Маржан Ершу. Пишта
Бөлісу:
«Қыпшақ Қоңыр» кітабынан үзінді
«...Балтон көлдің қасына,
Балдыр бұлақ басына,
Қыпшақтар да жетіпті...»
«Қазақ ауыз әдебиетінен»
«Аруах!
Укажи мне дорогу на Балатон...»
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ
* Балтон-Балатон -Мажарстандағы көл.
– Пишта!
– Қаш! Қаш! Келіп қалды.
– Пишта! Жүгір!
– Тығыл тезірек! – деген дауыстар келді құлағына.
– Қазір! Мына біреуін көздеп жіберейін,– деп қаптап келе жатқан танкілерге қарай бензин құйылған шөлмекке от тұтандырып лақтырып жіберді.
От жалын бұрқ етті. Айналаны от пен шаң араласқан құйынды жел шарпып кеткендей. Танкілер жол ортасында тоқтап қалды. Үйлердің төбесінде жасырынып танкілерге өздерінше шабуыл жасап тұрған балалар жан жаққа тым-тырақай қаша жөнелді. Пишта үйдің төбесінен секіріп түсем дегенмен үлгере алмай қалды. Кең қолтықты бешпенті үйдің жақтауындағы темірге ілініп, қозғалыссыз қатып қалды. Төменге қараса, танкілерден айқай сап атып-атып шыққан орыс солдаттары жан жаққа аш күзендей көз жүгіртіп тұр екен. Пиштаның жан дауысы шығып кете жаздады. Әрі-бері қозғалып еді. Бешпенті дар-дар етіп жыртылды да, екпінменен жерге құлап түсті. Орнынан ауырсына көтеріліп, ақсақтай басып үй-үй арасына еніп кетіп, қарасын жоғалтпақ ойда еді. Желкесінен тиген бір қуатты екпін жерге ұрып құлатты. Аузы-мұрнынан қан сорғалады. Төпелеген соққының астында қалды. Әбден өлімші халге жеткен байғұс баланы екі жағынан қысып ұстаған еңгезердей екі солдат бүктеп алып, екі қолын артына қайыра байлады да, жүк машинасының астауына лақтыра салды. Пиштаның өне бойы қалтырап мұздап қоя берді. Ауырсынған денесін қозғай алар емес. Пишта күздің салқындығын енді сезгендей болып, тісі тісіне тимей тоңғаннан қалш-қалш етті. Екі аяғын бауырына жинап, күшенгенмен әл кеткен жандай талықсып көк аспанға қарай берді. Көзін ашқанда бір қараңғылау суық бөлмеде стол басында жүзі суық әскери адамның алдында отырғанын көрді. Формасы орыс офицері сияқтанды. Орыс офицері бұған түсін жылытқандай езуіне күлкі үйіріліп:
– Балақай! Біз сен туралы бәрін білеміз. Сен бізге ештеңе айтқың келмей ме? – деді. Пиштаның соққыдан ісіп кеткен көздеріне бір жанашырлықпен қарағандай үн қатып.
Пишта үндемеді. «Бұлар мені қайдан біледі» деп ойлады Пишта іштей. Балалар айтып қойды ма екен? Олар қайда? Неге жалғыз? Осындай ойлар басында сұрақ болып тұрып қалды. Бірге ойнайтын балаларды үгіттеп, ұйымдастырған да өзі болатын. Шөлмектерге бензин құйып, от тұтандырып, орыс танкілеріне үй төбесінен лақтыруды да үйреткен өзі. Бұл тірліктері бірінші рет емес еді. Өткен жолы қапысын тауып, құтылып кеткен. Осы жолы қателікке ұрынды. Бәріне кінәлі әкесінің кең қолтықты бешпенті. Өзіне шақ киім болса, үйдің төбесінен кедергісіз сырғып түсер еді ғой. Пишта осылай ойлады. Бөлмеге тағы бір әскери адам кірді. Оның жүзі жылылау екен.
– Баланы шаршатпаңдар. Жарасын жуып, таңып беріңдер,–деді де бөлмеден шығып кетті. Пиштаның көңілінде үміт оты оянды. Енді үйіме жіберетін шығар деген. Алайда олай болмады. Бір солдат келді де, оны қолынан жетектеп, дәрі исі аңқыған бөлмеге апарды. Ақ халат киген көзілдірікті ер кісі шешіндіріп, кеудесіне темір аспабын тақап, тексеруге кірісті. Аузын керіп аштыртып, тісін санады. Жарығы бар кішкентай аспабын көзіне тақап, көзін тексерді. Аяқ-қолын да бір темір аспаппен тоқылдатып шықты. Бір кезде шашынан тартты. Пиштаның дауыс шығып кетті.
– Дені сау,– деді дәрігер солдатқа. Енді жарасын қарайық,–деді де, Пиштаның жарақаттарын ылғалданған ақ дәкемен сүртіп, дәрі жағып, таңып берді.
– Енді алып кетуіңізге болады, солдат жолдас! – деді дәрігер енді жұмысым бітті дегендей.
Солдат Пиштаның қолына кісен салды да, қараңғылау ұзын дәлізбен сүйрей отырып, қаптаған темір есіктердің бірін кілтімен ашты да, итеріп жіберді. Қараңғы суық бөлме екен. Пиштаның көзі ештеңені де көрмеді. Құлағына жыламсыраған, ыңырсыған дауыстар ғана жетті. Қорыққаннан өне бойы қалшылдап кетті.
–Бұл – мен! Пиштамын!–деді дауысын шығарып қорыққанын білдіргісі келмей.
– Пишта! Сен де әкелді ме? Біз мұндамыз! – деп бұрыш-бұрыштан дауыстар жамырай шықты. Бүлікші атанған төрт бала суық камераның төрт бұрышында жер бауырлап жылап шықты сол түні.
Бала кезінде ата-анасы еркелетіп, Пишта деп атаған бұл бала Мажарстанның Карцаг (Қарсақ) қаласында 1944 жылы 10 ақпанда дүниеге келген еді. Ол дүниеге келген жыл Мажарстан үшін өте ауыр кезең болды. Екінші дүниежүзілік соғыста Германияны қолдаған Австрия әскеріне көмек берген мажар халқы еді. Соғыстан жеңілген немістермен бірге мажар халқы да жапа шекті. Соғыс аяқталғаннан кейін, Сталиннен қуат алып, Кеңес үкіметінің көмегімен М.Ракоши басқарған мажар коммунистері билік басына келді. М.Ракоши кеңес үкіметінің индустрияландыру мен ұжымдастыру саясатын, кез-келген диссидентті күштеп жою тәртібін жүзеге асыра бастаған шақ болатын. Мемлекет мажар қауіпсіздік қызметі арқылы басқарылды. Осындай қысымдарға шыдамай, 1956 жылы 16 қазан күні СССР-дың саяси және идеологиялық ықпалына ашынған мажар халқы көтеріліске шығып, жергілікті казармаларға басып кіріп, қару-жарақтарды тартып алды. Будапештің қақ ортасында орналасқан Сталиннің жиырма бес метрлік ескерткішін құлатып, суреттерін отқа жақты. Мажарлар елде еркін сайлау өткізу мен кеңес әскерлерін шығаруды талап етті. Алайда 24 қазан күні кеңес үкіметінің бұйрығы бойынша кеңес әскерлері Будапештке басып кірді. Мажар халқына қарсы отыз мыңдай жауынгер, мың танк және басқа брондалған жүздеген техника қолданылды. Бұл жойқын операция кезінде мажар әскерлері бейтарап қалып, 11 қарашада Мажарстандағы көтеріліс толық күшпен басылды. Будапешт көшелері қызыл қанға боялды. Адамдар езіліп-жаншылып табан астында жатты. Екі мыңға жуық мажарлық қаза тауып, жеті жүз мыңға жуық адам саяси қуғынға ұшырап, төрт мыңға жуық адам түрмеге тоғытылды. Мажарстанда кеңес үкіметі бастаған қуғын-сүргін саясаты жүргізіліп, мадияр халқының белді өкілдері тұтқындалды. Мажарстан тарихында бұл оқиғалар «мадияр революциясы» деп аталса, СССР тарапы «социализмге қарсы мадияр көтерілісі» деп баға берді.
Мажарстанда орнаған кеңес үкіметі тарапынан қудалауға ұшырағандардың ішінде Пиштаның әкесі Шандор Мандоки де бар еді. Мандоки жанұясы жаппай кәмпескелеуге ұшырап, бүкіл дүние-мүлкінен айырылды. Əкесі -Шандор Кулан Мандоки, анасы – Ержебет Кошкар Караси де қыпшақ ұрпағы еді. Мажарлар қыпшақтарды «кундар, кумандар» деп атаған. Ес білгеннен әкесі Пиштаға «Сенің тегің – қыпшақ, тамырың – Ұлы далада. Қолың жетсе, өскенде шығыстағы арман болған байтақ өлкемізге барарсың» деп үнемі құлағына құйып отыратын. Қайдан барармын деп ойлады Пишта. Әкемді ұрып-соғып мүгедек қылды бұлар. Анам да ауру. Ата-бабамыздан қалған кең сарайдай үйімізді тартып алып бұл коммунистер өздеріне штаб жасап алмады ма?! Біздің қолымыздағы бардың бәрін алды. Фермамызды, аттарымызды да түгелдей тартып алды.Тақыр кедей боп қалдық қой осылардың кесірінен. Енді мен соны қайтаруым керек деп бекінген он екі жасар Пиштаның алғашқы қарсылығы танкіге қарсы шығу жоспарымен басталған еді. Сол қаһарлы 1956 жылдың желтоқсанда Будапештті дүр сілкіндірген сот та өтті. Айыпталушылар кәмілет жасына жетпеген Пишта бастаған төрт бала. Сот мынандай суық шешім шығарды: «Кеңес үкіметінің әскери адамдарына қарсы бұзақылық ұйымдастырғандары үшін бұл тәртіпсіз жалаңаяқтар қатаң жазаланады. Ата-аналары ешқандай жұмысқа қабылданбасын. Балалар Флориянтердегі қатаң тәртіптегі еңбекпен түзеу колониясында жазаларын өтейтін болады». Көздерінің жасы омырауларына сорғалап, көкіректері қайғыдан қарс айырылып, іштері запыранға толып ата-аналары қалды жер шұқып. Қанталаған көздері жасқа, ойлары сан түрлі сұраққа толып балалар кетті колонияға. Пиштаның бұл кезде он екіге жаңа толған шағы еді. Колонияда балаларды күннің атысынан түннің батысына дейін ауыр құрылыс жұмыстарына жекті. Шаршады, қажыды, қиналды, жылады, сағынды. Осындай сезімдер балалардың ішінде тұншығып жатты. Сезімдерін сыртқа шығара алмайтын. Күзетшінің темір таяғынан қорыққаннан үнсіздікке де үйренген еді бұл балалар. Пиштаға әкесінің баяғы кең қолтықты бешпенті жақсы болды. Сағаттар жылжыды, күндер өтті, айлар аунады. Пиштаның қара жұмыспен денесі де өсті. Әрі жасөспірім баланың толысып өсетін шағы. Кең қолтықты бешпент өзіне шақ боп қалды. Қинағаны аяғындағы баяғы күздік бәтеңкесі. Бір жылда баланың аяғы да өсіп, бәтеңке де тозып, жүру қиынға айналды. Бұл колонияға сырттан адам түгілі хат та кірмейтін. Қасқа бала башайларын ішіне қарай майыстырып киіп сол бәтеңкені тоздырды. Басқа амалы да жоқ еді. Өскен тырнақ , өскен сүйек жүрген кезде жанына қатты батты. Ақырында өскен аяқтың башайлары тозған бәтеңкені тесіп шықты. Оның аяғын ғана емес, жанын мазалаған сан сұрақтар көп еді көңілінде. Бірде құрылыс алаңында тас тасып жүргенде, желмен ұшып келген газеттің кішкентай қиындысын тауып алып, бүктеп қалтасына сала салды. Кеш ауа камерасына келгенде терезеге жақын кеп, ай жарығына тосып газет қиындысын оқымақ болды. Газет Будапештен шығыпты. Хабарлар жазылған екен. Пишта газеттің қиындысын әдемілеп орап, қалтасына салып қойды. «Оқысам» деген ұлы арман оянды кеудесінде. Колониядан аман есен шығып, ата-анаммен қауышсам, ешқашанда тентек болмас ем. Ешкімнің де бетіне тас лақтырып, күш көрсетпес едім.Тек оқуға бас қояр едім. Оқи берем, оқи берем. Барлық ақылды кітаптар менде болса екен. Әлемдегі барлық тілді білсем. Тіл біліп ел араласам. Оқымысты болсам деген балаң ойлары тәтті арманына айналды.Тәтті арманынан оянған үміт шоғы көңілін биіктерге самғатты. Сол үмітін аялап келер таңға, келер күнге асыға берді.
Газет, кітап көре қалса, көргісі кеп, оқығысы келіп ынтасы артып кететінін колониядағы әскерилер де сезе бастады. Орыс әскерилері кітап оқыған адамды ерекше құрметтейтін еді. Күн көсем Лениинің өзі «Оқы, оқы және оқы» деп ұран тастамады ма?! Пишта осылайша өзінің кітапсүйгіштігімен , аңсаған кітабына жету жолында бойына сіңдірген кішіпейіл мінезімен басқармадағыларға ұнай бастады. Кеңес одағының Ушинский, Макаренко сияқты белгілі педогогтары да кітап оқу адамды жақсы бағытқа түбегейлі өзгертетін жазып кетті ғой. Түрме басшылары бұл балаға енді жылы жүзбен қарайтын болды. Осылайша бір жылдан аса уақыт өткенде, Пишта және оның достары колониядан босап шығып, үйлеріне қайтты. Алайда Пиштаны алда қиын уақыттар күтіп тұрған еді. Үйіне оралғанда жұпыны кішкентай үйдің босағасында үнсіз егіліп жылап отырған анасын көрді. Бір жыл емес, бірнеше жыл өткендей. Анасының сарғылт қоңыр шаштары аппақ түске боялыпты. Көз айналасын қалың әжімдер торлаған. Өзі әбден жүдепті. Басын көтеріп, жанына келген Пиштаны көргенде, қос жанарынан мөлдір тамшылар төгіліп кетіп, отырған қалпы кең құшағын жайды. Анасының иығына басын салып Пишта да жылады. Анасы да баласын құшақтап отырып ағыл-тегіл жылады. Бірақ екеуі де үн шығармастан үнсіз ұзақ егілді. Дауыс шығаруға жүректері дауламады ма? Әлде жылдар бойы жан қинаған қорқыныш пен үрейден дауыстары шықпай қалған ба? Ана мен бала аман-есен табысқанына қуаныштан үндерін шығармады ма, әлде дауыстарын шығарса орыс әскерилері жетіп келіп, екеуін екі жаққа айырып әкетеді деп секемденді ме? Үнсіздік те қасиетті болады екен-ау. Бір кезде Пишта: «Әкем қайда?» деп құлағына сыбырлады. Анасы құшағын жазды да, баласын өзінен сәл итеріп, көздерін жұмып, басын шайқады. Пиштаның жүрегі езіліп кеткендей болды. Әкесі бұл дүниеде жоқ екен. Орыс әскерилері әбден қинап азаптаған соң, денесін көтере алмай әкесі сал боп төсек тартып жатып қалған еді. Әлі сол қалпында ма екен әлде жазылып кетті ме екен деп ойлап келіп еді. Бұл өмірде жоқ екен. Пишта шыңғырып жіберді де, көкпеңбек болып жерге құлап түсті. Жазған ана бәйек болып, боп-боз боп қимылсыз қалған кішкентай ұлының үсті-басын сипалап, жұбатуға көшті.
– Пишта! Басыңды көтерші! Пишта! Көзіңді ашшы! Сен де мені тастап кетпеші, балапаным-ау! –деп ащы дауыспен айқайлап жылап жіберді. Пиштаның құлағына сол сәтте анасының ащы зарлы үні күңіренген ескі бір аспаптың үніндей болып естілді. Тұла-бойы дір етті.
– Мама! –деді дауысын қатайтып үлкендерше бір қолын жоғары көтерді.
– Сен жылама. Біз өмір сүреміз. Мықты болуымыз керек! – деді әкесінің айтатын сөзін қайталап.
Анасы баласының көз алдында үлкейіп бара жатқанын сезінгендей болды. Он үш жасар бала елуден асқан әкесінің сөзін қайталады. Өмір-ай! Сен неткен қатал едің? Баланың да балалығын тонап алдың-ау. Қайтейін , жапырағым-ау. Анасы бұл сөздерді ішінен айтты. Баласына ішкі тебіренісін сездіргісі келмеді. Қатал өмірдің сынағында жұтылып кетпейтін қайсар мінезі барына іштей сүйсінді. Қазір екеуіне де өмірдің өткелектерінен өту үшін бір кесек мінез керек еді. Ана мен бала бірін-бірі іштей ұғысты. Пишта анасының қас-қабағынан өзіне деген ризашылықты көрді. Осылайша ана мен бала өткенін қастерлеп, келер күндерге үміт артып, өмір кешіп жатты. Пиштаны мектепке оқуға қабылдамады. Мектепке қабылданбаса да, оның жүрегіндегі білімге деген құштарлықты өшіру мүмкін емес еді. Бірде Пишта орманды аралап келе жатқанда, құлағына бір сыбызғының үніндей бір ғажап дауыс естілді. Қайдан шықты деп олай жүрді, былай жүрді. Дауыс жоғалып кетті. Сол ғажап дауысты тағы да қайдан естірмін деп іштей елеңдеп жүретін болды. Бір күні Пишта түс көрді. Түсінде кең далада көсіле шапқан тұлпарлардың тұяғының даусы мен беймәлім тілде сөйлеген салт аттылардың жарықшықтана шыққан даусынан шошып оянды. Бұл не дауыс екен? Бұл адамдар кімдер? Қай тілде сөйлеп барады? Өңімде де, түсімде де маза бермейтін бұл не дауыс екен деп ойға батты. Есіне бес жасында әкесінің айтқан сөздері түсті. «Балам, сенің тегің – қыпшақ, тамырың – Ұлы далада. Қолың жетсе, шығыстағы арман болған байтақ өлкеге бар. Жеті ғасыр бұрын өмірден өткен арғы аталарымыздың өсиетін ұмытпа. Олар: «Біз мажар болып кеттік, негізі арғы тегіміз – қыпшақ еді» депті аманаттапты ұрпағына. Сен ержеткенде Орта Азияда қалған қыпшақ туғандарыңды тауып, халқымызды қайта байланыстыратын бір адал жол тапсаң жақсы болар еді, ата-бабамыздың тасқа тамған көз жасының бір өтеуі болар еді, балам» деп үнемі айтып отыратын еді әкесі. Әкесінің осы сөзі балапандай баланың қиялын қанаттарды. Жолды қайдан табамын деп өзінше бір ойға батып та жүретін. Ес білгеннен әкесінің халық ертегілерін, қыпшақ батырлары туралы жырларды әсерлеп әңгімелейтінінің бір реті де бар болатын. Пиштаның дүниеге келгені де қызық бір ертегі болды емес пе?! Дүниеге шыр етіп келген нәрестенің келбеті көз тартарлықтай әдемі болғаны өз алдына, екі көзінің оттай жанып, аузында төрт тісімен туғаны елді таңғалдырған. Ескі наным - сенімге имандай сенетін қайран әке жүрегі толқып кетті. «Бұл балам тегін емес. Бұл Алла Тағаланың бір белгісі болар. Ата-бабаларымыз сан ғасыр армандап кеткен, аңсап өткен атамекен қыпшақ жұртымызбен жалғайтын көпір болар бұл балам. Білімдар адам болар құлыным өскенде» деп сан түрлі ойдың жетегінде үміті енді жанатындай қуанып жүретін.
Пиштаның ата - бабалары Мажарстанда бірнеше ғасыр бойы ел билеген ақсүйектер әулеті болатын. Әулеттің Мандоки деген аты атақонысы Мандық жайлауына байланысты шыққан екен. Қоңырдың атасы Андраш Мандоки ХХ ғасырдың басында Мажарстандағы Ұлы Қыпшақ жерінің орталығы болған Карцаг (Қарсақ) қаласының әкімі болыпты. Әкесі Шандор да өте ауқатты адамдар қатарынан еді. Білімді, ел алдында беделді болған бұл кісі намысқой, шыншыл, қызуқанды қыпшақтың нағыз өзі екен. Оның шыққан тегі, бақуатты тірлігі мен бірбеткеткей мінезі Мажарстанда социалистік қоғам орнатқан коммунистік режимге ұнамады. Сондықтан «бай тұқымын құрту керек» деген алғашқы нұсқаулар мен ережелер Шандор мырзаның мойнына қамыт ілдірді. Қайран әкесі осылайша белсенді коммунистердің тепкісінен қаза тапты. Пиштаның анасы Ержебет Караси Кошкар да текті жерден шыққан қыпшақ қызы болатын. Бірнеше шет тілін меңгерген жоғары білімді маман еді. Бірақ амал не, Мажарстанда орнаған биліктің қатал талабы бойынша оны еш жерге жұмысқа қабылдамады. Университет бітірген жоғары білімді ақсүйек ханым күнін көру үшін ауыр жұмыстар жасауға мәжбүр болды. Пишта болса мадиярлардың ұлттық бірегейлігін жоғалту кезеңінде шеттетіліп, қағажау көргендердің қатарын толықтырды. Əкесі «тап жауы», кулак болғандықтан, өзі бұзақылық жасап, колонияда отырып шыққандықтан, Пишта гимназияға бара алмады, оқуын жалғастыруына жол берілмеді. Венгрияда үстемдік құрған кеңестік режимнен Пиштаның отбасы да зардап шекті. Анасы Ержебет баласын үйде оқытты. Оның жақсы білім алуы үшін жанын салып, баласын тәрбиелеумен айналысты. Кішкентай кезіндегі әкесінің айтқан әдемі әңгімелерінің әсері Пиштаның түркі халықтарының тарихы мен тіліне деген қызығушылығын оятты. Оның кітапқұмарлығына риза болған Карцаг (Қарсақ) қаласындағы Үлкен Қумания музейінің жетекшісі Шандор Сүч Қоңырға түрік тілінде жазылған қыпшақ тарихы жайлы кітапты сыйға тартады. Бұл кітапты қызыға оқыған Пишта енді өзіне жол көрсетер ұстаз іздейді айналадан. Анасының ақыл-кеңесімен, Пишта он төрт жастан асқанда түркітану мен мадияр халқының көне мәдениетін зерттеуші, академик Дьюла Неметке өзін қызықтыратын түркі тарихы, қыпшақтар туралы кітаптар оқығысы келетінін айтып, көмектесуін өтініп хат жазады. Дьюла Немет кітапқұмар баланың сөзіне құлақ асып, ақыл-кеңесін айтып, бірнеше кітаптарды сыйға тартады. Осылайша Пишта білімге ұмтылысы мен ізденісінің арқасында түркі тілдерінің біразын өз бетінше меңгере бастайды. «Қыпшақ тарихы туралы ақиқатқа ұмтылам» деген тілегі күн сайын арта түседі.
Бірде Пишта үйдің шатырына шығып, әкесінің заттары салынған қобдишаның ішінен әкесінің ескі жидесіне орап жасырылған «Кодекс Куманикус» деген кітапты көргенде көз алдына өткен күндердің оқиғасы оралды. Мұны әкесі тірі кезінде, Пишта колонияға кетпей тұрғанда төрт аттың бәсіне тұратын өте құнды қымбат кітап деп сатып алып берген еді. «Балам, осы кітапты оқысаң , көзің ашылады, төрткүл дүниенің кереметін білетін білімдар адам боласың» деген еді. Анасы құнды қымбат кітап қолды болып кетпесін деп шатырға жасырған –ау шамасы. Кітаптан «Сенде жоқ, Менде жоқ, Биік тауларда жоқ, Мәрмәр таста жоқ, Қыпшақ елінде де жоқ» (Құс сүті), «Бес басты елші бізге келеді» (Етіктің жыртығынан көрініп тұрған бес башай ) деген жұмбақтарды оқыған кезде, «қыпшақ» деген сөзге жаны жылыса, колонияда бәтеңкесін тесіп шыққан бес башайы есіне түсіп, қуанғаннан айқайлап күліп жіберді.
Міне, қолында әкесі айтқан төрткүл дүниенің кереметін танытар өте құнды кітап, қымбат та бағалы кітап – «Кодекс Куманикус». «Кодекс Куманикус» деген қандай кітап өзі?
Бөлісу: