Осы Астананың тұрғынымыз деп жүргендердің дені елдің әр аймақ, әр өңірінен келгендер болса да, ендігі құтты мекені Астана болғаннан кейін бұл жердің тарихын білгені абзал. Адам туған жерін ғана емес, тұрақтап қоныс тепкен жерінің тарихын да білуге міндетті. Өйткені жердің жадын білмей тұрып, сенің өзің де тамырсыз сияқты боласың. Бүгінгі біз көрген Астана тек бетон мен әйнектен тұратын ғимараттар емес, ол өткен мен бүгінді жалғап тұрған көпір. Қала көшелерін күнде жүріп өтеміз, бірақ, әр көше атауының артында бір-бір тағдыр, бір-бір тарих жатқанын ескере бермейміз. Егер адам өз жүрген жерінің тарихын білмесе, уақыттан тыс қалады. Білу, әр нәрседен хабары болу арқылы ғана уақыттың ұлы арнасына қосылып, өзінің өткені мен болашағы арасындағы жауапкершілікті сезінеміз.
Осы себептен де «Қараөткел құпиялары» кітабы жайында айтсақ дедік. Қазір әлеуметтік желінің қарқыны күшейген уақыт, елдің бәрі «тик-токте» отыратын болды. Мың-сан ақпарат тасқыны астында қалған оқырман осындай жақсы кітап шығып жатқанын байқамай қалуы мүмкін ғой (оның үстіне жақсы дүниені таныстырып, біз үшін маңызы бар деген жеріне мән берудің де өз ләззаты бар).
Бозоқ – оғыздарға қатысты қала
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың «Қараөткел құпиялары» кітабы Астана қаласының мемлекеттік архивінен» биыл жарық көріп отыр. Кітапты оқып отырып түсінесің – өлкетану дегеніміз жай ғана жер атаулары мен ескі көшелердің тарихын білу емес, бұл – өзіңнің кім екеніңді танудың кілті. Жамбыл Артықбаев ұсынған деректер, архивтен табылған мағлұматтар бізге бір ғана қаланың емес, тұтас елдің тарихи болмысын аша түседі. Автор кіріспе сөзінде осы өлке тарихына қатысты дерек-мәліметтердің бір-біріне қарама-қайшы екенін айта келіп, дұрыс мағлұмат табуда үлесі бар деп XIX ғасырдың 80-жылдары Ақмола уезін басқарған В.К.фон Герннің еңбегін баса айтады. Сол заманда қараөткелдік дәрігер Л. Кузнецов пен атбасарлық тілмаш Х. Бекқожаұлы «Таңбалы жар» ескерткішіне арнайы сапар шегіп, ондағы қазақтың ру таңбаларының көшірмелерін жасап қайтқан екен.
Автор өлкетануға еңбек сіңірген бірнеше адамның аты-жөнін атайды. Сонымен бірге кейбір тұжырымдарға қатысты өз ұстанымын да білдіре кетеді, мысалы, «Ақмола» атауына қатысты. «Ақмола» – Тайтөбе басында тұрған «Ғұн дәуірінен келе жатқан «батыстағы қамал» деген ескерткішке қатысты туған атау» деген пікірмен келісеміз. «Тайтөбе» атауының мағынасы «Қарауыл төбе» дегенді білдіреді» дейді.
Немесе Бозоқ қаласына қатысты пайымдар, бұл шынымен де қызық, біздің ел тарихына деген көзқарасымызды өзгертетін тұжырым деуге болады. Біз қыпшақ деп келгенді автор оғыздарға қатыстырады (бұдан бұрынғы там-тұм мағлұматымыз бойынша Бозоқты қыпшақтардың қаласы деп ойлайтынбыз). Автор Жамбыл Артықбаев бұған «Бұзақты көлінің жағасындағы Бозоқ ғұндардың да емес, қыпшақтардың да емес, оғыздардың Бұзоқ тобына бір жағынан ғұрыптық қызмет атқарған, екінші жағынан елбасы бектеріне қорған болған қалашық», – деп түйін жасайды.
Қорғалжын қопасында ортағасырлық қала болған
Осы Астанаға бағыт алып келіп қоныстанған жұртшылық Есіл, Нұра өзендерін, Қорғалжын көлін біледі. Ал енді бұл жақта базардан не дүкеннен балық сатып алып жатып, «қай жақтың балығы» десең, «Қорғалжын көлінен» деп атап береді. Автор болса Қорғалжынды көл дегенге келіспейді, көлдердің жиынтығы дейді. «Нұра Теңіз көліне жақындағанда бірнеше жерде жайылады, олардың әрқайсысын көл деп атауға болады, жергілкті ел Сұлтангелді, Есей, Қақай деп атайды» деп түсіндіреді. Кітаптағы деректерге сүйенсек, осы айналасын қамыс басқан Қорғалжын қопасының тұсында ортағасырлық ірі қалалық мегаполис болған, жергілікті қазақтар ол жерді Бытығай деген, ал энциклопедияларда «Ботағай» делінеді екен. Демек, біз Қорғалжынды жай көл деп келген болсақ, оның астарында тұтас көне өркениеттердің ізі жатыр екен. Бұл тек тарихи факті ғана емес, ұрпаққа ой тастайтын белгі. Әрбір атау – халықтың ұжымдық жадында қалған мәдени код екенін есте ұстау керек.
Ақтау қорғаны
Осы кезге дейін біздің білетініміз бір Ақтау еді (Маңғыстаудың), сөйтсек, осы Ақмола маңында (оңтүстікке қарай 300 шақырымда) Ақтау бекінісі, Есіл жағасынан Жарқайың бекіністері салынған екен. Автор бұл екі бекіністің ертеректе шыққан энциклопияда айтылғандай 1822 жылы емес, кейін Кенесары көтерілісі кезінде 1837 жылы көтерілгенін айтады. «Ақтау қорғанының негізгі мақсаты – көтерілістің ауданын бақылау, мүмкіндік болса қазақтардың топтасуына бөгет жасау. Сол үшін бірнеше зеңбірек пен жүз шақты солдат қойылған. Кенесары жасақтары 1838 жылы шілдеде осы маңға келгенде Сарысу, Манақа, Ескене пикеттеріндегі казак-орыстар Ақтауға тығылып, көтеріліс басылғасын 1862 жылы Ресейдің бұйрығымен жабылған», – дейді. Автор осылай Ақмола өңірінің тарихына қатысты жіберілген қате тұжырымдарды жоққа шығара отырып, жаңа деректер ұсынады.
«Тарихи, археологиялық, этнографиялық ізденіс жұмыстарының нәтижелерін қорытып, оны қазақтың қарияларының жадында сақталған ауызша деректермен байытып, Астана тарихына мезгіл-мезгіл үңіліп отырған дұрыс деп есептейміз». Осылай дей келіп, автор ғалымдар мен елорда өлкетанушылары назарына ілікпеген бірнеше мысалды оқырман назарына ұсынады: «Есіл мен Нұра арасында қазақ аңыздарында «Тоғанастың тоқсан екі көлі» деп атайтын әлі де зерттеле қоймаған көлдер жүйесі бар, олардың ішінде оғыз-қыпшақ эпикалық жырларында аталатын Ағанас, Тоғанас батырлардың және Алтын Орда заманына қатысты Тоқтамыс ханның көлдері бар», – деп Қозыкөш өзені жайлы айтып өтеді. «Осы сияқты қаланың ортасымен өтетін кішкене бір өзенше тарихы да қызық, қариялардан сұрасақ, бұл өзеннің байырғы атауы – Ащы өзек, Ресей империясының отарына айналған кезде «Соляная балка», кеңес дәуірінде «Гребной канал» болған». Бүгінде Ақбұлақ атап жүрген бұл өзенді бәріміз көріп жүрміз.
«Астана төңірегінен Сарыарқаның үш бірдей өзені бастауын алатынын білеміз бе? Соның бірі Сілеті өзені бойындағы Тұлпар бас, Қызыл там, Сырлы там ескерткіштер ортағасыр тарихынан сыр тартады».
Қазақта Шідерті мен Өлеңті атауы да көп кездеседі, мысалы, Батыс Қазақстанда Сырым ауданында да Шідерті, Өлеңті өзендері бар.
Автор Астана төңірегіндегі Сарыарқаның ұсақ шоқылы аймағынан бастау алатын осы Шідерті мен Өлеңті атауларына қатысты саха (якут) халқының Лена (Уленд) аталатын өзенінің біздің Өлеңтіге қатысы бар ма деп сауал тастайды.
Астананың байырғы атауы – Қараөткел
Кейін балаларымызға Астана тарихы жайлы айтып жатсақ, алдымен Қараөткел жайында сөз қозғап, оның тек географиялық нүкте емес, қазақтың саяси, экономикалық және мәдени тарихында ерекше орны бар мекен екенін еске алуымыз қажет. Есіл өзенінің бойындағы өткел көне дәуірден бастап Ұлы даланың күре жолдарының бірі болғаны, Жібек жолының солтүстік тармақтарына жақын орналасқандықтан Қараөткел керуендер үшін маңызды сауда орнына айналғаны, мұнда тек мал мен астық емес, түрлі қолөнер бұйымдары, тіпті сырттан келген тауарлар да айналымға түскені жайлы мағлұмат балаға да қызық болады.
Қазақ хандығы дәуірінде де Қараөткелдің стратегиялық мәні арта түскен. Бұл өткел Сарыарқаның қалың жұрты Арқа мен Сыр бойын жалғап, кейінгі замандарда Ресей империясы осы маңға бекініс салып, отарлау саясатының тірек нүктесіне айналдырған. Әрине, Ақмола бекінісінің бой көтеруі жайдан-жай емес, бұнда Қараөткелді бақылау арқылы қазақтың қозғалысын, саудасын, тіпті еркін қимылын реттеп отыруды көздеген саясат болған.

Кітаптан үзінді келтірейік.
«Астана қаласының байырғы атауы қалай десең, жұрттың бәрі Ақмола дейді, біздің астанамыздың бұрынғы қазақ заманындағы атауы – Қараөткел. Кейбір жазушылар жазып жүргендей, Қараөткел атауын XVIII ғасырдағы жаугершілік заманмен немесе Қанжығалы қарт Бөгенбайдың сүйегін Әзіреті Сұлтанға алып бара жатқан қаралы көштің осы жерден өтуімен байланыстыру қисынсыз, оған себеп – Қараөткел маңындағы сақ, ғұн түркі замандарының толып жатқан қорған, обалары мен далалық қоныстары. Қараөткел Қазақ хандығына дейінгі заманында Ұлы даланың ірі сауда орталықтарының бірі болған жер, яғни атау сол замандарда пайда болған. Қаланың іргетасында керуен сарайлар мен қолөнер орталықтары, саудагерлердің отырықшы қоныстары, мешіттер мен мектеп орындары жатыр».
Автор осылай дей келіп, подполковник Шубиннің Омбы облысының бастығы генерал-лейтенант де Сент-Лоранға Ақмола сыртқы уезін ашу туралы 1830 жылғы рапортынан мысал келтіреді.
«Қараөткел – Алаштың ортасы»
Осы жерде Ғазиз деген ақын өтіпті. Әнші, ақын, композитор, Қоянды жәрмеңкесінде өтетін өнер сайысына түскен, кейінгіге әні қалған адам.
Атандым Ғазиз ақын бала жастан,
Әнші жоқ Қараөткелде менен асқан.
Жүйрікті, жорғаны да жетеледім,
Көңілім қалған емес қиғаш қастан...
Осы бір ауыз өлеңнен де Қараөткелде әншінің әнін тыңдайтын ел болғанын, өнерін бағалайтын жұртшылық болғанын аңдауға болады. Ондай жерде өндіріс, сауда, бір сөзбен айтқанда қайнаған өмір болатыны анық.

Кітаптан үзінді алайық, «Есіл өзенінен саудагерлер мен елшілік-дипломатиялық миссионерлер өтетін, маңайына айлап тоқтап сауда жасайтын керуен сарайлары мен тұрақты қоныс-жайы болған жер. «Қараөткел – диірменшілердің қаласы болды» дейді біздің қолымыздағы деректер. Шу мен Сарысу бойында қыстайтын қазақ баласы қысы-жазы ұнды осы Қараөткелден алады».
Қараөткелдің тарихтағы тағы бір қыры – қазақтың рухани өмірімен байланысты болғандығы. Бұл жерде мешіттер салынып, медреселер жұмыс істеп, халықтың сауатын ашуға жағдай жасаған, қазақтың алғашқы көпестерінің, қолынан шаруа жайын басқару келетін яғни бүгінгі тілмен айтқанда кәсіпкерлерінің кәсіптері осы жерде өрістеді. Сондықтан Қараөткелді тек өткел немесе бекініс деп қарау қате болады, бұл жер – қазақтың отырықшылыққа, білімге, жаңа кәсіпке бет бұрған, былайша айтқанда – көшпелі өмір мен отырықшы өркениеттің түйіскен жері. Бұл тоғыс кейін, арада қаншама уақыт өткенде қазақ қоғамының болашақ даму бағытында көрініс тапқан. Қараөткелге қатысты Әлихан Бөкейхановтың: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау», – деген сөзі бар екен. Бүгінгі Астананың дәл осы жерде орналасуы да тегін емес, тарихтың жалғасы деп ойлаймыз ғой.

Қараөткелге арналған ескерткіш неге жоқ?
Кенесары көшесінің орны бұрынғы Қараөткелдің басталар тұсы екен, неге сол жерге ескерткіш қоймасқа? Осындай ұсыныс айтады автор. Қараөткелдің ең көне ескерткіші Керуенсарай. Ақмола облысы қазақ хандарының мекені, оның ішінде Тайтөбеде Сәмеке ханның немересі Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының есімі кездеседі. Бұдан әрі Тайтөбе сөзінің топонимдік жағы, мағынасы, ол жерде болған тарихи оқиғалар сөз болады. Сондай-ақ Ақмола бекінісі қашан, қалай салынғаны, Есілден өтетін бір емес Қараөткел, Күйгенжар, Тасөткел секілді үш өткел бірдей қазақтың қолынан шығып кеткен кездегі қазақтың бас еркіндігі, жайылысы қыспаққа түскен мезеттер, қазақтың Ақмола әскери отрядының шабуылына ұшырап отырған кездері, Ресейдің отарлау әрекеттеріне қазақтың қарсылығы жайлы да айтылып кетеді. Кенесарының Ақмола бекінісін шабуына қатысты архив материалдары да ел, жер тарихын білмекке құштар оқырман үшін құнды мағлұмат болмақ. Күйгенжардың неге олай аталғандығы жайлы Мәшһүр Жүсіп жинады деген дерек те осы бөлімде.

Ескі көшелер
Өзімізге Қараөткелдің ескі көшелері жайлы айтылған бөлім ерекше ұнады. Бүгінгі Сарыарқа ауданындағы Кенесары көшесінде базар болыпты, осы жерде Есіл өзенін Қараөткелден кешіп өткен керуеншілер түйелерін шөгеріп, шатырларын тігіп, сауда жасай беретін болған. Қазіргі Конгресс-холлдың орнында үлкен базар болған (XIX ғасыр аяғына дейін). Бір қызығы 1922 жылы осы жақтың зиялы адамдары ақылдасып, Кенесары көшесіне Кенесары атын берген екен, одан совет үкіметі келген соң ол көше Карл Маркс көшесі болған. Сондай-ақ, бүгінгі Бейбітшілік көшесінің орнында кіші базар болған.

Автор Абай көшесін ерекше ілтипатпен ауызға алады: кезінде Ақмоланың ең бай көпесі Нүркей Забиров қаражатына салынған жасыл мешіт шарбағы жайлы тоқтала отырып, «Жақып Омаров көшесімен жүрген адам XIX ғасыр соңындағы уездік қала келбетін елестете алар еді», – дейді автор. Сонымен бірге қала көшелерінің бұрын қалай аталғаны жөнінде айтып, кейбір еңбектерде бұған қатысты қате деректер берілгенін де мысалмен келтірген. Осылайша біз бүгін өзіміз әрі-бері үстінен өтіп жүрген Желтоқсан, Амангелді Иманов, Жеңіс даңғылы, Бөгенбай даңғылы көшелерінің бұрын қалай аталғаны жайында көптеген мәліметке қаныға түсеміз. Осы айтылған деректерге қатысты фотосуреттердің өзі бір керемет шежіре. Баяғы бір замандарда түсірілсе де өте әдемі тұр, мысалы, Ақмоладағы әйелдер училищесі, Александр-Невский соборы, жаңа мешіт, қалалық қоғамдық үйдің суреті, ерлер училищесі, Қосшығұловтардың кәмпит-тоқаш шығаратын фабрикасының, пошта-телеграф үйінің фотосуреттерінің әрқайсысы бүгінгі қала тұрғындары үшін танымдық жағынан аса қызықты материал болары анық.

Айтпақшы, Ақмоланың ішкі тұрмесі болыпты, авторлың айтуынша, ол қазіргі Бигелдинов көшесіндегі үш қабатты ғимарат болғанын байырғы тұрғындардың өзі біле бермеген. Жамбыл ағамыз бұл жайында Ақмоланың ескі тарихын жақсы білетін өлкетанушы, ұзақ жылдар мұражайда жұмыс істеген Сақан Сәдуақасованың көмегімен білгенін айтады. Сол кезде соншама ниетті бола тұра ол ғимаратқа кіре алмағанымен, автор кейін осы Ішкі түрмеге қатысты әжептәуір мәліметтер тапқанын қызықты деректермен келтіреді. Бұны оқу керек. Бұл шынымен еңбек. Бұл күнде бұл ғимаратта мекемелер орналасқан ғой, автор бұған қатысты: «Ішкі түрме тоталитаризмнің азапты дәуірінің мұражайына айналуы керек» деген өз ой-көзқарасын да білдіре кетеді.

Кәмпит- тоқаш шығарып, мектеп ашқан Қосшығұловтар
Автор қазақтардың кәсіпкерлігіне қатысты да мысалдар келтіре отырып, «қазақтың саудаға бейімі жоқ» деген түсінікті жоққа шығарады, осы орайда алғаш болып кәмпит-тоқаш шығарған Қосшығұловтарды, Қараөткелге алғаш американ көлігін айдап келген Құрманғали Қосшығұлов туралы айтады. Бүгінде көшеге аты берілген Қосшығұловтар жайлы соңғы жылдары айтыла бастады. Олардың сол заманда елге еткен еңбегі де айтуға тұрарлық, кейінгіге үлгі боларлық екені анық. Олар шығарған өнімді патша сарайы да дастарханына қойған деседі, олар тек тоқаш пен кәмпит қана емес, зефирге дейін шығарған екен. 1920 жылы жанып жатқан ескі мешітті қалпына келтіргендері де аңыз іспетті. Одан бөлек, Қосшығұловтардың бірнеше ірі сауда дүкендері елге қызмет еткенін кітаптағы архив деректері нақтылай түседі.

Олар және тек тәттілер шығарудан бөлек мал өсіріп, бақша еккен, автордың айтуынша, бүгінгі «Қосшыда» сол Қосшығұловтардың дачасы болған. Мұсылман жастарының мектебі сол Қосшығұловтар қолдауымен салынған. Өз қаражаттарына салған. Мұғалімге жалақы, шәкіртке шәкіртақы төлеген. (Мектеп орны қазіргі Абай мен Бөкейханов көшесінің қиылысында болған). Сонымен бірге Қараөткелде Қосшығұловтардың кітап дүкені болған. Бұл тіпті таңғаларлық дерек. Демек, Қосшығұловтар тек баюды көздемеген, елдің көзі ашық болуына қызмет еткен, қаржы салған аса мәдениетті байлар қатарынан болған екен.
Өндіріс ашқан, мектеп салдырған, кітап дүкенін ұстаған Қосшығұловтар әулетінің өнегесі сияқты мысалдар – қазақ қоғамында да байлықты тек жеке мүдде үшін емес, қоғамдық игілік үшін пайдалану дәстүрін, жауапкершілік мәдениетінің болғанын дәлелдемей ме!. Қазіргі заманда да байлық иелері дәл осылай халыққа қызмет етсе, қоғамымыз жақсы жағына қарай өзгерер еді. Шын мәнінде, тарихтағы осы мысалдар байлықтың шынайы құны мал-мүлікте емес, артында қалған ізгі істерде екенін еске салады. Байдың аты мәңгі қалуы үшін ол жасаған қайырымды ісі ұрпақ жадында сақталуы керек.

Қараөткелдің көпестері
Қараөткелдегі мешіттер, Ақмоладағы шіркеулер – оның бәрі біздің мәдени қабаттарымызға қатысты деректер. Қараөткелдің көпестер қаласы болғаны да танымдық жағынан қызық. Бұл жерде саудагерлер көп қоныстанған, оның ішінде сібір татарлары көп болған. Ресейдің Сібір аймағынан, Мәскеу мен Санкт-Петербургтен, Нижний Новгород пен Ірбіт, Ташкент пен Түркістан, Бұқарадан саудагер ағылған, бір сөзбен айтқанда сол кездің өзінде бұл жер тоғыз жолдың торабы болған. XX ғасыр басында К.Шахов түсірген суреттердің бірінде екі қабатты сәнді құрылыс туралы айтылады. Бүгінде ол үйдің орнына Парламент үйі салынғанын (Абай мен Бейбітшілік көшесі қиылысы), тарихи мәні болған ол үйдің иесі Ақмоланың атақты көпесі Ғалиасқар Халфин тұрғанын келтіреді. Фотосуреттерге қатысты аты жиі аталатын Шахов деген кісі кәсіби фотограф болған. Қараөткелдің алғашқы фотографы 1910-1915 жылдары «Ақмола көріністері» деген открытколар сериясын шығарып, оны өз типографиясына басып көбейтіп, сол өзі түсірген Қараөткелдегі әдемі ғимараттардың фотосуреттерін пошта айналымына шығарып, Ресей империясына таратқан дейді.
Автордың тиянақты зерттеп-зерделеуінің арқасында бүгінгі «Алатау» қонақүйін салдырған Филатов деген көпес екенін, оның бұдан басқа да көрнекті үйлері жайлы деректер бар.
Кітаптың «Диірменші Моисеев үйі» бөлімінде XX ғасыр басындағы тарихи оқиғалар мен төңкерістердің еңбекқор адамдардың жайлы өмірін қалай тез өзгертіп, тағдыр жолдары замананың ыңғайымен қалай құбылғанын көреміз. Канцеров үйі (қазіргі Жастар сарайының орнында үйі болған) де уағында елге игілікті қызмет еткен.

«Шестаковтың қызыл диірмені» бөлімінде XX ғасыр басында бүкіл қала тұрғынын, саудагерлерді, елдің қазағын ұнмен қамтамасыз еткен механикалық диірмені болған Шестаков туралы, Есілдің жағасында бумен айналатын диірмен орнатқан Шмидт, патша заманында дүкен ұстаған Кубрин мен оның ұлдары туралы мәліметке қанық боламыз.
Кітапты түгел шолуды мақсат еткеніміз жоқ
Дегенмен, автордың Қараөткелге жақын маңдардың әрқайсысына тоқталып, мысалы, Шүршітқырған, Бурабайдағы тарихи орындар, Атбасар, Ереймен, т.б. жерлердің тарихына тоқталғаны бізді бей-жай қалдырмады, ол жерлердің қазақтың тарихы үшін қандай маңызы барына, атауында қандай мән барына тоқталып, айтып отырған сөзін дерек-дәйектермен байлап, түйіп отырғаны – шын мәнінде айтуға тұрарлық еңбек екенін аңдаймыз.
Осы Астанаға қыдырып келген, көшіп келген жұрт қала көшелерінің атауына мән берсе, небір әдемі атауларды байқар еді. Әрине, ол атаулар жайдан-жай қойылмаған. Мысалы, Сілеті деген көше бар, оның өзен екенін, Бозоқтың қалашық болғанын, Қорғалжында тарихи қалалар болғанын жүре-бара біле түссе, мұның барлығы – туған жерге деген көзқарасты тереңдетеді. Мысалы, жас балалар өздері тұратын Күйгенжардың атауы неден шыққан дегенге ойланса, ол жерде уағында Әз Тәуке ханның ордасы болғанын білер еді. Мортық деген атау қазақтың көп жерінде бар, ал бірақ, Қараөткелдің іргесіндегі Мортықтың тарихы басқа. Немесе «Айдаһарлы-Құдайберлі үңгірі» деген атауының өзі ертегі секілді. «Хан шатырдың» артында кілең қазақтың арғы-бергі тарихында өзіндік орны болған әйелдердің атымен бірнеше көшелер қаз-қатар орналасқан. Бұның өзі тарихқа деген құрметтен туған бастама екені анық. Өлке тарихын білу – өзіңнің бұл жерде қайдан, қалай тап болғаныңды білу.
«Қараөткел құпиялары» кітабы осындай дерекке толы, танымдық жағы әжептәуір бай қызықты кітап. Тағы да ескерте кетейік, «Қараөткел құпияларын» Астана қаласының мемлекеттік архивінің ғылыми-әдістемелік кеңесі баспаға шығаруға ұсынған. Жоба авторлары: Е. Бәйкен, С. Есіркеп.
Редакция алқасы: Ж.Бимолдин, А.Мұқашқызы, С.Баяхметов.
P.S. Бір ойланып қалатының – бұл кітап 200 данамен ғана шыққан екен. Біздіңше бұндай дүниенің таралымы көбірек болуы керек. Өйткені бұл тек бір ауылдың емес, тұтас Астананың, әрі-беріден соң қазақтың тарихы болып отыр ғой. Ал тарихты, соның ішінде өлке тарихын білудің түпкі мәні – адамның өз болмысын жермен, уақытпен, тарихпен сабақтастырып, кеңістік пен уақытты біріктіруде. Тарихты білген сайын сенің де бұл кеңістікке қатысың артады. Өйткені әрбір тас, әрбір көне атау – халықтың жүріп өткен ізінің айғағы. Сол ізіңді білу – ертеңге сеніммен қараудың кепілі. Осы тұрғыдан келсек, Астананы өз Отаны санайтын әрбір азамат үшін бұл кітаптағы деректер – өзін осы кеңістікпен байланыстыратын рухани жіп секілді.




Мақала ішіндегі фотосуреттер кітаптан алынғанын ескертеміз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.