Жүрекке сіңген сарын жоғалмайды

Бөлісу:

05.11.2024 2091

2000 жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше екі басылым болды. Бірі  Атырау шәрінен шыққан «Алтын Орда» газеті болса, екіншісі Алматы қаласынан шыққан «Жас қазақ» газеті еді. Бұл қос газеттің біріне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал екіншісіне Талғат Ешен есімді қазақтың қос интеллектуал азаматы бас редакторлық қызмет етті. Екеуі де елге белгілі ғажайып ақын.  Баз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын еш жарытып  газет шығара алмайды», - деген сыпсың сөзінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы ағаларым болды. 

Сонымен біз «ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР...» айдарымен тек осы екі басылым ғана емес, 2000 жылдардың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық сұхбаттарды сұрыптап алып, оқырман жадысында қайыра жаңғыртуды жөн санап отырмыз.

Бұл жолы бойына күйдің киесі қонған, болмысы бөлек (бұл күндері дүниеден өткен, марқұм) қобызшы Сматай Үмбетбаймен 2005 жыл “ЖАС ҚАЗАҚ” тілшілері сұхбаттасқан екен. Олай болса, сол сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

“Әдебиет порталы”

Сматай ҮМБЕТБАЙ. 1948 жылы 1 сәуірде Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауданы, Жеңіс кеңшарында туған. 1971 жылы Алматыға келген. 1971-78 жылдары Құрманғазы атындағы консерваторияда оқыған және консерватория шеберханасында жұмыс істеген. 1978-1983 жылдары «Қазақконцерт» бірлестігінде қобызшы-орындаушы, 1983-87 жылдар аралығында Жамбыл атындағы филармонияда жұмыс істеген. 1987 жылдан 1992 жылға дейін Ықылас атындағы ұлт аспаптары мұражайында жұмыс істеген. Осы мұражайда Сматай Үмбетбайдың қолынан 700-дей ұлттық аспап қайта өңделіп жасалған. Сазген және нарқобыз аспаптарын бірінші болып бүгінгі заманға лайықтап қалпына келтірген және сахнада бірінші орындаған.

Жас қазақ: Сіздің елден Алматыға келуіңіз үлкен тарих екенінен хабардармыз. Әңгімені содан бастайықшы.

Сматай Үмбетбай: Мен Алматыға 1971 жылы келдім. Сол жылы Жамбылдың тойы болған еді, соған шақыртты. Кім шақыртты деңіз. Одан үш-төрт жыл бұрын Арқада Сәкен Сейфуллиннің тойы өткен. Соған Сәбең, Сәбит Мұқанов келген еді. Жігіттер сол жолы Ерік Омаров деген керемет әнші жігіт бар еді, сол екеумізді Сәбеңе алып кірді. Ерік аға домбыраға «Ақмаңдайлымды» салып, шырқап жібергенде Сәбең «Ойпыр-май!» деп таңданып қалды. Ерік ағадан кейін кезек маған келді. Сәбең қобызда орындалатын күйлерді жақсы көреді екен. «Қандай ағаштан шаптың?» деп қобызымды айналдырып қарап көрді. «Батыл қимылдайды екенсің. Дарының бар екен. Саған елде жүре беруге болмайды. Сендей талантты балаларды мен көріп жүрген жоқпын. Алматыға алдыру керек» деді.

Жас қазақ: Ол кезде неше жаста едіңіз? 

Сматай Үмбетбай: 22-23-ке келіп қалған кезім. Сол Сәбең арада үш-төрт жыл өткенде Алматыда еткен Жамбылдың тойына шақыртты. Онда өнер көрсеттім. Жас емеспін бе, сол жерде жаңа шығарған күйлерімді де тартып жіберіппін. Сәбеңнің таяқ ұстап қалған кезі екен. Мені шақырып алды. «Шырағым, сен күй тартып қана қоймай, өзің де күй шығарады екенсің ғой. Күйлерің жақсы екен. Қазір мен бір жігітті шақыртамын. Ол сені консерваторияға апарады. Онда Еркеғали деген ағаң тосып отыр. Соған барасың, ар жағында не істейтінін ол кісі өзі біледі» деді. Мені Тымат Мерғалиев деген домбырашыға қосып жіберді. Ол менің қол-аяғымды жерге тигізбей, консерваториядан бір-ақ шығарды. Еркеғали Рахмадиев өзін нығыз ұстап отыратын адам екен. Ерекеңнің алдында қобызымды тарттым. Сосын қарап тұрмай: «Аға, сіздің керемет сазгер екеніңізді білеміз. Өзіңізбен жолығуға ынтығып жүретін едім. Менің де ептеп күй шығаратыным бар еді. Соны тыңдап көрсеңіз»,- деп жібердім. Жол бойы мені Тымат та қайрап келген-ді. «Сен үлкен адаммен жолығуға келе жатқаныңды білесің бе? Еркеғали Рахмадиев «Алпамыс» операсын жазған. Ананы жазған, мынаны жазған» деген-ді ол. Жаспын ғой, өз шығармаларым жайлы сол кісіден пікір естігім келді ме екен? Қазір ойлап отырсам, ол кісінің шығармалары тым биікте екен ғой. Біздікі әншейін сүйкеп кеткен нәрсе ғана сияқты. Қазір болса сөйтіп айтуға ұялар ем ғой. Ол кісінікі – мұхит, менікі жерге сіңген ылғал ғана сияқты. Күйлерімді тарттым. Еркегали аға өте ырза болды. «Кертолғау» деген күй бар, соны тартып көрші» деді. Тартып жібердім.

Жас қазақ: «Кертолғауды» білетініңізді ол кісі сезіп отыр ғой сонда?

Сматай Үмбетбай: Әрине. Мен Еркеғали ағаға «Кертолғауды» кімдерден үйренгенімді айттым. Елде Бабастың ұлы Сармұқан деген кісі бар еді. Мен ол кісіден үйренген кезде жетпістің сегізіне келген кісі. Ол қобызды әкесі Бабастан үйреніпті. Бабас қайдан үйренген? Ол Ықыластың шәкірті екен. Бабастың өзі қобыз, домбыра шабатын, қобызбен қатар домбыра да тартатын адам болыпты. Ағаштан түйін түйетін кісі. Мен сол Бабастың ұрпағы Сармұқаннан қобыз шалуды да, ағаштан түйін түйетін шеберлікті де үйрендім. Одан кейін Сиқымбай деген кісі болды. Ол кісі біздің елге Жамбылдан көшіп барды. Сиқымбай Ықыластың жиені болып шықты. Сықаң скрипка тартады екен. Оның да он саусағынан өнер саулаған кісі. Кәдімгі айнаны қолдан жасайтын шебер екен. Домбыра, қобыз шабады, түрлі жиһаздар жасайды. Соның бәрі маған үлкен сабақ болды. Ауылда жүрген қазақ емеспін бе, сол кісінің қолынан қобызды көргеннен кейін бірден көңілім құлады. Қасынан шықпайтын болдым. Жазғы демалыста да сол кісінің қасында жүремін. Өзі де сыйлы кісі, ел-жұрт қонаққа кеп шақырады. Скрипкамен қазақ әндерін салған кезде сұмдық! Шамам Келгенше скрипканы да үйрендім. Қобыз шалуды Басығараұлы Төбел деген кісіден де үйрендім Төкең домбыраны тартқанда сөйлеп отырады. Казіргі домбырашыларды көріп жүрмін ғой. Төбелдің тартысы бөлек. Ол домбырамен қосылып тыңдаушылары өксітетін. «Жал-ғыз-е-ем, жал-ғыз-е-ем» деп салғанда, домбырамен қосылып тыңдаушылары да өксуші еді. Өзі екі метр адам қолы ұзын. Саусақтары жуан. Ұстаған домбырасы да үлкен. Сол кісі тартып кеп жібергенде, домбыраның мойны балқып кеткендей болатынбыз. Домбыра өксіп-тоқтап, өксіп-тоқтап шерленген кезде, жаны бар адам тыныш тауып отыра алмай кететін. Қазір домбырадан ондай дыбыс шығаратын адам, ой, кемде-кем. Төбел маған домбыра тартуды да үйретті. Қобызды да керемет шалушы еді. Ол да «Кертолғауды» тартады. Сөйтіп, «Кертолғауды» осындай кісілерден үйренгенімді айтып, Еркеғали ағаның алдында орындап бердім. Шалысым ол кісіге ұнады. «Тағы не білесін?» дегенде, елдегі Топай деген кісі жайлы айттым. Ол кісінің көзі көрмейтін еді. «Құдай-ау, көзімді алдың көрмесін деп, жын-шайтан, әзәзілге ермесін деп» деп қобызбен ән салатынын, жыр айтатынын айттым. Жыр айтуды сол кісі үйреткенін айттым.

Жас қазақ: Басқа қандай ұстаздарыңыз болып еді?

Сматай Үмбетбай: Біздің өңірде Ерденбай деген кісі болды. Ол өзі сері адам. Сол кісі маған қара сырнаймен Ықыластың бірнеше күйін тартып берді. «Жезкиікті» тартысы ерекше бөлек. Елді жинап алады. Ұста Кенжебай деген кісі болды. Біздің жақта Мұңлы-Қулы деген үлкен тау бар. Сол тауда қызыл түлкі, кәдімгі Алтайы түлкі қалың болады. Кенжебай ұста бүркіт салады екен. Сері адам, айналасына аңшы-бүркітшілерді жинайды. Қобызын тыңдамаққа адамдар көп келеді. Ол кезде қобыз деген ерекше керемет нәрсе. «Адам сияқты сөйлейтін жарықтықтың даусын-ай» деп жылайды екен тыңдағандар. Қазіргі жұрт жыламақ түгілі, даусын тыңдаудан қашады ғой. Кенжебай ұста аң аулап, Мұңлы-Қулыға барып қос тіктіріп жатады дейді. Мәсіге күміс салып тігетін шебер адам екен. Қыздардың топыдайын теңгемен зерлеп тіккенде, апыр-ай, қарауға көз шыдап тура алмас әсем болып шығатын көрінеді. Бір аяқ киім екі-үш қараға бағаланады екен. Алтыныңды, күмісіңді сутып алып кеп құйып жібереді дейді. Кепсерлерге, басқа да тұтынатын заттарға жезбен жазу жазып береді. Қара темірге Құран сөзін ойып жазғанда, ол қасиетті дүние болып шыға келеді. Міне, осы кісілердің алдын көріп, өнерлеріне қанық болдым. Осы күні сол кісілердің өнері халыққа жетпей жатқанын ойлап, іштей өкінемін, жеткізсем деп армандаймын.

Жас қазақ: Еркеғали Рахмадиев әңгімеңіз бен күйіңізді тыңдап қана қайтарды ма сонда?

Сматай Үмбетбай: Жоға. Еркеғали аға менің әңгімемді де тыңдады, күйлерді де тартқызды, халық композиторлары жайлы да егжей-тегжейлі сұрады. Сосын қасына шақырып, қолымды әрі-бері аударыстырып қарады. «Консерваторияға түсу үшін қол керек деді сосын. Содан Еркеғали ағаның арқасында мен консерваторияға емтихансыз қабылдандым. Онда Болат Сарыбаев дәріс берді. Дәулет Мықтыбаев ол кезде жасы сексенге таяп, елге кетіп қалған екен. Шақыртып алдыртты. Ол кісіден де дәріс алдым. Әкем қайтыс болып, оқуымның шалалау болған жерлері де бар. Дегенмен Дәулет Мықтыбаевтан, Оспан, Төбел, Сармұқан, Ерденбай, Кенжебай, Бұралқы сияқты қобызшылардан үйренгенім маған қосымша дәріс болды. Игілік Омаровтан алған сабағымның орны бөлек. Ол кісінің домбыра тартуы керемет еді, дәл сондай саусақтарын дірілдетіп, домбыраға қосымша үн үстейтін шебер орындаушыны көргенім жоқ. Қазіргі домбырашылар да осал емес қой, бірақ Игіліктің жөні басқа.

Кейін «Қазақконцертте» бәленбай жыл жұмыс істедім. Мағауия Хамзин деген алып домбырашымен бірге жүрдім. Мен ішімдік дегенге жоқ адаммын, сондықтан Махаңдар мені қасына көбірек қосып алатын. Махаңнан көп сабақ алдым. Жүсіпбек Елебеков деген әкеміз болды. Керемет адам. «Әй, күшіктер, арақ ішіп қоймаңдар. Халық күтіп отыр. Ұятқа қалдырмауымыз керек» деп қайрап жүретін. Дәулет Мықтыбаев менің қобыз тарту ерекшелігім туралы «жас күнімде тура сендей тартушы едім» деп баға берді, онысы үшін рахмет. Осы бір ауыз сөзі маған әлі күнге қуат болып келе жатыр. «Жас күнімде жаман тартпаған екенмін ғой» деп ойлаймын осы күні. Мен Дәукеңді ауылға да ертіп бардым. Қобыз тартқызғанымда, ауылдың ақсақалдары ол кісіге ескерту жасады. «Мына күйді қысқартқаның не?» «Мына күйді өзгерткенің не?» деп жатты. Шалдар ескерту айтқан кезде Дәулет үндей алмай қалды.

Ақсақалдар Дәукеңнен «Жалғыз аяқ» күйін ойнауды өтінді. Бірақ Дәукең «Жалғыз аяқты» сәл басқашалау тартты. Шалдар тартқаннан Дәукеңдікі өзгешелеу болып шықты. «Жезкиікте» де осындай дара детальдар болды. Қазір осы күйлердің шалдар үйреткен нұсқасын да, Дәукең тартқан нұсқасын да орындап жүрмін. Тастайын десең, екеуі де саф алтын. Шетелдерге барғанда халық алдына шығып тұрып, екіұдай ойға бөленетін кездерім болады. «Дәукең тартқан нұсқаны орындасам ба екен, әлде ақсақалдар үйреткенді тартсам ба екен?» деп ойланамын. Сиқымбайдың орындауында жаңағы күйлерде тағы да өзгеше детальдар пайда болатын. Қазір ойлап қарасам, олар мейлінше еркін болған адамдар ғой. Даланың академиктері. Қымызды ішіп, даланың сұлулығын аттың үстінде жүріп сіңірген, беттері бөртіп, көздерінде өмір оты ойнап тұрған адамдар ғой олар. Бір күй тартса, біреуінен-біреуі асырып тартқысы келеді. 

Жас қазақ: Жұрт «қобыздың екінің бірі тарта бермейді. Ол адамға қасиет болып қонады» деп жатады. Осы қаншалықты рас? Өз басыңызда да осындай бір оқиға болғанын жұрт аңыз ғып айтады.

Сматай Үмбетбай: Мен қобызға кішкентай кезімнен ғашық болдым. Біздің ауылда ол кездері тоққа қосып тыңдайтын магнитофон болған жоқ, болса да сирек еді. Шүйкен деген қойшының үйінде магнитофон бар еді. Сол кісі қобыздың даусын қойған кезде мен далаға жалаңаяқ шығып кетеді екенмін. Ол кезде ел қыстауға Шуға көшеді. Өйткені, қора деген жоқ, нар қамысты шауып, қоныстанатын жерді сонымен жабады. Қыстан солай шығады. Көктемде қар суымен, жер кеппей Арқаға тездетіп жетуі керек. Мен аттың арқасында өстім. Мана сөз басында айтып өткен қобызшы ақсақалдардың өнегесі де аз болған жоқ. Солардың өнеріне сүйсініп, тамсанып жүріп, ішімде бір нәрсе қайнай берген сияқты. Адамда қобызға деген махаббат пайда болады екен. Сол өрши келе, еркіңді алмай қоймайды екен. Өзінің дегеніне көндіреді екен. Мені сол махаббат алып барып, қобызға теліді. 

Жас қазақ: Ауырып, айығатын кезіңіз сол емес пе?

Сматай Үмбетбай: Менің әкем қой бағатын. Менің қобызға деген махаббатым дертке айналмаса да, алып жығатын дәрежеге жетті. Есіл-дертім – қобыз. Әкеме айтамын, шаруадан қолы тие бермейді. Құлағымнан қобыз сарыны ыңылдап кетпейтін болды. Алты жастағы баламын, ақыры көтере алмадым. Бір жылға жуық ауырып, сабақтан да қалдым. Бір күні әкем елсізде жалғыз келе жатқан адамды көреді. Айналамызда үй жоқ, жалғыз үйлі қойшымыз. Бұл неғылған адам? Әкем жолаушыны үйге алып келді. Денелі, дәу кісі екен. Сақалы беліне түседі. Бетінде үлкен қалы бар. Көзі шарасынан шығып кетердей үлкен. Бойы екі метрге жуық. Тарамыс, таспасы шыққан, кесіп алар майы жоқ, қайратты кісі. Әкем менің жайымды айтты. Жолаушы «әкелші қолыңды» деп қолымды ұстады. Сосын қойнынан мүйіздей болып қатып қалған құмалақтарын шығарып, шашып жіберіп, зер салып үңіле бастады. Аз-кем үнсіздіктен кейін: «Сен өзің дыбыстан ауырып жатырсың ғой, шырағым», - деді. Әкеме: «Балаң қобызға ғашық екен. Қобыз тауып бер мына балаға. Бұл оңай нәрсе емес. Ауру», - деді сосын. «Менің жасым тоқсанға келіп қалды. Жезқазғанға жаяу келе жатырмын. Жолда бір үлкен кісілер бар еді, соларға соқтым. Өзім 35 жыл түрмеде отырдым. Біреудің жазықсыз жапқан жаласымен кетіп едім. Жазығым жоқ еді. Жасым тоқсанға таяғанда өтірік айтып қайтемін. Жамбыл, Байқадам жақтан жаяулап, топырақ жастанып, жылан, құрт- құмырсқа, бақа-шаянмен амандасып келе жатқан бетім. Біз үлкен теңіздің ортасында, құпия бір жерде сақталған адамбыз. Біз құпия бірдеңе шығаратын жерде 35 жыл абақтыда болдық» деп әңгімесін айтты ол кісі. Әкем жүгіріп жүріп қобыз іздеді. Қобыз тартады деген адамдардың бәрінен сұрастырды. Мен кейін Нышан абызды жолықтыруым, Дәулет Мықтыбаевтан дәріс алуым, Ақмола облысының Аманкелді ауданындағы Әбен қобызшыны тыңдауым жайдан-жай емесін сеземін. Жаппас Қаламбаевты көре алмадым, бірақ үнтаспадан күй шертісін тыңдап-ақ тәнті болғанмын.

Жас қазақ: Қобыз тартуды өнер деңгейіне көтерген әулие қобызшы Ықылас Дүкенұлы делінеді. Оған дейін қобызды бақсының құралы деп бағалау басым болған сияқты. Жалпы осы Ықыластың күйшілігі туралы не айта аласыз?

Сматай Үмбетбай: Ықыластың әкесі Дүкен қобызшы болған адам, оның ар жағында Алтынбек те қобызшы. Алтынбек шапқан қобызды өзі де, Дүкен де, кейін Ықылас та тартқан. Бабасұлы Сармұқаннан Ықылас қандай адам еді?» деп сұрағанымда: «Шашы жоқ, қасқабас кісі еді. Қызыл шырайлы, бетінен қаны тамып тұратын. Әдемі кісі еді. Көп сөйлемейтін. Қобызды таңертең және кешкілік қана тартатын. Түсте ол кісінің қобыз тартқанын көрген емеспіз. Өйткені, таңертеңгі дауыс пен кешкі дауыс алысқа кетеді», - деген-ді.

Жас қазақ: Ел ішінде «Ықылас қобыз шалғанда дер інінен шығып тұрып тыңдайды екен» деген аңыз-шыны аралас әңгіме бар. Осы қаншалықты рас?

Сматай Үмбетбай: Бұл ешқандай аңыз емес, болған оқиға. Оны менің әкем өз көзімен көргенін маған әңгімелеп берген. Біздің жақта Араб деген тау бар. Бір күндері сол тауға Ықылас келіпті. Ықаңның қобызын тыңдау үшін таудың етегіне дүйім ел жиналады. Сол заманда 18000 қой біткен Шоман Сәрсембет деген, 19 000 қойы бар Әлі атты әйгілі байлар болған екен, сол кезеңнің демеушілері ғой. Сол азаматтар «Шаршап жүрген халық бір жасап қалсын» деп 150 бие сауып, жүздеген қой сойып, сауын шақыртады. Сонда Ықылас бес күн бойы қобыз шалыпты. Бес күн бойы бір күйі екінші күйіне қосылмаған екен. Өзі шешен, өзі алпамсадай зор дауысты жігіт бес күн бойы Ықаң тартқан күйлердің тарихын жиналған әлеуметке айқайлап айтып отырған көрінеді. Сонда Ықаңның қобызына елтігені соншалық, бір-екі адам кіші дәретін жіберіп қойыпты деседі. Біреуінің аты Бақа екен. Халық жиналған жерде кірпішешеннің ұясы бар көрінеді. Ықылас қобыз шалғанда кірпілер інінен шығып, тұмсықтарын шошайтып тұрып тыңдапты. Қобыз үніне елтіп кеткендері соншалық, Ықаңа қарай жақындай беріпті. Әлден уақыттан кейін қобызды айнала кірпілер қаптап кетіпті. Тіпті жағалай малдас құрғандардың шапандарының етегіне дейін өрмелеп кеткен ғой. Сонда Ықаң «Бұл адамның азғыны ғой, тимеңдер, айыздары қанған соң өздері кетеді» деген екен. Осыған әкем өле-өлгенше таңдай қағып кетті.

Енді өз басымнан өткен бір қызықты айтайын. Мен қобызды үйде ұдайы шалып жүрем. Біраз уақыт бұрын біздің үйдің іргесінен бір тесік пайда болды. Ерен санағам жоқ. Бір күні қобыз шалып біткен соң аулаға шықсам, ит бір нәрсені дөңгелетіп жүр. Жақындап барсам, кәдімгі кірпішешен. Әлгі кірпіні біраз жерге апарып тастаймын, қобыз шалып біткен соң қайта келіп алады. Кейін сол кірпіні ұлым Жасұлан асырады. Міне, қобыздың киесі қайда жатыр!

Жас қазақ: Енді әңгімені бүгінгі қобызшыларға қарай бұрсақ. Бел ортасында жүрмесеңіз де, аңысын аңдып, байқап жүрсіз. Қобыз шалу мәдениеті, қобызшылық мектеп қалай қарай ауып барады?

Сматай Үмбетбай: Мен қазіргі қобызшылардың ішіне шендеп кіре алмаймын. Мені сонау жылдары қылшылдап тұрған шағымда осы қалаға шақыртты. Рақмет! Соңында додаға салды да жіберді. Қандай кісілерден тәлім алғанымды бәрі біледі. Мен мақтанбай-ақ қояйын, бірақ көненің өзін көрмесем де, көзін көрген адаммын. Жастарға берер тәлім-тәрбием әлі де жетерлік. Бірақ осындай бір азаматты бір кезде алдыртып едік, қазір не күйде екен?» деп хал-жайды сұрап жатқан біреуі жоқ. Бәрі өзінің мансабының құлы болып кетті. Білімді азаматтарымыз өздерінің ішкен-жегеніне өздері тәнті болып, өзді-өзін қызықтап кетті. Өнерді, оның ішінде осы қобыз өнеріне көңіл аударып жүрген азаматтар некен-саяқ. Теледидар мен радиодан беріліп жатқан ән-күйлерді жіті бақылап отырамын. Басын жарып, көзін шығарып тартатын орындаушылар көбейді. Қиыс кеткенді қиып түсетін үлкен ақсақалдарымыз бұл жағынан жұмған аузын ашпайды. Сырттан келген ербеңбайларды ұлттық құндылықтардан жоғары қоятын ағым пайда болды. Өнер әлемін талғамсыз ұрпақ жайлап барады. Жылауық әндер шыға бастады. Айтпайын десең, өркен жайып кетіп барады. Ағылшыннан, америкадан біреу келсе, соған жалбақтап жүрген жұрт. Маған бірқатар азаматтар шетелдің музыкасы басылған бірнеше күйтабақты сыйға тартты. Тыңдадым. Қырық құрау бір дүние, бірінен бірі ұрлап жүрген ел. Ішінде қазақ күйлерінің де детальдары жүр. Шетелмен байланыс жасап, екі ортадан қаржы тауып жатқан делдалдардың заманы болып кетті. Ал мен ол шетеліңде талай болғам. Қазақтың қара қобызына талайын табындырғам.

Жас қазақ: Кейінгі кездері сіздің консерваториямен қарым-қатынасыңыз жоқ па? Сізді тәлімгерлікке шақырмады ма?

Сматай Үмбетбай: Басында бір азаматтар бар мүмкіндігімді жастарға беруді мақұл көріп қолдаған. Едәуір еңсем көтеріліп қалып еді. Кейін бәрі хабарсыз кетті. Шамасы, қазақшылықтары басып кеткен болу керек

Жас қазақ: Дегенмен қобыз класында оқитын кейбір жастардың сіздің үйге келіп дәріс алып жүргенін ептеп естіп қаламыз.

Сматай Үмбетбай: Рас, келіп сабақ алатын жастар аз емес. Ептеп қолдарын түзегісі келеді. Ішінде талантты жастар да бар. Бірақ мына үйді он жыл болды, салып бітіре алмай әлекке түсіп жатырмыз. Жеңгелерің - мұғалім, сабақтан келе сала ол да бір жағыма шығысады. Қобыз шалу үшін ең керегі бас бармақ, сол бас бармағымды ағаш жаншып кетіп, біраз уақыт қиналдым да. Балта мен балғадан қол босай қалған кезде жастарға қолымнан келгенше тәлім беремін. Консерваторияның ұстаздарымен де ара-тұра кездесіп тұрам. Әңгімеміз жарасымды, олар менің тәуір қобызшы екенімді айтады, жер-көкке түсірмей мақтайды, ал нақты іске келгенде түк нәтиже жоқ. Әлі күнге дейін еңбегім еленерлік бір атақ алмаппын. 1987 жылы марқұм Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз мені Ықылас атындағы мұражайға шақырды. Сол жерде көп жұмыстар істедік. Өзекең адамның еңбегін керемет бағалайтын тұлға еді, маған атақ алып берем деп жүрген кезде дүниеден өтіп кетті. Шаппай алар бәйгем талайдың тақымында кетті. Ал атақ-даңқты ешқашан сатып алмаймын. Сатып алу маған – ар. «Асылды тот баспайды» дейді қазақ. Дұрыс түсініңіздер, мен өзімді асыл таспын деп тұрғаным жоқ, менің асыл тасым – кешегі қайталанбас қара шалдардан алып қалған ұлы мектеп. Сол даланың академиктері кезінде консерваторияның даңқты профессорларын жөнге салып, қате шалыстарын түзеткенін өз көзіммен көргем. Ал олар Ықыластың өзінен, балаларынан үйренген абыздар. Асылық айтты демеңдер, Қазақстан аумағында сол шалдардың мектебін бойына сіңіріп қалған қобызшы болса, маған аты-жөнін айтыңыздаршы? Мен өзім ары ойлап, бері ойлап таба алмадым. «Қазақстанның осындай жерінде бәлен деген мықты қобызшы бар екен» дегенді естісем, табанымнан тозып сол адамды іздеп тауып, қобызын тыңдайтынмын. Сонау Қарақалпақстанның әйгілі қобызшыларын да көрдім, бір-екеуі үйіме келіп дәм татып кеткен.

Жас қазақ: Соңғы кездері қолынан келгендер ұлттық аспаптарды эстрадаға икемдеп жатыр. Осы үрдіс қасиетті қара қобызға да келді. Заман ағысы десек те, осыған байланысты өзіңіздің түйіп қойған ойыңыз бар шығар?

Сматай Үмбетбай: Біреудікі біреуге таңсық болған заман ғой. Айналып келгенде дәстүрлі өнерге эстраданы жамап-жасқап жатқандардың да ойы бөтен емес. Олар да өз әлінше өнер үшін еңбек етіп жатыр. Ал шындығына келсек, қобыз үні ешқандай өлшемге сыймайды, өзге аспаптарымыз да солай. Қазір бұл турасында пікір айта бастасаң, жамырап шығатындар жетерлік. Бәрін көріп, біліп отырмын. Бұл мәселе жайында аузымен құс тістеген профессор, академиктер айтсын. «Татарканың» бір қуысында үйін салып бітіре алмай жатқан адамның сөзі кімге дәрі? Кім тыңдай қояды? 

Жас қазақ: Қобыз ысқышынан ышқынып шыққан өзіңіздің бірнеше күйлеріңіз бар. Соның ішіндегі айрықшасы - «Желтоқсан» деген күй. Осы күй жөнінде аз-кем айта кетсеңіз.

Сматай Үмбетбай: Ол күйді шығармасқа менің лажым болмады. Мына халықтың ішіне шемен жиналмасын деп тілеңіздер. Онын ақтарылуы өте жаман болады. Халықтың жансарайы кең, үрген жел сияқты кете береді. Үре бересің, кете береді. Бірақ оның да шегі болады ғой, күндердің күні жарыла- ды. Ал ол шемен жарылған кезде оған ешкім ие бола алмайды екен, менің түсінгенім осы. «Желтоқсан» күйінің айтатын тағлымы сонда. Шындықты айтатын ауыз жаман, адам жаман, ал қасиетті қара қобызды не деп жазғырасың?

Жас қазақ: Сіздің орындауыңыздағы күйлер ілгеріде радиодан тәуір беріліп тұратын еді, соңғы кездері мүлде сиреп кетті. Не себепті?

Сматай Үмбетбай: Ол күйлер ертеректе жазылған, жырық-жырық қобызбен тартылған күйлер еді. Міне, қазір елудің жетеуіне келіппін. Кешегі Топай, Басықара, Ерденбай, Сармұқан, Дәулет секілді дәулескер қобызшылардан сабақ алдым. Солардың барлығының қобыз шалуын, қобыз тарихын бір жүйеге келтіріп, бәрін жинақтадым. Сосын осыдан төрт-бес жылдың алдында мен радиодағы азаматтарға: «Күйлерді жаңалайын, қазіргі беріліп жатқан дүниелер ескірді ғой», - деп өтінгем. Бірақ соның сәті түсе қоймады. Біздегі радиолар көбіне тек күйдің өзін ғана жазып алғысы келеді. Күй болады, сосын оның тарихы болады. Таспаға тарихсыз жазылған күйдің сіңімділігі аз. Сондықтан қобызбен тартылатын күйлерді жазған кезде оның шығу тарихын да түртіп алғанның артықтығы болмас деп есептеймін.

Осыдан біраз уақыт бұрын Францияға бардым. Үй салып жатқан адамның қолы қайбір оңып тұрсын, қатып кетеді. Қолқалап қоймады. Бір жағынан ақша да керек болды, сосын осы тобан қолыммен Парижге бардым. Қасымда Саян Ақмолда деген жас жігіт бар. Қолымда аттың жалы, түйенің қомында ала салған қобызым. Ол қобыз қоңыр күйге келеді, тік күйге келмейді. Сол жерде француздар тік күйді тартуымды өтініп қоймады, ал тік күйге Саяндікі келіп-ақ тұр. Ақыры болмаған соң тік күйді тарттым. Тартып болған соң бөлмелерді аралап қарап жүрміз. Әр бөлмеде қолдарында магнитофондары бар бес-алтыдан адам отыр. Ана бөлмеде – түріктер, мынада – француздар, одан кейінгісінде – ауғандар, келесісінде ирандар деген секілді кете береді. Сөйтсем, олар дыбыстық деталь іздеп жүргендер көрінеді. Топшылауымша, қара қобыздың дыбысын таспаға жазып алып, өз елдеріне алып бармақ. Игіліктеріне жаратпақ. Сол күні кеште менде бір дүлей, тылсым күш пайда болды. Бүкіл кешегі қағысын үйренген қасиетті қобызшы шалдар жадымнан кетпей қойды. Кісі баласын жақтырмаймын, жатын бөлмеме келгендердің бәрін қуып шықтым. Содан үш күнге дейін өзіме-өзім келе алмадым. Ертесі үлкен сахнада концерт қойдық. Әйтеуір есімде қалғаны, күй тартып отырып Саян талып қалды. Өзі тәуір қобызшы. Сөйтіп, ысқышынан от шашқан қара қобыздың сарынынан шетелдіктер де бір нәрсе іздейтін көрінеді. Саян екеуміздің неше сарынымызды алғанын білмеймін. Әйтеуір қобыздың қасиетіне Француздар сол жолы айрықша таңдай қақты.

Айтпақшы, біраз уақыт бұрын «Қазақстан» телеарнасындағы Саян жүргізетін «Қазақтың 100 күйі» деген хабарына барып күй тартып бердім.

Жас қазақ: Аға, сіздің қобызшылығыңыздан бөлек, жауырын қарайтын тағы бір үлкен қасиетіңіз бар екенін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, жауырын қарау ата-бабамыздан келе жатқан үлкен киелі дәстүр. Қазір жауырыннан қашып жүрген сияқтысыз. Солай ма?

Сматай Үмбетбай: Рас, менің жауырын қарайтын өнерім бар. Ертеректе, бала күнімде біздің жақта үш нәрсе жоғалды. Бір жолы алты ай бойы жоғалған әйелді таптым. Жауырынға Майқұдық деген жермен қоса, үйдің нөміріне дейін дәл түсті. Менің жауырыншы атым содан шыға бастады. Үйден шығып кеткен жас баланың сүйегі көп уақыт табылмапты, соны таптым. Сосын сонау Қарағанды, Жезқазған, Жамбыл, Алматыдан жоқ іздеп келгендер көбейді. Жауырыншы болған соң дұшпан да көп болады екен. Бір күні біреудің көп кілемі жоғалды. Оны таптым, бірақ әкем: «Балам, осы жауырын бір күні сенің жаныңды жаһаннамға бір-ақ жібереді, жауырынды таста», - деді. Кейін ерлі-зайыптылардың арасындағы бір-біріне деген сенімсіздіктерін жауырыннан қарап беруін өтінетін ұсақ-түйек нәрселер көбейіп кетті. Киім-бұйымы жоғалған жұрт есіктің алдын босатпайды. Ақшасын тықпалап неше байлар келеді. Сосын сол жауырыннан бойымды аулақ ұстай бастадым. Ең соңғы рет Рақымжан Қошқарбаев келіп жауырын қаратты. Өзі ауырыңқырап жүр еді, сол ауруын жауырыннан қарауын қатты өтінді. Үлкен батырымыз. Жауырынға шыққан шындықты айттым, екі-ақ жылдық ғұмыры қалған екен. Ол кісіге ауырлау айтып та қойған секілдімін. Бірақ жауырынның о бастағы серті сол – шығып тұрған ақиқатты ашып айтпасаң, өзіңе ауыр болады. «Көбейтуге болмай ма?» деді Рақаң. «Ғұмырды ұзарту мүмкін болса, жауырынға түсер еді ғой» дедім. «Егер аман қалып, Алла Тағала күш-қуат беріп, қайта тыңайсам, мен сені...» деп тоқтап қалды. Өкінішке қарай, екі жылдан кейін батыр дүниеден өтіп кетті. Жатқан жері жарық болсын, марқұм мені керемет жақсы көруші еді.

Сондай қатты қысылған кезде жол тауып беретін менің жауырын деген нәрсем болды. Жауырын арқылы буылып-түйіліп қалған арқамды ыдыратып жіберетін қасиетті қобызым болды. Кейін жаным үшін жауырынды қойдым.

Жас қазақ: Енді қобыз өнерінің келешегі қалай болады деп болжайсыз?

Сматай Үмбетбай: Қобыз шалатындар жоқ емес, бірақ бәрі бірдей керемет таланттар деп айта алмаймын. Рас, жақсы қобызшылардың да, шалысы бөлек дарындардың да қатары үзілмейді. Бірақ дарынсыздық та қалмайды. Шын таланттарды бүркемелеп, батыстық даңғазаға елігушілер қатары күн санап өсіп барады. Сондықтан қасиетті қобыз сол қос өркениеттің ортасында қысылып, демігіп қала ма деген қорқыныш басым екенін тағы жасыра алмаймын.

Жас қазақ: Ауыл жаққа барып турасыз ба? Қазір ауылда кешегі өткен қобызшы шалдардың сарқыншақтары бар шығар?

Сматай Үмбетбай: Ауыл жаққа соңғы жылдары көп барып жүргенім жоқ. Қазір ауылда кешегі қобызшылардан ештеңе де қалған жоқ. Маған қобыз үйреткен ақсақалдар ол кезде 80-ге таяп қалған, мен мүлде бала болатынмын. Абыздардың қыр соңынан қалмай жүріп үйрендім. Менің алдымда сол шалдардан үйренген Оспан деген азамат болған. Бірақ соншалықты қобыз өнерінің ішіне шенеп кіріп кете алмады. Ал қобызға бүтін болмысыңмен берілмесең, кейін бәрібір ұшып кетеді. Тырнақтың ұшымен іліккен нәрсе бәрібір кетіп қалады екен. Жүрекке нығыздалып тұрып сіңген сарын ешқашан жоғалмайды. Мен түн жарымда шырт ұйқыдан ояна кетіп қобыз тартқым келеді. Түн ішінде қобыз тартқан адамды көрдіңдер ме? Ал мен тартам. Бала-шағам үйренген, ал көрші-қолаң бұдан шошиды.

Жас қазақ: Қайбір жылы сізге сәлем бере келгенде үй салып жатыр едіңіз, ара-балтаңыз әлі қолыңыздан түспепті.

Сматай Үмбетбай: Бұл үйді айналып-толғанғалы оншақты жылдың жүзі болды. Бекболат билікке өнер арқылы келген оғландардың бірі ғой, сол азаматтан аз-кем көмек сұрағам. Қол ұшын берді. Сөйтіп, аннан-мұннан құрап, қиюын келтіріп жатқан жағдай. Арасында шаршағанда қобызды бебеулетіп-бебеулетіп аламын. Содан кейін қу тіршілік қайта жалғасады. Бұл дүние кеуде тұсың тыншығанда барып бір-ақ тоқтайды екен.

Сұқбаттасқан: Жанарбек ӘШІМЖАН, Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

Бөлісу:

Көп оқылғандар