағы бұрылып, - Сен оны шынымен жақсы көреді екенсің. Оған салқын үңгір қазып беріпсің. Осы күндері оны шыжыған күннің астында ұстағанда, адамдардың араласуынсыз-ақ күннің аптабы оны өзі-ақ өлтіреді деп ойлағанмын.

- Ата, бұл үңгірді мен қазбадым. Бөлтіріктің өзі қазды. Анау күні ыстықтан өле жаздағанда, өзі ұзақ уақыт айналшақтап, осы әдісті ойлап тапты, - деді Чен Чжен абайлап.

Қарияның көзінде таңырқау білінді. Бөлтірікке қадала қараған ол бір сәт үндемей тұрды.

- Анасы үйретпесе, ол өздігінен үңгір қазушы ма еді? Тәңірдің оны өлімге қимайтын сыңайлы, - деді Білге-ата.

- Көкжалдар өте зерек. Ақылдылығы иттерден де анағұрлым күшті болады. Біраз нәрседе тіпті адамнан да ақылды, - деді Үлжі.

Чен Чженнің жүрегі тұтастай дамылсыз соғып кетті. Ол ауыр тыныстап, кідірместен сөзін бастады:

- Мен де.... қайран қалдым. Осынша кішкене бөлтірік мынадай шеберлікке қайдан ие болды? Мен оны әкелген кезде ол әлі көзін де ашпаған еді. Тіпті туған анасын да көрмеген ғой, - деді Чен Чжен.

- Бөрілер тапқыр да зерек келеді. Туған анасы үйретпесе де, Тәңір оған үйретпейді дейсің бе? Кеше түнде оның аспанға қарап ұлығанын көрген шығарсың. Иен далада сиыр, қой, жылқы, ит, түлкі, қарақұйрық, суыр аспанға қарап дауыс шығармайды. Қасқыр ғана көкке қарап ұлиды. Бұл неліктен? Мен баяғыда айтып едім ғой: көкжалдар Тәңірдің іштартар сүйікті перзенттері болып табылады. Олар сахарада қатерге тап болғанда, аспанға қарап ұзақ ұлып, Тәңірден жәрдем тілеп жалбарынады. Олар осынша көп айла-шеберліктің бәрін Тәңірден тілеп алған. Жапан түздегі бөрілер ертеден-ақ «таңертең ақыл-нұсқау сұрайды, жөн сұрайды, кешке Тәңірге есеп беріп, баяндайды». Көшпенділер де үлкен пәлеге, әуре-сәрсеңге тап болғанда, басын жоғары көтерген халде Тәңірге жалынып-жалбарынады ғой. Байтақ даланың жанды-жануарларының арасында қасқырлар мен адамдар ғана Тәңірден медет тілейді, - деді Білге-ата.

Ақсақал бөлтіріктің жанарының анағұрлым жайдары болғанын байқады.

- Далалықтар Тәңірге табынуды көкжалдардан үйренген ғой. Моңғолдар сахараға әлі көшіп келмей тұрған кезде, бөрілер баяғыда-ақ күндізде, түнде де басын көтеріп, Тәңірге ұлиды екен. Иен далада өмір сүру аса жапалы да машақатты. Қасқырлардың көңіл-күйі бұдан да қасіретті. Қариялар түнде олардың аянышты ұлығанын тыңдап, бірге қайғыратын, көз жасын төгетін, - деді ол.

Чен Чженнің жүрегі дір етті: оның ұзақ мерзімді байқауы барысында шексіз далада тек көкжалдар мен адамдар ғана аспанға қарап ұлыды немесе үнсіз дұға қылады. Далалықтар және бөрілер осы көркем де жұтаң сахарада аса машақатты өмір сүреді. Олар ешнәрсені алданыш ретінде пайдаланып, ермек етпейді. Содан аспанға амалсыз ақтарылып, шерін тарқатпай қайтсін? Ғылыми тұрғыдан қарағанда, олардың аспанға қарап ұлуы өзінің дауысын ақпарат ретінде тіпті де алысқа, тіпті де кең, тіпті де бірыңғай жеткізу үшін екен. Алайда, Чен Чжен сана-сезім жағынан керісінше Білге-атаның түсіндіру қабілетін алуды қалайды. Егер өмірде белгілі бір құдыреттің жебеуі болмаса, ғұмыр кешудің аса қайыры жоқ, тым мағынасыз болар еді. Чен Чженнің көз шарасы қызарды.

- Қолыңды жасырма, - деді ақсақал Чен Чженге бұрылып қарап, - Бөлтірік тістеген шығар? Кеше түнде мен бәрін есіттім. Балам-ай, мені бөлтірікті өлтіру үшін келді деп отырған шығарсың.... Бүгін таңертең біраз жылқышы мен қойшы үйіме келіп, сен жөнінде шағымданып, отряд басшылығынан бөлтірікті өлтіруді сұраған еді. Үлжеке екеуіміз ақылдасып, оны әлі де бағуыңды жөн көрдік. Сен асырауды жалғастыра бер, бірақ ерекше абай бол. Әй, сен сияқты қасқырларға құштар болған қытайларды расында да көрмеппін.

Чен Чжен бірер секунд мелшиіп тұрды.   

- Шынымен маған бөлтірікті бақ дейсіз бе? - деп сұрады таң қалған Чен Чжен, - Неге? Мен де отрядқа зияндық келтіруден, сіздерге пәле артудан қорқамын. Бөлтірікке тері таспалы тұмылдырық жасап, оны ұлымайтындай етемін деп тұрмын.

- Кешіктің. Құртқалардың бәрі сенің үйіңде бөлтірік тұратынын біліп қойды. Менің шамалауымша, бүгін түнде көкжалдар тобы міндетті түрде келеді. Алайда, барша топтардың қоныстарын осынша тығыз жайғастырдық. Адамдар, иттер, қару-жарақ жеткілікті. Бөрілер тиісуге батпайды. Менің алаңдайтыным, кейін күзгі жайылымға қайтқанда, қоныстардың бәрі өзара бытырап кетеді. Сонда сендердің киіз үйлеріңе қауіп төнеді, - деді Үлжі.

- Ол кезде менің үйімдегі үш күшігім өсіп-өніп, иттердің саны бесеуге жетеді. Бұған мынау бөрібасар Эрлаңды қосыңыз. Біз түнгі күзетке шыққан уақытта сыртқа жүгіреміз. Сондай-ақ петарда жаруға болады. Біз қасқырлардан сескенбейміз, - деді Чен Чжен.

- Уақыты келгенде көреміз, - деді қария.

Чен Чженнің көңілі сонда да алаңдауда.

- Ата, соншама көп адам бөлтірікті өлтіру жөнінде бұйрық түсіруіңізді өтініпті. Сіз олармен қалай сөйлестіңіз? - деп тақатсыздана сұрады ол.

- Осы күндері көкжалдар тобы арнайы құлындарды талап жеп жатыр. Жылқы үйірлері орасан зор шығынға ұшырады. Егер де бөлтірік бөрілерді осында шақырса, жылқылардың шығынын азайтуға болады. Жылқышылардың өмірі мен жағдайы біраз жақсарып кетер еді. Жылқылар арасында дүрбелең туылмас еді, - деді Білге-ата.

- Сенің бөлтірік асырағаныңның бұндай бір пайдасы бар: жылқыларға түскен қысым-қыспақты азайтуға болады.... - деді Үлжі Чен Чженге, - Сен ешбір жағдайда да бөлтірікке өзіңді тістетпе. Бұл ойнайтын іс емес. Бірнеше күн бұрын бір жұмыскер мингуң түнде малшының үйіндегі құрғақ тезекті ұрлауға түскенде, оны малшының иттері қауып алыпты. Құтыру ауруына шалдығып, қайтыс болуға шақ қалыпты. Мен Пэң інішекке ферма орталығынан тағы біраз дәрілер алуды тапсырдым.

Білге-ата мен Үлжі сәйгүліктеріне мініп, асығыс жылқы үйіріне жөнелді. Жылқылар пәлеге ұшырағаны сөзсіз. Чен Чжен жолда көтерілген екі шаңды бағанға қараумен болды. Көңілі не жеңілдену, не алаңдау керектігін біле алмай, дал болды.                                  

                                                                           

25

Цзин елінің аумағы әуелгіде жуңдар мен телелердің көшіп жүріп, мал бағатын өңірі болатын. Чэң-ваң бір анадан туылған інісі Шу’юні Таң бектігінің бегі етіп тағайындайды. Таң елінде «шекара жуңдар арқылы бөлінеді» («Цзо-чжуән» кітабында жалпы төрт жыл деп көрсетіледі) екен. Атап айтқанда, жуңдар мен телелердің тұрмыстық қағидалары бойынша, жайылымдар бөліп беріледі. Бұл Лу және Вэй елдеріндегі егіншілік өңірлерді Чжоу патшалығының заңдарына сәйкес егістік жерлерді бөлу жүйесіне ұқсамайды. Шу’юнің баласы Сефу мемлекеттің ресми атауын Цзин етіп өзгертті.

Фән Вэнлән. «Қытайдың жалпы тарихы бойынша қысқаша курстар», 1-том

 

Чен Чжен үйдегі ең соңғы екі борша етті қазанға салып, үстіне біраз қойдың майын қосып, бөлтірікке бір қазан қоп-қою ботқа пісірді. Бөлтіріктің тамаққа тәбеті барған сайын үлкеюде. Етке толы бір табақ ботқа оның тойғанынша тамақтануын қамтамасыз етпейтін болды. Чен Чжен бір күрсініп, киіз үйге кіріп, уақытты бекерге жібермей ұйықтап алды. Сол арқылы қойлар үшін күреске рухтанды, осы түнгі күзетте сұрапыл шайқасқа әзірленді. Түстен кейінгі мезгілде біреудің айғайынан оянып, дереу сыртқа атылып шықты.

Үстіне заттар өңгерілген тұлпарға мінген Чжаң Цзиюән киіз үйдің алдындағы бос жерге жақындап келіпті. Тұлпардың денесінің алдыңғы жағы түгелдей қанға боялыпты. Бір шошып, бір ыршыған ол өгіз арбаға жақындауға батпай, осқырынады. Иттер жан-жақтан ағыла жүгіріп келіп, оны айнала қоршап, құйрықтарын бұлғақтатып тұр. Чен Чжен әлі ұйқыдан шыға қоймаған көздерін уқалап, шошығанынан бір селк етті: Чжаң Цзиюән ер-тоқымның үстіне бір жаралы құлынды өңгеріп алыпты. Чен Чжен асығыс жақындап, жүгенді тартты һәм тұлпарды тыныштандырды. Құлын басын көтеріп, барынша бұлқынып жанталасуда. Омырауындағы бірнеше қанды жара әлі де қанталап жатыр. Тұлпардың денесі мен ер-тоқым қызыл түске боялуда. Зәресі ұшқан тұлпар бадырайып қарап, танауынан алқымданған тыныс есілуде. Алдыңғы бір аяғы дамылсыз дірдектейді, тағы бір аяғы оқтын-оқтын жерді ойып, тебініп тұр. Чжаң Цзиюән ер-тоқымның артына, тұлпардың сауырына мінгесіп отырғандықтан, аттан түсуі қиынға түсті. Ол қанталаған құлын тұлпардың аяғының астына құлауынан, мінген атының үркіп кетуінен қорықты. Чен Чжен жалма-жан бір қолын босатып, құлыншақтың алдыңғы бір аяғын ұстай қалды. Чжаң Цзиюән оң аяғын үзеңгіден зорға шығарып, абайлап аттан түсті. Ол жерге құлай жаздады.

Екеуі аттың екі жағынан тұрып, құлынды ептеп көтермелеп, жерге ақырын түсірді. Тұлпар жылдам айналшақтап, көздерін шақшитып, құлынға қайғылана қарайды. Құлын басын көтере алмай қалды. Әдемі қара көздерін үлкейтіп ашып, адамдарға мөлиіп қарайды. Ауырғаннан жалынышты кісінеп, алдыңғы сирақтарымен жерге таянды, бірақ тұра алмайды.

- Құтқарудың мүмкіндігі бар ма? - деп асыға сұрады Чен Чжен.

- Бату жараларын тексеріп көрді. Оның айтуынша, мал болуы екіталай. Біз ұзақ уақыт бойы ет жемеп едік. Бұның жаны шықпай тұрғанда, шапшаң бауыздаңдар. Сарылың да жаңа ғана Білге-атаның үйіне бір жараланған құлынды әкетті, - деді Чжаң Цзиюән.

Чен Чжен ішінен бір пәлені сезгендей, жүрегі гідің ете қалды. Ол Чжаң Цзиюәнге қолдарын жуу үшін бір леген су берді.

- Жылқылар үйірі пәлеге ұшырады ма? Шығын үлкен бе? - деп сұрады Чен Чжен.

- Сұрамай-ақ қой. Кеше кешке Бату екеуіміздің үйірімізде қасқырлар екі құлынды жеп, біреуін жаралап кетті. Сарылыңның жылқы үйірі бұдан да аянышты. Осы бірнеше күнде бес-алты жылқы көкжалдарға жем болды. Басқа үйірлердің жағдайын білмедім. Шығын аз болмаған шығар. Отрядтағы басшылардың бәрі жылқы жаққа кетті, - деді Чжаң Цзиюән үнжұрғасы түсіп.

- Кеше түнде бөрілер тобы отрядтың қонысын қоршап, түнімен ұлып шықты. Олардың бәрі осында шоғырланды ғой, жылқылар жаққа қайдан бара қойсын? - деді Чен Чжен.

- Қасқырлардың бұл соғыс тактикасы «Жаппай шабуылға шығып, жан-жақтан дауыстау» деп аталады. Шығыстан дауыс шығарып, батыстан соққы береді, өзара қорғаштайды. Өтірік шабуыл жасау мен негізгі де шоғырлы соққыны үйлестіреді, әртүрлі бағыттан есті жиғызбай соққылайды. Шабуылды бастамай дұшпанның әскери күштерін айналдырады. Адамдардың басын бұрғызғанмен, құйрығын бұрғызбайды. Шығысқа қаратқанмен, батысқа бұрғызбайды. Көкжалдар тобының бұл тактикасы бір бағыттағы шоғырлы шабуылдау әдісінен де, жеке-жеке талқандау тактикасынан да жаман, - деді Чжаң Цзиюән.  Ол қолдарын жуғаннан соң сөзін тағы жалғастырды:

- Құлынды тезірек сойыңдар. Ол өлген соң қан денесіне таралып, еттің ішіне жиналады, еттің дәмі болмайды.

- Бәрі де жылқышылар ең қатал болады дейді. Шын екен. Қазір сен жылқышының салауатына ие болыпсың. Әлпетің де барған сайын кескінделіп келеді. Азырақ көне замандағы дала батырының қанқұйлы күшің бар, - деді Чен Чжен.

Ол сабы қоладан жасалған моңғол қанжарын Чжаң Цзиюәнге беріп жатып:

- Өзің бауызда. Осынша әдемі құлынды союға қолым бармайды, - деді. 

- Бұл құлынды адам емес, бөрі талап өлтірген. Адамдардың қасиетіндегі ізгілік немесе жамандыққа ешбір қатысы жоқ.... Мейлі, бауыздасам бауыздайын. Келістік: мен сойып берейін, ал қалған терісін сыдыру, етін бұзу, ішек-қарнын аршу дегендерді толығымен өздерің жасайсыңдар, - деді Чжаң Цзиюән.

Чен Чжен кідірместен келісе кетті.  

Чжаң Цзиюән қанжарды алып, құлынның кеудесін және басын жерге басты. Сосын сахараның салт-дәстүріне сәйкес, оның көздерін аспанға қаратты. Содан соң қанжарды бірден оның мойнына шаншып, ұйқы күретамырын орып жіберді. Құлынның қаны атқымады, бірақ сорғалап ғана шықты. Иттердің сілекейі ағып, құйрықтары бұлғақтауда. Күшіктер алға шығып, жердің үстіндегі құлынның қанын жалай бастады. Қанның иісін сезген бөлтірік те үңгірінен жүгіріп шығып, шынжырды сүйретті. Ашқарақ көздерінен кектенген ашу-ыза шашырайды.   

- Бірнеше күн бұрын бір құлынды сойғанмын. Оның еті мынадан семіздеу еді. Мен бірнеше жылқышымен бірге құлын етінен жасалған мантыны екі рет түйіп жедік. Құлын еті ерекше дәмді де жұмсақ болады екен. Негізі, қырдағы малшылар жазда құлынның етінен мантыны амалсыздан пісіріп жейді. Мыңдаған жылдардан бері бұндай манты иен даланың әйгілі дәмді тағамы болып саналады, - деді Чжаң Цзиюән.

Ол қолын жуып тазалаған соң, ағаш бөшке қойылған арба дәртесінің үстіне отырып, Чен Чженнің құлынның терісін сыпырғанына қарады. Семіз де жұмсақ етті теріден айырған Чен Чжен де қуанып отыр.  

- Мына құлынның бойы расында да үлкен екен. Биіктігі ірі бойдақ қойға келеді екен. Осы бір айда еттің дәмін ұмыта жаздадым. Адамдар ғой мейлі, бөлтірікке обал болды. Енді оған жейтін ет бермегенде, ол қойдай маңырап кететін еді, - деді ол.

- Мынау құлын – биылғы ең ерте туылған төлдің бірі. Сүйекті жылқының тұқымы болғандықтан, әрине оның да сүйегі де ірі болуының реті бар. Егер де сендер оның етін дәмді десеңдер, бірнеше күннен кейін тағы біреуін әкелейін. Жаз жылқылар шығынға ұшырайтын мезгіл болып табылады. Жылда солай. Бұл мезгілде биелер құлындайды. Құлыншақ – қасқырлардың ең оңай қолға түсетін олжасы. Екі күннің бірінде бір үйірден бір-екі құлын көкжалдар тарапынан әкетіледі. Бұдан шынымен де сақтану мүмкін емес. Тап осы кезде жылқылардың құлындау мезгілі өтіп барады. Әрбір жылқы үйіріне шамамен 140-150 құлын қосылды. Олұн даласының шөбі шүйгін, биелердің сүті мол. Құлындар жылдам өсіп-жетіледі, асыр салып ойнақтап шыға келеді. Айғырлар мен биелер оларды басқарып бола алмайды, - деді Чжаң Цзиюән.

Чен Чжен құлынның бөрі талаған бас, кеуде, мойын еттерін балтамен бөліп, ас әзірлейтін тақтайдың үстіне қойып, тағы ұсақ бөліктерге майдалады. Алты ит әлдеқашан Чен Чжен мен құлынның денесін аяқ басатын жер қалдырмай тығыз қоршап, шыр айналуда. Бес иттің құйрықтары күзгі желмен тербелген қамыстың үлпілдегіне ұқсап тұр. Ұзын құйрығы қылыштай тік созылған Эрлаң төбет ғана міз бақпай Чен Чженнің етті қалай бөлгенін қарауда. Көптен бері жаңа жас еттің иісін иіскемеген бөлтірік қанның иісін сезді, шыр айналып қыңсылады.

Ет пен сүйектер үш үлкен һәм үш кіші бөлікке бөлінді. Чен Чжен бастың жартысын және мойынның жартысын Эрлаңға берді. Төбет құйрығын бұлғақтатып, етті езуінде қыстырған күйі өгіз арбаның астындағы көлеңкелі салқын жерге жүгіріп, жәркемдей бастады. Сарытөс, Ілбіс және үш күшік те өз үлестерін алып, әрбіреуі арбаның және киіз үйдің саясындағы көлеңкеге тарап кетті. Иттер тарағаннан кейін ғана Чен Чжен құлынның төс етін және төс сүйегін майдалап шауып, бөлтіріктің табағына үйіп салды. Табақтың басым бөлігін құраған төс ет пен сүйектердің үстіне тағы ұйыған қан қосылды. Содан соң «Бөлтірік, бөлтірік, тамақ келді!» деп дауыстап шақыра отырып, бөлтірікке қарай аяңдады.

Бөлтіріктің мойыны әлдеқашан қалың да мығым болып жаттыққан-ды. Қаны тамған жас етті көргенде, ол су тартатын арбаны өрге шығарған бұқадай езуінен сілекейі ағып кетті. Чен Чжен табақты жылдам шеңбердің ішіне қойды. Жабайы қасқыр тірі жылқыға тарпа бас салғандай, бөлтірік құлынның етін шап етіп қылғыта бастады, сондай-ақ Чен Чженге тістерін ақситып ырылдады, оны кетуге мәжбүрледі. Чен Чжен қайтадан құлынның терісі жайылған жерге оралып, оны сүйектерден тазартуды, еттерін бөлуді жалғастырды. Бір жағынан көздің қиығымен бөлтірікке қараумен болды. Бөлтірік етті жәркемдеп қылғытуда, сондай-ақ ауық-ауық иттер мен адамдарға сақтықпен қиығынан  қарауда. Оның садақша иілген денесінен табақтағы жас етті кез келген уақытта өз үңгіріне әкетуге дайын екендігі байқалады.

- Малшылар құлынның ішек-қарнын, өкпе-бауырын жейді ме? - деп сұрады Чен Чжен Чжаң Цзиюәннен.

- Көкжалдар талап жеген құлынның ішек-қарнын малшылар жемейді, - деді Чжаң Цзиюән.

Чен Чжен алдымен құлынның қарнын, жуан ішегін, аш ішегін шығарып, күл үйіндісінің қасына тастады. Иттер оларды жарыса тартып әкетті. Сосын киіз үйден екі бос тегеш әкелінді. Құлынның жүрегі, бауыры, өкпесі, бүйрегі және кеңірдегі осы екі тегешке толтырылып салынды. Тегештер отаудың ішіндегі шыны-аяқ сөресінің астындағы көлеңкелі жерге қойылды һәм бөлтірік пен иттердің келесі реткі тамағы етіп сақталды.

- Сендер жылқышылардың бөріні ұстауда ешбір амалы болмағаны ма? - деп сұрады Чен Чжен.

- Жылқышы болып істегеніме жақында екі жыл толады. Меніңше, қырдағы көшпелі мал шаруашылығының ең осал тұсы дәл осы жылқылар болып табылады. Бір үйірдегі 400-500 жылқыға әрең екі жылқышы қарайды. Қазір оларға қосылған бір зиялы жастың өзі жеткіліксіз. Екі-үш адам күндіз-түні кезектесіп жүрсе, бір адам жылқылар үйіріне қайдан қарап үлгереді дейсің, - деді Чжаң Цзиюән.

- Онда неге жылқы үйіріне бірнеше жылқышыны көбейтіп бермейді? - деп сұрады Чен Чжен.

- Жылқышылар сахарадағы «ұшқыштары» болып табылады. Яғни, олардың жұмысы айрықша ауыр да күрделі мамандыққа жатады. Лайықты бір жылқышыны тәрбиелеп жетілдіру оңай емес. Бұған өте ұзақ уақыт жұмсау керек. Байтақ далада осал жылқышыға ешкім де жылқы бақтырмайды. Сәл абай болмаса, бір жыл бойы үйірдің жартысы ауыр шығынға батады. Оның үстіне, жылқышы болу аса тауқыметті, тым жапалы, аса қатерлі. Қыстың түндерінде нольден төмен 30-40 градус суығында ақ боранда түні бойы жылқыларды иіріп қарауға тура келеді. Ондайда үш қабат тон-шалбар кисең де, суықтан қатып қалып, аяқтың саусақтары үсуі мүмкін. Жазда масалар адамдар мен жылқылардың қанын судай сорады. Көптеген жылқышылар 8-10 жыл жұмыс істегеннен-ақ жиі-жиі жарамсыз болады немесе кәсібін ауыстырады, немесе жарақаттар алып, қызметтен босайды. Біздің отрядта зиялы жас жылқышыдан төртеу едік. Екі жылға жетпей-ақ мен өзім ғана қалдым. Иен далада жылқышылар жетіспейді. Оларды қайдан көбейтіп қамтамасыз етпексің? Жылқы үйірінің жылжымалы сипаты аса үлкен, жылдамдығы тез. Үйірдің ішінде биелер, құлын-тайыншалар, ахта аттар көп болады. Өжеттігі шамалы жылқышы үйірден оңай айырылады. Жылқышылар қостың ішінде бір тамақ пісіріп болғанша, жылқылар үйірі қарасын көрсетпей көзден ғайып болуы мүмкін. Үйірден көз жазып, бір жоғалтсаң, көбінесе біраз күн іздеуге, бірнеше күн аш жүруге тура келеді. Сол бірнеше күнде қасқырлар тобы ашықтан-ашық құлындарды аңдып қырып салады. Алдыңғы жолы 4-топтың жылқышысы аттан жығылып, басын жарған кезде бір үйір жылқы бір түннің ішінде шекарадан әрі өтіп кетіпті. Ферма басшылығы шекаралық бақылау-өткізу бекетімен хабарласып жүріп, ондаған күннен соң ғана жылқыны әрең қайырып әкелді. Бұл он шақты күнде иесіз жүрген жылқылар ауыр шығынға душар болған екен, - деді Чжаң Цзиюән.

- Екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынастар ушығып тұрғанда, олар қалайша жылқыны қайтарып берген? - деп сұрады Чен Чжен.

- Бұлай болмаса болмайды. Екі елдің арасында ертеден-ақ келісім бар. Шекаралық бақылау-өткізу бекеті жылқы үйірінің шекараны өткен уақытын, жерін және санын, әсіресе айғырлардың санын, түр-түсін, белгісін дұрыс мәлімдесе, қарсы тарап адамдарын жіберіп, үйірді қайтарып береді. Біздің жақ та солай істейді. Алайда, жылқылар орта жолда көкжалдарға жем болса, екі тараптың шекаралық әскерлері де жауапкершілік көтермейді. Бір жолы олар 120 жылқының бері өткенін мәлімдеген-ді, бірақ біздің тарап адам шығарып, екі күнде әрең 90 жылқыны ғана тапқан екен. Жылқышылардың айтуынша, әлгі табылмаған аттардың басым бөлігін бөрілер жеп кеткен, - деді Чжаң Цзиюән.

- Менің түсінбейтінім, жылқылар неге өз өмірімен ойнап сонша қашады? - деп қадала сұрады Чен Чжен орайды жібермей.

- Оның себебі көп ғой, - деді Чжаң Цзиюән, - Қыста тым суық. Жылыну үшін көп шабу керек. Көктемде жүні түлеген кезде тер шығару қажет болғандықтан шабады. Жазда масалардан құтылу үшін желге қарсы шабады. Күзде сиырлар және қойлармен шұрайлы жайылымға таласады, яғни ұрланып шабады. Дегенмен, бәрінен де қасқырлардың қуғындауынан құтылу үшін бір жылғы төрт маусымда бастарын бәйгеге тігіп, жанның барынша қашып жүруі ауыр түседі. Жылқы үйірі жылдам қозғалады, иттер оған ілесе алмайды, оны қайыра алмайды. Түн келгенде жылқышыларда түнгі күзетте жәрдемдесетін иттері болмайды. Бір адам үркек жылқыларды қайдан күзетіп, дұрыс қарайды дейсің. Айсыз қараңғы түнде көкжалдар тобы жылқыларды тұтқиылдан шабуылдайды. Егер бөрілер аз болса, жылқышылар мен айғырлар үйірді қорғай алады. Қасқырлар көп болса, жылқы үйірін үркітіп, тауды құлатқандай тас-талқанын шығарады. Жылқышылар мен айғырлар үйірді қорғауға мүлдем мұршасы болмайды.

Чжаң Цзиюән әңгімесін жалғастырды:

- Қазір мен Шыңғысханның атты әскерлерінің неліктен сонша алыс жорықтарды шапшаң қарқынмен жүргізгенін білдім. Көкжалдар тобы күндіз-түні моңғол жылқысының жылдам шабу, ұзақ қашықтыққа шабу, бұлшық еттерін шынықтыру, төзімділікті жетілдіру секілді қасиеттерін жаттықтырады екен. Жылқы үйірінің ішінде жүргенімде арғымақтар мен бөрілердің тіршілік үшін аяусыз күресінің тым қатыгез болатынын жиі көремін. Қасқырлар тобы қараңғы түнде жылқы үйірін қырып салу үшін соңынан аса рақымсыз қуалайды. Жол бойы өкшелей қуып, сілейте соққы береді. Олар жоғары қарқынмен барынша жүгіріп, үздіксіз айқасып, жылқыларға мүлдем дамыл бермейді. Кәрі, ауру, шабан, әлсіз аттар, құлындар және буаз биелер үйірге ілесе алмай қалғанда, дереу бір топ көкжалдар тарапынан қоршалып, таланып қырылады. Сен іс жүзінде жылқылардың жан сауғалап қашқан қайғылы түрін көрмедің ғой: аузынан ақ көбік ағып, бүкіл денесі қара тер басып, терлейді. Ажалдың алдында арпалысқан кейбір жылқылар барлық дәрмен-қуатын жұмсап тауысып, ең ақырғы қадамын басып, жерге домалап құлайды, жанын үзеді, көпе-көрнеу жүгіріп мерт болады. Ең жүйрік жылқылар тыныстап алып, біраз тоқтап, басын еңкейтіп, жанталаса шөп жейді. Ашыққан кезде қандай өсімдік болса да, бәрін опырып жейді. Тіпті құрғақ қамысты да жейді. Шөлдегенде қандай су болса да, тіпті лас та сасық судың бәрін ішеді. Сиырлар мен қойлардың сідігі жиналған шалшық суды да іше салады. Моңғол жылқысының күш-қауқары, төзімділігі, ас қорытуы, дерт-індетке қарсы иммунитеті, ыстық-суыққа төзімділігі жағынан бүкіл әлемде бірінші орында тұр десе болады. Алайда, моңғол жылқыларының бұндай қасиеттерінің бәрі бөрілердің қуғындау жылдамдығы және басына төнген ажал ауыр дәрежеде жаттықтырғанын жылқышылар ғана біледі.

Чен Чжен бұны құштарлана тыңдады. Ол боршаланған құлынның етін және сүйек-жіліктерін киіз үйдің ішіне әкетіп, терісін киіз үйдің үстіне жайды.

- Бір жылдан астам уақыт жылқы бағып, маман болыпсың ғой. Сен айтқан мына әңгімелерің аса маңызды екен. Сыртта ыстық. Жүр, киіз үйге кірейік. Сен тек әңгімеңді жалғастыр, шауып-турау һәм теріні илеу жұмыстарын мен істейін, - деді ол.

Екеуі үйге кірді. Чен Чжен пияз аршып, қамыр илеп, ет турап, хош иісті сары бұрыш қосылған сұйық майды қыздырып, малшылардың үйреншікті ашытпаған қамыр қосылған етті бәліштерді әзірледі.

Бір кесе салқын шайды ұрттаған Чжаң Цзиюән сөзін одан әрі жалғастырды:

- Осы күндері мендей жылқышы тек аттардың қамын ғана ойлаудамын. Мен ойлаймын, Моңғолия даласының қасқырлары әлемдегі тауқыметтен таймайтын ең жүйрік те төзімді моңғол жылқысын жетілдірді және де бүкіл жаһанды дүр сілкіндірген ғұндар, түрктер һәм моңғолдардың қайсар атты жасақтарын тәрбиелеп шықты. Ферғана жылқылары, Іле тұлпарлары, Арабия сәйгүліктері, Дон аттары – бәрі де әлемге әйгілі жылқылар. Алайда, Батыс өңірдің, Орталық Азияның атты жасақтары, орыстар мен қыпшақтардың атты қосындары, арабтардың атты әскерлері, сондай-ақ Еуропадағы Тевтон орденінің атты жасақтары неге моңғолдың атты әскерлерінен жеңілді? Батысқа қарай ілгерілеген моңғол қосындары Польша, Мажарстан, Аустрия, Мысыр қатарлы елдердің іргесіне дейін соғысып барды. Ғұндардың атты әскерлері сондай-ақ бүкіл Еуропаны қидай шайпап, қазіргі Францияның Орлеан қаласына дейін жеткен еді. Дүние жүзінде басқа қай мемлекет пен халықтың соғыс аттары осындай асқан күш-қуатқа және төзімділікке ие болған?

- Тарихи кітаптарда көрсетілуінше, ежелгі заманда Моңғолия даласында адамдар аз, жылқы көп болған екен, - деді Чен Чжен сөз қыстырып, - Жорыққа аттанған кезде бір сарбаз төрт-бес немесе бес-алты сәйгүлікті жетектеп шығатын. Оларды ауыстырып мінудің арқасында күніне жүздеген шақырым жүруге болатын. Сондықтан моңғол атты әскерлері ертедегі тұңғыш машиналы әскери бөлімдер болып, найзағайдай жылдам да қауырт соғыстарды жүргізген. Моңғолдардың жылқылары көп. Жаралы аттарды әскерлердің азық-түлігі етіп пайдалануға болады. Қарын ашса, жылқы етін жеген. Шөлдесе, жылқының қанын ішкен. Яғни, қамдау қызметін атқарған артқы шеп әскерлері қажетсіз болған.

- Дұрыс айтасың, - деп күліп сөйледі Чжаң Цзиюән басын изеп, - Цюәнжуңдар, ғұндар, сянбилер, түрктерден бастап қазіргі моңғолдарға дейінгі барша Моңғолия сахарасында өмір кешкен, соғысқан дала халықтарының бәрі көкжалдың сыры мен құнын білген деп айтқаның есімде. Мен барған сайын бұл сөзіңнің қисыны барын сезінемін. Иен даланың бөрілері көшпенділерге ең қайсар да соғысқұмар мінез, ең көрнекті соғыс ақыл-парасат пен теңдестерінің ішіндегі ең үздік әскери сайгүліктерді сыйлады. Осы үш әскери артықшылық Моңғолия даласы көшпенділерінің әлемді дүр сілкіндіруінің сыры һәм себебі-дүр.

Чен Чжен бір жағынан қамыр илеп, бір жағынан  сөзін жалғастырды:

- Соғысуға шебер моңғол жылқыларын қасқырлар жетілдірген. Сенің осы тұжырымың аса маңызды. Мен бұрын бөрі тотемі далалықтардың батырлығы мен қайсарлығын, сондай-ақ әскери ақыл-парасатын келіп шығу мәселелерін шешкен деп есептейтінмін. Көкжалдар сондай-ақ ерікті жаттықтырушы болғанын, яғни ат үстіндегі ұлттар үшін жаһандағы ең жоғары дәрежелі соғыс тұлпарларын жетілдіргені ойыма әсте кірмепті. Осыншама адуынды соғыс сәйгүліктеріне ие болғандықтан, моңғолдардың мінезіне ақыл-парасаты сай келіп, қосымша қанат қосылғандай қайраттана түскен ғой. Жарайды, бір жылдан көбірек уақыт бойы жылқышы болғаның зая кетпепті.

- Олай болса, осы сенің «бөрілерге құмарлығың» ықпалын тигізген ғой. Сен осы екі жылдан бері маған осынша көп кітаптардағы тарихты әңгімеледің. Әлбетте, мен де саған біраз ауызша мәліметтерді айтып бердім, - деді Чжаң Цзиюән қарқылдап күліп.

Чен Чжен де күле сөйледі:

- Бұндай айырбас жасау тиімді де ұтымды екен! Әйтсе де, бір кішкене мән-жайды мен әлі де анықтай алмадым. Қасқырлар тобы жылқылар мен құлындарды қуып өлтіруден бөлек, құлындарды қырғындау үшін тағы қандай амалдарды қолданған?

- Оның әдістері көп. Жылқы үйірі шөбі биік немесе күрделі жер бедеріне келгенде, мен төтенше абыржимын. Көкжалдар кесірткілер сияқты жерді бауырымен жорғалайды, тікесінен өрмелейді, сондай-ақ басын көтермей-ақ тек тұмсығы және құлақтарымен жабайы аңдардың қай жерде жүргенін біле алады. Биелер құлындарын көбінесе сыбырлап шақырады. Бөрілер биелердің еміс-еміс шыққан дауысына негізделіп, құлындардың жалпы тұрған орнын және аралығын дәл мөлшерлейді. Содан соң олар ақырын жақындай бастайды. Құлынның жанында айғыр болмағанда ғана қасқырлар тарпа бас салады. Бір атылғаннан-ақ құлынның мойнын қыршып үзіп, тасаға сүйреп әкетеді һәм түк қалдырмай жәркемдеп тастайды. Егер биелер мен айғырлар байқап қалса, көкжал дереу қашып кетеді. Жылқылар өлі құлынды әкете алмайды, сондықтан бөрі олар кеткеннен кейін қайта оралып, әлгі құлынды жеуді жалғастырады. Кейбір айрықша айлакер қасқырлар құлындарды алдап соғады. Бір көкжал жылқылар үйірінің шетінде бір құлынның тұрғанын, бірақ оның жанында биенің жүргенін байқап қалса, ол еңбектеп жылжып, қасындағы биік те бітік шөптің арасына жасырынады. Содан соң шалқасынан жатып, денесін өсімдіктердің арасына жайғастырады, ал төрт аяғын қалың шөптің тасасынан сыртқа шығарады, ақырын бұлғақтайды. Алыстан қарағанда, әлгі бөрінің шайқалып тұрған аяқтары жабайы қоянның ұзын құлақтарына немесе басын жан-жаққа бұрып қараған саршұнақ тышқанға және басқа да ұсақ жануарларға ұқсайды. Әйтеуір, ит пен қасқырға ұқсамайды. Жақында ғана өмірге келген құлыншақтың қызығушылығы ерекше күшті болады. Өзімен салыстырғанда ұсақ тірі жануарды бір көргенде, толығымен тамашалау үшін оның жанына шауып барады. Анасы кесе-көлденең тұруға, тосқауыл қылуға үлгергенше, көкжал құлынның алқымын орып жібереді, - деді Чжаң Цзиюән.

- Кей-кезде маған бөрілер шынымен де жануар емес, қайта өзінше бір табиғаттан тыс тылсым құбыжық болып сезіледі, - деді Чен Чжен.

- Рас, рас айтасың. Дәл құбыжықтың өзі! Өзің ойлашы, күндіз жылқылар бытырап жайылып жүреді. Ал үйірдің ішінде жүрген жылқышылар қай жерде пәле шығатынын білмей қалады. Түнде әлгі қасқырлар тіпті де шімірікпей ойына келгенін істейді. Ұрлай алатыны ұрлайды, тартып алатыны жұлып алады. Ұрлау, тартып алудың реті келмегенде, ұйымдасқан күш ретінде сұрапыл шабуыл жасайды. Айғырлар биелер мен құлындарды үйірдің ішінде нығыздап қоршап, жанын сала қорғайды, сондай-ақ қоршаудың сыртындағы көкжалдарды аяусыз тістейді, рақымсыз тебеді. Әдеттегі бөрілер тобына ондаған ірі айғырдың бірлескен қорғанысын бұзып-жару өте қиынға түседі. Кейде дұрыс соққы жасамаған қасқыр айғырлар тарапынан теуіп өлтіріледі, тістеліп жарақаттанады. Алайда, бұзылған ауа-райы жағдайында аш көкжалдардың үлкен тобының шабуылына тап болған айғырлар оларды тоқтата алмайды, қарсы ешнәрсе істей алмайды, төтеп беруге амалсыз қалады. Ондай кезде екі жылқышы әрекетке келуі керек. Егер де олар шамшырақ жағып, мылтық атып тоқтата алмаса, онда бөрілер жылқы үйірін тас-талқан етіп, құлындарды талайды. Жаз келгенде, топтың ішіндегі бөлтіріктердің бәрі үлкейіп, қасқырлардың тәбеті тіптен үлкейеді. Олар қарақұйрықтар мен суырларды ұстай алмайды, сондықтан негізгі шабуылды жылқы үйіріндегі құлындарға бағыттай бастайды, - деді Чжаң Цзиюән.

- Сонда жылқылар үйірі жылына қанша құлыннан айрылып, зиян шегеді? - деп сұрады Чен Чжен.

Чжаң Цзиюән сәл ойланып жауап берді:

- Бату екеуіміздің мына үйірімізде былтыр 110 астам құлын туылған. Биыл жазда 40 астам құлын қалыпты. 70 астам құлын көкжалдарға жем болды. Жылдық шығын 60% құрады. Бұл бүкіл отрядтағы төрт жылқы үйірінің ішіндегі ең тәуірі деп есептеледі. №4 мал шаруашылығы тобының жылқы үйіріндегі былтыр туылған құлындардан қазір 10 нешесі ғана аман қалыпты. Бір жылдағы шығыны 80% құраған. Мен Үлжіден бүкіл отрядта жылқы үйірлерінің арасында әр жылы құлындар шығынының жалпы салыстырмасын сұрағанмын. Оның сөзінше, орта есеппен жалпы шығын шамамен 70% құрайды екен.

- Құлындардың өлім-жітім көрсеткіші расында тым үлкен екен-ау, - деді Чен Чжен шошып, - Жылқышылардың бәрі бөрілерді өлердей жек көретіні бекер емес екен ғой.

- Іс бұнымен бітпейді. Құлындар өсіп, тай болғанда да қауіп-қатерлі кезеңнен құтылмайды. Бұрынғыдай қасқырлар тобы шабуылдарының нысанасы болып жүреді. Тек құнанға айналғаннан кейін ғана олар көкжалдарға төтеп бере алады. Алайда, бөрілер тобына, аш қасқырларға кездесе қалса, оларға қарсы тұра алмауы мүмкін. Біздің жылқышыларда қанша машақат бар дейсің? Жабайы адамдардай бір жыл бойы өліп-талып жұмыс істеп, құлындардың 30%-40% ғана әрең аман сақтап қалады. Егер де кішкене ғана немқұрайдылыққа жол берсе, бір жыл бойы бекерге тер төгуі де ықтимал, - деді Чжаң Цзиюән.

Сөз таппаған Чен Чжен мантының қамырын үнсіз илеуге кірісті. Чжаң Цзиюән қолын жуып, оған манты түюге көмектесті. 

- Дегенмен, мейлі қанша жапалы да машақатты болғанмен, көкжалсыз тағы болмайды. Батудың айтуынша, егер де бөрілер болмаса, жылқылардың сапасы төмендейді. Олар болмаса, аттар жалқау болады, семіреді, жүгіре алмай қалады. Әсілі, бүкіл әлемде моңғол жылқысы аласа бойлы болады. Егер де жүйріктігі және төзімділігі болмаса, оларды жақсы бағаға сату мүмкін емес болар еді. Армияның атты әскерлері оларды әскери мақсатта пайдалануға батылы бармайтын еді. Оның үстіне, егер де қасқырлар болмағанда, жылқылар аса қауырт көбейеді. Өзің ойлашы, бір үйір жылқы бір жылда 100 де он шақты құлынға көбейеді. Құлындардың үлкен бөлігі тірі қалды делік, онда үйірдегі жылқылардың саны 20-30% өседі. Бұған әр жылы жаңадан қосылатын құлындай алатын байталдарды есептесек, құлындардың көбею салыстырмасы тіпті жоғары болады. Осылай үш-төрт жыл ішінде бір үйір жылқының саны екі есе артады. Әдетте құлындар дөнен, бесті болғанда ғана сатуға жарамды болады. Ал бұлардан кіші құлындардың басым бөлігі қолда бағылады. Ал жылқы үйірлері – жайылымдарды ең бүлдіретін үй жануарлары. Үлжінің айтуынша, саршұнақ тышқандар мен қояндардан бөлек, жайылымдарды ең қатты бүлдіретін жылқы екен. Моңғол аттарының тамақтану тәбеті орасан зор. Бір жылқы жылына ондаған, тіпті жүздеген қойлар жейтін мөлшердегі шөпті жейді. Қазір малшылардың бәрі жылқы үйірлерінің сиырлар мен қойлардың жайылымдарын тартып алғанына ренжулі. Егер де бүкіл ферманың жылқылары ашықтан-ашық көбейетін болса, онда біраз жыл өтпей-ақ сиырлар мен қойлар қоректенетін шөбі қалмайды. Ал Олұн сахарасы біртіндеп шөлге айналады...., - деді Чжаң Цзиюән.

- Басқаша айтқанда, қырдағы малшылар көкжалдардың арқасында жоспарлы туу саясатын жүзеге асырып, жылқының жалпы санын бақылауға алуда. Сонымен бір уақытта, олардың сапасын көтеру немесе қорғау нысанасын да көздеуде ғой? - деді Чен Чжен қамыр жайған оқтаумен тақтайды ақырын ұрып қойып.

- Әрине, солай. Далалықтар расында да дала диалектикасын шебер қолданатын іскерлер ғой. Сондай-ақ олар сахараның қалыс әділдігін ерекше жетік біледі. Қытайлар сияқты асыра сілтеп, жүгенсіздікке беріліп, шектен шығып кетпейді. «Шығыс дауылы батыс дауылын басып түспесе, батыс дауылы шығыс дауылын басады», яғни «орта жолды ұстану» ұстанымын дәріптейді. Далалықтар сахарадағы әртүрлі қарама-қайшылықтардың тепе-теңдігін сақтауға, яғни «бір оқпен екі қоянды атып түсіруге» шебер, - деді Чжаң Цзиюән.

- Дегенмен, бұндай тепе-теңдікті сақтаудың өзі нағыз қатыгездік. Көктемде жылқышылар бөлтіріктерді апаннан қазып алады. Бір қазғаннан ондаған бөлтірікті қолға түсіріледі. 100-200 бөлтірік осылайша өлтіріледі. Әйтсе де, олардың тұқымын құртпайды, қырып-жойып тауыса алмайды. Ал жазда бөрілер тобы керісінше құлындарды қырғындайды. Бір шабуылдағанда олардың 70-80% жайратып кетеді. Алайда, жылқышылар оларға 100% құлындарды мерт қылуға жол бермейді. Тепе-теңдікті ұстанудың бағасы қанды бодаумен, қанның селдей ағылуымен тынады. Ал тепе-теңдікті қорғау малшылардың ешбір жалқауланбай, босаңсымай күресуіне ұласады. Бұндай «орта жолды» ұстану қытайлардың «орташа жолды» ұстануына қарағанда, жауынгерлік пен күресшеңдікке ие, әділдік пен ақиқатқа да біртабан жақын, - деді Чен Чжен.

- Қазір егіншілік өңірінен келген бір топ басшы кадрлар байтақ сахарада қисынсыз да топас бұйрықтар түсіріп жүр. Жан-тәнімен тек сандық көрсеткіштерді талап етуде, сандық көрсеткіштерді өршітуде, байбалам салуда! Сандар! Ең соңында «Бірден бәрінен айрыламыз»: қасқырлар қалмайды, моңғол жылқылары адамдарға керек болмай қалады, иен даланы құм басады, төрт түлік мал аштықтан қырылады, ал біз Бейжіңге қайтамыз...., - деді Чжаң Цзиюән.

- Қиялдапсың, - деді Чен Чжен, - Тарихта көшпенділердің атты әскерлері Бейжіңді қаншама рет шабуылдаған, қаншама рет Ұлы дала халықтарының билігі астындағы астана болды десеңші. Бұл шаһар далалық атты қосындарға қарсы тұра алмаған еді. Даланың атты әскерлерінен күш-қуаты орасан зор құмнан, миллиардтаған құм түйіршіктерінен құралған «сары апаттан» ол қайдан сақтансын?

- Онда біз бұны тежей де алмаймыз, басқара да алмайды екенбіз, - деді Чжаң Цзиюән, - Сан миллиондаған диқандар жанын сала бала туып, барша пәрменмен тың жерлерді игеруде. Бір жылда бір өлкенің халық санындай адамдар жарық дүниеге келуде. Осынша жан саны артық, орасан зор халық ұлан-байтақ далаға баса-көктеп кіргенде, оларды кім бөгей алады?

- Шынында да ешкім бөгей алмайды. Ішімнен абыржып сасқалақтаймын. Қытайдың Конфуций ілімі шын мәнінде егінші елдің патшаларына және ұсақ жер иеленушілерге бейімделген рухани жүйе болып табылады. Патша – ауқатты да бай диқан. Ал Қытайдың диқан отбасыларының басшылары өз алдына бір кішкене патша саналады. «Кезектесіп патша боламыз, ертең билеп-төстеу біздің әулетке ауысады», «Су қайыққа жүзуге мұрша береді, сондай-ақ қайықты төңкере алады». Кімде-кім телегей теңіздей егінші халықтың ағын-тасқынына бейімделмесе, топан су соның «қайығын төңкереді», суға батырады. Жер егілетін жерде тек патшалық билік, монархиялық деспотия ғана өсіп-өнеді, республикалық құрылыс шықпайды. «Су қайыққа жүзуге мұрша береді, сондай-ақ қайықты төңкере алады» сөзі іс жүзінде «диқандар патшаны көтеріп шығарады, сондай-ақ оны құлатады да» деген мән береді. Яғни, көтерсе де, төңкеріп тастаса да бәрібір патшалар таққа шыға береді. Мыңдаған жылдан бері Қытайдың халқы қалыптан тыс асып кетсе, көтеріліс пен бүліктер бұрқ етіп, дүрбелең пайда болады. Халықтың саны қырылып азайтылып, патша ауысып, қайта көбею жалғасады. Бұл үрдіс үздіксіз жалғасып, қайталанады. Жан саны тым көбейіп кеткенде, патшалық ауысады. Егін шаруашылығы өркениетінің өрлеу кезеңінде бір мақсат, бір ниетте болған патша мен халық диқандарды спиральды дамудағы озық күштерінің өзегі етеді. Алайда, өрлеу шыңынан асқанда бұндай күштер спиральды құлдыраудың, жап-жаңа өндірістік қатынастардың бүршіктерін буындырып қылғындыратын, көгалдың шөбін қырқатын машинаға айналады.... Яғни, бұл күштер жас өндіргіш күштердің, өндірістік қатынастың көркеюін қырқып отырады, - деді Чен Чжен күрсініп.

Чжаң Цзиюән басын қайта-қайта изеді. Ол тезектерді жиып, ошақтың отын жағып, қазан қойды. Мантылар ағаш қасқанға салынды. Екеуі балшық ошақтың жанында отырып, манты піскенін сабырлылықпен күткен халде қызу әңгімелесті.

- Бүгін сен осыны әңгімелегенде, көшпенділер неліктен жылқыны өздерінің тотемі етпей, керісінше аттың қас жауы көкжалдарды өз тотеміне айналдырғанын ақыры түсіндім. Мен де бұны түйсіндім. Бұндай қалыптан тыс логикада керісінше Ұлы даланың терең логикасы жатыр. Өйткені Моңғолияның жылқысы – бөрілер мен далалықтардың бірлесіп қолға үйретілген «оқушысы», «шәкірті». Ал «шәкірт» қалайша өз ұстазы һәм «пірі» табынатын тотемге айналсын? Ал қасқырлар ешқашан да адамдар тарапынан қолға үйретілген жоқ. Көкжалдың мінез-құлқын және көптеген шеберліктерін адамдар мыңдаған жылдар бойы үйренсе де әлі толығымен игеріп болмады. Бөрілер іс жүзінде иен даладағы барлық нәрсені бағындырып, басқарып келеді. Олар сахарадағы әртүрлі күрделі де шым-шытырық қарым-қатынастардың ең шоқысы үстінде тұр...., - деді Чен Чжен.

- Расында да цюәнжуңдар мен ғұндарға сүйсінемін. Олар неткен керемет халықтар еді. Бөрі тотеміне сену ең ертеде олардан басталған, солардан таралған. Сол сенім ешбір үзілместен қазірге дейін жалғасуда, - деді Чжаң Цзиюән.

- Бөрі тотемінің рухы қытайлардың конфуцийлік рухынан да көне, тіпті табиғи өміршеңдік күш пен бірізділік жалғасу қуатына ие. Конфуций идеологиялық жүйесінде, мысалы «үш парыз, бес уәжіп» (феодалдық заманның адамдар қатынасындағы моральдық өлшем) атты бағдарламалы уағыздардың бөлігі әлдеқашан уақыты өтіп, іріп-шіріп кетті. Ал бөрі тотемінің өзекті рухы керісінше бұрынғыдай жастық шағын бастап кешіріп дәурендеп, қаулап тұр. Сондай-ақ қазіргі заманғы бірталай ең озық дамыған ұлттардың бойында бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Моңғолия даласындағы халықтардың бөрі тотемі бүкіл адамзаттың қымбатты рухани мұрасы болу керек. Егер қытайлықтар Қытайдың ұлттық рухынан Конфуций ілімінің шіріген жарақсыз құрамдарын ойып тастап, оның орнына, яғни бұл ойылған рухани қуысқа бөрі тотемі рухының бір шыбығын көшіріп егетін болса, оны Конфуций тағылымындағы бейбітшілік, оқу-ағартуға көңіл бөлу, кітап оқу, куңфумен айналысу және басқа да дәстүрлермен үйлестірілсе, ұлттық мінезді қайта жаңғыртса, онда Қытайдан үміт күтуге болады. Тек өкініштісі, бөрі тотемі жазбаша деректер мүлдем аз болған таза рухани жүйе болғаны. Дала халықтарының оңдырмай тұралататын, түбіне жететін жері – жазбаша мәдениеті саласындағы мешеулігі. Ал бірнеше мың жыл бойы дала халықтарымен қарым-қатынастар жүргізген Қытайдың конфуцийшіл тарихшылары да бөрі тотемі мәдениетін елеп-ескермеді, естелікке алмады. Қасқырларды өлердей жек көрген сол конфуцийшілер тарихи кітаптарда жазылған бөрі тотемі жөніндегі нәрселерді әдейі алып тастауы ықтимал деп күдіктенемін. Сондықтан қазір бізге Қытайдың тарихи жылнамаларынан осы тотем туралы деректерді табу теңізден тебен іздегендей қиын. Біз әкелген бірнеше жүз кітабымыздан бұндай ешнәрсе табылмайды. Келесі жолы үйге барғанда көбірек тиісті кітаптады әкелудің амалын табуымыз қажет, - деді Чен Чжен.

          - Менің бір туысым қағаз зауытында кішкене бастық болып жұмыс істейді, - деді Чжаң Цзиюән бірнеше құрғақ тезекті отқа салып, - Тәркіленген кітаптар зауытта төбе-төбе болып үйіліп жатады екен. Жұмысшылар тұрақты түрде сол ескі кітаптарды темекі орауға істетеді екен. Кітапқұмар адамдар темекіге олармен әйгілі классикалық шығармаларды айырбастауына болады. Мен жылқышы ретінде бір айда 70 астам юән аламын. Бұл - жоғары жалақы деп есептеледі. Сатып алған темекіге кітаптарды айырбастау менің қолымнан келеді. Алайда, мемлекетіміз құрылғаннан бері ҚХР үкіметі көкжалдарды аулап, атып өлтіргендерді жігерлендірумен, мадақтаумен келеді. Иен далада бөрілерді соққан «қаһармандар» сахараның жаңа батырларына айналуға шақ қалды. Моңғол ұлтының жастары, әсіресе мектепке толықсыз орта білім алған қойшылар мен жылқышылар да бөрі тотемінің не екенін білмей барады. Сеніңше, осыларды зерттеуіміздің қандай маңызы бар?

          - Нағыз ғылыми зерттеулер қажеттілік пен пайданың бар-жоғымен санаспайды, - деді қазанның қақпағын алған Чен Чжен басын бұрып, - Тек ғана қызығушылық пен әуесқойлықтан келіп шығады. Оның үстіне, бұрын өзіне түсініксіз мәселені білуді қажетсіз деп айтуға болады ма?

Құлын етінен жасалған мантылар қалың буға орана қазаннан шығарылды. Чен Чжен мантыны аздап суығанша қолдан қолға төңкерді. Сосын бір тістеп көріп, қайта-қайта мақтауын жаудырды.

- Дәмді, дәмді екен. Әрі хош иісті, әрі жұмсақ! Бұдан кейін қасқырлар жаралаған құлынға тап болсаң, тікелей үйге қарай тасисың ғой, - деді ол.

- Қалған үш сабақтастың манты жеуі маған байланысты. Оларды кезек-кезекпен осында жіберейін, - деді Чжаң Цзиюән.

- Онда сен көкжал тістеген анау бөлігін де ала кел. Бөлтірікті тамақтандыруым керек, - деді Чен Чжен.

Екеуі бір демде бір қасқан мантыны жеп тауысыпты. Көңілі көншіген Чен Чжен орнынан тұрды. 

- Бұл нешесінші рет бөрілердің тамағын жегенім есіме анық түспей отырғаны. Жүр, «қасқырды мантымен атуды» ойнайық, - деді ол.

Манты суығаннан кейін Чен Чжен мен Чжаң Цзиюән әрбіреуі бір манты алып, қуаныштары қойнына сыймаған халде киіз үйден шығып, бөлтірікке қарай аяңдады.

- Бөлтірік, бөлтірік. Тамақ келді! - деп айғайлады Чен Чжен.

Лақтырылған екі манты бөлтіріктің басына және денесіне ақырын тиді. Ол қорыққанынан құйрығын қысып, зу етіп үңгірдің ішіне кіріп кетті. Мантыларды Сарытөс пен Ілбіс жерден теріп әкетті. Екі жігіт бір сәт абдыраған соң ғана қайта әрекетке келді.

- Біз екеуіміз нағыз ақымақпыз. Бөлтірік ешқашан мантыны көрмеген және жемеген. Оған мантыны бекерге лақтырып, ысырап қылған жоқпыз ба? Мантымен оны ұрып ойнағанымызды қайдан білсін? Көкжалдар аса күдікшіл келеді. Тіпті ол асырап жатқан маған да сенбейді. Ол бәлкім мантыны өзіне лақтырылған тас деп қалса керек. Осы күндері әрі-бері өткен моңғол балалары оған кесек лақтырады, - деді Чен Чжен күліп.

Чжаң Цзиюән күліп, бөлтірік үңгірінің жанына барып сөйледі:

- Бөлтірік аса сүйкімді екен. Мен оны құшақтап-құшақтап, біраз ойнайын.

- Ол адам таниды. Мені және Яң Кэні таниды. Яң Кэ екеуіміздің ғана құшағына барады. Тіпті Гао Цзянчжуң да оның қасына баруға батылы жетпейді. Оған жақындап кетсе, тістеп алады. Сен одан да қоя ғой, - деді Чен Чжен.

Чжаң Цзиюән еңкейіп, үңгірге жақын барып, бөлтірікті қайта-қайта шақырады:

- Бөлтірік, есіңде болсын: саған құлынның етін әкелген менмін. Әбден тойғаннан соң мені танымай кетесің бе?

Чжаң Цзиюән тағы бірнеше рет шақырып еді, бірақ бөлтірік тісін ақситып, бетін тыржитқан күйі ырылдап айбат шегіп, сыртқа шықпайды. Ол темір шынжырды тарту арқылы бөлтірікті сүйреп шығарғысы келгенде, бөлтірік зу етіп үңгірден атылып шығып, тістеуге ұмтылды. Шошыған Чжаң Цзиюән артқа қарай тоңқалаң асып домалады. Чен Чжен бірден бөлтіріктің желкесін қаумалап құшақтап, оның жолын кесе-көлденең бөгеді һәм басынан ақырын сипап, оны сабасына әрең түсірді. Чжаң Цзиюән орнынан тұрып, үсті-басының шаң-топырағын қақты.

- Ештеңе етпейді. Түздің бөрісі сияқты жауыз екен. Егер де бөлтірікті ит секілді асыраса – қызық емес болар еді. Келесі рет қайтқан кезде оған тағы да құлынның етін әкелермін, - деді ол жымиып.

Чен Чжен бөлтіріктің ұлуынан келіп шыққан алуан түрлі қатерлерді Чжаң Цзиюәнге айтып берді. Чжаң Цзиюән «Теңіз қасқыры» кітабын «Дүние жүзінің тарихы» кітабына ауыстырды.

- Менің тәжірибеме негізделгенде, бүгін түнде көкжалдар тобы келуі мүмкін. Өте абай бол. Біздің сүйікті бөлтірікті олардың әкетуіне әсте жол берме. Ақылды көбірек істет. Бөрілердің ең қорқатыны – жарылғыш заттар. Егер де олар шынымен де қойларға ұмтылса, сендер жарылғыш оқ-дәріні лақтырыңдар. Өткен жолы сендерге әкелген бір бума оқ-дәріні тағы егжей-тегжейлі тексеріп көр. Егер де дымқылданса, жарылмай қалады, - деді ол.

- Яң Кэ оны балауыз май қағазбен орап, кіиз үйдің ішіндегі ең жоғарғы жағындағы әлгі ағаш жәшікке салған екен. Дымқылданбауы керек. Бірнеше күн бұрын келімсектермен керіскен кезде соның үшеуін тұтатқан-ды. Жарылғанда жер-көкті дүр сілкіндірді ғой, - деді Чен Чжен.

Чжаң Цзиюән асығып-аптығып жылқылар үйіріне шауып кетті.  

 

26

Уәзір Гуаң (Сыма Гуаң) айтты: ....Уди (Хән патшасы Уди, б.з.д. 156-87 жж., Хән әулетінің жетінші патшасы) төңірегіндегі төрт «и» (қытайлық емес бөтен ұлыстар: шығыстағы илер, батыстағы жуңдар, оңтүстіктегі мәндар, солтүстіктегі дилер) басып алуға құмарланды. Жорықтарда патша сарайының талай өлімнен қорықпайтын ержүрек азаматтары қаза болды. Оның есесіне байтақ жерлер жаулап алынды, егістіктер кеңейді. Кейін келе ел тыныштанып, егін шаруашылығына көңіл бөлінді.... Халық та өзінің пайдасына кенелді. Бұл билеушінің мінезі өзгеше болған. Бұрын өткен патшалардың артықшылықтарын өз бойына жинап, Шаң мен Чжоу патшалықтарының ел басқару тәсілін қолданды....

Уәзір Гуаң айтты: Сяо У (Хән патшасы Уди).... көбінесе Цин патшасы Шихуаңға ұқсайды....

Сыма Гуаң. «Тарихи шежірелер» шығармасының «Хән Шицзуң патша Сяо Удың қарамағында» бөлімі

 

Кешкі тамақтан кейін Бао Шигуй Білге-атаның үйінен Чен Чженнің киіз үйіне келді. Ол аса жомарттықпен Чен Чжен мен Яң Кэге алты батарея салынатын үлкен электр фонарын берді. Бұл бұрын жылқышыларға ғана тиесілі қару әрі құрал-жабдық есептелетін. Бао Шигуй ерекше міндет тапсырды.

- Егер бөрілер тобы қойларды шабуылдаса мына электр фонарын жағыңдар. Жарылғыш петардаларды қолдануға болмайды. Сендер үйдегі иттерді қасқырларды шырмалауға жөнелтіңдер. Мен сендердің төңірегіңдегі бірнеше малшылардың үйіне айтып қойдым. Сендер фонарь жаққандарыңды көргеннен кейін олардың бәрі төбеттерін ілестіріп келіп, көкжалдарды қоршауға алатын болды, - деді Бао Шигуй күліп, - Сендер асыраған бөлтіріктің осынша үлкен пайда тигізетінін ойламаған едім. Егер де ол осы жолы өлекшінді және бөрілер тобын шақыратын болса, олардың жеті-сегізін жайратсақ, онда біз ірі жеңіске жетер едік. Тіпті бір-екі құртқаны өлтірсек те жеңіске жеткен болып саналады. Малшылардың бәрі бүгін түнде өлекшіннің келетінін, сендер бөлтірікті сойып, сыдырылған терісін іліп, оның өлігін таулы беткейдегі жазыққа тастауды, осы арқылы құртқаның күдерін үзу керектігін айтуда. Алайда, мен бұған келіспеймін. Мен оларға қасқырлардың келмей қалуынан алаңдайтынымды, бөлтірік арқылы үлкен көкжалдарды шақыру қажеттігін айттым. Бұл орай сосын қайдан табылсын. Осы жолы ірі бөрілер алданатын болды. Сендер екеуің абайлаңдар: осыншама күшті қол шамның жарығы бірнеше минут ішінде адамның көзін соқып етіп, ешнәрсені көрсетпеуі мүмкін. Қасқыр тіпті де көре алмай қалады. Сендер де темір сойыл, темір күректерді дайындап қойыңдар. Сақтықта қорлық жоқ.

Чен Чжен, Яң Кэ қайта-қайта уәде берді. Бао Шигуй қауырт басқа отауларға барып, міндеттер жүктеді. Мылтықтан оқ атып көкжалды үркітуге, адамдар мен үй жануарларының күйіп қалмауы үшін от жағуға қатаң тыйым салған ол алды-артына қарамай тайып тұрды. 

Байтақ сахарада бұрын болып көрмеген бұндай бөрімен қандастарын шырғалау айқасы мейлі кейін қандай нәтижелерге әкелетіні белгісіз болғанмен, кең даланың бірсарынды да мимырт тұрмысына көптеген серпін әкелді. Қасқырға ерекше өш болған, ұзақтан бері Чен Чженнің үйіне бармаған бірнеше жас жылқышы, бақташы, қойшы өздігінен келіп, ахуал сұрап, жағдайға қаныққандай болды. Олар ешқашан болып көрмеген бұндай аң аулау әдісіне өте қызығушылығын танытуда.  

- Өлекшіндер бөлтірігін жанын сала қорғайды. Олар бөлтіріктің осында екенін біліп, оны тартып алады. Ең жақсысы, әр түні бірнеше құртқа келгенде күнде-күнде көкжалдарды атып отырамыз, - деді бір қойшы.

- Бөрілер бір рет зиян шексе, бұдан былай екінші рет жоламайды, - деді бір жылқышы.

- Егер де үлкен бір топ шабуыл жасаса қайтпекпіз? - деп сұрады басқа бір қойшы. 

- Олар қанша көп болса да, иттерден көп болмас. Ешбір амал қалмаса, онда адамдар мен иттер бірге қарсы тұрады. Шамдар жағылып, айғай-шу шығарылып, мылтық атылып, петардылар жарылатын болады, - деді жылқышы.

Жұрт кеткеннен кейін Чен Чжен мен Яң Кэн алаңдаған халде бөлтіріктен алыс емес жердегі киіздің үстіне отырды. Екеуі де терең қынжылды, опық жеді.

- Егер осы жолы қасқырларды аулау табысты жүргізілсе, олар расында да аса үлкен шығынға батады. Жұрттың барлық апандардағы бөлтіріктерді қоймай ақтарғаны жеткіліксіз болғандай, енді көкжалдардың аналық сүйіспеншілігін пайдаланып, өлекшінді де өлтіруді жоспарлауда. Кейін екеуіміз осы үшін өмір бойы өкініште қалармыз, - деді Яң Кэ.

- Мен қазір өз-өзіме күдіктене бастадым: кезінде бұл бөлтірікті асырағаным дұрыс па, қате ме, - деді Чен Чжен басын салбыратып, - Бір бөлтірікті асырау үшін алты бөлтірік өлтірілді. Бұдан кейін де қаншасы өлетінін білмеймін.... Алайда, менің шегінетін жолым қалмады. Ғылыми тәжірибе кейде жазалаушы жендеттей қатыгез болады. Білге-атаның сахараны басқаруы да оңай емес. Оған жүктелген жауапкершілік те аса үлкен. Бір жағынан бөрілердің малдарды аяусыз қынадай қыруына төзу керек. Тағы бір жағынан қасқырларды үздіксіз қыру азабына шыдауы қажет. Екі түрлі шыдап-төзудің екеуінен де қан судай ағылуда. Алайда, кең сахара және далалықтар үшін ол мейірімсіз тас жүректікпен ғана сахарадағы әртүрлі қарым-қатынастардың тепе-теңдігін қамтамасыз етуі мүмкін. Мен шынымен Тәңірден бүгін түнде, ертең түнде де құртқаларды мүлде келтірмеуін, тұзаққа өздігінен келіп ілінбеуді ескертуін сұрағым келеді. Маған тағы азырақ уақыт берілсе, бөлтірікті өсіріп, екеуіміз міндетті түрде өз қолымызбен оны анасының жанына жіберетін едік....

Түн жартысында Білге-ата тағы бір келіп, Чен Чжен мен Яң Кэнің айқасқа әзірлену жағдайын тексерді. Қария екі жігіттің жанына отырып, темекісін үнсіз тартты. Екі қорқор темекі тартқаннан кейін ақсақал өзінің екі шәкіртін жұбатқан ұстазға ұқсап, сондай-ақ өзін жұбатқандай бәсең дауыспен тіл қатты:

- Біраз күндерден кейін масалар шыққанда, жылқылар тағы үлкен апатқа душар болады. Біраз көкжалдарды өлтірмесек, биыл құлындар қалмай кетеді. Бұндайға Тәңір де жай қарай алмайды.

- Ата, қалай ойлайсыз? Бүгін кешке өлекшін келе ме, келмей ме? - деп сұрады Яң Кэ.

- Пәлен деу қиын, - деді қария, - Осы жасқа келіп, адам бағып-өсірген бөлтірік арқылы өлекшінді бұндай шырғалап тарту әдісін ешқашан қолданбаған да, естімеген де едік. Қаншама көп құлын мерт болды. Бао Шигуй жұрттың бәрін бөлтірікті пайдалану арқылы жыртқыштарды алдап әкеліп, бір қоршап соққы беруге шақырыпты. Бао Шигуйге және бірнеше жылқышыға бөрілерді өлтіртіп, сабасына түсіріп, шерін шығартпасақ болмайтын сияқты.

Ақсақал кетті. Ойпаттағы жайылым тым-тырыс. Тек қойлардың сықыр-сықыр етіп быртылдата күйсеген дауысы ғана естіледі. Оқта-текте саулықтардың құлақпен масаларды қаққан дауыстарын тыңдауға болады. Сахарада тұңғыш бір топ масалар құлаққа ұрған танадай жым-жыртта пайда болды. Алайда, бұл тек шағын да кішігірім барлаушы шарлаушылар ғана еді. Ал «бомбылаушы» негізгі әуе күштердің сұрапыл шабуылдары әлі қалыптаспаған.

Екі жігіт бір сәт ақырын әңгімелесті де, өзара кезектесіп ұйықтауға кірісті. Чен Чжен алдымен ұйықтады. Яң Кэ білегіндегі жарқырауық сағатына қарап, үлкен электр фонарін алып, төңірегіне қырағылықпен көз жіберді. Содан соң ол сақтық үшін бір буда петарданы сөмкеге салып, мойнына асып алды.

Құлынның етіне әбден тойған бөлтірік қараңғы түспей жатып-ақ темір шынжырды керіп, шеңбердің солтүстік-батыс жиегіне шоқиып отырып, мойнын созып, құлақтарын тікірейте тігіп, барша ынтасын сала ешбір қыбырламай, өзі ынтызар болған дауыстың шығуын тынышсыздана күтуде. Оның жалт-жұлт еткен жанары зарығып, қарай-қарай көзі талып, барша күшпен таулы беткейге ұмтылуда. Жетімдер үйіндегі жетім баланың туысқандарын күтіп саураған көздерінен де анағұрлым көңілі босаулы, қамығулы.

Түн ортасы енді өте бергенде қасқырдың ұлыған дауысы дәл уақытында естілді. Көкжалдар тобы ұлыған дауыстар арқылы қалжыратып-қажытатын айқасты тағы бастады. Үш жақтағы беткейден ұлыған жойқын да екпінді дауыстар тұтас асқақтады. Бүкіл ауылдың иттері дереу абалап үріп, қарсы шабуылға өтті. Орасан зор дауыстар толқыны бөрілерге атылды. Олардың ұлығаны кенеттен тоқтады. Алайда, төбеттердің үргені тоқтаған сәтте қасқырлардың екпінді ұлуы қайта шарықтады. Айтысу бірнеше мәрте қайталанды. Бір түн бойы үріп қылжыраған төбеттер көкжалдардың бекерге құқай көрсетіп жатыр деп есептеп, өз үрулерін саябырлатып, үру қарқынын азайта бастады.

Чен Чжен мен Яң Кэ жалма-жан бөлтіріктің жанына келіп, еміс-еміс айдың жарығында оған бажайлай қарады. Шеңбердің ішінде темір шынжырдың шықырлаған дауысы естіледі. Бөлтірік әлдеқашан аласұрған халде шеңберді шыр айналып жүр. Ол бөрілерше ұлымақшы болды. Төбеттердің үрген дауыстары килігіп кетті. Жақын жерде тұрған Эрлаң, Сарытөс пен Ілбістің ырылдауы әлсін-әлсін оны жаңылдырып тастады. Бөлтірік тағы да үруге де, ұлығанға да ұқсамаған оғаш дауыс шығарды. Ол ашуланғаннан қатты өшігіп, сес көрсетті. Бірнеше ай бойы иттермен ертелі-кеш бірге жүрген ол үшін күшпен таңылған үруден арылу, өзінің табиғи дауысына қайту өте ауыр болды.     

Эрлаң иттерді қораның солтүстік-батыс шетіне асыға бастап барып, тоқтаусыз шабелеңдеп үрді. Дұшпанның ауқымын байқаған тәрізді. Көп кешікпей, солтүстік-батыс жақтан қасқырдың ұлығаны естілді. Бұл жолы ұлыған дауыс Чен Чженнің қойлар отарына тіпті жақын жерден естілді. Басқа топтың төбеттері үруін біртіндеп бәсеңдеткен. Ал көкжалдар тобы Чен Чженнің киіз үйінің солтүстігіндегі беткейге ақырындап топталған сияқты. Чен Чжен еріндері сәл дірілдеп кетті.

- Бөрілердің негізгі күштері біздің бөлтірікке келе жатыр. Олардың жадында ұстау қабілеті шынымен күшті екен, - деді ол күбірлеп.

Үлкен электр фонарін ұстап тұрған Яң Кэ де біршама қорқа бастады.

- Егер де қасқырлар ұжымдасып шабуылдаса, бұншама көп болған оларды бақылауға ала алмаспыз. Сен фонарьмен белгі берсең, мен олар шоғырланған жерге «граната» лақтырамын, - деді ол үлкен петардалар салынған сөмкені сипап.

Иттердің үргені ақыры тынды.

- Тез! Тез отырып қарашы. Бөлтірік ұлиын деп жатыр, - деді Чен Чжен сыбырлап.

Иттердің үргені кедергі болмағанда, құлағын түрген бөлтірік көкжалдардың ұлыған дауыстарын зейін сала егжей-тегжейлі тыңдауына болатын еді. Ол кеудесін тік ұстап, құлақтарын түріп, езуін жұмып, мұқият тыңдады. Бөлтірік өте ақылды. Ол аузын ашып, ретсіз үйренбеді, қайта алдымен есту қабілетін жетілдіріп, ұйып тыңдап, қараңғыдан шыққан дауысты көптеп қабылдауды, сосын ғана ұлуды үйренбекші болды. Бөрілер тобының ұлығаны бұрынғыдай бөлтірікке қаратылды. Ол дегбірсізденіп, дауыстарды танып алуға ұмтылуда. Солтүстіктен ұлыған дауыс шықса, ол солтүстікке басын түріп тыңдауда. Батыстан ұлыған дауыс естілсе, сол жаққа басын бұрады. Егер үш тарапта бірге ұлыса, бөлтірік өз орнында аласұрып айналатын. Чен Чжен құлақ түре тыңдады. Ол осы түнгі ұлыған дауыстардың алдыңғы түндегі дауыстардан өзгеше екенін айқын байқады. Кеше түні бойы ұлыған дауыстар біршама бірыңғай шықты – жұрттың берекетін алып, сес көрсеткен дауыстар еді. Ал мынау түндегі ұлыған дауыстар керісінше біршама көп құбылмалы, бірде жоғары, бірде төмен шықты. Арасында сұрау салу, сөзге тарту, тіпті өлекшіннің жедел балаларын шақырған мағына да бардай көрінді. Бұны есіткен Чен Чженнің тұла-бойы мұздап сала берді.

Сахарада өлекшіндердің бөлтіріктерді жақсы көргені, қорғағаны жөніндегі риуаят-хикаялар өте кейінен таралған:

- бөлтіріктерді аң аулауда жаттықтыру үшін олар өзіне төнген қатерге қарамай, қозыларды тірідей ұстайды екен;

- апанның ішіндегі бөлтіріктерді қорғау үшін аңшылармен күшінің барынша аяусыз айқасады;

- бөлтіріктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларды тістерімен ілген халде түндер бойы апандарды жиі-жиі ауыстырады;

- бөлтірікті тойғызу үшін қарны жарылғанша тойып жейді және құрсағындағы жемтікті түгелдей балаларына әкеліп құсады;

- қасқырлар тобының қауымдық ортақ мүдделері үшін барша бөлтіріктерінен айрылған әлгі өлекшіндер апалы-сіңлілі немесе бөле әпке-сіңлілерінің балаларын өз сүтімен емізеді. 

Кезінде Білге-атаның айтқаны бойынша, бұрынғы заманда Олұн даласында бір кәрі аңшы үш өлекшіннің бір апанның бөлтіріктерін бірге асырағанын көрген. Сол жылы көктемде ол таудың қойнауында бөлтіріктердің апанын іздеп жүріп, беткейдің жылы жағында үш құртқаның жарты шеңбер түрінде жатып, 7-8 бөлтірікті емізіп жатқанын көріп қалады. Әр құртқаның құрсағының жанында 2-3 бөлтірік жатыр екен. Нәтижеде, ол және басқа аңшылар әлгі апанның бөлтіріктерін алу үшін баруға дәті шыдамаған.

Ақсақалдың сөзінше, кең даланың аңшылары мен жылқышылары бөлтіріктерді қазып шығарғанда, ешқашан оларды түгел әкетпейтін. Тірі қалған әлгі бөлтіріктерге өкіл мамасы және сүт анасы қызметін атқаратын өлекшіндер де көп болады. Сүтке тойған бөлтіріктер мығым, ал денелері келіскен болады. Сондықтан Моңғолия сахарасының көкжалдары – жаһанда денелері ең ірі, ең күшті, ең сапалы да ақылды көкжалдар.... Чен Чжен сол кезде: «Бұл әлі толығы емес. Олардың аналық махаббаты тіпті өз қауымының шеңберінен асып, өзінің ең қорқынышты дұшпаны – адамзаттың жетімін сүтпен асырауға жетті ғой. Өлекшіннің жауыздығы мен жыртқыштығының артында әлемдегі ең ой жетпейтін, ең көңіл жібітетін мейірімділік пен қайырымдылық» деп айтқысы келген-ді.

Көктемде бөлтіріктен айрылған өлекшіндердің бәрі дәл осы кезде қасірет шексе де, баласын тауып алуға әлі де үміттенуде. Олұн сахарасының осы жерінде ауылдардың ең тығыз орналасқанын, адамдар, иттер, мылтықтар ең көп шоғырланған қатерлі жер екенін олар ап-анық біледі. Алайда, өлекшіндер тәуекелге бел байлап жақындай түсті. Чен Чжен дәл осы сәтте бөлтіріктің мойнындағы қарғыбауының былғары алқасын ағытып, оны соншама көп шешелерімен өзара қайтадан қауыштыруды ойлады. Әйтсе де, оның бұлай жасауға батылы жетпеді. Ол бөлтірікті ауылдың ықпал аумағынан сытылған кезінде өз үйінің немесе көрші үйлердің ірі төбеттері оны бөрімен шатастырып, бәрі жабылып, парша-паршасын шығаруынан алаңдады. Ол бөлтірікті алысқа ілестіріп, қараңғыда ауылдың сыртында еркіне жіберуге батылы бармады. Ондай жағдайда, жігіттің өзі аласұрған өлекшіндер тобына тап болар еді....

Бөлтірік кеше түнде әркелкі алабөтен дауыстарға елегізген сияқты, жан-жақтан естілген үндерді естіп, біршама не істерін білмей дағдарды. Ол анау ерекше, құбылмалы да күрделі ұлыған дауыстардың мағынасын анық түсінбейді. Ал бұған қалай жауап қайтару қажеттігін тіпті де білмейді. Қасқырлар тобы бөлтіріктің жауабын ала алмаған соң, ұлығанын біртіндеп бәсеңдетті. Олар да кеше түнде ап-анық естіген бөлтіріктің ұлыған дауысы қалайша шықпай жатқанын түсінбеген болуы мүмкін.

Дәл осы уақытта бөлтірік отырысын түзеп, солтүстік-батысқа қарап ұли бастады. Басын еңкейткен ол «Оуу....» деп ұлуының алғашқы шешуші үнін шығарды. Сосын тынысын тарылтқан ол басын ақырын көтере кәдімгідей ұлыған дауысқа салды. Бөлтірік ең ақырында сүріне-жығыла аса қалыпты болмаған ұлығанын аяқтады. Үш тараптан тараған ұлыған дауыстар сылтыдай тынды. Көкжалдар оның ұлығанын түсіне алмаған тәрізді. Олар біраз абдырады, үнсіз күтуін жалғастырды. Біраздан соң бөрілер тобының арасынан киіз үйдің жанындағы бөлтіріктің дауысын айнытпай салған дауыс естілді. Бұны орта бойлы қасқыр ұлыған сияқты. Бөлтіріктің бір сәт абдырап қалғанын, әлгі ұлыған дауыстың не сұрағанын түсінбегенін сезді Чен Чжен. Бөлтірік енді ғана саңырау-мылқаулықтан айыққан көкжалдай не жұрттың сөзін түсіне алмады, не өзінің айтпақ болған ойын жеткізе алмайтын күйге түсті. Күннің қараңғы болғаны соншалық, ишарат етіп ымдайын десе қарсы тарап та көрінбейді.

Бөлтірік бір сәт күтті. Қарсы жақтан жауап дауыс болмаған соң, бөлтірік ешнәрсеге назар аудармастан одан әрі ұли бастады. Ол басын төмен түсіріп, тынысын бөгеді, сосын басын қайта аспанға қарата ұзақ ұлыды. «У... Оу.....» Бұл жолы ол ақыры кеше түнде ұлыған ең жоғары өресін толығымен қалпына келтірді. Ұзақ шарықтаған үнінде сәбидің былдырлаған дауысының сарыны бар. Кейде сырнайдың, сыбызғының, сиыр мүйізінен жасаған кернейдің әуеніне ұқсайды. Аяғы жұмсақ та жағымды толқынданып, үздіксіз созылуда. Бөлтірік өзінің осы ұзақ ұлығанына айрықша қанағаттанды. Ол бөрілер тобының жауап беруін күтпестен, ұзақ ұлуын бірінің артынан бірін құмарлана жалғай берді. Көңілінің тықыршуынан ұлыған дауысының аяқ жағы бірте-бірте қысқарды. Оның басы барған сайын жоғары көтеріліп, тұмсығының ұшы Тәңірге бағытталды. Төтенше әсерленген һәм асқақтаған оның ұлыған дауысы барған сайын ысылды, барған сайын әйгіленді. Тіпті оның тұрқы да түгелдей үлкен қасқырға ұқсады. Ұзақтау ұлыған кезде, ол ұзын тұмсығын кларнеттің домалақ түтікшесіне ұқсатып, ішін тартып, терең тыныстап, біркелкі де тұрақты дауыстады. Кеудесіндегі бүкіл толқулы сезімін түгелдей шығарып тоқтағанша дауысын соза ұлыды. Содан соң ол барша пәрменмен тағы бір рет тыныс алып, созып ұлығанын жалғастырды. Шаттыққа шомған бөлтіріктің ұзақ ұлығаны бірде «еңіреп қайғырғанға», бірде көкжалдар тобына құмарлана «ботадай боздағанға» келеді. Әсерлі сезіммен буырқанған ол кең далаға өзінің әсем дауысын көрсетуде. Оның дыбысының сапасы айрықша балғын, айрықша жұмсақ, айрықша кіршіксіз пәк, жаңа туылған сәбидің дауысындай жағымды да әсерлі, сыңғырлап әуендеуде. Тамылжыған әуеннің барысында ол өз еркінше және өз ұйғарымымен дауыс ырғағын түрлендіріп, көптеген дірілдеген дыбыстарды қолма-қол қосты.  

Екі жігіт бұны әсерленіп тыңдағаннан-ақ мастанған сыңайлы. Сезімін тежей алмаған Яң Кэ дауысын бәсеңдете еріксіз бөлтіріктің өлеңіне еліктетіп әуендетті.

- Менің байқағаным, бөрілердің ұзақ ұлығанын есітіп, моңғол ұлтының халық әндері неге соншама ұзын, дірілдеген және созылыңқы болатынын түсінуге болады. Моңғол халық әндері және қытайлардың халық әндері арасындағы айырмашылық аса зор екен. Менің шамалауымша, бұндай өлеңдер бөрі тотеміне сыйынған ғұндардан тараған. Тарихи әдебиетте көп естелік деректер қалған. «Вэйнама» жылнамасының («Вэй әулетінің тарихы» - Солтүстік Вэй (386-535 жж.) және Шығыс Вэй (534-550 жж.) әулеттерінің тарихи хроникасы. Вэй патшасы Вэнсюәннің бұйрығы бойынша тарихшы Вэй Шоу 551-554 жж. құрастырған) «Ғұндар жөніндегі баянда» көрсетілгендей, өте көне заманда ғұндар тәңірқұтының екі сұлу қызы болыпты. Кіші қызы өз еркімен бір кәрі қасқырға күйеуге шығып, одан көптеген ұлдар мен қыздарды туыпты. Түпнұсқада сондай-ақ былай жазылған екен: «Сіңлісі.... төмен түсіп, көкжалға әйел болыпты және бала туыпты. Кейін өсіп-өрбіп, бір ел болыпты.». Олар өлеңдерін созып ұзақ әндетеді, бөрілердің ұлығанына ұқсайды», - деді Чен Чжен Яң Кэге сыбырлап.      

- «Ғұндар жөніндегі баянда» расында да осылай жазылған ба? Маған қарағанда, сен кітапты мұқият оқисың ғой. Егер де шынымен бұл естелік болса, онда расында да моңғол халқының әндерінің қайнаркөзін тапқан екенбіз ғой, - деді Яң Кэ.

- Оның қай жері қате? Мен «Ғұндар жөніндегі баянды» қанша рет қайталап көргенімді білмеймін. Ішіндегі көптеген тартымды да тамаша абзацтарды жаттап та алғанмын. Оқымысты адам Моңғолия сахарасына өмір сүру үшін келіп, «Ғұндар жөніндегі баянды» оқымауы қайдан жарасады? Иен далада бөрі тотемі расында да барлық жерде кездеседі. Бір ұлттың томемі – осы ұлттың табынатын және еліктейтін нысаны. Бөрі тотеміне сыйынатын халықтар әрине мүмкіндігінше қасқырлардан бәрін үйренеді, оларға еліктейді. Мысалы, аң аулау шеберлігі, дауыстап белгі (дауысты сигналдар) беру, соғысу өнері, стратегия мен тактика, соғысу қабілеттілігі, ұжымдық рух, ұйымшылдық, тәртіптілік, төзімділік, арландардың билікке таласу бәсекелестігі, бедел-абыройға бағыну, бауырлары мен қандастарын қорғау, байтақ даланы сақтау, аспанға қарап Тәңірге құлшылық ету және т.б. Сондықтан моңғолдардың музыкасы және ән шырқауы да сөзсіз көкжалдардың ұлығаны әсер еткен, тіпті олардан арнайы үйренген һәм еліктеген деп санаймын. Иен даланың барлық басқа жануарларында – сиыр, қой, жылқы, ит, қарақұйрық, суыр, түлкі және басқа да аңдардың дауыстарында бұндай созылмалы да ұзақ үн жоқ. Бұндай дауыс бөрілер мен моңғолдардың әндерінде ғана бар. Жақсылап тыңдашы, ұқсайды ма екен? - деді Чен Чжен.

- Ұқсайды! Тыңдаған сайын ұқсап барады, - деді Яң Кэ қайта-қайта басын изеп, - Сен егер де бұны айтпасаң, менің ойыма да келмейді екен. Ху Суңхуа моңғолша шырқаған «Мадақтау жырында», әсіресе оның басындағы шумақта соншама көп құбылып асқақтай созылған дауыстар аумаған қасқырдың ұлығанына еліктеген. Осы екі жылда біз соншама көп моңғол халық әндерін тыңдадық. Ұзақ дірілдеп құбылған және созылған дауыстар қолданылмаған өлеңдер жоқтың қасы. Магнитофонның болмағаны өкінішті-ақ. Егер де көкжалдың ұлығанын мен моңғол халқының әндерін магнитофонға жазып, салыстыратын болсақ, міндетті түрде екеуінің байланысын табуымыз мүмкін.

- Біз қытайлар да моңғол халық өлеңдерін ұнатып тыңдаймыз. Кең тынысты асқақ та ұзаққа созылған бұл әндер иен дала сияқты шексіз, ұлан-байтақ. Алайда, ешкім де моңғол өлеңдерінің қайнар бұлағы бөрілер екенін біле бермейді. Дегенмен, қазір Ішкі Моңғолияның моңғолдары өз халық әндерінің қасқырлардың ұлығанынан өрбіп дамығанын мойындағысы келмейді. Мен көптеген малшылардан сұрадым. Кейбіреуі олай еместігін айтты, кейбіреуі бірдемені күмілжіп күбірлейді. Бұл да ғажап емес. Қазір «Хуңдэң цзи» («Қызыл шырақ туралы аңыз», 8 революциялық үлгілі шығарманың бірі) өлеңінде «....түрме қызметкерінің шақыруы көкжалдың ұлығанына ұқсайды» деп айтылады емес пе? Сонда кім моңғол халқының өлеңдерінің қайнаркөзі бөрілер екенін айтуға батылы жетеді? Әйтпесе, ұлы көсемге (Мао Цзэдуңға) ұзақ өмір тілеген «Мадақтау жыры» тыйым салынып, әнші де кері төңкерісшілдердің қатарына қосылар еді. Алайда, факт қашанда факт. Бұл ешқандай кездейсоқтық емес. Расында да, Моңғолияның ұлы даласының рухын тек қасқырлардың ұлуы және моңғолдардың халық әндері ғана жеткізе алады, - деді Чен Чжен таңдайын қағып.

Эрлаң төбет екі үйдің үлкенді-кішілі иттерін бастап, солтүстік-батыс бағытқа қарай тағы барып үрді. Иттердің дауысы басылған соң, бөлтірік тағы ұлыды. Ол ақырындап иттердің үргенін қабылдамайтын, олардың араласуын қабылдамайтын халге жетті, нағыз көкжалша ысылып ұлитын болды. Бөлтірік қатарынан бес-алты рет ұлығаннан кейін, кенеттен тоқтап қалды. Ол шеңбердің жиегіндегі табақтың жанына жүгіріп келіп, бірнеше жұтым суды ішіп, тамағын жібітті. Сосын тағы солтүстік-батыс шетке оралып, ұзақ ұлыды. Бірнеше рет ұлығаннан кейін қайта тоқтап, құлақтарын түріп, жауап дыбыстың шығуын күтті. Ұзақ уақыт өткеннен кейін көптеген бей-берекет ұлу басылғаннан соң, кенеттен батыс тараптағы таулы беткейден жуан да айбынды ұлыған дауыс естілді. Сол дауыс бөрілер патшасының немесе басшы арланның дауысына ұқсайды. Бұл дауыста бұйрық тектес лебіз бар: үннің аяғы қысқа, шапшаңдығы анық еді. Чен Чжен осы ұлыған дауыстан әлгі қасқыр патшасының айбынды денесін, кең омырауын және жотасын, қалың кеудесін елестетті. Мына ұлыған дауыстан шошыған екеуі үн шығаруға батылдығы бармады.

Бөлтірік тағы да сілейіп қалды, бірақ дереу шаттанып секіре бастады. Ол тұрысын түзеп, басын еңкейте терең тыныстады. Алайда, қалайша жауап берерін білмеді. Тек сол ұлыған дауысқа барынша еліктеп ұлыды. Бөлтіріктің дауысы өте жұмсақ шыққанмен, оның мақамы, дыбыстаудың аяғы және емеуріні өте дұрыс орындалды. Ол қатарынан бірнеше рет соған еліктеп ұлыды. Алайда, әлгі арланның айбарлы дауысы қайта естілмеді.

Чен Чжен олардың бұл реткі сұхбатының мағынасы мен нәтижесін тұспалдауға күш салды. Оның ойынша, көкжалдар патшасы бөлтіріктен оның кім екенін, қай бөрінің баласы екенін сұраған және тезірек жауап беруін талап еткен болуы мүмкін. Алайда, бөлтірік жауап ретінде оның «Сен қай қасқырдың баласысың? Тез жауап бер!» деген сұрағын ғана тағы қайталады. Сонымен қатар, басшы арланның шыңнан шыңырауға бағытталған әлгі бұйрық райындағы дауысына еліктеп, тіл қатқан болар. Әлбетте, бұл қылық анау басшы арланды ызаландырды, сондай-ақ бұл бөлтірікке деген күдігін тереңдетті. Осылай сұрақ-жауап сұхбатының нәтижесі мүлдем өнім бермеді.

Бөлтірік көкжалдар тобындағы мәртебелер мен дәрежелердің байланысын білмейді, сондай-ақ рулық қатынастардағы жасы үлкендерді сыйлаудың жол-жорасын түсінбейді. Ол бөрілер қауымына қарама-қарсы тұрып, басшы арланның сұрастыруына еліктеуге батылы жетуі әрине қасқырлар тобы тарапынан беделді елемеу, әдепсіздік, аға буынды менсінбеу секілді дөрекі әрекет деп есептелді. Олардың шуылдаған қысқа дауыстары кек кернеп талқылағанға ұқсады. Біраздан соң көкжалдар үндемей қалды. Алайда, бөлтірік керісінше қайраттана түсті. Ол басшы арланның сауалдарын және бөрілер тобының ашуын түсінбесе де, қараңғыдағы сол бейнелер оған назар аударғанын, өзімен байланысуға ұмтылатынын сезінді. Бөлтірік шын пейілмен сұхбатты жалғастырғысы келді, бірақ ол өз ойын қалай жеткізуді білмеді. Ол сасқанынан жаңа ғана үйреніп алған сөйлемдерді үздіксіз қайталаумен болды. «Сен қай қасқырдың баласысың?.... Тез жауап бер! Тез жауап бер! Тез жауап бер!» деген сөйлемдер бірінің артынан бірі қараңғы бостыққа жолданды.

Барлық ірі көкжалдар не істерін білмей дағдарып, істің мән-жайын ұға алмады. Моңғолия даласында мыңдаған жылдар бойы өмір сүрген бөрілер бұндай бөлтірікке ешқашан тап болмаған еді. Ол даусыз адамдардың қонысында жүр, иттер мен қойлар отарының жанында жайраңдап жүр. Бұларды шыбын шаққан құрлы көрмейді, бір нәрсені шатпақтайды. Сонда ол түптің-түбінде қасқыр болғаны ма? Егер ол көкжалдардың қас дұшпаны болса, сол адамдар және төбеттермен арада қандай қатынастары бар? Қалайша бөрілердің ата дұшпаны болған олардың арасында емін-еркін сайрандап жүр? Оның сөз саптауын тыңдасақ, қасқырлар тобымен сұхбаттасқысы келгенін көреміз. Алайда, ол тамаша өмір сүріп жатқан сияқты. Адамдар мен иттер оны жәбірлемейтін секілді. Дауысы мен тыныстау қуаты жеткілікті, яғни тойғанынша тамақтанатыны көрініп тұр. Адамдар мен төбеттер оған соншама жақсы қарап, оның күйі тамаша болса, ол түбі не істемекші?

Чен Чжен шексіз қою қараңғы түнде алыстан жылтыраған жасыл көздерге қарап, өзін мүмкіндігінше көкжалдардың орнына қойып, олардың тұспалдауы мен тұжырымдауын шамалауға талпынды. Осы сәтте, бөлтіріктің жасыл көзіне қадалған басшы арлан және бөрілер қауымы одан барған сайын айрықша күдіктенді.

Бөлтірік ұлығанын доғарып, қараңдап жүргендердің жауабын тағы есіткісі келді. Ол өзін қоярға жер таппады, тынышсыздана құлақ түреді.

Чен Чжен мына көрініске қарап үмітсізденді, алаңдады. Әлгі айбынды да қаһарлы арлан бөлтіріктің әкесі болуы әбден мүмкін. Алайда, кішкене кезінен әкелік махаббаттан айрылып, жетім өскен бөлтірік әкесіне қалай еркелеуді, араласуды білмейді. Оның тағы бір рет әкелік махаббатты жоғалтқан жағдайда, әкелік мейірге мәңгі бөлене алмауынан алаңдады. Демек, жетім бөлтірік шынымен де осыдан бастап адамзатқа, оған және Яң Кэге тиесілі болғаны ма?

Кенет ұзаққа созып ұлыған дауыс естілді. Бір өлекшін ұлып жатқан тәрізді. Жылы пейілді, жұмсақ, мейірлі де қайғылы сол дауыс аналық махаббаттың азабына, қасіретке және үмітке толы еді. Ақырғы буыны дірілдеп созылды. Бұл бәлкім бір сөйлемі өте көп мәнге ие, айрықша терең сезім мен сүйіспеншілікке толы қасқырдың тілі шығар. Чен Чжен бұл сөйлемнің мағынасы: «Балақай, сенің анаң есіңде ме? Мен сенің анаңмын.... Сені қатты сағындым. Мен сені іздеп шаршадым. Мен ақыры сенің дауысыңды естідім.... Қарашығым, анашыңның жанына тез қайт.... Бәріміз сені сағындық.... Оу.... Оу....» деп жорыды.

Өлекшіннің жүрегінің түбіндегі терең жерінен шыққан, әлемдегі ең қасіретті ананың жоқтауы, мұң мен зарға толы өксіп жылауы, алыс жылдарды артқа тастап, құлазыған ежелгі сахарада ырғалып жаңғыруда. Чен Чжен өзінің көз жасын тыя алмады. Яң Кэнің де көздерінен жас көрінді.

Бөлтірік мына үзік-үзік шыққан мұңды дауыстан қатты елітті. Ол жан дүниесімен өз «туысқанының» оны шақырып жатқанын сезінді. Бөлтірік еліріп кетті. Ол тамақты тартып алу қимылынан да жойқын күшпен шынжырды жұлқыды. Мойнындағы алқасы қатты тартылып, тілі салақтап, тынысы тарылды. Әлгі өлекшін зарлы дауыспен тағы ұзақ ұлыды. Біраздан соң бұдан да көп өлекшіндер өз балаларын іздеп шақырған зарлы әндерін қосты. Ұлан-байтақ дала жоқтауға толды. Өлекшіндердің жоқтауы өксіп еңкілдеу түріндегі ұлу болып, шын көңілден ешбір қалтқысыз, бүге-шүгесіне дейін орындалады. Осы түні толассыз шырқалған қайғылы ұлыған әуендер Олұн даласында ұзаққа жалғасты. Бұл жоқтаулар аспан мен жерді әрекетке келтіріп, жындар мен перілерді де жылатқандай болды. Құртқалар мыңдаған жылдардан бері жылдан-жылға бөлтіріктерінен айрылу қасіретін түгелдей жинап, бүгін шерін шығарып жатқан сияқты. Шексіз қараңғы сахара мәңгі қайғыға батты.  

Чен Чжен үнсіз тұр. Сүйектен өткен қара суық ғана сезілуде. Көз жасын сүрткен Яң Кэ бөлтіріктің жанына баяу жақындап, мойнындағы былғары қарғыбаудан ұстап, басынан және жотасынан қағып, оны ептеп жұбатты.

Өлекшіндердің зарлы ұлыған жоқтауы бірте-бірте саябырлады. Бөлтірік Яң Кэнің құшағынан босанып, құдды қараңғыдағы дауыстың қайта үзілуінен алаңдағандай, солтүстік-батысқа қарай жұлқынды. Содан соң көңілі тыншымаған ол басын тағы көтеріп, өзінің жадында қалған ырғақ бойынша ешнәрсеге қарамастан бірнеше рет біршама ұзақтау ұлыды. Чен Чженнің жүрегі сау ете қалды.

- Болмады! - деді ол дауысын бәсеңдетіп.

Ол Яң Кэ екеуі бөлтіріктің ұлығаны және өлекшіннің тілі арасындағы айырмашылықтың айрықша зор екенін анық сезінді. Бөлтірік еліктеу барысында өлекшіннің мейірбан да назаланған үніне ерекше көңіл бөлген болуы мүмкін. Оның үстіне, бөлтіріктің демінің қуаты әлі де жетіспейді, өлекшін секілді ұзақ ұли алмайды. Нәтижеде, оның мына бірнеше рет ұлыған ешнәрсеге ұқсамайтын дауысы қарсы тарапқа жетісімен көкжалдар тобының ұлығаны бірден толығымен өшті. Байтақ дала жым-жырт бола қалды.

Чен Чжен біржолата күдер үзді. Оның тұспалдауынша, бөлтірік құртқалардың нағыз қайғылы үндерін әжуалап келекеткен, қылжақтап еліктеген, қайғы-қасіретті мысқылға айналдырған болса керек. Тіпті басшы арланнан үйренген ұлуды да келемеждегендей болды. Бөлтірік еліктеген бірнеше бөріше сөздер былай өзгерген болуы мүмкін: «Бала.... Сен әлі есімдесің. Сен кім едің?.... Анаң сенің жаныңа оралды. Тез жауап бер!».

Бәлкім, бөлтіріктің ұлуы Чен Чженнің ойла-түйгенінен де нашар шығар. Мейлі қалай болмасын, туа сала қасқырлар әлемінен қол үзген, адамдар, иттер және қойлармен бірге есейген бөлтіріктің енді ғана «сөйлесуді» үйренуі һәм мұндай күрделі сауалдарға жауап беруі шынында да оңай емес.

Чен Чжен алыстағы кенеттен үнсіздік нирванасына шомған таулы беткейге қарауда. Оның межелеуінше, балаларын аңсаған әлгі өлекшіндер бұл кішкене бұзықтың олардың қайғыруын кекетіп-мұқатқанына, мазаққа айналдырғанына әбден зығырданы қайнаған шығар. «Бұл кішкене сұмпайы мүлдем олар іздеуге ұмтылған қандас емес, олар өміріне қатер төнсе де барша пәрменмен тартып алатын бөлтірік емес» деп бәлкім бүкіл көкжалдар тобы ашуланған шығар. Ежелден секемшіл бөрілер ашықтан-ашық төтенше бөлтіріктен күмәнданды. Тұзақ құрып, аңдарды аулау шеберлігімен кең сахараға атышулы қасқырлар өз қандастарының, яғни басшы арланның және көкжалдардың адамдар құрған қақпандарға түскенін жиі көреді. Сол себепті, олар мына «бөлтірік» малшылар тарапынан қойылған бір тұзақ жем деп ойлауы ықтимал. Адастыру мен жойымпаздық күшіне ие, бірақ жасандылығының шикілігі аян болған «қысқыш» деп ой түюі мүмкін.    

Бөрілер тобы бұл «бөлтірікті» жаралуы мен түп-тегі белгісіз, бөтен шата деп те күдіктенуі мүмкін. Иен далада адамдар ешқашан бөлтірікті асыраған емес. Әр жылы көктемде тұлпарға мініп шабатын екі аяқты жануарлар иттерін ертіп, қасқырлар паналаған үңгірлерді тінтіп, апандарға түтін қояды ғой. Көзі өткір өлекшіндер адамдардың бөлтіріктерді апаннан шығарып, дереу аспанға лақтырып өлтіргенін алыстағы жасырынған жерден көріп жатады. Өлекшіндер қираған апанға қайтқанда, айналаның қызыл қанның иісіне толғанын иіскеп біледі. Кейбір құртқалар ескі апанның төңірегінен терісі сыдырылған, жерге көмілген бөлтіріктердің өліктерін табады. Көкжалдарға осынша өш адамдар қалайша бөлтірік бағуы мүмкін?

Бөрілер тобы қасқырша ұлитын мынау нәрсенің бөлтірік емес, ит екен деп тұжырымдауы да мүмкін. Олұн сахарасында көкжалдар солтүстіктегі ұзаққа созылған тастақ жолдың жанында жасыл киім киген, мылтық асынған адамдарды жиі көреді. Олар әрқашан құлақтары бөрінің құлақтары сияқты тік болған бес-алты итті ілестіріп жүреді. Сол қасқыр құлақты иттердің бірнешесі де ұлуды біледі. Жергілікті төбеттермен салыстырғанда, сол иттер өте адуынды болады. Әр жылы бірнеше көкжал оларға таланып өледі. Бәлкім, бұл да ұлуды білетін кішкене қаңғыбас сол «бөрі құлақты төбеттердің» күшігі шығар.

Чен Чжен тұспалдауын жалғастырды. Мүмкін қасқырлар тобы мына бөлтіріктің расында да көкжал екенін таныған шығар. Өйткені, ол әр күні кешке қарай бөлтірікті бой жазып, сыртқа алып шыққан кезде, әсіресе біршама алыстау жерге барғанда, бөлтірік жотаның үстіне шығып, талай рет сиген еді. Біраз өлекшіндер оның нағыз иісін әлдеқашан иіскелеп білуі мүмкін ғой. Алайда, даланың бөрілері төтенше ақылды да зерек болады. Олар бірден жетіп келмейді, тіл жағындағы кедергіге де мән береді. Қасқырлар нағыз бөлтірік болған соң, топтың ішіндегі өзге бөлтіріктер сияқты ұлуды білумен қатар, көкжалдардың тілін түсінуі, сондай-ақ өлекшінмен және бөрілермен тілдесуі керек деп санайды. Ендеше, қасқырша сөйлесе алмайтын бұл бөлтірік, сөзсіз, біржолата бұзылып, толығымен адамға бағынған опасыз болғаны. Неге ол өзі көкжалдар тобына жүгіріп келмейді, керісінше оларды дамылсыз шақырады?

Ежелден кең сахарада әрбір бөрі тумысынан соғысып өлуге бейім, ешқашан бас иіп берілмейтін құрыштай қайыспас жыртқыштар болып табылады. Қалайша тарихта бұрын болмаған мынадай бір азғын пайда бола қалды екен? Онда қасқырды осынша елпек етіп жуасытқан мына адамдарда шүбәсіз сиқыршылық пен арбаушылық бар ғой. Бәлкім, даланың көкжалдары қытайлар мен моңғолдардың арасындағы айырмашылықты иіскеп білсе керек. Олар бөрілердің ешқашан кездеспеген бір түрлі істің әлдеқашан білдірмей сахараға келгенін, бұл қоныстың аса қауіпті болғанын мойындаған болуы мүмкін.

Қасқырлар тобы түгелдей үндемей тұра қалды. Жым-жырт далада тек темір шынжырмен байланған бөлтірік ғана ұзақ ұлып жатыр. Кеңірдегінен қан шыққанша қарлығып, ұлуда. Алайда, оның ұлыған дауысы бұдан да былыққандай, бұдан да ақыл қонбағандай көрінеді. Көкжалдар енді бөлтірікпен ешқандай сыр шертпеді және әрекет етпеді, оның азап шеккен халде жәрдемдесуге шақырғанына көңіл бөлмеді. Байғұс бөлтірік бөрілердің тобында біртіндеп тіл үйренетін уақыт пен орайдан мәңгіге айрылып қалған-ды. Оның қасқырлармен осы реткі сұхбаты орны толмас сәтсіздікпен аяқталды.

Чен Чжен көкжалдар тобының оба індетінен қашқандай қоршауды жылдам тастап, шабуылға өтетін ұрымтал жерден шегінгенін сезді.

Тұнжыраған таулы беткей Чаған-Ула тауының солтүстігіндегі ашық аспан астындағы жерлейтін жер (адамның өліктерін құстарға жем етіп беру) сияқты жым-жырт.

Ұйқысы қашқан Чен Чжен мен Яң Кэ дауыстарын бәсеңдеткен халде талқылауды жалғастырды. Екеуі де бір-бірін иландыра алмады, сондай-ақ бұндай ең соңғы нәтиженің неге шығатыны жөнінде көңілге қонымды түсіндіре алмады. 

Таң ағарғанда бөлтірік ақырында ұлуын тоқтатты. Ол торығып қайғырғаннан өліп қала жаздады. Жұмсақ жерге жата салған ол солтүстік-батыс жақтағы таңертеңгі мұнар басқан таулы беткейге көздерін бақырайтып телміре қарады, әлгі «қара көлеңкелердің» шынайы кеспірін көрмекші болды. Таңертеңгі тұман біртіндеп сейілді. Шөпті беткей – бұрынғыдай бөлтіріктің күнде көретін беткейі. Өзі күткен өз нәсілінен бірер бейне, бірер дыбыс байқалмады. Шаршаған бөлтірік ақыры сылқ етіп жерге жатты. Біржолата тастанды жетімге ұқсаған ол көздерін жұмып, ажалдан құтыла алмағандай үміті мүлде үзілген күйге түсті. Чен Чжен ақырын оның жотасын сипап, бөрілер тобына қайта оралу, өз еркіндігін қайтару ең қолайлы орайынан айрылғанына айрықша қатты ашынды һәм опық жеп қынжылды.

Бүкіл өндіріс тобы және отряд тағы бір түнді ешбір қатерге ұшырамай, аман-есен өткізді. Күллі ауыл қасқырлардың тұтқиыл шабуылынан және жаппай соққысынан аман қалды. Қойлар мен сиырлардың бәрі бүтін. Бұндай нәтиже жұрттың күткенінен асып түсті. Байыбына бара алмаған малшылар бұл құбылысты қызу талқылады. Кісілер сан рет ойланса да, ешнәрсе түсіне алмады, ойы жетпеді: ежелден бөлтіріктерін барша пәрменмен қорғау үшін жанын бәс тігуден тайсалмайтын өлекшіндер неге кенеттен соғыспай-ақ шегінді? Барлық қарттар қайта-қайта басын шайқап таңданды. Бұл Чен Чженнің сахарада өткізген 10 жылдық өміріндегі ең түсіне алмаған уақиға еді.

Өлекшіндерді және көкжалдар тобын өлтірмекші болған Бао Шигуйдың, бірқатар қойшылар мен жылқышылардың үміті зая кетіп, қуанышы бекер болды. Дегенмен, таң атысымен Бао Шигуй Чен Чженнің отауына жүгіріп келіп, зиялы жастарды көпіртіп мақтады:

- Бейжіңдік оқушылар өз ойлағанын жүзеге асыра алады. Ішкі Моңғолия сахарасында бұрын ешқашан болмаған «соғыспай-ақ наһақ күйдірген қосындарды» әдемі жеңген шайқас жасады, - деді.

Сондай-ақ ол әлгі үлкен электр фонарьды оларға сыйға тартты, олардың озық тәжірибесін бүкіл фермаға өрістетудің қажеттігін айтты. Чен Чжен мен Яң Кэ үстінен ауыр жүк түскендей жеңілдене тыныстады. Ең кемінде, бұл екеуі бөлтірікті бағуды жалғастыруға мүмкіндік алды.

Таңертеңгі шай ішетін уақытта Чен Чженнің киіз үйіне Үлжі мен Білге-ата кіріп келіп, шай ішті, құлынның етінен түйген самсаны жеді.

Үлжі бір түн бойы көз ілмесе де, шырай-өңі тәуір көрінді.

- Бұл түн шынында қорқынышты болды. Бөрілер ұли бастаған кезде қатты шошыдым. Шамамен он шақты қасқыр үш жақтан сендердің киіз үйді қоршады. Ең жақын дегенде жүз метрге дейін жақындады. Бәріміз көкжалдар тобы сендердің қоныстарыңды жайпап салуынан қорықтық. Расында да қатерлі екен, - деді ол.

- Сендерде біраз жарылғыш заттардың болмағанын білгенімде, мен бүкіл ауылдың адамдары мен төбеттерін тегіс қаптату туралы бұйрық беретін едім, - деді Білге-ата.

- Ата, айтыңызшы, бөрілер неге қойларды шабуылдамады? Бөлтірікті де неге тартып әкетпеді? - деп сұрады Чен Чжен.

Ақсақал шайды бір ұрттап, темекісін бір сорып, сөзін жалғастырды:

- Менің ойымша, сенің үйіңдегі бөлтірік олардың тілін толық білмейді. Арасында итше үріп қойғандықтан, қасқырларды алжастырып тастады....

- Сіз көкжалдарды ақылды да зерек деп жиі айтушы едіңіз ғой. Олай болса, Тәңір қалайша оларға шынайы уақиғаны көрсетіп, аян бермеді? - деп қазбалап сұрады Чен Чжен.

- Сенің үйіңдегі үш адам және бірнеше ит оларға тосқауыл жасай алмайды. Алайда, біздің топтың адамдары мен иттері барлық күштерін салды. Егер де өлекшіндер бөрілер тобымен бірге шабуылдауға бекінсе, сөзсіз олар үлкен зиянға ұшырайтын еді. Төраға Бао Шигуй мынау айласын басқадан жасырғанмен, Тәңірден жасыра алмайды. Қасқырларды шығынға батыруды, алдауды қаламаған Тәңір оларға артқа шегінуді бұйырған ғой, - деді ақсақал.

Чен Чжен мен Яң Кэ күліп жіберді.

- Тәңір расында да кемеңгер дана екен, - деді Яң Кэ.

- Сіздіңше ғылыми тұрғыдан айтқанда олар неге шабуылдамады? - деп тағы сұрады Чен Чжен Үлжіден.

Сәл ойланған Үлжі:

- Мұндай істі көрмек түгіл естіген де емеспін. Менің ойымша, олар бұл бөлтірікті сырттан келген деп жорыған сияқты. Байтақ далада көкжалдар топтарының өз аумақтары болады. Өз иелігінен айрылған бөрілер ертелі-кеш күнін көре алмайды. Олар аң аулайтын аумақтарын өздерінің өмірінен де бетер маңызды санайды. Жергілікті қасқырлар тобы сырттан келген топтармен үнемі қырқысады, өліспей бітіспейді. Бұл бөлтіріктің сөйлегені мұндағы көкжалдар түсінбейтін бөтен бір бөрілер тілі болуы мүмкін. Құртқалар мен қасқырлар тобы сырттан ауып келген бөлтірік үшін жанын пида еткісі келмеді. Кеше кешке басшы арлан да келді. Ол ешбір алданбайды. Оның осы құбылысты қалай да өзі көргісі келгені даусыз. Басшы арлан «Әскерлер айладан жалықпас» (соғыста әртүрлі айла-шарғыны қолдану) деген ұғымды әбден түсінеді. Бөлтіріктің адамдарға және төбеттерге аса жақын болғанын көріп шүбәланған ол бірден осында жетіп келген-ді. Басшы арлан жағдайды 70% бақылау астында ұстағанда ғана қауіп-қатерлерді елемей, тәуекелге барады. Ол өзі түсінбейтін нәрсеге ешқашан соқтықпайды. Басшы арлан өлекшіндерге жаны ашиды, олардың зиян шегуінен һәм алданып қалуынан алаңдайды. Сол себепті, олардың орнына жеке өзі келіп, барша жағдайды көрген. Ол бұрыс істі бір көргеннен-ақ өлекшіндерді ілестіріп шегінген екен.

Чен Чжен, Яң Кэ бастарын қайта-қайта изеді.

Чен Чжен мен Яң Кэ екі қарияны шығарып салып, киіз үйден шықты. Көңілі жабырқаған һәм біраз жүдеген бөлтірік жердің үстінде қынжылып жатыр. Иегі алдыңғы екі аяғының үстіне қойылған, қос көзі мелшиіп қарауда. Түні бойы көрген тәтті түсінен және жаман түсінен дәл осы сәтте де оянбаған сияқты.

Бөлтірікті көрген Білге-ата кілт тоқтап, отыра қалды.

- Бөлтірікке жаным ашиды. Көкжалдар оны танымады. Туған ата-анасы да оны танымады, таба алмады. Ол енді осылай шынжырмен байланып өмір сүре бермекші ме? Сендер, қытайлар, байтақ далаға келген соң, мұндағы ежелгі салт-дәстүрлерді былықтырып жібердіңдер. Осынша елгезек бөлтірікті құдды қылмыскер немесе құл сияқты байлап-матап ұстағанды ойласам жаным ашиды.... Бөрілер – ең төзімді жануар. Көресің, ол ертелі-кеш қашып кетеді. Сен күнде-күнде оған семіз қошақанның етін беріп асырасаң да, оны ұстап қала алмайсың, - деді қария.

Үшінші, төртінші түндері №2 мал шаруашылық бригадасы қонысының төңірегінде бұрынғыдай қасқырлардың ұлығаны естілмеді. Жалғыз бөлтіріктің мұң басқан бала үні ғана жым-жырт сахарада естіліп, таудың сайларында жаңғырып тұрды. Алайда, көкжалдар тобы бұдан былай жауап қайтармады. Бір аптадан кейін бөлтіріктің үнжұрғасы түсіп, көңілсіз күйге түсті. Ұлыған дауысы да біртіндеп сирек естілді.

Осыдан соң біраз уақыт Чен Чжен мен Яң Кэнің қойлары және бүкіл №2 бригаданың, сондай-ақ іргелес екі өндірістік бригаданың сиырлары мен қойлары түнде бөрілердің тұтқиыл шабуылдарына ілікпеді. Барлық үйлердің түнгі күзетке шыққан әйелдері Чен Чжен мен Яң Кэге әр күні кешке тып-тыныш ұйықтайтынын, таң атқанда сиырларды сауатын уақытқа дейін ұйықтауға болатынын күле әңгімеледі.

Осы күндері малшылар қасқырды асырау жөнінде әңгімелескен кезде Чен Чжен туралы лебізі бірсыпыра жұмсарды. Дегенмен, бұрынғыдай ешбір малшы келесі жылда да бөлтірік асырау арқылы көкжалдар тобын сескендіруді айтпады.

- Олар асырай берсін. Бөлтірік біраз есейіп, жыртқыштығы қозғанда, олардың не істейтінін көрейік, - деді №4 бригаданың бірнеше қарт малшысы.

 

27

Ли Бай. Оның бойында түрктердің қаны бар. Бұны оның екі баласының есімдерінен айқын дәлелдеуге болады. Оның баласының есімі – «Поли». Қытай тілінде бұның мазмұнын түсіндіру мүмкін емес. Іс жүзінде, бұл көне түрк тіліндегі «Бөрі» сөзінің дыбыстық аудармасы. Ол – түрктердің тотемі. Осы есімді қою қытайлардың «Айдаһар» атын қоюмен бірдей. Ли Байдың қызының есімі – «Миң’юэну». Бүгінде ұйғырларда «Айнұр» есімді қыздар өте көп. Ұйғыр тілінде «Ай» сөзі «юэ» сөзін, ал «нұр» сөзі «нұр, жарық» мағынасын білдіреді. «Миң’юэну[р]» сөзіндегі «Миң’юэ» сөзі мағыналық-мазмұндық аударма, ал «нұр» сөзі дыбыстық аударма болып табылады. Ли Байдың көзі де түрктердің көзіне ұқсайды....

Мэң Чибэй. «Дала мәдениеті және адамзаттың тарихы» кітабы.

 

Чжаң Цзиюән анда-санда құлынның етін әкеліп қарайласқаны себепті, бөлтіріктің сол кезеңдегі етпен қамдалуы жаман болмады. Алайда, Чен Чжен қасқырлар тобындағы соншама көп өлекшіндердің өз бөлтіріктерін барша зейінмен бағатынын ойлағанда, ол бөлтірігіне бұдан да жақсырақ тамақтандыру, оны тіпті де жақсылап асырау қажеттігін, оған көбірек серуендеу орайын беру, қимылдау уақытын көбейтудің керектігін сезетін. Дегенмен, құлыннан қалған ішек-қарынның тек бөлтіріктің бір жегенінен артылмайтыны ап-анық еді. Бұның есесіне, иттер тойып жей алмай, жартылай ашығып жүретін болды. Чен Чжен тағы уайымға салынды.

Алдыңғы күні кешке таман ол Гао Цзянчжуңнан оңтүстік-батыстағы тауда найзағайлы нөсер жауғанын, таудың басында жайылған бір ірі өгіздің найзағай тиіп өлгенін естіген-ді. Келесі күні таң сәріде Чен Чжен моңғолша қанжарын және кенеп дағарын алып, сол таудың басына шықты. Алайда, амал нешік, ол бір қадам кешігіп қалған екен. Таулы беткейде үлкен көкжалдар қозғалтып әкете алмаған өгіздің бас сүйегі және ірі сүйектері ғана қалыпты. Бөрілер тобы оған титтей ет те қалдырмапты. Өгіз сүйегінің жанына отырған ол жан-жағын егжейлі-тегжейлі ұзақ қарап, сүйектердің саңылауында көптеген бөлтіріктердің үшкір тістерінің таңбаларын байқады. Ересек қасқырлар өгіздің етін кең құлаштап асап, бөлтіріктер кішкене тістерімен еттің талшықтарын шұқылап, бір жұмысты жұмыла бөлісіп, бұл ірі қара малды тап-таза етіп қырнап-кеміріпті. Тіпті шыбындарға да жейтін ешнәрсе қалмаған екен. №3 бригаданың бір бақташы қариясы да осында жетіп келіпті. Қаңқа сүйектері ғана қалған мына өгіз оның сиырлар үйірінен шыққан сияқты.

- Көкжалдар тобы қойларды жеуге батпағандықтан, Тәңір оларға бір өгізді жегізген ғой. Қарашы, ерте өлтірмей, кеш те өлтірмей, арнайы іңірде өлтіргенін. Келімсек мингуңдар екінші күні таңертең өгіздің өлігін өз қонысына сүйреп әкетіп, ет жеуді армандап еді, ешбір үлгірмеді. Балақай, кең даланың заң-ережелері мен салт-дәстүрлерін Тәңір белгілеген. Сол заң-ережелерді бұзғандар өз жазасын тартады, - деді қария Чен Чженге.

Бет-жүзі түнерген қарт тұлпарын тепкілеп, таудың етегіндегі сиырларына баяу кете барды.

«Кәрі малшылар үнемі аузынан тастамайтын сахара заң-қағидалары мен салт-дәстүрлері дегені иен даланың табиғаттың жаратылыстық заңдылығы болса керек. Табиғаттың заңын, әрине, ғарыштағы Тәңір «белгілеген». Ондай болса, көшпелі шарт-жағдайда бір бөлтірікті бағуы көшпенді өндіріс тәсілдерін бүлдіргені сөзсіз. Бөлтірік иен далаға көптеген жаңа әурешіліктер әкелген екен» деп ойлады Чен Чжен. Бөлтіріктің малшыларға, сондай-ақ жеке өзіне нендей жаңа әурешіліктер әкелетінін ол білмейді.... Чен Чжен құр қол қайтты. Жол бойы көңіл-күйі шым-шытырық болды. Ол басын шалқайтып, аспанға телміріп қарады. Үлкен күмбезге ұқсаған шексіз мәңгі аспан шар-тарапты жауып тұр. Шетсіз де шексіз аспан, ұшы-қиыры көрінбеген дала. Самал жел есіп, шөптің басы жайқалған жайылымда бөрілер көрінбейді. Олар сахарада құдды тылсым елес секілді жылт етіп, көлеңке түсірмей келеді һәм із қалдырмай ғайып болады. Олардың дауыстарын жиі естуге, жасаған залалын үнемі көруге болады. Алайда, өздерін көру мүмкін емес. Олар адамдардың көңілінде барған сайын сырлы, барған сайын ғажайып көрінеді. Осы себепті, олар Чен Чженнің құмарлығын, білу ынтасын және зерттеуге құштарлығын тоқтаусыз тіпті де қоздырды. Бөлтірікті асырағаннан бері ғана Чен Чжен нағыз қасқырды – бөрі тотемін құрметтеу ортасындағы тірі көкжалды құшақтап, бауырына басатын болды. Сансыз жапа-машақат пен көп бейнеттен өтіп, қабат-қабат қысым мен қатерге шыдап келген ол енді қаласа да бөлтіріктен бас тарта алмайды, асырауын тоқтата алмайды. Қалайша ғана оны оңай тастап кетеді және орта жолдан асырауды тоқтатады?

Чен Чжен мингуң жұмысшылар жайғасқан қонысқа жүгіріп келіп, қымбат бағаға жарты қапшыққа да жетпейтін тары сатып алды. Ол бөлтірікке арналған ет ботқасының құрамындағы астықты ғана көбейте алады. Келесі жолы қой союдың мүмкіндігі шыққан кезде, иттерге де тамақты молырақ қамдамақшы болды. Үйге қайтқан Чен Чжен азырақ ұйықтауға ыңғайланғанда, кенеттен үйдегі үш күшіктің батыс тарапқа шабелеңдеп жүгіріп бара жатқанын байқады. Киіз үйден шыққан ол Эрлаң, Сарытөс және Ілбістің таудан қайтқанын көрді. Эрлаң мен Сарытөс бастарын тік көтеріп, езуінде бір-бір добалдай олжаны тістеп әкелді. Бұл иттер де бірде аш, бірде тоқ тұрмысқа шыдамай, осы күндері үнемі Эрлаңға ілесіп, азық іздеп тауға шыққан екен. Шамасы, бүгін олар қомақты олжаға кенелген көрінеді. Тек өз құрсақтарын қампайтып ғана қоймастан, жанұя мүшелерін де қамдай бастаған екен.

Чен Чжен дереу олардың алдынан шықты. Үш күшік ересек төбеттердің аузындағы нәрсеге таласты. Эрлаң олжасын жерге қойып, күшіктерді қуып жіберді, сосын олжасын қайта тістеп, қораның ішіне жылдам жүгірді. Эрлаңның аузына тістегені керіскедей суыр екен, анау екеуі егеуқұйрықты олжалапты. Эрлаң иесіне қарап, алдыңғы екі аяғын қайшылап еркеледі. Онысы «Олжаны мен ұстадым» дегені еді. Аузында салақтаған суырдың қызарған желіні көзге түседі. Бұл күмәнсіз күшік асыраған суырдың ұрғашысы еді. Чен Чжен екі итті басынан сипап, «Жарайсыңдар, жарайсыңдар» деп мақтады.

Алайда, Эрлаң керісінше суырды аузынан тастағысы келмеді. Ол Чен Чженді орағытып өтіп, тікелей бөлтірік жаққа тартты. Оның аузында ірі де семіз суырды көрген Чен Чжен дереу бірер қадам қуып барып, қос қолмен төбеттің құйрығынан ұстап, оның аузындағы олжаны тартып алды. Эрлаң да ашуланбады, қайта оған бірнеше рет құйрығын бұлғақтатып қойды. Чен Чжен суырды артқы аяғынан көтеріп, өлшеп көрді: салмағы 3 кг немесе 3,5 кг, терісі әрі жұқа, әрі жылтырап тұр. Бұл енді ғана жазғы ет ала бастаған ірі еркек суыр екен. Майы күзде ғана жиналады, бірақ еті өркештеніп қалыпты. Чен Чжен бұл олжаны жолдастарына жегізу үшін қалдырмақшы болды. Үйдегі үш досы көптен бері даланың түз дәмін жемеп еді.

Чен Чжен сол қолында семіз суырды, оң қолында ұрғашы суыр мен егеуқұйрықты алған күйі қуанышы қойнына сыймай үйге аяңдады. Өзара ойнаған үш төбет өз иесінің артынан ілесті. Чен Чжен алдымен семіз суырды отаудың ішіне қойып, есікті жапты. Суырдың етін ешқашан жеп көрмеген күшіктер қызықтаған халде оны иіскелеп қоймайды. Олар әлі өздері терісін жыртып, етін жеуге жаттықпаған-ды.

Чен Чжен әлгі арықтау ұрғашы суырды үш күшікке, ал семіз де ірі шұбар тышқанды түгелдей бөлтірікке беруді ұйғарды. Оған жабайы бөрілер ең ұнатып жейтін дәмді тамақты татқызбақшы болды. Сонымен бірге, оған аңның терісін жыртып, етін жеуді шынықтыратын мүмкіндікті бермек болды.   

Жаз мезгілінде суырлардың терісінің жүні ғана шығады, түктері болмайды. Яғни, ақша өндіретіндей болмайды. Сатып алу пункттері де бұндай теріні керек қылмайды. Сонымен Чен Чжен қанжармен суырды төрт үлеске, яғни терісін, етін, сүйектерін және ішек-қарнын бөліп, үш үлесін күшіктерге беріп, бір бөлігін бөлтірікті тамақтандыру үшін қалдырды. Ол үш үлкен ет бөлшектерін күшіктерге бөліп берді. Күшіктер қан мен етті бір көргеннен-ақ қалай жеу керектігін ұқты. Олар таласпай-тартыспай, тәртіп бойынша өз үлесінің жанында жатып, етті жеуге кірісті. Үш үлкен төбеттің жүзінде күлкі ойнағандай көрінді. Олар Чен Чженнің тамақты бөлудегі әділдігіне риза секілді. Ол бұндай әділ бөлу әдісін Джек Лондонның «Дала дабылы» романынан үйренген-ді. Бұл романды басқаларға оқуға бергеннен бері екі өндіріс бригададағы зиялы жастардың үйлеріне қолдан-қолға өтіп, сол күйі өзіне қайта оралмаған.

Үш төбеттің қарны қампайып тұр. Жауынгерлік ерлік көрсеткендерді дер кезінде сыйлық беріп, мадақтау керек. Бұл – әр кезде және әрқашан іске асырылған Қытайдың да, шет елдердің де дәстүрлі әскери қағидасы, сондай-ақ Ұлы даланың ежелгі заңы. Чен Чжен киіз үйден төрт түйір «дабайту» (ақ қоян) сүт кәмпитін алып шығып, иттерге үлестірді. Ол алдымен екі кәмпитпен Эрлаңды марапаттады. Эрлаң орнында тапжылмай тұрып, иесінің Сарытөс пен Ілбісті қалай марапаттайтынын көздің қиығымен қарап тұрды. Бұл екеуінің әрқайсысы бір кәмпиттен алғанына көзі жеткен төбет масайраған халде аяғы және аузымен қағазды жыртып, кәмпитті қытырлатып жеді. Эрлаңмен салыстырғанда, Сарытөс пен Ілбісте бір кәмпит кем болса да, екеуі ешбір өкпелемей лезде тәттіні жеуге кірісті. «Бұл екеуі тістелеп әкелген олжаның бәрін Эрлаң аулаған болуы мүмкін. Олар тасымалдауға ғана жәрдемдескен ғой» деп күмән келтірді Чен Чжен.

Қанның иісінен әлдеқашан қозған бөлтірік артқы аяқтарымен тік тұрып, жүні аз болған қарнын алға керіп, алдыңғы аяқтарын ауада өршелене сермеді. Чен Чжен қасақана оны көруге бармады, көрмегендей болды. Оны көрген сайын, ол темір шынжырды қатты тарта түседі. Төбеттер мен күшіктерді тамақтандыруды аяқтағаннан соң ғана Чен Чжен әлгі сары тышқанмен айналысуға кетті. Сахарада сан алуан түрлі сары тышқандар мекендейді. Ең жиі кездесетіні – саршұнақтар, шұбар тышқандар және дала көртышқандары. Моңғолия даласының түкпір-түкпірінде шұбар тышқандар қаптап жүреді. Кез-келген киіз үйден бес-алты метр жерде тышқанның індерін кездестіруге болады. Тышқандар әдетте іннің жанында тұрып, дауыстап шиқылдайды. Кейде киіз үйлер дәл бірнеше іннің үстінен қойылады. Ондайда тышқандар дереу шөпқоректі жануардан тағам талғамай жейтін жануарларға айналады: астық, сүт тағамдары мен еттерді қымқырып жейді. Азық-түлік қаптарының ішіне тышып-сиеді. Олар тіпті кітап сандықтарының ішіне еніп, кітаптарды кеміреді. Басқа жерге көшетін кезде, адамдар өздері кимеген етіктер және мата аяқ киімдерінің ішінен құрттарға ұқсаған тышқанның балаларын көріп қалады. Айрықша жүректі айнытады. Малшылар мен зиялы жастар дала тышқандарын төтенше жақтырмайды. Чен Чжен мен Яң Кэ тіпті де өлердей жек көреді. Өйткені тышқандар олардың екі әйгілі классикалық шығармалар кітабын кеміріп тастаған.

Шұбар тышқандар Бейжіңнің батыс төңірегіндегі таудың ішіндегі ақ тиіндермен үлкендігі жағынан бірдей, құйрығы ғана ондай үлкен емес. Оларда да ақ тиіндердей көздері үлкен, тұла-бойындағы тарғыл терісінің түсі жасыл-сұр, сарғыш дақтары және жолақтары өрнекті болады. Сонымен қатар, құйрығы кішкене шөтке тәрізді қылшық жүнді болады.

Білге-атаның сөзінше, шұбар тышқандар ежелгі заманда моңғол балаларының садақ атып, аң аулау үшін жаттығатын тірі нысана болған екен.

Олар жылпың келеді. Жүгіру жылдамдығы да айрықша тез. Оның үстіне, олардың барлық жерде індері болады. Садақ сәл баяу тартылса, тышқандар індеріне атылған оқтай зу етіп сүңгіп кетеді. Моңғол балалары әр күні әкелері белгілеген шұбар тышқандардың санын атып алғаннан соң ғана үйлеріне оралып, ас ішкен екен. Дегенмен, садақпен тышқан ату – моңғол балаларының қызықты ойындарының бірі. Жалпы, ұлы даланың өзі жас өспірімдердің ойын-сауық аттракционына айналған. Олар үнемі аңсары ауып, құмары қанғанша тышқандарды атуға берілетіні соншалық, тіпті тамақ ішуді де ұмытады. Балалар сәл есейгенде садақтарын үлкен садақтарға ауыстырып, атқа мініп, ат үстінен тышқандарды атуды жаттығады. Кезінде Руссияны бағындырған Шыңғысханның әйгілі қолбасшыларының бірі, ең атақты мергені Жебе бұндай ежелгі де өнімді машықтану әдісі бойынша жаттыққан. Жебе жүйрік аттың үстінде шауып бара жатып, жүз қадамнан астам аралықтан шұбар тышқанның басындағы мишығына жебені дәл тигізетін. Қарттардың айтуынша, моңғолдардың сахараны қорғау, билікке жету, жаһанды жаулау барысында сүйенгені әлемдегі теңдессіз тұлпар үстінен садақ тарту шеберлігі мен мергендік екен. Ал садақ ату тәсілдері ең ұсақ, ең дәл, ең қиын тигізетін тірі тышқандарды атудан жетіледі. Егер тышқан ату сатысынан өтсе, атқан оқтар мүлт кетпесе, онда қарақұйрықтар мен шақалдарды, дұшпанның аттары мен жауынгерлерін де бір оқпен-ақ атып түсіріп, мерт қылады. Қытайлардың жылқылары нашар. Олар садақтан жебе атқанда, өлі нысанаға ғана көздеп жаттығады. Олар моңғол атты әскерлерінің ат үстінен садақ ату шеберлігін қайдан меңгерсін. Соғыс майданында екі тараптың қосындары бетпе-бет келгенде, көшпенділердің атты әскерлері екі-үш жебе ғана атса болды, қарсы жақтың жауынгерлері мен жылқысының жартысы жапырылып қалатын.

Ақсақалдың тағы айтуынша, моңғолдар тірі тышқанды ату арқылы балаларды мергендікке жаттықтыруды да қасқырлардан үйренген. Құртқалар бөлтіріктерін аң аулауды үйретуі оларды тірі тышқанды ұстатудан басталады. Әрі қызықты, әрі ептілік пен жылдам әрекеттену тактикасына жаттығады, әрі қарнын тойғызады. Көкжалдардың тышқан аулауы иен даланы тышқандар мен егеуқұйрықтардың залалынан арылтуға жәрдемдеседі. Көне заманда әр жылы сахарадағы бөлтіріктер мен балалар шат-шадыман күйде шұбар тышқандарды аулайды, атады, көздеп ойнайды. Жыл сайын қаншама епті бөрілер және мықты сарбаздар тәрбиеленіп шығады? Қанша тышқанды қырып-жою керек? Қанша жайылымды қорғай алады екен? Чен Чжен моңғолдарда осыншама керемет далалық әскери мектебі, осыншама қасқырдай көрнекті де әйгілі жаттықтырушы бапкердің болғанына жиі сүйсінетін. Моңғолдар «аспан мен адамның бірлігін» (табиғат пен адамзаттың бірлігі) ұстанып ғана қоймайды, сондай-ақ «аспан, жануарлар, адамдар, өсімдіктердің бірлігіне» нанады. Бұл қытайлық өркениеттегі «адам мен аспанның бірлігімен» салыстырғанда, әлдеқайда терең, әлдеқайда бағалы. Тіпті сахараның тышқандары сияқты байтақ даланы ойрандайтын бұндай қас дұшпанды мүмкіндігінше жою көшпелі халықтардың түсінігінде осынша таптырмайтын мағынаға ие.

Чен Чжен тышқанды құйрығынан көтеріп, егжей-тегжейлі салмақтап қарады. Қойларды баққан уақытта, ол да үлкен еркек шұбар тышқандарды көрген болатын. Алайда, ол ешқашан бұндай ұзын, сүтпен емізу құтысынан да жуан тышқандарды кездестірмеген-ді. Тек таудың ішіндегі шүйгін шөпте ғана осынша үлкен тышқандар өсіп-өнуі мүмкін. «Тышқанның семіз де жұмсақ еті иен даланың бөлтіріктері мен ересек көкжалдары ұнатып жейтін азығы екені сөзсіз» деп ойлады Чен Чжен. Бөлтірік ақ тышқанның жарасындағы қанның иісін иіскесе болғаны, лезде оны ұстап алып, құлынның етін асағандай оны тірідей қылғытатынын елестетті ол.

Чен Чжен тышқанды құйрығынан әлі ұстап тұр. Жарасынан сорғалаған қан тышқанның тұмсығының ұшына жиналып, құмайт жерге тамшылауда. Бөлтірік байланған шеңбердің сыртқы жиегінде тұрған Чен Чжен дауыстап шақырды:

- Бөлтірік, бөлтірік. Тамақ дайын!

Бөлтіріктің көздері тұнып кетті. Ол бұндай азықты ешқашан көрмеген еді. Дегенмен, бөлтірік қанның иісінен бұның әбден дәмді тағам екенін мөлшерлеп тұр. Ол дүрсін-дүрсін жоғарыға шапшып секірді, ал Чен Чжен ауық-ауық ақ тышқанды биік көтере түсті. Бөлтірік тек семіз тышқанға ғана қадала қарауда, жігітке тіпті қарамайды. Ал Чен Чжен керісінше оның назарын өзіне қаратқан соң ғана тышқанды бермекші болды. Алайда, Чен Чжен осы жолы өз үмітінің іске аспайтынын байқады: дала тышқанын көрген бөлтіріктің бірқалыпты күйі өзгеріп салды, жыртқыштығы тасыған қаныпезер бөріге ұқсады. Келбеті жауызданып, тістерін ақситып айбат шекті. Аузы ең шегіне дейін ашылып, төрт азу тісі түгелдей томпайып сыртқа шықты, тіпті тістің еті де айпарадай ашылды. Бөлтіріктің жауыз сиқы Чен Чженнің тұла-бойын түршіктіріп, үрейін ұшырды. Тышқанды бірнеше рет айналдырған Чен Чжен бөлтіріктің көру аясынан жылжи алмады, тек олжаны оның алдына тастады. Ол шеңбердің сыртына жүресінен отырып, бөлтіріктің тышқанды өршелене талағанын, сосын қылғытуын көруге әзірленді.

Алайда, бөлтіріктің әуеде тышқанды қағып алғаннан кейінгі бірқатар қимылдары мен бейнесі Чен Чжен үшін толығымен күтпеген нәрсе болды. Сондай-ақ өмірінің соңына дейін оның есінен кетпейтін және ешбір түсіндіруге келмейтін сырлы уақиғаға айналды.

Тышқанды азуында қысқан бөлтірік ыстықтан қызарған бір темір затты тістегендей, шошығаннан дереу жерге тастай салды. Өзі ақ тышқаннан бір метр қашықтықтағы жерге шапшаң шегініп, денесі мен мойнын созған күйде олжасын зәресі ұша қарап тұрды. Үш минут қарағаннан соң ғана оның жанары сәл тынышталды. Сосын ол белін қауырт бүгіп, тұрған жерінде жіті қадамдаған халде жеті-сегіз рет айналшақтады. Кенеттен бір рет секіріп, ақ тышқанға бас салды және тістеледі, сосын артқа серпіле шегінді. Тышқанның қозғалмағанын бір сәт көрген ол оны тағы жұлқылай бастады, сосын қайта тоқтады. Бөлтіріктің көздері ақ тышқанға қалтқысыз тесірейіп қарады. Ол осылайша үш-төрт рет айналшақтап барып, кенеттен тынышталды.

Осы сәтте Чен Чжен бөлтіріктің жанары шексіз адалдыққа толғанын байқады. Жаңа ғана тағылықтың оты ұшқындаған жанардан мүлде басқаша. Бөлтірік ақ тышқанның қасына ақырындап жақындап, оның сол жағынан отырып, бір сәт аялдады. Кенеттен ол құрметтеген сыңайда алдымен алдыңғы оң аяғымен, сосын алдыңғы сол аяғымен тізерлеп отырды. Бұдан соң өзінің оң жағымен өлі тышқанның жанына жатып, бір аунады. Ол шапшаң тұрып, тұла-бойындағы құмды топырақты сілкіп, мойнындағы темір шынжырды түзеп, тышқанның басқа бір тұсынан қайта жүгіріп келіп, алдымен алдыңғы сол аяғын, сосын алдыңғы оң аяғын тізерлете тағы отыра қалды. Содан соң ақ тышқанның жанына қатарласа жатып, тағы бір рет аунап түсті.

Чен Чжен таңданып қарап қалды. Ол бөлтіріктің не істемекші болғанын білмейді, оның бұл қимылдарды қайдан үйренгенін де білмейді. Бөлтіріктің тышқанды бауырына алып, оның екі жағында аунауының нендей мағынасы болғанын тіпті де білмеді, бұның байыбына бара алмады. Бөлтіріктің қимылдары түгелдей қуырылған тауықты алғашқы рет жалғыз өзі қуырып, бір жағынан жегісі келген, екінші жағынан одан айрылғысы келмей, қолдарында дамылсыз аударған кішкене ұл баланың қимылдарына ұқсайды.

Бөлтірік осы күрделі қимылдарын аяқтағаннан кейін үстінен топырақты сілкіп, шынжырын түзеді. Сосын ол тышқанның сол жағына тағы жүгіріп барып, алдыңғы әрекеттерін қайта бастады. Арт-артынан үш рет жасаған осы әрекеті, барлығы ұп-ұқсас үш кешенді дене шынықтыру қимылдарына ұқсады.

Чен Чженнің жүрегі тосыннан дір етті. «Бұрын бөлтірікке соншама көп дәмді еттерді, тіпті қаны тамшылаған жас еттерді бергенде, ол мынадай қылық көрсетпеген еді. Неге бұл семіз тышқанды көргенде ол бұлай әдеттегіден тыс қимылдады? Қасқырлар өздері ұстаған олжаға шаттануының бір әдісі ме екен? Немесе олжаны жеудің алдындағы ырым-салты ма? Әлгідей адал да әдепті қимылдары расында да діни уағызға ұйыған нағыз мүриттердің әрекетіне ұқсайды» деп ойлады ол.

Чен Чжен әбден ойланғаннан соң ғана кенеттен өзінің бұл жолы бөлтірікке берген тамағы бұрын берген тағамдардан мәні бөлек болғанын түйсінді. Ол бұрын бөлтірікке сапасы жақсы тағамдарды берген екен. Алайда, олардың бәрі ет пен сүйектері ұсақталып паршаланған немесе адамның қолымен пісірілген жасанды тамақтар еді. Былайша айтқанда, адамдардан асқан қалдық. Ал мынау «тағам» керісінше түгелдей нағыз табиғи және сап жабайы сипаттағы бүтін азық болып табылады. Яғни, сиыр, қой, жылқы, ит секілді басы мен құйрығы, денесі мен аяқтары бар, терісі мен жүндері тұтас «нәрсе», тіпті бөлтіріктің өзіндей «тірі жануарға» ұқсайды. Бәлкім, көкжалдар бұндай кемелді де біртұтас тағам мен «тірі жануарды» асыл бөрілер ғана игіліктенетін ардақты азық ретінде көретін шығар. Ал анау әуелгі дене бітімін жоғалтқан ұсақ туралған ет (фарш) пен ұсақталып уатылған сүйектер керемет дәмді болғанмен, адамдар жеген тамақтардың қалдықтары ғой. Егер оны жесең, қымбатты да әйгілі қасқырлық қасиет пен сапаны жоғалтасың. Адамдар тұтастай қуырылған сиыр, қой, тауық, үйректі ең асыл азық етіп, оларды жеудің алдында салтанатты рәсімиеттерді өткізуі де көкжалдардың ықпалы астында қалыптасқаны ма сонда? Немесе адамзат пен бөрілердің ой-пікірлері мен көзқарастары бір жерден шыққаны ма? 

Бөлтірік бұндай асыл да бүтін азыққа тұңғыш рет тап болғаны себепті, оның өскелең тума қасиеті өршіп шыға келді, осыншама сыпайы да ыждахатты әрекет пен рәсімиетке жол берді.

Алайда, бөлтірік ешқашан қасқырлар тобының ешбір рәсімиетіне қатыспаған. Ол қалайша бұл үш кешенді әрекеттерді осынша жатық, жүйелі һәм өз тәртібімен мұқият істей алды екен? Ол әрбір қимылын сансыз рет машықтанған сияқты, тіпті жетік ысылғаны соншалық, дәл қатаң үйренуден өткендей, пәлен рет қайталап қанына сіңген қимылдай шебер орындады. Чен Чжен қанша ойланып-толғанса да байыбына бара алмады. 

Бөлтірік бір тыныстады, сонда да тышқанның терісін сыдырып, етін жеуге асықпады. Ол денесін сілкіп, терісін реттеп тазаланғаннан кейін, тұтқиылдан алдыңғы екі аяғын жоғары көтеріп, тышқанды ақырындап қоршаған халде шеңбердің ішін айналып жүгіре жөнелді. Ол желпіне көздерін сығырайып, азуын жартылай ашып, тілін жартылай салақтатып, аяқтарын баяу көтеріп, баяу түсіреді. Осы әрекеті құдды Совет Одағының циркіндегі сәйгүліктердің арасында ойын көрсеткен ақбоз аттың айқын да жүйелі, баяу қимылдарына ұқсады. Бөлтірік бәсең шабыспен бірнеше рет аса ұқыпты жүгіргеннен кейін, кенеттен қарқынын шапшаңдатты. Дегенмен, баяу немесе жылдам жүгірсін, әлгі шеңбердің үлкендігі әдеттегідей ғой. Құмайт жердің үстінде қалған оның сансыз іздері бір төтенше дөңгелек қалыптастырыпты.          

Чен Чженнің тамырларындағы қаны мұздап сала берді. Кенеттен оның есіне көктем мезгілінде қынадай қырылған әскери жылқылар өліктерінің үйіндісін ораған әлгі сырлы да үрейлі көкжалдар іздерінің шеңбері түсті. Жылқылардың өлекселері ең көп үйілген үйіндіні қоршай жүгірген ондаған бөрінің іздерінен құралған қасқыр жолы бір шырғалаң шеңберге, әзәзіл дөңгелекке, сыйықсыз жазуға ұқсаған-ды. Қарттар бұны дала көкжалдарының Тәңірге білдірген алғысы және нұсқаулар сұрауының белгісі деп сенеді.... Әлгі шеңбер өте домалақ еді. Бұл жолы бөлтірік өз үңгірін шыр айналып жүгірген шеңбер де ерекше домалақ. Ал осы екі шеңбердің ортасында денелері бүтін, терісі мен жүндері түгел жануарлар жатты.

Сонда бөлтірік осындай дәмді де жұмсақ аңның етін бірден жеуге батылы бармағаны оның да шеңбер салып, Тәңірге рахмет айтуы қажет болғаны ма?

Құдайсыз атеистер аңыз-ертегідей реалдыққа немесе реалдықтың ішіндегі аңыз-ертегіге тап болды. Чен Чжен «тума қасиет» (жаратылыстық ерекшелік) пен «табиғи тұқым қуалау» деген ұғымдармен бөлтіріктің бұл ғажайып әрекеттерін түсіндірудің мүмкін еместігін сезінді. Ол талай рет бөрілердің қимылын түсініп ұққан, тәлім алған. Олардың әрекеттерін адамдардың ойлау жүйесімен түсіну қиын.

Бөлтірік бұрынғыдай желпініп шыр айналуда. Әйтсе де, бір күн бойы ет жемеген ол қазір ішегі шұрылдаған бір аш қасқыр-дұр. Істің қисыны бойынша, аш көкжал қанды етті көргенде еліріп кетуші еді. Ендеше, бөлтіріктің әрекеті неге басқаша? Неге ол діндар адамдар секілді қимылдайды? Аштыққа төзе алған ол осынша жөнсіз салт, орынсыз рәсімиет саналған «діни салт-жораны» атқарады. Сонда бөрілер әлемінде де байырғы діннің болғаны ма? Сонда қуатты рухани күшпен сахарадағы қасқырлар тобының әрекеттерін билеп-басқаруға болады ма? Тіпті көздерін әлі аша қоймаған кезде көкжалдардан ажыратылып, бөлек өмір сүрген бөлтіріктің де бұдан хабардар болғаны ма? «Алғашқы қауымдағы адамдардың байырғы діні шынымен де жануарлар әлемінен келгені ме?» деп сұрады өз-өзінен Чен Чжен. Байтақ даланың байырғы адамдары және байырғы бөрілердің арасында шынымен де ежелгі заманда алғашқы діни байланыстар болғаны ба? Адам тылсым сахараның аса көп сырларын ашуы керек....

Ақыры бөлтірік жүгіруін тоқтатты. Ол тышқанның жанына отырды. Алқынған демі басылып, кеудесінің тербелуі тұрақтанғаннан кейін, ол тілінің ұшымен аузының сыртқы жиегін екі рет жалады. Көзінен жабайы ашкөздік пен қомағайлықтың нұры атылған ол лезде байырғы момақан әулиеден тосыннан аш қасқырға айналды.

Ол тышқанға атылып барып, алдыңғы екі аяғымен оны басып, кеудесін орып жіберді. Басын кенет бір жұлқығаннан-ақ тышқанның қақ жарты денесінің терісін айырды. Қанға боялып, мылжасы шыққан тышқанның еті сыртқа шыға қалды. Бөлтірік бүкіл денесімен бүлкілдеп, олжасын әрі жұлмалауда, әрі қылғытуда. Ол тышқанның бір бүйірінің еті мен сүйектерін жұтқанда, ішек-қарны түгелдей ақтарыла төгілді. Ол тышқанның асқазанындағы қышқыл да сасық шөптің қалдықтарын, ішек-қарнындағы нәжіс заттарды мүлдем тазаламастан, ішіндегі сөлі-боғымен қоса бір-ақ қылғытты.

Бөлтірік тышқанды жеген сайын дөрекі де жабайы күйге түсті, барған сайын серпілді. Бір жағынан жұлмалап жеп, бір жағынан шаттана ырғақпен ыңылдады. Бұны есіткен Чен Чженнің тұла-бойы қорқыныштан жиырыла түсті. Бөлтіріктің жеу тәсілі барған сайын көріксіз және жабайы болды. Ол тышқанның барлық дене мүшелеріне, яғни еті мен сүйектерін, терісі мен жүнін немесе өті мен қуығын түгелдей жиып, алаламай жеді, дәмді деп санады. Көзді ашып-жұмғанша, үлкен семіз тышқаннан тек басы және қысқа құйрығының үлпесі ғана қалды. Бөлтірік бөгелмеді, дереу екі алдыңғы аяғымен тышқанның басын қысып, тұмсығын жақындатты. Сосын тістеп жұлқып, тышқанның басының алдыңғы жартысын кеміріп ұсақтады һәм қылғытты. Тіпті қап-қатты тістерін де түкіріп тастамады. Бөлтірік түгелдей ұсақталып кемірілген тышқанның басының бір жартысын бірнеше шайнап жұта салды. Ол тіпті әлгі жүні көп, еті жоқ, тек құйымшағы ғана қалған тышқанның құйрығын тастауға қимай, бір тістегеннен-ақ екіге айырып, сүйегін жүнімен қоса қылғытып жіберді. Шағыл жердің үстінде тек тамшылаған қан мен несептің дақтары ғана қалды. Бөлтіріктің құмары әлі қанбаған секілді. Ол Чен Чженге бір сәт қадалып қарады. Оның құр алақан тұрғанын көрген бөлтірік көңілі тыншымаған күйде жігіттің жанына бірнеше адым жақындады, сосын күдері үзіле жерге жата қалды.

Чен Чжен бөлтіріктің тышқанды ерекше ұнатып жегенін байқады. Дала тышқаны оның бөлтіріктің бүкіл тума қасиетін және жасырын мүмкіндіктерін қоздырғаны анық. Бәсе, Олұн даласында ғасырлар бойы кең көлемді тышқандар апатының ешқашан туылмағаны содан екен ғой.

          Чен Чженнің жүрегі бір мезет бөлтірікке махаббат пен аяушылыққа толды. Ол әр күні дерлік бөлтірік басты рөл ойнаған қызығарлық пьесаның жаңа көріністерін көріп жүр. Оның үстіне, көкжалдардың «спектакльдері» соншалық жанды да терең мағыналы, соншалық шабыт беріп, ой салып, тәлім берерлік. Бұның бәрі Чен Чженді бөлтірікке аңсары ауған адал театрқұмарға айналдырды. Тек өкініштісі, бөлтіріктің сахнасы шынымен де тым кішкене. Егер бүкіл Моңғолия даласы оның өнері мен өмірінің сахнасы болғанда, онда ол қаншалық құдыретті қойылымдарды ойнап, жұртты шабыттандыратын өмірлік көріністерді жарататын еді. Ал дала бөрілерінің ғасырлар бойы Моңғолия сахарасында көрсеткен ұшан-теңіз қаһармандық пен батырлық драмаларының басым бөлігі осы күндерге жетпей әлдеқашан ұшты-күйлі ғайып болды. Қазір қалған-құтқан қасқырлардың легиондары мемлекеттік шекара орналасқан белдеуге жаныштап ығыстырылды. Қытайлардың бұл кереметтерді құмары қанғанша көріп, одан өнеге-тәлім алатын орайы енді қалмады.

Бөлтірік әлі сүйек кемірумен әлек болған күшіктерге телміріп қарауда. Чен Чжен отауға қайта кіріп, әлгі үлкен суырдың терісін сыдырды. Ол сондай-ақ иттер тістеген суырдың желкесі мен басын қиып, тегенеге салды. Оны кешке бөлтірікке бермекші болды.

Чен Чжен суырдың төсін тазалап, кішкене бөліктерге ұсақтады. Сосын суырды қазанға салып пісірді. Жаз бойы семірген бір үлкен суырдың еті шойын қазанның басым бөлігіне сиып, үш адамның әдемілеп бір жеуіне жететін болды.

Кешке жақын бөлтірік батысқа қарай құмды топыраққа түп-түзу отырып, жарты шеңбер болып бірте-бірте батып жатқан күнге дегбірсіздене қарады. Күннің ең соңғы бірнеше шұғыласы ғана шөп-өсімдіктері қаулаған беткейдің төбесінде көрініп тұр. Бөлтірік жалт етіп денесін киіз үйдің босағасына бұрды да, құдды барабан ұрғанға, тамаққа атылғанға, алға-артқа домалағанға ұқсаған әр-алуан қимылдар жасады және біртүрлі бейнелерді көрсетті. Темір шынжырды қасақана сылдырлатқан ол Яң Кэге немесе Чен Чженге қазір өзінің уақыты келгенін ескерткендей болды.

          Чен Чжен өзіне тиесілі суыр етінен пісірілген тамақты ертерек жеген соң, қамшысын алып, шынжырды тартып бөлтірікті сейілге шығарды. Эрлаң мен Сарытөс те бірге шықты. Әр күні ымырттағы жартылай еркіндікке жол беретін осы мезгіл – бөлтіріктің ең бақытты шағы, тіпті тамақ ішкеннен де бақытты саналатын уақыты. Дегенмен, бөлтірікті сейілге шығару әскерлердің овчаркаларды сейілдеткенінен ешбір айырмашылығы жоқ. Бөлтірікпен сейілге шығу Чен Чжен үшін ең көңілді, әрі машақатты және ең шаршататын еңбек болып табылады.

          Бөлтірік асты қомағайлана жеп-ішеді. Өскен сайын үлкейе түсті. Денесінің тұрқы өзімен құрдас күшіктерден әлдеқашан асып түскен. Салмағы өзімен шамалас бір жарым күшіктің салмағына тең келеді. Бөлтіріктің тума түктері түгел түлеп, сұрғылт сары жаңа жүндері жетіліпті. Жылт-жылт етіп жалтырайды. Арқа жонындағы әрі ұзын, әрі тік қара жалы түздегі ірі көкжалдардан ешбір айнымайды. Жаңа келген кездегі доп-домалақ маңдайы біршама жалпайып тегістеліп, сұрғылт жұқа түктердің үстіне қойдың жүніндей ақ теңбілдер шығыпты. Оның тұмсығы да ұзара бастапты. Сулы қап-қара мұрнының ұшы құдды резеңке тығын секілді әрі қатты, әрі майысқақ. Чен Чжен бөлтіріктің мұрнының ұшын шымшуды ұнатады. Бір шымшығаннан бөлтірік басын шайқап, түшкіреді. Ол бұндай достық қимылды тым жақтырмайды. Оның екі құлағы үшкір қалақтай ұзарып, әрі қатты, әрі тіп-тік болыпты. Алыстан қарағанда әлдеқашан ол сахараның нағыз бөрісіне ұқсапты.

          Бөлтіріктің көздері – оның бет-жүзіндегі ең қорқыныш тудыратын және сиқырлы бөлігі. Көздері дөп-дөңгелек, мөп-мөлдір. Дегенмен, көз қиығының ішкі бұрышы төмендеу, ал сыртқы қиығының бұрышы жоғары болғандықтан, екі жағы қиғашынан жоғары түрілген. Егер көз қиығының ішкі-сыртқы бұрыштарын тік сызық етіп созып, екі көз қиығының ішкі бұрыштарын түйіскен жерін қосқанда, 45 градус бұрыш құрап, Бейжің операсы әртісінің боянғанынан да айқын болады. Оның үстіне, көз қиықтарының ішкі бұрыштары төменге қиғаштап созылса, жасаураған көздері жолақтанып, тіпті де үрейлі көрінеді екен. Чен Чжен кейде оның көздеріне қараған мезетте «сұлу қыздың көтерілген қастарын» немесе «жолбарыстың қиық көздерін» елестеді. Оның қастары бір шоқ солғын сарғыш болғандықтан, ызаланған және айбат шеккен кезде ешбір рөл ойнамайды. Қасқырлардың қаһарланған жауыз бет-әлпеті көбінесе «қиық көздеріне» байланысты болады. Олардың көздері алайып қадалса, сол қатыгез сес көрсету күші қаһарлы жолбарыстың «ілмек көздерінен» кем түспейді, «қастары тікірейіп көтерілген» жезтырнақтан да қорқынышты болады. Ең қызығы, бөлтірік бір ызаланса, ұзынша тұмсығының екі жағы тыржиып, әжім-қыртыстары қиғаштанып, қаһарлы көз қиықтары онан әрі үрейлі бола түседі, оны тіпті де айбарлы көрсетеді.    

Бөлтіріктің көздері адамның немесе басқа жануарлардың көздеріне мүлде ұқсамайды. Оның «көздерінің ағы» сары ақық тасына ұқсайды. Машинаның тұманға қарсы фараларының түсі қызғылт сары болуы оның тұманда ең өткір, тесіп өту күшіне ие болатынын бәрі айтады. Чен Чжен көкжалдардың көздеріндегі ақық түс адамдар мен жануарлардың психологиясына да кедергісіз өткір тесіп өту күшіне ие болғанын сезінді. Бөлтіріктің біршама кішкене көз қарашығы адамдарды имендіретіндей сұсты болады һәм Холмстың романындағы әлгі негрдің уланған инені ататын түтікшенің ұсақ тесігіне ұқсайды. Бөлтірік ызаланған кезде Чен Чжен оның көздеріне тікелей қарауға батылы бармайды, оның көздерінен ажал жеткізетін екі улы иненің ұшып шығуынан қорқады.

          Чен Чжен бөлтірікті асырағаннан бері, сондай-ақ оған үйренгеннен кейін, ол шаттанған уақытта екі құлағын ұстап, қос қолымен оның бетін ұстап, бетіне өз бетін, мұрнына өз мұрнын түйістірген халде кішкентай жануардың бет-ажарына сүйсінетін. Ол күнде-күнде дерлік көргеніне, күн сайын зерттегеніне, сыр түйгеніне 100 астам күн өтті. Чен Чжен бөлтіріктің бет-әлпетіне әбден қанық. Ол бөлтіріктің сүйкімді де жайдары жүзін жиі көрсе де, оның көңілінде алаңдағанын, ішінен орын таппай шамданғанын да үнемі көреді. Бөлтіріктің бір жұп көздері ауық-ауық оның арқасына суық тер шығартады. Егер де ол аранын айқара ашып, көзілдірікті кобраның уланған тістерінен де жуан және үшкір төрт кішкене азу тісін ақситып шығарса, адамды одан бетер шошытады. Чен Чжен оның аузын жиі ашып, азу тістерін саусағымен шерткенде, тат баспайтын болатты ұрғандай дауыс шығады. Бөлтірік тістерінің беріктігі және иілгіштігі өте күшті екен. Жігіт саусағының ұшымен оның тістерінің өткірлігін тексерді. Шақайдың табанын сырып жіберетін бізден де өткір екен. Бөлтірік тістерінің кіреуке қабаты (эмаль) да адамның тістерінен анағұрлым қатты болады.          

          Әлбетте, Тәңір дала бөрілерін айрықша жақсы көргендіктен, оларға осынша айбынды да әдемі шырай және қорқынышты қару-жарақты сыйға тартты. Қасқырдың шырайы – қару, ал оның тістері әрі қару, әрі өң-пішіні-дүр. Байтақ далада көптеген жануарлар көкжалдармен айқаспай жатып-ақ олардың тұла-бойындағы қарудан шошып, өз қаруын тастап, жеңілгенін мойындайды. Бөлтіріктің аузындағы күннен-күнге өткір болған төрт азу тісі Чен Чженді алаңдата бастады.    

Бақытқа орай, сейіл құру бөлтіріктің ең көңілді кезі болып саналады. Ол қуанғанда ғана шырайының қаруын Чен Чженге қарсы қолданбайды, өз азу тістерін де көрсетпейді. Тістелеу – бөрілер сезімін білдіретін негізгі әдістердің бірі. Чен Чжен де ұдайы оның аузына сұққан саусағын кеміруге, тістеуге және соруға мұрша береді. Бөлтірік оның саусағын тістелеп ойнаған кезде, әрдайым айрықша әдептілік танытып, ақырын ғана жалайды, мүлде күш көрсетпейді. Құдды өзімен ұялас бауырлармен өзара ойнақтағандай, теріні теспейді, қанатпайды.

          Осы бір айдан астам уақыттан бері бөлтірік таңғаларлықтай өсіп-өнді. Ал оның күш-қуаты денесінің салмағынан анағұрлым жылдам артты. Әр күні Чен Чжен «Бөлтірікті сейілге шығарамын» деп айтатын. Іс жүзінде, оны мүлдем сейілдетпейтін, қайта оны сүйреп жүретін. Тіпті бөлтірік адамды сейілге шығаратын деп айтуға болады. Бөлтірік бұл шеңберді бір құтылса, лезде азбан өгіз сияқты күшінің барынша Чен Чженді көгалды беткейге қарай сүйрейді. Бөлтіріктің аяқтарының күшін және жүгіру қабілетін шынықтыру үшін Чен Чжен немесе Яң Кэ үнемі онымен бірге жүгіретін. Алайда, адамдар жүгіре алмаған уақытта, бөлтірік жеткілікті қайрат-қауқарын оларды сүйреуге, тартуға шоғырландыра бастайтын. Бір сүйреп жүгіргені көбінесе жарты сағат, бір сағатқа созылатын. Чен Чженнің бұндай қимылдардан қолы ауырып, білектері тартылып, тұла-бойы қара терге түседі. Оның бір күн бойы ауыр еңбек жасағанынан бетер шаршады. Ішкі Моңғолия үстіртінің ауасы Бейжің жазығының ауасынан әлдеқайда шалаң. Бөлтірік жарты сағаттап алысқа жүгіргенде, Чен Чженнің миы мен өкпесіне оттегі жетіспей, өңі бозарып, қоя аяғы тартылады. Бастапқыда ол бөлтірікпен бірге ұзақ қашықтыққа жүгіріп, денесін сахараның атан жілік ерлерінің дене-бітіміндей шынықпақшы болған. Алайда, бөлтіріктің күн сайын қарқындаған ұзаққа жүгіру әлеуетінің қарыштап-тасқындауынан кейін ол толығымен үмітін үзіп, сенімінен айрылды. Қасқырлар – иен далада ұзақ қашықтыққа жүгірудің шеберлері. Тіпті моңғолдардың ең жүйрік үрүмчин жылқысы оларды оза алмайды. Мына өзі секілді қытайдың екі ши бұты онымен қайдан жарыспақшы? Чен Чжен мен Яң Кэ алаңдай бастады: бөлтірік толығымен үлкен арлан болғанда, олар оны қалай сейілге шығарады? Осы жағын жөндемесе, керісінше бөлтірік оларды сүйреген күйі көкжалдар тобына қосылуы мүмкін. 

          Кей уақытта бөлтірік шөпті беткейде Чен Чженді немесе Яң Кэні жерге тартып құлатқанда, алыстағы бірнеше киіз үйдің әйелдері мен балалары белі бүгіле қарқылдап, іштерін ұстап күлетін. Барша малшылар бөлтірік асырауды ақымақтық деп есептесе де, жұрттың бәрі де қызық көруді қалайды. Бүкіл отрядтың малшылары әділетті Тәңірдің бейжіңдік оқушылардың аталмыш «ғылыми тәжірибесін» тоқтатуын және осы үшін жаза беруін күтуде. Орыс тілін аздап білетін бір орта жастағы малшы Чен Чженге: «Адам бөріні жуасыта алмайды. Яғни, ғылым да қасқырларды бағындыра алмайды» деген. Оған Чен Чжен бөлтірікті бақылау, зерттеу үшін ғана, оны бағындыру ойының мүлдем болмағанын түсіндіріп айтқан еді. Ешкім оның түсіндіргеніне сенгісі келмеді. Оның үстіне, оның көкжалдар мен итті будандастыру арқылы овчаркаларды шығару жоспары керісінше бүкіл жұртқа әлдеқашан жайылған-ды. Яң Кэ екеуінің сейіл барысында бөлтірік тарапынан сүйреліп сүрінгені, тоңқалаң асқаны малшылардың дастархан басында айтылатын келеке-мазаққа айналып та үлгерді. Олардың бәрі енді бөлтіріктің ұрғашы итті жеген хабарды естуді күтіп жүр.

          Бөлтірік серпіле Чен Чженді сүйреп, бірталай жерге жүгірді. Чен Чжен демігіп-алқынып артынан жүгірді. Бір ғажабы, бұрын далаға шығарған уақытта бөлтірік Чен Чженді бағыт-мақсатсыз бей-берекет сүйрелеп жүгіретін еді. Алайда, жақын күндерден бері ол Чен Чженді солтүстік-батыс бағытқа, яғни әлгі түнде құртқаның дауысы ең жиі шыққан жерге алып жүгіретін болды. Әуесқойлығы тағы қозған жігіт те барша ахуалды толығымен көргісі келді. Ол бөлтірікке ілесіп, өте алыс аралыққа жүгірді. Басқа кездегімен салыстырғанда, ең жыраққа алыстап, бір жырадан асыпты. Бөлтірік Чен Чженді біртіндеп көтерілген көгалды беткейге бастап шықты. Жігіт артқа қайырылып қарады. Киіз үйлерден 1,5-2 км алыстаған екен. Ол аздап алаңдады, бірақ еріп келе жатқан Эрлаң мен Сарытөстің қорғауында, тағы қолында қамшысы болғандықтан бөлтірікке бой бермей артқа бұрды. Тағы бірталай жүгіргеннен кейін бөлтірік жүгірісін бәсеңдетіп, жан-жағын иіскей бастады. Шабындықта шашылған сиырдың тезектері, әрбір топырақ үйіндісі, ағарған сүйектер, биік шөп және тастар, әрбір томпайып көзге түскен зат оның назарынан тыс қалмады.

Бөлтірік иіскеп жүріп, қою өскен бетегенің алдына келді. Ол енді ғана мұрнын соза иіскейін деп жатқанда, кенеттен тұла-бойы селк ете қалды. Жотасындағы жалы кірпінің тікендеріндей тікірейіп кетті. Оның көздерінен ұшқындаған шошыну және қуаныштың нұрлары, иіскеуі және тыңдауы, бүкіл ақыл-сезімі сол қалың шөптің ішіне бағытталды. Бөлтірік кенет басын көтеріп, аспанның батыс бөлігіндегі кешкі шапаққа қарап ұзақ ұлыды. Ұлыған дауыс қайғы мен мұңға толы өксіп шықты. Алғашқы рет дауыстаған кездегідей ерекше елеуреген және қуанышты болмады. Қайта аналық мейір мен өз қауымын аңсау һәм тебірену шеріне толды. Бірнеше ай бойы тұтқын болып бұғауда өткен өмірінің азабы мен қасіретін түгел жинап жылағандай болды....

Эрлаң мен Сарытөс те бастарын еңкейте қалың бетегені иіскеледі. Жалдары тікірейген екі үлкен ит жерді қазбалады, солтүстік-батысқа қарап өршелене үрді. Бөлтірік пен төбеттер бөрі сідігінің иісін иіскеп білгенін Чен Чжен әпсәтте түсіне қойды. Ол шүберек шақай киген аяғымен қалың шөпті ашып қарады. Бірнеше түп бетегенің төменгі бөлігі қасқырдың сідігінен сарғайғанын көрді. Сідіктің қоп-қою сасық иісі мұрынды жарады. Чен Чжен біраз сасқалақтап қалды: несеп жас болатын. Шамасы, көкжалдар кеше түнде қоныстың жанында әрекеттенген сияқты. Кештің қызғылт шапағы біртіндеп сөніп, таудың беткейі түгелдей күңгірт жасыл көлеңкеге оранды. Самал желдің есуімен шалғын шөп толқып тербетілуде. Шалғын шөптің арасында көптеген бөрілердің арқа жондары көрінген сияқты. Чен Чженнің тұла-бойы дірілдеп кетті. Ол бәрінен бұрын мұнда қасқырлардың торуылына ұшыраудан, жеңілгісі келмеген бір топ өлекшіннің атылып шығуынан қорықты. Ол жалма-жан бөлтірікті сүйреп, оны үйге қайтуға жетелеуді ойлады.

Дәл осы сәтте бөлтірік бір артқы сирағын көтеріп, қалың бетегенің түбіне сиді. Үрейден есі шыққан Чен Чжен бөлтірікті өршелене жұлқып тартты. Құртқа өз баласын жадынан шығармайды, ал тұтқында жүрген бөлтірік дәрет арқылы өзі жөнінде хабар жолдады. Ол егер де өлекшінмен кездескен жағдайда, бұның нәтижесін болжаудың өзі қиын. Чен Чжен біраз күшеніп, өршелене тартқанда, бөлтірік омақасынан құлап, жалпасынан түсті. Осы рет сүйрегенде шала сиген бөлтіріктің барын сала анасын іздеу ынтығын және жоспарын мәжбүрлі түрде тоқтатты. Күйіп-піскен бөлтірік көзін шекшитті, бұлқан-талқан болып ашуланды. Кенеттен ол артқы аяқтарын төмен бүгіп, тосыннан барша күшін салып, нағыз бір жабайы көкжал тәрізді Чен Чженге атылды. Чен Чжен еріксіз тез шегінді, бірақ қалың шөптің кесірінен сүрініп кетті. Бөлтірік аранын айқара ашып, жігіттің балтырын сілейте тістеді. Чен Чжен қатты шыңғырды – жүректі сырқыратқан жан ауруы және үрей бір сәтке бүкіл денені тұралады. Бөлтіріктің өткір тістері оның шалбарын тесіп, балтырдың етіне қадалды. Жерге отыра сала айғай салған жігіт жалма-жан қамшысын алып, оның мұрнының ұшынан салып қалды. Алайда, тұтастай құтырған бөлтірік тістерін қапсырып, ажыратпай қасарысты.

Екі ит шошығаннан жүгіріп келді. Сарытөс бөлтіріктің желкесіне жармасып, күшінің барынша артқа тартты. Ашу-ызаға булыққан Эрлаң бөлтіріктің басына тақап, қатты абалады. Құлақтың тұсында шатырлаған найзағайдың гүріліндей дауыстан бүкіл денесі дірілдеп кеткен бөлтірік сол сәтте ғана тістерін босатты.

          Чен Чжен шошығаннан талықсып қысыла жаздады. Ол өз қолымен асыраған бөлтіріктің азу тістерінде өзінің қанын көрді. Эрлаң мен Сарытөс әлі бөлтірікті төпелеуде. Чен Чжен шапшаң жақындап, бөлтірікті мойнынан құшақтап, нығыздап құшағына қысып, арашалағысы келді. Әйтсе де, бөлтірік әлі де долданып арпалысуда, ызғар шашқан көздерінен «уланған оқтар» атылуда, тістерін ақситып, буырқанып айбат шегуде.

          Чен Чжен Эрлаң мен Сарытөсті айғайлап тоқтатты. Екі төбет ақыры шабуылдауды тоқтатқаннан соң ғана бөлтірік жанталаса қарсыласуын қойды. Жігіт қолдарын босатып еді, денесі діріл қаққан бөлтірік артқа екі адым шегініп, жабайы бөрідей қанқұйлы жанарын Чен Чженге қадауды жалғастырды. Арқасындағы жалы да ешбір жатпайтын, жігітке атылатын түрі бар. Чен Чжен әрі ашуланды, әрі шошыды.

- Бөлтірік, бөлтірік. Есің шыққан ба? Мені тістеуге батылың жеткені ме? - деді алқынып ол бөлтірікке.

Таныс дауыс құлағына жеткеннен соң ғана бөлтірік ақырындап жанартау секілді атқылаған жыртқыштық пен тағылық сипатындағы қаһарынан қайтып, есін жиғандай болды. Басын қисайтқан ол алдындағы адамға тағы да қадала қарап, ақырындап таныған сыңайлы. Дегенмен, оның көзінде қандай да бір ұялудың, өзін кінәлі санаудың ізі де байқалмады.

          Жарасынан ағылған қан аяқ киімнің ішіне, қонышына сорғалады. Чен Чжен жалма-жан орнынан тұрып, қолындағы сойылды тышқанның ініне тереңдетіп қадады, темір шынжырдың доғасын осы уақытша қазыққа іліп қойды. Ол қанды көрген бөлтіріктің жаман ниетке салынуынан алаңдады. Дереу бірнеше қадам жүрген жігіт теріс бұрылған күйде жерге отырып, аяқ киімін шешті, шалбардың балағын түрді. Балтырдың бүйірінде пайда болған төрт кішкене тесіктен қан көрінуде. Бақытқа орай, шалбардың матасы жұқа брезент секілді қалың да мықты болғандықтан, жануардың кейбір азу тістерінің күшін бөгеді, жара аса терең болмады. Чен Чжен апыл-ғұпыл малшылардың жараны емдеудің қарапайым әдісін қолданып, жануар тістерінің ізі түскен аяғындағы жерді барша күшпен қысып, қанды сықты. Денесінің таза қан ағысын сыртқа ағызу арқылы уланған жараны жуып-шайды. Ол шамамен жарты шприцтей қанды сыққаннан кейін ғана көйлектен жыртып алынған матамен жарасын мықтап таңды.

          Чен Чжен тағы орнынан тұрып, шынжырды тартқан халде бөлтіріктің басын киіз үйге қарай қайырып жетеледі. Ол киіз үйлерден түтеген түтінді нұсқай отырып: «Бөлтірік, бөлтірік. Тамақ әзір. Су іше ғой» деп дауыстап сөйледі. Бұл – Чен Чжен мен Яң Кэ ойлап тапқан әдіс. Әр жолы бөлтірікті далаға шығарып сейілдету аяқталғанда оны үйге қайтарудың жалғыз тиімді әдісі осы ғана. Бөлтірік тамақтың піскенін ести сала дереу тілінің ұшында сілекейі көрінді. Жаңағы қанды оқиғаны мүлде ұмытқан ол артына да қарамай Чен Чженді сүйреген бойы үйге жөнелді. Бөлтірік үйге келе сала тікелей өзінің табағына тартты, тамақ пен сусынның құйылуын құмарта күтті. Чен Чжен темір доғаны ағаш қазыққа іліп, қазықтың басындағы ілгекті түймеледі. Содан соң ол суырдың желке етін бөлтіріктің алдына тастап, табақтың жартысынан көбірек таза суды құйды. Қатты шөлдеген бөлтірік алдымен сүйектерді кемірместен, тұмсығын табаққа сұғып, бірден табақтағы судың жартысын сіміріп салды. Далада әрбір сейілдеткеннен соң үйге оралу үшін оған күні бойы су бермеу керек. Серуендеген кезде ол қара терге малшынады, су ішкісі келеді, қарны ашады. Сол кезде суды есіне салса болды, бөлтірік өзі-ақ монтиып, серуендеткен адамды сүйрелеп, үйге жүгіріп келеді.

Чен Чжен киіз үйге кіріп, жарасын таңды. Гао Цзянчжуң азу тістері қалдырған жараны көре сала жүрегі ұшып, Чен Чженді укол салуға мәжбүрледі. Чен Чжен де бағын сынағысы келмеді. Ол дереу атқа мініп, №3 мал шаруашылығы бригадасының зиялы жастарына шауып келіп, «жалаңаяқ дәрігер» (қысқа мерзімді медициналық әзірлік курстарынан өткен диқан) Пэң інішектен құтыруға қарсы укол салғызып, дәрі алып, жарасын бинтпен орады, сондай-ақ одан бөлтіріктің қауып алғанын бөтен адамдарға мүлде айтпауды өтінді. Бұның есесіне келісілген алғышарт – Пэң інішек оқып жүріп жоғалтқан «Батысқа саяхат естелігі» кітабы сұралмайтын болды, сондай-ақ Чен Чженнен «Наполеонның өмірбаяны» және «Горио атай» кітаптарын оқуға алу келісілді. Пэң інішек сонда ғана әрең-әрең келісіп, уәде берді.

- Ферма штабына әр барғанда емхана құтыруға қарсы егілетін үш-төрт вакцинаны ғана береді. Малшының иті тістеген мингуңдарға екі уколды жараттым. Күн ыстықта ферма штабына тағы баратын болдым ғой, - деді ол бір жағынан күңкілдеп.

Чен Чжен оған барша жақсы сөзін айтып құтылды. Алайда, ол да өзінің не айтқанын білмейді. Оның ойлағаны тек бөлтірікті қалайда қорғау болды.     

          Бөлтірік ақыры адамды жаралады. Даланың салты мен ережесі айрықша қатал. Қойларға тиіскен төбет лезде өлтіріледі. Адамды жаралаған ит оқиға болған жерде өлтірілуі тиіс. Ондай болса, адамды қауып жаралаған бөлтірікке әрине ешқандай жеңілдік көрсетілмейді. Қасқырды асыраудың өзі жолдан таю, зор қылмыс жасау болып табылады. Енді қазір жұрттың алдында бөлтірікті жамандайтын болса, оны расында да бір аяғын көрге салғанмен барабар болады. Жарасына алаңдауды ұмытқан Чен Чжен атқа мінді. Ол біраз мидың бөлінуін тілегендей жол бойы басын ұрғылап, бөлтірікті құтқарудың амалын ойлаумен болды.

Үйге қайтқан Чен Чжен адамдарға тиісе бастаған бұл бөлтірікті қалай жазалау жөніндегі Яң Кэ мен Гао Цзянчжуңның қызу пікір таластырып жатқанын есітті.

          - Мына бөлтірікті-ай! Тіпті Чен Чженді қапқан ол ешкімді де аяймас! Атып тастау керек! - деп бақырды Гао Цзянчжуң, - Егер де ол кейін тағы адамды таласа, не істейміз? Біз күзгі жайылымға күзеуге көшкенде әрбір бригадалардың аралығы 40-50, 60-70 шақырым құрайтын болады. Укол салу мүмкін болмаған жағдайда, адамдар уланған тістерден жұқпалы індетке шалдығуы мүмкін. Құтырған көкжалдың ауруы иттердің құтыру індетінен де жаман. Онда тіпті адамның өміріне қауіп төнеді ғой!

          - Бұдан кейін ферма басшылығы Чен Чжен екеуімізге иттің құтыру ауруына қарсы вакцинаны бермеуінен алаңдаймын. Бұл дәрі осынша тапшы екен. Бөрілер немесе иттер адамды қапқанда қолданылатын бұл дәріні бөлтірікті баққан бізге қайдан берсін? Менің пікірім.... Меніңше, дереу бөлтірікті еркіне жіберу керек. Сәл кешіксек, отряд оны өлтіру үшін адам жіберуі мүмкін, - деді бәсең дауыспен Яң Кэ.

          - Қасқыр адамды талады, ал сен оны жібере салмақшысың ба? Сен Дон Кихоттан өткен ақымақ екенсің. Бұл оңай іс емес! - деді Гао Цзянчжуң.

          Осы сәтте Чен Чжен кенеттен керісінше бекемге келді.

          - Мен жақсылап ойландым. Оны өлтіруге де, жібере салуға да болмайды, - деді ол тістене, - Егер оны өлтірсек, онда мен шынымен де бекерге таланған боламын. Осыншама көп уақыт бойы күш-қуатым мен қан-терім бекер жұмсалған болады. Егер оны еркіне жіберетін болсақ, тірі жіберуге болмайды, өлтіруге тура келеді. Бөлтірік көкжалдар тобына аман-есен жеткен күнде де, арландар оны «келімсек» немесе «азғын» көріп, күн бермейді. Оны тірі қалдырады дейсің бе?

          - Онда қайтеміз? - деп сұрады Яң Кэ түнеріп.

          - Қазіргі бірден-бір әдіс – бөлтірікке тіс жұлу операциясын жасау керек. Тістеуікпен (қысқашпен) оның азу тістерінің ұштарын қыршыған жөн. Азу тістерінің мықтылығы ұшында. Егер азу тістерінің өткір бөлігі алынып тасталса, «өтпейтін пышақпен» адамды тістесе де қанын ағызбайды. Осылайша дәрі егудің де қажеті жоқ.... Біз кейін оған тамақ бергенде, етті ұсақтап турап береміз, - деді Чен Чжен.

          - Бұл әдіс те жарайды, - деді басын шайқаған Яң Кэ, - Дегенмен, бұл да оны өлтіргенмен бірдей. Өткір азу тістері жоқ бөрі кейін келе байтақ далада тіршілік ете алады ма?

          - Менде басқа амал жоқ, - деді Чен Чжен басын төмен түсіріп, - «Шегірткеден қорыққан егін екпес» демекші, бөлтірік бір тістегеннен бәрін тәрк етіп, істі аяқтамай жол ортада тастауды қостамаймын. Әлгі азу тістердің ұштары бәлкім кейін тағы өсетін шығар? Сонда да одан әзірше сақтанайық.

          - «Жолбарыстың мұртынан кім тартады» екен? Бөлтіріктің тағы да тістеп жаралауына жол бермеу керек! - деп кекетті Гао Цзянчжуң.

          Келесі күні таңертең қойларды өріске шығарудың алдында Чен Чжен мен Яң Кэ бөлтіріктің тістеріне «операция» жасады. Екеуі алдымен оны тамаққа әбден тойғызып риза қылғаннан кейін, Яң Кэ қос қолмен оның желкесін мықтап ұстап, екі бас бармағымен езуін екі жаққа керіп, аузын ашты. Бөлтірік мүлде қарсыласпады. Ол бұл екі жігіттің күнделікті қитұрқы ойындары мен қалжың іс-әрекетіне әлдеқашан үйренген-ді. Сондай-ақ, бұны өте қызық іс деп санады. Екеуі оның аузын күннің жарығына қаратып, егжей-тегжейлі қарады: кіп-кішкене азу тістері мөлдір де жылтыр болғаны соншалық, ішіндегі тіс ұлпасының тамырларын көруге болады. Бақытқа қарай, оның азу тістерінің нерв тамыры тістің жартысынан ғана өтеді екен. Нерв бөлігін жарақаттамай-ақ, азу тістерінің өткір ұшын кессе болғаны, бөлтірік ауырғанды да сезбей қалады. Осылай оның төрт азу тісін түгелдей сақтап қалуға болады. Бәлкім, көп өтпей бөлтірік тістерінің өткір ұшын қайтадан ұштай алады.

Чен Чжен алдымен бөлтірікке қысқышты иіскетті, сондай-ақ оны тістетіп, бойы үйренгенше біраз ойнатты. Бөлтірік қысқышқа деген қырағылығын бәсеңдеткенде, Яң Кэ оның аузын керіп, ұстай қалды. Сол мезетте Чен Чжен үлкен сақтықпен және айрықша шапшаң «тырс-тырс» етіп төрт азу тісінің ұштарын қыршып, шамамен азу тістердің 4/1 бөлігін алып тастады. Екеуі бұрын «қасқырдың аузын бұрғылау» міндетті түрде «жолбарыстың мұртын тартып, отпен ойнау» сияқты деп топшылап, қолдарын қалың матамен таңып, «операцияны» күшпен жасауға әзірленген болатын. Алайда, «операция» керісінше бір минутқа да жетпей аяқталды. Бөлтірік те еш зақымдалмады. Ол доғал азу тістерінің бұдыр-бұдыр орнын жалады, бірақ бірер зиянның болғанын сезінбеді. Бөлтірікті ақырын ғана жібере салған екеуі біраз дәмді нәрсені беріп, оны жұбатпақшы болды. Алайда, тістерін ауыртудан сақтанып, сыйға бір нәрсені беруді доғарды. 

          Чен Чжен мен Яң Кэ кең тыныстап, жеңілденіп қалды. Бұдан соң бөлтіріктің адамды жаралауынан қорықпайтын болды. Алайда, екеуі біраз күн жабырқау жүрді.

- Азу тістерінің өткір ұштарын алып тастау расында да адамды күш-қуатынан айырғаннан да рақымсыз екен, - деді Яң Кэ.

Чен Чжен де өз-өзіне біршама күңгірт сауал қойды:

- Менің сезінуімше, біз басынан бөлтірікті асыраудағы бастапқы ниеттен барған сайын алшақтаған сияқты емеспіз бе?

          Пэң інішек қатарынан үш жақсы кітапты әкетті. Бұған екеуінің іштері удай ашыды. Бүкіл фермадағы 100 шақты зиялы жастардың ішінде Чен Чжен мен Яң Кэ ғана бірнеше сандық «фэңцзысю» (феодалдық, капиталистік және ревизионистік) әйгілі классикалық шығармаларды әкеліпті. Алдыңғы екі жылда ең аласұрған саяси науқанның бораны соғып өтті. Сүреңсіз де бірсарынды қойларды бағу тұрмысында басқа зиялы жастар да тыйым салынған кітаптарға құнығып, тығылып оқуды бастаған. Сол себепті, кітапты оқуға бір берсең, оның қайтарылуына дәмеленбе. Алайда, Чен Чженнің бермеуге амалы жоқ.... Егер де үш басшы бөлтіріктің адамды талағанын біліп қалса, Бао Шигуй оны міндетті түрде өлтіреді. Классикалық еңбектер мен кітаптар кәдеге жарады: айтқандай-ақ, ұзақ уақытқа дейін бүкіл фермада ешкім де бөлтіріктің Чен Чженді жаралағанын білмеді.

 

28

          Шимин (Таң патшасы Тайцзуң, Таң әулетінің екінші патшасы, 599-649 жж. өмір сүрген, 626-649 жж. билік құрған) жасақтар жинағаннан бері ондаған соғыстар жүргізіп, үнемі өзі әскер бастап, алдыңғы қатарда шайқасты. Жеңіл атты әскерлерді терең жіберіп, талай рет қыл үстіндегі қатерге тап болса да, бойына қылыш дарытпады, жарақаттанбады.

          .... Шимин өз қолымен ондаған адамды шауып тастады. Екі қылышының жүзі мұқалып, жеңдері аққан қанға малынды. Оны шашыратып, шайқасуды қайта жалғастырды. Қалың қосындар қайта-қайта дірдеңдеді.

          Патша ағзам (Таң патшасы Таңцзуң) деді: «.... әрбір қосындарды жорыққа бастап шыққанда сәттілік туылса, жылдамдықпен алға жүр, ал қолайсыз болғанда, жылдам шегін».

Сыма Гуаң. «Басқаруға жәрдемдесетін жаппай айна» кітабының 190, 184, 196-бөлімдері.

 

          Бірнеше нөсер жауыннан кейін Олұн даласындағы барша жылғалар мен шағын өзендердің сулары толып, жаңа жайылымдағы көлдің айдыны үлкейе түсті. Көл жағасындағы шөптесін жер ылғалданып, сансыз үйрек балапандарының ұшуға жаттығатын және азық-жем іздейтін мекенге айналды. Сонымен бір уақытта шекарадағы жаңа жайылымға тұтқиылдан сирек және қорқынышты масалар апаты төнді.

Бейжіңнен келген зиялы жастар үшін иен даладағы масалар апаты қар, боран, өрт, қуаңшылық, жұқпалы ауру, бөрілер апаттарынан да қорқынышты табиғи апат болып табылады. Олұн сахарасының масалары құдды ауа сияқты: қай жерде кеңістік болса, сол жерде масалар қаптап жүреді. Егер масадан қорғанатын қалпақ кимесеңіз, кең даланың кез-келген жерінде тыныстаған кезде, кеңсірікке бірнеше маса кептелуі даусыз. Ішкі Моңғолияның орталық және шығыс бөлігіндегі шекаралық дала бүкіл әлемдегі масалары ең үлкен, ең уытты, ең өршеленген аумақ болуы мүмкін. Мұнда өзендер мен көлдер көп, шөбі шүйгін де қалың, масалар қыстан аман-есен паналап шығатын борсық, тышқан індері ерекше көп. Масалар сорып тауыспайтын қасқыр, адам, сиыр, қой және жылқының қандары, сондай-ақ тышқан, қоян, түлкі, жылан, суыр мен қарақұйрықтың қандары тағы баршылық. Көкжалдардың қанын сорған әлгі масалар жақында 16 жастағы бір зиялы жасты шағып қинағандықтан, ол ақырында жынданып, Бейжіңге әкетіліпті. Бөрілердің қанын сорған бұдан да көп масалар сахараның қасқырларынан да бетер елеуреген тағылық қасиетке ие болып, байтақ даладағы барлық жылы қанды және салқын қанды жануарларға бас салады.

Жаңа жайылымда алдыңғы жылы қауіпсіз қыстаған масалардың тіпті де көп болғандықтан, бұндағы масалар апаты бұдан да ауыр болды.

          Түстен кейін Чен Чжен киіз үйдегі масахананың ішінде біраз уақыт кітап оқып, омарташылар киетін аралардан қорғайтын қалпақты киіп, жылқының құйрығынан істелген шыбын қаққышты қолына алып, тығыз қымталған отаудан шығып, масалар қоршаған бөлтірікті бақылауға барды. Бұл – бір күннің ішіндегі масалардың барынша қаптайтын кезі, яғни бас шабуылға шығуға дайындалатын уақыты. Чен Чжен киіз үйден шыға сала соғыс кезіндегі дабылдан да үрейлі гүрілдеген масалардың ызыңдаған шуына тап болды.

Олұн сахарасының сары масалары көкжалдардай парасатты емес, бірақ бөрілермен салыстырғанда, керісінше жанынан безген төтенше батыл, ұрыншақ. Олар жануарлардың иісін білсе болды, лезде жабылып инелерін қадайды, ешбір жалтақтамай, ештемеге қарамай атылады. Оларда ешбір стратегия мен тактика жоқ: ұшқан инелер секілді бей-берекет қадалып, ретсіз шаншылады. Жылқы мен сиырдың құйрықтары қағып өлтіргеніне қарамай, бұрынғыдай қаптап ұшып келуде. Артқы шептегі екінші эшелонның күштері  алдыңғы шепте қағылып өлген масалардың қанының иісінен қозып, барған сайын дүлейленіп шабуылдайды.  

          Чен Чженнің көз алдындағы масадан қорғайтын қалпағының тор көзіне әпсәтте сансыз қалың сары маса үймеледі. Ол көздерін жақындатып, анықтап қараса, сары масалардың ұзын тұмсықтарындағы инелер түйреуішке ұқсап, тығыз да жұқа торды түйрегенін көрді. Чен Чжен жылқының құйрығынан жасалған желпуішпен аяусыз желпігенде ондаған сары маса сыпырылып түсті. Көзді ашып-жұмғанша, бұл тордың бетінде сары масалардың бір қабаты қайта үймеледі. Ол желпуішпен желпінгендей торды үздіксіз тазалағанда ғана көзінің алдындағы нәрселерді анық көре алды. Көз алдында үймелеген сары масадан ешбір нәрсе көрінбейді. Чен Чжен басын көтеріп, аспанға қарады. Масалар құдды шайқастың алдындағы әзірлену шараларын жүргізген секілді бастың үстінде екі метрге жетпейтін биіктікте құжынап тұр. Иен даланың үстінде соғыс өрті тұтанған секілді. Әуе кеңістігін бір қабат қап-қалың сары түтін қымтады. «Расында да үрейлі белгі алауы сахараның масалары қалыптастырған «сары түтін» болса керек. Бұл маусымда даланың халқы және үй жануарлары толығымен соғыс жағдайында болады екен» деп ойлады Чен Чжен.

Басын шалқайтып, масаның жағдайын мұқият бажайлаған Чен Чжен кешкі және түнгі күзетке жақсылап дайындалды. Оның байқауынша, осы күндері масалар қалың болып ғана қоймай, денелері де адамды қорқытатындай үлкейіпті. Олар қанаттарын тынымсыз қаққандықтан, қанаттары көрінбейді. Тек құжынаған сары масалардың денесі ғана байқалады. Үлкендігі құрғатылған және тұздалған қабыршақты асшаяндарға ұқсайды. Ол бір мезет өзін көлдің түбіне түскендей сезінді – жоғарыда тап-таза тұнық суда, дәл басының үстінде жас асшаяндардың қалың үйірі жүзіп жүргендей көрінді.    

          Арқанмен шідерленген Чен Чженнің ақбоз аты беткейдегі шөпті оттауға батылы жетпей тұр екен. Сәйгүлік осы сәтте қойлардың құмалағы шашылған тақыр жерде тұр. Мұнда қойлардың қиы бір қабат болып жиналыпты, бір тал шөп те өспеген, масалар біршама аз. Алайда, аттың үстіне бұрынғыдай қап-қалың масалар құдды тұла-бойына бір қабат күріш қауыздары сияқты қаптап жабысыпты. Иесінің желпуішпен масаларды ұшырып жатқанын көрген ақбоз ат қадамдарын ақсаңдап басып, Чен Чженнің қасына ауысты. Ол шапшаң алға жүріп, ақбоз аттың тұсауын еңкейіп ағытып, оны масалар біршама аз болған өгіз арбаның жанына жетектеді, оның аяқтарын арқанмен қайта байлады. Ақбоз ат басын қайта-қайта жоғары-төмен шайқады, сондай-ақ бұлғаңдатқан ұзын құйрығымен құрсақ, аяқтары және сауырындағы масаларды аяусыз сабалады. Ал кеудесіне, алдыңғы аяқтарына, жотаның алдыңғы жағына жабысқан масаларды тұмсығымен ғана үркітіп, қарсы тұруда. Сан-санақсыз масалар алдыңғы аяқтарымен аттың құйрығынан ажырайды, сосын инелі тұмсықтарын оның етті жеріне қадайды. Көп кешікпей, масалардың құрсақтары томпайып, аттың тұла-бойында құдды сопақ алақат өсіп шыққандай, ал-қызыл түске боялып жылтырады. Ақбоз ат құйрығын жанталаса желпілдетіп тұр. Әрбір соққанда бір қабат қызыл қан пайда болады, шыға келеді. Қанның жабысқақтығынан аттың құйрығы әлдеқашан қанды киізге айналды. Сәйгүліктің құйрығы өзінің ықпал ауқымы ішінде атқарған қызметінен расында да денесінің бүге-шүгесіне дейін қан-жоса болды. Ал ақбоз ат жаңа ғана қасқырлар тобымен арпалысқаннан қаны төгілгендей болып көрінеді.

          Чен Чжен желпуішпен аттың үстіндегі масаларды айдап, барша пәрменмен оның жотасын және алдыңғы қаққылады. Елжіреген сәйгүлік қожайынына үздіксіз басын изеп, ризалығын білдірді. Алайда, масалар барған сайын көбейе түсті. Олардың бір үйірін қуып жібергенмен, тағы бір қатпары лезде ұшып келіп қонады. Аттың үсті ұзақ уақыт бойы «күріш қауыздарымен», «алақат жидектерімен» қапталды. 

          Чен Чженнің бәрінен де ең алаңдағаны бөлтірік еді. Ол жалма-жан үңгіршекке жүгірді. Үңгірдің іші жартылай жаңбырдың суына толыпты. Бөлтірік масалардан қорғану үшін үңгірдің ішіне кіре алмай отыр екен. Оның жұқа жүнді «жазғы киімі» масалардың шаққанына қарсы тұруға мүлдем мұрша бермей тұр. Жүні мен түктері аз немесе тіпті болмаған тұмсығы, құлақтары, бет-қабағы, басы мен қарнының терісі, сондай-ақ төрт сирағы масаның тікелей шабуылдайтын ашық нысаналарына айналды. Бөлтірік осы мезетте масалардың азаптауынан жындануға шақ қалған-ды. Байтақ даланың масалары бөлтіріктің қаны денсаулықты күшейте алатынын білгендей, оған ең қалың да қоп-қою «сары түтін» болып тиісті. Әбден таланған ол сол жерде тоқтаусыз дөңбекшіп аунады. Шаншылған масаларға шынымен де төзе алмаған бөлтірік барша күшпен өршелене шеңберді айналып, аласұрып жүгіреді. Жүгірген сайын ыстықтаған ол тілін де шығаруға батылы бармады, аузын ашып аптыққан демін басуға тіптен дәті бармады, өйткені көмекейіне масалардың кіріп кетуінен қорықты. Сәлден соң бөлтірік денесін тағы бүрістіріп домалап, жүндері аз артқы аяғын денесінің астына жиыстырып, алдыңғы екі аяғымен мұрнының ұшын тұмшалады. Бұл иен даланың хақаны аталған көкжалдың масалар тарапынан жәбірленіп, мынадай мүсәпір күйге түсетінін Чен Чжен ешбір ойламаған еді. Дәл осы сәтте бөлтірік таяқ жеген кішкене қайыршыдан аумады. Алайда, оның жанарында әлі де рух білініп, қабағында бұрынғыдай қайтпас қайсарлық пен өшпенділіктің арыны кернеді.

          Ауа райы барған сайын қапырық болды. Бастың үстінде құжынап ұшқан масалар атмосфераның төменгі қысымынан топталып, тарамады. Чен Чжен аттың құйрығынан жасалған желпуішпен бөлтірікке қонған масаларды үркітті, алақанмен оның басын және денесін сипады. Бір сипағанда бір шоғыр «қауыздар», екінші сипағанда қып-қызыл қан дақтары қолына жұқты. Чен Чженнің жаны ашыды, шыдататын емес. Бұл қанның бәрі ол пайдаланған уақыт пен жігер-қайратқа ауысып шыққан-ды. Қуанған бөлтірік керісінше Чен Чженнің алақанындағы өз қанын тынымсыз жалады. Ол басын қиғашынан жігіттің тізесіне өршелене үйкеледі. Осы үйкелеп қасығаннан Чен Чженнің тізесіне қып-қызыл жүндер жағылды. Бөлтірік оны өзінің құтқарушысына балап, одан айрылатын емес. Бөлтіріктің көздерінде алғыс пен тебірену сезімі білінді. Чен Чжен түздегі бөрілер тобын тағы еске алды. Сырттан салыстырғанда, қоныстанған жердегі шөп әлдеқашан тақырланған-ды. Ал таудағы жайылымның шөбі биік те шүйгін, масалар бұдан да көп. Қасқырлардың ахуалы сөзсіз бөлтіріктен де ауыр: апан қазса, масалар оларға ілесіп ұшып кіреді, жел соққан бағытта өршелене жүгірсе, алдынан бәрібір масалар қаптап жүреді. Суыр ұстатпай кетеді. Біреуі ұсталғанның өзінде де ол масалар сорған қанды толықтыра алмайды. Білге-атаның сөзінше, масалар апатынан кейін міндетті түрде көкжалдар апаты туылады. Масалар бөрілерді ашықтырады, ызаландырады. Мұндайда адамдар мен үй жануарлары зобалаңға ұшырайды. Кең сахараның ең қорқатыны – қос апаттың қатар келуі. Әсіресе, масалар апатына қасқырлар апатының қосылуы. Осы күндері бүкіл ферманың адамдары ерекше алаңдаулы болып жүр.

Масалардың тынымсыз шабуылынан бөлтірік әбден титықтады, бірақ ол арықтамады. Әр күндіз-түні масалар оның қаншама қанын соратынын, сондай-ақ зор көлемді әрекеттерді қисынсыз жүргізу керектігін білмеді. Аласұрған масалар апатының алдында оның батыл да өжет қасиеті одан бетер күшейе түсті. Масалардың «әуе шабуылы» бөлтіріктің тәбеті мен асқазанына титтей де әсер етпеді. Жаздың шіліңгір шілдесінде масалар апаты төрт түлік малдың арасында ауру жануарлардың санын, малдың шығынын арттырады. Чен Чжен ауырып өлген қойлардың етін жиі әкеліп, бөлтірікті тамақтандырды. Бөлтірік екі есе үлкейген азық-түлікті жеудің арқасында масалардың оны асыра қанауына және рухани зардабына төтеп берді. Ірі апат мезгілінде бөлтірік әуелгідей барша пейілін сала семіріп үлкейді. Чен Чжен көңілі орныққан отағасы секілді баланы ешқашан сабақ оқуға мәжбүрлемеді немесе алдап шырғаламады. Бөлтірік тек оның бір шаруаны жақсы жасауын қажет етеді: аш қарнын тойдыру. Тек жейтін ет, ішетін су болса, ол бұдан да үлкен қиыншылықтар мен апат-кесапаттарға табандылықпен қарсы тұрады. Оның үстіне, иесін күн сайын айтулы жетістіктер туралы баянатпен қамдайды. «Бөлтірікті асыраған адам ешқашан өз баласына аса жоғары үміт артпауы мүмкін» деп ойлады Чен Чжен. «Баланың өмірде үлкен жетістікке жетуіне үміттенуді» айтпай-ақ қояйық, «көкжалға айналуына үміттену» керек. Яғни, қол жетпес биікке жету секілді бос қиялдаудың орнына аман қалуды қазіргі кездің басты міндетіне айналдыру қажет.

Бөлтірік кенет күйгелектене секіріп кетті. Білмеймін, қайсы бір маса оның құрсағының астыңғы жағына, яғни оның енегіне қадалған секілді. Ауырғанның бүкіл зардабын мөлшерлемеген ол масалардан қорғану үшін шапшаң дене тұрысын өзгертті: артқы аяғын жоғары көтеріп, тұмсығын құрсағының астына қарай созып, тістерімен өз енегін қасуды ойлады. Алайда, ол артқы аяғын көтере бергенде, бірнеше жүз аш маса оның құрсақ қуысының астыңғы жағына лап қойды. Бөлтірік ширыққанынан өз-өзін жұлып жейтіндей халге түсті.

Чен Чжен бөлтірікті қалдырып, орақты алып, шыбықтардан тоқылған себетті иығына асып, батыстағы таулы жыраға жусанның ең ащы түрі ермен шөбін оруға жедел жүріп кетті. Алдыңғы жылы масалар аз болды. Чен Чжен Касымаймен ғана бір рет ермен оруға барған. Көл жиегіндегі жаңа жайылымға көшіп келгеннен соң, жауын-шашын жеткенде, Чен Чжен ермен өскен жерлерді мөлшерлеп қойған. Жаңбыр масалар апатын әкелді, сондай-ақ ұлан-байтақ далаға қап-қалың ерменнің өсуін де келтірді. Масалар ең құтыратын уақыт – тау жылғасында ермен шөбінің де дәрілік қуаты мен иісінің айрықша қоюланып күшейген кезі. Чен Чжен аспанға көз тігіп қарады. «Егер кең сахарада ермен шөбі мен ермен болмаса, дала халықтары түптің-түбінде тіршілік ете алар ма еді?» деп ойлады ол.

Иттердің бәрі көгалдағы масалардан қорқып, Чен Чженге ермей, масалар біршама аз болған өгіз арбаның астындағы көлеңкені паналап, күннің нұрынан жасырынды. Чен Чжен батыстағы таудың сайына беттеді. Ол таудың шөбі шалаң да тастақты жотасында алыстағы бригаданың қойлар отарының жайылып жүргенін байқады. Ол жерге қойлар ғана шыдай алады. Қойшылардың бәрі шыбын-шіркейден қорғайтын қалпақ киіп алған. Ауа қапырық болса да, терге пысынаған олар қалпақтарын шешуге батылы жетпейді.

Таудың сайларындағы қалың шөпте масалар құжынап жүреді, самал жел соқпайды. Чен Чжен қара терге түсті. Оның қалың кездемеден тігілген тоны толығымен терге малшынды. Көптеген масалар ине-тұмсықтарын қалың ылғалды матаға кіргізгенмен, олардың жартысы матаны не тесіп өте алмады, не тұмсықтарын шығара алмады. Сонымен Чен Чженнің киімінде өз тұмсығының қадалуы себепті, нық байланып қалған қыруар масалар пайда болды. Бұларды сілкіп тастауға ерінген ол өз зардабын өздеріне тартқызып, әбден титықтап өлуіне жол берді. Алайда, ұзақ өтпей ол иығы мен басының аяусыз шағылғанын сезді. Шапалақпен бір ұрған оның алақанында қызыл қанның дақтары пайда болды.    

Чен Чжен қалың жусан өскен жерге енді жақындағанда масалар айдан анық азайды. Жердің бәрі биіктігі бір метрге жуық ермен қаулап өсіпті. Бұтағы мен сабақтары көк сұр реңді, мамық жапырақтары жіңішке де ұзын, жұмсақ та шүйгін. Ермен - ащы дәрілік шөп. Сиыр, қой және жылқы оны жемейді. Сондықтан өсімдіктің бұл түрі қаулап өседі. Чен Чжен биік шөпті көре сала кәсіби дағдымен жүрісін баяулатты. Ол қолындағы орақты қатты қысып, тұла-бойын еңкейтіп, айқасуға әзірленді. Қарт қойшылар зиялы жастарға жазда қой баққан уақытта міндетті түрде қалың ермен өскен жерлерден сақтануды, шөбі биік, ал масалары аз жүретін ондай жерлерде бөрілердің шыбын-шіркейден жасырынып жататынын жиі ескертетін. Масаларды үркіту үшін олар ерменнің ішіне әдейі аунап, бүкіл тұла-бойына мұрынды жаратын ерменнің дәрі иісін жағып сіңдіреді, осы арқылы өздері масадан қорғайтын «киім киіп алады» екен.

          Қасында иті болмағандықтан, Чен Чжен шөптің арасына тереңдеп бойлауға жүрексінді. Ол екі рет дауыстап айғайлады. Ешбір қыбыр көрінбеген соң, тағы біраз аялдаған ол ерменнің арасына ақырындап кірді. Чен Чжен ажал-өлімнен құтқаратын емдік шөпті көргендей, ең қалың өсімдіктердің арасына кіріп, тоқтаусыз ора бастады. Шөптің жасыл сөлі орақтың жүзіне жағылды. Ауаға дәрінің қою иісі таралды. Ол аузын айқара ашып тыныстап, өзінің бүкіл денесіне, ішек-қарнына ерменнің иісін сіңірмек болды.

Чен Чжен жемістенген ерменді сөгетке толтыра салып, үйіне жылдам аяңдады. Ол бір буда жұмсақ ерменді алып, сығылған сөлін алақанның сырт жағына жақты. Айтқандай-ақ, масалар оның сыртта жалғыз ашық қалған қолының терісіне де жоламады.

Отауға қайтқан Чен Чжен ошаққа отын салып, үстіне біраз құрғақ тезекті маздатып жақты. Ол арбадан бір жыл бойы жиналған жеті-сегіз ескі легенді шығарып, арасынан ең үлкенін таңдап, ішіне түтіндеген бірнеше тезекті салды һәм үстіне бір уыс ерменді тастады. Легеннен будақтап шыққан шөптің қоп-қою және ақшыл түтінімен бірге ерменнің кермек иісі де жайылды.

          Чен Чжен түтіндеген тегенені бөлтірік байланған шеңбердің желді жағына апарып қойды. Баяу ескен қоңыр самал ақшыл түтінді бұрқыратты. Түтін шеңбердің басым бөлігін қымтады. Байтақ далада ерменнің түтіні масалардың қас жауы, бітіспес дұшпаны болып саналады. Түтін жайылған жерлерден масалар қашады. Тіпті қанның жартысын сорған масалардың өздері түтінге тұншығудан қорқып, асығып-үсігіп инелерін суырып, жан сауғалайды екен. Қас қаққанша бөлтірік байланған шеңбердің басым бөлігіндегі масалар зым-зия жоғалды.

          Ермен шөптің түтіні бөлтірікті қоршауды бұзып, масалардан арылтты. Алайда, оттың ұшқыны мен ақ түтінді көрген бөлтірік шошығаннан жалы тікірейіп, тұла-бойы дірілдеп, көздері қорқынышқа толды, мазасы кетіп тынышсызданды. Ол тікесінен шеңбердің шетіне шыға бере темір шынжырға бұғылып тоқтауға мәжбүр болды. Ол сонда да тоқтаусыз жанталасты. Бөлтірік барша қасқырлар сияқты оттан, түтіннен қатты қорқады. Оның қорыққаны сонша, масалардың шаққанын ұмытып, ақ түтін таралмаған жерге қарай жанталаса ұмтылды. «Ғасырлар бойы байтақ даланың көкжалдары өрт пен қалың түтіннің соққысына ұшырап келді. Әрине, бөлтіріктің қанына ата-бабаларының от пен түтіннен сескену әдеті берілген болар» деп тұспалдады Чен Чжен. Ол тағы бір сығым ерменді отқа тастап, түтіндеген легенді бөлтірік жаққа жылжытты. Ол бөлтіріктің түтінге бейімделуін баулуы керек. Бұл – оның ең азапты есептелетін масалар апатын бастан өткізуге жәрдемдесетін жалғыз ғана жол. Жапан түзде құртқалар бөлтіріктерді таудың басына немесе ермен шөбі қаулаған шөптесіннің арасына ілестіріп, масалардан тасаланады. Ал адамдардың қонысында Чен Чжен бөлтіріктің анасының борышын атқаруы тиіс, яғни ерменнің түтінімен масаларды қуып жіберуі керек.

Ақ түтін тоқтаусыз будақтауда. Барынша жанталасып арпалысқан бөлтірік өз-өзін шынжырмен буындыруға шақ қалды. Чен Чжен безбүйректік көрсетіп, міз бақпаған халде отты маздатып, шөп салуды жалғастырды. Ақыры бөлтірік барынша арпалысудан қалжырады, дірілдеген күйде ақ түтіннің ішінде жым-жырт тұра қалды. Бөлтірік ақ түтіннен өлердей шошыса да, тұла-бойының бірте-бірте сергіп жайланғанын, өзін неше күн, неше түн қоршаған масалардың ызыңдаған дауыстарының жоғалғанын, сұмпайы ұсақ жәндіктердің де ғайып болғанын байқады. Басын бұрып, маңайына көз жіберген ол өзін өте керемет сезінді. Еңкейіп қарнына қарап еді, әлгі өзіне секеңдеп шаншылған ұсақ нәрселердің де қайда кеткені белгісіз. Бөлтіріктің жанарында күдіктену және шошынумен қатар қуаныш білініп, рухы әпсәтте біршама сергігені байқалды.

          Ақ түтін парлап көтерілуде. Алайда, бөлтірік оның ішінен от ұшқынын көргенде ғана бұйығып жиырылды. Түтіндеген легеннің ішінде кенеттен бірнеше от шоғы ұшқындағанда бөлтірік дереу түтіннің аумағынан қашып шығып, шеңбердің түтінсіз шетіне жүгірді. Алайда, түтіннің аясынан қашып шыққан оны масалар лезде қоршауға алды. Әбден шағылған ол ерсілі-қарсылы өрекпіп, тұмсығын жанталаса тұмшалады. Масаның шағуына расында да төзу мүмкін емес. Ол шеңберді айналшақтап еліре жүгіре бастады. Он шақты рет айналғаннан соң бөлтіріктің жылдамдығы ақырындап азайды. Ол кенеттен масалар көп шоғырланған және масалар аз ұшқан аумақтардың арасындағы айырмашылықты байқаған сияқты: түтіннің арасына жүгіріп кірсе денесіне жабысқан масалар лезде зым-зия жоғалады, ал түтіннен жүгіріп шықса – оның тұмсығына міндетті түрде бірнеше масаның инесі қадалады. Бөлтірік көздерін шақшитып ақ түтінге таңдана қарады. Оның үстіне, ақ түтін ішінде аялдайтын уақыты барған сайын ұзара бастады. Бөлтірік – ақылды да зерек бала. Ол шапшаң миын істетіп, көз алдындағы жаңа құбылысты меңгере бастады. Дегенмен, ол әлі де түтіннен сескенуде. Содан болар, түтін мен түтінсіз жердің арасында екі ойлы болып тұр.

          Масадан қашып, өгіз арбаның астында жатқан бірнеше төбет аспандаған ақ түтінді өте тез көріп қалды. Иен даланың иттері ермен түтінінің пайдасын жақсы біледі. Олардың көздері жылтырап, желпінген халде күшіктерін тездетіп ілестіріп түтін жаққа ойысты. Төбеттер түтінге кірген сәтте-ақ бүкіл денесіндегі масалар ғайып болды. Иттер сондай-ақ түтіні қалың болмаған алапты да иемдене бастады. Жайланып жата салған олар керілді – әйтеуір рахаттана ұйқысын қандыруға болады. Түтіндеген ерменнің пайдасын әлі татпаған аңқау күшіктер төбеттермен бірге түтіннің ішіне кіріп, лезде қуанғанынан ауыздарын ашып қалды һәм ақ ыстың аясындағы жаңа орындарды да иелене бастады. Көп кешікпей, диаметрі төрт метр шеңбердің ішіне алты төбет жайғасып жатты. Бөлтірік таңданғаннан аузы ашылып, аңырап қалды.              

          Ерекше шаттанған бөлтіріктің көздері сығырайды, аузы ашылды, құйрығы да шошайды. Әдетте ол барша ынтамен қос аяқтарын бұлғақтатып, жылы лебіз көрсете иттерді өз шеңберіне ойнауға қайта-қайта шақыратын, бірақ олар әрқашан оған суық қарап, жанына жоламайтын. Ал бүгін ойламаған жерден кенет шақырылмаған қонақтар өздігінен келе қалыпты. Оның үстіне, бәрі келіпті. Тіпті өзімен күрең қабақ жүретін Ілбістің де келгені бөлтірікті шынымен де таңдандырды және жігерлендірді. Ол тіпті алты семіз тышқанды ұстағаннан бетер көңілі көтерілді. Бөлтірік қорқуын бірден ұмытты. Ол түтіннің ішіне атылып кіріп, бір сәтте-ақ Эрлаңның жотасына шығып, опыр-топыр ойнақтады. Біраздан соң ұрғашы күшікті қатты құшақтап, шыр айнала домалап ойнады. Жалғыз басты бөлтірік ақырында көңілді де үлкен отбасысын тауып алғандай болды. Ол құдды кенеттен бүкіл отбасы мүшелерімен бірге қауышқан, бүкіл жанұя мүшелері түрмеде отырған кішкене тұтқынға амандасып барғандай күй кешті. Ол иттердің бәрін құшақтап, бәрін жалап, бәрімен қауышты.... Чен Чжен бөлтіріктің бұндай мәз-мейрам болғанын ешқашан көрмеген еді. Оның көздері біршама дымданды....

          Иттер көбейіп, жер тарылды. Бұған бір бөлтірікті қосқанда, түтіннің аумағы бұларға жетпейтін болды. Әуелде ол осы аумақтың «иесі» еді. «Жаман үйдің қонағы билейді» дегендей, қазір керісінше иттер оны түтін ағынынан сыртқа қарай ығыстырып тастапты. Күшіктер бөтен аумақ үшін бір-бірімен таласып жатыр. Екі еркек күшік беттері шімірікпестен қонақжай бөлтірікті тағы да түтінсіз жерге итеріп тастады. Біршама аңырып қалған бөлтірік масалардың шаққанына шыдап, басын қисайта иттердің әрекетіне ойланып қалды. Көзді ашып-жұмғанша, бөлтіріктің жанарында кенеттен бірнәрсені түйсінген лебіз көрінді. Көзіндегі сауал ғайып болды. Ақыры ол бәрін түсінді: иттер оны түкте іздеп келмеген, қайта ақ түтінге бола келген екен. Оны қорқытқан әлгі ақ тұман – ұшатын сұмпайы ұсақ жәндіктер төзе алмайтын жайлы жер-жаһан екен. Ал бұл алап бастапқыда арнайы оған әзірлеп берілген-ді. Ешқашан аузы күймеген бөлтірік үлкен зиян шеккенін лезде сезінді. Ол жейтін етін тартып алатын сияқты түтіннің ішіне қаһарын шашып кіріп кетті. Езуін ашып, айбат шеккен ол қатыгездікпен екі күшікті қуып жіберді. Бір күшік жерге өлердей жабысып, ығыса қоймаған соң, бөлтірік өрескелдікпен оның құлағына жармасып, оны аямастан түтіннің сыртына сүйреп шығарды. Құлағы ауырған күшік баж-бұж қыңсылап, шетке сүйрелді. Бөлтірік ақыры өзіне түтіннің түтегі аздау, жөтелдірмейтін бір жақсы алқапты иемденіп, рахаттанып жата қалды, масасыз жердің қуанышына бөленді. Әуесқойлығы, білуге құштарлығы, зертеуге құмарлығы ерекше күшті бөлтірік түтін будақтаған ескі легеннен көздерін жазбай қарауда. Барша ықыласпен, ешбір қозғалмай қарауда.     

          Біраздан соң бөлтірік кенет орнынан тұрып, түтіндеген легенге ақырындап аяңдады. Ол жанған нәрсені толығымен көрмекші болды, бірақ бірер қадам жүргеннен кейін қоп-қою түтінге қақалып-түшкірді. Ол бірнеше адымға кері шегінді. Көп өтпей, қызығушылығын тыя алмаған бөлтірік тағы көруге талпынды. Ол басын түтіні аз жерге жабыстырған халде абайлап аяңдап, еңбектей жылжыды. Түтіндеген легенге жақындаған бөлтірік басын көтерді. Соққан жел ұшырған бір ұшқын оның тұмсығының ұшына қонды. Күйіп қалған ол істің мән-жайын бірден ұқты: жанған білтелі бомба жарылғандай дереу жерге бауырлап жата қалды. Оның жалы да түгел тік тұрып, сыртқа шашырай тікірейді. Зәресі ұшқан бөлтірік құйрығын қысып, Эрлаң төбеттің қасына қайта жүгіріп, оның қойнына кіріп кетті. Эрлаң жақсы-жаманды айыра алмаған бұл ақымақ бөлтіріктің қылығына қарқылдап күлді. Төбет аузын арандай ашып, тілімен бөлтіріктің тұмсығының ұшын жалады. Жуасып қалған бөлтірік жер бауырлай жатып, түтіндеген легенге міз бақпай тесіліп қарауда. Оның ілгері тағы бір адым жүруге жүрегі дауаламайды. Біраздан соң бөлтірік құдды ұйқысыраған нәрестедей шаршағаннан көзін ашпастан өте тез ұйқыға шомды. Бірнеше күн мен түн масалардың азабын тартқан ол әйтеуір алаңсыз ұйқысын толықтады. Алайда, Чен Чжен тәтті ұйқыға батқан бөлтіріктің құлақтары әлі де әлсін-әлсін қозғалғанына назар аударды. Оның құлақтары бұрынғыдай күзет-қарауылда тұрса керек.

Чен Чжен тасырлаған жылқы тұяғының дыбысын естіді. Әлгі ақбоз ат та түтінге жақындағысы келген ғой. Чен Чжен шапшаң алға барып, тұсауын босатып, жылқыны шеңбердің ықтасын жағына жетелеп, оны қайтадан тұсаулады. Аттың тұла-бойына жыпырлап жабысқан масалар аспанға гуілдеп көтерілді. Ақбоз ат ұзыннан тыныстап, басын еңкейтіп, көздерін жартылай жұмған күйде мүлгіп-қалғыды.

          Ірі масалар апаты кезінде қойылған бір леген ерменнің түтіні қарлы аязда жеткізілген отын секілді бір бөлтірік, бір жылқы және алты төбетті жан азабынан құтқарды. Бұл сегіз жануардың бәрі Чен Чженнің асыл достары-дұр. Ол ең қиын кезде оларға дер кезінде өнімді жәрдем бере алғанына қуанды, көңілі жайланды. Бөлтірік пен үш күшік алғыс айтуды әлі білмейтін кішкене сәбилердей рахаттана маужырап ұйықтауда. Ал ақбоз ат пен үш төбет керісінше ауық-ауық Чен Чженге алғысқа толы көздерімен қарап, құйрықтарын ақырын бұлғақтауда. Жан-жануарлардың алғысы байтақ даладай кең де шынайы. Олар жүректі жиіркендіретін мақтау-мадақтауларды үйіп-төгіп, алғыстарды жаудыра алмаса да, Чен Чжен олар үшін бұдан да көп игі істерді жасауды қалайды. «Иттермен салыстырғанда, ақылды бөлтірік өсіп үлкейгенде міндетті түрде менімен араласудың қадірін түсінетін болады» деп ойлады ол. Үлкен апаттарда Чен Чжен үй жануарларына өзінің барған сайын маңызды болатынын сезінді. Ол түтіндеген легенге тағы да біраз құрғақ тезек пен ермен шөбін салып, дереу сиырдың тезектерін кептіруге және арқалап әкелуге кетті.    

Масалар апаты жаңа ғана басталды. Таудың сай-жырасындағы ермен әзірше орылып таусыла қоймады. Апатқа қарсы тұрудың өзекті түйіні құрғақ тезекпен жеткілікті түрде қамданып алумен тығыз байланысты. Асықтырудың ешбір қажеті жоқ: бүкіл ферманың әйелдері мен балалары шыжыған күннің астында тезек кептіріп, аударып, үйге тасып әкеледі.

          Олұн даласында сиырлар мен қойлардың қиы, тезегі – малшылардың негізгі отыны. Қыс мезгілінде сиырдың тезегі негізінен от тұтату үшін қолданылады. Ол кездегі отын көбінесе қойлардың желге кептірілген қиы болып табылады. Өйткені, әрбір үйде қойдың қиы толтырылған тегенелер бар. Әр күні қойлар отары қорадан шығарылғаннан кейін, қора толған олардың қи-құмалақтары ойылып, бір жерге үйіледі және бірнеше күн бойы жел мен күнге кептіріліп, сиырдың тезегінен де өте жақсы жанатын отынға айналады. Дегенмен, сахарадағы жаз маусымында қойлар құмалағының құрамында су көп болады. Ылғалды құмалақ қиға айналмайды, сондықтан малшылар оны киіз үйде жақпайды. Сиырдың құрғаған тезегі ғана жағылады. Әйтсе де, жаз айларында сиырлар нәрлі де балауса көк шөп жеп, көп мөлшерде су ішетіндіктен, тезектер әрі сұйық, әрі былқылдақ болады. Жылдың басқа мезгілдері жасалатын тезектердей қатқыл болмайды. Сол себепті, оларды аудару, кептіру секілді өңдеу жұмыстарын бірге жасау қажет.

Жазда тезек кептіру – әбігерлікке толы һәм машақатты жұмыс. Әрбір отаудың әйелдері мен балалары бос уақытта қоныстың төңірегіндегі жайылымдарға барып, сырты кепкен, іші ылғалды жасыл тезектерді ағаш айырмен аударып, екінші бетін күнге кептіреді. Содан соң соңғы бірнеше күнде кептірілген әрбір үш тезек бір топқа жиылып, тікесінен сүйеп қойылады, сосын қайта желдетіліп, күнге кептіріледі. Содан кейін бұның алдындағы бірнеше күнде кеуіп қатайған тезектер себетке жиналып, киіз үйдің тұсында үйілген көңнің үстіне қойылады. Алайда, артып әкелінген тезек әлі кеппеген, үгіліп сына береді, іші әлі де ылғалды болады. Осы кезде сырты құрғақ, іші ылғалды тезектер жаңбырдан қорғану үшін көң үйіндісінің үстіне қойылады. Шіліңгір шілдеде жауын-шашын көп жауады. Егер уақытты жіберіп қойса, тұтқиылдан құйған нөсерге тап болғанда, көп күн бойы кепкен тезектер лезде жаңбырдың суынан сұйық боққа айналады. Ал тезектер үйіндісінің үстіне үйілген жартылай кепкен тезек жаңбырдың астында қалса, дереу үстіне ескі киіз жабылып, жауын-шашыннан қорғалады. Жаңбыр аяқталғаннан кейін киіз қайтадан алынып, тезектер күнге кептіріледі.    

Жаз мезгілінде кең далада отбасыдағы бәйбішенің үй жұмысына пысықтығын, іскерлігін және шеберлігін анықтау үшін оның киіз үйінің алдындағы қидың үйіндісіне көлеміне қарап ғана білуге болады. Зиялы жастар өз киіз үйін енді ғана тіктеген кезде, алдын ала қамданудың білмейтін-ді. Жаңбырлы маусым келгенде олардың отауларынан түтін үнемі дұрыс шықпайтын немесе түтіндетіп от тұтанбайтын еді. Олар ылғи малшылардан кепкен тезек алғанда ғана жауын-шашын мезгілінен аман-есен өтетін-ді. Екі жылдан кейінгі осы жазда Чен Чжен, Яң Кэ және Гао Цзянчжуң тезектерді аударып тұру, күнге кептіру және үйіп жинаудың маңыздылығын түсінді. Олардың киіз үй босағасының іргесіндегі «отын үйіндісі» де малшылардан түспеді.

          Чен Чжен мен Яң Кэ бұрын үйдің ұсақ-түйек жұмыстарын істеуді жек көретін. Осы уақ-түйек істер кітап оқитын уақытты жеп қоятын, оларды алаңдататын, ашуландыратын. Алайда, бөлтірік баққаннан бері таусылмас үй жұмысы бөлтірікті өсірудің шешуші де өзекті буынына айналды. Үйдің жұмыстары бірден шайқаста жеңу-жеңілуін, ұту-ұтылуын шешетін артқы шептің стратегиялық міндет мәртебесіне көтерілді. Сонымен ол екеуі отын, күріш, май, тұз, ет, тезек, шай қатарлы осы жеті «зор шаруаны» өзара жарыса қамдайтын болды. Бірқалыпты тұтынатын жағдайда, Чен Чженнің киіз үйінің алдына жинаған «отыны» бүкіл жазға әбден жететін еді. Алайда, кенеттен басталған масалар апаты отын жағудың көлемін ұлғайтты. Қи-тезектің үйіндісі де күннен-күнге өте тез сарқылатын болды. Чен Чжен бөрілердің қайратын қолданып, барша бейнет-машақатты тымырсық қапырық пен мазасыздыққа төзіп, отынды бірнеше есе жылдам арттыруды ұйғарды.  

          Үстірттің алабын қыздырған күн барған сайын ысыды. Чен Чженнің үстіндегі киім-кешек құдды химиялық әскерлердің киімі сияқты қалың да ауыр, қапырықтан тұншықтырып барады. Ол зілдей ауыр себетті иығына артты. Екі-үш рет тезек әкеліп еді, оттегінің жетіспеушілігінен көздері қарауытып, басы айналғанын сезді. Тымырсық қапырық шыдатпайды, ахуалы қиындай түсті. Аққан тері құрғап, масалардан қорғайтын киімі бір құрғап, бір су болды, қайта суланып, қайта құрғады. Тердің ағараңдаған іздері осы сәтте тұла-бойында қабыршақтанып қатқан сортаңға айналды. Алайда, шалаң түтінге оранып маужырап ұйықтап жатқан бөлтірікке, күшіктерге, төбеттерге және ақбоз атқа қараған ол амалсыз тістеніп, төзуге бекіді.

Бұдан басқа, Чен Чженнің иығына артқан жартылай ылғалды тезектер бұдан да ауыр басым түсіруде. Ол тек бөлтірік пен иттер үшін ғана емес, сондай-ақ қойлар үшін де тісін шықырлатып, қажырлылықпен еңбек етті. Мынау екі мыңға тарта қойды қамтыған отар – оның және Яң Кэнің еңбегінің жемісі. Екі жылдан бері екі рет төл алған екеуінің қолдарынан төлдеген қозылардың саны екі мыңға жетті, әлдеқашан екі отарға бөлінді. Ол екеуінің қақаған аяз бен шіліңгір ыстықта жүріп, масаларға таланып, күнге күйген халде күні-түні қасқырлармен арпалысып, бір күн 24 сағатта кезектесіп түнгі күзетке шығып, қой бағып, дөңгелекте айланған тиіндей кібіртіктеп, бас көтермей еңбек еткеніне тұп-тура екі жыл болыпты. Қойлар – ұжымның мүлкі, меншігі. Оларға ешқашан немқұрайды қарауға болмайды. Қырсыққанда, екеуі қазір тап болған үрейлі «қос апатта» сәл ғана ағаттық жіберсе, оларға ірі саяси апат болып жабысады. Осыншама үлкен бір отар қойларға әр түні бес-алты леген тезек түтеткенде ғана жеткілікті болмақ. Егер ерменнің иісі бүкіл қой отарына жетпесе, масаларға таланған қойлар желге қарсы жанталаса жүгіреді. Ондай кезде түнгі күзетте жүрген жалғыз адамның оларды мүлде тоқтатуы мүмкін емес. Қойлар таудың ішіне саусылдап кіріп, торуылдаған көкжалдардың зор соққысына ұшырап, қынадай қырылса, бұл жауапкершілікті біреулер екі «иттің баласы» бөлтірікті асырау фактісімен сабақтастыруы әбден мүмкін. Онда тіптен жазалаудан құтылу мүмкін болмай қалады. Орасан зор қысым мен қатер Чен Чженді азу тістерін қапсырып, бөрілердің ержүрек, парасатты, қайсар, төзімді, сақтық және тәуекелге басу сияқты сипаттарын қолдану арқылы бөлтірікті бағуға және зерттеуге құштарлығын ұстануға, сонымен бір уақытта қасқырша қайсарлық пен айтқанға көнбейтін мінезді бұдан бетер шыңдауға итермелеуде. Чен Чжен кенет өзіне сарқылмас қауқар мен бас имес күш-қуат дарығанын сезінді.

          Чен Чжен қалжырататын психологиялық кедергіні және рухани қысымды сейілтсе де, керісінше өзін жеңілдегенін сезінді. Ол жұмыс түрін дамылсыз теңшеп, еңбектің қарқынын реттеді. Тезектерді бір мезет көтерді, бір мезет төңкеріп аударды. Барған сайын ол нысаналы жұмыстың адамға бағыштайтын қуанышын анық сезінді. Сонымен бір уақытта ол біртіндеп өзінің осылай барша зейінін сала бөлтірікті асырауы басынан бастап тек көкжалдарды зерттеуге қызығуынан шыққанын, оларға шынайы сүйіспеншілікке, құдды әке-шешесі және үлкен ағасындай міндетке алған жауапкершілікке ұласқанын байқады. Бөлтірік – оның бірде сүт, бірде ботқа, бірде ет жегізіп өсірген баласы. Жабайы, жыртқыш, жуасытуға ешбір көнбейтін нәсілі бөлек бала. Чен Чженнің жүрегінің түбінде жасырынған адамдар мен жабайы жануарлардың арасындағы ондай тылсым, қалың және алғашқы қауымдық жақындық пен сүйіспеншілік жігітті барған сайын баурап, бүкіл сахарада дерлік ала көзбен қарайтын, айтқан тілге бірден көнбейтін адамға айналдырды. Алайда, ол керісінше осы жарты жылдан бері өзінің денесі мен рухының нығайғанын, тамырларында қуат-жігерге толы жыртқыштықтың қаны тасқындай бастағанын сезінді.

- Бір бөлтірікті асырау ешбір жұмысқа ебі болмаған, «капитализм жолымен жүрген билік өкілі, қандыбалақ астыртын бандының» баласы Чен Чженді еңбекшіге айналдырды. Сол себепті, жаман іс деп санауға болмайды, - деп кезінде Гао Цзянчжуң басқа топтағы зиялы жастарға айтқаны бар. 

          Чен Чжен лас та сасық мал қотанынан жалықпай жабысқақ тезектерді тасыды. Ол себетке тезекті қайта-қайта толтырып, үйге арқалап апарды. Қидың үйіндісі жаңбырдан кейінгі қара саңырауқұлақтар сияқты жылдам үлкейді. Үйілген тезекті көрген көршінің әйелі кілт тоқтап, таңырқады. Оның неге осынша өршелене еңбектенгенін ешкім де біле алмады.

- Бұны «Боққа жақындасаң сасығы жұғады, бөріге жақындасаң жыртқыштығы жұғады» деп атайды, - деп кекетті кейбір зиялы жастар.

          Кешке таман орасан зор қойлар отары таудағы өрістен қайтты. Дауысы қарлыққан Яң Кэ астындағы тұлпардан діңкесі әбден құрып, әрбір қимылына шошып келеді. Шаршағаны соншалық, қолындағы сермеген құрықты ұстайтын күш-қуаты әлдеқашан сарқылған-ды. Қойлармен бірге таудан сан мыңдаған масалар еріп келді. Қойлар отары тұтастай отта қуырылған секілді – бір қабат қап-қалың «сары түтін» будақтауда. 2 мыңға жуық қойдың 4 мыңға жуық құлағы масаларды жанталаса қағуда. Ауыл дереу гуілдеген шуға толды. Құлақтарын қағып маңыраған қойлардың дауысы құлақты тұндырады. Әуеде өз «қонақасын» күтіп тұрған масалардың қалың бұлты кенеттен құдды бомбалаушы ұшақтар эскадрильясы сияқты төменге құлдилап лап қойды. Жүндері қырқылған, терісі толығымен ашық қалған осы ең соңғы бір топ қойлар күні бойы жапан жайылымда тән жазасына тап болып, масалардың инесі шаншылып, әбден таланғаннан терісі көлбақаның терісіндей кедір-бұдыр болып, жан түршігерлік көрінеді. Ашқарақ масалар шоғырының жаңа бір соққысы қойларды мүлде жындануға шақ қалдырды. Олар тоқтаусыз маңырап, өз орнында секірді. Бірнеше егде серке Яң Кэнің айтақтағанына қарамай, солтүстік-батысты бетке алып желге қарсы безді. Чен Чжен қолындағы таяқпен оларды оңды-солды ұрғылаған соң ғана серкелер қойларды тезек салынған легендерге қарай жүргізді. Алайда, желдың ыңғайына қарай аяңдаған бүкіл қойлар отары кез келген уақытта желге қарсы жүруге, яғни осы арқылы масалардан құтылуға барынша талпынды. 

Алға атылған жылдамдақпен Чен Чжен қол-аяғы жерге тимей, алты жерден ерменнің түтінін тұтатты, сондай-ақ қойлар жайғасатын жердің жел жағына қойды. Алты жауыз айдаһарға ұқсаған алты қап-қалың ақ түтін масалар шоығырын ыдыратып, қуа жөнелді. Әпсәтте аяусыз масалар одан бетер аяусыз айдаһарға тап болғандай, ызыңдап тым-тырақай ұшып кетті. Азаптан арашалаған ерменнің түтіні бүкіл отарды қымтады, әбден титықтаған қойлар мен қозылар дүңк-дүңк етіп отыра кетті. Күні бойы тартқан азаптары ақыры аяқталған секілді. Ақ түтінге оранған қойлардың арасында тыныштық орнады. Бастарына түскен машақаттан олардың күйіс қайтаруға да күші қалмапты.

Яң Кэ аттан түсіп, қынжыла жерге түсті. Ол бүкіл денесіне масалар үймелеген тұлпарын шапшаң жетектеп, түтіннің ішіне кірді. Сосын тұмылдырық бас киімін, кенеп матадан тігілген қалың шапанын шешті.

- Неткен салқын! - деп рахаттана дауыстады ол, - Бүгін масаға таланып, тұншығып өлуге шақ қалдым. Ертең қойларды сен бағасың, «жазаға тартылуға» әзірлен.

- Мен де үйде бір күн азаптандым. Ертең мен қой баққаннан қайтқанда сен де маған алты легенге түтін әзірлейсің ғой. Сондай-ақ бөлтірікке түтін қоя сал, - деді Чен Чжен.

- Онда мәселе жоқ, - деп жауап берді Яң Кэ.

- Сен әлі бөлтірікті барып көрмедің ғой. Бұл сабаз жаман мен жақсыны қатты айырады екен. Түтіннің ішіне кіріп, ұйықтап қалды, - деді Чен Чжен.

- Қасқырлардың ең қорқатыны түтін және от емес пе еді? - деп сұрады күдіктенген Яң Кэ.

- Алайда, олар масалардан бұдан бетер қорқады екен. Бөлтірік иттердің оның түтініне таласқанын бір көргеннен-ақ түтіннің жақсы нәрсе екенін дереу түсіне қойды. Мен күлгеннен ішек-сілегім ауырып кетті. Сол тамашаны көрмегенің өте өкінішті-ақ, - деп күлді Чен Чжен.

Яң Кэ жалма-жан бөлтіріктің үйшігіне қарай жүгіріп барды. Жерде қырынан жатқан ол төрт сирағын бей-жай созып, маужырап ұйықтап жатыр екен. Екі үлкен досының қадам басқан дыбысын құлағы шалған бөлтірік еміс-еміс қабағын ғана ашып, екеуіне көз қиығымен қарады.

Чен Чжен түнімен көз ілмей, түтіндеген легендерді бақылау-қамдаумен болды. Ол әрбір жарты сағат арасында легендерге құрғақ тезек салды. Мордың түтіні сәл әлсіресе ғана үстіне ермен шөбі салынды. Егер желдің бағыты өзгерсе, түтіндеген легендерді жел жағына қарай оңтайландырып қою керек. Кейде түтін іздеп қойлардың арасына байқатпай кірген сиырларды қуып жіберуге тура келеді. Сиырдың терісі қалың болғанмен, тұмсығы, қабағы және құлақтары масалардың шағуына шыдай алмайды. Сиырлардың қойларға былық жасамауы үшін Чен Чжен тағы бір легенге түтін тұтатып, олардың жел соққан жағына қойды. Ермен түтінінің қойларды, сиырларды және бөлтірікті ұдайы тұмшалауын қамтамасыз ету үшін Чен Чжен түнімен дерлік көз жұмбады. Үш үлкен төбет өз міндет-борышын еш ұмытпады. Олар қойлардың жел жағындағы түтіннің шетіне жүгіріп барып, түтіннің ішінен шықпай, бытыраған халде қорғау маңызды қызметін атқарды.

Түтін шебінің сыртында аштықтан ызыңдап, топырлап ұшқан масалардың елеуреген үні, жүгенсіз шуылдағаны құлақты тұндырады. Алайда, олар түтіннің ішіне басып кіруге батпайды. Түн ортасына дейін арпалысқан Чен Чжен қуатты дұшпанның жеңілгенін көріп, көңілінде жеңімпаздың шаттығы парлады.

Осы түні отрядтың барлық қостарында түтін түтетілді. Жүзден астам түтіндеген легеннің шұбатылған ысы аспанға бір уақытта көтерілді. Айдың жарығында жүз шақты қалың түтін қалықтаған сайын қоюлана түсті. Құдды үп-үлкен 100 ақ айдаһар аспанда шұбатыла билеп тұрған сияқты. Сондай-ақ байырғы сахара кенеттен индустриялы өнеркәсіп дәуіріне өткен сыңайлы: байтақ далада жаппай пайда болған қаз-қатар зауыт-фабрикалардың мұржаларынан ақ түтін өркештеніп шығып, ғажайып айбынды да зор көрініс қалыптастырды. Бұл түтін елеуреген масалардың шабуылын түгелдей бөгеп ғана қоймай, олардың апатты әлегінен ашыққан көкжалдар тобына орасан зор үрей әкелді.

Чен Чжен айдың жарығында ақ түтінге оранған ұшы-қиырсыз даланы көріп, көз алдына Тынық мұхитта орын алған теңіз шайқасының ғажайып көрінісі елестегендей болды: жүздеген АҚШ авианосец, шарлаушы кеме (крейсер), қуғыншы кеме (эсминец) және де әртүрлі соғыс кемелерінен құралған әлемнің ең үлкен әскери теңіз флоты ең құдыретті аңшылық шеп қалыптастырып, будақтаған қалың түтін шығарып, сан-санақсыз үлкен зеңбіректерін жоғары кекірейтіп, толқындарды бұзып-жарып өтіп, Жапон теңізіне үдере ілгерілеп барады. Бұл – осы заманғы Батыс елдерінің теңіз бөрілерінің Шығыстың «вако» (ХІІІ-ХVI ғғ. Қытай мен Кореяның жағалауындағы елдімекендерді тонаған жапондық теңіз қарақшылары мен контрабандашылары) теңіз қасқырларына қарсы қазіргі дәрежедегі қоршай аң аулауы. Көбінесе көкжалдың рухы мен қаруын қолданған халықтар адамзат тарихының бүгінге дейінгі дамуында жаһандағы ең озық деңгейге жеткен. Әлемдегі аяусыз да рақымсыз бәсекелестік сахнасында қойлар тыныштықты аңсайды, ал бөрілер толассыз күрестің ортасында жүреді. Әлсіз де ауру қойларды тіпті айтпағаның өзінде қуатты қасқырды одан да күшті көкжал мерт қылуы мүмкін. Қытай ұлты өздігінен жаһанның орманында өзара билікке таласқан бір топ бөріден күшеюді ойласа, ең бастысы егінші халықтың мінезіндегі қойлар және үй жануарларының қасиеті мен сипатынан түбегейлі арылуы қажет, өз-өзін ержүрек қасқыр етіп өзгертуі керек. Ең кемінде көкжалдың рухын, бөрі тотемін құрметтеуі қажет....                  

Кең-байтақ сахара да қоп-қою түтінді жұмсартатын қабілетке ие. Бүкіл отрядтың ақ түтіні ойпаттың ортасындағы әуе кеңістігіне жылжып, бұлыңғыр қалың бұлтқа айналды. Бұлт пердесі масалар желіге жортқан өзен мен көлді торлап, төңіректегі құлазыған тауларға және толған айға қарай жайылды. «Әскери өнеркәсіптің мұржалары» ғайып болып, кең дала толығымен жым-жырт та әсем бастапқы қалпына оралды.

Чен Чжен еріксіз Ли Байдың (Таң патшалығы дәуіріндегі атақты қытайлық ақын) бір әйгілі өлең жолдарын әндетіп айтты:

«Жарық ай Тәңіртаудан көтерілді,

Арасынан ақ бұлттардың сығалап.

Ен дала төсінде оның желі ұйтқиды,

Тоқтаусыз Юймынгуәнге дейін барша алап».

Чен Чжен бала кезінен бастап Ли Байды өте ұнатады. Батыс өңірде туылған, сондай-ақ батыстағы түрктердің ұлттық салт-санасын өнеге тұтқан, олардың терең ықпалына ұшыраған осы романтикалық ақын өз уақытында сансыз рет еркін пен адуын бөрі қанының өрекпуін қоздырған еді. Байырғы сахараның айлы түнінде Ли Байдың өлеңдерін көркемдеп оқу Бейжіңдегі дәрісханаларда отырып оқығаннан мүлде басқаша. Чен Чженнің көңілінде кенет Ли Байша шабыт буырқана тасқындады. Көптен бері өзін мазалатқан бір мәселе есіне тағы түсті: Қытайдың барлық ақындары Ли Байды пір тұтады, бірақ одан үйренуге талпынбайды. Олардың айтуынша, Ли Бай өнеріне өрленіп, жұртты қорашсынады, ешкімге бас имейтін батыл, ешкім үйрене алмайды. Сол мезетте кенеттен Чен Чженге мынадай ой келді: Ли Байдың шабыттандыратын өлеңдері стилінің үйренуге қиынға түсетін себебі – оның бөрі тотемін құрметтейтін көне түрктердің салт-санасы мен ықпалын терең қабылдаған мінезінен және де қасқырлар тобы жортқан иен даладай кең-байтақ пейілінен болып отыр. Оның өлеңдері асқақ сезімді һәм серпімді. Оның үстіне, бір айтылса Қытайдың дәстүрлі поэзиясының ең шыңына көтерілуі де осыған байланысты. Конфуцийлік данышпандардың қайсысы инсанның көңілін бір сөзбен 10 мың шақырымға ұшырған, бір әріппен аспанның тоғыз қабатына жеткізген?

«Самұрық құсы бір күн бойы желмен ұшты,

Тоқсан мың шақырымға құйындай көтерілді.

Хуаңхэнің сулары аспанға шарықтағанын көрмейсің бе?

Теңізге зымырап ағып қайта келмейді.

Мен бір айкезбе адаммын,

Шарықтаған өлеңім Куң Цюге (Конфуцийдің шын аты-жөні) күлген».

Конфуцийшіл ғалымдардың қайсысы конфуцийлік данышпандар мен данагөйлерді келемеждеп мұқатуға батылы барған? Конфуцийдің тәлімін алған даналардың қайсысы көлік жүргізушінің дәмді тамағымен күн көруді қабылдаған? Конфуцийлік ғалымдардың қайсысы Ұлы Таң патшасына бетпе-бет қарсы шығуға батылы жеткен? Қайсысы Таң патшасының сүйікті күңі Яң Гуйфэйдің сия сауытын қос қолмен алуына, Таң патшалығының атақты мансаптысы Гао Лишиді лауазымнан түскенде жоғары баға беруге мәжбүрлеген? Эх, қатерлі биік ғой! Ли Байдың асқақтығы ашық аспанға көтерілгеннен де биік. Содан бәрі «48 мың жыл» өтсе де, әдебиет әлемінде «поэзияның кемеңгері» тек сол бір ғана ақын.

- Дала көкжалдарының мінезіне қытайлық өркениеттің жауһарын іріктеп қосса, сондай бас айналдыратын заңғар биікке жетуге болар еді...., - деп ауыр күрсінді Чен Чжен.       

Түннің ортасы ауғанда ол алыстағы бірнеше қостың түтіндетуді әлдеқашан тоқтатқанын шала-шарпы байқады. Содан соң түнгі күзетте жүрген әйелдер мен зиялы жастардың қойларды қотаннан айдап шығарған үндерін, қойлардың дүрліккен дауыстарын естіді. Ондағы ерменнің жанып таусылғаны немесе отау иесінің бағалы тезекті бұдан әрі отқа салуға қимағаны белгілі еді.

Масалар барған сайын шоғырланып, барған сайын тақатсызданды. Әуедегі ызың да барған сайын ұлғайды. Отрядтың жартысына жуық қостарының тынышы кетті. Адамның дауыстап сөйлегені, иттердің үргені толқындап естілуде. Электр фонарьлардың жарығы да көбейді. Кенеттен Чен Чжен солтүстіктегі ең шеткі қотан жақтан еміс-еміс иттің қатты үргенін және адамның айғайлағанын естіді. Беймәлім біреудің қойлары адамдардың қайыруына көнбей желге қарсы ұмтылған сияқты. Тезек пен ерменді толығымен жететіндей дайындаған және түнгі күзетке адамдар мен иттерді орналастырып, қырағылық танытқан үйлер ғана түнді тып-тыныш өткізді. Чен Чжен жақын жердегі Білге-атаның қонысына көз жіберді. Онда адамның дауысы да, төбеттердің үргені де, қол шамдардың жарығы да жоқ. Бірнеше жерде жағылған оттардың болар-болмас жылт-жылт еткені бұлыңғыр көрінуде. Касымай тап қазір түтін тұтатып жүруі мүмкін. Ол «тұрақты от жағу, түтінді жылжытып тұтату» амалын қолданады. Қотанның үш тарапында тезек жағылуда, сондықтан қай бағыттан жел соқса, сол жақтың отын тұтандырады. Самал жел тесік легеннен соққанда, оттың алаулап жану тиімділігін арттырады. Әйтсе де, тезек біршама ысырап болады екен. Алайда, өте пысық Касымай қойлардың қауіпсіздігін әбден қамтамасыз ету үшін ешқашан аянбайтын.

Кенет терістіктегі ең шеткі қотан жақтан мылтықтың екі рет атылғаны естілді. Чен Чженнің жүрегі дір етті: бөрілер тобы ақыры шабуылдың орайын жібермеген екен. Бұл – олардың масалар жан төзгісіз апатының аралығын пайдаланған олардың соққысы еді. Чен Чжен бір ауыр күрсінді: осы жолы пәле кімнің басына төнгені беймәлім. Адасқан қасқырлардың олжаға кенелгенін терең сезінген ол іштей қуанды: оларды терең түсінген сайын соғұрлым қарапайым ұқыпсыздықтың нәтижесінде елеулі шығын тартпайсың.  

Көп ұзамай, кең далада қайтадан жым-жырт тыныштық қалпына келді. Таңға жақын тұман түсті. Масалардың қанаттары шыққа малшынып, ақыры ұшудан қалды. От пен түтін біртіндеп өшіп-сөнді, бірақ төбеттер әлі де қырағылығын әлсіретпей, қойлар отарының солтүстік-батыс шетін шарлауды бастады. Чен Чженнің мөлшерлеуінше, әйелдер сауын саууға шыққан уақытта, көкжалдар сөзсіз шегінеді. Ол жарғақ тонын жамылып, алаңсыз ұйқыға шомды. Бұл – оның бір тәулік ішінде қамсыз ұйықтайтын жалғыз уақыты. Шамамен төрт сағаттай.

Келесі күні Чен Чжен тау ішінде тағы да бір күн бойы азапқа түсті. Кешке таман ол қойларды айдап, үйге қайтқан кезде, өз отауына шамасы сыйлы қонақтардың келгенін байқады. Киіз үйдің үстінде екі ірі қойдың жаңадан ғана сыдырылған терісі жаюлы тұр. Бөлтірік пен барша иттер қуанышқа шомған күйде өз үлесіне тиген қойдың еті мен сүйектерін кемірумен әлек. Үйге кіріп келсе, шыны-аяқ сөресінің үстіне, керегеге байланған арқандарға да ет үйіліп ілінген екен. Ошақтың үстінде молынан етке толған үлкен қазан былқылдап пісірілуде.

- Кеше түнде терістік шеттегі Ерденнің қойлары жазым болыпты. Ерденнің үй-іші Доржының отбасысы сияқты біраз жыл бұрын сырттан көшіп келген «дуңбэйлік» (Қытайдың солтүстік-шығыс бөлігі) моңғолдар болатын. Олар өз ата-қонысы саналатын жартылай егінші, жартылай мал шаруашылығы өңірінен (фермерлік-пасторальды өңір) келін түсірген-ді. Сол әйелдің түні бойы ұйықтайтын әдеті әлі қалмапты. Түнде бірнеше жерден от жаққан, сосын жарым түнге дейін күзетіп, қораның жанында ұйықтап қалған. Түтін сейіліп, қойлар желге қарсы өріп жүгіріпті. Бірнеше бөрі кідірмей 180 қойды жарып кетіпті. Жаралы қойлардың саны керісінше аса көп емес. Бағына жарай, иті абалап үріп, үйдің есігін тырналап, отаудың ішіндегі отағасын оятқан екен. Ерлер атқа мініп, мылтықтарын асынып, қасқырларды қуып жіберген. Егер де сәл кешіккенде бұдан хабар алған көкжалдардың үлкен тобы келіп, қотандағы қойлардың ешбіреуін аман қалдырмай қырғындайтын еді, - деді Яң Кэ Чен Чженге.

- Бүгін Білге-ата мен Бао Шигуй күні бойы әбігерленіп, ауылдағы барша адамдарды ұйымдастырып, өлген қойлардың терісін сыпырып, ішек-қарнын аршып тазалады, - деді Гао Цзянчжуң, - 180 өлі қойдың жартысын машинамен ферма штабына жөткеп, басшы кадрлар мен еңбекшілерге арзанға сатты. Қалған қойлардың өліктерін және жаралы қойларды ауылда қалдырып, әр үйге бірнешеден бөліп берді. Ақша алмады, тек терісін тапсыруы керек. Біз екі үлкен қой сүйреп әкелдік. Бірі өлген, бірі жаралы. Мынадай ыстық күнде олжа болған осыншама көп етті қалай тауысармыз?

Қуанған Чен Чжен екі езуі құлағына жетті.

- Бөрі баққан үйге ет көптік қыла ма? Бао Шигуй әлгі сырттан келген келімсекті қалай жазаламақшы екен? - деп сұрады ол.

- Төлететін шығар. Ай сайын бүкіл отбасының еңбек айлық ұпайының жартысын ұстап қалады. Қарызы аяқталғанша ұстап отыратын болады. Касымай және бүкіл ауылдың әйелдері әлгі жатыпішер күйеу жігіт пен жас келіннің ата-енесін боқтап жүр. Осынша ғаламат масалар апатында диқанның үйінен енді ғана келген жас келінді түнгі күзетке қоюға болады ма.... Біз сахараға алғаш келген кезде, Касымай зиялы жастарды алып, екі ай бойы түнгі күзетке шығып, қойларды бірге күзеткен. Содан соң ғана бізді жеке түнгі күзетке шығарды ғой. Бао Шигуй Ерден мен оның жұбайын «Сырттан келген дуңбэйлік моңғолдарды масқара қылдыңдар» деп оңдырмай ұрысты. Дегенмен, ол өз атамекенінен келген әлгі бір топ жұмыскерлерді жарылқаудың орайын тауып, ауылда қалдырылған өлі қойлардың 3/1 бөлігін Ваң ағайға тегін берді және оларды айрықша қуанышқа бөледі, - деді Гао Цзянчжуң.

- Бұл сұмпайылар әйтеуір қасқырлардың олжасын иемденген екен ғой, - деді Чен Чжен.

- Көкжалдардың сыбағасын тегін жеп, арақ ішкен тамаша! Келіңдер, біз үшеуіміз табақ-табақ ет жеп, тостақанды толтыра шарап ішейік, - деді Гао Цзянчжуң бір шөлмек ақ арақтың аузын ашып.

Яң Кэнің де арақ ішкісі келді.

- Ішейік! Мен қанғанша ішемін! Бір бөлтірік асырап едік. Жұрт біздің сүрінгенімізді күтіп, күлкі астына алғысы келді. Нәтижеде не болды? Қайта біз жұрттың мазақ болғанын көрудеміз. Олар бөрілердің тауық ұрлауды да, бір түйір күріш табуды да үйрететінін білмейді, - деп күле сөйледі ол.

Үшеуі қарқылдап күлді.

Түтіннің ішінде етке тойғаннан қозғала алмай бөлтірік жатыр. Ол тамақ табағының жанында өз олжасын қимай, қасынан кетуді қаламай, қарнын толтырып тояттаған қасқыр секілді ыдыстағы еттің қалдығын берік күзетуде. Мұның қандастары оған сыйлаған сый-тарту екенін ол қайдан білсін.

 

29

Біздің қанымызға, әсіресе хандар мен ақсүйектердің қанына көшпенділердің рухы сіңген. Бұл рух кейінгі ұрпақтың қасиетінде өте басым орын алатыны күмәнсіз. Ұлан-байтақ өңірге толассыз кеңеюге ұмтылған ондай рухты да осы қасиетке бұруымыз керек. Осы рух әрбір елді реті келгенде өз жерін кеңейтуге, сондай-ақ өз мүддесін төрткүл дүниенің қиян шетіндегі аумақтарға дейін өрістетуге жетектейді.

Х.Ч.Уэлс. «Дүниежүзілік тарих» (Ұлыбритания)

 

Бату мен Чжаң Цзиюән қатарынан төрт рет сәйгүлік ауыстырып мініп, екі күн, бір түн дегенде оңынан соққан желге ілескен халде жылқы үйірін жаңа жайылымның солтүстік-батысындағы тауға жеткізді. Таудың басында жел күшті екен. Екеуі жылқылардың қайырылып, масадан қашу үшін желге қарсы жөңкілетініне алаңдамады. Әбден шаршаған олардың жамбастары ертоқымның үстінде жансызданып, аттан түсуге дәрмендері қалмаған-ды. Таудың ауасын құшырлана жұтқан соң, аттан сүйретіліп жерге түсіп, шөпті беткейдің үстіне құлады. Олар шапанның жағаларын ашып, қойнына тау самалын толтырды, қара терге малынған іш киімін желдетті.

Солтүстік-батыстан тау самалы еседі. Оңтүстік-шығыстағы ойпаттың ортасында көл орналасқан. Ал жылқы таудың басында үйірімен жайылып жүр. Өн-бойына маса қаптаған жылқылар құмды жерге, яғни масаның азабына шыдамай тықыршиды. Жылқылар жалдың үстінде шиыршық ата айналғаннан кейін жасамыс айғырдың бастауымен шұрқыраса суға жөңкілді. Аттар еріксіз жабайы үйректер сауық-сайран жасайтын көлге кірді. Аттың тұяғы үркіткен шалғындағы масалар олардың үстіне қонған масаларға қосылып, тіпті де қалың тозаң қабатын қалыптастырды. Шыдамаған жылқылар аяқтарын теуіп, өз-өзін ұрғылап, әлекке түсті.

Бату мен Чжаң Цзиюән жылқылардың таудан түскенін көріп, кеуделерін желге төсеп, қалың ұйқыға шомды. Масалар екеуінің мойындарына жабысты, бірақ осы сәтте олар масаның тұмсығы жуан біз секілді қадалса да, оянатын емес. Масалар апаты басталғаннан бері жеті күн, жеті түн бойы бұл екі адамның кідіріссіз ұйықтаған уақыты үш сағатқа жетпейді. Масалардың тауқыметіне ұшыраған жылқылар үйірі әлдеқашан жабайы, ауру және құтырған аттарға айналып бітті. Айғайды тыңдамайды, қамшыдан қорықпайды, құрықтан именбейді, тіпті бөрілер тобынан да қаймықпайды. Жел соқпаған кезде бүкіл үйір ұжымдасқан халде бей-берекет құрысып-тырысып қалады. Ал жел соққан уақытта жылқылар самалға қарсы еліре тулап шабады. Бірнеше күн бұрын жылқы үйірі қашуға салынып, шекараның ар жағына өтіп кете жаздады. Егер желдің бағыты тосыннан өзгермегенде, қазір ол екеуі шекаралық бақылау-өткізу бекетінде халықаралық келіссөздердің әлегінде жүрер еді. Бір күні түнде екеуі барша айласын салып, жылқыларды өздерінің жайылымына айдағанда, қалың масаның шабуылына тап болды. Жылқы үйірінің шақ-шәлекейі шығып, ақырында топ-топқа бөлініп, бас-басымен тым-тырақай лағып кетті. Екеуі тағы бір тәуліктей уақыт жұмсап, он шақты үлкенді-кішілі жылқыны бірге қайырып келді. Алайда, олар айғырларды санап, үйірдің 20 астам жылқысы жоғалғанын байқады. Бату жылқыны Чжаң Цзиюәннің дара күзетуіне қалдырып, өзі сәйгүлігін бір жүйрік атқа ауыстырып, тағы бір күн уақытын жұмсап, 80 астам шақырым шалғайдағы құмдауыт жерде жылқыларды тауып алды. Алайда, осы жылқыларға ерген құлындардың ешқайсысы қалмаған екен. Масалардың әлегінен құтырынған қасқырлар жылқыны барынша талап, айрылған қанын толықтырды. Бату тіпті құлындардың тұяғы мен жалдарын да таба алмады.

Жылқылар тозаңдай қалың масаларды түтетіп, жабайы үйрек көліне бет түзеді. Маса сорып, қаны судай аққан жылқылар атылып келіп, көлге құлады. Су ішуге мұршасы болмаған жылқылар тізеден келетін жағалаудан көлдің тереңіне қарай тартты. Тірсектен бастап қаптаған масалардың үлгергені ұшып кетті, үлгермегені судың бетіне өлі күйде қалқып шықты. Жылқылардың тұяғынан лайланған су олардың қыр арқасына шықты. Су салқын, жанға жайлы еді. Жылқылар рақаттанып осқырынды, сілкінді. Көл бетінде өлген масаның бір қабат шоғыры қалықтады.

Жылқылар ақыры осқырынып, жағымсыз иісін шығарып, бірінен соң бірі су іше бастады. Ішкенде қозғала алмайтын күйге жеткенше, әбден қанғанша ішті. Сосын үсті-басына жағылған бір қабат қорғаныш балшығын шаймайтындай етіп, су деңгейі қарнынан таяздау жерде тұрып үйездеді. Судың ішінде мүлгіген жылқыда дым үн жоқ, тіпті пысқырған дыбыс та естілмейді. Көлдің айдынында жайғасқан аттар бастарын салбыратып, жым-жырт тұр. Азалы жиын ашып, масалар және көкжалдар бірлесіп қырып-жойған өз отбасы мүшелеріне аза тұтып жатқан сияқты. Тау басындағы жылқышылар және көлдегі жылқы үйірі бірге шырт ұйқыға шомды.  

Қанша уақыт өткені белгісіз, жылқышылар мен жылқылар бір уақытта дерлік қарны ашудан оянды. Адамдар да, аттар да бірнеше тәулік бойы ешнәрсе жемеген-ді. Бату мен Чжаң Цзиюән жанталаса ең жақын жердегі киіз үйге барды. Салқын шай және айранды қанғанша ішіп, тойғанша ет жеп, қайта қалың ұйқыға кетті. Аштық қыстаған жылқы үйірі жағалауға шығып, шөп жеді. Күннің күшті нұрлары өте тез арада олардың үстіндегі қатқан балшық қабығын жарып, түсіре бастағандықтан, қаптаған масалар орайын жібермей қайта үймеледі. Көлдің жағасындағы шөптер әлдеқашан желініп, селдір тартыпты. Аштықтан өлмес үшін жылқылар күштерін жиып, бөрілермен жанталаса айқасып, шөбі қалың беткейге қайта оралуға мәжбүр болды. Олар бір жағынан шөп жеді, бір жағынан масалардың соққысына шыдауын жалғастырды.

Бүкіл отрядтың басшы кадрлары Білге-атаның үйінде мәжілісте отыр.

- Аспандағы бұлттар қалың емес, жұқа да емес. Жаңбырдың жауатын түрі жоқ. Түндер бұдан да қапырық болады. Соңғы күндері масалар жылқының ту-талақайын шығаратын болды. Отрядтың барша мал бағу топтарында еңбек күштері жеткіліксіз. Жаңа ғана қойлар отары қырғынға ұшырады. Шынын айтқанда, жылқышыларды ауыстырып демалдыруға адам ресурстарын бөлудің мүмкіндігі болмай отыр, - деді қария.

Бао Шигуй мен Білге-ата ферманың басшы кадрларын қой бағуға шығару арқылы босап қалған қойшыларды және отрядтағы жартылай өндірістен қол үзген қызметші кадрларды жылқыға жіберіп, жас жылқышылар мен зиялы жастарды ауыстыру, сол арқылы масалар мен қасқырлар апаттарының ең ауыр кезеңінен малдарды аман өткізу туралы шешім қабылдады.

Әбден шаршап қалжыраған, бірақ жетектеуге көнбеген қашырға ұқсаған Чжаң Цзиюән қайтсе де «алдыңғы шептен» айрылғысы келмеді. Осы ірі апаттың ауыртпалығына шыдағанда ғана бұдан соң өзінің Моңғолия даласында жалғыз өзі жұмыс істей алатын нағыз жылқышыға айналатынын біледі. Чен Чжен мен Яң Кэ оны үнемі жігерлендіреді. Екеуі де бөлтірік асыраған зиялы жастардың киіз үйінен үздік жылқышының шығуын үміт етеді.

Түстен кейін ауа райы барған сайын тымырсық болды. Қалың нөсер түгіл, ұсақ жаңбырдан да үміт жоқ. Сахара жаңбыр тілейді, әрі жауыннан қорқады. Қатты нөсер жауса, масаларды түгел жапырып тастайды. Алайда, жаңбырдан кейін бұдан да көп маса өрбіп шығады. Көкжалдардың қанын сорған масалар барған сайын көбеюде. Олардан өрбіп тараған масалар тіпті де бөрінің сипатына және шабуылдаушы қасиетке ие болады. Олұн сахарасы тірі тозаққа айналды. Сол тозаққа түсуге бел буған Чжаң Цзиюән кәрі жылқышылармен бірге жайылымға тартты.

Білге-ата Бату мен Чжаң Цзиюәнді ертіп, жылқыларды оңтүстік-батыстағы суы аз, шөбі шалаң құмдауытқа қарай айдады. Мұнда су аз, шөп шалаң болғандықтан, маса біршама аз еді. Ферманың басқа үш жылқы үйірі шекарадан 100 шақырым қашықтықтағы осы құмды өңірге жөткелген.

- Бұл құмдауыт жер алғашында Олұн даласындағы жақсы жайылым болатын, - деді Білге-ата Чжаң Цзиюәнға, - Ол кезде бұнда су мол, шөбі шүйгін, малдар тез семіретін құнарлы алқап еді. Қаншама жыл болды, сулары кеуіп, бұлақтары да қалмады. Бәрін құм жалмады, - деп аспанға қарап күрсінді ақсақал.

- Неге олай болды? - деп сұрады Чжаң Цзиюән.

- Жылқылар быт-шытын шығарған, - деді қария жылқыларды нұсқап, - Әсіресе ішкі өлкелерден келген жұрт құртты ғой.... Ол уақытта енді ғана азаттыққа қол жеткізген кез еді. Бүкіл мемлекетте машина көп емес-тін. Армия жылқыларға мұқтаж еді. Ішкі Қытайда жер егу және егін тасымалдау үшін жылқы қажет еді. Мемлекеттің солтүстік-шығыс бөлігінде шабылған ағаштарды жөткеуге де жылқы керек болатын. Жылқыны қайдан алды? Әрине, Моңғолия даласынан алынды. Жақсы аттарды көбірек өсіру, жылқыға қажеттілікті қанағаттандыру үшін жоғары басшылықтың бұйрығына сәйкес Олұн даласының ең жақсы жайылымдары жылқы бағуға берілді. Ішкі өлкелердің адамдары жылқы таңдаса, тексерсе, сатып алса, бәрі осы жайылымға келетін. Адамдар мен жылқының сапырылысуынан жайылым тез арада ат шабыстыратын ипподромға айналды. Бұрынғы бірнеше жүз жылда қай билеуші бұл жайылымға мұндай көп жылқы бақты дейсің. Біраз жыл ішінде жылқы үйірлері қауырт көбейді, бірақ бұл ірі жайылым құмды шөлге айналып бітті. Бүгінгі күнде бұл құмды жердің қалдырған бір пайдасы бар: масасы аз. Ірі масалар апаты кезінде жылқылар шыбын-шіркейден құтылып паналайтын жақсы жер. Дегенмен, Үлжі баяғыда бұйрық түсіріп, қырылу қаупі төнген уақыт келгенге дейінгі кезеңде ешкімнің де осы құмды жайылымды пайдалануына тыйым салған. Ол құмды жердің қанша жылда әуелгі жайылымға қайта айналатынын көргісі келді. Биыл масалар апаты айрықша зор. Жылқылардың күн көруі ауыр дәрежеге жетті. Үлжі ақсақал да жылқы үйірлерінің осында жайылуын құптады.

- Ата, қазір машиналар мен тракторлар барған сайын көбеюде, - деді Чжаң Цзиюән, - Соғыс жүргізгенде де танктер қолданылады. Атты әскерлердің қажеті қалмады. Бұдан кейін осынша көп жылқының қажеті болмайды. Тағы біраз жыл өткен соң жайылым қалпына келіп, жақсарады ма екен?

- Алайда, адамдар мен тракторлардың көбейгені тіпті де бәле болды. Соғысқа әзірлену барған сайын қауырт болуда. Байтақ далада Өндірістік-құрылыс биңтуәнін (корпус) құру әлдеқашан бекітілген-ді. Зор мөлшердегі адамдар мен тракторлар Олұн сахарасына кіретін болды, - деді ақсақал басын шайқап.

Шошыған Чжаң Цзиюән ұзақ уақыт ешнәрсе айта алмады. Оның көкірегін сезімге толтыра кернеген мақтанышы, бет-жүзіндегі күлкі табы әпсәтте ғайып болды. Ел ішінде айтылып жүрген Өндірістік-құрылыс корпусының осыншама жылдам жетіп келетіні оның ойына кірмеген еді.

- Бұрын иен дала егіншілерден ең қорқатын, себебі олар кетпенмен атыз қазып, жер аударып, құрғақ шөп-өсімдіктерді өртейді. Осы күні сахара трактордан қорқатын болды. Бірнеше күн бұрын Үлжі ақсақал Олұнның кәрі малшыларын шақырып, автономиялы районның үкіметіне ұжымдық хат жазып, Олұн жайылымын егін шаруашылығы алқабы етіп өзгертпеудің қажеттігін өтінді. Бұл жердің әлі де кәдеге жарайтынын кім білмейді? Бао Шигуй осы күндері айрықша мәз-мейрам болып жүр. Ол осынша үлкен аумақтың бос жатқанын, мұнда биік шөптің ғана өсетінін, егіннің өсірілмейтінін, сондықтан бұның аса ысырап екендігін айтады. Ерте ме, кеш пе бұл жерлерді игерудің.... қыруар.... қыруар астық жинаудың керектігі туралы бірдемелерді айтып жүр...., - деді тағы Білге-ата.

Чжаң Цзиюән іштей жасырын қынжылды. Трактордың дәуірі келгенде жайылымға сүйеніп өмір сүретін ұлт пен шөпті отау арқылы тіршілік ететін ұлттың арасындағы терең қарама-қайшылықтар ең ақырында өз шешімін тауып, біржолата аяқталды. Қытайдың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі егін шаруашылық салт-санасы елдің солтүстік-батыс бөлігіндегі көшпелі мал шаруашылық салт-дәстүрді басып түседі. Алайда, ең соңында Қытайдың солтүстік-батыс бөлігінен соққан зор құмды боран міндетті түрде мемлекеттің оңтүстік-шығыс бөлігін жапырып жібереді....

Ымырт үйірілген кезде жылқылардың төрт үйірі Баингап деп аталатын құмайт жерге кірді. Айналасын ондаған шақырым ылғалды құм құраған бұл құмды жерде селдір құрғақ қамыстар, бал жапырақ, қаңбақ шөп, сұр алабота, жантақ бой көтеріп, шым-шытырық болып қаулап өсіпті. Жауын-шашын мезгілінде биікке барынша көтеріліп, бей-берекет өскен өсімдіктердің ұзындығы адамды шошындырады. Сахараның кескінінен толығымен жұрдай бұл жер Қытайдың ішкі өлкелеріндегі көп жыл қараусыз қалған тастанды құрылыс алаңына ұқсап тұр.

- Ұлы даланың бір ғана өмірі бар. Жақсы мал азығы болатын шүйгін шөп-пішендер шырмалана тұтасқан тамырлардан нәр алып көктейді. Шөптің тамырлары қуарғаннан кейін бұндай жер қурай, жаушалғын және құмның иелігіне өтеді, - деді Білге-ата.

Жылқы үйірлері біртіндеп құмайт жерге ішкерілей енді. Жылқы түнде шөп жемесе ет ала алмайды, семірмейді. Іс жүзінде, мұнда олар жейтін жөнді шөп те жоқ. Алайда, құмдайыт жердің масасы расында да ерекше аз болады. Қанша айтқанмен, аттардың тынығуына болады, масалардың қан соруын азырақ доғаруға болады.

Бао Шигуй мен Үлжі атпен шауып келді.

- Тек осылай ғана жасау керек. Жылқыны түнде аш қалдырғанмен, таң атқаннан бұрын шық түскен уақытта оларды жайылымға шығарып, шөп жегізеді. Масалар шыққанда, жылқы үйірлерін қайта айдап келеміз. Осылайша оларды жайып семірте алмаймыз, бірақ өмірін сақтап қаламыз, - деді Білге оларға.

- Әйтеуір екеуіңнің амалдарың көп. Жылқы тірі қалса болды. Осы екі күнде мен қорқа-қорқа ауру болдым, - деді Бао Шигуй бір тыныстап.

- Қасқырлар тобы баяғыда-ақ жылқыларды осында торуылдап күткенінен алаңдаймын. Адам ойлаған істі олар ойланбайды дейсің бе? - деді Үлжі бұрынғыдай қабағын шытып.

- Мен жылқышыларға көптеп оқ таратып бердім. Мен көкжалдарды іздеп таба алмай әлек болып жүрмін. Олар келсе тіптен жақсы ғой, - деді Бао Шигуй.

Чжаң Цзиюән үш басшыға ілесіп, құмдауыт жердің ең биік төбесіне шығып, жан-жаққа көз салды.

- Биыл жауын-шашын көп. Мынадай құрғақшылыққа төзімді шөптердің осынша биік өскені бөрілердің жасырынуына тиімді. Бізге қорғануға қиын түседі-ау, - деді Білге-ата да біршама алаңдап.

- Міндетті түрде барлық жылқышыларға дауыстап сөйлеу, көз ілмей әрі-бері сақ жүру, қол шамдарын жағып жүруді бұйыру керек, - деді Бао Шигуй.

- Жылқы үйірі тынышталып, басы ауған жаққа бытырап қашпаса ғана айғырлар қасқырларға төтеп бере алады, - деді Білге-ата.

Екі жеңіл ат арба да жетіп келді. Жылқышылар төбенің үстінде екі шатыр тікті. Ошақ қазылып, шай қайнатылды, қазанға қойдың еті және ши кеспе салынды. 

Түнде төбенің үсті дымқыл да салқын болды. Жылқыларға ілесіп келген масалардың көбісі да жануарлардың құйрықтары сабалап ұрғылауынан зақымдалуда, мерт болуда. Жаңа масалар қосылмағаны себепті, көп күндерден бері титықтап қалжыраған жылқылар ақырында тынышталды. Ымыртта моңғол сәйгүліктері құдды ашық далада соғысқан әскери аттардай құлақтарын қырағылықпен тік түріп, жоғары дәрежедегі соғыс әзірлігінде тұрды. Жылқы үйірі ауыр апат жағдайына ұшыраған таңдаулы дала армиясындай өздігінен тамақтану өлшемін азайтып, тағам талдамады, тәбетсіздік танытпады. Олар қылтиған кермек те тікенек шөптің бәрін азық етіп кеміріп, өмірін сақтауға жарайтын ащы бұранда жапырақты шөп талшықтарын құрсағына салды. Чжаң Цзиюән түнде шарлаған кезде кейбір ең асау айғырлар және жылқышылардың атақты сәйгүліктердің өз қарындарын тырситып тойдырғанын байқады.

Бірінші түні масалар аз болды, көкжалдар көрінбеді. Адамдар мен жылқылар тегіс тынығып демалды. Таңғы шық түскен кезде масалар ұша алмайды, сондықтан жылқышылар дәл уақытында аттарды жайылымға айдады. Жылқылар нәрлі шөптерді қастерлейді, бәрі де бөрілер сияқты өршелене қоректенуге кірісті. Күннің шығуымен бірге масалар да көрінді. Жылқы үйірлері өздігінен құмдауыт жерге қайтты. Екінші түні де осындай болды. Үшінші күні Бао Шигуй ат арбамен адам жіберіп, екі ірі қой салып жіберді. Кешке жақын біртіндеп ұйқысын қандырған жылқышылар ошақты қоршай жайғасып, ет жеп, шарап ішті. Көпшілік әрі жеп-ішіп, әрі қыза келе ән шырқады, даурығып әңгімелесті. Шарап пен еттің рахатын көрген олар өз әңгімелерінде қасқырларға тамсанды, шошыды. Бір жылдан бері Чжаң Цзиюәннің арақ ішу қауқары күшейген-ді. Араққа қызып есеңгіреген ол «Шарап әнін» өлеңдетті. Әннің әуеніне қарай төтенше көп жерде өз дауысының да көкжалдың ұлығанындай біршама созылыңқы шыққанын байқады.

Төртінші күннің бірінші жартысында ферма басшылығының шабарманы жүйрік атпен шауып келіп, Өндірістік корпустың (Биңтуән) екі басшы кадры Үлжі мен Білгеден барша жағдайды білу үшін жаңа жайылымға келгенін хабарлады. Екеуі отрядтың штабына қайтуға мәжбүр болды. Жолға шығардан бұрын Білге-ата жылқышыларға аңғалдық жасамауды қайта-қайта тапалап тапсырды.

Сахараның екі беделді тұлғасы кеткен соң, бірнеше жас жылқышы өз қалыңдықтарын ойлай бастады. Кешке таман екі жылқышы бозбала жүйрік аттарына мініп, түнде киіз үйдің сыртында күзетте жүрген қыздармен «түн күзетінде» бірге болу үшін ұша жөнелді. Олұн даласында «түнгі күзет» деген сөздің екі мағынасы бар. «Түнгі күзет» деген сөзді қыздарға күліп тұрып әсте айтуға болмайды. Әйтпесе олар жігіттерді шынымен түні бойы күтуі мүмкін.

Орасан зор жылқы үйірлері қурай және басқа да сабағы жуан ащы шөптерді отап, келте сабақтарын ғана қалдырды. Түнде жеп-шөп жей алмаған аттар біршама ашығып қалыпты. Алайда, үлкен айғырлар керісінше құдды қатаң түрме қызметкерлеріндей үйірдегі өз отбасы мүшелерін тығыз қамауға алып, оқыранды. Аттардың қайсысы жайылымға қарай адымдаса, дереу соларды кісінеп қайтарады. Жылқылар аштықпен жазалануда. Айғырлар да құрсақтары аш халде шартарапты шарлап жүр.

Алыстағы қалың қурай және бей-берекет биік шөптің ішіне байыппен жасырынған бөрілердің де қарындары әлдеқашан ашқан екен. Әсіресе қазаннан тараған еттің хош иісін иіскеген олар тіпті де аштыққа шыдайтын емес. Оның үстіне, қасқырлар тобы осы масасы сирек құмайт жерде тыңайып, әлденіп-рухтанып, шайқасудың орайын жасырын күтуде. Батудың есептеуінше, Олұн сахарасындағы көкжалдардың тең жартысы құмайт жердің айналасында жасырынып үлгерген, тек жеңіл бас салуға бата алмайды. Қару-жарағын толық асынған көптеген жылқышы, дүлей де қайсар айғырлардың бәрі жылқы үйірінің сыртын қоршай күзетте жүр. Тасыған асаулығын шығара алмай жүрген бірнеше үлкен айғырлар қараңғыдағы бөрілердің көлеңкесіне дамылсыз тебінеді, осқырынып кісінейді. Сол әлпетпен олар бір қасқырдың жонын тақатсыздана тістеп, сосын оны аспанға лақтырып, ол жерге құлаған кезде ірі тұяқтармен оның басын езіп, таптағысы келеді. Дегенмен, түзде жылқыны жайып бағудың ең үлкен кемшілігі – иттердің жоқтығы. Дала жұрты ақыры үйден кеткісі келмейтін, отбасыны қорғайтын күзетші төбеттерді жылқының қорғаушысы етіп үйрете алмады.

Кешкі тамақтан кейін Бату Чжаң Цзиюәнмен бірге шалғайдағы шөбі биік тоғайдың ішіне арнайы барып, көкжалдардың іздерін тапты. Алайда, екеуі жол бағытын алыстан айналшақтап бірнеше рет айналғандықтан, бөрілердің жаңа іздерін байқамады. Бұған Бату білінер-білінбес тынышсызданды. Бірнеше күннің алдында ол алыс қашықтықтағы шарлау жүргізген кезде бір-екі қасқырдың қарасын байқаған. Дегенмен, адамдардың бәрі босаңсып салғыртсыған уақытта олар іздерін суытып, көзден ғайып болды. Батудың білуінше, көкжалдар тобы жаппай шабуылға шығудың алдында көбінесе өздері шабуылдайтын нысанадан әдейі кеткендей болып, артқа шегіну арқылы адамдар мен жануарларды тағы бір рет алжастырады.

Чжаң Цзиюән мынадай тыныш күйдегі жылқы үйіріне қарап, әлденеден алаңдай берді. Бату екеуі бір уақытта бастарын көтеріп аспанға қарады, ауа райына назар салды. Аспанның солтүстік-батыс жағында жұлдыздар көрінбейді. Қалың қара бұлттар құмдауыт жерге қарай төніп келеді. Екі жігіт жалма-жан аттарын бұрып, қоныс жаққа шаба жөнелді. Бату өзге үш жылқы үйірінде бір-бір жылқышының жетіспейтінін байқады. Бас жылқышылардан осыны сұрап еді. Кейбіреуі олардың фермаға батарея алуға кеткенін, ал енді біреулер бас отрядтың дәрігеріне көрінуге кеткенін айтты.

- Мен олардың қайда кеткенін білемін, - деп ызаланды Бату, - Егер де бүгін түнде бірер шырғалаң оқиға туылса, қыдырып кеткен сол бірнеше немелерді ферманың қатаң жазалауына табыстамай тынышталмаймын.

- Бүгін түнде ешкімнің де ұйықтауына рұқсат етілмейді. Әр адам өзінің ең жақсы сәйгүліктеріне мінсін, түнімен кезекшілік қылсын. Міндетті түрде жылқыларды қоршап қалқалау керек. Оларды жайылымға шауып кетуіне жол бермеу керек. Бүгін түнде бөрілер тобы сөзсіз келеді! - деді ол жылқышыларға қолын сілтеп.

Жылқышылар дереу ескі, жаңа батарейлерді араластыра қол шамдарын дайындап, мылтықтарын оқтап, су өтпейтін киімдерін киіп, жедел жылқы үйіріне барып, аттарын ауыстырып, шайқасқа әзірленді.

Түннің бірінші жартысында құмайт жерде дауыстап сөйлеген дыбыстар көп естілді, электр фонарьларының жарығы көбейді. Қайсар жылқышылар және айғырлар үйірлерді құрыштай қоршап тұр. Еңселі тұлпарлар қасқырлардың тыныс-тықырын сезгендей, барынша үйірдің сыртында тұрып, бірнеше қабаттан құралған қабырға қалыптастырып, қоршау ішіндегі қауіпсіз жерді биелерге, байталдарға және құлындарға босатып берді. Құлындар биелердің жанында жұп жазбай тығылып жүр. Чжаң Цзиюән есіткендей болған үйірдің ішіндегі мыңдаған жануарлар жүректерінің дүрс-дүрс етіп дүрсілдеген дыбыстары оның жүрегімен бірге жылдам да қызу соққанын сезінді.

Түннің екінші жартысында бір мезет қатты жел соққаннан кейін кенеттен аспанда жарқылдаған найзағайдың гүрсілі жылқылар үйірінің арасында оқ-дәрі қоймасы жарылғандай көрінді. Әп-сәтте жер-дүниенің бәрі дүр сілкініп, жылқыларды үркітті. Барлық үйірлер алды-алдына бытырап қашты. Екі мыңға жуық жылқы қоршаудың ішінде бет-бетіне шаба жөнелді. Айғырлардың бәрі бастарын қоршаудың ішіне қаратып, артқы екі аяқтарына тік тұрып, алдыңғы сирақтарын аспанға көтеріп, әлгі өлердей қорқып, сыртқа қашуға ұмтылған аттарды қайырмақшы болды, айбат шекті. Жылқышылар барша күшпен дауыстап оларды қайырып, айғырлардың ең соңғы қорғаныс шебін берік сақтауына жәрдемдесті. Алайда, аспанда арт-артынан бірнеше рет орасан зор күн күркіреді, әуеде жарқылдаған найзағай құдды қатты тартылған нерв талшықтарындай тікелей жылқы үйірлерін сілкіндірді. Биік таудың басында жер сілкінісіне ұшырап, жан-жағындағы бөгеттері түгел құлаған су қоймасынан төгіліп ағылған топан су тасқынына ұқсаған жылқы үйірлері айғырлар мен жылқышылардың қорғаныс шебін лезде бұзып-жарып, күйгелектене еліріп шаба жөнелді.

Найзағайдың тарсылдаған гүрсілі адамдардың айғай-шуын, аттардың кісінегенін және мылтықтың атысын басып тастады. Найзағайдың қуатты жарығы электр фонарьларының сәулесін жауып жіберді. Қараңғыда жылт еткен қысқа жарқылдың арасынан бірер күмістей сұрғылт көкжалдардың жан-жақтан жылқыларға атылғаны көрінді. Жылқышылардың өңі қашты.

- Бөрі келді! Қасқырлар келді! - деп айғайлады Чжаң Цзиюән. Оның дауысының ырғағы тарғылданып өзгерді. Ол Тәңірдің күркіреген һәм жарқылдаған қаһарлы дауысы көкжалдар тобының дәл мынадай айбарлы да жойқын шоғырлы шабуылына медет бергенін ешқашан көрмеген еді. Олар құдды Тәңірдің жарлығын алған аспанның әділетті әскеріндей жорыққа шығып, әділдік орнатып, иен дала үшін кек алып, өсімдік-шөптерді қалдырмай жайылымдарды бүлдіретін бас қылмысты - моңғол жылқыларын аяусыз қырғындады.

Жаңа ғана күркіреген найзағайдың гүрсілінен есі шыққан жылқылар айбарланған бөрілердің жаппай шабуылына ұшырады. Ұжымдық рухы әпсәтте тас-талқаны шыққан жылқыларда ең соңғы тума қасиеті, яғни жан сауғалап қашу ғана қалды. Шошығаннан быт-шыты шыққан жылқы үйірінің ахуалы күйреген әскерлерден тіпті де сорақы болды. Найзағай мен қараңғы түннің тасасында қасқырлар тобы оқтай атылған жылдамдықпен жылқылардың ортасына қадалды. Үйірдің орта тұсы тілінгеннен кейін іле-шала шабуылдаушылар кілт бұрылып, жылқыларға жан-жақтан тағы соққы жасады, тоз-тозын шығарды, жеке-жеке жәркемдеуге қолайлы ету үшін оларды құмдай шашыратты. Шілдің құмалағындай бытыраған аттар осылайша дұшпанның емін-еркін жәркемдеуіне тап болды.

Құлындар – көкжалдар соққы беретін алғашқы нысанасы. Күннің күркіреген дауысын ешқашан есітпеген құлындар шошығаннан мелшиіп қалды. Ірі бөрілер шапшаң он шақты құлынды алқымдап әкетті. Шамамен бірнеше минуттың ішінде ондаған құлын майдан алаңында сұлап құлады. Ең батыл да қырағы құлындар ғана биелерге мықтап иін тіреген халде өршелене шауып келеді. Биелерді таба алмағандары қатыгез де мейірімсіз айғырларды тауып, олардың бауырына тығылып, қасқырлардың шабуылынан сытылуда.

Абыржыған Чжаң Цзиюән көңілі ұнатқан әлгі ақбоз құлынды іздестірді. Қараңғыда ақ құлынның тіпті де өзіне назар аударуынан, тіпті де зиян шегетінінен алаңдады ол. Тағы бір найзағай жарқылдағанда ол екі үлкен айғырдың ақбоз құлынды қоршаған үш көкжалды қуалағанын көрді. Аяусыз тарпып-тістелеуде шек жоқ. Айғырлардың соңына ілескен ақбоз құлын да ебі келгенде тұяғын серпіп, бөрілерді теуіп қояды. Қасқырлардың ұтатыны жылдамдық. Көздегенін шапшаң ала алмайтынын көрсе, дереу қараңғыға сүңгіп, нысанасын өзгертіп, өзге аңғал құлындарды талайды. Айғырлар барынша биелерді шақырып кісінейді. Жылқы үйірлерінде айғырлармен қатар балаларын қорғаған биелер ең салмақты, ең жаужүрек саналады. Күйеулерінің шақырғанын құлағы шалған олар жауларын тепкілеген күйде құлындарын қорғап, құлындарын қорғалап, айғырдың жанынан шықпайды. Ең ержүрек айғырлар және ең батыл биелер мен құлындар жарқылдаған найзағай және көкжалдар тобының алғашқы қоршау соққысында-ақ өз үйірін жылдам тыныштандырды, сондай-ақ өз отбасысын жинақтап топтастырды.

Әйтсе де, жылқылардың жартысынан көбі әлдеқашан ойрандалып, бытырап кеткен-ді. Әрбір бөрі бір-бір атылған торпедаға ұқсап, көлдің ортасында асау толқындар көтеріп, шұрқан салып жарылуда. Қанға дәніккен аш қасқырлар бұл сәтте жылқышыларды мүлдем елемеді. Олардың қол фонарьларының жарығы көздерді шағыстыратын найзағайдың жарқылына жетпейді. Қараңғыда құрықтан айрылу мүлде орынсыз іс есептеледі. Адамның барынша айғайы да, тіпті мылтықтан оқ атуы да күннің күркіреуі тарапынан қымталып жұтылды. Жылқышылардың бәрі үйірге ие болудан қалды. Жарты сағаттан кейін адамдар да өзара байланысын жоғалтты. Абыржыған Бату электр фонарьдың жарығымен жылқышыларға белгі берді.

- Оңтүстік-шығыс бағытқа қарамаңдар. Түгелдей шоғырланып, солтүстік-батыс бағытындағы аттарды қуалаңдар! Жылқы үйірлерінің мемлекеттік шекараға ұмтылуынан сақтаныңдар! - деп өңеші үзілгенше айғайлады ол.

Жылқышылар күрт есін жиып, солтүстік-батыс бағытқа қарай бұрылып, шаба жөнелді.

Күн күркіреп найзағай жарқылдағаннан кейін жаңбырдың ірі тамшылары тамшылата жауа бастады. Осы мезетте жылқылар айналадағы жайылымға әлдеқашан шауып кірген еді. Жаңбырдың тамшылары масаларды ұрғылап, олардың бұл қанды сойқанға енуін уақытша қиындатты. Найзағайдың гүрсілі барған сайын алыстады, оның жарқылы көкжиекте ауық-ауық жарқ-жұрқ етті. Бір мезет дауыл соққаннан кейін Бату аспандағы жұлдыздарды көрді.

- Жылқының серкесін тез қайырыңдар. Тезірек! Масалар келіп қалды! - деп айғайлады Бату жақын жердегі Чжаң Цзиюәнге және бірнеше жылқышыға.

Жылқышылар аттарына асыға қамшы басып, ұшыртқан жылдамдықпен өршелене шауып кетті.

Алғашқы айқастан өз салымын алған көкжалдар әдеттегі жыртқыштығы мен асқазанын ұлғайтып алды. Бөрілер тобы шайқастың тиімді орайын бір қолға келтірсе, сол орайды аяусыз өз пайдасы үшін соңына дейін жеткізіп, айқастың нәтижелерін жоғарғы шегіне дейін сығып алады. Олар баяу жүгірген, шетке лағып кеткен және биелерден адасқан тай-құлындарды шабуылдап ғана қоймай, сондай-ақ сасқалақтаған дөнендер мен құнандарды да алқымдады. Қасқырлар жеке-дара шайқас жүргізу тәсілін екеу-үшеулеп бірлесіп соғысу тактикасына өзгерте бастады. Бірінен соң бірі жығылған құлындардың ұйқы күре тамырлары қыршылып, қандары жан-жаққа шашырай атқылады. Бұны көрген жылқылар қорыққанынан ешнәрсеге қарамай жан-жаққа естері шығып қаша берді.

Дәл осы кілтең кезде отряд жақтан үш салт атты адам фонарьларын жарқылдатып шауып келді. Жылқының күзетіне шықпақ болып, төте жолмен жеткен жылқышылар сәйгүліктердің алдын қайтарды. Жылқылар шамның жарығын және адамдарды көргенде, аялдап қалды. Бату және басқа жылқышылар артынан, екі бүйірінен шығып, жылқыны ақыры тоқтатып алды.

Күннің күркіреуі алыстап, найзағайдың жарқылы сөнді. Жылқышылардың айғай-шуы және электр шамдарының жарығы қорқып-үрейленгендерге бағыт көрсетуде, үркіп бытыраған аттарды үйіріне қайтаруда роль ойнай бастады. Айғырлар да мойындарын созып, өз отбасы мүшелерін кісінеп шақыруда. Жылқылар оңтүстікке суыт жүріп келеді. Жол бойында қашып адасқан, жараланған жануарлардың дауыстары шығып, арт-артынан үйірге жинала бастады. 30-40 дүлей де алып айғыр өздігінен үйірдің алдында қаз-қатар тізіліп, ежелгі аңыздардағы сұмпайы әзәзілдерге ұқсап көкжалдар тобын сұрапыл ығыстырды. Бөрілер лезде артқа бұрылып шегінді, ұйытқыған желдей оңтүстік-шығыс жаққа жылыстады. Әр жерден шауып келген әлсіз, жаралы жылқылар және тай-құлындар құтқарушылармен кездескендей дүрлігіп үйірлеріне қосылуда. Көптеген айғырлар орталап қалған жылқы топтарын ертіп, үйірін жинақтады. Үйірдің іші балаларын іздеп шұрқыраған, ата-анасымен табысқан кісінеген дауыстарға толды. Жылқылар жүре келе ақырындап бастапқы құрылым мен сапты қайта құрастырды.

Уақытша артқа шегінген қасқырлар тобының әрекеттерінде шашау жоқ, бәрі тап-тұйнақтай жүйелі. Олар өздері әлдеқашан алқымдап жыққан олжаларын жалмап жеуге асықпады. Керісінше, жылқышылар мен айғырлар саптарын жаңадан реттеп, үйірді толықтаған уақытты пайдаланып, оңтүстік-шығысқа бытыраған аттарды жеке-жеке жабыла қуды. Бату және бірнеше қарт жылқышы үйірдің алдына жүгіріп келіп, айғырлардың жалпы санын санады – олардың шамамен 3/1 әлі жиналмаған екен. Бату асығыс жылқылар үйірінің артына шауып, төрт жылқышыға екі топқа бөлініп, батыс пен шығыс бағыттарында жылқыларды қайырудың көлемін кеңейтуді бұйырды. Қалған жылқышылар сәйгүліктерді барынша тез қарқынмен қуалау керек болды. Бату Чжаң Цзиюәнді алдымен оңтүстік-шығыс бағыттағы көкжалдарды қуалауға жіберді.

Солтүстік-батыстан ығысқан бөрілер тобы жоғары жылдамдықпен оңтүстік-шығыс бағытта қырғын салған қасқырларды қуып кетті. Кейбір жылқы отбасыларының құлындары біреуі қалмай қырылыпты. Өзара қосылғаннан кейін көкжалдар тобы арық-тұрық, ауру да кәрі жылқыларды қоршауға алып, қынадай қыра бастады. Солтүстік-батыс бағыттан адамдардың айғайы мен жылқының кісінеген дауыстары барған сайын жақындады, бірақ бөрілер бұрынғыдай сабырлылықпен қоршап өлтіруде, олжаларды тамақтануға мүлде асықпауда. Чжаң Цзиюән жалғыз өзінің қасқырлар тобына мүлдем төтеп бере алмасын біліп, жылқы үйірлерін қайыруға жәрдемдесу үшін отрядқа оралды. Иен даланың ауа райын және соғысудың ыңғайын жетік білетін көкжалдар өздеріне бұдан да қолайлы орайды күткен сияқты.

Жылқышылар аттарды құмды төбеге үш-төрт шақырым жетпеген жерге қуалап барғанда, саздауыттағы масалар кенеттен көтеріліп, мұнай қоймасы жарылғаннан кейінгі қою түтіндей жылқылар үйірін жан-жақтан тұмашалады. Биыл масалар апатындағы ең өршеленген масалары ошарыла ұшты, сансыздаған уытты инелер жылқының денесіне аяусыз қадалды. Найзағайдың жарқылынан, бөрілердің шабуылынан есін жия алмаған жылқылар масалардың елеуреген соққысына ұшырап, жанын қоярға жер таппады.

Осы кезде ең ауыр, ең мейірімсіз жазаны тағы сол жылқылар үйіріне қормал болған айғырлар тартты. Олардың денесі кесек, жүні жұқа, еті мен терісі шымыр, талай күн екі бүйірін сабалаудың нәтижесінде құйрығы да аққан қаннан киіз таяққа айналып, білеуленіп қатқандықтан масаны қашыру ролінен қалған. Қаптаған масалар инелерін шоғырландырып, негізінен айғырларды шабуылдайды. Әсіресе арнайы көз-қабағына, құрсағының төменгі жағындағы жыныс мүшелеріне, шабына және ен қалтасына қадалады. Мұның бәрі іс жүзінде жанды жерлері, өмірінің түп-тамырлары болып табылады. Сұрапыл күйгелектенген дүлей айғырлар дереу ақылдан азып, жауапкершілігін тастады. Қырсыққанда, сол мезетте желдің күші біртіндеп саябарлап, масаларды желпіп қуалаудан қалды. Бұған керісінше жылқылардың желге қарсы жүгіру, желдің ығымен жөңкілу бағытын нұсқағандай болды. Масалардың шағуынан көздері жартылай іскен, жартылай жынданып аласұрған, ағат болған айғырлар үй-ішін, биелері мен құлындарын тастап, ешнәрсеге қарамай, желге қарсы жөңкіліп шабады.

Масасы шалаң құмайттан келген жылқышылар бастарына тұмылдырық кимеген. Масалар талай жылқышылардың көзін, бет-аузын, мойнын және қолынан тамтық қалдырмады. Көздер ісіп, бір сызыққа айналды. Дүрдиген еріндер сөйлеуге келмеді. Ісінген қолдар құрық ұстауға икемсізденді. Жылқышылардың мінген аттары тізгін тартуға ырық бермей, тұмсығымен екі қапталын қаққылап, тізесін қыршып, біресе желге ұшырата шабады, біресе үстіндегі адамына қарамай жатып, аунауға дейін барды.

Адамдар мен айғырлар түгел дерлік саптан шығып, жауынгерліктен айрылды, толығымен масалар теңізіне батып, масалардың соғысу айласына байланып қалды. Жылқы үйірлері күшінің барынша желге қарсы жөңкіліп, тұтастай бақылаудан шығып, ахуалды шаужайлай алмады. Өзге бағыттарға бытыраған жылқылар да әуелгі жерінен бұрылып, солтүстік-батысқа қарай желіге шапты. 

Масалар құтырып шағуда, жылқылар жанталаса қашуда, қасқырлар тоқтаусыз қырып-жоюда. Найзағай, жел, масалар, көкжалдар апаттары бір жерден тоғысып, Олұн даласының жылқыларын жаншып тастады. Чжаң Цзиюән дала халықтарының азап-ауыртпалығын тағы бір рет сезінді. Кез келген отырықшы ұлт мынадай рақымсыз да қатал тіршілік ортасына төзе алмайтынын ойлады. Масалар бізгегінің шағуынан жындануға, құтыруға, әлсіреуге шақ қалған ол аттың басын кері бұрып, құмды төбеге қашқысы келді. Алайда, моңғол жылқышылары шетінен ержүрек те батыл Шыңғысханның атты қосындары секілді ешқайсысы да саптан қашпады, майданнан шегінбеді. Құмды жерде обыр шегірткелердей ұшқан жебелерге қарсы атойлап, жаулардың шебін бұзып-жарған қосындарға ұқсап, алға ұмтылды, лап қойды, тап берді, шайып тастады. Дегенмен, қараңғы түнде атойлап шабуыл жасау – атты әскерлер үшін үлкен қатер. Онысы түгелімен соқыр шабандоздың соқыр атқа мінгені сияқты төтенше қауіпті. Жылқының тұяқтары тышқанның, қоянның немесе суырдың індеріне түссе, адамдар оңбай жараланады, жығылып өледі немесе тұлпардың астында жаншылады. Өңі қарайып түтіккен Бату аттың бүйірлерін аямай тепкілеп, қамшылап, ұшыртып келеді, сондай-ақ масалардың шаққанын ұмыттыру үшін қамшымен ара-тұра өзі мінген тұлпардың басын аяусыз ұрып келеді. Чжаң Цзиюән бұл далалық жауынгерлердің рақымсыз, долы һәм қанқұйлы айқасқа қатысудағы айбынына шырмалып, өз өміріне қауіп төнсе де өжеттене алға ұмтылды.

- Үйірді батысқа бұрыңдар! Ол жақта тағы бір құмайт жер бар. Аялдамай басыңдар! Басыңдар! Шекаралық тас жолға ешбір жібермеңдер! - деп Бату бір жағынан шауып, бір жағынан айғайлады.

Жылқышылардың сүрен-айғайы аспанға өрлеп, жаңғырық болып кері оралды. Чжаң Цзиюән бір ойбайлаған дауысты құлағы шалды. Сәйгүлігі сүрінген бір жылқышы ертоқымнан жерге оңбай құлап түсті. Ешбір адам аттан түсіп, қол ұшын бермеді, құтқармады. Жылқышылар жылдамдықты ешбір баяулатпай, құйындата шабуын жалғастырды.

Алайда, адамдарды міңгестірген тұлпарлар уытты масалар және аш бөрілер өлтіру үшін қуған жеңіл-желпі шапқан жылқыларды қайдан қуып жетсін. Жылқышылар үйірді батысқа қайыра алмады. Ең соңғы үміт өшірілді. Дегенмен, Бату мен жылқышылар әлі де дауыстап айғайлаған халде ешбір берілмей жөңкіле қуалауда.... 

Кенет, алыстағы жотаның арт жағынан түннің қараңғылығын тілгілеген жарық жолақтары көрінді. «Отряд біздің алдымыздан адам жіберіпті» деп дауыстады Бату. Жылқышылар айғай салып, бәрі қол шамдарын жағып, жылқының орнын көрсетті. Алдыларынан алау алып шыққандар, жылқышылар жабылып жүріп, жылқының бетін қайтарып, бір жерге қарай иірді. Олар жылқыларды әдейі сығылыстыра иіріп, бүйіріндегі, қарнындағы масаларды мыжып өлтірмекші болды.

Бір тайпаның басшысына ұқсаған Білге-ата тайпаның көмекші қосындарға басшылық етіп, ең сын сағатта ең түйінді де маңызды жерге дер кезінде шауып келді. Ал бүкіл тайпаның көмекші жасақтары кәрі арлан жеке өзі бастаған таңдаулы қасқырлар жасағына ұқсап, көкжалдар тобына басып кірді. Бөрілер жаңадан пайда болған топтың дауыстары мен жарықтан іркіліп, қорыққанынан мелшиіп қалды. Оның үстіне, Білге-атаның дауысын естіп білгендей болған басшы арлан қадамдарын жиып, қосындарын бұрып, кері шегінді. Олардың бұл сәттегі мақсаты өте айқын: ең алғашқы қырғын алаңына бірінші болып жетіп, барынша шапшаң олжаларын жеу, қарнын толтыру, сосын таудың қойнауына жасырыну.

Білге, Бао Шигуй және Үлжі ондаған бақташы, қойшы һәм зиялы жастарды бастап келіп, жылқышылармен бірлесе аттарды жиыстырды, шапшаң құмайт жерде топтады. Сондай-ақ екі малшы жығылып жараланған жылқышыға жәрдемдесуге жіберілді. Чен Чжен Чжаң Цзиюәннің жанына шауып келіп, түнде орын алған істі сұрастырды, сондай-ақ оған Білге-ата мен Үлжінің уақиға туылатынын тұспалдағанын, сондықтан ауа райының бұзылуынан бұрын қосымша қосындарды ұйымдастырып жетіп келгенін айтты.

- Әрең дегенде жолымыз болды-ау. Әйтпесе бүкіл отрядтың жылқысы қырылатын еді, - деді Чжаң Цзиюән кідірмей.

Құмды төбеге жеткенде таң ағарды. Тоз-тозы шығып адасқан аттардың бәрі табылды, бірақ үйірдің шығыны аса ауыр болды. Егжей-тегжейлі түгендеу арқылы төрт-бес кәрі-құртаң һәм ауру-сырқау жылқының, 12-13 құнанның мерт болғаны анықталды. Ең көп таланғаны құлындар болып шықты: шамамен 50-60 құлын қырылыпты. Жалпы шығын 70 астам жылқы құрапты. Бұл жолы үлкен апат саналған күннің күркіреуі, найзағай, жел және масалардың бәрі жан алғыш қанішер болды, бірақ қылышпен басты шапқан тікелей қандықол баскесерлер қасқырлар болып шықты!

Атқа мінген Бао Шигуй жылқының өліктері шашылған құмды төбені аралады.

- Көкжалдарды өлтіру жайылымдағы маңызды іс екенін мен баяғыда-ақ айтқанмын. Алайда, сендер бұны құптамадыңдар. Енді көріңдер: бұл сендер тартатын жазаларың. Бұдан былай кімде-кім егер де бөрілерді жақтап сөйлесе, соны қызметтен аламын, саяси үйрену курстарындағы саяси күреске айдаймын, сондай-ақ шығынды төлетемін! - деп ашуланып ақырды Бао Шигуй.

Білге-ата бір қолымен екінші қолының алақанының сырт жағынан тіреп, көк аспанға күйзеле қарап, ернін ақырын жыбырлатты. Чен Чжен мен Чжаң Цзиюән бұл ақсақалдың не айтып тұрғанын жорыды.

- Иен даланы ырыққа көндіру оңай емес. Сахараны қолдап-жақтаған адамдар ең ақырында құрбандыққа шалынып, құрбан болуы мүмкін...., - деп сыбырлады Чен Чжен Чжаң Цзиюәнға.

- Адамдардың күші осынша ғаламат табиғи апатты тежеуі мүмкін емес ғой, - деді Бао Шигуйдің жанына дереу жақындап барған Чжаң Цзиюән, - Біздің шығын көп емес деп мөлшерлеймін. Шекараның тұсындағы басқа коммуналардың жайылымдары шеккен зиян бұдан да үлкен болуы мүмкін. Осы жолғы отрядтың үйіріндегі айғырлар, дөнендер, биелер және де тайлар мен құлындардың жартысынан көбі аман қалды. Біздің барлық жылқышылар бәрін салып, аянбай әрекеттенді. Кейбіреулер жараланды, бірақ бірде-бір адам шайқастан қашпады, шепті тастамады. Бұл оңайға түсті ме? Бағымызға Білге-ата мен Үлжінің басқарып орналастыруы, жетекшілігі қапысыз болды. Егер де бес күн бұрын олар дер кезінде бүкіл отрядтың жылқысын мына құмды жерге әкелмегенде, баяғыда-ақ үйірлердің тамтығы да қалмас еді....

- Дұрыс айтады. Егер де Білге мен Үлжі болмағанда, жылқылар сөзсіз шекаралық сызықтан өтіп, шекарадан асып кететін еді. Меніңше, үлкен апаттың өткенін күтсек, бірер жылқы қалмай, біз жылқышылар түрмеге қамалар едік. Сен де мынау мансабыңнан айрылатын едің, - деді Ламжаб.

- Әр жылы құлындардың жартысынан көбісі шығынға ұшырайды. Қазіргі шығын ондай көп емес. Бұдан кейін біз жылқышылар тіпті де сақ жүреміз. Бір жылдан санағанда, әдеттегі жылдағы шығыннан аса көп парықтанбауы мүмкін, - деді Бату.

- Мейлі не айтсаңдар да, қасқырлар осынша көп жылқыны жәркемдеп кетті. Масалар қаншалық пәле болғанмен жылқыны талап өлтіре алады ма? Егер де көкжалдарды ертерек қырып салғанда, осынша ірі шырғалаң туылатын ба еді? Мына бірнеше күнде Биңтуән басшылары фермада жүреді. Егер де олар осыншама қыруар өлген жылқыны көрсе, мені қызметтен алып тастамай тынышталмайды. Бөрілер тобы тым сұрқия екен. Бұдан былай оларды атуды жеделдету керек. Оларды қырып-жоймайынша, адамдар және төрт түлік малға мәңгі тыныштық болмайды! Нағыз үлкен Биңтуән дереу жайылымға кіреді. Сендер қасқырларды жоймасаңдар, мен құрылыс армиясын оларды қырғындауға шақырамын! Биңтуәннің жүк көліктері, джиптері, пулеметтері баршылық! - деп айғайлап бақырды Бао Шигуй.

Бөлек-бөлек шығып, жылқылардың өліктерін жиыстырған малшылардың бет-әлпеті түнерген, асығыс әбігерленуде. Бірнеше жылқышы екі жеңіл ат арбаға қырылған құлындарды салуда. Ал қойшылар отрядқа тасып әкеліп, барша үйлерге үлестіріп жүр. Көкжалдар жінтіктеп тастаған әлгі аттардың өлекселері құмайт жерде тасталды. Дала бөрілері аштық-ашаршылық билеген жаз мезгіліндегі масалардың үлкен апаты кезінде орайын жіберместен өздерін апаттан аман өткізетін азық тауып алды.

Тірі қалған құлындар өлі құлындарды көргенде, шошығаннан аяқтары қалтырады. Осы қанды сабақ оларды келесі апатқа ұшыраған кезде тіпті де сергек, батыл, ұстамды болуға баулыды. Дегенмен, Чен Чженнің жүрегі тосыннан қобалжыды. 

- Келесі жолы, одан соң тағы келесі жолдың кезегі болар ма екен? - деп өз-өзінен күбірлеп сұрады ол.

 

30

494 ж. Вэй патшасы Сяовэн-ди 200 мың ақсүйектер, әкімшілік пен әскери мансаптылардан және сянби тайпасының (ежелгі моңғол тайпаларының бірі) жауынгерлерінен құралған 200 мың әскерге басшылық етіп, астананы Пиңчэң қаласынан Лояң шаһарына көшірді. Бұлармен бірге көшкен бала-шағалары мен құлдарының жалпы саны 1 млн. адамға жетпейді.

Суй, Таң патшалықтары кезеңінде Хуаңхэ өзенінің алабын мекендеген қытайлар іс жүзінде 16 патшалық дәуірінен (IV-V ғғ.) бері солтүстік пен солтүстік-батыстағы көптеген мешеу халықтар мен қытайлардың бірігіп тоғысуынан қалыптасты. 

Фән Вэнлән. «Қытайдың жалпы тарихының қысқаша жинағы», 2-том

 

«Чжуцзы юлэй» кітабының «Бұрынғы дәуірлер» атты 116-бөлімінің 3-түрінде былай көрсетілген: «Таң әулетінің пайда болуы және дамуы бұратана варварлардан туылған. Сарайдың әйелдер бөлігінің босағасында жасалған әдепсіздік істерден жат болып саналмады».

Чэн Инкэ. «Таң дәуірінің саяси тарихын баяндау және талқылау қолжазбасы».

 

Бір реткі суық күздің жаңбыры кенеттен Ішкі Моңғолия үстіртінің қысқа жаз мезгілін аяқтатты, сондай-ақ байтақ даладағы қанқұйлы масаларды да үсітіп жіберді. Қиялға шомған Чен Чжен жым-жырт Олұн сахарасына қарап тұр. Ол масалар мен бөрілердің осынша аласұруының себебін түсінді: иен даланың жазы қысқа, ал күз мезгілі тіпті де қысқа. Күз өткен соң ұзақтығы жарты жылға созылатын қыс басталады. Бұл – сахарада қысқы ұйқыға кетпейтін әлгі жануарлардың өлім маусымы. Тіпті суырлардың індеріне тығылған масалардың басым бөлігі тоңып өледі. Даланың қасқырлары тұла-бойының іш майы және жүні қалың болмаса, қыстан мүлдем аман шыға алмайды. Сахараның қақаған қысы арық, кәрі-құртаң, ауру және жаралы көкжалдардың басым бөлігін жойып отырады. Сондықтан масалар осы қысқа мерзімді мықты ұстап, жанталаса қан сорады, өзінің қысқа ғұмырын мүмкіндігінше сақтау үшін өршелене шабуыл жасайды. Ал бөрілер тобы қыстан аман-есен шығу және де келесі жылдың көктемгі қағыршылықтан өту үшін тіпті де қанды қырғыннан аянбайды, яғни өмірін қорғау үшін тіпті де азық жинайды.

Чен Чженнің қосына бөлінген бір өлі құлыншақтың әлдеқашан сасыған екі алдыңғы сирағы және ішек-қарны ғана қалған-ды. Бөлтірік тағы да азық-түлік молшылығы һәм тоқшылықпен толы жақсы күндерді басынан кешті. Оның үстіне, қалған ет оның әлі бірнеше күн жеуіне жеткілікті еді. Бөлтірік өз мұрнымен өзіне үйде әлі де мол азық-түлік қорының сақталғанын мәлімдеп тұрғандай. Сондықтан бұл күндері ол өте көңілді жүрді. Бөлтірік қаны тамған жас етті ұнатады, бірақ сасыған етті де жеуді жақсы көреді. Тіпті құрттаған еттің құрттарын да сүйсініп қылғытады.  

- Бөлтірік біздің отаудағы қоқыс пен жуынды тастайтын жәшікке айналатын болды. Бізден асып-артылған жуындының басым бөлігі оның қарнына түсуде, - деді Гао Цзянчжуң.

Қаншама сасық, шіріген, ластанған тамақтың жуындысын жеген бөлтіріктің құрсағы ешбір ауырмайтыны, оның өзі де сырқаттанбайтыны Чен Чженді ең қайран қалдыратын еді. Чен Чжен мен Яң Кэ оның суыққа, ыстыққа, аштыққа, шөлдеуге, сасыққа, ластыққа және бактерияларға төзу қабілетіне айрықша сүйсінді. Ғасырлар бойы рақымсыз қоршаған ортада сұрыпталған жануарлардың бұл түрі шынымен де адамды таңдандырады. Өкініштісі, Ч.Дарвин ешқашан Моңғолияның Олұн даласына келмеген. Әйтпесе, байтақ даланың қасқырлары оның басын біржолата айналдырып, ғылыми жұмысына тағы бір тың тарау қосқызатын еді.

Бөлтірік ұзарған сайын үлкейді, есейген сайын айбарланды, әдеміленді. Нағыз көрім сахара көкжалы болып есейді. Чен Чжен оның шынжырын бұдан да ұзын темір шынжырға ауыстырды. Ол сондай-ақ бөлтіріктің атын ауыстырғысы келді. Оны «Арлан» деп атады. Алайда, бөлтірік тек «Бөлтірік» деген есімді ғана қабылдады. Чен Чженнің оны «Бөлтірік» деп шақырғанын ести сала қуана-қуана арсалаңдап жүгіріп келіп, мейірімін төгіп, қолын жалап, тізесінің арасына кіріп, бауырына тығылады. Сондай-ақ ол жерге жата қалып, аяқтарын жан-жаққа жіберіп, өз құрсағын жалаңаштап, Чен Чженге қасытатын. Алайда, оны «Арлан» деп шақырса, ол елеп-ескермеді, тіпті жан-жағына жалтақтап қарап, басқаны шақырып жатыр деп есептеді.

- Сен нағыз ақымақ бөрі екенсің. Келешекте қартайғанда мен сені «Бөлтірік» деп шақыруым керек пе? - деп күлді Чен Чжен.

Бөлтірік тілін жартылай шығарған халде ыржыңдады.

Чен Чжен оның денесінің әрбір мүшесін қызыға тамашалады. Соңғы кезде ол әсіресе бөлтіріктің құлағымен ойнауды шығарды. Оқтай тіп-тік, шымыр, ақаусыз, жетілген және сезімтал да сергек бұл тікірейген құлақтар бөлтіріктің денесіндегі ең ерте өсіп-жетілетін мүшесі болып табылады. Бұл күндері оның құлақтары толығымен ересек қасқырдың құлағына ұқсапты. Бөлтірік те осы себептен барған сайын көкжалдың тума қасиетіне ие болғаны үшін марсиятын болыпты. Чен Чжен бөлтірік шеңберінің ішіне малдас құрып отырып, онымен ойнаған уақытта негізінен оның құлақтарын сипайтын. Алайда, бөлтірік бөрілер әлемінен әкелген бір алғышарты бар сияқты: алдымен өзінің құлағының түбін, мойнын, тіпті бүкіл тұла-бойының қышыған жерлерінің бәрін діріл қаққанша қасытқаннан кейін ғана Чен Чженге құлағымен ойнатуға келіседі. Чен Чжен оның құлағын артқа бүгіп ойнағанды ұнатады. Сосын қолдарын бір босатқанда әлгі артқа бүгілген құлақ серпіліп, бұрынғы қалпына қайта тікірейіп тұрады. Егер екі құлақты да артқа қарай бүктеп, сосын бір уақытта қоя берсе, екеуі бірдей тікіреймейді. Алдымен «пух» етіп біреуі, кейіннен екіншісі өз қалпына келеді. Кей кезде қатырлап шыққан сол дыбыстан шошыған бөлтірік әлдеқандай жаулардың сыбысын есіткендей мелшиіп қалады.

Эрлаң төбетті есептемегенде, осы сұсты қос құлаққа үйдегі барша иттер ерекше қызығатын, қызғанатын, тіпті дұшпандай көріп өшігетін. Иттер мен қасқырлардың құлақтарының шеміршегінде де «қайрат-жігердің» құрамы бар-жоғын Чен Чжен білмейді. Иттердің ата-бабасының құлақтары да көкжалдардың құлақтары сияқты қайыспайтын болған. Кейіннен адамзат оларды қолға үйретіп, жуасытқаннан соң, олардың құлақтары салпиып-салбырап, құлағының жартысы құлақтың жарғағын көлегейлеп жабуы, сондықтан есіту қабілеті бөрілердікі сияқты сезімтал болмауы әбден мүмкін. Ежелгі замандағы адамзат иттердің жыртқыштығын жақтырмауы, сондықтан олардың құлақтарын үнемі бұраған болуы мүмкін. Оның үстіне, адамдар «құлағынан тартып, бетіне айту», яғни құлаққа құйып, көкейге қондыру әдісін қолданса керек. Уақыттың бірте-бірте өтуімен иттердің құлақтары адамдардың бұрауынан жұмсарды. Есіту сүйекшелері бір жұмсарғаннан соң, иттердің «қайрат-жігері» де ғайып болды. Олар ең ақырында адамзаттың алдында құрдай жорғалап, айтқанына көнген құлақкесті малайларына айналған. Моңғол жылқышылары асау аттарды үйреткенде ең алдымен олардың құлағын бұрайды. Жылқының басын тұқыртып, имендіргеннен кейін ғана оның жотасына ертоқым салады, үстіне мінеді. Қытайлық жер иеленушілердің әйелдері де жас малай қыздардың құлағын бұрауды жақсы көреді. Адамдар құлақты бұрау арқылы құлдар мен малайлардың тиесілі орнын белгілейді.

Бөлтіріктің құлақтары Чен Чженге құлақ пен деңгей-мәртебенің өзара тығыз байланысқанын айқындауға мүмкіндік берді. Мысалы, күшті ұлттар жалпы ынжық та жасқаншақ ұлттың құлағын бұрауға құштар. Ал аса мықты болмаған ұлт әлсіз ұсақ ұлттың құлағын бұрайды. Көшпенді халықтар «өгізді құлағынан жетелеу» (тізгінді қолында ұстау) әдісін қолданып, жабайы өгіз, жабайы жылқы, жабайы қой және жабайы иттердің құлағынан жетелеп, оларды құл мен малайға айналдырды. Кейін келе аса қуатты көшпелі халықтар бұл сәтті тәжірибені өзге ұлыстар мен ұлттарға қолданып, бағындырылған елдердің құлағын бұрады. Үстемдік пен билікті иемденген топтар билеп-төстеген халықты құлағынан жетеледі. Сондықтан адамзат әлемінде «бақташы» мен «қойлар» арасындағы қарым-қатынастар пайда болды. «Үш патшалық» дәуірінің (220-280 жж.) қуатты әскери қолбасшыларының бірі, Шу патшалығының негізін қалаған Лю Бэй «Сучжоудың бақташысы», ал бұқара халық «Сучжоу қойлары» болды. Жаһанда ең ертеде билеуші топтар тарапынан құлақтары бұралған адамдар тобы - егінші халықтар. Қазіргі уақытқа дейін «өгізді құлағынан жетелеу» амалы бұрынғыдай көптеген адамдар мен топтардың құлшына ұмтылған мақсаты болып отыр. «Өгізді құлағынан сүйреу, жетелеу» сөзі қытай ұлтының сөздіктерінде әлі де сақтаулы. Бұл – қытайлардың көшпелі ата-бабалары ұрпақтарына қалдырған мұрасы. Әйтсе де, Солтүстік Суң патшалығынан (960-1127 жж.) кейін керісінше өзге жұрттар қытайлардың құлағын үздіксіз бұрап, «құлағынан тартып» сүйреп келді. Бүгінгі күнде бұл сөз әлі бар. Оның түпкі мағынасы әлдеқашан жойылған. Қазіргі замандағы ұлттар басқа ұлттарды бағындыруы және езуі керек емес. Дегенмен, «өгізді құлағынан бұрап жетелейтін» мықты бағындыру рухы болмаса, өзінің «құлақтарын» қорғау мүмкін болмайды.

Бұл күндері барған сайын дамылсыз топырлаған Биңтуәннің әскери джип машиналарының шаңдатып келетінін жиі көрген Чен Чжен мұңға батты. Ол - Ішкі Моңғолияның шекаралық жайылымында өмір сүріп, байырғы көшпелі мал шаруашылығын зерттеген һәм өз көзімен көрген қытай ұлтының ең алғашқы және де ең соңғы өкілі болуы мүмкін. Ол жалт етіп, ат үсті келіп-кететін тілші және халық жырларын жинақтаушы емес. Оның ең мақтаныш тұтатын бір атағы бар – сахараның байырғы көшпенділерінің қойшысы. Ол сондай-ақ ең шаттануға жарайтын бір зерттеу объектісіне ие – иен даланың түкпірінде жасырынған, қыруар қасқырлары сақталған Олұн жайылымы. Ол тағы өз қолымен апаннан шығарып алған бір бөлтірікті асырап отыр. Ол өз көзімен көргенін және ойына түйгенін кеуілінің түбінде терең сақтады, тіпті әрбір ұсақ жай-жапсардың бәрін есінен қалт шығармады. Болашақта ол соның бәрін бір-бірлеп достарына және отбасы мүшелеріне әңгімелейтін болады, тіпті өзі бұл дүниеден кеткенге дейін жадында берік сақтайды. Байтақ даланың байырғы да ежелгі көшпелі тұрмысы тез арада аяқталмақшы. Қытайлар бұдан кейін ешқашан көшпенділердің бастапқы тұрмыс ортасын қалпына келтірмейді, олардың бабаларының молаларын көрсетпейді....

Чен Чжен бөлтіріктің құлағын ұзақ сипап отыр. Ол осы қос құлақты жақсы көреді. Өйткені бөлтіріктің құлақтары осы бірнеше жылдан бері өзі көрген жалғыз ғана мінсіз де бүтін көкжал құлақтары болып табылады. Екі жылдан бері ол жақын қашықтықтан көрген тірі, өлі, терісі сыдырылған бөрілердің немесе ағашқа асылған олардың терілеріндегі құлақтардың бәрі түгелдей сау жері қалмаған, кілең зақымдалған еді. Кейбірі бұрғылап тесілген пошта маркаларына ұқсайды, кейбір құлақтардың ұштары жоқ. Кейбірі парша-паршасы шығып жыртылған, кейбіреуі екі немесе үш бөлікке тілімделген. Кейбіреуінің екі құлағының біреуі ұзын, біреуі қысқа, ал кейбірі түбірінен шорт шауып тасталған. Кәрі де жойқын қасқырдың құлақтары барған сайын «ұсқынсыз» көрінеді екен. Оқтай тіп-түзу және бүтін болған, түктеріне зақым келмеген үлгілі қос құлақты кездестіргені расында Чен Чженнің жадында жоқ. Ол кенеттен рақымсыз сахарада зақымдалған көкжалдардың құлақтары ғана «стандартты құлақтар» бола алатынын аңғарды.

Онда, бөлтіріктің осы зақымданбаған қос құлағы стандартқа сәйкес болмағаны ма? Чен Чженнің жүрегінде сәл мұң пайда болды. Ол да кенеттен бөлтіріктің «бүтін де сау» құлақтары оның нақ ең үлкен кемшілігі болғанын түсінді. Бөрілер – иен даланың жауынгерлері. Олардың еркін де қажырлы ғұмыры қатыгез айғырлармен, дүлей тазы төбеттермен, сырттан келген қанқұйлы қасқырлармен және жауыз аңшылармен өлім мен өмір үшін арпалыста шыңдалып келген. Айқастарда ешбір шыңдалмаған, жалтыр да ақаусыз екі құлағын кербездікпен күтінген, паңданып кердеңдеп өмір сүрген арланды көкжал деп санауға болады ма? Чен Чжен өзінің рақымсыздығын сезінді: дала бөрілерінің қаһарман өмірінен бөлтірікті маһрұм етіп, оны қасқырдың құлақтары бар, бірақ көкжалдың өмірі жоқ, яғни аты бар, заты жоқ кәріп күйге салды, иттен де нашар тұтқынға айналдырды.

Бөлтірікті үн-түнсіз еркіне жіберсем бе екен? Қатыгез де еркін сахарадағы нағыз бөрілердің өміріне қайтарсақ қайтеді? Алайда, Чен Чженнің бұған батылы жетпеді. Ол тістеуікпен бөлтіріктің төрт азу тісінің өткір ұштарын қыршып тастағаннан бері байғұс жануар сахарада еркін өмір кешетін қаруынан айрылды. Бөлтіріктің біз сияқты өткір бастапқы төрт тісі бүгінгі күнде мұқалған төрт қысқа да жуан түбірге айналыпты. Тік тұрғызылған төрт үрме бұршаққа ұқсайды. Тіпті иттердің азу тістеріне де жетпейді. Чен Чженді тіпті де қынжылтқаны: өз уақытында тістерді жұлған сәтте асқан сақтық танытып, тістердің ұштарын қыршыған кезде тістің түбін тікелей зақымдамағанмен, оның қолындағы тістеуік сонда да бір тісіне кішкене жарықшақ түсіріпті. Сол жіңішке жарықшақ тістің түбіндегі пульпа арнасына жетіпті. Кейіннен көп өтпей-ақ, Чен Чжен бөлтіріктің осы тісі толығымен асқынып, түсі қарайғанын және кәрі қасқырдың ауру тісіне ұқсағанын байқады. Кейін келе, ол әлгі қара тісті әр көрген кезде, ішінен бір түйілетін болды. Бұл ауру тіс бір жылға жетпей-ақ түсіп қалуы мүмкін. Азу тістер – сахара көкжалдарының жан тамыры, сүйеніші һәм тірегі. Егер де бөлтіріктің тек үш доғал тісі қалса, аң аулауды айтпай-ақ қояйық, тамақты жеуінің өзі де қиынға соғады.

Уақыттың өтуіне қарай, Чен Чжен әуелгіде өзінің ағаттықпен жасаған әлгі шешімінің  ауыр салдарын торығып анық көрді - ол болашақта да бөлтірікті иен далаға жібере алмайды. Оның сондай-ақ сахараның шалғай түкпіріне барып, «бөлтірік» досын көріп тұруы да мүмкін емес. Чен Чжен бұл романтикалық қиялды өзінің сол бір рақымсыз кішкене операциямен түбегейлі жойып тастады. Сонымен қатар, мынадай таңдаулы да сүйкімді бір бөлтіріктің бостандығы құрбандыққа шалынды. Оның үстіне, ұзақ мерзім бойы шынжырға матаулы бөлтірікте байтақ далада соғысудың азғантай тәжірибесі де жоқ. Олұн сахарасының бөрілер тобы оны «сырттан келген келімсек» ретінде есептеп, аяусыз талап өлтіруі мүмкін. Бір айдың алдында құртқалар бөлтірікті шақырып ұлыған түні оны еркіне жіберуге қимағанына Чен Чжен айрықша өкінді және өз-өзін сөкті. Ол өзінің лайықты және саналы ғылыми зерттеуші еместігін сезінді. Бос қиялдар мен эмоциялар сезімі оны «ғылыми зерттеуден» жиіркендірді. Бөлтірік медициналық мақсаттағы тәжірибе үшін жарып-тілуге арналған жануар емес, қайта оның досы және ұстазы болып табылады.        

Даланың адамдары Ішкі Моңғолия Өндірістік-құрылыс корпусының (Биңтуәннің) ресми келуін елегізіп тыным таппай, алаңдаушылықпен күтуде. Білге-ата, Үлжі және моңғол қариялар бірлесіп жазған хаты кәдеге жарады: Биңтуәннің ұйғарымымен Олұн даласы бұрынғыдай мал шаруашылығын негіз етіп, Орұнбалығ жайылымындағы ферма бұдан былай мал шаруашылығы полкі болып өзгеріп, негізінен мал шаруашылығымен шұғылданады, қосымша егін шаруашылығымен айналысатын болады. Ал басқа фермалар мен коммуналардың басым бөлігі егін шаруашылығы полктеріне айналдырылады екен. Осылайша, Моңғолия даласының ең атақты өнімі есептелетін «үрүмчин» соғыс тұлпарларын өндіретін орын – Хулун өзенінің алабы - келешекте кең көлемді егіншілік алаңына айналатын болды. Жайылымның кішкене ғана бөлігі жартылай мал шаруашылығымен, жартылай егін шаруашылығымен шұғылданатын полк болып өзгерді.       

Биңтуәннің орасан зор жоспары ежелгі Олұн сахарасына әлдеқашан таралды. Негізгі ой желісі: «иен далада мыңдаған жылдар бойы созылған байырғы мешеу көшпелі мал шаруашылығының өндіріс тәсілін барынша шапшаң аяқтап, қыруар елді мекендерді құру». Биңтуән зор мөлшерде қаржы, құрал-жабдықтар және құрылыс отрядтарын әкеліп, малшыларға кірпіш үйлер һәм цемент пен тастардан мықты қоралар салмақшы, механикалы құдықтар қазбақшы, тас жолдарын төсемекші, мектептер, емханалар, пошта, салтанат сарайларын, дүкендер, кинотеатр және басқа да объектілерді салмақшы. Сонымен қатар, тиісті тың жерлерді игермекші, көкөніс пен астық, жем-шөп пен көктат екпекші. Механикаландырылған шөп ору, тасымалдау бригадалары және трактор бекеттері құрылмақшы. Қасқырлар, ауру-сырқаттар, құрт-жәндіктер және тышқандар апаттарын түбегейлі жоймақшы. Қар, қуаңшылық, боран, өрт, масалар және басқа да табиғи апаттарға қарсы тұру қуатын барынша күшейту керек. Биңтуән ғасырлар бойы нашар да жапалы шарт-жағдайда өмір сүрген малшыларды алаңсыз һәм бақытты отырықшы тұрмысқа біртіндеп кенелдірмекші.

Бүкіл ферманың зиялы жастары, жас малшылары, сондай-ақ әйелдер мен балалардың көпшілігі Биңтуәннің келуін күтуде, оның басшы кадрлары және Бао Шигуй суреттеген көркем келешектің тезірек жүзеге асуын асыға көксеуде. Алайда, қарт малшылар және орта жастағы малшылар керісінше үн қатпайды. Чен Чжен бұны Білге-атаға барып сұрады.

- Малшылар баяғыдан бері балалардың мектепте оқуын армандайды. Дәрігерге көріну үшін өгіз арба, ат арбамен хошундар (аудандар) мен аймақтардың (облыстар) емханаларына тасымалдаудың қажеті болмайды. Олұн даласында аурухананың жоқтығынан қаншама науқастар мезгілінен бұрын қайтыс болған. Алайда, сахара не болмақ? Иен дала аса нәзік ғой. Қазіргі жайылымдардың өнімділігі, малдардың сыйымдылығы тым шектен шыққан. Өрістер аз, малдың саны сыймай барады. Байтақ дала ағаш дөңгелекті өгіз арбаға ұқсайды. Ол саны шектелген санаулы адамдар мен жануарларды әрең сүйреп барады. Егер де одан көп әлгі адамдар мен машина-техниканы үстіне тағы артса, онда арба аударылады. Яғни, дала ойрандалады. Жайылымдар жойылса, сендер қытайлар атақоныстарыңа қайтарсыңдар. Ал малшылар қайтпек? - деді Білге-ата күрсініп.

          Чен Чженнің ең алаңдайтыны: сахара көкжалдарына не болмақ? Егіншілік өңірдің тұрғындары келе сала аққуларды, жабайы қаздар мен үйректерді өлтіріп, етін жеді. Тірі қалғандары ұшып кетті. Ал бөрілер жыл құстары емес. Ұрпақтан ұрпаққа Олұн даласында өмір сүрген олар түгелдей қырып-жойылар ма екен? Әлде шекараның ар жағына қуылып, туған жерінен шеттетіледі ме екен? Сыртқы Моңғолияның ауа райы айрықша суық, шөбі тақыр, тұрғындары мен төрт түлік малы сирек. Ондағы жұтаған қасқырлар Олұнның тоқ көкжалдарынан тіпті де жыртқыш болып табылады. Олар ол жаққа барса, бөрілер нәсілінің арасында жәбір көрген «келімсектерге» айналады. Чен Чжен қасқырлардың ақырзаманын бұнша тез көретінін ешбір ойламаған. Ал оның көкжалдар тобын тексеруі және зерттеуі енді ғана басталып еді....

          Уақыт кешқұрым болайын деді. Яң Кэ ауылға үш шақырым қалған жерге қойларды айдап келді. Ол өз киіз үйін нысанаға алып, қойларды жайып, өзі сусын ішу үшін үйге қайтты. Жайылым ауыстырып, күзеуге көшетін уақыт тақады. Сондықтан қойларға ауылдың жанында енді ғана өсіп шыққан майса шөпті жеуге болады.

          Яң Кэ екі кесе суық шайды сіміріп ішті. 

          - Биңтуәннің мұнша тез келетінін кім білген? Бейбіт кезеңде тұрмыстың әскерилендірілгенін ең жек көремін. Хэйлуңцзяң өлкесінің Өндірістік-құрылыс биңтуәнінен әрең құтылғанда, Ішкі Моңғолия Биңтуәні қаптап келетіні ойымызға кірмепті ғой. Олұн даласына бұдан кейін не болатынын, қандай күн кешетінін білмеймін. Менің жүрегімде ешбір сүйенерлік негіз қалмады. Біз шынымен де байтақ даланың бөрілері жөніндегі біраз істерді тезірек біліп түсінуіміз керек...., - деді ол Чен Чженге.

Екеуі әңгімелесіп тұрғанда бір тұлпар өгіз арбаның жолын бойлап шауып келді. Аттың артында 100 метрге жуық қашықтыққа будақтап созылған сары шаң көтерілді. Чен Чжен мен Яң Кэ бір көргеннен-ақ Чжаң Цзиюәннің кезек алмастырып, демалу үшін үйге қайтқанын білді. Ол толығымен түздегі нағыз жылқышыға ұқсапты. Жүйрік аттар көп, соларға мініп желіккен. Ол жылқылардың күшін аямайды, өзінің сол арындаған тебінін ешбір жасырмайды.

- Ей, қараңдар. Ол біраз үйдің моңғол қыздарын өзіне баурайтын халге жетіпті ғой. Сол жанары жас биенің оны қуалағанына ұқсайды, - деп мысқылдап күлді Гао Цзянчжуң.

Чжаң Цзиюән аттан секіріп түсті.

- Тез, тезірек келіп қараңдаршы сендерге не әкелгенімді, - деді ол.   

Ол ертоқымның үстінен бір томпайған үлкен кенеп дорбаны шешіп алды. Оның ішінде тірі жануар бар сияқты – бірнеше рет қозғалып қалды. Яң Кэ дорбаны алып, сыртынан сипап көрді.

- Сен де бір бөлтірікті ұстағанбысың? Біздің үйдегі бөлтірікпен жұптастырмақпысың? - деп сұрады Яң Кэ күліп.

- Қазіргі бөлтіріктер қайдан осынша кішкене болсын. Сен жақсылап көрсеңші. Абайла, ол қашып кетпесін, - деді Чжаң Цзиюән.

Яң Кэ ерекше сақтықпен дорбаның бір шетін ағытты. Алдымен ішіндегі қос ұзын құлақ көрінді. Ол қолын созып, ішіндегі тыпырлаған нәрсені алып шығарды. Сахараның ірі жабайы қояны Яң Кэнің қолында бей-берекет тыпырлап бұраңдауда. Сарғыш жүннен және қара түктерінен құралған күзгі киімі жылтырап тұр. Бой-тұрқы үлкен үй мысықпен шамалас. Салмағы шамамен 2,5-3 килограмм.

- Бүгін кешке бұқтырылған қоян етінің қуырдағын жейік. Қойдың етін жеп-жеп, әбден жалығып кеттік ғой, - деді Чжаң Цзиюән бір жағынан тұлпарын байлап, бір жағынан сөйлеп.

Осыны сөйлеп жатқанда, жеті-сегіз адым алыстағы бөлтіріктің кенеттен тағылығы тасып, жабайы қоянға қарай тұтқиылдан атылып барды. Егер темір шынжырға байланбағанда, ол ірі қоянды сөзсіз іліп әкететін еді. Темір шынжыр тарапынан әуеде тартылып, жерге омақасынан құлаған бөлтірік бір аунап шапшаң орнынан тұра қалды. Ол алдыңғы екі аяғын аспанға көтерді. Қарғыбаудың кергенінен тілі жартылай салақтап, екі көзі шарасынан шыға жаздады. Кектенген жанарынан рақымсыздық есуде. Қоянды бірден тірідей қылғыта алмағанына ашуланғандай.

Үйдегі иттердің бәрі бұндай құйғытып жүгіретін айрықша жүйрік, қолға оңай түспейтін жануарды әбден біледі. Иттер жабайы қоянды қоршалап, қызыға иіскеп тұр, бірақ ешкім де бас салуға батылы бармады.

Яң Кэ бөлтіріктің ашкөз бейнесін көріп, қоянды оған қаратқан халде бірнеше адым жақындады. Қолдағы қоян бөлтіріктің алдында теңселіп тұр. Алдыңғы аяқтары қоянның сирағына тиген бөлтірік лезде нағыз жабайы қасқырға айналды, тілі үздіксіз ернінің сыртқы ернеуін жалаған, көздері қанталап, кескіні қанталаған қатыгез бейнеге енді. Улы инелердей көрінген қос қара көзінің қарашықтары көрінбес оқтарды шашыратуда. Біртүрлі үрейлі көрінеді. Тірі қоян Яң Кэге қарай қайта теңселген кезде, бөлтірік барша адамдар мен иттерге ызбарланып қарады. Әпсәтте адамдар мен көкжалдардың арасында шекара айқындала қалды. Бірнеше айдағы достық пен сезім зым-зия жоғалды. Бөлтіріктің назарында Чен Чжен, Яң Кэ және өзін ең аялайтын Эрлаң лезде түгелдей оның қас дұшпанына айналды.

Шошып қалған Яң Кэ еріксіз үш қадам артқа шегінді.

- Менің бір ұсынысым бар. Бөлтірік осынша үлкен болса да, әлі де тірі жануарды өзі өлтіріп жемепті. Біз оның аздап болса да тағылық қасиетін қанағаттандырайық. Мен қоянның етінен пісірілген қуырдақтан бас тартуды, қоянды бөлтірікке сыйға беруді жариялаймын. Бүгін бөрінің жабайы қоянды алқымдап жегенін көрейік. Оның нақты қанқұмарлығын жақыннан тамашалауға болады, - деді көңілі орныққан Яң Кэ.

Айрықша қуанған Чен Чжен дереу құптағанын білдірді:

- Қоянның еті дәмді емес. Қылқұйрық бұлдырық құсымен бірге пісірсе ғана болады. Осы жаз бойы бөлтірік түнгі күзетте бізге көмектесті. Қасқырлар бір қойды да әкетпеді. Оны марапаттау керек.

- Бөлтірік түнде қойларды күзетіп ғана қоймады, сондай-ақ менің бұзауымды да түнде күзетті. Мен құптаймын, - деді Гао Цзянчжуң басын изеп.

- Онда жарайды. Мен де біздің бөлтірікте жыртқыштықтың бар-жоғын көргім келеді, - деді зорлана Чжаң Цзиюән сілекейін жұтып.

Төрт жігіт лезде серпіліп қалды. Адамзаттың жан дүниесінің түкпірінде жасырынған жыртқыштық, ежелгі Рим Колизейіндегі жабайы да қанды қатыгездікті ұнату тиімді де нанымды желеумен бөгетсіз көрініс берді. Жауыз көкжалдар, бүркіттер, түлкілер, қарсақтар, тазылар және басқа да табиғи жан алғыш қанішерлердің қоршап жоюы, қуып жетіп қырғындауы арасында машақатпен күнін өткізіп, ойнақтап секеңдеген бір жабайы қоян осылайша төрт бейжіңдік зиялы жастың жеңіл шешімі арқасында қыршын кетті. Бір көрімі, қояндар жайылымды бүлдіретін жаман атаққа ие. Сондай-ақ олардың індері үнемі жылқышылардың сүрініп мерт болуына себепші болады. Әділдік пен ар-ұждан тұрғысынан оны өлім жазасына кесу ешқандай салмақ салмайды. Төртеуі қанды күрестің ережелерін ақылдаса бастады.

Иен далада ешбір кедергі мен тосқауыл жоқ, пайдалануға болатын Колизей жоқ. Бәрі де бөрінің қоянды қуып жету көрінісін көре алмайтынына өкінді. Ең ақырында төртеуі қоянның алдыңғы және артқы аяқтарын бөлек-бөлек байлап, оның секіруіне мұрша беруді, бірақ қашып құтыла алмайтындай етуді ұйғарды.

Әлбетте, осы бір қатал тіршілік ортасының талай сынақтары мен хикметін бастан өткізген ересек қоян еді. Яң Кэ оның аяқтарын матаған уақытта, бұл мықты да күшті жануар тосыннан аяусыз бір теуіп жіберді. Ін қазып шыңдалған қоян күректей өткір тырнақтар өсіріп алған-ды. Сол тырнақтар Яң Кэнің қолының сырт жағындағы терісінде бірнеше терең қанды жолақ қалдырды. Ауырғаннан Яң Кэ аузын ашып, мелшиіп қалды.

- Жұрт ашуланған қоянның адамды да тістейтінін айтушы еді. Мынаның шынымен де аяқпен тебетіні ойыма кірмепті. Өте жанкешті екен. Ерте қуанбай-ақ ғой. Біраздан соң бөлтірікке теріңді сыдыртамын! - деді ол.

Чен Чжен асығыс үйге жүгіріп кіріп, Юннән өлкесінде жасап шығарылған қанды тоқтататын ақ ұнтақ дәріні және орағыш дәкіні алып, оның жарасына жағып, таңып қойды.

Төртеуі бірге әрекеттеніп, көп күш жұмсап, қоянның аяғын мықтап байлады. Қоян жердің үстінде тырп етпей жатыр, бірақ екі көзінен сұрқия әккіліктің нұры шашырауда.  

- Қараңдар, мынау бір кәрі қоян екен, - деді қоянның жырық аузын ашып, тістеріне көз жіберген Чжаң Цзиюән, - Тістердің бәрі сарғайыпты. «Адам қартайса – жымысқы айлакер, жылқы қартайса – сүріншек, қоян қартайса – бүркітке оңай берілмес» деуші еді арбалардың иелері. Кәрі қояндар мықты болады-ей. Бөлтірік жөндеп айқаспаса, үлкен зиян шегуі мүмкін.

- Әй, қоян қартайса бүркітке оңай берілмес деп неге айтқан екен? - деп сұрады Чен Чжен Чжаң Цзиюәнға бұрылып.

- Бүркіт қоянды ұстағанда әуелі аспаннан шүйіліп түсіп, сол жақ аяғымен қоянның құйрығын бүріп алады. Жаны шырқыраған қоян жалт бұрылып, денесін көлденең қоюы мүмкін. Бүркіт екінші аяғымен ыңғайлап отырып, қоянның жотасын бүреді. Осылайша қоян қаша алмайтын болады. Бүркіт олжасын нық тұтқаннан соң, аспанға көтеріліп, тырнақтарын босатып жібереді һәм қоянды жерге тастап өлтіреді. Содан соң ғана ол қоянды таудың басына әкетіп жейді. Алайда, кәрі қояндар бүркіттің уысына оңайлықпен түспейді. Бүркіт кәрі қоянның құйрығын тұтса, қанша ауырса да ол артына бұрылмайды. Сосын қоян басын бәйгеге тігіп, ең жақын жердегі биік шөп пен жыңғылдың арасына өршелене жүгіреді. Мен бір кәрі қоянның бүркітті алжастырып, қалың жыңғылдың ішіне бұлғалақтамай бірге кіргенін өз көзіммен көргенмін. Жыңғылдың жыпырлаған талшыбықтары мыңдаған қамшыдай бір уақытта қадалып, бүркіттің мамығы мен қауырсындарын суырады. Есінен талған құс тырнақтарын босатып, қоянды еркіне жіберуге мәжбүр болады. Салындысы қолдан кетіп, сүлкіні түскен әлгі бүркіт құдды күресте жүні жығылған қораздай сүмірейіп, қалың шөптің арасынан әрең шығып, ұшып кетеді...., - деді Чжаң Цзиюән.

Бұны тыңдаған Яң Кэ мелшиген халде ежірейіп қарап қалды.

- Біз ойланып істейік, - деді ол.

- Әлде де қоянды бөлтірікке таста. Біреуі әккі үлкен қоян, біреуі бұғанасы қатпаған, тістері толық емес балауса бөлтірік. Біреуінің аяқтары матаулы, біреуі темір шынжырмен байлаулы. Бұл айқасуды әділ деп санауға болады, - деді Чен Чжен.

- Бәріміз «Спартак» романын оқыдық ғой. Римдегі сайыс алаңының ережесіне сәйкес, егер кәрі қоян жеңсе, оған еркіндік беру керек, - деді Яң Кэ.

- Жарайды! - десті қалған үшеуі.

- Кім саған соншама көп індер қазуды, осынша қыруар шөп жамылғысын бұзуды бұйырды. Енді айып етпе, - деп Яң Кэ өз-өзінен күбірледі қоянға. Сосын ол бөлтірікке қарап дауыстады: «Бөлтірік, бөлтірік, тамағың дайын!». Осыны сөйлеп болып, бір қолымен сермеп қоянды бөлтірік шарбағының ішіне лақтырды. Қоян жерге құлай сала екінші бүйіріне аунап, беталды секіре бастады. Бөлтірік атылып барып, қай жерінен тістеуді білмей дағдарды. Ол алдыңғы аяғымен кенеттен қоянды бір тарпыды. Қоян бірден жерге жығылып, құты қашқандай дөңбекшіп жиырылды. Кеудесінің бірде көтерілуі, бірде төмендеуі жиіленді, тұла-бойы дірілдеп-қалтырады. Алайда, бадырайған қос үлкен көздері төтенше сабырлы түрде бөлтіріктің әрбір әрекетін бағып тұр. Бұл қоян қасқырдың, бүркіттің уысынан қаншама рет қашып құтылғаны көрініп тұр.

Қоян дірілдеудің тасасында денесін жиыруды жалғастырды. Жиырылған сайын денесі шымырланып, ең ақырында айрықша дәрежедегі жарылыс күшіне ие «түйілген жұдырыққа» айналды. Бұдан соң ол өткір тырнақтарын жиырды. Жеңнің ішіндегі жасырын қаруға ұқсаған тырнақтардың өткір жүзінің орны реттелді.   

Бөлтіріктің ірі семіз тышқанды жеген тәжірибесі бар. Жабайы қоянды көргенде оны тіпті де үлкен бір дала тышқаны деп санады. Ашкөздіктен оның аузынан сілекейі тамшылап шұбырды. Ол жақындап барып олжасын иіскеледі. Қоян әлі де дірілдеуде. Бөлтірік алдыңғы аяғын созып, тышқанды қозғады. Оны бесбармақ ет секілді «жуас» олжа деп ойлады. Ол әрі қозғап, бері иіскелеп, ауыз салатын жерді іздеді.

Кенет қоян дірілдеуін тоқтатты. Осы сәтте бөлтіріктің басы қоянның артқы сирақтары жатқан жаққа ауысқан еді. «Жаман болды!» Төрт жігіт бір уақытта қатар дауыстады, бірақ бөлтірікті сақтандыруға үлгермеді. Кәрі қоян ең ақырғы күшін жинап, тырнақтарын жиырды. Жердің астындағы мина жарылғандай, бөлтіріктің басын көздеп, бір тепкеннен оның дәл басына тиді. Шыр еткен бөлтірік артқа тоңқалаң асты. Орнынан әрең тұрған кезде, басынан қан ағып, құлағы ырсиып ашылып, үлкен жыртылған жара пайда болды. Бастың терісі бірнеше жерден тырналыпты. Оң көзінің ағып кетуіне шақ қалды.

Жаны ашыған Чен Чжен мен Яң Кэнің өңдері өзгерді. Екеуі дауыстап тұра қалды. Яң Кэ ақ ұнтақ дәрінің құтысын асығыс шығарып, бөлтірікке дәрі жақпақшы болды. Қатуланған Чен Чжен Яң Кэге олай жасауға жол бермеді:

- Сахарада қанжоса болып, жарақаттанбайтын көкжал жоқ. Бөлтірік те жараланудың дәмін татуы керек.

Бөлтірік ешқашан осынша үлкен қорлық көрмеген еді. Денесі садақтай иілген оның бет-әлпеті үрей мен ызаға толды. Дегенмен, оның көздері қоянға қызығушылықпен қадалды. Кәрі қоян соққысын ойдағыдай жүзеге асырғаннан кейін, аянбай жанталаса бастады. Ол басқа бүйіріне аунап түсіп, ақсаңдай басып, бөлтірік шарбағының сыртына қарай жылжыды. Бірнеше төбет те ызалана орындарынан тұрып, қоянға абалап үріп жатыр. Тіпті тыныш тұра алмаған Эрлаң төбет шыдамастан шеңбердің ішіне атылып, қоянды шайнағысы келіп жұлқынды. Чен Чжен оны қапсырып құшақтап жібермеді.

Кәрі қоян ақырын шеңбердің шетіне жылжуда. Бөлтірік белгілі аралық сақтап, оның артынан баяу қозғалуда. Кәрі қоян артқы аяқтарын сәл қатты көтерсе ғана бөлтірік өзін улы құршаян шаққандай артқа шегіншектейді.

- Осы реткі айқаста қоян жеңді деп есептеу керек, - деді Яң Кэ, - Егер де түз далада болса, қоян жаңағыдай бөлтірікті аңқитып жіберіп, орайды пайдаланып, баяғыда-ақ қашып кетер еді. Бұл сұмырай 20 минуттың ішінде қатарынан бір адам мен бір бөріні жаралады. Япырай, өмірге құмарлығын-ай. Меніңше, оны өз еркіне жіберейік. Ол да егіншілікке бейім шөп қоректі жануар. Егер де қытайларда түздегі қоянның рухы болса, жартылай отарға айналар ма еді?

- Бөлтірікке ең соңғы бір орай берейік. Егер кәрі қоян шеңберден шыға алса, ол жеңді деп есептейік. Егер шеңберден шыға алмаса, онда сайысты жалғастырайық, - деді Чен Чжен екі ойлы күйде. 

- Жарайды. Шеңбердің сызығы жеңіс пен жеңілістің өлшемі етіп белгіленсін, - деді Яң Кэ.

Кәрі қоян тіршіліктен үміт сәулесін байқаған сияқты: өрмелеген күйі сыртқа жылжи бастады. Бөлтірік те ызаланды. Көз алдындағы мынау өзіне тиесілі шарбақтың ішіндегі нәрсенің тез арада өз уысынан кететінін сезген тәрізді. Дегбірсізденген, бей-берекет тебінген ол құдды бір кірпік шешенмен ұстасқандай, оны тістеуге де, бас салуға да батылы жетпеді. Дегенмен, бір орайы келгенде алдыңғы аяқтарымен кәрі қоянды шеңбердің ішіне бір итеріп жібереді, сосын шапшаң бұғаттайды. Ал қоян бөлтіріктің бұғаттағанын көріп, қайтадан шеңбердің сыртына жылжиды. Бірнеше рет әрекеттенгеннен кейін аңшылық сипаты мығым бөлтірік ең ақыры кәрі қоянның әлсіз жерін тапты. Ол қоянның артқы аяқтарынан жалтарып, оның басының алдына ойысып, «өгізді құлағынан сүйреу» тәсілін қолданып, орайды қалтқысыз пайдаланған халде ұзын құлақтарынан бір тістеп, шарбақтың ішіне тартты. Қоян барынша бір бұлқынғанда, бөлтірік тістегенін сәл босаңдатады. Әлгі мықты артқы аяқтардың өзіне жете алмайтынын біртіндеп байқаған бөлтірік оның құлағын тайсалмай қапсырды және кәрі қоянды тікелей ағаш қазықтың жанына сүйреп әкелді. Қоянның көзінен қорқыныш көрінуде. Өзі біраз уақыт тоқтамай теуіп қояды. Құдды қармақпен жағалауға шығарылған ірі сазан балықтай тыпырлап, бөлтірікке бас салуға мүмкіндік бермей отыр.

Азырақ бөлтіріктің ойына түсіруді ұйғарған Чен Чжен кенеттен дауыстап шақырды:

- Бөлтірік, бөлтірік, тамақ пісті-ау!

Бөлтірік кенеттен бір сілкініп қалды. Мына шақырған дауыс бірден оның аштық сезімі оянды. Ол лезде күрескер қасқырдан бір аш арланға айналды. Ол атылып қоянның басын басты, сосын артқы тістерімен оның бір құлағын «Қырс!» етіп үзіп, терісі және түктерімен қоса қылғытты. Қоянның қаны атылды. Қанды көрген бөлтірік көздері қанталады, жыртқыштығы артты. Ол қоянның тағы бір құлағын аяусыз қыршып, шайнап жұтып жіберді. Құлақтарынан айрылған қоян бір үлкен суырға қатты ұқсап, бей-берекет секіруде және тістелеуде, жанын сала қарсыласуда. Шарбақ ішінде басы қанға боялған бөлтірік пен басынан қан атқылаған кәрі қоян бір домалақ болып қабысып, өліспей-беріспей айқасуда. Шеңбердің іші лықсыған қанның иісіне толған нағыз соғыс майданына айналды.  

Дегенмен, бөлтірік тыныш ет жеу үшін қоянды алдымен қалай алқымдап өлтіруді әлі де білмей тұр. Ол тек бір тістеп, бір қылғытып, талғаусыз асап жатыр. Бөлтірік кәрі қоянның денесін ешбір тәртіпсіз және жүйесіз, қалай болса солай өлтірудің амалын іздеуде. Оның тісі өтпесе де, тістеуіктің қарқынына ие. Ол қоянның терісін тістеп, басын аяусыз шайқалта жұлқып терісінен айырады. Бөлтірік оның осал жері болған тамағынан орып өлтіруді білмегенмен, керісінше табиғи түйсігімен қоянның өзге бір жанды жері – қарнын тапты. Ақыры бейшара қоянның қарны дал-дұл жәркемделіп, бір шоқ ішек-қарын барша пәрменмен қорқыратып суырылды. Осы жұмсақ, түксіз һәм қанды ішек-қарын – дала көкжалдарының ең ұнатып жейтін азық-түлігі. Екі көзі жарқыраған бөлтірік қоянның ішек-қарнын, жүрегі мен өкпесін, бауыр-бүйректерін тұтастай суырып, өңешіне жіберді. Арпалысқан кәрі қоян жүрегінен айрылғанда ғана қарсыласуын тоқтатты.

Чен Чжен әйтеуір бөлтірікке бір рет шынайы бөрі болудың орайын берді. Бөлтірік ақыры есейіпті. Ол тұмсығы мен құлағын жаралау құнын төлеп, оның есесіне дала арланының «нағыз құлағын» иеленді, соғысу тәжірибесіне ие қасқырға айналды. Алайда, Чен Чженнің көңілі керісінше шаттанбаған сияқты. Бөлтірік жеңді. Ал Чен Чжен керісінше кәрі қоянға жаны ашыды һәм қасірет шекті. Әлгі байғұс қоян барша күшпен жанталасты, абыроймен және қадірмен мерт болды. Ол өзімен тең жаужүрек те қайсар бөлтірік тарапынан өлтірілді және жем болды, бірақ ол рухы жағынан жеңілмеді. Моңғолия сахарасында қойлардан өзге тіршілік иелерінің бәрінде, мейлі етқоректі жануарлар немесе шөпқоректі жануарлар болсын, барлығында Ұлы даладан дарыған батырлық пен қайсарлықтың рухы бар. Міне, бұл - көшпенділер рухы.

Қойлар қонысқа өздері келді. Чен Чжен мен Яң Кэ осы күнгі бөлтірікті тысқа шығару сабағын уақытша тоқтатты. Бөлтірік әлі жеңістің мастығына төтенше батқан еді. Ол әр күні кешке шығатын серуенді де мүлдем ұмытты.

Төрт жігіттің бірге жиналып, тамақ пісіріп ішудің орайы өте сирек. Киіз үйдің іші айрықша жылы да көңілді. Чен Чжен Чжаң Цзиюәнға бір пиала шай құйды.

- Сен кәрі қоянды қалай ұстағаныңды бізге әлі айтпадың ғой? - деп сұрады Чен Чжен.

Чжаң Цзиюән де байтақ даланың қарт жылқышылары секілді бұлданып сөйлеуді ұнататын болыпты.

- Әй, осы жабайы қоянды маған көкжал тарту еткен, - деді біраз кідірген ол.

Анау үшеуі аңырып қалды. Чжаң Цзиюән бірнеше секунд кідіргеннен кейін сөзін жалғастырды:

- Бүгін түсте Бату екеуіміз жылқыларды іздеуге шыққанбыз. Орта жолда жатаған қырқадан енді асқанда, алыстан бір бөріні көрдік. Ол құйрығын көтеріп, жер қазып жатыр екен. Екеуіміз де жүйрік тұлпар мініп шыққан едік. Қамшыны бір салып, шауып бардық. Қасқыр лезде қырқадан асып, қашып кетті. Оның қазған жеріне біз шауып келіп, бір көргеннен-ақ кішкене інді байқадық. Сыртында көкжал қазып шығарған біраз топырақ үйіліп жатыр. Бұл ін өте жасырылған: қалың шөптің астында тасаланған екен. Оның сыртында жаңа топырақ болмағанда, байқау қиын екен. Бату бір көргеннен-ақ бұның қоянның іні екенін, бірақ оның тұрақты үйі емес, уақытша тығылатын ін екенін айтты. «Айлалы қоянның үш індері болады» дегендей, сахараның жабайы қояндары үш-төрт үй-үңгірінен бөлек, әрекет ететін аясында уақытша паналайтын көптеген індерді қазып алады. Жауларына тап болғанда, дереу ең жақын маңдағы уақытша інге сүңгіп кетеді. Салт атты адамдар мен жылқыларды жиі жарақаттайтын бұндай індерді жылқышылар аса жек көреді. Былтыр Ламжабтың ең жақсы бір сәйгүлігінің алдыңғы аяғы бұндай інге кіріп, нәтижеде аяғын сындырып, қор болды. Осы жолы бұл қоянның інін байқап, олар өштерін алмақшы болды. Аттан түскен екеуі қоянды шығарып алудың қиынға түсетінін ұқты. Іннің тереңдігі бір метрден асады екен. Құрықтың сырығын тығып көрсе, бір жұмсақ нәрсеге тірелді. Ішінде шынымен тірі қоян тығылыпты. Бөрі іннің ішін қазып, жабайы қоянды шығаруға аз қалған-ды. Алайда, қасқыр қашып кетті, ал біз інді немен қазамыз? Бату бір амалының бар екенін айтты. Ол құрықтың сабын шешіп, бәкімен ұшын жарып, екіге айырды. Содан соң айырылған жерге жуандау шөп қыстырылып, кішкене шанышқы әзірленді және сол сырық інге енгізілді. Қоянның денесіне ақырындап тірелгеннен кейін сырықтың ұшындағы шанышқы оның жүнін мығым қыстырып алды. Бұдан соң Бату қоянның жүнін бұрай бастады. Ең соңында жүні шиырылып, терісіне тақалып, түгелдей тырп ете алмайтын етіп сырыққа бұралды. Сосын сырықпен қоянды басқан халде оны ақырын сыртқа қарай тартты. Біраздан соң Бату осы ірі қоянды інінен тартып шығарды. Оның басы енді шыға бергенде, мен оның бір құлағынан ұстап алдым, - деді Чжаң Цзиюән.

- Бәрекелді! Шынында да керемет екен! - деп үшеуі қайта-қайта дауыстады.

- Өткен жолы мен де бір қоянның інге кіргенін көрдім. Оны інінен шығара алмадым. Бүгін мен бір әдісін үйрендім. Айтқандарың дұрыс: малшылар диқандардан әлдеқайда ержүрек те ақылды ұқсайды. Әр кәсіп пен саланың өз маманы болады екен-ау. Бұрын біз, қытайлардың, қай жеріміз кем, қай жағынан әлсіз екенін түсінбей жүрдім. Ұяның ішінде өзара күрескенде әркімнен де рақымсыз һәм мықтымыз, бірақ сыртқы тараппен бір соғыса қалсақ – бірден жеңілеміз. Осыншама үлкен Қытайды, жан саны осынша көп халықты ұсақ Жапония сегіз жыл басып жатты. Егер Совет Одағы әскерлерін кіргізбегенде, Америка атом бомбасын тастамағанда, жапондардың бізді тағы қаншама «сегіз жыл» басып жатарын кім білсін. Дегенмен, Жапонияны жеңгеннен кейін көп жыл өтпей-ақ, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларын естіген адамдар экономика жағынан жапондардың алдыңғы қатардағы қуатты мемлекетке тағы айналғанын айтып жүр. Осы жапондық теңіз қарақшыларын айтпасақ та, солардың ұлттық мінезі расында да айрықша керемет екен, - деді Гао Цзянчжуң.

Үшеуі бірге күлді.

- Шынымен де «жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат». Тіпті Гао Цзянчжуң да сенің көзқарасыңмен келіседі, - деді Чжаң Цзиюән Чен Чженге.

Аласа жозаға (үстелге) жағалай жайғасқан төрт жігіт пісірілген тары, үгітілген саңырауқұлақпен бұқтырылған қойдың еті және шыланған жабайы чжусай қуырылған қуырдақты жеді.

- Сенің аяғың жылдам ғой, бәрінен де хабардарсың, ақпаратты тез табасың. Бізге Биңтуәннің істерін әңгімелеп берсейші, - деді Яң Кэ Чжаң Цзиюәнға.

- Біздің ферманың басшылығы полк штабына айналыпты. Басшы кадрлардың бірінші тобы әлдеқашан келіп болды. Олардың жартысы моңғолдар, жартысы қытайлар екен. Полк құрылғаннан кейін көкжалдарды қырғындау қолға алынатын бірінші іс болуы мүмкін. Сол Биңтуәннің кадрлары бөрілер тобының соншама көп құлындарды қырғанын көріп, бәрінің зығырданы қайнады, ызаланды. Олардың сөзінше, бұрын сахараға барған әскери бөлімдер әуелі малшыларға бандыларды жоюға жәрдемдескен, ал қазіргі бірінші істейтін іс малшыларға қасқырларды қыруға көмектесу болып отыр. Яғни, халықтың атынан зиянкестікке қарсы күресу үшін таңдаулы күштерді жөнелту. Жұртшылықтың пейілі шын, жақсы ниеті. Алайда, моңғол қарияларының өз қиыншылықтарын айтуға тілдері қысқа болып отыр: диқандардан шыққан әлгі самсаған әскерлерге көкжалдардың пайдасын айту «бұқаның құлағына сырнай тарту» секілді құлақтарына кірмейді емес пе? Осы күнде бөрілердің жүні тез ұзарып тегістеледі, терісі сатуға, ақша өндіруге жарайды. Биңтуәннің қызметші кадрларының жалақысы да төмен. Кеңесшілер мен орындаушылардың айлығы 60-70 юән ғана. Бір қасқырдың терісі 20 юәнға сатуға болады, сондай-ақ сыйлық беруі тағы бар. Сондықтан дивизия, полк басшы кадрларының белсенділігі мен ынтасы аса жоғары, - деді Чжаң Цзиюән.

- Моңғолия даласы көкжалдарының ержүрек дәурені зауалға өтіп, бағы тайған екен. Шұғыл Сыртқы Моңғолияға (Моңғол Халық Республикасы) қашыңдар, - деп күрсінді Яң Кэ.

 

31

Ли Юән ақсүйектен шыққан.... Анасы сянби ақсүйегі Дугусиннің қызы, Суй патшасы Вэндидің ханымымен әпке-сіңлі болған.

Чжаң Чуәнси. «Қытайдың ежелгі заман тарихының желісі», екінші бөлім

 

Егер аналық туыстық жүйе жағынан айтсақ, Таң патшалығының орнауы және оның алғашқы патшалары, мысалы Таң патшасы Гаоцзудың (Ли Юән) анасы Дугу ұлысынан шыққан. Таң патшасы Тайцзуңның (Ли Шимин) анасы Доу ұлысынан, яғни Қыртулен отбасысынан шыққан. Таң патшасы Гаоцзуңның (Ли Чжи) анасы Чжаңсун ұлысынан екен. Бәрі де «хулар» (солтүстік тайпалар) нәсілінен, қытайлар емес. Осы себепті, Ли әулетінің Таң патшалығы сарайының аналық туыстық жүйесінен алғанда тұқымы солтүстік тайпалармен қаны араласқан патшалар болғаны жұрттың бәріне мәлім....

Чэн Инкэ. «Таң дәуірінің саяси тарихының баяны және шолу жазбалары»

 

Таң сәріде Чен Чжэннің киіз үйіне жақын жерде үсті ашық екі джип келіп тоқтады. Бөлтірік екі дәу нәрсені көріп, сондай-ақ ешқашан иіскеп көрмеген бензиннің иісін иіскеп, қорыққаннан үңгіріне зу етіп кіріп кетті. Төбеттер мен ұсақ иттер жетіп барып, джиптерді қоршап, тоқтаусыз өршелене үрді. Чен Чжен мен Яң Кэ асығыс киіз үйден шығып, иттерді ақырып тоқтатты, сондай-ақ оларды бір жаққа қуып жіберді.

Машиналардың есігі ашылып, Бао Шигуй бастаған төрт сұсты әскер автокөліктен түсіп, тікесінен бөлтіріктің тұрағына аяңдады. Не болғанын біле алмаған Чен Чжен, Яң Кэ және Гао Цзянчжуң сасқалақтап оларға ілесті. Чен Чжен көңілін орнықтырып, жақындап барып сәлемдесті:

- Бао-басшы бөлтірікті көрсету үшін тағы кісілерді бастап келген екен ғой.

- Келіңдер, алдымен сендерге таныстырып қояйын, - деді сәл күлімсіреген Бао Шигуй. Ол алақанын жайып, 30 жастан асқан екі офицерді нұсқаған күйі сөзін жалғастырды:

- Бұл екі кісі – Биңтуәннан біздің отрядқа алдын-ала шолуға жіберілген басшы кадрлар. Мына кісі Сюй-кеңесші, ал мына кісінің аты Батыр, Ба-кеңесші, - сосын Бао Шигуй екі шопырды нұсқап таныстырды, - Мынау Лю ағай, ал анау Ваң ішінек. Олар келешекте сахарада тамыр жайып, қоныстанады. Полк штабының жаңа үйлері салынғаннан кейін, бала-шағасын көшіріп әкеледі. Бұл жолы полк штабы оларды бізге бөрілерді атуға көмектесу үшін жіберіпті. 

Чен Чженнің жүрек қағысы жан сауғалап қашқан қасқырдай тулады. Ол жақындап келіп, әлгі бірнеше әскери кісілермен қол алысып, малшылардың салт-дәстүрі бойынша қонақтарды дереу киіз үйге кіріп, шай ішуге шақырды.

- Жоқ, әуелі бөлтірікті көрейік. Бөлтірікті тез шақырып, үйшігінен шығар. Екі кеңесші арнайы соны көруге келіп отыр, - деді Бао Шигуй.

- Сендер расында да көкжалдарға осынша қызығасыңдар ма? - деп өтірік күлді Чен Чжен.

- Мұндағы бөрілер тым елеуреп кетіпті. Дивизия, полк командирлері бізге осында келіп, оларды ату туралы бұйрық түсірді. Кеше полк командирінің орынбасары Ли өзі отрядқа келді. Алайда, біз екеуіміз сахарадағы қасқырларды әлі өз көзімізбен көрмеппіз. Бао ағай бізді осында көру үшін ертіп келді, - деді Шәнси өлкесінің акцентімен жылы лебіз білдірген Сюй-кеңесші.

- Бао ағайдың айтуынша, сендер оларды біраз зерттепсіңдер. Көкжалды ату, бөлтірікті апаннан қазып шығарудың шебері екенсіңдер. Сондай-ақ бір бөлтірікті арнайы асырап, бөрілердің мінез-құлқын бақылау – нағыз батырлық пен көрегендік. Оларды жою үшін сендерден жәрдем сұраймыз, - деді Дуңбэй акцентімен сөйлейтін Ба-кеңесші.

Екі кеңесші сыпайы да бауырмал, ешбір менмендігі жоқ. Олардың бөлтірікті өлтіргелі келмегенін көрген Чен Чженнің көңілі сәл жайланды.

- Қасқыр.... Олар.... туралы мағлұматтар өте көп ғой. Бірнеше күн мен түн бойы әңгімелеп тауыспаспыз. Одан да бөлтірікті көріңіз. Сәл кідіре тұрыңыз. Сіздер алдымен бірнеше қадам артқа шегініңіз. Ешбір жағдайда оның шарбағының ішіне кірмеңіз. Бөлтірік бейтаныс адамды көрсе тістеуі мүмкін. Өткен жолы аймақтан келген бір қызметші кадрды қауып тастай жаздады, - деді күмілжіп Чен Чжен.

Чен Чжен үйден екі жапырақ ет әкеліп, ескі ас тақтайды қолтығына қысқан халде бөлтірік үңгірінің алдына баяу жақындады. Ол алдымен тақтайды үңгірдің жанына қойды, сосын дауыстап шақырды:

- Бөлтірік, бөлтірік, тамағыңды іш.

Бөлтірік зу етіп үңгірден атылып шығып, етке бас салды. Чен Чжен жалма-жан ас тақтайды итеріп, үңгірдің аузын бітеп жауып, шеңбердің сыртына секіріп шықты. Жайшылықта бөлтірікке тамақ түстен бұрын және түстен кейін берілетін. Осынша таң сәресімен ерте тамақтандыру бұрын болмаған-ды. Күтпеген жерден олжалы болғанына шаттанған бөлтірік сүйекті етті жәркемдеп, апыл-ғұпыл жалмай бастады. Бао Шигуй мен әскерилер дереу бір-екі адым артқа шегінді.

Чен Чжен қолмен ишара жасады. Төрт-бес кісі шарбақтың сыртындағы 1 метр жерде жартылай шеңбер құрап, жүрелеп отыра қалды. Жасыл әскери киім киіп, кенеттен келген осынша көп адамдар, осынша көп бейтаныс иістер бөлтірік үшін әдеттен тыс уақиға болды. Ол бұрынғыдай бөтен кісілерді көргенде тістейтін әдетіне салмады, қайта құйрығын түсіріп, денесін бүрістіріп, бір жапырақ етті тістеген күйі шарбақтың ең алыс бұрышына жүгіріп барды. Етін сол жерге қойып, екінші жапырақ етті де әкелді. Осыншама көп кісінің жан-жақтан қоршай қызықтағанына тіптен риза болмаған бөлтірік жалын тікірейтіп, уақытын босқа жібермей, асығыс жеді. Ол енді кеміре бастағанда, кенеттен теріс айналып, тұмсығын тыржитып, тістерін ақситып, әлгі бірнеше әскери адамдарға қарай атылды. Қимылы шапшаң, жауыз кейпіндегі мына қылығы олар үшін күтпеген уақиға болғаны анық. Төрт адамның үшеуі шошығаннан естері шығып, шалқалап жерге отыра кетті. Темір шынжыр бөлтірікті тартып қалды. Қанды ауыз бөлтірік әскерилерге бір метр жетпей қалды.

Ба-кеңесші малдасын құрып отырды.

- Керемет, керемет! - деді ол қолындағы шаңды қағып, - Әскери округтың овчаркалардан да үрейлі екен. Егер де шынжыр болмағанда, бір жапырақ етті жұлып алмай тынышталмас еді.

- Биыл туған бөлтірік осынша үлкейіпті. Ересек овчаркалармен қарайлас болыпты. Бао Шигуй аға, бүгін бізді ілестіріп, бөлтірікті көрсеткенің шынымен дұрыс болды. Қазір менде соғыс майданында тұрғандай сезім пайда болды, - деді Сюй-кеңесші. Ол Ба-кеңесшіге бұрылып сөзін жалғастырды:

- Иттермен салыстырғанда, көкжалдың қимылдары тосын және жасырын болады екен. Атылған кезде шапшаң қимылдайды екен!

Ба-кеңесші қайта-қайта басын изеді. Бөлтірік кенет бұрылып, еттің жанына секіріп жетті. Ол бір жағынан ысылдап қырылдаған, айбат шеккен дыбыс шығарды, бір жағынан олжасын жылдам қылғытты.

Екі кеңесші саусақтармен алыстан бөлтіріктің басын және денесінің артқы жағының ұзындығын өлшеп, оның терісі мен жүнін егжей-тегжейлі салмақтады. Бір ауыздан бәрі бөрінің басын немесе көкіректің төмен жағынан қиғаштап атуды ең жақсы тәсіл деп есептеді. Сонда бір оқпен атып өлтіруге болады, әрі терісі зақымдалмайды.

Екі әскери кеңесші өте кәсіби бажайлап байқады.

- Барша малшылар және зиялы жастардың көпшілігі қасқыр асырауға қарсы, бірақ мен бұлардың бөлтірік бағуына рұқсат бердім, - деді Бао Шигуй жүзі жарқырап, - Өзін де, дұшпанды да толық білгенде ғана барлық шайқастарда жеңіске жетуге болады. Осы жазда мен бірталай басшы кадрларды әкеліп, бөлтірікті көрсеттім. Оны қытайлар көптеп көруге асықты. Неғұрлым көкжалдардан қорқатын адамдар да соғұрлым бөлтірікті көруге құмар. Олардың бәрі бұл бөлтіріктің хайуанаттар бақшасындағы бөрілерден әдемі екенін, сондай-ақ Моңғолия сахарасына келіп, тірі қасқырды осынша жақыннан тамашалаудың орайы сирек болатынын айтты. Бүкіл Ішкі Моңғолия даласында бұндай екінші бөлтірік жоқ. Бұдан кейін Биңтуәннің қолбасшылары роталарды тексеруге шыққанда, мен әуелі оларды осында әкеліп, атағы әлемге жайылған дала көкжалын көрсетем.

- Басшылар егер де естісе, сөзсіз келіп көреді, - деді екі әскери кеңесші.

- Темір шынжыр мен ағаш қазықты жиі тексеріп тұру керек, - деп міндеттеді Сюй-кеңесші.

Бао Шигуй сағатына қарады. 

- Негізгі шаруаны айтсақ, бүгін ертелеп мұнда келудегі мақсатымыздың бірі бөлтірікті көру еді, екіншісі - сендердің біреуің бізді бөрілерді соғуға бастап шықсаңдар, - деді Бао Шигуй Чен Чженге, - Кезінде мына екі кеңесші атты әскерлерде қызмет еткен, әскери районның үздік мергендері болып табылады. Биңтуән басшылары арнайы қасқыр апатын жою үшін оларды жөткеген. Кеше жарты жолда Сюй-кеңесші бір бүркітті атып түсірді. Сол бүркіт едәуір биікте самғап жүрген. Жай көзбен қарағанда, үлкендігі бұршақтай ғана көрінген құсты Сюй-кеңесші бір оқпен дәлдеп атып түсірді. Сонымен екеуіңнің қайсың барасың?

Чен Чженнің жүрегі кенеттен күрт дүрсілдеді: Олұн даласының көкжалдары осы жолы нағыз қас жауларына тап болған екен. Әскери джиптерге атты әскерлерде қызмет еткен үздік мергендер қосылыпты. Егінші халықтың жан санының қарқынды ұлғаюына қарай ақыры шекаралық сызыққа дейін ығысып келіпті.

- Біз екеуімізге қарағанда, бөрілердің әдет-құлқын, олардың қайда жүретінін де жылқышылар жақсы біледі. Сіздер соларды іздеп тауып, жол көрсетуші етуіңіз керек, - деді Чен Чжен бет-бейнесі түнеріп.

- Қарт жылқышылар көндіруге келмейді. Жас жылқышылар түкке жарамайды. Тәжірибелі бірнеше жылқышы жылқыларды тауда жайып жүр. Олар жылқы үйірін тастап кете алмайды. Бүгін екеуіңнің біреуің баруың керек. Екі кеңесшінің мұнда келуі оңай емес. Келесі жолы сендерді жібермейміз, - деді Бао Шигуй.

- Сіз неге Доржыға бармадыңыз? Ол отряд бойынша қасқыр атудың атақты шебері ғой, - деді тағы Чен Чжен.

- Доржыны полк командирының орынбасары Ли әлдеқашан сұрап әкетті. Жолдас Ли найзаны да дәлдеп лақтырады. Аң аулауды естісе болды – әбден дәнігіп алған. Олар советтік «ГАЗ» маркалы машинамен саятқа шығады. Джиппен салыстырғанда, әрі жылдам, әрі икемді, оның үстінде тұрып, көкжалдарды ату тіпті де ыңғайлы, - деді Бао Шигуй. Ол сағатына қарап, сөзін жалғастырды, - Уақытты ысырап қылмайық, тездетіп жолға шығайық!

- Онда сен бар, - деді Чен Чжен Яң Кэге, бұлардан құтылмайтынын түсініп.

- Мен бөрілердің сырын сендей жақсы білмеймін. Сонда да.... Өзің барсаңшы, - деді Яң Кэ.

- Мен шештім. Чен інішек сен бар! Сен, алайда, қулық қылма! Егер де сен Білге шал сияқты қасқырды қашырып жіберіп, бізді құр қол қайтарсаң, мен сенің мынау бөлтірігіңді өлтіремін! Бос сөзді қой, тез жүр! - деді Бао Шигуй сабыры таусылған лебізбен.

Бет-әлпеті бозарған Чен Чжен еріксіз бір адым жүріп, бөлтірікті қалқалады.

- Мен барайын, мен барамын. Мен осы қазір шығамын, - деді ол.

Үсті ашық екі әскери джип батысқа қарай зымырады. Машина жүріп өткен жолда екі құмды аждаһа аспанға көтерілді. Күздің бас кезіндегі күннің сәулесі Чен Чженнің көздерін сығырайтып қаратпайды. Ол шопырдың жанындағы орында отыр. Алай-дүлей соққан жел оның бас киімін жұлып жібере жаздады. Чен Чжен ең жүйрік тұлпарға мінсе де, бетпе-бет ұрған мұндай желдің қарқынына ұшырамаған. Екі джип – су жаңа машина, шуылы ең аз, бағыт ауыстыруы икемді, арыны қатты. Екі шопырдың көптен бері машина айдап ысылғаны шүбәсіз, сондай-ақ үздік әскери машинамен дала кезу тәжірибесіне ие. Олар машинаны әрі орнықты, әрі жылдам айдады. Сахара мен таудың өркеш-өркеш жолдарында тегіс жерде жүргендей ағытуда.

Чен Чженнің джипқа отырмағанына екі жыл болған екен. Егер ол көкжалдарға жан-тәнімен құмарланбағанда, егер ол сахараға жаңа ғана келген төселмеген біреу болса, егер ол екі жылдан астам иен даланың және бөрілердің қыр-сырына қанықпаған һәм үйренбеген болса, ол міндетті түрде бұндай сирек осы заманғы қасқыр аулау орайына жеткеніне ерекше мәз болып, күтпеген жерден көрсетілген осы шапағатқа кенелген болар еді. Үсті жабылмаған джипқа отырып, жасыл сахарада құйындай жүйткіп, дала көкжалдарын қуалап өлтіру бір әсерлі де көңілді іс болу керек. Бұл, Ұлыбритания ақсүйектерінің сырнай тартып, атқа мініп, төбеттерді ілестіріп, түлкі аулауынан да, Ресей ақсүйектердің қалың орман һәм қарлы далада аю аулауынан да, манчжур және моңғол хандары мен ақсүйектерінің мыңдаған салт аттыны бастап қоршап-қаумалап аң аулауынан да қызық, ғажайып сезімге кенелтуі мүмкін. Алайда, дәл қазір Чен Чжен керісінше ішінен джиптің бұзылуын тіледі. Ол өзін құдды әскерлерді бастап өз достарын ұстап беруге шыққан опасыз сатқын ретінде сезінді. Оның бөрілерге пейілін Бао Шигуй іс жүзінде баяғыда-ақ бес саусағындай біліп алған-ды. Сондықтан Чен Чжен бүгін қайткенде бөлтірікті де қорғап, сахара қасқырларын да Биңтуәннің оларды қырғындау науқанында жан үзуіне, осы әрекеттердің кең далаға өрістеуіне жол бермеудің амалын білмей дал болды. Ішкі Моңғолия сахарасының ең соңғы бір тобы – әлі де ежелгі әскери құрылымын сақтаған көкжалдардың қосындары, ғұндар, түрктер, сянбилер және Шыңғысхан моңғолдарының ежелгі замандағы стратегиясы мен тактикасының тірі жұрнағы мен кеніші болған көкбөрілердің қосындары заманауи Биңтуәннің әскери бөлімдерінің қоршап қырғындауына ұшырап, түбегейлі жойылатын болды. Оның үстіне, осы жануарлар ең зұлым да жаман атақ пен жаланы арқалаған халде өздерінің шексіз ықпалын және ерен еңбегін біржолата жою жағдайында, кезінде олардың шапағаты мен игілігін көп көрген қытайлар тарапынан шекараның ар жағына, тіпті тарих сахнасынан қуылуда.  Чен Чженнің қасіретін тек сахарадағы Білге-ата және бөрі тотемін құрметтейтін әлгі далалықтар, сондай-ақ өз киіз үйіндегі екі әріптесі ғана түсінеді. Чен Чженнің қайғы-қасіреті оның тым алға кетуінде және тым ежелгі заманға бой ұрғыштығында.

Олұн сахарасында жауын-шашын да, жел де көп болады. Әскери джиптер құмы ылғалданған қара жолдың үстіне шықты. Азынаған күздің салқын желі Чен Чженді ерекше сергітіп салды. Ол қайтсе де бұларға бөріні көрсетпекші болды. Алайда, сол жер жануардың жасырынуына және қашып құтылуына қолайлы болуы керек еді.

- Қасқыр жүретін жерлерді мен білемін, бірақ олардың бәрі тік беткейлі және қамысты жерлер. Джиптердің жүруіне қолайсыз болады, - деді Чен Чжен артқы орындықта отырған Бао Шигуйге бұрылып.

- Сен мені алдаймын деме, - деді алайып қараған Бао Шигуй, - Қазір қамысты жердің бәрінде масалар көп. Қамысты жерде көкжал қайдан жүрсін. Мен жарты жылдан артық уақыт бөрі аттым. Бұны білмейді дейсің бе?

- Айтайын дегенім.... Тауға, қамыстық жерге бара алмаспыз. Масасы сирек құмды төбелерге және еңістеу беткейлерге ғана бара аламыз, - деді Чен Чжен шарасыздықтан бұлтарып.

- Құмды жоталар жақта уақиға туылғаннан кейін жылқышылар баяғыда-ақ қасқырларды қуып жіберген, - деді Бао Шигуй Чен Чженді тақымдап, - Кеше біз сол жақты біраз айналып араладық, бір көкжалды да көрмедік. Байқасам, сен бүгін нағыз қабілетіңді көрсеткің келмейді екен, ә? Жақсылап тыңда, мен сөзімнен қайтпайтын адаммын! Кеше күні бойы бөрі атпай, босқа әурелендік. Бәріміздің ішіміз күйді.

Бао Шигуй темекіні бір тартып, Чен Чженнің желкесіне түтінін үрледі.

Чен Чжен өзінің төменгі сатыдан еңбектеп өрмелеп шыққан бұл тәжірибелі адамдарды алдау өте қиынға соғатынын түсінді.

- Мен тағы бір құмайт жерді білемін. Цаған-ураның солтүстік-батыс жағында. Ол жақ желдің өтінде орналасқан. Құмы көп, шөбі сирек. Тышқандар мен саршұнақтар айрықша көп, суырлар да аз емес. Қасқырлар құлындарды жей алмағанда, тек суырлары мен тышқандары көп жүрген жерге тартады, - деді ол.

Чен Чжен оларды жайылымның ең солтүстік-батыс шетіндегі жартылай құм басқан, жартылай шөбі шалаң өскен құнарсыз шабындыққа бастап баруды ұйғарды. Ол жақ масадан жасырынып, жылқы жаюға қолайлы жақсы жер болғанмен, шекара сызығына біршама жақын. Жылқышылар ешқашан сол жерде жылқы бағуға батылдық етпейді. Чен Чжен ол жаққа барып, оларға көкжалды көрсетуді ниет етті, бөрінің дер кезінде шекаралық тас жолдың ар жағына өтіп кетуін тіледі.

Ойланып қалған Бао Шигуйдың жүзінде күлкі ойнады.

- Дұрыс. Онда расында да қасқырлар болуы мүмкін. Мен қалайша бұны ойламағанмын. Лю ағай, солтүстік жақтағы анау жолға айдағын. Бүгін ешқайда да бармаймыз. Тура сонда тарт. Жылдам жүр!

- Көкжалды ең жақсысы жаяу жүріп ату керек. Машинаның гүрілі аса күшті. Ол машинаның дауысын ести сала шалғын жерге қашып кетеді деп қорқамын. Биыл жаңбыр көп жауғаннан шөп биік болып өскен. Бөрінің жасырынуына оңай, - деп сөзін толықтырды Чен Чжен.

- Сен маған қасқырды көрсетсең болды. Қалған іске араласпай-ақ ғой, - деді Сюй-кеңесші.  

Чен Чжен өзінің қатты қателескенін сезінді.

Әскери джиптер малшылардың төрт маусымда жайылым ауыстырып көшуге арналған ежелгі жолмен солтүстік-батыс бағытқа қарай зырылдап келеді. Көктем мезгілінде төлдеген төрт түлік мал жеп тақырлаған көктеулік жайылымының күзгі шөбі екі кездей биік болып біркелкі өсіпті. Шөптің түптері тығыз, шөп толқындары жайқалып тұр. Күзде гүлдейтін бақытгүлдер ырғалуда. Жоғары сапалы шөптердің қою жұпар иістері мұрынды жарып барады. Бірнеше қарлығаш джиптерді қуалай ұшып, машиналар үркіткен шыбын-шіркейлерді жарыса жеп жүр. Ілескен қарлығаштар өте тез артта қалып отырды. Олардың орнына алдыдан тағы бірнеше қарлығаш пайда болады. Машиналардың алдында және соңындағы кеңістікте бір-біріне жанасқан күлгін түсті доғалар көрінуде.

Чен Чжен шөптің иісі мен гүлдің жұпары аңқыған күздің тұнық ауасын терең тыныстап жұтуда. Көз алдында келесі жылы көктемде мал төлдейтін жер өтуде. Қойшы болғандықтан Чен Чжен осы жайылымның гүлденуіне ерекше зейін қояды. Әр жылы ферманың 70% табысы қойдың жүнін және тірі қойларды сатудан келеді. Төл алатын өрістердің бәрі алтын бағалы жерлер, жайылымның жан тамыры болып саналады. Чен Чжен шөптің расында да жақсы өскенін жол жойы егжей-тегжейлі байқап келеді. Тура үлкен көлемді егін алқабын басқарып сақтаған маманға ұқсайды. Отряд жайлауға көшкеннен кейін мұнда бірде-бір киіз үй тұрғызылмады. Чен Чжен іштей көкжалдарға және жылқышыларға алғыс айтты. Егер бөрілер тобы болмаса, мынадай аңқыған хош иісімен адамды еліктірген тың жайылымды қарақұйрықтар, жабайы қояндар және тышқандар баяғыда-ақ кеміріп, тып-типыл етіп жайпайтын еді. Ала жаз бойы қасқырлар расында да жасыл шөптер жамылғысын қырнайтын әлгі шеберлердің табысқа жетуіне жол бермей келді. 

Мынадай құлпырған жайылымда Чен Чжен әр жолы көретіні тағы сол жылқышылардың тартқан жапа-бейнеті. Олар күні-түні шыжыған ыстық пен масалардың талауына қарамай, қомағай да жүйрік жылқы үйірлерін берік иіріп, таудағы жайылымға тоғытып, ешкінің сақалындай төмен сортты тау шөбін немесе сиырлар мен қойлар отаған қалдық шөптерді жегізеді. Яғни, жылқыларды мал төлдейтін жайылымдарға жақындатпайды. Аттың жотасында өмірін өткізген халықтардың бәрі жылқыны жақсы көреді, өз жанындай сүйеді. Алайда, мал жайған кезде малшылар керісінше жылқыларды ұры-қары мен шегірткелерден сақтанғандай сақтанады. Егер жылқышылар болмағанда, малшылар жанын күйттейтін мынау жайылымнан толығымен қорытылмаған аттардың төбе-төбе боғы, жылқының сідігінен сарғайып қураған шөптер ғана қалатын еді. Алайда, егін шаруашылығы аумағынан келген Биңтуәннің басшы кадрлары кең дала мен мал шаруашылығының сырын түсіне алады ма екен?

Машина оқтай зуылдап келеді, бірақ жолдан сары шаң көтерілмейді. Бір жаз бойы тынығудың арқасында байырғы қара жолды жағалай бір қабат ұсақ майса шөп өсіпті. Көшпелі мал шаруашылығы мәңгі айналымнан тұрады. Жұп-жұқа шөп қыртысы ең жеңіл зиянкестікке төзіп, сиырлар мен қойлардың сідігін және тезек-құмалағын қосып құнарланады. Байтақ сахара өз жарасын өзі жазады. Ғасырлар бойы дала халықтары бұндай ең байырғы, бірақ ең ғылыми өндіріс әдісін қолданып, байтақ сахараны сақтап келген. Чен Чжен осыны ойлап-толғанды.

- Қараңыз, мынау жайылым жақсы қорғалған екен. Биыл көктемде бүкіл отрядтың адамдары мен малдары осында көшіп, төлдеуге дайындалған уақытта, Сыртқы Моңғолиядан (МХР) ондаған мың қарақұйрық жөңкіліп ауып келді. Жұрт оларды мылтықпен атып та қуып жібере алмады. Күндіз қуып шығарылса, кешке қайта оралып, төлдеген қойлар және қошақандармен жайылымға таласады. Кейіннен көкжалдар тобы келіп, бірнеше күннің ішінде-ақ жайылымды қалың қарақұйрықтан патырлатып тазалап тастады. Егер де сахарада бөрілер болмаса, саулық қойлар шөп жей алмай, қошақандар сүтсіз қалып, сан мыңдаған қозы аштан қырылатын еді. Мал шаруашылығын егін шаруашылығымен салыстыруға болмайды. Егін шаруашылығы апатқа ұшыраса, ең арысы бір жылдық өнім шығын болады. Ал мал шаруашылығы апатқа ұшыраса, 8-10 жылдың, тіпті малшылардың бір ғұмыр бойы жинаған байлығын түгелдей жоғалтады, - деді еріксізден Чен Чжен Сюй-кеңесшіге.

Басын изеген Сюй-кеңесші бүркітке ұқсаған көздерімен алдындағы жайылымды шолуды жалғастырды.

- Қарақұйрықтарды аулауда қасқырларға қалайша сүйенеді екен? Бұл тым мешеулік. Малшылардың мылтығы да, мергендігі де түкке тұрмайды, машиналары да жоқ. Келесі жылы көктемде бізді көр. Біз машинамен шығып, автомат пен пулеметтен оқ жаудырамыз. Ондаған мың қарақұйрық тағы келсе де қорықпаймыз. Мен Ішкі Моңғолияның батыс жағында қарақұйрық аулағанмын. Оларды ең жақсысы кешке машинаның жарығында аулау керек. Қарақұйрықтар қараңғыдан қорқады, сондықтан машинаның жарығына сығылысып жиналады. Жол бойы машинамен жүре отырып, жол бойы оларға оқ боратып, бір кештің өзінде бірнеше жүз қарақұйрықты қыруға болады. Мұнда қарақұйрықтың бар болғаны аса тамаша! Олар қанша көп болса, сонша жақсы. Сонда ғана дивизияның штабы және ауыл шаруашылығы полктарының бәрі етке қарқ болады, - деді Сюй-кеңесші біраз үнсіздіктен кейін.

- Қараңдар! - деп ақырын дауыстады Бао Шигуй сол тарапқа нұсқап.

Чен Чжен дүрбімен қарады.

-  Үлкен түлкі екен. Тез қуайық, - деді жалма-жан ол.

- Түлкі екен. Қуалама, - деді үмітсізденген Бао Шигуй бірер сәт қарап. Сосын мылтығын кезеген Сюй-кеңесшіге сөзін жалғастырды:

- Атпа, атпа! Көкжалдың құлағы дүниеде ең сақ. Егер де оны үркітіп қойсақ, құр қол қайтамыз.

Сюй-кеңесші орнына отырды.

- Бүгінгі салым жаман емес сияқты. Түлкіні көруге нәсіп болса, бөріні де кездестірерміз, - деді ол бет-әлпеті көңілденіп.

Далалық джиптер құмдауыт жайылымға жақындаған сайын шалғын ішінен және қырқаның басынан жабайы жануарлар көбейе бастады. Оның үстіне, олардың бәрі құмда өсетін, құмдағы өмірмен байланысты болған ін қарлығашы, құр, қарсақ, тышқан және басқа жануарлар. Күрең қызыл реңді құрлар ең көп екен. Бір ұшса, үлкен топ-тобымен ұшады. Қауырсындары кептердің дауысы сияқты дыбыс шығарады.

- Осы жотадан ассақ, құмайт жерге жылдам жетеміз, - деді Чен Чжен алыстағы аласа жотаны нұсқап, - Қарт малшылардың айтуынша, анау құмайт әуелгіде үлкен жайылым болған екен. Сондай-ақ онда ірі бұлақ суы болған. Ондаған жыл бұрын Олұн даласында қатарынан бірнеше жыл бойы құрғақшылық болып, көлдер тартылып, өзендер суалып, құдықтар құрғапты. Алайда, осы бұлақтың көзі суалмапты. Ол кезде Олұндағы барлық малдың табындары мен үйірлері осында келіп, таңертеңнен кешке дейін кезектесіп су ішкен екен. Орасан зор төрт түлік мал шөпті үздіксіз кеміріп, тұяғымен таптапты. Нәтижеде, екі жылға жетпей бұл жайылым құмды жерге айналыпты. Бағына жарай, бұлақ суалмаған себепті, осы жайылым бірте-бірте қайта көтеріліп келеді. Дегенмен, әлі де он шақты жылдан кейін ғана бастапқы қалпына келуі мүмкін. Кең дала тым нәзік ғой. Малдың сыйымдылығы тиісті өлшемнен бір асып түссе, жайылымдар бірден шөлейтке айналады. 

Бір топ дала тышқандары шиқылдап, машина дөңгелектерінің алдында жан-жаққа зымырап қашуда.

- Малдың сыйымдылығы өлшемінің ішінде сондай-ақ тышқандардың сыйымдылығы да қамтылған, - деді Чен Чжен тышқандарды нұсқап, - Үй жануарларымен салыстырғанда, иен даладағы тышқандар жайылымдарды одан бетер ойрандайды. Ал қасқырлар тобы – сахараның жүгін һәм жайылымның сыйымдылығын жеңілдететін еңбегі зор басты ардагерлер. Біраздан соң егер де оларды атсаңдар, мен сендерге бір көкжалдың қарнын жарып көрсетейін. Осы маусымда бөрілердің қарны негізінен сары тышқандарға және сұр тышқандарға толған.

- Қасқырдың тышқандарды жейтінін естімеппін, - деді Сюй-кеңесші, - «Ит тышқанды ауласа – бөтен істермен көп шұғылданғаны» дегендей, көкжалдар сондай қайдағы-жайдағы істерге мән бергені ме?

- Мен асыраған бөлтірік тышқандарды жеуді айрықша ұнатады. Ол тіпті тышқанның құйрығын да қалдырмай жейді. Олұн даласында ешқашан тышқандар апаты болмаған, өйткені малшылар ешқашан бөрілерді тып-типыл етіп қырып-жоймаған. Егер де сендер оларды түгелдей атып жойсаңдар, саршұнақтар мен тышқандар құтырып шығады. Олұн сахарасында шынымен тышқандар апаты туылады, - деді Чен Чжен.

- Есіңді жиып, жақсылап бақыла! - деп оның сөзін бөлді Бао Шигуй.

Джиптер таудың жотасына жақындады. Сюй-кеңесші абыржып сасқалақтай бастады. Жер бедерін көрген ол табанды түрде машиналардың батысқа жүруін бұйырды.

- Егер де құмайт жерде шынымен де қасқырлар болса, тікесінен ол жаққа барғанымыз болмас. Әуелі сырттай шолып көрейік, - деді ол.

          Машиналар шығыстан батысқа созылған қайқаң жыраға кірді. Жыраның ішіндегі өгіз арбаның жолы барған сайын тарылды. Сол жағы тау, оң жағы құмды төбе. Сюй-кеңесші жоғары өлшемді әскери дүрбісімен жолдың екі жағындағы жасыл алқапты мұқият шолды. 

          - Сол тарапта алдымыздағы таулы беткейде екі көкжал жүр! - деді кенеттен Сюй-кеңесші сыбырлап. Жалма-жан басын артқа бұрған ол соңында келе жатқан машинаға қарап, қолмен ишара жасады. Чен Чжен де шамамен 1,5-2 шақырым қашықтықта екі ірі бөрінің батысқа қарай асықпай желе жортқанын көрді.

          - Тура айдама. Әлі де қара жолды бойлап жүрейік. Бұрынғы жылдамдықты сақта. Қасқырлармен қатарласып жүре бергін. Олардың бүйірінен атамын, - деді Сюй-кеңесші Лю ағайға.

          - Түсінікті! - деп жауап қатты Лю ағай. Ол көкжалдар жүгірген бағытқа қарай тартты һәм машинаның жылдамдығын сәл ғана үдетті.

          Чен Чжен кенеттен мынау үздік мергеннің ерен жауынгерлік тәжірибеге ие екенін аңғарды. Джиптің бұндай жүрісі бөрілермен арадағы ара-қашықтықты қысқартады, сондай-ақ оларды бір жаңсақ сезіммен жаңылыстырады. Яғни, олар джиптердің арнайы соқтығу үшін емес, жай ғана өз жолымен бара жатыр деп жаңсақ түсінуі мүмкін. Олұн даласындағы шекаралық бақылау-өткізу бекетінің шарлау джиптеріне қатаң тәртіп қойылған. Төтенше жағдай туылмаса, мылтық атуға тыйым салынады. Яғни, шекараны шарлаудың құпиялығын және тұтқиылдығын сақтау керек. Сондықтан Олұн даласының қасқырлары әскери джиптерге баяғыда-ақ еті үйренген. Бұл кезде қара жолдың бойында өскен аласа шөптің асты ылғалды құм-топырақ болғандықтан, машиналардың жүрген дауысы қатты шықпайды. Екі көкжал бұрынғыша аспай-саспай бір ырғақпен жүгіріп барады. Сондай-ақ, ауық-ауық тоқтап, машиналарға қарап қояды. Сосын батыс жаққа қарай желе жортуын жалғастырады. Дегенмен, бөрілердің олардың бағыты бірте-бірте қиғаш кетіп, таудың етегінен беткейге қарай сырғыды. Чен Чжен олардың ниет-мақсатын анық байқады: егер джиптер жолдан өтетін болса, қасқырлар өз бағытымен суыт жүруді немесе торуылдап шарлауды жалғастырмақшы. Егер джиптер оларға қарай зымыраса, лезде жүрісін тездетіп, таудың жотасынан асып құтылмақшы. Онда джиптер бұларды тіпті де таба алмас еді.

          Екі ірі көкжал ұйымдасқан халде бірқалыпты жортуда. Олұн даласы бөрілерінің бәрі аңшылардың мылтықтарынан атылған оқтардың өнімді тию қашықтығын біледі. Тек оқтар жететін жердің сыртында ғана қасқырлар аңшыны көпе-көрнеу елең құрлы қылмайды. Тіпті аңшыларды өкшелей қуалауға еліктіріп, жеңіл көлік оңай аударылатын һәм сәйгүліктер құлайтын, машина аударылатын қатерлі жерге бастайды. Егер жақын жерде өз руласына, өз тобының мүшесіне қатер төнсе, онда ол қуғыншы дұшпандарын өзінің соңынан бұрыс жолға ілестіріп, өз бауырларын қатерден құтқарады. Көкжалдардың жүгіру қарқынын әлі де үдетпегенін көрген Чен Чжен ішінен мазасынданды, бұлардың осы жолы үлкен зиянға ұшырауы мүмкіндігін алдын ала аңғарды. Мына джиптер әдеттегі шекаралық шарлау машиналары емес, қайта бөрілерді ату үшін арнайы келген саятшылардың автокөліктері ғой. Машиналарда Олұн сахарасының қасқырлары ешқашан көрмеген екі үздік мерген отыр. Малшылар атып тигізе алмайтын аралықтан олар дәл тигізе береді.

Джиптер бірте-бірте екі ірі көкжалмен қатарласты. Машиналар мен бөрілердің арасындағы қашықтық 1500-1600 метрден шамамен 700-800 метрге дейін қысқарды. Біршама абыржи бастаған жыртқыштар қадамдарын сәл тездетті. Алайда, машиналардың қара жолдағы бірқалыпты жүрісі расында да оларды айтарлықтай шатастырған еді. Екі қасқыр әлде де жеткіліксіз қырағылық танытты. Чен Чжен тіпті күдіктеніп қалды: бұлар өзге міндетті атқарып, джиптерді әдейі еліктіру және әлдеқайда адастырып апару үшін жүр ме екен? Осы кезде екі мерген мылтықтарын кезеп, нысанаға ала бастады. Чен Чженнің жүрегі кеудесінен дүрсілдеп шыға жаздады. Сюй-кеңесшінің қимылына қадала қараған ол атқыштардың оқ атқан кезінде машинаның тосыннан тоқтауын іштей тіледі. Бәлкім, көкжалдар қашып құтылудың тағы бір орайына ие болуы ықтимал.

Джиптер ақыры оларға жақындап, қатарласа жүріп келеді. Ара-қашықтық шамамен 400-500 метр құрайды. Екі бөрі кілт тоқтап, көз қырымен бір қарады һәм машинадағы мылтықтарды сөзсіз байқады. Содан соң олар кенеттен жүрісін жеделдетіп, бірінен соң бірі таудың жотасына қарай көлбеулетіп ұмтылды. Сонымен бір уақытта, Чен Чжен «Тарс! Тарс!» етіп, екі рет атылған мылтықтың дауысын ғана естіді. Бірі артта, бірі алдында жүгірген екі қасқыр бір уақытта дерлік жер құшып жығылды.

- Керемет мергендік! Аса ғажайып! - деп бақырды Бао Шигуй.

Шошып кеткен Чен Чженнің тұла-бойынан суық тер бұрқ етті. Шайқалып-теңселіп келе жатқан екі джиптегі екі атқыштың бір атқаннан-ақ нысанаға тигізгені Чен Чженнің және Олұн даласы көкжалдарының топшылауынан түгелдей асып түсті.

          Екі үздік мерген тек бір стақан тәбет ашатын аперитив ішкен сияқты, құмарлығы енді ғана шыға бастады.

- Құмайт жерге тез айда! Тез бол! - деп Сюй-кеңесші бұйрық берді Лю ағайға. Осыны айтып, ол қос қолымен артағы машинаға қысқаш түрінде қоршауға алу ишарасын жасады. Екі джип барынша қатты жүріп, жолдан атылып шығып, оң жақтағы құмды төбеге құйғыта жөнелді.

Лю ағай Сюй-кеңесшінің нұсқауы бойынша мүдірмей тау беткейден жедел асып, ұшы-қиырсыз құмды шөптесін алқапқа баса-көктеп кірді, сондай-ақ тағы бір ең жақын тұрған биіктеу жотаға жылдам өрмеледі. Тұтқышты қатты ұстанып, орнынан тұрған Сюй-кеңесші құмды жерді көзбен шарлап қарап келеді. Алыста әрең ғана көрінген шағындау екі топ бөрілер екіге бөлініп, солтүстік-батысқа және нақ солтүстікке еліре жылыстауда. Чен Чжен дүрбімен қарап еді, терістікке жөнелген топта шамамен төрт-бес қасқыр бар, бәрінің денелері біршама ірі екен. Ал солтүстік-батыстағы топта сегіз-тоғыз көкжал бар. Екі-үш үлкен бөріден басқасының бәрі бойлары орташа бөлтіріктер сияқты.

- Солтүстіктегі мына топты қуала! - деді Сюй-кеңесші Лю ағайға. Ол артқы машинаға солтүстік-батыстағы анау топты нұсқады. Екі джип екі бағытқа бөлініп, қуа жөнелді. 

Жартылай құм басқан, жартылай шөп өскен теп-тегіс, азын-аулақ өркештенген құмды дала әскери джиптердің өжеттікпен атой салып, емін-еркін жөңкілетін мінсіз шайқас майданының өзі екен.

- Сендер тұтқадан мықтап ұстаңдар! Маған қараңдар! Мен мылтық атпай-ақ бірнешеуін жаншып өлтіремін! - деп дауыстады Лю ағай.

Джип ұша жөнелді. Чен Чженнің миында «мерт қылатын жылдамдық» деген бірнеше йероглиф жарқ етті. Иен далада қарақұйрықтан басқа бұндай жылдамдықта сайысатын ешкім жоқ. Бұдан жүйрік айғырлар, жүйрік қасқырлар өлсе де мұндай жылдамдықпен жүгіре алмайды. Джип құдды Әзірейіл тәрізді көкжалдар тобына төнді. 20 минуттан көбірек қуалағанда, үлкендігі күнжіттей болған бөрілер біртіндеп «көкбұршақ» түріне айналды, сосын бірте-бірте «соя» болып өзгерді және одан әрі үлкейіп жақындай берді. Дегенмен, Сюй-кеңесші әлі де оқ атпады. «Бұл кеңесші тіпті көкбұршақтай көрінген бүркітті атып түсіре алады ғой. Неге атпай жатыр?» деп ойлады Чен Чжен.

- Атпайсың ба енді? - деді Бао Шигуй.

- Мынадай алыстан бір атсам, олар бытырап қашады. Сәл жақындап атсам, тағы екеуін мерт қылуға болады. Терісі де аса зақымдалмайды, - деді Сюй-кеңесші. 

- Бүгін ең жақсысы оларды көбірек атып, әр адамға бір ірі қасқырдың терісін бөліп берейік, - деді Ляо ағай желпініп.

- Машинаны жөндеп айда. Егер де машина аударылса – бәріміз көкжалдардың жемі боламыз, - деп қатаң зекіді Сюй-кеңесші. 

Лю ағай үнін шығармастан автокөліктің жылдамдығын үдетті. Джип оқтай заулады. Алайда, бір құмды төбешіктен өте бергенде кенеттен алдағы құмды дөңестен дәу сиырдың сүйек қаңқасы пайда болды. Сиырдың мүйіздері, сынған сүйектері найзалар мен қанжарларға ұқсап тұр. Ежелгі шайқас алаңындағы бұғы мүйіздерінен жасалған аттарға қарсы тосқауылға ұқсайды. Бөрілер мұндай бөгеттен ілінбей секіріп өтіп кетеді. Ал джиптер үшін алғанда, бұл – керісінше дөңгелекті тесетін берік тосқауыл, басып өткізбейтін жол кедергісі. Лю ағай сасқанынан рульды барша күшпен бұрды. Кілт бұрылған машинаның оң жағындағы екі дөңгелегі жоғары көтеріліп, аударылуға аз қалды. Көліктегі барлық адамдардың құйрықтары орындықтан ұшып түсіп, бәрі де машинадан ұшып түсе жаздады. Ішіндегі адамдар шошығаннан бәрі айғайлап кетті. Автокөлік сиырдың сүйегімен жанасып өтті. Үрейі ұшқан Чен Чжен машина оңшалғаннан кейін де ұзаққа дейін өз-өзіне келе алмады. Қасқырлар тобы жердің бедерін және жер бетіндегі заттарды пайдаланып, майданнан шегіне бастағанын ол біле қойды. Қулығын қолданған көкжалдар бір машина қуғыншыларды жер жастандыра жаздады.

- Жылдамдықты баяулат! Ақырын жүр! - деп шыңғырды өңі бозарған Бао Шигуй.

Лю ағай маңдайының суық терін сүртті. Машинаның жылдамдығы азырақ баяулады. Бөрілер тағы біраз алыстады.

- «Қарқынды тездет! - деп керісінше айғай салды Сюй-кеңесші.

Джип қарқынын енді тездеткенде, құмды жерде бей-берекет топтасып өскен шөп кенеттен шыға келді. Чен Чжен осында қой баққан-ды. Кезінде мұндағы жер бедерінен әсер қалған еді.    

- Алдымызда ойпаң бар. Жердің бәрі ойлы-шұңқыр, машина тіпті де оңай аударылады. Тезірек жылдамдықты түсір! - деп дауыстады Чен Чжен.

Алайда, Сюй-кеңесші бұны қаперіне алмады. Екі қолымен тұтқыштан нығыздап ұстап, еңкейген халде алға қадалып қараған ол Лю ағайға «Жылдамдықты көбейт! Тездет!» деп үздіксіз бұйрық беруде.

Жылдамдықтың педалі ең шегіне дейін басылды. Джиптер жын соққандай еліріп жөңкілуде. Жерден айрылған төрт дөңгелек жоғары секіріп, екі дөңгелекпен қайта жерге қонуда. Тұтқышқа мықтап жармасқан Чен Чженнің іші-бауыры, ішкі мүшелері дария-теңізді төңкеретіндей шайқалып, асты-үстіне төңкерілді.

Чен Чжен түсінді. Қасқырлардың осы тобы жердің бедерін шеберлікпен пайдаланып, ең соңғы қарқыны мен жылдамдығын барынша салып алға ұмтылуда. Олар ойпаңға жетсе болғаны, қуғыншылардың машиналары жүрмей қалады.

- Шешеңнің аузын.... Көкжалдар нағыз әккі екен. Мынау шайтанды жерге қашқанын қарашы, - деп боқтады Лю ағай.

- Саспа! Қазір әскери жаттығу емес! Бұл нағыз шайқас! - деп ақырды қатуланған Сюй-кеңесші.

Осы қарқынмен жеті-сегіз шақырым желігіп қуғындаған олар ойпаңға жақындағанын көреді. Сол жерде томардай қап-қатты төмпешіктер қаптап жатыр. Алайда, осы сәтте джиптер әлдеқашан малшы мергендер аңдарға мылтықпен оқ ататын қашықтықтың ішіне енген еді.

- Қиғашынан жүр! - деп бажылдады Сюй-кеңесші.

Лю ағай рульды ақырын ұрғылады. Джип құдды қырынан тұра сала бүйіріндегі зеңбіректерін оңтайлаған соғыс кемесі секілді жөңкілді. Бөрілер тобы түгелдей артқы орындықта отырған Сюй-кеңесшінің мылтығы ұңғысының алдында ашық қалды. «Дүрс!» еткен дыбыспен бірге топтың ішіндегі ең үлкен қасқыр жерге жығылды. Оқ оның басына тиіпті. Шошыған көкжалдар жан-жаққа жанталаса қашты. Тағы бір атылған оқ екінші бөріге дарып, оны омақасынан құлатты. Шамамен осы кезде қалған қасқырлардың бәрі ойпаңдағы қалың қурайдың арасына кіріп кетті. Оларға оқ атудың орайы мүмкін болмай қалды. Көкжалдар шекаралық тас жолға қарай беттеп, қалың шөптің ішінде ғайып болды. Солтүстік-батыс жақта атылған мылтықтың дауысы да тынды. Джип беткей мен ойпаңның түйіліскен жеріне келіп тоқтады.

- Мұндағы бөрілер тым айлакер екен. Әйтпесе, тағы бірнешеуін жапыратын едім! - деді Сюй-кеңесші терін сүртіп.

- Керемет мергендік! - деді Бао Шигуй екі бас бармағын шошайтып, - 30 минуттың ішінде қатарынан үш ірі қасқыр мерт болды. Мен жарты жыл аң аулап жүріп, өз қолыммен бір көкжалды да өлтірмедім.

- Бұл жақтың жер бедері аса күрделі. Бөрілер тобының «партизандық етуіне» қолайлы жер. Бәсе, мұндағы қасқыр апаты жойылмайтыны сол екен ғой, - деді назаланып Сюй-кеңесші.

Джиптер өлген көкжалдарға қарай баяу беттеді. Екінші бөріге оқ оң бүйіріне дарыған екен. Оның қаны күзгі шөптің үстіне атқылап жатыр. Бао Шигуй мен Лю ағай зілдей қасқырдың өлігін машина артындағы жерге көтеріп әкелді.

- Әй, зілдей екен. 10 адамның бір отырып тоюына жетерлік екен, - деді Лю ағай оны аяқпен теуіп қойып.

Содан соң ол артқы тарлау жүксалғышты ашып, ішінен кенеп сөмкені алып, артқы орындыққа жайды. Сосын тағы алынған екі кенеп қаптың біреуіне көкжалдың өлексесі салынып, қайтадан артқы жүксалғышқа кіргізілді. Оның қақпағы жабылмаған соң, аспалы шынжырмен айқара ашылған платформаға айналды. Лю ағай әрине қалған екі бөрінің денесін сол платформаға нықтап тықпақшы болды.

Чен Чжен бір қасқырдың қарнын жарып, әскери адамдарға көрсеткісі келді. Алайда, ол әскерилердің нақ сол жерде көкжалдың терісін сыдырмайтынын байқады.

- Сендер бөрінің етін жейсіңдер ме? - деп сұрады ол, - Оның еті қышқыл болады. Малшылар ешқашан қасқырдың етін жемейді.

- Бәрі сандырақ. Оның еті титтей де қышқыл емес. Иттің етімен шамалас. Өз атамекенімізде көкжалдың етін талай мәрте жегенбіз. Оның етін жақсылап пісірсе иттің етінен дәмді болады. Қарашы, мына бөрі қандай семіз. Оның етін пісіру әдісі де иттің етін пісірумен ұқсас. Әуелі бір күн суық суға бөктіріп, сасық иісін кетіреді. Сосын сарымсақ пен ащы бұрышты көбірек пайдалану арқылы барынша пісіріп дәмдеу керек. Мен туылған жерде қасқырдың етін бір қазан етіп пісірген үйге бүкіл қыстақтың тұрғындары жиылып, ет жейді. Жұрттың айтуынша, көкжалдың етін жеу адамға қайрат береді, - деді Лю ағай.

- Осындағы малшыларда мәйітті далада ашық аспанның астында қалдыру әдет-ғұрыптары бар. Адам қайтыс болғанда, отбасы мүшелері мәйітті арбаға салып, ашық аспанның астында қалдыратын жерге әкеліп, бөрілерге жегізеді. Өлген адамды жеген қасқырдың етін сендердің жеуге батылдықтарың жетеді ме? - деп нығыздап тергеді Чен Чжен жаратпаған лебізбен.

- Бұл істі білемін, - деді Лю ағай оның сөзін қаперіне алмай, - Тек көкжалдың асқазанын және өкпе-сақпасын жемесе болды. Иттер адамның боғын жейді, кім олардың еті лас деп айтады? Көкөністерді де нәжіспен тыңайтады ғой. Сол көкөністі таза емес демекшісің бе? Біз қытайлар бәріміз де иттің етін, көкөністі жеуді ұнатамыз емес пе? Әпсәтте Биңтуәннің осыншама көп адамы келіпті. Қойлардың етін жеудің өлшемі шектеулі. Жайлауға келіп, ет жей алмаған жұртшылық ашкөздікке салынып, жындануда. Мына бірнеше бөріні полк штабына әкетіп, жұртқа бөліп берсек жеткілікті болмайды ма? Шынымен де қойлар көп, қасқырлар аз болар еді.

Лю ағай күлді. Сюй-кеңесшінің де күлгеннен көңілі көтерілді.

- Мен мұнда келген кезде, дивизияның штабында маған көкжалдың етін тапсырыс берген еді. Бүгін кешке осы етті соларға апаруым керек. Кейбіреулер бөрінің еті кеңірдектің қабынуын емдейді деп айтады. Менде баяғыдан бері біраз сырқаттар тіркелген болатын. Сол себепті, мен тез арада науқастарды емдеуге жарайтын дәрігерге айналатын шығармын. Қасқыр аулау нағыз бір қызығарлық тамаша жұмыс екен. Біріншіден, халықтың атынан зиянкестікке қарсы күресуді білдіреді. Екіншіден, оның терісін өзің иемденесің. Үшіншіден, ауруды емдеп, адамдарды құтқаруға болады. Төртіншіден, мешкейлердің үлкен тобының аранын тойдыруға болады. Қарашы, бір іспен төрт пайдаға жетуге болады. Төрт істі бірдей бітіруге болады, - деді ол.

Чен Чжен жыртқыштың ішін жарып, тышқандарды шығарып көрсетсе де, олардың көкжалдарды өлтіру құмарлығын титтей де жоя алмайтынын ойлады.

Лю ағай машинаны алғашқы бөріні атып өлтірген жерге айдады. Үлкен қасқырдың басы күл-талқан болған екен. Оқ арттан оның шүйдесіне тиіп, бетінің жартысын опырып, быт-шытын шығарыпты. Жатқан жерінде миы шашылып, қаны ағып жатыр. Чен Чжен оны асығыс қарап, айналып шықты. Көкжалдың мойнында және көкірегінде ақ түктер байқалмады. Бұл ақ арлан болмай шықты. Жігіттің жүрегі орнына түсті. Дегенмен, мынау да басшы арлан екені сөзсіз. Ол әрине бүкіл үйірдің қауіпсіздігін қорғау үшін бірнеше жүйрік бөріні бастап қуғыншы жауларды өздерінің соңына шырғалауға шыққан ғой. Өкінішке орай, оның джиптер мен үздік атқыштардай кең далада қасқырларды жайрататын бұндай жаңа автокөлік, жаңа адамдар және жаңа қару-жарақ жөніндегі тәжірибесі һәм әзірлігі толығымен жеткіліксіз еді.   

Лю ағай мен Бао Шигуй бір бау шөпті жұлып, оның қанын және миын шөппен сүртіп тазалап, денесін қуана-қуана қапқа салды. Сосын қап машинаның артындағы шынжырмен асылған жүксалғышқа салынып, мықтап байланды.

- Мына арланның бойы екі жастағы тайыншаның бойына жетіп қалыпты, - деді сүйіне мақтанған Лю ағай.

Екеуі қолдарын шөппен сүртті, содан соң машинаға отырды және әлгі Ба-кеңесшінің машинасы жүрген жаққа жөнелді.

Екі машина өзара түйіліскен жерде тоқтады. Ба-кеңесшінің джипіндегі артқы орындықтың астында да бір томпайған кенеп қап жатыр.

- Мына жақтың бәрі сырға тал мен қурайдың сабақтары. Машина мүлдем жүре алмайды екен. Үш рет атқаннан соң ғана әрең бір бөлтірікті құлаттық. Сол бір топ көкжалдардың бәрі құртқалар мен бөлтіріктер екен. Бір жанұяның мүшелері сияқты, - деп дауыстады Ба-кеңесші. 

- Осы жердің бөрілері нағыз шайтан екен. Анау бірнеше арлан ең қолайлы шегіну жолдарын түгелдей құртқалар мен бөлтіріктерге беріпті, - деді күрсініп Сюй-кеңесші.  

- Тағы біреуін өлтіріпсіңдер! Үлкен жеңіс, үлкен жеңіс екен! Бүгін менің жайылымға келген бір жылдан астам уақыттың ішіндегі ең көңілді күнім. Әйтеуір шерімді тарқаттым-ау. Жүріңдер, әлгі екі өлі қасқыр жатқан жаққа барайық. Мен жақсы арақ, дәмді тамақ алып шыққан едім. Біз әуелі бір рахаттанып ішейік, - деп дауыстап сөйледі Бао Шигуй.

Чен Чжен асығыс машинадан секіріп түсіп, әлгі бөлтірікті көруге ұмтылды. Машинаның алдына барған ол кенеп қапты шешіп, атып тасталған әлгі бөлтірікті көрді. Өзінің бөлтірігіне өте ұқсайды. Дегенмен, оның бойы өзі асыраған бөлтіріктен әлдеқайда үлкендеу екен. Өзінің осынша жақсылап ішіп-жегізіп баққан бөлтірігінің бойы жабайы бөлтіріктің бойына әлі де жетпегенін ол ойламаған-ды. Жапан түзде өскен бөлтірік бір жылға жетпей-ақ кәдеге жарап, аң аулаудың арқасында өз жанын бағады.... Алайда, оның ғұмыры енді ғана басталғанда, адамдардың оғынан мерт болды.

Чен Чжен өз бөлтірігінің басын сипаған сияқты жан ашырлықпен мына бөлтіріктің басын бірнеше рет сипалады. Ол өз бөлтірігін аман сақтап қалу үшін осы еркін бөлтірікті қаза қылды.....

Екі джип оңтүстік тарапқа тартты. Көздері қайғы-қасіретке толған Чен Чжен шекаралық жайылымға бұрылып қарады: мына көкжалдар тобының басшы арланы және негізгі күштері бір сағатқа жетпейтін уақытта қырып-жойылды. Олар ешқашан мынадай шапшаң да жойқын соққыға ұшырамаған болса керек. Аман қалған бөрілер шекарадан қашып өтіп, қайта оралмайтын шығар. Алайда, айбарлы көсемі мен жауынгер негізгі күштерінен айрылған қасқырлар тобы ол жақта қалай күн кешеді екен? Кезінде Білге-ата мекенінен айрылған көкжалдардың күні үйсіз-күйсіз қалған иттерден де аянышты болатынын айтқан еді.

Джиптер ең алғашқы оқ атқан жерге беттеді. Екі атпал ересек үлкен бөрі көлкіген қанның ортасында жатыр. Екі көк шыбындар тобы олардың қанына үймелеуде екен. Чен Чжен тағы қарауға шыдай алмай, жападан-жалғыз жүріп кетті. Шөпті жерге отырған ол мелшиіп шекараның арғы бетіндегі аспанға алыстан көз тастады. Егер Білге-ата оның екі джипты бастап қасқырлар тобына қырғын салғанын білсе ақсақал не деп ойлайтын еді? Қария өзі оған қолма-қол үйреткен соншама көп көкжалдар жөніндегі білімі ең ақырында оларды қырғындау үшін қолданылды-ау. Чен Чженнің көңілі құлазыды. Ол бұдан кейін иен даладағы ақсақалдардың көзіне қалай қарайтынын білмеді.... Түн болғанда құртқалар мен бөлтіріктер міндетті түрде оралып, өздерінің марқұм қосақтарын және әкелерін іздейді. Олар даусыз қан төгілген жердің бәрін табады. Бүгін түнде осы сахарада бөрілер тобы зарлап ұлитын болады....

Лю ағай және Ваң інішек екі кенеп қапты джиптың артқы орындығының астына тиеді. Шөптің үстіне бірнеше үлкен оқ-дәрі оралған қатты қағаз төселді. Қағаздың үстіне үш-төрт шөлмек арақ, бір үлкен қалта дәмделген жержаңғақ, он шақты қияр, екі кесек қуырылған сиыр еті, шошқа еті салынған үш шыны құтысы, сондай-ақ бір табақ қой еті қойылды.

Бао Шигуй бір шөлмек арақты алып, Сюй-кеңесшіні ілестірген күйі Чен Чженнің жанына барып, оны түздегі дастарханға тартты.

- Чен інішек, бүгін маған үлкен көмек көрсеттің. Бүгін сен ерен еңбек сіңірдің. Егер де сен болмасаң, екі мерген өнерін көрсете алмас еді, - деді Бао Шигуй оны иығынан қағып.

Сюй-кеңесші және өзге үш әскери адам Чен Чженге стакандарын түйістіріп, құрмет көрсетті.

- Іш, іше ғой. Мен осы бірінші қадақты арнайы сен үшін көтеремін. Сен бөлтірікті асырап, қасқырларды зерттеп жатырсың. Зерттеулерің шынымен нәтиже берді. Бізді бірден олардың апанына бастап келдің. Сен білмейсің, кеше Бао Шигуй басшы бізді ілестіріп 100 астам километр айналшақтап жүрсе де, бір көкжалды да кездестірмедік. Кел, бір стакан іше сал. Рақмет саған, - деді шын пейілмен Сюй-кеңесші Чен Чженге. 

Өңі бозарған Чен Чжен бірдеме айтқысы келді, бірақ үндемеді. Ол қадақты алып, бір-ақ ішті. Оның оңаша жер іздеп тауып, өкіріп жылағысы келді. Әйтсе де, егер қытайлардың немесе әскерлердің өлшемімен бағалағанда, Сюй-кеңесші нағыз ер саналады. Ол сахараға жаңа ғана келген. Байтақ даланың ұстанымын, өлшемін ол қабылдамайды. Алайда, байырғы көшпенді тұрмыс олардың мылтықтарының аузында минут санап аяқталғалы тұр. Осыдан соң мұнда қытайлар тамыр таратпақшы. Сосын көпе-көрнеу кең даланың шөлге айналғанын көретін боламыз. Чен Чжен еріксіз бір қиярды алып, аяусыз шайнай бастады. Мингуң жұмысшылары сахарада еккен бақшалары қияр өнімін бере бастаған-ды. Оның жаңа піскен қияр жемегелі екі жылдан асыпты. Қытайлар еккен көкөністер мен жеміс-жидектер расында да дәмді ғой. Бәлкім қытайлар өлсе де өзгермейтін егін шаруашылығы сипатына және табиғатына ие болса керек. Әйтпесе, лық толған дәмді тағамдардың арасынан ол неге алдымен жалғыз қиярды таңдап жеді екен? Қиярдың хош иісі кенеттен ауыз толған қышқыл дәмге айналды....

- Чен інішек, біздің осынша көп бөріні өлтіргенімізге сен қайғырма...., - деді Сюй-кеңесші Чен Чженнің арқасынан қағып, - Байқасам, сен бөлтірікті асырап, оған бауыр басыпсың. Қарт малшылардың да біраз ықпалына түскен екенсің. Қасқырлар қоян, тышқан, қарақұйрық, суыр және басқа аңдарды аулауы шынымен кең дала үшін үлкен қызмет көрсетеді. Дегенмен, бұнысы өте байырғы тіршілік тәсілі. Жасанды серіктер аспанға ұшырылған қазіргі кезде біз ғылыми тәсілдерді толық қолдану арқылы байтақ даланы қорғай аламыз. Биңтуән «Ан-2» ұшақтарын жұмылдырып, сахараға улы дәрі және улы жем шашып, тышқан апатынан түбегейлі арылтпақшы.

Чен Чжен бір сәт аңтарылып қалды, бірақ дереу жауап қайтарды.

- Өйтпеңдер, олай қылмаңдар! - деп асыға сөйледі ол, - Егер де көкжалдар, түлкілер, қарсақтар және бүркіттер уланған тышқанды жесе, онда сахарадағы жануарлардың бәрі түгелдей қырылмайды ма?

- Тышқандар қырылып қалса, бөрілерді қалдырып не істейміз? - деді Бао Шигуй.

- Қасқырлардың зор пайдасы бар. Сендерге айтып түсіндіру қиын. Ең кемінде қарақұйрық, қоян, суырларды азайтады, - деп дауласты Чен Чжен.

Арақтан бет-әлпеті қызарған Лю ағай қарқылдап күлді.

- Қарақұйрық, қоян және суырдың бәрі де даланың әйгілі тағамдары, - деді Лю ағай, - Біздің ұшан-теңіз адамдар және еңбек ресурстары келсе, осы аңдардың етінен пісірілген дәмді тамақтар адамдардың жеуіне жеткіліксіз болады. Көкжалдарға қалдырады дейсің бе?

 

32

Адам+жыртқыштық=батыстықтар.... Осы жыртқыштық, әрине қытайлардың бет-тұрпатында көрінбейді деп айтудың қажеті жоқ. Ол белгі әуел бастан болмаған, немесе қазір жойылған. Егер кейін келе жойылған болса, онда біртіндеп тып-типыл адамгершілік ғана қалған немесе бара-бара тіл алғыш момындық болып жуасыған. Жабайы сиыр үй сиырына, жабайы қабан доңызға, бөрі итке айналғанда жыртқыш сипаттары жойылып отырды. Алайда, бұл ахуал малшыларды толық қуантқанмен өздеріне ешбір пайдасы болмады. Адам тек адам ғана, басқа нәрсе қосылмаса әрине бұдан артық жақсы болмас. Егер мүмкін болса, меніңше, азырақ жыртқыштық қасиеттің болғаны дұрыс. Егер төмендегідей формула дәл болса, қызықты болмас еді: «Адам+үй жануары=басқа белгілі бір адам».

Лу Сюн. «Болған-біткен жинақ» шығармасындағы «Қытайлықтардың беті туралы қысқаша пікір»

 

Түздегі тамақтану аяқтала сала Бао Шигуй Сюй-кеңесшімен бірер сөз сыбырласты. Екі джип солтүстік-шығысқа қарай жөңкілді.

- Бағытымыз дұрыс емес ғой. Бұрынғы келген жолмен қайтайық. Жүріс-бұрыс көбейеді, - деді асығыс Чен Чжен. 

- Отрядтың штабына 140 шақырымдай бар. Осынша алыс жолды босқа сандалып жүре алмаймыз, - деді Бао Шигуй.

- Біз жаңағы оқ атылған үш жерге жоламай айналып өтейік. Бәлкім, қасқырға тағы жолығуымыз мүмкін. Ол кезікпегенмен, түлкі кезіксе де болып тұр. Біздің армияның соғысуын жалғастыру, әскери жетістіктерді және даңқты дәстүрлерді ұлғайту керек ғой, - деді Сюй-кеңесші.

Джип кең көсілген қысқы жайылымға бірдемде кірді. Чен Чженнің көз алдына бетеге мен ақселеу жайқалған ұшы-қиырсыз дала көрінді. Ақселеу – қыс мезгілінде мал азығы болатын бағалы да құнды жемшөп. Өзге жыл мезгілдерінің шөбінен әлдеқайда биік өседі. Жапырақтарының ұзындығы екі кез болады. Шөптің сабағы мен масағының биіктігі бір метрден асады. Қыс келгенде, әдеттегі жауған жылдық қалың қар шөпті баса алмайды. Біршама ірі қар апатының өзінде де ақселеудің сабақтары мен масақтары бұрынғыдай қардың ішінен жартылай қылтиып тұрады. Сонымен қатар, ол мыңғырған төрт түлік малдың тамаша азығы болып табылады. Оның үстіне, қойлар ақселеудің нобайымен қарды ойып, оның астындағы шөптің жапырақтарын жейді. Олұн сахарасының қыс мезгілі жеті айға созылады. Тұтас отрядтың малының қыстан арықтамай аман-есен өтуі түгелдей осы көлемді қыстауға байланысты болады.

Күзгі желдің соғуымен теңіздей толқыған шөп баяу ырғалып түйдектелуде. Сонау шекара сызығынан бастап тура жайқалған шалғын шөп джиптерді көмкерді. Машиналардың дөңгелектері шөпке көмілді. Екі кішкене машина құдды екі катерге ұқсап, шалғын теңізде толқын жарып, желдің ығымен зымырап келеді. Сәл жадыраған Чен Чжен ішінен «Өрістегі мынадай қап-қалың да биік шалғын алқапта көкжалды іздеп табуды ойласаң, астрономиялық телескопты қолдансаң да бекершілік қылып, босқа әуреленесің» деп ойлады.

Чен Чжен тағы бір рет дала бөрілеріне және жылқышыларға елжірегенін аңғартты. Мына шеті ойылмаған сап табиғи, сап байырғы көрінген көркем кең дала іс жүзінде қасқырлар және жылқышылардың жылдан-жылға ащы тер мен қан төгіп, жанын сала қорғауының арқасында ғана сақталды. Осы көрікті табиғилық пен байырғылықтың ішінде адамдар мен көкжалдардың сансыз еңбегі қамтылған. Әр жолы қар жауғаннан кейін малшылар төрт түлік малды қыстауға айдаған уақытта, бөрілер тобының оларға қылған қайырымдылығын сезінеді. Малшылар ұдайы қасқырдың ұлығанына ұқсайтын ұзақ та қалтыраған дала мақамына салғанда, Чен Чжен әр жолы ұйып тыңдайтын, көңілі масайрайтын.

Екі джип жылдам жүріп келеді. Мергендердің бойына арақтың уыты жайылған, бірақ олар әлі де дүрбілерін көтеріп, көкжалдың терісі мен етін егжей-тегжейлі іздеумен әбігер. Чен Чжен әлі де өз ой-қиялына шомған күйде отыр. Ол ешқашан адамдар мен үй жануарлары келуден бұрын жайылымға бармаған-ды. Мынадай тыныш та тез қарқынмен шеті бұзылмай тұнып тұрған қысқы жайылымның байырғы көркін еркін шолып тамашалағаны осы. Бұл сәтте кең көсілген шексіз жайылымда жалқы от, бірде-бір жылқы, сиыр, қой көрінбейді. Жарты жылдай әлденіп тыңайған қысқы жайылымның шөбі қалың жасыл-желек болса да, мал төлдейтін көктеулікке қарағанда анағұрлым құлазулы көрінуде. Көктемгі жайылымда көптеген тас пен топырақтан салынған қотандар, қоймалар және құдықтардың биік-биік тұғырлары бар. Яғни, қолдан жасалған нысандар бүкіл жайылымға жайылған. Ал қысқы жайылымда адамдар мен үй жануарлары қардың суын ішеді, құдық қазып тұғыр-текшелерін жөндемейді. Қыс мезгілі келгенде, қозылар мен бұзаулардың бәрі әлдеқашан марқаланып өсіп-өнеді. Сол себепті, оларға бастырма, қалтқа, қора салудың қажеті болмайды. Тек өгіз арбалардан, жылжымалы ағаш дуалдан мен үлкен киіздерден жарты шеңбер етіп жасалған қалтқы ғана қой қорасының қызметін атқарады. Сондықтан күздің басында осы қысқы жайылымға байыппен қараған кезде, көз алдына адам мен төрт түлік малдың қарасы, қолдан жасалған бірде-бір ғимарат көрінбейді. Тек өркеш-өркеш толқындарға ұқсаған ақселеу ғана жайқалып тұрады. Егер казактардың қара елтірі кубанка қалпағын киген Григорий кенеттен осы жайылымда пайда болса, Чен Чжен ол екеуінің арт жағында әдемілігі адамның көңілін үйіретін Дон өзені алабындағы даланың жатқанына әрине күмәнданбас еді.

Бұрын орта мектепте оқып жүрген кезде Чен Чжен «Тынық Дон» романын екі-үш рет оқыған және киносын да көрген. Кейін ол Бейжіңнен кеткен уақытта, «Тынық Дон» және байтақ сахара жөніндегі басқа кітаптарды өзімен бірге Олұн даласына әкелген-ді.

          «Тынық Дон» да Чен Чженнің иен далаға келуінің бастапқы қозғаушы күштерінің бірі болды. Оның Дон сахарасы жөніндегі ой-қиялын Григорий, Наталья және Аксинья сияқты еркіндікті сүйген адамдар ұштаған. Ал Чен Чженнің Моңғолия даласына әуестенуі еркіндікті сүйетін, азаттығын жан-тәнімен қорғаған бөрілерден және далалықтардан келіп шыққан. Кең сахараның магниттей тарту өрісі неге осынша қуатты? Оның жүрегіндегі компастың тілі неге әрдайым осы бағытты қылмыңдап көрсетіп тұрады? Чен Чжен байтақ даланың кіндігінен келіп шыққан дірілін және құтқаруға шақырғанын үнемі сезінеді. Оның сахарамен арадағы ерекше рухани ортақтығы бала мен ананың жан-көңіл дүниесінің ортақтығынан анағұрлым сырлы, анағұрлым терең. Бұл сезім шешеден, әжеден, әженің әжесінен де бөлек, едәуір көне Хауа-анадан үрім-бұтағына жалғасқан телепатия деп білуге болады. Чен Чжен ешқашан да сезіп білмеген жүректің терең түкпірінен шыққан ең ежелгі сезім болып табылады.

          Чен Чжен құлазыған жым-жырт далаға қарап, қиял дүниесіне батты. Ол құдды тарихтан бұрынғы қараңғы замандағы адамзаттың ата-бабасын анық көргендей болды. «Адамзатты түзу тұру және еңбек жаратты» деген екен данышпандар. Демек, адам тәрізді маймылдар, яғни синатроптар ну орманда немесе иен далада тік тұрып жүре бастады? Бұл «атамекен» жөніндегі күмәнді сауалды тіпті де тереңдетеді.

          Чен Чженнің даланың жыртқыш аңдарымен араласқанына екі жылдан асты. Оның ойынша, маймыл орманда тік тұруды үйренген емес. Өйткені орманда маймылдың алдыңғы аяғы ерекше маңызды әрі дамыған болуы керек. Орманда алысты көру үшін сөзсіз биікте тұру керек. Жыртқыш жануарлардан сақтану үшін тіпті де биікте тұруы шарт. Ал биікке жармасу үшін алдыңғы аяғына сүйенеді, жеміс-жидек үзіп жеу үшін де алдыңғы аяқ роль атқарады. Ең маңыздысы маймылдардың орманда тез жүгіруі алдыңғы аяғы арқылы болады. Маймылдың алдыңғы аяғы соншама маңызды болғанда, олардың артқы аяғының дамуы мүмкін емес, артқы аяқ тек көмекші роль атқарады. Ол дербес орындалатын жүрудің қажетінен шыға алмайды. Сондықтан орманда адам тектес маймылдың тік жүруі мүмкін де емес, әрі онша маңызды емес.

          Сонан соң жан-жануарлардың көбеюі, орман-тоғайларда сығылысып үймелеуі, азық-түліктің біртіндеп азаюы себепті, рақымсыз қоршаған орта маймылдардың бір бөлігін орманнан ығыстырып шығарды, иен далаға баруға мәжбүрледі. Сахараның жаңа қоршаған ортасы маймылдардың артқы және алдыңғы аяқтарының функцияларын өзгерте бастады. Бір жағынан байтақ далада қасқырлар жасырынатын, жолбарыстар еңістеп жүретін қатерлі орта болып табылады. Оның үстіне, жоғары өрмелейтін биіктік те жоқ. Биік ағаштар болмағандықтан, маймылдар қалың шөптің ішінен алыстағы жауларын және жан-жануарларды көру үшін түрегеліп жүруі керек болды. Енді бір жағынан, сахарада сүйенетін ағаштар мен бұтақтар болмағандықтан, маймылдардың алдыңғы аяқпен жылдам «жүру» функциясының пайдасы болмай қалады. Кең дала олардың артқы аяқтарын бірте-бірте нығыздап күшейтуге мәжбүрлейді. Жүздеген мың жылдың ішінде артқы аяқтарды дамылсыз пайдалану маймылдың омыртқасы мен аяқ сүйектерінің сәл созылып тегістелуіне әкелді, синатроптардың кеудесі мен артқы аяғының тік тұрып, бой созуын тездетті. Тік тұру арқылы маймылда шын мәніндегі адамның аяғы қалыптасты. Сондай-ақ барлық жануарларға «бір көргеннен-ақ үрей тудыратын», оларға үкім шығаратын қолдар босатып берілді һәм дамытылды. Бұл өз кезегінде тіпті де қорқынышты үлкен мидың және ақыл-парасатының жақсартылып кемелденуіне түрткі болған. Сол себепті, синатроп барша жыртқыш аңдарды жеңіп, аңдардың патшасына айналды, сосын ең ақырында адам болып өзгерді.

          Қолдарына тас балта және алау ұстаған алғашқы қауымның адамдары күресіп айқасу бейнесінде тік тұрып кеткен-ді. Тас балта әуелі жабайы аңдармен шайқасудың қаруына, содан кейін ғана азық-түлікті табатын өндіріс құрал-сайманына айналған. Шайқасу әуелі оның тіршілігі үшін қажет болды, ал сосын тіршілік ету үшін еңбек ету керек болды. Адамның жаратылуын тік тұрып жүру және еңбектену ғана емес, сондай-ақ тік жүріп жүргізген әлгі сансыз күрестер де нағыз адамның жаратылуын жылдамдатты. Тік тұрудан бас тартқан, төрт аяқтап жөңкілуді жалғастырған әлгі маймылдар ақырында жолбарыс, қабылан, арыстан, көкжалдарға жете алмағандықтан жарамсыз болып шеттетілді. Чен Чженнің көп жылдан бергі байқаулары, ойлары және түйсігі оның өзіне ұғындырғаны: маймылдар ұлан-байтақ далада тік тұрып жүріп кеткен. Ал дала бөрілері маймылдарды тік тұрып жүруге мәжбүрлеген басты факторлардың бірі болып табылады. 

          Сондықтан рақымсыз да көркем сахара Қытайдағы ұлттардың өрбіген мекені ғана емес, бүкіл адамзаттың да атамекені һәм бесігі болып табылады. Кең дала – адамзаттың тік тұра сала бүкіл жаһанға «қадам басқан» бастапқы жері. Ұлы дала алқабы – адамзаттың ең байырғы қарт әжесі. Чен Чжен кең даланың әрбір шөбі мен жапырағынан, әрбір түйір құм-топырағынан тараған бір түрлі ежелгі де мейірбан сезімнің оның өн-бойын мықтап орағанын сезеді. Сонымен бір уақытта, оның кеудесінде көптен бері бір қап-қалың ашу-ыза тұр. Оған өрістерді өртеген, тың игеру үшін жерді өңдеп, сахараны ойрандаған әлгі егіншілер қауымы ең надан да көрсоқыр, ең зұлым да қаныпезер қылмыстылар тобыры ретінде көрінуде.

          Джиптер аласа шөппен көмкерілген ескі жолмен шығысқа қарай құйғытып келеді. Жол үстіндегі құм нығыз, топырағы қатқыл. Алайда, малшылар жаңа жайылымға көшкенде жолдың бойында қалатын малдардың тезек-құмалағы және жемтігі біршама көп болады. Сол себепті, ескі жолдағы жабайы шөп-өсімдіктер аласа болғанмен, мығым өседі, түсі қою жасыл болады. Алыстан көргенде, иен даланың ескі жолдары сахараның терең түкпірлеріне дейін созылған аласа, жасыл түсті жертаса траншеяларға ұқсайды.

Чен Чжен кенет алдыңғы жақтың оң тарапына жақын орналасқан қалың шөптің арасынан үш қара ноқатты байқады. Ол бұның үлкен түлкі екенін біле қойды. Алдыңғы аяқтарын кеудесіне көтеріп, артқы аяғымен тік тұрған халде кеуде жағын шөптен қылтитып шығарған түлкі алыстан машиналарға қадала қарауда. Түстен кейінгі күннің сәулесі түлкінің басын, мойнын, кеудесін қызғылт сары түске бөледі. Жүннің реңі қардай аппақ желкесі және кеудесінің алдыңғы жағы ақшыл сары түске боялып, сарғылт бетеге шөбінің шашақтарымен бір түс болып араласқан екен. Ал желкесінен жоғарғы жақтағы үш қара нүкте керісінше айрықша анық көрініп тұр. Онысы – түлкінің екі құлағы және тұмсығы. Чен Чжен Білге-атамен бірге түлкіні аулауға шыққан уақытта, әсіресе қыстың қарлы даласында түлкі аулаған әр жолы қария әрқашан оған әлгі «үш қара нүктені» көрсететін. Тәжірибелі аңшылар «үш қара нүктенің» астыңғы жағын көздеп атады екен. Айлакер түлкінің жасанды киімі және батылдығы дала аңшыларының көзінен таса қалмайды. Керісінше, осы жолы түлкілер үздік атқыштардың қырандай көзіне оңай түспеді. Чен Чжен үн шығармады. Ол тағы да қанға ортақ болғысы келмеді. Оның үстіне, әдемі де айлакер түлкі де сахараның тышқандарын аулайтын шеберлердің бірі ғой. Джип ақырын ғана «үш қара нүктеге» жақындады. Жым-жырт бүгілген «қара нүктелер» қалың шөптің арасында ғайып болды.

          Тағы біраз жүрген соң, бір үлкен қоянның қалың шөптің арасынан қылтиып тұрып, джиптерге қадала қарап тұрғаны көрінді. Денесі сирек шөптің шашағымен реңдес болып араласыпты. Кеудесіндегі жүннің түсі де шөптің шашағымен бірдей болыпты. Алайда, әлгі салпиған екі ұзын құлағы оның бүркемелеп тығылғанын бұзып тұр.

          - Әй, алдымызда бір үлкен де семіз қоян бар. Іс жүзінде, байтақ далаға үлкен апатты сол әкеледі. Атамыз ба оны? - деді Чен Чжен ақырын сыбырлап.

- Қазір атпау керек. Қасқырларды атып құртқан соң, жабайы қояндарды да атармыз, - деді сәл көңілсізденген Бао Шигуй.

Қоян тағы бойын бірнеше кез биіктетіп көрсетті. Ол машинадан мүлдем қорқатын емес. Джиптермен арадағы қашықтық ондаған метр құрағанда ғана мойнын жиырып, шөптің арасынан көрінбей кетті. Шөптің жұпар иісі барған сайын қоюланды. Қалың бетеге теңіздей толқиды. Мергендер де қысқы жайылымда олжа боларлық аңдарды кездестіре алмайтынын сезінді. Джиптер амалсыздан оңтүстіктегі бетегелі жайылымға құйғытып, айналасында адырлар қаптаған күзгі жайылымға келді. Бұл жердегі шөп біршама аласа екен. Алайда, малшылар жүздеген жылдар бойы осы жерді күзеулік етіп белгілеуінің себебі – адырлы жайылымның өсімдіктері көп, жері құнарлы. Күз мезгілінде жауқияқ, жабайы жоңышқа, бұршақ секілді әртүрлі шөптердің масақтары мен дәнектері пісіп, май және ақуызбен (белок) зіл-батпан болып толықсып тұрады. Қойлар осында келсе, бәрі бастарын көтеріп шөптің дәндерін жұлып жейді және оны қара бұршақ пен арпа араластырылған жем-шөпті сияқты жейді. Осы асыл тұқымдар және дәндермен қоректенудің арқасында Олұн даласының қойлары күзде қалыңдығы үш елідей жота мен құйрық майын жинайды. Ал бұндай байырғы ғылыми білімнен бейхабар келімсектер жеткілікті дәрежеде семіріп май жинай алмаған қойлардың қыстан аман шықпайтынын түсінбейді. Көктемде саулықтарда сүт қалмаса, қошақандар топ-тобымен қырылады. Екі жылдан бері Білге-атаның үйретуімен Чен Чжен тез арада мал бағудың шеберіне айналды. Ол еңкейіп қолын созып, шөптің дәнін жұлды, алақанына салып үйкеледі. Дәнек пісейін деп қалған екен. Отряд күзеулікке көшуге дайындалуы керек екен.

          Жайылымдағы шөптің жартысынан көбісі аласарып, көру аясы кеңейді, машинаның жылдамдығы қарқын ала бастады. Бао Шигуй кенет жол үстінен бірнеше жерден көкжалдың жас мәйегін байқады. Мергендер тағы желпініп қалды. Чен Чжен дереу алаңдай бастады. Бұл жер манағы бөрі атқан жерден 60-70 шақырым аралықта орналасқан. Егер осында қасқыр болса, адамдардың аяғы баспаған солтүстіктен тым-тырыс келген екі машинаға қарсы сақтық шараларын қолдана алмай қалады.

Джиптер бір аласа белестен енді асқан мезетте кенеттен машинадағы үш адам «Көкжал! Көкжал!» деп ақырын дауыстады. Көзін уқалаған Чен Чжен машинаның алдында 300 метрден астам қашықтықтағы жерде бір ірі арланның жылт еткенін көріп қалды. Олұн сахарасында дәу арландар өзінің зор күшіне және қарқынды жылдамдығына арқаланып, көбінесе өз үйірінен бөлініп, жалғыз жортады. Сырттан қарағанда, бөлек жүріп, олжасын жеке өзі жейтін өзімшілге ұқсайды. Іс жүзінде, бөрілер тобының арнайы міндет жүктелген әскерлері саналған олар өз «тайпасы» үшін орасан зор орайларды іздестіреді.

Дәу арлан жаңа ғана бір ұйықтап алған секілді. Машиналардың гүрілін естіп, қатты шошыған ол жанталаса жыраның шөбі қалың жеріне ұмтылды. Лю ағай педальды баса түсті.

- Осынша жақыннан құтылып кетпекшісің ғой сен, ә! - деп айғайлап жіберді ол.

Джип дәу арланның қашқан жолын кесе заулады. Ол жалма-жан бұрылып, алдындағы жотаның төбесіне өршелене қашты. Жүгірген қарқыны қарақұйрықтың жылдамдығымен шамалас еді. Алайда, Ба-кеңесшінің машинасы оны лезде нығыздап тақымдай түсті. Екі джип екі жағынан қыспаққа алған халде арланды екпіндетіп бастырмалады. Ол барша жылдамдықпен жүгірді, бірақ джиптер оған жақындай берді.

Екі үздік мерген өзара сыпайылық танытып, бір-біріне жол берісті.

- Сенің орның қолайлы. Сен ат! - деп дауыстады Сюй-кеңесші.

- Сенің атқаның дәл болады. Одан да сен ат, - деді Ба-кеңесші.

Бао Шигуй қолын сілтеп, дауысын көтере сөйледі:

- Атпаңдар! Ешкім де атпасын! Бүгін оқ теспеген бүтін бір қасқырдың терісін алайық. Мен тірідей оның терісін сыдырып аламын. Тірідей алынған мұндай терінің сапасы жақсы, түктері жаңа да жылтыр болады. Ондай терілер ең қымбат бағалы келеді!

- Өте дұрыс! - деді бір ауыздан екі мерген және екі шопыр жарыса қолдау білдіріп.

- Көр де тұр. Мен оны қуып жетіп, тырп еткізбей титықтатып, қолға түсіруге кепілдік беремін! - деді Лю ағай Бао Шигуйға бас бармағын нұсқап.

- Мен міндетті түрде көкжалды қуып, қан құстырамын! - деді Ваң інішек.

          Шөбі аласа қайқаң да жатаған адыр джиптердің өзін көрсетіп, еркін қимылдайтын жері болып табылады. Екі машина осынша жақын қашықтықта бір бөріні қыспаққа алды. Дәу жыртқыштың қашып құтылу мүмкіндігі қалмады. Барынша жүгірген ол ақ көбік құса бастады. Қауырт та қатерлі джиппен қасқырды аулау айқасы кенеттен көңіл көтеретін қуанышты ойынға айналды. Чен Чжен сахараға келгелі адамның көкжалға осыншама парықты үстемдік жүргізетінін ешқашан ойламаған еді. Ғасырлар бойы иен далада үстемдік құрған бөрілер осы уақытта жабайы қояндардан да мүсәпір халге түскен-ді. Чен Чженнің миында кенеттен «Мешеулер таяқ жейді, озықтар адамды ұрып үстемдік етеді» деген сөйлем түсе қалды. Тәңірдің табиғаты расында да осындай рақымсыз ба еді?

          Екі асқан шебер шопыр жүргізген джиптер аспай-саспай бір ырғақпен дәу қасқырды баспалап қуып келеді. Ол жылдам жүгірсе, машина да қарқынын үдетеді. Ол жүрісін баяулатса, машина да баяу жүреді. Сондай-ақ құлақты түршіктіретін жағымсыз сигнал оны жылдам жүгіруге мәжбүрлейді. Машиналар мен көкжалдың арасында 50-60 метрдей қашықтық сақталуда. Дәу бөрінің қарқыны тез болғанмен, оның денесі де үлкен күшін сарп етіп, шығындауда. 20 астам шақырым қуғаннан ол тоқтаусыз ақ көбік құсып, аузын айқара ашып, әлі де ауыр тыныстап жүгіріп келеді. Чен Чжен осыншама ұзақ қасқырды қуалағанды, машинада отырып оның жөңкіліп қашқанын ешқашан көрмеген-ді. Дала көкжалдары да жаулардың ентігін басуға титтей орай бермеген жағдайда қуалағанына ешқашан ұшырамаған болатын. Чен Чжен бір сәт көздерін жұмып, осы көріністі көруге дәті шыдамады. Сосын керісінше көп төзе алмай, көздерін қайта ашты. Ол дәу бөрінің бұдан да жылдам қарқынмен қашуын немесе аспанға бойлап, жердің астына кіріуін, аңыздардағы қанатты қасқыр секілді шалғын жерден аспанға көтеріліп, бұлтқа сіңуін қаншама тіледі. Немесе кезінде өзі қазған әлгі терең апан-үңгірге кіріп кетуін армандады. Алайда, дәу көкжал аспанға да ұшпады, үңгірді де таба алмады. Сахарадағы бөрілер туралы аңыз-риуаяттар алдыңғы қатарлы ғылыми-техникалық құрал-жабдықтардың алдында түгелдей дәрменсіз қалды. Дегенмен, көз алдындағы дәу қасқыр әлі де жанын салып жүгіруде. Барынша жанталасқан бұл жануардың барлық жігері мен қайсарлығы жөңкіліп қашуға жұмсалуда. Тек қуалаған дұшпаны оған жете алмаса болғаны, ол осылай қаша беретін сияқты. Чен Чжен машинаның алдынан кенеттен шұңқыр, жыра, сиырдың сүйек қаңқасы секілді тосқауылдың пайда болуын шындап армандады. Тіпті машинадан өзінің құлап түсуіне де риза болатын сияқты....

Екі машинадағы аңшылар осындай зор, айбарлы, әдемі дәу көкжалды кездестіргеніне мәре-сәре болғаны соншалық, арақ ішкеннен де қызарып алған.

- Мына бөрі біз атқан әлгі қасқырдан да үлкен екен. Терісінен бір бүтін былғары төсеніш жасауға болады. Тіпті жалғаудың да қажеті жоқ, - деп қиқулады Бао Шигуй.

- Бұл теріні сатпаңыз. Биңтуәннің қолбасшысына сыйға беріңіз, - деді Сюй-кеңесші.

- Дұрыс! Биңтуәннің қолбасшысына тарту етейік. Мұндағы көкжалдардың қаншалық үлкен екенін, апаттың аса ауыр екенін білсін, - деді Ба-кеңесші.

- Ішкі Моңғолияның даласы – түктерін тартсаң, майы аққан ырысты жер. Бір жыл ішінде-ақ қалалықтардан да әдемі байып шыға келеміз, - деді рульды ұрып Лю ағай.

Сол мезетте Чен Чженнің жұдырығы қатты түйіліп, тер шықты. Ол анау Лю фамилиялы кәпірдің қақ желкесінен бір соққысы келді. Алайда, оның көз алдына кенеттен үйіндегі бөлтірігі есіне түсіп, жүрегінде бір сәт мейірім мен жылы сезім қылт етті. Құдды үйінде шырылдаған сәбидің оның қайтуын һәм тамақ беруін күткендей көрінді. Оның білегі дәрменсіз салбырады, өзінің бүкіл тұла-бойы және миы ағаштай сірескенін ғана сезінді.

Екі джип ақыры бөріні ұзын еңістеу беткейге қарай қуалады. Мұнда жыра, биік құз бен шың, ор, терең сай жоқ. Қасқыр тиімді қолданатын жер бедерінің ешқайсысы жоқ. Екі джип бір уақытта клаксондарын басып, даланы басына көтеріп, құлаққа түрпідей тиіп, керең қалдыратындай шуылдап, тықсыртып келеді. Үздіксіз жүгіргеннен дәу көкжалдың аяқтарының сіңірлері тартылып, қуаты сарқылды. Байғұс жануардың ақырында жүгірісі баяулап, жылдамдығы едәуір төмендеді. Жүгіргеннен аузынан ақ көбігі де шықпай кетті. Екі шопыр қалай болса да клаксондарын бажылдатып, бөрінің жылдамдығынан аспай қуғындауда.

Бао Шигуй Сюй-кеңесшінің мылтығын алып, қасқырдың денесінен жарты кез жоғары асыра кезеніп, екі рет оқ атты. Оқтар жануардың жүнін жанап өткендей болды. Көкжалдар ең қорқатын бұндай дыбыс дәу бөрінің тұла-бойындағы ең соңғы күш-қуатын сарқытты. Ол жарты шақырым жөңкіле жүгірді. Қатты жүгіргеннен тынысы буылып, өкпе көпіршігі жарылған секілді. Ол кенет тоқтап, ең соңғы ақтық қауқарын жұмсап, денесін бұрып отыра қалды, ең ақырғы рет емеурінін көрсетпек болды.  

Екі джип оған үш-төрт метр арадағы жерге тоқтады. Мылтығын асынған Бао Шигуй машинадан секіріп түсті. Бірнеше секунд байқап тұрған ол қасқырдың қимылдамағанын көрген соң батылданып, мылтықтың сүңгісін шығарып, жыртқышқа кезеген халде ақырын оған қарай аяңдады. Дәу көкжалдың тұла-бойы қарысып, көз жанары безектеп, үлкейген қарашықтары от шашты. Бао Шигуй оған жақындады. Жыртқыш сонда да қозғалмады. Ол мылтықтың сүңгісімен бөрінің тұмсығын түртті. Жануар әлі де қимылдамады.

- Мына қасқырды әбден қуалап, есінен тандырған екенбіз, - деп қарқылдап күлді Бао Шигуй. Осыны айтқан соң алақанын созып, иттің басын сипағандай жыртқыштың басынан сипағысы келді. Бұл - ғасырлар бойы Моңғолия сахарасында жапан түзде мелшиіп отырған тірі көкжалдың басынан сипаған тұңғыш адам болуы мүмкін. Дәу бөріде бұрынғыдай ешбір реакция сезілмейді. Бао Шигуй оның құлағын тағы сипаған кезде, жабайы аң мың жылдық тас мүсіндей «дүрс» етіп жерге құлады....

Чен Чжен құдды қылмыс жасаған кісідей үйге қайтты. Оның киіз үйге кіруге батылдығы жетпеді. Бір мезгіл әрі-сәрі болған ол бәрібір өз үйіне кірді. Чжаң Цзиюән Яң Кэ және Гао Цзянчжуңмен бүкіл дивизияның қасқырларды жаппай жою науқаны жөнінде әңгімелесіп отыр екен. Чжаң Цзиюән сөйлеген сайын ашуланды. 

- Қазір бүкіл дивизия бойынша көкжалдарды қырып-жойып, терісін сыдырудан бәрінің көздері тұнды. Мергендер мен халық жасағының өкілдері жүк машиналарға және жеңіл машиналарға бірге шығуда, жанармай мен оқ-дәрімен жеткілікті түрде қамдалуда. Тіпті әрбір полктың дәрігерлері де түгел аң аулауға шығыпты. Олар Бейжіңнен түссіз де иіссіз уытты улы дәрі алдырып, өлген қойлардың денесіне шприцпен құйып, жапан түзде қалдырады. Осылай қаншама бөрінің уланып өлгені белгісіз. Бұдан да сорақысы, Биңтуәнмен бірге ілесіп келген мингуңдардың жолдарды жөндеу бригадасы бесаспап қарудың бәрін асынып, иен далаға шұбырып, қасқырларды жару тәсілін ойлап тапқаны. Тауды жарып, тас өндіретін жарылғыш заттар қойлардың жілігінің арасына салынады, үстіне қойдың майы жағылады, көкжалдар тобы көп жүретін жерге қойылады. Бөрілер сүйекті бір тістегеннен-ақ жарылған оқ-дәрі бастың жартысын жұлып жібереді. Мингуңдар жер-жерде орналастырған қойдың сүйектеріне салынған жарылғыш заттар малшылардың біраз төбеттерін де жарып жіберіпті. Дала қасқырлары халықтың соғыстың шалқар теңізіне тап болды. Барлық жерде «Ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырайық дәстүрді, ешбір тастамаймыз шайқас майданын қырып тауыспағанша жыртқыштарды» деп әндетуде. Естуімше, малшылар әскери округтың штабына арызданған екен....

- Біздің отрядтың келімсек жұмысшылары да осы бірнеше күнде жігерленіп, бір шыққанда бес-алты ірі көкжалды жойыпты. Малшыдан диқанға айналған бұл адамдар тобының бөрілерді аулау техникасы тіпті жоғары екен. Мен екі шөлмек арақты берген соң ғана олардың қасқырды қалай аулайтынын әрең білдім. Олар да көкжалдарға қақпан құрып аулайды, бірақ осындағы малшылармен салыстырғанда айласы біршама көптеу екен. Жергілікті аңшылар әр уақытта қойлардың өлексесінің жанына қақпан құрады. Уақыт өткен сайын бөрілер бұның сырын біліп қойған. Олар жапан далада жатқан өлі қойларды бір көріп-ақ айрықша сақтық танытып, тиісуге асықпайды. Көбінесе мұрны ең сезімтал басшы арланның қақпанды иіскеуін күтеді. Қақпан қазып шығарылғанда ғана олжаға ауыз салады. Ал мынау келімсек жұмысшылар бұндай тәсілді қолданбайды. Олар арнайы қасқырлар көп жүретін жерде қақпан құрады, жанында ешқандай малдың өлігін, сүйектерін де қоймайды. Жердің үсті теп-тегіс етіп тегістеледі. Олжаны түсіру үшін олар нені пайдаланатынын тауып айтып бере аласыңдар ма? Өлсеңдер де таба алмассыңдар.... Олар жылқының боғын ерітілген қойдың майымен араластырып, оны қайта шығарып кептіреді екен. Содан соң қойдың майының иісі сіңген жылқының боғын ұнтақтап үгітіп, қақпандардың жанына көптеп себеді екен. Осыны жем қылады екен. Көкжалдар сол жерден өткен уақытта, қой майының иісін иіскеп білетін. Өлген қойдың, оның еті мен сүйектері болмағандықтан, бөрілер қырағылығын оңай жоғалтып, оң мен сол жақтарын иіскейді. Жан-жағын иіскелеп жүргенде қақпанға түседі екен. Айтыңдаршы, бұдан асқан әккілік бар ма? Тауық ұрлаған дән татырмайды. «Сендер осы әдісті қолданып, туған жердің қасқыр апатынан арыласыңдар....» дейді екен Ваң ағай, - деді Гао Цзянчжуң.

Чен Чжен олардың әңгімесін тыңдауға мұршасы жетпеді. Ол есікті итеріп ашып, бөлтірік тұратын шарбаққа аяңдады.

- Бөлтірік, бөлтірік, - деп ақырын шақырды ол.

Күні бойы ешкімді көрмеген бөлтірік те оны сағыныпты. Шеңбердің ең жиегінде ықылас-пейілмен тұрған бөлтірік құйрығын бұлаңдатып, жігіттің шеңбер ішіне кіруін тіледі. Тізерлеп отырған Чен Чжен бөлтірікті қатты құшақтаған күйі өз бетін бөлтіріктің басымен түйістірді, ұзақ уақыт жібергісі келмеді. Жайлаудың күзгі түндері қырау түсіп, суық тартады. Құлазыған жаңа жайылымда көкжалдардың дірілдеген ұзақ ұлыған мұңды дауысы әлдеқашан алыста қалған.... Чен Чжен ақыры құртқалардың бөлтірікті тартып әкетуінен енді алаңдамайтын болды. Әйтсе де, осы кезде ол керісінше олардың бөлтірікті әкетуін, шекаралық сызықтың солтүстік жағына ертуін ерекше тіледі....

Чен Чженнің артында қадам басқан біреудің тоқтағаны естілді. Артынан Яң Кэнің үні естілді: 

- Ламжабтың айтуынша, ол ақ түсті арлан бастаған бір топ бөрілердің шекаралық тас жолдың ар жағына өткенін, полк штабындағы әлгі «ГАЗ» маркалы жеңіл машинаның оларға жете алмағанын көріпті. Ақ арлан бұдан былай Олұн даласына қайта оралмайды деп ойлаймын.

Чен Чжен түнімен ұйықтай алмай дөңбекшіді.

 

33

ХІІІ ғ. басынан ХV ғ. аяғына дейінгі үш ғасыр христиан әлемі үшін құлдырау кезеңі болды. Осы бірнеше ғасыр моңғол тайпаларының дәурендеген кезеңі болып табылады. Орталық Азиядан келген көшпенді тұрмыс сол кездегі әйгілі болған жаһанды биледі. Бұл дәуірдің ең шырқау шегінде Қытай, Үндістан, Парсы, Мысыр, Солтүстік Африка, Балқан түбегі, Венгрия және Ресейге үстемдік жүргізген моңғолдар немесе олармен нәсілдес түркілерден шыққан түріктер және олардың салт-дәстүрлері билеп-төстеді.

Х.Уэльс (Ұлыбритания). «Дүние жүзі тарихына шолу».

 

Аюды, жолбарысты, арыстанды және пілді жетелеуге болады. Дала бөрісі сүйреп жетелеуге көнбейді. Бөлтірік қылқынып өлуге риза, бірақ көшкен елдің өгіз арбасына жетектеліп жүруге бейім емес.

Бүкіл отрядтың сиырлары мен қойлары таң сәріде алдын-ала жолға шықты. Жер қайысқан дабыралы көш әлдеқашан батыс жақтағы жотадан асып, топтарға бөлінген халде отрядтың күзгі жайылымына жылжуда. Алайда, 2-топтағы зиялы жастардың алты өгіз арбаға тиелген көші әлі қозғала қоймады. Білге-ата мен Касымай адам жіберіп, оларды екі рет асықтырды. Чжаң Цзиюән осы бірнеше күнде үй көшірісу үшін арнайы келген еді. Дегенмен, өлсе де қыңырлығынан таймайтын бөлтірікке Чен Чжен мен Чжаң Цзиюәнның шарасы таусылып, ешбір амалдары қалмады. Оны баққан жарты жылдан бері талай сұрапыл дауылдар және асау толқындарға ұқсаған қысым мен қиғылықты басынан өткізіп, бағын сынаған Чен Чженнің ең ақырында бөлтірікті көшпен бірге алып жүруге амал таба алмауы ойына да келмеген.

Көктемгі жайылымнан көшкен уақытта бөлтірік емшектен енді-енді шыққан, тұрқы қарыстай ғана бір тентек еді. Көшкен кезде ол кепкен сиыр тезектері салынған ағаш кебежеге салып әкелінген-ді. Көктемнің жартысына жуығы және бүкіл бір жаз бойы тамақты жайпап жалмаған бөлтірік күздің басында дене бітімі орташа арланға айналған-ды. Үйде оны салуға болатын темір сандық немесе темір тор жоқ. Сандыққа сала алатын жағдайдың өзінде де Чен Чженнің оны сандыққа кіргізетін ешбір амалы қалмаған еді. Оның үстіне, оның бөлтірікті тасымалдайтын бос орны да жоқ. Зиялы жастардың арбасында әуелден-ақ орын жетіспейтін. Оның және Яң Кэнің кітаптары салынған бірнеше үлкен сандық арбаның үлкен бөлігін иемденеді. Алты өгіз арба толығымен жүк шамадан тыс тиелген. Алыс аралықтағы жайылымға көшкенде заттар дұрыс тиелмесе арба аударылуы немесе бұзылып қалуы мүмкін. Сахарадағы көші-қонның мерзімдері ауа райына байланысты болады. Жаңбырдан сақтану үшін бүкіл отрядтың көшуі аяқ астынан мерзімінен бұрын жүргізілгені себепті, Чен Чжен бір мезгіл не істерін білмей сасқалақтады.

- Бұрын не қылып жүргенсің? Баяғыда-ақ бөлтірікті жетектеп үйрету керек ғой, - деп даурығып сөйледі қара терге түскен Чжаң Цзиюән.

- Мен қалайша жаттықтырмадым? Кішкентай кезінде салмағы жеңіл болғанда, оны сүйреуге болатын еді. Алайда, кейін келе кім оны сүйрете алады екен? Жаз бойы ол мені сүйреп жүрді ғой. Маған мүлде жетектеткізбейтін. Тартсам болды, ол ызаланады һәм адамды тістейді. Қасқыр – ит емес. Оны өлтірсең де сені тыңдамайды, еркіңе көнбейді. Ол – арыстан, жолбарыс емес. Сен циркте көкжалдың ойын қойғанын көріп пе едің? Ең адуынды жаттықтырушы да бөріні жуасыта алмайды, көндіре алмайды. Тіпті Совет Одағының жолбарыстарды жаттықтырушы бикешін шақырып әкелсең де пайдасы жоқ. Маған қарағанда, сен қасқырларды көп көрдің ғой. Оларды шынымен де білмейсің бе? - деді Чен Чжен жақтырмай.

- Мен оны тағы бір рет жетектеп көрейін. Бұған көнбесе, онымен ойнаған болайын! - деді Чжаң Цзиюән тістеніп.

Ол қолына бір қамшы алып, бөлтіріктің алдына аяңдады. Чен Чженнің қолынан қарғыбауды алған ол бөлтірікті тарта бастады. Бөлтірік лезде оған тістерін ақситып, тұмсығын тыржитып, қатыгездене ырылдады. Денесінің салмақ орталығын артқа ығыстырып, төрт аяғымен жерге таянған ол мойнын түзу ұстады. Қайраты жеткілікті көкжалдар титтей де көнбестен сіресіп тұрады екен. Чжаң Цзиюән арқан тартқын ойыншыға ұқсап, бүкіл денесінің барша күшін жиып, тартса да бөлтірікті сүйрей алмады. Ол ешнәрсені ескермей, денесін бұрып, темір шынжырды иығына салып, Яңцзы өзенінде кемелерді тартқан бурлактардай тұла-бойын еңкейте барша пәрменмен сүйрей жөнелді. Бұл жолы бөлтірік алға қозғалды. Жер тіреген төрт сирағы құмда екі жолақ із қалдырып, екі топырақ үйіндісін итеріп шықты. Жетектелген бөлтіріктің көзі алайды. Кенет ол дене салмағын алға тастап, атылып тістеуге оңтайланды. Ол кенет босаңдаған сәтте Чжаң Цзиюән жерге екпетінен құлап, бүкіл басы мен бет-жүзі топыраққа малынды, тұмсығымен жер сүзді. Сүйрелуге мәжбүр болған бөлтірік те артынан жетіп келіп, жетектеген адаммен бірге шырмала кетті. Бөлтіріктің аузы Чжаң Цзиюәннің алқымына жарты кездей ғана тұспа-тұс келді. Зәресі ұшқан Чен Чжен жүгіріп келіп, бөлтірікті қапсыра құшақтап алды. Білегімен оның мойнын берік қысып тастады. Чен Чженнің қолтығында қысылған бөлтірік әлі де Чжаң Цзиюәнға қарай тістерін ақситып, айбат шегіп, жауыққан халде оны аяусыз талауға ұмтылды. Екі жігіттің өң-жүзі түтігіп бозарды, ентігіп әрең тыныстады.

- Бұл жолы шынымен қиын болатын болды. Осы жолғы көші-қон екі-үш күнге созылмақшы. Егер де бір күндік сапар болғанда, бөлтірікті алдымен осында қалдырып, екінші күні бос арбамен қайта оралып, оны әкетсек те болар еді. Алайда, екі-үш күндік сапарда барып қайту төрт-бес күнге созылып қалады. Қойдың жүн қоймасының қамбашылары және әлгі келімсек мингуңдар әлі көшіп кетпеді. Осында байланған бір жалғыз бөлтірікті олар өлтірмесе, полк штабының бөрілерді жою отряды атып тастайды. Меніңше, біз қайтсек те бөлтірікті әкетуіміз керек. Айтпақшы, бұл болмаса, өгіз арбамен сүйресе де болады ғой, - деді Чжаң Цзиюән.

- Өгіз арбамен? Мен бірнеше күн бұрын сынап көргенмін. Пайдасы жоқ. Қайта оны буындырып өлтіре жаздадым. Өлсе де бас имеудің, көнбеудің, өле-өлгенше берілмеудің не екенін енді білдім. Қасқыр қылғынып өлсе де, бағынуға бейім болмайды екен. Мен ешнәрсе істей алмадым, - деді Чен Чжен.

- Онда мен де өз көзіммен көрейін. Сен бір ұрғашы күшікті жанына жетелеп, оған үлгі ретінде көрсетпейсің бе? - деді Чжаң Цзиюән.

- Бұны да сынағанбыз. Бекер әурешілік, - деді Чен Чжен басын шайқап.

- Онда тағы бір рет сынап көрейік, - деді сенбеген Чжаң Цзиюән.

Осыны айта сала ол ауыр жүк тиелген өгіз арбаны сүйреп әкелді. Ұрғашы күшіктің мойнын бір арқанмен байланды, сосын арқанның бір ұшы арбаның артқы бөлігіндегі көлденең ағашқа байланды. Чжаң Цзиюән бөлтірікті айналған халде өгіз арбаны сүйреді. Ұрғашы күшік арқанды босаңсыта ешқандай қарсылықсыз моп-момақан халде арбаға ілесіп кете берді. Чжаң Цзиюән бір жағынан жүріп, бір жағынан бөлтірікке сыбырлағандай болды:

- Біз жақсы жерге баруымыз керек. Дәл осылай арбаның артынан жүруді үйреніп ал. Бұл өте қарапайым да оп-оңай қимыл. Сен иттен де ақылдысың ғой. Қалайша жол жүруді үйрене алмай отырсың? Кел, келе ғой. Жақсылап қарап ал.... 

Бөлтірік басын тік көтеріп, ешнәрсені елемеген халде күшіктің қылығына түсінбей таңдана қарады. Чен Чжен алдап-сулап бөлтірікті сүйреді, күшіктің артынан жүруге көндірді. Бөлтірік әрең-әрең бірнеше адым жүрді. Іс жүзінде, ол өзі емес, Чен Чженнің сүйрелеуімен қозғалғаны белгілі. Оның күшікке ерген шынайы себебі: жетекке көнгені һәм жүруге ниеттенгені емес, ол күшікті ұнататын-ды. Тағы бір айналғаннан соң Чен Чжен бөлтіріктің арбаға ілесіп жол жүруіне үміттеніп, темір шынжырды өгіз арбаның артына байлады. Шынжыр арбаға байланғанда, бөлтірік лезде барша пәрменімен шынжырды тартқылай бастады. Әдеттегі ағаш қазықты тартумен салыстырғанда, біраз күш жұмсап тартынған ол жүк тиелген арбаны сықырлатып жіберді.

Чен Чжен алдында көсілген кең жайылымға қарады. Бірде-бір киіз үй, бір қой да көрінбейді. Алаңдағаннан оның езуінде көпіршіктер шығып, әбігерге түсті. Енді жолға шықпаса, күн қарайғанда да уақытша қонысқа жете алмады. Осынша көп айрық жолда соншама көп топтар жүр. Егер де жолда адасып кетсе, Яң Кэнің қойлары, Гао Цзянчжуңның сиырлары қалай түнейді? Ол екеуі қайда барып шәй ішеді, тамақ жейді? Ең қатерлісі, кешке адамның бәрі шаршайды, ал түнгі күзетке шығатын иттер де жоқ. Енді қайтпек керек? Егер қойлар отарында оқиға туылса, оның ең түпкі себебі бөлтірікті асырау екені тексеріп анықталса, Чен Чжен тағы сынға түсіп сөгіс алу, ал бөлтірік оққа ұшу қатеріне ілінуі ықтимал.

- Егер оны жібере салсақ, ол мерт болады. Оны сүйресек, ол бәрібір өледі. Одан да бұны ажалдан құтқарайық, көретін күнін көрсін. Жүр! Оны сүйретіп жүре берейік! Сен арбаны айда. Тұлпарыңа мен мінейін. Арбаға ілесіп жүріп, көз қырымды бөлтірікке салайын, - деді Чен Чжен қатаң бекімге келіп.

- Байқаймын, көшпенді мал шаруашылығы шарт-жағдайында шынымен көкжалды асырауға болмайтын сияқты, - деді Чжаң Цзиюән ауыр күрсініп.

Чен Чжен бөлтірік пен ұрғашы күшік байланған арбаны көштің ең артына ауыстырды. Ол ең соңғы өгіздің бұйдасын бесінші арбаның, яғни алдыңғы арбаның көлденең ағашына байлады. Сосын «Ал аттандық!» деп айғайлады.

Чжаң Цзиюән көштің басындағы арбаға жегілген өгізге мініп айдауға батылдығы жетпеді. Ол өгіздің серкесін ақырын жетеледі. Өгіз арбалар бірінен соң бірі қозғалып, әрекетке келді. Ең соңғы арба қозғалған уақытта ұрғашы күшік бірден ілесіп кетті, ал бөлтірік ұзындығы үш метрге жуық темір шынжырдың тікесінен созылып жазылғанынша қыбырламады. Осы жолы көшуге жегілген алты ірі піштірілген өгіздің барлығы Гао Цзянчжуң іріктеген ең мықты да ең жүйрік өгіздер болатын. Көшу мақсатында, сондай-ақ иен даланың салт-дәстүріне сәйкес, оларды аз жегізіп, көп су ішкізген халде үш күн байлауда ұстаған, орасан зор құрсақтарын босатқан. Осы уақыт – өгіздердің арбаны барынша сүйреудің нақ қолайлы уақыты. Алты өгіз ірі қадамдап жүре жөнелгенде, бөлтірік қайдан тоқтатсын. Ол тіпті аяқтарымен жерді тіреп, қамданып әрекеттенуге де үлгермеді – әпсәтте арбалардың сүйретуімен омақасынан құлап түсті.

Әрі зәресі ұшқан, әрі ызаланған бөлтірік аянбай арпалысты, төрт аяғын жерге тіреп жанталасты. Жерге жармасқан ол кенеттен сүйретіліп бір аунап түсті. Ол орнынан атып тұрып, бірнеше адым жүгіріп, шапшаң ғана төрт аяғымен жерге тірелу секілді қарсыласу қимылдарын жасады. Арбалар арба жолына шықты, жылдамдық үдеді. Бөлтірік мойнын тіктеп, он шақты метр бұлғалақтап тіресіп, арбаның сүйреуінен тағы бір жығылды. Арқан өлген итті сүйрегендей бөлтірікті сүйретуде. Шөптің сабақтары оның бір қабат жүн қылшықтарын қыршып түсті. Ол сүйретіліп, қайта жығылғанда оның мойны күшеуге келмеді, ал ауырған жері дәл кеңірдектің тұсына келді. Қайыс қарғыбау барған сайын кеңірдекті қысқаннан бөлтіріктің тілі салақтап, көздері алайып кетті. Бөлтірік аузын айқара ашып, барша пәрменмен тұншығып қалмауға әрекеттеніп, аяқтарымен жерді сереңдетіп тарпыды. Қорқып кеткен Чен Чжен арбаны тоқтату үшін айғайлай жаздады. Дәл осы кезде кенеттен еліріп денесін жиырған бөлтірік екі артқы аяғымен жерден итеріліп, таңқаларлық күйде алға атылып, бір тоңқалаң асып, жұлқына орнынан тұрды. Ол шынжырдың тартып қалмасын деп тағы да алдыға бірнеше қадам жүгірді. Чен Чжен осы жолы оның алдыңғы қимылына қарағанда екі адым артық жүгіргенін байқады. Ол бұдан да өнімді қарсылық көрсету үшін көбірек уақыт ұтқаны анық еді. Ол темір шынжырдың тікесінен тартылуынан бұрын барша күшімен денесін артқа тастады, алдыңғы бір әрекетімен салыстырғанда тұла-бойының салмағын артқа жарты кездей етіп сірестірді. Шынжыр тағы бір тартылғанда бөлтірік жығылмады. Ол мойнын қасарысып керді, жерге мығымдап тірелді. Трактордың тырмасына ұқсаған төрт аяғы қадалған күйі жолдың шөбін сыдырып жұлып, күзгі шөптің бір үйіндісін үйе бастады. Шөп жиылған сайын үйіліп, оның сырғықтауына кедергі болып қалыптасты. Бөлтірік бәрібір арбаның сүйреуімен тағы бір рет жалпасынан түсті. Апыл-ғұпыл екі қадам жүгірген ол табандарымен қайта жер тіреді. Күшік басын қисайтып, бөлтірікке жаны ашып қарады, қыңсылаған дауыс шығарған халде оған бір аяғын созды. Ондағы мағынасы: «Тезірек мен сияқты былай жүр, әйтпесе сүйреліп өлесің» деп білдіргенге ұқсады. Алайда, бөлтірік оған мән бермеді, пысқырып та қарамады. Күшікпен жолдас болудан арланғандай мүлдем елеп-ескермеген ол өзінің тәсілімен қасарысып қарсыласуын жалғастырды. Сүйреліп жығылды, тұла-бойын бүлкілдете сілкіп, барша пәрменмен ұшып тұрды. Алға бірнеше қадам жүгіріп, бекініп тұра қалады. Мойнын тартпақтайды, бірақ керілген арқанның тұзағы буындырып қысады. Сосын тағы бір рет сүйреліп омақасынан құлап, тағы жанталаса аунап түседі.... Чен Чженнің байқағаны: бөлтірік арбаның соңынан ілесіп жүгіруді білмейді емес, күшіктен арбамен қатар жүруді үйрене алмайды емес, иттер секілді жетектеуге көнгеннен қайта мойнын буындырған арқанмен жанталаса арпалысуға азаптанса да төзуді және өлуді жөн көретін секілді. Жетектелу және жетектеуге көнбеу – даусыз бөрінің иттен, қасқырдың арыстан, жолбарыс, аю, піл секілді аңдардан, көкжалдың адамдардың басым бөлігінен түбегейлі айырмашылығы. Байтақ сахараның ешбір бөрісі осы шекарадан аттап, адамға бағынбайды, тізе бүкпейді. Ешкімнің ырқына көнбеу, жетектеуге жүрмеу – нағыз дала қасқырларының көкжал болудағы басты өлшемі. Тіпті бөрілер тобының өнегесін ешқашан көрмеген мынау бөлтірік те сондай.

Бөлтірік әлі де өлермендей қарсыласуда. Наждак қағазына ұқсаған тастай қатты шағыл жол бөлтіріктің табанын аямай егеуде, қызыл шақа қанын моншақтап шығаруда. Чен Чженнің кеудесі бір мезет алай-дүлей болды, жүрегі шаншыды. Мыңдаған жылдар бойы қасқырлардың қайсар мінезі дала халықтарының рухани тотемі болып келді. Олар адамдарды ұялтатын және өздеріне бағындыратын орасан зор рухани қуатқа ие. Дала көкжалындай қайыспас қайсар болып, ешнәрседен тайынбай өз еркінше өмір сүретін, тіпті өзінің өмірін қиып, ырық бермейтін сыртқы күштерге қарсы тұра алатын көп адам да жоқ.

Чен Чжен осыдан өзінің дала бөрілері жөніндегі танымының әлі де үстірт екенін сезінді. Ол өте ұзақ уақыт бойы олардың тек қу құлқын үшін аң аулап азықтанып күн көреді деп санаған-ды. Әрине, бұның бәрі олай емес. Ондай таным адамдардың жүрегінен туындаған. Дала қасқырлары мейлі қырып-жойсын, мейлі азықтансын, бұның бәрі негізгі мақсат емес. Қайта өзінің мызғымас еркіндігі, дербестігі және абырой-намысы үшін өмір кешеді екен. Оларды қасиеттілігі үшін шынымен құрметтейтін барша малшылар тылсым сырға толы ашық аспан астында жерленуге риза болып, өз рухтарының құдды көкжалдардың рухтарындай еркін ұшып кететініне үміттенеді....   

Қырсық бөлтірік төрт-бес шақырым сүйретіліп жүрді. Қарғыбау оның мойнының жүнін жартылай тақырлап, терісі қанталапты. Төрт аяғының қалың да майысқақ табаны арба жолының шағыл тастарына қажалып, қаны мен еті көрінген екен. Өгіз арба тағы бір рет сүйреп құлатқаннан кейін бүкіл әл-қуатын сарп еткен бөлтірік еңсесін көтере алмады, қарсыласатын дәрмені қалмады. Құдды аң аулау барысында жүйрік аттар мен құрықтар тарапынан сүйрелген һәм ажалға бет алған бөрідей жанталасуға шамасы жоқ, тек аузын айқара ашып, демігіп жатты. Онан кейін бөлтіріктің аузынан кенет өңкей қызыл моншақтай қан тоқтаусыз атқылады. Ол ақыры қарғыбаудың тартылуынан жұтқыншағын жыртқан-ды. Шошыған Чен Чжен айғайлап арбаны тоқтатып, сәйгүлігінен жылдам секіріп түсіп, бүкіл денесі құрысқан бөлтірікті құшақтап, бір метр алға жүгірді һәм темір шынжырдың тартылуын босатыңқырады. Бөлтірік жанталаса тыныстап, демін басты. Аузынан аққан қан Чен Чженнің алақанына төгілді. Оның қолына да бөлтіріктің мойнынан тамған қан таңылды. Бөлтіріктің тынысы тарылып, жаны мұрнының ұшына келді, аузынан үздіксіз қан ағылды. Ол қиналғанынан қанталаған аяғымен Чен Чженнің қолдарын тырмалады. Алайда, оның тырнақтары әлдеқашан қажалыпты. Табандарының да терісі жыртылып, қанталаған жұмсақ еті ғана қалған екен. Қайғырған Чен Чженнің көз жасы бөлтіріктің қанына тамып жатты.

Чжаң Цзиюән жүгіріп келді. Бірнеше жерінен қаны аққан бөлтірікті көре сала шошығаннан бақырайып қарады. Ол бөлтірікті бір-екі рет айнала қарап шықты.

- Бұл бәтшағар неге осынша қыңыр? Бұл өзін өлімге байлау емес пе? Бұған енді не істейміз? - деді ол не істерін білмей, шарасыздық танытып.

Чен Чжен бөлтірікті қап-қатты құшақтап, не істерін білмей дағдарды. Бөлтіріктің азаптан дірілдеуі оның жүрегін бұдан да ауыртты һәм дірілдетті. Чжаң Цзиюән маңдайының терін сүртіп, біраз ойланып сөзін бастады:

- Жарым жасқа келмей жатып жетектеуге жүрмейді. Оны күзгі жайылымға әкеткен күннің өзінде кейін бір айдан кейін тағы да көшу керек. Ол егер де толығымен үлкен қасқыр болып есейгенде, біз көшкен кезде оны қалай қозғаймыз? Меніңше.... Меніңше.... біз оны осында еркіне жіберейік.... Оған өз жолын табуына мұрша берейік....

- Сен бөлтірікті өз қолыңмен асырамадың. Сен түсінбейсің! - деп гүжілдеді өңі қуарған Чен Чжен, - Өз жолын табу? Бұл оны өлімге қарай айдау ғой! Мен міндетті түрде бөлтірікті бағамын! Оны бір үлкен арлан етіп өсіремін! Оны тірі қалдырамын!

Сөзін аяқтаған ол батылдана орнынан секіріп тұрып, ұсақ-түйек жүк пен кепкен тезек тиелген өгіз арбаның жанына алшаңдап жүгіріп барды. Ол өгіздің бұйдасын ентігіп шешіп, арбаны көштің ең соңына сүйреді. Бір бекінген ол жүк байлаған арқанды шешіп, шыбықтан тоқылған кәрзеңкені төңкерді және арбадағы кепкен тезектердің басым бөлігін жолдың жанына төкті. Ол әлдеқашан арбаның үстінде босаған тезек кәрзеңкесінен тұтқындар күймесін жасап, яғни оны бір уақытша қапас етіп өзгертіп, бөлтірікті мәжбүрлеп тасымалдау шешіміне келді. Чжаң Цзиюән кедергі жасамады, тек ызалана бақырды:

- Сен жынданған екенсің! Алыс жерге көшкенде жол бойы тамақтануды, шай қайнатуды толығымен осы жарты арба кепкен тезекпен істейміз ғой. Егер де жарты жолда жаңбыр жауса, біз төртеуіміз ыстық тамақ та іше алмай қаламыз. Тіпті жаңа қонысқа жеткен күнде де, бірнеше күн осы тезекті жағамыз ғой. Сен, сен ақыры тезекті тастап, бөлтірікті жөткесең, малшылар көкеңді көзіңе көрсетіп ұрыспай қоймайды! Гао Цзянчжуң да сенімен келіспейді!

Чен Чжен шапшаң арбаны босатып, бөлтірікті салды.

- Бүгінгі қонатын жерге жеткенде, мен Касымайдан тезек ала тұрамын. Жаңа қонысқа жете сала дереу тезек теріп беремін. Сендердің шай ішіп тамақтану істеріңе кедергі келтірмеспін! - деді Чен Чжен тіксініп.

Ажалдың ернеуінен әрең аман қалған бөлтірік төрт аяғының ауырғанына қарамай, қайсарлықпен құмайт жердің үстінде тұр. Аяқтары ауырғаннан тоқтаусыз дірілдеуде, езуінен әлі де қан тамуда. Ол мойнын зорға көтеріп, жерге тіренуін жалғастыруда, өгіз арбаның кенеттен қозғалуынан сақтануда. Алайып қараған үлкен көздерінен оның өліспей беріспейтін қайсар әлпеті ұшқындайды. Өгіз арба төрт аяғының табанын сүйегі көрінгенше қажағанмен, ол ешбір тайынбады. Чен Чженнің жүрегі сыздады. Ол тізерлеп отырып бөлтірікті құшақтады һәм ұзынынан жерге жатқызды. Жігіт оның аяқтарының жерге тигенін енді қаламады. Содан кейін ол арбадағы сандықты ашып, «Юннән бай’яо» қанның ағуын тоқтататын дәріні шығарып, бөлтіріктің табанына және желкесіне жақты. Бөлтіріктің аузынан әлі де қан тамуда. Ол ұршыққа ұқсаған екі жапырақ сиырдың піскен жылтыр етін алып, үстіне әлгі дәріні бір қабат етіп жақты. Бөлтірікке беріп еді, етті бүтіндей қылғытты. Дәрі оның жұтқыншағындағы жараның қанын тоқтата алады деп тіледі Чен Чжен.

Чен Чжен тезек шарбағын қайтадан нығыздап байлап, ұсақ-түйек заттарды жинастырды. Сосын ескі ас тақтай, ағаш тақтайлармен арбаның үлкен бір бөлігін бөліп, қапас жасады. Еденге бір қойдың терісі төселіп, оның үстіне киіз жайылды. Үсті кәрзеңке-себетпен жабылды. Бәрі де дайын болды. Шамалап қараса, бөлтірік қапасқа зорға сиятын секілді. Дегенмен, оның ішіне бөлтірікті қалай кіргізу керек? Чен Чженнің тағы басы қатты. Арбаның тауқыметін әбден тартқан бөлтірік бұдан былай ешқашан арбаға жоламайды. Ол темір шынжырды тікесінен тартқан халде өгіз арбадан алыс жүретін болады. Чен Чжен арбадан шынжырды шешіп, жеңдерін түріп, бөлтірікті қапсыра құшақтады һәм қапастың ішіне салуға әзірленді. Алайда, ол арбаға қарай бір қадам аяңдап еді, бөлтірік еліре ырылдап жанталасты. Чен Чжен оны жүгіріп барып арбадағы қапасқа салмақшы болды. Алайда, ол арбаға жақындап барғаннан бұрын бөлтірік аузын арандай ашып, басын еңкейтіп, жігіттің білегіне аяусыз бас салды. Бір тістегеннен езуін жазбады. Шошып ойбайлаған Чен Чженнің денесі суық терге малшынды. Бөлтірік тек жерге түскеннен кейін ғана аузын ашып, оның қолын босатты. Чен Чжен ауырғаннан қолын қайта-қайта бұлғады. Ол еңкейіп жарақатына қарады. Қолы қанамаған екен, бірақ төрт күлгін қанды белгі қалыпты. Футбол алаңында құлаған футболшының қолын шегелі бәтеңкемен оңдырмай басқанға ұқсайды.  

- Бақытқа орай, бөлтіріктің үшкір тістерін үгіткенің жақсы болыпты. Әйтпесе, білегіңді қыршып жұлмай қоймайтын еді. Меніңше, бұны бақпағаның жөн. Кейін ол толығымен үлкен көкжал болып өскенде, мынау мұқалған тістермен де білегіңді үзіп тастайды, - деді өңі қуарған Чжаң Цзиюән.

- Тісін кертудің ісін айтпашы. Егер де өткір тістерін алып тастамағанда, оны баяғыда сахараға еркіне жіберетін едім. Қазір ол мүгедек болып қалды. Мына мүжілген тістерімен ол тіпті менің білегімнің етін жұла алмады, ал иен далаға жіберсек қалай күн көрмекші? Оны мүгедек қылған менмін. Мен оны қартайғанша асырауым керек. Қазір Биңтуән келіп, отырықшы елді мекендерді салуды дәріптеп жатыр ғой. Отырықтанғаннан кейін мен оған тас қора салып беремін, сонда шынжырдың да қажеті болмайды...., - деді Чен Чжен ашуланып.

- Жарайды, жарайды. Тағы сені бөгесем, менімен бітіспесіңді білемін. Сонда да амалын тауып, тезірек жолға шығайық. Дегенмен.... оны қалай арбаның үстіне шығарамыз? Сен жаралысың ғой, мен амалдап көрейін, - деді Чжаң Цзиюән.

- Әлде де оны мен көтерейін. Бөлтірік сені танымайды. Ол егер де сені тістесе мынадай сыпайылық танытпай, аямай тістейді. Ол басын бір көтерсе, сенің мұрныңды тістеуі де мүмкін. Былай болсын, сен киізді алып, бір шетте әзір тұр. Мен бөлтірікті шарбақтың ішіне салғанда, сен шапшаң үстін жаба сал, - деді Чен Чжен.

- Шынымен де өзіңді аямайды екенсің! Сен егер де оны тағы құшақтасаң, ол саған сілейте бас салады. Бөрі деген нәрсе ашуланса адамды танымай кетеді. Ол сойқан шығарса, сенің кеңірдегіңді үзіп жібереді! - деп саңқ етті Чжаң Цзиюән.

- Мені тістесе де құшақтап апарудан басқа амал жоқ! Қазір су өтпейтін бір жамылғы плащ ғана құрбандық болғалы тұр, - деді Чен Чжен біраз ойланып.

Ол киімдер сақталған арбаның жанына жүгіріп барып, өзінің бір жағы жасыл брезент, бір жағы қара жабысқыш пластырьден тігілген бір әскери плащ-палатканы шығарды. Содан кейін бөлтірікке тағы екі кесек ет берілді. Осы алдарқату арқылы оның қырағылығы әлсіретті. Чен Чжен жүрегін орнықтырып барып, өзінің сәл қалтыраған қолдарын тежеді. Бөлтіріктің еңкейіп ет жеген сәтін пайдаланып, тұтқиылдан плащпен оны мықтап жауып, жылдам орап-шырмады. Бір мезет мең-зең болған бөлтірік қап-қараңғыда ешнәрсе көре алмады, қай жерді тістеу керектігін де білмей бірнеше минут сасқалақтады. Чен Чжен осыны пайдаланып, жарылғыш затты апарғандай плащ-палатканың ішіне оранған халде жанталасқан бөлтірікті арбаның жанына әкеліп, плащпен бірге арбадағы кәрзеңкеге лақтырып жіберді. Чжаң Цзиюән жарты киізбен кәрзеңкенің үстін жаба қойды. Бөлтірік қара плащты жыртып, ішінен бұлқынып шыққан кезде, тұтқындар арбасының тұтқынына айналып болған еді. Екеуі жылқы жалынан өрілген ұзын арқанмен киіз жабылған кәрзеңкені арбамен бірге мықтап байлады. Алқынып тыныстаған Чен Чженнің үсті-басы суық терге малшынды. Еш күш-қуаты қалмаған ол қауқарсыздықтан жерге отырды. Бөлтірік арбаның ішін бір айналып өтті. Чен Чжен жалма-жан секіріп орнынан тұрып, оның киізді аласұрып тістелеуін, торды жанқиярлықпен сабалауын тоқтатпақшы болды.

Арбалар тағы жүруге оңтайланды. Алайда, Чен Чжен талдың жіңішке шыбықтарынан тоқылған мынадай кәрзеңке мына қуатты да елеуреген жыртқыш аңға мүлдем құрсау болмайтынын сезді. Ол дереу алдарқату ретінде арбаның ішіне бірнеше үлкен кесек ет тастады. Сосын жылы лебізбен ақырын сыбырлап, оның көңілін аулады, барлық төбеттер мен күшіктерді арбаның соңына, яғни бөлтіріктің жанында жүруге шақырды. Чжаң Цзиюән алдыңғы арбаға отырып, жол бастаушы өгіздерді ұрғылады, тез жолға шығуға әрекеттенді. Ол арбаның ішінен жуан ағаш сойыл алып, бөлтіріктің дүлейленіп қарсылық көрсетуін болдырмау үшін тордың қабырғасын ара-тұра ұруға дайындалды. Ол салт атты жүріп, арбаның артынан ілесіп келеді. Чен Чжен арбадан жарты қадам айрылуға батылы бармайды. Бөлтіріктің оны қасақана жаңылдырып, өзі алыстап кетсе, жанталаса дүрбелеңдеп, кәрзеңкені кеміріп сындырып, торды бұзып шығуынан қорқады. Темір шынжырға төзе алмаған бөлтірік тордың құрсауына қайдан шыдайды? Чен Чжен алаңдап, бөлтіріктің соңынан жүрді. 

Алайда, жағдай Чен Чженнің шамалағанынан толығымен басқаша болды: арбалар жылжи бастағанда бөлтірік арбаның ішін айналшақтап, жер-дүниеге ойран салмады. Әдеттегіден тыс, бөлтіріктің жанарынан Чен Чжен бұрын ешқашан көрмеген үрей байқалды. Қорқыныштан оның жатуға батылы жетпеді. Басын еңкейтіп, белін иіп, құйрығын қысып, орнында абайлап тұрып, арбаның артында келе жатқан Чен Чженге қарады. Жігіт кәрзеңке тордың саңылауынан бөлтірікке мұқият қадалды. Тоқтаусыз шайқалған арбаның ішінде оның төтенше үрейленіп тұрғанын көрді. Барған сайын шошыған бөлтірік кірпі секілді дөңгелене жиырыла түсті. Ол ішіп-жемеді, ырылдамады, қарсыласпады, тістемеді. Кемеде жүзіп, басы айналған тұтқындай кенеттен бүкіл қарсыласу күшінен маһрұм қалды.

Чен Чжен бір бәлекеттің болатынын сезгендей арбаға жанасқан, қолындағы сойылын нығыздап қысқан күйде арбамен бірге жотадан асты. Ол қапастың арт жағындағы саңылаудан бөлтіріктің әлі де тапжылмай отырғанын көрді. Екі көзі үрейге толып, артқы денесі бүгіліп, құйрығын қысқан бөлтірік Чен Чжен бұрын-соңды көрмеген абыржып тосырқаған жанармен өзіне мүсәпірсіп телміруде. Аяқтары жаралы, аузы әлі де қанталаған, әл-қуаты әлдеқашан таусылып, әбден шаршаған бөлтіріктің жанары мен миы бұрынғыдай сергек. Алайда, ол жатып демалуға батпай тұр. Бөлтірік арбаның шайқалып теңселгеніне, даланың жер бетінен айрылғанына табиғи да түйсікті қорқыныш бар сияқты. Чен Чжен жарты жылдан астам уақыттан бері белең берген бөлтіріктің үнемі сырлы да қалыпсыз әрекеттерін қанша ойланса да байыбына бара алмады, қалай түсіну керектігін білмеді.

Азбан өгіздер барша күшпен арбаларды сүйреді. Көш байыппен жылдам жылжып келеді. Салт атты Чен Чженде ойланып-толғанатын уақыт пайда болды. Ол тағы да терең ойға шомды: жаңа ғана соншама жыртқыш та жауыз болған бөлтірік қалайша әпсәтте осынша қорқақ және дәрменсіз болып өзгере қалды? Оның бұндай қауқарсыздығы дала қасқырының мінезіне сәйкес келмейді. Әлде жер жүзінде шынымен де кемелді батырлардың болмағаны ма? Әлде әлемдегі қаһармандардың бәрінде әлсіз жері, осал тұсы бар болғаны ма? Тіпті өзі ең кемелденген һәм жетілген деп есептейтін дала көкжалдарының мінез-құлқында да олқылық бар ма екен?

Чен Чжен бөлтірікке қарап, көп ойлағаннан басы ауырды. Ол бөлтіріктің жалпы әлдебіреуге ұқсайтынын, сондай-ақ оның басқа бір нәрсеге ұқсайтынын сезінді. Әрі ойланып, әрі қарап жатып оның басында бір ой жарқ етті. Ол лезде ежелгі Грецияның мифологиясындағы дүниеге танылған қаһарман Антей (Ахиллес) есіне түсірді. Сонда дала бөрілерінде де әлгі түбіне жететін Ахиллестің әлсіздігі шынымен болғаны ма? Грек аңыздарындағы Ахиллес теңдессіз де бірегей батыр болғанмен, оның бір осал жері бар-тын: ол өзін туған, бағып өсірген Жер-ана Гаядан айрылған күнде, денесіндегі барша күш-қуатынан жұрдай қалатын. Оның дұшпаны Геркулес бұл әлсіздігін байқап қалып, Ахиллесті жерден көтерудің амалын табады. Сосын аяғын жерге тигізбей оны қылқындырып өлтіреді. Дала қасқырлары да сондай болғаны ма? Кең сахараның бетінен ажырап кетсе, оны туып өсірген Ұлы дала - анасынан айрылғанда олардың ерліктері мен қызметтері бекерге ұмытылып, қауқарсыз жасқаншақ болып өзгергені ме? Көкжалдар Ұлы далаға, яғни өз анасына расында да соншама терең арқа сүйейтін және қимайтын болғаны ма? Бөрілерге мықтылық пен айбындылықты шынымен де Ұлы дала тарту еткен бе?

Чен Чженге тағы да кенеттен ой келді: батыр Ахиллес пен Жер-ана Гая туралы аңыз қасқырлардан шыққаны ма? Қанында көшпенді мал шаруашылығы болған арийліктер мен гректер бастапқы кезеңдегі көшпелі тұрмысында да өз уақытында бөлтірік асырағаны әбден болуы мүмкін. Олар бөлтірікті көшпен бірге тасымалдаған уақытта, оның терең ой салатын және адамдардың ақыл-ойы жете бермейтін осы әлсіздігін байқаған ғой. Олар содан шабыт алғандықтан, әлгі ұлы аңызды жаратқан. Ал Ахиллес пен Жер-ана Гая туралы аңыздың философиясы өз уақытында Батыс пен Шығыстың қаншама адамдарының рухына және нанымына әсер етті. Тіпті Совет Одағының коммунистік партиясының (ВКП (б)) тарихы жазылған оқулықтарда да осы аңыз бен осы философия бүкіл кітаптың соңғы қорытынды сөзін құрайды, бүкіл әлемнің коммунистерін Жер-анадан, яғни халықтан ажырамау керектігін ескертеді. Әйтпесе қуатты да теңдессіз партия дұшпандар тарапынан әуеде қылқындырып өлтірілуі мүмкін. Чен Чжен ВКП (б) тарихы туралы оқулықтың әлгі ең соңғы екі бетінде жазылған сол аңыздың тағылымын өз жүрегінде баяғыда-ақ көкірегіне түйген.   

Дегенмен, Чен Чжен Моңғолия даласында өзінің осы ұлы аңыздың қайнаркөзін және бейнесін, түптұлғасын кездестіретінін ойламаған еді. Ежелгі грек мифологиясының туылғанына 2 мыңнан астам жыл өтсе де, дала көкжалдары керісінше бірнеше мың жылдың алдындағы даралығы мен әлсіздігін әлі де сақтап келеді. Бұндай көненің көзі, ежелгі заманның тірі жұрнағы саналатын дала бөрілері қазіргі заманның адамдарының адамзаттың озық ұлттық рухының жаралуын және дамуын зерттеудегі аса маңызды құндылыққа ие. Чен Чжен сондай-ақ Рим қаласының елтаңбасында әлгі ұлы қасқыр-ананы және ол емізген екі баланы есіне түсірді. Сол екеуі кейіннен Рим шаһарының негізін салған ағайынды болып шығады.... Батыс пен Шығыс халықтарының рухына көкжалдардың көрсеткен әсері шынымен де ұшан-теңіз, теңдессіз. Қазіргі күндерге дейін бөрі рухының философиялық негізі әлі де озық ұлттарға жетекшілік етіп келеді. Дегенмен, реалдық өмірде қасқырларды керісінше надан да көрсоқыр адамдар тобыры рақымсыз қырғындауда....

Чен Чженнің білегіндегі жара тағы да сырқырап ауырды. Алайда, ол бөлтірікке ешбір өкпелемеді, керісінше  оның әрқашан һәм әр жерде ой салып, шабыт бергеніне рахметін білдірді. Ол қайтсе де бөлтірікті нағыз арлан етіп асырамақшы, сондай-ақ міндетті түрде оның ұрпағын қалдырмақшы болды.

Философиялық ой төтенше терең де алыс, Чен Чжен амалсыздан көз алдындағы реалдыққа қайта оралды. Қазіргі өзекті мәселе - бұдан кейін күз және қыс мезгілдерінде жиі-жиі көшкен кезде қайтпек керек? Әсіресе бөлтірік толығымен үлкен арлан болып өскеннен кейін оны арбаның кәрзеңкесіне құшақтап салуға кімнің батылы барады екен? Ол кейін кәрзеңкеге сыймай қалса, оны тасымалдау үшін арнайы бір арбаны босатуы керек пе? Қыс келгенде арнайы бір өгіз арбамен ет тасымалдау тағы керек. Арбалар тіпті жетіспейтін болады. Көші-қон кезінде пайдаланатын тезек болмаса, барған жерде қалай жылынады, шай қайнатады, тамақ пісіреді? Үнемі Касымайға алақан жайып барып жүрмейді ғой? Жол бойы Чен Чженнің жүрегі алаңдап, ойы сан бөлінді. Жотадан түскенде арбаларға жегілген алты үлкен өгіз сиырлардың иісін сезіп, қадамдарын үлкейтіп, жылдам жүре бастады. Олар алыста күнжіттің үлкендігіндей болып қарауытқан көштің артынан жанталаса қуа жөнелді.

Өгіз арбалар жазғы жаңа жайлаудың асуына шыққан кезде, «Газ» маркалы бір жеңіл жүк машина шаңды бұрқыратып, олардың алдынан шыға келді. «Газ» автокөлігі арбалардың жол беруін күтпестен жолдың шетімен өте шықты. Көліктер қиылысқан кезде Чен Чжен машинаның үстінде қару асынған екі әскери қызметкерді, ферманың бірнеше қызметкерін және моңғолша шапан киген бір малшының отырғанын көріп қалды. Малшы оған қол бұлғады. Чен Чжен бір көргеннен-ақ Доржыны таныды. Көкжал аулаудың шебері Доржыны және жайылымда бөрілерді атумен атағы шыққан мына «Газды» көргенде, Чен Чженнің жүрегі тағы езілді.

- Доржы тағы да адамдарды қасқыр атуға бастап бара жатыр ма? - деп сұрады ол арбалардың бас жағында отырған Чжаң Цзиюәнге жүгіріп келіп.

- Ол жақ түгелдей таулы жер ғой. Ортасында үлкен батпақ пен шағын өзен бар. Машина күшеніп-тышанып шыға алмайды. Көкжалды қайдан соқсын? Шамасы, қойманы көшіруге жәрдемдесуге шыққан шығар, - деді Чжаң Цзиюән.

Шабындыққа енді жете бергенде, бригаданың арбалары жағынан жүрдек атқа мінген бір салт атты шауып келді. Ол жақындағанда екі жігіт бірден Білге-атаны таныды. Қария демігіп тыныстауда.

- Сендер жаңа ғана өткен машинада Доржыны көрдіңдер ме? - деп сұрады ол өңі бозарып.

Екеуі оны көргенін айтты.

- Сен екеуіміз ескі қонысқа барып қайтайық, - деді ақсақал Чен Чженге. Сосын Чжаң Цзиюәнге бұрылып, - Сен өзің арбаларды айдап жүре бергін. Біз сәлден кейін ораламыз. 

- Сен көбірек артқа бұрылып, бөлтірікке қарап қой. Арттағы арбаға көз қырыңды саласың ғой. Егер де бөлтірік әлек салып, әурелейтін болса, арба бұзылса – еш қозғалма. Мен қайтқаннан кейін көреміз, - деп сыбырлады Чен Чжен Чжаң Цзиюәнға.

Осыны айтқан соң, ол қариямен бірге әуелгі жолды бойлап жедел шауып кетті.  

          - Доржы адамдарды бөрі атуға бастап барса керек. Бұл күндері оның қасқыр өлтіру қабілеті іске жарап тұр. Ол қытайша жақсы сөйлейді. Полк штабының көкжалдарды жою жөніндегі кеңесші лауазымына ие болды. Сиырларды бағуды інісіне тапсырып, өзі күні бойы атқыштарды ілестіріп, кішкене машинаға мініп, бөрі атумен шапқылап жүр. Ол жоғары лауазымды мансаптылармен, ұсақ мансаптылармен де жылы араласады. Бірнеше күн бұрын дивизияның жоғары мансаптыларын ертіп, біраз үлкен қасқырды аулапты. Қазір бұл адам бүкіл дивизия бойынша атақты көкжал аулаудың батыры болды, - деді ақсақал.

          - Алайда, кілең тау мен өзендер орналасқан сол жақта қалай аң аулап жүр? - деп сұрады Чен Чжен, - Мен әлі түсінбеймін.

          - Бір жылқышы маған Доржының бейтаныс біреулерді көне қонысқа ертіп кеткенін айтты. Не істемекші екенін бірден сезе қойдым, - деді қария.

          - Ол барып не істейді екен? - деп сұрады Чен Чжен.

          - Ол әрбір үй-қораның ескі қонысына барып, у сеуіп, қақпан құрады. Олұн даласының кәрі, ақсақ, ауру бөрілерінің ахуалы аянышты: өздері азық тауып жей алмайды, тек қасқырлар тобы жеп қалдырған жемтік пен сүйектерді кемірумен ғана күнелтеді. Жайшылықта олар адамдар мен иттер жеп қалдырған нәрсемен қоректенеді. Сондықтан бірде аш, бірде тоқ жүреді. Ел көшкенде олар ескі қоныстағы көң-қоқыр мен қоқыс үйінділерін тіміскілеп, жейтін нәрселерді теріп жейді. Қойлардың сасыған терісі, шіріген сүйектер мен бас сүйегі, тамақ пен ірімшіктің қалдықтары теріп жейді, адамдар көмген өлі иттер, ауру қойлар мен бұзаулардың етін көмілген жерінен қазып жейді. Олұн сахарасының қарт малшыларының бәрі осы істерді біледі. Кей кезде малшылар көшкенде кейбір заттарды ескі қоныста ұмытып кетеді. Ескі қонысқа оралып, сол нәрселерін іздегенде көкжалдардың келген белгісін жиі көреді. Малшылар ламаларға сенеді. Олардың жүректері ізгі, таза. Ескі қоныста тамақтың қалдығын іздеген сол кәрі де ауру бөрілердің бейшара ахуалын бәрі біледі. Ол жақта у сеуіп, қақпан құратын кісілерді саусақпен санауға болады. Көшетін уақытта кейбір қариялар әдейі азық-түлік пен тамақтарды шашып, кәрі қасқырларға қалдырып кетеді. Ал біраз келімсектер келгеннен кейін, уақыт ұзара олар да амалын тауып, пайда табудың айласын қолдана бастады. Доржының әкесінен бастап бүкіл жанұясы көшуге шығатын кезде көкжалдарға өлген қойды қалдырып кетіп, оның ішіне у себуді, жанына қақпан құруды ұнатады. Бір-екі күн өткен соң, олар қайта оралып, бөріні сойып, терісін сыдырады. Олар сатқан қасқырдың терісі неліктен басқалардан көп? Өйткені олардың үйі ламаларға сенбейді, көкжалдарды құрметтемейді, улаудың барлық тәсілдерін істей алады. Әлгі кәрі-құртаң, ауру-сырқау бөрілерді өлтірудің нағыз маманы болып алды. Өзің айтшы, қасқырдың жүрегі адамдардың жүрегінен қайдан рақымсыз болады дейсің...., - деді ақсақал.

Оның жанары түнеріп, сақал-мұрты дірілдеп кетті. 

- Осы күндері олар қаншама көкжалды қырғындады десеңші! Ойдағыдай аулағандықтан бөрілер жан-жаққа тығылып, жейтін азық іздеуге де батылы бармайтын болды. Менің ойымша, отряд біржолата көшкеннен кейін, қасқырлар ескі қонысқа барып, азық іздеп жейді. Доржы олардан да әлдеқайда әккі.... Тағы осылай қырып-жоятын болса, Олұн даласының адамдары Тәңірдің дәргейіне бара алмайтын болады. Олұн сахарасы да құрып-бітеді.

          Чен Чжен осы бір көпті көрген, ақырғы қарт малшының көңілін жұбатуға дәрменсіз еді. Шамадан тыс қауырт көбейіп келе жатқан егіншілердің жан санын бөгеуге, егін шаруашылығының байтақ даланы талап-тонауын тежеуге ешкімнің күші жетпейді. Чен Чжен қарияны жұбата алмады.

- Маған салсаңыз, мен бүгін олардың құрған қақпандарын түгел аударып тастаймын! - деді ол.

Екеуі дөңнен асып, ең жақын жердегі ескі қонысқа қарай шапты. Қоныстан алыс емес жерде расында да машина дөңгелектерінің іздері байқалды. Машина қозғалуы тез ғой, беткейден әлдеқашан асып кеткен екен. Екеуі қонысқа жақындады, бірақ одан әрі ағат ілгерілеуге жүрексінді. Болат қақпандар тұлпардың тұяғын үзуінен қорықты. Екеуі аттан түсті. Ақсақал бір мезет қарап, күлі қалған жер ошақты нұсқады.

- Доржы қақпан құрудың маманы ғой. Анау жатқан күлге қарашы. Көрер көзге жел ұшырғанға ұқсайды. Іс жүзінде, оны адам шашқан. Сол күлдің астында қақпан бар. Оның жанына арық қойдың екі тұяғы әдейі қойылыпты. Егер де екі жапырақ ет қойылса, көкжалдар керісінше күдіктеніп қалады. Арық қойдың тұяқтары әдепкі қоқыс үйіндісінде табылатын нәрсе ғой. Сөйтіп жыртқыштар оңай алданады. Менің пайымдауымша, ол қақпан құрған кезде қолдарына да күл жаққан сыңайлы. Сонда ғана адамның иісін күл жауып тастайды. Бұны тек ең иісшіл кәрі бөрілер ғана иіскеп біле алады. Дегенмен, қасқыр кәрі болған сайын, мұрны да иіс сезбейтін болады.... 

Чен Чжен бір мезет шошып қозғала алмады, тіпті ашуланғаннан сөйлей де алмады. Ақсақал бұзаудың тезегінің қасындағы аурушаң қойдың жартысын қолмен көрсетіп, сөзін жалғастырды:

- Қарашы, анау қойдың үстіне заһарлы дәрі себілгені анық. Естуімше, олар Бейжіңнен жоғары сортты улы дәрі алғызыпты. Мұндағы көкжалдар иісін сезе алмайды екен. Жеген сәтте бір салым дәріден өледі, - деді қария.

- Онда мен дәріленген қойлардың бәрін ескі құдыққа тастайын, - деді Чен Чжен.

- Сен бір өзің бәрін сүйрей аласың ба? Қоныстар осыншама көп ғой, - деді ақсақал.

Екеуі аттарына мініп, төрт-бес қоныстың орнын бірінен соң бірін аралады. Доржының олардың ешбіреуін де қағыс қалдырмағаны байқалды. Кейбіреуіне улы дәрі тастаған, кейбіреуіне қақпан құрған, ал кейбіреуіне екеуін бірдей істеген. Кейбір қонысқа ешнәрсе де істемеген. Бүкіл осы орналастыру шын-өтірігін, дұрыс-бұрысын адастыру үшін жасалған. Оның үстіне, негізінен араға қоныс қалдырып, бір қулық жасалған екен. Екі жерге тұзақ қойылса, арасына көбінесе бос жер қалдырылған. Егер бір қоныста бөрі қақпанға түссе немесе уланса, өзге жердегі қасқырдың тұзаққа түсуіне ешбір кедергі жасамайды. Екеуі сондай-ақ Доржының уды көбірек сепкенін, қақпанды аздау құрғанын байқады. Ол қақпан құрғанда күл тасталған шұңқырларды пайдаланады, күлмен жауып бүркемелейді. Жаңа шұңқыр қазып әуре болмайды екен. Сол себепті, Доржы шапшаң әрекеттеніп, жарты күннің ішінде бүкіл отрядтың ескі қоныстарының бәрінде дәрі сеуіп, қақпан құрып үлгерген. Бұдан ілгері жүруге болмайды, әйтпесе Доржы оларды байқап қояды.

Білге-ата аттың басын бұрып, кері қайтты.

- Тек осы көкжалдарды ғана құтқаруға болады, - деді бір жағынан ол өз-өзіне күбірлеп.

Екеуі тұзақ құрылған бір ескі қонысқа келді. Қария аттан түсіп, ерекше сақтықпен бір сасыған қойдың сирағы тасталған жерге келді. Сосын ол қойнынан қозының терісінен жасалған дорбашаны шығарып, оның аузын ашты. Ол біраз сұрғылт дәріні қойдың сирағының үстіне септі. Чен Чжен ақсақалдың ниетін бірден түсінді. Бұндай улы дәрі жайылымдағы қамдау-сату кооперативі сататын төмен сортты мал дәрігерлік дәрі-дәрмек болып табылады. Оның уыты әлсіз, иісі күшті. Тек ең ауыш бөрі мен түлкіні ғана уландыруы мүмкін. Ал әдеттегі қасқырлардың бәрі дәрінің иісін иіскеп біле алады. Нашар дәрі күшті удың үстіне себіліп, оны басып түсті. Доржының еңбегі зая кетті. «Ақсақал Доржыдан әлдеқайда айлалы екен» деп ішінен ойлады Чен Чжен.

- Бұл дәрінің иісі желдің соғуынан сейілсе не істейміз? - деп біраз ойланғаннан кейін тағы сұрады ол.  

- Ондай болмас. Жан-жаққа жайылған бұл дәрінің иісін адамдар сезе алмайды, ал көкжалдар сезе алады, - деді қария.

Ақсақал тағы бірнеше қақпан құрылған жерлерді іздеп тапты. Ол Чен Чженге қойдың бірнеше ұзын сүйегін теріп әкелуді тапсырды. Сосын оларды барша пәрменмен қақпандарға лақтырып, аударып тастады. Бұл да айлакер кәрі бөрілердің қақпанға түспеу әдістерінің бірі еді.

Екеуі тағы бір ескі қонысқа беттеді. Қарияның төменгі сорт дәрісі біткеннен кейін ғана екеуі атқа мініп, артқа қайтты.

- Ата, егер де олар полк штабына қайтқан кезде қақпандардың істен шыққанын көріп қалса қайтеміз? - деп сұрады Чен Чжен.

- Олар міндетті түрде айналшақтап жүріп қасқыр аулайды. Мұнда қайырылуға мұршасы жетпейді, - деді ақсақал. 

- Егер де бірнеше күн өткеннен кейін олар қақпандарды көруге келіп, біреулердің қозғағанын байқап қойса қайтеміз? - деп тағы сұрады Чен Чжен, - Бұл дегенмен көкжал аулау қозғалысын бүлдіру әрекеті ғой. Онда Сіз сорлайсыз ғой.

- Мен тағы сорласам да Олұн даласының сорлағанымен салыстыруға қайдан жетсін. Бөрілер жойылса – тышқандар мен қояндар жердің тамтығын қалдырмай, байтақ даланы ойрандайды. Дала тұрғындары да құриды. Ешкім де қашып құтыла алмайды.... Мен ең болмаса бірнеше қасқырды құтқарып қалайын. Мейлі біреуін құтылдырсам да есеп. Олұн сахарасының көкжалдары тез қашыңдар. Арғы бетке қашып кетіңдер.... Доржылар егер де шынымен мені іздеп келіп, есеп айырысатын болса, тіпті жақсы. Іштегі ашуым мен шерімді шығара алмай жүр едім...., - деді қария.

Қыратқа шыққанда, әуе кеңістігінде бірнеше жабайы қаз қайғылы да зарлы қаңқылдап, үйірін іздеп ерсілі-қарсылы ұшқаны көрінді. Олар жападан жалғыз қалған жетімдей айналшақтап самғауда. Ақсақал аттың тізгінін тартып, жоғары қарады.

- Тіпті қаздар да оңтүстікке ұшы үшін сап түзей алмай қалды. Бәрі де келімсектерге жем болды-ау, - деп сөзін соза күрісініп сөйледі қария. 

Ақсақал басын бұрып, өз қолымен игерген жаңа жайылымға ұзақ қарады, көздері жасқа толып бұлдырлады.

Чен Чжен қариямен бірге тұңғыш рет осы жаңа жайылымға келген кездегі көркем көріністі еске алды. Бір жаз ғана өтіп, әдемі көл және жаңа жайылым аққулардың, жабайы қаздар мен үйректердің және дала бөрілерінің қабірстанына айналып тынды. 

- Ата, біз жақсы іс істеп жатырмыз, бірақ не үшін ұрлық жасаған адамша алақтаймыз? Ата, дауыстап бір жылағым келіп тұр...., - деді Чен Чжен.

- Жыла, жылап ал. Атаңның да жылағысы келіп тұр. Қасқырлар моңғол қарттарын бірінен соң бірін Тәңірдің дәргейіне әкетіп, қырсыққанда қалайша атаңды тастап, ұмытып кеткені...., - деді ақсақал.

Аспанға телміріп қараған қария көз жасын тыя алмай, кәрі арлан секілді еңіреп жылап жіберді. Чен Чжен де солқылдап жылады. Оның көз жасы ақсақалдың көз жасымен бірге ежелгі Олұн даласына төгілді....

Бөлтірік денесіне түскен жарақаттардың азабына төзіп, қапастың ішінде нақ екі тәулік тік тұрды. Екінші күні кешке таман Чен Чжен Чжаң Цзиюәннің арбалар көші ақыры күзгі шөбі қалың өткен тегіс беткейге келіп тоқтады.

Көрші Гомбоның отбасысы киіз үй тігіп жүр екен. Гао Цзянчжуңның сиырлары қоныстанатын жайылымға әлдеқашан жетіпті. Ол Білге-атаның киіз үй орнату үшін таңдап берген жерде оларды күтіп отыр екен. Яң Кэнің қойлары да жаңа қонысқа жақындап қалған. Чен Чжен, Чжаң Цзиюән және Гао Цзянчжуң бірге киіз үйді жылдам тіктеп үлгерді. Баярға өгіз арба айдатқан Касымай екі кәрзеңке кепкен тезек беріп жіберді. Екі күн, бір түн арып-ашып ұзақ та ауыр жол жүрген үш жігіт от жағып, шай қайнатып, тамақ пісіре алатын болды. Кешкі астың алдында Яң Кэ де ақыры жетіп үлгерді. Ол жол бойында жатқан арбаның шіріген тақтайларын жиып, ер-тұрманның жүгенімен сүйреп әкеліпті. Онысы екі рет тамақ пісіргенге жетерлік отын болып шықты. Екі күннен бері Чен Чженнің әлгі жарты арба тезекті лақтырғаны үшін бұртиып жүрген Гао Цзянчжуңның да әйтеуір ашуы басылып, жадырап сала берді. 

Чен Чжен, Чжаң Цзиюән және Яң Кэ «тұтқын» отырған арбаға қарай аяңдады. Олар қапастың үстіндегі қалың киізді енді ашқанда, кәрзеңкенің бір жағын бөлтірік өтпес тырнақтары және мұқалған тістермен үлкендігі футбол добындай етіп тескенін көреді. Қалған екі бүйірдегі ағаш талдарынан тоқылған қабырғаларда да тырнақ іздері және тіспен қажаған іздер толып тұр. Ескі плащ-палатканың үстіне бір қабат сырға тал шыбықтарының үгіндісі мен сынықтары түскен екен. Чен Чженнің шошығаннан жүрегі дүпілдеп соғып кетті. Бөлтірік бұны кеше түнде арбаны тоқтатып, түнеген кезде істеген болса керек. Егер сәл кешірек көргенде, бөлтірік тесіктен сығылысып өтіп, қашуы мүмкін еді. Алайда, оған байланған темір шынжыр әлі де арбаның көлденең ағашына буылған екен. Демек, бөлтірік қылқынып өлмесе, сүйретіліп өлген немесе арбаның дөңгелегіне жаншылып мерт болған ғой. Егжей-тегжейлі бақылаған Чен Чжен қажалған тал шыбықтарда біраз қанды дақтарды байқады. Ол шапшаң Чжаң Цзиюән екеуі кәрзеңкені арбадан түсіріп, бір шетке қойды. Бөлтірік зу етіп ытқып, шөптің арасына тығылды. Чен Чжен дереу шынжырдың басқа бір ұшын босатып, бөлтірікті киіз үйдің алдыңғы жағына қарай жіберді. Яң Кэ шапшаң жер қазып, ағаш қазықты мықтап көміп, оған шынжырдың темір алқасын кигізді, темір тұтқасын бекітті. Әбден қорқып-шошыған бөлтірік жерге секіріп түскеннен кейін, бәрібір бұрынғыдай аспан мен жердің шыр айналғанын сезініп, қысқа бір сәт тұрақтай алмай тәлтіректеп тұрды. Ол момақан қозыдай бұдан былай шайқалмаған шөпті жердің үстінде қырынан жатты. Қажалған төрт табанмен ақыры қатты нәрсені баспайтын мүмкіндікке ие болды. Бөлтіріктің қалжырағаны соншалық бұдан соң басын да көтермеді.

Чен Чжен қос қолымен бөлтіріктің желкесін құшақтап ұстап, екі бас бармағын езуіне салып, ернін жоғарыға көтеріп, аузын ашты. Ол жұтқыншақ жарасының қаны әлдеқашан азайғанын байқады. Алайда, әлгі сынық тісінің түбінде әлі де капиллярлық қан ағылуда екен. Чен Чжен бөлтіріктің басын мықтап қысып, Яң Кэге оның азу тістерін сипалатты. Яң Кэ қаннан қарайған сол тісті ұстап, шайқап-шайқап көрді.

- Тістің түбі қозғалып тұр. Бұл тіс түсіп қалатын сияқты, - деді ол.

Бұны естіген Чен Чжен өзінің бір жақсы тісін жұлғаннан бетер жаны шырқырады. Екі күннен бері бөлтірік қанын және жанын салып, жетектеу мен қамауға қарсыласып келді. Тұла-бойының көп жері жараланды, сондай-ақ өз тістерін зақымдаудан тайынбады. Чен Чжен қолын босатты. Бөлтірік ауырған тісін үздіксіз жалаумен болды. Шамасы тісі қатты ауыратын сияқты. Яң Кэ сондай-ақ бөлтіріктің табандарына абайлап дәрі жақты. 

Кешкі астан кейін Чен Чжен кеспе, үгінді ет пен сорпаның қалдығынан бір үлкен табақ жартылай сұйық тамақ әзірлеп, суығаннан соң ғана бөлтіріктің алдына қойды. Оның қарны әбден ашып қалыпты. Көзді ашып-жұмғанша тамақты тап-тақыр етіп жеп қойды. Әйтсе де, Чен Чжен бөлтіріктің азық жұтуы бұрынғыдай оңай да жылдам болмағанын байқап қалды. Ол кеңірдегімен жиі кекірді, сондай-ақ өзінің әлгі қан аққан тісін жалай берді. Оның үстіне, бөлтірік тамақ жегеннен кейін кенеттен тоқтаусыз жөтелді, көмекейінен бірсыпыра қан аралас тамақтың қалдығы атқылады. Чен Чженнің жүрегі сыздады: бөлтіріктің тісі зақымдалған ғана емес, тіпті жұтқыншағы мен өңеші де ауыр жарақаттанған екен. Алайда, қайсы мал дәрігері көкжалды емдеуге келіседі?

- Мен қазір түсіндім. Бөрілердің барлығы қайсар да қайтпас-қажымас болуының себебі қасқырлар тобының ішінде «опасыз сатқындар» мен әлсіз қорқақтардың жоқтығынан емес, қайта рақымсыз далалы қоршаған ортада ежелден барлық қоянжүрек арамзалар түбегейлі іріктеліп жойылған екен ғой, - деді Яң Кэ Чен Чженге.

- Өкінішке орай, бұл бөлтірік өзінің бас имейтін, бағынбайтын мінезі үшін аса үлкен баға төледі. Адам баласы үш жасында ересек адамдарға, жеті жасында қарттарға қарайды (яғни, баланың болашағы 3 жастан 7 жасқа дейінгі аралықта қалыптасады). Ал бөлтіріктер үш айында үлкен, жеті айында ересек көрінеді, - деді Чен Чжен қамығып.

Келесі күні таңертең Чен Чжен қалыптасқан әдеті бойынша бөлтірік мекендеген шеңберді сыпырып тазалаған кезде, кенеттен оның боғының бұрынғы бозғылт реңнен қара түске өзгергенін көріп қалады. Ол қорыққанынан бөлтіріктің аузын шапшаң ашып қарап, өңешіндегі жараның әлі де қан аққанын көрді. Ол дереу Яң Кэге бөлтіріктің аузын ашқызып, өзі шөкемен қысқырған бір жапырақ кішкене киізді ақ дәріге малып, жануардың өңешіне тықты һәм оны жақты. Алайда, кеңірдектің терең жеріндегі жарасына жете алмады. Екеуі барша күшін шығарып, шара қолданды, жергілікті әдістермен ем-дом жасап, шұғыл құтқаруға әрекеттенді. Өздері әуреленіп, діңкелері құрыды, бұрын неге мал дәрігердің оқуын өздігінен оқымағанына дамылсыз өкінді.

Төртінші күні бөлтірік боғының түсі біртіндеп ағарды. Ол қайтадан арындай бастағанда ғана екі жігіт тынысы кеңейіп жеңілденді.

 

34

Өте ұзақ уақыт бойы күллі өркениеттер монархия жүйесінің жолымен жүрді, яғни абсолюттік монархия жолында жетілді және дамыды. Әрбір патша мен әулеттерден біз төмендегідей табиғи үдерісті байқаймыз: мемлекеттің аман-саулығы мен берекесі үшін өзінің барлық күштері мен парасатын беріп, құлшына ел басқарудан әсемпаз сән-салтанатқа берілу, бойкүйез жалқаулыққа және құлдырауға бет алу ең ақырында шөл немесе иен дала жақтан келген бұдан да жігерлі ұлысқа бас иіп, тізе бүгумен аяқталған.

..........

Біз барлық көшпенділердің бірдей болғанын көреміз. Мейлі нодиктер, семиттер немесе моңғолдар болсын, олардың мінезі мен жаратылысы отырықшы халықтардың жеке басы тұрғысынан айтқанда анағұрлым мойымас және анағұрлым қажырлы келеді.

Х.Уэльс (Ұлыбритания). «Дүние жүзі тарихының желісі»

 

Білге-ата полк пен дивизия штабтарындағы өндірістік жиналыстарға бұдан былай шақырылмайтын болды. Чен Чжен оның өз үйінде бос жүргенін, отаудың ішінде тері өңдеумен үнсіз айналысқанын жиі көрді.

Жаз бен күзгі жаңбырлы маусымда жылқышы, сиыршы және шопандардың жүгендері, тізгін-шылбырлары, ауыздықтары және шідерлері түгел жаңбырға малшынып, былбырап жұмсарады, ауыр түрде азотсызданады. Ал күннің шыжыған ыстығында бұлардың бәрі кеуіп қатаяды, опырылып шытынайды, былғарыдан жасалған айыл-тұрмандардың мықтылығы айрықша төмендейді. Байлаулы да тұсаулы аттар шідер-шылбырды үзіп, тұсаудан босанып, үйіріне қайта қашатын істер жиі туылып отырады.

Білге-ата өз отбасысы, бригаданың жылқышылары мен зиялы жастары үшін тері айыл-тұрмандарын жөндеуге қалайда уақыт шығаратын. Чен Чжен, Яң Кэ және Гао Цзянчжуң қарияның отауына барып, тері жөндеу, өрімшілік өнерін үйренуге жиі уақыт шығарды. Он шақты күннен бері үшеуі жүген, үзеңгі, қамшыны тәп-тәуір өретін болды. Яң Кэ тіпті жасалуы ең күрделі саналатын тұсау мен шідерді де әзірлеу алатын болды.

Ақсақалдың кең киіз үйі моңғол тері шеберханасына айналды. Үйіліп жатқан жауқазындай аппақ сиыр терілері мұрынды жаратындай иіс таратуда. Тері бұйымдарына суырдың майын жағып жұмсарту барша жұмыстардың ең соңғы кезеңі болып табылады.

Суырдың майы – кең даладағы ең жоғары дәрежелі, ең керемет май. Ішкі Моңғолия үстіртінің қыстары ерекше суық болады. Қойдың майы, сары май, дизель майы, мотор майының бәрі қатып қалады. Жалғыз суырдың майы ғана бастан аяғына дейін сұйық күйін сақтайды. Нольден төмен 30* градус қақаған аяздың өзінде суырдың қоймалжың майын құмырадан құйып алуға болады.

Борсықтың майы – даланың өзіндік өнімі, малшылардың үйіндегі қымбатты тұтыну бұйымы, әр шаңырақта сақталуы тиіс қажетті нәрсесі. Әр жылдың ең суық күндеріндегі ақ мылтық аязда, қарлы боранда жылқышылар мен қойшылар беттеріне борсық майын бір қабат етіп жағып қойса, мұрын үсімейді, бет-жүзі де тоңғаннан сұп-сұр болмайды. Борсық майына пісірілген моңғол бауырсағының реңі сарғыш, әрі жылтыр болады. Иісі де ең хош иісті болады. Суырдың майына пісірілген бауырсақтар көбінесе үйлену тойларының қонақасында және сыйлы қонақтарды күту дастархандарында кездеседі. Суырдың майымен күйікті, күйіп қалған дене мүшесін емдеуге де болады. Нәтижесі борсықтың майынан кем емес.

Суырдың майы мен терісі сондай-ақ малшылардың негізгі қосымша кіріс көзінің бірі болып табылады. Әр жылы күзде суырлардың жүні ең қалың, еті ең семіз болған уақытта малшылардың бәрі тауға шығып, оларды аулайды. Етін өздері жейді, ал терісі мен майын шикізат өнімдерін сатып алу бекеттері және қамдау кооперативтеріне тапсырып, күрек (тақта) шай, торғын-торқа, батарея, етік, қант-кәмпит және басқа да күнделікті тұтыну бұйымдарына айырбастайды. Бір ірі суырдың терісі төрт юән, майдың жарты килограмы бір юән неше тиын тұрады. Суырдың терісі – әйелдердің былғары киімін әзірлеудегі жоғары сапалы материал. Бұл шикізат өнімі толығымен экспортқа шығарылып, валютаға сатылады. Үлкен суырлар қалыңдығы бір елідей май жинайды. Яғни, бұдан 1 кг май алуға болады. Малшылар бір үлкен суырды ауласа, оның етінен бөлек 5-6 юән пайда табады. Бір күздің өзінде 100 астам суыр ауланса, кірісі 500-600 юәнге жетеді. Бұл – қойшының бір жылдық кірісінен әлдеқайда көп. Олұн сахарасында малшылар жартылай мал шаруашылығымен, жартылай аңшылықпен шұғылданады. Негізгі кәсіп мал шаруашылығы болып саналады, бірақ көптеген отбасылардың басты кірісі аң аулаудан құралады. Суырларды жаппай аулаудан түскен кіріс қойларды баққаннан алынатын табыстан асып түседі. Егер бұған бөрі, түлкі, қарсақ, қарақұйрық және басқа аңдарды аулау қосылса, алынатын кіріс тіпті де мол болады. Кезінде Олұн малшыларының ауқатты тұрмысының дәрежесі Бейжің қаласындағы орта дәрежелі басшы кадрлардың отбасыларынан асып түсетін. Тіпті әр шаңырақ сайын бәрінде қала тұрғындарын таңдандыратын банкіге аманатқа қойған салымдары болатын.

Дегенмен, малшылардың аңшылықтан кіретін табысы мүлдем тұрақты емес. Сахарадағы жабайы аңдар құдды Қытайдың ішкі өлкелеріндегі жеміс ағаштары сияқты кейбір жылдары мол өнім берсе, кейбір жылдары өнім бере алмайды. Бұның бәрін климат, шөптің жағдайы, табиғи апаттар және басқа да факторлар белгілейді. Олұн даласының малшылары аң аулаудың көлемін бақылауда ұстауды біледі, яғни оларды мөлшерлеп аулайды. Оларда әр жылғы өсімнен пәлен пайыз аулау дейтін өзгермес тәртіп пен қатаң белгілемелер жоқ. Жабайы аңдар көбейсе көп аулайды, жануарлар азайса аз аулайды. Жабайы аңдар сирек болса – мүлдем ауламайды. Осылай жүздеген жылдар бойы аң аулануда. Соның арқасында әр жылы дерлік аң аулауға мүмкіндік бар. 

Малшылар суырларды аулап, терісін негізінен сатады, бірақ суырдың майын сатуға қимайды. Бұл жануардың майын қолдану аясы кең, тұтыну көлемі де орасан зор. Ең көп пайдаланылатын жері де сол баяғы тері өңдеу саласы болып табылады. Суыр майымен майланған қара қошқыл реңді тері өнімдері лезде әдемі, жылтыр, жұмсақ та берік болады. Егер жаңбыр маусымында аттың ер-тұрманын және тері жабдықтарын осы маймен жиі майлағанда, жыртылуы оңай болмайды, қолданылу мерзімі ұзарады, істен шығып бұзылуы азаяды. Бұл майдың жұмсалу мөлшері үлкен, қолдану аясы кең болғандықтан, малшылардың үйіндегі майдың қоры көбінесе келесі жылда суырларды аулау мезгіліне жетпей таусылады.

Қария еденде үйілген тері жабдықтары мен айыл-тұрмандарға қарап тұрып, Чен Чженге тіл қатты:

- Үйде жарты құмырадай суыр майы қалыпты. Мен де оның етін сағындым. Осы кездегі суырдың еті ең дәмді болады. Бұрын бай-манаптар осы маусымда қойдың етін жемейтін болған.... Ертең мен сені суыр аулауға апарайын.

- Мен суырдың майын шыжғырғаннан кейін, сендер осында келіп шай ішіп, сол майға пісірілген бауырсақты жеп қайтыңдар, - деді Касымай.

- Онда өте жақсы болды. Биыл өзім де суырдың майын көбірек жиып сақтармын. Ылғи сізге келіп тойып ішіп-жесем болмайды ғой, - деді Чен Чжен.

- Сен бөлтірік асырағалы біздерді ұмыттың. Мына бірнеше айдан бері біздің үйден неше рет шәй іштің, ә? - деді Касымай күліп.

- Сен бригадир, топтың басшысың ғой. Бөлтірік бағып, саған қаншама көп әурешілік тауып бердім. Қорыққанымнан көрісуге батылым жетпей жүргені, - деді Чен Чжен.

- Егер де мен сені қорғамағанда, сенің анау бөлтірігіңді басқа бригаданың жылқышылары баяғыда өлтіретін еді, - деді Касымай.

- Сен оларға не деп едің? - деп сұрады Чен Чжен. 

- Қытайлардың баршасы қасқырларды жек көретінін, сонда да оларды жейтінін айттым. Тек Чен Чжен мен Яң Кэ ғана көкжалдарды жақсы көреді. Әлгі бөлтірік ол екеуінің бауырына салып асыраған баласына ұқсайды. Олар бөрілердің жағдайын жете түсінгеннен соң, біз моңғолдармен бірдей болады дедім, - деп күлді Касымай.

Чен Чжен шын ниетпен қайта-қайта алғыс жаудырды.

- Қалай рахмет айтасың? Онда маған бір дастархан жаясың. Мен қытайлардың сарымсақ пен қой етінен пісірілген бәліш жегім келеді, - деді Касымай сыңғырлап күліп.

Чен Чжен бұны естіп мәз болды. Оған көзбен ымдап ишара жасаған Касымай түнеріп отырған ақсақалға меңзеп ақырын сөйледі:

- Ата, сіз де қытайлардың бәлішін жеуді жақсы көресіз ғой.

 - Чжаң Цзиюән ферма орталығынан көп сарымсақ сатып алған. Әлі жарты бумасы тұр. Бүгін кешке мен қажетті нәрселерді әкеліп, сендерге пісіріп берейін. Атам, жеңгем және үйдегі барлық адамдар жеп, риза болсын, - деді ақыры Чен Чжен қуанышты лебізбен.

Ақсақалдың жүзінде сәл күлімсіреу пайда болды.

- Қойдың етін әкелудің қажеті жоқ. Мен мұнда жаңа ғана қой сойдым. Гао Цзянчжуң пісірген бәліштер хошунның (ауданның) дәмханаларында пісірілгеннен дәмдірек. Яң Кэ, Гао Цзянчжуң бірге келсін. Бәріміз шарап ішеміз, - деді қария.

Кешке Гао Цзянчжуң Касымайға ет тартуды, бәліштің қамырын илеуді және қарма нанды пісіруді үйретті. Бәрі ішіп-жеп, ән шырқады. Ақсақал кенеттен пиаланы дастарханға қойып, әңгімені бастады:

- Биңтуән малшылардың арасындағы ауру-сырқаттарды азайту, мал бағудағы бейнетін жеңілдету үшін бұдан кейін оларды отырықтандырудың қажеттігін айтады. Сендердің ойларыңша, отырықтандыру жақсы ма? Сендер қытайлар тұрақты мекенде һәм үйде тұруды ұнатасыңдар емес пе?

- Неше мың жылдық көшпенді тұрмысты отырықтандырып мал бағатындай етіп өзгертуге болатын-болмайтынын біз де білмейміз. Меніңше, мүмкін емес сияқты. Даланың шөп жамылғысы аса жұқа, тұяқ кесті болуға төзбейді. Бір қоныста адамдар мен үй жануарлары ең мықтағанда бір-екі ай тұрған соң орын ауыстырып көшуі керек. Егер де отырықтанған жағдайда, маңайдағы бірнеше шақырым жерлердің бәрі бір жылға жетпей құмайтқа айналады. Келешекте елді мекендер бір-біріне жалғасса, байтақ даланы үлкен шөлге айналдырады емес пе? Оның үстіне, түптің-түбінде отырықтану үшін қай жерлерді таңдалуы тиіс? Бұл да қиын мәселе, - деді Яң Кэ.

- Моңғолия даласында отырықтануды енгізу – нағыз лаң салу, - деді ақсақал басын изеп, - Егіншілік аумақтан келген қоныстанушылар даланы түсінбейді. Өздері отырықтануды ұнатқандықтан басқаларды да отырықшы тұрмысқа өтуге мәжбүрлейді. Отырықтанудың жанға жайлы екенін кім білмейді дейсің. Алайда, Моңғолия сахарасында малшылар ұрпақтан-ұрпаққа отырықшы болмаған. Бұл – Тәңірдің бекіткен ережесі. Әуелі жайылымды айтайық, төрт маусымның өзіне тән жайылымы бар, олардың өзіндік ролі бар. Көктемде мал төлдейтін көктеуліктің шөбі жақсы, бірақ аласа. Егер де бір отбасы сонда отырықшы болса, қыста жауған қалың қар аласа шөпті толығымен көмгенде мал тірі қалуы мүмкін бе? Қыс мезгілінде пайдаланылатын қыстаулықтың шөбі биік өседі, қалың қардың жауғаны қорқынышты емес. Егер де бір отбасы сол жерде отырықшы болса, көктемде, жазда, күзде, яғни төрт түлік мал үш маусым бойы сол жердің шөбін ғана жейді. Онда қыс келгенге қарай шөп соншалық биік болып өсуі мүмкін бе? Жазғы жайылым суға жақын орналасуы тиіс. Әйтпесе, малдың бәрі шөлдеп қырылады. Алайда, сулы жердің бәрі таудың ішінде. Ол жерде отырықтансақ, қыс мезгілі келгенде төрт түлік мал суықтан үсіп өлуі мүмкін. Күзгі жайылымдарда шөптің дән-дақылдары мол болуы тиіс. Егер де бір отбасы малы сол жайылымда отырықтанса, бір көктем һәм бір жаз бойы соның шөбін отаса, келесі күзде шөптің дән-дақылдары қалады ма екен? Әр жыл маусымында пайдаланылатын жайылымның бірнеше зиян жағы және бір ғана пайдалы жағы бар. Көшпенді мал шаруашылығы әр маусымдағы жайылымның зиянынан қашып, бір пайдалы жағын ғана таңдауға бейімделген. Егер де бір жерге отырықтанса, сол бірнеше зиян жақтары қатарынан жабылып келіп, әлгі бір пайдалы жағын жояды. Сонда қалай мал бағамыз?

Чен Чжен, Яң Кэ, Гао Цзянчжуң бастарын изеп, құптайтынын білдірді. Чен Чжен отырықтанудың бір ғана пайдасы бөлтірік асырауға қолайлы болатынын ойлады, бірақ ол бұл ойын айтуға батылы жетпеді.

Қария арақты біраз ішті, сондай-ақ қойдың еті мен сарымсақтан пісірілген төрт бәліш жеді. Алайда, оның көңіл-күйі төтенше бұзылды.

Келесі күні таңертең Чен Чжен мен Яң Кэ кезектерін ауыстырып, Білге-атамен бірге тауға суырларға тұзақ құруға кетті. Ақсақалдың қанжығасында ондаған тұзақ салынған бір кенеп қап байланған. Суырға қойылатын тұзақтың құрылысы өте қарапайым. Жарты кезден ұзынырақ ағаш сынаның үстіне сегіз жіңішке сым орнатылған темір кендір байланады. Тағы бір темір сымнан тұзақтың бұғалығы орнатылады. Тұзақ орнатылғанда ағаш сына суырдың індерінің жанында қойылады. Алайда, кендір тұзақ жерге жабыстырып қоюға болмайды. Жерден екі елі орналастыру керек. Осылайша суыр іннен шыққан кезде мойны немесе сауырынан ғана ұсталуы мүмкін. Чен Чжен суырға тұзақ құрып көрген, бірақ өте аз олжа алған. Оның үстіне, өңкей кішкене суырлар ұсталды. Осы жолы ол да қариядан осы өрелі өнерді үйренбекші болды. 

Екі салт атты солтүстік-шығысқа қарай жылдам заулады. Күзгі шөптің жартысы әлдеқашан сарғыш тартқан, бірақ тізеден жоғары келетін қалған шөптің сабақтары мен жапырақтары әлі де жасыл. Осы кезде суырлар іннен жиі шығып, ең соңғы бір елідей майын қарманудың орайын жібергісі келмейтін. Олар жеті ай бойы қысқы ұйқыға кетеді. Жеткілікті майы болмаса, келесі жылдың көктеміне жете алмайды. Сондықтан осы мезгіл – суырлардың ең семіз болатын уақыты.

- Алдыңғы жолы қолданған тұзақты сізден алғанмын. Алайда, неге оған ірі суырлар түспеді? - деп сұрады Чен Чжен.

- Мен саған тұзақ құрудың әдісін әлі үйретпедім ғой, - деп қарқылдап күлді қария, - Олұн даласындағы аңшылардың аң аулау әдістерін жат жұрттың адамдарына хабарлауға болмайды. Өйткені олардың аңдарды тып-типыл жойып тауысуынан қорқамыз. Балам, атаң қартайды. Тұзақ құру тәсілдерін саған үйретейін. Сырттан келген келімсектердің құрған тұзақтарының бәрі өлі тұзаққа жатады. Үлкен суырлар әккі келеді. Олар денесін жиырып, тұзақтан сығылысып шығып кетеді. Мен құратын тұзақтар созылғыш болады. Сәл сүйкеніп тиіп қалса, буып жібереді. Мойнынан немесе артқы сауырынан қыспайды, мүлде қаша алмайтын қылады. Тұзақ құрған кезде алдымен оның көзін кішірек ету керек. Үлкендетіп созып жіберсең, қолыңды босатқанда тұзақ қатты кері серпіледі емес пе?

- Онда қалай бекіту керек? - деп сұрады Чен Чжен.

- Сым темірдің үстіне бір шеңбер иіп, бір ұшын шеңбердің артына еппен іліп қою керек. Ол өте жеңіл болса болмайды. Жел соққанда тұзақ бекіп қалады да, қылған еңбектің бәрі зая болады. Ауыр болса да болмайды. Оны тұзақ көтере алмайды. Оған суырлар түспейді. Әрине, ауыр да, жеңіл де болмауы керек. Осылай серпімді болу керек. Суыр шықпақшы болса, қалайда сым темірге соғылады, сонда тұзақтың аузы да қысыла түседі. Осы әдісті қолданғанда, құрған он тұзаққа қалайда алты-жеті суыр ұсталып қалады, - деді ақсақал.

- Керемет! Тамаша екен! Менің тұзағыма суырлар содан түспейді екен ғой. Бұрын өлі тұзақтар құрып жүрген екенмін. Суырлар одан емін-еркін шығып кетеді екен ғой, - деді  Чен Чжен алақанмен маңдайын қағып.

- Сәлден соң мен саған тұзақ құруды көрсетемін. Бұны жасау оңай емес. Іннің үлкен-кішілігіне, оның алдындағы суырдың іздерінің үлкендігіне де қарап жасауың керек. Тұзақ құрған уақытта тағы бір істелетін маңызды әдісті мен бір жағынан істеп, бір жағынан саған көрсетемін. Бұны бір көрсең әбден біліп аласың. Алайда, бұл әдістерді өзің ғана білсең болды. Бөтен адамға айтушы болма, - деді қария. 

- Уәде беремін, - деді Чен Чжен.

- Балам, есіңде болсын, суыр аулағанда тек ересек суырлар мен баласыз ұрғашы суырларды ғана аулау керек. Егер тұзаққа баласы бар суыр және оның кішкене суырлар түссе – бәрін еркіне жібергін. Біз моңғолдар жүздеген жылдар бойы суырларды аулап келеміз. Осы уақытқа дейін етін жеп, терісін сатып, майын пайдалануымыздың себебі дала моңғолдарының әрқайсысы ата-бабалардың салт-дәстүрін бұзбағандықтан болып отыр. Суырлар даланы бүлдіреді, бірақ моңғолдарға соншама көп пайданы да әкеледі. Бұрын сахарадағы кедей малшылар да суыр аулаумен қыстан шығатын. Суырлардың қаншама моңғол кедейлерді аштықтан құтқарғанын сендер, қытайлар, білмейсіңдер ғой, - деді ақсақал.

Екі салт атты қалың күзгі шөптің арасымен асығыс жүруде. Аттың тұяғы басқан жерден ақ күлгін, жасыл сары, қоңырқай түсті көбелектер мен шегірткелер тоқтаусыз ұшады. Үш-төрт қарлығаш олармен бірге еріп, аттың бауырынан өтіп, қайта жоғары қалықтап жүр. Олар адам сыйлаған олжаны таласа-тармаса жеп, мәз болуда. Қарлығаштар ұзаққа дейін екеуіне еріп ұшты.

- Бұл Олұн даласындағы суырлар мекендеген таудың дәл өзі, - деді Білге-ата қамшымен алдағы бірнеше биік жотаны көрсетіп, - Мұнда суырлар көп, бойлары үлкен, өздері семіз һәм терісі де жақсы. Бұл – біздің отрядтың қазыналы тауы. Оңтүстік пен солтүстік жағында суырлар мекендеген тағы екі кіші тау бар. Ол жерлерде де суырлар аз емес. Бірнеше күннен кейін барша жұрт осында келеді. Биыл суырларды аулау оңай.

- Неге? - деп сұрады Чен Чжен.

Жанары күңгірттенген қария ауыр күрсініп, жауап қайтарды:

- Қасқырлар азайды. Суырлар тұзаққа оңай түседі. Күзде көкжалдар семіз суырларды жеп семіреді. Бөрілер семіріп қоңданбаса қыстан шыға алмайды. Олар суыр аулағанда арнайы үлкенін аулайды, ұсақ суырларға тиіспейді. Сондықтан қасқырлар әр жыл сайын суырлармен қоректену сәтіне ие болады. Сахарада моңғол малшылары және көкжалдар ғана Тәңір бекіткен дала заңдарын түсінеді.

Екеуі біртіндеп суырлар мекендеген тауға жақындады. Кенет олар сондағы сайдың ішінде екі брезент шатыр қойылғанын байқады. Шатырдың сыртында түтін будақтап көтерілуде. Сондай-ақ бір үлкен арба және ағаш бөшке орнатылған арба тұр екен. Осының бәрінен уақытша жатақтың бейнесі көрінуде.

- Құрыдық! Олар бір қадам алдымен жүріп, бізден бұрын келіпті, - деді кенет өңі өзгерген Білге-ата. Ашу-ызадан екі көзінен от ұшқындаған ол шатырларға қарай шаба жөнелді.

Екі салт атты шатырларға жақындамай-ақ тұрып, суырдың еті мен майының аңқыған жұпар иісін сезді. Шатырдың алдында асығыс аттан түскен екеуі шатырдың сыртындағы жер-ошақтың үстіне орасан зор қазан асылғанын көрді. Қазанның жартысынан көбінде қоңыр түсті суыр майы бүлкілдеп қайнап тұр. Суы қалмаған майдың үстінде денесінің сүлбесі ғана қалған бірнеше үлкен суыр қалқуда. Суырдың еті қайнағаннан әлдеқашан сарғыштанып езіліпті. Бір жас мингуң жаңа ғана піскен бір суырды қазаннан сүзіп алып, терісі сыдырылған, ішек-қарны тазаланған әбден семіз бір суырды қазанға салғалы жатыр екен. Ваң ағай және бір жұмыскер мингуң сынық жәшіктің жанында отыр. Ағаш жәшіктің үстінде бір табақ соя тұздығы, бір табақ бұрыш пен тұз, бір табақ көк пияз қойылыпты. Екеуі бір жағынан арақ ішіп, бір жағынан суырдың етін майға қуырып, ерекше жадырап отыр екен.

Үлкен қазанның жанындағы бір үлкен қаңылтыр леген терісі сыпырылған суырларға әбден толған. Соның ішінде жартысынан көбін бір кезге жетпейтін ұсақ суырлар құрайды. Шөпті көгалда бірнеше ірі есік тақтайлары және тал шыбықтан тоқылған он шақты үлкенді-кішілі ас үстелдері қойылған. Олардың үстіне барлығы 100-200 үлкенді-кішілі суыр терілері жайылып қойылыпты. Чен Чжен мен ақсақал шатырға кірді. Шатырдың іргесіндегі бірнеше жерде жарты адамның биіктігіндей әбден кепкен суыр терілері жинастырылған екен. Шамамен 100 шақты тері жиналған. Шатырдың ортасында биіктігі бір метрден асатын бензин сақтауға арналған ыдыс орналастырылған. Оның ішіне жартылай етіп суыр майы құйылыпты. Еденде тұрған бірнеше кішкене май құтылары мен күбілері де суыр майымен толтырылған екен. Қария шатырдан атып шығып, қаңылтыр легеннің алдына барды және қолындағы қамшымен бетінде қалқыған бірнеше ұсақ суырларды аударып көрді. Бұлардың астында майының семіздігі өте жұқа тағы бірнеше ұрғашы суыр байқалды. Ашуға булыққан ақсақал қамшымен қаңылтыр легенді қатты ұрып, Ваң ағайға айғай салды:

- Кім сендерге ұрғашы суырлар мен ұсақ суырларды аулауға рұқсат берді? Бұл – отрядтың мүлкі, байлығы. Бұлал Олұн даласындағы малшылардың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа күшін сарп етіп сақтаудың арқасында қалдырылған суырлар ғой. Сендер әлдеріңнен асқан екенсіңдер. Отрядтың рұқсатынсыз осыншама көп суырларды қыруға батылдығың жетіпті!

Мейлінше мас болған Ваң ағай арақ ішіп, ет жеуін жалғастырды.

- Сіздің иелігіңізде суыр аулауға менде батылдық қайдан болсын, - деді ол бір ырғақпен сөйлеп, - Алайда, бұл жер әлі де сіздің иелігіңіз бе? Тіпті сендердің отрядыңыз Биңтуәннің қарамағына енгізілді ғой. Сізге айтып қояйын: бізді осы аңдарды аулауға полктың штабы жіберді. Штаб бастығы Сун суырлардың жайылымды ойрандайтынын, олар сондай-ақ бөрілердің қыстан аман өтуінің алдындағы негізгі азығы екенін айтқан. Суырлар жойылса, қасқырлар тобы қыстан шыға алмайды емес пе? Полк штабы оларға қарсы шоғырлы шайқас жүргізу барысында суырларды да бірге қырып-жою туралы бұйрық түсірген. Дивизия штабындағы аурухананың дәрігерлері суырлардың оба ауруын тарататынын айтқан-ды. Бұл жолы осы бос жерлерге келген осынша көп адам егер де жұқпалы індетке шалдықса, жауапкершілікті өз мойныңа аласың ба?

Білге-ата біраз іркіліп қалды.

- Полк штабы бұйрық берсе де болмайды! - деп тағы ақырды ол ызаланып, - Сендер суырларды қырып тауыссаңдар, малшылар неден ноқта-жүген жасайды? Егер де ноқта мен жүгеннің тізгін-шылбыр үзілсе, жылқы үркіп, адамдар жараланса, бұған кім жауапты болады? Сендер өндірістің шырқын бұздыңдар!

- Жоғарғы басшылық бізге аулауға рұқсат берген. Табиғи түрде солар жауапты болады да, - деді Ваң ағай арақтың иісін бұрқыратып, - Ақсақал, мықты болсаңыз, басшыларды тауып, соларға айтыңыз. Ауыр қара жұмыспен шұғылданған біздерге ақырғаннан не түседі?

Ваң ағай қарияның қанжығасындағы кенеп қапқа көз салды. 

- Сіз де суыр аулағалы келіп пе едіңіз? Сізге рұқсат еткенде, бізге неге рұқсат етпеуі керек? Жабайы аңдар сіз қолда баққан мал емес ғой. Кім ауласа, соған тиесілі олжа болады.

- Тұра тұр, бәлем. Мен сәлден соң жылқышыларды жиып қайтамын. Мынау терілер мен майды отрядқа әкету үшін маған тапсырасың! - деді ашу-ызадан сақал-мұрты дірілдеп кеткен ақсақал.

- Мынау суырлардың еті мен майын полк штабының асханасы түгелдей заказ қылған. Ертең сендерге жеткізіп береміз. Егер де адамдар жіберіп тартып алсаң, еш тартынбай ала бер. Уақыты келгенде сенімен есептесетін адамымыз бар! Бұл терілерді үлкен мансаптылар баяғыда-ақ тапсырыс берген. Тіпті Бао Шигуй меңгеруші өз қолымен оларға жеткізбекші екен, - деді Ваң ағай.

Қария қолдарын түсіріп, ешнәрсе айта алмай, біраз үнсіз тұрып қалды.

- Сендердің шеберліктерің расында да керемет екен-ау. Бір жолы осыншама көп суыр аулапсыңдар! Үлкенін де, кішісін де бөлмей біржолата аулапсыңдар. Көреміз, келесі жылы не аулайтындарыңды! - деп қатаң сөйледі Чен Чжен.

- Сендер бізді ағынды кезбелер, келімсектер деп атайсыңдар ғой. Беталды қаңғимыз, кезіп жүреміз. «Беталды ағылып жүреміз». Келесі жылды қайтесіңдер? Біз қайда жейтін тамақ болса, сонда барамыз. Жыл санап жанымызды бақсақ болды. Сендер суырларға көңіл бөлесіңдер. Бірақ кім келімсектердің қамын жейді? - деді Ваң ағай.

Бұл сұмпайы қаңғыбас келімсектерге сөз ұқтыру қиын екенін Чен Чжен білетін. Оның тек білгісі келгені: олар қандай әдіс-айла қолданып, осыншама көп суырды аулады екен? Әлде бұлар да серпілмелі тұзақ құруды білетін болғаны ма?

- Сендер қандай тәсілмен ауладыңдар? Осыншама көп суыр қалай ауланды? - деп сұрады Чен Чжен дауысын өзгертіп.

- Біздің амалды үйренгің келе ме? Кешіктің! Мына суырлар тауында ешбір ін қалмады. Үш күн бұрын біз дивизия штабына бір арба суырдың еті мен майын жеткіздік.... Қалай ауланғанын білгің келе ме? Тауға шығып, көріп алғын. Енді кешіксең, көрмей қаласың, - деді Ваң ағай масайрап.

Чен Чжен Білге-атаны қолтықтап атқа мінгізіп, екеуі тікелей тауға тартты. Ең солтүстік-шығыстағы дөңнің үстінде төрт-бес адам еңкейіп-бүгіліп бірдеме істеп жүр. Екі салт атты барша жылдамдықпен сол жаққа шауып барды.

- Тоқтат! Тоқтатыңдар! - деп айғайлады ақсақал.

Мингуң жұмыскерлер жұмысын тоқтатып, орнынан тұра сала алақтап қарады.

Екеуі аттан түсті. Чен Чжен көз алдындағы көрініске қарап, шошығаннан тұла-бойы сілейіп қалды. Дөңнің басында бес-алты ін бар. Олардың бәрі де бір суыр отбасынының ұялы індері екенін ол бір көргеннен-ақ білген еді. Алайда, басты және қосалқы індерден басқа төрт іннің аузы әлдеқашан таспен мықтап бұғатталған. Чен Чженнің зәресін ұшырған нәрсе: бір басшы мингуң жұмыскерінің қолында ұзындығы бір кезден артық кішкене суырды ұстап тұрғаны және сол суырдың аласұрып жанталасқаны. Оның құйрығына ұзын жарылғыш петарда байлаулы тұр. Әлгі келте құйрыққа тағы бір жіп байланыпты. Жіптің бір ұшы үлкендігі жұдырықтай ескі киізге байланған. Киіздің беті ащы қызыл бұрыштың ұнтақтарына шыланған екен. Киізге жаңа ғана құйылған дизель жанармайының иісі мұрын жарады. Жанындағы бір жұмыскер қолында бір қорап сіріңке ұстап тұр. Егер сәл кештеу келгенде, олар от тұтатып, кішкене суырды інге кіргізіп, індерді ішінен жарып, түтінмен ыстайтын еді.

Білге-ата жедел екі адым алға басып, бір аяғымен іннің аузын басты. Содан соң іннің жанына отырып, мингуңдарға дауыстап зекіді һәм олардың қолдарындағы нәрселердің бәрін тастауды талап етті. Бірнеше жұмыскер өздерін бір жаз бойы басқарған мына қарияға қарсы келе алмай, жіпті асығыс шешті.

Чен Чжен мынадай нысапсыз да ашкөз қаныпезерлік пен зұлымдықты, аңдарды үй-ішімен түгелдей аулау тәсілін иен далада ешқашан көрмеген еді. Бұл – «балық аулау үшін көлді құрғату» дегендей, жыртқыштықпен аулаудан да рақымсыз әдіс. Кішкене суыр от тұтанған петарданы, қызыл бұрыш ұнтақтарын және дизель жанармайы шыланған киізді інге ілестіріп әкетсе, тағы бір ұя суыр ажалдың соққысына ұшырап, түгел қырылады. Суырдың індері – сахарадағы ең терең, ең тік қазылатын, ішкі құрылысы ең күрделі жануарлар індері. Оның үстіне, олар ыс-түтіннен сақтандыру мүмкіндігіне ие болады. Адамдар іннің ішіне түтін түтетсе, суырлар індердің ортасындағы тар дәлізді шапшаң көміп тастайды. Алайда, жартылай егіншілік, жартылай мал шаруашылығы өңірінен шыққан мына мингуң аңшылары қолданған бұндай жантүршігерлік уландырып аулау тәсілі суырларға төбеден жай түскендей болып, аңдаусызда ешбір сақтық шараларын қолдануға мұрша бермеуі мүмкін. Інге кіргізілген кішкене суырлар шошығаннан ешнәрсеге қарамай тікелей іннің түбінде суырлардың жиналып тығылған жеріне барып, петарданың ащы түтінін өзімен бірге жеткізеді. Ал іннің ортасындағы суырлар үңгірді ішінен бекітуге мүлдем үлгермей, оқ-дәрінің дәл ортасында қалады. Толассыз жарылыстар және ащы да қоп-қою түтін суырлардың бүкіл ұясын түгелдей жарып, тұншықтырады. Іннің аузында тұрған бір адам олардың қашып шығуын күтеді және тоқпақпен тоқпақтап, кенеп қапқа тоғытады. Бұл уландырып аулау тәсілі оңай да жеңіл атқарылады. Алдымен кішкене суырдың біреуін тұзақпен ұстап, оны «тұтандырғыш» ғана етіп қолданса жеткілікті. Бар болғаны бір-екі күннің ішінде осы мингуң жұмыскерлер тобы ғұмыры неше мың жылға жалғасқан суырлар мекенін талқандап, олардың бәрін жаппай қырып-жойды.

Білге-ата қамшымен жерді аяусыз бір ұрды. Қамшы салғаннан ұсақ тастар жан-жаққа шашырады. Ол шарасынан шыға жаздаған көздерін қадап, қаһарлана ақырды:

- Қызыл петарданы кесіп таста! Ащы бұрыш байлаған жіпті кесіп жинастыр! Кішкене суырды іннің ішіне жібер!

Жұмыскерлер ырғалып-жайқалып жіпті шешті, бірақ кішкене суырды босатпады.

Ат арбаны жеккен Ваң ағай ағыта шауып келді. Оның мастығы сейілген сыңайлы. Жылмыңдап күлімсіреген Ваң ағай ақсақалға дамылсыз темекі ұсынды һәм бір жағынан серіктестеріне бұрылып, оларды боқтай жөнелді. Ол кішкене суырды ұстап тұрған жұмыскердің жанына барып, бір қолымен суырды тұтты, пышақпен жіпті кесіп тастады.

- Сіз орныңыздан тұрыңыз. Мен жануарларды босатып жіберемін, - деді Ваң ағай қарияның жанына барып.

Ақсақал баяу орнынан тұрып, үсті-басындағы топырақты қақты.

- Сен алдымен суырларды жібергін. Бұдан кейін біздің отрядтың негізгі инфрақұрылыс жұмысына қол сұғуды ойлаушы болма! - деді Білге-ата.

- Олай етуге бола ма! Мен бұны бұйрық бойынша істеп жатырмын ғой, - деді жағымпаздана күлімсіреген Ваң ағай, - Суырларды жойып тауыспайынша, көкжалдардың шегінетін жолын кесе алмаймыз. Бұл да халық үшін зиянкестікке қарсы күресу болып табылады ғой. Дегенмен, Сіздің айтқаныңыз да дұрыс. Суырдың майы болмаса, ноқта-жүген мен тізгін-шылбыр істен шығып, оңай шырғалаң туылады. Сол үшін суырларды малшыларға аздап қалдыру керек....

Кішкене суыр іннің алдындағы тегіс текшеге қойылды. Ваң ағай қолын ашып еді, кішкене суыр лып етіп інге кіріп кетті.

- Шындығын айтсам, суырлардың бір ұясын аулаудың өзі оңай емес. Бүгін әрең дегенде бір кішкене суырды ұстадық. Бұл күндері петарданы сәл жарып едік, суырлар шошып, іннен шықпайтын болды, - деді Ваң ағай күрсініп.

- Бұл іс әлі аяқталмады! Сен аулаған нәрселерді дереу отрядтың штабына апарып бер! Мынау ісіңді егер де Ламжаб секілді жылқышылар білсе, арбаң мен шатырыңның быт-шытын шығарады! - деді қария қайтпай.

- Біз бәрін жинастырып кетеміз. Бао Шигуй бастыққа да мәлімдейміз, - деді Ваң ағай.

Ақсақал сағатына қарады. Ол тағы да солтүстіктегі кішкене төбеден алаңдай бастады.

- Мен осы қазір адам тауып келемін. Сәлден соң қайта ораламын, - деді ол Ваң ағайға.

Білге-ата мен Чен Чжен екеуі жылдам атқа қонып, шекаралық тас жол жаққа шаба жөнелді. Екі дөңнен енді асқанда, кенет арт жақтан бірнеше петарданың тарсылдап жарылған дыбысы шала-шарпы естілді. Сәлден соң бұл дыбыс тына қалды.

- Оңбаған! Біз тағы алдандық, - деді қария.

Екеуі дереу аттың басын артқа бұрып, кері шапты. Дөңнің үстіне шығып қараса, бет-жүзінің төменгі жағын суланған шүберекпен таңған Ваң ағай бір тобыр кісілердің суырларды қырып-жоюына жетекшілік етіп тұр екен. Қырылған суырлар іннің сыртында қатарлап жатқызылыпты. Іннің ішінен мұрынды жарған ащы түтін үздіксіз шығып тұр. Ең соңғы бірнеше суыр іннен енді шыға бергенде сойыл-шоқпармен төмпештеп өлтірілді. Білге-ата қалың түтіннен шашалып қатты жөтелді. Чен Чжен ақсақалды сүйеп, самал соққан жерге алып шығып, қайта-қайта оның арқасынан қақты. Бет-аузын дымқыл шүберекпен бүркеген бір топ адам құдды теңіз қарақшыларына ұқсап қалыпты. Олар ондаған суырды қаптарға жылдам нығап тоғытып, машинаға лақтырып, асып-сасып жотадан түсіп заулады. 

- Мен шынымен түсінбедім: олар қалайша осынша тез арада кішкене суырды ұстап алған? - деді Чен Чжен.

- Қазір ғана олар екеуін ұстаған ғой. Кенеп қапта біз көрмей қалған тағы біреуін жасырған екен ғой. Сонымен қатар, олар ұзын сырықпен петарданы іннің түбіне итеріп тығып, суырларды жарып өлтіруі мүмкін. Бұл қарақшылар тобы! Қарақшылар! Бұрынғы дала барымташылары мен қарақшыларынан да оңбаған! - деді қария.

Ақсақал қамшысына таянып, орнынан тұрды. Ол тұрғындары теп-тегіс қырылған осы ескі індерге қарап тұрып, көздерінен жас сорғалаған халде еңіреп жылады. 

- Тәңір атқырлар, ә! - деді қалшылдап ол, - Мен мынау інді білемін. Бала күнімде әкеммен бірге осында тұзақ құрғанбыз. Ата-бабамыздан бері ұрпақтан-ұрпаққа қаншама адам бұл іннен суыр аулаған-ды. Алайда, осы суырлар ешқашан да біржолата үзілмеген еді. Әр жылы үлкенді-кішілі суырлар ойнақтап сайрайтын. Жыл сайын құлпырған осы інге кем дегенде жүзден астам жыл болған шығар.... Қас пен көздің арасында мына жүз жылдық көне іннің екі қапшық петарда мен түтіннен ойрандалып бос қалатынын кім білген....

- Ата, сіз ашуланбаңыз, - деді көңілі босаған Чен Чжен, - Біз қайтқан соң әлі де бір амалын қарастырмаймыз ба?

- Қалайша мұнда Доржы көрінбеді? Меніңше, ол солтүстік жақтағы төбеге адамдарды бастап кетті. Оларда машина бар, жүрісі жылдам ғой. Әрқашан біздің алдымызды орап кетеді. Тез жүрейік! - деді әлі де алаңдап тұрған қария.

Сонымен екі салт атты солтүстікке қарай суыт жүріп кетті. Екеуі бірнеше еңістеу белестен асып, Сыртқы Моңғолияның (Моңғол Халық Республикасы) орасан зор тау сілемдерін көреді. Мемлекеттің шекара сызығы дәл сол тау тізбегінің етегінен өтеді.

Ақсақал алыстағы сұрғылт қыратты нұсқап, сөзін жалғастырды:

- Бұрын сол жақта суыр аулауға болатын еді. Қазір жағдай шиеленіскен соң, онда баруға рұқсат етілмейді. Бұл күнде масалар аз. Бөрілер қалайда да сол тарапта суыр аулап жүрген шығар. Қасқыр ойлаған нәрсені Доржы да ойлайды.

- Шекаралық бекет оларға қарамайды ма? - деп сұрады Чен Чжен.

- Ол жақта таулар көп. Шекаралық қорғаныс бекеті де оларды оңай байқай алмайды. Ал біліп қалса, бәрі әркери бөлімшенің машиналары. Ең әрісі, бір-екі ауыз сөз айтса болғаны, бәрі біржолата бітеді, - деді қария.

Екі сәйгүлік шауып-шауып, өздігінен жылдамдықты азайтып болдыра бастады. Ауық-ауық басын еңкейтіп, майса шөпті уыстап жұлып жейді. Чен Чжен аттың аузындағы шөптің жердегі шабындық шөптен әлдеқайда жасыл болғанын байқады. Оның үстіне, тамыры жуан шөптің бәрі жайылымдағы ең жоғары сапалы жем-шөп болып табылады. Шөптің ұштарында шашақ пен дәндер толықсып тұр. Ол тағы басын еңкейтіп қарап, барлық жердегі селдір шөптің астында төбе-төбе тұнған шөп жатқанын көрді. Әрбір шөп үйіндісі сауысқанның ұясындай үлкен екен. Чен Чжен бұның дала тышқандары қыстан өту үшін жинаған азығы екенін, іннің аузында үйіліп кептірілетінін, кепкеннен кейін бір-бірлеп інге тасып кіргізілетінін біледі. Бұл кезде күзгі өрістің шөбі әлдеқашан жартылай сарғайған. Алайда, тышқандар жинаған шөп керісінше түгелдей жасыл түсін жоғалтпады. Осы шөп үйінділерінің бәрін тышқандар бірнеше күннің алдында, яғни шөп сарғаюдан бұрын кеміріп орған-ды. Сол себепті, сәйгүліктер осынша жұпар иісі аңқыған жоғары сапалы жасыл шөпті көргенде, әрине өздігінен тез кете қоймады.

Аттың тізгінін тартқан ақсақал шөп үйіндісі ең қалың өскен жерге беттеді. 

- Сәл дамылдай тұрайық. Тышқандар жинаған біраз шүйгін шөпті аттар жесін. Көкжалдар кете сала тышқандардың қағынатынын кім ойлапты. Биылғы шөп үйінділері былтыр күздегі шөп үйіндісінен бірнеше есе мол екен, - деді ол. 

Екеуі аттан түсіп, жүгеннің ауыздығын қолдарына алды һәм оларды еркін шөп оттауға жіберді. Екі сәйгүлік емін-еркін шөп үйіндісінің сыртқы қабатындағы құрғақ шөпті сырып тастап, ішіндегі кеуіп үлгермеген жасыл шөпті жей бастады. Құдды ерекше қонақасыға кенелгендей, ауыздары толы шөптің сөлі ағып, осқырынып, бір үйіндіні жеп тауысқаннан соң екінші үйіндіге өтті. Жасыл шөптің қоп-қою иісі мұрын жарады. Қария бір үйінді шөпті аяғымен сырып тастады. Үйіндінің жанында шәй тостақанының үлкендігіндей тышқанның іні көрінді. Ішінен бір үлкен тышқан жан-жағына алақтап қарады. Біреулер оның қыстан өтуге арналған азығын қозғағанын көрген ол іннен атылып шығып, ақсақалдың етігінің ұшын тістеді һәм жан таппай шиқылдаған халде асығыс ініне қайта сүңгіді. Сәлден соң екеуінің арт жағынан сәйгүліктің ер-тоқымымен қатты сілкінген дауысы шалынды. Артқа бұрылып қараса, ұзындығы бір кез құраған үлкен тышқан іннен атылып, еңкейіп шөп жеп жатқан аттың тұмсығын тістеген екен. Аттың мұрнынан қан ағыпты. Аттар мен адамдардың айналасы түгелдей тышқандардың шиқылдаған дауыстарына толды.  

- Мына заман шынымен өзгерген екен. Тышқанның жылқыны тістеуге батылы жететін болыпты! Бөрілерді былай қыра берсе, тышқандар адамды жейтін болады! - деп ұрысты әбден ызаланған ақсақал.

Чен Чжен лезде бірнеше адым жүгіріп барып, тұлпарын жетектеп, алдыңғы екі аяғын шылбырмен байлап тұсады. Сезіктенген жануар тағы басын еңкейтіп шөп жегенде, әуелі тұяғымен іннің аузын тегістейді немесе тікесінен нығыздап басады, сосын ғана барша пәрменмен оттайды.

Қария шөп үйінділерін бірінен соң бірін аяғымен теуіп аударды.

- Жеті-сегіз қадам сайын бір үйінді шөп жатыр. Тышқандар жайылымдағы ең шүйгін шөбінің бәрін талан-тараж етіп жиыпты. Тіпті ұрықтандыру бекетіндегі Шынжаңның нәсілді қойлары да осынша тамаша жем-шөпті жемейді. Тышқандар шөп орғыш машинадан да пәле болады. Көгал оратын машина жақсы шөп пен арам шөптерді талғамай бірге орады. Ал тышқандар арнайы тек жақсы шөпті таңдап жинайды. Бұл қыста тышқандардың індерінде көп шөп сақталуда. Олардың аштан, суықтан өлетіні аз. Шөп көп жиналса, келесі жылы көктемнің басында ұрғашы тышқандардың сүті мол болады, яғни туылатын балалары тіптен көп болады. Олар әрі шөпті ұрлап жинайды, әрі іннің сыртына шағыл құмды шығарып үйеді. Келесі жылы тышқандар жердің астаң-кестеңін шығаратын болады. Қарашы, иен далада қасқырлар азайып еді, тышқандар білдірмей жүріп әрекеттенуді қойып, бәрі де қарақшыларға айналып кеткен....

Чен Чжен алыс-жақындағы сансыз шөп үйінділеріне қарап, қайғы-қасірет пен қорқыныш сезінді. Әр жылы күзде Олұн даласында адамдар мен үй жануарларының тышқандармен сұрапыл соғысы жүргізіледі. Дала тышқандары қаншама айлакер болғанмен, оларда да өзін тұралататын бір әлсіздігі бар. Олар күзде терең індер қазып, қысқы азығын молынан жинап, қысты өткізуге әзірленеді. Яғни, алдын-ала шөп кептіріп жинауы керек. Өйткені, інге кіргізілген ылғалды шөп міндетті түрде шіриді, сақтауға келмейді. Әр жылы күз маусымында тышқандар сумаңдап ұрланып, ұжымдасқан түрде шөп кептірумен айналысады. Бұл – сөзсіз өз мақсаттарын өздері әшкерелеумен барабар. Сөйтіп адамдарға және үй жануарларына тышқандарды қырып-жоюға тамаша мүмкіндік жаратып береді. Малшылар жайылымда әлгі шөп үйінділерінің көп мөлшерде пайда болғанын байқаса, бірден дабыл қағады. Өндіріс топтары дереу барша қой, сиыр, тіпті жылқы үйірлерін қаптатып жөткеп, үйілген шөп үйінділерін дер кезінде жеу үшін айдап әкеледі. Ол кезде жайылымның шөбі сарғая бастайды, ал тышқандар үйген майса шөп жап-жасыл түсін, хош иісін һәм дән-дақылдарының нілін сақтап тұрады. Төрт түлік мал келе сала күшінің барынша бір-бірімен таласып, бірнеше күннің ішінде-ақ тышқандардың жинаған шөбін кептіруге жеткізбей жеп тауысады. Тышқандар апаты ең ауыр да залалды болған жайылымның тышқандары қыс бойы азықсыз және шөпсіз қалып, індердің ішінде аштықтан және суықтан тоңып тып-типыл қырылады. Бұл – моңғол малшыларының дала тышқандарын қырып-жоюдың ежелгі әрі өнімді әдісі.

Дегенмен, күз мезгілінде байтақ сахарада тышқандарды жоюда адамдар мен үй жануарлары көкжалдар тобымен бірлесіп айқасуы керек. Бөрілер дала тышқандарын өлтіріп жеуге және санын шектеуге жауапты болады. Жыл сайын күзде тышқандар әбден семіретін уақыт қасқырлар үшін олардың етін жайпап жейтін алтын мезгіл болып табылады. Сол шақта шөпті орып, жиып алатын тышқандардың жүріс-тұрысы қиындайды, шөп үйген әрекетімен-ақ көзге оңай шалынады һәм көкжалдардың уысына оңай түседі. Шөп үйінділері де оларға тышқандардың қай жерде ең көп шоғырланғанын айқын көрсетіп береді. Сол себепті, жыл сайын күзде тышқандар аса ауыр шығынға ұшырайды. Бұдан да бастысы, бөрілер тышқандарды шөп жинаудың шешуші маусымында емін-еркін іннен шығуға, шөп жинап әзірлеуге батылдық еткізбейді. Содан қыруар дала тышқандары қыста азықтың жеткіліксіз болуынан тарығып, аштықтан қырылады. Қасқырлар олардың емін-еркін азық жинауына жол бермеумен бір уақытта, адамдар мен үй жануарлары үйілген шөптерін тып-типыл тартып алуға, жеп тауысуға жауапты болады. Ғасырлар бойы көкжалдар және адамдар мен үй жануарлары бір-біріне сайма-сай келіп, өзара жарасып, тышқандар апатын өнімді түрде тежеп келді. Тышқандар жинап берген шөп күзгі пішен-шөптің сарғаю уақытын біраз ұзартты, төрт түлік мал 10 күнге жақын жасыл шөп пен жақсы пішенді көбірек жеп, біршама семірудің орайына ие болды. Сондықтан күз маусымында адамдар, үй жануарлары және бөрілердің тышқандарды үйлесіп жою айқасы, бір оқпен екі қоянды атқандай, ерекше керемет өнім береді. Ал бұдан да алыста орналасқан қысқы жайылымда адамдар мен үй жануарларының шамасы келмейді. Негізінен қасқырларға сүйеніп тышқандарды жоюға, арқылы шөп жинап қамдауына жол бермеу үшін олардың берекетін кетіруге тура келеді. Егіншілік өңірден сахараға тұңғыш рет келген диқандар кең даланың тағдырымен тікелей байланысқан осы шайқастың сырын қайдан білсін?!

Екі тұлпар жарты сағатқа жетпей елеуреп шөп жегеннен қарындары қампайды. Әйтсе де, мынадай кең көлемді де ауқымды шөп үйінділерін игеруге отрядтың барлық малының күші жеткіліксіз екені айқын. Ежелден болмаған мынадай шайқастың ауқымын көрген ақсақал ұзақ ойланды.

- Әлде жылқы үйірлерін осында жөткесек пе? Ол да болмайды. Бұл жер сиырлар мен қойлар жайылатын жайылым ғой. Жылқы келсе – ескі тәртіп пен салт-ереже толығымен былығады. Осыншама көп шөп үйіндісін жинастыруға тырнауыш тракторлар әкелінсе де бәрін тырналап жинай алмас. Сахарада шынында да апат болатын сыңайлы...., - деді қария.

- Апат адамдардан! - деді Чен Чжен ызаланып. 

Екі адам аттарына мініп, мұңға батқан халде солтүстік жаққа жүрісін жалғастырды. Жол бойында ара-тұра орналасқан, кейде жиі, кейде шалаң топталған шөп үйінділері шекаралық тас жолға дейін ұласады. 

Екеуі Сяоташән тауына жақын жерге шауып келгенде, кенеттен тау ішінен тарс-тұрс еткен дыбыстар естілді. Мылтықтың атылғанына да, петарданың жарылған үніне де ұқсамайды. Осы дыбыстардың жаңғырығы тынғаннан кейін де тыныштық орнамады.

- Полк штабының Доржыны көкжал аулау кеңесшісі еткені – нағыз қажетті адамын тапқаны. Бөрілер қайда болса, ол сонда жүреді. Тіпті олардың ең соңғы апанын да қалыс қалдырмайды ол, - деді ақсақал амалсыз күрсініп.

Екі адам сәйгүліктерін қысып, өршелене шапты. Тау қойнауынан олардың қарсы алдынан бір әскери джип шыға келді. Екі салт атты тізгіндерін тартты. Джип олардың алдына тоқтады. Машинада екі мерген және Доржы отыр екен. Сюй-кеңесші автокөлікті өзі айдаған. Доржы артқы қатардағы орындықта отыр. Оның аяғының астында жан-жағынан қан дақтары көрінген бір кенеп қап жатыр. Жеңіл машинаның артқы сандығы жабылмай тұр екен. Қарияның назары лезде Ба-кеңесшінің қолындағы ұзын түтікті мылтыққа түсті. Чен Чжен бұның жіңішке түтікті спорттық ықшамды мылтық екенін бір көріп-ақ таныды. Ақсақал мұндай ғажайып мылтықты ешқашан көрмеген екен. Ол тікесінен қадала қарап қалыпты.  

Қос кеңесші қарияны көре сала амандасуға асықты.

- Тасайно, тасайно (сәлеметсіз бе), - деп сәлемдесті олар.

- Сіздер де суыр аулауға шыққансыз ба? Бармай-ақ қойыңыз. Сізге екеуін берейін, - деді Ба-кеңесші.

- Неге бармайды екенбіз? - деді ақсақал шақшиып қарап.

- Іннің сыртындағы суырлардың бәрін біз аулап тауыстық. Іннің ішіндегі суырлардың да шығуға енді батылы жетпес, - деді Ба-кеңесші.

- Сенің қолыңдағы не қару? Түтігі неге осынша ұсақ һәм ұзын? - деп сұрады қария.

- Бұл – жабайы үйректерді арнайы ататын бытыралы мылтық. Оқтары шөкенің ұшының жуандығындай ғана. Суырларды атуға шынымен ыңғайлы екен. Мылтықтың ұңғысы кішкене болғандықтан, теріні зақымдамайды. Міне, қараңыз...., - деді Ба-кеңесші.

Ақсақал мылтықты қолына алып, егжей-тегжейлі үңіліп қарады, сондай-ақ оқтарын да мұқият көріп шықты. Ба-кеңесші бұндай қарудың артықшылықтарын қарияға таныстыру үшін машинадан түсіп, мылтықты қолына алды. Төңірегіне көз жіберген ол 20 астам метр қашықтықтағы беткейдің үстінде бір ірі тышқанның іннің сыртындағы шөптің үйіндісінің жанында шиқылдап тұрғанын көрді. Ба-кеңесші сәл көздеп, тарс етіп оқ атты. Тышқанның басы ұшып түсті, денесі іннің сыртына сұлап құлады. Ақсақалдың тұла-бойы түршігіп, дірдек қақты.

- Қасқырдың бәрі Сыртқы Моңғолияға қашыпты. Бүгін Доржы бізді ілестіріп, ұзақ уақыт айналғанда көкжалдың біреуі де көрінбеді. Құдай оңдағанда, осы мылтықты асынып шыққан едім, біраз суырды олжаладық. Мұндағы суырлар расында ақымақтау екен. Адам інге дейін он қадам жақындап барса інге кіріп қашпайды. Оққа тұтылғанша қарап тұра береді екен, - деп күле сөйледі Сюй-кеңесші.

- Екі «зеңбірекші» 50 метр қашықтықта тұрған суырдың басына дәл тигізеді. Біз жол бойы көзге шалынғанын атып түсірдік. Тұзақ салудан әлдеқайда жылдам екен, - деді Доржы бөсіңкіреп. 

- Сәлден соң Сіздің үйіңіздің тұсынан өткенде, Сізге екі ірі суырды қалдырып кетемін. Ақсақал, қайта беріңіз, - деді Ба-кеңесші.

Қария бұндай жаңа қарудың айбарынан әлі есін жинай алмай тұрғанда, джип құйындата зымырап кетіп қалды. Көңіл-күйі тоқыраған Білге-ата өзіне үйреншікті күзгі далада қалғандай сезінді. Ақсақал әлгі ыңғайлы да жеңіл ұзын түтікті мылтықты әлі де еске алуда. Қып-қысқа ғана бір айдың ішінде осыншама көп қорқынышты жаңа адам, жаңа қару-жарақ, жаңа уақиға мен жаңа әдістің кең далаға ентелеп басып кіруінен қария түгелдей дағдарып қалды. Джип көтерген шаң-тозаң мен көк түтін сейілді. Ақсақал үн-түнсіз бұрылып, жүгеннің ауыздығын бос ұстаған халде тұлпарын ырқына жіберіп, үйіне қайтты. Чен Чжен қарияның жанында баяу ерді. «Жұрттың бәрі ең соңғы императордың ең көп бейнет тартып қиналатынын айтады. Алайда, ақырғы көшпенді қарттар бұдан бетер азап шегіп, қиналады екен. Мыңдаған жылдар бойы сақталған байырғы даланың құлдырап-күйреуі жүздеген-мыңдаған жылдар бойындағы патшалықтардың жойылуынан да анағұрлым аянышты екен» деп ойлады ол. Ақсақалдың тұла-бойында тулаған арыны мен күш-қайраты құдды кенеттен шөкенің ұшындай шағын оқтың түйреген соққысынан сарқылғандай. Денесі лезде бүкірейіп, жиырылып қалды. Ағылған бұлдыр көз жасы жүдең беттің мосқал әжімдерін бойлап жосылып, жапырақ-жапырақ болып жайқалған ақ-көк реңді бақытгүлдің үстіне тамып жатты.

Чен Чжен қарияға қалайша дәрмен болып жәрдемдесуді, оның жүрегіндегі қасіретті сейілтудің жолын білмеді.

- Ата, биыл күзгі шөп жақсы өскен екен...., - деді тұтығып ол біраз үнсіз жүргеннен соң, - Олұн даласы расында да әдемі ғой.... Келесі жылы бәлкім....

- Келесі жылы? Келесі жылы тағы басқа нендей сұмдық сорақылықтың шығатыны белгісіз.... Бұрын көзі соқыр қарт кісі де сахараның әсем көрінісін көре алатын.... Қазір байтақ дала көркем емес. Көзім көрмейтін соқырға айналсам жақсы болар еді. Сахараның мынадай ойрандалып, талан-таражға түскенін көрмес едім...., - деді ақсакал меңірейіп.

Қария аттың үстінде теңселіп келеді. Өз еркіне қойылған тұлпар қадамын ауыр басып, алға ілгерілеуде. Білге-ата көзін жұмған, көмейінен мұңды бір әуен күңгірттеніп шығуда. Сол әуеннен майса шөп пен бақытгүлдің жұпар иісі есілуде. Чен Чжен тыңдап еді, өлеңнін сөздері ықшамды, қарапайым да әсем балалар әніне келетін сияқты:

Бозторғай сайрап, көктем келді.

Суыр шиқылдап, көкгүл орхидеялар гүлдеді.

Боз тырналар шақырды, жаңбыр жауып кетті.

Бөлтірік ұлыды, аспанда ай көтерілді....

Ақсақал өлеңді ыңылдап қайта-қайта айтты. Балалар әнінің әуені барған сайын жабырқаңқы шықты. Өлеңнің сөздері де бара-бара көмескіленді. Құдды шалғайдан талықсып аққан бұлақтың кеңінен көсілген жайылымға келгенде мыңдаған тарамға бөліне арнасынан адасып, күңгірт шалғын шөптің арасына сіңіп, ғайып болғандай. «Бәлкім цюәнруңдар, ғұндар, сянбилер, түрктер, қидандардың балалары, сондай-ақ моңғол Шыңғысханның балалары осы сәбилер әнін айтқан шығар? Алайда, бұдан кейін болашақта иен даланың балалары бұл өлеңді түсіне алады ма екен? Ол кезде олар: «Бозторғай деген не? Суыр деген не? Тырна ше? Бөрі ше? Жабайы қаз? Орхидея гүлі қандай болады? Бақытгүл ше?» деп сұрауы мүмкін ғой» деп ойлады Чен Чжен.

Шет-шегі жоқ сарғайған жапан далада қалың шөптің арасынан тік ұшып шыққан бірнеше бозторғай қанаттарын қаққан халде аспанда дамылдап, бұрынғыдай сыңғырлап сайрап жүр....

 

35

Суй патшасы Яңдидің фамилиясы Цзяң.... Цзяң руы – Батыс руңдардың (Қытайдың батыс түкпіріндегі қытайлық емес тайпалар) қиян тайпасының бір тармағы. Батыста көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданып, Орталық жазыққа ең алғашқы келген.

Фән Вэнлән. «Қытайдың жалпы тарихының қысқаша жинағы», 1-том

 

Батыс қияндар.... Соғыста өлуді құт-бақыт көреді, ал ауру-сырқаттан өлуді жамандықтың нышаны деп біледі. Олар жабайы аңдар секілді суық пен жапаға төзімді болады. Әйелдері қарлы боранда далада босана береді. Мінездері қайсар да жаужүрек.

«Кейінгі Хәннама» жылнамасының «Батыс қияндар тарихы» бөлімі.

 

Биыл қыстың басында түскен алғашқы қар ауаны өте тез ылғалдандырып, кең дала ауасы сап таза ызғарлы аязға кенелді. Жаздағы жаңа жайлаудан кеткелі думандап қайнаған қоныс ұмыт болып, жым-жырт қалды. Әрбір бригада қайтадан арасы ондаған шақырым құрайтын қоныстарға бөліне қонғандықтан, тіпті иттердің үргені де өзара естілмейтін болды. Қыста қалың шөп басқан жалпақ дала құлазып, жапан түз құдды қылтан өнбейтін шөлейт үстіртке ұқсауда. Байтақ сахараның зеңгір аспаны ғана қоңыр күз кезіндегі сияқты әлі де қара көк түске боялған. Бұлттары сирек биік аспан мөлдір де тұнық көлге ұқсайды. Дала бүркіттері асқақ биікте самғап, сонау алыста айнаның бетіндегі ұсақ тат дағынан да кішкене болып көрінеді. Олар індері бітелген суырлар мен тышқандарды енді ұстай алмайды. Бұлттардың арасына көтеріліп, бұдан да көз жетерлік биіктіктен қояндарды ғана аңдуда. Ал реңін өзгерткен қояндар даладағы бітік те биік қысқы шөптің арасында бұғып жүреді. Оларды тіпті түлкілер де оңай таппайды. Қарттар әр жылы қыста бүркіттердің көптеп аштан өлетінін айтып отырушы еді.

Чен Чжен полк штабының қамдай-сату кооперативінің дүкенінен бір орам жуан темір сым сатып алып, бөлтірік тістелеп, тырнап тескен ағаш кәрзеңкенінің торын жамады. Тағы бір күндік уақытын жұмсап, арбадағы ағаш тордың қабырғаларының арасын қосып, ішінен тағы бір қабат сым темір торын және оны жабатын бір тор қақпақ тоқыды. Тордың сым темірі өте жуан, шөкеден жіңішке нәрсені ғана өткізеді. Тек қысқашпен екі қолмен күштеп қысқанда ғана сымды үзуге болатын еді. Чен Чженнің пайымдауынша, бөлтірік тағы бір азу тісін сындырса да осы жаңа қапас торды тістеп бұза алмайды. Керісінше, жуан темір сым толып жатыр – қапастың торы сынған сайын қайта жамауға болады. Қыс мезгілінде қалың қар кең жайылымның басым бөлігін түгел басып қалып, үй жануарлары шөптен едәуір тарығады. Сондықтан қыста малшылар бір айда бір рет көшуі тиіс. Сиырлар мен қойлар бір жайылымды тап-тақыр еткен соң қоныс аудару, малдың бәрін сары шөбі қылтиып тұрған қарлы алқапқа жөнелту керек. Ал ескі жайылымдағы қардың астында көміліп қалған шөп тұяғымен қазып жеп жайылатын жылқы үйірлеріне қалдырылады. Қыста малшылар әрбір көшкен кезде ұзақ қашықтыққа көшпейді. Тек қойлар алдыңғы жолы шөп жеген өріске, әдетте жарты күн шамасындағы аралыққа ғана шықса болғаны. Бөлтірік қайта арпалысып, осы жарты күннің ішінде қапас құрсауды тістеп қыршуды ойлайды. Іс жүзінде бұл мүмкін емес. Чен Чжен тынысын кеңейтті. Жарты ай бойы әрі ойлап, бері ойлап басын қатырған ол ақырында қыста жиі-жиі көшу барысында бөлтірік үшін бұл аса қауіпті де қатерлі істі шешудің амалын ойлап тапты.

Көшпелі мал шаруашылығы расында да адамдарға ақыл-парасат береді екен. Чен Чжен мен Яң Кэ де бөлтірікті қапас торға кіргізудің әдісін ойлап тапты: алдымен оны жерге қойылған арба торына қамап, сосын өгіз арбаның дәртесін көтеріп, арбаның артқы жағын арба торының астыңғы жағына жалғайды. Содан кейін арба торын бөлтірікпен бірге арбаға итеріп шығарып, ең ақырында арбаны түзу қойып, торды арбаға бекітіп байлайды. Осылайша адамды жарақаттамай, бөлтіріктің өзін де зақымдамай арбаға қауіпсіз түрде отырғызуға болады. Жаңа қонысқа көшіп келіп, оны арбадан түсірген уақытта жаңағы жұмыс ретін керісінше істесе жеткілікті. Екеуі бұндай әдісті ауыл қоныстанып орныққанға дейін ұстануға ниеттенді. Сол кезде бөлтірікке мықты тас қора салып, «бір рет еңбектеніп, бір ғасыр демалу» дегендей күнде-күнде оны тыныш ортада асырауға болады. Содан соң ұрғашы күшікті онымен бірге бағуды ойлады. Олар әуел-бастан бала кезінен бір-біріне иін тіресіп өскен бір жұп дос еді. Кейін біраз жыл өткеннен соң олар махаббат сезіміне толы гауһар – бір ұя овчарка иттерін жаратуы сөзсіз ғой. Осылай нағыз дала бөрілерінің ұрпағы дүниеге келуі мүмкін.

Чен Чжен мен Яң Кэ үнемі бөлтіріктің жанында отырып, бір жағынан оны сылап-сипайтын, бір жағынан өздері әңгімелесетін. Дәл осы кезде бөлтірік өзінің желкесін оларға немесе олардың балтырына сүйеп, құлағын тікірейтіп, екеуінің әңгімесіне қызығып құлақ түретін. Тыңдаудан жалыққанда, ол басын бұлғақтатып, мойнын бұрып, адамның аяғының үстінде отырған халде өз денесін қаситын. Немесе шалқасынан жатып, желкесін жерге қойып, екі жігітке құлақтары мен тұмсығын қасуға мұрша беретін. Екеуі өздерінің және бөлтіріктің болашағы жөнінде армандайтын. Яң Кэ бөлтірікті құшақтаған күйде оның жүнін асықпай тарайтын.

- Егер келешекте бөлтіріктің өз күшіктері туылса, ол ешбір қашпайтын болады. Қасқырлар отбасына аса қарасатын жануарлар ғой. Барша арланның бәрі ең үлгілі отағасы саналады. Ұсақ та ез емес. Түздің көкжалдары келіп, оны еліктіріп әкетпесе болғаны, біз оны шынжырмен байламай-ақ жайлауға еркін жібергенде ол өзі де ұясына қайтады, - деді Яң Кэ.

- Егер ондай болса, онда бөлтіріктің бөрі болмағаны, - деді Чен Чжен басын шайқап, - Оны мұнда қалдырғым келмейді.... Мен нағыз жабайы қасқырмен достасуды армандаймын. Егер мен атқа мініп, солтүстік-батыстағы шекаралық тас жолдың жанындағы биік төбенің үстіне шығып, жол жақтағы таудың қойнауына қарап: «Бөлтірік, бөлтірік, тамақ дайын болды!» деп дауыстап шақырғанда, ол бүкіл отбасысын, яғни бір топ нағыз дала көкжалдарының жанұясын ілестіріп келсе ғой. Олар ойнақтап маған қарай жүгіріп келіп, олардың мойындарында шынжыр болмастан еркін жүрсе, тістері өткір болса, денесі атпал да қауқарлы болса ғой. Олар менімен бірге шалғын жерде аунап-қунап, иегімді жалап, білегімді тістелегенде керісінше тістерін барынша батырмаса ғой. Алайда, бөлтіріктің өткір азу тістерінен айрылғаннан бері менің қиялдарым расында да арманға айналды-ау....

Чен Чжен жеңіл күрсініп, сөзін жалғастырды:

- Әй, мен шынымен күдер үзбеуім керек. Осы күндері менде тағы жаңа қиялдар пайда болды. Өзім тіс дәрігеріне айналып, бөлтірікке қайтадан төрт өткір болат тіс орнатуды қиялдаймын. Сосын келесі жылы көктемнің басында бөлтірік толығымен үлкен арланға айналғаннан кейін ешкімге білдірмей оны шекаралық тас жолға әкеліп, Сыртқы Моңғолияның (Моңғол Халық Республикасы) биік тауына жібергім келеді. Онда бөрілер тобы бар. Кім білсін, оның әкесі – қасқырлар тобының басшысы ақ арлан әлдеқашан қанды шепті бұзып-жарып, арғы бетте жаңа плацдарм жасаған болар. Зерек бөлтірік сөзсіз өз әкесін тауып алады. Тек жақын қашықтықта байланысқанда ғана басшы ақ арлан бөлтіріктің бойынан өз тұқымдасының қандастық иісін иіскеп біліп, оны өз тобына қосып алады. Төрт өткір де болат тістеріндей қарумен қаруланған бөлтірік арғы бетте сахарада теңдесі жоқ батыр болатыны анық. Кім білсін, бірнеше жылдан кейін бәлкім басшы ақ арлан патшалық тақты біздің бөлтірікке берер. Осы бөлтірік табанды да көкірек қасиет пен төтенше ақыл-парасатқа ие болған Олұн даласының ең көрнекті жыртқышына айналады. Ол жыртқыштар тобының келесі басшы арланы болуы қажет. Егер жері кең, халқы сирек Моңғолияның аумағына өтіп кетсе ғой. Жан саны 2 млн. адам ғана мекендейтін ол өңір бөрі тотемінің рухын құрметтейтін нағыз жәннат болып саналады ғой. Оның үстіне, ол жақта көкжалдарды жек көретін һәм қырып-жоятын егіншілердің күш-қуаты тағы жоқ. Ондағы ұлан-байтақ та кең көсілген Ұлы дала ғана біздің бөлтіріктің батырлық пен ерлік көрсететін нағыз құтты мекені бола алады.... Мен расында да күнә жасаппын. Бөлтіріктің осынша тамаша да жарқын болашағын бұздым-ау....

Аңсары ауған халде солтүстіктегі шекараның тұсындағы тауға қарап тұрған Яң Кэнің көз жанары бірте-бірте қарауытып кетті.

- Егер де сен осыдан 10 жыл бұрын сахараға келгеніңде, сенің алдыңғы қиялың мүмкін іске асқан болар еді, - деді Яң Кэ күрсініп, - Алайда, соңғы бір қиялың, меніңше, әсте іске аспайды. Қымбат бағалы тіс дәрігерлік сайманын қайдан тауып әкелесің? Тіпті хошунда (Ішкі Моңғолия автономиялы районның аудан дәрежелі әкімшілік бірлігінің моңғолша аталуы) бірде-бір емхана жоқ. Қарт малшылар тіс салғызу үшін 800 шақырым алыстағы аймақтық ауруханаға баруға мәжбүр болып отыр ғой. Сен сонау шалғайдағы аймақтық ауруханаға мынау бөлтірікті құшақтап көтеріп барасың ба? Енді қиялдауды қой. Әйтпесе, осылай қиялдай берсең, Моңғолия даласының Сяң Линсао мырзасына (қытайлық жазушы Лу Сюннің «Бақыт жөнінде жалбарыну» әңгімесінің бас кейіпкері) айналасың. Бағанадан бері бөрілер жөнінде көп қыртып кеттің. Сенің толығымен олардың жағында тұрсың.... Әй, екеуіміз аспаннан жерге түсіп, шынайы болмысқа бетпе-бет қарайықшы.

Реалдық тұрмысқа қайтқан Чен Чжен мен Яң Кэнің ең уайымдағаны тағы да сол бөлтіріктің жарасы еді. Оның төрт табанындағы жарақаты әлдеқашан жазылыпты. Ал әлгі қарайып бұзылған тісі одан әрі босаңсып, қызыл иектері де барған сайын қызарып ісінген-ді. Бөлтірік бұрынғыдай тамақты барша күшпен жұлқып жей алмайды. Кей кезде ол қомағайлықпен тістің ауырғанын ұмытып, өршелене жұлқылап жейді, бірақ кенеттен тістің қақсауынан тамақты тастайды. Содан ол аузын арандай ашып, салқын ауаны ішіне тартатын, сондай-ақ зақымдалған тісін тоқтаусыз сорғылап жалайтын. Тістің қақсауы басылған соң ғана басқа тістермен азығын ақырын тістелеп жұлқылайтын.

Бөлтіріктің көмекейі ішіндегі жарасының әлі де жазылмай жатқаны Чен Чженді бұдан да қатты алаңдатты. Ол етті тамақтың үстіне үнемі «Юннән бай’яо» жараны емдейтін ақ дәріні жағып, оған жұтқызатын. Содан оның жарасынан қан ақпайтын. Әйтсе де, бөлтірік тамақты жеген кезде бұрынғыдай қиналып жұтатын, оның үстіне әрдайым қақалып жөтелетін. Чен Чжен мал дәрігерін шақыруға батылдығы жетпеді. Бірнеше мал дәрігерлік кітаптарды ғана алып, өз алдына ақырындап емдеп жүрді.

Қысқы соғымға сойылатын қойлар мен сиырлар әлдеқашан сойылып тоңазытылды. Чен Чженнің киіз үйіндегі төрт адам ферманың белгілемесі бойынша бүкіл қыс бойы әрбір кісінің бекітілген мөлшері қыстық соғымға алты ірі қой берілді. Барлығы 24 қой сойылды. Төрт адамға бір сиыр соғымға берілді. Зиялы жастардың астық нормасы бұрынғыша азайтылмады – әр айда адам басына 15 кг норма үлестірілді. Ал малшылардың ет нормасы зиялы жастармен бірдей болды, бірақ астық нормасы 9,5 кг ғана құрады. Осылай Чен Чженнің отауындағы ет азығы адамдардың, иттердің және бөлтіріктің де жеуіне жеткілікті еді. Оның үстіне, қыс мезгілінде отардың ішінде үсіп өлген, аурудан өлген қойлар жиі кездесетін. Адамдар оларды жемейтін, төбеттер мен бөлтірікті азықтандыру үшін пайдаланатын. Чен Чжен бөлтіріктің азық-түлігі үшін бұдан былай қам жемейтін болды. Ол және Гао Цзянчжуң үсіген еттің басым бөлігін бригаданың қоймасында сақтады. Үш бөлмелі жер үйден құралған бұл қойма бригаданың көктемгі жайылымында салынған-ды. Ол полк штабына баратын жолдың бойында орналасқан. Киіз үйде тек бір тоқылған себет ғана ет азығы қалдырылды. Оны жеп тауысқан соң қамбаға барып, тағы әкелетін.

Қыста иен даланың күні қысқа болады. Әр күні алты-жеті сағат ғана қойларды бағуға болады. Бұл – жазғы мал бағу уақытының жартысындай ғана. Қарлы боран соғатын сүркейлі ауа райын есептемегенде, қыс маусымы қойшылар мен бақташылар үшін тыңайып әлденетін рахатты шақ еді. Чен Чжен бөлтіріктің қасында кітап оқып, естеліктерін реттемек болды. Ол бөлтіріктің омбы қарда тоқтаусыз асыр салып, аунап ойнағанын қызықтауды күтуде. Чен Чжен қасқырлардың өрескел батылдығын, ақыл-парасатын және тылсым сырларын байтақ дала театрында атқылаған қайнар бұлақ деп сенеді. Бөлтірік көкжалдарға ең құмартқан бұл жігіттің көңілін қалдырмайтыны анық. 

Ұзақ та ызғарлы қыста шекараның арғы бетіне қашқан бөрілер бірнеше есе сұрапыл да қиын тіршілік ортасымен бетпе-бет келетін болды. Ал оның бөлтірігі керісінше малдың еті асып-тасып қамдалатын малшылар ауылында тыныш өмір сүрді. Бөлтіріктің қысқы жүні әлдеқашан ұзарып тегістелген еді. Түктері кенеттен өсіп ұзарған ол тұтастай ірі арланға ұқсады. Чен Чжен алақанын оның қалың да бітік өскен арқа жүнінің сұғып еді, бес саусағы жүннің арасынан көрінбей қалды. Бұдан бөлтіріктің денесінде кішкене пештің қызуындай жылы температураны, тіпті қолғап кигеннен де ыстықты сезінуге болады. Бөлтірік сонда да «Арлан» деген есімді қабылдауды қаламады. Оны «Арлан» деп шақырғанда, ол естімеген сыңай танытты. Оны «Бөлтірік» деп шақырғанда, ол жайраңдап жүгіріп келіп, жігіттің аяғы мен тізесіне сүйкенеді. Ұрғашы күшік оның үйшігіне жиі келіп, онымен бірге ойнайтын. Бөлтірік те өзінің «қолбала келіншегін» тістемейтін, ренжітпейтін. Ол қайта ұрғашы күшіктің артынан мінгесіп, сезікті әрекет қылуды жаттығатын. Және оның осы әрекеттері жеңсікқой да анайы көрінетін.

- Байқаймын, келесі жылы мынау екеуі бір өнім беретін сияқты....» - деді Яң Кэ жымиып күліп.

Үшінші қасат қардың жауғаны ақыры тоқтады. Шұғылалы күннің астындағы Олұн даласы сары ала болып қалды. Орыннан тұрып қарасаңыз - ала-ғұла қарлы даланы көресіз. Отырып қарасаңыз – керісінше алтын реңді жайылымды көресіз. Касымайдың мал шаруашылық бригадасы құдды баяғы заманның бір тайпасы секілді кең-байтақ сұлаған сахараның терең түкпіріне қарай үздіксіз көше берді. Бөлтірігін ілестіре тағы көшкен Чен Чжен бөтен жұрт килікпеген, жаһаннан оңашаланған басқа бір қысқы бетегелі жайылымға көшті.

Чен Чжен мен Гао Цзянчжуң қар күрейтін екі ағаш күрекпен бір арбаға құрғақ тезекті толтыра тиеді, сосын екі арбаға қой қораны қалтқылағанда пайдаланылатын жылжымалы шарбақтар мен киіздерді артты. Өгіз арбаларды айдаған олар жаңа қонысқа алдымен барып, қоналғы әзірледі һәм қой қораны орнататын жердің қарын күреді. Екеуі бірталай уақыт күйбіңдеп, төрт қар үйіндісін күреп тастады. Қой, сиыр қоралары, бөлтіріктің үйшігі және киіз үйдің тұғыры күреп тазаланды, арбалардағы жүктер түсірілді. Түстен кейін үш бос арбаны кері айдап қайтқан уақытта Чен Чженнің көңіл-күйі өте көтеріңкі болды. Осылайша жол-жөнекей бөлтірікті тиеп-таситын бос арба да табыла кетті. 

Келесі күні таңертең үш жігіт киіз үйді жығып, арбаға тиеді. Ең соңында еппен бөлтірік торға кіргізіліп, сол тор арбаға итеріп шығарылып, арқанмен мығымдап байланды. Бөлтірік тордың сым темірден жасалған қабырғасын ызалана бірнеше рет тістеледі. Тісі ауырғандықтан ол қайта жұлмалауға батылдығы бармады. Өгіз арба қозғалғанда үрейі ұшқан бөлтірік басын төмен түсіріп, мойнын ішіне тығып, жүрелеп отырып, құйрығын бұтына қысып шоңқиып, жаңа қонысқа жеткенше арбаның үстінде тырп етпестен отырды.

Чен Чжен бөлтірікті орналастырғаннан кейін, оған тамаша тағам ретінде басым бөлігі пісірілген семіз қойдың құйрығын берген-ді. Осы арқылы оның денесіне суықтан сақтандыратын біраз майдың көптеп жинатпақшы болды. Чен Чжен бөлтіріктің оңай жұтуына қолайлы болу үшін пышақпен құйрықты тілім-тілімге бөліп турады. Шынжырланған бөлтірік қасқырларға тән екі ережені бастан-аяқ қатаң ұстануда:

1. Тамақтанған кезде маңайына ешбір адам мен малды мүлдем жолатпау. Бөлтірік азықтанған уақытта бұрынғыдай ешкімді танымайтын жатбауырға айналады. Чен Чжен мен Яң Кэ де бұдан тыс қалмады. 

2. Далаға шығарған кезде адамдардың жетектегеніне мүлдем көнбеу. Бұлай болмағанда, барша күшпен жанталасып қарсыласу.

Чен Чжен оның осы екі ұстанымын мүмкіндігінше құрметтейді. Қар жастанып, мұз құрсанған, аппақ қар бүркеген қыс мезгілінде бөлтіріктің тамақты көксеуі және зауқы көктем, жаз, күз қатарлы үш маусымнан анағұрлым асқан болатын. Әр жолы азықтандырғанда бөлтірік тістерін ақсита ырылдап, екі көзінен «улы оқтар» шашырап, Чен Чженді өз үйшігі тұрған шеңбердің сыртына шығарып жіберген соң ғана азғантай тынышталып, тамақтың жанына оралып, жеуге кірісетін. Оның үстіне, ол түздің көкжалы секілді ауық-ауық Чен Чженге ырылдап, айбар көрсеткен дауыс шығарады. Бөлтірік жаралы болғанмен әлі де қауқарлы еді. Ол еселеген тәбетпен жарасының қансырауына қарсылық көрсетті.

Бөлтіріктің тістері және жұтқыншағындағы жаралары әлі де оның бөрілік жігеріне әсер тигізді. Бұрын екі-үш шайнап жұтатын қойдың семіз құйрығын қазір керісінше жеті-сегіз рет жұлмалағаннан соң ғана жұтатын болды. Чен Чженнің көңілін бір түрлі күңгірт алаңдаушылық жегідей жеді: бөлтіріктің жарақаттары түгелдей жазылатынын немесе жазылмайтынын ол білмеді.

Адам баспаған жапан түз саналатын шекаралық қысқы жайылым қоңыр күзбен салыстырғанда әлдеқайда зілдей қайғы-қасірет шашыратуда. Қардың бетінде қылтиып теңселген әрбір шөптің ұшынан өңі қашып, ұсқыны кеткен сүреңсіз тірліктің тынысы есіледі. Қысқа ғана жасыл көгалды мезгіл өтіп кетті. Ау мен мылтықтан аман-сау қалған жыл құстары ұшып кетті. Кезінде төңіректің бәрін айбарланып улатып-шулатқан, аруақтар секілді тұтқиылдан пайда болатын һәм елестер сияқты ғайып болатын, әр жерден көрініп, үрей салатын қасқырлар тобы әлдеқашан кетіп, қайта оралмады. Мұңды, жым-жырт, құлазыған дала бұрынғыдан да өлі кейіпке кірген. Чен Чженнің жүрегінде ешбір таусылмайтын шексіз қасірет қайта-қайта ұялады. Тарихта өткен Су У (б.з.д. 140-60 жж. өмір сүрген Хән патшалығының мемлекеттік қайраткері, дипломат) өз уақытында Бэйхай даласында ұзақ жылдар өткізуге қалай шыдағанын ол білмеді. Мынадай елсіз құлазыған альпы-арктикалық қарлы сахарада егер бөлтірік пен Бейжіңнен әкелген біраз кітаптары болмаса, өзі жынданып, құтырып кетер ме еді немесе меңіреп дүлейленген сезімсіз ағаш бөренеге айналар ма еді, қалай? Оны тіпті білмеді. Кезінде Яң Кэ бір әңгімені айтқан еді: оның әкесі жас кезінде Ұлыбританияда оқыған уақытта Солтүстік Үйек шеңберіне жақын тұрған еуропалықтардың өз-өзін өлтіру салыстырмасы едәуір жоғары болатынын байқаған екен. Ал сонау Ресейдің даласында және Сібірдің құлазыған жазығында бірнеше ғасырдан бері тараған славяндардың мұңшылдығы да ұшы-қиырсыз бозарып сұлаған шексіз жазықта ұзыннан-ұзақ созылатын қараңғы қыс маусымымен тығыз байланысты болғаны ғой. Алайда, жан саны сирек Моңғолия даласының адамдары керісінше мынадай шексіз, түндері ұзақ қарлы сахарада бірнеше мың жыл бойы қалайша рухани жақтан ақаусыз мекендеп келеді? Олар сөзсіз дала көкжалдарымен қиян-кескі, жанды тітіркендіргіш және рақымсыз айқасып жүріп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан сау рух пен жинақылықты шыңдап келді.

Дала бөрілері көшпенді халықтардың дене жағынан жартылай қас жауы болғанмен, рухы жағынан олардың ең құрметті пір-ұстазы саналады. Оларды толығымен жойған жағдайда, алқызыл күннің шуағы ұлан-байтақ даланы жарқырата алмас. Ал ақпайтын өлі судай жым-жырт тыныштық өзімен бірге жабырқаулық, рухи солғындық, торығу мен түңілу, тұрлаусыз зерігу және басқа да бұдан да үрейлі рухани дұшпандарды әкеліп, мыңдаған жылдар бойы асқақ, айбынды да екпінді дала халықтарының рухын біржолата тып-типыл күйретеді.

Дала қасқырлары жойылса, Олұн сахарасында ішілетін ащы арақтың сатылу мөлшері екі есе көбейеді....

Чен Чжен өзін иландыра бастады: өз уақытында Су У Бэйхай даласының жыртқыш көкжалдарымен арпалысудың арқасында іш пыстыратын жалғыздық пен уақытты жеңген ғой. Су У күні бойы бөрілер тобының қоршауында өмір сүргені оның сүлкінін түсіртпеді және салғырттық істеуге, титықтап шаршауға мүмкіндік бермеді. Оның үстіне, ғұн тәңірқұты Су Уға қосып берген әлгі қойшы келіншек те сөзсіз Касымай сияқты даланың батыр, ержүрек һәм адал қызы болған шығар. Азап арасында табысып, ауыртпалықтарды бірге көтерген осы ерлі-зайыптан туылған әлгі бала да шүбәсіз қасқыр апанына тайсалмай кіретін бір «Баяр» болған шығар. Бұл мейірімді де қуатты отбасы Су Уды рухани жағынан желеп-жебеген ғой. Өкініштісі, кейін байтақ далаға жіберілген Хән патшалығының елшісі тек Су У және оның әйелін құтқарған. Ал әлгі «Баяр» керісінше мәңгі-бақи Моңғолия сахарасында қалып қояды. Чен Чжен барған сайын берік бекімге келді, тіпті асыра сілтеген тұжырым жасады: дала көкжалдары және олардың рухы ең ақырында сөзінде тұрып, үмітті ақтайтын, ұлттық намысты сақтай білген Су Уды тәрбиелеп шығарды. Су Удың өзі осындай болса, онда барлық дала халықтары қандай болмақ?

Бөрі тотемі – кең даланың рухы, дала халықтарының қажымас қайсар рухы.

Зиялы жастардың жапан түздегі уақыты қызықсыз еді. Бақытқа орай, Чен Чженнің жанындағы бөлтіріктің тағылығы қай-қашанда тасқындап тұрды.

Бөлтірік өскен сайын үлкейді. Темір шынжыр барған сайын қысқа көрінді. Есесін жібермейтін сезімтал бөлтірік шынжырдың өз бойына біршама шақ келмегенін сәл сезінді. Ол құдды кемсітуге ұшыраған арынды тұтқын секілді алпарысып қарсыласады: бүкіл тұла-бойының күш-қуатын жиып, шынжырды тартады, ағаш қазықты жұлқылайды. Осы арқылы өзіне шынжырдың ұзындығын ұзартуды талап етеді. Мақсатына жетпесе, өзін буындырып өлуден аянбайтын сыңайлы. Бөлтіріктің алқымындағы жарасы әлі жазылмады, сондықтан Чен Чженге оның шынжырын 20 см ғана ұзартатын бір қысқа шынжырды жалғауға тура келді. Алайда, Чен Чжен әлдеқашан арлан болып өсіп үлкейген «бөлтірікке» жаңадан ұзартылған шынжырдың әлі де қысқа болғанын еріксіз мойындады. Әйтсе де, шынжырды тағы ұзартуға оның батылы бармады. Әйтпесе шынжыр ұзарған сайын бөлтіріктің екпіндетіп жүгіретін қашықтығы ұзарады, шынжырды тартып әкету күші де көбейеді. Чен Чжен шынжырдың бір күні бөлтірік тарапынан тозып үзілуінен алаңдады.

Түрме ішіндегі күресті бастаған бөлтірік жанқиярлықпен таласқан әрбір тұтам шынжырдың ұзындығын әбден бағалайтын. Шынжыр сәл ұзарса, оның желігіп шеңбер айналып жүгіру мүмкіндігі де көбейеді. Күрестің жаңа басқышына қажетті әрбір тұтам еркіндікке қол жеткізгені үшін шаттанады ол. Оның төрт аяғы шөбі сарғайған шеңбердің сыртындағы жаңа қарлы жерді қармағаны құдды жаңа аумақты басып алғандай көрінеді. Ол бұған бір семіз құлынды аулап өлтіргеннен де қатты елеурейді. Чен Чженнің шеңбер ішінде қалған жаңа аумақтағы қарды тазалауын күтпеген ол дереу шеңбердің ішінде ұршықтай шыр айналып, елеуреп жүгіреді. Желдей зуылдап, шеңберді айналып жүгіргенде, бір-бірін қуалаған оншақты бөрілер тобы өте шыққандай көрінді. Сондай-ақ көгал қырқатын және дәнектерді уатқыш машиналарға ұқсап, шыр айналғанда жерді өршелене сыдырған темір шынжыр сары шөпті уатып, шаң-тозаңын қылаулатып ұшырды. Бөлтіріктің желігіп шыр айналуы үрейлі құмды боранның соғуына ұқсайды: тегіс жерде соққан құйындай сары бөлтірік, сарғайған шөп-шалаң, сарғыш құм-қиыршықты аспанға көтереді. Бұны жақыннан көрген Чен Чженнің зәресі ұшқан еді. Ол бөлтіріктің тез қарқынмен айналшақтап жүгіргеннен аса күшті сыртқа тепкіш күш туылып, лақтырылған тоқпақ секілді темір шынжырды үзіп, таудың қойнауына қашуынан, мемлекеттік шекарадан асып кетуінен қорықты.

Чен Чжен әр жолы бөлтірік шеңберінің қасында отыра қалса, оның көңіліндегі құлазыған сезім әпсәтте ғайып болып, жүрегін бір қуатты жыртқыштық толтырады, қан тамырларына қасқырдың ыстық та желіктіруші қаны құйылады, денесінде жалынды өміршеңдік тебініп шығады. Бөлтіріктің осы жоғары жылдамдықты қозғалтқышынан оталған Чен Чженнің көңіл-күй моторы дабырлап-тарсылдап желдірте жөнелді һәм оны желпіндірді.      

Чен Чжен бөлтіріктің ойынын тағы да қызыға тамашалай бастады. Қарай-қарай ол бөлтіріктің шаттыққа кенеліп асыр салғанын ғана емес, тағы басқаша бір ниеттің болғанын байқады. Ол желпініп асыр салғанын қойғаннан кейін де жанын сала жүгіруін жалғастырды. Чен Чжен оның саналы түрде жылдам жүгіруге машықтанып жатқанын, «абақтыдан» қашып шығу қабілетін жаттықтырып жүргенін сезінді. Оның темір шынжырдан құтылуға талпыну күш-жігері де жаз бен күз мезгілдерінен анағұрлым күшейген. Барған сайын күшейген, барған сайын жетілген бұл бөлтірік шексіз де ұлан-байтақ еркін сахараға үмітпен телміре қарауда. Аяғын созса жететіндей көрінген көз алдындағы бостандық оның мойнындағы бұғауға бұдан былай төзбеуге қоздырып еліктіретін тәрізді. Чен Чжен оның көңіл-күйін және арман-тілектерін әбден түсінеді. Ұлы далада тумысынан еркін жаралған, бостандықты өлердей сүйетін көкжал қол созым жердегі еркіндікті өз көзімен көріп тұрып, біреулер оның сол еркіндікке жетуіне мүмкіндік бермегені, рұқсат етпегені бұл әлемдегі ең рақымсыз жазалау болса керек. Дегенмен, Чен Чжен амалсыз оны әлі де бұған төзуге көндірді. Қарлы далада тіпті ірі бөрілердің де аман қалуы қиын болған қақаған ұзақ қыста ол осы үйшігінен қашып кетсе – өлім жолына түскенмен бірдей болады. Бөлтірік шынжырды дамылсыз тартуы себепті, тамағындағы жарақатының жазылуы баяулаған еді. Чен Чжен оған қарап, ішінен бір мезет күйгелектенеді, қынжылады. Ол тек шынжырды, қарғыбауды және ағаш қазықты тексерудің санын арттырды. Жігіт оның өзінің көз алдынан амалын тауып, еркін ажал табатын жерге қашуынан қатты сақтанды.

Бөлтірік аузын жартылай ашқан халде тынбай жүгіруде. Кей кезде мырс-мырс етіп Чен Чженге қараған көз жанарынан найзағайдың ұшқыны шашырағандай жарқ етеді. Сол бір қас қағымда Чен Чжен ішінен кенеттен теңдессіз мейірбандық пен тебірену сезінеді. Оның өміршеңдігі, өмірге бейімділігі әлдеқашан солғаны ма? Оның жігері мен арманы осымен тынғаны ма? Бөлтіріктің тағылығы және екпініне тап болған Чен Чжен осы сауалдарды өз-өзіне қынжыла сұрады. Ол бөлтіріктің тасқындап асқақтаған өміршең күші өзінің өміріндегі бықсып түтіндеген дымқыл отынды құрғатқанын байқады. Олай болса, бөлтіріктің шерін барынша шығару, құмары қанғанша ойнату қажет. Чен Чжен оның рахаттанып жүгіруіне жол қою керек болды.

Тағы бірнеше рет еліре айналып жүгірген бөлтірік тәлтіректей бастады. Кенет ол кілт тоқтады. Сол тұрған орнында аузын ашып, біраз алқынып тыныстады. Екі жағына теңселген оның денесі жерге сылқ етіп құлады. Не болғанын аңғара алмаған Чен Чжен жалма-жан бөлтіріктің тұрағына жүгіріп келіп, оны сүйемелдеп тұрғызбақшы болды. Әйтсе де, жігіт бөлтіріктің көздерінің өзіне ап-анық бедірейіп қадалғанын, өзіне қаратқызбағанын байқады. Бөлтірік біраз жанталасып, өзі қайта қарғып тұрды. Сосын екі жағына теңселіп жүріп, араққа тойған қасқырдай қайтадан жерге оңбай құлады. Чен Чжен бұны көріп, дауыстап күліп жіберді. Бөлтірік шапшаң шыр айналып жүгіргеннен басы айналғаны анық еді. Көкжал ешқашан диірменді айналдырған есек сияқты бір орында осынша айналып жүгірмеген. Тіпті бөлтірік түгіл диірменнің тасын айналдырған есектің көзін таңып қояды. Чен Чжен бөлтіріктің басы айналғанын бірінші рет көрді. Басы айналған бөлтірік әрі-бері теңселіп, аузын ашып, құсқысы келіп қиналды.

Чен Чжен оған жарты тегеш жылы суды асығыс әкеліп берді. Тәлтіректеген бөлтірік қыңқ етіп дауыстап, тұмсығын тегештің ернеуіне ұрып алды. Ол әрең дегенде аяқтарымен нық тұрып, әйтеуір тіміскілеп жүріп су ішті. Содан соң төрт аяғын керіп қойып, жерге қырынан жата кетті. Бірталай уақыт тыныстап демалғаннан соң ол қайта тұрды. Бір ғажабы, әрең-әрең есін жиған бөлтірік қайтадан шыр айналып, өршелене жүгіре бастады.

Чен Чженнің көңілі бір мезет ашынып кетті. Оны кенеттен бір түрлі бұдан да күшті өз-өзін кінәлау сезімі тосыннан жаулап алды. Адамның ізі түспеген мынау құлазыған қу далада бөлтіріктің серік болуы, оның үйшігінде орналасқан осы өмірлік «мотордың» жігітке үздіксіз қуат қосуы ғана оған бұл бас-аяғы көрінбейтін сүркейлі қыс мезгілін төзуге күш береді. Екі ұлттың менталитеті мен тағдырының өзара соқтығуына лық толған осы шұрайлы да қалың бұталы жерді өмір-бақи өзінің кәдесіне жаратуға жетерлік еді. Алайда, оның бөрілерді ардақтауы және құрметтеуі, оның қытай ұлтының қасқырлар жөніндегі сауатсыз да сыңаржақты зерттеулерін түзетуге талпынғаны шынымен-ақ бөлтірікті қамап-құрсаулауды алғышарт ету, оны еркіндік пен қуаныштан айырудың құны арқылы ғана іске асыруы керек пе екен?

Чен Чжен өзінің осы әрекеттеріне күмәндану мен уайымдауға шырмалып, ойланып-толғанды.

Кітап оқу қажет. Алайда, не істерін білмей дағдарған ол өзін рухани һәм сезім жақтарынан бөлтірікке басыбайлы болу індетіне кіріптар болғанын сезінді. Ол артына жалтақ-жалтақ қарай жүріп, бөлтіріктің қасынан кетті. Жігіт бөлтірік үшін тағы нелерді істеу керектігін білмеді.

Бөлтіріктің мінезі ең ақырында оның тағдырын белгіледі. Сол суық қыста ең ақырында бөлтіріктен айрылғанын Тәңірдің жазуымен болған іс, сондай-ақ  Тәңірдің оған ар-ұждан жағынан мәңгі-бақи берген жазасы және ол ешқашан кешірілмейді деп санайды Чен Чжен қай-қашан. Бөлтіріктің жарасы жел соқпаған, ай мен жұлдыздар көрінбеген, иттің үргені естілмеген бір қараңғы түнде кенет асқынып кетті. Байырғы Олұн даласы жым-жырт болғаны соншалық, тасқа айналған гербарий сияқты титтей тіршіліктің тынысы білінбейді.

Түн ортасы ауғанда Чен Чжен кенет шынжырдың қатты шылдырлаған дауысынан шошып оянды. Қатты шошыну оның басын төтенше сергітті, есту қабілетін де ерекше сақ етіп жіберді. Ол құлағын түріп тыңдады. Темір шынжыр шылдырының арасында еміс-еміс шекаралық заңғар тау жақтан көкжалдың үзік-үзік ұлығаны естілді. Бірде қоңырау, бірде сыбызғының үніндей тартымды да қайғылы шыққан бұл дауыс дегбірсіздендіреді, мұңайтады. Туған жерінен және елінен қуылған бөрілер тобының қалдықтары шекараның арғы жағында өзінен анағұрлым қауқарлы қасқырлар қосындарының шабуылына ұшырап, тек басшы ақ арлан және бірнеше жаралы да жалқы көкжалдар ғана шекараның оңтүстігіне қайта ығысып, шекаралық белгі, өрттен сақтану жолағы және шекаралық тас жол арасындағы елсіз аумақты паналауы мүмкін. Дегенмен, қанға бөктірілген атамекеніне олар қайта алмайды. Басшы арлан тыным таппай ұлып, жан-жаққа бытыраған қосындарының қалдықтарын жедел іздеп және топтастырып, тағы бір қайтарма шабуылға аттанып, жанқиярлықпен бір айқасуға әзірленіп жатқан тәрізді.

Чен Чжен Олұнның еркін бөрілерінің ұлығанын бір айдан артық уақыттан бері естімеген-ді. Сол бір әлсіз діріл араласқан тынымсыз ұлыған үн ол алаңдаған барша мәліметтерді қамтығандай болды.

«Білге-ата бәлкім дәл қазір көз жасын төгіп отырған шығар. Мынау аянышты дауыс осы ұлығанды естімегеннен де бетер адамды торықтырады екен» деп ойлады ол. Үздік мергендер Олұн даласының ең қайсар, азулы һәм айлалы басшы арландары мен ірі қасқырлардың басым бөлігін ең алдымен жойған-ды. Олұн даласын қар басқаннан кейін джиптер жүрісін тоқтатты, бірақ атты әскерден шыққан арнайы мергендер ертеде-ақ жүйрік аттарын ауыстырып, қалған көкжалдарды қуғындап қырғындауды жалғастырды. Олұн даласының бөрілері қанды қоршауды қайта бұзып-жарып шығатын, өздеріне тиесілі жаңа қонысқа орнығатын күштен әлдеқашан маһрұм қалған-ды.

Чен Чжен төтенше алаңдаған жайт та ақыры туылды. Талай уақыттан бері естілмеген қасқырдың ұлыған дауысы кенеттен бөлтіріктің бойында бүкіл үміт, ұмтылыс, қарсыласу және ұрысқа ұмтылу ниетін оятты. Ол құдды тұтқынға түскен далалық ханзаданың бұрын тағдырдың тәлкегімен айрылған кәрі хан әкесінің шақырғанын, оның үстіне оның жәрдем сұраған үнін естігенге ұқсайды. Бірден сабырсызданған жыртқыш болып өзгерген ол зеңбіректің оғына айналғысы келді, сол зеңбіректің атқан гүрсілі секілді дауыспен көкжалдың ұлығанына үн қоспақшы болды. Алайда, бөлтіріктің тамағы әлі де жаралы еді. Ол дауыс шығара алмады, хан әкесінің және қандастарының шақырғанына жауап қайтара алмады. Ашу-ызадан желігіп есірген ол жаннан безген халде алға жұлқынды. Барша күшпен атылғаны себепті, темір шынжырды және ағаш қазықты өршелене тартты. Желкенің үзілуінен тайлықпаған ол шынжырды, қарғыбауды және ағаш қазықты үзуге әрекеттенді. Чен Чжен тұла-бойымен тоң жердің қатты селкілдегенін сезді. Бөлтіріктің үйшігі жағынан жеткен сол қатты дыбыстан ол бөлтіріктің екпінмен жұлқынғанын мөлшерледі. Арпалысуда! Қан құсуда! Бөлтірік атылған сайын рақымсыз болды, жұлқынған сайын қатал болды. 

Чен Чжен қорыққанынан былғары көрпені ашып, былғары шалбар мен үлбір тонын жылдам киіп, киіз үйден ытқып шықты. Электр фонарьдің жарығында қардың бетінде қанды дақтардың шашырағаны көрінуде. Езуін айқара ашып, қан құсқан бөлтірік қайта-қайта өршелене алға жұлқынуда. Оның қарғыбауының шамадан тыс тартылуынан қанталаған тілі салақтап шықты. Тартылған темір шынжыр құдды үзілуге жақын қалған садаққа ұқсап тұр. Көкірегінде тарам-тарам сорғалаған қан мұзға айналып, сіресіп қалған екен. Шеңбердің ішінде қан жан-жаққа шашырап, қанның иісі мүңкіп тұр. Бөлтірік қаһар шашып, кәр төгуде.

Чен Чжен ешнәрсемен есептеспей алға атылып, бөлтіріктің мойнын құшақтамақшы болды. Алайда, ол қолын созған мезетте бөлтірік «Арс!» етіп қойдың терісінен тігілген жеңінің үлкен бір бөлігін жалбыратып жұлып алды. Яң Кэ де еліре жүгіріп келді. Алайда екеуі де бөлтірікке жақындай алмады. Ол ұзақ уақыттан бері ішіне бүккен ыза-кектен көздері қызарған жын-періге ұқсады. Тіпті өзін қатыгез өлімге атаған, құтырған бөріге ұқсайды. Екі адам сасқанынан сиырдың тезегін жабатын қалың да лас бір үлкен ескі киізбен бөлтірікті жауып, оны тырп еткізбей жерге басты. Бөлтірік қанды қырғынға түсіп, толығымен құтырып кетті: жерді қапты, киізді тістеледі, өзінің тісі жеткен нәрселердің бәрін тістеді, сондай-ақ барша пәрменмен шынжырды жұлқылап жұлмақшы болды. Чен Чжен өзінің де жындана жаздағанын сезінді. Сонда да ол шыдамдылық танытып, қайта-қайта шын ықыласпен бөлтірікті шақыруы керек.... Қанша уақыт өткені беймәлім, ақыры бөлтіріктің барша күші сарқылды, буындары біртіндеп әлсіреді. Екі жігіт жыртқыш қасқырмен құр қол айқасқандай арып-шаршап, жерге сылқ етіп отырды, алқынып дамылдады.

Біртіндеп таң ағарды. Екеуі киізді ашып, бөлтіріктің аласұрып қарсыласуының, бостандыққа ұмтылуының және әкелік махаббатты аңсауының ауыр салдарын көрді: әлгі зақымдалған тістері езуінің сыртына қарай ырсиып шығыпты. Әлгі лас киізді тістеп тартқан кезде тістің түбі опырылып, қаны тоқтаусыз сорғалады. Ол тістеген лас киіздегі улы микробтар жарасына түсуі әбден мүмкін. Әбден титықтаған бөлтіріктің көмейінен қан тоқтаусыз сорғалауда. Алдыңғы жолы көшкенде аққан қанмен салыстырғанда, анағұрлым сұрапыл ағылуда. Ескі жара қайта қанталады, оның үстіне жарақаттың үстіне жарақат қосылды. Бөлтірік қан толған көздерімен екеуіне тесіле қарап, көмейіндегі қанды ішіне обырлана жұтуда. Үлбір тонның үстіне, қалың киізге, үйшіктің айналасындағы барлық жерге қанның дақтары молынан шашырады. Бір құлынды сойғанда ағылатын қаннан да көптеу ағылған екен. Қанның бәрі мұз болып қатты. Шошыған Чен Чженнің қос аяғы босаңсып, дауысы дірілдеді.

- Бітті. Осы жолы құрыды деуге болады...., - деді ол тұтығып.

- Бөлтіріктің тұла-бойындағы қанның жартысы ағылған болуы мүмкін. Осылай аға берсе, оның қаны сарқылады...., - деді Яң Кэ.

Екеуі сасқанынан не істерін білмей, шыр айналды. Бөлтіріктің қанын қайтсе тоқтатуға болатынын білмей дағдарды. Чен Чжен асығыс-үсігіс атқа мініп, Білге-атаны шақыруға жөнелді. Үсті-басы қып-қызыл қан болған Чен Чженді көрген ақсақал шошығаннан селк етті һәм жалма-жан оған ілесе жетіп келді. Қария бөлтіріктің қаны әлі де сауғалағанын көріп, дереу сұрады:

- Қанды тоқтататын дәрі бар ма?

Чен Чжен асып-сасып «Юннән байяо» деген қан тоқтататын дәрінің төрт құтысын түгел әкелді. Ақсақал киіз үйге кіріп, ет салынған табақтан піскен қойдың өкпесін іріктеп алып, шәугімдегі жылы сумен көбігін жуып, жақсылап жібітті. Сосын кеңірдек және басқа да шеміршек заттарды тіліп тастап, өкпені екіге бөлді. Содан соң жұмсақ өкпенің сыртына «Юннән байяо» дәрісі молынан жағылып, бөлтіріктің үйшігінің қасына апарылды һәм Чен Чженге табысталды. Чен Чжен табақты бөлтіріктің үйшігіне кіргізді. Бөлтірік бір жапырақ өкпені тіспен іліп, қылғыта салды. Қойдың өкпесі өңештен өткенде қанның бәрін өзіне сіміріп, ішінен қабынғаны себепті, бөлтірік қақала жаздады. Ақ дәрі жағылған жұмсақ өкпе қанның ағылуын тоқтататын бинт сияқты оның тамағында біраз уақыт аялдағаннан соң ғана жұтқыншағынан әрең өтті. Біршама жібіген қой өкпесі бүлінген қан тамырларды қысып жіберді, сондай-ақ өңештегі жарақатқа қан тоқтататын дәріні жағып салды. Бөлтірік екі жапырақ өкпенің етін әрең-әрең жұтқанда ғана сорғалаған қаны біртіндеп азайды.

- Бітті шаруасы. Аман қалмайды. Тым көп қан ағыпты, - деді Білге-ата басын шайқап, - Жарасы да кеңірдектің ең жанды жерінде орналасқан екен. Қан ағуы осы жолы тоқтады делік. Келесі жолы көкжалдардың ұлығанын тағы естісе, бұны тоқтата аласың ба? Бейшара бөлтірік-ай. Бұны асырама деп едім, бой бермей бақтың ғой. Енді қарасам, көкірегімді пышақпен бауыздағаннан бетер қинадың ғой.... Бөрінің көретін күні мұндай ма еді? Иттің күнінен де жаман ғой. Бұрынғы замандағы моңғол құлдарынан да аянышты. Қасқырлар бұндай күн көруден өлгенді артық көреді....

- Ата, мен оны асырап-бағуым керек. Көріңізші, оны құтқарудың амалы бар ма? Оны емдеудің амалдарын түгел маған үйретіңізші...., - деп жалбарынды Чен Чжен.

- Сен әлі асырағың келеді ме? Оның көкжал күйінде қалдырғың келсе, бөрілік күшін сақтағың келсе, дереу оны өлтір. Бөлтірік даланың арланына ұқсап соғысып өлсін! Сүйретілген ауру иттей бұралтып, қорлықта жүріп өлмесін! Оның рухын риза қыл! - деді қария тесіліп қарап.

Чен Чженнің екі қолы қалтылдап кетті. Өз қолымен бөлтірік өлтіру ешқашан оның ойына келмеген. Не дегенмен, сансыз қауіп-қатерден өтіп, сансыз жапа-машақатты жеңіп жүріп, асырап өсірген бөлтірік ғой. Ол көз жасын әрең тыйып, ақсақалға тағы бір рет жалынды:

- Ата, менің сөзіме құлақ салыңызшы. Мен оны қалайша өлтіремін.... Оны тірі қалдырудың кішкене үміт болса да мен құтқаруым керек....

Қабағы түксиіп, ашы-ызасы келген қария бір-екі рет жөтеліңкіреп барып, қардың үстіне бір қақырып түкірді.

- Сендер қытайлар ешқашан дала қасқырын түсінбейсіңдер! - деп ақырды ол.

Сөзін аяқтаған ақсақал бұлқан-талқан болып, қарғып мінген тұлпарына аямай бір қамшы салды және алды-артына қарамастан өз отауына қарай шаба жөнелді.

Чен Чженнің жүрегі бір сәт қатты сырқырады. Құдды өзін де біреу аямай қамшымен ұрғандай сезінді. Зәре-құты қалмаған Яң Кэ екеуі қарлы далада қағылған ағаш қазықтай мелшиіп қалды.

- Ата ешқашан екеуімізге осынша қатты ашуланбайтын...., - деді басын төмен түсірген Яң Кэ етігімен қарды теуіп, - Бөлтірік өсіп үлкейді, бұрынғыдай кішкентай емес. Еркіндік үшін ол бізбен жанталасып алысуда. Көкжал – еркіндіктен айрылып, еріксіз болғаннан өлімді артық көретін аң. Осылай бола берсе, бөлтірік сөзсіз тірі қалмайды. Меніңше, қарияның сөзіне көніп, тыңдағаның жөн болады. Бөлтірікке ең соңғы рет бөрілік құрмет көрсетейік....

Чен Чженнің бетіндегі көз жасы ұзынша мұзды маржан болып қатыпты.

- Ата айтқан сөздің мәнін мен түсінбей тұр дейсің бе? Алайда, сезім жағынан алғанда, мен бөлтірікке қалайша қол көтеремін? Егер болашақта балам болса, бөлтірікті асырап күйінгендей оған бұндай күйінбейтін шығармын.... Мен тағы жақсылап ойланайын...., - деді ол терең тыныстап.

Шамадан тыс қаны аққан бөлтірік орнынан теңселіп тұрды және шеңбердің жиегіне аяңдады. Сосын ол аяғымен шеңбердің сыртындағы бірнеше ірі қар кесектерін қазып шығарып, жемекші болды. Чен Чжен жалма-жан оны құшақтап алды.

- Бөлтірік қарды пайдаланып жарасының ауырғанын жеңілдеткісі келеді. Оған қарды жегізу керек пе? - деп сұрады Чен Чжен Яң Кэден.

- Меніңше, бөлтірік шөлдеген секілді. Сонша көп қаны аққанда, шөлдемейді дейсің бе? Менің ойымша, қазір оның барлық қимылдарына ерік берейік. Өз тағдырын өзі шешсін, - деді Яң Кэ.

Чен Чжен қолдарын босатты. Бөлтірік лезде қарды асап-асап жұта бастады. Әлсіреген бөлтіріктің тән азабына суықтан тоңу қабаттасты. Ол құдды ежелгі заманда үлбір тонын шешіп жалаңаштанған һәм қақаған аязбен жазаланған далалық құлдай тұла-бойы қатты қалтырады. Орнында тұра алмаған бөлтірік ақыры жерге жығылды. Әрең дегенде бүріскен ол құйрығын қоғадай қайырып, өзінің тұмсығы мен бетін тұмшалады. Бөлтірік әлі де қалтырауда. Ызғарлы ауаны әрбір сімірген сайын, оның бүкіл денесі тартылғандай қалт-құлт етіп дірілдейді. Тыныстаған кезде ғана қалтырағаны сәл бәсеңдейді. Осылайша, бір дірілдеп, бір тыныстап, бір тоқтап, ұзақ уақыт аялдады. Бұны көрген Чен Чженнің жүрегі де қысыла бастады. Ол бөлтіріктің осыншама әлсіз де дәрменсіз халге түскенін ешқашан көрмеген еді. Жігіт бір қалың киізді әкеліп, бөлтіріктің үстіне жапты. Не істерін білмей дал болған ол бөлтіріктің жаны бірте-бірте денесінен ажырап жатқанын, мына сүлденің өзі әуелде асыраған бөлтірік еместігін сезінді.

Түске жақын Чен Чжен оған семіз қойдың ұсақ туралған құйрығынан бір қазан ботқа пісірді. Ыстық тамаққа қар салып араластырып, сәл суытқаннан кейін бөлтіріктің алдына қойды. Бүкіл денесінің күш-қуатын жинаған бөлтірік қылғытып асайтын ежелгі қомағай әлпетін көрсетті. Алайда, оның бойында қасқырдай асайтын қауқар қалмаған-ды. Ол бірде жеп, бірде тоқтап, қайта жеді. Бір жағынан жеді, бір жағынан қаны тамды, бір жағынан қақалып жөтелді. Алқымының терең жеріндегі жарасынан әлі қан сорғалауда. Жайшылықта бір қазан ет ботқасын бір демде жеп тауысатын ол енді тағамын екі-үш күнге бөліп, әрең жейді.

Осы екі күн ішінде Чен Чжен мен Яң Кэ күндіз-түні жүректері елегізіп, кезектесіп бөлтірікті бағып күтті, қамқорлық көрсетті. Алайда, бөлтіріктің тамақ жеуі барған сайын азайып, ең ақырында бір жұтым тағамды да жей алмайтын болды. Көмейінен тек өзінің қаны ғана өтті. Чен Чжен жедел жүйрік атқа мініп, үш шөлмек дала арағына үлкен отрядтың мал дәрігерін шақырып әкелді.

- Босқа әуреленбе. Егер де бөлтірік емес, мұндай ахуалға төбет ұшырағанда баяғыда-ақ жаны үзілетін еді, - деді мал дәрігері айналадағы жерге ағылған мол қанды көріп.

Мал дәрігері тіпті бір түйір дәрі бермей, сәйгүлікке қарғып мініп, басқа отбасының киіз үйіне шауып кетті.

Үшінші күні таңертең Чен Чжен киіз үйден шыққанда, бөлтіріктің киізді тырмалап түсіріп, төрт аяғын аспанға қарата қырылдап жанталасқанын көрді. Ол Яң Кэ екеуі жүгіріп барып бір қарағаннан дүрлігіп үрейлері қашты. Мойнындағы жарасын қарғыбау тырситып кергендіктен, бөлтірік жерге етпеттеп жатқанда ғана тыныстай алатын еді. Чен Чжен дереу оның қарғыбауының екі түймесін ағытып, босатыңқырады. Бөлтірік кеңінен тыныстады. Ұзақ уақыт тыныстаса да, демін тұрақтандыра алмады. Ол тағы жанталаса орнынан тұрды. Екі жігіт оның аузын айқара ашқанда ғана жарты жағының қызыл иегінің және бүкіл кеңірдегінің орасан зор ісіктей ісігенін, тері қабығының қабынып іріңдей бастағанын көрді.

Чен Чжен күдері үзілген халде жерге отыра кетті. Бөлтірік күшінің барынша алдыңғы екі аяғына таянып, оның алдында әрең-әрең отырды. Жартылай ашқан аузынан тілі жартылай сыртқа салбырауда. Аузынан қан аралас сілекейі ағылуда. Ол кәрі көкжалдай Чен Чженге тесіле қарауда. Көкейінде жігітке айтатын дәті бар сияқты. Алайда, ол керісінше ентігіп тыныстағаннан бірер дыбыс та шығара алмады. Чен Чженнің көзінен жасы жаңбырдай төгілді. Ол бөлтірікті мойнынан құшақтап, оның маңдайы мен мұрнына ең соңғы рет бетін басып, бауырына қатты қысты. Бөлтірік біршама мығым тұра алмағандай, салмақ түскен алдыңғы екі аяғы қатты қалтырап кетті.

Чен Чжен кенеттен орнынан қарғып тұрып, киіз үйдің қасына жүгіріп барды. Ол жартылай металл сүйменді үн-түнсіз қолына алды, сосын артына бұрылды. Сүйменді денесінің артына жасырған халде бөлтірікке қарай алшаңдап жүгірді. Бөлтірік жиі алқынып, ентігіп, әлі де орнында тік отыр. Екі аяғы бұрынғыдан бетер қатты дірілдеп, құлап қалайын деп әрең тұр. Чен Чжен асығыс оның арт жағына өтіп, темір сүйменді биік көтеріп, тұла-бойындағы барша күшпен қақ желкесінен ұрды. Бөлтірік «қыңқ» еткен дыбыс та шығармастан орнында сұлап түсті. Нағыз Моңғолия даласының бөрісіндей өмірінің ең соңғы сәтіне дейін бұл әлемнен абұйырмен сіресіп өтті....

Сол бір мезетте Чен Чженнің өз жаны дененің сыртына атылып шыққандай, қақ төбесінен сыртқа өткенде дыңылдаған дауыс естігендей болды. Осы жолы ұшқан жаны енді ешқашан қайта оралмайтын сыңайлы. Чен Чжен құдды бозарған мұз сүңгі сияқты бөлтірік үйшігінің жанында сілейіп тұр....

Не болғанын білмеген үйдегі барлық иттер мен күшіктер түгелдей жүгіріп келіп, жерде сұлап жатқан өлі бөлтірікті көріп, оның үстінен үймелеп иіскеледі, шошығаннан жан-жаққа тым-тырақай қашты. Тек Эрлаң ғана екі иесіне ызаланып, тоқтамай арсылдады.

- Қалған істерді де Білге-ата сияқты жасау керек. Мен оның терісін сыдырып, тұлыптайын. Сен отауға кіріп, демала тұр, - деді көздері жасаураған Яң Кэ.

- Біз екеуіміз бірге апаннан қазып алған бөлтірікті енді екеуіміз бірге терісін ірейік, оны Тәңірге шығарып салайық, - деді Чен Чжен мелшиіп.

Екеуі дірілдеген қолдарын тізгіндеп, айрықша абайлап бөлтіріктің терісін сыдырды. Оның қалың жүні бұрынғыдай жылтырайды, бірақ етсіз денесінің құр қаңқасы ғана қалған екен. Яң Кэ бөлтіріктің терісін киіз үйдің үстіне жайды. Чен Чжен бір таза кенеп қап әкеліп, бөлтіріктің денесін салып, ер-тоқымның артына байлады. Екеуі аттарына мініп, тауға шықты. Таудың басына шауып барып, бірнеше бүркіттің ақ түсті шаңғырығы қаптаған бір жартасты іздеп тауып, тонның жеңімен қарды тазалап, бөлтіріктің өлігін осы тазаланған орынға ақырын қойды. Екеуі іздеп таңдаған өлікті ашық жерлеу орны аңыраған суық пен жым-жырт жерде орналасқан. Сауыттың сыртынан киілетін «әскери шекпені» шешілген бөлтіріктің қаңқасы арса-арса болып, мүлдем өзгеріп кеткен. Чен Чжен өз бөлтірігін толығымен танымады, нанбады. Тек соғыста шайқасып мерт болған, терісін адамдар сыдырып алған кең даланың барлық ірі қасқырларына ұқсағанын сезінді ол. Чен Чжен мен Яң Кэ қымбатты бөлтіріктің ұсқыны қашып, бозарған өлігінің алдында көз жасын ағызбады, керісінше ширай түсті. Моңғолия сахарасында көкжалдардың бәрі дерлік өмірге мамық түкті болып келіп, жап-жалаңаш болып кетеді екен. Жаужүрек, қайсар және парасатты, сондай-ақ көркем даланы адамдарға қалдырып, өздері өмірден түгі жоқ, тыр-жалаңаш кетеді. Бұл мезетте бөлтірік айбарлы түктерінен айрылғанмен, темір шынжыр да құтылған еді. Ол ақыры өзінің отбасы мүшелері және айқаста қаза болған барша бөрілері секілді әбден еркін де жайбарақат халде кеңінен көсілген сахарада жатыр. Бөлтірік осыдан соң қасқырлар тобына ресми қайтты, дала жауынгерлерінің қатарына қайта оралды. Тәңірдің бөлтірік рухынан бас тартпайтыны хақ.

Екеуі уәделесіп қойғандай бір уақытта аспанға қарады. Екі қаршыға дәл төбелерінде айналшақтап ұшып жүр екен. Екі жігіт тағы бастарын түсіріп, бөлтірікке қарады. Оның денесі бір қабат жұқа мұз болып қатқан екен. Чен Чжен мен Яң Кэ дереу атқа қонып, таудан түсті. Екеуі жайылымға жеткен уақытта артқа бұрылып көз жіберді. Айналшақтап ұшқан әлгі екі қаршыға таудың басындағы жартастың қасына қонған екен. Бөлтірік әлі де суықтан қатып кетпеген-ді. Ашық аспан астында жерленетін оның жанын дала қаршығалары биіктегі Тәңірдің дәргейіне әкетеді.

Екеуі үйге оралған кезде Гао Цзянчжуң қайың ағаштан ұзындығы алты-жеті метр сырық тауып, киіз үйдің босағасының алдына қойыпты, сондай-ақ сойылған бөлтірік терісінің ішіне сарғайған құрғақ шөп толтырыпты. Чен Чжен жіңішке былғары белдікшенің бір ұшын бөлтіріктің танауынан өткізіп байлап, таспаның екінші ұшын қайың сырықтың басына байлады. Үш жігіт оқтай түзу сырықты тік көтеріп, киіз үй босағасының алдындағы қасат қарға қадады.

Солтүстік-батыстан алай-дүлей соққан жел бөлтіріктің ұзынша терісін көлденеңінен қалықтатып әкетті. Оның «әскери шекпені» саналған айбарлы түктері асқақ биіктікте тазаланып жатық таралды, құдды Жаратқанның қонақасына қатысатын мерекелік киімдей сұлуланды. Киіз үйдің мұржасынан будақтаған бозғылт түтін бөлтіріктің терісінің астында желбіреді. Бөлтірік аспанда бұлттардың арасында шарықтап, түтіннің арасында шаттанып еркін аунақшып қалықтауда. Осы сәтте оның мойнында темір шынжыр һәм бұғау, аяғының астында абақты-түрме енді жоқ еді.

Чен Чжен мен Яң Кэ жоғарыда әуеде қалқыған бөлтірікке ұзақ қарады, аспанға телміре қарады.

- Бөлтірік-ау, бөлтірік. Тәңір сенің тағдырыңды және шын бейнеңді саған түгел айтып беретін болды. Менің түсімде мені қауып ал. Аямай тістеп ал.... - деді Чен Чжен өз-өзіне күбірлеп.

Чен Чженнің бұлдыраған жанары бөлтіріктің қылықты да жалынды би қозғалысына ілесуде. Бұл – бөлтіріктің жаһанда қалдырған сарқылмас сыртқы пішіні. Сол әсем де айбарлы сыртқы кескіннің ортасында бұрынғыдай оның еркін де тізе бүкпейтін қайсар рухы ораулы тұрғандай көрінді. Кенеттен бөлтіріктің цилиндр тектес ұп-ұзын денесі және ұзынша түкті құйрығы құдды самғаған айдаһар сияқты бірнеше рет жоғары-төмен сілкінгендей болды. Чен Чжен ішінен шошып елең ете түсті. Ол аспанда қалқыған бұлттар және бораған қардың арасында басы көкжал, денесі айдаһарға ұқсаған ұшатын айдаһарды көргендей болды. Бөлтіріктің ұзынша денесі дельфин тәрізді бірнеше рет жоғары секіріп, төмен түсіп желпілдеді, барша күшін сала жылжуын шапшаңдатқандай көрінді.... Жел азынап гуілдейді, терінің аппақ түктері жұлқынып самғауда. Алтын айдаһарға ұқсаған бөлтірік бұлттарға дейін көтеріліп, түтек тұманның арасында желге ілесіп, қуана шарықтауда. Ол Тәңірге қарай, Сүмбіле (Сириус) жұлдызына, еркін ғарышқа қарай, мыңдаған жылдар бойы соғысып мерт болған барша дала бөрілерінің рухтары жиналған мекенге қарай ұша жөнелді.... Дәл осы мезетте Чен Чжен өзінің көңіліндегі шынайы бөрі тотемін көргеніне сенген болатын. 

 

Соңғы сөз

 

Олұн даласының бөрілер тобы аластатылғаннан кейінгі жылы көктемде Биңтуән құнды қойлар мен сиырлардың ет өнімдерін үнемдеу, көже-қатықтан қысылған егін шаруашылығы полктарын етпен қамдау үшін иттердің санын азайту туралы бұйрық түсірді. Ең алдымен осы тақсыретке ұшыраған күшіктер болды. Сахарада жаңа туылған күшіктер түгел дерлік Тәңірдің дәргейіне жөнелтілді. Олұн даласының барлық жерінде ұрғашы иттердің еңіреп үргені естіліп тұрды. Үй иелері жасырын көмген күшіктерді қазып шығарған, сондай-ақ өлі балаларын езуінде ұстаған халде жынданып шыр айналған ұрғашы иттерді жиі көруге болатын еді. Даланың әйелдері өкіріп жылады, ерлер үн-түнсіз жылап егілді. Түздің төбеттері мен аңшы иттері де күннен-күнге жүдеп, азып-тозды. 

Жарты жылдан кейін Эрлаң төбет киіз үйден алыстап, қалың шөптің арасында терең ойға шомған уақытта, Биңтуәннің бір әскери жүк машинасында отырған адамдар оны атып өлтіріп, сүйреп әкетті. Ызаға булыққан Чен Чжен, Яң Кэ, Чжаң Цзиюән және Гао Цзянчжуң полк пен екі ротаның штабтарына басып кірді, бірақ қанішер жендетті таба алмады. Барлық жаңадан көшіп келген қытайлар иттің етін жеу мәселесінде бәрі бірігіп, бірыңғай майдан құрап, төбетті өлтірген жендетті құдды бөтен ұлт тарапынан қудаланған қаһарманды жасырғандай қорғаштады.

Төрт жылдан кейін қарлы боран азынаған бір таң сәресінде салт атты бір қария мен бір орта жастағы кісі өгіз арбаны жегіп, шекаралық тас жол жаққа беттеді. Арбаға Білге-атаның мүрдесі артылған еді. Отрядтың мәйіт тасталатын бұрынғы үш орынның екеуі қажеттен шығып, керек болмай қалды. Кейбір малшылар өлгеннен кейін қытайша жерленетін болған. Тек Білге-ата ғана өзі өлгеннен соң қасқырлар мекендеген жерге апарып тастауды өсиет еткен. Оның өсиеті бойынша, өзінің екі алыс ағайын бауырлары оның мәйітін шекаралық тас жолдың солтүстігіндегі адамның аяғы аттап баспаған жерге апарған.

Ақсақалдың інісінің айтуынша, сол түні шекаралық тас жолдың солтүстігінде көкжалдардың ұлығаны түні бойы тоқтамай, сонау таң атқанға дейін жалғасты. Чен Чжен, Яң Кэ және Чжаң Цзиюән Білге-атаны азап-қасіретті көп көрген, сонда да бағы жанған адам болған деп есептейді. Өйткені ол Олұн сахарасында мәйіті ашық далаға тасталған һәм рухы Тәңірдің дәргейіне көтерілген ең соңғы моңғол қариясы болды. Осыдан соң қасқырлар тобы Олұн даласына қайта оралмады.

Көп өтпей, Чен Чжен, Яң Кэ және Гао Цзянчжуң арт-артынан рота штабына жөткелді. Яң Кэ бастауыш мектептің мұғалімі болды. Гао Цзянчжуң егістік машиналар отрядында трактор айдады. Чен Чжен қойма қызметкері болып жұмыс істеді. Чжаң Цзиюән ғана бұрынғыдай малшылардың арасында қалып, жылқылар үйірін бағатын жылқышы болды. Ілбіс пен оның күшіктерінің бәрі Бату, Касымайдың үйінде қалды. Адал берілген Сарытөс керісінше жанұясын тастап, Чен Чженмен бірге ротаның штабына ілесіп келді. Дегенмен, Касымай өгіз арбасына иттерді ілестіріп, ротаның штабына бара қалса, Сарытөс олармен құмары қанғанша ойнайтын. Оның үстіне, әр жолы арба ауылға қайтқанда, ол арбаға ілесіп, мал шаруашылығы отрядына баратын. Оны ешкім де ұстай алмайтын. Әр жолы ауылда біраз күн тұрып, сосын ғана жеке өзі Чен Чженнің жанына қайтатын-ды. Мал шаруашылығы бригадасы қанша шалғайға көшсе де, тіпті жүз шақырымнан астам жерге дейін барса да, ол қайтып келетін. Алайда, әрбір қайтқаннан кейін мұңайып жүретін еді. Чен Чжен орта жолда Сарытөстің бірер жазымға ұшырауынан алаңдайтын. Алайда, әр жолы оның аман-сау қайтқанын көрген ол бейқамдылыққа салынды. Жігіт те Сарытөстің туысшылап қыдыру және сахараны аралау еркіндігі мен қуанышына тосқауыл жасамады. Әйтсе де, бір жылдан кейін Сарытөс «жоғалып» кетіп, қайта оралмады. Далалықтар дала иттерінің адаспайтынын, көкжалдарға да жем болмайтынын бәрі біледі. Оның үстіне, Олұн сахарасының бөрілері әлдеқашан жойылып, жан-жаққа бытырап біткен. Тіпті қасқырлар тобы әлі де жүргеннің өзінде де иен далада әлмисақтан олардың жалғыз итті жабылып өлтіру үрдісі ешқашан болмаған. Сарытөсті жол ортада шауып өлтірген тек адам ғана болуы мүмкін. Бұлар әрине далалықтар емес еді....

Чен Чжен мен Яң Кэ негізінен қытайлар тұрақтаған мекенге қайта оралып, нағыз қытайша отырықшы шарт-жағдайда өмір сүрді. Айналасындағы тұрғындардың көпшілігі – ішкі өлкелерден кәсіп ауыстырып келген әскерилер және олардың бала-шағалары, сондай-ақ Тянцзин мен Таңшән қалаларынан Биңтуәнге жауынгер болып келген зиялы жастар. Дегенмен, бұл екеуі сана-сезім жағынан нағыз қытайлық үлгідегі тұрмыс ортасымен мәңгі-бақи үйлесе алмады. Екеуі жұмыстан және өздігінен үйренуден бос уақытта рота штабының маңайындағы төбешіктің басына жиі шығып, солтүстік-батыстағы аспанға ұзақ телміре қарайтын. Көзді шағылыстыра биікте қалқыған ақша бұлттар арасынан бөлтірік пен Білге-атаның шырайы мен бейнесін іздейтін....

1975 ж. Ішкі Моңғолияның Өндірістік-құрылыс корпусы (Биңтуән) ресми тарқатылды. Алайда, бұл кезде сулары мол, жері құнарлы Құлын өзенінің алабы керісінше жері жыртылып, әлдеқашан кең алқапты құмайт жерге айналып болған-ды. Үйлер, механикалық техника, машиналар, тракторлар, сондай-ақ орасан зор жұмысшылар мен қызметкерлердің көзқарастары, тұрмыс салт-дағдысы кең сахарада әлі де қалған еді. Олұн даласы жылдан-жылға тозды. Егер көкжалдар біреудің үйінің бір қойын жарып-талап кетсе, жұрт бұны міндетті түрде біраз күн талқылап, әңгіменің тұздығына айналдыратын болды. Ал жылқының тұяғы тышқанның ініне шалынып жығылып, адам мен тұлпар мерт болған оқиғалар керісінше бірте-бірте көбейе түсті. 

Бірнеше жылдан кейін Чен Чжен Бейжіңге оралып, аспирантураға емтихан тапсырудың алдында бір сәйгүлікті сұрап мініп, Бату мен Касымайдың шаңырағына қоштасуға барды. Содан соң жолшыбай бөлтірік туылған сонау бір ғасырлық бөрі апанын арнайы көріп қайтты. Мүлгіген көне апан баяғыдай мығым күйде тұр. Ішіндегі жарты метрдей жерде өрмекшінің торы тоқылған екен. Екі ұзынша жасыл шегіртке торға шырмалып жанталасуда. Чен Чжен апанның аузындағы қурай шөпті бір жаққа ысырып, мойнын соза ішіне үңіліп қарады. Апанның ішінде көң топырақтың иісі аңқып тұр. Баяғыда қасқырдың қолқаны жаратын қалың иісі әлдеқашан сейілген-ді. Көне апанның алдында баяғыда жеті бөлтірік асыр салып ойнаған және күнге қызып жататын текшені биік қалың шөп басыпты.... Чен Чжен апанның қасында өте ұзақ отырды. Жанында бөлтірік жоқ, тазы төбеті жоқ, тіпті бір күшік те жоқ.

Бейжіңнің зиялы жастарының Олұн сахарасына қоныстанғанына 30 жыл мерейтой толған бір жаз мезгілінде Чен Чжен мен Яң Кэ «Cherokee» маркалы көк джипті айдап, астанадан Олұн даласына қарай жол тартты.

Чен Чжен ҚХР Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын тамамдағаннан кейін белгілі бір университеттің зерттеу институтында мемлекеттің жағдайы және құрылымдық реформаны зерттеумен шұғылданды. Яң Кэ заң ғылымының бакалавр дәрежесін алғаннан кейін, магистрлық дәрежесіне және адвокат мәртебесіне қол жеткізді. Қазіргі кезде ол Бейжіңдегі беделі жақсы бір адвокаттық кеңсенің негізін салушы болып табылады. 50 жасты еңсерген осы екі айрылмас ескі дос сахараны сағынатын, бірақ оған қайта барудан қорқатын еді. Әйтсе де, өмірлік тәжірибе жинақтаған, әбден ақыл тоқтатқан осы орда бұзар 30 жылдық мерейтой жылы екеуінің Олұн даласына тағы бір рет қайта оралу шешімін қабылдауға арқау болды. Екеуі сахарадағы дос-жарандарымен көріспекші, өздері тағы қайта көруге батылы бармаған Урумчин даласын, Қара жартас тауының етегіндегі әлгі бөлтіріктің апанын қайта көрмекші. Чен Чжен сахараға тағы келіп әсерленуді, сондай-ақ өзінің ғылыми еңбегіндегі көзқарастар мен пікірлерін сипаттап дәлелдеуді ойлады.

Джип Ішкі Моңғолияның аумағына енгенде аспан бұрынғыдай көкшіл еді. Алайда, көк аспанның баяғы заманғы көк аспан еместігін сахарада ұзақ мерзім өмір сүрген адамдар ғана біледі. Ауаның құрғауынан әуе кеңістігінде титтей де бұлт жоқ. Кең даланың көк аспаны бүгінгі күнде құм даланың шаңды аспанына айналыпты. Шыжыған құрғақ аспанның астында баяғы жайқалған шалғын шөп көрінбейді. Шөбі сиреп, сарғайып қуарған құмайт пен шөпті жердің арасы топырағы шегенделіп қатқан кең көлемді құмды алқапқа айналған екен.  Құдды жердің бетіне орасан зор кедір-бұдыр егеуқұм (зімпара) қағазын төсеген сияқты. Құрғақ құм жартылай басқан тас жолда қой мен сиырды лықа артқан темір қорапты жүк машиналар сары шаң мен құмды бұрқырата түйдек-түйдек ағылып, Ішкі Қытайға жөңкілуде. Жол бойы бірер киіз үй, бірер жылқылар табыны, сиырлар үйірі көрінбейді. Анда-санда көрінетін бірер қора қойлардың жүндері қарала-құрала, сатпақ-сатпақ, өздері әрі арық, әрі ұсақ. Олар тіпті бұрынғы Олұн даласының қойларына жетпейді.... Осыны көрген екі кісі алға жүруді жалғастыру ниетінен айнып кете жаздады. Себебі, екеуі өз жүректерінде бұрынғы ылғалды да жап-жасыл даланың әсем көрінісі сақталған фотонегативтің  құрғақ шаң-топырақпен шайылуын, «егеуқұм қағазымен» қырнап желінуіне қимады.

Машинаны жолдың шетіне тоқтатқан Яң Кэ үстіндегі құрғақ шаң-тозаңды қағып, Чен Чженге бұрылды:

- Алдыңғы 10 жылда расында да аса қарбалас болып, сахараға қайта баруға уақыт шығара алмадым. Осы екі жылда қарамағымдағы адамдар жұмысты өздері жүргізе алатын, міндеттерді өз күшімен атқаратын болды. Содан бастап ғана қолым босады. Алайда, шынымды айтсам, ішімнен сахараны көруге әлі қорқамын. Биыл көктемде Чжаң Цзиюән Олұн даласына барып қайтқан екен. Ол маған жайылымдарды құм басқаны жөнінде көп әңгімелеп берді. Осынша ұзақ мерзімді моральдық дайындық жүргіздім, бірақ даланың құмдану қарқыны менің ойлағанымнан бұншама асып түсетінін ойламаппын, - деді Яң Кэ.

- Машинаны мен айдайын...., - деді Чен Чжен рульды ұрып, - Атаның дүние салғанына 20 жылдан асты. Ол болжаған зардаптарды біз өз көзімізбен көріп отырмыз. Екеуіміз Олұн даласына барып, оның жатқан жерін зиярат етіп қайтуға тиіспіз. Оның үстіне, тағы оралып көрмесек, бөлтіріктің әлгі апанын құм басып жойылуы мүмкін. Көне апан сахараны мыңдаған жылдар билеп-төстеген дала көкжалдарының жаһанда қалдырған жалғыз-ақ жұрнағы.   

- Жүз жылдық тарихы болған көне апандардың бәрі ең берік апандар ғой. Жүздеген жылдар бойы құламаған, 20 жылдан астам уақыттың ішінде де құлай қоймас. Көне апан өте терең еді. Жүз жылдық құмды боранның оны көме қоймас, - деді Яң Кэ.

- Мен Үлжіні де сағындым. Оны расында да тағы бір көргім келеді. Одан бөрілер ілімі және иен даланы біліп-тану жөнінде жақсылап кеңес сұрасам деймін. Оның сахара үшін қасірет шеккені өкінішті-ақ. Зейнетке шыққаннан кейін жайылымды тастаған ол қаладағы қызының үйінде тұрып, сырқатын емдеп жүр екен. Қытайда дарынды адамдарды бәсеке арқылы іріктеп таңдайтын ғылыми-демократиялық құрылымдар жоқ. Турашыл, қайтпас, маңдай алды қабілетке ие тұлғалар әрқашан төменде басып-жаншылып қалады. Қытайда сирек кездесетін қасқырлар мен даланың маманы болған бұл кісі осылайша танылмай, біржолата қор болды ғой. Меніңше, саяси жүйенің шөлейттенуі кең даланың шөлейттенуінен де қорқынышты. Бұл – сахараның шаң-тозаңын көтерген құмды боранның нағыз қайнаркөздерінің бірі ғана, - деді Чен Чжен.

Джип құрғақ шаң-тозаңды көтерген аңызақ желдің ілесуімен 1 мың км астам жол жүріп, екеуінің білектері күнге күйгеннен ауырып, күнге әбден қарайған кезде ғана Олұн даласына жақындады. Келесі күні джип Олұн даласына кірді. Қанша айтқанмен, Олұн даласы Урумчин сахарасының бір түкпірі және шекаралық шеті ғана ғой. Екеуі ақырында бір-біріне жалғасқан шөбі шалаң жайылымдарды көрді. Олұнды әлі де жасыл алқап деуге болады. Алайда, басты төмен иіп, жерге қарамау керек. Жерге қарасаңыз, жайылымның жай-күйі бірден көзге шалынады: жердің бетіндегі құм, шаң және қиыршық тастарды анық көруге болады. Ал бұрынғы кезде бұл жерде бітік өскен шөптің астында толығымен сарғайған шөптің арасында қойдың құмалағы және жылқы қиының қара шірік қалдықтары жататын. Тіпті бұршақ өскіндеріне ұқсаған ұзын сопақ, бастары күлгін түсті саңырауқұлақтар өсетін еді. Жаздың басындағы сахарада жол жүріп келе жатқан Чен Чжен кенет көктемнің басындағы кең даланың көрінісі суреттелген ежелгі өлеңді еске түсірді.

- Шөптің түсі алыстан көрініп, көзің жетпейді, ал жақыннан көрінбес...., - деп тамағын кере мәнерлеп оқыды ол.

Екеуі үндемей, ішінен ойланып келеді. Олар тағы алға жүргенде мың жылдық бір көне өзенге жететінін біледі. Өзеннің суы жылқының тізесіне, ал кейбір тұста құрсағына дейін келетін. Бұрын өзеннен үлкен жүк машиналар ғана өте алатын. Әскери джиптер тек моторын толық арқыратып, жоғары қарқынмен айдағанда ғана екпінмен сырғанап өте алатын. Сахараға жаңбырлы маусым келгенде осы өзен пошта, астық және күнделікті тұрмыс бұйымдарының фермаға жеткізілуін үнемі жарты айға, тіпті бір айға дейін үзіп тастайтын. Чен Чжен мен Яң Кэ өзеннен өту әдістерін ақылдасып жатқанда, «Cherokee» өзеннің жағасына жетіп келді. Екеуі төменге бір қарағаннан-ақ ауыздарын жұмды. Кезінде байтақ даладан кеткен кезде ағысы екпінді болған байырғы өзен бүгінгі күні әлдеқашан сулары кетіп, тастары жалаңаштаныпты. Дарияның арнасында ылғалды өзен құмы, құрғаған ұсақ тастар және бірнеше шылаушын тәрізді кішкене ағын су ғана қалыпты. Джип өзеннен оп-оңай сырғып өте шықты. Екеуінің көңілі керісінше одан бетер уайымға салынды, ауыр мұңға шомды.

Өзенді өткеннен көп ұзамай екеуі сахарадағы шайқас майданына кіргендей болды. Кеңінен көсілген Олұнның барлық жерінде түгелдей цемент бағандар және темір сым торлар қаптап кетіпті. Джип ақыры темір тормен қоршалған жолмен жүруге мәжбүр болды. Темір тордың ішін тағы егжей-тегжейлі қарап өткен Чен Чжен тормен қоршалған әрбір жайылымның аумағы шамамен ондаған гектар құрағанын байқады. Тор ішіндегі шөп тордың сыртындағы өсімдіктерден әлдеқайда биік өсіпті. Дегенмен, жайылымның шөбі шалаң, шөптің астындағы құмайт жерді көруге болады.

- Аталмыш «қоршамалы жабық жайылым» деген міне осы. Мал шаруашылық ауданының жайылымдары және төрт түлік малдар жекешеленіп, отбасыларға мердігерлікке берілген соң, әрбір үй жеке-жеке жайылымды қоршап алып, мал төлдейтін жайылымды ғана қалдырды. Бұрынғыдай жаз, күз, қыс айларында көшпейтін болған екен, - деді Яң Кэ.

- Бұндағы шөп қалайша жетеді, ә? - деп сұрады Чен Чжен.

- Естуімше, соңғы бірнеше жылда малшылар өз үй малдарын азайта бастаған. Кейбір отбасылар тең жартысына дейін азайтқан көрінеді, - деді Яң Кэ.

Тағы бірнеше «қоршалған жабық жайылымнан» өткен екеуі олардың әрқайсысының арасында қызыл кірпіштен салынған үш-төрт бөлмелі үйлер мен төл алатын мал қораларын көрді. Алайда, бұл маусымда адамдар үйде отырмайды. Мұржадан түтін шықпайды. Есік алдында иттер мен бұзаулар да көрінбейді. Малшылар малды таудың қойнауындағы иесіз жайылымға айдаған болса керек. Сахарада тартылған қат-қабат сым темір торларға қараған Чен Чжен сөзін жалғастырды:

- Мынау моңғолдардың ең әйгілі Урумчин жауынгер жылқыларын молынан өсіретін жайылымда бұрын темір торлар орнатуға кімнің батылдығы жеткен? Кеш батқанда бұл темір торлар тұлпарларды аяқтан шалып жығатын, жылқыны жаралайтын, мерт қылатын тұзақ болмай ма? Міне, кезінде бүкіл әлемді дүрліктірген сол моңғол жылқысын бүгінгі таңда адамдар ең ақырында Моңғолия даласынан қуып ығыстырды ғой. Естуімше, қазір малшылардың көбі мотоциклге мініп, қойларды бағады екен. Теледидарда бұны малшылар тұрмысының ауқатты болғанының белгісі етіп насихаттауда. Іс жүзінде, жылқы бағуға қажетті соншама көп шөпті осы күнде иен дала бере алмай отыр. Көкжалдар жойылғаннан кейін құрып-біту кезегі жылқыға келеді. Жылқы жойылған соң кезек сиырлар мен қойларға келеді. Аттың үстіндегі ұлттар алдымен мотоцикл үстіндегі ұлттарға айналады, сосын экологиялық босқын ұлттарға айналады.... Міне, ақыры егіншілер өркениетінің көшпенділер өркениетін құлату жолындағы «ұлы жеңісін» көріп отырмыз. Қазіргі кезде саяси қарым-қатынастар жағынан «Бір мемлекет - екі жүйе» (1980-жылдардың басында Дэң Сяопиң ұсынған идея, яғни бір Қытай мемлекетінің құрамында Гонконг, Макао және Тайвән өздерінің экономикалық пен саяси жүйелерін сақтау мүмкіндігі) жүйесі дамып келеді. Алайда, қытай ұлты өз сана-сезімінің терең түкпірінде «көп аймақты бір жүйеге салу» идеясына әлі де мықтап жармасуда. Мейлі егін шаруашылығы аймақтары немесе мал шаруашылығы аумақтары, орман шаруашылығы немесе балық аулау аймақтары, қалалар немесе ауыл-қыстақтар болсын, бәрін түгелдей бір қайнаған қазанға салып сапырып-араластырып, «үлкен бір тұтастық» дәмін беруге құштармыз. «Ұлы жеңістен» кейін орасан зор қаржылық дотация жұмсалады. Алайда, қатарынан 100 жыл дотация бөлінсе де, кең даланың шығынын өтеуге келмейді. 

Екеуі қара жолмен бұрынғы рота штабы орналасқан жерге тартты. Олар малшылармен, адамдармен кездесуге асықты. Алайда, әлгі өздеріне таныс қырқадан асқанда, бұрынғы ротаның штабы орналасқан орын сарғайған құмайт жерге айналғанын, онда тышқандардың ерсілі-қарсылы сапырылысып жүргенін ғана көрді. Тышқандар салған жолдар жыландай ирелеңдейді. Олар қазып шығарған құрғақ құм қабат-қабат болып үйілуде. Бұрынғы бірнеше қатар кірпіш үйлер мен жер үйлердің біреуі де қалмапты. Машинаны айдаған Чен Чжен кезінде асып-тасып қайнаған рота штабын бір айналып шықты. Тіпті бірде-бір дуалдың іргесі де кездеспеді. Керісінше, машинаның дөңгелегі тышқанның індерінен опырылып пайда болған үңгірлерге бірнеше рет түсті. Екеуі бұл жерден кеткеніне 20 жыл болған-ды. Барша ғимараттардың қалдықтары жылына бір қабат сары құмның астына көміліп, осылайша көзден ғайып болыпты.

- Итсіз қорада шошқа үреді, бөрісіз сахарада тышқан патша болады, - деді Чен Чжен күрсініп, - Тышқандар терең індер қазып, астықты молынан жинағанда, даланың билеушісі емей не болушы еді? Қытайлар «тышқан көшеден өткенде, жұрттың бәрі «өлтір» деп айғайлайды» деп айтқанмен, ішкі санасында керісінше тышқандардың қасиетін құрметтеп ұстанады. 12 мүшелдің ең басында тышқан тұр ғой. Ұсақ диқандардың санасындағы көзқарасы жағынан тышқан жылы және егінші халық, өсіп-өрбу, жер өңдеу, тың игеру және кертартпа қырсықтық жағынан бір-біріне неткен ұқсайды.

Чен Чженді тағы ауыстырып, машинаны құйындата айдаған Яң Кэ ең жақын бір төбешікке беттеді. Биікке шығып, шалғайды шолған олар солтүстікте жайылып жүрген біраз сиырды және түтінге оранған бірнеше үйді көрді. Алайда, киіз үйдің біреуін де көрмеді. Яң Кэ лезде машинаны ең жақын түтіндеген үйге қарай жөнелді. Ондаған шақырым жол жүргенде, кенеттен алыстағы қара жолда созыла будақтаған құмды шаң көтерілді. Бұны көрген Чен Чжен ішінен жылқышы мінген жүйрік тұлпардың шауып шыққанын қалады. Жақындап келіп керісінше бір жарқыраған «Ямаха» мотоциклды байқады. Үстіне былғары жакет, басына бейсболка киген 15-16 жастағы моңғол бозбала мотоциклды бір орнында бұрылып, шыр айналдырып, джиптің жанында кілт тоқтады. Чен Чжен осы болбаланың иығында бір ұсақ калибрлі мылтықтың қиғашынан асынғанын, мотоциклдың артқы орындығы тұсында қаны сорғалаған бір орташа лашынның бөктерілгенін көріп шошыды. Чен Чженнің көз алдына дереу Білге-атаның бұндай мылтықты тұңғыш рет көргенде өңі қашып үрейленген қабағы жарқ етті. Ол моңғол баласының да бұндай қаруды асынатынын, сондай-ақ шетелден әкелінген анағұрлым осы заманғы екі дөңгелекті көлікке мініп, бұндай қару-жарақты қолданатынын қиялына да келтірмеген еді.

Яң Кэ дереу онымен моңғол тілінде амандасты, сондай-ақ өзінің кім екенін мәлімдеді, кезінде өзі тұрған үй иесінің аты-жөнін айтты. Бозбаланың аққұба өңінен бөтендік пен немқұрайдылық байқалды. Ол бір жағынан «Cherokee» автокөлігіне тесіліп қарап, бір жағынан Қытайдың солтүстік-шығыс бөлігіндегі қытай тілі диалектінде сөйлеп, өзінің Чаурудың кенже баласы екенін, аймақтық орта мектептен үйіне жазғы демалысқа келгенін айтты. Чен Чжен біраз ойланған соң ғана Чаурудың сырттан көшіп келген адам екені, бұрынғы ферма басқармасындағы негізгі инфрақұрылыс отрядының бір кадрсымағы болғаны есіне түсті. Чжаң Цзиюән және басқа сабақтастардың айтуынша, кең сахарада құрылым реформасы жүргізілгеннен кейін, Биңтуәнда және мал фермасында қалып қойған барлық кәсібін ауыстырған әскерилерге, ферма басшылығындағы қызметшілерге де жайылым мен төрт түлік мал бөлінген екен. Олар қытайша тұрмыс салтымен күн көретін малшыларға айналыпты. Олұн даласында 30% қытайлар отырықтанған мал шаруашылығы қыстақтары жоқтан жаралып, қисынсыз көбейіпті.

- Лашынды не үшін аттың? - деп сұрады Чен Чжен.

- Жәй, ойнап аттым, - деді бозбала.

- Сен орта мектептің оқушысысың ғой, жабайы аңдарды қорғау қажеттігін білмейсің бе? - деп сұрады Чен Чжен.

- Лашын қошақанды бүріп жейді. Оны неге атпасқа? Олұн даласында тышқандар аса көп. Бірнеше лашынды өлтірсек, Сыртқы Моңғолияның лашындары дереу осында ұшып келеді, - деді бозбала. 

Яң Кэ Бату мен Касымайдың үйінің мекенжайын сұрады.

- Шекаралық тас жолдан өткен соң, ең солтүстіктегі ең үлкен тас қора дәл солардың үйі, - деді бозбала солтүстік жақты нұсқап. Ол осыны айтып, 180 градусқа жалт бұрылып, артына да қарамастан лашындар айналған таудың басына құйындата жөнелді.

Яң Кэ мен Чен Чжен кенеттен өздерін құдды Олұн даласына келген қонақтардай және бөтен адамдай сезінді. Бұрын болмаған бір түрлі тосырқау сезімі барған сайын күшейіп, бұл екеуінің осында келуін қақпайлап тұрғандай көрінді.

- Біз ешкімнің үйіне бұрылмай, алдымен Батудың шаңырағына тікесінен барайық. Касымайларды көргенде ғана екеуіміз бұл араға бөтен адам болмаймыз, - деді Яң Кэ.

Қарқынын үдеткен джип екеуіне әбден таныс байырғы көш жолымен шекаралық тас жолға қарай зымырады. Чен Чжен төбе үстіндегі суырларды іздей бастады. Әлсін-әлсін шығып тұрған ескі індердің топырақ текшелері бұрынғыдай төбелердің үстінде шашылып тұр. Індердің жанындағы өсімдіктер де біршама биік өскен екен. Алайда, ондаған шақырым жол жүрген олар бір суырды да байқамады.

- Кішкене балаға дейін бәрінде ұсақ калибрлі мылтық бар, - деді Яң Кэ, - Сен әлі де суырларды табамын дейсің бе?

Чен Чжен сыртқа көз салуды тоқтатты. Джип адам тұратын бірнеше үйдің жанынан өтті, бірақ алдарынан жүгіріп шыққан иттер әрі аз, әрі ұсақ болды. Әдетте көзге шалынған сол екі-үш ғана иттің дене бітімі Бейжің қаласының саяжай аудандарындағы «қара жон» аталатын неміс овчаркалардан да кішкене еді. Бұрын джиптар киіз үйлердің тұсынан өткенде жеті-сегіз төбет немесе он шақты қалың жүнді дәу иттер көліктерді қоршап абалайтын, артынан қуып қабатын қорқынышты көрініс бүгінгі күнде кездеспейді. Төбеттердің ырылдаған дауысында да бұрынғы кезде дала қасқырларын қорқытқан айбарлы арын қалмаған.

- Көкжалдар жойылғаннан кейін, кезек иттерге келеді екен. Иттер жоғалған соң күресіп айқасу жойылады. Айқасу ақырласқаннан кейін құнтсыз жалқаулар және рухы әлсіз сүмелектер ғана қалады.... Бейжің қаласындағы иттермен салыстырғанда, қырдың иттері әлдеқайда бұрынырақ адамдардың қолындағы аяулы үй жануарына айналуы мүмкін...., - деді Яң Кэ.

- Мен Эрлаңды сағынамын, - деді Чен Чжен күрсініп, - Егер де ол әлі тірі болса, мынау белдері қылдырықтай иттерді «төбет» деп атауға ауыз бара ма еді?

- Сахарада бөрілер жойылса, табиғаттың өзге барша буындары тұтастай босап сөгіледі. Қасқырлар болмаса, азулы төбеттер ойыншық итке айналады, ал әскери дүлділдер саяхатшыларды ойнататын мәстекке және экскурсия кезінде естелік үшін суретке түсетін сахна жиһазына айналады ғой, - деді Яң Кэ.

- Қытайлар кең даланы түк те білмейді, түсінбейді, - деді Чен Чжен құм қиыршығы түскен көзін уқалап, - Қазіргі саясат сахараның міндеті мен ролін әлі де нақты анықтамай тұр. Экономика мен халық шаруашылығына, пайда табуға ерекше көңіл бөлінеді, ал экологиялық ортаны сақтауға мән берілмейді. Ішкі Моңғолияның даласы – Қытайдың экологиялық ортасы және тіршілігінің қалқаны. Ішкі Моңғолия сахарасын экологиялық ерекше аумақ етіп белгілеу керек, экологиялық тепе-теңдікті қорғайтын қаржылай дотацияларды бөлу керек, оған қатынау үшін айрықша рұқсатнама беру жүйесін жүзеге асыру қажет, егін шаруашылығы және өнеркәсіппен шұғылдануды қатаң шектеу керек, сондай-ақ қоныс аударушы келімсектердің иен далаға ағылуына қатаң тыйым салу қажет....

Джип бұрынғы 2-отрядтың алтын іспетті ең шұрайлы жерге – көктемде мал төлдейтін жайылымға жетті. Алайда, қазіргі кезде бұл жер ала-құла тап-тақыр болып шықты. Тақыр жерге құмды шөп орнығып, селитра тозаңы және сары шаң аспанға бірге көтеріліп жатыр. Көзі тұмшаланып, дауысы қарлыққан Чен Чжен жайылымның солтүстік-шығыс шетіндегі шалғайдағы Қара жартас тауына қарауда. Ол Яң Кэнің машинаны сол таудың етегіне тікелей айдауын тіледі.

- 20 жыл бойы мен теледидардан «Жануарлар әлемі» телебағдарламасын көріп келемін. Көрген сайын сені де, өзімді де жазғыра беремін. Егер де сен болмасаң, мен де мына сахараға сонша үлкен қарызға батпас едім. Ішкі Моңғолия даласындағы ең мықты жеті бөлтіріктің әрбіреуі қастерлі де аса бағалы сортты жануардың бәрі сенің қолыңда өлді. Мен сенің ең үлкен жандайшап қолшоқпарың болдым. Қазір менің ұлым осы істі еске салғанда, маған «Білімсіз надан!», «Диқан!», «Жауыз!» деп ұрысады. Оу, осы заманның заңдары тұрғысынан айтқанда, менің заңды жауапкершілігім де жеңіл емес. Өйткені, сенің көкжал апанын қазғаныңды мен қолдағанмын. Егер де мен бармағанда, сен сөзсіз түн ортасында жалғыз өзің бөрілер мекендеген тауға баруға батылдығың жетпес еді. Шаңхайлық зиялы жастың Юннән өлкесінде жасаған күнәсін әлі де жуып-шаюға, түзетуге һәм оңауға болады. Оның үстіне, әлгі сүйкімді қызды қайтадан іздеп табудың мүмкіндігі бар ғой. Мен бұған жақсылап қызықтым. Алайда, екеуіміздің қарыз қайтаруымыз расында да орны толмайды.... Одан да қыз баланың ісі жақсы. Менің әлгі балам үйде дәл қасқырдың өзі болғанмен, үйден далаға шықса момақан ешкіден бетер жуас болады. Сабақтастары қатарынан үш әмиянын тартып әкетсе де, қыңқ етіп қарсылық көрсетуге батылы жетпеді ғой...., - деді Яң Кэ.

Чен Чжен үндемеді.

- Сен осы 20 жылда мемлекеттің ішіндегі және сыртындағы құрылымдардың үлгілерін, экономика мен саяси жүйелерді, ауыл мен қаланың жағдайын түгел зерттедің ғой. Неге ең ақырында айналып келіп ұлттық мінез тақырыбына тірелдің? - деп тағы сұрады Яң Кэ.

- Бұл мәселе шешілмесе, басқа мәселелер ең ақырғы шешімін таба алады деп есептейсің бе? - деп қайыра сұрады Чен Чжен.

- Ол да жөн сөз-ау, - деді Яң Кэ ойланып, - Лу Сюн мырза ұлттық мінез-менталитет мәселесін ортаға қойғаннан кейін осы мәселе әлі де толық шешімін таба қоймады. Қытайлар бастан-аяғына сол індеттің тамырын жоя алмай жатқан сияқты.... Реформаны жүзеге асырғанымызға 20 жыл болды. Нәтижелер аз емес, бірақ жүрген сайын әртүрлі кемшіліктер мен қателіктерге әлі де тап боламыз. Сен уақыт тауып, алдымен маған осы туралы бір лекция оқып берсеңші.

Джип биік жотаның үстінде шекаралық тас жолдан өткен соң, төменде ұзыннан-ұзаққа созылған шекара сызығы көріне бастады. Екеуінің көздері бадырайып, елең етті. Бұрын 20 шақырымнан астам кеңдіктегі әскери шектелген аумақ пен адамдарға кіруге рұқсат етілмейтін бейтарап аймақ ақыры халық пен төрт түлік малдың көбею қысымына шыдамай бұзып-жарылып, қазіргі кезде адамдар мен үй жануарлары шоғырланған мекенге айналыпты. Мұнда 1 мыңнан астам километр жол жүргеннен кейін көзге шалынған иен даланың бірден-бір жайлауы деуге болатын жайылым орналасқан екен. Жайылымның шөбі бұрынғыдан аласалау өскенмен, әлі жап-жасыл болып жайқалып тұр. Әскери шектелген аумақ тарапынан ондаған жылдар бойы қорғалған бұл жерде құмайттанудың нышаны әлі анық көріне қоймаған. Жалпы шекараның арғы жағындағы байырғы жайылымның дымқыл ауасының ықпалынан болар, мұндағы жаулауда да біраз түтек тұман мен дымқыл тартқан жасыл желек шымқап тұр. Жол бойы көрген сарғайып қуарған зарығу күйі әпсәтте басылды. Жайылымдағы қызыл кірпіш үйлер, тас қоралар мен дуалдар шекараның бойында шашыраған жасырын тас бекіністерге ұқсайды. Үйлердің көп бөлігі жер бедері біршама биік жердің үстінде салынған екен. Бұл - жеке мердігерлікке алынған жайылымның орталығы екен. Көз алдындағы шекаралық сызықтың бойындағы жайылымда ондаған үйір қойлар мен сиырлар жайылуда. Екеуін қойлар отары шошытты. Әрбір отардағы қойлардың саны шамадан тыс көп екен. Көбінде 3 мың қойдан асады. Ал кейбір отарда тіпті 4 мың қойға жетеді. Бұрынғы көшпелі мал шаруашылығы әлдеқашан отырықшы мал шаруашылығы болып өзгеріпті.

Яң Кэ әдемі де жоғары қуатты дүрбіні шығарып, зер салып қарады.

- Бұл жердің қой отарлары да аса үлкен екен. Екеуіміз ешқашан осынша үлкен қой отарын бақпағанбыз. Біз баққан қойлардан екі есе көп. Қойшылар қалай шаршамай жүр екен?

- Бұрынғы қой отарлары ұжымның малы еді ғой. Егер де жеке меншікке берілсе, бұдан да үлкен қой отарын бағуға болады. Жеке адамның шамасы келмесе, бағу үшін адам жалдайды ғой. Бұндайда басқа біреулерді жұмысқа орналастыру мәселесі шешіледі. Жеке бастың пайдасы және табыс еңбектің белсенділігін арттырады, - деді Чен Чжен.

Чен Чжен осындай құлпырған отырықшы фермалардың қазіргі кезде әлсіздігін сезді. Бұрын жазда жаңа жайылымда қоныстар шоғырланып, шоғырланып бал баққанда жұрт ешбір алаңдамайтын еді. Бір жайылымның шөбін аласа етіп жегеннен соң малдар жылдың қалған үш маусымы бойы қорғалған жайылымдарға жөткеліп бағылатын-ды. Ал қазіргі отырықшы мал шаруашылығындағы төрт түлік мал «қоршалған жабық жайылымнан» өзге жайлаудың шөбін көрмейді. Екеуі малшылардың бұдан кейін не істейтінін білгісі келді. Чен Чжен бұның бәлкім Ішкі Моңғолия даласының ең соңғы бір серпілісінің көрінісі екенін сезді.

Екі мотоцикл және бір салт атты «Cherokee» джипке қарай құйғытып келді. Чен Чжен ақыры көрмегелі көп болған далалық шабандозды көрді. Мотоциклдер джиптың жанына сәйгүліктен бұрын жетіп келді. Моңғолша көк шапан киген жігіт тормозды басып, мотоциклді тоқтатты. Чен Чжен мен Яң Кэ бір уақытта дерлік «Баяр! Баяр!» деп дауыстап айғайлады. Екі кісі джиптен секіріп түсті. Бойы еңгезердей Баяр аюға ұқсап Чен Чженді құшақтады.

- Чен Чен! Чен Чен! Апам машинаны көре сала сенің келгеніңді білді. Ол сені қарсы алу үшін мені жіберді, - деп алқынып сөйледі ол.

Осыны айтқан ол Чен Чженді тағы қапсыра құшақтады, сосын Яң Кэні құшақтады.

- Апам Чен Чжен келсе, сен де бірге келетініңді біледі. Бәрің де менің үйімде тұрыңыз.

Екі жас жігіт те сәйгүліктің үстінен және мотоциклден секіріп түсті. Біреуі 16-17 жаста, біреуі 14-15 жас шамасында екен.

- Жылдам аталармен амандасыңдар. Мынау Чен Чжен ата, ал мынау кісі Яң Кэ ата, - деді Баяр.

Екі бозбала амандасқаннан кейін «Cherokee» джипті айналып тамашалады.

- Бұл екі бала жазғы демалыста жүр. Жақында ғана аймақтан оралды. Кейін бұл екеуінің Бейжіңге барып, университетке түскенін қалаймын. Осы екі баланы екеуіңе тапсырғым келеді. Машинаға тезірек отырыңыз! Апам Чжаң Цзиюәннен екеуіңнің келетініңді естіп, күтуден тынышы кетіп ауырып қала жаздады, - деді тағы Баяр.

Мотоциклдер мен сәйгүлікке ілескен джип ең алыста түтіні будақтаған ауылға жөнелді. Самайлары аппақ болған, ақ шашты Бату мен Касымай қарттар бірін-бірі қолтықтап, ауылдан екі шақырым алға шығып қарсы алды.

- Апа! Апа! Бату! - деп дауыстады Чен Чжен машинадан секіріп түсіп.

Көзіне жас толған ол екі қартпен құшақтасты. Касымайдың көз жасы Чен Чженнің иығына тамшылады. Ол қос жұдырығымен Чен Чженнің иығын түйгіштеп, ашулана сөйледі:

- Сен 20 жылда бір рет те келмедің ғой! Басқа зиялы жастардың бәрі екі-үш рет келді. Енді келмегенде, мен өлетін едім!

- Сізге өлуге болмайды. Мен өлуге тиістімін. Мен алдымен жер жастануға лайықпын! - деді Чен Чжен.

Касымай кедір-бұдыр күстенген алақанымен Чен Чженнің көз жасын сүртті. 

- Сенің кітапқа бір кіріп кетсең, кең даладағы үйіңді ойламақ түгіл, тіпті өзіңнің туған әке-шешеңді ұмытатыныңды білемін ғой, - деді ол.

- Соңғы жылдары сахараны күнде ойлаумен болдым. Мен иен дала туралы, Білге-ата мен сіздер жөнінде кітап жазудамын. Сахарадағы үйімді қалайша ұмытамын? Осы жылдары мен байтақ далада өмір сүріп, сіздермен бірге өмір сүріп келемін, - деді Чен Чжен.

Ол дереу екі қартты сүйемелдеп, көлікке отырғызды һәм машинаны үйге айдады. 

Бұл үйде бір орасан зор тас қора бар. Осы қора бұрынғы мал шаруашылығы отрядының тас қорасынан екі есе үлкен еді. Машина тас қорадан өткеннен кейін, қораның батысында жаңа жабынқышпен қапталған бір кең жаңа үй тұр. Үйдің үстінде теледидар антеннасы және жел генераторы жайғасқан. Үйдің батыс терезесінің астында брезент жапқышы оңып кеткен ескі «Бейжің» маркалы джип тұр. Үй мен тас қораның төңірегіндегі бір шақырымдай жер түгелдей құмайт. Адам бойының жартысындай ақ алабұта шалаң өскен. Чен Чжен машинаны үйдің алдында тоқтатты. Оның Олұн даласынан кеткеніне 20 жыл өтіпті. Қайта оралған кезде ақсақал тұрған киіз үйге енді кіре алмайтынын ойлаған ол іштей лезде жабырқады.

Чен Чжен мен Яң Кэ машинадан сапалы арақ пен темекі, консерві мен сусындар, мармелад, кәмпиттер, жеміс-жидек, плащ, тізелік, былғары белдік, шақпақ, «Децис» сыйлықтарды түсіріп, моңғолша безендірілген қонақ бөлмеге әкеліп қойды. Көлемі 40 м2 құрайтын қонақ бөлмеде диван, шай үстелі, телевизор, видеомагнитофон, шарап шкафы, шарап кесе-аяқтары секілді не керектің бәрі бар. Шыңғысханның портреті салынған сарғыш тұс кілем қабырғаның нақ ортасында ілулі тұр. Оның дөңгелек көздері өзінің моңғол ұрпақтарына және қонақтарға мейірмен қарауда. Чен Чжен құрметпен портреттің алдында тұрып, біраз телміріп қарады.

- Бұны атаның бір туысы Моңғолиядан Олұнға туысшылай келген кезде әкелген. Сол туыстың айтуынша, мұндағы жұрт расында байыған екен, жолдар ерекше жақсы екен. Тек оқу-ағарту мен жайылымдардың сапасы ол жақтағыға жетпейді екен...., - деді Касымай.

Бәрі дастарханға отырып, сүтті шай ішті, жаңа сүт тағамдарын жеді.

Касымай «Ақ қоян» сүтті кәмпитін жеуді жақсы көрмейтін болыпты, бірақ ол бұндай көңіл бөлгенге риза болды.  

- Сен расында да мені ұмытпапсың. Сол жылдары сен кәмпитті маған толығымен беруге қимай, иттерге беретінсің, - деді Касымай күлімсіреп.

Ол бұрын өзі мүлде көрмеген мармеладты мақтай жөнелді. Ол Чен Чженнің жегеніне еліктеп, аузына бірінен соң бірін толтыра салды.

- Менің тістерімнің саудырап түсіп болғанын қайдан білдің? Мынау кәрі тістерге жұмсақ та тәтті нәрсені әкеліпсің, - деді Касымай күліп.

- Мен де қартайдым, - деді Чен Чжен оның самайын сипап, - Шашыма ақ кірді. Бірнеше тісім де түсіп қалды. Сізді қайдан ұмытайын? Мен Бейжіңде көптеген адамға сенің жалғыз өзің дәу көкжалдың құйрығынан тартып жұлғаныңды айтып бергенмін. Көптеген адам сахараға саяхат жасағысы келеді, сондай-ақ Сізді көруді армандайды.

- Көріспеймін! Көргім жоқ! - деді Касымай лезде қолын бұлғақтатып, - Моңғолиядағы туысқанымыз олар жақта арнайы қорғайтын қорықтарда бөрілерді атуға болмайтынын айтты. Қазіргі кезде біздің теледидарда да оларға тиіспеу жөнінде айтатын болды. Сен неге жұртқа менің нашар істерімді айтып жүрсің?

Қараңғы түсе бастады. Үйдің сыртында бұрыннан құлаққа таныс қойлар тұяғының тасырлаған дауысы естілді. Чен Чжен мен Яң Кэ лезде үйден сыртқа шықты. Қойлар отары құдды тасқын судай баяу ағылып келе жатты. Қытайша киінген бір қойшы отарды салт атты айдап келеді. Чен Чжен мұның Олұн даласында жаңадан пайда болған жалданбалы малшы екендігін тұспалдады. Екеуі алға шығып, қойларды қотанға баяу кіргізуге көмектесті.

- Сен екеуің байырғы қойшының кәсібін әлі ұмытпаған екенсіңдер. 20 жыл өтсе де, тоқ қойларды тез айдауға болмайтынын әлі білесіңдер, - деп күлімсіреді Бату.

- Даланың істерін мен титтей де ұмытпадым, - деп күлді Чен Чжен, - Мына отар шынымен өте үлкен екен. Қанша қой бар?

- 3800 қой бар ғой деймін, - деді Бату.

- Үлкенді-кішілі мынау қойлардың бағасын орта есеппен 150-170 юән деп есептесек, онда сенің дүние-мүлкің тек қойлар құнының өзі 600-700 мың юән құрайды екен. Бұған тағы сиырлар үйірін, үй, машина, мотоциклды қосқанда, сен әлдеқашан шіріген бай болдың ғой, - деді Яң Кэ таңданғаннан бір ысқырып жіберіп. 

- Құмның үстіндегі мал-мүлік тұрлаусыз ғой. Егер де мынау жайылым бұдан кейін де сырттан көшіп келген келімсектердің жайылымы сияқты шөлге айналса, менің отбасым бірден кедей-кепшікке айналады, - деді Бату.

- Саған бөліп берілген жайылым қанша малды асырай алады? - деп сұрады Яң Кэ.

- Егер де жауын-шашын жеткілікті болса, менің жайылымымда 2 мыңнан астам қойды бағуға болады, - деді Бату қораның қақпасын жауып, - Егер де қуаңшылық болса, 1 мың қой ғана баға аламын. Соңғы жылдары қатарынан құрғақшылық туылып, төрт-бес жыл бойы жөнді жаңбыр жаумады. Қазір 1 мың қойдың өзін бағу қиынға соғуда.

Бұны естіген Чен Чжен шошығаннан селк ете қалды.

- Онда сен осынша көп қойларды бағуға қалайша батылың барады? - деп жалма-жан сұрады ол.

- Мені жайылымның мал сыйымдылығымен есептеспейді демексің ғой. Осы жайылымда отырғандардың бәрі – Касымайдың бұрынғы мал шаруашылығы бригадасының малшылары. Олардың бәрі Білге-атаң тәрбиелеп шығарған жауынгерлер. Бәрі де малдың сыйымдылығын біледі, жайылымды аялауды біледі. Мен осынша көп қойды баққанда, оның тең жартысын жарты жыл бағып, қар түсерден бұрын 2 мың қойды сатып жіберемін. Сол жылы төлдеген 1,4 мыңнан астам қозыны, сондай-ақ бапталған бірнеше жүз ісек қойды, кәрі саулықтарды түгел сатамын. Жайылымда қалған өсімдік-шөптер қойлар отарын қыстың жартысынан көбірек мерзімін өтуге әрең жетеді. Қойларды сатудан өндірген ақшаның жартысына таяу бөлігіне бір қора пішен сатып аламын. Сөйтіп қойларды қыстан аман-сау шығарамын. Жаздың аяғында һәм күздің басында мен де қойларды тау қойнауындағы қурай қаптаған жайылымға айдаймын. Жақын жылдардан бері орын алған қуаңшылықта масалардың бәрі аптаптан қырылып бітті. Қойлар да таудың қойнауында азын-аулақ қоңданып семіре алады...., - деді Бату.

Қонақ бөлмеге қайта кіргенде Бату сөзін жалғастырды:

- Біздің бригаданың адамдары әлі де дала моңғолдарының байырғы мал бағу тәсілдерін қолданып, мал бағады. Шөп жақсы өссе, көбірек мал бағылады. Шөп нашарлап жұтаса бағылатын қойлардың саны азайтылады. Қой баққанда Тәңірдің айтқанымен жүреміз, шөптің мөлшеріне қараймыз. Бөтен жұрттың араны ашылған ашкөздігі мен қанағатсыздығына қарап мал бақпаймыз. Алайда, анау сырттан ауып келген келімсектер сахараның ежелгі заң-ережелерін қайдан ұқсын? Олар өз жайлауының шөбін тақырлап жеп тауысқан соң, қойларын жұрттың жайылымына ұрланып жөткеп жаяды және осы әрекеттерімен елдің ашу-ызасын қозғайды. Сонымен қатар, бірқатар жергілікті моңғолдың маскүнем де арамтамақ содырлары да елдің ығырын шығарып бітті: бөліп берілген қойларын толығымен араққа айырбастап, арақ ішіп тауысты, қатыны қашып, баласы үйден безіп кетті. Қазір олар өз жайылымын басқаларға жалға берумен ғана күн көріп жүр. Бір жылда 10-20 мың юән жалгерлік ақысын алады. 

- Жайылымды кімдер жалға алады? - деп сұрады Чен Чжен.

- Жартылай егін шаруашылығы, жартылай мал шаруашылығымен шұғылданатын аймақтардан жаңадан ауып келген бірқатар келімсектер жалға алады. Бұлар жайылымның малға сыйымдылығымен мүлдем санаспайды. Тек 500 қой бағуға болатын жайылымда олар 2 мың қой, тіпті 3 мың қой бағып, бірнеше жылдың ішінде жайылымды аяусыз пайдаланып, тап-тақыр етіп, құмайт жерге айналдырады. Сосын бұлар быт-шыты шыққан жайылымды иесіне қайтарып, қойларды тып-типыл сатып, ақшаны қалтаға салған күйі өз жұртына оралып, сауда-саттықпен шұғылданады...., - деді Бату кектеніп.

- Сырттан келген «өзеннен өткен айдаһарлардың» шуылдаған сайын күшейетінін еш ойыма алмаппын. Байтақ дала күндердің бірінде солардың қолында жойылатын болды, - деді Яң Кэ Чен Чженге.

Чен Чжен Бату мен Касымайдың жайылымына және үй шаруашылығына біршама сенімді еді.

- Біздің үйдің осынша жақсы тұрмысын көріп, шынымен-ақ қуанып отырмын, - деді Чен Чжен. 

- Ұлы дала ойрандалды, - деді Касымай басын шайқап, - Біздің үйдің кішкене жайылымы да сау қалмайды. Сахара құрғады. Тәңір жаңбыр жаудырмайтын болды. Біздегі біраз үйдің жайылымдары да жылдан-жылға азайып барады. Мен төрт баламның оқуын қаржыландыруым керек. Бұдан басқа, олардың үйленуіне, үй салуына ақша қалдыруым қажет. Одан бөлек дәрігерге көрінеміз. Үлкен мөлшердегі қаражатты зор табиғи апаттан қорғану үшін тағы сақтауым керек.... Қазіргі балалар келешекті ойламай, бүгінгі күнмен ғана тіршілік етеді. Нені көрсе соны сатып алғысы келеді.... Жаңа ғана олар сендердің премиум дәрежелі машиналарыңды көрді. Енді Баярға осындай автокөлікті сатып алуды дамылсыз сұрайтын болады. Менің қорқатыным, сахарадағы қариялардың бәрі о дүниеге кеткеннен кейін, жастар иен даланың байырғы заң-ережелерін ұмытып, барша пәрменмен қыруар қойларды үсті-үстіне бағып, оларды жақсы машиналарға, сәнді үйлерге әдемі киімге айырбастауы мүмкін....

- Бәсе, мен машинадан түсе сала бұл екі бозбала маған жабысып, осы көліктің қанша тұратынын сұрағаны сол екен ғой, - деді Яң Кэ.

- Моңғолдар да жоспарлы туу саясатын жүргізуі керек. Балалар көбейді. Сахараның оларды асырауға мүмкіндігі жоқ. Мына екі балам егер де университетке түсе алмаса, ауылға оралып қой бағады, сосын үйленіп еншісін алады. Қой отарын да еншіге бөліп береміз. Қойлар бөлінгенде көзге аз көрінеді. Олар көбірек қойларды бағуды тілейді. Алайда, жайылымның көлемі осынша ғана үлкен. Егер де осы кішкене жайылымға тағы бірнеше үй салынса, жайылым тапталып жойылады...., - деді Касымай.

Баяр бағанадан бері тамның сыртында қой сойып жатыр. Сәлден соң оның әйелі – өзіне ұқсас шымыр денелі бір моңғол келіншек екеуі ет толтырылған үлкен табақты үйге көтеріп кірді. Чен Чжен мен Яң Кэ де әртүрлі азық қалбырлар мен вакуумды тамақ өнімдерді шығарды. Күн әлі қараймаған, бірақ қонақ бөлменің шамы кенеттен жарқ етіп жанды.

- Па шіркін! Жап-жарық екен! Малшылар ақыры қойдың майымен жанатын пілте шамнан құтылған екен ғой. Баяғыда май шамға жақын отырып, кітап оқимын деп үнемі шашымды күйдіретін едім, - деді Чен Чжен Батуға.

- Жел генераторы өндіретін электр энергиясын қанша уақыт істетуге жарайды? - деп сұрады Яң Кэ.

- Жел соққан кезде генератор бір күн бойы айналып, электрді аккумулятор батареясына жинақтайды. Бұл электр энергия екі сағатқа жетеді. Егер де электр энергиясы жеткіліксіз болса, менде шағын дизельді генератор бар, - деп күле жауап берді Бату.

Сәлден кейін үйдің сыртында автокөліктердің дабырлаған сигналдары естілді. Касымайдың бүкіл «тайпасының» адамдары түгелдей дерлік джиптер мен мотоциклдерге мініп келіпті. Олар кең қонақ бөлмесіне сығылыса жайғасты. Далалық көне достар жүздесіп, сезімдер айрықша қызып-қайнады. Чен Чжен мен Яң Кэ кезек-кезек жұртпен құшақтасып, арақ ішкеннен қисайып-шайқалып, бей-берекетсіз сөйлеп қауышты. Ламжаб бұрынғыдай қасқырша көздерін қадап, бұқа мойнын күжірейткен халде шоқша сақалын желпілдетті.

          - Сен неге Сарынчечекпен үйленбедің? Оны Бейжіңге әкет! Саған жаза!.... Жаза береміз!.... Айып ретінде стақанды көтер! - деп дауыстады ол Яң Кэге. 

          - Өзің айтшы! Жұптасып ұшқан бозторғай, бір қанатымен көтерер қанша арақты-ай! - деп ұялмастан аузына келгенді бөсті әбден мас болған Яң Кэ.

          Көне достар шошығаннан сілейіп қалды. Арақты бұрынғыдай көтере алмайтын болған Ламжаб әңгіменің арнасын бұрмалап, сөзін жалғастырды:

          - Жо-жоқ.... Дұрыс емес! Жоқ.... Айып арағын ішкізіп жазалаймыз! Сенің жоғары сортты машинаңды алып жазалаймыз.... Менің бір күн айдауыма бересің. Маған керек.... Оны айдап құмарымды шығарайын!

          - Мына мендей «қошақан» Олұнның ең көрікті «кішкене құртқасына» тең келмейтінін сен айтқан едің ғой. Онымен үйленуге батылдығым қайдан жетсін? Бәрі сенің кесіріңнен болған! Машинаны оп-оңай уақытша берем ғой, бірақ ертең машина айдаймын десең, бүгін арақтың бір тамшысын да татпауың керек! - деді Яң Кэ.

          Ламжаб бір шөлмек «Лучжоу» арағын жалғыз өзі ауыз толтыра бір ұрттады.

          - Мен.... Мен көрсоқыр екенмін! Сарынчечекті әйел етіп алмағаныңа ғой мейлі дедік. Алайда, мен кіші қарындасым Ұланды неге саған ұзатпадым деші? Әйтпесе, сахарада соттасқанда іске қосатын Бейжіңде ірі адвокат туысым болатын еді. Осы жылдары жайылымды ойрандаушы адамдар тым көбейіп кетті. Олар көрінген жерде шұңқыр ор қазып, кен іздейді. Кен таба алмаса, қазған орларын топырақпен қайта көмбей, үңірейтіп тастап кетеді.... Бейжің біздің даламызға қаржыны аз бергені ештеңе етпейді. Ең маңыздысы – сахараға заңдар мен заңгерлерді молынан беру керек! - деді ол арақты тағы бір ұрттаған соң дауыстап, - Келістік! Ертең мен машинаңды айдаймын. Сен алдымен маған автокөліктің кілтін бер.

          Оның артынан Сарылың, Санжы және басқа да ескі достар да машинаны сұрай бастады.

          - Мақұл! Мақұл! Мақұл! - тоқтамай деді Яң Кэ мастықтан айрықша кең пейілденіп, - Бұдан кейін соттасатын болсаңдар мені іздеңдер.

Сөзін аяқтаған ол машинаның кілтін Ламжабтың алдына тастады.

          Жұртшылық қарқылдап ду күлді. Онан соң бүкіл ауыл аузы-мұрнынан шыққанша ішіп-жеп, асқақтатып ән шырқады, ерлер мен әйелдер бірлесіп жырға басты. Ең соңында көпшілік ең әйгілі моңғол әншісі Теңгірдің әнін шырқай жөнелді. Әннің әуені қалықтап, көкжалдың мұңды ұзын сарыны алысқа шығандады:

          .... Бұл.... Бұл моңғолдар, моңғолдар. Туған жерін қызу сүйетін адамдар....

          Шарап әндері түні бойы шырқалып, таңға дейін жалғасты. Жұрттың көз жасы өзендей ағылды.

          Дастархан басында Чен Чжен мен Яң Кэ Бейжіңнің «Эрготоу» арағы сияқты ішімдіктерді көтере алатын қонақжайлы достары тарапынан бөліске түсті. Олар бір күнде екі үйге қонаққа барып, үй-үйде шарап ішіп, дастархан басында ән шырқап масайрады. Әлгі көк түсті «Cherokee» джипі жақсы достардың сынақ машинасына, құмарын тарқататын көлікке және арақ сатып алу мен тасымалдауға арналған арнайы машинаға айналды. Сондай-ақ ол басқа бригадалардағы көне достарды күтіп алуға пайдаланылды. Батудың үйі есігінің алды автокөліктердің тұрағына айналды. Екінші күні түстен кейін жарты отрядтың джиптері мен мотоциклдері осында келіп тоқтады. Атқа мініп келгендер керісінше өте аз болды. Малшылардың айтуынша, егер қыста қар қалың түсіп, мотоциклмен қойларды бағудың мүмкіндігі қалмағанда атқа мініп бағудың қажеттігі болмағанда, моңғол жылқысын баяғыда-ақ бағатын ешкім де қалмаған болар еді. Бұрынғы 2-отрядтың төрт үйір жылқылардан қазір тек бір үйірі ғана қалды. Оның өзі байырғы жылқы үйірінің жартысына да жетпейді.

          - Бөрілер жоқ. Шөп азайып, шұрайлы өспейтін болды. Жылқылар бойкүйез жалқауға айналды, жылдам шаппайтын болды. Бойлары да бұрынғыдай ірі емес, сүйектері де ұсақтады. Олұнның жылқысы ешкімге қажет болмай қалды, - деді Бату.

          Чен Чжен байқап қараса, Білге-атаның заманындағы қариялар дым қалмапты. Баяғыда Яң Кэ оқытқан кішкене оқушылар әлдеқашан Олұндағы мал шаруашылығының негізгі күшіне айналған екен. 

          Үш күн бойы арақ ішкеннен екеуінің қан қысымы көтеріліп, тахикардиядан жүрек соғуы да жиіленді. Дегенмен, кең далада қытайлардың көкөніс бақшаларының көлемі ұлғайыпты. Отырыстарда дастарханға күнде-күнде дүркін-дүркін үлкен табақ жас көкөніс пен дәмдендіргіштер қойылды. Әйтпесе екеуінің қанының майлығы мен холестерин де әжептәуір көтерілер еді. Бірнеше күнгі қонақасыдан бригаданың мал бағу істері де жартылай іркіліп тоқтап қалды. Барлық малды сырттан келген жалшылар бақты. Чен Чжен жалшылардан сұрап көрді. Олар 200 юән айлық жалақыға қосымша екі ірі қой берілетінін, сонымен бір уақытта тамақ пен жатақ орын тегін екенін, жұмысты жақсы істегендерге жыл соңында тағы сыйлық берілетінін білдірді. Бір жалшының айтуынша, өзі Олұннан оңтүстік-батыстағы 400 шақырым шалғайдағы сомонның малшысы екен, алдыңғы жылдары оның үйінде де 1,7 мың қойы болған, күн көрісі мен тұрмысы Олұнның малшыларынан айырмашылығы болмаған, оның отбасысы да бір жалшы бақташыны істеткен екен. Алайда, жайылым жылдан-жылға азайып тозды. Алдыңғы жылы болған ауыр қуаңшылықта құм көтеріліп, шөп қуарып, қойлардың жартысынан көбі шөлдегеннен һәм аштықтан қырылды. Ол жұмыс іздеп шығып, жалшыға айналыпты. Дегенмен, ол бір жылда тапқан 20-30 ірі қойын да өз үйіне жөткей алмайды. Өйткені туған ауылында шөп жоқ, тірі қойлар қажет емес. Сол себепті, ол тапқан малын сатып немесе ауыстырып, үйіне тек ақшаны әкетеді екен....

Екі қонақ өздерінің бұрынғы тұрған үйінде бір күн қозғалмай ұйықтаған соң ғана ақырын естерін жинады. Төртінші күні Чен Чжен Касымайдың отбасы мүшелерімен түннің ортасына дейін әңгіме шертті.

Бесінші күні таңертең Чен Чжен мен Яң Кэ машинаға отырып, Қаратас тауына қарай жол тартты.

 

Қисын іздеу

«Бөрі тотемі» жөніндегі лекциялар мен сауал-жауаптар

Джип шекаралық тас жолдан өткеннен кейін, оңтүстік-шығыс жақта Қаратас тауы алыстан бұлдырлап көріне бастады. Көлікті айдаған Яң Кэ сахарадағы қара жолмен баяу жүріп келеді.

- Бөрілердің өмір сүруі, сақталуы байтақ дала болмысының экологиялық көрсеткіші екен. Олар жойылды, демек сахараның да жаны жойылды. Қазіргі кең даланың тұрмысы әлдеқашан бұзылған. Мен бұрынғы жап-жасыл байырғы байтақ даланы шынымен сағынамын. Орталық жазықтағы қытайлардың мекенінде өзін осы заманның адамдары деп санайтындар баяғы заманды көксеуден қатты сақтанады. Себебі, олар бұрынғы заманды сағынатын болса, егіншілік, феодалдық дара билік пен «ортақ қазаннан жеу» (теңгермешілік) жақтарын қуып кетеді. Алайда, иен дала үшін байырғы замандарды көксеу деген керісінше барша осы заманғы адамдардың ең озық түйсігі болып қалды, - деді Чен Чжен күрсініп.

- Мен де бұрынғы заманды аңсаймын, - деді Яң Кэ бір қолымен самайын қасып, - Сахараға келсем болды, ой-санамның бәрін байырғы көшпенді мал шаруашылығының көріністері иелеп алады. 20-30 жылдың алдындағы істер дәл кеше ғана өткен сияқты. Иен даладан қалаға қайтқаннан кейін біз екеуіміз өз жұмысымызбен болып кеттік. Сен соншама көп жыл бойы аянбай ізденіп жұмыс істедің. Бұл жолы да өзің зерттеген дүниелерді маған жақсылап айтып беруің керек.

- Осы жылдары менің ой-санамда Қытайдың егіншілік мәдениетін және қытай ұлтының ұлттық мінезін жаңадан тануға, көшпенді халықтардың қытайлық өркениетке қосқан құтқару сипатындағы үлесін қайтадан тануға мүмкіндік беретін толығымен жаңа көзқарас пен ұстаным қалыптасты. Осылай ғана «Қытай індетінің» төркіні мен себептерін негізінен анықтауға болады. «Қытай індеті» дәл «қойлар індеті» болып табылады, «үй жануарларының індеті» санатына жатады, - деді Чен Чжен.

- Біздің сол жылдардағы көрген-білген оқиғалар, сондай-ақ дала көшпенділерінің рухы расында да жақсылап зерттеуге лайықты, - деді Яң Кэ.

Чен Чжен дереу негізгі тақырыпқа ойысты.

- Қытай індетінің түп тамыры егін шаруашылығы және егіншілік мінезден келіп шығады, - деді ол  дауысының сарынын күшейтіп, - Бұрын зиялы топтардың да бірталай өкілдері Қытай індетінің тамыры мен себептерін дәл осында деп санаған, бірақ олар бұл мәселені үстірт те шала-шарпы сынаған, зерттеулерін тереңдете алмаған, сондай-ақ аса күшті қарсылық пен қайтарма тойтарысқа тап болған-ды. Менің есептеуімше, бұл үрдістің Қытайдың тағдырын шешетін идеологиялық күресіне қатысы бар. Бұл күрестің бір ғасырға жуық созылып әлі аяқталмауының себебі – Қытайдың егіншілік мінезін ұстанған күштердің тым мықты да терең болғаны ғана емес, сондай-ақ талдап сынайтын лагерьдің пәрменді сынау қаруын әлі таппауынан. Қытайдың егіншілік сана-сезімінің терең де қалың дәстүрін талқылап сынау мәселесінде тиіп-қашып оқта-текте сынаумен шектелуге болмайды. Тарихты, жүйені сараптау, сынау және қорытындылау қажет. Ең түйінді тәсіл – егін шаруашылығының тарихымен салыстырғанда әлдеқайда ұзақ, анағұрлым өміршең, әлдеқайда жауынгерлік қуатқа ие болған көшпенділердің рухани қаруын пайдалану керек.

Мен айтпақ болған көшпенділер рухы – көшпелілердің ұлы рухы. Ол кең дала көшпенділерінің рухын ғана емес, сондай-ақ теңіздер мен мұхиттардағы «көшпенділер» рухын, сонымен қатар ғарыштағы «көшпенділердің» рухын да қамтиды. Бұл – әлемнің тарихында әлмисақтан бүгінге дейін тоқтаусыз да тайсалмай екпінді жылжыған, сондай-ақ осы заманғы дүниеде асқақтатып шырқап қарқынды ілгерілеген жасампаздық пен жаңашылдықтың рухы. Тарихта бұндай ұлы көшпенділер рухы ежелгі Римнің жабайы құлдық жүйесін және орта ғасырлардағы қара түнек феодалдық жүйені талқандап ғана қоймай, орасан зор сыртқы нарық пен «жайылымдарды» ашты. Оның үстіне, қазіргі таңда ғарышқа қарай қаһармандықпен ұмтылып, бұдан да орасан зор және ауқатты «ғарыш жайылымын» игеруде, адамзат үшін тіпті де кең-байтақ тіршілік кеңістігін жаратуға талпынуда. Ал мұндай рух көшпенділердің қайсар мінезін, әсіресе қасқырдың мінезіне негізделеді. Байтақ даланың «ұшатын көкжалдары» ең ақырында бәрібір Тәңірге, яғни ғарышқа ұшады. 

- Кіріспе сөз тамаша екен. Мен ең қызығып жүрген қызықты түйіндерді бірден қозғадың, - деп қостады Яң Кэ.

          Чен Чжен сөмкеден құжаттар салатын папканы шығарды. Ішінде компьютерде басылған қолжазба бар екен.

          - Менің лекциям біршама ұзын, - деді ол жөткірініп, - Мен түпнұсқаны әкелгенім жоқ. Тек тезистер мен біраз карточкаларды ғана ала келдім. Осы жолы сенімен бірге сахараға келгенде, мен де өзіңмен осы жөнінде әңгімелесіп, сенің пікіріңді тыңдағым келеді. Бүгін мен ықшамдап ғана айтайын. Сондай-ақ сенің араласып толықтыратыныңа үміт етемін.

          - Онда мәселе жоқ, - деді Яң Кэ.

          - Менің есептеуімше, Қытайдың егін шаруашылығы өркениеті өзінің жанды кемшілігімен біте байланысқан. Бұндай өркениеттің ішінде таптық күрестен де терең қатпарлы және бұдан да кең, аяусыз да қиянкескі табиғи сұрыпталу, яғни тіршілік үшін күресу жоқ, - деді Чен Чжен байсалды сөйлеп.

- Алайда, көшпенділер өркениеті бұған мүлдем керісінше, - деді Яң Кэ басын изеп, - Көшпелі тұрмыстың ішіндегі тіршілік бәсекесі һәм табиғи сұрыпталу аса сұрапыл және де аса кеңінен жайылған. Егіншілер қоғамында кең даладағы секілді толассыз жүргізілетін қиянкескі тіршілік бәсекесі қайдан болсын. Қатал ұстаздан өрелі шәкірттер шығады дегендей, сұрапыл бәсеке мықты бөрілерді, соғыс жылқыларын және ұлттарды жетілдірген. Екі түрлі тіршілік шарт-жағдайын бір салыстырудан екі ұлттың мінезіндегі айырмашылықтарды салыстыру келіп шығады. Расында да қасқыр мен қойдың арасындағы айырмашылығы бар. Дала халықтары әрқашан өздерін көкжалға, ал егінші халықтарды қойға теңегені бекер емес. Сол жылдары Ламжаб мені Яң Кэ деп атамайтын. Ол менің есіміме «ао» деген сөзді қосатын. Бұл сөз «қошақан» деген сөзді білдіретін еді. Алайда, амалдың жоқтығынан мен бұған мән бермейтінмін. Ол жылдары ұжымдық еңбек дәурен сүрді ғой, адамдар ерекше көп еді. Демалған кезде Ламжаб құдды қозыны жыққан бөрі сыңайлы мені алты-жеті рет жалпасынан түсіретін. Бұны көрген әдемі моңғол қыздары оған қарқылдап күлетін-ді. Ламжаб сондай-ақ Сарынчечекті нұсқап көрсетіп: «Олұнның әдемі құртқасы қалайша қозыға күйеуге шығуы мүмкін? Егер де ол шыдамай кетіп, сені жеп қойса қайтесің?» дейтін еді ғой. Сонда бәріміз күлгенбіз. Тіпті менің де ішек-сілем қатқанша күлгенім соншалық, өтімнің ащы сұйықтығы аузыма тақады ғой. Осы жолы арақ ішкенде ол бұл істі тағы көтерді ғой.

- Ол кезде біз расында осал да жарамсыз едік ғой, - деді Чен Чжен зорлана күліп, - Сахарада мекендегенімізге бірнеше жыл толса да «қой-қозы» деген таңбаны жұла алмадық ғой. Ал сонда сан миллиондаған қытайлар қайтпек? Иен далаға жаңадан келген уақытта малшылар әрдайым моңғолдарды қасқырлар, ал қытайларды жуас қойлар деп атағаны маған ең терең әсер еткен. Бұл теңеу менің сол кездегі санамдағы ұлықытайлық шовинистік идеяға қатты тиетін. Бұндай соққы, бұндай күшті идеологиялық үйкеліс менің көкжалдар мен қойларды зерделеуге, екі ұлттың рухы мен мінездерін зерттеуге бекінгенімді жылдамдатты.

          Джип баяғы Білге-атаның басшылығымен қоршап аң аулаған жерден өтті.

          - Сол кездегі аң аулау көрінісі қазірге дейін көз алдымда тұр. Екеуіміз әйтеуір далалық атты әскерлерінің қаһармандығы мен соғысу шеберлігін өз көзімізбен көрдік десе де болады. Сол жолғысы әдеттегі қоршап аң аулау ғана еді. Біз орта мектепте оқыған кезде, ауыл-қыстаққа барып еңбек еткенде де диқандардың астық бастыруна қатыстық ғой. Шынын айтсам, ешбір қызығы да, мәні де жоқ бірдеме еді, - деді Яң Кэ тебіреніп.

          - Сен мынаны ойладың ба, жоқ па? - деп сұрады Чен Чжен, - Неге Чжоу, Цин, Хән, Таң патшалықтары билеген кезеңде Қытайдың орталық жазығындағы этнос та цюәнруң, шәнруң, ғұндар мен түрктердің тас-талқанын шығарып, шаңырағын ортасына түсірген? Хән, Таң патшалықтары кезеңінде жүздеген жыл бойы қиянкескі соғыстардың нәтижесінде ғана аса қуатты Солтүстік Ғұн мемлекетін және Батыс-Түрк қағанатын жойған немесе қуып ығыстырған. Ол кезең – ежелгі Қытайдың ең шұғылалы заманы. Мәдениет жағынан да еңсесі биік болып дәуірлеген, шоқ жұлдыздай жарқыраған ерен тұлғаларды көптеп тудырған-ды. Неге сол кезеңдегі қытай ұлты соншама мықты болған? Тауларды талқан ететін қайтпас қайрат пен қаһармандыққа талпынған ұлттық мінез-сипатқа қалайша ие бола алған?

          - Менің ойымша, ол кезде қытай ұлты өрлеу сатысында тұрған. Өрлеу кезеңі қай-қашанда қайсарлық пен жауынгерлік рухқа толы болады ғой, - деді Яң Кэ ойланбай.

          - Сол кезеңде қытай халқының қан тамырында «бөрі қаны» өте қою, ал «қойдың қаны» керісінше аз болғандықтан деп есептеймін. Адамзат жабайы аңдардан жаралған. Ежелгі заманда адамзаттың жыртқыштығы, қасқырлық қасиеті төтенше күшті болды. Бұл – адамзаттың жүз мыңдаған жылдар ішіндегі сұрапыл бәсекеде өз тіршілігін сақтап келген негізгі алғышарты. Бұндай жойқын жыртқыштық болмағанда, адамзат әлдеқашан-ақ рақымсыз табиғи орта және жабайы аңдар тарапынан жойылған болар еді. Алайда, тағылық пен көкжалдың қасиеті адамзат өркениетінің дамуына залалы да өте ауыр болған. Егер бір мемлекеттің халқы түгелдей бөрілер тобына ұқсаса, сол елдің адамдары бірін-бірі өзара қырғындап, бірге жойылып, біржолата күйрейді. Адамзаттың өркениеті өзінің бойындағы жыртқыштық пен қасқырдың қасиетін үздіксіз тежеп және тізгіндеп келгендіктен ғана адамзат біртіндеп дамыған еді. Бұл ежелгі заманда және қазіргі кезде Қытайдың және шет елдердің кемеңгерлері, ойшылдары мен саяси қайраткерлері ойланып-толғаған іргелі мәселелердің бірі. Алайда, егер адамдық қасиеттердің ішіндегі жыртқыштық пен көкжалдықты толығымен немесе басым бөлігін жойып, тіпті оларды жұмсақ та ылбырап-балбыраған қойдың жуас қасиеті және қолға үйретілген үй жануарларының мінез-құлқымен ауыстырса, онда адамзат тіршіліктің негізгі алғышарттарынан айрылады, сұрапыл бәсекеде екшеліп тасталады. Содан адамзат өркениеті де құрдымға кетіп, ғайып болады.

Сондықтан адамзатта жартылай жыртқыштық болмаса, онда оның үздіксіз нұрландыратын, тоқтаусыз қарқынмен дамитын өркениеті болмайды. Батыс елдері азамдық қасиеттің ішіндегі жартылай жыртқыштықты сақтайтын өркениетті дамыту жолымен жүруде, ал қытай ұлты адами қасиетті «жыртқыштықтан жұрдай қылатын» егіншілер қалпындағы өркениетті дамыту жолымен жүруге талпынуда. Бейнелеп айтатын болсақ, Батыс «өркениетті бөрілер» жолымен, ал Қытай «өркениетті қойлар» жолымен жүрді. Жұртшылық «ежелгі жабайы қасқырлар» жолынан «ежелгі өркениетті көкжалдар» дәуіріне сәтті өтіп, «қазіргі заманның өркениетті бөрілер» жолымен қадам басуда. Қазір олар болашақтағы нағыз «өркениетті адам» дәуіріне қарай біртіндеп аяңдауда. Ал біз қанша кезеңдер мен белестерді асқанмен, осы күнге дейін оң мен солға ауытқып келеміз (оңтүстікке жүреміз деп солтүстікке беттейміз), - деді Чен Чжен.

Ізгі ниет пен қарапайым армандарды қуалаған Қытайдың ежелгі данышпандары тарихи даму сатысының шектеуіне ұшырап, «өзін тежеп, әдеп-ибаға оралу» арқылы «дүние көршілікке ортақ» (барша дүние жұртқа ортақ) деген ұлы бірлік идеалын жүзеге асыруға ұмтылды. Олар адамның мінезіндегі қасқырлықты біржолата жойғанда ғана бұл идеалын қадамдап іске асыруға болады деп есептеді. Сол себепті, мінез-құлықты тәрбиелеу саласында Конфуций тәлімгерлері неше мың жылдан бері бірінен соң бірі «Адам болғың келсе, биязы да момын мінезді бол» дегенді тынбай үгіттеді. Алайда, бүкіл әлемдегі сиырлар мен қойлардың мінезі ең биязы да момын ғой. Конфуцийшіл тағылым қағидалары ап-айқын қойдың мінезіне табынып, көкжалдық мінезді жоюға ұмтылған егіншілік сипатқа ие. Ал одан кейінгі Суң, Миң патшалықтары заманындағы «лисюэ» ілімі (жаңа конфуцийшілдік тәлім) одан бетер шектен асқан өрескелдік болып табылады. Олар «болмыстың заңдарын сақтау, инсанның нәпсісін жою керек» дегенді барынша дәріптеді. Яғни, адамдардың қасиетінде сақталған жыртқыштық пен бөрі мінезін құртпақ түгіл, адамдардың бойындағы әдеттегі тәннің сезімдерінің бәрін жоюға ұмтылды. Егінші халық болмысының негізінде мыңдаған жылдар бойы жүргізген тәрбиелеу және қолға үйретілген мал шаруашылығы арқылы Қытайдың зиялылар қатпарында биязы да момын, кішіпейіл де икемшіл көмбіс-көлтек оқымысты бекзадалар қаптап кетті. Қытайлық қоғамның төменгі топтарында әлсіз де оңай ренжитін, айтқанға көніп айдағанға жүретін момын да көнбіс бұқара халық қалыптасты. Жуас қойдың сипаты Қытайдың ұлттық мінезіне айналды.  

Бұл әрекет әбден шегіне жеткізе іске асырылды. Кейін келе момын қойлар жауыз дала қасқырларына тап болған кездерде не болғанын 24 тарихи жылнамада қанның көл-дария болып аққаны жөніндегі естелік жазулардан белгілі. Одан кейін жаһан тағы тарая түсті. Момын Қытайдың «өркениетті қойлары» өжет Батыстың «өркениетті көкжалдарына» тап болып, екі өркениет бір-бірімен соқтығысты. Әрине, жығылып төңкерілгені қойлар болды. Осылай ежелгі Қытайдың жолы сөзсіз Батыстың жолынан жеңіліп, ең ақырында батыс елдердің отарына және жартылай отарына айналды.

Яң Кэнің әңгімеге ықыласы қоюлана түсті.

- Мен бір нәрсені түсінбей келемін. Ежелгі Қытай қалай ғана осынша тұйық жолға түскен? Чжоу, Цин, Хән, Таң патшалықтары кезеңдерінде қытай халқы жақсы жолмен жүрді емес пе? - деп сұрады ол.

- Бір ұлттың ең алғашқы даму жолын негізінен объективті орта белгілейді, - деді Чен Чжен батыл да толық негізделген лебізбен, - Қытай ұлты әлемдегі егін шаруашылығын дамытуға ең қолайлы, ең ірі «екі өзеннің алаптарында», яғни Яңцзы мен Хуаңхэ дарияларының алаптарында тіршілік етеді. Осы алап Мысырдың Нил өзені, Вавилонның Месопотамия (Тигр мен Евфрат дариялары), Үндістандағы Инд пен Ганг өзендерінің алаптарынан әлдеқайда үлкен. Сондықтан қытай ұлты жаһандағы ең ірі көлемді егін шаруашылығымен тіршілік өткізуге мәжбүр болған. Міне, бұл – қытай ұлтының ұлттық болмысы. Ұлттық мінез де амалсыздан егінші сипатындағы ұлттық болмыс тарапынан өзгертілген, белгіленген.

Ал Батыс халықтарының жан саны аз, теңізге жақын жайғасқан, жайылымдары көп. Оларда егін шаруашылығы мүлдем басымдылыққа ие емес. Оларда аң аулау, мал шаруашылығы, егіншілік, сауда, кәсіпкерлік, теңіз-мұхит шарлау кәсібі қатар өркендеген. Яғни, дала бөрілері, орман бөрілері, заңғар таудың бөрілері, құрлық бөрілері, теңіз бөрілері ежелден еркін өмір сүріп, өсіп-өнген. Батыс ұлттарында құдыретті көшпенділердің ежелгі салты және мінездің қайсарлығы сақталған. Оның үстіне, олар жүздеген жылдар бойы созылған сауда соғыстары, теңіз соғыстары, тауарлар сату нарығын иемдену жолындағы соғыстарда толассыз күшейген болатын. Кейіннен осы заманғы өнеркәсіптің рақымсыз табиғи сұрыпталу бәсекесіне кірген бұларда қанқұмарлық барған сайын күшейген. Сондықтан Батыс халықтарының ержүрек пен алға ұмтылғыш қасиеті ешқашан да әлсіремеген. Ұлттық болмыс ұлттық мінезді белгілейді. Ал ұлттық мінез халықтың тағдырын белгілейді. «Соңынан келген төрге шығады», «бұрын шыққан құлақтан кейін өскен мүйіз озады» дегендей, бұндай мінез кейін дамыған батыс елдерінің әлемнің ең алдыңғы қатарына өтуіне субьективті себеп болды.

Жалпы алғанда, дүние жүзінде ежелден бүгінге дейін аң аулау, көшпелі мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, сауда, теңіз-мұхит шарлау, өнеркәсіп қатарлы алты сала және алты ұлт бар. Соның ішінде егін шаруашылығы ең айрықша болып табылады. Өйткені, тек егіншілік өз-өзін толық қамдап, өзін-өзі ішінен тұйықтап, өздігінен ұрықтанып өрбіп, өздігінен азғындап тозады. Негізінен ол басқалармен бәсекелесу, зат алмасу және будандасуды қажет етпейді. Егін шаруашылығынан басқа бес саланың бәрі толығымен «бейбіт» сала емес, яғни өзін-өзі қамтамасыз ете алмайды. Бұл салалар бәсекелесу, өзара алмасу, арпалысып соғысу барысында ғана тіршілік етеді һәм дамиды. Осы бес саланың бәрі бәсекесі қиян-кескі, қауіп-қатері орасан зор, жағдайы мүшкіл, өліспей бітіспейтін салалар болып табылады. Егер бұл бес саламен шұғылданған халықтарда қасқырлардай өжет, қайсар, талапты мінезі болмаса, өмір сүруге қабілетсіз болып, жанын баға алмас еді. Сол себепті, осы алты саланы игерген алты халықтың ішінде егінші халықтан бөлек, аңшы халық, көшпенді халық, саудагер халық, теңізші халық және өнеркәсіпші халық деген бес халықтың бәрі жаһандағы ержүрек те талапты халықтар болып саналады.

Оның үстіне, осы бес сала және олармен шұғылданған бес ұлт бірізділік пен өзара сабақтастық қатынастарға ие болды: аңшылық пен көшпелі мал шаруашылығынан сауда-саттық пен теңіздерді кезуге қарай дамыды. Саудамен айналысып мұхиттарды кезуден жаңа дәуірдегі және осы заманғы өнеркәсіпке дейін дамыды. Бұл бес күшті сала ержүрек ұлттар үшін әзірленгені анық. Яғни, қуатты халықтар ғана мықты салалармен айналыса алады. Бастапқы күшті салалардан тікесінен жоғары сапалы да мықты салаларды игеру – дүниежүзілік тарихтың даму басты даңғыл жолы. Батыс әлем негізінен дәл сол аң аулау мен көшпелі мал шаруашылығынан сауда-саттық пен теңізшілікке дейін дамыды, сосын қазіргі заманның индустриалды дәуіріне дейін дамыды. 

Ежелгі замандағы егінші халықтардың тарихы «өз көлеңкесіне сырттай тон пішу», «қақпаны жауып алып, арбаны жасау» секілді өмірдің шынайы жағдайымен санаспаған халде өзі өндіріп өзін қамдау сияқты тарихи тармағы болып табылады. Олар керемет ежелгі өркениетті жаратты. Алайда, көшпенді халықтар және олардың ұрпақтары егінші ұлттардың алабына баса-көктеп кіріп, бұлар жаратқан дүние-мүлікті талап-тонап әкетті, сондай-ақ отырықшы елдің мемлекетін құлатып, ұлтын жойды немесе бағынышты жұртқа айналдырды. Осылайша олар дүлей де асау толқындар мен тар жол тайғақ кешудің арасынан желкенін тік көтерген халде алыстағы мұхиттарға жорықтарын жалғастырып, жасампаздық жасау арқылы бұрынғыдан озық өркениетті жаратты. Қытай ұлты алғашқы аяқ басқанда-ақ егістік жерге қадам қойды, егінші халықтардың даму тарихының сағасына кірді. Әрине, сол бағытпен жүрген сайын қауқарсызданды һәм ұлттық мінезі жағынан аса зор зиян шегіп, аузы күйді.

Ежелгі қытайлықтардың мінезі тегінде Батыс халықтарынан әлсіз емес болатын. Олар да кезінде ержүрек, парасатты, батыл, талапты, көкжал жүректі еді. Алайда, әлемдегі ең үлкен жылы, жұмсақ, құнарлы егістік жері мол Қытайға түскен бөрінің жыртқыш мінезі де өжеттігінен жұрдай  болды. Көне замандағы Қытайдың байтақ қойнаулы, терең қатпарлы егістіктері – қасқырларды және олардың жыртқыш қасиетін жұмсартып жуасытатын жылы мекен.

Джип шекаралық тас жолдың оңтүстігіндегі жайылымға ойысты. Аласа шөбі тап-тақыр жерге жабыса өскен бұл аумақ әбден тапталып жалаңаштанған автокөліктердің жаттығу алаңына ұқсайтын. Яң Кэ машинаны қара жолдан бұрып, төтесінен Қаратас тауына айдады.

Чен Чжен қолжазбаның парақтарын сәл-пәл аударып, сөзін жалғастырды:

- Хуаңхэ өзенінің алабы Қытайдың ежелгі замандағы мәдениетінің бірден-бір ошағы емес. Солтүстік-батыстағы кең дала, әсіресе Ішкі Моңғолияның даласы Қытайдың ежелгі мәдениетінің бастау алған мекендердің бірі болып табылады. «Ішкі Моңғолияның тарихи жағрафиясы» кітабының таныстыруына қарағанда, сонау ертедегі тас дәуірінде Ішкі Моңғолиядағы адамзаттың әрекет еткенін археологиялық қазба жұмыстары дәлелдейді. Әйгілі «Даяо мәдениетінің» ежелгі тарихы жұртты таңдандырады. Даяо елдімекенінің қалдықтары Ішкі Моңғолияның Көк-Құт (Хух-Хото) қаласынан солтүстік-шығыстағы Баохэшао қалашығының Даяо қыстағында орналасқан һәм мемлекет тарапынан қорғалатын ескерткіш болып табылады. Даяоның қалдықтары арасында ежелгі адамдардың тас құралдарды жасаған зауыты болған. Уақыттың өтуімен кейінгі палеолит дәуірініңі бастапқы, орта, кейінгі кезеңдері басынан аяғына дейін жүз мыңдаған жыл құрайды. Осы қалдықтардың ең ертедегі дәуірі шамамен 700 мың жыл, яғни «Бейжің синантропының» қалдықтарымен салыстырғанда 100-500 мың жыл бұрын өмір сүрген. Неолит дәуірінде Ішкі Моңғолияның ежелгі адамдар әрекетінің аясы бұдан да кеңейген. Осы күндерге дейін Ішкі Моңғолияда табылған неолит дәуірі қалдықтарының жалпы саны шамамен 100-ден асады. Ал осы қирандылардан қазылған ыдыс аяқ пен аспаптардың пішіні және әшекейленген керамиканың үлгісі Орталық жазықтың «Яңшао мәдениеті» мен «Луңшән мәдениетінен» айырмашылығы бар.

Сонымен қатар, мемлекеттің солтүстік-батысындағы Шэнси өлкесінде табылған «Ләнтян адамы» шамамен 800-600 мың жыл бұрын өмір сүрген, яғни «Бейжің синантропынан» әлдеқайда көне саналады. «Бейжің синантропы» Хуаңхэ өзенінің алабындағы Орталық жазықтың тұрғынына жатпаса да, ежелгі Қытайдың солтүстік адамы болып табылады. Ежелгі заманда Қытайдың солтүстігі және солтүстік-батысындағы үстірт пен байтақ сахараның суы мен шөбі мол, ауа райы ылғалды, адамзаттың тұрмысына қолайлы еді. Иен даланың байырғы адамдары аң аулау, мал шаруашылығы және жеміс-жидек терумен өмір сүрген. Ал топан суы әлі ауыздықталмаған Хуаңхэнің орта, төменгі ағыстарындағы Орталық жазық әлі де мерзімді және кездейсоқ «Хуаңфәнцюй» аймағына (Хуаңхэ дариясы таситын аймақ) жататын. Көптеген жерлер адамдардың мекендеуіне сәйкес келмейтін. Орталық жазық – Сарғыш топырақты үстірттің топырағы шайылуынан, сондай-ақ Хуаңхэ өзені жөткеген лай мен құмның үйілуінен қалыптасқан жазық дала. Сол себепті, солтүстік-батыстағы үстірт пен кең дала Орталық жазықтың әкесі, Хуаңхэ өзені оның анасы болып табылады. Солтүстік-батыс даладағы адамдар қауымының тарихы табиғи түрде Орталық жазықтағы адамдар қауымының тарихынан әлдеқайда ұзын. Орталық жазықтың байырғы тұрғындары Солтүстік-батыс үстірттен және кең сахарадан келіп шыққан.

Қытайдың байтақ даласының ежелгі тұрғындары сөзсіз өздерінің батыр да талапты көшпенділер рухы және мінезімен, сондай-ақ жылжып кеңейетін өзгешелігімен Орталық жазыққа асықпай енген және игерген. Сонымен қатар, олар Орталық жазықтың халқына және қытай өркениетінің қалыптасуы мен дамуына ұзақ та терең ықпал еткен.

Қытай ұлтының мәдени-гуманитарлық негізін салған Ян-ди мен Хуаң-ди солтүстік-батыстағы көшпелі ұлыстардан өнеге алған. Аңыздарға қарағанда, осы екі император ежелгі Шаодян тайпасынан таралған екен. Тарихшы, тіл маманы Фән Вэнлән (1893-1969 жж.) тарихи кітаптарда жазылған аңыз-риуаяттарды жинақтағаннан кейін төмендегідей санаған: «Ян-дидің фамилиясы – Цзяң.... Цзяң фамилиясы Батыс руң ұлысының цяң (қиян) тайпасының бір тармағы болып табылады. Олар батыстан Орталық жазықтың орта бөлігіне алғашқы көшіп келіп, бара-бара егін шаруашылығымен айналысқан». Дәстүрлі көшпенді халық болған ежелгі қияндар Хуася (Қытайдың ежелгі атауы) қытайларының ата-бабаларының бірі болып есептеледі. Батыс қияндардың мінез-құлқы жігерлі де батыр болған. Бұнысы аңыз-риуаят емес, нақты факт. «Хоу Хәншу» (Кейінгі Хән әулетінің тарихы) жылнамасының «Батыс қияндар туралы баян» бөлігінде: «Батыс қияндар.... Соғысып өлуді бақыт, ауру-сырқаттан өлуді жамандықтың белгісі деп біледі. Жыртқыш аңдармен бірдей суыққа, қиыншылыққа төзімді келеді. Әйелдері бала туғанда қарлы боранды да елемейді. Мінездері қатаң да тегеурінді. Батыс тараптың теміріндей рухы бар» деп жазылған. Осы бірнеше мінездеме расында да аса қызықты. Турадан-тура көкжалдар жөнінде айтып жатқандай. Сонымен бірге, дала бөрілері мен көшпелі халықтардың мінездеріне жоғары дәрежеде баға беру, жинақтау болып табылады. Өйткені тек дала қасқырлары және көшпенді халықтар ғана шайқасып өлуді абырой санап, ауру-сырқаттан өлуді қаламайды. Бұл деректер мен бағалаулар Батыс қияндар мен көшпелі халықтардың ортақ табиғаты және мінездің ерекшелігі саналатын көкжалдық қасиетін айрықша дәл және көркем суреттеді. Сондай-ақ солтүстік-батыстағы көшпелі халықтардың мінез-құлқының төркінін – «жыртқыш аңдармен бірдей» деп өткір көрсетті. Яғни, жыртқыш құстар және аңдармен бірдей, дала сұңқарлары және бөрілерімен бірдей екенін дәл көрсетті. Оның үстіне, темірдей жігер мен арынның шыққан жері, яғни батыс пен солтүстік-батыстағы көшпенділердің өңірі тағы көрсетілді. Бұндай «берік те ержүрек» мінезі болған бабаларды мақтаныш тұтуға, шаттануға болады.        

Қияндар - Қытайдың керемет бір ежелгі ұлысы және қытай ұлтының басты ата-тегінің бірі. Олар  «цюәнруң», «байгоу» (ақ төбет), «байлаң» (ақ қасқыр) және басқа Батыс руңдардың басым бөлігін тудырып ғана қалмай, сондай-ақ қытай, даңсяң (Солтүстік Суң әулетінің заманында Батыс Ся мемлекетін құрған таңғұттардың тармағы), туфән, тибет және басқа ұлт-ұлыстарды да жаратқан. Оның үстіне, ежелгі қияндардың Моңғолия даласына ағылып көшкен тармағы Моңғолия сахарасындағы халықтарды қалыптастыруға қатысқан. Кейбір мамандардың зерттеуіне негізделсек, бір буынды екпінге ие қытай-тибет тіл жүйесі бір буынды көне қиян тілінен бастау алған екен. Осы күнге дейін көптеген иероглифтер қытайлардың ата-бабасы қияндармен көшпелі қандастығының белгісі қалған. Мысалы, қазір ең шектен тыс қолданылып жатқан «мэй» (әдемі, көркем, сұлу) иероглифі «яң» (қой) және «да» (үлкен) иероглифтерінің қосылуынан құралған. Хән патшалығының тіл маманы Сюй Шэн «Шовэн цзецзы» (Қытайлық иероглифтердің шығу тегі) атты еңбегінде «Әдемі.... қойдан, үлкен қойдан» деп жазған екен. Осы шығармаға түсініктеме берген Сюй Сюән «Қойлар неғұрлым ірі болса, соғұрлым әдемі. Себебі, олар үлкен» деп түсіндірген. Ежелгі қытайлардың ата-бабаларының эстетикалық қабылдау сезімі көшпенділердің эстетикалық қабылдау сезіміне негізделгенін көруге болады. Біз екеуіміз қойшы болдық ғой, бұндай көркемдік сезімін түсіне аламыз. Қойдың еті малшылардың – негізгі азығы. Бір топ қозыны бағу арқылы бір отар ірі қой шығару кісінің кеуілін көп көркемдікке бөлейді ғой. «Қойдың ірісі» - көкжалдардың да эстетикалық қабылдау сезіміне ие. Бір дәу бөрі бір үлкен қойды алқымдаған кезде, ол да әсемдіктен басы айналады. Егер қытайлардың ата-бабасы диқандар болса, онда әсемділікті білдіретін иероглиф «үлкен қой» емес, «дами» (күріш) сөзі болар еді. Ежелгі заманда әдемілікті таңдағанда үлкен қойды таңдайтын, қазіргі кезде әдемі адамдарды таңдайды. Алайда, әдемі мен әсем сөзінің иероглифы бәз-баяғыдай «үлкен қой» иероглифтерінен құралады.          

Қияндардың ұлылығы – олардың қайтпас мінезі және ерен ақыл-парасатында. Олармен бір уақытта өмір сүрген ежелгі ғұндар және басқа көшпелі халықтар әлдеқашан жойылды, ал қияндар керісінше қазірге дейін мойымастан тіршілік етуде. Олардың ұрпақтарының саны әлдеқашан дүниежүзін түршіктіретіндей жүздеген миллион адамға жетіп отыр....

Біз тағы да Ян-Хуаң кезеңіне оралайық. Ян-ди Орталық жазыққа келгеннен кейін, аңыз-риуаяттардағы оңтүстікте «аң денелі, адамның тілінде сөйлейтін» цзюли тайпасының басшысы Чи’ю да Орталық жазықтың солтүстігіне жорыққа шықты. Ян-дидің руымен арада қиянкескі қақтығыс туылды. Егін шаруашылығымен шұғылдана бастаған Ян-дидің руы жауыз Чи’юдің цзюли тайпасы тарапынан үздіксіз ығыстырылды. «Цзюли тайпасы Ян-дидің руын төтесінен Чжолу ауданына (Хэбэй өлкесі) дейін қуалады». Анағұрлым мықты Хуаң-дидің ұлысына қосылған Ян-ди бірлесіп соғысып, Чжолу ауданының түбінде цзюли тайпасын ойсырата жеңеді һәм оларды Орталық жазықтан қуып жібереді. Кейін келе Хуаң-дидің руы Ян-дидің руын талқандайды, сондай-ақ оларды Яңцзы дариясының алабына ығыстырғаннан соң ғана Орталық жазықта ресми орнығады. Бұдан кейін Хуаң-дидің руы Ян-дидің руымен қайта бірігіп, оңтүстіктегі жабайы тайпаларға бірлесіп соққы берді.

Хуаң-дидің ұлысы Чи’юдің цзюли тайпасын өз мінезінің күштілігі себебінен жеңіп шықты деп есептеймін. Бұның себебі: сол кездегі Хуаң-дидің ұлысы әлі де көшпенді болатын. «Шицзи» (Тарихи жазбалар) жылнамасының «Үш билеуші жөніндегі негізгі жазбалар» тарауында былай түсіндіріледі: «Ян-ди, Хуаң-ди екеуі Шаодянның балалары. Олардың шешесі Ва фамилиялы әйел.... Цзяң Цзи екі патша да Шаодян үйінен шыққан. Хуаң-дидің анасы сондай-ақ Шэннуңның (егін егу мен медицинаның қамқоршы құдайы) шешесі болып табылады». Сондықтан Ян-ди мен Хуаң-дидің ұлыстары бір ұлыс болып саналады. Ян-дидің руы Батыс руңдардың қиян тайпасынан бастау алған соң, Хуаң-дидің руы да Батыс қияндардан және солтүстік-батыстағы үстірттен ауып келген шыққан. Тарихи кітаптарда жазылғандай, аңыздағы Хуаң-дидің руы солтүстік-батыстағы көшпенділер аумағынан бастау алған, әрекет ету аясы солтүстік-батысқа тараған, басты қызметі мен ізгі істері де Қытайдың солтүстік-батысында орын алған. «Кунлун тауының қуыстарында Хуаң-ди демалған» дейтін Чжуаң-цзы. «Шән хай цзиң» (Таулар мен теңіздер тізімдемесі) кітабында «Елдің іші, солтүстік-батыстағы Кунлуннің қуыстары патшаның қарамағында болған» делінген. «Шицзи» жылнамасының «Бес билеуші жөніндегі негізгі жазбалар» тарауында Хуаң-дидің руы «әрі-бері көшкеннен тұрақты орны болмаған, қосындарымен қоныстанып күзеткен» деп көрсетілген. Оның үстіне, Хуаң-ди «жер шарапатының ырысына ие болғандықтан Хуаң-ди деп аталған». «Шицзи» жылнамасының түсініктемесінде «жер шарапатының ырысына ие, топырақтың түсі сары болғандықтан, ол «Хуаң-ди» (сары патша) деп аталады» деп көрсетілді. Ал сары топырақты мал шаруашылығының жері саналатын солтүстік-батыстағы сары топырақты үстірт те сондай. «Хуаң-ди әуелде Қытайдың солтүстік-батыс жағында мекендеген. Аңыздарда көрсетілгендей, ол уақытында Чжолу жерінің таулы өңірінде тұрған. Әрі-бері көшіп, тұрақсыз көшпелі тұрмыста өмір сүрген» деп санаған тарихшы Фән Вэнлән.

Аңыз-риуаяттарда Хуаң-ди мен Ян-ди Чи’юдің цзюли тайпасын талқандады. Бұл оқиға Чжолу ауданында орын алды. Хуаң-ди мен Ян-ди Бәнцюән жерінде үш рет қырғын соғыс жүргізген. Ал Бәнцюән жері Хэбэй өлкесінің Хуайлай ауданында орналасқан. Оның ежелгі аталуы Хуайжуң еді. Чжолу ауданынан шығыс жақтағы ондаған шақырым қашықтықта орналасқан мал шаруашылығының аумағы саналады. Солтүстік Қытайдың солтүстік-батыс бөлігіндегі Чжолу ауданы Ішкі Моңғолия даласымен ұласқан алқапта орналасқан-ды. Ерте заманда дәстүрлі мал шаруашылығы өңірі болған. Ерте заманда Чжолу, Хуайлай, Гуйхэ және Яншән аймақтары көшпенділердің ұлысы болған. Кейіннен Хуаң-ди Чжолу ауданын астана етіп белгіледі. «Бидайдың баратын жері диірмен» дегендей, ең ақырында Хуаң-ди «қайтыс болып, Цяошән тауында жерленді». Ал Цяошән тауы Қытайдың солтүстік-батысында орналасқанын жұрттың бәрі біледі. Ян-ди мен Хуаң-ди екі патша осы жердің солтүстік-батысындағы көшпенділер мен мал шаруашылығы аумағынан өнеге алған. Сондықтан олар сөзсіз аспанға табынған, сол арқылы Ұлы дала мен көшпенді халықтардың Тәңіріне табынған. «Шицзи» жылнамасында «Сюән’юән дөңінде туылған Хуаң-ди Чи’юді тұтқындап өлтіргеннен кейін, «ұлықтардың бәрі Сюән’юәнді аспанның баласы деп құрметтеді»» деп жазылған.                                         

- Қытайдың солтүстік-батысындағы көшпенділер ұрпақтан-ұрпаққа Тәңірге сыйынған, - деді Чен Чжен  құжаттар папкасынан бір карточканы шығарып, - Бұл дәлелденген факт. «Дала империялары» кітабының авторы, Азияның тарихын зерттеудің алыбы франциялық Л.Грусайдың айтқанын тыңдашы. Оның сөзінше, «Ғұндар біздің заманның ІІІ ғ. екінші жартысында бір біріккен және аса қуатты халық болып ұйымдасты. Олардың басшысы «чән’юй» (тәңірқұт) деп аталады. Бұл атақтың толық мәтінінің транскрипциясы – «Чэңлигуту чән’юй» (Тәңірдің оғланы) деген сөз. Қытай тіліндегі аудармасы «Аспанның баласы». Біздің айқындауымыз бойынша, «чэңли» сөзі түрк-моңғол тілдерінің элементі болып табылады. Ол түрк жазуында және моңғол жазуында «Тәңір» (аспан) сөзі болғаны анық. Қарашы, ғұндардан түрктерге дейін, одан тағы моңғолдарға дейін баршасы Тәңірге сыйынған. Ал ғұндар – айрықша ежелгі халық. Ежелгі атауы – «сюн’юй». Ся патшалығында (б.з.д. 2070-1600 жж.) «чунвэй», Ин-Шаң әулеттерінің заманында (б.з.д. 1401-1122 жж.) «гуйфаң» (жын-перілер елі) деп аталған. Хән патшалығында ғана олар «сюңну» деп аталды. «Шицзи» жылнамасында ««Сюн’юй» сөзі ғұндардың басқаша жанама атауы болып табылады» деп түсіндіріледі. Хуаң-ди өз заманында ғұндармен қарым-қатынас жасаған. «Шицзи» жылнамасының «Бес билеуші жөніндегі негізгі жазбалар» тарауында «Хуаң-ди.... сюн’юйларды солтүстікке қуып жіберді» деп жазылған. Бұдан қорытынды жасасақ, Хуаң-дидің заманында солтүстік-батыстағы көшпенділер Тәңірге сыйынған. Әйтпесе, сол кездегі барша ұлыс-тайпалар Хуаң-диді «аспанның баласы» деп құрметтемес еді. Тәңірге сыйыну және «Аспанның баласы» атауының бәрі көне заманда солтүстік-батыстағы көшпенділерден келіп шыққан.

Хуаң-дидің ұлысы көшпенділерге жақын болғандықтан, оларда қасқыр секілді жыртқыш аңдардың мінезі болғаны талассыз. «Бес билеуші жөніндегі негізгі жазбалар» тарауында Хуаң-ди «Бәнцюәнда Ян-димен соғысу үшін аю, қабылан, жолбарысты үйретті» деп айтылған. Аңыздарда Хуаң-дидің армиясы дәл бұндай дүлей де үрейлі жыртқыш аңдарды ұстаз тұтқаны олардың көшпенділер қосындарының өзгешелігіне ие болғаны айқын. Жоғарыда баяндалған алты жыртқыш аңның арасында көкжалдың болмағанына назар аударуымыз қажет. Бұның себебі – жыртқыш аңдардың ішінде бөрілер ғана қолға үйретуге келмейді. Жартылай адам, жартылай пір болған Хуаң-ди де қасқырларды басқара алмады. Оның үстіне, дала көкжалдарын құрметтейтін көшпенділер оларды мүлдем басқара алмайды. Кейін келе қытайлар көшпелі халықтарды кемсітіп қорлады. Онысы нағыз түп-төркінін ұмыту, ата-тегін ұмыту деген сөз.

- Бәсе, дала халықтарының ұрпақтан-ұрпаққа Тәңірге сенетіні сол екен ғой. Қытайдың егінші халқы да ата-бабасынан бері «аспанға» табынған, «жаратқан аспанға» шоқынған. Бастапқы қытай ұлтының «аспанға табынуды» Ян-ди мен Хуаң-ди екі патша сахарадан және көшпенділердің ата-бабасынан Қытайға әкелген екен ғой, - деді көздері нұрланған Яң Кэ.

- Дұрыс, - деді Чен Чжен күліп, - Шығыс Азияның көшпенді халықтары және қытай халқы ежелден аспанға, Тәңірге сыйынған еді. Бұндай ортақ болған ең жоғары дәрежелі сыйыну қытай ұлты мен өркениетінің дамуына терең де ұзақ мерзімді ықпал еткен. Қазір қарасақ, Ян-Хуаңнан кейінгі Қытайдың тарихы осы ең жоғары дәрежеде ортақ қастерлейтін этникалық топтардың мейлі өзара қанды селдей ағызып, қаншама қырғын соғыс жүргізсе де, өзіндік өркениет пен тарихты бірлесіп жаратқанын көрсетеді. Қытай ұлты егін шаруашылығы ортасында әлсіреп қалса, аспандағы қатаң да мейірімді Тәңір әкесі бөрі мінезді көшпенді халықтарды Орталық жазыққа аттандырып, қой мінезді бола бастаған егіншілер қауымына жаңа қан құйып, ержүрек те талапты қасқырдың қанын үздіксіз енгізіп, қытай халқын жаңадан сергітіп, қайта-қайта серпілтіп отырды. Кейін дәрменсіз қытайлар расында да сүйемелдеуге көнбеген уақытта, көшпенділер Орталық жазыққа басып кіріп, Қытайдың жартысының иесі болып, тіпті бүкіл Қытайдың қожайынына айналып, қытайлардың орнына елді басқарып, оны турадан-тура батыс өркениетпен үздіксіз өзара тоғыстырды.

Қытайлық өркениеттің даму жолы – әлемдегі ең ірі де күшті дала және жаһандағы ең аумақты да әлжуаз егістік алабында туылған айрықша бір жол. Тағы көңіл бөлуді қажет ететін бір жайт: Ян-ди мен Хуаң-ди сұрапыл соғыс жүргізді. Ең ақырында Хуаң-ди жеңіп шықты. Өйткені, Ян-ди мен Хуаң-ди көшпенділерге жақын болса да, Ян-дидің ұлысы Хуаң-дидің ұлысынан бұрын Орталық жазықтағы егін шаруашылығы аумағына бірнеше жүз жыл ерте кірген-ді. Ян-диді сондай-ақ «Шэннуң ши» (егіншілік пен медицинаны жебеуші құдай) деп атайды. Ол – ерте замандағы қытайлық ұлыстардың арасында кең көлемді ауыл шаруашылығы өндірісімен ең ерте шұғылдана бастаған ұлыс. Сол себепті, Хуаң-димен салыстырғанда, Ян-ди егіншіліктің ұлттық мінезді жұмсарту ықпалына анағұрлым ертеде ұшыраған. Көшпенділер рухының үздіксіз жеңіске жетуі, сондай-ақ ең ақырында егіншілердің рухын жеңуі секілді бұндай ғаламдық обьективті заңдылық та Қытайдың тарихында өз ролін көрсеткен. Ян-Хуаң шайқасы қытайлық өркениеттің тарихындағы төтенше маңызды бір негізгі арқаудың басталу түйіні болып саналады. Осы негізгі арқау дәл көшпелі халықтар мен егінші халықтар, көшпенділердің рухы мен егіншілердің рухы арасындағы күрестің, араласып сіңісудің және дамудың тарихы-дұр. Бұл негізгі арқаудың тарихы таптық күрестің тарихынан әлдеқайда көне, әлдеқайда ұзақ. Ол қоғамдық таптар әлі қалыптаспаған уақытта басталған еді. Оның үстіне, осы негізгі арқаудың тарихы Қытайдың өркениетіне де анағұрлым терең ықпал етіп, қазірге дейін тиімділігін көрсетуде.

- Тіптен қызық екен. Байқаймын, сахарадағы көне мекенге бармасақ, дала халқымен дидарласпасақ, дала көкжалдарын және бөрі тотемін құрметтемесек, онда біз толығымен жаңа ұстанымда тұрып, қытайлық өркениеттің жәй-жапсарын және мән-жайын, сондай-ақ бұндай өркениеттің астарында не барлығын да біле алмайды екенбіз. Сахараға келіп, бөрілермен араласқаннан кейін менің санамдағы ұлы қытайшыл шовинизмнен шынымен де арылдым, - деді ынталанған Яң Кэ қызығушылық танытып.

- Осы жылдары мен бұл мәселелерді үздіксіз сараптаумен және зерттеумен болдым. Қытайдың тарихы және қытай ұлтының 5 мың жылдық мінезінің қалыптасуы және құбылып дамуы біршама күрделі болған. Алайда, жүйелі түрде ізденуге болады. Қазір жалпы бұның логикалық жүйелілігі көріне бастады, - деді Чен Чжен

- Сөзіңді жалғастыра бер. Тек сен сөйлеуден шаршамасаң, аяғына дейін бәрін тыңдауға мен әзірмін, - деді Яң Кэ.

- Мен де осыларды саған айтуға әбден бекінгенмін. Әңгімелеген сайын ғана бұл мәселе тіпті де айқындала түседі. Сен тыңдағаның мені одан сайын құлшындыруда.... Сәлден соң тағы айтармын. Бөлтіріктің бұрынғы тұрағына келіп қалдық. Өзімнің бөлтірік ұстазыма зерттеу жұмысымның нәтижелерін баяндауым қажет. Ол менің нағыз ғылыми жетекшім ғой. Тағы біреуі – Білге-ата. Ал иен даланың қасқырлар тобы және далалықтардың бәрі де менің құрметті ұстаздарым болды, - деді Чен Чжен.

Таудың етегіндегі бұрынғы қалың қамыстар әлдеқашан жойылыпты. Джип аласа, сирек, сарғыш аралас жұтап қуарған қамысты жерден өтіп, Қаратас тауының етегіндегі көлбеу беткейге өрмеледі.

- Бөлтіріктің апаны әлі есіңде ме? - деп сұрады Яң Кэ.

- Мұғалімнің үйін шәкірт қалайша ұмытады? Мен ескі апанға ең жақын беткейдің етегінде тоқтағанмын. Жоғары шығатын жолдың бөлігін жаяу жүреміз. Жаяу жүру керек! - деді Чен Чжен сенімді кескінмен. 

Джип баяу алға жылжыды. Бөлтірік туылған жерге жақындаған сайын Чен Чженнің жүрегі кенеттен абыржып лүпілдеді. Ол өзін құдды бір зиратқа кешірім сұрауға барған кәрі соғыс қылмыскеріндей сезінді. Сол зиратта ол мерт қылған жеті бөлтірік көмілген-ді: бес бөлтірік әлі көзін ашпаған және емшектен шықпаған еді. Біреуі ғана жаңадан жүруді үйренген-ді. Тағы біреуінің азу тістерін ол кемпірауызбен қырқып зақымдап, темір шынжырмен байлап-матап, қып-қысқа өмірін еркіндіктен маһрұм қылды һәм ақырында өз қолымен жаншып өлтірді. Табиғаты еркін, барған сайын еркіндікті қастерлеген Чен Чжен керісінше бір ең озбырлы нашар іс жасаған еді. Ол өзінің жастық шағында жасаған сол қан тамған қылмысына бетпе-бет келуге төзе алмады. Ол кейде тіпті өз зерттеуінің нәтижелерінен жиренетін. Оның дәл осы әуестігі және зерттеулерге құштарлығы ғана әлгі жеті бөлтіріктің қуаныш пен еркіндіктен айырған еді. Оның қолжазбасы жеті сүйкімді бөлтіріктің қызыл қанына малынып жазылған-ды. Ақиқатында, бұлар көсем ақ арланның асыл тұқымды қанына ие бір топ дала көкжалдары еді ғой.... 20 шақты жылдан бері оның жүрегінің терең түкпірінде осы қанды қарыз үшін өзін ұдайы жазғыратын және азаптайтын. Бөрілерді өлтірген сол далалықтардың бәрі неге өмірінің аяғында өз денесін қасқырлар тобына табыстауға риза болатынын ол да түсінді. Онысы тек жанның аспанға көтерілуі ғана емес, «алып жеген етін қайтадан қайтару» ғана емес, бұның ішінде қолымен істеген қылмысты күнәсі үшін ауыр қысылу, өзі денесімен қайтару ойы, сондай-ақ дала көкжалдарына шынайы сүйіспеншілігі жасырылған.... Дегенмен, қазіргі кезде сахарада мәйітті тастайтын жер қалмады ғой.

20 неше жылдан бері қадірлі де ақылды, сүйкімді де байғұс бөлтірік оның түстері мен ой-қиялдарына жиі еніп тұрды. Алайда, бөлтірік керісінше оны ешқашан тістемеген, одан өшін алмаған, тіпті оны қауып алу ниеті де болмаған. Бөлтірік әрдайым оның алдына жылмаңдай жүгіріп келіп, оның балтырын құшақтайтын, тізесіне сүйкенетін. Оған қоса, әрдайым оның қолдарын, иегін жалайтын. Бірде Чен Чжен түсінде өзінің жерде жатқанын, кенеттен оянып кеткенде бөлтіріктің оның бас жағында жатқанын көреді. Ол түйсіксіз байқамаған халде қолымен өз тамағын басып жатқан екен. Бөлтірік оның оянғанын көріп, жатқан жерінде асыр салып аунап, құрсағын аспанға қаратып жалаңаштап, оған қасытпақшы болады.... 20 неше жылдағы сансыз түстерінде бөлтірік әрқашан қастыққа жақсылық көрсетіп, құдды оның аяулы сәбиіндей оған еркелей жүгіріп келіп, жылы қауышатын.... Оның түсінбеушілігін тудыратыны: бөлтірік оны жек көрмек түгіл, тұмсығын тыржитып, тістерін ақситып, сес көрсетіп ырылдамайтын. Қайта жігітке арт-артынан бөрілік достық пен махаббат сезімін білдіретін. Оның көзіндегі сүйіспеншілікті адамдар қауымының арасынан ешқашан көрмеген еді. Бөлтіріктің махаббат сезімі соншама байырғы да құлазыған, мейірлі де риясыз еді....

Шағыл тастары бей-берекет шашылып, шөп басып кеткен беткейді көрген Яң Кэ 27-28 жыл бұрын орын алған сол рақымсыз қырып-жою әрекеттерін қайта көргендей болды. Оның көздерінен ауыр өкініш пен өз-өзін айыптау көрінді.

Джип төбенің баурайында тоқтады. Чен Чжен алдында орналасқан тегіс жерді нұсқады.

- Бөлтіріктердің уақытша жасырынған апаны міне осы, - деді Чен Чжен, - Мен оларды қазып шығардым. Расында да бас айыпкер менмін. Мен Олұннан кеткен кезде апан құлап тапталған еді. Қазір оның ешбір белгісі де көрінбей қалыпты. Біз осы орыннан ескі апанға барайық.

Екеуі машинадан шықты. Чен Чжен арқасына сөмкені асынып, Яң Кэні жетектеген күйі әлгі төбеге баяу айналып барды. Таулы беткейге шыққан олар бұрын ұзын тікенді бұта-бүрген, тікенек басып, биік қурай шөп көміп тұратын төбенің үсті осы кезде тап-тақыр беткейге айналыпты. Беткейдің етегінде жасыл шымылдық болып тұратын һәм қорғаныш ретінде пайдаланылатын қалың қамыстар да жоқ. Тағы ондаған метр жүріп еді, екеуінің көз алдында тосыннан баяғы 100 жылдық ескі апан көріне кетті. Көне апан бұрынғыдан әлдеқайда үлкейген сияқты. Алыстан қарағанда, Шэнси өлкесінің солтүстік бөлігіндегі сары топырақты биік беткейде қалдырылған шағын тұрғын үңгірлер ұқсайды. Тынысы тарылған Чен Чжен шапшаң аяңдады. Апанның алдына жақындаған ол оның үлкеймегенін, тек апанның төңірегін қоршай қорғаған биік шөптерден айрылғандықтан ғана бұрынғыдан үлкен болып, аңырайғанын байқады. Қатарынан біраз жыл жалғасқан құрғақшылық апанның әуелгі пішінін негізінен сақтап қалған. Тек оның аузының астыңғы жағына бірталай шағыл тастар мен топырақ үйіліпті. Чен Чжен апанның жанына барып, тізерлеп отырды. Ол көңілін орнықтырған соң апанның алдында бүгіліп, ішіне көз жүгіртті. Үңгірдің іші топырақ, шөп-шалаң, тікенектің сабақтарына толып қалыпты. Ол сөмкеден электр қолшамын шығарып, апанның ішіне жарық түсірді. Іштегі қуыстың бұрылатын жері тас-топырақ, сарғыш құм, шөптің үгіндісімен бітелген екен. Еңсесі түскен Чен Чжен апанның алдындағы текшеге отырды һәм ескі апанға сілейіп қарады. Яң Кэ де электр фонарикпен апанның ішін егжей-тегжейлі шолып өтті.

- Дұрыс! Дәл осы апан! Сен нақ осы апаннан ішке кіргенсің. Ол кезде мен сыртта шынымен де екі жақтан зәрем ұшып қорықтым. Ішінде сенің құртқаға тап болуынан алаңдадым, сондай-ақ сырттағы қасқырлар менің өмірімді ойыншық көруінен қорықтым.... Екеуіміз сол кезде расында батыр болыппыз-ау. Шынын айтсақ, сенің теорияларың расында да нақ сахараның кіндігіне тереңдеп, көкжалдың апанына тереңдеп алынған ғой...., - деді Яң Кэ.

Ол денесін тағы еңкейтіп, апанға қарап айғайлады:

- Бөлтірік, бөлтірік! Тамақтың уағы келді! Чен Чжен екеуіміз сені көруге келдік!

Яң Кэ құдды жаңа жайылымда бөлтірік өзі қазған апанның алдында тұрып, оның тамақ ішу үшін шақырғандай көрінді. Алайда, бөлтірік апанның ішінен енді ешқашан атыла жүгіріп шықпайтыны белгілі еді....

Чен Чжен орнынан тұрып, үстіндегі топырақты қақты. Сосын ол тағы еңкейіп, текшенің үстіндегі қоқым шөпті бір-бірлеп жұлды. Содан соң сөмкесінен жеті бейжіңдік шұжықты шығарылды. Оның ішінде біреуі ерекше жуан шұжық еді. Бұны кезінде өзі асыраған бөлтірікке арнады. Чен Чжен осы аза білдіру тағамдарын әдептілікпен текшенің үстіне қойды. Сөмкеден шығарылған жеті хош иісті майшам текшенің үстіне қадалды һәм тұтатылды. Қағаздар папкасынан алынған қолжазбаның алғашқы беті отқа тұтатылып жағылды. Оттың жалыны «Бөрі тотемі» және Чен Чженнің есімін өртеді. Бөлтірік пен Білге-атаның аспандағы аруақтары оның уәдесі мен тәубе ғибадатын қабылдауын тіледі ол. Алау тура Чен Чженнің саусағына дейін жанып барып сөнді. Чен Чжен тағы Білге-ата ұнатқан бір шөлмек «Бейжің эрготоу» арағын шығарып, ескі апанның алдындағы текшенің үстіне және айналасындағы құм мен шөпті жерге сеуіп-шашып, ғибадат етті. Олұн даласында бұрынғы 2-отрядтың жайылымындағы әрбір көне апанның жанында қарияның іздері қалғаны оған мәлім еді. Ақсақалды тыңдамай бөлтірікті асыраудан қайтпағандықтан, оның көңіліне қаяу салды. Қарияның алдындағы осы күнәсі де мәңгі кешірілмейді. Екеуі қолдарын созып, алақандарын аспанға жайып, Тәңірге телміре қарады. Будақтап шұбатылып көтерілген түтінге ілесіп, бөлтірік пен Білге-атаның аруақтарын іздеді....

Чен Чжен «Бөлтірік! Бөлтірік! Ата! Ата! Сендерді көруге келдім....» деп дауыстап шақырғысы келді. Алайда, дауыстауға батылдығы жетпеді. Ол дауыстап шақыруға тұрарлық емес-тін. Олардың аруақтарын мазалауға оның батылдығы бармады. Жалғыз ғана алаңдағаны: олар көздерін ашып, төмендегі осыншама құрғап сарғайған, әбден тозығы жеткен «кең даланы» көріп қалуынан шамырқанды.

Қуаңшылықтағы Тәңір жылағысы келсе де, көз жасын шығармай тұр....      

Уақыт әлі ерте болатын. Екеуі машинаның жанына барып, тағам салынған қоржынды түсіріп, джиптің көлеңкесінде түзгі тамағын жеді. Чен Чжен арақты үндемей ішті. Көңілі жабырқау, қасірет шеккен. Арақтың уытынан көздің жасы шықты, көз алдындағы бөрілер тауы бұлдырлады.    

- Сен де тым қайғырма. Өз шығармаңды жазып шықсаң, бөлтірік пен ата үшін ең үлкен жұбаныш пен орнын толтыру болар еді. Іс жүзінде кейін келе бөлтірік біз екеуімізбен, әсіресе сенімен төтенше тату болды. Ол сені өкіл әкесіндей санады ғой. Тәңір оған мән-жайды айтқан болу керек. Бөлтірік те саған кек смақтамайды. Бүгінгі заманда адамдардың сезімі барған сайын тұрлаусыз да сенімсіз болып барады. Он неше жыл адвокат болып істедім, қытайлардан барған сайын түңілдім. Әкесі әлі жанын тапсырған жоқ, балалары мен жақын туыстары науқас қарияның төсегі алдында мұрасына таласып, айғайласып дауласады. Шуылдасып ұрысқаннан қарт кісінің соңғы демін тыныш шығаруына мүмкіндік бермейді. Қазіргі үлкен қалаларда нағыз тебірендіретін өксіп жылауды тек адамдардың мәпелеген үй жануарлары мен сүйікті иттері өлген кезде ғана есітуге болады.... Болашақта адамдар шындық, ізгілік, сұлулықты тек жануарлар әлемінен ғана іздеп табуы мүмкін, - деді Яң Кэ.

- Шындық, ізгілік, сұлулықты ғана емес-ау, - деді Чен Чжен күрсініп.

- Өз лекцияңды жалғастыра бер. Қасқырлардың ата-мекенінде, шөл далада бөрі тотемі жөніндегі лекцияны сөйлеу бөлтірікке, иен далада соғысып өлген барша арлан батырларға арналған ең үлкен аза тұтып, құрметпен еске алу болады ғой. Бөлтірік аспанда сөзсіз басын бұрып, құлақтарын тікірейтіп, тып-тыныш халде сенің әңгімеңді тыңдайды, - деді Яң Кэ.

Чен Чжен бір қадақ арақты сылқ етіп ішті. Көкжалдың жыртқыш қайрат-қуаты тура төбесіне шапшыды. Ол аузы тыным таппай сол жерде-ақ лекциясын жалғастыра бастады:

- Жалпы айтқанда, бөрі сипатты далалық қоршаған орта жыртқыш мінез бен қанды қалыптастыратын қызметке ие. Ал қой сипатты егістік орта қойдың мінезі мен қанын қалыптастыратын қызметке ие болады екен. Ян-ди мен Хуаң-ди екі патша ұлыстарын бастап Орталық жазыққа ойысқан кезде жағдай мынадай болған:

1. Ян-ди мен Хуаң-ди ұлыстарының бойында жойқын да өжет қасқыр сипатындағы мінез бен қан болған-ды.

2. Сол кезде Орталық жазық пен солтүстік-батыстағы байтақ өңірде әлі де көшпенділердің кең көлемді жайылымдары болған еді. Онда жыртқыш көкжалдар топ-тобымен өріп жүретін. Сол себепті, ол кездегі Қытайда әлі де бөрілердің мінез-құлқы мен қанын қалыптастырған мықты қызмет бар еді.

3. Егістік жерлерді молынан игеріп пайдалану егін шаруашылығы ортасындағы қойлардың мінезі мен қанын қалыптастыратын қызметтің ролі ойнай бастайды.

4. Конфуций және оның тәлімдері әлі дүниеге келмеген. Кейін пайда болған конфуцийлік ілім жұрттың бойына егіншілік идеологиясын жинақтады. Ол қытай ұлтының мінезінің қалыптасуына орасан зор ықпал жаратты. Бұл жерде түсіндіруді қажет ететін нәрсе: алғашқы кездегі конфуцийлік ілім сол уақыттағы Қытайдың жартылай мал шаруашылық, жартылай егін шаруашылық ортасында туылды. Сондықтан конфуцийлік тағылымдар «үш парыз, бес уәжіп» (феодалдық заманда ежелгі қытайлардың өзара қатынасының моральдық өлшемі) өлшеміне лықсып толса да, егін шаруашылығы сана-сезімі мен идеологиясының ырқына көнуді қорғаштаса да, алғашқы кездегі дәстүрлі конфуцийлік кітаптарда қайсар да ержүрек көшпенділердің ескі салты мен қасиеті қамтылған еді. Мысалы, «аспан денелерінің қозғалысы күн мен түнге қарамастан айналып қайталанады, ал асылзада мырзалар аспанның мойымас қайсарлығын үлгі тұтып, үздіксіз ұмтылады» деген ұғымның кейінгі Суң, Миң патшалықтарының заманындағы тап-таза егіншілік конфуцийлік ілімнен үлкен айырмашылығы бар.

Сол себепті, ең алғашқы сатыда Ян-Хуаң бұқарасының қасқырлық қаны бейбітшілік пен тыныштықтағы егіншілік тұрмыспен әлі сұйытылмаған-ды, жойқын да асау көкжалдық мінез бен көшпенділер рухы рахатқа бөленген отырықшы егіншілік ортада оңайлықпен жұмсарып кетпеген-ді.

Ян, Хуаң ұлыстары жартылай малшы, жартылай егінші жүйені іске асыра бастады. Осылайша, олар мемлекет пен отанды қорғауға бағытталған тегеурінді жауынгер мінез бен ерен әскери қабілетке ие болды. Оларда біршама тұрақты еңбек пен өндіріс алғышарттары болған. Өндіріс арқылы өз тұрмыстық бұйымдарды жеткілікті түрде қамдап отырды. Сондықтан осы жаңа ұлт орасан зор қуатты өндіріп жаратты. Осыдан соң қытайлар Орталық жазықтың байтақ жерінде еңсе көтеріп, бой көрсетті. Халықтың саны қаулап өсіп, мемлекеттің іргесі қауырт кеңейді – Хуаңхэ өзенінің алабынан тікесінен Яңцзы өзенінің алабына дейін кеңейді. Да Юйдің (аңызға айналған қытайлық билеуші) моласы дәл қазірге дейін Яңцзы дариясының оңтүстігінде тұр ғой.

Алайда, біртіндеп ұлғайған егіншілік тұрмыс көшпелі халықтардан қалған бөрілік мінезді ақырындап шірітіп жойды, сондай-ақ әлдеқашан бірте-бірте тарылған Орталық жазықтың жайылымдарындағы қасқырлық мінез бен қанды қалыптастыру қызметін біртіндеп бүлдірді. Шаң әулетінің соңғы кезеңіне келгенде, батыста Чжоу елі көтеріле бастады. Сол кездегі Чжоу елі егін шаруашылығымен шұғылдана бастаған. Алайда, Чжоу елі батыста орналасқандықтан, мемлекеттің тұрғындарының көпшілігі руң-ди атты көшпенді халықтар еді. Кезінде Чжоу патшасы Гу-гуң үлкен қайрат-күш жұмсап, руң-ди тайпаларының бағзы заманғы салт-дәстүрлерін күшпен өзгертіп, шыт жаңа феодалдық өндірістік қатынастарды орнатты. Жалпы, көшпелі халықтар соғыс өнерін жоғары қоятын, соғысуға шебер келеді. Егінші халықтар оқу-ағарту мен өнерге бейім, тәрбиеге епті болады. Чжоу елінде сақталған егіншілер мен малшылардың аралас қоныстанған, өзара қосылған ұлттық құбылыс Чжоу патшалығының ұлттық мінез жағынан мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы араласқан жартылай көкжал, жартылай қой секілді будандасқан сипат берді. Сонымен қатар, Чжоу елі шекараның сыртындағы көшпенді руң-ди тайпаларының шапқыншылығына жиі ұшырады, олармен қырқысуға мәжбүр болды, осы арқылы да менталитет пен әскери жағынан нақты соғыс қимылдарын жаттықтыруға қол жеткізді. Сол себепті, Чжоу елі мінез жағынан біршама толық жетілген, бөрілік пен қойдың қасиеттері бірлескен, жартылай жабайы, жартылай өркениетті, азаматтық құпиялар мен әскери стратегияларды игерген, ептілігіне ерлігі сай ел болған, Орталық жазықтағы егіншілікті негізге алған халықтан әлдеқайда қасқырлық қанға ие болған, ержүрек те талапты мінезге ие болған, сондай-ақ біршама жоғары дәрежелі әдеп (этикет) пен өркениетке ие болған, ақ пейіл халыққа жақсы қараған һәм сүйген, ортаға ұйысқыш қуатқа ие болған. 

Б.з.д. ХІ ғ. Чжоу патшасы Уваң (б.з.д. ХІІ-ХІ ғғ. Чжоу әулетінің негізін қалаушы) батыстағы сегіз руң-ди елдерімен бірлесіп, «300 соғыс арбаға отырған 3 мың жаужүрек әскер, 45 мың сауытты жауынгерді жеке өзі басқарып, шығыстағы Чжоуға ( – Шаң дәуірінің ең соңғы кезеңіндегі шығыс тараптағы елдердің бірі) қарсы соғысуға аттанды». Ал осындағы «соғыс арба» және «жаужүрек әскер» сөздері Чжоу патшалығы қосындарының көшпенді жыртқыш ерекшілігін әйгілейді. Чжоу патшасы Уваң Шаң патшасы Чжоуваңның (б.з.д. ХІ ғ. Шаң әулетінің соңғы билеушісі) 700 мың адамдық ірі қосындарымен болған шешуші шайқастың қарсаңында аспанға қарап «ант» беріп, бүкіл армиясын дұшпандармен «жолбарыс, қоңыр аю, қызыл көкжал сияқты» қаһармандықпен шайқасуға шақырған. Жолбарыс пен бөріні үлгі тұтқан Чжоу елінің жойқын қосындары аз санмен көпті жеңіп, аса зор жеңіске жетті, Шаң патшалығын (б.з.д. 1600-1046 жж.) жойды, қытайлық өркениетке айрықша үлкен әсер еткен Батыс Чжоу патшалығын құрды.

Чжоу елі руң-ди халықтарымен аралас-құралас қоныстанған кезде көшпенділердің аспан мен тотемді құрметтеу секілді терең ықпалына ұшыраған. Кейін келе Чжоу елі тағы осы ықпалды Қытайға әкелді, сондай-ақ аспанды құрметтеуді қытай ұлтының ең жоғары сыйыну дәстүріне айналдыруды жалғастырды. Чжоу патшалығының ең жоғарғы билеушісі де «Чжоу Тян-цзы» (Аспанның баласы Чжоу) деп аталды.

Чжоу елі мен Чжоу әулетінің бұндай жартылай қасқыр, жартылай қой аралас ерекшелігі Чжоу еліне және Батыс Чжоу патшалығына көшпенді халықтың көкжал қасиеті мен қанын сіңдіріп ғана қоймады, оның үстіне бүкіл қытай ұлтына дала бөрілерінің қанын қайтадан құйды. Мыңдаған жылдар бойы егіншілердің қой тұрпатты қанымен біраз сұйылып солғындаған осы жыртқыштар қаны қайтадан жаңаланып, бұрынғы қоюланған ара-салмаққа қайта оралды. Осы жолғы қан құю Чжоу патшалары Вэнваң, Уваң және Чжоу-гуң секілді қытай ұлты мен өркениетіне келелі әсер еткен ұлы тұлғаларды тудырды. Сол кездегі қытайлардың данышпан әулиелерінің бәрі қайсар көшпенділердің рухына ие болды: мінезі батыр, пейілдері кең де жарқын, көреген де сақ болған-ды.

«Аспан денелерінің қозғалысы күн мен түнге қарамай айналып қайталанған, асылзада мырзалар аспанның мойымас қайсарлығын үлгі тұтып, үздіксіз алға ұмтылған» деген ұлттық рух дәл осы дәуірде жаратылды, сондай-ақ сол уақыттағы ұлттық мінез-құлықты дәлме-дәл бейнеледі. Ал бұндай ұлттық рух көшпенділердің рухымен молынан толықсыған еді.

Егіншілік табиғи түрде тудырған табыстарға жетуді ойламаушылық, алға жылжуға ұмтылдырмайтын жан тыныштығы және іріп-шіру Шаң әулетінің жойылуының ішкі себебі болды. Өз күшіне сүйеніп, дамылсыз алға талпынған Чжоу әулеті Шаң әулетінің орнын басуы логикалық жағынан дәлелді де табиғи құбылыс еді. Батыс Чжоу патшалығының гүлденген кезеңінде патшалар Венваң мен Уваңның жолы бірде қатал, бірде бос болып, тиісті шамада жүргізілді. Олар саясатпен оңап, қарудың күшімен бағындырып, жарқын да ғаламат кезеңді орнатты, қытай ұлтының қалыптасуы және дамуының негізін қалады.  

Чен Чжен машинаның дөңгелегіне сүйеніп, аяқтарын соза отырып, әңгімесін жалғастырды:

- Қытай ұлтының бұдан кейінгі жолы дәл осы қытайлық өзгешелігіне толған бағытқа сәйкес дамыды. Егін шаруашылығы сөзсіз егінші халықтың мінезін жұмсартты, ал байтақ даладағы көшпелі мал шаруашылығы көшпенді халықтың мінезін сөзсіз күшейтті. Ежелгі қытайлық өркениеттің дамуы және тоқтаусыз жалғасуы көшпенділердің мерзімді немесе мерзімсіз түрдегі үздіксіз қан құйылуы арқылы іске асқан. Бірнеше мың жыл бойы Қытайдың ежелгі өркениетінің даму заңдылығы міне осындай болған. Ал бұл заңдылық халықтың тіршілігі мен дамуының түбірлі мәселесіне, яғни ұлттық менталитет мәселесіне саяды.

Қытай мен әлемнің тарихы сипаттағандай, тарих әсте «кездейсоқ оқиғалардың үйілуі» емес, қайта оның ішкі обьективті даму заңдылығы бар. Алайда, қытайлық өркениеттің гүлдену һәм күйреу тағдырының дамуының ерекше заңдылығы осы күнге дейін «кездейсоқ оқиғалардың үйіндісі» ішінде көміліп жатыр. Егер «ұлттық болмыс пен ұлттық мінез» секілді зерттеу тұрғысы және оның әдістері арқылы осы «үйіндіні» зерттеп талдамасақ, онда қытайлар өзінің ерекше өркениетінің гүлдену мен күйреуінің даму заңдылығын және Қытайдың тағдырын мәңгі-бақи игере алмай қалады.

Жеке тұлғалар жөнінен алғанда, мінез-құлық олардың табысқа жетуін және дамуын белгілейтін шешуші фактор болып отыр. Ұлт жөнінен алғанда, ұлттық мінез бір ұлттың тағдырын шешетін қысылтаяң кезеңде мемлекеттік маңыздылыққа ие істердің бірі болып табылады. Әлемдегі барша ұлттардың көркею мен күйреу, құлпыру мен құлдырау тарихына қарасақ, ұлттық мінез ұлттың жотасындай маңызды мәселе-дүр. Бір ұлттың мінезі қайсар да талапты болса, сол ұлттың болмысы мен дамуының зор және мол орайы болатынын тарих дәлелдеп отыр. Ал ұлттың мінезі осал болса, онда осы ұлттың екшеліп-ығыстырылып тасталу ықтималдығы үлкен болмақ. Жаһанда қазір тіршілік еткен ұлттардың құндық өлшемі тұрғысынан қарағанда, ұлттық мінездің әлсіреуі сол ұлттың ең түбіне жететін кемшілігі болып саналады. Өйткені әлжуаз ұлттық мінез бен менталитет – барлық жамандықтың тамыры. Бұл құбылыс ең арсыз да намыссыз, ең кешірілмейтін төмендегідей бірқатар күнә-қылмыстарды өзімен әкеледі: табыстарға жетуді ойламайтын марғаулық, көз аясы тар енжарлық, отанын сататын намыссыздық, жерін сатып соғыс шығынын өтеушілік, сатқындықпен тізе бүгу, өзгеге тізе бүгіп мансап алу, халқын қырғынға ұшырату, елін сатып жіберу, құлдыққа түсу, малай болуға көну, кемсітіліп қорлану, ұлттың нәсілін өзгерту, тіл-жазуын өзгерту, есімін өзгерту, салауатын өзгерту. Міне осылардың бәрі де әлсіздіктен туылады. Дүние жүзінде сансыз ежелгі егінші халықтар өз мінезінің осал болуы себепті, рақымсыз әлемнен мейірімсіздікпен екшеліп тасталды. Әлем дамып, бүгінге жеткенде, демографиялық күрт өсудің арқасында халықтың саны шамадан тыс көбейді, тіршілік кеңістігі тарылды және ресурстар күннен күнге азайды, ұлттық мінез мәселесі анағұрлым көрнектілене түсті. Сондықтан ұлттық менталитет мәселесіне тіпті де жан-жақтылы көңіл бөлу керек. Соның үшін ұлттық мінез тұрғысынан қытайлық өркениеттің эволюциялық даму тарихын қайтадан тексеріп, қайта қарастыру қажет.

Меніңше, көшпенді халықтардың қытай ұлтына және өркениетіне қосқан ұлы үлестерінің ең бастысы рухани және мінез жағындағы үлесі-дүр. Ал қайсар да талапты ұлттық мінез өркениеттің діңгегін жасайды және тіреп тұрады. Қытайдың егінші халқы ежелгі заманғы қытайлық өркениетті жаратқан бас пен қол болса, көшпенділердің рухы мен мінез-құлқы бүкіл осы өркениеттің бел омыртқасы болып табылады.

Осында ерекше көрсетуді қажет ететін жайт: Батыс Чжоу патшалығынан (б.з.д. 1027-770 жж.) кейін қытай ұлтының жетекші сипатындағы гүлдену мен күйреу заңдылығы да осы тұстан басталған:

- қытай ұлтының мінезінде қойдың мінезі қасқыр мінезінен күшейгенде, Қытай жат елдердің шапқыншылығына ұшыраған, жер-сулары ойрандалған, бөтен жұрттың білгенін істеп бөліп-жаруына түскен;

- көкжалдық мінез қойдың мінезін басып түскенде, Қытайда деспоттық дара билік дәурендеген немесе әскери милитаристердің өзара дау-тартыстары туылған, халықтың көтерілістері бұрқ еткен, соғыс ылаңы мен аласапыраны толастамаған. Қытай ұлты мінез-құлқы жағынан бөрінің және қойдың қасиеттері негізінен тепе-тең теңесіп, қасқырлығы қойдың қасиетінен кішкене басым түскен кезде ғана Қытай елдің іргесін кеңейтіп, мемлекетін бай, халқын ауқатты етіп, экономикасы мен мәдениетін гүлдендіріп көркейткен.

Төменде біз Қытайдың тарихы осы заңдылық бойынша дамыған-дамымағанына зер салып көрейік, сондай-ақ мемлекет тарихының даму фактілері бұл даму заңдылығын растаған-растамағанына көз жүгіртейік.

Батыс Чжоу патшалығының соңғы кезеңінде ұзақ мерзімді егіншілік бейбіт тіршілік даңғой билеушілерді шексіз азғындатты. Олар ойын-сауықтың қызығына беріліп, жігерін жойды, өз құмарлығының құлына айналды. Нәтижеде бектер соғыс өртін тұтатты. Патшаның мінезі әлсізденіп, елді байытуға, армияны нығайтуға зауқы тартпады. Нәтижеде Чжоу патшасы Юваң жабайы да ержүрек цюәнруңдардың шабуылынан қаза табады. Патшаның ерке-шолжаң ханымы Бао Сы қолға түсті. Цюәнруңдар Қытайдың ең жоғары билігі мен мәртебесінің белгісі болған «тоғыз тұтқа» аталатын қымбат бұйымды да тартып алып, сахараға әкетіпті. Олар елдің астанасы Фэңхаоның солтүстік-батыс бөлігін басып алды. Шамамен 300 жыл дәурендеген Батыс Чжоу патшалығы жер бетінен жойылды. Содан кейін цюәнруңдар қытай ұлтының ең үрейлі дұшпанына айналды. Таң әулетінің заманына дейін Орталық жазықтағы халық солтүстік-батыстағы барлық көшпелі елдерді «цюәнруңдар» және «руң-ди» деп жалпылама атаумен атаған. Таң патшасы Дайцзуң (727-779 жж.) билеген жылдары тайчаң (патшаның ата-бабаларының ғибадатханасында салт-рәсімиеттерді басқарушы мансапты) Лю Каң патшаға баяндама ұсынып, келесіні мәлімдеді: «Цюәнруңдар елдің солтүстік-батыс бөлігіне шабуыл жасап, ешбір қан төкпестен астанаға басып кірді....». Таң патшасы Дэцзуң (742-805 жж.) билеген жылдары уәзір Лю Хун патшаға «Руң-дилер жыртқыш аңдар сияқты, одақтық шарт жасамай-ақ одақтасуға болады» деп айтқан. Осы «цюәнруң» сөзіндегі «цюән» иероглифы қытайлардың қатты қорлау сипатындағы ерекшелігін көрсетеді. Сонымен қатар, руң-ди ұлыстарын «жыртқыш аңға» теңеу де цюәнруң немесе руң-ди тайпаларының көкжалдық қасиетін дәл көрсетеді. «Чунцю» (Көктем мен күз) кезеңінің алғашқы жылдарында цюәнруңдар Цин патшалығының қуатты дұшпанына айналды. Кейіннен цюәнруңдардың бір тармағы солтүстіктегі Моңғолия даласына көшіп, сол өңірдегі ең ертедегі көшпенді халықтарының біріне айналды. Қытайдың көшпенді халықтарын, көшпенділердің рухын және көшпелі халықтардың тотемін зерттеуде, ежелгі ғұндар мен цюәнруңдардан бастау керек.

Тарихи құжаттардағы естеліктерге негізделгенде, цюәнруңдар өз ата-тектерін екі ақ төбет деп қараған, сондай-ақ ақ төбетті өз тотеміне айналдырған солтүстік-батыстағы ең көне көшпелі халық болған. Олар Батыс қияндар ұлысына жататын. Ертеде өмір сүрген Ян-Хуаң дәуірінде цюәнруңдар Ян-Хуаң ұлысының қас дұшпаны болған. «Кейінгі Хән әулетінің тарихында» мынадай естеліктер бар: «Бұрын Гао Синши (ежелгі бес атақты патшаның бірі) цюәнруңдардың шапқыншылығына ұшырады. Патша олардың шапқыншылығынан мазаланып алаңдады, жазалау жорығына аттанбады». Гао Синши – Хуаң-дидің шөбересі, Яо-дидің әкесі. Тарихи деректерде цюәнруң тайпасының тотемі ақ төбет екендігі жазылған. Алайда, ақ төбеттің жабайы ит немесе үй иті екендігі түсіндірілмеген. Дегенмен, ақ төбеттер түптің-түбінде жабайы иттер немесе үйдің иттері болуының маңызы зор. Өйткені, бұл ұлттық мінез бен менталитет мәселесіне, Қытайдағы көшпенді халықтар және қытай ұлтының тотемінің қайдан келіп шыққаны және басқа да бірқатар келелі мәселелермен тығыз байланысты.

Менің есептеуімше, ақ төбет дегені ақ бөрі болуы мүмкін. «Кейінгі Хән әулетінің тарихы» жылнамасында жазылғандай, Хән патшалығына дейін байырғы цюәнруңдар әрекет еткен аумақта кезінде жан саны өте көп Батыс руңдардың «Ақ қасқыр елі» пайда болған. Шығыс Хән патшасы Миңдидің заманында (28-75 жж.) «Ақ көкжалдар.... және басқа 100 астам елдің түтін саны 300 мың отау, жан саны 6 млн. астам адам болған. Олар мал өсіріп, салық төлеп, өз еркімен Шығыс Хән патшалығына бағынды» деп жазылған. Ақ бөрілердің билеушісі жұртқа үш шумақ өлең шығаруды бұйырып, «Ақ қасқырдың жыры» деп атап, Шығыс Хән патшаларына тарту еткен. Сол себепті, Ақ көкжалдар ұлысын цюәнруң елінің өзгерген түрі деп есептеймін. Олардың билеушісі цюәнруңдардың ұрпағы-дұр. Ал ақ бөрілер ұлысы ақ қасқырға сыйынған және оны өз тотемі еткен. Бұл елдің болмысы цюәнруңдар құрметтеген ақ төбет шынымен ақ көкжал болуы әбден мүмкін екенін дәлелдей алады.

Бір адым шегініп айтқанда, ақ төбет ақ бөрі болмаған күнде де, ол сөзсіз тибеттік мастиф төбеті секілді дала қасқырынан анағұрлым биік, анағұрлым дүлей жабайы итке ұқсайды. Тарихи материалдардағы естеліктерге сәйкес, цюәнруңдар айрықша жабайы да жауыз болған. Өзімнің көшпенді халықтарды ұзақ мерзімді зерттеуіме негізделсем, тарихтағы ең көне, ең жабайы цюәнруң ұлысы болып табылады екен. Олардың ұлттық мінезі жөнінде сөз шертсек, олар мінезі жуас, айтқаннан шықпайтын үйдің иттерін ешбір құрметтемейді. Моңғолия даласында ежелден қазірге дейін өткен жылқының үстінде өмір сүрген барлық халықтар сияқты бәрі түгелдей жылқыны тотем етіп қарамайды. Өйткені, далалықтар жылқыны қолға үйретіп жуасытқан жануар болып табылады. Мінезі мен менталитеті жойқын да ержүрек барша дала халықтары өздері қолға үйретіп бағындырған үй жануарына әсте сыйынбайды, үй иттерін және үй жануарларын өзінің ұлттық тотеміне айналдырмайды. Оның үстіне, тотем дала халықтарының қасиетті рухын құрметтеу деген сөз, ал үй жануарлары керісінше малшылардың қамшылап айдайтын малайлары іспеттес, ешбір қасиетті сөзбен айтып бергісіз. Біз екеуіміз сахарада 10 жылдай өмір сүріп білмейміз бе: малшылар итті өте жақсы көрсе де, далалықтардың көкейінде ит пен көкжалдың мәртебесі төтенше парықтанады, арасында үлкен айырмашылығы бар. Иттер – далалықтардың жауынгер досы. Ал бөрілер – далалықтардың рухани күші.

Сол себепті, менің көзқарасым: цюәнруңдар сыйынған ақ төбет не ақ қасқыр, не көкжалдармен бір санатта һәм бір деңгейдегі, тіпті олардан әлдеқайда жойқын да еркін жабайы ақ ит болуы мүмкін. Сондықтан ол кездегі цюәнруңдардың «төбет тотемі» бөрі тотеміне тең келеді. Ежелгі цюәнруңдар –  Қытайдың тарихындағы жазбаша естеліктерде жазып қалдырылған «бөрі тотеміне» ең ертеде-ақ сыйынған ежелгі көшпенді тайпалардың бірі.

Оларды ең ертеде бөрі тотемін құрметтеген тайпалардың бірі деп айтуымыздың себебі – тарихи кітаптарда цюәнруңдардың нағашылары саналатын ежелгі қияндардың да ит тотеміне сыйынғаны жазылған. «Цзы чжи туң цзян» (тарихшы Сыма Гуаң 1084 ж. құрастырған тарихи-энциклопедиялық шығарма) шығармасының 190-бумасында «Таң әулеті билігінің алғашқы жылдары «ақ цзян, ақ итті қияндар елшілерін жіберіп, сый-тарту ұсынған», оның үстіне Таң әулеті «ақ итті цзяңдарды жеріне орналастырып, оларға екі аймақты тарту еткен» деп айтылған. Бұл ежелгі цзян тайпаларының да ақ төбетке сыйынғанын түсіндіреді. Іс жүзінде, ұлттық түп-тегін жіктеу жағынан қарасақ, цюәнруңдар нақ Батыс цзяңдар болып табылады. Хән әулеті билеген заманның тіл маманы Сюй Шен «Шовэн цзецзы» (қытайлық жазуды түсіндіру) еңбегінде «Цзяңдар, Батыс руңдар шопан ел» деп көрсеткен-ді. Сондықтан цюәнруңдар дәл Батыс цзяңдар болып табылады. Яғни, Батыс цзяңдар цюәнруңдарды өз ішінде қамтыған. Демек, жоғарыда баяндалған «цюәнруң», «ақ төбет» және «ақ бөрі» тайпаларының бәрі Батыс Цзяң ұлысына жатады. Бұдан Батыс цзяң елі ақ қасқырды немесе ақ төбетті тотем еткен көшпенді халық екенін кесіп айтуға болады. Ал «соғыста өлуді құт пен жақсылық, ауру-сырқаттан өлуді жамандық» деп білетін ержүрек ежелгі қияндар жуас үй иттеріне сыйынбайды, әрине. Сол себепті, ежелгі қияндар құрметтеген «ақ төбеттер» ақ көкжалдар емес, бөрілерден анағұрлым жойқын жабайы ақ иттер екен. Демек, ежелгі цяңдар бөрі тотемін құрметтеген ежелгі халық болып табылады. Қытай адамзат мәдениетінің негізін қалағандардың бірі болғандықтан, Цзяң фамилиялы Ян-дидің ұлысы сол ежелгі цзяңдардың бір тармағы болды. Ал Хуаң-ди сол Ян-димен ағайынды туысқан болған ғой. Демек, егер түп-тұқиянын қуалап, тамырын зерттейтін болсақ, ақ төбет тотемі немесе бөрі тотемі ең байырғы, ең басты тотемі болып шығады.

Бөрі тотемін құрметтеу Қытайдағы ең ежелгі қиян, цюәнруң және ежелгі ғұнның сюн’юй тайпасынан бастау алып, кейін ақ қасқыр, ғұн, қаңлы, сянби, түрк, қидан және басқа көшпенді халықтар жалғастырған, турасынан қазіргі моңғол ұлтына ұласты. Бұл – жаһандағы тарихы ең ұзын көшпенді халықтардың тотемі. Қуатты солтүстік-батыста және Моңғолия даласында көшпенді халықтар бірінен соң бірі өзінен әлдеқайда мықты көшпелі халықтар тарапынан талқандалып, аумалы-төкпелі аласапыранда жүріп, бірінің жайлауын бірі иемденгенмен, бөрі тотемі мен рухы керісінше мәңгі-бақи сақталды. Бұндай бөрі тотемінің мәдениеті мен рухы ешқашан үзілмеген екен. Тіпті ежелден ешқашан үзілмеген Қытайдың егіншілік өркениетінің ұзын тарихынан да мың есе асып түседі. Өкінішке орай, осы тотем қамтыған орасан зор рухани құнды көкжалдан қорқатын, жек көретін қытайлар ешқашан мән бермеді және зерттемеді, тіпті қасақана оны сыртқа теуіп, шетке ығыстырды.

Ерекше маңызды бір мәселе: Қытайдың байтақ жеріндегі осы екі «ешқашан үзілмеген» мәдениеттің ішінде көшпенді халықтардың бөрі тотемдік мәдениеті әлдеқайда өміршең, әлдеқайда құнды. Егер «ешқашан үзілмеген» бөрі тотемінің рухы мен мәдениеті болмаса, онда Қытайдың мыңдаған жылдық диқаншылық мәдениеті мен өркениеті үзілуі мүмкін еді. Қытайдың бірнеше мың жылдық өркениетінің ешбір үзілмеген. Бұл әлдеқашан бүкіл дүние жүзі мойындаған әлемдік өркениеттің тарихындағы бір хикметке айналды. Ал осы хикметтің артында тұрған керемет хикмет расында да тарихы анағұрлым көне, ешқашан үзілмей келген бөрі тотемінің мәдениеті болып табылады. Бұл тотемнің Қытайдың солтүстік-батысын және Моңғолия даласын мекендеген сансыз көшпенді халықтардың ұлттық тотеміне айналуының себебі - түгелдей дала бөрілерінің бойындағы адамды еріксіз табындыратын, қарсыласуға болмайтын құдіретті күш, қайсарлық пен ақыл-парасатты рухтың бағындырғыш күшінде жатыр. Бұндай ұлы да қайсар бөрі тотемінің рухы көшпенділер рухының өзегі болып табылады. Ол солтүстік-батыстағы көшпелі халықтардың рухы мен мінез-құлқына терең әсер етті, сондай-ақ қытай ұлтына және қытайлық өркениетке, тіпті бүкіл жаһанға терең ықпал көрсетті.

Тарихы осыншама ұзаққа созылған бөрі тотемін қадірлеу һәм оның рухын қастерлеу дәл оның тасқындаған өміршең күшінің ежелгі және қазіргі көшпенділердің рухының қайнар көзін мәңгі сақтауда деп есептеймін. Қазіргі заманның қытайлары өз мемлекеті үшін осынша ұлы да қымбатты, ұзақ мерзімді де қомақты рухани мұраны көміп жерлегеніне қуанады және мақтан тұтады. Бүгінгі таңда осыны бүркеп келген егіншіліктің «қой терісін» жонып жұлып, оны жарқырататын уақыт жетті. Бөрі тотемі рухының қайта жандануына орай, «Шығыстың ұйқыдағы арыстаны» шын мәнінде есін жиып, серпіле бастайды.

- Жарайсың! Керемет қызық! - деп қайта-қайта қолпаштады Яң Кэ бір шөлмек сыраның қақпағын «тырс» етіп ашып. Ол сыраны Чен Чженге ұсынды. Өзі де бір қалбыр шөлмекті ашып, шалқайып бір сіміріп, сөзін жалғастырды:

- Сенің мынау ізденуің расында да басшы ақ арлан қазған апаннан да терең екен. Сенің тұжырымыңа қосыламын. Мен де Батыс қияндар, цюәнруңдар табынған «ақ төбет» сөзсіз жабайы иттер немесе ақ қасқырлар болған деп санаймын. Мен қазірге дейін біздің Эрлаң төбетті ерекше құрметтеймін. Қияндар мен цюәнруңдар табынған тотем дәл осындай даланың иттері немесе одан да қабаған тибеттік төбет үлгісіндегі жабайы иттер болса керек. Олар адамның жетегіне жүре беретін үйдің жуас иттерін мүлде қастерлемеген болар. Әйтпесе, Шығыстың көшпенді халықтарының осыншама зор қажыр-қуатқа жеткенін түсіну қиынға соғар еді. Сенің бұл көзқарасың мені әбден иландырды. Қане, сөзіңді жалғастыр!

Чен Чжен бір қалбыр сыраны ішкеннен тіпті де қызуланып көсілді. Ол кеудесін керіп, құмайт шөптің үстінде малдас құрып отырып, әңгімесін жалғастырды:

- Батыс Чжоу патшалығынан кейін тарих «Чунцю» («Көктемдер мен күздер» кезеңі, б.з.д. 770-476 жж.) және «Чжәнго» («Соғысушы патшалықтар» кезеңі, б.з.д. 403-221 жж.) дәуірлеріне өтті. Сол шақта қытайлардың ата-бабаларының өжет мінезінің тұқым қуалайтын гені өте күшті болғандықтан, сондай-ақ Шэнси, Шәнси, Хэбэй өлкелерінде, Солтүстік Қытайдың солтүстік бөлігіндегі ұлан-ғайыр жайылымдарды әлі де көшпелі халықтар мекендегені себепті, тіпті қазіргі Хэбэй өлкесінің шетіндегі Диңсян, Пиңшән аудандарында «Ақ ди» ғұндары құрған әйгілі Чжуңшән (Орта тау) мемлекеті пайда болған. Бірнеше жүз жыл дәурендеген Чжуңшән елі «Чжуңшән көкжалының» шығуымен әлемге аты жайылған. Сондықтан ұлттық мінезі қайсар бұл ел Хән, Ян, Суң әулеттерімен бір уақытта кеуде керіп билік етті, сондай-ақ кезінде Ян патшалығының қомақты жерін тартып алды. Бұдан сол заманда Орталық жазықта һәм Солтүстік Қытайда көптеген бөрі мінезді ұлыстар мен қасқырша менталитетті көруге болады. Оның үстіне, сол замандарда Орталық жазықтағы мемлекеттер солтүстік-батыстағы көшпелі халықтардың үздіксіз шапқыншылығына ұшырап, қан алмасуды бастан кешкен. Сол себепті, «Чунцю» мен «Чжәнго» кезеңдердегі бүкіл қытай ұлтының мінезі әлі мықты болатын. Тіпті мықтылықтың себебінен үлкен біртұтас орталықтанған билік жүйесі, яғни автократтық дара билік жүйесі оларды бағындырып басқара алмаған. Аталған екі кезеңде көкжалдар легі бұғыларды қуғындаған іспетті Орталық жазықтағы билікке таласып, ұсақ ұлыстар Қытайда үстемдікке ие болды, қытайлардың байтақ өңірін қырмызы қанмен суарды. «Кек алып, есесін қайтаруға әзірлену, күшею жолында жігер көрсету» – нақ сол заманның ұлттық мінез бен рухының нағыз бейнесі. Осы ұлттық мінезден атқылаған бекем ұмтылыс күші құдды арт-артынан атқылаған жанартаулар тобына ұқсап, бақандай 500 жыл толассыз гүрілдеді. Бұл кезеңде идея мен мәдениет жақтары тіпті де дүрсілдеп тауға айналу қозғалысындай дабыралы күй кешкен-ді. Конфуцийшілдік, дао ілімі, Моцзы тағылымы, соғыс философиясы, заңшылдар философиясы және басқа да бөрілер тәлімі еркін ғылыми бәсекеге түсіп, өзара жаппай жарысып, қаз-қатар тұрған асқар шыңдарды құрады. Қытайдың ежелгі заман тарихында идеялық-рухани мәдениетінде бұрын-соңды болмаған көркейген заман пайда болды. Кейін келе Қытай мәдениет жағынан бірнеше рет ескіні жаңғырту қозғалысын жүргізіп, сол заманның ұлттық рухы мен мінезін қалпына келтіруге талпынды. Нәтижеде ірі табыстар шықпаса да, көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Таң патшалығының филисофы, тарихшысы, ақыны, жазушысы Хән Юй (768-824 жж.) және Солтүстік Суң патшалығының мемлекеттік қайраткері, тарихнамашы, ақыны Оуяң Сю (1007-1072 жж.), ақыны, суретшісі және каллиграфы Су Ши (1037-1101 жж.) көнені жаңғыртуы әдебиет топтарында айбынды «Хән чао Су хай» (Хән Юйдің шығармаларындағы теңіз толқындары Су Шидің шығармаларындағы теңізбен астасуы) үрдісін жетілдірді. Саясат пен экономикада көнені жаңғырту, ескі жүйені тірілту мүмкін еместігін, әйтпегенде кері шегініс пен құлдырауға әкелетінін тарихтың өзі дәлелдеп отыр. Алайда, ұлттық рух пен мінез жағынан үнемі «ескіні жаңғыртып» отыру керек. Батыстың «Қайта өркендеу» кезеңі – айрықша ұлы және табысты «көнені жаңғырту» қозғалысы.  

Цин патшалығы (б.з.д. 246-207 жж.) дәуіріне келгенде, Цин елінде Батыс Чжоу еліне ұқсамайтын бір жаңа бастаушы кезеңі болды. Цин патшалығы да батыс жақта орналасқан-ды. Сол себепті, ол солтүстік-батыстағы мыңдаған шақырым құраған көшпенді мал шаруашылығы өңірін және Цин-Чуән аумағындағы (қазіргі Шэнси, Гәнсу өлкелерінің жазық белдеуі) Башу (бұрынғы Ба бектігі мен Шу патшалығы) егіншілік аймағының жартылай мал шаруашылығы, жартылай егін шаруашылығы экономикалық базасын иемденген, сондай-ақ осында сақталған халықтың негізінде қалыптасқан жартылай қасқыр, жартылай қой аралас ұлттық мінезге ие болды. Батыл мінез жүйені өзгертетін реформалар мен өзгерістерді қатты талап ететін қуатты қозғаушы күш пен үмітті жаратады. Цин еліндегі Шаң Яңның (б.з.д. 390-338 жж.) реформасы ең алдымен сәтті өткізіліп, табысқа жетті. Ал егін шаруашылығын басты орынға қойған және Чжоу әулетінің әдеп-қағидаларын ұстанған алты мемлекет керісінше ұзақ мерзім бойы егіншілік тұрмыстың кесірінен ұлттық мінезі күннен-күнге былжырап әлсіреді. Цин мемлекеті өте тез алты елді басып жіберетін ерекше басымдылыққа ие болды. Цин патшасы Шихуаң заманына келгенде, алты ел қидай сыпырылып, Қытай біріктірілді. Б.з.д. 221 ж. Цин патшасы Шихуаң Қытайдың тарихындағы ең алғашқы бір орталыққа шоғырланған, біріктірілген мемлекет құрды. Цин патшасы Шихуаң қауырт екпіндеген жыртқыш мінезді кеңінен игеріп, «бүгінгі арқылы бұрынғыны жоққа шығару», конфуцийшілердің кітаптарын жаппай өртеді, оқымыстыларын тірідей жерге көмді, «кітаптар бір жазумен жазу, арбалар дөңгелектерінің енін бірыңғай ету, әрекеттерді бір сарындастыру» саясатын күшпен жүргізді. Сондай-ақ Ұлы Қытай қорғаны салынды, күре жолдар жөнделді, атты әскерлер жасақталып, ғұндарға соққы берілді. Батыл әрекеттердің арқасында асқақ айбын мен ұлылыққа қол жеткізілді, өрге басқан бір мықты да жап-жаңа дәуірдің негізі салынды. Түсіндіре кететін жайт: осы «кітаптарды, көлік-арбаларды және әрекеттерді» бірыңғайластыру қытай ұлтының біркелкілігі мен тұтастығының негізін қалады. Қытайдағы тұңғыш біртұтас біріктірілген патшалықты конфуцийшіл патшалар емес, керісінше нақ кітаптарды өртеп, конфуцийшілерді тірідей жерге көмген жыртқыш Цин патшасы Шихуаң құрған. Тағы бір түсіндіруді қажет ететін нәрсе: Қытайда алғашқы орталықтанған билік астындағы феодалдық патшалықтың құрылуы да сол замандағы қытай халқының ұлттық мінезіндегі диқандану үрдісінің әлдеқашан әлсіреуінің көріне бастағанын білдіреді.

Әйтсе де, Цин мемлекеті руң мен дилердің (батыстағы және солтүстіктегі қытай емес тайпалар) мал шаруашылығы аумағының негізінде құрылған еді. Цин патшасы Мугуңның кезеңінде Цин елі руңдардың 12 мемлекетін жойып, мыңдаған шақырымдық жерлерді тың игеріп, «Батыс руңдардың билеушісіне» айналды һәм Батыс руңдардың көшпелі ұлттық әдет-ғұрыптары мен заңдарын қолданды. Сыма Гуаң (1019-1086 жж. өмір сүрген саясаткер, тарихшы) Цин елінің «мінез-пейілі аш көкжалдай» деп көрсеткен. Бұдан Цин елі Батыс руңдардың бөрі мінезін және бөрі тотемінің ықпалын төтенше терең қабылдағанын көруге болады. Цин елі бұл кезде батыстағы ірі елге айналып, Цин патшасы Сяңгуң өз уақытында Чжоу патшасы Пиңваң тарапынан жергілікті билеуші етіп бекітілген-ді. Алайда, Қытайдың өзге билеуші феодалдары керісінше Цин елін Батыс руңдардың ішіндегі ең жабайы ел деп есептеп, оның Қытайдың вассал иелігі екендігін мүлдем мойындамады, сондай-ақ Цин елін қытайлық вассал елдерінің одағына қатыстырмады. Цин елінің ішіндегі көшпенді халықтың құрамы іс жүзінде әлдеқайда басым болғандықтан, оның ұлттық мінезінде жыртқыштық шамадан асқан еді. Осы қасиетке ие мекенде туылған Цин патшасы Шихуаң қасқыр мінезді қатал билеушіге өте оңай айналған ғой. Нәтижеде озбырлық пен зорлық-зомбылық қарсыласуды қозғап, алты мемлекеттегі халықтың арасында бұғып жүрген көкжал мінезді ер-азаматтар көтеріліс жасап, әлсірей бастаған қытай ұлтының қаһарлы рухын қайта өршітті. Көтеріліс бүкіл елді шарпып, Цин әулетінің екінші патшасы қаза тапты. Алайда, Цин патшалығы Қытайдың тарихына ерекше терең ықпал көрсетті. Ал көшпелі халықтардың бөрі мінезі осының ішінде шешуші роль ойнағаны бесенеден белгілі. Егер Цин елінің ұлықтары мен қарапайым халқында осы мінез бен қасиет болмағанда, Қытайдың тарихында кейін Хән, Таң патшалықтарының  жарқырап өрлеген кезеңі де туылмас еді.

Цин елінен Цин империясына дейінгі бұл тарихи кезең дала халықтарының қытай ұлтына тағы бір рет қасқырдың қанын құйған кезең болды. Мыңдаған жылдар бойы егіншілікпен күн көрген халықтың тамырындағы қоп-қою қойдың қаны едәуір сұйылтылып, енді-енді қойға айнала бастаған және әлсіреген қытай ұлтының мінезі тағы бір рет қайсарланды.

Б.з.д. 206 ж. Лю Баң (Хән әулетінің тұңғыш патшасы) Батыс Хән патшалығын құрды. Батыс Хән патшалығының заманында «Хән елі Цин елінің жүйесін қабылдады», яғни Цин әулетінің көкжал қаны Батыс Хән әулетіне мұрагерлікке көшті. Хән патшасы Уди мінез жағынан екінші Цин патшасы Шихуаңның дәл өзі болды. Тарихшылар Хән патшасы Удидің «Цин патшасы Шихуаңнан ешбір айырмашылығы болмады» деп көрсетті. Жауыз да соғысқұмар ол бүкіл мемлекеттің қарулы күштерін және қазына-қаржысын уысында ұстап, қатарынан бірнеше жыл бойы арт-артынан жорықтарға аттанып, ымырасыздықпен ғұндарды жоймайынша тыным таппады. Сол кездегі Хән патшалығында соғысты жақтаушылар үстем болды, «патша сарайында ерлікпен өлімнен тайсалмайтын ер жауынгерлер толып кетті». Көбінде «соғысып өлуді жақсылық, ауру-сырқаттан өлуді бақытсыздық» деп білген ежелгі қияндардың ұлттық мінезіне келетін. Хән патшасы Уди Ли Гуаң, Вэй Циң, Хо Цюбин және басқа да көкірегін жыртқыш қасиет кернеген қолбасшыларды қайтадан мапсапқа батыл қойды. Осы арқылы атты әскерлермен жаудың атты қосындарын шабуылдады, жаудың салт атты садақшыларын аттың үстінде отырып садақпен оқ атты, жойқын ержүректік көрсетті, алыс қашықтыққа жорықтар ұйымдастырды, кең далаға ентелеп кіріп, ғұндармен ондаған жылдар бойы қырғын соғыс жүргізді һәм ғұндар ұлысының өміршеңдігіне зиян тигізді. Кемеңгер Хән патшасы Уди тіпті қорғаныс сипатындағы Ұлы Қытай қорғанын да байтақ сахараны экономикалық құрсауға алатын шабуылдаушы қаруға айналдырды. Яғни, темір құрал-саймандар, қару-жарақтар және дәрі-дәрмектерді Ұлы Қытай қорғанынан шығаруға қатаң тыйым салынды, тыйымды бұзған қыруар саудагерлердің бастары шабылды.

Сол уақытта Қытайдың егін шаруашылығына бейім құнарлы топырағында өсіп-өніп қаулаған конфуцийшілер де ақыры үлкен бәйтерекке айналып, ресми билеушілер тобының идеологиясына сіңген еді. Конфуций ағымының өкілдері егінші-диқандарды негіз етуді, халыққа қамқорлық жасауды, салықтар мен ауыр еңбек міндеттілігін жеңілдетуді дәріптеді. Сондай-ақ олар мейірімді саясат жүргізу, халықтың мінезін жұмсарту және жуасыту арқылы мемлекет пен қоғамның тұрақтылығын қолға келтіруге шақырып, ұлықтар мен патшаларды пайдаланып қалуды ойлады. Заң-ережелер мен белгілемелерді бекітіп, мемлекетті басқаруға һәм халықты тыныштандыруға, бейбіт дамуға ұмтылды. Хән патшасы Уди ақыл-парасат пен таным жағынан Цин патшасы Шихуаңнан өресі биік болды. Ол конфуцийшілердің ролін ұқты. Сол себепті, Батыс Хән патшалығы дәурендеген кезеңде бөрілер мен қойлар ымыраласып, зорекер озбырлық пен әділдік жолы араласып, қасқырдың қаны және қойдың қаны негізінен теңесті. Батыс Хән әулетінің заманында қытай ұлты ақырында мінез жағынан Цин патшалығындағы «жабайы көкжалдан» Хән патшалығындағы «өркениетті бөрі» болып өзгерді. Яғни, олар ежелгі замандағы «өркениетті қасқыр» деген ең көркем мінезді деңгейге жетіп, сол дәуірдегі Батыстың мықты Рим империясының ұлттық мінезімен жалпы алғанда шамалас болды. Мемлекеттің кемелдену дәрежесінде де үлкен айырмашылық болмады. Сол кездегі бүкіл қытай ұлтына қаһармандық пен қайсарлық дарып, іргесін кеңейтті және жерлерді игерді, күшті жаулардың қайтпас жігерін және шабытын жойды. Ол кездегі Батыс Хән елі құлпырып, мемлекет ауқаттанды, халық күшейді. Әдебиет пен тарих, философия, экономика, өнер, ғылым-техника жоғары дәрежеде гүлденді. Сондай-ақ солтүстік-батыстағы Батыс өңір тұңғыш рет жаулап алынды, Қытайдың көшпенділер ұлысындағы жерлері кеңейтілді, ғұндардың қаржы қайнары үзілді һәм олардың негізгі күштері жойылды. Сонымен 400 жылға созылған шұғылалы әулеттің заманы орнады. Ұлы Хән империясы – қытай ұлтының ең мақтануға татитын дәуірлердің бірі. Өкініштісі сол, кейінгі патшалықтарда таза қытай халқының ұлттық мінезі бұндай жоғары дәреже мен деңгейге ешбір жете алмады. Бұдан соң қытайларға жеке-дара өз күштеріне сүйенген халде қытайлық өркениеттің зәулім сарайын сақтап қалу қиынға соқты.

Хән патшалығының шекаралық өңірде әскерлерді үйіп-төгу арқылы тың игеру және шекараны күзету саясатын жүргізуіне қарай егін шаруашылығының байтақ далаға кеңеюі, онымен қоса дала халықтарына қарсы дүркін-дүркін ауыр әскери соққылары және езгісі, сондай-ақ Цзин патшалығының қатыгездікпен жүргізген «руңдарды күшпен көшіру саясаты», яғни қарудың күшімен шекарадағы бөтен ұлыстарды қуып жіберу әрекеттері көшпенді халықтардың күшті қарсылығын қозғады. Дала халықтары ақырында тағы орасан зор күштер жинақтап, өш алуға бекінді. Цзин патшалығының соңғы кезеңінде ғұн, цзе (қазіргі Шәнси өлкесінің Цзеши аймағын мекендеген ғұндардың бір бөлігі), ди, қиян, сянби қатарлы бес дала халқы ілгері-кейінді Орталық жазыққа баса-көктеп кіріп, әртүрлі уақытта 16 мемлекет құрады. Тарихта бұны «Бес худың 16 елі» («ху» - жабайы варвар деген мағына береді) деп атайды. Цин, Хән әулеттерінің заманынан бері бірнеше жүз жылда егін шаруашылығы барынша дамып, Қытайдың егіншілігі басым орынға қол жеткізіп, қытайлар түгелдей нағыз егінші ұлтқа айналып болған еді. Ұлттың мінезі қой мінезге айналып, соғыстардан үрейленетін, ажалдан қорқатын болды, бір соққыға шыдай алмайтын, бір сілтеуге де жарамайтын күйге түскен-ді. «Бес ху» қойлар отарына шапқан қасқырдай бүкіл Орталық жазықты «дала көкжалдарының әлеміне» айналдырып жіберді. Уақыт жағынан бұл кезең 120 жылға созылды. Осы кезеңде Орталық жазықтың басым бөлігінде бөрінің қасиеті ерекше асқақтады. Сондықтан бір топ қасқыр бір-бірімен қырқысып, қанды қырғын үздіксіз жалғасып, дала адамның өліктері мен сүйектеріне толып, халықтың саны күрт азайды. Алайда, осы жолы орасан зор ауыр апаттың ішкі себебі әлі де егіншілік өркениетімен тығыз байланысты болды. Момын да ақ пейілді диқан халықта сыртқы шапқыншылықтарға төтеп беретін тегеурінді ұлттық мінез жетіспеді.

386 ж. құрылған Солтүстік Вэй (немесе Тоба Вэй) мемлекеті көкжал мен қойдың мінездерін бойына біршама тең сыйғыза жинаған дәуір болды. Мені осы мемлекет айрықша қызықтырады. Солтүстік Вэй патшалығын құрған сянби тайпалары және одан кейін өрбіген моңғолдар да «Шығыс хуларға» жатады. Екі ұлыстың тілі ортақ ата текке жатады. Сянбилер Үлкен Хинган тауының солтүстік етегіндегі Сянби тауынан шыққан. 

Шығыс Хән патшасы Хэди билеген кезеңде (79-105 жж.) қытайлық әскери қолбасшы Доу Сян ғұндарды жеңіліске ұшыратты. Қапысын тауып, осал тұсынан тиіскен сянбилер ғұндардың ата-қонысын басып алды. 100 мыңнан астам ғұндар өздерін сянбилер деп жариялап, сянби тайпасына қосылды. Осымен бір уақытта ғұндардың мәдениеті және байырғы табыну салт-дәстүрлері де сянбилердің арасына тарады. Сол себепті, сянбилер Шығыс хулар мен ғұндардың өзара араласуынан қалыптасқан ұлыс болды. Сянби ұлысының тоба тайпасы төтенше қаһарлы еді, бірақ сянбилердің мәдениеті айрықша мешеу болды, тіпті жазуы да болмаған-ды. Алайда, олар Моңғолия даласының бөрілері секілді жойқын мінез бен ақыл-парасатқа, ғаламат әскери қабілетке ие болған. Олар «бес ху тайпасының» ішіндегі ең ерен де көрнекті тармағы еді. Солтүстік Вэй патшасы Тай’уди (тоба руының басшысы Тао) сірә басшы арланға ұқсаған айрықша құдыретті билеуші болған. Айбынды сянби атты әскерлеріне сүйенген ол 10 жылға жетер-жетпес уақыт ішінде өзге «қасқыр топтарын» тып-типыл тыныштандырып, Солтүстік Қытайды біріктірді. Бұл – Қытайдың тарихында Батыс Чжоу патшалығынан кейін дала халқы тұңғыш рет құрған қуатты да ықпалды әулет.

Ең қызығы, сянби тайпасының тоба руы Моңғолия даласының көкжалдары сияқты бастың миын ойлатуға және үйренуге төтенше шебер еді. Олар көшпенді халықтың мәдениет пен тәртіп-жүйе жағынан бір орында тұрмай, құлшына үйренуге талпынған ұлттық қасиетін тағы бір рет көрсетті.

Алайда, Фэң-патшайым мен патша Сяовэн-ди билеген кезеңде бүкіл халыққа қытайлық мәдениетті үйрену, сондай-ақ қытайлармен жаппай некелесу барынша дәріптелді. Тіпті елдің бәрі жаппай қытайланып кете жаздады. Кейін келе мыңдаған сянби астананы Лояң шаһарына көшіргеннен соң толығымен қытай тілінде сөйледі, қытайша киімдер киді, қытайлық жүйені қабылдады, тіпті сянбилік аты-жөнін қытайша фамилияға ауыстырды. Мысалы, патшалық құрған тоба руы Чжәнсун фамилиясына өтті. Оңтүстік патшалықтардың қытайлық елшілері келгенде, хулардың еліне немесе қытайлық елге келгенін бір мезгіл айыра алмай қалатын.          

Дала халықтарының қытайлық мәдениетті өздігінен қабылдауының терең этникалық қайнарын түсіндіре кету қажет:

1. Қытайлық мәдениетте аспанға табыну, яғни Тәңірге табыну қастерленеді. Ал қытайлардың мәдениетіндегі аспанға табынудың түп-төркіні сахара халықтарының Тәңірді құрметтеуінен келіп шыққан ғой. Бұл байырғы нанымды Ян, Хуаң ата-бабамыз сонау ерте заманда Ұлы даладан өнеге алып, Орталық жазыққа енгізген-ді. Сондықтан Моңғолия даласындағы көшпенді халықтардың ең жоғарғы сенім-нанымы қытайлардың аспанға табыну мәдениетіне қарама-қарсы келмек түгіл, керісінше олардың келіп шығу түп-тектерінде туыстық-тамырластық байланысынан бір-бірін етене жақын тартып, оңай қабылданды. Кейіннен Моңғолияның өз жерінде қалған моңғолдар және Қытайда өмір сүрген қытайлар ең ақырында христиан мен ислам діндеріне өтпей, бәрі будда дінін қабылдауы да осы екі ұлттың ортақ аспанға сенуімен тығыз байланысты.

2) Қытайлық мәдениет пен Конфуций ілімі де алғашқы дәуірдегі тағылымдар қалдырған өжет те талапкер көшпенділердің рухқа ие. Мысалы, «аспан денелері күні-түні талмай айналып шарлайды, ал билеуші ұлықтар оларды үлгі тұтқан халде әрқашан өзінің күшеюіне көңіл бөледі», бай-дәулет пен мәртебе өскенде жеменгерлікке салынбау, кедейлікке түскенде өз арын сатпау, қару мен үрей алдында тізе бүкпеу» деген қайыспас мықты рух та дала халықтарының мінезіне және бөрі тотемінің рухына сәйкес келеді.

3) Конфуцийшілер бүкіл күшімен қорғаштайтын «Аспанның баласы» ұғымы «Тәңірдің баласы» болған патшаны және оның билігін білдіреді.

Жинақтап айтқанда, қытайлық мәдениет бастапқыда көшпенді халықтар егіншілердің өңіріне келген кейін бірте-бірте дамып шыққан мәдениет болып табылады. Сондықтан кейіннен келген дала халықтары Орталық жазықтағы егін шаруашылығымен шұғылданатын кең өңірге өз билігін орнатқаннан соң, мәдениет жағынан қайтадан бастауды қажетсіз санады, тек көшпелі ата-бабалары мен кейінгі ұрпақтың мәдениетінің жемістерін ғана өздерімен бірге әкелді. Әрине, кейін келе сянбилер, моңғолдар және манчжурлар қытайлық мәдениеттің кемшіліктерін толық байқады, оны қабылдау барысында біраз сұрыптаулар жасады, сондай-ақ көшпенді мәдениеттің көптеген мазмұнымен толықтырды.

Тағы айта кетуді қажет ететін жайт: дәстүрлі көзқарасты ұстанушылар көшпелі халықтар қарудың күшімен Орталық жазықты бағындырса да, қытайлар керісінше қытайлық мәдениетті қолданып, көшпенділерді бағындыра алды деп есептейді. Іс жүзінде бұл бір ұлы қытайлық шовинистік көзқарас. Бұндай көзқарастың ең үлкен қателігі олардың мәдениетпен мүлдем байланысы жоқ ең негізгі факторды, яғни Қытайдың егін шаруашылығы өркендеген байтақ жерінің жауланғанын теріске шығаруында жатыр. Қытайдың кең-байтақ егістіктері ежелгі заманның кез келген соғысқа шебер һәм қуатты көшпенді халықты бағындырып жуасыта алатын еді. Қытайдың егістік алқаптарының бағындыру ролі мәдениетпен бағындырудан әлдеқайда асып түседі. Көшпенді халықтардың қытайлық мәдениет тарапынан бағындырылуы дейтін көзқарастың сыңаржақтылығы оның қытайлық мәдениеттің ішіндегі көшпелілердің құрамын ұмытуымен, сол мәдениеттің ішінде көшпелі халықтардың меншікті құқықтары мен билігінің бөлігін ескермеуімен де байланысты болып отыр. Оның үстіне, іс жүзінде көшпенділер де қытайлық мәдениетті ырықсыз түрде қабылдамаған, қайта көшпенді халықтар бұл мәдениетті барша пәрменмен таңдаған-ды. Ал бұндай белсенді түрде таңдаудың басты себебі де қытайлық мәдениеттің ішінде көшпенділер мәдениетінің элементтері мен белгілерінің болуымен түсіндіріледі.  

Сянбилік тоба руының реформасы едәуір сәтті болды: Солтүстік Вэй әулетінің саясаты тұрақты болды, экономикасы гүлденді, халқының жан саны қауырт өсті, халықаралық қарым-қатынастары жанданды. Оның бойынан Шығыстың бір қуатты мемлекетінің бейнесі көрінді. Оның үстіне, мәдениет дамыды, будда діні кең тарады. Юнгаң, Луңмэн тас үңгірлерінде қалған Солтүстік Вэй патшалығының кезеңіндегі тас будда мүсіндері қазірге дейін адамдарды таң қалдырады. Бұларды іріп-шіріген топас, ішкі дүрбелеңнен ғұмыры ұзаққа бармаған Оңтүстік патшалықтар деп аталған қытайлық мемлекеттермен салыстыруға мүлдем болмайды. Тіпті кейінгі қытайлардың көпшілігі атақ-даңқы жер жарған Солтүстік Вэй әулетін түгел біледі, ал онымен бір кезеңде өмір сүрген оңтүстік патшалықтардағы қытайлардың Суң және Ци әулеттерін біле бермейді. Солтүстік Вэй әулетін және оңтүстік патшалықтарды айқын салыстыру Қытайдың егіншілік мәдениеті мен ұлттық мінезі өзінің түбіне жететін қой қасиетінің қауқарсыздығын әлдеқашан байқата бастағанын түсіндіреді. Көшпенді халықтар бүкіл ұлттың күшін уысына шоғырландырып, бір орайын тапқанда ғана Орталық жазыққа қарумен баса-көктеп кірген һәм билігін орнатқан. Алайда, қып-қысқа бірнеше ұрпақтан кейін-ақ қытай ұлтының бірнеше мың жыл бойы сарп етіп жасаған мәдени жетістіктерін жақсылап үйренетін, тіпті оның өзінен асып кететін-ді. Ал пассионарлық рухы жетіспеген қытай ұлты мәдениет жағынан дала халықтарынан көш ілгері болса да, амалсыздықтан мерзімді немесе мерсімсіз түрде қайта-қайта жаңа қан құйдырумен ғана жанын сақтап отырды. Егер бірнеше жүз жылда бір рет бөрінің жыртқыш қаны кең көлемді құйылмаса, бұл ұлттың сүйектері жұмсарып, Қытай деген зәулім сарайды тіреп тұруы қиынға соғатын-ды. Бұрынғылар «500 жылда патша жаңаланады» дейтін. Іс жүзінде нағыз «патша» – көшпелілердің рухы мен мінезі. Ал мұндағы нақты пәлен-түген патша дегендері көшпенді рух пен мінезге ие белгілі бір ықпалды тұлғалар болатын.

Сянбилер Солтүстік Қытайда 140 астам жыл үстемдік етті. Осы жолы дала халықтарының Қытайдың егінші халқына қан құюы және будандасуының мән-маңызы орасан зор болды, терең ықпал көрсетті. Барша қан құю һәм қан араластыру негізінен төмендегідей екі жақтан бейнеленеді:

1. Көшпенді халықтар Орталық жазықты иемденіп, өз билігін құрғаннан кейін көшпенді рухы мен мінезі жағынан егінші халыққа терең ықпал етті. Аталмыш «қан құю» дегеніміз – көшпенділердің рухын енгізіп орнату.

2. Этностардың өзара қан араластырып будандасуы ұлттың араласу артықшылығын күшейтіп, жаңа сипаттағы адамдардың шоғырын көбейтті. «Бес ху елінің Қытайға енуі» Орталық жазықтың байтақ өңірінде орасан зор соғыс алапатын тудырды. Лояң қаласы тып-типыл өртелді, Орталық жазықта қан судай ағылды. Әрбір он үйдің тоғызы қаңырап бос қалды, халықтың жан саны күрт азайды. Соғыс аласапыраны сондай-ақ қытай ұлтының тұңғыш рет кең көлемді қоныс аударуын келтіріп шығарды. Тарихи материалдардағы естеліктерге негізделсек, Хэнән өңірінің, яғни Орталық жазықтың шамамен 60-70% қытайлары Яңцзы дариясының оңтүстігіне қашып жоғалған. Бұл Солтүстік Қытайдағы қытай ұлтының жан санын одән әрі азайтты. Бұдан соң сахарадан толассыз келген көшпенді халықтар, әсіресе сянбилер құлазып бос қалған Орталық жазықты және қаңыраған Лояң шаһарын толтырды. «Қытайдың жалпы тарихының қысқаша баяны» кітабында төмендегідей жазылған: Цзяң Туңның «Руңдарды көшіру туралы» шығармасына сәйкес, Гуәнчжуң аумағының (қазіргі Шэнси өлкесінің орталық бөлігі) халқының саны 1 млн. астам адам болған. Ди, қиян және сянби тайпалары шамамен соның жартысын құраған. Вэй патшасы Сяовэн-ди астананы Пиңчэң қаласынан Лояң шаһарына көшірген кезде, көшіп келген әкімшілік мансаптылар мен әскери мансаптылар және қосындар, сондай-ақ олардың отбасылары мен құл-малайларын қосқанда, жалпы саны 1 млн. адам келген екен. Қытайлық мәдениетті оқып үйрену және халықтың санын молайту үшін сянбилік билеуші топтар ең алдымен өздері сянбилер мен қытайлардың некелесуін ынталандыру саясатын жүргізуге мұрындық болды. Үстем орынды иемденген көшпенді халықтар дүние-мүлік пен билікке қол жеткізіп, кеңінен некелесіп, тоқал алып, бала-шағаны көптеп молайтқандықтан, көшпенділер этникалық топтардың тұрғындары санының көбеюі жағынан да қытайлардан жан санында асып түсетін басымдыққа ие болды. Сондықтан «16 мемлекет» пен бүкіл «Солтүстік әулеттер» дәуірінде (386-581 жж.) 260 астам жылға созылған этностардың қан құю һәм қан араластыруының нәтижесінде Солтүстік Қытай іс жүзінде көшпелі халықтар мен қытайлардың сан жағынан негізінен тепе-тең халде араласып тұрған аймаққа айналды. Әсіресе сянбилердің саны мен ықпалы ең зор болды.

Осы жолғы ұлтаралық қан құю және қан араластыру егін шаруашылығы жібітіп былжыратқан және қойдың мінезін таңған Қытайдың Орталық жазығындағы халықтың мінезі мен рухын тағы бір рет жандандырды, тағы бір рет қайта күшейтті. Алайда, атап өтуді қажет ететін бір мәселе – көшпенді халықтардың егінші халыққа қан құюы және қан араластыруы егінші ұлт үшін айтқанда айрықша азапты да қасіретті іс болған. Дегенмен, сонымен бірге «Қытайдың дерті» жағынан алғанда ерекше маңызды шұғыл құтқаратын сипаттағы емдеу болды. Шынын айтқанда, осы реткі ұзақ мерзімді һәм кең көлемді қан құю мен қан араластыру болмағанда, кейінгі замандардағы Суй, Таң патшалықтары болмас еді.

Солтүстік Вэй патшалығы кейін келе Шығыс Вэй (534-550 жж.) және Батыс Вэй (535-558 жж.) патшалықтарына бөлінді. Осы екі мемлекетте бұрынғыдай сянбилер билік жүргізді. 550 ж. Гао Яң Шығыс Вэй әулетін құлатып, өз алдына патша болды. Ол мемлекетінің ресми атауын Ци деп атады. Тарихта Солтүстік Ци (550-577 жж.) деп аталды. 556 ж. сянбилік Юйвэн Цзяо Батыс Вэй патшалығында өзін патша жариялап, мемлекетінің атын Чжоу деп атады. Тарихта ол Солтүстік Чжоу патшалығы (557-581 жж.) деген атаумен қалды. Бұл елде де бұрынғыдай сянбилер билік етті. Чжоу патшасы Уди билеген кезеңде, данышпан да кемеңгер Чжоу патшасы Уди, яғни Юйвэн Юң Солтүстік Ци патшалығын тағы талқандап, Солтүстік Қытайды қайтадан біріктірді.

581 ж. Солтүстік Чжоу патшалығының бас уәзірі Яң Цзян Чжоу патшасы Цзиңдиді тақтан түсіріп, сянбилер құрған Солтүстік Чжоу әулетінің билігін тартып алып, Суй патшалығын (581-617 жж.) құрды. Міне, бұл Қытайдың тарихындағы әйгілі Суй патшасы Вэнди (541-604 жж.) еді. Сол себепті, Суй патшалығы іс жүзінде сянби мемлекетінің негізінде құрылған. Солтүстік әулеттер дәуірінен кейінгі Суй патшалығы бес көшпенді халықтың 260 жылға созылған қасқырдың қанын құюдан енді ғана ел болғандықтан, Орталық жазықтың халқы іс жүзінде сянбилер және басқа да көшпенділер мен қытайлардан құралған аралас халық болды. Оның үстіне, Яң Цзян Чжоу әулетінен билікті күшпен тартып алып, Суй әулетін құрғандықтан, сянбилердің Солтүстік Чжоу патшалығының билеушілер тобы да негізінен сақталып қалды. Суй әулетінің патша сарайында сянби мансаптылар қаптап жүрді. Тіпті Суй патшасы Вэндидің ханымы Дугу сянбилік еді. Дугу-ханым – сянбидің ірі ақсүйегі, мемлекеттің сүйеніші бас қолбасшы Дугу Синнің қызы. Сондықтан Суй әулетінің саяси билігінің құралуы және ұлттың қалыптасуы жағынан сянбилердің ара-салмағы айрықша үлкен болды. Ұлттық құрамы жағынан айтсақ, Суй патшалығы сянбилер мен қытайлардың ортақ құрған ұлы әулет болып табылады. Суй патшасы Вэндидің заманында Орталық жазықтағы халықтың мінезі сау және қауқарлы, мәдениеті дамыған, көкжалдығы мен қой қасиеті біршама лайықты ұштасқан кезең болды.

Сол себепті, Суй әулеті айбынмен алға ұмтылған, жасампаз да қауқарлы керемет әулет болған: егістік жерлерді тең бөлу жүйесі жүзеге асырылды, ірі су арналары қазылды, мансаптыларды іріктеуге арналған емтихан жүйесі орнатылды. Бұл патшалық 400 мың атты әскерге ие қуатты түрктерді жеңіп, Оңтүстік Қытайды бағындырып, Қытайдың 2,5 ғасырға созылған соғыс дүрбелеңі мен бөлінуін аяқтады һәм жер аумағы кең-байтақ біртұтас мемлекетті орнатты.

Ерекше атауға татитын бір жайт: Қытайдың солтүстігі көшпелі халықтардың басып кіруі салдарынан ұзақ мерзім бойы жаугершілік пен соғыстар лаңына малынуы, шынын айтқанда, мемлекеттің қуаттылығы жағынан жат халықтардың шапқыншылығын көрмеген оңтүстік патшалықтардан әлдеқайда мешеу болуы тиісті еді. Іс жүзінде, жағдай мүлдем керісінше болды. Оңтүстік әулеттер, яғни қытайлар билік жүргізген Суң, Ци, Ляң, Чэн патшалықтары бірінен соң бірі іріп-шіріп, қаратүнекке батып, дәрменсіз де әлсіз, ішкі жанжалдар мен өзара араздықтан ғұмыры ұзаққа бармаған мемлекеттер болды. Оңтүстік Қытайдағы қытайлардың билігі кейін келе Суй патшалығы тарапынан оп-оңай жойылып күйреді.

Осыдан кейін ежелгі Қытайда мынадай бір заңдылық байқалды: көшпенді халықтардың қан құюы мен қан араластыруына ұшыраған солтүстіктегі Орталық жазық соғыс аласапыранынан қаншама ауыр дәрежеде зардап шексе де, көп жағдайда Оңтүстік Қытайдағы қытайлардың билігін толығымен жойды немесе бағындырып отырды. Ал Оңтүстік Қытайдағы қытайлардың ең соңғы билігі біреуі де қалмастан солтүстіктегі мемлекет тарапынан оңайша талқандалды. Осы заңдылықтың жарамдылығын Цин патшалығынан көруге болады. Өз уақытында Цин патшалығы Чу мен Ву патшалықтарын жойды, Вэй патшалығы Шу мемлекетін жойды, Цзин патшалығы Ву патшалығын жермен жексен етті, Суй патшалығы Ляң мен Чэн патшалықтарын құлатты, Суң патшалығы Кейінгі Шу, Оңтүстік Таң, Уюэ патшалықтарын талқандады, Юән патшалығы Оңтүстік Суң патшалығының күлін көкке көтерді. Ең ақырында Циң патшалығы Миң патшалығын, үш вассалдың иеліктерін және Тайпиң Тянго мемлекетін жойды. Бұл заңдылық көшпенділер мінезінің егіншілердің мінезінен мың есе күшті болғанын, қайсар мінез бір ұлттың өз күшінің арқасында өзге халықтармен терезесін теңестіруін белгілейтін шешуші фактор екендігін дәлелдеді. Таза егінші сипатындағы Оңтүстік Қытай Яң-Хуаң бабалары таңып кеткен көшпелі рухтан айрылғанда, жап-жаңа көшпенді рухтың қаны құйылмағанда, ұлттың арқа-жоны опырылды, тіпті дамыған мәдениет пен экономика да өз мемлекетінің жерін қорғауға, өз елінің дербестігіне кепіл бола алмады».

Чен Чжен бөрі апаны орналасқан беткейге қарап, бір күрсінді де, әңгімесін жалғастырды:

«Дегенмен, Суй әулетінің де ғұмыры қысқа болды. Мәселенің түп-төркіні және негізгі себебі тағы да қасқырлық пен қой қасиетінің тепе-теңсіздігінде жатыр. Суй патшалығының билеуші топтары мінез жағынан көкжалдығы қой мінезінен анағұрлым басым еді. Суй патшасы Яңдидің өзі қытай халқы мен сянби елінің қаны араласқан билеуші болған-ды. Оның шешесі Вэнсян Дугу-патшайым кезінде Суй патшасы Вэндидің өзі де жасқанған сянбидің шайпау келіншегі болатын. Дугу-патшайымның руынан өзін есептегенде алды-артынан үш патшайым және бір патша анасы шыққан. Оның әпкесі Солтүстік Чжоу патшасы Миңдидің ханымы болған. Оның үлкен қызы Чжоу патшасы Сюәндидің ханымы, оның нағашы әпкесі Таң патшалығының алғашқы патшасы Гаоцзу Ли Юәннің шешесі еді. Мінезі ержүрек, ықпалы мықты болған оның сянби отбасысы Солтүстік Чжоу, Суй және Таң секілді үш патшалыққа терең әсер етті. Ол патша сарайында тұрғанда, сарай қызметкерлері Суй патшасы Вэндиге тоқалдарды ұсынуға батылдығы бармайтын. Ол сондай-ақ Суй патшасы Вэнди ұнатқан әйелдерді өлтіруге батылдығы жеткен. Осы нағыз бөрі мінезді сянбилік патшайым сарай ішінде зор билікке ие болды және Суй патшасы Вэндимен қатар «екі пір» деп аталды. Дугу-патшайым сондай-ақ үлкен баласын шеттетіп, кіші баласын таққа отырғызу айласын әзірлеп, тақ мұрагері Яң Юңды мәртебесінен айырып, өзі жақсы көретін Яң Гуаңды патшаның мұрагері етіп бекіткен. Кейіннен сол Дугу-ханым әйел патша У Цзэтян еліктеген үлгіге айналған. Сол себептен Суй патшасы Яңди (Яң Гуаң, 569-618 жж.) «қасқырдың сүтін» ішіп, өсіп-өнген «көкжал» болды. Оған мұра ретінде берілген жыртқыш қасиетінің гендері шамадан асып-тасыды, сондықтан ол Қытайдың тарихында сирек кездескен жауыз патша болды. Жауынгер, озбыр, іріп-шіріген азғын, қаныпезер болған ол ауыр алым-салықтар жинап, халыққа тыныштық бермеді. Суй патшасы Яңди үш рет Корё еліне (Корея) жорық жасап, жүз мыңдаған қосындарды қозғады. Үш жорықта да үш рет жеңіліске ұшырап, аса ауыр зиян шекті, мемлекеттің күш-қуаты сарп етілді. Бүкіл мемлекетте ірі көтерілістер бұрқ етті. Суй патшалығы 37 жылдан кейін құрдымға кетті. Тағдыры Цин әулетімен ұқсас болды. 618 ж. көшпелі халыққа сіңген қытайлық ірі ақсүйек Ли Юән Таң патшалығын орнатты.           

Қытайлар масаттанып мақтан тұтатын Таң патшалығы (618-907 жж.) – іс жүзінде сянбилер мен қытайлар ортақтасып құрған ұлы патшалық. Бұл да дала бөрісінің мінезі мен қытайлық өркениеттің қосылуынан сұрыпталған ұлы жауһары, ол ежелгі қытайлық өркениетінің биік шыңы болып қалды. «Хән әулеті Цин патшалығының жүйесіне мұрагер болғаны» секілді Таң әулеті де Суй патшалығының жүйесіне мұрагерлік етті. Ли үйінің Таң патшалығы Суй әулетінің патша руына мұрагер болды. Әсіресе Суй әулеті патшаларының нағашылары, яғни әйелдер жағының өжет сянбилік мінезі мирасқа өтті. Мінез бен қандастық жағынан Таң патшалығының шаңырағын көтерген және алғашқы кезеңде билеп-төстеген патшалардың бәрі көшпелілерге сіңген (бөгделенген) қытайлар мен ақсүйек сянби әйелдерінің қан араласуынан шыққан шаталар болатын. Таң патшасы Гаоцзу Ли Юәннің шешесі, ханымы, бір келіні түгел сянбилер еді. Таң патшасы Тайцзуң Ли Шиминнің әжесі, анасы және ханымы сянби болған. Таң патшасы Гаоцзуң Ли Чжидің үлкен әжесі, әжесі және шешесі сянби болған-ды. Ал Ли Юәннің анасы атақ-даңқы асқақтаған әйгілі Суй әулетіндегі Дугу-ханымның аталас әпкесі еді. Бірнеше ұрпақтың үздіксіз қан араластыруы, бірнеше ұрпақ сянби ақсүйектерінің қасқырша мінез-менталитетінің тоқтаусыз ықпал етуі және өнеге болуы Таң патша әулеті өкілдерінің қанындағы қытайлық құрамы ара-салмағын 4/1 де аз мөлшерге төмендетті. Сондықтан олар мінез жағынан елден ерекше қаны аралас артықшылыққа ие болды. Таң патшасы Тайцзуң Ли Шимин (599-649 жж.) төтенше көрнекті еді. Оның бойындағы ержүрек, жойқын, қайсар көкжал текті мінезі Қытай патшаларының ішіндегі ең сирек кездесетін мінез деп айтуға болады. Тіпті Ли отбасысынан шыққан Ли Шиминнің ханзадасы Ли Чэңцян да көшпенді елдің тілін үйреніп, олардың тағамдарын жеп, түрктердің бөрі басты әскери байрағына құштар болып, шашын жайып байтақ далаға кетуді һәм түрк болғысы келгені жоғарыда баяндалғанға мысал болып отыр. Кейін Таң патшасы Тайцзуң ханзада Ли Чэңцянді тақ мұрагерлігінен айырды. Бұл мысал да Таң патшаларының отбасысында дала халықтарының қаны және оның әсерінің айрықша күшті де терең болғанын түсіндіреді.

Мен саған «Цзы чжи туңцзян» жылнамасынан бірнеше мысал келтірейін: бір жолы Ли Шимин Ли Юәнмен бірге ұрысқа аттанды. Ли Юән жіберген қосындар сәтсіздікке ұшырайды. Сосын Ли Шимин қосындарын өзі бастап майданға аттанады және дұшпан шебінің арқасынан баса-көктеп кіреді. Қос семсерді қолданып, алдыңғы сапта жауынгерлерімен бірге шайқасқан ол өз қолымен бірнеше адамды шауып өлтіреді. Көздері қанталап, шапқаннан екі семсері кетік болып, екі жеңі жау әскерінің қанына лық малынады. Ол қанның ағылғанына қарамастан, жанталаса арпалысуды жалғастырып, дұшпанның қосындарын күйретіп, жеңілісті жеңіске айналдырады. Тағы бір жолы Ли Шимин Доу Цзяндэмен (573-621 жж., Суй патшалығының Чжаңнән елдімекенінен шыққан, Хэбэй өлкесінде орналасқан ол өзін Ся патшасы етіп жариялаған және Таң патшасы Тайцзуң тарапынан ұсталған) шайқасты. Ли Шимин тек Юйчи Цзиңдэ қолбасшы (585-658 жж. өмір сүрген Таң патшалығының қолбасшысы) және бірнеше жауынгермен ғана жауларды шырғалауға аттанған. Доу Цзяндэ 5-6 мың атты әскермен оларды қуалай жөнелген. Ли Шимин аттың үстінен оқ жаудыруға шебер еді. Ешбір тайсалмастан өз қолымен жаудың бір қолбасшысын және бірнеше жауынгерін атып өлтірген. Юйчи Цзиңдэ де ондаған жауынгерді мерт қылды. Әлбетте, үрейленген бірнеше мың адамдық атты әскер қайта қуғындауға беттемеген-ді. Бұдан басқа, «Сюән’умэн оқиғасында» Таң әулетінің мүддесі үшін алдын ала әрекет еткен Ли Шимин өз қосындарын торуылға орналастырып, өзіне қастандық жасауды ойлаған өзінің туған бауырлары Ли Цзянчэң мен Ли Юәнцзиді өлтірген. Ли Шимин ешбір шімірікпестен туған ағасы Ли Цзянчэңді өз қолымен өлтіріп, қасқырдай өжет батылдықпен тақ мұрагерінің орнын тартып алған.                

Ли Шиминнің қаталдығы, соғысуға шеберлігі, ақыл-парасаты мен ержүректігі сол кездегі алтын басты көкжал байрағын көтерген түрк атты әскерін, тіпті түрк қағанын да сүйсіндірді һәм риза етті. Барша дала халықтары Таң патшасы Тайцзуңға «Таңгір-хақан» (Аспан қағаны) деген атақ берген. Кейін келе Таң патшалығы қуатты түрктерді жуасытқанда Таң патшасы отбасысының бойындағы бөрілі қасиетіне, сондай-ақ патша сарайын толтырған дала халықтарының қыруар әйгілі де білімді мансаптыларына және қабілетті әскери қолбасшыларына сүйенген болатын. Соның ішінде ең атақтысы Чжаңсун Уцзи (594-659 жж.) еді. «Цзю Таңшу» (Көне Таңнама) жылнамасының «Чжаңсун Уцзи туралы баян» тарауында жазылғанға сәйкес, ол қатерлі «Сюән’умэн оқиғасын» әзірлеген басты тұлға-дұр. Ол құдды қасқырдай өжеттікпен Ли Шиминге бірінші болып соққы беруге түрткі болған, сондай-ақ өзі Юйчи Цзиңдэ, Хоу Цзюнцзи секілді тоғыз адамды ілестіріп, Ли Шиминге жәрдемдесті. Чжаңсун Уцзи Сюән’умэн қақпасында Ли Цзянчэң мен Ли Юәнцзиді жерге құлатып жазасын берген. Чжаңсун Уцзи – Ли Шиминге таққа отыруға көмектескен бірінші ардагер. Кейіннен ол бас уәзір етіп тағайындалып, 30 жыл уәзірлік етті. Сянби тайпасынан шыққан Чжаңсун Уцзидің бабасы Солтүстік Вэй патшалығының сянби ақсүйектері болған. Бұдан соң оның аталары Солтүстік Вэй, Батыс Вэй, Солтүстік Чжоу патшалықтарында чжуңчэн (білікті уәзір), фэңваң лауазымдарын атқарған. Оның әкесі Суй патшасының сарайы күзетінің оң қол басшысы болған екен. Чжаңсун Уцзи сондай-ақ Таң патшасы Тайцзуңның Чжаңсун Вэндэ патшайымының туған ағасы еді. Таң патшасы Тайцзуңның әжесі, ханымы, тіпті бас уәзірі де сянбилер болған екен, Таң әулетінің сянбилік қаны мен мінез-құлқы қаншалық салмақты болғанын өзің айтшы.        

Таң патшалығының ұлылығы оның ұлттық мінезінің ұлылығынан, сондай-ақ Таң әулетіндегі әйелдердің ұлылығынан бастап алған. Таң патшалығының алғашқы кезеңіндегі үш сянби ханымы Таң әулетіне бірнеше көрнекті патшаны бағып-тәрбиелеп ғана қоймай, сондай-ақ Қытайда алғашқы «әйелдер жасағын» қалыптастырды, Қытайдың ең алғашқы және бірегей әйел патшасын туып берді. Екеуіміз сахараға келіп, осыны әлі білмейміз бе? Дала халықтары – әйелдерді бүкпесіз еркін еткен және ерекше қадірлеген халықтар. Оларда әйелдердің орны мен жағдайы біршама жоғары. Олардың көпшілігі батыл әрекет ететін. Құдды көкжалмен құр қол айқасқан Касымайдай әйелдер аз емес-тін. Таң әулетінің құрамындағы сянби қаны осы әулеттегі әйелдердің ғажайып жетістіктерге жетуіне түрткі болды. «Син Таңшу» (Жаңа Таңнама) жылнамасының «Ханшалардың өмірбаяны» бөлімінде жазылғандай, Таң патшасы Гаоцзу Ли Юәннің қызы Ли Пиң’яң ханша өз уақытында әкесі Тай’юән шаһарында қосындарды көтеріп, Суй әулетіне қарсы шыққанда, көтерілісші жасақтардың бір тармағын бастап Гуәнчжуң аумағына бірінші болып жетіп келіп, Суй қосындарын қайта-қайта жеңді. Сонымен қатар, саны 70 мың адамға жеткізілген көтерілісші қосындар Гуәнчжуң аумағын дүр сілкіндіріп, Ли Юәннің астана Чаң’әнді қолға түсіруіне зор үлес қосқан. «Жаңа Таңнама» жылнамасында: «Ханша (Ли Пиң’яң ханша) бір түмен жауынгерден құралған таңдаулы қосындармен Вэй өзенінің солтүстігінде Цин князімен кездесіп..... әйелдер жасағы деп аталды» деп көрсетілген. Шәнси өлкесінің Пиңдиң ауданындағы әйгілі Няңцзыгуән жер атауы дәл осы Ли Пиң’яң ханшаның өз уақытында қосындарды бастап сол жерде орналасқанынан пайда болды. Осы ханшаның анасы – Ли Юәннің сянбилік ханымы Тайму. Ол Доу фамилиялы үйден шыққан-ды. Ли Пиң’яң ханша Ли Шиминмен әке-шешесі бір, мінезі бірдей және билікті қолға келтіруде бірдей әрекеттенген көрнекті әйел болған. Әйелдер жасағының Қытайдың әйелдеріне көрсеткен ықпалы аса терең болды. Ал осы жасақтардың рухы қамтыған еркіндік пен ашықтық, мықтылық пен дербестік нақ сол көшпенді рух пен бөрінің рухынан келіп шыққан.     

Бұдан басқа, Қытайдың бірегей әйел патшасы У Цзэтян (624-705 жж.) да Таң патшалығында туылған. Ол көшпенділердің рухы ерекше күшті, бұратана жұрттың үлгісінде киініп, бұратана елдей аттың үстінде садақ тарту секілді қап-қалың дәстүрге ие болған Шәнси өлкесінде дүниеге келген. Ал Шәнси өлкесі сянбилердің плацдарм жерлерінің бірі болып табылады. Сянбилер құрған Солтүстік Вэй патшалығының ең алғашқы астанасы осы өлкенің Пиңчэң қаласында орналасқан. У Цзэтяннің әкесі бір кездері Ли Юән бастаған қосындардың құрамында Суй әулетіне қарсы көтеріліп, кейіннен «гогуң» (мемлекеттің ұлығы, ежелгі тоғыз феодалдық құрметті лауазымның үшіншісі) деген мансап алған. Сондықтан У Цзэтян да әскери қолбасшының отбасыдан шықса керек. Кейін келе Таң әулеті патшаларының көшпенділер рухының шыңдауы және терең ықпалының арқасында У Цзэтян қасқыр сипатты ең қуатты, әйгілі саяси қайраткер болып жетілді. Мінез жағынан ол ержүрек, қатал, ересен парасатты, мәселені шорт шешетін, темір тегеурінді һәм қанқұйлы болған, қолдары қалтырамаған тұлға болған. Саясат жағынан: тұқым қуалаған әскери мансаптыларды ауыздықтауға, емтихандар жолымен мансаптыларды іріктеу жүйесін күшейтуге, қабілетті қызметкерлерді дәреже аттатып өсіруге, егін шаруашылығы мен жібек шаруашылығын дамытуға, халықтың жан санын көбейтуге күш салған. Таң патшасы Тайцзуң негізін қалаған «елді адалдықпен оңалту жолы» (Чженгуән чжифа) деп аталатын көркейген заманды жарты ғасыр бойы сақталды».

Чен Чжен біраз кідіріп, кенеттен Яң Кэге сауал қойды:

- Сен У Цзэтяннің келбетіне көңіл аудардың ба?

- Назар аудармаппын. Сен тағы нені байқадың? - деп сұрады сасып қалған Яң Кэ басын шайқап. 

- Мен У Цзэтяннің суретін көргенмін, - деді Чен Чжен, - Ол өте толық денелі, аналар үшін үлгі кейіптегі әйел болған. Лояң қаласындағы Луңмэн тас үңгіріндегі ең даңқты, ең биік Лу Шэ тас мүсіні У Цзэтяннің бұйрығымен қашап жасалған-ды. Сол мүсін төтенше көзге ерекше айбарлы да байсалды, келбетті де көрікті көрінеді. Кескін-әлпеті, мойны мен иықтары толық та домаланған екен. Естуімше, бұны сол кездегі өнер қайраткерлері және тас қашаушылар У Цзэтяннің келбетіне негізделіп қашапты. Эстетикалық өлшем жағынан Таң патшалығында семіздіктің әдемілік болып саналғанын, Таң патшаларының көбісі толық денелі әйелдерді ханым мен тоқал ретінде таңдағанын қытайлардың бәрі біледі. Таң патшасы Тайцзуң У Цзэтянді кәнизак (тоқал) етіп таңдаған. Кейін Тайцзуңның баласы Таң патшасы Гаоцзуң Ли Чжи (628-683 жж.) У Цзэтянға көңілі ауып, қыр соңынан қалмай, ақыры оны өзінің ханымы, әйелі етіп алады. Бұдан соң Таң патшасы Сюәнцзуң Ли Луңцзи (685-762 жж.) де толықша келген Яң Юйхуәнді ханымша етіп алған. Таң патшалығы билеушілерінің бірнеше ұрпағы осылайша толық әйелдерге құмартуы расында да қытайлық патшалардың дәстүрлі эстетикалық өлшеміне түбірімен қайшы келеді. Қытайдың билеушілерінің көпшілігі сұңғақ бойлы, қыпша бел әйелдерді ұнатқан. Мысалы, «Чу патшалығының билеушісі бұраң бел әйелдерді ұнатқан, бұлардың көбісі кейін патша сарайында аштықтан арықтап өлген». Хән патшасы Чэңдидің (б.з.д. 51-7 жж.) ерке шолжаң тоқалы Чжао Фэйян «жіп-жіңішке қыпша бел, денесі ұлпадай жеңіл» келіншек болған, кейін патша оны өз ханымы етіп қойған. 

Яғни Хән, Таң секілді тарихта бедел-абыройы қатар аталған осы екі әулетте неліктен «семіздікке қызығып, арықтан безетін» мүлдем қарама-қарсы эстетикалық өлшем келіп шыққан? Бұның себебі: Таң әулетінің патшалары тарихта өткен қытайлық патшалықтардың халқымен қандары мүлде ұқсамайтын. Таң патшалығында «семіздікті әсемдік» деп қарау Таң әулетіндегі сянбилердің қаны мен таңбасының болғанын терең бейнелейді. Бұрын мен де алдыңғы үлкен мемлекет – Хән патшалығында неге арық әйелдерді әсем деп қарағанын, ал одан кейінгі зор мемлекетте, яғни Таң патшалығында кенеттен толық әйелдерді әдемі көруінің себебін түсіне алмай келгенмін. Кейін келе Таң әулетінде сянби қанының басым болғанын білген соң ғана ұқтым. Бұны иен даладағы біздің тұрмыспен байланыстырсаң бірден ұйқасып кетеді. Баяғыда біз сахараға алғаш рет келген кезде-ақ моңғолдардың семіздікті әдемі деп қарайтынын білдік ғой. Мысалы, біздің бригададағы әлгі лақап аты «Жарқыраған шамшырақ» деп аталатын Нарынцэцэг деген қыз нағыз семіздің өзі еді ғой. Ол Яң-гуйфэйден де едәуір толық болған шығар. Сол уақытта жылқышылардың жартысынан көбісі оны айналшақтап, асты-үстіне түсіп кәукелектейтін. Олұн даласында малшылар сұлу әйел деп мойындаған моңғол әйелдерінің басым бөлігі толық денелі келіншектер еді. Ал сянбилер мен моңғолдар – Моңғолия даласындағы бір-біріне туыстас көшпенді халықтар. Сянбилер сөзсіз бөрі тотемін және «семіздікті әсемдік» деп қараған эстетикалық өлшемді моңғолдарға бірге бере салған. Іс жүзінде, көшпенді халықтар ежелден бастап бүгінге дейін малдарын күйлі етіп семіртуді кәсіп еткен, «ірі қойларды әдемі» санаған. Әрине, ұлттың эстетикалық қабылдауы жағынан семіздік талдырмаш әдемілік деп танылған. 

Яң Кэ қайта-қайта басын изеп құптаған болды.

- Дәл солай! .... Дегенмен, біраз ауытқып кеттің ғой, - деді ол күліп.

- Титтей де ауытқымадым, - деді Чен Чжен, - Таң әулетінің «семіздікті әдемілікке жатқызуы» дәл ұлттық сана-сезімдегі эстетикалық тұрғыдан қарағанда Таң патшалығының неліктен осынша жаужүрек мінезінің қайнар көзі мен түп-төркінін түсіндіреді. Қытайлар әрқашан да Таң әулетінің көшпенді рухын және ұлы даламен қан жағынан туысқандығын айтпай көлегейлеп келген. Іс жүзінде, қытайлар Қытайдағы ең ұлы әулеттің табыстары мен жетістіктерінің басым бөлігін дала халықтарының үлесіне жазуды ешбір қаламаған һәм қимаған.... Тағы айтсам.... Ли Шиминнің жұрттан артықшылығы – оның азаматтық әкімшілік тәсілмен елді басқаруға, Вэй Чжэңнің (580-643 жж., Таң патшалығының саяси қайраткері және тарихшысы) «әскери қимылдарды тоқтатып, азаматтық істермен шұғылдану» саясатын қолдануға ерекше мән бергені. Мемлекеттік емтихан арқылы мансаптыларды іріктеу жандандырылды, патшаға сындарлы кеңес берген кеңесшілер көтермеленді, тәлім-тәрбиеге күш салынды, саясат жақсартылды, ауыртпалықтар жеңілдетілді, алым-салықтар азайтылды, экономика бір желпінді. Сөйтіп, Қытайдың тарихында әйгілі болған азаматтық-әкімшілік заңдармен елді басқару саясатының негізі қаланып, Таң патшалығының жер аумағы бұрын-соңды болмаған дәрежеде кеңейтілді.

Мен ерекше айтпақшы болғаным, Ли Шимин «қытайлар мен шетелдік ұлыстардың теңдік» саясатын тұңғыш рет ортаға қойған Қытайдың патшасы болып табылады. Ол: «Ежелгі заманнан Қытайды мақтап, жат жұрттар мен дилерді төмен санап келген. Мен екі тарапты бірдей жақсы көремін. Сондықтан олардың ру-тайпаларын мен өз ата-анамдай жақсы көремін» деп айтқан. Ал Таң патшасы Тайцзуңның «қытайлар мен шетелдік ұлыстардың теңдік» саясатын ұсынуы Ли үйі мен Таң әулиетінің мінезіндегі қытайлар мен жат жұрттардың қан араласуынан, көкжалдар мен қойлар қанының тепе-теңдігінен туылған. Бұрынғы заманда және кейінгі дәуірлерде Қытайдың конфуцийлік ортодокстық дәстүрлі идеяларының бәрі «Қытайды құрметтеу, жат жұртты жамандау» әдісін барынша ұстанып, көшпенділер рухының және дала халықтары мінезінің орасан зор құндылығын, сондай-ақ көшпенділердің қытай ұлтын және өркениетін құтқару сипатындағы қосқан үлесін мүлдем елеп-ескермеді. Оның үстіне, бұндай бөрі мінезі конфуцийшілердің қайта тәрбиелеу секілді түйінді соққыларының нысанасына айналды. Бойында көшпенділердің қаны аққан Ли Шимин ғана қытайлар мен дала халықтарының артықшылықтары мен кемшіліктерін терең көре білді, сондай-ақ «қытайлар мен жат ұлыстарды теңестіру» саясатын құлшына жүргізді. Таң патшалығы Қытайдың ежелгі өркениетін шұғылалы шырқау шегіне жеткізуінің негізгі себебі – ол дала халықтарының тегеурінді де талапты мінезін және егінші халықтың конфуцийшіл тағылымын өзара сабақтастырғаны. Тек өкініштісі, Қытайдың егістік жерлері тым кең, тым терең болғандықтан, Ли Шиминнің «қытайлар мен бөгде ұлыстарды теңестіру» секілді көрнекті идеясы тез арада-ақ Қытайдың қуатты, бірақ тар да таяз егіншілік санасы мен конфуцийшілердің дәстүрлі идеялары тарапынан тұншықтырылды. Кейіннен қытай ұлтын құтқарып тұрған жаңа қан бұрынғыдай дала халықтарының мәжбүрлі түрде қарудың күшімен тағы құйылып отырды. Алайда, қытайлардың егіншілікпен сырқаттануы жылдам ауырлағаны себепті, кейіннен жаңа қанның қалай құйылғанына қарамастан, Хән және Таң әулеттерінің дәурендеген кезеңдегі айбынды да қайсар ұлттық мықтылық бәрібір дарыған жоқ. «Шығыстың ұйқыдағы арыстаны» нақ сол Таң патшалығы дәуірінің орта тұсынан кейін қысқы ұзақ ұйқыға кете барды. Ал Қытайдың кеңінен көсілген егістік жерлері оның тәтті де терең рахаттанып ұйықтауына «жұмсақ төсек» болды, конфуцийлік ілімдер оны оянбастай ұзақ ұйқыға батырған «әлдилеген бесік жыры» һәм «ұйықтатқыш дәрісі» болды.

Ән Лушән (Ән Рұхсан) мен Ши Сымиңнің бүлігінен (755-763 жж.) бастап «Бес әулет пен 10 патшалық» дәуіріне дейінгі 200 жылдың ішінде қайтадан жұмсарған, қой мінезді қалыпқа түсіп үлгерген қытай халқы үлкен аласапыран былыққа тағы тірелді. Осыдан соң Қытайдың егінші халқы ұзаққа жалғасқан құлдырау кезеңіне беттеді. Сол кезеңде ара-тұра бірнеше рет шағын өрлеу пайда болғанмен, жалпы құлдырау үрдісі енді өзгермеді. Қытайдың өркениеті және қытайлардың жер аумағының ұлғаюы және сақталуы барған сайын дала халықтарының әрекеттеріне тәуелді болды.

Бүкіл егінші халық былжырап жуастанса да, қасқыр қанының тұқым қуалауы, көшпенділердің үздіксіз қан құюы һәм қан араластыруы Қытайдағы қалың диқандардың арасында бұрынғыдай мықтылықтың бірталай дәндерін қалдырып отырған. Қытайдың тарихындағы диқандар көтерілістері егінші халықтың арасындағы мінезі көкжалдай ардагерлер басқарған қарсылық әрекеттері болып табылады. Дегенмен, диқандар көтерілісі бәрібір әулеттер мен патшалықтарды ауыстырудың құралы ғана болды. Көтеріліс жеңіске жетсе де, жаңадан құрылған патшалыққа пәлендей бір жаңа нәрселер мен жаңа қан бере қоймайды. Таң патшалығының ақырғы кезеңінде Хуаң Чао бастаған кең көлемді диқандар көтерілісі (875-884 жж.) қытай ұлтының бір реткі ұлттық қайта өркендеуінің басты қозғалысына айналғанмен, түбінде сәтсіздікке ұшырады. Бұның себебін зерттесек, диқандар көтерілісі егін шаруашылығы жүргізілетін топырақта өсіп-өнген «егіншіліктің қосалқы өнімі» ғана болып табылады. Егіншілердің патшалықтарына тән мінездің дәрменсіздігі тудырған шектелуден бұлар да арыла алмайтыны сөзсіз. Арылған жағдайда, бұндай «қосалқы өнімнің» тек төтенше аз сандағысы арыла алады. Хуаң Чаоның көтерілісші жасақтары патшаның қосындарын шабуылдап, тоз-тозын шығара жапырып өтті, сондай-ақ ежелгі Қытайдың айрықша сәулетті де салтанатты Чаң’ән шаһарын рақымсыздықпен және көрсоқырлықпен өртеп жіберді. Алайда, көтерілісшілер бәрібір Таң үкіметі жалдаған, бұған дейін беймәлім болған Батыс Түрк қағанатындағы шато тайпасының атты әскерлері тарапынан біржола талқандалды. Хән және Таң патшалықтарынан кейін Қытайдың егінші халқы мейлі үкіметтік қосындар немесе көтерілісші диқандардың жасақтары болсын, көшпенді халықтардың атты әскерлерімен жекпе-жек соғысқанда негізінен жеңілісі көп, жеңісі аз болды.

«Бес әулет, 10 патшалық» заманына келгенде, Солтүстік Қытай тағы да бөрі мінезі қойдың мінезінен әлдеқайда басым түскен аумалы-төкпелі үлкен дүрбелең дәуірге тап болды. Солтүстіктегі бес әулет, яғни Ляң, Таң, Цзин, Хән, Чжоу әулеттерінің арасындағы Кейінгі Таң (923-936 жж.), Кейінгі Цзин (936-947 жж.), Кейінгі Хән (947-950 жж.) патшалықтарының бәрі Батыс түрк қағанатының шато тайпасы құрған иеліктер еді. Сонымен бір уақытта тіршілік еткен қуатты Ляо патшалығы (916-1125 жж.) сянбилердің ұрпағы есептелетін қидандар құрған көшпенді халықтың мемлекеті еді.

960 ж. Чжао Куаң’ин жақсылыққа жамандықпен жауап қайтарып, Кейінгі Чжоу патшалығының (951-960 жж.) билеушісі Шицзуң құрған Орталық жазықтағы мемлекетінің билігін опасыздықпен оп-оңай тартып алғаннан кейін, Солтүстік Суң патшалығын (960-1127 жж.) орнатты. Бұл патшалық бастапқы кезеңде «Бес әулет» заманындағы көшпенді халықтардың рухын үйреніп, біршама тәп-тәуір жалындады. Алайда, Суң патшасы Тайцзудың (927-976 жж.) бойында Хән патшасы Уди және Таң патшасы Тайцзуңдай «өркениетті қасқырлардың» екпіні мен жігері жоқ еді. Суң патшасы Тайцзуң солтүстікке қарсы жүргізген екі жорығы қидандардың Ляо патшалығының соққысынан ойсырай жеңіліске ұшырады. Әйтсе де, ол оңтүстіктегі қытайлардың мемлекеттерін оп-оңай жеңіп, уысына жинады.

Таң патшалығының орта кезеңінен (766-836 жж.) кейін Қытайдың экономикалық орталығы солтүстіктен оңтүстік жаққа ауысты. Ал Таң патшалығының ақырғы кезеңінде және «Бес әулет» заманында Солтүстік Қытайдың экономикасы орасан зор ойрандауға ұшырап, Оңтүстіктің Қытаймен салыстырғандағы айырмашылық одан әрі ұлғайды. Оңтүстіктегі қытайлық мемлекеттердің мықты экономикалық күш-қуаты олардың ұлттық мінезінің қорқақтығы мен дәрменсіздігінің орнын толтыра алмады. Ондағы патшалар «көктемнің гүлін иіскеп, күздің айын тамашалап», «нақыштап ойылған кереге мен жақұт баспалдаққа құмартып», Яңцзы дариясының оңтүстігіндегі сумен көмкерілген саяжайларда көтендері мен сүйектерін ертеде-ақ
жұмсартып босаңсытып алған-ды. Сол себепті, көкжалдың мінезі мен қанын тұла-бойына сіңірген Солтүстік Қытай оңтүстіктегі қытайлық мемлекеттерді тағы да оп-оңай талқандады немесе бағындырды. Оңтүстік Таң патшасы Ли Хоучжу (937-978 жж.), Уюэ патшалығының (907-978 жж.) билеушісі және басқа да мемлекеттердің патшалары бірінен соң бірі жеңіліске ұшырап, тізе бүккен. «Чунцю» (Көктем мен күз) дәуірінде, Хән мен Таң патшалықтары кезеңінде Оңтүстік Қытайдағы сол «тауларды күшпен қопаратын, әлемді тынысымен қауқалайтын», «үш мың сауытты жауынгермен У патшалығын жаулап алатын», «үш қора-жайдан құралған Чу патшалығының Цин мемлекетін құртатын» ұлттық қайрат пен мінездің түгі де қалмай, ғайып болған-ды. Ұзақ мерзімді егіншілік тұрмыстың ортасы және конфуцийлік ілім ақыры иен даласы жоқ Оңтүстік Қытайды түбегейлі қайта тәрбиелеп, жұмсартып бітірді.

- Суң патшалығының дәуірі қытайлардың ұлттық мінезінің сапасы өзгеріске ұшыраған бетбұрысты кезең болды, - деп әңгімесін жалғастырды Чен Чжен, - Тарихтағы түрлі-түрлі жағымсыз да тиімсіз факторлардың жиналуын есепке алмағанда, Суң патшалығы қытайлардың мінезін өзгертуде төмендегідей екі келелі де ерекше роль ойнады:

1. Ең алдымен, Солтүстік Суң әулеті Хән мен Таң патшалықтары иеленген кең-байтақ даланы және мемлекеттің жер аумағын қайтаруға шамасы келмеді. «Ұлы Суң әулеті, ұлы Суң патшалығы» деп ауыз толтырып лепіргенмен, іс жүзінде оның жер аумағы тіпті Хән, Таң патшалықтары кезеңіндегі жер аумағының жартысына да жетпеген. Оның солтүстік жағында қазіргі Солтүстік Қытайдың солтүстік бөлігін және ұлан-ғайыр Моңғолия даласының он мыңдаған шақырым жерін иелеген қидандардың Ляо патшалығы орап жататын. Батыс тарапында ержүрек даңсяңдардың (таңғұттардың) Батыс Ся патшалығы және қияндардың Туфән мемлекеті орналасқан еді. Оңтүстік-батыс жағында байцзулардың Дали патшалығы жайғасқан-ды. Бұндай ахуал түбі ауыр зардапқа әкелді. Бастапқыда, Хән мен Таң патшалықтарына дейінгі заманда Қытай солтүстіктегі және солтүстік-батыстағы байтақ далалы мал шаруашылығы өңіріне иемденген. Бұл кең сахара өжет мінезді қан жасау қабілетіне ие болған. Тарихта осы ұлан-байтақ дала сансыз батыр жауынгерлер мен айбарлы қолбасшыларды және көрнекті патшаларды қытай ұлтына баптап берген. «Шекараның батысынан қолбасшылар шығады, шекараның шығысынан уәзірлер шығады», «қаһарман әскери мансаптылар Ляңчжоудан көптеп шыққан, жергілікті жерден шыққан батырлар әскери істерге үйренген» дейтін көненің сөзі бар. «Суй ши» (Суй әулетінің тарихы) жылнамасының «Ли Гаңның өмірбаяны» бөлімінде де «Ежелден бері елді қайта гүлдендіретін билеушілер солтүстік-батыстан көтеріліп, Орталық жазыққа табанын тіреп, шығыс пен оңтүстікті алатын» делінген. Хән және Таң патшалықтары кезеңінде Қытайдың кемеңгер де дарынды патшаларының Батыс өңірмен барынша сауда-саттық жүргізіп, солтүстік-батыс тараптағы кең даланы нығыздап уысынан жібермеуінің себебі – олар осы ұлан-байтақ сахараның қытайлық өркениетпен сабақтасқан кіндік-тамыры, ал көшпенділердің рухы мен мінезі Қытайды тіреген жота омыртқасы болып табылатынын терең түсінген. Хән, Таң әулеттерінің заманындағы жартылай егін шаруашылығы, жартылай мал шаруашылығына тиесілі мемлекеттің аумағы мен экономикалық негіз қытай ұлтының жартылай бөрі, жартылай қой мінезінің қолқа тамырын сақтап келген. Ал әлсіз де былқылдақ Суң патшалығы Қытайдың солтүстік-батысындағы күре тамыр болған иен даланың жайылымдарын қайтаруға күші жетпеді. Бұл ең ақырында қытай халқының мінезінің жетесіне тиетіндей кері әсер тигізді.

2. Екіншіден, Суң патшалығының тұсында «Лисюэ» (жаңа конфуцийлік ілімнің) ілімінің кеңінен жайылуы. Суң патшалығы заманындағы Қытайда тек таза егін шаруашылығына тиесілі жерлер ғана қалғандықтан, Конфуций ілімінің жуан бәйтерегі таза егіншілік алаптарынан нәр алып, барған сайын отырықшы сипаттың күшеюін үдетті, сондай-ақ оның барған сайын ұшқары дамуына әкелді. Суң патшалығында «Лисюэ» ілімінің туылуы бастапқы кезеңдегі конфуцийшілердің арасында сақталған көшпенді ескі әдет-салттарды, алға ширақ ілгерілеу рухын зор дәрежеде әлсіретіп, бұған керісінше ұлттық мінезді тежеп тұншықтыратын һәм кесіп-пішетін «жаңа рухты» күшейтті. Жанға ең бататыны – «Тәңірдің жолын сақтап, адам құмартқан нәпсілікті жою» дейтін бірдеме алға қойылды. «Үш парыз, бес уәжіп» (феодалдық заманның адамдар қатынасындағы моральдық өлшемі) Тәңірдің заң-ережесі етіп уағыздалды, осы «заң-ережелерді» қолдану арқылы халықтың тән сезімдері мен құмарлық-әуесқойлығын жоюдың қажеттігі дәріптелді. Қасқыр қасиет пен арман-ниеттің бәрі тып-типыл жойылды, өртелді және тосқауылға тап болды. Көкжалдардың жолы бөгелгенде ғана қойлардың жамырап қадамдауына жол ашылады. Конфуцийшілердің жаңа ілімі «лисюэ» қытай халқын қойлар мен сиырлары, яғни үй жануарлары секілді айтқанға көніп, айдағанға жүретіндей тәрбиелеп, басып-жаншыды. «Қыңқ» етпестен қиындықтар мен жәбір-зомбылыққа көну, үнсіз-түнсіз еңбектеніп жүре берудің арқасында қытайлар Суң патшалығының өндіргіш күштерін барынша дамытты. Тіпті сол кезеңде әлемдегі ең озық, ең қуатты күшке ие болған білтелі мылтық, отты зымыран, отты темір тікен, тас оқтарды атқыш, от шашатын мылтық және басқа оқ-дәрімен ататын қару-жарақтарды ойлап табылды. Алайда, бұның бәрі қытай ұлтының тез қарқынмен жұмсарған және қойдың сипатын сіңірген мінез кемістігін бұрынғыдай толтыра алмады, әрине.

Қайта гүлденуді және құдыретті болуды ойлаған халық өзінің өндіргіш күштерін дамытуы қажеттігін тарих дәлелдеп отыр. Алайда, «өндіргіш күштерге ғана» мән беруге әсте болмайды. Өндіргіш күштерді дамыту ұлтты көркейтудің негізі болып саналады, бірақ бұл әлі де негіздің негізі емес. Мықты да талаптанған ұлттық мінезді тәрбиелеп жетілдіруді және өндіргіш күштерді дамытуды бір уақытта тең жүргізу керек. Сонда ғана ел шарықтап өркендеуге қол жеткізетін қос қанатқа ие болады.

Суң патшалығында кілең егін шаруашылығымен шұғылданған қытайлар мінез жағынан ең ақырында Хән мен Таң патшалықтары дәуіріндегі ержүрек «өркениетті бөрілерден» дәрменсіз «өркениетті қойларға» айналып тынды.

Соның өзінде, Солтүстік Суң патшалығы 160 неше жылға созылған тұрақтылық пен гүлденуге қол жеткізді. Дегенмен, бұл оның өз қуаттылығынан емес, қайта оның мықты дұшпаны саналатын қидандардың Ляо патшалығының ұлттық менталитетіндегі маңызды өзгерістен келіп шыққан. Ляо мемлекеті (қара қытайлар) Суң патшалығының құрылуынан ондаған жыл бұрын Солтүстік Қытайдың 16 егіншілік аймағын жаулап алған-ды. Осыдан соң оның егін шаруашылығы барынша дами бастады, сондай-ақ Қытайдың солтүстік-шығыс бөлігінің қара топырақты өңіріне қарай кеңейді. Ондаған жылдар бойы тың жерді игеріп, егін егудің нәтижесінде егін шаруашылығы Ляо патшалығының экономикасындағы салмағы барған сайын ұлғайды. Қыруар малшылар бірте-бірте диқандарға айналды. Осылайша әуелгіде нағыз көшпенді халықтың мемлекеті біртіндеп егін шаруашылығы басым түскен жартылай малшы, жартылай егінші ел болып өзгерді. Сонымен егін шаруашылығы ұлттық мінездің темір тәртібін жұмсартып, қидандар елі Ляо патшалығына қатты ықпал көрсетті. Қидандардың қасқырдай жыртқыш мінезі де босаңси бастады. Сяо-тайхоу ханымның заманында Ляо мен Суң екі патшалық «Чәнюән одағы» деген теңсіз бейбіт шартқа (1004 ж., Чәнчжоу қаласы) қол қойды. Осы шарт бойынша Суң әулеті жыл сайын Ляо патшалығына орасан зор мөлшерде сый-тартулар төлеп, Суң патшасы Чженцзуң қидандық Сяо-тайхоу ханымды «Кіші ене» деп атады. Алайда, ұзақ мерзімді соғыс негізінен тоқтап, екі мемлекет «бейбіт және достық» орнатып, тыныш та жайбарақат ұйықтайтын болды. Екі ел жан рахатын күйттейтін егіншілік тұрмыс ортасында қос-қостап дәурендеді һәм жұмсара берді.

Алайда, қойлар тыныштықты қалағанмен, көкжалдар дамылдамайды, шабуылын қоймайды. Осы ереже жаһанда әлі де өктемдік етеді. Ляо патшалығында егін шаруашылығы барған сайын қаулап көркейген уақытта, Сунгари мен Амур өзендерінің алабында өмір сүрген көшпенді халық нючжэндер (чжурчжэндер, шүршіттер) тез қарқынмен бойын көтерді. Ляо патшалығының рақымсыз езгісінен құтылу үшін чжурчжэн көсемі Вән’ян Агуда қайсар нючжэн атты әскерлерін бастап, Ляо мемлекетіне лап қойған бөрілер тобындай сұрапыл шапқыншылық жасап, тез арада осы мемлекеттің қомақты жер аумағын басып алды және Цзин (Алтын) патшалығын орнатты. Кейін 20 жыл сарп етіп, Цзин патшасы Тайцзуңның заманына келгенде Цзин әулеті Ляо патшалығын ойрандап, жер бетінен жойып жіберді. Тіпті жартылай қасқыр, жартылай қой мінезді Ұлы Ляо патшалығы Цзин патшалығының көкжал сипатындағы жойқын атты әскерін тоқтата алмады. Ал сол кезде әлдеқашан әрі бай, әрі қауқарсыз «өркениетті қойға» айналған Солтүстік Суң патшалығында төтеп беретіндей қауқары тіпті болмаған-ды.

«Өркениетті қойлардың» серкесі болған Суң патшасы Хойцзуң (1082-1135 жж.) әбден «өркениеттеніп», Қытайдағы әйгілі суретші дәрежесіне жеткен еді. Гүлдер мен құстардың суреттерін нәзік салуға ерекше шебер ол кесте тігетін қыздардың тіккенінен де әдемі өрнектетіп тігетін. Бөрілердің басшысына тән көрегендікке ие болған Цзин патшасы Тайцзуң лезде Суң әулетінің қойша қасиетін айқын көре білді. Цзин қосындары Ляо патшалығын талқандаған соң тынығып реттелуді керек қылмай, оңтүстікке шапшаң аттанып, Суң патшасы Хойзцуңның есін шығарып, оны бірден тақтан бас тартуға мәжбүр етті. Ол тақты баласы Чжао Хуәнге, яғни Суң патшасы Цинцзуңға (1100-1161 жж.) өткізіп берді. Бұл екеуі Қытайдың ең шірік, ең қабілетсіз патшалар еді. Екінші жылы Цзин патшалығының армиясы Суң патшалығына тағы баса-көктеп кірді. Былқылдаған бейшара Суң жасақтары қасқырды көрген қойлардай үркіп, қойлар қашқандай жан-жаққа бытырап қашты. Кайфэң шаһары қақпаларын ашты. Цзин қосындары қаланы оп-оңай басып алып, әкелі-балалы Суң патшалары Хойцзуң мен Цинцзуңды тұтқындады. Мемлекеттің қазынасындағы қымбатты дүние-мүліктер түк қалмай тоналды. Патша сарайындағы бірнеше мың сұлу арулар қолға түсіп, солтүстіктегі қу далаға айдалып әкетілді, күңдерге айналды, жезөкшелікпен шұғылдануға мәжбүрленді. Сол кездегі әлемде жан саны ең көп, өндіргіш күштері ең дамыған, ең озық оқ-дәрілі қару-жарақпен қаруланған, ең ақыл-парасатты пікірлер жинақталған «Сунцзы соғыс өнері» атты кітабы шыққан Солтүстік Суң патшалығы соғыспай-ақ жеңіліп қалды, екі жылда ойрандалып жоғалды. Сол заманда бұл патшалық барлық жағынан дерлік кемшілігі жоқ еді. Жалғыз ғана кемшілігі «бел омыртқасы» - қайсар да тегеурінді ұлттық мінезі болмады.

Солтүстік Суң патшалығының «Цзиңкаң қорлығы» (Цзиңкаң – Суң әулетінің тоғызыншы патшасы Цинцзуңның билік ұраны, 1126-1127 жж.) қытайлардың ең-ең масқара тарихының бір парағы болып табылады. Бұл тіпті манчжурлардың Циң патшалығының соңғы кезеңіндегі ұлттық масқара болғанынан бетер сорақы болды. Циң патшалығы кем дегенде қуатты елдермен бірнеше рет айқасуға, ондаған жылдар бойы жағаласуға батылдығы жетті, сонда да оларға бола тақтан бас тартпады. Бір этнос егер ұлттық мінезін күшейтуді ең негізгі мемлекеттік саясат пен стратегияға айналдырмаса, мейлі экономикасы мен мәдениеті қанша дамыған, халықтың жан саны және қарулы күштері орасан зор болсын, бәрібір ең ақырында «Солтүстік Суң әулетінің» теріс жолымен тағы да шалыс басады.

Елдің бағына қарай, сол заманда Қытай христиан діні өркениеті және ислам өркениетінен шалғай тұрды. Егер Цзин патшалығының қосындары сол дәуірдің жоғары дәрежелі өркениетті армия болғанда, онда қытай ұлты бәлкім әліпбиін, жазуын, мәдениетін, нәсілін, дінін өзгертуі әбден мүмкін еді. Батыс өңірдің халқы бастапқыда будда дініне сенген ел болатын. Кейін келе айбынды ислам дінін қабылдап, «қайта туылып, сүйегін жаңарты» (түбегейлі өзгерді) емес пе? Ал бір жағынан бұл да Суң әулетінің Батыс өңірді қайтарып алуға дәрмені жетпеуімен байланысты.

Қытай ұлтының егінші сипатының өсуіне қарай, оның мінезі де күннен-күнге дімкәстеніп әлсіреді, зор көлемді жер аумағынан айрылды. Қытайдың астанасы да көшпенділер өңіріне жақын жерден тұп-тұнық егіншілік өңіріне жеңіле шегінді, яғни солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай ойысты. Шегінген сайын жұмсарды, ал жұмсарған сайын әлсіреп, тағы шегінді. Цин, Хән, Суй, Таң патшалықтары кезеңіндегі Чаң’ән шаһарынан Шығыс Хән, Батыс Цзин әулеттері заманындағы Лояң қаласына, одан соң Солтүстік Суң патшалығы кезіндегі Кайфэң қаласына, ең ақыры Оңтүстік Суң патшалығы заманындағы (1127-1279 жж.) Нәнцзиң (Нәнкин) мен Хаңчжоу қалаларына тікесінен ауысты. Хаңчжоу қаласы сол кездегі Қытайдағы халықтың салт-санасы жұмсақ та мейірбан, былқылдаған би мен сылқылдаған күйлердің мекені болатын. Осы шаһар ақырында қытайлардың Суң патшалығының ең соңғы астанасына айналды. Егер бір ұлттың тек миы мен қолдары ғана дамып, омыртқасы берік болмаса, онда ол басқа ұлттардың арасындағы омыртқасыз амебаға, жотасыз моллюск ұлуға ғана айналуы мүмкін. Омыртқасыз жалтақ та әлсіз Оңтүстік Суң патшалығы ең соңында мықты да тегеурінді Моңғол қағандығына елдің тізгіні саналатын патшаның үлкен мөрін табыстап, бүкіл мемлекет көлемінде тізе бүкті. Осындай қуатты солтүстік пен әлсіз оңтүстік ахуалы сонау жақын заманда Батыстың өркениетті көкжалдарының экономикасы, ғылым-техникасы және идеологиясы Оңтүстік Қытайға енгеннен кейін ғана түпкілікті өзгерді.

Чен Чжен ауыр күрсініп, сөзін жалғастырды:

- Алайда, мен Тәңірге үміттеніп қараймын. Әбден ойлана келе, Оның бізге әлі де оң көзбен қарағанын сеземін. Өйткені, мінезі әлсіз ұлт расында да осыншама ұлан-байтақ құнарлы жер аумағын иемденуге лайықты емес еді. Шынымен де Аспан әкеміз Тәңірдің алдында абыройдан айрылып, ел-жұрттан ұят жағдайға түсіп, осы ұлт ретінде «Жер шарының пропискасынан» шығарылып кетер ме едік. Тәңірдің «заң-ережесі» ешқашан бұрыс болмайды ғой. Қауқарсыз егіншілер өзгелердің жауыздығын жер-жебіріне жете жамандауы жөнсіз. Іс жүзінде, диқандар да осы аспанның заңдылығына сәйкес егінін еккенде, әлсіз майса мен әлсіз сабақтың құнарлы жерді иемденуіне жол бермей, оларды ешбір аяусыз тамырымен жұлып, орнына сапалы майса шөп пен мықты сабақ-сүйрікті отырғызады ғой. Дегенмен, Тәңір бұл ұлттың Жер шарының тізімінен шығарып тастамады. Қытай ұлтының миы мен қолдары бүкіл жаһанға танымал ғой: ең ертеде жабайы тары мен күрішті будандастырды, жібек, шай, фарфор, жылтыр лакты ойлап тапты, әлемге әйгілі төрт ұлы ойлап табылған нәрселер және басқа озық техниканы ұсынды һәм есеп-қисапсыз әдеби, тарихи, пәлсапалық шығармалар қалдырды. Әсіресе ойлап табылған төрт ұлы нәрсені айтсақ:

- компас батыс елдерінің нағыз теңіз елдеріне айналуына, олардың мұхиттарда жан-жақтағы бағыттарда шарлайтын, айдын шалқар теңізде еш адаспайтын теңіз бөрілеріне айналуына, жаңа құрлықтарды ашуға һәм капитализмның алғашқы қорын жинақтауға жәрдемдесті;

- Қағаз жасау, кітап басу және оқ-дәрі батыс ұлттардың орта ғасырдағы қараңғы надандықты және бекем феодалдық қорғандарды талқандауға көмектесті.

Қытай ұлты әлемдік өркениетке орасан зор үлес қосқан. Сондықтан көк аспанның көзі бар. Тәңір өзінің үлкен баласын – иен даланың көшпенді халқын тағы жіберіп, мынау жетесіз егінші інісіне жақсылап тәрбие беріп, оған қан құюды жалғастырып, оның омыртқа жотасын қатайтты, қайта серпіліп орнынан тұруына дем берді.

Егін шаруашылығы сөзсіз ұлттық мінезді жібітетін осы бір заңдылық орасан зор ролін көрсетуді жалғастыра берді. Қидандардың Ляо патшалығын жойған құдыретті Цзин патшалығы қадамын шалыс басып, өзі де Ляо әулетінің тағдырын қайталады. Цзин патшалығының заманында егін шаруашылығы барынша дамыды. Осы патшалықтың гүлденген кезеңінде егістік жерлердің аумағы Солтүстік Суң патшалығының дәуірінен де асып түсті. Егіншілікпен шұғылданатын халықтың жан саны да қауырт ұлғайып, Цзин патшалығының алғашқы кезеңіндегі 3 млн. түтіннен осы патшалықтың орта кезеңінде 7,6 млн. түтінге және соңғы кезеңде 45 млн. адамға жетті. Осы сан Солтүстік Суң патшасы Чженцзуңның «Цзиңдэ» кезеңіндегі бүкіл мемлекеттегі халықтың жан санынан асып кетті. Нәтижеде чжурчжэн халқы да күн санап қуатсызданды.

Күннің көзі сәл сарғайды. Олұн даласы алтын реңді шөлге ұқсап кетті. Бұрын қасқырлар тобы жортқан шатқалда әлдеқашан жарты ай түріндегі ішіндегі көлеңкелер көрінді. Чен Чжен орнынан тұрып, көкжалдың апаны орналасқан беткейге түйсікті халде тағы қарады. Баяғыда қойшы болып жүрген уақытта, ол күн сарғая қалса бөрілердің шабуылынан сақтанатын. Қасқырдың оған салған таңбасы жыланның шаққанынан да терең еді. 20 астам жыл өтті. Осы сәтте оның арқасы көкжалдар тобының сесінен ескен суық ауаны әлі де сезініп, жұлын-жүйкесі шымырлады. Ол қол-аяғын жазып керілді. 

- Қайтайық. Касымайлар бізді күтіп, алаңдап отырған шығар, - деді ол Яң Кэге.

- Ештеңе етпейді, - деді әңгімені тыңдауға құмарлана құныққан Яң Кэ асыға қолын сілтеп, - Касымай біз екеуіміздің ауруымызды біледі ғой. Әңгімелесе қалсақ, күннің түнге жалғасатынын біледі. Кетерде оған бүгін кешке бәлкім қайтпай, басқа отрядқа барып қалуымыз мүмкін деп айтқанмын. Сен расында да әңгіме айтушылардың тәсілін үйреніпсің ғой. Ең өзекті де қызық жеріне жеткенде «Жалғасын кейінгі тарауда айтамыз» деп отырсың ғой. Менің білуімше, бұдан соң моңғол атты әскерлері тарихтың сахнасына шығады. Сен машинаға отыр. Машинаның орындығын жазып қояйын. Сен жартылай жатып айта бер, мен жантайып жатып тыңдайын. Ал сөзіңді жалғастыр!

Чен Чжен машинаға отырды.

- Бөлтірік туылған жердің жанында лекция сөйлеймін дем ойламадым, - деді ол жантайған халде бірден әңгімесіне көшіп, - Апаннан шыққан жердің иісін иіскеп, оп-оңай рольге кіреді екенмін. .... Моңғол ұлты көтерілген кезде Қытайдағы егінші халықтың әлсірегені соншалық бір соққыға шыдамағанын айтпай-ақ қояйық, жаһандағы барша егінші халықтар да әлдеқашан жұмсарып, дұшпанға соққы қайтару қуатынан айрылған-ды. Моңғолдың азғантай ғана жүз неше мың салт атты қосындары Еуропа мен Азияны жапырып өтуінің ең басты төмендегідей екі себебі бар:

Бірінші себеп: моңғол ұлты әлемде бөрі тотеміне ең адалдықпен сенген көшпенді халық болды. Бөріні өзінің тотеміне айналдырды, ата тегін содан шығарды, соғыс пірі деп білді, абыройлы ұстазындай көрді, үлгі тұтты, сондай-ақ кең сахараның және дала халықтарының қорғаушысы деп сенді. Моңғолдар өз ұлтының ата-тегі «көк бөріден» шыққан деп есептеумен қатар, моңғол хандарының әулетінің өзегін құраған кейбір тайпа көсемдері, тіпті кейбір өзекті тайпалардың өзі де қасқырды тікелей өз есіміне балайтын. Ежелгі парсы тарихшысы Рашид ад-Дин өзінің «Джами ат-таварих» деген ұлы тарихи шығармасының 1-бөлімінде төмендегідей көрсетіп жазған: «Шыңғысханның алтыншы атасы Хайду-хан, бесінші атасы Бозуңхұр-хан және төртінші атасы Дунбинэ-ханның рулары Шыңғысханның төртінші атасының заманына келгенде моңғол хандарының тікелей ұйытқы тайпасын – «чинас тайпасын» қалыптастырған. Осы тайпаның екі көсемі Шыңғысханның төртінші атасы Дунбинэ-ханның екі баласы еді. Олардың біреуі «Жәнду-чина», екіншісі «Олукчин-чина» деп аталды. «Чина» сөзінің моңғол тіліндегі мағынасы - «көкжал». Рашид ад-Диннің сөзінше, «Жәнду-чина» деген есімнің мағынасы арлан, ал «Олукчин-чина» есімінің мағынасы өлекшін (құртқа) болып табылады. Сол себепті, бұл екі рубасының есімдері «Арлан» мен «Өлекшін» деп көрсетілді. Бұған қоса, олар өз тайпасын «чинас» деп атаған. «Чина» сөзінің моңғолша мағынасы «бөрі», ал «чинас» сөзінің мәні «бөрілер», яғни көптік белгісі болатын. Сонда «чинас тайпасы» сөзі «қасқырлар тайпасы» сөзін білдіреді. «Чинас.... көптік жалғау болып, «көкжалдар», «көкжалдар тобы» деген мағына береді» деп түсіндіреді моңғолдар тарихының беделді зерттеушісі Хән Жулин. Оның үстіне, Шыңғысханның кіші әкесінің әкесі де бөрі атанды. Рашид ад-Диннің көрсетуінше, «Чалах-Лиңкун ағасы Байсұңқар өлгеннен кейін, жеңгесін әйелдікке алады.... Ол өзінің бұрынғы әйелінен бірнеше ұл сүйеді. Солардың біреуі әкесінің орнын басып, өте атақты адам болды. Оның аты-жөні – Сурхэдуху-чина. Ол Дунбинэ-ханмен бірге тұрды. Оның баласы һәм мұрагері Амбағай-хақан еді. Сол Амбағай дәл Шыңғысханның кіші әкесі болатын. Яғни Шыңғысханның кіші әкесінің әкесі «Сурхэдуху-чина» болғаны анық. Мұндағы «Сурхэдуху» сөзінің моңғолша мағынасы анық емес, бірақ «чина» сөзі «қасқыр» дегенді білдіреді. Осы себепті, Шыңғысханның кіші әкесінің әкесі «көкжал» деп аталған.

Моңғолдарда «чина», яғни «бөрі» есімді адамдар өте көп. Тағы бір мысал келтіруге болады: «Джами ат-таварих» кітабында жазылғандай, «Шыңғысханның үшінші атасы (арғы атасы) Құбылай-ханның төртінші баласы баласы Хытан болған. Ал Хытанның құдасының есімі «Арығ-чина» еді. «Арығ» сөзінің моңғолша мағынасы беймәлім. Алайда, «чина» сөзі сол баяғы «қасқыр» деген мағынаны білдіреді.

Бұдан көкжалдың моңғолдардың көңілінде қаншалық асқақ орын алғанын көруге болады. Ал қытайларда бірде-бір адам өз баласына «бөрі» есімін қоймаған. Жоғарыда келтірілген фактілер жаһанды дүр сілкіндірген Шыңғысхан қасқырлардың даласында өсіп-өнгенін ғана емес, сондай-ақ оның көкжал адамдардың қоғамында өскенін де көрсетеді.

Сондықтан моңғол ұлты ата-тегін бөрілерден шығарған, пір тұтқан, ұстаз деп таныған, жарылқаушы санаған, өздерін соларға балаған, өлгенде өз денесін соларға берген, солармен аспанға аттанған ұлт еді. Көне заманда мінезі ең тегеурінді де мықты, қажырлы да парасатты халық болып жетілді. Ал моңғол атты әскерлері әлемдегі ең жойқын, ең айлалы, соғысуға ең шебер Моңғолия даласының қасқырлары тарапынан жаттығып жетілген қосындар болған.

Моңғол атты әскерлерінің жаһанды қидай сыпыруының екінші себебі: бірнеше мың жылдан бері ежелгі егіншілік өркениеті әлдеқашан шамадан тыс пісіп-жетіліп, әлемдегі барлық отырықшы халықтарды түгелдей жуасытып тастады. Басқаша айтқанда, қатты шабтол «піскен» халден түрте қалса бірден езілетін шірік шабтолға айналған-ды. Сол себепті, иен даланың бөрі тотемі рухымен қаруланған моңғол атты әскерлері де әлемнің кереметін жаратып, әлемнің тарихында жер аумағы ең зор Ұлы Моңғол империясын құрып, дала көшпенділерінің күш-қуаты жете алатын биік шыңдарға қол жеткізді.

Әлемнің тарихында жер аумағы Моңғол империясынан кейінгі орында тұрған Рим империясы да көкжалды құрметтеген мемлекет болғанына зер салу керек. Рим қаласының елтаңбасындағы құртқаның белгісі бүгінгі күнге дейін еуропалықтардың жан-дүниесіндегі «көшпенділер рухында» бұрынғыдай терең бейнелеп тұр. Дүниежүзінің тарихында жер аумағы ең үлкен, ең қуатты осы екі империя бөрінің рухына табынған империялар еді. Осының өзі қасқырлардың ұлы рухының ықпалы мен рөлін толық әйгілемейді ме?

Әлсіреген Цзин, Оңтүстік Суң патшалықтарының күйреуі және моңғол атты қосындарының жеңістері өндіргіш күштердің жоғары-төмен болуымен аса пәлендей байланысы болмады. Қайта егінші халықтың болмысымен, сондай-ақ осы болмыс жағынан белгіленген ұлттық мінезге тікелей байланысты. Бір ұлт жойылу тағдырынан сақтанғысы келсе, ол батыр ұлттық мінезді тәрбиелейтін өндіріс тәсілін және ұлттық болмысты белгілі көлемде сақтауы немесе жаратуы тиіс. Жалпы айтқанда, бір ұлт өзінің қажырлы да өжет мінезін шыңдағанда ғана өз тағдырын өзі белгілей алады.

Моңғол ұлты құрған Юән патшалығы әлемдегі Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің араласуына маңызды үлес қосты. Қытайға және қытай халқына да сіңірген еңбегі санап тауысқысыз болды:

Ең алдымен моңғол халқы Қытайға тарихта бұрын-соңды болмаған орасан зор ұлан-байтақ жер аумағын әперді. Оның жер көлемі Хән, Таң патшалықтарының заманынан да асып түскен. Осының өзі-ақ қытайлардың тіршілік кеңістігінің аумағын әлемге тағы бір рет әйгіледі. Юән патшалығы ерте замандағы Қытайдың аумағының кеңеюі үшін шешуші күш шығарды. Әйтпесе, Хән мен Таң патшалықтарынан кейінгі 200-300 жылда қытайлық үкіметтің басқаруынан құтылған өңірлер бәлкім мәңгі-бақи дербес болып кетіп, өзге қуатты өркениеттердің жер аумағына айналып, Қытайды сыртқы қорғаныс қабатынан айырып, егіншілікпен шұғылданатын ішкі өлкелерді тікесінен сыртқа жалаңаштап қалдырар еді. Кейіннен Миң патшалығының заманында қуатты Батыс Түркістандағы Әмір Темірдің империясы қытайларды мәжбүрлеп ислам дініне кіргізуді жариялаған. Әмір Темір 1 млн. жуық атты әскерлерін бастап Қытайға шабуыл жасауға әзер қалған-ды. Кейін ол кенеттен қайтыс болғандықтан ғана осы кесапаттан қытайлар аман қалды. Егер Әмір Темір өлмегенде, егер қазіргі солтүстік-батыс өңір Қытайдың уысында болмай, мұсылман халықтары иемденсе, егер ол Гәнсу өлкесі мен Ниңся өңірінен 1 млн. адамдық ірі қосындармен Қытайды шабуылдағанда, онда Қытайдың жер аумағы және өркениеті аман қалар ма еді? Сол себепті, Қытайдың Хән, Таң патшалықтарының заманындағы жер аумағын қайтадан қалпына келтірген және кеңейткен Юән әулетінің үлесі әрине орасан зор. Ол солтүстік-батыста қорғаныс қалқаны болатын аумақты кеңейтіп, басқа мықты өркениетті мемлекеттердің шекарасын алысқа ысырды. Оның үстіне, ол өзінен кейінгі Миң, Циң әулеттері үшін Хән, Таң патшалықтарының жер аумағын қайтару, қорғау және кеңейтуді жалғастырудың іргетасын қалады. Бұл осы замандағы қытайлардың өмір сүруі және дамуы үшін айрықша маңызды болып отыр.

Екіншіден, қуатты ұлттық мінездің тағы бір рет қан құюы. Бұны мынадай төрт жақтан көруге болады:

1) Моңғол халқының Қытайға кіріп билеп-төстеуі өзімен бірге Моңғолия даласының ержүрек көшпенділердің рухы мен ұлттық салт-дәстүрін әкелді. Күрес, жұдырықтасу, жылқы үстінде шауып садақ ату, бәйге, аңдарды қоршап аулау, сиыр бауыздау мен қой сою, еліре ән айту, өлердей арақ ішу, әйелдердің аяқтарын бумау, бет-жүзін ашық ұстап, елдің алдында жүру және басқа-басқа жөн-жоралғы әдеттер Солтүстік Суң мен Оңтүстік Суң патшалықтарындағы қытай халқының мүләйімсіген сыпайылығын, әлсіз де нашар менталитетін, кібіртіктеп шегіншектеген қытайша салт-дәстүрлерін бір соққымен жапырып жіберді.

2) Құбылай және басқа моңғол жоғары билеуші тобының жартысы Конфуций ілімінің ықпалына ұшырады, бірақ қыруар моңғол мансаптылары, бұқара халық пен әскери қызметкерлері далалық менталитетін өзгертпеді. Бұл өз кезегінде конфуцийшілердің күші мен ықпалына зор дәрежеде соққы беріп, қытай ұлтын Суң патшалығындағы «Лисюэ» заң-ережелерінің қатал рухани бұғауынан белгілі дәрежеде азат етті.

3) Үстемдік етуші этнос әрқашан өз ұлтының мінезі, әдет-ғұрпы, салт-санасын езілуші ұлтқа таңып отырады. Яғни, билеп-төстеген ұлттың мінезі, стилі, әдет-ғұрыптары тағы сол езілуші ұлттың еліктеу моделіне айналады. Бұндай жоғарыдан төменге екі тараптан сіңіруі мен еліктеуі ұлттық мінездің «қан құюы» мен «қан қабылдауы» болып табылады. Бұдан басқа, халықтардың арасындағы қыз алып, қыз беру, өзара некелесіп қан араласу күннен күнге көбейіп, қытай ұлтының жігерін, қанын және мінезін одан бетер күшейтті.

4) Юән патшалығы Қытайдың тарихында тұңғыш рет даланың көшпенді халқы құрған, бүкіл Қытайға үстемдік жүргізген аса зор патшалық болғандықтан, жан саны ерекше аз көшпелі халық бүкіл әлемде жан саны ең көп қытай ұлтын жеңіп, біртұтас Аспан астындағы елді билеп-төстегені ежелден өзін керемет санап шікірейген, төңіректегі бұратана елдерді менсінбей қорашсынған қытайларды осы күнге дейін айрықша шамдандырады, ызаландырады. Сондықтан, қытайлар да кеуілінің терең түкпірінде өз ұлтының қорқақ мінезі мен қайта-қайта жеңілістері үшін қатты ұялады. Осыдан бастап Қытайдың таңдаулы ұл-қыздары моңғол ұлтының өжет мінезін үйренудің саналы қимылдары өршіді. Чжу Юәнчжаң – моңғолдарға айрықша тамсанған қытайлық билеуші.

Сондықтан мен Юән патшалығындағы моңғолдардың қытайларға істеген осы реткі қан құюы төтенше дер кезінде һәм өте өнімді болды деп есептеймін. Бір ғасырға жуық жүргізілген ұлттық ықпал мен жаңа қан құю қытай ұлтын тағы бір рет серпілтіп тастады. Юән патшалығының соңғы кезеңінде Қытайда дүркін-дүркін көтерілген көкжал сияқты қаһарман көтерілісшілердің көсемдері – дәл осы жолғы қан құюдың тікелей нәтижесі.

Моңғол халқының бұдан кейінгі жеңіліп құлдырауының себебі сянбилердің Солтүстік Вэй әулеті, қидандардың Ляо әулеті, шүршіт-нючжендердің Цзин әулетімен тағдырлас, ұқсас болды. Кез келген мықты көшпенді халық жаһандағы ең ұлан-байтақ қытайлық егінжайлар мен егіншілік алабының ортасына кіріп кетсе, сондай-ақ оған Конфуцийдің рухани бұғауы киілгенде, қанша батыл болғанмен бірнеше ұрпақ ауысқаннан кейін бөрінің қасиеті міндетті түрде нашарлап тоқырайды екен. Қытайдың егістіктері дүние жүзінде ең кең көлемді және ең қалың болғандықтан, оның жұмсарту күші де ең қуатты болды. Моңғол халқы әлемде құрған төрт хандық пен Қытайда құрған Юән патшалығы шапшаң құлады. Қытайлар небәрі 10 жыл сарп етіп, ең алдымен моңғолдарды сахараға қуып жіберді. 1368 ж. Чжу Юәнчжаң Юән патшалығын құлатып, Миң патшалығын орнатты.

Миң патшасы Тайцзу (Чжу Юәнчжаң) және оның баласы Миң патшасы Чэңцзу (Чжу Ди) екеуі де көшпенділердің қаны құйылған Қытайдың байтақ жерінде туып өскен әйгілі қытайлық билеушілер еді. Олардың тұла-бойында қытайларда сирек кездесетін қасқыр мінезі тулаған, көкжалдарға ұқсаған қатыгездік, парасат, қайсарлық, рақымсыздық, өжеттік пен жанқиярлық бар еді. Чжу Юәнчжаң өзі Таң патшасы Тайцзуң (Ли Шимин) секілді алдыңғы сапта жауынгерлердің арасында жүріп шайқасты, жаулардың шебін бұзып, алға ұмтылды. Ол Нәнцзиң (Нәнкин) қаласын алғаннан кейін өзінен кейінгі көтерілісші диқандар жасақтарының көсемі Хуң Сюцюән (1814-1864 жж., Тайпиң Тянго мемлекетінің негізін салған) секілді ләззәт пен рахатқа берілмеді, қайта Миң қосындарының негізгі күштерін өзі бастап солтүстікке жорық жасады һәм астана Ханбалықты (Даду) басып алды. Содан соң Сычуән өлкесі алынды, Юннән өлкесі тыныштандырылды, бүкіл елді біріктіру негізінен аяқталды. Ол тәртіп бұзған ірі әскери қолбасшыларды, жемқор-парақор мансаптыларды өлтірді, тіпті мол қызмет көрсеткен уәзірлерді де жазалағанда қолы қалтырамай, қатаң жазалау тәсілдерін қолданды. Ян-ваң аталған Чжу Ди моңғолдың бөрі сипаттағы атты әскерлерімен шайқасатын ең алдыңғы шепте жүріп, қасқырдай қайсар мінезді шыңдады. Билікті батыл да қанышерлікпен иемденген ол «10 ұрпағына дейін қыру» дейтін қанқұйлы жазалаудың негізін салды. Әкелі-балалы Чжу билеушілерінің жауыздығын қатаң сынау керек, ешбір кешіруге де, аяуға да болмайды. Дегенмен, Чжу Юәнчжаң мен Чжу Дидің батырлықпен шайқасқа аттанатын көкжалдай мінездеріне оң баға беруіміз қажет. Қанша айтқанмен, бұл екеуі бұқара халыққа ғана жойқын қатыгездік көрсеткен, ал қуатты дұшпандарына қарсы ерлікпен шайқасуға батылдығы жетпеген Миң әулетінің кейінгі патшаларына ұқсамайды. Әйтсе де, қан құюмен ғана күн көру ұзаққа бармайды екен. Миң патшалығының кейінгі кезеңіндегі бірнеше патша даланың бөрілері емес, қайта Қытайдың классикалық сасық күзендері еді. Олар іннің ішінде өзара соғысуға шебер, ал «іннің» сыртында соғысуға төселмеген, тышқандық қасиеті асып-тасқан еді. Бір сөзбен айтқанда, мылтық асынған тышқан үңгірдің ішін ойрандайды!

Қытайдың игілікті істерін қалпына келтіру, моңғол атты әскерлеріне соққы беру һәм сахараға шегіндіру мақсатында Чжу Ди патшалықтың ордасын нәзік те бай-бақуатты мекен Нәнцзиңнен әскери алғы шептегі Бейжіңге көшірді. Оның үстіне, ол өмірінде бес рет өзі қосындарын жорыққа бастап шығып, ең соңында жазалау жорығынан қайтқан жолда науқастан қайтыс болды. Тақта отырған бір патшаның рахатқұмарлық пен ләззәттан безіп, өмір бойы аттың жалында айқасып, «қан майданда қаза тауып, тоқым мен жылқының терісін кебін еткені» қытайлық патшалықтардың билеушілері арасында некен-саяқ кездеседі. Юңлэ патша құдыретті де талапкер қытайлық патша десе дегендей еді. «Юңлэ дадян» (Юңлэ энциклопедиясы, 1408 ж.) шығармасы да ежелгі Қытайдың ең үздік, ең кең мазмұнды, әртүрлі саяси көзқарастар аянбай жинақталып жазылған сөздік болып табылады.

Осы екі кемеңгер де дарынды Миң патшаларын Солтүстік Суң және Оңтүстік Суң әулеттерінің әлсіз боркемік билеушілерімен айқын салыстыру қалыптасқан. Ал бұндай қасқыр қасиет пен мінездің Хән, Таң патшалықтарынан кейінгі Қытайдың мынау егіншілік алқаптарында өсіп-жетілуі өте қиын еді. Моңғол халқының аса қуатты қан құюы Чжу үйінен шыққан әкелі-балалы екі патшаның көкжал мінезін тәрбиелеп ғана қалмай, сондай-ақ бір топ бөрі сипатты зор көлемді қаһарман қолбасшыларды жетілдірді. Сюй Да, Чаң Юйчун және басқа да әскербасылардың бәрі Хән, Таң патшалықтарынан кейін сирек кездесетін аса көрнекті ақылды да батыр қытайлық әскери қолбасшылар еді. Миң патшалығының шарықтап гүлденген кезеңінде мемлекеттің жер аумағы солтүстік-шығыстағы Амур өзені мен Куйедао (Сахалин) аралына дейін, Батыс өңір мен Тибетке дейін кеңейді. Тыс қалған Моңғолия даласын есептемегенде, Хән, Таң патшалықтарының заманындағы жер аумағы негізінен қайтарып алынды, Хән мен Таң әулеттерінен кейінгі қытайлардың сүлкіні түсіп, қаусаған ахуалы түбегейлі өзгертілді. Осы жолы қытай ұлты өзінің қайтадан көркейгені үшін моңғолдардың жомарттықпен қан құйғанына рақмет айту керек, бөрі тотемі рухының Қытайдың аумағында тағы бір рет тірілуіне алғыс білдіруі қажет.

Әйтсе де, мінез жағынан айтқанда, қан құйғызушы (қабылдаушы) әрқашан қан құюшыдан (қан берушіден) әлсіз келеді. Алғашқы кезде айбынды болған Миң әулеті кейін келе бұрынғыдай моңғолдардың Солтүстік Юән қағандығын жеңе алмады. Қасқыр сипатты кең дала – моңғол атты әскерлер қосындарының күш алатын қайнар көзі. Моңғол атты әскерлері байтақ сахараға бір шегінсе, тез арада жойқын ержүрек болып қайта шыға келеді. Бес рет өзі жорыққа аттанып соғысқан Миң патшасы Чэңцзу (1402-1424 жж. билік еткен) бірінші жорықта ғана жеңіске жеткенмен, қалған төрт жорықтың нәтижесі мардымсыз болды. Миң әулетінің жасақтары көкжалдар секілді жортып, із-түзсіз ғайып болып ұстатпайтын моңғол атты қосындарының негізгі күштерін мүлдем таба алмады. Бұған керісінше, моңғол қосындары Миң жасақтарын қайта-қайта шабуылдап, қолбасшы Сюй Даның негізгі күштері саналған орасан зор армияны ауыр шығынға ұшыратты. Цю Фу қолбасшы басқарған 100 мың адамдық үлкен армия да тып-типыл жойылды. Соққының ауыр болғаны соншалық, Миң патшалығы 200 астам жыл бойы Ұлы Қытай қорғанын қайта жөндеуге мәжбүр болды. Ең аяныштысы, Тумубао бекінісінің түбіндегі шайқаста ойрат тайпасының шағын ғана 2 түмен атты әскері Миң патшасы Иңцзуң өзі тікелей басқарған 500 мың адамдық ірі армияны қан-жоса етіп талқандап, Миң патшасын тірідей қолға түсірді. Егер де Юй Цян бастаған жасақтар Бейжің шаһарын барша күшпен жанталаса қорғамағанда, Юән патшалығы қайта орнауы мүмкін еді. Осыдан кейін егінші халықтың қой мінезді көне кеселі тағы жыбырлап, неоконфуцийшілдік тағылым ұлттық рухты тағы буып тастап, тырп еткізбеді. Миң патшалығы күн санап әлсіреп, Ұлы Қытай қорғанының сыртындағы бірнеше мың шақырым жерлерден тағы айрылды. Бұл жағдай Миң патшалығының Мәнциң әулеті тарапынан жойылғанға дейін жалғасты. Тағы айта кететін бір сөз: қазіргі тарихшыларға дейін мақтап-мадақтап жүрген Ли Цзычэң (1605-1645 жж.) жетекшілігіндегі диқандардың көтерілісші армиясы да дәл осылай бір соққыға да шыдай алмай, бір сілтеуге күші келмей, мейірімсіз манчжур атты әскерлерінен жеңіліп, толығымен қынадай қырылған. Бұл көтерілісшілер де Таң патшалығының соңғы кезеңіндегі Хуаң Чао басқарған диқандардың көтерілісші жасақтары секілді көшпенділердің атты әскерлері тарапынан талқандалу тағдырын құшқан.

Қытай ұлты Юән патшалығының заманында моңғол халқының қан құюынан пайда болған азын-аулақ арын тағы да сарқылып таусылды. Қытай ұлты ең ақырында жеке-дара өзі Чжуңхуа (Қытай) деген зәулім ғимараттың шаңырағын өздігінен тік көтеруге қауқары жетпеді. Сөйтіп, амалсыздан қытайлық қоғам ортан қазық пен түп қазықты тіреу жауапкершілігін солтүстіктегі көшпенді халық – манчжурларға беріп қойды.

Чен Чжен қолжазбаның парақтарын тағы бір әрі-бері аударып, сөзін жалғастырды:

- Нючжен шүршіттер, яғни манчжурлар орнатқан Циң патшалығы (1644-1911 жж.) Қытайдағы ең соңғы монархиялық патшалық болып табылады. Ол Қытайдың тарихындағы бір керемет те орасан зор роль ойнаған патшалық болды. Мен Циң әулетіне де айрықша қызығамын. Өзің ойлашы:

- жан саны бірнеше жүз мың манчжурлар Циң патшалығын құрып, жан саны жүздеген миллион құраған қытайларды билеп-төстеді;

- моңғолдың Юән патшалығының жер аумағына ғана жетпейтін орасан зор территорияны иемденді;

- оның үстіне, Қытайдың тарихында уақыт жағынан ең ұзақ болған «Каңси-Цянлуң билігін» жаратты.

120 жылға созылған осы билік қытай ұлты ең шіреніп мақтанатын Хән патшалығының «Вэн-Цзиң билігі» (б.з.д. 180-141 жж.) және Таң патшалығының «Чженгуаң билігінің» уақыттарын қосқанда да олардан бір есе ұзындау болды. Манчжурлардың Циң әулеті – Қытайдың бұрынғы әулеттері мен патшалықтарының ішінде қабілетті, азаматтық құпиялар мен әскери стратегия білімдерін игерген патшалар ең көп шыққан, патшаның тақ-билігінің ауысуы ең жақсы жүргізілген патшалық. Егер Каңси, Цянлуң патшалары билеген гүлденген кезең желкенді кемелер дәуіріндегі батыс елдеріне емес, аса үлкен темір сауытты соғыс кемелер дәуіріндегі ие мықты батыс елдеріне дейін дамып бетпе-бет келгенде, мемлекеттің берекесі үшін барлық күштері мен парасатын сарп еткен Каңси мен Цянлуңның заманы бәлкім Қытайдың «Мэйцзи императорының» дәуіріндей (1867-1912 жж. билеген Жапонияның 122-императоры) болып, жасампаз жаңартуларға табысты қол жеткізе алатынына кәміл сенемін. Сондай-ақ талаптанған көшпенділер мінезімен Батыстың өркениетін, жүйесін және өнеркәсібін игеріп һәм енгізіп, қытай ұлтының ұлттық болмысы мен ұлттық мінезін біржолата түбегейлі қайта жаңалап, Батыстың өркениетті бөрілерімен бәсекелесе күресіп, мың жыл бойы тоқыраған ұлттың тағдырын өзгертетін еді. Амал қанша, Циң әулеті Қытайдың егіншілігі мен конфуцийшілердің тағылымынан босаңсып жұмсарғаннан кейін Батыстың азулы елдері ғана темір сауытты соғыс кемелерін жасайтын ірі индустриялық дәуірге қадам қойды. Қытайдың салымы да, тағдыры да нашар болды. Бұл жөнінде кейін тағы сөйлейміз.

Ендеше, қалайша кіп-кішкентай ғана манчжур халқы Хән, Таң патшалықтарының заманынан да асып түскен гүлденген кезеңді жарата алды? Меніңше, ежелгі заманда тек манчжур билеуші топтары ғана Қытайдың көркею мен құлдырау, күшею-әлсіреу заңдылықтарын ең терең жете түсінген, егіншілік өркениеті және көшпенділер өркениетінің тиімді-тиімсіз, артықшылықтары мен кемшіліктерін білген, сондай-ақ осы екеуінің артықшылықтарын бір-бірімен тығыз сабақтастырған. Манчжурлар ғана ұлттық мінездің ұлттың тағдырында шешуші роль ойнайтынын терең білген, өздерінің ұлттық мінезіндегі қасқырлық сипатты сақтаудың төтенше маңыздылығын ерекше түсінген һәм бұны екі ғасырға жуық уақыт сақтай алған. Олар тек көкжалдар сияқты бас имейтін, қайыспайтын, өршелене алға ұмтылатын мінез бен рухты сақтағанда ғана қытайлық мәдениет пен өркениетті де үйрену мен игерудің қиын еместігін, тіпті оны бұрынғыдан да жоғары өреге көтеруге болатынын түсінген.

Манчжур билеуші топтары көшпенді халықтың бөрі сипатты мінезін сақтау үшін сянбилердің Солтүстік Вэй патшалығы, қидандардың Ляо патшалығының басқару тәжірибелерін, әсіресе манчжурлардың арғы ата-бабалары құрған Алтан (Цзин) патшалығы және моңғолдардың Юән қағандығының жеңілуін тәлім етіп бойына сіңірді. Олар жаппай қытайлануға беттемей, көптеген жаңа мазмұндарды жасампаздықпен арттырып, өз ұлттық мінезін сақтауға бағытталған жеті мемлекеттік саясатты жүзеге асырды:

1. Манчжурлардың ат үстінде садақ тарту, салт атты күресу дәстүрін сақтау, кішкене бала жасынан тәрбиелеуге бүкіл халықтың қатысуы, тіпті патшаның ұлдарын да бұдан қағыс қалдырмау.

2. Белгілі мерзімде кең көлемді қашалап қоршай аң аулауды ұйымдастыру, патшаның өзі жорыққа шығып, «баци» жүйесінің өкілдерінің (Циң патшалығында «сегіз тулы» әскерлер мен халықтың әкімшілік бөліну жүйесі) бірге аттану, аң аулау арқылы әскерлерді жаттықтыру, қасқырлармен жақыннан арпалысудың арқасында көкжалдың қасиетін сақтап жетілдіру. Чэңдэ ауданындағы (Хэбэй өлкесі) «Бишу Шәнчжуаң» патшалық сарай саяжайындағы мұражайда «Каңси патша (1662-1722 жж.) өз өмірінде саятшылық барысында жүздеген бөріні өз қолымен өлтірген» деген таныстыру сөзі жазылған.

3. Қытайдың солтүстік-шығыс, солтүстік-батыс бөліктері және Моңғолия даласындағы көшпенді мал шаруашылығы өндіріс әдісін сақтап қалу. Екі аумақты екі түрлі басқару – егіншілік аумағын егін шаруашылығы тәсілімен, мал шаруашылығы аумағын мал шаруашылығы тәсілімен басқару. Кең даланың қасқыр сипатындағы қанын қалыптастыру қызметін сақтау үшін егінші диқандардың сахараға енуіне, жайылымдарды бүлдіруіне, тың игеруіне қатаң тыйым салынды. Иен даланы қорғау көшпенді халықтардың өжет мінезінің тамыры мен қайнар көзін қорғау деген сөз. Циң патшалығының көркейген кезеңіндегі бүкіл жер аумағына қарасаң, оның дәстүрлі жартылай егіншілік, жартылай мал шаруашылығы жүйесіндегі мемлекет болғанын байқайсың. Бүкіл елдің жартысынан көп жер аумағын көшпенді халықтардың мал шаруашылық ұлыстары құраған-ды: мемлекеттің солтүстік-шығыс бөлігі (Манчжурия), Шығыс Сібір, Ішкі және Сыртқы Моңғолия, Ниңся, Гәнсу, Циңхай өлкелері, Тибет пен Шынжаң. Осынша кең-байтақ көкжал сипатты сахара сол кездегі Қытайды қаншама батыр қанмен және қосындармен қамдауға қабілеті жеткен.

4. Бөрі текті қанның тазалығын күшейту үшін манчжурлар мен моңғолдар өзара некелесті, ал манчжурлар мен қытайлардың некелесуіне тыйым салынды. Осы арқылы егінші қытайлардың қой сипатты қанының сіңуі шектелді, аластатылды. Тарихта көне заманнан бері нючжендер (чжурчжэндер, шүршіттер) мен моңғолдардың қандастық байланысы болды. Чжурчжэннің ехэ, хада және басқа да тайпалары моңғолдармен құда-жекжат қатынаста болған. Циң патшалығында қуатты моңғол атты әскерлерін пайдалану арқылы жүз миллиондаған қытайларды бірлесіп басқару үшін манчжур мен моңғол ақсүйектерінің патша әулетімен өзара некелесіп құдаласу саясаты тіпті де кең көлемді һәм әртүрлі деңгейде жүргізілді. Әйгілі Сяочжуаң ханым нақ моңғол халқының көрнекті қызы болған.

5. Қару-жарақты меңгеруге һәм соғыс өнеріне шебер болу, соғыста жауынгерлік ерлік пен қызмет сіңіруге ынталандыру, соғысу арқылы жатылып төселу, шайқастар арқылы қосындарды күшейту. Каңси мен Цянлуң патшаларының гүлденген заманы сондай-ақ тоқтаусыз қиян-кескі күрестер мен соғыстардың дәуірі болатын. Манчжур билеуші топтарының ішінде соғысуды жақтаушылар үстем орынды иеленіп, вассал ұлықтардың ұлыстарын жою, Тайвән аралын қайтару, Моңғолияны тыныштандыру, Шынжаң мен Қытайдың оңтүстік-батыс бөлігіндегі дүрбелеңді басып-жаншу, патшалық Ресейдің баса-көктеп кіруіне қарсы тұру, сондай-ақ «Нянцзюн» көтерілісші жасақтарын (Циң патшалығы кезінде Әнхой өлкесінің солтүстігі мен Хэнән өлкесіндегі көтеріліске шыққан диқандардың жасақтары) және Тайпиң-Тянго көтерілісін жаныштау мәселелерінде толық жеңіске жеткенше ешбір ымыраласпай шайқасты.

6. Манчжурлар негізгі ұйтқы болған, моңғолдар мен тибеттіктер және басқа да көшпенді халықтар тірек болған көшпенділер одағын құру, көшпенділердің рухын күшейту, жан саны аса тығыз орналасқан қытайларды бірлесіп билеп-төстеу.

7. Қытайлардың іріп-шіріген, бәсекелесуге қабілетсіз тақ мұрагерлері жүйесін күшінен қалдыру, тақ мұрагерін патшаның өзі жарамдылар ішінен таңдау һәм бекіту. Патшаның ұлдары басшы арланның орнына таласқан бір топ қасқырлар сияқты өзара аянбай күресіп, кескілескен сұрапыл бәсекеде дәрменсіз де қабілетсіз дарынсыздар ығыстырылып, басшы арландар сұрыпталды, кемеңгер тұлғалар таққа отырды.

Осы шаралар манчжурлардың өжет мінезін және Циң патшалығының  ұзақ уақыт тұрақтылығы мен тыныштығын ұзағынан сақтауда шешуші роль ойнады. Алайда, Қытайдың егіншілік жер аумағы айрықша кең, егіншілер күшінің ықпалы аса қалың еді. Бұған қоса, манчжурлар Конфуцийдің рухына жаппай мұрагерлік етіп, одан әрі дамытты. Бұған сондай-ақ Циң патшалығы дәурендеген кезеңдегі экономикалық гүлденуден егінші халықтың жан саны қауырт өсті. Циң әулетінің соңғы кезеңінде олардың жан саны Хән, Таң патшалықтары дәуіріндегі егіншілердің санынан алты-жеті есе көбейіп, егінші халықтың менталитеті толығымен үстем орынды иеленген жағдай қалыптасты. Сондықтан, Циң әулетінің жоғарыдағы мемлекеттік саясаты ең ақырында бәрібір манчжур билеуші топтарының ержүрек мінезін сақтай алмайтын болды. Циң патшалығының соңғы кезеңінде Циң әулетінің көкжалдық сипаты азып-тозып, мемлекеттің жері жырымдалып, соғыс шығындары төленді, елдің арына кір келтірілді, намысы аяққа тапталып, халық қорланды. Алайда, қытайлардың Оңтүстік Суң патшалығынан әлдеқайда күшті болды. Ең кемінде қолдарын қусырып, батыстың қуатты елдеріне патшаның үлкен мөрі мен тақ-салтанатын табыстамады, бүкіл мемлекет болып тізе бүкпеді.   

Көшпенді чжурчжэндер мен манчжурлардың Қытайға қосқан үлесі аса зор. Басты үлес екеу:

1. Олар ең алдымен Қытайға тағы бір рет Юән патшалығынан кейінгі екінші орынды алатын жер аумағын әперді. Юән, Миң патшалықтарының заманында екі рет анықталған жер аумағына Циң патшалығының 200 жылға созылған өнімді әкімшілік басқаруын қосыңыз. Циң патшалығының соңғы кезеңінде жартысына жуық жер аумағынан айрылса да, Хән мен Таң патшалықтары мықтап орнатқан жерлерді сақтап қалды, сондай-ақ ырысты да құнарлы үш шығыс өлкені (Хэйлуңцзяң, Цзилин, Ляониң өлкелері) қосып алды. Бірнеше мың жылға созылған ұлттық сұрыпталу бәсекесі Қытайда егінші халқы мен көшпелі халықтардың бірлесіп арпалысудың арқасында жүргізіліп, ақырында 2 мыңнан астам жыл бұрын Қытайға тәуелді болған жерлерді біздің заманға дейін аман сақталып келді. Сол халықтардың басым бөлігі ежелгі жерлері былай тұрсын, тіпті өзінің ұлттық болмысын да сақтай алмады. Айталық, Ежелгі Рим империясы, Араб халифаты, Осман империясының кең-байтақ жерлерінің бәрі тұтастай сақталмады.

Әрине, Қытайды кіш-кішкене Англияның Британ аралдары деп аталатын үш аралдан «Күн ешқашан батпайтын» ірі империяға дейін кеңеюмен, шап-шағын Орыс князьдігінің Еуразияда көсілген Ресей империясына айналумен, Батыс Еуропадағы ұлттардың құртымдай Еуропаның бір бөлігінен Солтүстік Американы, Оңтүстік Американы, Океания сияқты үш үлкен құрлықты уысында ұстаған зор империяға айналумен салыстыруға да келмейді. Патшалық Ресей Циң әулетінің уысынан кең-байтақ өңірді тартып алуы дәл сол Қытайдың егіншілері мен Конфуций тағылымшыларының Циң патшалығын босаңсытып әлсіретуінің ащы кесірі болып табылады. Дегенмен, егер Циң әулетінің тұла-бойында бөрі қасиеті сақталмағанда, онда Циң патшалығының соңғы кезеңінде Қытай шығыстағы үш өлкеден, Іле аймағы, тіпті бүкіл Шынжаң мен Тибетті де сақтап қала алмас еді.

Әсіресе Қытайдың қазіргі жер аумағы қытайлар құрған Хән патшалығы кезінде игерілгенін, сянбилер мен қытайлар ортақ түтінін түтеткен Таң патшалығының заманында дамығанын, моңғолдардың Юән патшалығы заманында біршама кеңейгенін, ең ақырында манчжурлардың Циң патшалығы кезінде қалпына келтірілгенін, кеңейтілгенін және тапжылмай қорғалғанын ерекше атап көрсету қажет. Хән, Таң, Юән, Циң қатарлы бұл төрт патшалықтың орасан зор үлес қосқанының басты себебі: осы төрт әулеттің бәрінің ұлттық мінезінде қасқыр мен қойдың қасиеттері өзара біршама жақсы ұштасқан, көкжалдың қасиеті қойдың мінезінен сәл үстем түскен мықты заман еді. Осы төрт ұлы патшалықты басқарған этностардың құрамына қарасақ, таза қоспасыз қытайлар үстемдік орында тұрған тек Хән патшалығы ғана екен. Таң патшалығында сянбилер мен қытайлар бірлесіп билік жүргізді. Ал Юән мен Циң патшалықтарын толығымен көшпенді халықтар билеп-төстеді.

Осы төрт ұлы патшалықтың астаналарының орнынан да көшпенді сахара, көшпенді рух пен мінездің ұлы көмескі ролін және ықпалын көре аламыз. Бір патшалықтың астанасы – осы патшалықтың саяси, экономикалық, мәдени орталығы, сондай-ақ сол мемлекеттің мінез-менталитетінің орталығы. Хән, Таң, Юән, Циң патшалықтарының астаналары егін шаруашылығы және мал шаруашылығы өзара шекараласқан немесе жақын өңірде орналастырылған. Хән мен Таң патшалықтарының астанасы Чаң’ән солтүстік-батыстағы көшпенділер аумағына жақын орналасқан. Юән және Циң патшалықтарының астанасы Бейжің солтүстіктегі иен далаға жақын орналасты. Бұл – қуатты патшалықтың астанасы маңызды да күшті мекенге жақын орналасатынын түсіндіреді. Бейжің және Хән-Таң әулеттері кезеңіндегі Чаң’ән шаһары халықтың салт-дәстүрлері күшті солтүстікке жайғасқан. Олардың айырмашылығы – Бейжің Қытайдың егіншілік өркениетінің кіндігі саналатын Орталық жазықта орналаспаған, мемлекеттің егінші халқының анасы есептелетін Хуаңхэ өзенінен де алыс болды. Бұл шаһар байтақ Ұлы далаға жақын орналасты. Бейжің – Цзин, Ляо, моңғол, манчжур секілді үш көшпенді халық ұзақ мерзім бойы астана еткен шаһар, негізінен көшпелі халықтар құрған саяси, мәдени және ұлттық сипаттың орталығы. Еуразияда көлденең көсілген Ұлы Моңғол империясының шарықтаған кезеңінде Бейжің «жаһанның астанасына» айналған. Бұл – Қытайдың бес мың жылдық тарихында әлем астанасы бола алған жалғыз-ақ қала. Оның үстіне, Чаң’ән қаласымен салыстырғанда Бейжің теңізге де бір табан жақын тұр. Астананы Бейжіңге орналастыру қытай ұлтының көшпенділер рухына мұрагерлік етуіне, сондай-ақ теңіз бен мұхиттарды игеріп дамуға, мұхиттың «көшпенді рухына» қол жеткізуге тиімді. Көшпенді халықтардың арқасында, әсіресе моңғолдар мен чжурчжэндердің арқасында Бейжің ең ақырында Қытайдың астанасы етіп бекітілді.

Бұдан басқа, Қытайдағы ең әйгілі әйел саяси қайраткерлер де Хән, Таң, Юән, Циң атты осы төрт аспанға өрлеген патшалықтан шыққан. Мысалы, Хән мен Таң әулеттерінде Люй Хоу, У Цзэтян ханымдар, Циң әулетінің заманында моңғол халқынан шыққан әйгілі әйел Сяочжуаң-ханым. Осы үш ұлы әйел физиологиялық пен психологиялық жақтан аяқтары түгелдей буылған ши аяқ тайтайлар емес-ті. Сяочжуаң-ханым өз уақытында манчжур мен қытайлық әйелдердің аяқтарын таңуды қатаң тыйым салуды талап еткен топқа жататын. Аяқты буып таңу – қытайлардың ең нашар әдеттерінің бірі. Бұл жаман әдет те дәл Хән, Таң әулеттерінен кейін егіншілік пен конфуцийшіл күштердің ең шарықтаған, ұлттық мінез ең әлсіреп нашарлаған Суң патшалығында басталған. Билеушілердің еркін де тәуелсіз рухын бүлдіріп ойрандау және шырмалап бұғауда ұстау – конфуцийшілердің түп арқауы, негізгі мақсаты. Конфуций ілімінің мектептері қытай ұлтын қойлардай момын етіп жуасытумен қатар, қытайлардың әйелдерін де аяқтарын буып, тұқыл мүгедек етіп, «жарымжан кемтар саулықтарға» айналдырды. Суң патшалығынан кейін конфуцийшіл білімсымақтар мен диқандар бірлесіп «сәнцун цзинлян» («үш цунь алтын лотос» етіп әйелдердің аяқтарын буып өзгерту) жасауға есі-дерті ауып, мүгедек етуді қолпаштады. Олар осылайша әлемдегі саны ең көп қыз-келіншектерді бірлесіп қор қылды. Бұл ғаламның тарихында ең рақымсыз, адамның табиғатына ең қарсы қылмысқа айналды. Дүниежүзіндегі барша халықтардың алдында қытайлар абыройдан айрылған ең қарабет, күлкіге ең көп ұшыраған іс болды.    

Байтақ мекен қытайлық өркениеттің өмір сүріп дамуының іргетасы болса, солтүстік-батыстағы кеңінен көсілген сахара сол өркениеттің тамыры мен қалқаны болды. Жалпы алғанда, көшпенді халықтардың Қытайдың жер аумағының кеңеюіне қосқан үлесі қытайлардан анағұрлым асып түседі. Соның ішінде моңғолдар мен манчжурлардың үлесі айрықша зор. Ал манчжурлар Қытайдың аумағының шешуші сәттегі белгілеушісі болып табылады. Кейін келе Миңго Республикасы заманында (1912-1949 жж.) қытайлардың билігі тағы кең-байтақ Сыртқы Моңғолиядан (қазіргі Моңғолия) айрылып қалды. 1946 ж. қаңтарда Нанкин қаласындағы Гоминдаң үкіметі Моңғолияның дербестігін мойындады.

Екіншіден, манчжурлардың Циң патшалығы Қытайдың кеңеюіне орасан зор үлес қосудан бөлек, қытай ұлтына тағы бір рет ұзақ мерзімдік қан құйып берді. Кейіннен тарихтағы көшпенді халықтар арт-артынан мықтап қан құюы, әсіресе моңғолдардың жарты ғасыр қан құюы, соның ішінде манчжурлардың ең соңғы екі жарым ғасырда қан құюының нәтижесінде қытай ұлты өз жерін, өз мәдениетін, өз тегі мен түрін сақтап, бүгінгі күнге жетіп отыр. Қазіргі күнде қытай ұлтында әлі де өзінің және кезінде көшпенді халықтар құйып берген бөрінің қаны бар. Бұған тағы Батыстан ұрланған үздік өркениет пен озық өндіріс тәсілдері қосылса, Қытайдың қайта жандануы үшін ресурстар болар еді. Циң патшалығының соңғы кезеңінен кейін қытай ұлтының империализм мен феодализмге қарсы тұрған қайсар ұлттық рухы көшпенділерден мирас болып қалған қан мен көшпелі халықтар үздіксіз сіңдірген өміршеңдік күштен бастау алады.

Циң әулеті Қытайда орнығып билік жүргізуі осы мемлекеттің 5 мың жылдық ежелгі тарихына соңғы нүкте қойды. Қытайдың көне заманда халықты билеп-төстеу тарихы көшпенділерден басталып, көшпенді нючжэн (шүршіт) халқына келіп аяқталған. Көшпенділерден басталып, көшпенділермен аяқталу үрдісі әсте кездейсоқтық емес. Бұл қайта Қытайдың ерекше ортасымен және екі халықтың тарихи дамуының қажеттігімен тығыз байланысты. Қытайдың егіншілік өркениеті деген осы бір тармақ көшпенді ұлыстардың қайта-қайта қан құю ролінің арқасында ғана әлемдік өркениеттің негізгі арнасына қайта ағып құйылған-ды. Бұл «айналым» мынадай бір жалпылама ақиқатты терең айғақтайды: ұлттық өркениет – ағын, ал ұлттық мінез – бұлақ суы. Батыр мінезі болмаған халық өркениетті жарата алады, бірақ тіпті сол өркениетті сақтап қалу және дамуын жалғастыру түгіл, өз ұлтын да әрдайым қорғай алмай қалады. Жаһан мен Қытайдың ежелгі егіншілік өркениеттің көбісі тарих мұражайларына еніп болды. Алайда, көшпенді халықтар және олардың кейінгі ұрпақтарының қасқырдай тегеурінді де алға ұмтылғыш көшпенді рухы мен мінезі керісінше әлі күнге дейін қуатты өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Олар ежелгі өркениеттердің талайын бірінен соң бірін мұражайға тоғыта алады, тағы талай-талай жаңа өркениетті нысаналы түрде жасауға қауқары жетерлік.

Еңбекшіл де ержүрек қытай ұлтының еңбекқорлығы негізінен Қытайдың егінші халқының мінезінен келіп шыққан, ал қаһармандығы негізінен айналасындағы көшпенді халықтардың мінезінен келіп шыққан-ды. Екеуі де бір-бірінен қалмайды, бір-біріне дес бермейді. Алайда, егіншілердің жан саны басым көпшілікті құраған, егіншілік тарихы осынша ұзақ болған қытай ұлты жөнінде айтқанда, оның басты кемшілігі сол баяғы ержүректігі мен алға ұмтылғыш мінезі және рухының жеткіліксіз болуы саналады. Қаһармандықпен алға ілгерілейтін рух пен мінез болмаса, еңбекқорлық деген көбінесе нәтижесіз еңбек ету немесе бөтендерге бекерден-бекер жұмыс істеу болып қалады.

Сайып келгенде, дүниежүзілік өркениеттің бәсекесі – ең түптің-түбінде сол бір ұлттың азаматтық мінезіндегі бәсеке. Батыстың үздік демократиялық жүйесі және ғылым-техникасы өжет те алға ұмтылғыш ұлттық мінездің негізінде құрылған. Қытай ұлты Батыс елдеріне жетіп озамын десе, егінші халықтың болмысын және диқан ұлттың мінезін өзгертуге күш салуы тиіс.

Мен көшпенді халықтардың бөрі тотемін тарақ ретінде қолданып, Қытайдың тарихшылары Конфуцийдің рухы мен идеясымен әдейі құйқалақтатып ұйпа-тұйпа қылған тарихты қайтадан тарап түзедім деп ойлаймын. Бөрі тотемін өзек еткен көшпенділер рухын және де оның Қытайға үздіксіз қанын құйған тарихты әбден ұғынғанда ғана жаһанда тек қытайлық өркениеттің бірнеше мың жылдан бері неге ешқашан үзілмей жалғасуының толық анық-қанығына жетуге болады, сондай-ақ Қытайдың болашақта шалқып өрлеу-өрлемеу сырының қайда екенін білуге болады.

Дегенмен, бөрі тотемінің рухын түсіну және оны игеру айрықша қиын мәселе. Ең маңыздысы – көшпенді халықтардың неге бөрі тотемін құрметтегенін түсініп ұғу қажет. Қытайлық тарихшылардың басым көпшілігі көшпенді халықтардың осы тотемді құрметтегенін түгел біледі, бірақ көшпелілердің бұл тотемді құрметтеуінің себебін жете түсінбейді. Мысалы, моңғолдардың тарихын зерттеген беделді оқымысты Хән Жулин мырза былай тұжырымдайды: «Түрктердің көзқарасы бойынша, бұл халық көкжалдан өсіп-өніп көбейген, сондықтан өз нәсілін басқалардан біршама асыл деп қарайды. Бұның себебін білу бізге мүмкін емес, ал қағандары ежелден бұны өзіне мақтаныш көреді». Осындағы «себебін білу мүмкін емес» деген сөздің себебі – қытайлар байтақ даладан айрылғанына тым ұзақ болғандықтан, бөрі тотемі жөніндегі білім-танымдары шектеулі болғандықтан, бұны меңгеріп кетуі қиынға соғуда. Кейбір маңызды тақырыптарды кітапханада һәм кеңседе тапжылмай отырып зерттеп, түбіне жету мүмкін емес. Екеуіміз байырғы Моңғолия даласында өмір сүрген 10 жылдам астам уақытты зор құштарлықпен, табанды ізденумен өткіздік ғой. Даланың бөрілерімен біраз жыл етене қойындасу және жақыннан араласудың арқасында ғана қытайлардың шектеулі сыңаржақтылығынан құтылған едік. Қазір өз таным-білімімді қытайларға барынша тезірек жеткізуім керек. Ұлттың санасындағы ауыр кемістіктердің орны толықтырылғанда ғана ұлттық мінездегі орасан зор кемшіліктер түгенделуі мүмкін.

- Егер де сенің теорияң рас болса, онда Қытайдың 24 тарихын (б.з.д. 3000 ж. бастап ХVII ғ. Миң әулетіне дейінгі Қытайда болған оқиғаларды баяндаған 24 әулеттің тарихы) қайта жазу қажет болады. Конфуцийшіл ғұламалар жазған 24 жылнама әрине бірбеткей, бір сарында баяндалған. Ішінде сыңаржақты көзқарастар айрықша көп. Тарихты қайта жазуды толық қолдаймын. Мейлі қалай жазылса да әйтеуір жаңадан жазылуы тиіс, - деді Яң Кэ күрсініп.

- Бұны қатаң мағынада айтсақ, тарихтың шынайы келбетін өз қалпына келтіру керек, - деді Чен Чжен, - Қытайдың ежелгі мәдениеті егіншілік мәдениет болып табылады. Демек, тарихшылар жазған мәдениет егін шаруашылығына негізделді, яғни «жүздеген мектеп пен ағым жабылып, тек ғана Конфуций ілімі ғана құрметке бөленді, көшпенділердің тірлігі жоққа шығарылды, «төрт и» (шығыстағы и тайпасы, батыстағы руң тайпасы, оңтүстіктегі мән тайпасы, солтүстіктегі ди тайпасы) қорлап-кемсітіліп кішірейтілген. Қытайдың тарихын жаңадан жазып ғана қоймай, сондай-ақ тарихта төңкеріс жасау керек. Мен Ляң Цичао мырзаның (1873-1929 жж., қытайлық философ, пәлсапаның тарихшысы, ғалым, әдебиетші, мемлекеттік және қоғамдық қайраткер, ХІХ ғ. Аяғында және ХХ ғ. басында Қытайдағы либералды реформалық қозғалыстың лидерлерінің бірі) бір сөзін ерекше құптаймын. Ол «Жаңа тарих ілімі» шығармасының «Қытайдың көне тарихы» деген бөлімінде былай айтқан-ды: «Тарих саласында төңкеріс болмай, елімізді құтқара алмаймыз. Қыруар сан алуан істердің ішінде жалғыз осы іс ғана ең елеулі». Меніңше, егер «қасқырларды тарихқа сүйреп кіргізбесек» (олар туралы сөз қылмасақ), Қытайдың тарихына терең ықпал еткен бөрі тотемнің рухын тарих әлеміне қоспасақ, ҚХР тарихы мәңгі-бақи ағынсыз іркінді су көлшігі болып қала береді. Әлгі 24 жылнама да мәңгі-бақи надан, білімсіз сорлы конфуцийшіл дәрігерлер қателесіп-жаңылысып жазып толтырған Қытайдың қатпар-қатпар қалың сырқатнамасы (науқастың ауру тарихы) болып қалады. Бұл да Қытайдың емделуін және реформа жасауын ақсатып кешеуілдетеніне дау жоқ. Бүгінгі Қытайда ұсақ егіншілердің ой-санасы мен конфуцийшілердің феодалдық авторитарлық тарихын дәріптеп тарататын теледидар хикаялары мен телесериалдардың барған сайын көбеюі жұртты қатты қынжылтады һәм мұңайтады.

Байтақ далада батып жатқан күнді тамашалаған Чен Чженнің қарны ешбір ашпады. Ол сол күйі әңгімесін төгіле жалғастыра берді:

- Қытайдың ұлттық рухы мәселесіне ерекше тоқталғым келеді. Қазір жұрттың бәрі Қытайдың иілмейтін, қайыспайтын ұлттық рухы дегенді жиі аузынан тастамай жүр. Іс жүзінде, бұндай рухтың қайнаркөзі және мәні нақ көшпенділер мен сахараның рухтарынан бастау алады. Оның өзегі саналатын бөрі тотемінің рухы мыңдаған жылдар бойы көшпенді халықтардың үздіксіз қан құюы һәм толықтыруының арқасында бекем шыңдалған. Іс жүзінде, Қытайдың ұлттық рухын бұрынғы замандағы конфуцийшілердің ғақлия сөздері ең толық қорытындылайды: «Әлемді мықтылар кезеді, мәртебелі ұлықтар өз-өзін күшейтуден шаршамауы керек», «Байлық пен мәртебеге бола жолдан таймау, кедейлік пен жоқшылықтан тозбау, қысым-қыспақтан қайыспау». Ал осы «төрт болмау» (шаршамау, жолдан таймау, тозбау, қайыспау) нағыз классикалық көкжалдың рухы және бөрі тотемінің рухы, сондай-ақ осы тотемнің шынайы бейнесі һәм жоғары дәрежелі жинағы болып табылады. Моңғолия даласының әрбір бөрісі осындай қайсар «төрт болмау» рухын әбден меңгерген. Оның үстіне, осыдан ондаған мың жылдың алдында бұндай рух әлдеқашан сахара қасқырларының «бүкілхалықтық рухына» айналған-ды. Алайда, қытайлардың басым көпшілігі бұндай рухтың жоғары деңгейіне жете алмайды. Ол тек Қытайдың ертедегі данышпандары халықты құрметтеуге, табынуға және үйренуге үндейтін рухани өнеге болып қалған. Сондықтан өжет «төрт болмау» рухы аты затына сай көкжалдың рухы-дұр. Ерте кездегі конфуцийшіл ғұламалар бұндай «төрт болмау» рухымен Қытайдың бір топ озық перзенттері мен ұлттық қаһармандарын тәрбиелеп шығарған. Алайда, осы рух егінші ұлттың «жалпы халықтық рухына» айнала алмады. Өйтпегенде, Қытайдың тарихында осынша көп реткі көшпенді халықтардың Орталық жазық пен Қытайға басып кіріп, үстемдік құру мысалдары туылмас еді. Сондай-ақ жапон басқыншыларына қарсы соғыс кезеңінде бірнеше миллион сатқын адамдардан құралған қуыршақ жасақтар ортаға шығып, әлемдегі ең көп санды сатқын армия дүниеге келмес еді.

Қытайлармен салыстырғанда, даланың көшпенді халықтары көкжалдарды анағұрлым жақсы түсінеді. Сондықтан да оларды ардақтап, олардың рухын қастерлейді, сондай-ақ бұндай рухты ұлттық тотем рухының ең асқақ орынға қояды. Сол себепті, сахара халықтары «төрт болмау» рухын өрістету дәрежесі жағынан егінші ұлттардан әлдеқайда асып түскен. Расында да көшпенді халықтардың егінші ұлттарға ұзақ мерзімді үздіксіз қан құю және қан араластыру арқылы ғана бүкіл қытай ұлтындағы «төрт болмау» рухын үздік-создық ұзартып келді.

Сондықтан егер қытай ұлтының рухынан көшпенді ұлыстардың шаршамайтын, азбайтын және қайыспайтын бөрі тотемінің рухын шығарып тасталса, онда оның бойында басқа не қалады? Суң мен Миң патшалықтары заманындағы «лисюэ» (жаңа конфуцийшілдік) ілімінің рухы ғана қалатын болар. Қазір осы «лисюэ» ілімінің «үш арқау, бес парыз», «үш көнгіштік, төрт құндылық» рухын Қытайдың ұлттық рухы етуге кімнің батылы барады? Іс жүзінде, Қытайдың ұлттық рухы мемлекет аумағындағы көшпенді халықтар мен егінші халық бірлесіп жаратқан ұлттық рух болып табылады, бірақ көшпенділер мен бөрі тотемінің рухтары жаны саналады.

Біз қытайлар шынымен де дала халықтарының бүкіл қытай ұлтына қосқан ұлы үлестерін жеткілікті тануымыз һәм мойындауымыз, сахара бөрілері мен дала халықтарына рақмет айту және олардан үйрену керек. Расында да Ұлы даланың, сахара қасқырлары мен далалықтардың ең үлкен төлемін қайтару керек.

- Қазіргі күнде рақмет ату және төлемін қайтаруды айтпай-ақ қоялық. Кең даланы тонау мен қисынсыз бұйрықтар түсіруді тоқтатудың өзі қиынның қиыны болып отыр ғой, - деді ашуға булыққан Яң Кэ.

- Меніңше, Қытайдағы Конфуций ілімінің дәстүрлі көзқарасында және тарихшылардың мәдениетінде ең сұрқия бір нәрсе бар. Ол – көшпенді халықтардың қытай ұлтын және өркениетін құтқару сипатындағы үлесін түгелдей жоққа шығару, - деді Чен Чжен, - Қытайдың дәстүрлі көзқарасы әрқашан «ежелгі қытайлық өркениет пәлендей де түгендей озық» деп бөсіп, «егіншілік өркениеті және дәстүрлі конфуцийшіл ілімдердің қаншалық өміршеңдік күшке ие екендігін» дәріптеп, қалған үш ұлы егіншілік өркениетті елді (ежелгі Рим, Мысыр, Вавилон) өз өркениетін толығымен жоғалтқанын, табандылық көрсетіп сақтай алмағанын, жалғыз Қытайдың ежелгі өркениеті ғана үзілместен осы заманға дейін ұласқанын насихаттап келді. Алайда, Қытайдың 5 мың жылдық тарихының дамуына көз жіберсек, қытайлық өркениеттің бүгінгі уақытқа дейін жалғасуы көшпенді ұлыстар мен халықтардың ұзақ мерзімді һәм үздіксіз қан құюымен тығыз байланысты болып отыр. Көшпенді халықтардың құтқару сипатындағы қосқан үлесін теріске шығару «бөтеннің еңбегін өзіне қосып меншіктейтін қорқаулық» болып табылады. Бұндай көзқарас консервативті іріп-шіріген ұсақ диқаншылық сананы және классикалық конфуцийлік ілімдерді сынға алу тебінін анағұрлым әлсіретіп ғана қоймайды, олардың үздіксіз жан сақтауына жағдай тудырады, қытай ұлтының мінезі мен рухын одан әрі әлсірету және шырмап бұғаулауды жалғастырады, сондай-ақ Қытай деген науқастың ауруының дамуын (патогенезін) қате диагноз қояды.

- ҚХР құрылғаннан бері мемлекетті басқару саясатының бәрінде «дертке қарай дәрі беріп емдеу» болмай келді. Егіншіліктің созылмалы ескі ауруының тамырына балта шабатын дәрі егуге күш шығарылмады. Тіпті, керісінше егін шаруашылығы үнемі қолпаштанып, онымен шұғылдану кеңінен дәріптеліп, егіншілердің мәртебесі көтерілді, егінші кадрлар өсірілді. «Мәдениет төңкерісі» кезеңінде қалалардағы зиялылар ауыл-қыстаққа айдалып, диқандарға айналдырылды. Бұл ұсақ егіншілік пен отағашылық авторитарлық идеялардың барған сайын қаулап күшеюін тудырды, егіншілердің жан санының қауырт көбеюіне әкелді. Тіпті егіншілердің саны 5 мың жыл барысындағы диқандардың жалпы санынан да асқан үрдіс пайда болды. Қазіргі күнде егін шаруашылығы өнімінің нарқы жалпы өнім құны ішінде екінші орынға түскенмен, егінші халықтың жан саны әлі де абсолютті басымдылыққа ие болып отыр. Егінші мінез бен сана-сезімге ие болған 900 млн. диқанның саны қытай ұлтының шынайы «ұлттық болмысына» айналды. Осынша ебдейсіз ірі де қалың қатпарлы егіншілік сана мен мінездің «болмысы» Қытайдың әкімшілік органдарының мансаптыларына, зиялыларына, сауда мен өнеркәсіп қызметкерлеріне, жұмысшылар мен қала тұрғындарына ұзақ мерзім ықпал көрсетті, сондай-ақ жаңадан туылған жіктердің организміне жұқтырды.

100 жылдан бері Қытайдың көне індеті ауық-ауық қозып, елеулі жаңалыққа көшу және реформалар арт-артынан сәтсіздікке ұшырады. Бұның ішкі себебі: қытай ұлты осы уақытқа дейін әлі де өзінің ұлттық мінезін түбірінен өзгерте алмай келеді. Сондықтан, дәл бүгінге дейін қытай ұлты бұрынғыдай өз тағдырын өзі түбегейлі меңгеретін сатыға дамып жете алмады. Тарих саласындағы төңкеріс, қазіргі Қытайдағы төңкеріс дегеніміз бөрі тотемінің рухымен егіншілердің мінезін жаңалау, конфуцийшілердің «биязы да жұмсақ» идеясымен Қытайды тұйық жолға бастауын өзгерту болып табылады.

Алайда, 20 жылдағы жапалы да машақатты реформалардың арқасында Қытайдың бәсекелесу қуатына ие нарық экономикасы алшаңдап алға жылжып, ұлттық болмыс өзгере бастады. Ұлттық болмыс ұлттық мінезді белгілейтін заңдылық өжет мінезді қалыптастыру жағына бет бұра бастады. Қытайлардың мінезі де өздігінен бөрі тотемінің рухына қайта орала бастады:

- балаларға арналған журнал «Үлкен сұр арлан» жас өспірімдердің сүйіп оқитын басылымына айналды;

- «Солтүстіктің бөрісі» деген ән Қытайдың барша жерінде шырқалып, әйгілі болды;

- көкжалдың өжет мінезін қолдану, «бөрілермен бірге билеу» әрекеті барған сайын кәсіпкерлердің санасына мығым сіңді;

- қасқырды сауда таңбасы (бренді) еткен өнімдер нарықта өтімді бола бастады, осы аңның атымен аталған дәмхана-ресторандардың жанданды;

- көкжалды әдеби лақап ат немесе сахналық ат етіп қолданған жазушылар мен өнерпаздар да пайда болды....

Қытайда бөрі тотемі рухын өзек еткен көшпенділер рухы ақыры қайта тіріле бастады. Әлемде бөрілерден ең қорқатын, ең жек көретін халықтың өзі олардың рухын өздігінен құрметтей бастады. Бұл – 20 жылда жүргізілген реформалардың ең басты нәтижелерінің бірі, сондай-ақ қытай ұлтының қайта көркеюінің үміт белгісі.

Бөрі тотемінің рухы – көнелікке жармасатын (консерваторлық) әлсіз қой рухының қас дұшпаны. Сондықтан осы тотемнің рухын кең көлемде өрістеткенде ғана реформалар кері тоқырамайды, кері шегінуге батылы да бармайтын болады. Қасқырдың рухымен барған сайын қаруланған «жаңа типтегі адамзат» айқасқан сайын батыл болады һәм барлық консерватор керітартпа күштерді талқандайды. Тоқ етерін айтқанда, Қытайдың реформалары экономикалық пен саяси жүйелерді реформалау мен өзгерту ғана емес, бұдан да негізгі, бұдан да шешуші сипатқа ие болған ұлттық мінездің реформасы мен өзгеруі болып табылады.

Қытайлық пен әлемдік өркениеттердің даму заңдылығын игеру және ұстану барысында «судың астындағы тастарды табанмен байқап, өзеннен абайлап өтетін» (сақтықпен асықпай шара қолданатын) іздену кезеңін кешіп өтіп, реформалар мен «ашық есік» саясатын тіпті де саналы түрде жалғастыруға болады. Бұны дала көкжалдары және теңіз бөрілері сияқты қажымас қайратпен іске асыруға болады. Қытай ұлты талассыз Ян-Хуаң бабалары енгізген рухты қалпына келтіріп, оған мұрагерлік ете алады һәм дала халықтарының бөрі тотемі рухын игеріп, оны одан әрі дамытып көркейте алады. Ұлттық мінез жағынан ежелгі «өркениетті қойдан» қазіргі «өркениетті қасқыр» болу үшін, сондай-ақ дара да шынайы азат, нағыз еркін демократиялы «өркениетті адам» болу үшін даму керек. Сол кезге жеткенде, қытайлар «өркениетті қой» сатысындағы көнбіс малдық қасиеттен түбірімен арылып, «өркениетті көкжал» басқышындағы жартылай жабайылықты жеңіп, шын мәнінде үлкен әріптермен көркемдеп жазылатын өркениетті адамға айналады. Жоғарыда баяндалған үш саты – Қытайдың тарихы және мемлекеттік жағдайының заңдылықтарына сай келетін даму сатылары. Ал қытай халқы ұлттық мінез жағынан «өркениетті бөрі» сатысын басып өтпей, еркін демократиялы «өркениетті адам» деген жоғары дәрежелі сатыға мүлдем кіре алмайды. Шынайы еркін де демократиялы және бейбітшілікті сүйетін жүз миллиондаған өркениетті адам халықаралық сахнаға шығатын болса, бұл бүкіл жер шарындағы еркіндік пен бейбітшіліктің ең зор кепілі бола алады.

- Сенің талдауың өте айқын да түсінікті екен, - деді Яң Кэ, - Қытайдың тарихы расында да сенің «Үш саты теорияң» бойынша дамуы мүмкін. Бөрі тотемі деген осы ұлттық рухани қару ежелден бері саин далада көмулі жатып, қазір ғана қазып алынды деуге болады. Байқаймын, ол титтей де таттанбаған екен, әлі де көк сәуле шашып, өткір күйінде тұр. Оның үстіне, ежелгі бөрі тотемі қазіргі әлемнің ең озық рухани қарулар қоймасында әлі де жарқылдап шұғыла шашуда. Ал конфуцийшілдердің «Үш арқау, бес ереже» бағдарламасы керісінше ертеде-ақ езіліп, шіріген мүрдеге айналып бітті. Сенің мынау үлкен жоспарың мен бұрыннан түсіне алмаған бірталай шешуші мәселелерді ұқтырып берген секілді. Дегенмен, мен әлі де бірнеше мәселені ұғынбай келемін. Миң, Циң патшалықтары кезеңінде Қытайдың қалаларында әлдеқашан капитализмның бүршіктері пайда болды ғой. Алайда, Қытай неге капитализм жолына түспеді?

- Бұның себебі тағы да сол егіншілік ұлттық болмыс пен ұлттық мінезде жатыр. Қытайда егін шаруашылығының жер аумағы аса кең, егіншілік дәстүрі аса күшті. Әлем бойынша бірінші орында тұр. Осы топырақтан өсіп шыққан егіншілік кәсібінің бәйтеректің жапырағы жайқалып, тамыры тереңге кетіп, жер қыртысындағы барлық құнарлы азық-қоректерді сіміреді. Бұл бәйтеректің діңі орасан зор да зәулім болғандықтан, барша өркен-өсімдіктерді өз көлеңкесімен жауып тұрады. Егіншілікке ерекше мән берген мемлекеттің билігі құр бажы жинау, алым-салық салу, бопсалау және пара алуды ғана біліп, капитализм бүршіктерінің дамуына қажетті алғашқы қордың түгін қалдырмай үптеп, қансыратады. Алайда, қарсылық жасап, қанды шығару керек. Бұндай айқасу үшін мықты ұлттық мінез қажет. Ол кезде субьективті және объективті шарт-жағдайлардың бәрі әзірленбесе, әлбетте ешбір іс өнбейді. Ерте заманнан Қытайдың орасан зор егіншілік бәйтерегінің астында капитализмге нәрлі де қоректі заттар қалмады, күннің нұры да түспеді. Ең көп болғанда өркен-бүршіктер ғана өсіп, сол мәңгі өркен күйінде қалуы мүмкін. Сондықтан Қытайдың тарихи дамуы «ұзақ уақыт бөлінген қосылуы қажет, ұзақ уақыт біріккен бөлінуі қажет» дейтін халде бір орында қипалақтап айналшақтады. Егер көшпенді халықтар үздіксіз қан құймағанда, Қытай тіпті бір орында тұрып та шыр айнала алмас еді. Осы заманғы капиталистік «өркениетті қасқырлар» арынмен басып кірмегенде, Қытай мәңгі-бақи егіншілік экономикалық қалпын бұза алмаған болар еді. Бұл – Қытайдың ерекшелігі. Томаға-тұйық тұмшаланған қытайлық өркениет – әлем өркениетінің өзгеше бір тармағы, томаға-тұйық Тарим дариясы сияқты құрлықтағы бір ағынсыз ішкі өзен. Бірер озық дәрежедегі табанды амалдар қолданып көмектеспесе, ол мәңгі-бақи жаһан ағымының негізгі арнасына құйыла алмайды (ғаламдық үрдістерге қосыла алмайды), - деді Чен Чжен.

- Ұлттық болмыс ұлттық мінезді белгілейді екен. Яғни, қандай да бір ұлттық кәсіп бір халықты қалыптастырады, сондай ұлттық мінезді тудырады деген сөз. Бұл ереженің жаппай сипаты бар ма сонда? - деп сұрады Яң Кэ.

- Әрине, жаппай сипатқа ие, - деді Чен Чжен, - Мысалы, жапондардың ұлттық болмысы өте мықты. Олар да күріш егіп, егіншілікпен шұғылданады, бірақ шын мәнінде Жапония тек арал елі ғана. Жапон ұлты ежелден бері теңіз ұлт болып саналады. Олар теңізде жүзіп, балық аулап, теңізде саятшылық жасайды, теңізде сауда-саттықпен шұғылданады, «вокоу» (ХІІІ ғ. бастап ХVІ ғ. дейінгі кезеңде Қытай мен Кореяның жағалауларын тонаған жапондық теңіз қарақшылары) теңіз қарақшылығымен айналысқан. Бұл ел ұлттық мінезі жағынан жойқын теңіз тарланы болып табылады. Теңіз тарландары жағалауға шықпай жатып-ақ егінші қойлар опырылып құлаған ағаштан қашқан маймылдар сияқты жан-жаққа тым-тырақай қашып жөнеледі ғой. «Вокоу» қарақшылары ежелгі заманда-ақ Нәнцзиң мен Хаңчжоу қалаларын шабуылдаған, Хаңчжоудағы Лейфэңта мұнарасын өртеген. Тіпті теңізде Жапонияны жаулауға аттанған Юән патшалығының моңғол қосындарын толығымен жойып жіберген. Таяу заманда Батыстың бұдан да мықты жауынгер теңізшілері келгенде, Жапония дереу көкжалдар үйіріне оралып, қойларды тастай сала бөрілерге қосылып, Азияны тастай сала Еуропа жаққа өтті. Яғни, Қытайдың Конфуций ілімін теуіп тастап, Батыс өркениетін үйрене бастады, Батыстың конституциялық басқару жүйесін, заңдарын, ғылымын, оқу-ағарту мен ірі өнеркәсібін меңгерді. Теңіз тарландары басқа теңіз тарландарымен кездескенде, өзара жарасып, тез арада шүйіркелесіп кетеді. Олар бір жағынан барынша құмарлана беріліп, шаршамастан құныға жаңа өнерді үйренсе, тағы бір жағынан шетелде оқушыларын жетілдіріп, аянбай үйренді, басқаларды да үйретті. Батыс елдерінен үйрену барысында жапон халқының ұлттық мінезінде аса зор кедергі болмауымен қатар, керісінше теңіз тарланының жауынгер қасиеті оянды. Бұдан да күшті білімге құмарлық пен ұмтылушылық туындады. Сондықтан олар айрықша жылдам оқып үйренді. 1868 ж. император Мэйдзи (1867-1912 жж. билік еткен Жапонияның 122-патшасы) реформаны жүзеге асырды. Осыдан соң қып-қысқа 36 жылдың ішінде дамыған өнеркәсіпті құрып, «Цзяву» соғысында (Жылқы жылындағы соғыс, 1894-1895 жж.) Циң патшалығын жеңді. Оның үстіне, ол орыс-жапон соғысында (1905 ж.) жер-көкке сыймай, жаһанды жалпағынан басқан ақ нәсілді патшалық Ресейді жеңіп, бірден әлемде алдыңғы қатардағы күшті мемлекетке айналды, еуропалық белді елдердің қатарына кірді. Осылайша дүние жүзінде дамып қарғыған халықтардың тұңғыш кереметін жаратты. Қазіргі күнде Жапония тағы да экономикасы әлем бойынша 2-орында тұрған белді мемлекетке айналып отыр. Ал Қытай Жапониядағы Мэйдзи жаңғырту реформасынан соң шамамен бір жарым ғасыр өткеннен кейін де әлі күнге дейін үшінші дүниеде жүр. «Екі жағалау» (Қытай мен Тайвән) әлі бірікпеген, ұлттық өндірістің жалпы құнының жан басына шаққандағы кірісі және оқу-ағарту жүйесін қаржыландыру жағынан әлемде соңғы орындарда тұр, қаржы тартудың өнімі жағынан әлемнің ең артында, ғылыми-техникалық деңгейі әлі де Нобель сыйлығының қарасын да көрмей отыр. Топырақтың құнарсызданып құмайттану қарқыны және жер асты суларының сарқылу жылдамдығы экономиканың даму қарқынынан әлдеқайда асып келеді. Ал ертеден бері шамадан тыс артылған егінші халықтың жалпы саны керісінше бірнеше жылда миллиондап, он миллиондап өсуде. Қытайдың қауқарсыз футболы жапон қасқырлары, «тайцзи» жолбарыстары (кореялықтардың атауларының бірі) тарапынан қайта-қайта таяқ жегеннен қойша мінезінің шын кеспірі әшкереленіп, еңсесін көтеретін күні көрінбейді....

1 мың жылдан бері Қытай егіншілік пен Конфуций тағылымының қойша тәлімі арқылы Жапонияның көкжал оқушыларын тәрбиелеп, жалған білімдерді үйретіп, олардан нағыз жарамсыз шәкірт шығарумен келді. Қытайдың сасық Конфуций ілімін 1 мың жылдан астам уақыт үйреніп келген Жапония керісінше әлемде атақ-даңқы шықпаған белгісіз ел болып жүрді. Алайда, Батыстың теңіз тарландарынан 30 астам жыл үйренгеннен ғана ұлы жетістіктерге қол жеткізіп, бір ұшқаннан-ақ аспанда самғады. Ал Қытай ше? Батыс елдерінің тауарлары мен бұйымдары бір кіргенде бүкіл халықтың ұлттық мінезінде оларды қатты қақпайлау, шетке қағу туындап, құдды бөріні көрген қойлардай үрікті. Олардың жақсы-жаманын айырмай, бүкіл ұлт көлемінде дерлік шектеу салуға ұрынды. Патшадан бастап Ихэтуән (ХІХ ғ. соңында Қытайдың солтүстігінде империалистерге қарсы көтерілісті бастаған ұйым) қозғалысына дейін шетелдіктерге қарсы болды, оларды жоюға талпынды. Нәтижеде, азулы елдер ірі қомақты өңірлерді күшпен тартып әкетіп, жартылай отар елге айналдырды...

Жапония мен Қытай екеуі де Шығыс Азияның сары нәсіліне жатады. Екеуі де Конфуций мәдениетіне тиесілі елдер болып табылады. Екеуі де будда дінін қабылдаған. Әйтсе де, неге Жапонияның жасампаз реформасы тез табысқа жетті, ал Қытайдың реформасы әрең-әрең 100 күнге бармай басы шабылып, жер жастанды? Бұның себебін ұлттық болмыс пен ұлттық мінезден іздемесе, қытайлар өз ұлтының тағдырын мәңгі-бақи меңгере алмай қалады.

Қайта-қайта басын изеп мақұлдаған Яң Кэ тағы сұрақ қойды:

- Алайда, кейіннен арабтар, түрктер және моңғолдар секілді үш ірі көшпенді халық неліктен әлсіреді?

- Арабтар және түрк халықтарының көпшілігі кейін келе отырықшы халыққа айналды немесе егін шаруашылығымен айналысты, - деді Чен Чжен, - Моңғол ұлты көшпенді тұрмысын жалғастырса да, тарихтың дамуы зеңбіректер дәуіріне жеткен соң, бұл дала халқы атпен шауып садақ тарту артықшылығынан маһрұм қалды, халықтың жан саны да тым азайды. Ол Қытай мен Ресей секілді екі зеңбіректі алпауыт мемлекеттің қыспағына алынып, ішкі құрлықтағы үстіртте қысылып қалды. Моңғолдар теңіз бен мұхитқа қарай қанат жайып одан әрі кеңею, теңізшілік саланы дамыту орайынан және шарт-жағдайынан айрылды. Сахарадағы байырғы көшпенді кәсіп анағұрлым жоғары өрелі теңіздегі «көшпенді» сатыға дамып көтерілмеді. Ол өзінен әлдеқайда күшті теңіз-мұхиттағы «көшпенді халықтардың» мінезі жағынан жеңілді. Сондықтан ұлттық мінез бұрынғыдай ұлттың тағдырын белгілейді. Ұлттық мінездің қауқарлы-қауқарсыздығын әлемдегі ұлттардың арасына салып салыстыру керек.

Теңіз кәсібі – анағұрлым мықты кәсіп. Теңіз-мұхиттардың сұрапыл дауылдары, дүлей тау толқындары және акулалар байтақ даланың қарлы бораны мен қасқырлар үйірінен әлдеқайда жойқын һәм қауіпті ғой. Бұндай кәсіпте ысылып шыныққан ұлттың мінезі тіпті де қайсар, ой өрісі тіпті де кең, тарихтағы іздері алыс, дүние жүзіндегі әртүрлі халықтардың үздік өркениет жемістерін қабылдауы анағұрлым шапшаң болады. Ондай халық жаңа құрлықты талан-таражға салу, шетелдегі отарларды иемдену және алғашқы байлық қорын жинауды әлдеқайда ерте бастап, тиімді орайын күні бұрын пайдаланды. Әсілі, Батыстың көшпенді халықтары тегеурінді болған. Олар теңізге бір шыққаннан соң көкжалға қанат біткендей күй кешті. Сондықтан қазіргі жаһанда алдыңғы қатардағы ұлттардың көбісі ежелгі сахара көшпенділерінен қазіргі теңіз көшпенділеріне айналған немесе бұрыннан теңіз халықтары болған. 

Сонымен қатар, діннің бұғаулау ролін де жете бағаламауға болмайды. Ислам діні Батыстың баса-көктеп кіруіне және қол сұғуына тайсалмай қарсыласқан, сонымен бір уақытта Батыстың демократиясы мен ғылымын да қабылдаудан бас тартқан. Лама діні де моңғол ұлтының батыр мінезін жұмсартып жіберді. Алайда, христиан діні керісінше анағұрлым мықты Батыс халықтары тарапынан өзгеріске ұшырап, Рим-католик шіркеуінің дара билігіне және іріп-шіруіне қарсы күресетін, капитализмге пайдасы болмаса, зияны болмайтын протестант ағымына айналды.

Ұлттық болмыс ұлттық мінезді белгілейді. Анағұрлым күшті ұлттық болмыс бұдан да мықты ұлттық мінезді белгілейді екен. Ал өжет ұлттық мінез тағы айналып ұлттық болмысқа қайта әсер етіп, өз ұлтының бұрынғыдан да өжет те озық ұлттық болмысын жарату үшін батылдық және жасампаздық танытады. Ұлттық мінез осы арқылы күшейеді. Мықтылар патша болады, алпауыттар жүлде алады.

Жақын замандағы Ресейдің көтерілуі де осындай болған. Патша Петр І егіншілікпен шұғылдануды негізгі кәсіп еткен, Қытайдан да мешеу басыбайлы крепостной жүйедегі Ресейде реформа жүргізіп, Еуропаның азулы елдердің біріне айналдырды. Бұның себебі, оның бөрі сияқты мінезінде жатыр. Ол ескішіл де мешеу басыбайлы диқандарды иеленген ақсүйектердің күштерін асқан өжеттікпен аямай жойды, Батыстан батыл үйреніп, теңіз-мұхиттарға шығуға тәуекел етті. Петр І жұпыны қарапайым киініп, Батыс Еуропаға жасырын барып, тексеру жүргізді, сақал-мұрттарды алдырды, еуропалық үлгіде киінуді һәм париктер киюді енгізді, әскери флот құрды, артиллерияны жетілдірді, бұзып уатылған шіркеулердің мыс қоңырауларынан зеңбіректер құйғызды. Тіпті Ресейдің астанасын егіншілік аумақтан үлкен теңіздің жағалауына күштеп көшіріп, азулы елдерге және теңіздерге бет түзеген Санкт-Петербор шаһарын салды. Осындай жігер мен өжеттік мені айрықша қатты әсерлендірді. «Мәдениет төңкерісінен» бұрын мен «Ұлы Петр», «Адмирал Ушаков» деген киноларды кем дегенде бес-алты рет көрген шығармын. Мен сахараға барған соң, дала қасқырларының тұла-бойынан Петр І патшаның мінезінің қайнарын таптым ғой. Ұлан-байтақ орыс даласын мекендеген орыс ұлты әуелде сахара халқы болатын. Оның егіншілігі де аса дами қоймаған. Оның үстіне, орыстар тағы моңғолдардың Алтын Орда хандығының үш ғасырға созылған үстемдігін және қанын қабылдаған. Сахара мен дала көкжалдары болмаса, ұлы реформашы Петр патша да шықпас еді.

Әуелгіде өзінен әлдеқайда мешеу болған осы екі көрші ел жаужүрек бөрі мінезінің көмегімен «бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озар» демекші Қытайдың басына шығып алды.

- Сен мемлекет пен халықтың тағдыры үшін толғанып, қамын жейтін адам екенсің. Сен қолма-қол тексеру және ұзақ мерзімдік зерттеулер арқылы осынша бір тарихи трактат пен үлкен тезисті жазып шыққандағы ең түптің-түбінде нендей нысанаға жетуді көздейсің? Сенің ең түпкі тұжырымыңды ерекше тыңдағым келеді, - деді Яң Кэ.

- Мен тексеріп зерттеулер жүргізгелі 30 жылға жуық болды, - деді Чен Чжен, - Басты мақсатым: Қытайдың мешеу қалуының себебін іздеп табу, Қытайдың шығар жолын табу. Қазіргі кезде Қытайдың осы 5 мыңнан астам жылдық көне ауруының түп-тамырын тауып, сырқатына қарай дәрісін белгілеп, ұлттың тағдырын басқаруға болады.

Ең алдымен, Қытайдың артта қалған және жұрттан таяқ жейтін жағдайын өзгертуді ойласақ, мүмкіндігінше жылдам Қытайдың ұлттық болмысын экономика мен саясатта жеткілікті бәсекелестік сипатқа ие ұлттық болмыс етіп өзгерту, тез арада қайратты да алға ұмтылатын, мәңгі өз-өзіне қанағаттанбайтын ұлттық мінезді жетілдіріп шығару керек. Бұл – қытай ұлтының тағдырын белгілейтін түп мәселе.

Екіншіден, ұлттық мінез жағынан «осы заманғы өркениетті қасқырлары» жолымен батыл жүру керек. Адамның қасиетіндегі көкжалдықты өз лайығында ырқына жіберу және ерен шеберлікпен қадағалау қажет. Бұл – ғаламдық өте күрделі де ауыр жол. Бөрінің қасиеті жойқын да тегеурінді тіршілік пен өміршең күшке ие. Сонымен бірге, тағы оның өне-бойында өршеленген тойымсыздық, тонаушылық пен ойрандау күші тұнып тұр. Адамның табиғатындағы қасқыр қасиеті термоядролық реакцияға ұқсайды – энергия қуаты орасан зор, ойрандау қуаты да орасан зор. Оны жақсы меңгерсе адамзатқа үлкен бақыт әкеледі, жақсы тізгіндей алмаса ол Жер шарын жояды. Дүниеде оны тиімді қолдана білген, тізгендеп басқара алатын ұлттар мен мемлекеттер көп емес. Осыны жасай алған елдердің бәрі халықаралық көлемдегі мықты мемлекеттердің қатарына өтті. Бұл жол айрықша күрделі де қиын. Тіпті жақын және қазіргі замандағы азулы елдер де жақсы істей алмаса жеңіліске ұшыруы мүмкін. Екінші дүниежүзілік соғыстағы Германия, Италия, Жапония секілді үш мемлекеттің халқы өзінің ұлттық көкжал қасиетін жақсы игере алмағандықтан, нәтижеде фашизмнің дүмпуіне соқтығып, өздеріне және әлем халықтарына орасан зор апат әкелді.

Қытайдың «Мәдениет төңкерісі» де үлкен мәселе тудырды. Тарихта, әсіресе жақын замандағы Қытайдың ұлттық мінезі барынша әлсіреп, «бөрілік сипаты» жетіспегендіктен, Батыстың азулы елдерінің жартылай отарына айналып, азап шегіп қорланды. Қытай ұлты терең ашу-ызаға булықты. Елдің намысқой азаматтары мен ұжданды адамдары Батыстың өжет те алға ұмтылғыш бөрі рухын енгізіп, Батыстың бәсекелесуге күшті өнеркәсібін біртіндеп меңгерді, «конфуциялық идеологияның дүкенін» қирата бастады. Ұзақ заман басылып жаншылған қасқырлық қасиет сыртқа шығарылды. Көшпенді халықтардың қанын мұрагерлік ету және көшпелі ұлыстардың талай рет қан құюы ең ақыры өз ролін көрсетті  - қытай ұлтының мінезі ақырындап күшейе түсті. Қытайлар 100 жыл күресіп, азулы елдерді қуып жіберді, ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізді, сондай-ақ Корея соғысында (1950-1953 жж.) жеңіске жетті. Алайда, «Мәдениет төңкерісі» кезеңінде саяси қажеттілікке байланысты адамдар ауылдарға айдалды және көкжал қасиеті арандатуға ұшырады, барша «жын-шайтандарды» талқандау, ҚХР Төрағасын құлату, маршалдар мен генералдарды, сауда-өнеркәсіп топтарын, зиялылар мен ғылым беделділерін жою басталып кетті. Аш шибөрі сипатындағы хуңвэйбиңдер (қызыл қорғаушылар) бүкіл мемлекетте ойына келгенін істеді: оқытушыларды ұрып-соқты, ректорларды сынауға алды, кітаптарды өртеді, мәдени мұраларды жойды, үй жиһаздарын тәркіледі, адамдарды өлтірді және өртеді, шетел елшіліктеріне шабуыл жасады, бейбастақ жүгенсіздікпен шұғылданды, әсіре экстремистік жолға түсті, Қытайды тарихта бұрын-соңды болмаған үлкен апатқа итермеледі.

Адамзаттың бүкіл тарихы және Қытайдың осы аралықтағы тарихы адамның табиғатындағы қасқырлықты еркіне босату және оны игерудің жоғары дәрежеде ауыр екендігін толық дәлелдеді:

- атасына нәлет конфуцияшылар мен феодалдар сияқты ұлттық мінездегі көкжалдықты түгелдей піштіріп жаныштағанның нәтижесінде бүкіл халықтың мінезі қойдай сипат алып, ел мешеуленіп, таяқ жей беретін халге түсті һәм өлімнің жолына беттеді;

- фашистер сияқты бөрі қасиетін құтырына қоя беріп, оған «жел беріп желіктіріп», арандатып, жаһанды тірі тозаққа айналдырды. Бұл да ажалдың жолына бастайды.

Тек қасқырлық сипатты лайықты түрде еркіне жіберіп, сондай-ақ оны бақылауда ұстайтын және басқара алатын нағыз демократиялық жүйені және заңдар бойынша басқаруды қолданып, резеңке мөр түріндегі жалған демократиядан арылғанда ғана қытай ұлтына бірден-бір дұрыс шығар жол табылады. Шынайы демократиялық жүйе және заңдар арқылы басқару – көкжал мінездің «термоядролық реакциясын» шығара алатын және басқаратын бірден-бір қазіргі реакторы. Ал нағыз демократияны құру үшін бір уақытта бұқара халықтың мінезіндегі негіздік инженерияны ауыстыруды жүргізу және аяқтау керек. Осы ұлттық мінездің негізі болмаса, демократияның зәулім сарайын салған күнде де ол бір қалтылдаған апатты сарай ғана болып қалады. Егер ол опырылып құласа, тіпті де демократияның абыройына дақ салады. Ал демократияның ойрандалған күл-қоқырының үстінде анағұрлым шіріген саяси құрылыс пен билік формасы орнайды. Ұлттық мінездің негізгі инженериясы тиянақты ауыстырылмаса, демократия деген мәңгі-бақи тек Қытайдағы азғантай адамдардың армандаған бос қиялы ғана болып қалады. Егінші ұлттың мінезін өзгерту үшін «жабайы табиғи жаратылыста бағу» сияқты бір өтпелі дәуірден өту керек. Алайда, ұлттық мінезді өзгерту және демократияны алға жылжытуды аса баяу жүргізуге болмайды. Әйтпесе, ұлттық мінездің әлсіздігі секілді көне дерт шіріктік, өнімсіздік, халық санының шамадан тыс артуы, экологиялық ортаны бүлдіру және басқа да вирустарды ұлттың тұла-бойына жұқтырып таратып, емдеу мен құтқаруға қажетті бағалы уақытты зая кетіреді.

- Дұрыс. Батыс халықтарының мінезі аса күшті келеді. Іріп-шіріген үкімет халықты оңайлықпен басып-жанши алмайды. Батыста қытайша орталықтандырылған тоталитарлық билік жүйесінің орнауы өте қиын. Орнаса да ұзаққа бара алмайды. Сондықтан ол мемлекеттердегі ұлттар ең ақырында тек демократиялық жүйені ғана қабылдайды. Ал Шығыстың қойлары еркіндік пен тәуелсіздіктен барынша қорқады. Егер бақташы бақпаса, қойларды бөрі жеп кетеді. Қауқарсыз егінші халықтардың бәрі шіріген авторитарлық билікті таңдауға құштар болады. Егіншілер қоғамы – орталықтандырылған дара биліктің іріп-шіріген һәм жемқорланған жүйесінің жарылқаушылары. Сірә, қытай халқының ұлттық болмысы мен мінезі өзгермей, Қытайдың бір орталыққа шоғырландырылған авторитарлық билік жүйесі бастан-ақыр аяқталмас, - деді Яң Кэ басын изеп.

- Қасқырлық қасиеті күшті болмаған ұлт мәңгі-бақи демократияға қол жеткізе алмайды және демократияны пайдалана алмайды. Іс жүзінде, демократия өжет ұлттың билеушілерге қарсылық көрсету және олармен салғыласып саудаласудың нәтижесі болып табылады, - деді Чен Чжен, - «Сүтпен біткен сүйекпен кетеді» (сіңіскен салтты тез түзеу қиын). Егер ұлттық болмысты жаңартпасақ, ұлттық қасиетті «өзгерту қиын» болмақ түгіл, ол «өз орнында тапжылмай тұрады». Қазіргі күнде еліміздегі реформалар іс жүзінде ұлттық болмыстың реформасы болып саналады. Қазір реформалау жағдайы кері бұруға келмейді. Мінез жағынан бейнелеп айтатын болсақ, бұрын «Цин-Хән патшалықтарының бөрісі» және «Суй-Таң патшалықтарының қасқыры» егіншілік болмыстың ортасында «Қытай қойына» айналса, онда жаңа типтегі бәсекелік ұлттық болмыс расында да берік орнайды және кеңейеді, бұрыннан мешеу де таяқ жегіш «қытайлық қойлар» ержүрек те алға ұмтылғыш «осы заманғы Қытайдың өркениетті көкжалына» айналады, сондай-ақ анағұрлым жоғары сатыдағы еркін демократиялы «әлемдік өркениеттің азаматтары» ретінде біртіндеп жетілетін болады.

Дегенмен, жаһанда Қытайдың егіншілік жері ең ауқымды, егіншіліктің тарихы ең ұзақ, егінші халықтың саны ең ебедейсіз мол, егіншілік сана-сезім ең қалың, қалалану кеңістігі шамадан тыс тар. Осы себепті, ұлттық мінездегі «Қытай қойы» сипатын «өркениетті бөріге» ауыстырамыз десек, міндетті түрде ұзақ мерзімді, азапты, тіпті рақымсыз іріктеліп сұрыпталу кезеңінен өтуге тура келеді. Мінезі әлсіз қоғамды қалайша анағұрлым өркениетті түрде мәміле жасап, оны ыңғайлау және асырау, оның әлсіз де нәзік мінезін өзгерту келешекте Қытайдың орасан зор қоғамдық ауыр мәселеге айналатын болады. Оның үстіне, бұдан кейінгі саяси жүйенің қамал алу міндеті де ұлттық мінездегі дәрменсіздіктің себебінен ұзаққа созылмауы мүмкін. Ал осы қиын мәселелерді қажырлы, батыл һәм төзімді қасқыр рухына сүйене отырып жеңу керек. Бұлар – менің ең соңғы тұжырымдарым.

Олұн даласы тұнжырап, түн көрпесін жамыла бастады. Алыста малшылар ауылының электр шамдарының көмескі жарығы көрінеді. Яң Кэ әлі де сұрақ қоюды жалғастырмақшы болды.

- Қайту керек, - деді Чен Чжен рульды қолымен ұрып қойып, - Әйтпесе, Бату машинасымен әуреленіп, бізді іздеп келетін болады. Егер де тағы сауалдарың болса, Бейжіңге қайтқанда жол-жөнекей әңгімелесуге болады. Менің әлі де саған айтатын көптеген нәрселерім бар.

- Бөрі тотемі және көшпенділер рухы расында да өркениеттегі түйінді мәселе екен. Бір қозғасаң, бүкіл мәселені тартып шығарады-ау. Менің шынымен де әлі қоятын көп сұрақтарым бар, - деді Яң Кэ.

Екеуі машинадан түсіп, қараңғы басқан бөрі апаны тұрған беткейге қол бұлғап қоштасты. Алайда, кеткісі келмегендей тағы ұзақ қозғалмай тұрды.

- Бөлтірік, мен Бейжіңге қайтқалы тұрмын. Кейін мен тағы оралып, өзіңмен кезігемін...., - деді ақырын Чен Чжен Бөрітауға қарап тұрып.

- Біз шынымен бөлтірік апанының алдында бір ескерткіш тас, ең жақсысы бір көкжал ойылған тотемдік сымтас орнатуымыз керек, - деді Яң Кэ.

- Мен де тас орнатуды ойлаймын, бірақ батылым жетпейді. Қазір байтақ даланың түкпір-түкпірінде егіншілік өңірінен келген келімсектер қаптап жүр. Егер де олар бөріге арнап орнатылған сымтасты көрсе, оны күл-талқан қиратуы мүмкін ғой. Мынау қымбатты ғасырлық апанды қазып құлатпайды деу қиын. Онан да бөлтіріктің апаны тып-тыныш күйде осында көрінбей жата бергені жөн, - деді Чен Чжен күрсініп, - Менің қазір істейін деп жүргенім: халықтың жүрегінде бөрі тотемінің рухани тотемдік сымтасын орнату. Әсілі, бұл тотем ең негізгі байырғы тотемдердің бірі ғой. Орын-мәртебесі жағынан айдаһар тотемінен қалыспайды. Алайда, мәселе осыншалық жеңіл деп санамаймын. Археологиялық жаңа қазбаларға және өзімнің талдап зерттегеніме негізделсем, ерте замандағы бөрі тотемі мен айдаһар тотемі бір тотем болғаны әбден мүмкін. Ал кейінгі кездегі айдаһар тотемі тек бөрі тотемінің өзгертілген формасы ғана.

Яң Кэ селт етіп тіксіне қалды.

- Бұл байқауың қытайлардың ұлттық сипатын өзгертуде аса маңызды екен. Сен осы мәселені айтып болған соң жолға шығайық, - деді ол асыға.

- Айдаһардың кескіні мен бейнесі расында да 5 мың жыл бұрын пайда болған, - деп іркілмей сөйледі Чен Чжен, - 1971 ж. Ішкі Моңғолияның Сансиңтала деген жерінен бір нефрит айдаһар қазып алынды. Қытайдың тұңғыш айдаһары аталған осы тас мүсін неолит дәуіріндегі «Хуңшән (Қызылтағ) мәдениетіне» (б.з.д. 4700-2900 жж.) жатады екен. Сол заманда қытайлардың ата-бабасы әлі егінші халыққа айнала қоймаған, әлі де аң аулап, жеміс-жидек теріп, мал бағу немесе жартылай егінші, жартылай малшы болған. Айдаһар тотемі ең алдымен Қытайдың алғашқы дәуіріндегі ежелгі адамдардың тотемі болған, сосын ғана егінші халықтың тотеміне айналды. Мен оңнуд тайпасы мекендеген Сансиңтала жерінің нефрит айдаһарын егжей-тегжейлі көргенмін және зерттегенмін. Алайда, мені таң қалдырғаны - сол байырғы нефрит айдаһар кейінгі заманның қытайларына таныс болған айдаһарға мүлдем ұқсамайды, қайта басы қасқыр, денесі айдаһар бейнесіндегі айдаһар еді. Нефрит айдаһардың денесінде қабыршақтары жоқ, тырнақтары да жоқ еді. Басы мен мойны түгелдей көкжалдың басы мен мойны еді. Дәл бөрінің басы мен мойнынан көшіріп алғандай: беті мен тұмсығы ұзынша, азуы ұзындау, езуі көтеріңкі. Әсіресе, көздері нағыз қасқырдың көздері еді. Біздің бөлтіріктің көздерінен аумайды. Көздері қиғаш, көз қиықтары ұзын һәм қиғаштау созылған. Көкжалдың осы маңызды ерекшелігін неолит дәуірінің алғашқы адамдары көркемдік тәсілмен айнытпай әсірелеп бейнеленген. Бұл былай тұрсын, оның мойнындағы жалы да айрықша ұқсас етіп нақышталыпты. Мойнының төбесінен жотасының алдына дейін созылған ұзындау жалы биік тікірейіп тұр. Төтенше айбарлы да әдемі көрінеді. Биіктеп тікірейген жал –Моңғолия сахарасының жыртқыш бөрілеріне тән ерекшелік. Мен қасқырларға әбден қанықпын ғой. Егер оларды ұзақ мерзім тыңғылықты зерттемегенде, біздің бабаларымыз көкжалдың көркем бейнесін осынша айнытпай ойып шығармас еді топшылауға болады.

Сол нефрит айдаһар іс жүзінде нефрит бөрі болып табылады. Әсіресе оның басы – нағыз қасқырдың басы. Алайда, кейбір ғалымдар осы нефрит айдаһардың басын шошқаның басы деп жүр. Дегенмен, көшпенді халықтардың мінезі тұрғысынан айтсақ, шошқа немесе қабан екеуі де солтүстіктегі көшпенді ұлыстар құрметтеген тотем бола алмайды деп санаймын. Өйткені Қытайдың солтүстік-батысындағы және солтүстігіндегі көшпелі халықтар өздері бағып үйреткен немесе үйретуге келетін жануарды құрметтеуі мүлде мүмкін емес. Тек көшпенді халықтарды білмейтін адамдар ғана далалықтар үй жануарына табынады деп есептейді. Кескіні жағынан айтқанда, шошқаның көздері қиғаш болмайды. Доңыздың танауы мен аузы ең алдында тұрмайды, бүкіл басы да ұзынша болмайды. Оның үстіне, дене бітімі қысқа да семіз, кішкене құйрығы бар шошқа мейлі үй доңызы немесе жабайы қабан болсын, ұп-ұзын айдаһарға айналуы аса қисынсыз сияқты. Ал көкжалдың ұп-ұзын денесі мен үлпілдеген ұзын құйрығы айдаһардың денесіне айналуы әбден мүмкін. Өзің ойлашы, биік қайың қаданың ұшына ілінген бөрінің ұзын терісі және ұп-ұзын құйрығының қатты жел соққан уақыттағы желбіреген көрінісі қасқыр басты айдаһардың денесіне ерекше ұқсайды емес пе?! Менің жорамалдауымша, Қытайдың ұшатын айдаһары бәлкім байтақ далалықтар қиялдаған сахара көкжалдары аруағының аспанға ұшқан бөрінің кескіні болуы әбден ықтимал ғой. Бұл – қасқырдың бейнесін әсемдеу және аса дәріптеудің нәтижесі. Мен сол жылдары бөлтіріктің аспанға ұшқанын түрін көргенде, оның ұшқан көкжалға ұқсағанын ғана емес, оның үстіне бұлттардың арасында самғаған айдаһарға ұқсағанын сезінген едім. Сол кездегі бұл сезімімді қазып алғандай болып тұрмын.

Кейін Бейжіңге қайтқаннан кейін әлгі нефрит айдаһардың фотосуретін көрдім. Сол уақытта мен шынымен де бөлтірікті көргендей қатты тебірендім. Баяғы заманның байырғы шарт-жағдайында қымбат нефриттен сәнді бөрі басты айдаһар денелі нефрит бұйымын ойып нақыштауынан біздің бабалардың қасқырларды жақсы білгенін және қандай дәрежеде құрметтегенін тұспалдауға болады. Оның үстіне, «нефрит айдаһар» қазып алынған жер Ішкі Моңғолияда орналасқаны тағы бар. Ал бұл жер – Моңғолия сахарасы көкжалдарының атамекені және Қытайдағы жойқын да ірі бөрілердің ең көп шоғырланған өңірі. Бір жағынан бұл аумақ кейіннен бөрі тотеміне сансыз рет сыйынған көшпенді халықтардың бұрыннан мекендеген жері-дүр. Сондай-ақ, «ұшатын қасқырлар» жөніндегі аңыз-риуаяттар ең көп шыққан жер саналады. Осы нәрсе мені өздігінен бөрі тотемі мен айдаһардың тотемі арасындағы байланысын ойлауға итермелеп, екеуінің арасындағы қатынастарды зерттеуді бастадым.           

          Зерттеулеріме негізделсем, менің есептеуімше бөрі мен айдаһар тотемдерінің ең кемінде төмендегідей жеті бірдей ерекшелік бар:

          1. Ең ертедегі бөрі тотемі және айдаһар тотемі Ішкі Моңғолия даласында немесе Моңғолия сахарасына жақын жерлерде пайда болған. Мұнда нақ әлемде ең көп, ең жойқын дала көкжалдарының атамекені орналасқан. Оның үстіне, олар көшпенді халықтардың жерлестері болып табылады. Адамдар мен бөрілер өзара арпалысқан, өзара бір-біріне сүйенген халде осы кеңінен көсілген сахарада бірге өмір сүрген. Сондықтан қасқырлардың рухы мен мінезі далалықтарға өте күшті әсер еткен. Олар Солтүстік полюс пен Ресейдің тундрасында адамдар қоғамынан алыста жүріп, жабайы аңдарды аулап тіршілік еткен һәм жергілікті жұртқа әсері аз болған көкжалдарға ұқсамайды. Сол себепті, ол жақтағы бөрі тотемін құрметтеудің туындауы қиынға соққан.

          2. Байырғы бөрі мен айдаһардың тотемдерінің басы мен мойыны ұқсас болған-ды. Ұзынша пішінді денелері ұқсас еді. Ішкі Моңғолияның Сансиңтала атты жерінен қазып алынған байырғы нефрит айдаһардың басы бөрі, денесі айдаһар тектес болған ғой. Басқа сөзбен айтқанда, неолит дәуіріндегі ең байырғы бөрі мен айдаһар тотемдерінің басы және мойыны толығымен біркелкі болған, денелері де бірдей болған, екеуінде де ешбір қабыршақ болмаған-ды. Бұл айдаһар тотемінің балықтан немесе жыланнан келіп шықпағанын көрсетеді. Ол кезде бөрі тотемі айдаһар тотемі болуы әбден мүмкін. Екі тотем әлі бөлінбеген, екеуінің де отаны иен дала болуы ықтимал. 

          3. Бөрі мен айдаһар тотемдерінің бәрі денелерін жиырып, бүктетіле ұшатын пішінде көрінеді. Аңыздарда мейлі Моңғолия даласында немесе Қытайдың байтақ жерінде болсын бұл екі ұлттық тотемнің шарықтаған тотемдер болғаны айқын. Сахарадағы бөрі тотемі аспанға ұшып, адамдардың жанын Тәңірге жеткізетін. Ал Қытайдың айдаһар тотемі бұлттардың арасында қалқып, дауыл тұрғызып, жаңбыр құйғызатын болған. Алайда, іс жүзінде Қытайдың көптеген ұлттарының тотемдері ешбір ұша алмайды. Мысалы, аю, жолбарыс, өгіз, маймыл және басқа да ұлттық тотемдер бар. Қытайдың аумағындағы дала халықтары және егінші қытай ұлтының тотемдерінің бәрі көкте самғаған ерекшелікке ие болуы кездейсоқтық емес.

Осы екі тотемнің самғаған түрі тіпті де ұп-ұқсас. Қасқырлар сахарада өршелене жортып ұшқанда денелері біресе жоғары көтеріліп, біресе төмен түседі. Олардың терісі биік сырықтың ұшына ілінген кезде желдің соғуымен жоғары-төмен желбіреп, тұла-бойы жиырыла «самғайды» ғой. Ал Қытайдың айдаһары бұрынғы заманның әртүрлі қабырғада салынған өрнектері мен суреттерінде және мүсіндерде денесі садақтай иілген, жоғары-төмен жиырылған халде «қалқыған» етіп сомдалған. Бұндай ұшқан қалпы бөрі тотемінің өршелене жүгіруімен және «ұшқан» қимылымен ұқсас, бірақ судағы балықтар, жыландар мен қолтырауындар, сондай-ақ жер бетіндегі жыландар мен әждаһалардың қозғалған әрекетіне толығымен ұқсамайды. Балықтар, жыландар, әждаһалар мен қолтырауындардың бәрі денесі мен құйрығына сүйеніп, бауырымен жорғалайды һәм оңды-солды ирелеңдеп қозғалады ғой. «Жоғары-төмен жиырыла» қолғалу бір басқа, ал «оңды-солды ирелеңдеп» қозғалу бір бөлек ғой. Осы екі ұқсас емес қимыл мен бейнесі көкжалдардың балық, жылан, әбжылан, қолтырауын секілді бауырымен жорғалаушы жануарлардан әлдеқайда жоғары дәрежелі аң болғанын айқын көрсетеді. Айдаһар тотемі балық, жылан, әбжылан, қолтырауын секілді жұмыртқалаушы, жұмыртқадан өсіп-өрбитін төменгі дәрежелі жануарлардан келіп шықпаған, қайта байтақ даладағы сүт қоректі бөрілерден өрбіп шыққан. Ал қытайлардың көпшілігі керісінше айдаһарды судағы балықтар мен жыландардан өрбіген деп санайды. Қазір кейбір кісілер айдаһардың түп бейнесі қолтырауын болған деп есептейді. Осы көзқарастар айдаһардың әлгі балық, жылан, әждаһа, қолтырауыннан тұрпаттағы мәндік айырмашылығын көрмей тұр, «жоғары-төмен жиырылып қозғалу» мен «оңды-солды жорғалап қозғалудың» арасындағы түбірлі айырмашылықты айырмай тұр. Сол себепті, айдаһар тотемі рухының әуелгі келбеті барған сайын бүркемеленіп көмескі тартуда.                 

          4. Бөрі мен айдаһар тотемдері ұша алcа да, олардың қанаттары жоқ. Қытайлардың аңыздарында «ұшатын жолбарыс», «ұшатын арғымақ» және басқа да мификалық бейнелер бар. Өзге халықтар да «қанатты жылан» қатарлы тотемдік кескіндерге ие. Алайда, сол ұшатын аңдардың бәрінде қанат бар. 1950-жылдардағы «Фэй ма» (ұшқан тұлпар) маркалы темекінің қорабында орасан зор қанаттарын жайып ұшқан сәйгүліктің суреті болды ғой. Неге онда айдаһар тотемінің қанаттары жоқ? Менің ойымша, бұның себебі – бөрі тотемде қанаттар болмағандықтан, бөрі тотемінен бастау алып өрбіген айдаһар тотемінде де қанаттар болмаған. Ал бөрі тотемінде қанаттар болмауының себебі: байырғы далалықтар жын-перідей пайда болып, елес сияқты ғайып болатын жүйрік қасқырлардың ұша алатынына, ұшқан кезде қанатсыз-ақ шалықтап ұшатынына сенген-ді.

5. Бөрі тотемі мен айдаһар тотемі Қытайдағы екі халықтың ең жоғары дәрежеде құрметтейтін аспан тотемімен тығыз байланысты. Сахарада мекендеген дала халықтары Тәңірдің көкжалдарды иен даланы қорғау үшін жіберген, сондай-ақ Тәңірге сыйынған адамдардың жандарын аспанға әкетеді деп сенген. Ал Қытайдағы егінші халық айдаһарды аспанның символы, ал патшаны ешкім де қол сұға алмайтын мызғымас «нағыз айдаһарлы аспанның баласы» деп қараған. Қытайлардың аспанға сыйынуы ежелгі көшпенділердің көшпелі ұлыстардан Қытайдың кең егіншілік алқаптарына әкелген таным болғындықтан, олар бөрі тотемін де бірге әкеле салған ғой.

6. Бөрі мен айдаһардың тотемдері – түгелдей жойқын да үрейлі жыртқыш бейнелер. Әлемде әр ұлттың тотемінде жыртқыш аңдар да, жұмсақ шөп қоректі жануарлар да бар. Көптеген ұлттар сиырды ұлттық тотем етіп алған. Алайда, неге қытай ұлты керісінше кеспір-сыйқы осынша дүлей де қаһарлы айдаһарды өз ұлтының тотемі етіп алған? Бұның себебі: сол кездегі қытайлардың ата-бабасы әлі де аң аулау, жеміс-жидек теріп жеумен шұғылданған көшпелі тайпалар болып, қазіргідей ақ көңіл де жуас егінші халық бола қоймаған еді. Ал Қытайдағы көшпенді халықтардың басым көпшілігі бөріні тотем тұтқан. Оның бейнесі жауыз да үрейлі болғандықтан, осы тотемнен сұрыпталып сомдалып шыққан айдаһар тотеміндегі айдаһардың кескіні де ерекше жауыз һәм қорқынышты болып қалған.

7. Қасқыр мен айдаһар қолда бағуға көнбейтін сипатқа ие. Жаһандағы көптеген ұлттың тотемдерін бағуға болатын жуас жануарлар құрайды. Тіпті үй жануарлары да тотемге айналыпты. Ал Қытайдың бірнеше ірі ұлтының тотемі болған көкжал мен айдаһар адамдардың қолда бағуына келмейтін мінезге ие. Бөрілер – жыртқыш аңдардың арасындағы ең қажырлы, ешқашан ешкімге бағынбаған жануарлар. Аю, жолбарыс, арыстан, бүркіт, пілдің бәрін қолға үйретуге болады, ал байтақ даланың қасқырлары бағуға көнбейді. Оларды жуасытып үйрету мүмкін емес болғандықтан, бөрі тотемінен жаралған айдаһар тотемі де қолда бағуға келмейтін сипатқа ие. Айдаһар - көкжалдар рухының мұрагері және күшейтілген жалғасы. Ол адамдар тарапынан «қолға үйретуге» келмеуі түгіл, керісінше өзінің барлық бұқара халқын түгел бағындырып алды. Ал бөрінің үйретуге көнбейтін рухы кейіннен императордың билігі бәрінен де жоғары дейтін конфуцийшілердің рухы жағынан пайдаланылды һәм киелі қылынды.

Жоғарыда баяндалған бөрі мен айдаһар тотемдерінің осы түйінді сипаттағы ұқсастықтарына негізделіп, Қытайдың айдаһар тотемі сахараның бөрі тотемінен өрбіп шыққан болуы әбден мүмкін деп тұспалдадым. Сахарадағы көшпенді халықтар сайн даладан ешқашан қол үзбегендіктен, олардың бөрі тотемінің келбет-бейнесі де өзгермеген. Дала халықтары ежелден бүгінге дейін бөрі тотемін құрметтеп келді. Ал өте ежелгі заманда көшпенді халықтардың бір бөлігі сахарадан Қытайдың егіншілік аумақтарына көшіп, Тәңірге сыйыну мен бөрі тотемін егінші тұрмыстың ортасына әкелді. Көне заманда мейлі мал шаруашылығы немесе егіншілік болсын бәрі түгел аспанға жалбарына жан баққандықтан, егіншілік аумақтарға ауысқан аспанға сыйыну әдеті сақталып қалды. Алайда, көшпенді тайпалар егінші ұлтқа айналған соң мінезі біртіндеп жұмсарды, бірте-бірте қасқырлардан қорқатын, жек көретін болып өзгерді. Яғни, иен даладан әкелінген бөрі тотеміне сыйыну егіншілік тұрмыс пен рухқа сәйкес келмей қалды. Сонымен алғашқыдағы бөрі тотемі егіншілік тұрмыс тарапынан өзгеріске ұшырап, аспанда бұлт шақыратын, жауын-шашын жаудыратын рольге ие жаңа кейіпке еніп, айдаһар тотеміне айналды.

Ежелгі заманда Шығыс Азияның даласында бөрі тотеміне сыйынатын көшпенді халықтар мекендегені анық. Аңыздарда айтылуынша, Фуси (Қытайдың мификалық патшасы) заманындағы тотем «басы адам, денесі жылан» бейнесіндегі тотем болған екен. Фуси өзінің бет-бейнесі «адам басты, жылан денелі» болған деседі. Кейін келе тайпалардың өзара сіңісуі нәтижесінде қытайлардың ата-бабалары сірә бөрі тотемін және «басы адам, денесі жануар» тотемін негізге алып, көшпенді тайпалар мен бұрынғы жергілікті егіншілердің тотемдің кескіндердің бірқатар элементтер мен фрагменттерін қабылдаған. Осылайша балықтың қабыршақтары, бүркіттің тырнақтары және бұғының мүйіздері және басқа да элементтер қосылған. Міне, осылай бөрі тотемі қазіргі айдаһар тотемі болып өзгеріп сала берді. Айдаһар тотемінің жасалу және еріту барысында бөрі тотемінің бейнесі шешуші роль ойнады. Өйткені «басы адам, денесі жылан» бейнесі мен кейінгі кездегі айбарлы да үрейлі айдаһардың кескіні арасындағы айырмашылық аса үлкен болатын. Мен археологиялық қазбадан табылған Яңшао заманындағы «басы адам, денесі жылан» бейнесінің керамикалық мүсінін көргенмін. Оның қай жері айдаһарға ұқсайды? Кесірткеге (геккон) немесе басы үлкен қырықаяқ секілді ұсақ жәндікке ұқсайды. Пішіні күңгірт, тұрпайы, жиіркенішті. Ешбір эстетикалық құндылығы және қасиеттілігі жоқ. Ал әждаһа жыланның денесіне көкжалдың басы қосылғанда кескін басқаша өң алады. «Басы бөрі, денесі жылан» бейнесінде негізінен айдаһардың үрейлі көркем сұлбасы көрініп тұр. Кейіннен қытайлық айдаһардың кескінінен айбынды да үрейлі, адамды шошытатын болуы һәм эстетикалық бағалығы білінуінің себебі – оның қасқыр сияқты жыртқыш аңның бейнесі мен мінездің ерекшелігіне ие болуында. «Абстрактты» айдаһар сөзсіз нақтылы тұлғаның негізінде жасалған болады. Ал Қытайдағы барша ұлттардың тарихында ең ұзақ, ең нақтылы үрейлі тотем тек бөрі тотемі ғана болған. Сондықтан бөрі тотемнің бейнесі, мінезі және рухы қосылмағанда, Қытайдың айдаһары қазіргі айдаһарға айналудың орнына бір қытайлық құрт-құмырсқа болар еді.

Чен Чжен Яң Кэні машинаға отырғызды. Өзі де машинаға отырып, салонның ішкі шамын жағып, сағатына қарады. Содан соң карточкаға қараған ол сөзін жалғастырды:

- Зерттеуге татитын тағы бір мәселе бар. Бұл: қытайлық аңыздардағы әлгі сиқырлы Таоте аңы. Меніңше, осы жалмауыз аң да көкжалдан келіп шығуы әбден мүмкін. Кейін ол айдаһарға айналған болуы ықтимал. «Цыхай» (Сөздер теңізі) сөздігінде «Таоте – аңыздардағы қомағай қаһарлы жануар. Ежелгі замандарда қоңыраулар мен қола қазандарда, құрбандық шалуға арналған ыдыс-аяқтарда оның басының кескіні әшекей ретінде көптеп құйылған. «Люйши чунцю» (Люй мырзаның көктемдері мен күздері) атты шығарманың «Болжау» бөлімінде «чжоудиң» үш аяқты (тұғырлы) қазанда басы бар, денесі жоқ мешкей аң құйылды» деп жазылған. «Цыхай» сөздігінде «тао» иероглифін былай түсіндіреді: «тао» сөзі ашқарақ деген мағына береді. «Хәншу» жылнамасының «Рәсімиеттер мен әуендер жинағы» бөлімінде «Тәнтао» (жалмауыз) болу қауіпті. Ян Шигу (581-645 жж., Суй және Таң патшалықтары заманындағы ұлы қытайлық әдебиетші, тіл маманы) ««тән» деп қомағай жалмауыздарды айтады. Атап айтқанда, мешкейлерді осылай атаған» деп түсініктеме берген.

Жоғарыдағы бірнеше абзацта үш мәселеге көңіл бөлуіміз керек: 

1. Таоте – балық, жылан, әждаһа, қолтырауын емес, нағыз «жауыз жануар». Балықтарға немесе бауырымен жорғалаушыларға жатпайды. «Цыхай» сөздігінде сондай-ақ Шаң, Чжоу мемлекеттері заманындағы (Шаң - б.з.д. 1766-1122 жж., Чжоу - б.з.д. 1122-247 жж.) үш тұғырлы қазандарда осы жануардың мүсіндері ойылып көрсетілген. Сен тек бір көргеннен-ақ сол қаһарлы жыртқыш аңның кімге ұқсағанын біле аласың: бөрінің тура қарағандағы дөңгелек те қиғаш көздеріне, шексіз қаһарлы пішініне қатты ұқсайды. 

2. Таоте – төтенше жалмауыз. Осы өзгешелік қасқырдың ерекшелігін айқын көрсетеді. «Айрықша жалмауыздық» - дала көкжалдарының ең көрнекті ерекшеліктерінің бірі. Екеуіміз бөлтірік асырадық, бөрілердің бұл тума қасиетін айрықша білеміз ғой. Екеуіміз олардың қомағайлығы жөнінде сансыз мысалдарды келтіре аламыз. Аспан астында олардан анағұрлым жалмауыз аң жоқ. Сенбейтіндер қарт малшылардан әлемде ең «жалмауыз жыртқыш аң не екенін» барып сұрасын. «Әрине, қасқырлар деп жауап береді. «Ашқарақтық» олардың қасиетінің синонимі екенін жұрттың бәрі біледі. Дуң Чжуңшу (б.з.д. 179-104 жж., ортодокстық конфуцияшылдықтың негізін қалаушы) Цин патшалығының «аш көкжалдай әдет-ғұрпы бар» деп айтқаны да ашқарақтық пен бөрілердің өзара бір қатарға қойылғанын көрсетеді. Қытайлар әрқашан жалмауыздықты суреттегенде «қасқырдай асап-қылғытады» деген сөзді пайдаланады. Оның үстіне, көкжалдар жолбарыстың алдына қойылады. Яғни, олар жолбарыстардан да жалмауыз екені айғақталуда. Ашкөздікті суреттеген инсандардың бәрі «жолбарыстың мәулені жыртқыш» демейді, «бөлтірік жыртқыш» дейді.  

Таоте «қаһарлы аң» және «тіпті ашқарақ» деген бөрілердің бұл екі өзгешелігіне ие болып отыр. Оның үстіне, Таотенің ою-өрнегі де қасқырларға ұқсайды. Сол себепті, аңыз-риуаяттардағы Таоте көкжал немесе одан өрбіп шыққан мифтік жануар болуы әбден ықтимал. 

3. Таоте Шаң мен Чжоу патшалықтарының үш тұғырлы қазандарының басты әшекейіне айналған-ды. Бұл бірқатар мәселелерге байланысты. «Бао диң» (асыл қазан) қытай ұлтының қола дәуірінде құрған мемлекетінің бағалы бұйымы болып табылады. Чжоу патшалығы кезеңінде «и ян цзю диң» (сөзінде тұру; сөздер үлкен салмаққа ие) сөйлеміндегі «диң» сөзі ең қастерлі де қымбатты патшаның билігінің сырлы регалиясы және салт-дәстүрлі бұйымы, сондай-ақ аспанға һәм ата-бабаларға құрбандық шалуға арналған аспап болғанын білдіреді. Үш тұғырлы қазандар ежелгі қытайлардың көкейінде ұлттық «тотемдік бақан» секілді орын алады. Сондықтан ұлттың тотемі болып саналғанда ғана қашалған және құйылған қымбат бағалы үш тұғырлы қазандар мен асыл аспап-бұйымдар осындай асыл мәртебеге көтеріледі.

Бұл құбылыс өз кезегінде тағы екі мәселені көрсетті:

1. Шаң, Чжоу патшалықтарының заманында қытайлар әлі де бөрі тотемін құрметтеген болуы мүмкін. Ең кемінде бұл жыртқыш аңның тотемі еді. Яң-Хуаң патшаларының заманындағы адамдардың тотемизм қалдықтары әлі сақталған болуы мүмкін. Ал Чжоу патшалығы заманында қытайлар бөрі тотемінің әсерін терең қабылдады. Себебі, Чжоу патшалығы Батыс руңдардан бастау алады, ал олардың басым бөлігі бөрі тотеміне сыйынған көшпенділер болатын.

2. Сол кездегі «айдаһар» әлі де жаппай қабылданбаған болуы мүмкін, қытай халқының нағыз ұлттық тотеміне айнала қоймаған. Әйтпесе, патшаның билігін бейнелейтін бағалы үш аяқты қазанда міндетті түрде айдаһарлар негізгі әшекей болатын еді. Оның үстіне, Чжоу патшасы Тянцзы да айдаһар салынған таққа әлі отыра қоймаған. Сол уақытта әлі де көшпенділердің жұрнағы саналған жерге отыру дәстүрі жалғасқан-ды. Чжоу патшалығы заманындағы үш тұғырлы қазандардың әшекейлері негізінен Таоте аңы және бұлттардың нақышынан құралатын. Яғни, ортасында Таоте орналасып, ал оның айналасын бұлттар қоршап тұратын. Әлбетте, Таоте жыртқыш аңы аспандағы қалың бұлттардың арасынан басын қылтитып шығарып, адамдарға жоғарыдан қарап тұратын көрініс береді. Оның денесі бұлттардың ішінде жасырынған, оның жылан денелі немесе айдаһар денелі болғаны белгісіз. Алайда, егер Таотенің шүйдесіне айдаһардың денесі қосылған болса, онда кейінгі нағыз айдаһармен арадағы айырмашылықтар көп болмас еді. Сондықтан бөрі тотемі мен айдаһар тотемінің арасында тағы Таоте жыртқыш аңының тотемі секілді өтпелі кезең болуы мүмкін деп санаймын. Таоте бөрілердің мінезін иемденген, одан кейін шыққан айдаһарлар да жыртқыш келбетке ие болды.

Бұрын мен неліктен қола дәуірінде қытайлардың осынша қомағай Таотеге сыйынғанын, оны мемлекеттің патша регалиясы дәрежесінде ұстанғанын түсінбейтінмін. Сол кездегі қытайлар осынша ашқарақ болғаны ма? Сол үшін осынша мешкей де жыртқыш аңға сыйынған ба? Ал Таотенің нысапсыз ашкөз мәнерінде расында да айтарлық ешқандай қасиеттілік жоқ. Алайда, кейін Таотенің бөрі тотемінің өзгерген түрі болуы мүмкіндігін байқаған уақытта, бірден бәрін түсіндім. Қомағайлық – қасқырлардың бір өзгешелігі, олардың рухы мен мінезінің көрінісі. Шаң, Чжоу патшалықтары кезеңіндегі қытайлардың Таоте мификалық жануарға сыйынуы көшпенділердің бөрі тотеміне құрметтеуінен мирасқа қалған. Көкжалдар қомағай болғанмен, олардың жойқын да алға ұмтылғыш, қысым-қыспаққа қайыспаған, соғысып өлуді артық көрген, сырқаттан өлуді қаламаған рухы ғана ертедегі қытайлардың оларға табынуының түпкі себебі болды. Осы себеп бөрілерді жетік білгеннен соң ғана түсінікті болады. Ал оларды жек көрген, олардан қорыққан егінші ұлттар мен конфуцийшілердің түсінуі қиынға соқты, сондықтан адамдарды сендіретіндей түсініктеме беруге дәрменсіз болды. Ал одан кейін келе егіншілер мен конфуцийшілер өз үстемдігін барған сайын күшейткен уақытта, қомағай жыртқыш аң Таотені мемлекет пен патшаның регалиясы орнынан тайдырып, оны айдаһар етіп өзгертті һәм «билікті» айдаһарға табыстады.                                                 

Тарихтағы қасқырлардың рухы өз уақытында сансыздаған көшпенді ұлыстарды бойсындырған, ал сансыз көшпенді халықтар бөрі тотемін соншама күшті ынтамен құрметтеген. Неге Орталық жазыққа немесе Қытайға еніп, үстемдік жүргізген көшпенді халықтардың билеушілері кейін келе қытайша салтанатты көйлектерді киюді, қытайша айдаһар ойылған таққа отыруды осынша ұнатқан? Бәлкім, олар айдаһар тотемінен өз ұлыстарының бөрі тотемінің өзгерген түрін немесе елесін көрген болса керек. Іс жүзінде, айдаһар тотемі пішіні өзгергенмен, сезімі мен жүрегі өзгермеген дала халықтарының ұшатын бөрі тотемі болып табылады. Алайда, көшпенді ұлыстар Қытайдың егістік жерлеріне келгеннен кейін, олардың көшпенді рухы егіншілердің ой-санасы тарапынан өзгертілгені секілді, көшпенді халықтардың тотемдік рухы да табиғи түрде егіншілік болмыс тарапынан өзгертілді. Сонымен сахараны қорғайтын бөрі тотемі де егіншілікті бағып-басқаратын, оның жан тамыры саналатын боран соқтырып, жаңбыр жаудыратын айдаһар тотеміне айналды. Осылайша көкжал айдаһарға айналған. Оның үстіне, айдаһар тотеміне енгізілген көптеген егінші халықтардың көзқарасы мен санасы бұл тотемнің байырғы рухани мәні мен болмысын мүлде өзгертіп жіберген. Тым жақсы бөрі тотемінің өжет те алға ұмтылғыш ұлттық рухы билеушілер мен патшалардың беделі мен билігінің символы болған авторитарлы жауыз қара күштің рухы болып өзгерген. Айдаһар тотемі Қытайдың тарихында айбарын арқаланып өз буына өзі семірген, іріп-шіріген дара биліктегі патшалардың, халықты басып-жаншып қорқытатын билеушілердің тотеміне айналған-ды. Тоғыз тырнақты, тоғыз айдаһардың суреті тігілген билеушінің салтанатты шапаны тек патша болған бір адамға ғана тиесілі болды. Басқа жеті тырнақты жеті айдаһар, бес тұяқты бес айдаһарлы шапандар тек мансаптылардың шенді шекпені, оқалы шапаны саналатын. Бұларды әбжылан шапаны деп атаған. Осы заманның қоғамына қадам қойған қытай халқы ұлттық тотемнің ішіне сіңген шірік патшалардың нәжісінен тазартуды ерекше қажет етеді.

Қытай айдаһарының жұртты үрейлендіретін сесті кескінінде және денесінде ең алғашында адамдар құрметтеген бөрі тотемінің рухы мен жаны болуы әбден мүмкін. Бөрі тотемі және Қытайдың айдаһар тотемі бәлкім үзілмес қандастық байланысқа ие болуы мүмкін. Алайда, рухани мәні жағынан алғанда, Қытайдың айдаһары толығымен бөгделенген тұлға болып табылады: еркін бөрі авторитарлы айдаһарға айналып, бүкіл ұлттың рухани үлгісі диктаторлық символға айналған. Қарыштаған өміршең күшке ие болған тотем ешбір өміршеңдігі жоқ ирелеңдеп билеген айдаһарға, яғни сахна жиһазына, ішінде дәні жоқ құр қауызға, қағаз айдаһар мен қағаз жолбарысқа айналған екен. 

Қытайлық айдаһар тотеміндегі феодал патшалардың авторитарлық рухын жұлып тастап, бөрі тотемінің еркін де өжет пассионарлық рухын қайта «құйғанда» ғана Қытайдың болашақ дәу айдаһары расында да аспанда шарықтауы, жер шарын шарлауы, әуеге қарай ұшуы, бүкіл адамзат үшін әлдеқайда ұлан-байтақ тіршілік пен даму кеңістігін жаратуы мүмкін.

Екеуі машинаның ішінде отырып, түскі астан қалған тамақтан жеп тауысты. Сонда да қарындары ашқаннан іштің шұрылдағанын баса алмады.

- Әлгі Таоте секілді бір табақ етті толығымен жегім келеді, - деді Яң Кэ.

- Егер де Касымай екеуіміздің тамақты қасқырлардай асағанымызды көрсе тіпті де қуанар еді-ау, - деді Чен Чжен.

Яң Кэ машинаның барша шамдарын жағып, джипті солтүстік-батыстағы шекаралық сызық жақтағы жайылымға құйғытты. Биік жотадан асқаннан кейін, теңіз жағалауында жарық түсіретін мұнараларға ұқсап жылт-жылт еткен алыстағы шамдардың жарығы көрінді. Касымай сөзсіз сол жақта қолына электр шамын ұстаған күйі сол жақта ұзақ тұрса керек. Чен Чжен артқы көрініс айнасынан артқа көз жіберіп, жарық айда мұнарлаған, тып-тыныш тұрған Бөрітауға ұзақ-ұзақ үңіле қарады. Ол өзінің қашан қайта оралатынын білмеді....

2002 ж. көктемі. Бату мен Касымай Олұн даласынан Чен Чженге телефон соғып, Олұндағы Барғы сомонының (ауданының) 80% жайылымы әлдеқашан шөлге айналғанын, тағы бір жыл өтсе, бүкіл сомон отырықшы халде мал жаюдан қойлар мен сиырларды қораға қамап бағу әдісіне көшуге мәжбүрлі болатынын айтты. Дәл қытайлардың қыстақтарында малды қорада қамап бағатын сияқты, жұрттың бәрі қатар-қатар қоражай салатын болыпты....

Чен Чжен көпке дейін сөйлей алмады.

Бірнеше күннен кейін сыртта тұтқиылдан құм мен шаңды аспанға көтере құйындатқан «сары айдаһар» іспетті құмды боран соғып, аспан мен жерді құмға бөктірді. Бүкіл Бейжің қаласы тұншықтырған қиыршық құм мен шаңды тозаңға тұмшаланды. Қытайдың астанасының орталық бөлігі бұлдыраған құмды шаһарға айналды.

Компьютерден алыстаған Чен Чжен жападан-жалғыз терезенің алдында мелшиіп тұрған қалпында солтүстік тарапқа мұңайып қарады. Көкжалдар тобы тарихқа айналды, байтақ дала сағым-елеске айналды, көшпенділер өркениеті біржолата аяқталып тынды. Тіпті Моңғолия даласының бөрілері Ішкі Моңғолияның сахарасында қалдырған ең соңғы бір із-дерегі болған әлгі ежелгі бөлтіріктің апаны да сары құмға көмілді.

Алғашқы қолжазба 1971-1996 жж. Ішкі Моңғолияның Силингол аймағының Шығыс Ужумчин даласында және Бейжің қаласында жазылған.

Алғашқы нұсқасы 1997 ж. Бейжіңде жазылды.

Екінші нұсқасы 2001 ж. Бейжіңде жазылды.

Үшінші нұсқасы 2002 ж. 20 наурызда қатты құмды боран соққан Бейжіңде әзірлене бастаған.

Соңғы нұсқа 2003 ж. аяғында Бейжіңде жазылып болды.