Өнерге көшкен өмір

Бөлісу:

17.12.2024 659

Алабөтен тағдыр иесі Әміре Қашаубаев есімі аталса алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытұлының  «Әнші» әңгімесі бірден есімізге түседі. Шағын шығарма «Әншінің» болмыс-бітімін, мінез-құлқын, бір сөзбен айтқанда, өзгеше өнер иесінің тұтас бейнесін  көз алдымызға әкеледі. 

Театр ұжымдық өнер десек те, моноспектакль (бір адамдық театр)  жалғыз актердің өнер көрсетуі. Әлем театрларында орныққан бұл жанр, дәстүрлі қазақ сахнасы үшін де  жат емес. Ел ішіндегі ойын-сауық кештерінде әр алуан өнер түрін көрсеткен өнерпазды халық әуелден «бір өзі-бір театр» атаған. 

Сахна шымылдығы түріліп, Әміре бейнесі жарқ еткенде ащы запыран көмейді удай қылғанын жасыра алмаймыз. Әміре образын сомдауда кейіпкердің сыртқы кейіпімен, түр-тұлғасымен, рухани болмысымен сәйкестік – көрерменді сендірудің алғашқы шарты. 

 

 «Әміре» – ғұмырнамалық драма. Өксік пен өкініштен тұратын күрделі тағдырдың сахнаға көшірілуі. Белгілі сыншы Ә.Бөпежанованың  айтуынша: қандай да спектакль белгілі бір деңгейде қоюшы-режиссердің жан проекциясы. Режиссер драманы екі кезеңге бөліп қарастырған. Біріншісі Париж сахнасына дейінгі, екінші Париж сахнасынан кейінгі әнші өмірі. 

 Ж. Аймауытұлы:  «Әмірқандай әнді ешкім сала алмайды. Жай жүргенде Әмірқанды ешкім де елемейді. Әмірқан ән салса, сонда кім екенін білесің. Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның дауысы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақысын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса рақаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге салады. Әмірқан кісі емес, әнге айналады. Оның ән салғандағы түріне қарап отырсаң, тоясың»-дейді. Бұл кең сахараны сахна жасаған әншінің «әнді ғана сүйіп», «әнге айналып»,  «әншіліктің ақыны» атанған шағы. 

 Сахна қапталында көлденең орналасқан жылжымалы қабырға (ширма) – қазақ елі мен Париж арасын бөліп тұрған  шекара және  ширма жай ғана реквизет емес, ол қазақ әншісін әлем сахнасына апарар рельс іспетті. Әңгімесін баяндап, киімін ауыстырып, өз елінде жайбарақат жүрген далалық өнерпаздың әп-сәтте Париж көшесіне топ етіп,  еуропалық джентельменге айналу эффекті – көрермен эмоциясын күшейтіп, жанкүйерлердің әр тұстан қиқулап қоя бергені керемет әсер. 

1925 жыл.  Париж. Экспо. Еуропа сахнасы. Әміре.

Дүниежүзілік музыкалық байқауда қазақтың халық әндері шырқалды. Әнші Әміре туралы «Париж апталығы» газеті, «Ле мюзикаль» журналы «сиқырлы дауыс иесі»  деп жазды. Әйгілі музыкатанушы  Ромен Роллан, жазушы Анри Барбюс әншінің өнерін биік бағалады. Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа әншінің орындауындағы  бірнеше әнді жазып алды. ХХ ғасырдың басында Л.Н. Толстой мен А.П.Чеховтың дауысы жазылған делінетін фонограф дыбыс жазу аспабын  Т.А. Эдисон ойлап таппағанда, әнші Әміренің бүгінгі өз дауысын біз естімеген де болар едік. Қазақ симфониясының негізін қалаушы Е.Г. Брусиловский «Қыз Жібек» операсындағы Төлегеннің ариясын Әміренің дауысына  лайықтап жазған. 

Көрермен жандүниесімен терең астасқан драмалық монолог айтушы мен тыңдаушыны тұтастырар  рухани байланыс. Сахна пластикасын шебер меңгерген актер өнерінің терең ізденісін,  оның бет-мимикасы, дене қимылы, жүріс-тұрысы, ым-ишарасы, декламациясы, интонациясы, импровизациясы әйгілеп тұр. 

Сахна палитрасы қара түс.  Драма динамикасы ақ - қара түс. Күн-Түн. Жарық -Қараңғы. Үміт-Үрей. Өмір-Өлім. Мәңгілік конфликт. Қойылымның басынан соңына дейін тұтасқан қараңғылық көрерменді өз құрсауынан босатпайды. Қоюланып, қарауыта түскен мизансцена қиын күндердің, ауыр сынақтардың сырын ішке бүгіп тұрғанын сездіреді. Өгей көріністің өнбойы шуақ пен түнектің, ізгілік пен зұлымдықтың тартысын бейнелейді. Қараңғылықтың ішінде тағы да бір қара түс бар.  Ол қара адам. Қара адамға кереғар символ-образ ақ көйлекті биші қыз. Бейнелеу өнері тілімен айтсақ, супрематизмдік принцп орын алған.  Қара түс басымдығын арттырып, ақ түс жұтылуға бейіл. 

 Париж сапары әншінің әлем сахнасында өнер көрсетуі, ең бақытты шағы ғана емес, ол қым-қиғаш оқиғалар мен бақытсыз күндердің де  бастауы. Алаш арысы Мұстафа Шоқай мен әнші Әміренің кездесуі – сансыз сұрақтар мен шексіз азаптарға толы Әміре трагедиясына айналды.  Режиссер нарратив әдісі арқылы кейіпкердің мұңын, шерін, зарын, жан драмасын жеткізуге тырысқан. Жапа шеккен, жәбірленген, тіпті, соңында өлім құшқан Әміре трагедиясын Ақан серінің «Құлагер» трагедиясымен параллель қарастырады. Ауыр қасірет. Жан азабы. Өлім сағаты соғар алдындағы жалғыздық драмасы. 

Режиссердің жанр таңдаудағы тәсілі ұтымды. Монолог адамның өз-өзімен сұхбаты, кейіпкердің көрермендермен сырласуы. Сахна (прожектор) сәулесіне көмілген актердің көрерменді жалықтырмай   жападан-жалғыз сағат жарым салтанат құруы, оның  кәсіби шеберлігі. Ол өзіне берілген ролді ойнамайды, ол өз басынан кешкен тағдырдай баян етеді. 

Әміре Қашаубаев ең әуелі – әнші. Қос қанаты ән мен домбыра. Әміре орындауындағы «Неаполитандық ән», «Қыз Жібек» операсындағы Төлегеннің ариясы, Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі», Біржан салдың «Жалғыз арша», Ақан серінің  «Балқадиша», «Шырмауық»  өзге де әндер көркемдіктің биігіне жеткен байырғы әндер. Образ жасаушы  Оразалы Игілік сахналық актер ғана емес, ол батыс дәстүрлі ән мектебінің жалынды түлегі. Биік эмоция, эксрессиямен орындаған ол, әндерді құбылтқанымен арқауын бұзбай орындайды. 

 

Жазушы М.Әуезов «Әміре ойдағы бір «арық» әндерді де «семіртіп», жұтындырып, құлшындырып жібереді. Кәдімгі ауылда біз естіп, менсінбей жүретін әндер Әміренің аузына түскенде құлпырып сала беретін еді. Бұл жағынан Әміре тек орындаушы емес, композитор да еді, ол әндерді шын мағынасында өңдеп жіберетін еді» дейді. 

Өнерді жеке адамдар тудырады. Жапон суретшісі, бейнелеу өнерінің алып тұлғасы  Кацусика Хокусай «мені сурет дуалаған», «мен суреттің тұтқынымын» деп ағынан жарылған (З.Серкқалиұлы. Дүниетану даналығы). Бұл нағыз талантқа тән мінез. Әншілік дегеніміз туа біткен дерт секілді.  Әмірені де ән дуалаған. Әміре де әннің тұтқыны. Өнерге ғана ғашық пәк жүректің дүлей қара күштердің құрбаны болғаны жаныңызды күйдіреді, жүрегіңізді езеді. Әміре әні үзілген жоқ, үзілмейді де. Әннің ғұмыры адамның ғұмырынан ұзақ. Ізгіліктің зұлымдыққа берер жауабы, көркемдік шешім осы. 

«Әміре» моноспектаклінің авторы Қанат Жүнісов, қойылым режиссері Асхат Маемиров, Әміре Қашаубаев бейнесінде Оразалы Игілік. 

 

Музыкалық жас көрермен театрының жанкүйерлері «Әміре» моноспектакліне ризашылығын  ұзақ қол соғу құрметімен білдірді. Жақсы кітаптың оқырманы ортамайтыны секілді, жақсы театрдың да көрермені кемімейді. 

Бұған дейін,  Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекет­тік акаде­миялық қазақ музыкалық драма театры драматург Рақымжан  Отарбаевтың «Әміре» драмасын сахналаған болатын. 

Жібек БОЛТАНОВА,

әдебиеттанушы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар