Қазақстан Жазушылар одағына тоқсан жыл
Бөлісу:
Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Еуразия Жазушылар одағының президенті Уфук Тузман қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Жазушылар одағының тарихы 1934 жылы 12-18 маусымда Алматыда өткен Қазақстан Жазушыларының I Съезінен басталады. Әр жылдары Одақты белгілі қаламгерлер І.Жансүгіров, Ғ.Тоғжанов, С.Мұқанов, Т.Дүрімбетов, М.Қаратаев, Д.Әбілев, Ә.Тәжібаев, Ә.Жаймурзин, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов, Ә.Шәріпов, Ә.Әлімжанов, Ж.Молдағалиев, О.Сүлейменов, Қ.Найманбаев, Н.Оразалин, Ұ.Есдәулет басқарған еді.
Қазіргі таңда Жазушылар одағы – 1015 мүшесі бар еліміздегі ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі. Одаққа қарайтын «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз», «Простор», «Жалын» журналдары өнер мен әдебиеттің жаршысына айналды.
Сонымен бұл шараға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Одақтың 90 жылдығына орай жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысының хатында «Жазушылар одағы – руханиятымыздың алтын діңгегі. Бұл ұйым қаламгерлеріміздің кәсіби қауымдастығы ретінде төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді өркендетуге және оны әлемге танытуға зор ықпал етеді. Сөз өнерінің қарашаңырағын ұлттық бірегейлігіміздің берік тұғыры деуге болады.
Қазір біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып жатырмыз. Озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу ісінде зиялы қауым айрықша рөл атқаруы керек. Осы жауапкершілікті терең сезініп, адамгершілік құндылықтарды кеңінен дәріптеп жүрген барша қаламгерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін» делінген.
Бұдан соң Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Қойшиев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың құттықтауын оқыды.
Салтанатты шараға шетелден арнайы қонақтар – Түркия Жазушылар одағының Төрағасы Муса Казым Арыжан, Қытай Халық Республикасы Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі, Қазақстанның құрметті жазушысы Әкбар Мәжит, Әзірбайжан Жазушылар одағының Төрағасы Анар Рзаев, Әзірбайжан Жазушылар Одағының хатшысы Рашад Мажитов, Өзбекстан Жазушылар одағы Төрағасының орынбасары Мажид Гайрат, Өзбекстанның Халық жазушысы Усманкул Азимов, швед жазушысы, әдебиет зерттеушісі Пауэль Фрийес, Қырғыз Республикасы Ұлттық Жазушылар одағының Төрағасы Қаныбек Иманалиев, Қырғызстанның Ел жазушысы, Қырғызстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Қойшиев, Ресей жазушысы Андрей Рейзвых, Татарстан Жазушылар одағының Төрағасы Ркаил Зайдуллин, Башқұртстан Жазушылар одағының Төрағасы Айгиз Баймухаметов, Якутия Жазушылар одағының Төрағасы, «Чолбон» журналының бас редакторы Гаврил Андросов, Чуваш Республикасы Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Василий Захаров, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпкерлік өкілдері де қатысты.
Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов өз баяндамасында «Бүгінде біз Әділетті Қазақстанға қадам бастық. Қазіргі қазақ әдебиеті де жаңару үстінде деп нық сеніммен айта аламыз. Тың да тосын тақырыптар, жаңа жанрлар, соны стильдер, амбициясы зор авторлар әдеби процеске жаңаша серпін беруде» деп атап өтті.
Бөлісу: