Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Спецпроекты
Переводы
Қанаты сынған арман

01.04.2020 3435

Қанаты сынған арман

Язык оригинала: Қаноти синган армон

Автор оригинала: Асхад Мухтор

Автор перевода: Бақтыгүл Ауданова

Дата: 01.04.2020

ҚАНАТЫ СЫНҒАН АРМАН

 

Төрт мотор – әр бірі үш мың аттың күшіне ие төрт мотор бірінен-соң бірі әрекетке кіріп, будақ-будақ түтінін бүркеп, бізді аспанға алып шықты. Төменде, май бекетінде қызыл цистерналарды сүйреп, компрессорды алдына салып бара жатқан трактор тура бір құмырсқадай болып көрінеді.

Сайгон аэродромы көгілдір перденің астында қалды. Біз Токиога жол алдық. Бейне аппақ мамық төселген шексіз аспанда қалықтап тез-ақ мұхитқа шығып кеттік.

Көзәйнектің бір көзіндей жылтыраған пластмасса терезенің пердесін сүріп қойып, бұлттарды тамашаладым. Ашық айдынға шыққанымызда батып бара жатқан күннің нұрынан мұхиттың батыс шеті жанып жатқандай көрінді. Ол батып кеткен соң бұлттар төбесіндегі шексіз қараңғылықтан жүрегің мұздап, бойыңды қорқыныш билейді екен.

Терезенің пердесін жаптым. Салонның іші жарық, жылы, сиреньнің иісі келеді. Жолаушылар бір-бірімен танысып, әңгімелесіп, еркін отыр. Біреуі күледі, енді бірі баласын еркелетеді. Тура үйдегідей, бір үйдің баласындай.

Қарсы алдымдағы креслода сакура гүлді қысқа көйлек киген жапон қызы аппақ балтырын көрсеткісі келгендей, аяқтарын бірінің үстіне бірін қойып, жылы жымиып отыр. Ол енді ғана он беске толған болса да, өн бойы толып піскен қыздай. Мен оған ұзақ қарап қалған болсам керек, жанымда отырған анасы жеңімнен түртті.

– Менің Хаккаям сұлу, иә? Өте сұлу, ә?

Анасының өзі де қызына сұқ көзбен қарап қалыпты. Хаккая шынында да сұлу еді. Қарлығаштың қанатындай жіңішке қиғаш қастары, қысық көзі, жүзіндегі нәзік шұқыршық та күлгенде оны өте әдемі етіп жіберетін. Қыз өзіне қарап отырғанымызды сезіп, өзінің сұлулығын мақтан етіп «міне, көріңдер» дегендей біресе оңға, біресе солға бұрылып, біресе терезеге қарауды сылтау етіп, жас бамбуктың сабағындай келіскен бойын көрсетіп орнынан тұратын. Мен мынадай келіскен сұлу мүсінді өнер туындылары мен балет сахналарынан ғана көрген болсам керек, сірә.

– Хаккая биші болса бола ма? – деп сұрады анасы осы сәт көңілімдегіні ұққандай.

 – Иә, өте ғажап биші болады! – дедім мен ішкі ойымды жасыра алмай. 

– Әрине, болады, – деді анасы қуанышпен. – Хаккая қазір балет мектебінде оқып жүр.

Бұл сұлу қыздың өзіне сай сұлу өнерді таңдағанынан, өмірде өз орнын тапқанынан, қарапайым жапон әйелінің аналық бақытынан көңілімде рахат бір сезім бас көтерді. Әйтеуір, талабыңа нұр жаусын, қиғаш қасты қарындасым дедім іштей оған тілектес болып.

Менің оң жағымда сырт көрінісінен өте шыдамсыз, ашуланшақ адамға ұқсайтын біреу отырды. Хаккаяның болашағы жайлы әңгіме айтқанымызда ол пенснэсін алып, сұп-сұр жүзін тырыстырып, ақ аралаған қастарының астынан бізге бір-екі рет алара көз тастап қойды. Оның қай ұлттан екенін білмедім, бірақ, біз ағылшын тілінде сөйлескеніміз үшін ол да сол тілде сөйлеп, бізге ескерту жасады.

– Азырақ сөйлесулеріңнен үміт етсем бола ма?

Зәрлі суық көздері, жұқа ерні үнемі сұп-сұр болып көбіктеніп тұратын бұл адамға ештеңе жақпайтын еді. Біреудің қуанышы тіпті жүйкесін жұқартатындай.

– Хаккаяның келешегі реал... – деп өз пікірімді білдірмек болып аузымды аша бергенім сол еді, жаңағы адам қолын сілкіп:

– Соғыс!.. Қазір ең реал нәрсе – соғыс, сэр! – деп басын бүркеп алды.

Мен жапон әйелінің денесі дірілдеп кеткенін сездім. Жанарында қорқу сезімі пайда болып, жүзінен нұры қашты. Үрейленіп қызына қарап қойды. Мен шыдап отыра алмадым. Үнсіз ғана жапон әйелінің қолын «мықты болыңыз» дегендей қыстым да, орнымнан тұрдым.

Пилот кабинасына кірдім. Бұл жерде менің ғажап бір досым бар еді. Пилот Жерар. Ол француз. «Нормандия – Неман» аскадрильясында менің қайтыс болған ағаммен бірге қызмет еткен. Біз Жерар екеуміз Стокгольмда табыстық. Римде де, Карачиде де бірге кофе іштік. Аэропорттардың сыз жатақханасында бірге түнедік.

Міне, қазір ол жарты айдай жылтырап тұрған штурвалға қолын қойып, қарсы алдындағы сансыз лампалар, пластмасс түймешелер мен циферблаттардың қызылды-жасылды сәулелеріне қарап отыр. Ол өз қабілетінің ең жоғарғы нүктесінде отырғандай. Сәл ғана көңілсіздігі де өзінің дене бітіміне жарасып кеткендей. Ол мұхит үстінде шексіз бұлттар әлемін қақ жарып сегіз мың метр биіктікте ұшып бара жатқан елу тонналық алып гигантпен бірігіп кеткендей болып көрінетін.

– Метеосводка! – деді ол кеудесіндегі микрофонға. Сонда ғана мені көріп күлімсіреді. Жанындағы қызылмен қапталған креслоны жанарымен нұсқап «отыр» деді.

Шыны сыртындағы қараңғы түнек аспанды найзағай тіліп, түпсіз кеңістікте құтырған жел ойнақтайды. Мотор даусы үздіксіз гүрілдейді.

Көп өтпей аппақ бұлттарға бас қойған топ-толық ай көрінді. Ұшақтың қанаттары жұп-жұқа мұзбен қапталғандай жылтырайды. Жерар маған бұрылып қарады. Мен оның хронографына қарап, сағатымды жарты күнге алға оздырып қойдым.

– География фактілері де теріс болып кетті досым, бұл заманда, – деді ол күліп.

– Не үшін?

– Міне, сіз Жапонияға бару үшін шығысқа емес, алдымен батысқа – Швецияға қарап ұштыңыз, кейін оңтүстікке... Франкфурт, Карачи, Сайгон арқылы жүріп, бір жарым сағаттық жолды алты күн жүріп келесіз...

– Шынында да, – дедім мен. – Мәскеу елшісі Николай Сафарий 1675 жылы «Сібірден өткен соң, океан-теңізде Иапан жері бар» деп жазған екен. Жапония Ресейдің жақын шығыс көршісі екенін сол кезде-ақ жақсы білген. Бірақ, біздің зымыран ғасырымызда мұны мойындамайтындар бар...

Мен Жерармен әңгімелесуді ұнатам. Ол көпті көрген, ақылды жігіт.

Радиооператор жігіт әңгімемізді бұзып жіберді. Ол байланыс аппаратының «ти-ти-та, ти-ти-та» деген тынымсыз даусын өшіріп, штурманға жақындады. Жүзі қуарып кетті. Алдымен тілін жұтып қойған адамдай екі көзі шарасынан шыға біраз үнсіз тұрды. Сосын:

– Радиограмма... – деді де тағы үнсіз қалды.

– Не болды?

– Радиограмма... Токио хабарлап жатыр...  Ұшағымызда мина бар екен... Сағат алты елуде жарылуы керек...

Мен радисттің жүзіндегі үрейге тік қарай алмадым. Көзім сағатқа түсті. Үлкен қара хронограф циферблат көк фосфор жарығымен жылтырап тұрған сандар үстінде тірі жәндіктей дір-дір етіп алтыдан он минут өткенін көрсетіп тұр. «Демек, әлі қырық минут бар... Қырық минут... Қырық минут...» деген сөздер миымда қайта-қайта қайталана берді. 

– Қай жердеміз? – деп сұрадым Жерардан. Ол үндемеді. Маңдайында ноқаттай-ноқаттай тер тамшылары. Екі көзі альтметрде. Тура бір темір адамға ұқсайды. Үрейлі хабарды естіп тіпті орнынан да қозғалмады.

– Окинавамен байланыс! – деп бұйрық берді ол микрофонға. Бірақ, радист бұйрықсыз-ақ байланысып қойған еді. Қазір ол әне штурманның жанында дір-дір етіп тұр.

– Жоқ, Окинава пассажир самолетті қабылдамаймыз деп жатыр, – деді радист.

– Жапонсың ба өзі? – Ашуға берілді Жерар штурвалды қысып. 

– Иә, айттым. Бірақ...

Оның қолдары салбырап, екі иығынан әл кетіп, жанары сөніп, бұл дүниеден үміт үзіп үлгергендей кейіпте еді.

– Бұл жағдайды самолетте басқа бір де бір жан білмеуі тиіс, естідіңіз бе?! – деп бұйырды Жерар оны сілкілеп. Кейін маған қарады.

– Әлі отыз сегіз минут бар. Минаны іздеңіз. Жолаушылар салоны сізге, сэр. Бірақ, біліп қойыңыз жолаушылар сезіп қойса жаман болады.

«Демек, әл-әзірге пәлекеттен аулақ екенбіз» деп ойладым іштей. Неге екені белгісіз мен Жерарға сенуші едім. Оның сабырлылығы, сенімділігі маған да күш сыйлады. Дәліздегі айнаға қарауға батылым бармай тура жолаушылар салонынан бір-ақ шықтым. Бет-әлпетім қандай екен? Өліктей әппақ емеспін бе? Қорыққан жерім осы еді.

Орныма барып отырдым. Қаламсабымды түсіріп жібергендей болып креслолардың астын сипалай бастадым. Қайда болуы мүмкін... үрейлі ажалымыз?..

Бұл жерде қанша адам бар! Бәрін мына түпсіз тұңғиық аспанда ажал күтуде. Қай жерде екені белгісіз жауыз қолмен жасырылған стрелка бәріміздің соңғы минуттарымызды санауда. Қолдарымның дірілдеп жатқанын сезіп тұрмын. Бірақ, оны басқара алмаймын. Ашуланшақ мырзаның даусы естілді.

– Сэр, болды, тоқтатыңыз енді. Мен сізге өз қаламсабымды берейін. Бар елді әуреледіңіз ғой.

Мен бір-екі секунд орныма отырамын. Хаккаяның сыңғыр күлкісі естіледі. Сараң мырза сұп-сұр жүзін бүрістіріп, оған да жекіп тастайды. Мен енді бұл сөздерді аңдамаймын да. Миымда «мина» деген сөз сағаттың тіліндей «тық-тық» етеді. Шынымен, олардың сөздерін аңдай алмай отырмын ба? Жоқ-жоқ. Әне Хаккаяның анасы сөйлеп жатыр. Маған айтып жатыр:

– Хаккаяны марқұм әкесі гейшалыққа беріп, өмірін өксітетін еді. Бір итальян досы бес-алты ай айтып жүріп, ақыры бұл пікірінен қайтарды. Биші болады деп тұрып алды. Кәнекей, биші болса! Токиодағы жалғыз балет мектебіне төлейтін ақша қайда?! Камакурадағы кішкентай дүкеніміз өзімізді әрең бағып тұратын.

Менің құлағыма оның даусы естіледі, бірақ, миым оның айтқандарын қабылдап жатыр ма, жоқ па, білмеймін. Мен төртінші қатардағы адамдардың аяғының астынан «қаламымды» іздеп жатыр едім. Әйел сөзін жалғастырды.

– Әкесі байғұс ақыры дүкенді сатты. Қызым биші болады деп барын аямады. Жұпыны өмір сүрсек те, қызым оқуға кіріп алды. Тек әкесі байғұс өкпе кеселіне душар болып, өліп кетті. Қайтемін?.. Қызымның талпынысына қуанамын. Адамдардың бәрі қызымның бой-сымбатын көріп «балет үшін туылған, атақты биші болады» дейді. Міне, сіз де солай дедіңіз... Қайдасыз?..

Мен бұл кезде соңғы қатардың астын сипалап жүр едім. Жолаушылар болса маған наразылық білдіріп, арзымайтын нәрсені деп әурелегенім үшін ашуланып жатқан.

Менің бес-он минуттың ішінде дәрменім қалмады. Буындарым босап, басым мең-зең болып, бүкіл денем қара терге малынып кетіп еді. Ештеңе таба алмадым...

Пилот кабинасына қайта оралдым. Көзім алдымен сағатқа түсті. Пәлекетке жиырма сегіз минут қалыпты. 

– Не істейміз? – дедім.

Жерар қанаттардағы қалың мұз қабығын көрсетті. Альтметр сағатына сегіз жүз шақырым жылдамдықта ұшып бара жатқанымызды көрсетіп тұр. Бұл ұшақ үшін қауіпті жылдамдық. Мұз қабаты қалыңдап, ұшақ ауырлап, басқару механизміне салмақ түсуде. Бұл жылдамдықта корабль минасыз-ақ ауада күлпарша болып кетуі мүмкін.

Бірақ, Жерар қалған бір сағаттық жолды жиырма сегіз минутта басып өтіп, ұшақты жерге қондыруға ант еткен сияқты. Оның шексіз мұхитқа тігілген жанарына үрей ұя салған еді. Ақыры біз күткен пәлекет орын алды. Салондағы жолаушылар хабар тауыпты. Стюардесса радисттың ашынасы екен, айтып қойыпты. Ұшақ тепе-теңдігін жоғалта бастады. Себебі жолаушылар үрейден өздерін басқара алмай ары да, бері де сабылып, бірінің үстіне бірі құлап, бірін-бірі итеріп, нағыз топалаң басталғандай. Мұндай кезде біреу-біреуге құлақ сала ма, бірі шыңғырып, бірі құлап қалып, енді бірі есінен танып жатыр. Әлгі ашуланшақ мырза он минуттан кейін-ақ ақылдан азды.

Мина болса еш жерде жоқ. Уақыт өтіп жатыр. Радист үнсіз, екі қолы салбырап, тілсіз жандай түнеріп, бос кеңістікке қарап үңіліп отыр. Оның аянышты түрін көріп, Жерар оған парашютпен секіруді бұйырды. Радист парашютті сүйіктісіне беруді жалынып сұрады. Стюардесса жігітті құшақтады да, жанарындағы жасын тыя алмаған күйі қараңғы құдықтай ашылған люктен өзін тастады. Парашют ашылмады. Мұхит үстіндегі түпсіз кеңістікте жүз берген бұл жалғыз өлімді сүйіктісі көрмеді.

Менің екі көзім Жерарда. Ол не ойлап отыр екен? Оның ешкімі жоқ. Ол өзі өліп кетуден қорықпайды, тек жолаушыларды құтқаруға болмай ма екен деген үмітпен бар күшін штурвалға салған. Шынымды айтсам, мен жолаушылар салонына шығуға қорықтым. Есік қағылып, бірдеме сынып, налыған, жылаған дауыстар тынбай естіліп тұрды. Самолеттің қанаты сынғандай шайқалып келеді. Мен штурвалды қысып ұстап алған Жерардан көз алмай отырмын. Оның алдында секунд сайын жақындап келе жатқан ажалымызды да ұмытып жібергендеймін.

– Мен сенімен біргемін, Жерар, – дедім оның құлағының түбіне келіп сыбырлап.

– Мен де... – деді дәрменсіз, бақытсыз радист. Жерар бізге қарап жымиды. Дәл қазір жымиюдан басқа еш нәрсеге осыншалықты зор жігер керек емес еді. Біздің біргеміз дегеніміз «бірге өлеміз» деген сөз еді. Бұл сөз оған біршама күш-қуат сыйлағандай.

Біз солтүстікке қарап ұшып барамыз. Сағат – алты отыз... Оң жақта шексіз мұхит... Таң сүттей ағарды. Бұл соншалықты ғажайып, бүкіл әлемді күміс тамшыларға бөлеген ғаламат таң еді. Жерар бізге мұңға толы жанарымен бұрылып қарады. Оның қос жанарынан осы таңның бір тамшысындай қос тамшы сытылып шықты. «Өмірімде қаншама таңды атырып, мынадай сұлу таңды көрмеппін».

«Ең соңғы таң...»

«Мен сене алмаймын. Осыншама бейкүнә жанды аспанда күл қылып жіберу кімге керек болды? Мысалы Хаккаяның қайғылы қазасы кімге керек?»

«Біздің заманымызда бәрі де болуы мүмкін, жолдас...»

Біз қатар отыр едік. Қарсымыздағы алақандай айнадан бір-біріміздің жүзімізді көріп, ойша сөйлесетінбіз.

«Жоқ, мен сенбеймін. Барлық жерді қарап шықтық. Еш жерден табылмады. Мүмкін...»

«Жұбатып әуре болмаңыз. Қазір мен үшін жалғыз жол бар. Ол – он сегіз минут ішінде жерге қонып...»

«Бірақ, жерден дерек жоқ қой...»

«Менің жетуім керек...»

«Стюардессаны... көрдіңіз бе? Аянышты...»

 «Ол аянышты ма, әлде біз бе? Әлі мәлім емес...»

Менің жанарымнан мән кеткен секілді, ол маған бұрылып қарады.

«Сөйлеп отырыңыз. Мені сөзбен алдап отырмасаңыз, мен қазір бүкіл өмірімді есіме ала бастаймын...»

«Жоқ, Жерар. Қажеті жоқ. Біз өлім алдында емеспіз!»

 «Алланың өзі бізді кешіреді. Біздің ниетіміз түзу»...

Таныс «ти-ти-та» қайта басталды. Радиооператор эфирге ориентир беріп жатыр. Бақытсыз радист сүйіктісінің өлімнен құтылғанына қуанып, жаны кіріп отырғандай.

Қарсы алдымыздан жарқырап үлкен күн шықты. Мұхит жақынырақ көріне бастағандай. Ол сондай көгілдір түсте еді, мен мұндай түсті ешқашан көрмегенмін. Моторлар самолетті түтіп жіберетіндей зырылдайды, бейне бір машина да пәлекетті сезіп жатқандай, ажалдың аяусыз қақпанына асығатындай.

«Сегіз минут қалды».

«Қону алдында жарылып кетті» деген ызаңды келтіреді екен. Асықпай-ақ қойсам ба?..»

«Жүрегіңе құлақ сал, Жерар».

Секундтар өтіп барады.

Штурман самолетті төмендетіп, бұлттар ішіне сүңгіді. Тез төмендеу – қауіпті, уақыт созу одан да қауіпті.

«Қонуда жанбасақ болды».

«Одан көрі жарылғаны жақсы-ақ».

Бұлттар арасынан өткенімізде лып етіп қызыл шырақтар жанды. Қонуға рұқсат берілді. Қону үшін жылдамдықты азайту керек, бірақ бізге жылдамдықты азайтуға болмайды. Үш минут қалды. Екі минут...

Аэродромның барлық алаң, жолақтарында сансыз қызыл шырақтар қауіптен сақтандырып, жанып-өшіп тұр. Бұл қан секілді қызыл дақтар ішінде біз қонатын трасса да көрініп тұрды. Корабліміз бірден тербеліп кетті – жолаушылар жерді көрген секілді. Уақыт бітіп барады. Өмір бітіп барады. Жер көрініп тұр. Бірақ, соңғы минут оған жетуге тым қысқа!

Сағат алтыдан елу минут өткенде мотор даусы тынғандай болды. Бейне жүрек те тоқтағандай. Бейне әлемде тірі жан жоқтай...

Штурман маған қарады. «Сау бол, досым!» дегенді оқыдым оның жанарынан. Бірақ, еріндері басқалай сөйледі.

– Ресейдің жігіттерін осындай деп білетінмін!

– Жерар, уақыт өтіп кетті.

– Қазір қонамыз. Уақыт өтті, бірақ, бұл қауіп сейілді деген сөз емес.

Ұшақ оттай зулап жерге, шырақтар арасындағы жолаққа қонып, жылдамдықты жоғалтқанда қорқынышты ышқырынған дауыс естілді... Жарылыс болмады. Тез ашылған қосалқы есіктерден рәзіңке иісі мүңк етті. Жолаушылар бірін-бірі итеріп, құлатып сыртқа беттеді. Бәрі шыңғырып, жылап, айқайлып, сыртқа шығуға талпынып жатқан. Жерар қайдан алғаны белгісіз машина мініп келді. Орнынан тұра алмағандарды шетке алып кетпекші болдық. Қанды плащтарға шырмалған екі әйелді жерден көтергенімізде, астынан... Хаккаяның денесі шықты. Оның сол аяғы сынып, асылып салбырап қалыпты.

Мен оны көтере алмадым. Дәрменім құрып, өзімді әлсіз сезіндім. Жанымда тұрған ұшақтың жарылуы да, айналамыздағының бәрін жермен жексен етуі де есімнен шығып кетті. Мен Хаккаяның анасын, сонау бір жүзі жылы жапон әйелін таба алмадым. Оны іздеп жүргенімде қарсы алдымнан ашуланшақ мырза шыға келді. Ол енді ашуланшақ қана емес, есінен де адасқан сияқты.

– Мен енді биші боламын. Сіздің қаламсабыңызды табамын, – дейді ыржиып.

Бұл тозақтан тезірек құтылуға тырыстым. Шетке шығып, адамдар арасына барып тұрдым. Біз ұшақтың жарылуын күттік. Сағатыма қараймын – енді уақыт онша тез өтпейтін сияқты. Минуттар тасбақадай былжырай ма... Мен бұл бақытсыз машинаның тезірек жарылып кетуін күттім.

... Бірақ ол жарылмады.

Жаралыларды жедел жәрдем көлігі алып кетті. Менің көз алдымнан Хаккаяның бейнесі кетпей қойды.

                        *      *     *      *

Не болды өзі? Ұшақ неге жарылмады?

Кейін мұны сұрап білдім. Ұшақта ешқандай мина да, бомба да болмай шықты. Бұл бәсекелес компанияның ісі екен. Істің көзін білетін жауыздар бәсекелесінің ұшағынан жолаушыларды бездіру үшін осындай арам пиғылдарын пайдаланады екен.

Шынында да, кейін білсем, сол ұшаққа бізден кейін екі айдай жолаушы табылмапты.