Дәулет Тельман. Сизифтік сәт
Бөлісу:
Алтайда қар жауып тұр – рақыман нұрындай –
Дәулет Телманның телі көзі секілді ме!?
...Сизиф аңызы маған таныс... Басқа қисындарды онша білмеймін. Білгім келмейтіні көп... Дәулеттің өлеңдері де бейтаныс еді?! Сол ақын алыстан жандай сәлем берген... Оқи түскенім есімде. Соңына келіп доғарылдым... Аңызды аспаннан ақ күртіктер аунап түскендей ақшаңқан түстер саулай берген... Оралхан Бөкейдің жойқын шағырмақты тосын ағыл мінезіндей: Аршатының аласеңгір мұнарлы қырауын жамылған топтама шуамақтар тап-таза, саф! Қалықтап келіп қарағайдың басына қонған тәңіри жұлдызша шумақтар – өлеңнің өне бойынан көрінеді екен. Мінез, мұң, құйқылжыған құлықты ойлардың маржандай түзімдері түгел өріп жүр. Көп өрілген, көп өртенген, сүлей суғарылған нәштердің бүткілін бүкпесіз үшбулеп үркер ойлы текті оқырманға қарай ұсынғым келді... Сүйінші басы, жоралғы кәдесі – бұ жолғы ақын Дәулеттің Алтай мен Аспанды тел емген өлеңдері. Мен оны түгел талдасам оқырманға дәмсіз болар ма деп ептеп сақсындым. Менің ақын бауырым Арман Шеризат маған: «оқып көріңізші...» деп сәлем жолдағанда-ақ сезгем-ді. Бәсе-е-е деп! Бұл енді тау мен бұлақтан жұқтырған «...жаз көгінде жанып-сөнген жарқылдай...» өңшең мөлдір келісімдер! «...Ақшулан бұлтқа ілесіп адасып...» жүрген ақынға ақшырайлы өлеңдері үшін алғыс! Сизиф аңызы маған енді бейтаныс. Ал, Дәулеттің өлеңімен Алтайды аралап қайтып келе жатырмын!
Дәулет Телманға дұғай сәлем!
11.01. 24 Ұлу
СҰРАҒАН РАХМЕТҰЛЫ
СИЗИФТІК СӘТ
Мың құбылған дүниенің
Жүз кеселі, бір кемі-ай!
Келмесе де күйрегім,
Кеміп жатқан күндер-ай!
Бар еді бір айтарым
Кетпеу үшін арманда-ай!
Шулайды енді ойларым,
Жел шайқаған ормандай
Бармын ба шын мен сенде?
Кеткендеймін бұлт асып
Көк сағымға ерсем де,
Кезікпеді бір қазық
Шешілмеген күрмеуі
Шемен кімнен арылды?
Басқан сайын ілгері,
Іргем сонша тарылды.
Қасқая өскен дауылға
Мен болайын еменің.
Қайран осы қауымға,
Болса титтей керегім...
Көңіл осы не дейін?
Басылмады жоқтауы.
Кезе, кезе берейін,
Кезіккенше Қап тауы.
Келмеп еді күйрегім,
Кеміп бітер күндер-ай!
Мың құбылған дүниенің,
Жүз кеселі, бір кемі-ай!
ҚИМАС
Жауға бермес жалқымдай,
Дауға салсаң жаншып өтер жалпымдай,
Нарға салсаң көтермеген нарқымдай,
Ескілікті сарнай берер салтымдай,
Үзілерде үнем қылып әр демін
Қалжыраған қартымдай;
Дүниенің ерте аңдаған тар, кемін
Суға кетсем тал қарматар “дәрменім”.
Соңғы жұтым сарқындай
Бір қимасым бар менің...
Жаз көгінде жанып-сөнген жарқылдай
Қаңсып жатқан құмға құйған жаңбырдай
Аран бар да тойым жоқ
Өтеді екен бұ тірлік
Ойран басы ойын боп,
Сайран соңы сағыныштан артылмай.
Әлде шаттық, әлде мұң
Оны ойласам неге екі ұдай хәлдемін?
Соңғы жұтым сарқындай,
Бір қимасым бар сонда да, бар менің!
***
Шағымнан сонау ес білген
Тәңірім сен деп танығам.
Емеурін күтпей ешкімнен,
Шалғайдан саған шағынам.
Сағынып түбі бір келем
Санамнан сілкіп сарыуайым.
Алтайдың басын бүркеген,
Бусаңқы бұлттар баурайын...
Сағынды анам елеңдеп,
Ертекке балап ертеңін
Тағдыр деп, мұң деп, өлең деп
Тентіреп жүрген тентегін.
Ал тағдыр нендей мұң артпақ?
Табармын деумен бір емін.
Саяңнан ерте жырақтап,
Саяқсып кеттім, білемін...
Күндерім қанша сарғайды
Бітпейтін егес, дау, қырғын.
Тайқылау біткен маңдайды,
Тасқа да соқтым, тауға ұрдым.
Қарсы сап талай ағынға
Табылмай жүрген дерегі...
Сағыныш па әлде, сағым ба
Сандалтқан сонша не мені?!
Төзімді уақыт түгесіп
Түңілем кейде төмендеп.
Ақшулан бұлтқа ілесіп,
“Адасып кеттім бе екем?” - деп.
Бастым тек өрге құмар боп
Бөгелмей жыра, жықпылға.
Бұл күйімді ұқса ұғар деп
Буырқанып тасқан Бұқтырма!
Отырам сосын, ой батпан
Айналам айқай, шуылдақ.
Есіме түскен бейуақта,
Ескі бір әнді ыңылдап...
***
Тұнық ауа, тыңшы жел, тынған алап,
Қиялымды қай жаққа бұрмаламақ.
Шұғыласын тұс-тұстан жинап алып,
Құбылаға сүңгіді күн домалап.
Бұлт бауырын күйдіріп таңдағы нұр,
Тірлік пен түн арасын жалғады іңір.
Бұлтқа ұмсынып, бұлқынып кеуде ішінде,
Қызыл бауыр ойлардың арманы жүр.
Төбесіне көтеріп момын Айды,
Азан-қазан төңірек жамырайды.
Төл үніне тұншыққан тыныштықта,
тербетіліп отырып қоңырайдым.
Бір күніме жеткізіп бір күнімнен,
Мезгіл мынау, тұмсығы түнге ілінген.
Жұлдыз біткен жұтылып жанарыма,
күмбез көкке шаншылдым кірпігімнен...
Жан бітіріп ойлардың елесіне,
Жарқын сәттің оралар көбі есіме.
Өзеннің сыңғырынан орман мызғып,
Самалдың әлдиінен тау есінеп...
Шырқыратып соңғы рет шыбын жанын,
Тәмәдаған жандар ма ғұмырларын.
Ағып түскен жұлдызды санап әрбір,
Арманымды күбірлеп, ырымдадым.
***
Көктем кештеу келетін, күз - тым ерте
Қазан ұра жауған қар қасаттанып,
Қысқа оранып үлгерді біздің өлке!
Бұйығы жұрт қашаннан өз қамында.
Төркіндеп қайтқан қыздай жылында бір,
Төрсініп жатпайды ұзақ жаз да мұнда
Кеудесінде ыза-кек, сыз бар жандай
Тұлан тұтып, түтігіп, сазармаса
Алтай, Алтай бола ма ызбарланбай?
Жориды ел: «Бір зобалаң басталдыға...»
Өзеуреген тірлікке өңін ашпай,
Өз түсіне бояйды ол аспанды да...
Сол аспанмен тапқан тек жарасымын.
Төзімі сарқылғанда, Тәңірсінген
пендесінен алар кеп бар ашуын...
АҢСАУ
(Ерназ досқа)
Алысты аңсап аққасқам, азынаулым
Қиыр кетсек қазақтың кезіп ауылын.
Топ бастап тойға асығып, тобылғыдан
Жол алды жебе жонып қозыжауырын
Құйғытып күлік мінсем қиырларға
Жиын аңсап қайтейін жиырмамда.
«Жеті Пірім жебеушім жар бол өзің,
Табиғат өзің Тәңір сиынғанға.»
Төре тұсын көсілген түздің жайлап
Қызды ауылдың думаны қыж-қыж қайнап
Қыза сөйлеп отырсақ қымыз аңқып,
Кезіккен әр кермеге тізгін байлап
Қу шанақ қасымаған бір ән қалмай,
Қауым ел қайтармайды құмары қанбай.
«Қайран-айлап» қалатын қарт кеуделер,
Сақалын сағынышқа суарғанда-ай!
Ол заман бастан мәңгі өтті десіп,
Барады өмір бағытсыз көшке ілесіп.
Кеселінен сескеніп көкауыздың,
Кер қоғамға қор болдық боқ күресіп
Күмбір әуен көңілді елеңдетіп
Менен де өтер бұл жастық, сенен де өтіп
Қол аңсатпай киелі қоңырымның
Қос ішегін жүрші сен бебеулетіп
Тым болмаса...
БІРЕУ ЖАЙЛЫ
Мың бояулы ғаламның бір түсі боп
Бұл ғұмырды кешуде ол тұңғыш рет.
Жиі сұрақ қояды өмір одан,
Өзі жайлы көп нәрсе білгісі кеп...
Кеңістік пен уақыттан тыс дерегі
Көп жайтқа сендірді өлең күштеп оны.
Алуан сағым соңынан адаспаса,
Қолынан әжептәуір іс келеді.
Болсын-ақ елден алғыр емес, мейлі
Өзіне аян не іздеп, не көксейді.
Еркіндігін аңсатқан есіл тағдыр,
Көзіне кербұғылар елестейді.
Кие тұнған сөз аңсап кіл астары
Жолда жүр шексіздікке ұласпалы.
Айналасы “ақын” дер, “қияли” дер
Ашынғанда айтары: “Рас бәрі...”
Жат пікірді жолатпай жанына оғаш
Аярлықтың имеді ол заңына бас.
Сенгендері сан мәрте сан соқтырып,
Бармақ тістеп жүргені тағы да рас...!
Тылсымға оның және бар сенетіні
Көнерінен көп сосын көретіні.
Түпсіз ойға тартады түсіне ылғи
Топтанған тобылғы, арша енетіні...
Баурайы жасыл қырат, шалғайы - қар
Арқа сүйер тірегі, Алтайы бар.
Ақ боранның өтінде есейгесін,
Таусылатын жөні жоқ hәм тайынар.
Көз жасын кешіп күнде көп арманның
Ұнайды ой-жұлдызға оранған түн.
Бір ауыз сөз жауабын елге қимай,
Жерге сыймай жүрері содан бәлкім...
Шағы үстем арға иіліп, жарға аттаған
Құмырсқаның да қайғысы ортақ-ты оған.
Беу, ағайын! Түбінде қара да тұр
Тірлігінде у қалмас Ол татпаған.
P.S. Табан төсеп тас пен құз, тау, құмыңа
Ей, дүние бар қызық, бар мұңыңа
Осынау тәуекелді тағдырына
Кезі талай келеді, келеді оның
Асықпай жауап берсін, барлығына...!
Қазан. Жаңбыр.
(экспромт)
Желең бұлттардай жел ырқындағы
Жетім күн көшті шұбап кіл.
Жемір ойларға желінтіп, тағы
терезем алды жылап тұр...
Жұмысына жұрт асыққанындай,
Асыққанымдай Құдайға.
Еркіне жанның уақыт бағынбай
Баянсыз өтті бұл ай да...
Жылыстай көшіп, жасырын бізден
Шаттығын дағы тонатпай.
Беймезгіл шақта шақырусыз кеп,
Құрметсіз қайтқан қонақтай
Баянсыз өтті-ау бұл ай да...
Қараша. Қар.
(экспромт)
Кешегі
Қыркүйек, Қазаннан қалған «күз»
Жарлы бақ, қайтқан құс, солған гүл...
Кірпігім ұшында қалтырар,
қорғансыз
Қараша деміне тоңған нұр
Уақыт – жұлынған күнтізбе парағы.
Сәттер hәм сенімдер құбылған.
Мұң ұрған көңілді жұбатып,
налалы
мезгілдер – жылынған, суынған
Ақша қар!
Жауа түс, тоқтама
Қауқарсыз болар ма Күннің де жылуы
Құмықсын ғаламның шуылы,
тек қана
Ойлардың сыбыры, сезімдер суылы
Естілсін!
***
Таң ата қайтып, кеш – желік буып,
Түн қата жүріп қаңғырған.
Сонау бір жазға естелік қылып
Еркелігімді қалдырғам
Санамның мөлдір, тұнық сәулесін
Сағым ұшына жалғадым.
Күп-күрең күзді – кіріптар ЕСім,
Сағынышыма арнадым.
Шерімді шайқап шектен тыс мына
Шексіздігіме сыймадым.
Өкпеме қимай өктем қысты да,
Өкінішіме сыйладым.
Уақытқа бәрін жеңдірмек пе едім?!
Адасқан жан ем бағы ұдай.
Жолыңа қидым – өндір көктемім,
Үмітім болса тарыдай...
***
Арта салып барлығын өткен күнге
Сағынышқа келеді жеңдіргіміз.
Мезгілі ауса басынан көктемнің де
сүреңсіз екеніне сендірді Күз...
Көкке ынтық көңілімді жабырқатпан
Деуші едім асқақтыққа бөлеп өтем.
Бауырында бұлттарды дамылдатқан
Бірте-бірте шыңдар да шөгеді екен...
Бір шеңберді айналып дөп-дөңгелек
Бәрі де шексіздікке талпынады.
Толқынымен тебініп, көкке ентелеп
Теңіздер де төбесін жарға ұрады
(Сосын... бір күн олар да сарқылады)
Бағыты өзгермейтін жолдар ғана
Кешкізіп тауды, нуды, белес, қырды.
Антынан айнымайды - жолдар ғана
Адастырып көрмеген және ешкімді...
Шексіздікке ұмтылған ой - күнәсіз,
Сарқылмаса, сөнбесе жанда жылу.
Жалғыз ұғым екен ғой, айнымасыз
армандау, сүю, жеру... hәм сағыну
Шындық жайлы айта алар әркім, әр күн
Жалғандық та ақиқат ел сенбеген.
Мен – сүюдің үлгісін қалдырармын,
Осынау өмірге тән, өлшемменен!
Айырылысу
Мұң салмағын сезінген бірінші рет
Есеңгіре ес-ақыл, түңіл жүрек...
“Жалқы сәтке, бір сәтке бұрылшы деп...”
Құлақ аспай шулаған ойларына
Ол кетті...
Мұң салмағын сезінген бірінші рет
Есеңгіре ес-ақыл, түңіл жүрек...
“Жалқы сәтке соңынан, жүгірші деп...”
Құлақ аспай шулаған ойларына
Ол қалды...
***
Аяулы жылдар алыс қап,
Сәттерден сәттер оздырып.
Өзіңді маған табыстап,
Өзіңе мені кез қылып
Ортақ бір мезгіл орнады.
Оранған аппақ жалынға,
Көңілдің келмей толғамы
Томсарып жүрген шағымда.
Шуақ пен шыққа көмілген,
Жайқалтып жасыл желегін.
Алыстан сонда көрінген,
Ақшыл көк түсті әлемім.
Хәліміз бір ғой о бастан
Жалғыздық, ой, мұң, жабығу.
Содан соң бізге жол ашқан:
Сырласу, аңсау...сағыну...
Бұлай боларын білген кім?!
Бір-бірімізге байландық.
Есеңгіреген күндердің,
Есесін солай қайтардық
Қомағай мына ғасырдан
Қорғап қалсам ғой мен сені...
Ілкіде алғаш шашылған,
Ізгілік нұрдың бөлшегі
Балалық элегиясы
Қазан соңы...
Алтай жақ ақ көрпесін жамылғанда
Уақыт таппай бір мезет дамылдарға
Таудың төсін сызғылап бір топ бала,
Із сала бастаушы едік қалың қарға
Дүниенің беймәлім мұңы бізге,
Шаттық нұры ойнайтын жүзімізде.
Шанамызды сүйретіп, қар омбылап,
Таңсәріден кетуші ек қызық іздеп...
Аңсарым ең, алғаусыз бала күннен
Сарсаң ойдан ада кез сана мүлдем
Өн бойыңнан пейіштің исі аңқыған,
Періштедей қыз едің шана мінген.
Мен бұзықтау ұл болып, сен ерке қыз
Талай-талай бақытқа бөленгеміз.
Ойлап тұрсам періштем, сол кезден-ақ
Құлдилауға құмар ек төменге біз
Кездер сонау, кеудеңде сыр бүгулі
Сезім шіркін етпеді кімді мұңлы
Жанымды елжіретіп, көрген сайын
Көтере алмай тұрушы ең кірпігіңді...
Батылым жетпей менің қарауға тік
Қалың қарға алғанмын сан аунатып
Сырттай мұздап, қалтырап, жаурасақ та
Іштей жанып, өртеніп, алауладық...
Қазан соңы... Көңілім қыстығады
Естелікке қаншама іш тұнады
Сол кездегі сен атқан суық қардың,
Денемнен кеткен емес ыстығы әлі...
Көшінде өтіп өмірім күн-керуеннің
Алдыңа кеп қанша рет күрмелгенмін.
«Жақсы көрем» - деп тағы айта алмадым,
Сүйемін деу, сөзі еді үлкендердің.
Жанарыңмен жанарым арбасқанда
Бақ құсындай көруші ем қонбас қолға
Ажарыңа арбалып ай астында,
Ақын болам деп едім, алғаш сонда.
Нелер түтіп санамды, нелер кезді
Әйтеуір бәрі, бәрі менен безді...
Ұйтқысына айналдың сен бір үйдің,
Ақын болып кеттім мен, не өзгерді...
Тағдыр ғой деп, қараймын таңданып құр
Қазан соңы... Алтайға қар жауып тұр...
***
Жасыра алман жанымның таңданысын,
Қарсы тұрар ғаламға бар ма күшім.
Өлең оқып бердім мен жұлдыздарға,
Түн іші...Сені есіме салғаны үшін.
Ауырлатып жүректің мұңданысын,
Қауызында гүлдердің тұнғаны үшін.
Өлең оқып бердім мен, таңғы шыққа,
Дәл өзіңдей мөлдіреп тұрғаны үшін.
Тәтті шақтың білсем де өтпелісін,
Кіршіксіз көңілімнің көктемі үшін.
Өлең оқып бердім мен самалға да,
Өбектеп, өн бойыңнан өпкені үшін.
Көздеріңдей дәл сенің қою, қара,
Өлең оқып бердім мен мойылға да.
Бұла жаның секілді бұлттарға да,
Нәзіктікпен иілген қайыңға да...
Бұлақтарға, құстарға, дала, гүлге,
Қара шашың секілді қара түнге.
Өлең оқып бердім мен, өр еңсесін,
Көкжиектен көтерген жаңа күнге.
Тауларға да, қырларға, алаңға да,
Тастарға да, құмдарға, көгалға да.
Күллі әлемге тыңдаттым өлеңімді,
Оқып бере алмаған, саған ғана...
***
Көңіліме өшпестей салып кірбің
Баянсызын жалғанның тағы ұқтырдың.
Сені ұмытып кеткем жоқ себебі әзір,
Жүрегімнің дүрсілін танып тұрмын
Мың құбылып күніне, мың адасып,
Жүрейікші тағдырды кінәласып
Өмір деген – өткенді аңсау ғана,
Аңсау деген – таңменен түн арасы...
Мейлі мені бұл жалған жалықтырсын
Мейлі бақыт аңсатсын, зарықтырсын
Сені ұмыта салар ем бір-ақ сәтте,
Кеудемді неге үздіксіз қағып тұрсың
***
Еркем!
Есімді жоғалтқанда болып ғашық,
Еліктей ұстатпадың алыс қашып
Қиырлар қала берді бізді күтіп,
Бір күндері келер деп қол ұстасып
Жасын ойнап, көкте күн күркіреді
Жауар күннен жан тағы жыр тіледі.
Малмандай боп екеуміз шомылмаған,
Ақша бұлттың көз жасы сіркіреді
Тек екеуміз деуші едім болсақ бірге
Бір жылынсақ, о сосын тоңсақ бірге
Тілегіме сыймаған тылсым едің,
Жан сырымды айтайын жар сап кімге?
Жасымауға жан екем жаралмаған
Ойлай берсем жарығым, обал маған.
Кірбің берді көңілге көкшіл түндер,
Бүлдіргендей ерніңді өбе алмаған
Жұмақ етіп жаздың бір жасыл бағын
Тәрк етіп дүниенің асылдарын
Қойыныма тығылып қоңыр кеште,
Мойыныма еріксіз асылмадың...
Құс қайтты, қысты айтты жуықтаған
Қырсық атқыр бізді ол да ұмытпаған.
Дем үрлеп суық сорған саусағыңа,
Дірдектеген денеңді жылытпаған...
Өткен күннің сүйрелеп арман, мұңын
Алуан сағым көшеді алдан бүгін.
Жан әлемін қайтеміз аңғал, таза?
Жалған өмір танытты жалғандығын
Өкінішке айналып кешегі арман
Келмес күннің самалы еседі алдан
Көз алдымда жол жатыр шұбатылып,
Көрместей боп сен мені, кете барған...!
Бөлісу: