Қос шынар
Бөлісу:
Көктемді қанатына қондырған жыл құстары Торғай аспанынан сыңсып ән салып ұшып жатқан шақ еді. Азат елдің аспаны әдеттегіден биіктеп кеткен бе, әлде жерден алыс ұшты ма, қанатты жыл хабаршылары қара ноқаттай ғана болып көрінеді. Салған әні алыстан талып қана жетеді.
Биылғы көктем – ерекше көктем. Биылғы көктем – Тәуелсіздіктің тұңғыш көктемі. Ғасырлар бойы еңсені басқан зілмауыр жүкті сілкіп тастаған, ел болуға қадам басқан егемендік эйфориясының көктемі. Бірақ, тұяқты жануар оны сезбесе керек. Қар көбесі сөгіле сала төрт түлік тіршілікке ұмтылып, жер иіскелей бастады. Ен дала шұрық-тесік ақ киіз жамылғандай – төбе, төмпешік, өр мен қыр құрғаса да жазық жер әлі де қар астында. Сондықтан мал үйден ұзай алмайды.
Мезгіл алмасып жатқан осы бір күндерде: «Арқалыққа ақын Фариза келе жатыр, аудандарды аралайды екен» деген жаңалық елді елең еткізді. Атағына қанық болғанмен өзін көрген ешкім жоқ. Бәріне қызық. Соның ізін ала Ғазиза* әпкем әкесіне телефон соқты. Қызымен сөйлесіп болған соң атам:
– Балалар, Фариза маған сәлем берем депті. Осында түседі екен, - деді.
Содан үйде әбігер тіршілік басталып кетті: жуып-жинау, қағып-сілку, ақтап-сылау...
«Міне шықты» деген күні тас-түйін дайын отырғанбыз. «Қонақтар келді!» - дегенді естіген соң далаға атып-атып шыққан бетіміз. Ұзаса үш-төрт адам келер деп отырғанбыз. Сөйтсек, партияның съезіне сайланып шыққан делегаттардай дүйім жұрт екен өздері. Видеооператор жүр асай-мүсейін асынып ап. Үстіне жарасымды ақбоз пальто киіп, мойнына түрлі-түсті орамал таққан, сұңғақ бойлы, танакөз, шашын желкесіне тас қып түйген бейтаныс әйел адам бұйрық райлы дауыспен кімге не істеу керегін айтып тұр: басыңдағыны шеш, былай тұр, анда қара! Ол кезде кинооператор дегендер түгел орыс я болмаса қазақшаға шорқақ қазақтар еді ғой. Бұл да солардың сортынан екен.
– Давайте, сыздер кушактасып типо суюсесыныздер. Ага, ага, вот так.
– «Вот так, сот так» деп шүлдірлемей тездетші! Бір сағат болды ғой ракурс іздеп жүргеніңе! - деп, әлгі ақбоз пальто киген апай операторға қабағын шытты. Бұл да соған үйреніп алған ба: «Все, все», - деп бас изей берді. Сөйтіп, түсірілім үшін сан мәрте сүйісіп, қол алысып, құшақтасып үйге де кірдік-ау.
Фариза апай өте байсалды, түрі сұсты, эмоциясын ұстай білетін, сөзге сараң кісі екен. Бұйра шашына ақ қырау түскен. Жан-жағына сын көзбен барлай қарап, ой үстінде үнсіз отыр.
Далада бәрін бір шыбықпен айдаған апай дастарқан басында да көсіліп сөйлей жөнелді.
– Аға, Фариза қарындасыңызды танып отырсыз ғой, - деп атама бұрылды. – Фариза апайдан соң отырған Сейіт аға Кенжахметов. Мына қарсы бетті отырған Нұрхан Ісләмиев ініңіз.
– Ойпырмай, ығай-сығай түгел жиналыпсыңдар ғой. Дұрыс-ақ. Қалқам, өзіңді таныстыршы, кім болдың? - деді атам. Сонда сөзге үнсіз отырған Фариза апай араласып:
– Бұл бір іскер, өжет, мінезді қыз, - деді. – Аты Нұрикамал, Нұрикамал Сейтжанова деген қыз осы. Алматыдан шыққанша дегбірімді алып, қашан келетінімді қайта-қайта пысықтап алды. Аэропорттан аяғымды жерге тигізбей қонақ үйге бір-ақ алып келді. Содан бері қасымнан бір елі қалған жоқ. Арқалықты аралатты, тамаққа тойдырды. Торғайдың қыздарына ризамын. Бірақ, жігіттерінен аздап көңілім қалды, - деп, Сейіт ағайға бір иығын бұра, бірақ, мойнын бұрмастан сөзін жалғады.
– Мына отырған Сейіт – сатираның сардары. Менің құрдасым ғой. Алматыға келген сайын тіл мен жағына сүйеніп, мені қағытып кетпесе ішкен асы бойына сіңбейді. Торғайға барсам, басқасын қойшы, осы Сейіт қарсы алар дегем. Сөйтсем, мұнікі жай сөз екен. Көлеңкесін де көрсетпеді. Жаңағы Сейіт бар ма өзі осында? Үні шықпай қалды ғой мүлде.
Отырғандар ду күліп, Сейіт ағайға қарайды. Ол кісі иығы селкілдей күліп, көзілдірігінің астынан «айта берсін» дегендей көзін қысып қояды. Фариза апайдың да жүзіне жылылық орнап, сараңдау жымиып:
– Е, бар екен ғой, - деді. – Айыбын біліп отыр дегенмен, ә? Кеше Нұрикамал қонақ үйге әкеп тастаған соң, рұқсат сұрап жұмыстарымен кетті. Дұрыс қой, қашанғы мені әлдилей берсін. Бұл қыз қалай кетті, солай тып-тыныш боп қалды маңайым. Күндіз жұрттың көзіне түсіп қалам деген шығарсың. Оны да түсінем, Сейіт-ау. Ең болмаса, ел жатқан соң жастықтың соңы, қарттықтың басы деп, бөлмемнің есігін қаға ма десем, ол да болмады ғой, құрдасым!
Менен басқасы қыран-топан күлкіге батты. Мұқият тыңдап отырсам да, ол кезде мұндай сөздердің мән-мағынасын түсіне бермейтін жастамын. Тек жадымда жатталып қалды.
Гу-гу әңгімемен ас ішіліп болған соң қонақтар сапарын әрі қарай жалғастыру үшін жолға жиналды. Нұрикамал апай сапарластарын сапқа тұрғызып, ендігі жоспардың қалай болатынын айтып бара жатты.
***
Жазғы каникулда Арқалыққа барып бір апта қыдырып қайту – біз үшін үлкен оқиға еді. Ол кез кеншілер қаласының облыс орталығы болып тұрған, түтіні түзу шығып тұрған шағы еді ғой. Аулада алаңсыз асыр сап ойнаймыз. Ғазиза әпкемізбен бір үйде көрші тұратын Нұрикамал Сейтжанқызын жұмыстан қайтып келе жатқанда жиі көретінбіз. Бүгінгідей есімде: Горбачев көшесі, 37-ші үй...
Ол уақытта Нұрикамал апай Торғай облысы мәдениет басқармасының басшысы. Күн батар шақта аулаға қызметтік көлік кеп тоқтайтын. Өз дәуіріндегі темір тұлпардың төресі «Волга». «Волга» міну – абырой, «Волга» міну – статус. Көліктің артқы есігі сырт етіп ашылады да, ізінше туфлидің биік өкшелері тас жолға тық-тық ете қалады. Машинадан түсіп, есік жабылғанша бой-басын түзеп үлгереді. Түсі мен түрі, матасы мен үлгісі биік талғамға сай тігілген киімі үстіне құйып қойғандай жарасымды. Мойнына таққан жібек орамалдың ұшы кешкі самалмен баяу ғана желбірей жөнеледі. Желкесіне түйген шашынан бір тал шаш бөлек шығып кетпейді. Жаңа тарап түйгендей доп-домалақ. Сөмкесінің бауын иыққа іле сала, аяғын нық басып, еңсесін тік ұстап үйге тұп-тура тартады-ау. Жан-жағына мойын бұрып қарамайды. Өзгелердің жанары өзіне қадалып тұрғанын ол кісі білетін, кеудедегі жұмыр жүрегі сезетін. Қарсы жолыққан көршілермен бас изеп қана амандасып өтеді, одан артық тілге келмейді. Көлік пен табалдырықтың арасындағы отыз қадамдай ғана жерді қас қағымда сән үйінің сахнасына айналдырып жіберуші еді ғой, шіркін! Нұрикамал апай үйге кіріп кеткен соң ізінше сол жермен жүріп өтсең әтір аңқып, иісі ақшамдағы саумал ауамен араласып, қыр көктемінің жұпарындай мас қылатын. Талайдың қолы жетпеген, сөзі өтпеген ойы озық, сөзі тәтті сол қыздың құлпырған шағын мен де көрдім!
***
Араға жыл салып Фариза апай біздің ауылға тағы ат басын бұрды. Нұрикамал апамыз алып келген. Совхоз директоры Дүйсен Божманов қызын ұзатып, сол қуанышына шақырған екен. Қонақтар тойға дейін өзен жағасында сейлдейді деген соң, Байғабылды жағалап жүгіріп келем. Танитын да, танымайтын да адамдар жүр. Фариза апай Нұрикамалмен қолтықтасып ап, топтан бөлек әңгімелесіп тұр. Жақындап барып тыңдаймын. Нұрикамал апай құлашын кең жазып, қолын сілтеп қойып өңірдің тарихын, танымал тұлғаларын айтып жатыр. Фариза апай бас изеп үнсіз ғана тыңдайды. Аз сөйлеп, көп тыңдау ақын апамыздың ерекше қасиетіндей көрінді. Аяңдай басып екеуі өзен арнасына жақындап келді. Бірі Жайықтың, бірі Есілдің бойында еркін өскен қыздар емес пе. Өзенді жатырқамайды.
– Былтыр келгенде айттым ғой деймін, Фариза апай. Бұл ауылда вице-президент Ерік Асанбаев туған, Сәбит Досанов туған.
Фариза апай әлі де үнсіз, өзеннің арғы бетіне, одан әрі көкжиекке көз тастап, ой шырмауында тұр. Соны байқады ма, Нұрикамал:
– Өзеннің арғы бетінде көктемде қызғалдақ жайнап өседі екен. Ауыл адамдарынан сұрап едім, шамамен 18 күн ғана тұрады дейді. Сосын солып, қурап қалады екен, - деп әңгімеге тарта түсті.
– Нұрикамал-ай, қызғалдақ 18 күн өседі дейсің бе? Қызық қой. Қазақ қызын «қызғалдағым» дейді. Қыз үшін 18 жас – нағыз құлпырған, гүлденген шақ. Осы қыздың 18-і мен қызғалдақтың 18-інің арасында бір байланыс жоқ па екен? Ойландыратын жайт екен. Жүрші, әрірек барып қайтайық.
Екеуі бірін-бірі жетелеп ұзай берді. Ұзаған сайын тұлғасы асқақтап, шынардай биіктей бергендей көрінеді. Қазақтың аяулы қос жұлдызы, есімдері тірісінде-ақ әнге айналған қос қызы одан әрі не жайлы әңгімелескені маған жұмбақ. Бәлкім, бірі әлі де қағазға түспеген, ішінде жүрген қыз монологтарын оқыған шығар. Бірі өзіне арналған әннің тарихын айтқан шығар. Өкініштісі сол, біз оны ешқашан біле алмаймыз.
*Ғазиза Жұмекенова, ҚР еңбек сіңірген артисі.
Нұрболат Әлменов, ҚР Мәдениет саласының үздігі
Бөлісу: