Ерлан Аманқожаұлы. Ақынның ақырғы күні

Бөлісу:

11.11.2024 1575

Таңжарық Жолдыұлының рухына арналған шағын лирикалық баллада

                  I

Шақпы жайлау,

Ақ шағала,

Бақ тұғыр,

Бақ тұғырда арқа-жарқа шат ғұмыр.

Алақайлап таң боп атқан ақынын,

Көкжиекке нұр балқытып жатты іңір.

 

Адыр-адыр белестері нарқы гүл,

Айдатқалы асыл ұлын даңқы-дүр.

Зіл табандап сырғып өтті әреңге,

Әр сағаты тастай ауыр алты жыл.

 

Жайсаңдардың көкірегін оқ тесіп,

Жанын байлап, жауыздықпен беттесіп.

Бұл жалғанның тозағына тірідей,

Түсіп көрді жалаңаяқ от кешіп.

 

Шүкір айттық,

Қалды артында ол күндер,

Қарсы алдында таныс өлке торғын бел.

Торғын белге аунап өскен тарпаңның,

Ал ағайын, қақ төріңнен орнын бер.

 

Тайға мініп, қой қайырған "құр-ай"-лап,

Анау таста балалығы жүр ойнап.

Көкейінен шығармаған бір сәтке,

Қарт самырсын қайыстың ба мұны ойлап?…

 

Қарауытты қапы қалған жігіт шақ,

Ала қашқан шу асауға құрық сап.

Қаражартас жасырынған сондағы,

Үнсіз мүлгіп мелшиеді… ұмытшақ…

 

Шақпы-өзен айылын бір жимаған,

Тентек сарын көкірегіне құйған ән.

Сол сарыннан шабыт алып өзі де,

Асау болды арнасына сыймаған.

       II

— Ау, ЫрЫмбек,

Дос-Қырғи,

Тағдыр бізді қиын сәтте қосты ылғи.

Аттарды ертте, қырға шығып қайтайық,

Сыбызғыңнан аңқып ұшып қошқыл күй.

 

Қошқыл күйден тарқар ма екен дерт ескі,

Қайғы жеңді,

Жалын сөнді,

Өрт өшті.

Көтеріліп қалар ма екен еңсем бір,

Тауға шығып қара атандай өркешті.

 

Екпін қайда кеудесімен жарды ұрған,

Ерліктің де десі қайтты тағдырдан.

Қара бұлт құйып өтер түрі бар,

Жұр, қанеки, нәр алайық жаңбырдан.

 

Қақыра күн,

Қақ төбемнен құй жаңбыр,

Қасіретімді жуғаныңа иландыр.

Аспан ана жаусын бүгін маған да,

Сенің алып құшағыңа сиған нұр.

 

Ойна жасын,

Өрте аямай күлгін от,

Аптамасаң айықпай тұр бұл жүрек.

Қанды іріңге қанжар болып қадалшы,

Беріш болып қатқан шерді тілгілеп.

        III 

Шақпы жайлау…

Тікен болып мақта түн,

Аманаттап жалғыз ұлдың хаққа атын.

А, құдайлап, арпалысып ажалмен,

Күйіп-жанып жанталасып жатты ақын.

 

Жатты өртеніп,

Түсер емес қызуы,

Мұңлы Бәти,

Үркердей боп қыз-ұлы.

Көк долы жыр көмейіне кептеліп,

Бұлбұл ұшып бұл жалғанның қызығы.

 

Елес кезіп көз алдында буалдыр,

Қарауытты қос жанары суалғыр.

Жолды әкесі болып кірді есіктен,

Көкжиектен ағып түскен қуаң нұр.

 

"Жұр қайтайық, орныңнан тұр, балам,

Енді саған тұрақ болмас бұл ғалам.

Қиналдың ғой, қасымызда бол енді,

Сарғайып жүр жолға қарап күнде анаң!"

 

— Әке! — деді.

Жоқ па басқа әңгімең?

Кетемін ғой,

Кетпейтіндей қалды нем.

……            ……           …

Рауандап келе жатты көкжиек,

Тостағанын қолына алып қан күрең.

                 IV 

(Қызуы көтерілген ақын сандырақтай бастайды.)

О, Ер Мақсұт, Ер Мақсұт,

Бұлт болған айды аштың,

Мұнар болған күнді аштың.

Жаралып жайдың отынан.

Адалда  жаның қор болды-ау,

Арамзалардың сотынан.

Егеулі найза секілді,

Екіде тумас ер едің.

Келсе де дұспан бекімді,

Бет қаратпайтын беренім.

Сайланып келген жауыңа,

"Қайтыңдар, мұнда не бар!"— деп,

Маңайлатпадың тауыңа,

"Керекте болсам, мені ал!"— деп.

Сауылығын ойлап жұртыңның,

Жолына құрбан болған ер.

Шарапатымен рухыңның,

Бүлінбей қалды ордалы ел.

Дауылды күні пана-дүр,

Аптапта болдың саясы.

Аңсайды сені кәрі адыр,

Панасыз елді аяшы.

Торғай көз сауыт сетілді,

Қалмады биі алқаның.

Семсердің жүзі кетілді,

Қырық бөлінді қалқаның.

Ұлы жоқ мынау Ұлы елің,

Қайранға салды кемесін.

Басы мен алып жүрегін,

Қалдырды қалған денесін.

Сындырып болат белімді,

Маңайымда жүр мың керең.

Артыңда қалған еліңді,

Аманаттаймын кімге мен?

                V 

Ақынның ауыр хәліне қарап бүгінгі,

Бәтидің жаны қу жапырақтай үгілді.

Не істерін білмей, жаулығын алып қолына,

Бақсы атасының үйіне қарай жүгірді.

 

Іргедегі ауыл сезіліп ұзақ жер түбі,

Әзерге жетті бүйірін соғып ентігі.

Қызыл көз бақсы тұрмаған әлі орнынан,

Қамданып жатқан сиыр сауғалы кемпірі.

 

— Апатай! — деді,

— Тәкеңнің жәйі мүшкіл тым,

Бақсы атам қайда?

Дем салып берсін,

Үшкірсін.

Кешеден бері қайтатын емес қызуы,

Ем болатындай бір амал тауып іс қылсын.

 

Өкпесін салып, шарпылып бетке от демі,

Көрініп-ақ тұр шарасыз таңнан жеткені.

— Әй, шырағым-ай, сабыр ет! қазір, қазір!— деп,

Ақжүрек кемпір үйіне қарай беттеді.

 

Қызыл көз бақсы басылған жын мен ермегі,

Еріне шығып, бірге баруға көнбеді.

— Басады дереу қызуы қайтпай тұрса егер,

Бір кесе суға кепіреш езіп бер!— деді.

 

Жалғыз үміті айтып тұрған соң салмақтап,

Ойына тоқып, шипасын дерттің дәл жаттап.

Бақсы атасына жаудырып шексіз алғысын,

Ұша жөнелді үйіне қарай қалбақтап.

          VI 

Құйылған сусын нешеме,

Несібе бөлген мың түрлі.

Шытыра керсен кеседе,

Мөлдіреп тұнық су тұрды.

 

Шыт жасап шаршы жаулықтан,

Жанардан мөлдір шық тамып.

Тозығы жеткен сандықтан,

Тарыдай дәрі шықты алып.

 

"Ем бол!"— деп іштей армандап,

Дәріге артып құрметі.

Кесеге бірден салғанда-ақ,

Шытнай қалды су беті.

 

Көңілін күдік мұң қамап,

Қуақы тартып гүл өңі.

Бұзылған суға бір қарап,

Сұу ете қалды жүрегі.

 

Тәуекел еніп ақылға,

Болар деп сеніп осы ем.

Қиналып жатқан ақынға,

Ұстата берді кесені.

VII

Бәтимен бақұлдасу

 

О, Бати,

Өмір жұмбақ,

Өлім тылсым,

Тоқтайын,

Толқып жатқан көлім тынсын.

Күнім батып барады, бірақ менің,

Таңым болып арайлап елім тұрсын.

 

Жел айдап дала кезген сен бір қаңбақ,

Жарылған ортасынан ел бір жаңғақ.

Екеуміз бір жаңғақтың дәнегіміз,

Өртенген ортасында шердің лаулап.

 

Қатал тағдыр арнасын қанша бұзды,

Өмірдің өзенімен қарсы ағызды.

Кері кеткен заманның әлегі ғой,

Отына өкінштің салса бізді.

 

Тұрағым мәңгілікке Шақпы басы,

Шақпы да қалды жырдың саб мүрасы.

Сенің де көкірегіңнен сағынштың,

Шақпы болып сан тарам ақты жасы.

 

Қос гүлім,

Жалғыз ұлым,

Жан бауырым…

Қош, артта туып-өскен

Қалды ауылым.

Қарсы өскен қарағайдың бұтағы едым,

Қарсы алған дәуірінің сан дауылын.

 

Тапсырам сені қалай жатқа қалқам,

Кеш мені,

Кіна болды таққан алқам.

Мен болып оралады енді еліме,

Басынан Күнесімнің атқан әр таң.

VIII

Ырымбекті шақырыңдар,

Бар еді өтіншім!

Тартсын бір сыбызғысын,

Күй болып ұшар ма екен

Өзектен өкіншім.

IХ 

Ырымбек,

Қырғи-ерім,

Өмірдің бірге көрдік ылди өрін.

Сыбызғыңды қолыңа ал,

Боздат, боздат…

Күй емес, күй дегенің…

Шын күй өлім!

 

Сыбызғы-бозторғайым,

Бозынгенім…

Жоқ сенің самал ескен сөзіңде мін.

Сен ғана сезінесің жүрегімнің,

Жұртым деп езілгенін.

 

Қондырда көмейіңе ұшыр көкке,

Сыбызғы білесің бе заман керек,

Тереңнен екеумізді түсінбекке.

 

Тоқтама мәрт сыбызғы…

Серы Қырғи…

Алдымнан туар әлі аппақ айым,

Жаназамды сен оқы…

Кебінім-күй,

Оранып мәңгілікке аттанайын!!

Бөлісу:

Көп оқылғандар