«Менің бақытым алған атақтарым мен марапаттарымда емес...»

Бөлісу:

«Менің бақытым алған атақтарым мен марапаттарымда емес...»
14.11.2024 1837

«Егерде маған хан тағын ұсынған болса, мен оған ешқашан ұстаздық жолымды айырбастамас едім». (Қанипа Бітібаева)

                                                                                                                                                                                                           

Адамзаттың тарихы деген тұлғаның тарихы емес пе? Расымен де, тұлғасыз мемлекеттің мазмұны мен келешегін анықтау қиын. Біз «Әдебиет» порталы «ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР» айдарымен бүгінде ел есінен ептеп көмескеленіп бара жатқан, бірегей тұлғалар есімін оқырман жадысында қайыра жаңғыртуды мақсат етіп отырмыз. Бүгінгі  сөз етпек кейіпкеріміз КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері (1990), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева жайлы. Біз ұлы ұстаздың «Егіз өрім» (Педагогикалық эсселер) деген 2013 жылы көзі тірісінде жарық көрген еңбектің алғашқы беттеріндегі өз өмірбаяны жайында толғаған көлемді  жазбасын оқырманға  барынша ықшамдап ұсынып отырмыз. Айтпақшы, порталымыздың алдағы сандарында Қанипа Бітібаеваның алдын көрген төл  шәкірттерінің сұхбаты мен ақжарма естеліктері, сондай-ақ арнау өлеңдерін де жекелей жариялайтынымыз  жайлы  қаперлеріңізге сала кетсек дейміз.

“Әдебиет порталы”

***

45 жыл... Бес жылсыз жарты ғасыр... Сәби кезімнен армандаған ұстаздық, Бақытым, Бағым, Шыққан биігім, Асқан асуым болды. Жаратқан ием мөлшерлеп қана беретін «қамшының сабындай» ғұмырым халық баласының ортасында өтіпті, бала әлемінде өтіпті. Бұл әлем менің атымды аңызға айналдырды, әсіресе пенделік тағдырымның жоғын білдіртпеді, сәбилер періштесі қос қанатына мінгізіп, педагогика көкжиегіне еркін шарықтатты. Бұл мамандық маған асқақтық пен өрлікті ірілік пен ізгілікті, имандылықты, қайсарлық пен өткірлікті, қажыр мен жігерді, кесектік пен кішілікті сыйлады. Өткір ой да, отты сезім де, ұлпа қиял да өзім оқытып жүрген асыл сөз өнерінің жемісі.

Таңымды да «мектеп» деп, түнімді де «мектеп» деп жүргенімде 45 жылдың қалай өткенін білмей де қалдым... 45 минуттан 45 минутқа жалғасып жатқан ғұмыр кешіппін. Осы 45 минуттарда өмірімнің ең сәулелі, ең бақытты сәттері жатыр. Осы 45 минуттарда иірімі мен ирелеңі, етегі мен шыңы, жайлауы мен шөлі қатар келіп жататын маңдайға жазылған тағдырым да жатыр екен. Мен ұстаз тағдыр, ұстаз ғұмырда: «Қолыңнан келсе, кеудеңде шырақ жандыр» деген Ахмет Иассауи нақылын ұстаным етемін.

Мен осы 45 минуттарда шәкірттеріме халқымның асыл сөз мұралары туралы сыр шерттім. Ертегілер болып оларды қиял-ғажайып оқиғалармен қауыштырдым, жұлдыздармен сырластырып, ай нұрына шомылдырдым. Көшпенді ата-бабамыздың жүйрік те, ұшқыр қиялы, пәк сезімі, адалдық, әділдік, ізгілік деп соққан жүректерінің лүпілін ести, сезе білуге талаптандым. Күн астындағы Күнікеймен достастырдым. Ұшқыш кілемдерге отырғызып, аспан әлемін шарықтаттым. Алпамыс, Қобыланды болып, жауларды жеңіп, халыққа азаттық, теңдік әперуді үлгі еттім, Қыз Жібек пен Баян болып, сұлулық, махаббат әлемімен қауыштырдым. Қазыбек, Әйтеке, Төле билер болып, шешендік пен көсемдікке, даладай шетсіз, шексіз терең ойға жетеледім. Даланың даналарын «тірілтіп», оларды жас ұрпақпен қауыштыруға еңбектендім. Асан болып, халқыма «Жерұйық» іздеп, қайғырып, Махамбет болып, «Ереуіл атқа ер салып», оның азаттық жырларының «Қызғыш құсына» айналдым.

Осы 45 минутта Шоқан болып халқымды әлемге таныттым, бұратана халықтардың да аса дарынды екеніне көздерін жеткіздім, Европаны бағындырдым. Сан салалы ғылым сырларына үңілдім.

Осы 45 минутта Ыбырай болып, «Дала қоңырауын» соқтым. «Кел, балалар, оқылық» деп, жар салдым. Ұлы Ұстазға айналдым.

Осы 45 минутта хакім Абай болып, «Қалың елім, қазағымның» қамын жедім, туған далама Ренессанс дәуірін әкелдім.

Осы 45 минутта дана Мұхтар болып, Абайды жетелеп, әлемді шарлап кеттім «Сіз, Абайды оқыған жоқсыз ба?» деп, әлем қаламгерлерін

таңдандырдым. Жұбан болып «Мен қазақпын» дедім. Ұлықбек болып, «Заман-ай» деп зарладым. Айта берсем, көп уақыт кетер, тұжырымдап қана аяқтайын. Осы 45 жылда мен халқымның қазір өмірде жоқ асыл сөз иелерін тірілтуге, тірісін ұлықтауға тер төктім.

Әдебиет жан дүниені, он екі мүшені, алпыс екі тамырды түгелдей жайлап, еш уақытта да көзге көрінбейтін сезім қылдары арқылы ақыл иесі адамды өз ырқына жетелеп алатын қасиетті дүние. Оны оқытудың қызықтығы да, күрделілігі де осында жатса керек. Бірер ғана мысал келтіре кетейін. Мен оны оқытудың технологиясына тоқталмай-ақ қояйын. Оны мен 40 кітабымда жазып тастағанмын. Міне, М.Әуезовтің «Абай жолындағы» Абай бейнесін оқып жатырмыз. Эпопеяда Абай қазасын жазушы былай жеткізеді: «Абай қаза тапты. Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай, игілік өмір үзілді, алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті». Иә, өмірден Абай кетті. Сол кездегі менің күйімді өзге түгіл оқушыларым да сезе алмайды. Мен Абаймен бірге өзімді өмірден кеткендей сезімде боламын. Көзімнен жас домалап, қара жамылып қаламын. Міне, 45 жыл солай...

Сәкенді өлім жазасына кескен әскери сот коллегиясының үкімін оқып тұрып, онымен бірге 25 ақпанның сағат төрт, бестерінде атылып кете барамын. Басым қайда қалды білмеймін...

Мұхтар болып, 27-маусымда Кунцево ауруханасында алты сағат наркозда жатып, отадан қайтыс боламын. Менің осы күйімді әдебиетші ұстаздар ғана түсінер.... 

Әдебиеттің әр сабағы сезіміңді өртеп, жүрегіңді кескілеп, әр түрлі сезім гаммаларына орантады. Кейіпкерлер басынан өткен, сенің де басыңнан етеді. Оның әр сабағы қысқаша айтқанда жүрегің арқылы өтеді. Оның бәрін айтып жеткізе алмаймын...

Таңымды «мектеп» деп, түнімді «мектеп» деп жүріп өткізген 45 жылдың қалай өткенін білмей де қалдым... 45 минуттан 45 минутқа жалғасып жатқан ғұмыр кешіппін. Сол 45 минуттарда жарқылдаған, жайнаған ару жастығым, арғымақтай арқыраған, тау суындай сарқыраған, тау бұлағындай мөлдір, аққу көзінен айна айдынға тамшылаған ұлпа сезімім жатыр. Осы 45 минуттардың иірімі мен ирелеңі, етегі мен шыңы, жайлауы мен шөлі қатар келген, маңдайға жазылған тағдырым да жатыр. Ең бастысы, сол 45 минуттар мені «Дәуір ұстазы», «Ұлт ұстазы», «Ұстаздықтың падишасы», «Қазақтың Қанипасы» сияқты атақтарға бөледі. 45 минут қолтығымнан демеген, рухы көкке алып ұшқан менің ақ періштем де болды.

45 минут мені дәулет, байлық биігіне көтермесе де, рухани байлық сыйлады, есімімді елге аңыз етіп таратты.

Өткенімді шолсам, бір пенденің пешенесіне артып жығылатын еңбек етіппін.

Мен тәжірибе мен ғылымды қос өрімдей қоса ұстап келемін. Әдебиетті оқыту әдістемесі ғылымына қосқан үлесімді ғана сөз етейін. Ауыз әдебиетінен бүгінгі әдебиетке дейінгі оқу бағдарламасы мен оқу құралдарын, оқыту технологияларын жаздым. 40 кітап 150 оқу-әдістемелік мақалаға қалам сызыппын. Әдебиетті тереңдетіп оқытудың авторлық сыныптарын аштым, бағдарламасын, оқу құралдарын жаздым, Республикалық атаулы мектеп ашып, ұлан-ғайыр еңбек еттім. Айналама дарынды ұстаздарды шоғырландырдым. Оны Республикалық ғылыми-әдістемелік атаулы зертхана айналдырдым. Бәрін ақысыз-пұлсыз атқардым.

Жоғарғы оқу орындарының оқытушы-студенттеріне арнап «Әдебиетті оқыту әдістемесі мен технологиясы» атты 3 оқулық жаздым. Қазіргі зертханада 5-11 сыныптарға арналған қазақ тілі мен әдебиетінің әр сабағын қамтитын көрнекіліктер мен дидактикалық материалдар бар, саны 8 мыңдай. Әдебиетті тереңдетіп оқытудың проблемасымен айналыстым. Оқулықтар, оқу бағдарламаларын, оқыту технологиясын жаздым. Әдебиет алыптары Абай мен Мұхтардың адамзат баласына қалдырған мәңгі асыл мұраларын тереңдетіп оқыту жолдарынан іздендім. Оларды оқыту туралы Республикада тұңғыш оқу құралдарын, кітаптар жаздым. Бұрын оқу бағдарламаларында кірмей жүрген хас таланттарды қазіргі кезең әдебиетінің бір топ өкілдерін арнайы зерттеп, оқулық әрі әдістемелік бағдарлама жаздым.

7 сыныпқа арналған оқулық авторларының бірімін. 12 жылдық білім беру ісіне де ат салысып, 12 бағдарлама жаздым (басқа да авторлармен бірге). Қазақ әдебиетін әлемдік әдебиет пен мәдениеттің бір бөлшегі ретінде оқытудың да алғашқы дәнін септім. Қазіргі кезең әдебиетіндегі ірі тұлғаларды оқытудың бағдарламасын, әдістемесін жаздым. Сондай-ақ оқушыларды ғылыми ізденіске жетелейтін «Ғылым әліппесі» атты оқулық-дәптер де бұрын қолға алынбаған тың еңбектер қатарында.

Мен еңбек етіп жүрген Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 94 жылдық тарихы бар, облысымызды былай қойып еліміздегі тарихи оқу орнының бірі. Ең бастысы, көп ұлтты Өскеменде ол Одақ тарағанға дейінгі қазақ тілінде білім беріп келе жатқан бір ғана оқу орны болды. Соңғы 10 жылда 3 халықаралық республикалық семинар, 10 халықаралық, республикалық пән олимпиадалары етті. Облыс, республика, халықаралық дәрежедегі авторлық дәрістерім де осы алтын ордамда өтеді. Бұйрықпен бекімесе де, ол республикада тәжірибе алмасу ордасы болып отыр. Кезінде Мәскеулік, шетелдік журналистер де бізден шықпайтын. Енді зертхана Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясының мүшелігіне кірмекші. Ic тәжірибемді шетелдік қандастарыммен, әріптестеріммен бөліспекшімін. Менің бақытым алған атақтарым, марапаттарымда емес. 

Мен өз тарапымнан өз жерімде мерейтой өткізіп көргем жоқ. Қолы бір нәрсеге жетсе тапырақтап, кеудесін соғып, төрге ұмтылып, пендешілік жасайтындар қатарында да жоқпын. Тіпті тойларда маған алдыңғы кезекте сөз беріп жатса, ентелемей, өзімнен үлкендерге, не азаматтарға жолымды ұсынып жатамын. Одан кішірейіп, атақ-даңқым ортайып қалған жоқ. Мүмкін менің мамандығым да қарапайымдылық қасиеттерді сыйлаған шығар. Балаға кеуде көтеру, менменсу, тіпті сенің марапат, атақтарың не керек?!

45 жылдық еңбегімнің әр жылын мен өрлеу жылы деп бағалар едім... «Ұстаздықтың 45 жылдық өрлеуін» бастан кештім. Жаратқан ием, осындай Өрлеу Бақытын сыйлады. Ал менің Бақытым — шәкірттерім. Адамзаттың өз ұрпағына білім мен тәрбие беру ісінде есімі алтын әріппен мәңгілікке қалған Ұлы Ұстаздары аз болмаған ғой. Сократтың әр сөзін, әр ісін тарихқа алтын әріппен жазып кеткен шәкірті Платонның өзі ұстаз болды. Аристотель, Әл Фарабилар бүкіл адамзатқа тән ұлы тәлімгер, ұлы ұстаздар ғой. Ұстаздық жолында Әл Фараби байлықтан, Ұлықбек хандықтан бас тартқан екен. Аспан әлемін зерттеп, айналасына шәкірттер жинай білген, оның есімі астрономия ғылымында ұлылардың ұлысының қатарында тұр. Өкінішке орай, ғылымға, оқу-білімге жат, дінді де бұрмалап, өз мақсаттарына пайдаланғандар ұлы ғалымды өз ұлына өлтірткен болатын. Орыстың тамаша педагогтары, гуманистері К.Д.Ушинский, Сухомлинскийлердің еңбектері ХХІ ғасыр ұстаздарына да жат емес, одан кейін де өмірлері жалғаса бермек...

Өз басым, Ұстаздықтың төрінде туған халқым, оның даналары тұр деп айтар едім.

Халқымыздың ұлттық педагогикасын жан-жақты зерделеп, жүйелеу, білім ошақтарында, яғни, отбасынан бастап, жоғарғы оқу орындарына дейін пайдаланудың кешенді ғылыми-әдістемелік бағдаршамын жасау да кезек тосуда. Әрине, мүлде құр алақан емеспіз, ізденімпаз ұстаздар, тәрбиешілер жағынан әдістемелік құралдар баршылық. Еске түсірейікші, Кеңес дәуіріндегі коммунистік тәрбиенің кешенді бағдарламасы оқу орындарында ұзақ жылдар тәрбиенің бағыт-бағдары болды. Мен мүмкін артық пікір жазып отырған шығармын, ұлттық педагогикамызға да осындай бағдарлама керек сияқты. Үзіп-жұлып, жүйесіз істеліп жатқан іс-шаралар жоқ емес, бар.

«Әркім өзі талпынбақ,

Басына бітер бағы үшін» деп, Ақтамберді жырау айтқандай, осы жолдағы талпыну, ізденушілік «өз бағы» үшін ғана емес, ұрпақтың да дұрыс өніп, өркендеуі үшін керек «бақ» екенін саралап жатудың керегі жоқ сияқты.

Айта берсек, бізде білім мен тәрбие айналасында әлі де шешімін таппай тұрған мәселе көп-ақ.

45 жыл үзбей бала оқытқан мен осы сөзді қайталап айта бергім келеді. Егер менің ұстаздық жолым сәтті басталып, жемісті жалғасын тапса, халқымның, ұлтымның өз ұрпағына тәрбие мен білім берудегі озық тәжірибесіне, тәлім-үлгісіне қарыздармын деп айта аламын. Оның үстіне, менің сабақ беріп жүрген пәндерімнің өзі менің нағыз ұстазым болды. Міне, мен Махамбет Өтемісұлын оқытып жатырмын. Оның шығармашылығы ерлікке, асқақ арманға, ең бастысы, өз халқыңды сүюге, оның бақыты, азаттығы үшін күресе білуге, оптимизмге баулиды. Ақынның аса шебер, бейнелі афоризмге негізделген әр дыбысы, әр сөзінен «елім», «халқым» деген отты сезім әуендерін, ғажайып тілін оқушыларымның танып-білуі үшін іздендім, оның тиімді жолдарын, әдістерін іздедім. Сабақтағы ең басты мақсатым да осы болды. «Ілгері ұмтыл, алға бас, бұл — қандай құдіретті сөз» деген екен орыс жазушысы Н.В.Гоголь. Осы сөз ұстаздық еңбегімнің ең негізгі ұстанымы болды. «Әдебиет» араб сөзі - асыл сөз деген мағынаны білдіреді. Мен сонау 1968 жылдан осы «асыл сөзді», халқымның асыл сөзінің әулие өкілдерінің мұрасын шәкірттеріме өз деңгейінде, өз биігінде, оның барлық ұлттық колоритін сақтай отырып жеткізуді өмірлік мақсатыма айналдырдым. Өлілерін тірілтуге, тірілерін ұлықтауға жанталастым. Әдебиетті жаңаша оқытудан іздендім, «қамшының сабындай қысқа» өмірімді осы мақсатқа арнадым. Кедергілер де, қиындықтар да аз кезіккен жоқ.

Шығыс классигі Жалалиддин:

«Жеңе біл қиындықты қайратыңмен,

Күздегі жапырақтай қалтырамай» - деген ғой...

«Күзгі жапырақтай» қалтырап көргем жоқ. Әке дәні, ана сүті, ата-әже тәрбиесімен келген «теуіп тастайтын» мінезім көмекке келді. Бірақ, педагогикаға «теуіп тастайтын» Мінез емес, керісінше, терең білім, еңбекқорлық, іздену, іздену тағы да іздену керек дер едім. Шәкірт жүрегіне жол ашу, яғни асыл сөзге оларды ғашық ете білу, сөз әлеміне жетелеу, кітаппен достастыру, айтуға жеңіл, әрине. «Теуіп тастайтын» мінезімді халық баласына көрсеткем жоқ. Жас кезімде олардың досы болдым. Олар да маған достарындай қарым-қатынас жасады. Күндіз-түні маңымнан шықпады, түннің бір уағына дейін пьеса дайындап, ән шырқап, саяхатқа шығып, «Абай жолын» бірге оқып, жұлдыздармен сырласып, қиялға беріліп, ай нұрына шомылып, ғажайып бір дәурен кештім. Орта жасқа келгенде олардың анасындай болдым. Олар да мені анасындай сыйлап, анасындай аялады. Ақыл-кеңесім, қамқорлығым көбейді.

 Бір баланы «екімен» жазаламадым, біреуіне «екі» деген бағаны қоймадым. Олар да екі алмау үшін еңбектенді. Ал қазір мен олардың әжесімін. Әженің біздің халқымыздағы орны тіпті бөлек қой. 

Балалардың болашағына қатты алаңдаймын. Олардың білімі, алған бағаларына, ағылшын, орыс тілін меңгеру, меңгермеуіне емес, өмірден өз орнын тапса, тағдырдың кездейсоқ ызғырына жолықпаса, қолдарына күрек ұстаса да дұрыс өмір сүрсе, Алла әрқайсына бақыт берсе, жамандыққа жолықтырмаса екен деп тілеймін бұл бағытта еңбектені келемін.

Қазір білім парадигмасы өзгерді. Әлемдік білім беру кеңістігіне ену, әлемдік іс тәжірибеге үңілу мәселесі алда тұр. Осы мақсатта ізденулер жүріп жатыр. Дегенмен, жақсы ұстазды сыртқы бір күш, біреудің іс тәжірибесі шығара алмайды. Жақсы ұстаз болу үшін ол өз пәнін ерекше сүюі керек. Солай болғанда ғана мұғалім өз кәсібінің шыңына шығады деп ойлаймын.

«Пәнді сүю» деген ең алдымен оны терең білу деген сөз. Әсіресе, әдебиет пәні мұғалімінің білімі жан-жақты болуы керек. Оқулық көлеміндегі біліммен қалған мұғалім әдебиетші емес. Өз басым, қай қаламгер болмасын оның тел туындыларын ғана емес, олар туралы зерттеу еңбектерді, басқа да баспа беттеріндегі құжаттарды жақсы білемін. Үнемі іздену, оқу, мәліметтерді жинау, саралау, жүйелеу жұмыстарымен айналысып келемін. Әдебиеттану ғылымын жетік меңгеру де аса маңызды. Сондай-ақ, орыс әдебиеті, әлем әдебиетін де жете білу аса қажет. Өмір бойы қазақ әдебиетін әлем әдебиетінің құрамдас бір бөлігі ретінде оқытып келемін. Кеңес дәуіріндегі партия саясатының кешірілмейтін күнәсі Лениннің өзі айтқандай, «ұлы орыстық шовинизмнің» орын алуында еді. Ұлыларымызды адам еткен сол халық, тіпті Абайды Абай еткен де сол халық дегендей пікірлерден әлі арыла қойған жоқпын. 

Егемендік алдық, бірақ осы шеңбер әлі де тас-талқан болған жоқ. Әдебиеттану ғылымына жаңаша көзқараспен, жаңаша зерттеулер жүргізу кезегі келді-ақ.

45 жылдық ұстаздық тағдырда үнемі іздену, алдан көріну, жақсылықтың басында болуды жаратқан ием маңдайыма жазған екен. Тынымсыз, мыс қазандай қайнаған еңбектің ішінде қайнап, жалындап, жарқылдап, жайнап жүрдім. Қаншама ашық сабақтар бердім, қаншама дәрістер оқыдым, іс тәжірибемді ортаға салып, әріптестеріммен бірге болып, оларға еріп, олар маған еріп жүрген шақтар бақытты шақтар еді. Осы бақыт қазір де менен сырт айналып кеткен жоқ. Білім беру жүйесінде талай-талай жаңалықтар, реформалар, тың ізденістер болып жатты. Олар менен, мен олардан бөлініп қалған жоқпыз. 30-дай республикалық, халықаралық ғылыми-практикалық конференция, симпозиум, семинарлардың пленарлық отырысында келелі-келелі мәселелер айналасында сөз қозғап, тың мәселелерді көтеріп отырдым. Мен өмірі қызу еңбекпен өткен адамды «нағыз Бақытты адам» дер едім. Таңғы сегізден мектепке барып, кеш қарая үйге қайтатын мен, түнгі 2-3 терге дейін мақала, кітаптар жаздым. Шығармашылық демалыс алып көрген жоқ. Қамқорлық, жағдай жасау дегенді ешкімнен талап етпедім.

«Әлемде күннің нұрынан асқан ғажайып ешнәрсе жоқ» дейді даналар. Ал мен оған «ұстаздық нұрынан, шәкірт нұрынан асқан ғажайып нұр жоқ» деймін. Оны 45 жыл нұрға бөленіп нұрлы өмір сүріп жүрген мен айтамын.

Бөлісу:

Көп оқылғандар