«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

Бөлісу:

02.12.2024 273

Бүгін Алматыда «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл байқау биыл қатарынан  үшінші рет өткізіліп отыр.

Байқау жеңімпаздарын құттықтаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлестері үшін жазушыларға өз ризашылығын білдірді.

– «Айбоз» әдеби сыйлығы – сөз өнерінің майталмандарын дәріптейтін, олардың шығармашылығын елге танытатын ерекше сыйлық, – деп атап өтті министр.

Сонымен 2024 жылы «Айбоз» сыйлығына 7 номинация бойынша 176 шығарма авторы өтінім берген екен. «Үздік проза» – 57 болса, «Үздік поэзия» – 37,  «Үздік драматургия» – 16,  «Үздік әдеби сын» – 13,  «Үздік әдеби аударма» – 14,  «Үздік балалар әдебиеті» – 31 және «Үздік комикске» – 8 өтінім түскен.

Жасырын дауыс беру нәтижесі бойынша, тәуелсіз қазылар алқасының шешімімен «Махамбеттің өлім жазасы» романының авторы Бекет Қарашин «Үздік проза» номинациясының жеңімпазы атанса, «Үздік поэзия» номинациясында – «Айкөркем» балладасының авторы Маралтай Райымбекұлы жеңімпаз болды. «Үздік драматургия» номинациясында ең көп дауыс Думан Рамазанның «Әзірет Сұлтан» пьесасына берілді. «Үздік әдеби аударма» номинациясы бойынша Рауза Мұсабаева «Таң жұлдызы» жұмысымен жеңімпаз атанды. «Үздік балалар әдебиеті» номинациясында Төкен Әлжантегінің «Қызықтың бәрі ауылда» шығармасы үздік деп танылды. Ал «Үздік әдеби сын» номинациясында Жүсіпбек Қорғасбектің «Сайтанның ойыны» еңбегі марапатқа ие болса, «Үздік комикс» авторы болып Жақсылық Сабитов «Жошы хан» жұмысымен танылды.

Ұлттық әдеби сыйлықтың жалпы жүлде қоры – 35 миллион теңге.

Бөлісу:

Көп оқылғандар