Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Архивтегі ашық есік күні...

19.09.2025 87

Архивтегі ашық есік күні 6+

Архивтегі ашық есік күні - adebiportal.kz

 

19 қыркүйек күні ҚР Ұлттық архивінде ашық есік күні өтті.

Бұл іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің басшылығы, елімізге танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері, қаладағы зиялы қауым мен БАҚ өкілдері, Астана қаласындағы жалпы білім беру мекемелерінің, мектеп-лицейлердің оқушылары мен Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Астана Халықаралық университетінің студенттері, Астана қаласының тұрғындары мен қала қонақтары қатысты. 

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві» РММ-і «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы негізінде өткен бұл іс-шара арқылы өскелең жас ұрпақты архив мекемесімен, ондағы құнды құжаттармен таныстыру, мекеменің жалпы атқаратын іс-қызметімен таныстыру, олардың бойында отанына, төл тарихына, қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттыру мақсаты көзделген екен.

Астана қаласының қақ ортасындағы Нұржол желекжолы бойында орналасқан, архитектуралық шешімінің өзі ерекше ғимаратта іс-қызмет жүргізіп жатқан ҚР Ұлттық архивінің жұмыс ырғағымен танысу – қала мектептерінде оқитын жас жеткіншектер үшін қызықты екендігі анық.

Іс-шараның ресми ашылу бөлімінде сөз алған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің басқарма басшысы Ибраим Бабаев мырза өз сөзінде бүгінгі ашық есік күнінің маңызына тоқтала отырып жалпы республика бойынша 231 мемлекеттік архив барлығын, олардың барлығы зерттеушілер, ізденушілердің оқу залдарында жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін, режимдік жабық мекемелер екендігін айтып өтті. «Сіздер үшін осындай іс-шараны ұйымдастыру арқылы архив дегеннің не екенін білсін, еліміздің тәуелсіздігін, арғы түп тамырымызды баяндайтын құнды құжаттарды сақтайтын мәдени мекеме екендігін ұғынып білсін және оның ішіндегі тұрмыс-тіршілікті: қандай құжаттар, көрмелер бар, қызметкерлер қандай аппаратуралармен жұмыс жасайды дегенді тікелей көрсін, таныссын деген ниетпен өскелең жастарды шақырып отырмыз, - деді басқарма басшысы. 

Басқарма басшысының таныстыруынша, Қазақстанда бес жыл бұрын «Архив-2025» деген кешенді жоспарлы бағдарлама қабылданып, биылғы жылы сол бағдарламаның соңғы жылында жұмыс істеуде екен. Бұған дейінгі «Мәдени мұра» сияқты жүзеге асырылған осы бағдарлама ауқымында Қазақстанның тарихына қатысты отандық, алыс-жақын шетелдік қаншама құнды мұралар жинақтап әкелініп, тиісті салалық ғалымдардың зерттеу нысанына айналдыру үстінде екен. Және осы жинақтаған құнды материалдар негізінде кітаптар да құрастырылған.

 «Сол бағдарламаларға қатысты құжаттардың барлығы да осындағы №83 қорда сақталып тұр», - деп таныстыра келе басқарма басшысы бұл жерде ҚР Ұлттық архиві ғана емес, оның жанында қолжазба және сирек кітаптар ұлттық қоры да бар екендігін, олардың өз-өздерінің алдына қойылған маңызды міндеттері барлығына тоқталып өтті. Бұл мекемедегі басшылық пен қызметкерлердің түсіністіктегі жұмысы арқылы сирек қолжазбалар мен кітаптар осында жинақталып, зерттеліп, түптеліп, жиналып, болашақ ұрпақ үшін сақталып тұр екен.

Ибраим Бабаев мырза ҚР Парламент Мәжілісінің күн тәртібінде архив ісін заманауи реттейтін заң жобасы талқыланып жатқанын, қыркүйектің 15-і күні алғашқы тыңдалымы болғанын, егер де осы заң сәтімен қабылданар болса, мемлекеттік, республикалық, облыстық, аудандық, қалалық архивтерде жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын көтеру, облыстық, республикалық архивтерге ұлттық мәртебе беру мәселелері оң шешемін табады деген үміт бар екенін айтып өтті.

«Бұл өткізіліп жатқан іс-шара архив ісі саласының, қолжазбалар ісі саласының имиджін көтеру мақсатында ұйымдастырылып отырған іс-шара. Архивті келіп көруге, танысуға, имиджі көтеруге, бәріңіздің атсалысып келіп отырғандарыңыз үшін алғыс айтамын!» - деді басқарма басшысы.

ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова ханым өз сөзінде: «Архив деген – тарихтың қайнар көзі. Сіздер біздің еліміздің ертеңі, жарқын болашағымызсыздар. Біз архив қоймаларында сақталып жатқан әрбір құжат біздің өткеніміз бен бүгініміздің алтын көпірі, алтын сандығы деген болар едім. Мұнда жұмыс істеп жатқан қызметкер аға-апаларың біздің еліміздің маңызды құжаттарын жүйелі түрде жинақтап, сақтап, оны қоғамға құнды мұра ету жолында үлкен еңбек жасап жатыр. Жыл сайын өтетін бұл іс-шарада біздің сіздерді архивке шақырып, мұндағы жұмыс барысымен таныстыратынымыздың басты мәні – тарихымыздың маңызды құжаттары қайда, қалай сақталады дегенді түсіндіріп, сезіндіру болмақ.

Біздің еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап қаншама маңызды құжаттарды қабылдады. Олардың барлығын айтпай-ақ қойғанда, өздеріңіз білетін біздің Туымыздың, Әнұранымыздың, Елтаңбамыздың түпнұсқа құжаттары Ұлттық архивте сақтаулы тұр. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардан басқа, еліміздің мәдениет, әдебиет, өнер, ғылым, білім, басқа да салаларға қатысты реформаларда қабылданған түрлі маңызды құжаттардың барлығы да осында мұқият сақталады.

Біздің архивімізде еліміздің тәуелсіздік алған жылдарынан бастап, оның дамуына зор үлес қосқан билік тұлғалардың да жеке құжаттық оры да мұнда сақталып отыр», - деп таныстырып өтті.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, қазақ тілінде жазылған тұңғыш «Халықтың көші-қоны туралы» заңның авторы, ақын, жазушы, сазгер Әкім Ысқақ мырза сөз алды: 

«Армысыздар, ағайын! Өткен мен бүгіннің алты көпірі ретінде қызмет етіп келе жатқан архивтің бүгінгі ашық есік күні құтты болсын! Архивке аты енген адамдардың бәрі тарихта қалады. Ал тарих – біздің алтын шежіреміз. Архив – адамдардың аманаты. Халық пен архивтің байланысқан күні мерейлеріңізді өсіріп, қуаныштарыңызды көбейте берсін!» - деп, осы бір аманатқа орайластырып, «Аманат» деген өлеңін іс-шарға жиналған көпшіліктің алдында оқып берді.

Уа, Ағайын! Мынау байтақ ғаламда,

Ата-бабам мекен еткен даламда,

Алты Алаштың амандығы ендігі,

Аманат қой маған, саған, оған да!

Уа, Ағайын! Мынау ғазиз өлкеңде,

Әр күніңді қуанышпен көркемде.

Құн жетпейтін Тілім менен Ділімді

Абыроймен табыстайық ертеңге!

Жақсыларда жарқылдаған жасын бар,

Оған куә өткен күндер, ғасырлар.

Қара қазан, сары бала қамы үшін

Құрбан болды елім деген асылдар!

Неге қазір жүректерде басылды от,

Келер күнге алаңдаймын ақын боп.

Ұлтым демей, Жұртым демей жүруге,

Бір менің де, бір сенің де хақың жоқ!

Айналайын, қазағым,

Қайта айналып келмесі анық өткенің,

Маңыздысы ол – жетістікке жеткенің!

Қандай сынақ түссе-дағы басыңа,

Көкке өрледің, ұсақталып кетпедің!

Ұлттың отын жағады ғой ес білген,

Халықпыз ғой көп мұңайып, кеш күлген.

Біз қазақпыз! Біз Азатпыз! Жасыма!

Кем емеспіз, кем емеспіз ешкімнен!

Уа, Ағайын!

Мынау байтақ ғаламда,

Ата-бабам мекен еткен даламда,

«Оян, қазақ!» деген сөзді ендігі,

Қалдырмайық алда келер заманға!

Уа, Ағайын! Мынау байтақ ғаламда,

Ата-бабам мекен еткен даламда,

Алты Алаштың амандығы ендігі,

Аманат қой маған, саған, оған да!

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдыков: «Архив -құжаттарды сақтау мен зерттеу орны. Оның барылғы біз үшін аса маңызды. Архивте еліміздегі барлық құжаттар болса, мұнда Қожа Ахмет Яссауи, әл-Фараби, Абай, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсыновтардың жазбаларын көре аласыздар. Бұл – сіздер үшін өте құнды, да қызықты дүниелер болады деп сенеміз. Мұнда сіздер қолжазбалар, құжаттардың қалай сканерленіп, сақтауға алынатын т.б. үдерістермен танысатын боласыздар», - деп қысқаша таныстырып өтті.

Бұдан соң іс-шарға қатысушы мектеп оқушылар мен колледж студенттері, ұстаздар мен өзге де қатысушылар ішке еніп, архивтің көрме залдарын аралады. Кинозалда арнайы деректі фильм тамашалады. Сонымен қатар құжатты мұрағатқа қабылдап алғаннан бастап, оларды сақтау, өңдеумен айналысатын бөлімдердің жұмысымен танысты. 

Мамандардың айтуынша мұнда су тиген, шай немесе өзге де сұйықтықтар төгіліп зақымданған, жыртылып бүлінген т.б. құжаттарды арнайы қондырғыларда стерильдеп тазарту үдерісі атқарылғаннан кейін оның электронды нұсқасы жасалады. Ал құжаттар, соның ішінде ақын-жазушылардың, ғалымдардың т.б. тапсырған маңызды, құнды мұралары мұнда әзірленген арнайы картон қорапшаларда сақталады екен. Архив ғимаратындағы қағаз құжаттар сақтау өзіндік термохимиялық ережелері негізінде жүзеге асырылады және оны түрлі заманауи аппаратуралар, қондырғылар қамтамасыз етеді екен. 

«Мен Құдайға, сосын архивке сенемін» деп қазақтың Батыр Баукеңі, Бауыржан Момышұлы айтқанындай, архив – әр дәуірде болып өткен оқиғалардың шынайы куәсі. Бүгінгідей іс-шара арқылы архив ісінің қыр-сырынан, ондағы жұмыс ауқымынан хабардар болып, сақтаулы тұрған құнды мұралардың маңызын сезініп өскен жас ұрпақ еліміздің болашағына сергек санамен қарайтын азамат болып өсері анық. Бүгінгі ашық есік күннің мәні мен маңызы да осында.

Іс-шара барысында архивтің жұмысы жан-жақты таныстырылып, түрлі көрмелер ұйымдастырылып, танымдық-тағылымдық деректі фильмдер көрсетілді, қызықты зияткерлік ойындар мен викториналар ойнатылды. Мектеп оқушылар мен қалалықтар, қатысушы барша қонақтар мұндағы жұмыс ырғағымен таныса отырып, әлемдік үрдіске сәйкес қабылданған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асып жатқанына да көз жеткізді. Мұндағы архивке келіп түскен құжаттардың электрондық-цифрлық технологиялар арқылы сақталып, болашақ игілігі үшін жылдар, ғасырлар бойы қызмет ете береді. «Тарихыңды білмесең, келешегіңді болжай алмайсың» деген тұжырымды сөз бар. Ал оның архивте қалай қатталып, сақталатынын ертеңгі тарихтың бүгінгі жас куәгерлері көкіректеріне айқын түйіп шыққаны анық.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар