Қабиден Қуанышбай. Аққыз

Бөлісу:

05.11.2024 960

«КҮБІРЛЕП КҮЙМЕН БІРГЕ ТҰРАДЫ ОЙЫМ…»

Күй құдіретіне елтімейтін қазақ бар ма?!

Күй – керемет поэзия! Жұмекен Нәжімиденовтің «Күй кітабын» (1967ж) парақтаған едік. Елең де елең осы еңлік дестелі ерекше мақамға өлердей ғашық ақындар болған-ды. Мінеки солардың бірі һәм бірегейі Қабиден ҚУАНЫШБАЙ.

Ғабиден десе де болатын болмысы да кеудесі де кеңісі де кең жігіт. Осы шайырдың шөкім миын езіп өткен күй әуезі толғау болып төгілген. Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызына арналған өрімі ұнады. 

Қара өлеңнің жауһарларын теріп келіп маздатқан аршаның түтініндей бозғылт һәм ашқылтым «Нәр иісі» еңкіме толғаудың жанры – поэма. Қазақтың күй ішіне сіңірген қуанышы мен қайғысын аңыратады. Несіпбек Айтұлының алакеуім елеңді, дарқан танымының куәгері, ардапейілді ақынның алдын көрген бауырымыз арыны еркін, мөрі бүтін, жүрісі ширақ, адымы алымды сезілді. 

Тәттімбеттің күйін тыңдап, көңілінің иін қандырып жүрген бұлағайкеуіл кең тынысты Қабиденнің осы толғамында тоқсан түрлі қайырымдар бар. Жүз түйенің аңызы ғайып арыдағы арзу әпсанаға сүйенеді де тарта береді. Арқаның омырауын емген ақ-адал жұрттың алмағайып тағдырына алаң болған күйшінің арпалысы да айырықша мөрленеді. Бір кезде домбыра ұстау «Қылмыс» болған зар-заманда һәм бүгінгіше дүбәрәуи дүмшелердің добыраны «Шайтанның үні» деп күстаналап жүргенде осы сықылды жыр сайысы, күй төңірегіндегі жарыстардың өтуі де жарасымын тапқандай болды. 

Арқадан аһ, ұрған күйдің арғы шебі Ақтоғайдан бастап, арғы беттегі Өр Алтайды шарлаған Әсеттің ізіне қарай ойысатын дәстүрлі мақаммен өрілген осы толғауды бүгін тыңдаған да, тыңдамаған да арманда болары хақ!

Аққыз күйшінің әруағына ниет еткен ақындардың алдыңғы орындардағы сыналған арнау өлеңдердің түгеліне баға беруден аулақпыз, әрине!

Бұл жолы Қабиден һәм Ғабиденнің өрімдеріне үңілейік те…

Сұраған Рахметұлы 

Ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері.

АҚҚЫЗ

ПОЭМА

 

ӘЛҚИССА…

 

Қолыма «а, құдайлап» алдым қалам,

Жаратқан, өзің қолда жол бұралаң!

Ақынның әулиесі айтатұғын,

Киесі жыр-дастанның қонды маған!

 

Талпынып қара өлеңнің биігіне,

Қосылдым жыр-бәйгенің үйіріне!

Ғашықпын Сарыарқаның тау-тасына,

Ғашықпын құлан, бөкен, киігіне.

 

Ғашықпын кең көсілген даласына!

Ғашықпын бұлбұл көмей баласына!

Күмбірлі көкірегін күй көмкерген,

Сәулесін жаққан Алла санасына.

 

Ғашықпын тауыса алман бәріне де,

Ғашықпын әулеген әніне де!

Күй  - деген көңілімнің шар айнасы,

Өлеңмен өре алмаймын оны неге?!

 

Күбірлеп күймен бірге тұрады ойым.

Күй тыңдап қайралады қырағы ойым.

Естісем шерге толған шертпе күйді,

Бір ысып, бір суыйды тұла бойым!

 

Күйде тұр қазағымның қазынасы!

Күйде тұр айта алмаған базынасы! 

Құйқылжып көмейіңде көңіл шері,

Қос-ішек, тоғыз перне, азынашы! 

 

Күйде тұр қуанышым да қайғым менің,

Күй ғұмыр - бақуатты, бай күндерім! 

Жанымды жабырқаулы жадыратар,

Күй шертіп, желдей есіп тай мінгенім.

 

Санама жыр шуағы құйылардай,

Ескінің жан тербеген күйі қандай?!

Күйлерін Тәттімбеттің тыңдамасам,

Қалады қу жанымның иі қанбай!

 

Шіркін-ау, қалай-қалай күмбірлейді?!

Жасырып жан-жарасын білдірмейді.

Қазақтың қасіретін күймен өрген,

Он саусақ - су жорғадай кідірмейді.

 

Арқаның әнін айтсам арындаймын!

Серілік құрғым келіп жалындаймын!

Сарыарқа – күйін тыңдап, жырыңды естіп,

Сейіліп сала берер көңіл-қайғым.

 

Бабадан қалған осы мол мұраны,

Арқаның елі бойға қондырады.

Қазына деп біледі - қара өлеңді, 

Қолынан тастамайды домбыраны!

I

Арыдан айтар болса сөз қала ма?

Бабалар басып кеткен ізге қара.

Байжігіт күйлерінің күмбірі бар,

Ғасырдың куәгері - боз далада.

 

Дәулескер күйшілердің ізін басқан,

Аққызы Ахметтың көзін ашқан. 

Аққыздың дәуірінде өнерпаз көп,

Толқынды толқын қуып бізге ұласқан.

 

Тоқаны, Ықыласты зерттегенде,

Қуанамыз көсегеміз көктегенге. 

Қалған күй Дайрабайдан тағылымды,

Қайтер-ек бүгін бізге жетпегенде?!

 

Итаяқ, Қыздарбекті көп біледі,

Әшімтай, Баубек, Әбди отты лебі. 

Ақмолда, Мақаш күйші, Сембектер,

Найзағай күйлерімен көк тіледі. 

 

Байжанов Қалименен заманы бір,

Манарбек әуелетіп салады жыр. 

Әбікен Хасеновтің күйі қандай,

Зымырап сағынышпен барады өмір. 

 

Қадірін күйшілердің біліп халық,

Қазақтың төл өнерін құныттадық!

Бегімсал Орынбеков ел есінде,

Дәулетін Мықтыбайдың ұмытпалық.

 

Қозғасам сөз төркіні таусылмайды,

Айтпасам ой реңі ашылмайды.

Ерлігін Ақ апамның жырламасам,

Шабытым шарықтаған басылмайды.

 

Аққыздың аты мәлім бала жастан,

Өнерпаз жоқ ортада одан асқан.

Ақтарып күй-ғұмырын, ән ғұмырын,

Жазуға ниеттендім жаңа Дастан.

II

Қара өлең бала күннен баптағаным.

Ескі әуен ежелден-ақ жоқтағаным.

Тағдырдың тауқыметі тағып берген,

Тар заман, аз қазақты отқа орадың!

 

Ұрпақпыз жон даладан жоқты іздеген,

Түбі жоқ қарт тарих жеткізбеген.

Сарнаған сары қобыздай Сарыарқада,

Күйші өткен ардақты ана - Аққыз деген?

 

Тәңірдің бәлкім бізге жаны ашыған,

Құтылдық жаттың бүгін табасынан.

Шер толған шертпе күйді Аққыз еді,

Сол оттың алып шыққан арасынан.

 

Еліміз бұл өнерден кем бола ма?

Күй шертіп, ән шырқаған кең далада,

Аққыз да ауылында еркін өскен,

Болған соң байдың қызы кенже бала.

 

Арудың атын қойған Мүгүлсім деп,

Көз салған қара ниет түңілсін деп. 

«Аққыз» деп атап кеткен жеңгелері,

Қазақта ат тергеуді білу сүндет.

 

Әкесі Ахмет бай еркелеткен,

Балалық бал-дәуренін көркем еткен. 

Тай мініп, тазы қуып, ән салатын,

Кезі жоқ кенже қызын өкпелеткен. 

 

Нәр алған ән мен күйдей қос арнадан,

Өнерге адал болмай өсер ме адам?

Ақәжем күй тартқанда тебіреніп,

Жан болмас жанарына жас алмаған.

 

Айналған Сарыарқаның ажарына.

Көз тоймас табиғаттың ғажабына.

Балқаштың көлі суат, шөбі шүйгін,

Ақтоғай - ата қоныс қазағына!

 

Бай еді Құбылтайдың Ахметі,

Көзі ашық, ояу өткен көкірегі.

Байлығы парасатқа біткен дейді,

Болыпты қауым елдің ол тірегі.

 

Теңселмей көп байлармен тең жүреді.

Байлығын сол кездегі ел біледі.

Зөңгілес замандасы Ахметтің,

Атақты Бегалының Жәңгірі еді.

 

Жақтасқан жаны күйіп жылағанға,

Сүйеніш болған дейді құлағанға. 

Жүз соқыр түйе біткен маңдайына,

Байлығын Ахметтің сұрағанда.

 

Жүз соқыр түйе көпке арман екен,

Бұл ырым бабалардан қалған екен. 

Жүзінші түйе бітсе сол жақ көзін,

Ағызып жіберетін болған екен.

 

Беу, жалған, баста дәурен тұрақтай ма?!

Қол бұлғап ол да бір күн жырақтай ма?!

Атақты Ахметбай мекен еткен,

Сай қайда, суат қайда, бұлақ қайда?!

 

Тағдырға пенде қалай өкпелейді?!

Кер заман - кердеңдеген жат көбейді,

Жаламен текті байлар жер құшады,

Шығардық төрімізге тап-кедейді.

 

Тектінің тұрамыз ба тегін айтпай?!

Кеудесін құл-құтанға жұлқылатпай,

Ұсталған бес жүз байдың қатарында.

Айдалып кетті бірге Ахметбай.

III

Домбыра бір бұрышта құлап қалды. 

Шешілмей жұмбағы көп сұрақ қалды,

Аққыздың танығанда тың тарихын,

Күй-ғұмыр бізге былай сыр ақтарды:

 

Қалыңсыз қызын текке кім беріпті,

Ерке қыз болған еді тым көрікті. 

Айдалып кетпей тұрып Ахметбай,

Аққызды ұзатып та үлгеріпті.

 

Қыз беріп, қыз алысқан текті жермен,

Ахмет ақылды еді көпті көрген.

Аққыздың жан жүрегін жаралған,

Бір хабар азынаған жетті желмен.

 

Ұлу жыл – мың тоғыз жүз жиырма сегіз,

Кетпеді, уа, дариға, кімге есеміз.

Қазақтың басында мың сұрақ тұрды:

«Құл болмай қалай еркін күн кешеміз?»

 

Аң кетті Сарыарқаның даласынан.

Ел кетті Есіл-Нұра жағансынан.

Әкенің бұл азабы аз болғандай,

Айрылып қалған екен анасынан.

 

Бір өскен бауырлар да айдалады,

Төл-тегіс тұтқындалып бай манабы.

Арқада дәуірелеген бір әлеуттің,

Басынан бақ осылай тайғанады.

 

Егіліп, Аққыз енді езіледі.

Азапқа маңдайдағы төзіп еді.

Күй тартып, ән салатын баяғыдай,

Гүл-дәурен шорт кесіліп, үзіледі.

 

Күйретіп кетті лезде өмір бәрін.

Кім ұғар жүрегінің ауырғанын.

Сол кезде жарып шыққан күйлер екен:

«Жетім қыз», «Қайран елім» «Бауырларым».

 

Тоғыз қыз Ахметтің кіндігінен,

Кем емес шешек атқан қыр гүлінен.

Сегізін айдауға алып кеткен дейді,

Айырып қалың елді бір-бірінен. 

 

Кезегі келген екен Аққыздың да,

Жем болып жатыр әне көп құзғынға.

Қайырып қолын отыр бір большевик,

Бұйрығы: «Әкел бері, жеткіз мұнда.»

 

Жеткенде бір болмашы қол шенге,

Өзгеріп шыға келер туыс ел де!

Асықпа барам- деді, - тозағыңа,

Кектене қарап алып қанішерге.

 

Осылай Аққызды да алып кетті,

Жарасын жанындағы тағы үдетті. 

Құшақтап домбырасын бара жатты,

Қанішер қамшыменен салып кетті. 

 

Көз жетті дүниенің жалғанына,

Қылмысы байдың қызы болғаны ма?!

Аққыздың қасіретін естігенде,

Шыдамас ет-құлағың зарға мына.

IV

Тергеліп келеді апа ауылына,

Қосылып арып-ашқан қауымына. 

Жүйкесі жұқарады, төзім кетіп,

Сала алмай бұрынғы өткен сарынына.

 

Домбыра ұтсау «қылмыс» бұл күндері,

Несіне бұл өмірді сүрдім деді. 

Бусанып тұрсадағы, буырқанып,

Батыр қыз жан-жарасын білдірмеді.

 

Дәстүрім міне осылай ескіреді. 

Бұл да бір таудан түскен көшкін еді. 

Шебері шертпе күйдің Арқадағы,

Әбдидің атылғанын естіп еді.

 

Әбікен Хасенұлы кетті ауылдан,

Жаланы көп көрген соң жат бауырдан.

Күйші қыз үрейленіп қалған еді,

Қазақты қаруы жоқ текке қырған. 

 

Арқаның күй мұрасы – аңыз еді,

Саясат бұл дәстүрді тағы үзеді. 

Мұңды қыз машығатын жасырынып,

Жеткізу шертпе күйді парызы еді.

 

Домбыра сырласы еді, мұңдасы еді,

Көсіліп бір шерте алмай күн кешеді.

Сыртынан естіп қалса көрші-көлем,

Тиері айдан анық бір кеселі.

 

Ақыры тапты айласын бір күндері,

Онысын ешкімге де білдірмеді.

Қапқа сап домбырасын алып кетті,

Көргенге тезек теріп жүрмін деді. 

 

Апарып алыс жерге домбыраны,

Аймалап, сол бұрады, оң бұрады.

Арқаның салқын соққан ызғары емес,

Саясат тұла бойды тоңдырады. 

 

Бұл неткен жанкештілік қайыспаған,

Болаттай рухы мықты майыспаған. 

Ақапам – батыры еді кешегінің,

Күй шертіп, сөз ұстаған, ой ұстаған. 

 

Қазағым, Аққыз еді бір алыбың.

Ұрпаққа таусылмайтын мұра бүгін.

Күмбірлеп күйің қалды көкейімде,

Жаңғырып санамызда тұрады үнің. 

V

Кез еді жұртым тыныш, елім аман,

Көліме доңыз әлі сарымаған. 

Төр жайлау ән мен жырдың ордасы еді,

Самалы күй ойнаған сары далам. 

 

Ауылдың үзілмейтін той-думаны,

Күй тыңдап, жыр айтатын ой қуғаны.

Жиылып жатушы еді қалың қазақ,.

Сойылып жатушы еді байдың малы.

 

Бір жылы Ахметбай ас береді,

Бұл асқа қарт келеді, жас келеді. 

Атақты Әбди де алдырады,

Байекең байтал сойып, бас береді.

 

Сол күні Аққыз күйді сапырады,

Қошемет аямады атырабы.

Аққыздың өнеріне дән риза,

Тамсанып Әбди төрде отырады. 

 

Жеткізген қос ішекпен көңіл сазын,

Көрсеткен қоңыр үнмен өмір-жазын.

Сол күні Аққыз ару алғаш рет,

Шертеді Әшімтайдың «Қоңыр қазын».

 

Өнерін сонда отырған халық көрді.

Көрші ауыл ат терлетіп шауып келді.

Ұрпағы Әшімтайдың Хамза да бар,

Бір ұлын арнайылап алып келді.

 

Қасыма келді дейді сары бала:

«Маңдайы жарқыраған бағы дара.

Бір күйді тартып едім сынмаққа,

Қағылез қойды демде қағып ала.

 

Тыңдады бір қозғалмай мені балам,

Сұңғыла болар ма еді тегін адам?!

Жанары жарқылдаған жас талант,

«Үйренем, апа, күйді»-деді маған»

 

Мағауия Хамзин еді сол баламыз,

Атағы алты алашқа болған аңыз.» 

Дәстүрін шертпе күйдің жалғап берді,

Ағайын, енді кімнен кем боламыз?!

VI

Шабытпен шалқып осы басталды жыр,

Құйылып көкейіме дастан-ғұмыр!

Төгіліп түсе қалды, о, құдірет,

Жайнатып жібергендей аспанды нұр.

 

Аққыздың ақтарғанда көп мұрасын,

Шымырлап жан-жүрегім төкті жасын. 

Тағдырын айтып еткен күй тілімен,

Зарына шыдай алмай тік тұрасың.

 

Көргендей күйді кештім тағдырымды,

Жазғанда жылап тұрып жан жырымды.

Келгенде қызылдардың қияметі,

Қамытқа көнідіге алмай ел қырылды. 

 

Бабамның жұрты болған Қарқаралы,

«Сенен бұлт менен қайғы тарқамады»

Шұбартау мекен болған бір кездері,

Шұбырып кеткенге елге Арқадағы.

 

Атамыз одан ары кеткен дейді,

Іленің жағасына жеткен дейді. 

Сағынып Сарыарқасын зарыққанда,

Шелектеп көздің жасын төккен дейді.

 

Содан соң жеңілдесін қайдан қайғым?!

Жат жерде жүріп қалай сайрандаймын.

Арқаның төрі болған Ақтоғайда,

Әсеті туған еді Найманбайдың.

 

Ақынның жатқан жері басы Іленің,

Сол жерде туып мен де өсіп едім.

Жазылған қаныменен жүрегінің,

Әсеттің ізін қалай өшіремін. 

 

Сол ұрпақ мына менмін елін тапқан,

Арқаға аттың басын дамылдатқан.

Азаттық айналайын, ардақтысың,

Жанымда жатқан шоқты жалындатқан. 

 

Елімді жырлау менің нақ парызым,

Бабамның іздеп жүрмін жортқан ізін. 

Не берсем деп келіп ем отаныма,

Қайтарар қалың елге көп қарызым. 

 

Қауышар өзіңменен туыпты шақ. 

Аш маған арқалы жұрт күліп құшақ. 

Қазақтың қайғысы көп онысыз да,

Болмайық енді, ағайын, қырық пышақ.

 

ҚАБИДЕН ҚУАНЫШБАЙ, 1988 жылы 21 желтоқсанда, ҚХР Іле-қазақ автономиялы облысы, Тоғызтарау ауданында дүниеге келген. 

2007 жылы Отанға оралып, Түркістан облысы Кентау қаласында дайындық курсында білім алды.

2008 жылы Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика мамандығына қабылданды. 

2012 жылы аталған университеттің журналистика мамандығының бакалавр дәрежесін сәтті аяқтап, сол жылы магистрант болып білімін жалғастырады. 

2014 жылы оқуды аяқтаған соң, Астана қаласындағы «Сәкен Сефуллин мұражайына»  ғылыми қызметкері болып орналасып, 2021 жылдан бастан Астана қаласы әкімдігінің «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» қоғаммен байланыс бөлімінің маманы ретінде қызмет етуде. 

Бірнеше халықаралық, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы. Ғылыми мақалалардың авторы

Бөлісу:

Көп оқылғандар