Алаш аудармасын жаңғыртқан

Бөлісу:

27.11.2024 145

Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасу тарихы, терминжасам, терминтану мәселелері сөз болғанда, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлының есімімен тығыз байланыста айтылатыны рас. 

Қазақ тілінің терминжасам үдерісін ұңғыл-шұңғылына дейін бойлаған ғалымның назарынан, көркем аударма мәселелері де тыс қалмайды. Қазақ тіліне аударылған әдеби шығармалардағы жаңа атауларды, сөз тіркестерін саралап, көркем аударманың сөзжасам, терминжасам үдерісіндегі алатын орнын айқындап берді. 

Тілдің даму үрдісінде аударманың қызметі де айрықша. Аударма жасау барысында  әрбір сөз, сөз тіркестерінің баламасын іздеу арқылы қолданыстан шығып қалған, не ұмытылуға жақын кейбір сөздер жанданып, жаңғырып әдеби тілге енуіне септігін тигізетіні анық. Ендеше, көркем шығарма аудармасы тек, әдебиеттану ғылымының зерттеу обьектісі ғана емес, тілтанушылардың да, оның ішінде терминтанушылардың да назарын аудартатын күрделі мәселе екендігін академик Ш.Құрманбайұлының еңбектері арқылы көз жеткіземіз. 

Ғалымның «Көркем аудармадағы жаңа атаулар: жасалуы мен қолданысы», «Алаш және терминтану (XX ғасыр басындағы қазақ терминологиясы. 1910-1930 жылдар) атты зерттеулерінде ХХ ғасыр басында шығармашылық еркіндікпен аударылған алаш қайраткерлерінің аудармаларымен қатар, туындының идеялық-мағыналық қабаттарын сақтай отырып тәржімеленген кәсіби аудармашылардың үздік аудармалары да бар.

Бұл еңбектерінде әр кезеңдегі көркем аударма негізінде туындаған жаңа атаулар мен қолданыстардың әдеби тілге ену дәрежесі, белгілі аудармашылардың аударып қолданған балама сөздерінің ерекшеліктері жан-жақты сараланған. Әсіресе, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов сынды алаш зиялыларының аударма барысындағы сөз жасау шеберліктері, сөз байлығы ғана емес, аударма жасаудағы ұлттық идеясын айқындауға баса назар аударып, алаш зиялыларының жалпы аудармадағы елдік саясатын тап басып танытады. Мысалы: «Ә.Бөкейхан мәтіннің қай түрін аударса да, қазақ ұғымын, қазақ оқырманының таным-түсінігін ескеріп, аудармаларын қазақ қауымының дүниетанымына бейімдеп беріп отырады. Бұл оның мақсатты әрекеті, саналы түрде ұстанған қағидаты» дейді де, сол кезеңдегі аудармашылардың сөз жасау тәжірибесімен бөліседі. Қолдануға лайықты сөздерді қайта жаңғыртып қолданудың тетігін көрсетеді. Сонымен бірге, Ә.Бөкейханның аудармадағы орыс тіліндегі мақал-мәтелдер мен фразеологизмдерді аудару шеберлігіне назар аудартып, лингвистикалық тұрғыдан талдаудың үлгілерін көрсетеді.

Көркем аударманы талдаудың өзіндік қиындықтары бар. Себебі, тек аударма мәтінмен қатар, түпнұсқамен танысасыз. Екі нұсқаны салыстырып, аударманың ерекшелігін айқындай отырып, аудармадағы жаңа тіркестер, жаңа сөздерді табу инемен құдық қазғандай десек те болады. Тапқан сөздерді жинақтап қана қоймай, оның мәні мен мазмұнын анықтауға кез келген аударма зерттеушісі бара бермейді. Себебі, зерттеушіге  қарым-қабілет, терең эрудиция керек. Бұл тұрғыдан алғанда, Ш.Құрманбайұлының парасат пайымы, тынымсыз ізденісі, еңбекқорлығы зерттеушілерге үлгі бола алады. Оның құрастырған сөздігі жас ғалымдарға ғылыми тұрғыда дұрыс зерделеуге, аударманың көкейкесті мәселелерін  белгілеп, арнайы зерттеуге бағыт береді. Әсіресе, А.Байтұрсынұлының, Ә.Бөкейханның,  Ж.Аймауытовтың,  М.Әуезовтың көркем аудармаларынан бірқатар сөздердің баламасы ретінде жасаған жаңа атаулардың мағыналық-дыбыстық ерекшеліктеріне де бойлап, сөз талдаудың тиімді әдістерін белгілеп береді. 

Жалпы, алаш қайраткерлерінің қай аудармасын алсақ та, көркем аударма теориясында жиі айтылатын аударма транформациясындағы: қосу, алу, өзгерту тәсілдерін анық байқаймыз. Бұл тәсілдерді Ш.Құрманбайұлының: «қай автордан аударса да, түпнұсқа мәтіннің негізгі мазмұнын, айтпақ ойын, жалпы құрылысын, сюжетін, оқиға желісін сақтай отырып аударады. Бірақ дәлме-дәл, сөзбе сөз аудармайды. Өз тарапынан мәтінге ой қосып, жеке сөз, тұтас сөйлем, мақал-мәтел қосып жіберетін тұстары да болады» деген тұжырымымен байланыстырып, көркем аударма теориясына еркін аударманың ерекшелігін айқындайтын анықтама ретінде енгізуге болады. Оның аударматанудағы батыл тұжырымдары, өзіндік стилінің ерекшелігін байқатады. 

Мәселен:

«Көркем аударма әр сөзді сөзбе-сөз, дәлме-дәл беретін ғылыми еңбек емес. Сондықтан онда мән-мәтінге қарай синоним сөздердің бірінің таңдалуы қалыпты құбылыс, көркем шығармаға тән сипат» – деп, аударма шеберлерінің сөз жасау, сөз таңдау, сөз талғау ерекшеліктерін қарапайым түрде түсіндіріп береді. 

«Қазақ тіліне аударылған көркем шығармалар – терминологиялық лексиканы қалыптастыруға үлкен үлес қоса алатын қайнаркөздердің бірі десек те болады» – дейді де, терминжасам үдерісін көрсетіп, жаңа атаулар мен қолданыстарды бағалаудың негіздерін айқындайды.

«Терминдерді шет тілдерінен алғанда, аударғанда, түрлі тәсілдерді пайдалана отырып жасағанда әдеби тіл нормасын, тіліміздің фонетикалық, морфологиялық және басқа да заңдылықтарын сақтауды естен шығармауға міндеттіміз» – деп, аудармадағы кірме сөздердің табиғатына да бойлайды. Байқап отырғанымыздай, академик  Ш.Құрманбайұлының көркем аудармаға қатысты зерттеулері түпнұсқа мен аударма мәтін арасындағы сәйкестік, көркем аударманың терминжасамдағы қызметі, кірме сөздердің қолданысына қатысты жаңаша пайымдаулар, теориялық  қағидалар назар аударарлық.

«Көркем аудармадағы жаңа атаулар: жасалуы мен қолданысы» еңбегінде шет тілдерінен қазақ тіліне әр жылдары аударылған көркем шығармаларды қарастырып, ондағы аудармашылар тарапынан туындаған жаңа сөздерді тізбектеп, кестесін де ұсынады.  Оның өзі жас ғалымдар үшін пайдалы болары анық. Себебі, әртүрлі көркем аудармадан жиналған сөздерді өзара салыстыра-салғастыра талдаудан бұрын, аударма сөзді танып, талғап, жинастырып топтастырған оңай емес. Аталған еңбекте түпнұсқадан тікелей аударылған көркем аудармаларда тыс қалмайды. Проза, поэзиялық туындыларды түпнұсқадан тәржімелеп жүрген аудармашыларға да тоқталып: «Аралық тілге жүгінбей, түпнұсқадан төте аударғанға не жетсін!» деп, тікелей аударманы қазіргі кезде айтыла бермейтін «төте аударма» деп атап, оның нәтижелі болатынында меңзейді.

Ш.Құрманбайұлының аударматануға қатысты қай еңбегін алсақ та, аудармашылық іс-әрекеттің өзіндік ерекшеліктерін, заңдылықтарын тығыз бірлікте ала отырып, тереңнен түсінуге ықпал етеді. Сонымен қатар, А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, Ж.Аймауытов, М.Әуезов сынды көрнекті ұлт зиялылары тәржімелеген Г.Маркес, О.Бальзак, Г.Мопассан, В.Гюго, Дж. Лондон, Л.Толстой, А.Чехов т.б. әлем және орыс классиктерінің аудармалары жөнінде маңызды ақпараттарды да ғалымның еңбектерінен кездестірсек, алаш зиялыларының көркем аудармаларымен қатар, әр сала бойынша жазған, аударған оқулық, оқу құралдарындағы терминдерді талдауынан, олардың ұлттық ғылым тілінің негізін қалаушы тұлғалар екеніне де көз жеткіземіз.

Ш.Құрманбайұлының ғылыми тұжырымдарынан болашақ аудармашы да, аударма зерттеушісі де өзіне қажеттісін ала алады. Осы орайда ғалымды асқаралы 60 жасымен құттықтап, ұлтымыздың ғылым тілін дамытуда өнімді еңбек етуіне тілектеспіз.

 

Лаура Дәуренбекова

А.Құсайынов атындағы 

Еуразияи гуманитарлық 

институтының доценті

Бөлісу:

Көп оқылғандар