Тұрдыхан Айдарханұлы. Ертегідей бұл ғұмыр есте қалған

Бөлісу:

18.12.2024 152


ҚҰРАЛАЙ КҮНГЕ ҚОЛ СОЗЫП 
 

Айықпай ойдан тұман бір,
Күндерім өтті буалдыр.
Бұлдырап алыс кетесің,
Бұғалықтатпай құнан - жыр. 
Жолдарым үшін бұралаң,
Өкініп енді жыламан.
Бұраң да бұраң тағдырдан,
Бұралаң жолдар сұрағам. 
Тағдырым тартқан сыбағам,
Өмірім – алтын мұнарам.
Құралай күнге қол созып, 
Құламай жүрсең дін-аман. 

Жетелеп жүрсе өршіл күн,
Жаныма берер серпін мың.
Үмітке толы – дүние,
Сүре алар өмір сенсіз кім

Бекежан-тағдыр тасадан,
Бетпе-бет келсе Қособаң,
Өкпелемеймін дедім мен,
Жеңгемін, талай жеңілгем,
Өмірім - алтын мұнарам,
Мен үшін тәңірім жасаған. 


ӨМІРГЕ ЖАҚЫН ӨЛЕҢІМ

Өмірге жақын өлеңім,  
Өгейсіп қалдың бүгін сен.  
Махаббат болып маздарсың,  
Мағжан боп қайта тірілсең.  

Санамда қайта жаңғырып,  
Алаштың ары-иманы.  
Айнымас жырың мәңгілік,  
Жаныма жарық сыйлады. 
Сынықтай көңіл сырқырар,  
Сыр беріп алсаң дұшпанға.  
Құлын да дауысың шырқырар,  
Қос бүйіріңнен қысқанда.  
Арманымды айға жетелер,  
Алаштың жыры бөгелсем.  
Айым боп туар,  
Ал бүгін,  
Адасып кеттің өлең сен!   

Серіге болған қолбала,  
Сертіңді қайтем сенімсіз.  
Қарманар кезің келгенде,  
Қалғаның қалай тек үнсіз?. 
Жылмаң жүз кімге мінәсіп?   
Көкірегі отсыз көп дана.  
Асау-жыр қалды жуасып,  
Сыймайтын басы ноқтаға. 
 

ӘЛЕМ ЖӘНЕ АДАЛДЫҚ


Даңғаза әлем, даңғара, дабыра мұң,  
Жаулап жатыр жанымның жарық әнін.  
Терезеден көрем де бар ғаламды,  
Тарғалаңды күндерден жалығамын.  

Жадылайды жанымды жалған ұғым,  
Не болары белгісіз алдағы күн.  
Тарихына адамның тірек болған,  
Адалдығың, апыр-ау, бар ма бүгін?!   

Көмдік талай шындықты көрге, міне,  
Ессіз тобыр,  
Қол соқты өлгеніне.  
Тірілердің тірлігі көлбеңдеген,  
Көлеңкесін түсірді көрдегіге.  

Мен-ақ мініп жүрейін бұрынғы атқа,  
Ерініңді, білгірім, жыбырлатпа!   
Абай менен Қасымға мінәжатым,  
Оқи білем өлгенше жырын жатқа.  

Өлең еді арманым тұнық қанды,  
Таңдайымда сөз өлді, тұрып қалды. 
Жез тырнағы жалғанның жанымды улап,  
Бара жатыр шеңбектеп бүріп тәнді.  

Айықпастай атомның бұлттары,  
Аспан-көңіл үрейден тынықпады.  
Адалдықтың білдірер азғандығын,  
Берекесіз әлемнің былыққаны. 
Қасіретті, тыңдаған ғалам мұңын,  
Алаңдайды, әрине, адам бүгін.  
Ұстап тұрған зәредей адалдық қой,  
Жасыл шардың аяулы, амандығын. 

САНАДА КЕЙДЕ... 


Санада кейде лайсаң,  
Сабыр да кейде жоқ мүлдем.  
Қарғадай жемтік шоқиды,  
Қыран-қиялың көк тілген.  
Суыса жүрек көңіл қар,  
Құрдымға кетер өмір бар.  
Алты батпан ой батқан,  
Арқасы жауыр сенім нар. 

Көтеріп кеуде бастығың,  
Дәтіңді жүре тыңдайды.  
Ойламаса ағаң жастығын, 
Бауыр да қарқ қылмайды. 
Досым бар жарқын жанары,  
Қалжыңға менен ұсталау.  
Оның да жаны нала-мұң,  
Оның да қолы қысқалау. 

Қалалық болып жасадық,  
Ауылда қалып жұрағат. 
Ағайын алшаң басады,  
Қарызға пәтер сұрап-ап.  
Бөгелмес жерде сан рет,  
Бөгеді мені төзім көп.  
Хаққа бір сенбей әділет,  
Жоққа сенетін кезім көп. 
 

ТҰЛЫМДЫ ӨЛЕҢ 
 


Жарқын өмір сезіліп тамұқ маған,  
Бұлдырайды кей сәтте жарық ғалам.  
Байлығым жоқ тілімнен басқа менің,  
Айлығым бар азырақ «арықтаған». 

Байлығым жоқ тілімнен басқа менің,  
Тілім, ділім – жабырқау жасты әлемім.  
Таязыған ойымды таразылап,  
Тарихымды там-тұмдап жаттап едім. 
Ана десе, кететін еміреніп,  
Дала десе, кететін тебіреніп.  
Серілерім, барамыз сері мас боп,  
Жігер – жасық,  
Серт – жалған,  
Сенім – өлік.  
Арманы көп дәрменсіз қайран басым,  
Шыға алмадың шырқырап майданға шын.  
Адастырып жолыңнан кетеді екен,  
Тағдыр бұлты басыңа айланғасын. 
О, өмір-ай, санаспай құныңменен, 
Қосып іштім балыңды уыңменен.
Туғыза алмай тұрлаусыз күндер өтті,  
Тұла бойы тұп-тұнық тұлымды өлең.  
Тұлымды өлең жаралған ізеттіктен,  
Сені, сені сағынып жүдеп күткем. 
Тұлымдысын іздеген тіршіліктен,  
Бара жатыр жүгіріп жүрек біткен. 
 

АРМАНДАРЫМ


Мұнар мұңға шыланған кірпіктері,
Армандарым қаншама бүршіктеді?
Қалғып бара жатсам мен қапелімде,
Оятыңдар өздерің түртіп мені. 

Тірлігінің дәм-тұзын таусап іңір,
Бейуақта қалғиды қанша ғұмыр.
Арманының  кетсе егер көзі ілініп,
Оянбайды жердегі барша ғұмыр. 

Ұйқы сайтан жанарға еніп бірден,
Қалжыратар қара түн келіп кірген.
Армандарым сендерсіз қалатындай,
Ақ кемемнің шырағы сөніп мүлдем. 

Өмірімнің арқалап азап-мүңын,
Жыр-жүрегім бойлайды сағат тілін.
Армандарым, жер басып жүрсем болды,
Таптырмаңдар жаныма тағат-тыным. 

Ертегідей бұл ғұмыр есте қалған,
Бір келеді ерте ме, кеш пе жалған.
Шырақтарын жұлдыздай жылтылдатып,
Түн түнегін тіледі ескек-арман.


ҚАЙДАСЫҢ ЖАСТЫҚ


Жүректің іздеп қалауын,
Ой түбіне бойламай;
Сағымындай даланың,
Жанарларда ойнамай. 
Жасындайын жарқ етіп,
Ақ нөсер болып төгілмей.
Тұңғиық түннен ой алып,
Ақбоз таң болып сөгілмей,
Жастығым, менің қайдасың?! 

Кеудеде тулап тұмса мұң,
Жанарда жалын от ойнап;
Қиялдың мініп тұлпарын,
Қырларға шықпай атойлап,
Жастығым, менің қайдасың?! 

Көктемге қарай ұшатын,
Қанатын жайып құс барлық.
Өмірге ғашық құс-ақын,
Өзегі толы құштарлық.
Жастығым, жасыл қайдасың?!
Тылсым ғұмырмен тілдескен,
Жалаң аяқпен шық кешіп,
Қарағай сынды күн кешкен,
Тамыры таспен тістесіп.
Жастығым, жалын қайдасың?! 
Жеткенде көктем хабары,
Даламды шуақ мүлгітіп.
Төрт болып ойлы жанары,
Кең өлкең сені тұр күтіп.
Жастығымжайсаң қайдасың


КЕРМЕДЕ ТҰРҒАН ТҰЛПАРЫМ 

Ұлым Өрденге 


Жатқанда шалқар бұл далам,
Көгілдір шуақ нұр еміп.
Жүрегім менің тыңдап ән,
Сезімнен жатар гүл өріп. 
Тербесе жанды ізгі үміт,
Жастықтың әні шырқарым.
Жүрегім менің – ширығып,
Кермеде тұрған тұлпарым. 
Кететін шалғай өр тартып,
Аспаған әлі белең көп.
Тұлпарым менің жер тарпып,
Кермеде тұрсың елеңдеп. 

Жотадай болып көрініп,
Көзіңе биік көксеңгір.
Алдыңнан ақ таң сөгіліп,
Құйғытып, шіркін, кетсең бір. 

Белеңнен белең белге асып,
Жанардан ұшса мың сағым.
Дүниеге мынау мен ғашық
Тек өзің ие тұлпарым.
 

ІНІМЕ


Дауысыңды қапыда қарлықтырып,  
Өмір сені жүрсе де шалдықтырып.  
Азаматы қазақтың емессің бе?  
Орныңнан кетсеңші қарғып тұрып.  

Жолы бұраң тірліктің білемін ғой,  
Асқақ ұста өзіңді құр егілмей.  
Аунап тұрса сергитін туған жерге,  
Жылқы мінез халықтың ұлы едің ғой.  

Сен бақытты болсын деп көп тіледім,  
Өзің бар да көңілім көк тіреді.  
Қара түнді сілкіген дауысымен,  
Қайда кетті, бабаңның от жігері?!  

Берілмейтін беймезгіл жаны мұңға,  
Езілмейтін еңсең бар, танымың да.  
Қарсы келген жауынан қаймықпайтын,  
Көкбөрінің қаны бар тамырыңда.  

Қабағыңда күн нұры күлімдеген,  
Жанарыңда ай сәуле дірілдеген.  
Бесігіңді тербетіп сәбиіңде,  
Жан анаңның кірпігі ілінбеген.  
Өмір деген шыдамас қайық көпке, 
Ол үшін де ешкімді айыпты етпе.  
Ақ сүтімен дарыған аналардың,  
Бабалардың жолынан тайып кетпе. 
 

ТУҒАН АУЫЛ — ТҰҒЫРЫМ


Туған жердің көз салсам қиырына,  
Сағынышым қозады жиі мына.  
Шалғын кешіп, шіркін-ай, кетер ме едім,  
Шапанымды іле сап иығыма. 

Қара сөздің қаймағын қалқып алар,  
Бармысыңдар, баяғы бал тұмалар.  
Қызыл тілдің қызыры, қарттарым-ай,  
Түймедейден түйедей мән шығарар.  

Күндерім көп қайтемін жолықпаған,  
Содан бері көңілге толыпты алаң.  
Бір қарияң бақиға аттанса егер,  
Бір тау көшіп кеткендей болып қалам.  

Алыс-алыс күндерге асығатын,  
Бір-бірінен сыры жоқ жасыратын.  
Бала достар бармысың баяғыдай,  
Тас түбіне үй жасап тасынатын.  

Саған деген санамда күшті арманым,  
Айналайын, ауылым, ұшқан бағым.  
Аймалайын,  алаңсыз асық қуған,  
Асықтырған тентектің күс қолдарын.  

Аспанында қаз мамық бұлты көшіп,  
Ақ жауыны кететін сіркіретіп. 
Сағындым ғой сәукеле шилеріңді,  
Боз торғайлар ұшатын шыр-шыр етіп.  

Салып мынау жанымды қала сынға,  
Өмір кештім от пен су арасында.  
Ауылым деп жүрегім, бауырым деп, 
Ауру боп, білмеймін, барасың ба


ҚҰСТЫҢ ӘНІ

Бүршік жарған балапан тал бүрінен,  
Бал тамады бала құстың тілінен.  
Көкейінде көктем орнап көрікті,  
Тамсанады ақын жүрек түнімен.  

Ойхой,  көктем!  
Жазылмаған жырмысың.
Сенен алғам жырларымның үлгісін.  
Ел қорғаған Махамбеттей – қызғышым,  
Көлді айланып шыжақ болып жүрмісің
Жағалауда көлбіресе көк торғын,  
Қиялымда көгілдір күн кешкенмін.  
Мынау әсем көріністі көзіммен,  
Мезгіл, саған әрең қиып өткердім.  

Көкжиектен көтерілсе қызыл күн,  
Жалғыз ғана ғашықтықтан үзілдім.  
Жырлары көп, құрбаны боп қалайын,  
Аспан-ана, қызыл бетті қызыңның. 
Құстың әні жазылмаған ғашықтық,  
Әуреленбе, әнші аға,  
Пианино тілшіктерін басып түк.  
Тал басында тамылжыған бала құс,  
Табиғатқа кетті мені ғашық қып. 
 

Тұрдыхан Айдарханұлы - ақын, сыншы, аудармашы. 1974 жылы 16 қазанда туған. «Тәуелсіздікке тағызым» атты республикалық жыр мүшайрасының «Жәркен Бөдешұлы» атындағы арнайы сыйлығының иегері. 

Жақында ақынның «Таңғы шықтың тағдыры» жыр жинағы жарық көрді. Бұл жыр жинаққа оның әр жылдары жазылған жырлары топтастырылып отыр. Ақын табиғатты тұнық та кестелі тілмен ерекше суреттейді. Табиғаттағы құбылыс пен кейіпкер жандүниесіндегі тұмса әлемді мөлдір де шуақты ойлармен кестелейді. Сағыныш бояуымен қанық суарылған жырлар топтамасы барша оқырманға арналған. Жаңа жарық көрген жыр жинағынан шашу ретінде оқырманға ақынның шағын өлеңдер топтамасын ұсынып отырмыз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар