«Алтын қалам-2024» әдеби байқауының жеңімпаздары анықталды

Бөлісу:

19.12.2024 257

Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде  «Алтын қалам» әдеби байқауының қорытындысы жарияланды. Биыл әдеби ортада танымал «Алтын қалам» жүлдесінің бастау алғанына 15 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай ұйымдастырушылар арада үш жыл үзілістен кейін жаңа маусымын қайта жариялады.

Еліміздің  жас дарындары және жаңа есімдерін қалың жұртқа таныстыруға септігін тигізіп келе жатқан «Алтын қалам» әдеби байқауы Нұрлан Смағұлов қорының қолдауымен өтті. Сонымен қатар, жобаның бас ақпараттық серіктесі «Русское радио» және Қазақстан баспасөз клубы, «КТК», «31 телеарна»,  «Almaty.tv», «Меломан» сауда желісі, «Сапалы Қазақстан» порталы, «Qamshy.kz» ақпарат агенттігі, «Massaget.kz» жастар порталы, «Айқын», «Жас алаш» басылымдары ақпараттық қолдау көрсетті. 

«Мемлекет басшысы: “Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн”, – деп көпшілікті кітап оқуға ынталандыру керек екенін сондай-ақ, қазақ тілін дамыту әрқашан мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін атап өткен еді.  «Алтын қалам» әдеби байқауы бұл бастаманы барынша қолдайды. Сондықтан биыл біз қазақ тілді авторлардың шығармаларын көпке таныстыруды жөн көрдік. Өнердің ішіндегі ең бір қадірлі де қасиеттісі - көркем әдебиет. Қазақ әдебиетінің тұғырын биіктете түсетін осындай ізгі шаралар көбейе берсін», – дейді әдеби байқауды ұйымдастырушылардың бірі Кенже Жұманұлы.

Мерейлі датаға тұспа-тұс келген биылғы «Алтын қалам» байқауына 115 автордан 202 шығарма келіп түскен. Өз кезегінде оқырмандар өзіне ұнаған жұмысқа онлайн түрде дауыс берді. Байқауда келесі номинациялар бойынша әдеби туындылар іріктеліп, үздік жеңімпаздар анықталды:

1. Жылдың үздік балалар шығармасы - Нұрбек Нұржанұлы;       

2. Жылдың үздік поэзиясы Алтынбек Мерсадық;

3. Жылдың үздік прозасы  Бекен Ыбырайым;

4. Жылдың үздік сатирасы - Асхат Өмірбаев;

5. Жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы Бақыт Жамалиева;

6. Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы Шаридияр Уәлиханов.

Байқау нәтижесі бойынша ұйымдастырушылар жеңімпаз атанған үздіктердің үздігіне естелік және ақшалай сыйлықтар табыстады. Жеңімпаздар арасынан 1 000 000 теңгелік бас жүлдені “Уран кеніші” атты туындысы үшін Бекен Ыбырайым иеленді. 

«Қазіргі жағдайда қаламгерлердің шығармашылығын ынталандырып, түрлі туындылардың сапасы мен деңгейін іріктейтін осындай байқаулар міндетті түрде қажет. Бұл байқаудың тағы бір ерекшелігі көпшілікке белгісіз жас жазушылардың  атын шығарып, оларға метариалдық және моральдық қолдау көрсетуінде. Сондықтан да біз «Алтын қалам» байқауының ұйымдастырушалары мен қолдаушыларына алғысымызды жеткіземіз», – деді  байқау лауреаты Бекен Ыбырайым.

Бұған қоса, жыл соңында қатысушылардың үздік әдеби шығармалары жеке жинақ түрінде басылып шығарылатын болады.

Осы орайда шараға қолдау білдірген Нұрлан Смағұлов қорының директоры Айдын Сұлтанов: «Кітап бұл руxани байлықтың кілті. Кітап оқыған адам білім көкжиегі кең, тілі бай, мәдениетті, жан-жақты және пікірін еркін жеткізе алытыны белгілі. Жалпы жақсы кітап оқу өмірде жеке тұлға болып қалыптасуға көмектеседі. Сондықтан да біз осы бағыттағы «Алтын қалам» секілді мәдени-ағартушылық бастамаларды қашанда қолдаймыз», – деді.

Айта кету керек,  «Алтын қалам» — ұсынылған туындыларға тағайындалған қазылар емес, оқырман қауым өздері тікелей баға бере алатын Қазақстандағы алғашқы әдеби жүлде. Үш айға созылған дауыс беру қорытындысына сай әр аталым бойынша алты шығарма таңдап алынып, оқырмандар тарапынан ең көп ұпай жинаған шығармалар және қазылар назарына ілінген туындылар сайыстың екінші кезеңіне өтеді. Ақтық іріктеу сатысында қазылар алқасы әрбір номинация бойынша жеңімпаздарды жасырын дауыс беру арқылы анықтайды. Сайыс барысында әдеби шығармалардың авторлары көрсетілмейді. Қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағына бейжай қарамайтын азаматтар бастап ұйымдастырған «Алтын қалам» әдеби бәйгесі 2009 жылдан бері өткізіліп келеді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар