Би өнерінің биігіндегі «Наз» театры

Бөлісу:

25.11.2024 837

Қазақта би болмаған деген сөздер айтылып қалады.  Шын мәнінде бұл ұлтымызбен бірге жасасып келе жатқан тарихы терең өнер. Халқымыздың өзіндік талғам-талабын, ұстанымын айшықтайтын ерекше дүние. Мұны жуырда елордада өткен  Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театрының ширек ғасырлық мерейтойы барлық қырынан дәлелдеді. 

 ҚР Ұлттық музейіндегі «25 жылдық белес» атты көрмесі тек Наз би театырының емес, тұтас қазақ би өнерінің қалыптасу, даму жолының шежіресіндей болды. Ондағы «Фотосуреттер», «Премьералар мен концерттер», «Сахналық костюмдер» атты бөлімдерге қойылған әрбір жәдігер би өнерінің  тарихымызды дәріптеп, көркем туындылармен жұртшылықты сусындатудың ықпалды құралы екенін дәлелдей түсті. Әр дүние бір образдың болмысын көз алдыңыа әкеліп, санаңда жаңғырады. Мысалы «Мың бір түннің бір түні» хореографиялық спектакліндегі Маруфтың махабаты Эсмигюльдің  (2013ж), «Тұйғындар» хореографиялық спектакліндегі «Еліктер» (2006ж) биінің сахналық костюмі,  «Мың бір түннің бір түні» хореографиялық спектакліндегі Әтек образы (2013ж), «Жастар» биінің сахналық костюмдері (2004 жыл), «Әзім әңгімесі» (2021ж) спектакліндегі «Айлакер шал», «Ана» образы», «Шыңғысхан» хореграфиялық спектакліндегі (2018ж) «Қасқыр мен Бұғы» картинасынан «Бұғы» образы, «Серпін» биінің сахналық костюмі (2000 ж), «Тұйғындар» хореографиялық спектакліндегі «Сарбаз» образдарының  айтар ойы терең.  Сондай-ақ, әр мемлекетке барған гастрольдік сапарлар мен байқауларда сыйға алған  кәдесыйлар мен театр артистерінің өздері тұтынған маңызды реквизиттер де бидің халық үшін қаншалықты құндылыққа ие екеніні ұқтыра түседі.

Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекетік би театры елімізде ашылған алғашқы кәсіби би театры. Осы жылдар ішінде мемлекеттік маңызы бар іс-шараларға қатысып, Норвегия, Израиль, Түркия, Катар, Иордания, Қытай, Румыния, Испания, Үндістан, Морокко, Франция, Швейцария, т.б. мемлекеттерде өнер көрсетіп, еліміздің мәртебесін биіктетті. Қазақстандағы жалғыз хореографиялық театр болып есептелетін ұжым ұлттық би  насихаттаушы, қоғамдағы өзгерістерді арқау етіп, би тілімен суреттейтін өнер ордасы. «Наз» би театры елордамыздың құрдасы болғандықтан Елорданың мәдени-рухани дамып, өсіп-өркендеуіне сіңірген еңбегі зор. 25 жыл – ширек ғасырлық еңбек пен шығармашылық жолдың көрінісі. Осы жылдар ішінде ұжым тек танымалдыққа ие болып қана қойған жоқ, көрермендердің махаббатына бөленіп, хореография әлемінде өнер мен сұлулықтың шынайы символына айналды. Өз елімізде ғана емес, шет мемлекеттерге «қазақ» деген мыңжылдық тарихы бар, көне өркениеті мен мәдениеті болғанын хореография тілімінен жеткізіп жүрген бірегей кәсіби театр. Қуаныштысы сол бұл көрме  желтоқсан айының 10-на дейін жалғасады екен. 

Халқымыз үшін би өнерінің маңызын айғақтай түсіп, осы саладағы ізденістер, жеткен жетістіктер, алға қойылған мақсаттар, шешілуі қажет мәселелерін зерделеп тануға жетелеген мерейтойдағы  тағы бір шара ҚР Ұлттық музейінің ғылыми кітапханасында өткен  «Наз» мемлекеттік би театры– ұлттық бидің феномені»  атты дөңгелек үстел болды.   Ондағы тамаша сәт Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі», танымал радиожурналист,  Толқын Сұлтанның атты кітабының тұсаукесері болғанын ерекше атап өту парыз. Бұл мәртебелі рәсімді  Қазақ КСР-ң Еңбек сіңірген әртісі»,  Қазақстан Халық әртісі Гүлжан Талпақова, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Дипломатиясына еңбегі сіңген қайраткер «Наз» би театрының рухани жанашыры Сайлау Батыршаұлы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,  ҚР Мәдениет үздігі, Қазақ КСР халық әртісі Шара Жиенқұлованың шәкірті Ғайникамал Бейсенова, Қазақ КСР-ң Еңбек сіңірген әртісі, өнертану ғылымдарының ғылымдарының кандидаты, профессор Тойған Ізім, Астана қаласы әкімдігі «Наз» мемлекеттік би театрының  директоры, ҚР Мәдениет қайраткері,  «Хореоргафия өнерінің қайраткерлер  қоғамы» төрағасы Еркебұлан Ағымбаев жасады.

  ««Наз» мемлекеттік би театры. 25 жылдық белес» «Наз» мемлекеттік би театры туралы жазылған алғашқы еңбек. ««Наз» мемлекеттік би театры. 25  жылдық белес» кітабында театрдың шығармашылық жолы, қазақ ұлттық хореографиясына қосқан үлесі, ерекшелігі мен ұстанымдары жан-жақты қарастырылып, зерделенген. Оған сонымен қатар өнер ордасында еңбек еткен театр артистерінің, ғалымдардың, театр жанашырларының пікірлері берілген. Бұл кітап хореография мамандығында оқитын студенттерге де жол көрсететін таптырмас құрал болары сөзсіз.

Кітап  авторы Толқын Сұлтанның сөз алған сәтінде  «Осы кітапты жазсаң» деген ұсынысқа бір жыл ойланып, әрең келістім. Келіспеген себебім аз уақытта материал жинап, оны қағазға түсіру, түсіну, қорытынды шығарудың болмайтындығы. Ал келіскен себебім, өзім қызмет ете жүріп, жан-дүниеңнің осы әлеммен тұтасып, шабыт алып, әртістердің жанкештілігіне таң қалып, өз бағасын ала алмаған кездерінде қарның ашып, жүрегің сыздайды екен. Аз болса да, осы театрдың дамуына өз үлесімді қосып, көзқарасымды білдіргім келді. Бұл кітап әдеби көркем шығарма емес. Мұнда нақты деректерге сүйенген, осы театрдың қалыптасуына ықпал еткен азаматтар мен әртістердің естеліктері мен пікірлері жан-жақты әңгімеленеді. Қазақ өнерінің жанашыры, аңыз адам Өзбекәлі Жәнібековтің шекпенінен шығып, тәрбиесін көрген, өнерді шын түсініп, бағалай білетін би өнерінің майталмандары Қадиша, Еркебұлан Ағымбаевтардың Ө.Жәнібековтен көрген ұлағатын өз тәжірибелеріне арқау етіп, үлкен ұжым құруы кездейсоқтық емес. Өз-ағаңның аты бекерге аталып отырған жоқ. Қазақ өнерінің, оның ішінде, жоғалуға шақ қалған би өнеріне жанашырлық танытып, 1985 жылы Алматы облыстық атқару комитетінде қызмет атқарып жүрген кезінде мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф, ғалым Ө.Жәнібековтің тікелей қолдауымен «Алтынай» би ансамблі құрылған еді. Сол ансамбльдің құрамында болған ерлі-зайыпты Ағымбаевтар Шара Жиенқұлова, Әубәкір Ысмайлов, Дәурен Әбіров, Ольга Всеволодская-Голушкевичтің би қойған дарын көзімен көріп өскен. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдиева, Мәдениет қайраткері Дана Мырзабекова, Үсен Мақанов пен Тойған Ізім, Талғат Қылышбаев, Айгүл Құлбековалармен бір ұжымда еңбек етіп, би өнерінің қайнарынан тікелей сусындаған нағыз мамандар. «Наз» мемлекеттік би театры – халық биін тұңғыш кәсіби сахнаға шығарған Ысқақ Быжыбаев, Шара Жиенқұлова, Әубәкір Ысмайлов, Дәурен Әбіров сынды хас шеберлер идеясының XXI ғасырда іске асып, кемелденген түрі». деді.

Кітаптың «Наз» би театры үшін ғана емес, тұтас қазақтың би өнеріне  олжа салған  ұлт рухы үшін маңызды дүние екенін өз кезегінде сөз алған философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Дипломатиясына еңбегі сіңген қайраткер Сайлау Батыршаұлы, ҚР еңбек сіңірген әртісі Бекболат Байсағатов, ҚР Мәденеиет қайраткері Оспан Сүлейменұлы да айтып, лайықты бағаларын берді.  

 

 

 «Наз» мемлекеттік би театры– ұлттық бидің феномені»  атты дөңгелек үстел барысында ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Гайникамал Бейсенова, философия ғылымдарының докторы, профессор, Шымкент қаласы саз колледжінің директоры Сералы Тлеубаев, «Абай» атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің қауымдасқан профессоры, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін»  медалінің иегері    Талант Жамбылұлы,  Ж.Ташенов атындағы университеттің «Өнер» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Балжан Тлеубаева, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, өнертану кандидаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қарлыгаш Айтқалиева, өнертану ғылымдарының кандидаты, Халықаралық театр сыншылары ассоциациясының мүшесі Гүлнәр Жұмасейітова, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің  иегері, Қызылорда облыстық филармониясының «Томирис» би ансамблінің бас балетмейстері Гүлбану Мырзабаева, М.Х.Дулати атындағы Тараз  университеті мәдениет және өнер кафедрасының аға оқытушысы, педагогика магистрі Хадия Караматуллаева баяндама жасап, «Наз» мемлекеттік би театрының шығармашылығын ғылыми түрде талқыға салды. 

 

Олардың сөзінен түйгеніміз, «Наз» мемлекеттік би театры балар аманатын арқалап, ХХІ ғасырда жаңа бағытта, жаңа ізденістердің  арқасында тың қадамдар жасап,  би өнерінің жаңа сүрлеуін салды. Көрменге бұрын-соңды болмаған хореографиялық спектакльдер мен мазмұнды қойылымдар ұсынып, қазақ сахнасын жаңа сапалық деңгейге көтерді. Бұл қазақтың рухының биіктігі, танымдық түрде бағындырған тың белесі. Ұлтқа қызмет осылай болу керек. Сондықтан «Наздың» алар асуы көбейе берсін дегіміз келеді.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,

 журналист

Бөлісу:

Көп оқылғандар