Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен және Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының ұйымдастыруымен Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Бикен Римованың құрметіне арналған «BIKEN FEST» III Халықаралық театр фестивалі өз қорытындысын шығарды.
Биылғы фестиваль театрдың 50 жылдық мерейтойына орай 13-17 қыркүйек аралығында өткен еді. Фестивальге өңірлік театрлар мен Грузия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанның шығармашылық ұжымдары қатысып, өздерінің үздік қойылымдарын ұсынды.


Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов бастаған қазылар алқасы осылайша өнерпаздар арасындағы үздіктерді анықтады.

Фестиваль жеңімпаздары:
Бас жүлде – 1 000 000 теңге сыйақымен Абай облыстық қазақ музыкалық драма театры, «Абай айтқан Еңлік-Кебек» спектаклі;
Үздік пластикалық режиссура – 600 000 теңге сыйақымен Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, «Чарли Чаплин» спектаклі;
Ең үздік ер адам бейнесі – 500 000 теңге сыйақымен актер Төлеубек Көңбай, «Киотоға жол» спектакліндегі Қожажас, Актер, Әмір, Капитан рөлдері үшін (Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық драма театры);
Ең үздік әйел адам бейнесі – 500 000 теңге сыйақымен актриса Оксана Расулова, «Бейтаныс әйелдің хаты» спектакліндегі Бейтаныс әйел рөлі үшін (Әзірбайжанның М театры);
Үздік актерлік ансамбль – 500 000 теңге сыйақымен Бұхара мемлекеттік музыкалық драма театры (Өзбекстан), «Чор Дарвеш» спектаклі;
Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі – 300 000 теңге сыйақымен актер Нұрлан Салидинов, «Әділет» рөлі үшін (Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры);
Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі – 300 000 теңге сыйақымен актриса Кристине Беруашвили, «Кормилица» рөлі үшін (Георгий Ратиани атындағы Сухуми жастар театры, Грузия);
Үздік музыкалық безендіру – 200 000 теңге сыйақымен Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры, «Тастамашы ана» спектаклі;
Үздік сценография – 200 000 теңге сыйақымен Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры, «Қар қызы» спектаклі.
КСРО Халық әртісі, Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов: «Бикен апамыз – халыққа адал еңбек еткен ұлы азамат. Ол – Әуезов театрының іргетасын қалаушылардың бірі. Бикеннің атындағы театр – сол кісіге деген зор құрмет. Биыл үшінші рет театр фестиваль өтіп жатыр, өте жақсы!»
Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының директоры Жуасбек Ерлік: Бұл халықтар арасындағы өнер майталмандарының өзара тәжірибе алмасуы деп білеміз. Фестивальдің ең маңыздылығы, біздің мамандарымызға арналған шеберлік сағаттары өтті. Бұл өнер адамдарының бір-бірімен танысуы, ұжымның мерекелік кездесуі деп білеміз.
Суреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.